МЕҢдігүл шындалиева қазақ очеркінің поэтикасы (монография)



жүктеу 2.09 Mb.
бет3/7
Дата02.04.2016
өлшемі2.09 Mb.
1   2   3   4   5   6   7
: bitstream -> handle -> data -> 10981
data -> Меңдігүл Бұрханқызы Шындалиева
data -> Бейсенбай Кенжебаев алаш туы астында (мақалалар мен зерттеулер)
data -> Шындалиева М. Б. ф.ғ. к., доцент
data -> Алаш зиялылары және «Қазақ» газеті
data -> А Б. Кенжебаевтың өмірі мен шығармашылығы
data -> М. Б. Шындалиева Филология ғылымдарының докторы, профессор
data -> Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия
data -> Шындалиева Меңдігүл Бұрханқызы

1.2. КӨРКЕМ ОЧЕРКТЕГІ ИДЕЯ МЕН ШЫНДЫҚ

Очерк жанрындағы идеяның атқаратын қызметі өмірдегі оқиғалар мен адам тағдырларын баяндағанда, суреттегенде жазушының сол мәселеге қатынасын, көзқарасын аңғартады. Көркем очерктегі идея автордың өмір құбылыстарын, адам тағдырларын, жекеленген оқиғалар мен жағдайларды іріктеп, реттеп көрсетуінен, кейіпкерлер мінез-құлқын суреттеуінен белгі береді. Очерк жанрындағы идея да басқа көркем әдебиет жанрларындағыдай өзі-өзі қорытындылау ретінде, яғни жалаң тұжырымдама тұрғысында көрінбейді. Идеяны оның өн бойынан, мазмұн-мағынасынан ажыратамыз. Былайша айтқанда, көркем очерктегі идеяны оның мазмұнынан, көркемдік ерекшелігінен, бейнелілік қасиеттерінен, бедер-бояуларынан көре аламыз.

Қазақ әдебиеті тарихындағы очерктер ағыны негізінен ХХ ғасырдың басынан бастап 1990 жылдарға дейін толассыз туып, дамып отырғаны белгілі. Осы кезеңде туындаған очерктердің мазмұны көбіне саяси-әлеуметтік, қоғамдық-мәдени идеяны уағыздауға, сол уақытта болып жатқан оқиғалар мен өзгерістерді баяндауға, өмір ағымындағы құбылыстарды арқау етуге арналған. Солай бола тұра, бұл кезеңдегі очерктердің бітім-болмысындағы өмір жырлағыш қасиеттер мен көркемдік тегеурінді жоққа шығаруға болмайды.

Очерктің сюжеті мен идеясына байланысты профессор Темірғали Нұртазиннің мына бір пікіріне илануға әбден болады. «Очерк әдетте сюжетті. Бірақ очерк сюжеті мен әңгіме, повесть сюжетінің айырмасы бар. Әңгіме мен повесте идеяға икемделіп өмір фактілері пішіледі. Ал очеркте бас тұлға - өмір оқиғасы, соны топтап іріктеуден сюжет туады, идея ашылады» [45,187]. Шындығында да очеркте шағын, көлемі ықшам оқиға алынады және жазушы очеркті жазбас бұрын өмір шындығын өз көзімен көріп, терең талдап, сол кезеңнің қоғамдық-саяси идеялары тұрғысынан түсініп барып, қорытынды жасайды.

Егер саяси пікір, идея, шындық мәселелерін очеркші зерттеп білмей тұрып очерк жазса жасанды, жалпылама туынды өмірге келері сөзсіз.

Көркем очеркте де басқа жанрлардағыдай адам жанын, сезім дүниесін толғантар күш-қуаты мол өмір шындығы болса онда жазушының мұраты да орындалғаны. Өмір материалдарының ауқымы мен идеялық мақсаты очеркте де басты рөл атқарады.

Бейімбет Майлин ауыл адамдарының көңіл-күйін, іс-әрекеттерін жан-жақты суреттеген жазушы. Ол өз көркем очерктерінде жаңа өмірге қадам басқан қазақ адамының өмір шежіресін жасады және жазушы осы өмір шындығын қарапайым тілмен көркемдік тартымдылықпен көрсете білді, өмірдің терең тамырларына жіті көз салып, қазақ әдебиетінде өшпес із қалдырды.

Бейімбет Майлиннің «Ел сыры» деп аталатын жинағындағы көркем очерктері елеулі өзгерістерге толы қазақ қоғамындағы тарихи оқиғаларды қамтиды. Әсіресе, «Еңбекші қазақ» газетінде жарияланған деректі очерктері жазушы өмір сүрген кезеңдегі өмір тынысын, ел басынан кешкен тарихи оқиғаларды, сол уақытта шыныққан кейіпкерлер бейнесін өз шығармаларына күретамыр етіп алады. «Шапай комсомол», «Бай ермегі», «Протокол істей салып едім», «Әкімшілік күші», «Аш-жалаңаш», «Беркімбай – әскер» т.б. очерктерінде қарапайым жұрттың тіршілігін, еңбекші адамның мойнына түскен ауыртпалықты, теңсіздік пен езгі туралы көзі көрген шындықты суреткерлікпен қорыта бедерлейді. Б.Майлиннің қысқа очерктерінде баяндалатын өмір шындығы қаламгердің бұл туралы жазбасына, уақтылы толғанбасына ерік бермеген сияқты көрінеді. Бұл очерктерден байқалатын мына жайттарды атаған жөн сияқты. Біріншіден, жазушының кез-келген очеркін алып қарасақ та романтика, жалаң қиял жоқ, керісінше, тұнып тұрған реализм. Екіншіден, осы шындық оқиғаларды нақты детальдармен, шрихтармен дәлелдейді. Үшіншіден, өмір шындығын дәл танытатын типтік бейнелер жасай білген. «Баймолда» [46,191] очеркінде Б.Майлин болыс Баймолданың өз пікірі шамалы, кедей тобының жыртысын жырта алмайтын, аты бардың ықпалымен жүре беретіндігін жазушы кедейлердің қиындыққа толы өмір шежіресімен қатар қоя отырып әлеуметтік теңсіздіктің бетін ашады. Бұл очеркте Сәлімнің жасөспірім шағынан оқу-білімге құмартып, жас жігіттің ой-өрісі кемелденгенін Баймолдамен салыстыра отырып шығарма желісіне арқау еткен. Осы көркем очерктен очеркшінің өмір шындығын көркемдік құбылысқа айналдыру жолдарын, шындық құбылысты дәл бере отырып, көркемдік биікке көтеріле алған суреткерлік тереңдігін байқатады.

Б.Майлиннің «Заман» атты шығармасы былай басталады: «Заман кімге күле қарап жүр: мыңды айдаған байды, үріп ішкен мырзаны, керіле басқан кербез сұлуларды қабатына салып илеп жүн қылып, ішер ас, киер киімге зар қылып отыр» [47,39],- деп жазушылық талғам-таным сүзгісінен өткізе отырып сол замандағы өзгерістерді, көңілге ұнайтын бір іс болмай жатқандығын өкіне жазады.

Қазақ сөз өнерінің тарихында тың игеру науқаны 1954 жылдан бастап әдебиет тақырыбына айналды. Қазақстандағы тың игерілгендігі хақында С.Мұқанов «Тыңдағы өмір» атты очерктер сериясын жазып, жариялады. Жазушы өзі бейнелеген тың оқиғаларын, сол кездегі қоғамдық өмір қиыншылықтарын, жетістіктерін өзінше ұғынып, түсініп барып, өмір шындығын қорытып нағыз идеялылық әсерлілігі мол, шындығы жетерлік, очерктер циклін өмірге әкелген. С.Мұқановтың тың туралы жазған очерктері өз алдына жинақ болып та шыққан. «Тыңда туған байлық» деп аталатын кітабының қазақ әдебиетіндегі тың игеру тақырыбына көп үлес қосқанын байқаймыз. «Тыңдағы өмір» 1954 жылы алғаш рет «Огонек» журналында жарияланған шығарма. Бұл очерктің төрт тарауға бөлінуі өмір оқиғаларын адамдар тағдырымен табиғи байланыста шыншылдықпен суреттеу ниетінен туған.

С.Мұқановтың «Туған жердің тыңында» атты очерктер циклы алты тараудан тұрады және сол жерлердің тарихынан бастап сол заматта болып жатқан қоғамдық-саяси, әлеуметтік-мәдени өзгерістерді суреттегенде оқырманды толғандырып, өмірдегі күрделі мәселелерге өз тарапынан жауап іздеуге ден қойып отырады. Осы орайда академик Зәки Ахметов былай дейді: «Әдеби шығармада суреттелген жағдайлардан өзінен өзі ешбір күштеусіз еркін туатын қорытынды-түйіндер ғана нағыз қуатты көркемдік идея деп санауға лайық» [48,106]. Жоғарыдағы шығармасында Сәбит Мұқанов қазақ даласында алғаш тың көтерілген күннен бастап, 1956 жылы мемлекетке бір миллиард пұт астық тапсырғанға дейінгі қиын-қыстау кезеңнің тынысын толық беріп шыққан. Очеркші өз очеркінде ой-түйін, тұжырымдарды дайын күйінде бермей, нақтылы көркемдік шешімдер, суреттемелер арқылы жеткізеді. Бұл очерктердегі публицистикалық элементтер автор баяндауынан, толғануынан анық сезіледі, сонымен бірге автор оқиғаларға өз кейіпкерлерімен бірге қатысып, көзі көрген көп нәрсені жіті байқап, оқушы алдына ашып салады және осы мәселелерге оқырманның назарын аудартып, ой тастап та отырады.

Автор сол уақыттағы тың игеру кезінде қолға алынған келелі мәселелерді жаза отырып, жан-жақтан келген әр түрлі ұлт өкілдерінің бір-бірімен етене араласып, бар астарын бөлісе ішетіндіктерін жарасымды суреттеген. Очерк соңында жазушы: «Жақсы көретін Жаманшұбар мен Дос туралы да мен көп ойлайтын ем, сонда, әрине, ойлайтыным – 1954 жылдың екінші тоқсанына дейін құлазып бос жатқан жерлердің гүлденуі, яғни: ел орнауы, үйлер салынуы, жерінің пайдаға асып жеміс беруі...» [49,114],- деп аяқтайды. Очеркші түсі мен өңінің бір-біріне сәйкес келуін жақсылыққа жорып, болашағы мол туған жерінің сол шақтағы жаңа өзгерістерін көп фактілер арқылы ашып көрсетеді.

Ғафу Қайырбеков очерк жанрында бірнеше кітаптар жазған, оның очерктері өзіндік композициялық құрылыммен ерекшеленіп, замандас- тұстастарының бейнесін жасауға күш салған. “Қарқаралы басында” [50] очерктер жинағында еңбеккерлер бейнесі шыншылдықпен жазылған және лирикалық шегіністерге жүгінген очеркші ақындық ерікпен сөйлейді. Еңбек адамы мен оның тыныс-тіршілігін сипаттаған тұстарда ақындық шабытпен былай дейді: “... Жарылқаушы, бәрін жаңартушы бір құдірет бардай. Ол құдірет – еңбек. Қуанатыны сол – сол құдірет өздерінің қолдарында. Оны ешкім тартып әкетпейді. Ол – мәңгі, ол – тұрақты. Оған сенеді. Бақытқа, бақыттылыққа деген сенімді көрдім осы адамдардан” [50,22],- деп еңбегі жанған адамдар өмірін тілге тиек етеді.

Әзілхан Нұршайықов «Жер туралы жыр» [51,110] жинағындағы очерктерінде тіршілік сырын тереңірек білуге, білгенін көңілге түюге, өмірмен қоян-қолтық араласуға баулиды. Комсомол конференциясы жиынынан «Талқы», бір ауданның өмірін бейнелейтін «Алыстағы ауданда», колхоз комбайыншыларының ерен еңбегін көрсететін «Комбайыншы» очерктерін оқығанда шығарма кейіпкерлерінің қасында тұрғандай сезініп қана қоймай, солармен бірге қуаныш, ренішіне қынжылғандай боламыз. Бұл очерктердегі кейіпкерлер бірін-бірі қайталамайтын әр түрлі қылықтарды, мінездерді, ерліктерді өз бойларына жинаған даралығымен ерекшеленеді.

Ә.Нұршайықов «Алыстағы ауданда» атты очеркінде алыс ауданның түкпіріндегі шопандар өмірін тілге тиек ете отырып, сол шопандардың бойынан әр алуан жақсы қасиеттерді тауып, соны барынша шыншылдықпен көрсетуге күш салады. Әр шопанның тұрмысы, үй іші, өмір сүру жағдайы, қазақы кең дастарханы, үй иелерінің қонақжайлылығы, елгезектігі назардан тыс қалмай, керісінше, солардың бәрі адамдардың ішкі жан-дүниесі, ой-арманымен астастырыла суреттеледі.

Очеркші еңбек адамдарының бейнесі арқылы шындық өмір суреттерін көрсете отырып, оны өз көзқарасы, өз тенденциясы, өз дүниетанымы тұрғысынан бағалайды. «Алыстағы ауданда» очеркінде автордың жақсы мен жаман парқын дұрыс танитынын, көзі де, көңілі де алғыр екенін байқау қиын емес.

Ә.Нұршайықовтың «Алыстағы ауданда» очеркінің композициясы сара, оқушыға айтары мол, өмір оқиғаларын іріктеп алуда біліктілік танытқан. Бұл очерктегі сюжеттің мағыналық мүмкіндігі шопандардың қарым-қатынасы, өмір кезеңдері, қиын-қыстау кездегі көріністер, оқиғалар байланысып, жалғасып жатады.

Өмір шындығы ұшы-қиыры жоқ мол дүние және осы мол дүниеден очеркист қанша, қалай пайдаланамын десе өз еркінде. Бірақ суреттеп отырған өмір шындығы нанымды болмаса, дәуір талабына сай көркемдікпен шешілмесе онда шығарманың идеясы толық ашылмайды. Осы тұрғыдан келгенде М.Әуезов очерктерінде де өткен өмір, қазіргі заман шындықтарының елеулі кезеңдері сөз болады. Ғұлама жазушы өзінің көркем очерктерінде қазақ халқының өмірі, салт-санасы, тұрмыс-тіршілігі, саяси-қоғамдық белсенділігі жайында реалистік бейнелер арқылы, әр түрлі оқиғаларды шындық тұрғысынан суреттеп, көркемдік шешімге қол жеткізген.

М.Әуезовтің «Жуалы колхозшысы» очеркіндегі кейіпкерлер мен оқиғалар өмірде болған шындық. Жуалы колхозшылары Мәмет, Ырысбек, Қалдыбайлар еңбектен қорықпайтын, еңбектің арқасында құлдық, жоқшылық тұсауынан құтылған, мағыналы тарих бетін ашып отырған адамдар деген идеяны очеркист негізгі нысана етіп алады.

М.Әуезовтің «Шаяндағы шешен Керекең» атты очеркін «Өскен өркен» романына материалдар жинау мақсатында Оңтүстік Қазақстан облысын аралағанда 1960 жылы жазған. Жазушы сюжеттік желіні өзінің айтпақ болған идеясы еңбек адамы Керімқұл шопанның еңбекқорлығымен қоса қорғасындай салмақты сөз айта алатын шешендігі болмаса да іске мығым кейіпкер екенін әрекет үстінде көрсетеді.

Керімқұлдың ел алдында сөйлеген сөзі серт те, шын әрекет екенін жазушы жіті аңғарып, оның шопандар жиналысындағы сөзін осы очерктің негізгі түйіні етіп алады. М.Әуезов өзінің очерктерінде әсіресе еңбек адамдарын, өзі өмір сүрген кезеңнің идеяларын жан-жақты жүрегімен ұғынып, тұла бойы қажыр-қайратқа толы, үнемі іс-әрекет үстіндегі адамдарды көрсету арқылы қазақ халқының жарқын болашақпен астасқан шындық өмірін баяндайды.

Кез-келген көркем очеркті алып қарасақ, негізгі идеясын анықтау үшін сол туындыны оқып, автордың өзіндік талғам-түсінігін таразылап барып көз жеткіземіз.

Қазақ көркем очерктерін де, ауыл адамдарының типтік бейнесін нақ беретін Бейімбет Майлиннің, мол білікті ғұлама жазушы Мұхтар Әуезовтің эпикалық кең тынысын, Сәбит Мұқановтың өмір шындығын шежірелеудегі шеберлігін, қазіргі замандас бейнесін жасауға мейлінше икемді Әзілхан Нұршайықовтың дарынына көз жеткізуге болады.

Қорыта айтқанда, очерк жанрының барынша өміршіңдігін, оның қоғамдық белсенділігін, өмірде болып жатқан саяси өзгерістерге, әлеуметтік проблемаларға араласуы заңды және толымды идеяларды өмірге әкеліп, әрдайым өсіп, өркендеп, өзгеріп отыратынын байқадық. Сондықтан шын суреткер қаламынан туған көркем очерктер заман озған сайын өмір шындығының көркем шежіресі болып қала бермек.




1.3. ОЧЕРКТЕГІ СЮЖЕТ ПЕН КОМПОЗИЦИЯ

Сюжет (француздың sujet - зат) - өзара жалғасқан оқиғалардың тізбегі, біртұтас желісі. Очерктегі сюжет өмірлік тартыс, конфликт, кейіпкерлер қарым-қатынасындағы қақтығыстарды қамтиды. Қақтығыстар адамдар арасында ғана емес, көзқарастар мен ой-сана қайшылықтары да болуы мүмкін. Бұл әртүрлі қоғамдық-саяси, әлеуметтік-мәдени қайшылықтардың күресі, таласы үстінде көрініп, кейіпкерлер іс-әрекеті, мінез-құлқы арқылы бағаланып, очерктің сюжеті арқылы бедерленеді.

М.Горький сюжет туралы: «Адамдардың өзара қарым-қатынасы, байланысы, қайшылықтары, жек көру, жақсы көру, әр алуан мінездің өсу, жасалу жолы» [52,215] деген еді. Очерк жанрындағы сюжет - адамдардың қарым-қатынасы ғана емес, бір-бірімен байланысы, оқиғаның дамуы мен образдардың өсу тарихы да. Көркем очеркте де эпикалық жанрлардағыдай адамдар әралуан қатынасқа түсіп, тартыс, күрес үстінде олардың мінез-құлқы ашылады. Очерк сюжеті оқиғалар жүйесінен құрылып, оқиғалар дамыған сайын сюжет те ширыға түседі. Мысалы, Бейімбет Майлиннің «Бақытты әке» [46,216] очеркін алсақ, осында толып жатқан оқиғалар, кейіпкерлер бар. Боқбасар мен Биқасаптың үйленуі, Әушербектің дүниеге келуі, Әушербектің учитель болуы, губерниялық кеңсе комитетінің бастығы болуы, сыраханада Әушербектің әкесі Боқбасар мен қалалық оқу бөлімін басқаратын Жұманның әкесі Қарықболдың кездесуі, Боқбасар мен Қарықболдың сыра ішуі, екеуінің милицияға түсуі т.б. Бұл сатиралық очерктің сюжеті қою да қызғылықты шыққан. Осы оқиғалардың барлығы бір-бірінен оқшау тұрған жоқ, бір-бірінен туындап, өзара байланысып барып сюжет желісін құраған.

«Бақытты әке» очеркіндегі бірінші байланыс – Боқбасар мен Биқасаптың үйленуі. Оқиға одан әрі қарай байланыса өрбіп, ширыға береді. Биқасаптың ұл тауып, ол өскен соң молдадан оқып, учитель оқуын бітіруі, губерниялық кеңсе комитетіне бастық болып тағайындалуы оқиғаны өрбіте түседі.

Қарықбол мен Боқбасардың сыраханада кездесіп мас болуы қайшылықтарды шиеленістіріп, екеуінің қоғамдық тәртіпті бұзып милицияға түсуі сатиралық очерктің шарықтау шегі. Бұл – оқиғаның шешілуі. Белгілі бір оқиғадан басталып, әрі қарай дамып, шиеленісіп, содан барып аяқталып тұр. Осы оқиғаларды таңдап алу жазушының қоғамдық көзқарасымен байланысты. Бұл жерде Б.Майлин әрбір оқиғаны өзінің авторлық ой-ниетіне қарай таңдағанын байқау қиын емес.

Ғ.Мұстафиннің «Қашқын» [53,289] атты көркем очеркі екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімінде жазушы Аршалының қалың құзының қақ ортасында отырған бір ауылға кез болып, сол ауылдың ортасында тұрған тас қораға ойысып, Қуат қашқынның үйіне түсіп, екінші бөлімінде не үшін «қашқын» атанғанын әңгімелеген. Очерктің басты кейіпкері Қуаттың басынан кешкен оқиғаларды, яғни бүгінге дейінгі өмірін қамтыған. Жазушы Қуат қашқынның жүріп өткен өмірі жолының шындығынан алынған жайларды жеке-жеке эпизодтар арқылы сатылай отырып, баяндап берген. Ғ.Мұстафиннің «Қашқын» көркем очеркін сатылы композициялы очерктер қатарына жатқызамыз. Очерк негізінен қазақтың болыстық кезеңіндегі озбырлықты әшкерелеген, жастайынан Малқамбай байдың есігінде жүрген Қуат, оның әкесі байдың қойын бағып жүріп майып болып, бір аяғын сындырып алып, төрт ай емделіп, қой бағуға қайта шыққанда, малына қасқыр шауып қой шығындағанын естігенде Малқамбай Қуаттың әкесін соққыға жығып, артынан Қуаттан өзі таяқ жейді. Осының салдарынан Қуатты ұстатып, абақтыға жабуға бел буған Малқамбай әрекеті жүзеге аспай, айласын асырып Қуат қашып кетеді. Байдың озбырлығын, болыс Жаппармен сыбайластығын, Қуаттың бай-болысқа өшпенділігін, қара халықтың ауыр тұрмыс-тіршілігін көрсету идеясы бүкіл очерктің өзегі болып табылады. Көркем очерктің екі бөліміндегі оқиға да осы идеялық өзек маңында өрбіп, өзіндік көркемдік шешімін тапқан. Бұл тұстан байқайтынымыз болыс-билер заманының озбырлығын, кедей-кепшіктің ауыр тұрмысын аядай очерктің аумағына сыйғызу міндетін жазушы шеберлікпен жүзеге асырған. «Қашқын» очеркіндегі оқиға бас кейіпкер Қуат атынан баяндалып, жазушының суреттеп отырған өмір шындығына деген көзқарасы да осы бас кейіпкердің түйсінуі арқылы беріп отырған. Көркем очерктегі барлық оқиғалар бас кейіпкер төңірегіне топталып, жасы елуден асқан Қуаттың үйіне келіп түскен жазушы бір түн ішіндегі әңгіме арқылы кейіпкердің бүкіл өмір баянын, қашқын атанып елден безгенін, Аршалыға барып Шәкен дегеннің қарындасына үйленгенін, бәрін-бәрін яғни қарапайым адамның өмір жолын қызғылықты баяндайды.

Зейін Шашкиннің «Мұхтармен кездесулерім» очеркі 1967 жылы жазылған. Бұл очерктегі сюжет өмірдегі нақтылы жағдайларға орай сан түрлі болып құбылып отырады. Автор алғаш рет М.О.Әуезовпен «Қазақ әдебиетінде» жарық көрген «Көксерек» повесін оқу арқылы танысқанын, содан кейін-ақ бала Зейін жазушымен қайта табысудың әрбір сәтін іздеп, оның қаламынан шыққан туындылардың барлығын оқып шыққанын әңгімелейді.

Павлодар клубындағы сахнадан М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пьесасын қойған күні көргенін айта келе, 1932 жылы КазАПП-тың басшысында отырғанда М.Әуезовті тағы көргенін, кездескен сәттегі әсерін қызғылықты баяндайды. Соғыс кезінде үй іші майданға «Абай» романын поштамен жіберіп, тағы да ұлы Мұхтармен кездесу сәтін очеркист әсерлі суреттеп, кездесуден кездесу бәрі-бәрі бір арнаға құйылып барып тынуы - шығарманың негізгі идеясы – М.Әуезовтің ұлылығы, суреткерлігі толық ашылып, шешімін тапқан.

М.Әуезовтің қазақ прозасында бұрын ешкім баспаған тыңды игергендігін очеркист З.Шашкин былай түйіндейді: «Әуезовтің тілі – мейлінше әрлі, әсерлі, терең мазмұнды. Роман майталман шебердің, толысқан жазушының қаламынан шыққан. Онда желдірме шешендік, жалаң жалтырақтық жоқ. Адамның ішкі жан-күйін, тебіреніс толқынын беру үшін жазушы айқын образдарды, нақтылы дәлме-дәл сөздерді тапқыр қолданады» [54,191]. Жазушы бұл очеркінде нақтылы жағдайларға орай сан түрлі оқиғаларды көз алдымызға елестету арқылы, сюжеттің мағыналық мүмкіндігін сәтті аша түскен.

С.Сейфуллиннің 1924 жылы жазған «Орал қаласы» [55,484] атты очеркінің көтерген мәселесі бүгінгі күні де күн тәртібінен түспей отырған өзекті проблема. Очерктегі әрбір сөз, әрбір деталь ұлы идеяларды аңғартып, жігі бөлінбей жымдасып жатқан гармониядан тұрады. Автор 1924 жылы Орал қаласы мен оның айналасындағы ауыл-аймақтарды аралағанда көзімен көрген әлеумет тұрмысындағы нақтылы болып жатқан оқиғалар мен өзгерістерді, сол ел арасында жүрген кейбір азаматтардың дәрменсіздігін, кісі аттарын өзгертпей, қимыл-мінездерін сипаттау арқылы очерктің сюжетіндегі тұтастыққа қол жеткізген.

Оралдан Орынборға барар жолдағы ауылдардың сол кездегі оқу, мектеп істерінің сын көтермейтіні, қазақ халқының ауыр тұрмысы, мектеп балаларының ауруға шалдығып жатқандығы ашық және өткір тілмен жазылуы бұл очерктің негізгі идеясын толық ашып тұр.

Бөрлі, Елек болыстарындағы қоғамдық-әлеуметтік проблемалары кедей елдің тұрмысы, кооперацияның нашарлығы, ауру-сырқаулардың көптігі, жастар ұйымы ісінің нашарлығы, қазақ мемлекетіндегі қазақ тілінің әлі жүрмей отырғандығы қатты сынға алынып, осы өзекті мәселелерден шығудың жолдарын жазушы дәл көрсете білген. Бұл проблемалық очерктің композициясы үлкенді-кішілі бөлімдерінің бір-бірімен қисынды түрде қиюластырылуы, әртүрлі тәсілмен байланыстырылған тұтастық бірлігі үйлесімді.

Көркем очеркте сөз болатын мәселелерді, суреттелетін жағдайларды, кейіпкерлердің іс-әрекетін талғап, таңдай білу, оларды екшеп, сұрыптап алу және жазушының баяндап отырған тақырыбының маңыздылығын терең көрсете білуі де композициялық құрылымның дұрыс шешілуіне байланысты болады. Ғабдол Слановтың «Депутат Шәріпов» [56,43] көркем очеркінде нені қай тұста айту, әртүрлі жағдайлар мен оқиғалардың, іс-әрекеттердің бірін ертерек, бірін кейінірек баяндауға үлкен мән берген. Екібас кеншілері арасынан шыққан депутат Әди Шәріповтің өмірбаяны очерктің «Екібасты айтсаң» деген бірінші бөлімінде баяндалады. Екібасқа Әдидің әкесі Шәріптің көшіп келу себебін, «Тұздағы ауыл» деген елге кенші жұрттың қоныстанғаны, тұз бен көмірді қырдан келген ағайындарға қалай жөнелткені, кейіннен Әди комсомол шахтасына түсіп, өмірдегі еңбек жолын бастағаны сенімді баяндалады. «Жігіттің жігіті» атты бөлімде Әди Шәріповтің басшы, өзгелері қосшы, проходчик аталған отыз бір қаһарманды шахтаның шыңырауынан көрсеткен автор көзбен көріп, көңілге түйгендерін нақтылы өмір оқиғаларына орайлас етіп әңгімелейді. Шахтерлердің үй-ішінің мәдениеті, тату-тәтті тұрмысы, балаларының оқу үлгерімі, тәртібі, оншақты адамнан құралған бригаданың бабы қандай деген мәселелердің шешімін таппағаны, кемшіліктер де бар екені батыл ашылады.

Ғ.Слановтың «Депутат Шәріпов» очеркінің бірінші бөлімі екіншісінің заңды жалғасы есебінде келетін бірнеше эпизодтардан тұрады. Бұл эпизодтардың арасы басты кейіпкер депутат Әди Шәріпов арқылы байланыстырылады да, бас қаһарман бір эпизодтан екінші эпизодқа ауысып, әр эпизод сайын жаңа сапаларын көрсетіп отырады. Жазушының бұл очеркті жазу барысында ұтқан тұсы әрбір эпизодта сол герой өмір сүрген ортаның шындық жағдайларын молырақ беруге тырыса отырып, оқиғаны басты кейіпкердің өмірбаянына, істеген ісіне сәйкес сатылай дамытып барып, ілгері жылжытады.

Ғ.Слановтың «Ақтөбенің аймағы» атты көркем очеркінде сюжеттің беташары ретінде аңдату (пролог) берілген.

Ақтөбенің басына шығып алып,

Қарадым төңірекке көзім салып.

Дүние алақанда шалқып жатыр,

Отырмын жаратқанға қайран қалып. (Халық әні)

[56,60],- деп қала тарихының ерекше мәні бар екенін оқырманға жан-жақты түсіндіреді. «О басында әуелі Жоңғар қалмағының басқыншыларына қарсы жорықтың биігі болған Ақтөбе. Бертінде отаршыл патша сойқанына қабырғадан қан кешіп қарсы тұрған Ақтөбе. Есет, Бекет сынды батырлардың буын-буын өрбітіп, алапатқа қайыспай қайрат еткен бұл биік. Қан кешсе де қайыспаған, майыспаған Ақтөбе. Ақ найзасын шүйіріп, семсерін жалаң суырып, ата жауын жаныштаған Ақтөбе!» [56,61]. Бұл тұста өткенді бүгінгі күнмен салыстыра суреттеу, ақ пен қараны ажыратуда автор көрегендік танытқан. Бұл очерктің композициялық құрылысында елеулі орын алатын ерекшеліктер: оқиғаларды автордың, басты кейіпкер инженер Тілепқали Сапарұлы Бекетовтің т.б. адамдардың баяндауы, өткен тарихқа шолу жасау арқылы, кей жағдайларда кейіпкер көзімен көрген қалпында беріліп отыруының үлкен мәні бар.

Сөз болған очерктерден сюжет пен композицияның табиғи жымдасуын, әрбір эпизод пен детальдың сәтімен қолданылуын, нәтижесінде жазушының айтпақ идеясының сәтті ашылуын аңғарып қана қоймаймыз, ең бастысы қазақ очерктерінде қалыптасқан көркемдік өрені де пайымдаймыз. Леонид Соболевтің «Әдеби шеберлік – идея, тіл, композиция үштігінің бірлігі» [57],- деп келетін тұжырымы осындайда айтылса керек.

1.4. ОЧЕРКТЕГІ ТИП ЖӘНЕ ТИПОЛОГИЯ
Типтік характердің өміршеңдігі мен тереңдігі очеркшінің өмірмен байланысына, көзқарасы мен ой-танымына, шеберлігіне байланысты. Очерктегі адам бейнесін жасаудағы маңызды шарт кейіпкердің мінез-құлқындағы ерекшеліктерді айқын бейнелеу болып табылады. Бұл жерде типтік характерді ашуда кейіпкердің портреті мен оның көзге көрінер ерекшеліктеріне оқырман назарын аудара білу маңызды рөл атқарады. Шебер очеркшілердің портреттік сипаттамасында терең публицистикалық мағына жатады. Очеркте бейнелеумен бірге пайымдау, бейнемен бірге ой жүреді. Бейнелеудің басқа түрлері сияқты портреттің негізін бөлшек (деталь) құрайды.

Очеркші өмірдің барлық элементтерін бейнелей алмайды, өйткені, ол шексіз. Сондықтан ең маңызды, ақпарат көзі мол мәліметтерді ғана топтайды.

Типизацияның ең шыншыл, маңызы бар құралы – бөлшек (деталь) екенінде дау жоқ. Бөлшекті шеберлікпен қолдана білу өмірдегі шындықты бейнелеуге мүмкіндік береді. Тұрақты бөлшектер өмірді абстрактылы емес, нақты бейнелейді. Нағыз суреткер өмірден көргендерін жинақтау (обобщение) арқылы ғана очеркте қызықты бөлшектерге орын бере алады. Рас, кей кезде очеркшілер басты мағынаны ашпайтын, бейнеден де, шығарманың идеясынан да алшақ жатқан бөлшектермен әуестенушілік те болады. Мысалы, “орта бойлы, бет-әлпеті кәдімгідей, басында бөрік, ерекше белгілері жоқ”, - деген сияқты бейнелеу не бере алады? Әңгіме сияқты очеркке де ерекше белгілер мен маңызды бөлшектер керек-ақ.

Өмір мен адамдарды маңызды бөлшектер арқылы бейнелеу олардың ішкі мазмұны, болмысы, кейіпкерлердің көзқарастары мен психологиясының көрінуі үшін қажет. Тұрақты бөлшек портреттің нанымды бейнеленуіне көмек береді, бейнені айқын, сезімтал етіп көрсетеді.

Б.Майлиннің “Жасасын Мұсабай!” очеркіндегі Мұсабайды жазушы былай суреттейді: “Құрысқан қара жігіт. Сөзге жомарт, ертеден қара кешке дейін сөйлесе шаршамайды, өз сөзінен басқаға құлақ салмайтын да мінезі бар” [46,224]. Ал Ғ.Мұстафиннің “Алыптың кереметтері” очеркіндегі Нұртазаұлы Жұмабек бейнесін сомдау барысында жазушы тұрақты бөлшектер пайдаланған: “... қара ағаштай қатыңқы, бурыл шаш, қара шұбар жігіт” [53,297] десе, М.Әуезовтің “Жуалы колхозшысы” очеркіндегі Ырысбекті “... қызыл күрең, еңбекке піскен, ірі денелі, сан етті” [25],- деп суреттеген. Міне, осындай бейнелерді сомдауда пайдаланылатын бөлшектер шығарманы шыншыл, өміршең етеді. Очеркші кейіпкерлердің сөзінен, тұлғасы мен бет-әлпетінен, күлкісі мен көздерінен, дене бітімінен бір ерекшелікті байқап, оны атап көрсеткен кезде ғана тірі жанға айналады.

Шыншыл бөлшек әр нәрсені толығырақ бейнелеуге көмектеседі, шығарманың көркемдігін арттырып, оны айқындай түседі. Бөлшектер елеулі және елеулі емес болып екіге бөлінеді. Біріншісі де, екіншісі де біркелкі маңызды рөлдер атқарады. Бірақ, елеулі емес бөлшектің маңыздылығы көңілде күмән туғызады. Мысалы, мәтіндердегі Мұсабайдың “сөзге жомарттығы”, Нұртазаұлы Жұмабектің “бурыл шашы”, Ырысбектің “еңбекке піскендігі”- елеулі бөлшек емес, бірақ маңызы бар. Бейнелейтін затқа немесе жағдайға айқындылық беру үшін очеркші оқырманды өзіне бірден тартып, сендіре алатын тұрақты бөлшектерді көрсетеді. Суретші үшін маңызы бар бөлшек шеберлігі очеркшіні беллетристикамен жақындата түседі. Және ол оқырманға дәлелдің мәнін, оның мағынасын түсінуге мүмкіндік береді, жазушы сол кездің психологиялық және тарихи атмосферасын сезіндіреді. Сонымен қатар очерктегі бөлшекті әлеуметтік-саяси, мағыналылық пен құбылыстың өзектілігін айқындау үшін қолдануға да ерекше мән береді.

Тұрақты бөлшектер мен толықтырулардан портрет пен басқа да бейнелер туындайды. Портретпен жұмыс істей отырып очеркші тұрақты кейіпкердің сыртқы бейнесін ғана көрсетіп қоймай сол портрет арқылы кейіпкердің ішкі жан-дүниесін оның очерктегі проблема шешілуіне және қоршаған ортасына деген қарым-қатынасын да беруге тырысады. Очерк шеберлері біреуді суретке түсіруді міндетіне алмайды. Мысалы, Ғабит Мүсіреповтің очерктерін алайық. Бұл көркем очерктерде жазушы қазақ өміріндегі игі істер атқарып жүрген адамдардың публицистикалық типтік бейнесін жасап шығарған. Очеркші адами емес іс-әрекеттерді әшкерелеп, адамдардың интелектуалдық әлемін жоғары қояды. Кейіпкердің портретін жазғанда суреткер өз шығармасына негіз етіп қоғамның пайдасына немесе оған қарама-қарсы бағытталған адамдардың іс-әрекетін, мінез-құлқын алған. Мысалы, Ғ.Мүсірепов пен Б.Майлиннің “Батыр большевик Амангелді” очерктер циклында Ғ.Мүсіреповтің “Батырдың биік тұлғасы” очеркінде биографиялық мәліметтер өте аз. Ол бір-екі сөзбен ғана беріледі. Бірақ бұл очеркте биографияны кең қолданып жазу керек деген сөз емес. Өмірде шынымен бар адамдардың типтік бейнелерін, ішкі жан-дүниесін көрсету өте қиын іс. Сондықтан очерк те бейнелеу өнері сияқты, егер портрет адамдардың бейнесін дұрыс бере алмаса, маңызы жоқ белгілерді суреттесе, ол “өмірді тоқтатып тастаған” сияқты болып көрінеді. Публицист-суреткердің тұрақты адамның портреті жай ғана сурет емес, ол - өзіндік жалпылау (обобщение) болып табылатыны заңды құбылыс. С.Мұқановтың «Тірі ескерткіш» атты очеркінде Социалистік Еңбек Ері Сейдахмет Қорғасбаевтың портретін былай сомдайды: «Сейдахметті бұл менің үшінші көруім: бірінші рет 1938 жылы, жасы 37-ге шыққанмен, қатардағы қойшы күнінде көрдім. Ол кезде шоқша қара сақалды, қалың қара мұртты, әжімсіз күрең түсті, бетінен қаны тамған жігіт еді: екінші рет 1953 жылы, Алматыда, Қазақстан Ғылым академиясының Биология институтында қой өсіру тәжірбиесінен ғалымдар арасында баяндама жасағанда; ол жолы сақал-мұртына аздап кірген ақ қылтаңы болмаса, 1938 жылмен салыстырғанда ажарында айта қаларлықтай айырма жоқ еді; енді, мына жолы қарасам-сақал-мұртының ағы да, бет әжімі де көбейіпті, бұрын шоқшалап өсіретін сақалын еркіне қоя беріпті!...»,-деп очеркші кейіпкер портретін суреттеуде өмір деректеріне сүйеніп, қажет деп тапқан жағдайда қаһарманды жаңа детальдармен толықтырып отырғандығын көреміз. Жазушы Сейдахметтің өмірін жадағай суреттеп қоймай, көңіл-күйіндегі, ой сандығындағы, рухани дүниесіндегі өзгерістерге терең бойлай отырып, кейіпкердің шынайы қасиеттерін аша көрсетуі орынды. Сейдахметтің қандай жұмысқа кіріссе де табан тірей, нығыз отырып атқаратынын очеркші жіті байқап, осы қасиеттерін ашуда жазушы шеберлік танытқан.

Очеркте кейіпкер тілі мен автор тілін ажырата білу маңызды мәселе. Кейіпкер тілі оның әлеуметтік затынан, ішкі жан-дүниесінің психикалық қалыптасуынан бөлінбейді. Кейіпкердің ішкі жан-дүниесін, оның өмірге деген көзқарасын очеркші оқырманға оның қандай да бір іске, өзге адамдармен қарым-қатынасы, өмір құбылыстарына, саясат, ғылым мен жалпы өнерге деген қатынасы арқылы көрінуі мүмкін. Ғ.Мүсіреповтің “Чудо!” атты очеркі халқымыздың талантты әртісі Күләш Бәйсейітоваға арналған. Автор Күләш талантын ашу үшін бір ғана өзі куә болған жайға тоқталып, бір дананың екінші ұлы талантқа баға бергенін баян ету арқылы көрсете білген.

“Ер Тарғынның” орта кезінде Тарғынды кезекті құрбандығының бірі етіп болған соң, Ақжүністің тоят тауып жататын бір кезі болушы еді. Сол тұста Мұхтардың былай дегені бар:

- Қарашы, қарашы! Добалдай Тарғынды жығып алып тояттап жатқан Пантера сияқты! - деді.

Бұл Күләш жасаған Ақжүніс бейнесіне дәл табылған теңеу еді” [25,564]. Очеркшінің мамандығы ұсақ-түйек заттарды байқап жүруге итермелейді. Кейін осы “ұсақ-түйектерден” портрет-бейне туындайды. Әр типтің ерекшеліктерін көрсету үшін очеркші кейіпкерінің өзіне, оның замандастарына “сөз береді”, кейіпкердің сөз құрау шеберлігінен, интонациясынан, дара лексикасынан оның ішкі мінез-құлқы ашылады.

Очерктің публицистикалық идеясы мен кейіпкер мінез-құлқын көрсетудің кең таралған тәсілі болып, кейіпкер өмір сүріп, еңбек етіп отырған ортасының жағдайы мен тұрмысы болып табылады. Автордың алдында көргенінің бәрін жазу міндеті тұрған жоқ, дегенмен ол кейіпкердің психологиясы мен мінез-құлқын, шығарманың идеясын ашу үшін өзіне керек жерлерін ғана таңдап алуы керек. Ғ.Мүсірепов Мұхтар Әуезовке арнаған очеркінде оның балалық шағын суреттеу арқылы жазушының энциклопедиялық білімінің бастауын Абай аулымен қысы-жазы көршілес отырғанда алғандығын баяндай келе былай дейді:

“Мұхтардың балалық шағы қазақ даласында кездесіп көрмеген, батыс елдерінде де сирек кездесетін өлең мен әнге, ертегі мен жырға, жұмбақ пен жаңылтпашқа, шежіре мен шешендердің лұғатты сөздеріне күні-түні шомылатын шығармашылық ерекше жағдайда өтеді. Ол Абай ауылы, Абай айналасы – Абайдың ақын балалары, Абай аулына үсті-үстіне ағылып келіп жататын ақындар, әншілер, домбырашы, қобызшы-күйшілер, бишілер, шешендер... Қазақ халқының қалыптасқан әдептілігі, инабаттылығы, мінезділігі, адамгершілігі – бәрі осы ауылда. Абай елегінен өтіп өңделгені де бар. Абай айналасында өрескел мінез, ерсі сөздерге тиым салынған. Бұл ауылда кітап бар, кітап оқу бар. Науаи, Низами, Омар Һайям, Фирдоусилер аудармасыз өз тілінде оқылады. Абай айналасында осындай жайлар болғанын Мұхтар өзі ұзақ жыр етіп айтатын еді. Сол төңіректің барлық ішкі-сыртқы бейнесі зерек баланың балғын ойына өшпестей болып орнап қалғанын сезінетін едік” [58,122], - деген жолдардан очеркші шығарманың идеясын кейіпкердің өскен ортасы мен өсу жолын көрсету арқылы жеткізеді. Мұхтар Абайды босағадан сығалап көрмей, оның балаларымен, немерелерімен қатар жүріп көргендігіне нақты дәлелдер келтіре отырып бейнелейді. Бұл очеркте Мұхтар бейнесін ашуда автор сол ортаның жағдайын шеберлікпен кестелейді. Сөз шеберінде оның кейіпкерінің тұрған ортасының жағдайы оның мінезіне тікелей әсер етіп, психологиясын ашуда, өмірлік жолын таңдауда өте маңызды рөл атқарғандығын нақты дәйектейді.

Кейіпкер портреті оның мінез-құлқы және іс-әрекетімен тығыз байланысты. Осыдан барып толық картина туындай бастайды, кейіпкердің психологиясы мен көзқарасы ашыла түседі. Бірақ, жазушы жеке адамдардың портретін бейнелеумен ғана шектеліп қалмайды, ол кейіпкерлерін түрлі қақтығыстарда, драмалық конфликтерде де көрсетеді. Басқа сөзбен айтқанда оқырман санасына керекті идеяны кейіпкерлердің мінез-құлқын бейнелеу арқылы жеткізуге тырысады.

Әр адамның бойындағы ерекшеліктер оның ісі арқылы көрінеді. Мысалы, ғарышкердің мінез-құлқы ғарышқа ұшқан кезде көрінеді. Бұдан шығатыны – очеркист адамдардың мінез-құлқын бақылай отырып, оның қоғамдық мәнін ашу, одан кейіпкер де, тақырып та, шығарманың сюжеті де өсіп шығатын “дән” алуы керек. Публицист, жазушы міндеті - өзінің көрген нәрсесін зерттеп, жалпылап, өткірлеп оқырманға жеткізе білу. Мұнда көркем ой мен тарихи шындықты қоса отырып, очеркист күнделікті өмір шындығынан үлкен әдеби шығарма туындатады.

Очеркте тарихи немесе документальды романдағы сияқты өмірде бар немесе мүлдем жоқ адамдардың да бейнелері берілуі мүмкін. Жазушы тұрақты адамның мінез-құлқын ашып, оның белгілі бір мәселені қалай шешетіндігін көрсетеді. Кейіпкердің мінезін қақтығыстарда ашуға жол береді. Очерк шын өмірді суреттеуі шарт. Ал очерші суретші сияқты, ол өз кейіпкеріне мінез ойлап табамын десе көп қиындықтарға ұшырауы мүмкін. Әртүрлі авторларды адам іс-әрекетінің әр қыры қызықтырады. Біреуді қоғамдық қатынастар мен қақтығыстардың әсер етуі қызықтырса, екіншісін – қимыл пен сезімнің байланысы, үшіншісін – психологиялық іс-әрекет, оның түрлері мен заңдары, көңіл-күйінің диалектикасы көп қызықтырады. Бірақ очеркші адамның ойы мен сезімін, оның ішкі жан-дүниесін ашуға құқығы бар ма деген заңды сауал туады. Оған әрине, бар деп жауап берер едік.

Қай очеркшінің шығармасын алып қарасақ та олар адамдардың материалдық жағын ғана емес, сонымен бірге психологиялық жақтарын да көрсету міндетті деп ойлаған жөн. Бұл мәселеге очерк жазудың шебері М.Горький де қатты көңіл бөлген. “Берілген адамның мінез-құлқындағы ерекшеліктерді дәл тауып, оның іс-әрекетінің терең мағынасын түсініп, оны нақты сөздермен жазу керек. Сонда ғана оқырман кітап беттері мен жолдарынан тірі адамды көріп, оның әрекеті мен сезімінің байланысын терең түсіне алады” [59,171], - деген. Ғ.Мүсіреповтің “Феномен-Феникс” атты Жамбыл Жабаев өмірі мен шығармашылығына арналған очеркінде мынадай жолдар бар: “Жамбыл өмірге жымия қарап, сынай өскен ақын еді. Оның ойлы көздерінің түбінде қашанда бір сықақ ұшқыны тұратын. Әлденені түсіндіре бастасаң “Мені бір алжуға айналған шал деп отырсың-ау!” дегісі келгендей, мұрт астынан миығы жымия бастағанын сезуші едік. Айта бастағаныңды іліп әкетіп, өлеңмен өзіңе қайта айтқанда ақын жүрегінің ыстық жалынына, ой-сезімінің тереңдігіне таң қалатынсың” [60,580], - деп Жамбыл ақынның ой-сезімінің әрбір ұшқынын жіті байқаған очеркші өз кейіпкерінің ішкі дүниесін тұтас беру шеберлігіне қол жеткізген. Адамдардың ойы мен сезімін жазу үшін очеркист сол адаммен тікелей қарым-қатынас жасай отырып, кезіккен кездегі әрбір қимылына мән беретін, көңілге тоқи білу қабілеті болуы керек.

Очеркшінің тағы бір маңызды міндеттерінің бірі - өмірдегі проблемаларды ашып көрсете білу. Мұхтар Әуезовтің Оңтүстік сапарынан туған очерктер циклының ішінде “Көктемнен бері” атты очеркі бар. Автор бұл шығармасында жаңадан құрылған шаруашылықтың жетістіктерімен қоса көптеген қиындықтары барын да ашып айтады. Бұл кемшіліктерді очеркші көрсету кезінде очерк кейіпкерлерін сөйлету әдісін шебер пайдалана отырып, шалғай аудандардағы ортақ проблемадан шығудың жолын нұсқайды.

“Зор жетіспегендік: бізде бір газет жоқ. Кімнің кінәсі екенін біліп болмайды. Әйтеуір Бурный айналасында қазақ газетін мезгілімен көру былай тұрсын, тіпті, ныспымен көрмейтін жерің толып жатыр” [25,14], - деп ауыл кеңесі Анарбайды сөйлетіп, шешімін таппаған мәселелерді кейіпкер арқылы беру әдісін ұтымды пайдаланған. Қазақстанның барлық шалғай аудандарына тән проблеманы көтеріп, өзінің өзектілігі мен жеделділігі жағынан ұтымды шыққан бұл очеркте тағы мынадай шешімін таппай отырған мәселе әңгіме болады: “Қыс келді. Ұзақ кештер бос. Колхоз газетті де реттеп ұдайы ала алмай жатыр. Көпшілік, ересектер сауатсыз. Өзі Алатаудың дәл түбінде қойын өрде жатқан аз үйлі колхоз. Жолдан қиғаш. Қыс кіре бұл бөктердің “табаны күректей” мықты поездарды жүргізбей шабаланып қамап тұрып алатын ақ бораны басталады. Ұмтыларман боп колхоз мүшелері қалады. Сонда әндетіп, күйлетіп сауаттандырып дүниеден тіл хат әперіп тұратын радиоға кім жетеді” [25,17],- деп автор қалың көпшіліктің проблемасын өзі ғана біліп қоймай, оқырманға соны жеткізуші дәнекер рөлін қоса атқарған.

Ғ.Мүсірепов өз очерктерінде адамдардың материалдық жағын ғана емес, сонымен бірге психологиялық жақтарын да көрсету міндетті деп біледі. Адамдардың әрекеттері мен бір-біріне деген көзқарасынан біз олардың ойы мен сезімдерін біле аламыз. Очеркші өз кейіпкерлерінің ішкі дүниесін толық білуі үшін адам ойы мен сезімін жазу үшін сол адамдармен бірдей деңгейде тұруы қажет. Кейіпкер бейнесі өзіне қарама-қарсы қойылған адамға кезіккен кезде ашыла түседі. Очеркшінің тағы бір маңызды міндеттерінің бірі – конфликттерді ашып көрсету болып табылады.

“Аспанда болған жекпе-жек” очеркінде самолет салонында отырып автор орыстың ұлы ақыны Лермонтовты өлтірген ақ сүйек офицер Мартыновтың ұрпағымен кездесіп, әңгімелескені жайлы жазады. Шығарманың негізгі идеясы офицер Мартыновтың шөбересі мен Мүсірептің шөбересі арасындағы жекпе-жек жайлы. Бұл жүз жиырма жылдам астам дау туғызып келе жатқан оқиғаны тілге тиек ете отырып, шет елдіктің қазақ топырағында Ю.Н.Лермонтов, А.С.Пушкиннің оқылатынына таңданысын жасыра алмағанын очеркші тамаша суреттеген. Жазушы шет елдерге сіңісіп кеткен орыс адамдарының елде болып жатқан жаңалықтардан бейхабар, өресі онша биік емес екенін тап басып айтқан. Очерктің басты образын тартымды, әрі нанымды бейнелеген автор сөздің бетін басқа жаққа бұра берген көршісінің мінезін жіті байқаған тұсы оқырманды бірден баурап алып, шығарманы одан әрі оқуға баулиды. “Даугерімнің бір ерекшелігі – берілген жауапқа да, сұраққа да дұрыс-бұрыс деп тұрақтамайды. Мақұлдамайды да, дауласпайды да. Тез сырғып, екінші бірдемеге көшеді. Мен оны Раевский мен Андронниковқа қарай жетелегім келеді, ол аяғын бір басар емес. Лермонтов пен Мартыновтың тұстастары Булгаков пен Елагинге қарай тартып көріп едім, ол екеуінің аттары аталғанда көршімнің тілі байланып қалды. Екі қолын ербеңдетіп – атамаңыз оларды! - деді” [58,554],- деген үзіндіден кейіпкер характерін өте ұтымды бере білгенін көреміз. Очеркист басты қаһарманның осал жақтарына көз тіге отырып, Мартынов әулетінің төрт атаға келгенше жалған бағыттан бетін аудармағанын, ол әулет намысы ма, ақсүйектер дәстүрі ме, әйтеуір қара қылмыс таңбасы осы күнге дейін өшпей қала бергеніне әр қырынан түсінік береді.

Б.Полевой атап көрсеткендей, публицист “материалды қалай беру” турасында көп ойлана қоймайды. “Бізге, - дейді Б.Полевой, - жеделділік керек, оны сенсациялықпен шатастыруға болмайды.” [61,123],- дейді. Адамның даңқы оның ісімен ғана шығады. Бірақ ол құмырсқа тәрізді еңбек етпейді, ол жақсы өмір сүру үшін еңбектенеді. Очерктердің кейбір қателігі – авторлардың кейіпкерге өз мінезін ашуға мүмкіндік бермеуі.

Өз кейіпкерінің болмысын айқын көрсету үшін очеркші кейіпкерін қақтығыстарға қатыстырып, мінездерін бір-біріне қарама-қарсы қойған сайын, шығарманың идеясы ашыла түсетіні белгілі. Егер іс-әрекет очеркте бейнеленген адам мінезіне сай келсе, шығарма жақсы шығады. Жақсы очерктердегі кейіпкерлер өздерінің көп сөйлемейтіндігімен, мақсатына жету жолындағы тұрақтытылығымен ерекшеленеді.

“Көркемдік жалпылау (обобщение) мен типтендіру очеркке міндетті емес, осы арқылы ол әңгімеден ажыратылады,” – деген пікір бар. Бұл дұрыс емес. “Суретші жалпылау қабілеттілігіне ие болуы керек. Жазушы бал жинайтын ара сияқты көркем шындық шығаруы тиіс. Ара-тұра гүлге қонады, бірақ одан өзіне керек нәрсесін ғана алады. Жазушы да сол сияқты” [62,132],- деген пікірді құптауға болады.

Шыншыл очерк көркем-публицистикалық бейнелерде қоғам өмірінің әлеуметтік маңызы бар жақтарын бейнелейді. Бөлшектер бұл құбылыс болмысының ашыла түсуіне көмек береді. Шығарманың идеясын білдіре отырып очеркші оны тек баяндап қана қоймайды, өмірдегі жақсы мен жаманды ажыратып бейнелесе, очеркші не істеу керектігін, неге еліктеу керектігін, кімге қарсы күресу керектігін көрсетсе ғана сәтті очерк өмірге келеді. В.Ставский: “Очерк авторы “барлаушы болуы керек”, бірақ сонымен бірге ол “соққы бере алатындай” болуы шарт. Ал дұрыс бағытта соққы бере алу үшін “жақсы дайындық” қажет. Өмірдің асты-үстін аз уақытта зерттеп алу қажет. Өзінің жұмысында очеркші – зерттеуші” [63,14].

Очерк - “кіші форма”, ойы жағынан емес, көлемі жағынан кішкентай. Бірақ осы форманың өзімен жазушылар ұлы, үлкен туындылар берген. Өмірді толық бейнелеуді олар фактография арқылы емес, суреттеудің шеберлігі мен бейнелеудің тереңдігінен, бейне мен мінез-құлықтарды ұрымтал жасауымен ерекшеленсе керек.

Жеке тұлғалар мен олардың арасындағы қақтығыстарды зерттей отырып, очеркші әлеуметтанушы сияқты өз назарын нақты қарым-қатынасты зерттеуге аударады. Ол үшін кейіпкерінің мінез-құлқын тек қана бейнелеу құралы деп емес, сонымен қатар әлеуметтік құбылыс деп қабылдауы тиіс. Жағдай мен мінез-құлықты талдай отырып, очеркші оқырманға бұл тек қана “кітап шындығы” емес екендігін, оның ойы мен сезімі бар тірі адам, тіпті өмірдің өзі екендігін дәлелдейді. Очеркші характерлер мен типтерді зерттеп, оларға баға береді, оқырмандарды публицистикалық қорытындыға икемдейді. Қазіргі очерктерде бүгінгі күн проблемаларын, күнделікті еңбек адамдарының өмірін пысықтап бейнелеу көптеп кездеседі. Жазушы осының бәрінен хабардар болуы керек. Очеркші өндіріспен, бүгінгі өмірмен байланысы жоқ адамдарды емес, керісінше, барлық адамзаттың жетістіктері, адамдардың еңбегінің жемісін суреттесе ғана ұтады.

Очеркшінің міндеті – адамның ұлылығын көрсету, бүгінгі күннің қоғамдық пікірін жинау, сонымен қатар қоғамдық пікірді ұйымдастыру болып табылады.

Барлық көркем шығармалардағы жеке көркемдік бейнелер мен сол арқылы өмірдегі бітім мен болмысқа баға беру типтендіруге жатады. Очеркте типтендіру сирек болса да кездесіп қалады. Кейбір зерттеушілер типтендіру көркем шығармаларда ғана болады, ал очеркте нақтылы жағдайға, тағдырға құрылғандықтан мұнда типтендіру болмайды деп жатады. Бұл пайымдаулар түбегейлі дұрыс деуге болмайды, өйткені, очеркшілер қоршаған ортадағы құбылысты типтендіріп, алдыңғы қатардағы ұстанымдарды тілге тиек етпесе, өмірге нақтылы баға бере алмаса, яғни фактілерді тізумен ғана шектелсе көркем-публицистиканың әдеби-идеялық міндет-мақсатын жеріне жеткізе алмағандығы болып саналар еді. Очерктегі типтендіру адамның рухани әлеміне еркін енудің, айналадағы құбылыстарды, өз замандастарымызды терең танып-білудің үлгісін жеке өмірлік тәжірбие арқылы суреттеу арқылы жүзеге асады.

Осыдан келіп, очеркте типтендіру қажет пе деген сауал туындайды. Әрине қажет және оған ашық ұмтылу очеркті ерекшелендіре түседі. Очерк жазушы белгілі мінез-құлықтарды ашу арқылы типтендіруге жол ашады. Қазақ әдебиетінің тарихында очеркте пайда болған әртүрлі тереңдіктер мен, әртүрлі мінездегі қарым-қатынастардағы образдарды, оның «алтын қорына» нақты сіңісіп кеткен көптеген типтік образдарды сақтады. Қазақ очерктеріндегі образдар галереясын Б.Майлин, М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, Ғ.Сланов, Ә.Кекілбай, О.Бөкей, Ә.Нұршайықов т.б. жасады.

Жоғарыдағы жазушылардың типтік образдары қандай белгілерімен біріккен? Очерк жанрындағы типтік образдар қандай белгілерімен біріккен деген сауалға былай жауап берер едік. Жазушы жұмыс барысында белгілі материалдарды жинауда типтілік басталады. Әдебиеттің бүкіл жанрларынан типтендірудің екі негізгі тәсілін танып білеміз. Жазушының алдында күрделі міндет тұрады. Дерексіздік дәлелдеуден бөлек пайда болмайды, сондықтан да таңдалған типтік ерекшеліктерді дара образ арқылы нақтылы түрде көрсету керек. Бұл бірыңғай процесс. Осылай дара мінез-құлық, жеке тағдыр иеленген образ қалыптасып, шығармада жеке өмір сүріп, типтік құбылысты бейнелеп көрсетеді. Дегенмен, өмірлік материалдарды жинақтауда басқа да принцип бар: өмірде кездесетін «тип» типтендірудің сиқырына түседі. Осы екі әдіс бір жазушылық «палитраны» айтпай-ақ, әдетте бір шығармада қосарланып әдебиетте өмір сүреді.

Очеркшінің алдында әдетте ақиқаттағы бар нәрсені нақты суреттеу мәселесі тұрады, оның мағынасын дұрыс шешу, одан өнердің шындығын шығару, оны адам танымының және тәрбиесінің құралы ретінде көрсету. Сондықтан прототипке сүйенген типтендіру очеркке тән деп айта аламыз. Очеркші нағыз өмірден жиналған, оны қызықтыратын ерекшеліктерді құбылыс, факт, бейнелерді нағыз өмірден іздеуге тырысады. Өмірдің өзінен туындаған типтерді пайдаланып талдау және анықтау да кездейсоқ емес. Тарихтың бір кезеңінен екінші кезеңге көшкен уақытында да әлеуметтік қал-ахуал өзгеріп жазушылар үшін жаңа типтік образдар өмірге келуіне қолайлы жағдай туады. Кезінде очерк жазудың шебері атанған Г.Успенский былай деп жазған: «Барлық очерктер еркектер туралы да, романдар қоғамның мәдени өмірі туралы болып кетті» [64,47]. Бұл шындығында да сол кездегі шаруалардың жаңа өмірге бейімделуіне арналған материалдар екендігінде сөз жоқ. Ол кездегі жазушылар очерк жанрын осындай өтпелі кезеңдегі құбылыстарды дәлме-дәл көрсетуге арнағаны белгілі. Очеркке материалды іріктеу мәселесі бірінші қатардағы мағыналы іс. Очерк фактіге, құбылысқа, оқиғаға және өмірдің өзінен алынған жайларға құрылады. Нақтылы өмірдегі алғашқы нұсқа секілді реалистік шығармаларда нақтылы тапсырма очерктің мағынасы айтып тұрғандай жарыққа шығару. Нақтылы фактілер аясында жан-жақты толыққанды образ жасау үшін, оны типтердіру үшін өте ауқымды жұмыстар атқарылуы тиіс. Материалды таңдай білу типтендірудің алғашқы сатысы ғана, ол бүкіл очерк жазудағы процестерге арқау болғанымен оның орнын толыққанды баса алмайды. Очеркші өзінің шығармашылық мүмкіндігіне сәйкес күнделікті өмірде кездесетін оқиға, құбылыстарды тек қана шынайы шығармашылық қиялмен қабылдап, өмірдегі оқиға, құбылыстан алшақтатпай жазу шеберлігіне қол жеткізуі қажет. Кейде тиісті құжаттармен қаруланғанның өзінде бұл процесте алшақтық байқалып қалып жатады.

Очерктегі типтендіру өмірдегі типтік образдарды іздеуден туындаған нәрсе. Оған шығарма иесінің өмірлік іс-тәжірбиесі де әсер етеді. Өмірдің қайта құрылуының жаңалығы, өзектілігі, сол кезеңдегі қаламгерлердің тәрбиелеушілік, насихаттаушылық күші, сол қоғамның теріс құбылыстарымен үздіксіз күресудің мағынасы, дамуға кедергі жасайтын келеңсіздіктер әшкереленуі – осылардың бәрі очеркшіні максималды деректі сақтауға талаптандырады. Очеркшінің жаңашылдығы алдынан кездесетін типтендірудің жаңа обьект, жаңа идеал, фактісінен тікелей шығады. Тақырып таңдау мәселесі де кездейсоқ нәрсе емес. Оны таңдауда да идеялық бағыт, сол қоғамға бейімделу, болып жатқан құбылыстарды жіті байқау талап етіледі. Өмірден алынған материалдардың әрі қарай өңделуі өзі кезегінде очеркшілердің ішкі жұмысқа кірісу дәрежесінен анықталады. Кейде бір тақырып жеткіліксіз баяндалады. Мысалы, жұмысшылар өмірі туралы тақырып очерктің негізгі тақырыптарының бірі болуы керек болса, онда очеркші әдебиеттегі жұмысшы тақырыбын жаңа көркем сатыға көтеру міндетін орындауы керек.

Өзінің шығармашылығын әртүрлі салалармен байланыстырған бірқатар очеркшілерді атауға болады, мұндай байланыс жазушыға, оның дара қабілетіне және қызығушылығына әбден жақын. Жылдан жылға очеркші өзі бақылау үшін таңдаған саласындағы жаңа пайда болып жатқан жаңалықтарды зерттеуге көбірек көңіл бөледі. Жез, мұнай, орман, теңіз, өзен, жер, жұлдыз туралы жазатын очеркшілерді атауға болады. Әртүрлі салаларға маманданғандар үшін бір тақырыптағы материалдарға байланып қалды деп жазғыруға да болмайды. Бірақ, мұндай мамандану очеркші үшін қымбат белгі болып табылады. Қазіргі жазушылар халықтың әл-ауқаты, өндіріс, мұнай, мәдениет туралы жазса да оның бағытын нақты анықтауы тиіс: халық, мемлекет көздеген мақсаттарды ашып, қисын мен тәжірбиені байланыстыру үшін материалдарын адамға бағыттауы керек. Адамның мемлекеттік саясат тақырыбына айналуының осы жағы – қазіргі очерктердің жоғарғы сапасының, оның идеялық күшінің және көркем мағынасының белгісі. Тақырыпты адамға бұру үшін көптеген бақылаулар мен нақты мәліметтер жеткіліксіз, ол үшін нағыз білім талап етіледі. Қазіргі очерктерді зерттеу мен оқудың нақтылығы жазушының терең ойымен, сезімімен тығыз байланысты болуы керек. Тек осы белгілер мен ерекшеліктер арқылы типтік образға қол жеткізуге болады.

Очеркте публицистикалық өзекті мәселе анық суреттеле келе, жазушы бір ғана прототивтен ауытқып жан-жақты типтік образдарды шығаруға талпынады.

Әдебиеттануда типтік мәселелерді шешу барысында, схолостикалық догматизмнен айрылу керек деген талап қояды. Әдеттегі гипербола секілді асырып айту типтендірудің негізгі көзі емес екені туралы мәселе қою дұрыс. Очерк жанры бұл жағдайды айқын дәлелдей алады. Көркем очерктегі ойдан шығару құқығы да басқа көркем жанрларға да ортақ. Жинақталған фактілерге ойдан шығарусыз очерк құрау мүмкін бе? Мүмкін емес. Прототивке емес, жинақталған өмірлік материалдардан құралған очерктің кең таралуы туралы хабардармыз. Оларды бір образға келтіру дегеніміз ойдан шығару болмаса керек.

Неге фактілік, деректік дәлдігі жоқ шығарма очерк болып қала береді? Себебі, ондағы образ мінез-құлқы мен типтендірудің әдісі очерктікі. Очеркші өз шығармасын прототивке немесе типтік ерекшеліктердің қорытылуына сүйеніп құрайды. Типтендірудің жалғыз бағытын көріп, оны романдағы, әңгімедегі типтендіруден ажырата білу керек. Очерктегі типтендіруге апаратын жол публицистикалық зерттеу әдісі. Автордың өмірге араласуында ашық публицистикалық позицияның бар болуы, оқиғаның нақты адресі немесе кейіпкердің нақты аты-жөні очеркке анықтық береді. Очеркші өз очеркін прототивке немесе көптеген прототивті бақылап, олардың ерекшеліктерінің қорытылуына сүйеніп жазса да, ол әрқашан типтік бейне шығаруға талпынады. Ол үшін автор типтік очерктік образ құрудағы ерекшеліктерді ескерсе болғаны.

Типтендіру дегеніміз – дара кейіпкер жасау, солардың тағдыры, қылығы, іс-әрекеті арқылы күрделі, әр алуан байланыстар мен қарым-қатынастарды ашу. Очерктегі типтендіру әдісі туралы ғалым Төлеубай Ыдырысов былай дейді: “Очерктегі типтендіру едәуір дәрежедегі біздің өміріміздің мән-мағынасы мен сипатын білдіретін ақиқат фактілер мен оқиғаларды дұрыс біріктіріп алуға байланысты. Егер очеркист айналадағы құбылысты типтендірмесе, онда тек фактіні жай тіркеуші болып қана қалар еді. Ал оқушы очерктен фактінің “психологиясын”, адамдардың аты-жөнін, лауазымын емес, қайта оның ішкі дүниесін ашатын қызықты әңгімені іздейді” [10,54]. Бір жағынан типтендіру - өмірдегі тарихи құбылысты типтік характерлер арқылы қорытындылап отыруы шарт. Кез келген жазушы өмір көріністерін қорытындылауды типтік характер арқылы жүзеге асырады. Типтік жеке дара ерекшеліктерімен көріне отырып, дара образдардың ерекшеліктері арқылы жалпыға ортақ белгілерімен олардың тенденциялық жақтарын меңзейді. Типтендіруде қоғам өміріне тән құбылыстар жинақталып, сұрыпталады, сол арқылы қоғамның мәнді жақтары алынып, жалпыға ортақ өмірдің шындық көріністерінің тенденциялы жақтарын жинақтап бере алса ғана типтік жағдайға байланысты типтік көрініс туындайды. Бұдан шығатын қорытынды, очерктегі типтік жағдай мен типтік бейненің арақатынасын дұрыс түсіну үшін оның тетігін шынайы өмірден іздеу керек. Себебі, көркем очерктегі типтік образ жалпыға ортақ көріністің айқын белгілерін аңғартады.

Типтіліктің өзі көркем очеркте әрбір характерге тән болып келеді. Өйткені әрбір характер айрықша белгілерімен, өзіндік сипатымен танытуды тілейді. Тенденциялық жақтарымен алғанда әр характер типтендіру арқылы айқындалады. Очеркте алған характерін типтендіре алды ма жоқ па дегенде, оның жауабын нақты шығармадан іздеген жөн. Бұған М.Әуезовтің “Түркістан” солай туған” очеркінен бірер мысал келтірейік. Очеркте Алексей Иванович Строгов – “Түркістан совхозының директоры Алексей Ивановичтың іс-әрекеті совхоз өміріне тікелей қатысты болып келеді де оның өмірі тікелей совхоз ішіндегі істі шешуге байланысты өрбиді. Жазушы Алексей Иванович характерін жетілдіре түсіп, білім-парасатына көз жіберіп, өрелі іске ақыл-айласы жетерліктей тұстарын сәтті көрсете білген. Совхоз директоры Строговты қажырлы азамат ретінде көрсетіп, әртүрлі сын сағат үстінде ойландыра да, қобалжыта да алған. Үлкен істердің басы-қасында жүрген Алексей Иванович Строгов жаңа істердің басталуы, үлкен қиыншылықтардан шығу жолдары, достық, сыйластық, ескі мен жаңаның арасындағы тартыс Алексей Строговтың тікелей қатынасы арқылы өрістеп, ширығып отырады. Қаһарманды жазушы жақсы жақтарымен көрсете отырып, оның іс-әрекеттерін нанымды суреттейді. Осы мәселеге орай академик Р.Бердібаев: “Типтік сюжет құра алмаушылықты үлкен кемшілікке санау керек. Басталуы, өрбуі, өсуі, шиеленісуі табиғи шешімі бар сюжет жасалмай, шығарма селкем шығатыны сөзсіз. Сюжеттік заңдылықтарды елемеуден туатын қырсық көп” [64],- дейді.

Осы очерктегі Василий Захварович Матайбаев – директор Строговтың маңайындағы жақсы шофер, әйелі де жақсы агроном. Вася Матайбаев жеті жасар бала шағынды 1931 жылы Семей облысының Ново-Шульба ауданында әке-шешесінен бірдей айырылып балалар үйіне түскен. Одан кейінгі өмірі әскерге барғанша балалар үйінде, мектепте, әр алуан интернатта өткен. Соғыстан кейін механик – шофер болып келген Вася, Москва түбінде тірлік бастап, орыс қызы Нинаға үйленген. Туған жері Қазақстанға оралған Вася Матайбаев қинала жүріп, қиындыққа қарсы барады, Вася басындағы ауыр кезең шығарманың ұзын ырғасында өзекті мәселе болып өрілген. Осы күрделі жағдайлармен қатар бұл очеркте дос, жолдас, сүйген жар, әке-шешеге деген қарым-қатынас, өмір түсініктері терең ашылған. Алған бетінен қайтпайтын, өз Отанына оралып қызмет етуді мақсат еткен Вася Матайбаев ойлана, толғана жүріп ақырында өз мақсатын орындайды. Осындай өршіл қазақ жасының белсенділігі, типтік характері бұл очеркте орынды әрі сенімді шыққан.

Очерктегі типтендіру шеберлік мәселелерімен тікелей байланысты. Өйткені типтілік очерктегі көркемдік шынайылықты танытады. Жалпыға ортақ құбылыстар, өмірде бар көріністер очеркист қаламынан жалпыға тән, көпшілікке ортақ, өмірде жиі кездесетін оқиғаларды журналист дұрыс типтендірмесе өз мақсатын орындай алмағаны. Кейде өмірде некен-саяқ көрініс болып кездесетін оқиғалар кейіннен өзіндік даралығы бар, болашақта көпке ортақ боларлық жайларды жазушы өз очеркінде типтендіруі мүмкін. Типтендірудің эстетикалық күш-қуаты да осында. Еңбектегі өнегелі ісімен құрметке бөленген Жазылбек Қуанышбаев, Шығанақ Берсиев, Кәмшат Дөненбаева, Ұлы Отан соғысында қаһармандық ерлік көрсеткен Рақымжан Қошқарбаев, Төлеген Тоқтаров, Мәлік Ғабдуллин, Бауыржан Момышұлы, Қасым Қайсеновтер туралы бірнеше очерктер жазылған және осы адамдар арқылы очеркистер өмірдің шындығын танытатын типтік бейнелер жасай білген. Кез келген көркем шығармадағы бейнелер өз дәрежесінде типтендірілгенде, қоғамдық мүдде, Отан даңқын шыңға көтергенде ғана қазақ халқының рухани күш-жігері шынайы көрінеді.

Типтендіру өмір көрінісінің көшірмесі емес, оның шешуші тенденциясының жақтарымен айқын характер ашқанда ғана толық мәнге ие болады. 1916 жылғы халық көтерілісін сипаттаған ақын-жазушылар өмірдің сол бір дәуірге тән құбылыстарын жеке геройлардың басына жинақтап, жалпыға ортақ, өмір көріністерін көркемдік шыңына көтеріп, типтік жақтарын түйіндеуді нысана етіп қояды.

Б.Майлин мен Ғ.Мүсіреповтің “Батыр большевик” көркем очеркіндегі Амангелді Иманов есіміне байланысты болған оқиғалар, халық көтерілісінің әр қилы жақтары жан-жақты көрінеді. Көркем очерктегі Амангелдінің типтік характері ашылып, әрекет, күрес үстінде суреттеледі. Жау қолына түскен батырдың бетінен қайтпай қажырлы, қайсар мінез танытқаны типтендіру арқылы жүзеге асады, себебі Амангелді образы дәуір тудырған өзіндік ерекшелігі бар, сандаған адамдардың мінез-құлықтарын өз бойына сіңірген, жұрт мойындаған типтік бейне. Тарихи адамның образын жасауда Б.Майлин мен Ғ.Мүсірепов қазақ халқының өмірін, тұрмыс-салтын кең суреттеп, Амангелдінің қоғамдағы салмағына үңіле отырып, дәуір тынысын айқын тани біледі. Егер типтілік өмір заңдылықтарын көрсетеді десек, өмір заңдылығы дұрыс суреттелмесе адам характері де, образ да өз дәрежесінде ашыла алмайды. Типтілік өмірдегі өзгерістердің ұйытқысы болса, сол типтілікке тән негізгі белгілерді жинақтап, қорытындыласа ғана типтік характер ашылады. 1916 жылғы халық көтерілісі, оқиға бірлігі, дәуір тұтастығы А.Иманов бейнесі арқылы суреттеле отырып, Амангелдіні күрес үстінде суреттеген авторлар жау қолына түскендегі, абақтыға жабылғандығы батырдың көздеген мақсатын баяндау арқылы екі авторлар үлкен шеберлікке қол жеткізен. Очеркшілер типтік бейне Амангелді арқылы халықтық күрестегі ізгі арманын да өзекті мәселе етіп қоя білген деуге болады.

Амангелді жалғыздық көрмеген, өйткені оның арқа сүйері халық, ел азаматтары әр уақытта Амангелді төңірегінен табылады. Қазақтың бас көтерер жігіттерін импералистік соғыстың өртіне айдап салып, окоп қазуға аттандырмақ болғанда оларға қарсы тұрып, қол жинайтын да Амангелді батыр. Жандарал Еверсманға қарсы сөз айтқан батыр қазақ халқының бойына жиналған кегі кернеп, құлдық қабын жарып жібергендей, ақ патшаға атуға сақталған оғы осы арада атылғандай болады.

Амангелді Иманов өмірде болған, дәл осы очерктегі оқиғаларды басынан кешірген адам екені даусыз. Мұнан типтілікті өмірде бар протатиптік көшірмесі ғана деп түсінуге болмайды. Негізгі протатип жазушы көңілінде тұрғанның өзінде оның бойында жетпей тұрған жеке көрініс, қимылдарды ондаған, жүздеген адамдар бойынан ала отырып, жинақтап типтендіреді. Сондықтан да типтілік деген ортақ құбылыстарды өзіндік даралығымен нақыштау болса керек.

“Типтілік мәселесін нақтылы шығармаға талдау жасау арқылы сөз еткенде оның әртүрлі қиындығы бар, негізінде типтілік проблемасы эстетика саласынан көрінетіндіктен тек қана шығарманың идеялық мазмұнын ашумен тынбайды, типтік характердің қалыптасуы әлеуметтік өмірге байланысты дәуір шындығы қалай суреттелді деген сұрақтарға көркемдік шешім іздейді” [65,91], - дейді ғалым М. Хасенов. Шындығында да нақтылы шығармаға сүйене отырып, типтіліктің теориялық жақтарын дәлелдеу орынды сияқты. Әсіресе көркем очерктегі типтілік мәселесі, типтік образ жасау проблемалары жайлы осы уақытқа дейін аз сөз болған.

Ұлы Отан соғысы тақырыбына арналған көркем очерктердің өн бойында барлық ұлттар мен халықтардың ұл-қыздары бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарғаны белгілі. Батырлық, табандылық, қайсарлық көрсеткен ұл-қыздардың типтік образы қалай жасалған деген мәселеге тоқтау қажет сияқты.

Бір бағыттағы образдар типтік жағдайға байланысты өзара қанша ұқсастықтары бола тұра өзіндік айырмашылығымен де көзге түседі. Онсыз дұрыс типтік образ шықпайды.

Б. Бұлқышев, Б. Момышұлы, М. Ғабдуллиндер ұрыс шебінде жүріп, патриоттық туындылар берді. М. Әуезовтің “Ерлік – елдік сыны”, “Отан ұран салғанда”, “Ер бауырларға ел сәлемі”, “Асыл елдің алып ұлы”, “Москва берілмейтін берік қамал” деген публицистикалық очерктерінде, Ғ. Мүсіреповтің “Ақиықтар”, “Ел жауабы”, “Шегінбейік бір адым да”, “Ту да, намыс та – біздің қолда”, “Совет одағының батыры”, “Батырдың анасы”, т.б. очерктерінде соғыстың талабына үндес, қаһарлы кезеңге тән айшықты суреттеулер, ұтымды теңеулер көп. Ізгі күрес, зор мақсатты нысана еткен бұл очерктер өрімделіп бір арнаға құйылып, шындық оқиғаларды көз алдыңа елестетеді.

М. Әуезовтің “Ерлік – елдің сыны” очеркінде ерте кездегі қазақ халқының ерлігі мен елдігін еске ала келе, қанішер Гитлерді Кеңес халқы жеңетініне, үлкен сенімі бар екенін күмәнсіз айтады.

Типтілік қашан да жеке дара образдар немесе әлеуметтік қоғам құрылыстарына тән құбылыстарды қорытындылау арқылы, я кейіпкерлердің тіл ерекшеліктері тағы басқа түрлі көріністерден аңғарылып отырады. Ғабиден Мұстафиннің “Алыптың кереметтері” [53,297] көркем очеркіндегі Жұмабек Нұртазаұлы сөзге кедей, іске бай, тілі шабан, көкірегі жүйрік екендігін жазушы бір көргенде-ақ таниды және әрбір іс-қимылынан, қысқа қайырған сөздерінен оның типтік характерін айқын танытады. Он екі жасынан кулактардың жалшысы болып, 1916 жылы майданға қара жұмысқа алынып, одан Батыс Сібірге заводқа кіріп, жер қазу жұмысында бәйге алады. Төрт-бес ай қара жұмысшы, темір құюшы болып жүріп-ақ, металлургияның жоғарғы техникасын тез үйренген Жұмабек тек өзінің ынтасы арқылы осындай жеңіске жетеді. Очеркте кейіпкердің характері ашық бояумен тартымды өрілген. Қазақ жігіттеріне тән сипаттар Жұмабектің характерінен әр уақытта байқалады. Оның ешқашан бейнеттен, үйренуден қашпайтынын жазушы шынайы, тартымды суреттеп берген. Жұмабек Нұртазаұлының жан-дүниесін, психологиялық толғаныстарын шебер берген очеркист сол қоғам құрылысындағы еңбек адамдарының типтік образын Жұмабек арқылы танытады. Өз кейіпкерінің сәтті-сәтсіз сағаттарын тебірене баяндаған автор үлкен істі меңгеру үстіндегі табандылық, еңбекқорлық қасиеттердің бетін ашып, еңбек адамдарының алдына қойып отырған қоғам талабы Жұмабек образы арқылы ұштастырылып, типтендірілген деуге болады.

Жоғарыдағы шығармаларда жазушылар өздері құптап, өздері ұсынған идеясын өз очерктерінің бойына жинақтаған. Сол арқылы өмірдің тенденциялық жақтарын, қоғамдық-әлеуметтік мәселелермен ұштастырып, көздеген мақсаттарын қадағалап, батыр-ерлердің небір ауыр, қысылтаяң шақтарда халықпен бірге екендіктерін ашып айтады.

А.М. Горькийдің типтік образ жасау жөніндегі пікіріне жүгінсек, былай дейді: “... өнер – бір нәрсені не жақтап қостайды, не оған қарсы күреседі. Немқұрайды қарайтын өнер жоқ және болмайды да, адам фотографиялық аппарат емес, ол өмір шындығын белгілеп жазып қоймайды, не оны жақтайды, не өзгертеді, не құртады” [52,444]. Очерктегі кез-келген образ жасауда жазушы әсірелеуге баруы мүмкін. Бірақ, ол әсірелеулер өмір шындығымен тікелей қабысып, жазушының ізгі ниетін білдіруі тиіс.

С. Мұқановтың “Көзі ашылған бұлақ” атты очеркінде Алматы облысы, Жамбыл ауданындағы, Дегрез совхозының директоры Михаил Кузмич Чурьков, партия ұйымының хатшысы Қасым Қатпин сияқты адамдардың тынымсыз күнделікті өмірін, тұрмыс-тіршілігін өз ортасы мен өз дәуірінің тынысын танытарлықтай етіп типтендірген. Әсіресе М. Чурьков жан-жақты суреттеліп, әр қырынан көрінетін тұлға. Совхоз адамдарын басқарудағы айла-тәсілдерін, қарапайым халықтың еңбегін бағалай білетін қасиетін, табандылығын әрі нанымды, өмір құбылыстарын терең таныта отырып бейнелеген деуге болады. Бұл очеркте М. Чурьков тағы басқа жеке-дара образдар арқылы сол кездегі өмір шындығының терең сыры, кезеңнің зор қайшылықтары да кеңінен ашылады.

Типтілік негізінен кез-келген шығарманың жанрлық ерекшеліктеріне, көтерген тақырыбына байланысты әрқилы сипат алады. Олай болса әр очеркші әртүрлі қоғамдық-саяси өзгерістерге орай туған, соғыс тақырыбына, тыңайған жерлерді игеруге арналған зор мақсатты көздесе, бірі еңбек адамдарының алдына қойған талабын, бірі Ұлы Отан соғысы кезіндегі ерлікті, яғни әлеумет өмірінде орын алған көріністі көркемдік шындыққа айналдырған.

Очерктегі типтік характерлерді суреттеу тәсілінен, кейіпкер сөздерінен де анық байқалуы тиіс. Автор баяндауы, кейіпкерлер әрекетіне, оқиға жағдайына үйлеспей жатса, шындық бұрмаланған болып шығады. Қоғамның тарихы даму процесінде әлеуметтік көзқарас, эстетикалық идеал өзгеріп, адам характерлері де жаңа қасиеттерге ие болып отырады. Өткен мен бүгінгінің күресі қоғамдық идеалдың өзгеруіне сай жаңа характерді туғызады. Бірақ очерктегі типтік характерлердің типтік жағдайда көрінуіне шығармадағы оқиға мерзімі шарт емес. Ол кеше, бүгін жазыла беруі мүмкін. Бірақ жазылу мерзіміне қарамай-ақ реалистік очерктен дәуір шындығының сипатын көру қиын емес. Мысалы “Батыр большевик” ертеректе жазылса да, өткен өмірді терең зерттеп, батыр жанымен сырласа алған авторлар Амангелді характерін жан-жақты аша алған, толық тұлғасын жасап шыққан. А. Иманов өмір сүрген орта, қазақ халқының сол кезеңдегі өмір тіршілігі, қаһармандар қақтығысы, ескі мен жаңаның тартысы Таубай бай, Киікбай мырза, Ғазизов, Еверсман, Абдығапар, т.б. образдары арқылы ашылады.

Өмірдің өзі тудырмаған образ типтік бола алмайды, яғни типтілік өмір қозғалысына ұйытқы боларлық белгілерді ашып, жинақтап қорытындыласа ғана типтік характер жасалады екен.

Көркем очеркте де өмірді қаншалықты терең таныса, тәрбиелік маңызы да арта түседі. Оқырман кез-келген шығарманы қарағанда өзі ұнатқан кейіпкерінің іс-әрекетін, мінез-құлқын жақтап отырады да, сәтсіздікке ұшыраған шақтарына өкініш білдіреді. Сондықтан да типтендірілген образдар оқушының эстетикалық талғамын зорайтып, өмірдің өршіл жағына меңзейді.

Әлеуметтік-қоғамдық мәселелерді сөз ететін М.Әуезовтің “Түркістан” солай туған” очеркі, замана шындығын танытуда тарихи адамдар образын жасаса, Б.Майлин мен Ғ.Мүсірепов “Батыр большевик” көркем очеркінде қазақ халқының ерлігі мен елдігін сөз етеді, М.Әуезовтің “Ерлік – елдің сыны” көркем очерктерінде Ұлы Отан соғысының сипатын толық береді, соғыс өмірінің көріністерін шебер типтендірген. Бұл шығармалардың Отан мүддесін үнемі жоғары қоюға байланысты желі тартып отыруы да, халықтың әлеуметтік жағдайына байланысты мәселелер де жан - жақты қамтылады.

Қорытындылай келсек, очерктегі типтендіру дегеніміз - суреткер өмірдің қай саласын қамтыса да, көтерген тақырыбының көркемдігіне мән бере отырып, шындықты танытуда адам образдарын өзіндік даралығымен екшеп шығуы керек.





1   2   3   4   5   6   7


©netref.ru 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет