Мазмұндамалар жинағЫ Құрастырған: Исмадиярова Гүлшахар Бердиярқызы Алматы 2012



жүктеу 0.76 Mb.
бет2/4
Дата25.04.2016
өлшемі0.76 Mb.
түріМазмұндама
1   2   3   4
: CDO -> BOOKS -> Kaz
Kaz -> Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Әбу абдулла мұхаммед ибн исмайл ибн ибраһим ибн әл-муғира әл-бұхари сахих әл-бұхари
Kaz -> Нұрғали Қадырбаев шығарма арқауы – шындық
Kaz -> Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі
Kaz -> Шыңғыс айтматов таулар қҰЛАҒанда
Kaz -> Кемел ойдың алыбы
Kaz -> Ілияс Есенберлин жанталас (КӨшпенділер – 2) Пролог
Kaz -> Тіл төҢірегіндегі толғамдар ойлар, толғаныстар, пікірлер, ұсыныстар, іс-тәжірибелер, деректер мен дәйектер Астана қаласы, 2007 жыл тіл төҢірегіндегі толғамдар баспасөз және басқа да басылым беттерінен іріктеп, жинақтаған

АНАР БАҒЫ
Көше шетінде Жомарт атайдың бағы бар. Онда тек анар өседі. Күз келген соң аузымыздың суы құриды. Әр бұтақта иіліп, самсап тұрған қызыл шырайлы анарларды көріп дегбіріміз кетеді.

Жұмабек екеуіміз екінші класта оқимыз. Үзіліс кезінде ол маған қарап былай деді:

– Жомарт атайдың анары пісіпті. Кеше бағына барып, біреуін жұлып алдым.

– Неге сұрап алмадың? Атыңа кір келтіріпсің, – деп ұялттым. Жұмабек үндемеді. Мен апайға айтам деген ойға келдім.

Сабаққа қоңырау соғылып, партаға жайғасқан соң қолымды көтердім.

– Апай, Жұмабек Жомарт атайдың анар бағына сұрамай кіріп, жемісін жұлыпты, – дедім.

Апай:

– Жомарт атайды ренжіткенің бекер болыпты. Ол жақсы адам. Бұрын ауылымыздың мақтаулы егіншісі болған. Жомарт атайдан кешірім сұра, – деп Жұмабекке ескерту жасады.



Түстен кейін екеуіміз Жомарт атайдың үйіне бардық. Болған жайды түгел айттым.

– Мен сізден кешірім сұраймын, – деді Жұмабек басын төмен иіп.

– Ә, жақсы бала екенсің. Кемшілігін түсінген баланы неге кешірмеске. Кешіремін, – деп Жомарт атай Жұмабекті құшағына қысты. Содан соң анар өскен бақты көрсетті.

– Баққа үнемі күтім жасау керек. Сонда жемісі балдай тәтті болып, тілді үйіреді, – деді әжімді жүзі жайдарыланып.

– Біздер әрдайым көмекке келіп тұрайық, ата. Бақ ішіндегі арамшөптерді жұлуға жәрдем береміз, – дедім мен.

– Ә, бәрекелді, келіңдер. Менің сенімді көмекшілерім болатындарыңа сенемін, – деп екеуіміздің қолымызға екі анар ұсынды.

– Келіп тұрамыз, – дедім мен. Жұмабек өзінің кешегі теріс ісінен ұялып атайдың жүзіне қарай алмай тұр екен. (209 сөз)
Мазмұндау жоспары:


  1. Жомарт атайдың бағы

  2. Жұмабектің кемшілік жасауы

  3. Достық кеңес

  4. Апайдың ескерту жасауы

  5. Сенімді көмекші

  6. Жұмабектің өзі жасаған ісіне ұялуы.

Тірек сөздер: аузының суы құру, арамшөп, тілді үйіреді, теріс іс.


АҚ БАТА
Майра жоғарғы оқу орнына түскен соң, қаладағы ағасының үйіне келген-ді. Сәлден соң, мектепте оқитын Хамза келді. Майраның институтқа түскеніне Хамза шын көңілден қуанды.

– Газға шай қойдым, – деді Хамза Майраға. – Папам мен мамам келгенше, шай ішіп алайық.

– Неге әуре болдың?

– Әуресі несі? Өзі үшін жанып тұрған газ ғой.

Майра Хамзаның қазақша сөздің майын тамыза сөйлей бастағанына қайран қалғандай, сүйсіне қарап қалды. Соны аңғарғандай Хамза:

Майра әпке, мен бұрын қазақша сөйлей алмайтын ем. Енді өз тілімізде еркін айтамын, ә, – деп мақтанышпен тіл қатты.

– Оған мен де қуанып тұрмын.

Хамза Майраға сол кезде:

– Әпке, бізде имандылық сабағы өтіледі. Қазақы тәрбиені үйрене бастадық, – деді.

– Ауыл балалары секілді жайдары қалып танытып, өрнекті сөзбен ойын сабақтап жатқан Хамзаға Майра ілтипатпен қарады.

Екеуі дастархан жайып, шай ішті.

– Біссіміллә, – деп Хамза дәмге қол созды. Майра үн қатпады.

Шай ішіліп болған соң, Хамза Майраға:

– Әпке, шай ішіп болдық па? – деді.

– Ия, Хамза, шайға қандым.

– Онда, алақаныңды жай. Мен ас қайырайын.

Майра алақанын жайған Хамзаға еріксіз қарады:

– Майра әпкенің оқуға түскені құтты болсын! Оқуын жақсы оқысын! Папа қызметте табысқа жетсін! Мамамның дені сау болсын! Мен үлкен боп өсе берейін! Осы үйде той болсын! Әумин! – деп бата жасады.

«Жақсы сөз – жарым ырыс» демекші, Майра Хамзаның игі тілегіне ықыласы ауып, әбден риза болды. (195 сөз)
Мазмұндау жоспары:


  1. Шын көңілден қуану

  2. Имандылық сабағы

  3. Хамзаға ілтипат

  4. Ас қайыру

Тірек сөздер: біссіміллә, дастархан, ілтипат.



7-сынып
ҚАЙЫРЫМДЫ ӘПКЕ
Гүлнәр мен Дәурен үйде қалды. Мамасы жұмысқа кетерде, малға уақтылы шөп салуды Дәуренге ескертті.

Гүлнәр үй ішін сыпырды, еденді таза шүберекпен сүртті. Терезе алдында үлкенді-кішілі құмыраларда өсіп тұрған үй гүлдеріне сұй құйды. Қатқыл тартқан гүл түптерін босатты.

Дәурен достарымен бірге балық аулауға кетті. Ауыл жанындағы өзеннен он шақты балықты түске дейін қиналмай-ақ ұстады.

Су бетіндегі қалытқы тұңғиыққа тастай батып кеткенде, қармағына іліккені жайын балық болатын. Ал табан балықтар қалытқыны тартқылап, Дәуреннің епшілдігін сынағандай болды. Дәурен бос келген жоқ. Әсіресе, биылғы жылы қолының ебі бар екендігін достары да байқап, өзара әңгіме арасында мақтайтындарын айтсаңшы! Дәурен бұған мәз.

Балық аулаймын деп күннің түс ауып кеткенін Дәурен кеш байқады. Мамасының сөзі есіне түсті:

–Ау, достарым, мен үйге қайттым. Мамам «малға шөпті уақтылы бер» деген еді. Мен болсам ұзақ отырып қалыппын, – деп ұстаған балықтарын жинастыра бастады.

Үйге кірерде Дәурен ең алдымен малды қораға қарай бұрылды. Қора ішінен байқағаны – екі сиырдың алдында мол шөп. Жануарлар жеп тұр. Дәуреннің көңілі жайына түсті.

– Дәурен, балықты көп ұстапсың ғой, – деді Гүлнәр көйлектерді жуып жатып.

– Ия, Гүлнәр. Балықтың қызығына түсіп, кеш келдім.

– Сен кешіккен соң, малдарға шөп салып қойдым.

– Рақмет, Гүлнәр, – деді Дәурен ризашылығын білдіріп.

Сөйтті де, Гүлнәрдың жанында бос тұрған екі шелекті қолына алып, құдықтан су әкелуге кетті. Қайырымды әпкесіне осы сәтте қолынан келгенше көмек көрсеткісі келген еді.

Жұмыстан оралған мамасы Гүлнәр мен Дәуреннің үйді ұқыпты ұстағанына, малдарды тоқ тұтқанына, әрі тазаланған балыққа көңілі жадырады. Дереу кешкі тамаққа әзірленді. Енді бір сәтте Дәуреннің қайырымды әпкесі темір табаға май құйып, балықтарды қуырып жатты. (250 сөз)
Мазмұндау жоспары:


  1. Гүлнәр мен Дәурен.

  2. Дәуреннің балық аулауы.

  3. Кеш түсу.

  4. Әпкесі Гүлнәрдың қамқорлығы.

  5. Ризашылық білдіру.

Тірек сөздер: қалытқы, жайын балық, табан балық.



МӘДИНАНЫҢ АТАСЫ
Мәдина мен Әсел мектептен үйге бірге оралды. Емхананың жанында Мәдинаның көрші ауылда тұратын атасы жүр екен. Атасын көре салысымен, Мәдина аяғын жылдам басып, еркелей сәлем берді. Құрбысы Әсел де қолын ұсынып, амандасты.

– О, менің жақсы қызым. Айналайын, Мәдинажан, – деп атасы немересінің маңдайынан мейірлене иіскелеп, сүйді.

Мәдина атасының жылы-жылы сөйлегеніне жаны жайдарыланып, жүзі бал-бұл жанды.

– Айналайын, бақытты бол, – деп атасы Әселдің де маңдайынан сүйді.

Мәдинаның атасы өзін танымаса да бауырына тартып, маңдайынан иіскегеніне Әсел алғашқыда таң қалды.

Мәдина қызым, құрбың тәрбие алған, көргенді жерден екен, – деп атасы Әселге қарады. – Үлкенге сәлем берген кем болмайды. Қайта алғысын алады. Рақмет, қызым.

Мәдинаның атасы Әсел екеуін үлкен жолдан өткізіп, емханаға қайта бұрылды.

– Енді бара беріңдер. Мен дәрігерлерге көрінейін. Ауа райынан ба аяғым екі–үш күннен бері жер бастырмай жүр, – деп қоштасты.

– Мәдина, атаң жақсы екен. Мені танымаса да, бетімнен сүйді, – деп Әсел бала мінезбен, өз ойын ашық айтты.

– Менің атам адамдардың бәрін де жақсы көреді. «Өзің жақсы болсаң, бәрі де жақсы», – деп үнемі айтып отырады.

Мәдина мен Әсел емхана жаққа көз салды.

Емхана алдында ақ халат киген екі дәрігер Мәдинаның атасын қолтығынан демеп, ішке қарай кіргізіп барады.

– Құрметке ие ақсақал екендігіне көзі жеткен Әсел ынты-шынтымен Мәдинаның атасына қызыға қарап қалды. (200 сөз)
Мазмұндау жоспары:


  1. Мәдина мен Әсел.

  2. Мәдинаның атасы.

  3. Атаның мейірі.

  4. Өзің жақсы болсаң, бәрі де жақсы.

Тірек сөздер: жүзі бал-бұл жану, көргенді жер, емхана.


ҚАДІР ТҮНІ
Рамазан айы аяқталуға таяп қалды. Ораза ұстаған Сарыбай атаның жүзінен жақсылық пен нұрлы сезім шуағы төгіледі.

– Алланы ауызға жиі алатын осы күндер ішінде Қадір түні қасиетті-ақ. Қадір түні ақ періштелер аспаннан жерге түседі. Олар әрбір адамның шын жүректен шыққан армандары мен адал тілектерін қабыл алады, – деді Сарыбай ата.

Сарыбай атаның төрт немересі – Талғат, Алтынбек, Рәбиға және Әлима Қадір түнін қарсы алудың қамына кірісті. Әрбірі жақсы ниетпен, өз алдарына ізгі тілек қойды.

– Менің тілегім – барлық адамдар бақытты болса екен, – деді Талғат.

– Ал мен ата, сіздің деніңіз сау болып, жүз жасаңыз дегім келеді, – деді Рәбиға.

– Дүниеде ең дұрысы – бай болу. Қолыңда байлық, астыңда мәшине, үйіңде алтының көп болса, – деп Алтынбек кеудесін кере, өрекпи сөйлейді.

– Балам, ниетіңе жет, – деп атасы Алтынбектің ақ пейіл сөзін бөгемеді.

– Бәрінен де денің сау болсын. Денің сау болса, өсіп-жетілесің. Оқып, тоқып ер жетесің. Азамат болған соң, байлық та, бедел де келеді. Дені саудың, көңілі – көл, жағасы – жайлау, – деп бір-ақ тоқтады.

Содан соң:

– Ал сен қарағым, не тілейсің? – деп Сарыбай ата Әлимаға қарады.

– Ата, бәріміз аман жүрейікші, – деп атасына жақындай түсті.

Қадір түні қарсаңында Талғат, Алтынбек, Рәбиға және Әлима осылайша өздерінің ішкі сырларын ағытты. Сарыбай ата немерелерінің тілектеріне риза болып:

– Аман жүріңдер, айналайындарым, – деп әжептеуір еңсесі көтеріліп, қуанып қалды. (200 сөз)
Мазмұндау жоспары:


  1. Қадір түнінің қасиеті.

  2. Қадір түнін қарсы алу.

  3. Сарыбай атаның немерелері.

  4. Немерелердің тілегі.

  5. Атаның риза болуы.

Тірек сөздер: сезім шуағы, ақ пейіл сөз, ішкі сырлары.



ҚАРЛЫҒАШТАР ҚАЙТҚАНДА
Райхан биыл мектепке барады. Қызығы сол, жаңа оқу жылына ол жаз бойы дайындалды. Ағасы дүкеннен дәптер, қалам, сөмке сатып әкелді. Атасы бойына құйып қойғандай әдемі ақ жібек көйлек томпиған аяғына шап-шақ су жаңа қызыл туфли сыйлады. Бір күні көйлегі мен туфлиін киіп, мектепке баратындай сән-салтанатпен үй ішіндегі айна алдында ерсілі-қарсылы жүрді, өзіне жарасып-ақ тұр, көзі нұрлана түскен. «Тезірек» оқу жылы басталса» деген ой қылаң етті.

– Аға, мектепке баруға қанша күн қалды? – деді.

– Әлі он күн бар, Райхан, – деді ағасы қос қолының саусақтарын жайып.

– О–о, әлі де көп екен, – Райхан шыдамсыздана сөйледі. Мектепке тап бүгін не ертең барғасы келіп, жүрегі алып ұшты.

– Асықпа, жаным. Он күн деген не, тәйірі. Көзді ашып-жұмғанша өтеді де шығады, – деді атасы қою қасты қабағын ашып.

Шынында да, он күн зымырап өте шықты. Мектепке баратын күні Райхан ерте оянды. Қолы мен бетін жылы суға жуды. Есік алдына шыққан еді, күздің күні суып-ақ қалыпты. Ауа салқын тартқан. Бағана сымдарында қысыла, қымтырыла қарлығаштар қонақтаған. Бұрынғыдай емін-еркін ұшып жүргендері жоқ.

– Аға, – деді Райхан, қарлығаштар жаурап қалыпты. Ұша алмайды бәрі де.

– Райхан, мінеки күз түсті. Енді олар жылы жаққа ұшып кетеді. Топтанып, қауымдасып келер жылдың көктемінде тағы да келеді, – ағасы да қарлығаштарға қызыға қарады.

– Айналайын, қызым. Қарлығаштарға «Ұшқанда қанаттарың талмасын» деп тілек айт та, мектебіңе бара ғой. Көшеде құрбыларың күтіп қалды, – деді атасы Райханға жақындай түсіп.

– Қарлығаштар, ешқашан шаршамаңдар, келер жылы да біздің үйді ұмытпай ұшып келіңдер. Ал мен кеттім мектепке. Сау болыңдар, – деп Райхан кіп–кішкентай қолдарын бұлғады.

Атасы мен ағасы сезімтал Райханның соңынан ауладан шыққанша қарап қалды.

Райхан мектептен келгенде қарлығаштар бағана сымдарында жоқ еді. Райхан күні бойы қарлығаштар мен жаңа тапқан құрбыларын есіне алды. Қарлығаштармен қоштасып, жаңа достармен қауышу оны соншалықты рахат күйге бөледі.

Біраздан соң Райхан құрбыларымен бірге қарлығаштар ұшып кеткен бағана сымдарының астында қаннен қаперсіз ойнап жатты. (290 сөз)
Мазмұндау жоспары:


  1. Мектепке дайындық

  2. Күткен уақыттың келуі

  3. Күздің салқын ауасы

  4. Қарлығаштармен қоштасу

Тірек сөздер: қымтырыла, қауышу, қаннен қаперсіз.



МАҚТАЛЫ АУЫЛДА
Мақта алқабы. О шеті мен бұ шеті үлпілдеген ақ мақтамен көмкерілген. Комбайндар ақ ұлпаны үлкен қорабына қардай боратып, жинауда. Алқаптың арғы басына жеткенде, қорап іші мақтаға лық толады.

Әп–сәтте-ақ мақта өнімі тіркемелерге толтырылды. Мақтаны тиеген тракторлар зауытқа қарай бет түзейді.

Қым-қуыт мақта теріміне Жарасбек қызыға қарады. Комбайндар өнімді тоқтаусыз жинауда. Комбайннан тіркемелерге мақта төгілген кезде бірлі-жарым ақ ұлпалар топыраққа түсіп те жатты. Мұны байқаған Жарасбек шаң басты болған ақ мақталарды жерде қалдырмастан, тере бастады. Түске дейін бір қап көлеміндей мақтаны топырақ арасынан ажыратты.

Комбайншы жігіттер «жарайсың, жігітім» дегендей, Жарасбекке қарап, қуана күлімсірейді.

Түс болысымен, комбайншы жігіттер Жарасбекті ортаға алып тамаққа шақырды.

– Көп еңбек еттің. Қарның да ашып қалған болар, – деді бірі.

– Жарайсың. Жұмыстан жалыққан жоқсың. Күні ертең жақсы азамат болып өсетіндігіңе күмән жоқ, –деді екіншісі сөзінің мәнді екенін аңғарта.

Жарасбек жасы үлкен ағалармен бірге тамақтанды. Соңыра бір қап мақтаны тіркеме үстіне көтерді. Әжептеуір салмақты екен, төгіп болғанша, маңдайынан тер шып-шып шықты.

Күн ыстығы басылған. Комбайншы жігіттердің жүзі қызылшырайланып, тотыққан. Шаршағандықтары сезілмейді, мақта жинау науқанына әбден үйренгендей. Жарасбек те бөлекше мінез танытқан жоқ. Жерге төгілген ақ мақтаны аяғандай, демде-ақ қапқа салады. «Жарасбек бар жерде өсірілген өнім жерде қалмайды» деп комбайншы жігіттер көңілін көтеріп қояды.

Шын көңілден шыққан сөз екендігіне Жарасбек мәз-мейрам. Өз қолғабысын тигізгеніне қуанышты пейіл танытқандай, ашық-жарқын қимылдайды. Өнімнің ысырапсыз жиналғанына комбайншылар да, Жарасбек те дән риза.

Мақталы ауылдың ақ тауы да бірте-бірте биіктеп барады. (230 сөз)
Мазмұндау жоспары:


  1. Мақта алқабы

  2. Еңбекқор Жарасбек

  3. Маңдайдан шыққан тер

  4. Шын көңілден шыққан сөз

  5. Мақталы ауылдың ақ тауы

Тірек сөздер: ақ ұлпа, тіркеме, мақта жинау науқаны.



ӘҢГЕЛЕК
Кеше ғана екі құлақтанып тұрған, кішкентай жүйектің жағасындағы көбелек қанаттас әңгелек жапырақтары, бүгінде мұрт шығарып көсіліп жатыр. Анау күні атасы:

– Досжан, пәлекті аралама, піскен күні домалап, жүйектің ортасына өзі-ақ түседі, – деген соң жүйектің ортасына көз салуды шығарды.

Осы бір немересі дегенде сары шалдың көңілі өзгеше еді. Өзі де тентек емес. Досжан бақша ішіне оны-мұны шұқылап бара жатса, сақалын қолымен сипай, күлімсірегеннен басқа рай танытпайтын.

Досжан бүгінде кеш түсе көрген-білгенін әңгімелей отырды.

– Мен сізге бір қызық айтып берейін бе, ата, – деді.

– О, не нәрсе. Атасы құлағын түре, малдасын құра қалды.

– Әңгелекті тез пісіретін әдісті үйрендім. Атасы үндемеді.

– Көк әңгелектің мойнынан бір-екі рет бұрап қойса, білесіз бе, ата, екі күнде сап-сары болады.

– Оны қайдан білдің?

– Серіктің баласы айтты. «Әңгелекті баяғыдан бері жеп жатырмыз, ал қауындарды бұрап, төңкеріп қойдық» дейді, тамсанып айтты.

– Мен де анау күні алты әңгелекті сөйтіп қойдым.

Не дейді, жаным-ау...

– Кеше ұмытып кетіппін, айтам деп. Ертең пісетін шығар, ата, – деп атасының аузына қарады.

– Ертең аралап көреміз. Ұйықтай ғой.

Енді бірер күндерден соң, қарттың қауындары жаппай торлай бастады. Толысқан қауындардың пісетін мезгілі де жеткен еді бұл күндерде. Домалақ әңгелектерді таңғы салқынмен жинап жүрген қарт Досжанға:

– Қауынды бұрап жүрген жоқсың ба? – деп қулана күліп қойды.

– Жоқ, ата.

Қарт немересіне түйнек сабағын бұраудың зиян екендігін түсіндірген еді.

–Түсіндім, – деген болатын сонда. Енді мына немересінің сөзіне қарт көңілі баладай разы еді.

– Е-е, осылай де, құлыным, – деп немересінің жел үрлеген кекілін сипай қойды... (229 сөз)


Мазмұндау жоспары:

  1. Достар мен атасы

  2. Үйренген әдіс

  3. Достардың қателігі

  4. Ата өнегесі

Тірек сөздер: пәлек, түйнек, екі құлақтанып, жүйектің жағасы,

мұрт шығару

КӨКӨНІС
Ілиястың атасы таңертең ерте тұрып, бақша ішіне қарай бет алды. Күні кеше төңіректі шарпыған аптап қараңғылық түсісімен, саябырсыған. Шық мол түсіпті. Қауын атыздарын аралап болам дегенше, аяғына киген кебісі суға малынды.

Ілиястың атасы ерте піскен әңгелекті, сабағынан үзілген сары қауынның екеуін таңдап алды. Иығына тастай салған шыт орамалды жерге жазып, қауындарды рет-ретімен жайғастырды. Содан соң қауындарды көтеріп, үйге қарай жүрді.

Қияр өскен атызға көз салды. Көк қиярлар шыққа жалт-жұлт етіп, әр-әр жерде сөлін сыртқа ұрып, баданадай томпайып жатыр. «Қиярдың уақыты өтті». Бұл Ілиястың атасының ойы. Кеше ғана, «Ата, қияр қашан піседі?» деп өбектеп жүрген немересі бүгінде қиярға онша қарамайды. «Помидор жегім келеді» деп жүргені де тап кеше ғана. Бүгінде помидорға да тәбеті шамалы. «Қауын тезірек піссе екен. Ата, әңгелек пісейін деп қалыпты» деген сөзі атасының құлағынан дәл қазір де кетер емес.

Ілиястың атасы қауындарды көтеріп үйге келді. Ілияс төсегінен тұрып, беті-қолын жуып үлгеріпті. Атасының әкелген қауындарын көріп, шаттана қуанды.

– Атам менің диқан, – деді көңілденіп.

– Ә, балам, қауынды жеуге сенің де қақың бар. Қауын арасынан оталған шөпті ала сиырға апарып бердің шауып жүріп. Қауын жүйегі суға толғанда құлағын жабуға топырақ тасыдың ерінбей. Бұл – үлкен қолғабыс!

Ілиястың атасы жаз кезінде көкөністі беймарал жеп, бойы өсіп келе жатқан немересіне ықыластана қарап:

Көкөніс байлық – үш айлық,

Үш айдан соң шошайдық, – деп өлеңдете сөйлейді.

– Же, балам. Қазір көкөністі мейірлене жейтін кез. Енді бірер күндерден соң жүзім де піседі. Бәрінің де орны бар. Көкөніс – бойға қуат. Жазға еш уақыт жетпейді деуіміздің сыры да осында, – деп атасы қауынды әдемілеп тілгілеп жатты.

Жаз мезгілінде атасының бақшасынан бірінің ізін бірі суытпай шығып жатқан қияр, помидор, қауыннан қажетінше дәм татып жатқанына Ілияс әбден риза. (250 сөз)
Мазмұндау жоспары:


  1. Ілиястың атасы

  2. Шаттанған немере

  3. Немересіне деген ықылас

  4. Ілиястың риза болуы

Тірек сөздер: помидор, әңгелек, баданадай.



БҰЛБҰЛ МЕН ЕМЕН

(мысал)
Ерте, ерте, ертеде бұлбұл жасыл желегі жайқалған бақта сазды әуенімен төңіректі тербетіп, емін-еркін күй кешіпті. Бұлбұл көктемнің әрбір тұнық таңында үздіге ән салып, жеміс ағаштарының тынысты кеңіткен хош иісті гүлдерінің арасында жаннат өмірінің рахатына шомылып жүреді.

Бақтан шеткеріректе алып емен өсіп тұрған екен. Емен бұлбұлдың әніне ұйып, мізбақпай, бірқалыпты өсе беріпті. Өр мінезді еменнің тәкаппарлығына алғашқыда бұлбұл ренжіп қалады.

«Бір өзінің айдалада жалғыз өскені несі?», «Жалғыз ағаш орман емес», деген сөздің жаны бар ғой» деп, еменге өз ойын жасырмай айтады да.

Бұны естіген емен қапаланған жоқ.

– Бұлбұл, – деді емен, – осы тақылеттес сөздерді бір бүгін естіп жүрген жоқпын. Бірақ жалғыз өссем де, жалғыз-жарым жолаушыға күн қақты кезде көлеңке, көк қырау шақта ықтасын боламын.

Көңілге қонған сөзді естіген бұлбұл нәзік жаны риза болып, бақ ішіне қайта ұшып кетіпті. Сол кезде қорғасын бұлттар төмендеп, сатыр-сұтыр найзағай ойнап, аласапыран дауыл тұрыпты. Бақта өсіп тұрған ескі ағаштар сынып, жас өскіндер иіліпті. Бұлбұл қорған боларлық ық таба алмай, теңізде жөңкіген жеп-жеңіл қайықтай, дауылды желдің еркінен шыға алмапты.

Көрер күні бар екен, әйтеуір, әлігенде ғана тілдесіп қайтқан еменнің бір бұтағына аяғы ілініп, аман қалыпты.

Дауыл басылып, айналаға күн сәулесін қайта шашып, көкжиекте кемпірқосақ көрінген шақта бұлбұл үн қатыпты.

– Емен, сен менің өмірімді сақтап қалдың. Бұл жақсылығыңды еш ұмытпаспын. Сенің арқаңда өмірге қайта келгендей болдым. Енді не дейін. Сен айдалада жалғыз өссең де, желдің өтінде тұрып, маған қорған бола алдың. Тамырың тым тереңде екен. Мың жыл жасайтындығыңа күмәнім жоқ. Тек беймезгіл келген балташының жалаңдаған балтасынан тәңірім сақтасын. Сол үшін қабығың қатты болсын, – депті.

Содан бері еменнің қабығы қатты, балта өтпестей мығым болыпты. (255 сөз)


Мазмұндау жоспары:

  1. Бұлбұлдың күн кешуі

  2. Тәкаппар емен

  3. Бұлбұлдың реніші

  4. Еменнің жауабы

  5. Бұлбұлдың еменге алғысы

Тірек сөздер: жаннат өмір, мізбақпай, тәкаппарлық.




8–сынып
БЕЙТАНЫС БАЛА
Сәкен ауылға келген. Жылдағы әдеті. Атасы мен әжесіне келгенше асығады. Олар да Сәкенді сағына күтеді.

Ауыл рахат. Балалар көп. Бір–бірімен ойнайды. Лезде-ақ танысады. Жатырқамайды. Бірінің үйіне бірі емін-еркін кіреді. Тосырқау, бөтенсу атымен жоқ, – дейді Сәкен.

Бірде Сәкен ауыл балаларымен ойнап жүргенде өзі секілді бір бала араларына қосылды. Алғашқыда үндемеді. Сөйлеген де жоқ.

– Мынау бала сәлемдесуді білмейді екен, – деді Асқар.

– Қалай жағдайың? Қайдан келдің? Кімнің үйіне қыдырып келдің? – деді Серік.

Бейтаныс бала өз жағдайының қалай екендігіне жауап бермесе де, көшенің арғы басындағы Көшербай атаның үйіне келгендігін айтты.

– Бұл бала сәлемге жауап беруді де білмейді екен, – деді Асқар және де тақпақтай.

– Жарайды. Ендеше кел. Бірге ойнаймыз, – деді Серік.

Түс мезгілі жақындаған сайын күн де алқызылданып, ыси түсті. Төңіректі қайната бастады. Анау үйден де, мынау үйден де:

– Ау, Асқар, кел үйге. Басыңа күн өтеді. Жетеді ойнағаның, – деген ағасының, одан соң:

– Серікжан, болды түге. Келсеңші үйге. Шақырмаса келмейсің. Ми қайнатар ыстық болса да жүре бергені несі? – деген дауыстар естілді.

Сәлден соң-ақ, көше бойындағы балалардың дауыстары, сөйлегендері сап тиылды. Бәрі дерлік үйді–үйлеріне тарасты.

– Кешке жақын ойнаймыз, – деді Асқар қоштасар сәтте.

– Қараңғыда тығылыспақ ойнағанға жетпейді, – деді Серік те ойын ірікпей айтып.

Кеш түсе балалар және де көшені у-шуға бөледі. Күлген, шаттанған балалар дауысы. Бейтаныс бала да келді. Бұл жолы жанында атасы.

Асқар мен Серік қосарлана:

Ассалаумағалейкум, ата, – деді.

– Уағалейкум ассалам, – деді бейтаныс баланың атасы балалардың сәлемін құп алып.

– Жарайсыңдар. Өсетін, өнетін балалар осындай болады. Сәлем – сөздің атасы. Сәлемдесу – әдептілік. Сендер сәлем бердіңдер. Мен сәлемге жауап бердім. «Алланың нұры жаусын!» деген сөзді сендер де мен де бір-бірімізге сыйладық. Жақсы тілек көсегені көгертеді, – деді Көшербай ата.

Бейтаныс бала атасының сөзіне құлақ түрді. Сәлем беру де, оған жауап қату да үлкен сабақ екен-ау дегендей кеудесіне, ойына, көңіліне түйіп қойды. (355 сөз)


Мазмұндау жоспары:

  1. Сәкеннің ауылға келуі

  2. Бейтаныс баламен танысу

  3. Сәлемдесу – сөз әдебі.

Тірек сөздер: ассалаумағалейкум, уағалейкум ассалам.




ЖАЗДЫҢ АППАҚ ТАҢЫ
Жаздың түні қамшының сабындай қысқа-ау. Батар күннің өзі кешігіп, ұзақ уақыт заңғар көкте қазыққа байланғандай тапжылмай тұрады.

Еламан жазғы демалысқа шыққалы ойынға тоймай жүр. Ауыл балаларымен бірге өзенге шомылады. Жағасындағы құмына аунайды. Күн сайынғы әдеті осы. Зерікпейді де. Шаршамайды да. Шілденің ыстық күні жалаңаш денесін шоколадтай түске бояған. Су тиген қолы мен аяғы, беті мен жон арқасы қоңырқай әрі жалт-жұлт етеді.

Аптаның аяқталуына да бір күн қалған. Ертесіне, жексенбі күні атасы екеуі мал базарға бармақ.

– Еламан, сен ауылға келгелі біраз болды. Жаңа оқу жылына су жаңа аяқ киім, костюм, шалбар алып берейін. Қорадағы екі қойды мал базарға апарайық. Сатайық. Сен маған жәрдем бер. Қойларды айдауға қолғабыс жаса.

– Жарайды, ата.

Сол түні ерте жатқан Еламан ерте тұрды. Уәдесін екі етпеді. Атасына көмегін тигізді. Таңғы сағат алтылар шамасы. Айнала жап-жарық.

– Ата, аспанда Ай болмаса да таң атқандай сияқты. Неге олай, ә?

– Е-е, балам, жаздың кереметін қойсаңшы! Түнін айтсаңшы! Жастыққа бас тигізсең болды, таңның атқанын бір–ақ сезесің.

Еламан қорадан шыққан екі қойдың соңынан еріп келеді.

Қарасаңшы, және де бір ғажайыпты! Күн әлі шықпаған. Ал аспан төрінде қарлығаштардың құйқылжыған әуені. Өздері көзге көрінбейді. Төңірек те, төбе де қара ала көлеңке. Тек дауыстары ғана қарлығаштыкі екендігіне еш күмән жоқ.

– Ата, ауада қарлығаштар ән салып жүр.

– Е-е, балам, жаңа күннің тіршілігін ең алдымен қарлығаштар бастайды. Оны өзің де ендігіде байқадың.

Еламан мен атасы мал базарда ұзақ болмады. «Таңертеңгі сауда – сауда» деп, сұрағанына келісіп берді. Атасының көңіліне дөп келген сауда секілді. Жаны жадыраңқы. Үйге келгенше жайдары жүзін еш өзгерткен жоқ. Еламан үшін бүгінгі күн жадында сақталып қалды. Жаз түнінің аппағын-ай! Таң атпай жатып-ақ, таңды қарсы алған қарлығаштардың төгілте ән салған, құйқылжыған дауыстарының үнін-ай, десеңші!

Еламан жаздың аппақ таңының дәл осындай дүбірлі, әуенді екендігін жаңалық ашқандай бүгін ғана аңғарды. (280 сөз)

Мазмұндау жоспары:


  1. Жазғы демалыс.

  2. Қолғабыс таныту.

  3. Жаздың кереметі.

  4. Еламанның жадында қалған күн.

Тірек сөздер: шоколадтай түс, костюм, шалбар.




1   2   3   4


©netref.ru 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет