МЕҢдігүл шындалиева қазақ очеркінің поэтикасы (монография)



жүктеу 2.09 Mb.
бет7/7
Дата02.04.2016
өлшемі2.09 Mb.
1   2   3   4   5   6   7
: bitstream -> handle -> data -> 10981
data -> Меңдігүл Бұрханқызы Шындалиева
data -> Бейсенбай Кенжебаев алаш туы астында (мақалалар мен зерттеулер)
data -> Шындалиева М. Б. ф.ғ. к., доцент
data -> Алаш зиялылары және «Қазақ» газеті
data -> А Б. Кенжебаевтың өмірі мен шығармашылығы
data -> М. Б. Шындалиева Филология ғылымдарының докторы, профессор
data -> Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия
data -> Шындалиева Меңдігүл Бұрханқызы

2.6. ҚАЗАҚ ОЧЕРКІНДЕГІ ТАҚЫРЫПТЫҚ

ІЗДЕНІСТЕР КЕЗЕҢІ
Қалыптасқан әрбір жанрдың өзіндік қасиет, сипаттары болатыны белгілі. Осы жанрлық өзгешеліктер көркем очеркте де бар. Ол қашан да нақтылы құжаттарға, статистикалық мәліметтерге, фактілерге сүйеніп отырады. Көркем очеркте өмір шындығы басқа жанрлардағыдай "ойдан шығарылмай" сол қалпында берілетіндігімен ерекшеленеді. Ақын, жазушы көркем шығармаларында өмір құбылысын, адам образын өмірде көрген қалпында бұлжытпай, ешнәрсе қоспай суреттей алмайды. Ойланып, толғанып шығармашылық фантазиясынан өткізіп, өмір шындығын бір идеяға бағындырып барып жазады. Ал көркем очеркте өмір шындығын мүмкіндігінше сол қалпында беріп, автор фактіден ой түйіп екшеп шығаруға тырысады.

Соғыстан кейінгі жылдардағы көркем очерк табиғи шапшаңдығымен, оралымдылығымен өмірге тікелей араласатын белсенділігімен көрінді. Сұрапыл соғыс дауылынан шығып, бейбіт өмірдегі жаңа қарым-қатынастар үздіксіз суретке түсіп, жоғары дәрежеге көтерілді.

Соғыстан нығайып, есейіп шыққан ақын-жазышылар көркем очерктің негізгі нысанасы етіп өмір, өмірді алға апарушы адамдар туралы жазды. Ол кездегі көркем очерктердің негізгі тақырыбы еңбек адамдарының қалыптасу процесі, өздерін өмірдің, дүниенің иесі деп таныған идеясы әр саладағы адамдардың образын бейнеледі. Баспасөз беттерінде өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, сол кездегі идеологиялық жұмысқа мәдениет мәселелері, ғылым, бесжылдық жоспарларын орындалу жолындағы істері төл тақырыпқа айналды. Бұл кезеңде көркем очерк едәуір адым жасап, дәстүр тұтуға тұрарлық көркемдік табыстарға қол жеткізді.

Республикалық, облыстық басылымдарда бейбіт өмірдің ардагерлері туралы портрет очерктері жиі көріне бастады. Мысалы, 1946-1950 жылдар аралығында "Әдебиет және искусство" журналында елуге жуық көркем очерктер басылып шыққан.

Соғыстан кейінгі кезеңде өздерінің ерен еңбегімен еленген Ыбырай Жақаев, Мұхтар Кітапбаев, Нәйла Базанова, Бәшіп Нұрмағамбетов, Түсіп Күзембаев, Қартабай Атшабаров тағы басқалар туралы очерктер көптеп жазылып, бейбіт өмір, еңбек әуені мадақталды.

Жұмағали Саинның "Бірінші рангалы кен директоры" очеркінің кейіпкері Түсіп Күзембаев Қарағандының әйгілі шахтеры, Социалистік Еңбек Ері атағына ие болған танымал азамат. Екі заманның куәсі болған қаһарманды жазушы өмір тарихының кезеңдерін салыстырулар арқылы бере отырып, кешегі мен бүгінгінің айырмашылығын ажыратып берген тұстары ұтымды шыққан.

Қапан Сатыбалдиннің "Кетпенді адам" очеркі де тәуір, қатардағы күрішшіден колхоз председателіне дейін өскен Қашақбай Пірімовтің еңбек, өсу жолдарын сатылап, сабақтастыра баяндаған. Жазушы Қашақбай бейнесін: "Қашақбай топ жарып сөйлеп үйренген шешендердей көсіліп, құлшынып сөйледі. Бұлардың бәрі де күнде көріп жүрген адамдар. Бәрін де таниды. Әркімнің қылығы да, құлқы да оның алақанында. Қашақбай қара томпақ тілімен мақалдай сөйлеп, әркімнің өз қылығын бетіне былш-былш ұрғанда талай бастар төмен тұқырады, талай көздер жерге қарады" [130,109], - деп сомдайды. Осы тұстан Қашақбайдың жан-жақты ұйымдастыру өнерімен танылып, соғыс уақытында тылдағы ауыр еңбек дәмін татқан, талай сәтсіздік, қиыншылықтарды бастан өткізген адам келе-келе барлық жағынан өскен кейіпкер бейнесімен әдемі түйін тапқан.

Соғыстан кейінгі кезеңдегі көркем очерктердің идеясы совет адамдарының ержеткен, өзін-өзі өмір, дүниенің иесі деп таныған қаһармандар қарапайым адамдар өздерінің совхоз, колхоз өндіріс орындарына жауапкер, жанашыр ретінде көрсетілді. Қазыбек Сүлейменовтің "Сайрам даласында" атты очерк қаһарманы қарт Шермет әңгімесін, кеңесін "Біз", "Өзімізден" деп сөйлейді. Қарт кешегі мен бүгінгісін, бары мен жоғын салыстыра келе айналасындағы өмірмен тығыз араласып отырады. Шермет қарт жаңа салынып жатқан ауыл үйлеріне өз үлесін қосып, салысып, басы-қасында жүріп, бүкіл ауданның жай-жапсарын біліп, барлық жағдай жақсы болса деген үлкен тілек үстінде көрінеді. Бұл очерктен Сайрам даласындағы әрбір адам өз үйінің маңайынан, өмір ағымынан тыс қалмайды, жаңа өмірді жасауға, үздіксіз өсіп отыруға, ілгері басып келе жатқан ауыл адамдары жан-жақты көрсетіледі. Осы жаңа адамдардың бейнесі соғыстан кейінгі очерктердің көбінен көрініп, дәуір очерктері туған.

Ғали Ормановтың "Бір колхоз өмірінің дастаны" атты очеркінде Ақмола облысындағы "Қызылту" колхозы председателі Әкімжан Назаровтың нақты образы жасалған. Жазушы колхоз председателін аудан орталығында көріп әңгімеге тартады. Назаров автор берген сұрақтарға тек бірге істейтін ауылдастарымен жауап беретінін айтады. Қырман басында, колхоз қонысында, егіншілер арасында, мал ішінде басшымен жазушы еріп жүріп сол колхоздың өміріне қанығады. Колхоз председателі Әкімжан Назаров характерінің өзін-өзі ашуына жағдай жасаған автор бас кейіпкердің өмірге көзқарасы, түсінігін сәтті ашқан. Әңгімеші рөлінде автор болса, баяндаушы – оқиғаларға араласушы қаһарман өз істеріндегі жетістік-кемшіліктерін осы Әкімжан атынан баяндайды.

Ғабиден Мұстафиннің "Жезқазған" очеркі 1946 жылы жазылған, бірнеше бөлімнен тұрады. Жазушы очерктің бірінші бөлімінде ерте кездердегі Жезқазғанға ағылшын Нобель келіп, ақ шатырын құрып, әр жерден бірнеше шахта ашқанын Көшекбай қартты сөйлету арқылы баяндайды. Қылшылдаған жиырма бесінде Көшекбайдың ағылшын алпауыты Нобельдің қарауында өксіген өмір кешкенін, сол өмірдің бір күнін суреттеу арқылы жазады. Қаһарман өмірінің реалдық болмысын былай суреттейді: “- Бауырларым-ау – деп Көшекбай екеуін сүйемелдеп тұрғызды да, қапсыра құшты. Жел өтінде өз үстіндегі қырық жамау шоқпыт шапан әзір құрғақ болса да, панасы аз, бөстегі тоқтышақтың терісі ғана кеудені өкпек желден қорғап тұр. Өзге дене мұздап барады. Сұрапыл өкіре түседі. Көшекбайдың іші жылап сала берді бір кезде” [131,368], - деп күнкөріс үшін жанталасқан, аласұрған қазақ жұмысшыларының өлмегеннің күнін көргені барынша әділ сипат тапқан.

Очерктің келесі бөлімдері соғыстан кейінгі Жезқазған өңіріндегі шахталардың жайы туралы. Жазушы өзі шахтаға түсіп, Өмірхан сияқты инженерлер, Зейнолла, Балмұқан сияқты кеншілермен танысып, еңбектегі табыстары жайында сыр шертеді. Жезқазған кенінің сол кездегі тынысы, инженер Әнуар мен Өмірхан өмірін жазушы олардың алға ұмтылысы, мыс өндірудің жаңа әдістерін меңгеруге талпыныстарын, өмір, мәдениеттен де хабардар ғана емес, жақсы таныс екендігі туралы былай дейді: “Өмірхан бүгінше шахтаны басқарады. Үйіндегісінен шахтада болуы көп. Аз сөйлеп, көп тыңдайтын, жұмысшылармен көп сырласатын инженер. Әнуардан мұның өзгешелігі – қазақ көркем әдебиетімен жақсы таныс” [131, 373], - деп кейбір романдардан монологтарды да жатқа соғатынын айтады. Очерктің соңғы тарауын қазақтың көрнекті ғалымы, геолог Қаныш Сәтбаевтың есімімен байланыстырған жазушы Жезқазғанның өткен-кеткен тарихын, жарқын болашағын да осы ғұлама ғалыммен бірге шартарапқа кеткен даңқын, түсті металлургиясын, ұлт кадрларының сол кездегі жетістіктерін терең дәріптейді.

1945-1950 жылдардағы очерктік шығармалар туралы ф.ғ.д., профессор Ш. Сәтбаева былай дейді: "Республиканың өндірістік өмірін көрсетуге арналған әңгіме, очерктер сан жағынан монологымен бірге, идеялық, көркемдік жағынан да жетіле түседі. Ғ. Мұстафиннің "Жезқазған" жайындағы очерктері, С. Омаровтың "Балқашы", И. Шуховтың соғыс жылдарында құрылған болатшылар қаласы - Теміртау туралы очерктері, Ғ. Мүсіреповтің "Тарландары" және басқа да сол сияқты көптеген әңгіме, очерктердің тууы – партияның совет әдебиеті алдына қойған зор міндеттерін, әсіресе, бүгінгі күннің тақырыбын көтеру міндеттерін қазақ прозаиктері терең түсінгенін және бұған өздерінің творчестволық еңбектерімен жауап беруге тырысқанын көрсетеді" [132,106], - дейді. Расында да жоғарыдағы очерктер құжаттық нақтылығымен, публицистикалық сипаттарымен ерекшеленеді, сол кездегі кеңес адамдарының соғыстан кейінгі ерлігінің елесі, сол ерлікті насихаттаудағы мәнін қарапайым жұртшылыққа түсіндіруде үлкен рөл атқарады.

Соғыстан кейінгі очерктерде суреттелетін оқиға, фактілер, адамдар образдары, олардың сипаттары отызыншы жылдардағы очерктерден мүлдем басқаша. Отызыншы жылдардағы шығармаларда қазақ тұрмысына енген өзгерістер, жаңалықтар, жаңа пайда болған социалистік қарым-қатынастар өткен өмірмен салыстырылып беріледі. Ал соғыстан кейінгі жылдардағы публицистикада сол күнгі шындықты суреттеу, адамдардың рухани және материалдық байлықтарын суреттеу жағы басым.

Жұмысшы табының қараңғы жоқшылықтан өндірістің алдыңғы қатарындағы еңбеккерге айналуы отызыншы жылдардағы кейіпкерлерге жатса, 1945-1950 жылдардағы очерктерде тек қарапайым жұмысшының материалдық тұрмыс-жағдайы ғана емес, рухани жан дүниесі де ашылады. Очерк жанрының көркемдік жағынан бір адым ілгері дамығанын осыдан көруге болады.

Соғыстан кейінгі бесжылдықтың алғашқы жылдарында қазақ очеркшілері соғыс кезінде, соғыс уақытында да ерен еңбек көрсеткен теміржолшылардың өмірі мен істері осы шағын жанр шығармалары арқылы суреттелді. Негізінен, Ы. Тныкиннің "Темір жол түлектері", "Жол күзетіндегілер", "Уақыттан озғандар", С. Бегалиннің "Диспетчерлер" очерктері жоғарыдағы мақсатпен жазылған.

Ы. Тныкиннің "Темір жол түлектері" очеркі темір жолда істейтін таңдаулы адамдарға арналып, олардың еңбектірінің ерекшеліктерін жан-жақты ашқан. Орденді теміржолшы Ғаббас Смағұловтың басқаруымен үш күн бойы боранға қарамастан поезд жол қозғалысын қамтамасыз еткен теміржолшылар ерлігі мен істеріне тәуір-ақ түсінік береді.

1950-інші жылдардың басында дүниеге келген С. Шәймерденовтің "Қуаныш", Қ. Жармағамбетовтың "Бетпақдала дәптерінен", Ғ. Ормановтың "Жол" атты очерктік туындылады сол кезеңдегі ауыл шаруашылығы адамдарының қажырлы еңбегі мен тұрмысы жайлы.

Сафуан Шаймерденовтің "Қуаныш" очеркі Алматы облысы, Ұзынағаш селосында ашылған ауыл шаруашылығы турасында. Очерктің көркемдік бояуы оның идеясының тереңдігіне сай болып шыққан. Ондағы бөлек-бөлек эпизодтар мен кейіпкерлердің іс-әркеттері өзара қабыса байланысқан. Ұзынағаш селосындағы еңбек адамдарының жасампаздығы еңбегі, егіншілік шаруашылығындағы қиыншылықтары шынайы суреттелген. Очерктегі Сәкен Тәнекеев, Николай Чукуров, Бейсекбаев тағы басқа образдар ауыл шаруашылығында кездескен зор қиыншылықтармен күресте өсіп, шынығады. "Осы бір тым сүйкімді, бала кескінінде аздап безеу дағы, бұйра шашы, тез сөйлегіш, ашаң да жас жігітпен біз Алматыда кездескен едік. Таныса келе бірімізді-біріміз білетін де болып шыққанбыз. Ол 1952 жылы – Қазақ университетін көңілдегі жерден бітірген жылы осы Жамбыл аудандық партия комитетінің екінші хатшысы болып сайланған екен. Ол бізді ақжарқын да кішіпейілділігімен, қоғамшыл, істің жетістік, кемшілігін тез аңғарып, дұрыс баға бере алатындығымен, жас болса да ысылып іскерленіп қалғандығымен өзіне тартқан еді" [133, 12], - деп өмірге жаңа араласқан жас басшыға тән ынталық, байқағандарының бәріне тереңдеп үңілуге тырысатын мінезін суреттеген очеркші қайнаған ортада алуан түрлі адамдармен араласуда шынығып, ширыға түсіп, өмірді терең тануға талпынысы дұрыс қорытындылаған.

С. Шәймерденов Тәнекеев бейнесінде соғыстан кейінгі кезеңдегі партия қызметкерлеріне тән сипаттарды типтендіруге тырысқан. Партия ісіне адалдық, отанға сүйіспеншілік, берілген қызметке жауапкершілік, моральдық тазалық - Сәкеннің бейнесінде көрініс тапқан және еңбектес жолдастары, жұмысшылардың да бойынан осы сипаттар көрінеді. Сәкен образын жазушы жеткілікті дәрежеде даралай алған, демек оны реалистік образ қатарына жатқызуға болады. Бұл шағын шығармадағы кейіпкерлер еңбек сүйгіштігімен, жайдары мінезімен, парасаттылығымен, үлгілі тұрмысымен тәуір дараланған.

Соғыстан кейінгі жылдары тек очерктерден құрастырылған жинақтар, кітаптар шығарылу жолға қойылды. 1950 жылдардың басында С. Мұқановтың "Саяхаттар", Ғ. Слановтың "Бесжылдық өрендері", Ә. Нұршайықовтың "Алыстағы ауданда", М. Иманжановтың "Азамат мақтанышы", кітаптарын атауға болады. Сибит Мұқановтың "Саяхат" кітабының атынан көрініп тұрғандай жазушы Қазақстанның көп жерлерін аралап, дала, кәсіпорын, колхоз, совхоздардың соғыстан кейінгі тыныс-тіршілігін, жинақтық мазмұнда мағлұмат бере отырып, еңбек адамдарының қол жеткізген табыстарын ортаға салған. Жазушының "Каспийге саяхат", "Арқаға саяхат", "Алатау төңірегінде", "Украинаға саяхат" жол-сапар очерктердің желісі сол жерлердегі көрген-білгендері, шаруашылық, мәдени жетістіктерді тілге тиек етеді.

Ұлы Отан соғысынан кейінгі кезеңдегі шығармалардың қаһармандары соғыстағы еңбек майданында шыныққан адамдар туралы болып келді. Бұл кезең шығармаларындағы негізгі мотив - коммунизм орнату жайындағы бейбіт еңбек шынайы суреттелген. Бұл мотивтің суреттелуі әр очеркте әр түрлі, әрине, мұның негізі материалдық нақтылығы, очерктің оны зерттеу дәрежесі, жазушының көркемдік тәсілдерді пайдалану ерекшеліктеріне де байланысты. Соғыстан кейінгі жылдарда жазылған очерктердің басым көпшілігінде авторлар жұмысшы табының, өндірістің жекелеген озаттарының даңқты істерін көрсету арқылы бейнелейді. Мысалы, Ғ. Слановтың "Бесжылдық өрендері", Қ. Сыздықовтың "Құрметті шахтер", С. Омаровтың "Өмір еркесі", Ж. Саинның "Бірінші рангалы кен директоры" очерктерінде озық жұмысшылар портреттері жасалып беріп, олардың еңбек ету әдістері кеңінен суреттеледі.

С. Омаровтың "Өмір еркесі" очеркі Ақмола ауыл шаруашылық машиналар жасайтын заводының озат жұмысшысы Төлеутай Салменов. Мұнда кейіпкерлердің еңбекке деген саналы көзқарасы, мінезіндегі кішіпейілділігі жан-жақты ашылады. Төлетай өзінің отансүйгіштігі, ерен еңбегімен ғана емес, сонымен бірге рухани жан байлығымен, сол кезең жастарына үлгі боларлық қасиеттерімен өнеге етіледі.

Ж. Саинның "Бірінші рангалы кен директоры" очеркінің кейіпкері, республикаға танымал шахтер – Түсіп Күзембаев. Очерк негізінен автор мен кейіпкер арасында өрбіген әңгімеге құрылған. Түсіптің балалық шағындағы байлар мен ағылшын қожайындарының, жалдауында өткен өмірі, кеңес заманындағы түбірлі өзгерістермен жарыстырыла суреттеліп, өткен мен бүгін салыстырылады, атақты шахтердің өмірі мен ісі қызғылықты. Кен өндірісінің арғы-бергі тарихына тоқталған жазушы фактілерді, болған оқиға іздерін де қаперге алып, оқиғалар, құбылыстарды да шынайы қабыстырған.

Ауыл шаруашылығы мен өндіріс, құрылыс очерктерінің соғыстан кейінгі жайы осындай. Жалпы очерк жазуды жол үстінде қарбалас жұмыс арасында бір қалт еткенде сүйкей салатын, жазушылық өнерге қатысы жоқ елеусіз іс деп қарауға болмайды. Очеркте көзге көрінгеннің бәрін тізе бермейді, керісінше, бәріне тип боларлық көрініс пен образы, құбылыстары, адам басына жинақтап, жетілдіріп көрсету міндетті.

Ғабдол Слановтың өндіріс тақырыбына арналған очерктерінің бірі "Атырау адамдары" деп аталады. Мұнда Гурьевтің бұрынғы жай-жапсарларына қоса, Доссор, Мазот, Ескене сияқты мұнайлы аймақтардың сол кезеңдегі өмірі, өзгерген бейнесі суреттеледі. Слесарь Жәңгір, мастер Әбіш Жығанақов, бұрғышы Есболат Жарасов - образдарын еңбекте көрсеткен. Бірақ олардың жан дүниесі терең ашылмай, жаман хабар берумен шектелген автор тек ақпарат берумен тынған. Бастан-аяқ образдар іс-әрекеттерін сыдыртып өте шыққандықтан еңбек адамдарының не өмірі, не ісі кеңінен сөз болмағандықтан өмір шындығы терең бейнеленбей, үстірт шыққан.

1950 жылдарда жазылған Иван Шуховтың "Солтүстік шұғыласы" очеркі Баянауылға келген орыс тілінің мұғалімі Я.Яркова "Баян" орта мектебінде еңбек жолының басталуы, Баянауылдың әсем табиғаты, ауыл адамдарының іс-қимылы, табыстары өрнектеледі. Бұл очерк кейіпкерлері А. Яркова, тарих пәні оқытушысы Жұмақан Әбдірахманов, Мағрипа Күзембаева, Дәметкен Тәжиналар авторлық мінездемелерден, қаһармандардың жан тебіренісін суреттегенде белгілі бір психологиялық процесс үстінде көрсеткен тұстары ұтымды. "Баян" орта мектебі мұғалімдерінің өткені мен бүгіні тұтастай алынып, көпшілікті сүйсіндірген мұғалім жастардың белсенділігі, жігері былай көрсетіледі: "Тарих пәнінің мұғалімі Жұмақан Әбдірахманов осыдан бірнеше жыл бұрын далада көбелек қуып, жалаңаяқ жер кезіп жүрген тентек бала еді. Енді, міне, сұңғақ бойлы, салмақты Жұмақан өз ауылының орта мектебінде бір кездегі өзі тәрізді жастарға тәлім-тәрбие береді" [134,49], - дейді. Баянауылдағы интеллигенция өмірін, қызықты бастамаларды алға тартқан Иван Шухов қарапайым халықты, ой-санасындағы жасампаздықты тәуір бейнелеген.

"Август айының бұлтсыз аспанында алтын күн жайылып жүзіп барады. Күн нұрлана бөленген кез көшені армансыз аралап, әсем үйлерін көріп, жолаушы қыз бір мезетте бір алаңқайдағы көгорайға келіп отыра кетті" [134,47], немесе "Сызылдаған сары аяздағы айлы түндерде қала дала шаңытып, үстіне ақ меруерт шашып қойғандай, діріл қағып, жылт-жылт етіп жатады" [134,49], - бұл сөз тіркестерінен очеркшінің ой айту, суреттеу тәсіліндегі стильдік ерекшелігіне тән белгілерді көреміз және табиғатқа тіл бітіруге, жан кіргізетін, заттандыру қасиетін де аңғарамыз.

Ы. Тныкиннің "Уақыттан озғандар" очеркі үш бөлімнен тұрады. Әр бөлімнің тақырыбы ашылған және Жетісу өлкесінің өткен күні Балғаев Жұмағұл қарияның астарлы ой түйіндері арқылы берілген. Екі заманның куәгері Жұмағұл қария әңгімесі поезд ішінде өрбіп, темір жолда өмір бойы еңбек еткен қарияның көрген қиыншылықтарының жемісін бүгін көріп отырғаны жинақталып жеткізілген. "Ерлік істің елесі" бөлімінде де даңқты темір жол машинисі Мұхтар Қаптағаевтың еңбектегі тәсілдері, белестері, асулары ашылған. Бұл очерктегі теміржолшылардың бір-бірімен әңгімесі, диалогтары авторлық ремаркасыз-ақ сәтті шыққан. Диалогтарға артар жүктің ойдағыдай болып шығуы очеркистің жазушылық қасиеттерінде жатқаны да белгілі.

1954 жылы жазылған Әзілхан Нұршайықовтың "Алыстағы ауданда" очеркі тың совхозының құрылу процесін шебер бейнелейді. Қарапайым еңбек адамдарының мал бағудағы проблемалары, малшылар тұрмысы, мал азығы, мал қора, малшыларды киіммен қамтамасыз етудегі кемшіліктер беті батыл ашылған. Бұл очеркте фактілер арқылы автор айтпақ идеясын ұсынады. Аупартком секретары Асанов образы жан-жақты шыққан. Өмір оқиғаларын ретімен алған жазушы очерк композициясын сара құрған және жақсы мен жаман, ескі мен жаңа парқын тез танитынын очерктің өн бойынан байқаймыз.

1945-1950 жылдардағы көркем очерктердегі индустрияландыру және жұмысшы тақырыбына арналған және сол кездегі ең күрделі тақырыптардың бәрі табысты түрде жазылғанына көзіміз жетті. Аз уақыттың ішінде Қазақстандағы өнеркәсіптің дамуының көріністері, орын алуы заңды еді. Сол кезеңде очерк жанры өмір шындығын терең, мол қамтыды және оның тууы мынадай екі жағдайға байланысты болды. Біріншіден, қазақ жерінде болған үлкен өзгерістерге байланысты, екіншіден, ірі өндіріс орындарының көптеп салынуы. Алайда, бір айта кететін жай, 1945-1950 жылдары очерк әдебиеттің басқа салаларынан гөрі жедел өсіп, дамыды, яғни идеялық-көркемдік сапасы да сол күннің өскелең талабына жауап берерліктей дәрежеде болды деуге болады.

Көргенді суреттей салу, шындық көріністерді бейнелеу – бұл әлі шын мағынасындағы көркем очерк емес, тек очерктің белгілері ғана. Өз дәуірінің қат-қабат шындығына адамның жан сырына терең үңілумен қатар өмір туралы ойларымен толықса ғана шын көркем очерк дәрежесіне жетеді. Шындықты іріктеп алу, оның ішіндегі жаңа құбылыстарды таңдау және насихаттау, ұнамды қасиеттерді дұрыс көрсете білу де очерктің негізгі міндеті. Өз кезінде тың көтеру қазақ әдебиетіндегі белсенді тақырыптарға айналғаны белгілі, себебі, Қазақстан еңбеккерлері, басқа көрші елдерден келген тың игерушілер ондаған миллион тың жерлерді игеріп еңбек етті. Осы тың және тыңайған жерлерді игергеннен кейін Қазақстан ірі астықтың өлкесіне айналды және осы туралы ақын-жазушыларымыз көптеген очерктер жазып, «Правда», «Известия», «Социалистік Қазақстан», «Лениншіл жас» т.б. басылымдарда жиі-жиі жариялады.

Тың игеру басталған кездің өзінде қазақ қалам қайтаркерлері тың жерлерге өздері барып, қызу еңбек ортасын аралап, патриоттық іс-қимылдарды өз көзімен көріп, тұңғыш куәгерлері ретінде талай очерктерді өмірге әкелді. Тың туралы очерктердің айта кететін бір ерекшелігі – жұмысшы табы өкілдерінің молырақ суреттеле бастауы, соның ішінде колхозшылар мен жұмысшылар арасында жүрген шофер, механизаторлардың толыққанды образдары жасалып, өз кезеңінің өскелең өмір талабына сай туған жаңа образдар өмірге келді. Тағы бір ескеретін жай – тың тақырыбына жазылған, бірақ оқушы қауым қабыл алмаған және сол себептен есте қалмайтын көп очерктерді де атап өтуге болар еді. Мұндай шығармалардың тақырыбы туралы, авторының ниет-мақсаты туралы жамандап ештеңе айтуға болмайды, алайда бұл очерктерде образ ашылмай, қаһармандардың жан дүниесі, психологиясы көрсетілмегендіктен сүреңсіз, сұрғылт очерктер болып шыққан, яғни өмір шындығы жалаң-жайдақ берілгендіктен көркемдік шешімін таппаған.

1954 жылдардағы әдебиеттегі тың тақырыбы сол кезіңнің романтикаға айналған көремет оқиғасы еді. Тың игерудің алғашқы кезеңіндегі очерктердің көпшілігі алғашқы үйрену, байқап көру дәрежесінен аспаған. Қазақ жазушыларының ішінде тың тақырыбына тұңғыш очерк арнағандардың бірі - Әбу Сәрсенбаев. «Болашақ қаланың оттары» 1954 жылы жазылған, үш бөлімнен тұратын көлемді көркем очеркі. Мұнда Украинадан Қазақстанның солтүстік облыстарында көтерілмей жатқан құнарлы тыңды игеру үшін келген Аким Феодоровичтің өмір белестері, жаңа совхоз ұйымдастырудағы игілікті әрекеттері шыншыл, сенімді суреттеледі. Очеркші өз шығармасын былай бастайды: «Аким Федорович Украина даласына ұқсаған кең жазыққа көз тастап, жүрісін баяулата түсті. Айыртау мен Кеудетау арасындағы бұл кеңістік «Шүйгін көл», «Самал көл», «Жайлы көл» - деп аталады. Құйқасы қалың бұл өлке 1945 жылға дейін иесіз жатқан, жапан түз болатын. 1945 жылы ғана осы алқапта ұйымдастырылған жаңа совхоз «Шүйгін көл» жазығын мекендеді де «Шүгін көл мал совхозы», - деп аталды. Анау бір шалғайдан жылтылдаған сәулелер сол совхоздың орталығы. Онда 15 мыңнан аса мал, 70 мың гектар жер бар. Егіс көлемі 8600 гектар. Биыл 5 мың гектар тың көтерді» [135,19]. Автор совхоз директорының қайтсем осы жаңа совхозды қаз тұрғызам, көркейтсем деген ойларын сәтті берген. Тәжірбиелі директор адамдарға жақсы жағдай жасауды, орналастыруды ойлай жүріп, өз қарамағындағы адамдардың мінез-құлқын зерттеу, тіл табысудың сара жолдарын ойлауы орынды берілген.

Бұл очеркте шофер, механизаторлардың толыққанды образдары жасалған, колхоз, совхоздардағы техника аз кезде бұл адамдардың образы жасалуы, еңбек иесі, семья басы, қыруар шаруа тындырып жүретін қарапайым еңбек адамдары ретінде көрінуі заңды құбылыс. Осы шоферлер мен механизаторлардың дәріптеліп көріне бастауы тың өлкесін игерумен тікелей байланысты болды. Очеркші жердің өздігінен жыртылмайтынын, астықтың себілмейтінін, оның орылып, өздігінен қырманға келмейтінін, механизаторсыз бірде-бір іс тынбайтынын сәтті түйіндеген. Кировградтық Микола Попенко көзі ұйқыға кеткенше тракторының маңынан көрінеді, Попенкодан машина тетігін үйренумен шұғылданып жүрген Любовь, «С-80»-нің руліндегі тығыршықтай қара жігіт Жақсылық Сәрсенов, ұста, карабль машинисі, шофер де, тракторист те Дорохов образдары арқылы очеркші механизаторлар еңбегін дәріптейді. Осы тың игеруге келген жастарға тәлім-тәрбие беріп, олардан қолдан келген жақсылығын аямаған Аким Феодорович бейнесі де толымды шыққан. Әбу Сәрсенбаевтың «Болашақ қаланың оттары» очеркіндегі кейіпкерлер шетінен адамгершілігі үстем, ақыл иесі мол, өнерпаз, әңгімешіл жастар ретінде тартымды суреттеледі.

Сәбит Мұқановтың «Туған жердің тыңында» очеркі тың және тыңайған жерлерді игеру туралы. Өз уақытында жазушы қандай да болсын саяси, шаруашылық науқандарға, маңызды шаралар мен оқиғаларға белсене араласып отырған. Тың игеру жолындағы қарапайым адамдардың еңбегін бейнелеген автор фактілерді жинақтап, екшеп, шығармашылық електен өткізіп, өз мақсатына жетіп, типтік фактілер мен типтік құбылыстарды әлеуметтік маңызына қарай іріктеп, қорытындылар мен тұжырымдарын әрі нанымды, әрі дәлелді бере білген. «1954 жылы Қазақстанның тың өлкелерінде жаңадан 250 совхоз ұйымдасты. Биыл оның саны 350-ге жетті. Жаңа совхоздар ғажап көп жұмыс атқарды. Олар Қазақстанда өткен жылы 3 миллион гектар, биыл 5 миллион гектар тың көтерді. 1957 жылы Қазақстан 27 миллион гектар егін сеппек, соның 60 процентін совхоздар орындамақ. Бұл аса зор және сипаттауды тілейтін іс» [136,128]. Жазушы солтүстік өңірдегі тыңда ұйымдасқан совхоздардағы еңбекші бұхара, интеллигенция адамдарының аты-жөнін, лауазымын емес, қайта олардың ішкі дүниесін ашатын қызықты әңгімелер де тапқан. Очеркші шығарма басында өзінің туған ата-тегін, ес біліп, ер жеткеннен бергі өмірбаянынан естеліктерден бастап, өткен дәуір мен бүгінгі күн оқиғаларын көз алдымызға елестетуге мүмкіндік береді. Әсіресе, бұл көркем очеркте табиғат суреттерін үнемдеп, дәлдеп беруге тырысқан. Жазушы пейзажды шығарма идеясын, характерлерді ашуға сәтті пайдаланған: «Кешікпей той да басталды. Маужыраған тымық түн. Әне, аспанның батыс жақ еңісінде ораққа ұқсаған жіңішке ай қырынан жарқырай тігіліп тұр. Бұлты сирек аспанда тұнып тұрған қалың жұлдыздардың бәрі де жымың қағып, өмірлерін мәңгі біріктіретін жастарға құттықтау айтып тұрған сияқты...» [136,93],- деп очеркші өз кейіпкерлерінің тойын жақсы ырымға балап, кейін де бақытты өмір сүретініне жорамал жасайды. Бұл көркем очерктен ерекше байқалатын сарын ауыл еңбеккерлеріне ерекше құрмет, адалдықты, рухани асқақтықты, жан тазалығын мадақтау сарыны басым. Жоғарыдағы пейзаждары шағын болғанымен кейіпкерлердің ішкі сезім толқындарын бейнелеуде, сыртқы әлем бедерін бейнелеуде де тәсіл-компоненттерге айналып отырған. С.Мұқанов кейін тың туралы жазған очерктерін жинақтап «Тыңда туған байлық» деген жинақ етіп шығарды.

1955 жылы әуелі «Социалистік Қазақстан» газетінде, кейін «Әдебиет және искусство» журналында жарияланған М.Әуезовтің «Түркістан солай туған» очеркі кейіннен жеке жинақ болып шықты. Тың совхозының тууын бейнелеген бұл шығарманың кейіпкерлерінің дара характерлері жасалған, лирикалық шегіністер, портреттер, диалог, психологиялық детальдар шебер пайдаланылған. Очерк бір-бірімен сабақтас алты тақырыпшадан тұрады да бір оқиға екінші тарауда өрбітіліп, сатылай өрістеп отырады. Очерк кейіпкерлері Строгов, Сандыбаев, Вася Матайбаев, Нина Петровна Матайбаева, Новиков, Ткаченко, Кокарев, Попов – тың совхозының ұйтқысы ғана емес, ауыл шаруашылығының ауыр жүгін бірге сүйреп жүрген идеялас достар ретінде де көрінеді.

Бердібек Соқпақбаевтың «Тыңға сапар» очеркі жазушының Павлодар тыңын аралауынан алған әсерлері мен көргендері. Павлодар - Қазақстанның солтүстік шығысындағы Ертіс өзені өңіріне орналасқан, негізгі территориясының көпшілігі мидай дала, дәнді дақылдардың бәрі өсетін құнарлы жерлер екенін автор философиялық ой көзімен барлап жазады. Жазушының бұл сапарда назар аударған адамдары механизаторлар, бригадирлер, азпазшылар тағы басқа қарапайым адамдарға жолығып, олармен әңгімелесіп, әңгімелерін тыңдағы, тағдырлары түйіскен әр мамандық иелерінің характерін сомдайды. Бұл очеркте жүйелі сюжет, жүйелі образдар бар. «Погребняк жас та болса тәжірбиесі мол, еңбек сүйгіштігімен ерте әйгіленген жігіт. Өз бригадасында ғана емес, бүкіл МТС көлемінде беделді. Осында он үш жыл істегенде, соның тоғыз жылы бойына жазбастан бригадир болып келеді. Бұл мінезі біртоға, қуаныш-ренжішін сыртына тез шығара қоймайтын, ұстамды жігіт. Мағыналы айтылған әр сөзінен, жұртпен қарым-қатынасынан табанды зор мақсат иесі, ысылған жетекшілік қабілеті бар жан екені танылып тұрады» [137,72],- деп суреттейді. Механизаторлар бригадасын ұйымдастыру мен жастардың тың игеруге атсалысуы күрделі проблеманы көтерген бұл очеркте тек жұмысшы жастар бейнесі ғана емес интеллигенция өкілдерінің образдары да шығармашылықпен шешіледі. Павлодардан 40 км жердегі Қалқаман совхозының ұйымдастырылуы, директор Назаров, бас инженер Тимошенко, бастауыш партия ұйымы секретары Марконренковтардың қажырлы, жемісті еңбектері, жаңа совхоз ұйымдастыру кезіндегі әрекеттері жеткілікті, сенімді шыққан. Бұл очерктің «Жерлестер» тарауы Шарбақты ауданындағы механизация училищесінің түлектерінің шәлкем мінездері, оны түзету үшін қолданылған шаралар, заң қызметкерлері іс-әрекеттері жан-жақты сөз болады. Бұл очеркте барлық оқиға қоғамдық ортаның қуанышы мен қайғысы, жеңісі мен жеңілістері төңірегінде жеткілікті дәйектелген.

Кейінгі жылдары да тыңның даңқы, астық жинау кезіндегі романтика, тың өмірінің жаңа қырлары мен еңбек адамдарының әрқилы тағдыры туралы жазушыларымыз бен журналистеріміздің қаламынан бірсыпыра очерктер туды. Осы тұста Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Жұмағали Саин, Әзілхан Нұршайықов, Сырбай Мәуленов, Әнуар Әлімжанов, Еркеш Ибраһим, Нұрғазы Шәкеев, Мұхаметжан Қаратаев, Зейін Шашкин, Зейнолла Қабдолов, Рымғали Нұрғали, Ақселеу Сейдімбек, Тұрсын Жұртбай т.б. баяндайтыны – тың астығының тасқыны, еңбек озаттарының тіршілік харакетін сөз етеді. Осы тың тақырыбына арналған жеке очерк кітаптары да жарық көрді: «Адам еңбегімен ардақты» очерктер жинағы (1965), «Алыптар туралы аңыз» (1960), Байжігіт Әбдіразақовтың «Армандастар» (1968), Мұхтар Әуезовтің «Түркістан» солай туған» (1956), Сәуірбек Бақбергеновтің «Біздің колхоз» (1960), «Алтынемелден асқанда» (1961), Болат Бодаубаевтың «Жас жүректер» (1977), Хамит Ерғалиевтің «Шындық шырқайды» (1966), Әбдіраш Жәмішевтің «Дала шұғыласы» (1969), Мұқан Иманжановтың «Өркен» (1979), Қапан Қамбаровтың «Туған жер» (1974), Сәбит Мұқановтың «Туған жердің тыңында» (1955), «Тыңда тұнған байлық» (1957), Сара Мыңжасарованың «Замандастар» (1972), Әбдіжәміл Нүрпейсовтің «Ақ бидай туралы аңыз» (1985), Әзілхан Нұршайықовтың «Жомарт өлке» (1960), «Коммунист туралы сөз» (1982), «Менің Қазақстаным» (1967), «Жер туралы жыр» (1974), «Тың астығы» (1958), Ілияс Омаровтың «Серпін» (1970), Фариза Оңғарсынованың «Биіктік» (1976), Рымғали Нұрғалиевтің «Дән» (1978), Ғабдол Слановтың «Өмірдің асқар биігінде» (1958), Асқар Тоқмағамбетовтің «Сыр диханы» (1956), «Тың планетасы» (1984), «Тың түлектері» (1961), Мәди Хасеновтің «Дала тынысы» (1988), Тұрсын Жұртбаевтың «Замандасым, сырласым» (1977). Бұл кітаптардағы көркем очерктерге тың тақырыбы негіз болып, еңбек адамдары әр қырынан көрінді және бейбіт өмір мен жасампаздық еңбек хиқасы арқау болды.

Адамның қолымен жасалған өнердің ішіндегі ең өміршеңі әдебиет десек, әдебиет жанрларының ішіндегі сан-салалы мол мүмкіншіліктерге ие, өмір болмысына артық бояу жақпай, шындық шеңберінде нақты да дәл суреттейтін очерк жанры десек қателеспеспіз. Қазақтың тарихын, әдебиеті мен мәдениеті, әдет-ғұрпы мен салт-санасын, тілі мен ділін қарапайым халыққа таныту мен насихаттауда очерктің атқарар рөлі айрықша. Очеркке қойылар талап – нысанасы дәл, мағлұматтары айқын, нақты өмірде болған оқиғалар тізбегінен тұратын, сол оқиғалар белгілі дәрежеде дәлірек бейнелетін, қатысушылары өмірде болған адамдар. Сонымен қатар очерк жанры бейнелі түрде елестете баяндайтын және бейнелі хабарлау функцияларын да атқарады. Очерктің өзге жанрлардан тағы бір ерекшелігі жиі өзгерістерге ұшырап, әр дәуірдің талабына сай бейімделіп отыратын қасиетке де ие. Очеркте де бейнелеу, көркемдеу құралдары кеңінен пайдаланылады, белгілі бір идеяны көркем де әсерлі етіп жеткізуде таптырмайтын құрал деуге болады. Очеркші туындысының пәрменді, жақсы болуы үшін әлеуметтік, мәдени, саяси қырағы болуымен қоса сол кезең ағымына сай тақырып таңдай білуі аз, жазылатын очерктің композициялық құрылымы, сюжеті, тілдік, стильдік құралдары үйлескен жағдайда ғана шығарма шеберлік шыңына көтеріледі. Академик М.Қаратаев очерк жанры туралы былай дейді: «Қазақ әдебиетімен бастан бірге жасасқан көркем публицистика әр кез өзінің елгезек, ұшқыр, алғыр, өскелең жанр екенін танытты. Мұның түп тамыры алыста, туысқан орыс әдебиетімен ұштасып, жалғасып жатыр. Очерк пен публицистика қай кезде болмасын әдебиеттің алғы шептегі барлаушысы, тыңнан жол салатын, жаңа тақырыптардың көзін ашатын жаңашыл жасағы, жауынгер құралы. Әдетте жақсы, көркем очерктердің құятын үлкен арнасы – үлкен проза» [138,10]. Ал академик З.Қабдолов: «Шағын эпостың әңгімеге жақын тұрған бір түрі – очерк. Бұл да қысқа көлемді шығарма. Мұнда да үлкен шындықтың кішкене бір бөлігі, өмірінің аздаған эпизоды нәрлі тілмен әртүрлі суреттер арқылы шебер тартымды бейнеленуі тиіс» [139,322],- дейді.

Өмірмен ілісіп отыратын очерк жанры 1970 жылдары да дәуір туғызған жаңалықтарды, жақсы адамдарды ел-жұртқа таныстыру мақсатында көп міндеттер атқарды. Сол кезеңдегі қазақ очеркінің басты мақсаттарының бірі – алып істер мен елеулі оқиғаларды дер кезінде өз оқырманына жеткізіп, жаңа қырынан көрсету болды. 1970 жылдары көптеген қазақ жазушылары очерк жанрында қалам сілтеп, сол кезең адамдарының рухани жан дүниесі, бүкіл болмыс-бтімі, ой-өресін осы очерктер арқылы танытуға талпыныс жасады. Бұл бір жағынан сол очеркшілердің қоғамдық-әлеуметтік, әдеби-эстетикалық көзқарастарын кеңінен танытса, екіншіден, жас ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеуге септігін тигізіп отырды.

Қазақ әдебиетіне «Дулыға» сияқты көлемді тарихи әфсаналар берген, көркем сөздің көрнекті өкілі, жазушы - ғалым Тұрсын Жұртбай өзінің алғашқы туындыларын, кейбір ой-толғаныстарын публицистикалық стильмен жазып, 1977 жылы «Замандасым, сырласым» [140] деген атпен «Қайнар» баспасынан очерктер жинағын шығарған. Осы кезеңде қазақ басылымдарында Тұрсын Жұртбайдың ондаған очерктері жарық көріп, өмірдің қайнаған ортасында жүрген очеркші еңбек адамдары, құрбы-замандастары жайлы жаза отырып, қызықты факті, ісі мен мінезі оқшау жандарды өз шығармаларына арқау етеді.

Автордың «Шұғылалы Шыңғыстың баурайында» очерктер циклының тақырып өресі кең, оқиғалары шындық өмірден алынған, образдары қонымды, өміршең шыққан. «Құрыштай шыныққан азаматта» жастайынан әке-шешесінен айрылып, ерте еңбекке араласқан, үзілген үмітінің жалғануы қалада да оңайға соқпаған Ыбырайымды кейіннен ағасы Түсіпхан ауылға алып кетеді. Ағайындар қол ұстасып, туған жеріне оралып, бірге еңбек жолын бастайды. Елге бірге қайтқан ағайындар татулығы мен еңбекқорлығы арқасында тіршіліктері түзелген бауырлардың тірлігі шын өмірдің мән-маңызын ашып бергендей әсер етеді. Ой соңына ілесіп кеткен сәтте малдары бытырап жайылып, басын қоса алмай әлекке түсіп жүргенде жолшыбай бір қызға жолыққаны да қызықты әңгімеленіп, кейіпкерінің болашақ жарымен алғаш кездесу сәтін қаламгер былай суреттейді:

«- Малды атпен емес, ақылмен бағу керек. Әлі үйреніп кетесіз. Мен мынау ауылда тұрамын. «Қызылшоқы» деп атайды. Дүкеннен сәлем-сауқат әкеле жатырмын. Жолда ойқастаған Сізді көріп... Сөзінің арғы жағын жұтып қойды» [140,7],- дей келе, Ыбырайымның жүрегіне шоқ тастап кеткен қыз таудың қойнауындағы сол бір қыстауға жиі көз тастайтын жағдайға жеткізеді.

Жазушы енді араға біраз жылдар салғаннан кейінгі Ыбырайымның жай-күйін былай бедерлейді: «Арада өткен жылдар, ызғарлы қыс, аптапты жаз, төгілген тер, жинақталған тәжірбие Ыбырайымның мінезіне де үлкен өзгерістер енгізді. Жалынды жастығы, ұшқыр ойы байсалды тартып, сабырлылыққа ауысты. Байыппен қарап, әрбір нәрсені саралай білуге үйретті. Ол үшін бұл жылдар текке кеткен жоқ. Табандылығы мен еңбек сүйгіштігінің нәтижесінде құрметке бөлене білді. Қарауындағы малдың бәрін аман сақтап, шығынға ұшыратпады. ... Жұрт ағайынды Тәтіхановтарға сыйлы жанармен қарап, сыпайылық танытты. Жеке басы үшін қуанышты жай: оның шынайы махаббаты болған Нүкенмен көңіл жарасып, отау тігуі болатын. Кешегі тентек жігіт бақыт құшағына бөленіп, шұрайлы өмірдің шырынды дәмін татты» [140,8],- деп қиындық пен тартыста бірте-бірте келген атақ пен даңқтың маңдай терінің өтеуі екенін Ыбырайым жақсы түсінген және оның бейнесі, әдеби портреті сәтті ашылған. Өмірдегі Ыбырайым мен очерктегі Ыбырайымда үндестік бар және кейіпкер басынан кешкен өмір оқиғалары сыналап кіргізілуі арқылы сол кезең адамдарының характері, іс-әрекеті, мақсат-мүддесі түгелімен көз алдымызға елестеуімен құнды. Бұл тек қана қойшы Ыбырайымның ғана емес, өмір тауқыметін бастан кешкен, еңбек майданында бел шешіп, ауырлықтарды ақылмен, еңбекпен жеңген типтік бейне дәрежесіне көтерілген жазушы замандасының бейнесі деп қабылдауымыз керек.

Очеркшінің «Өмір деген тамаша ғой, бауырым» шығармасы он екі жасында жетім қалған Нұрғазы Райбаев өмірінің сырларына толы. «Нұрғазы Райбаев болып тас қалап, кірпіш құйғалы қашан... Бала жасынан басына су құйып, әдеттенген шаруа ғой. Соңғы он шақты жылда қаншама қыстақтың негізін қалап, ескісін жөндеп, шопандардың алғысына бөленді десеңші. Талай-талай мерекелік сыйлықтарға ие болды. Ол «Қызылту» совхозының 3-бөлімшесіндегі құрылысшылардың топ бастығы, өзіне тән абыройы, өзі тақылеттес күн көріс кәсібі бар» [140,45]. Бұл өз еңбегінен бақытын тапқан ұрпақтың өмірі. Құрылысшы Нұрғазы арқылы еңбек адамының бейнесін шебер жасап қана қоймайды, өз ісіне шын берілген қарапайым жандардың мінез-құлқы, іс-әрекетінен бұл очеркінде жазушы жантануға көп көңіл бөледі. «Ағаңның мінезі өзіңе аян ғой, қайным» деген жеңешесінің сөзін эпилог ретінде беруінің өзі жантанудың алғышарттары.

Т.Жұртбай өз очерктерінде адам мен табиғатты қабыстыра суреттеп, түрлі көңіл-күй мен табиғат тылсымдарын салыстыра, қатарластыра бейнелеген тұстарына тәнті боласың. Әсіресе, жарынан айрылған әке, анасынан айырылған баланың сол сәттегі күйі мен қатал табиғат суреттері реалистік, психологиялық үндестікпен өріледі.

«Суық боран аш қасқырдай ұлып тұрды. Оған қоса қырық тоғыз жыл жібектей желегін жайған бір өмір, аяулы өмір, ана өмірі өзінің ақырғы әнін күңірене әлсіз, бірақ ұзақ созып шертті. Боран кілт ышқына ішегін ішіне тартқанда, ән де үзіліп кетті... Әкем бетін басты, бір түйір тамшы бетін тарамдай келіп, шоқша сақалының ұшында дірілдеп тұрды да, тырс ете түсті. Жерге емес, тізесіне басын салып отырған менің уыз алақаныма түсті... Ұзақ қарап тұрдым. Ол кезде не ойлағынымды кім білсін» [140,7],- суық боранда ана өмірінің үзілуі тура табиғи қалпында, орны толмас қайғылы сәттер сезім-күй ассоциациялары табиғат толғаныстарымен жалғасып кетеді. Суық боранның аш қасқырдай ұлуы, боранның кілт ышқына ішегін ішіне тартуы кейіпкердің ішкі сезімінің реңктерінің дәлдігі, сипаттаулардың үзілмей дамып отыруы, көз алдындағы құбылысты кейіптеу арқылы бере білуі очерктің көркемдік деңгейінің жоғарылығын айғақтаса керек. Шығармадағы табиғат суреттері жазушының жан әлемімен бірлікте, ішкі толғаныстарымен сабақтас және табиғат пен адамның терең байланысын шебер пайымдаумен жасалған. Жоғарыдағы очерктің соңындағы табиғат суреттері де адамның өзіндей тыныстап, ойлап, қуанып, құлшынады. «...Күн нұры ұясынан ақтарылып төгіліп, сары теңіздей теңселіп тұрған Сарыарқаның адыры ісек қойдай теңкиіп-теңкиіп жатыр... Айнала сарғыш тартқан. Артқа шаңды бұрқ-бұрқ еткізіп, ағайым мотоциклін ағызып келеді. Қуанышын көрсеңші! Күлгені не деген ұнасымды.

Мотоциклдің газын басып, есіп-есіп жібереді, тіпті. Бағана автобустан түскенімде де күле берген еді-ау» [140,31]. Т.Жұртбай очерктеріндегі табиғатты бейнелеу өнері кейінгі шығармаларында да зор дәстүр салғанын байқау қиын емес. Бұл табиғат суреттері жазушының ішкі толқыныстары мен сезімдік ойларын ашу үстінде ұтымды қызмет атқарып қана қоймай, көркемдік жағынан да эстетикалық жағынан да образдық құралға айналған.

Тұрсын Жұртбайдың «Сен мені түсінбейсің...» лирикалық очеркінде сан-қилы көңіл күй мен дала бейнесі қатарласа отырып, естелік жинақтау арқылы жазылған. Досы Қадырбайдың Алқын деген қызға ғашық болып, жиһанның ардағын, дүниенің асылын осы қызға теңеген жас жігіттің жүрек лүпілдері тамаша табиғат суреттерімен астастырылған. Кейіпкерлердің тілдесу сәттері хабарламалық сипатта болғанымен, жас ғашықтың көңіл-күй, мінез құлқынан да елес береді және диалогтарды өмірдегідей қалпында емес, табиғат әлемі Қадырбай жан әлемімен бірлікте көрінеді. Бір сыныпта оқыған қызға ғашық болған жас жігіт қыз жүрегіне жүгіне алмай, әскерге өзі сұранып аттанады. Диалог түріндегі кейіпкер мен жазушы арасындағы сөздерде терең сабақтастық бар. Әскерден келген соң досымен қайта кездескен Қадырбайдың сезімі өзгермей, бұрынғыдан да беки түседі. Оны очеркші былай суреттейді:

«Міне ол көгалда жатыр. Үйреншікті мақамы.

- Маған ұмыт дейсің бе? Сол үшін не іске де тәуекел едім ғой...

- Ұмыт дейсің бе, - деді. Самал есіп тұр. Ұмыт дейсің бе,- деді. Самал есіп тұр. Шалғындар шайқалып, құрақтар сыбдырлайды.

- Иә,- дедім, иә. «Жаңадан бастауың керек. Ауылда одан да сұлу, одан да қылықты қыздар көп қой. Анау Сәулені алсаңшы. Иненің көзінен өткендей емес пе? Самал тына қалды. Сары масаның ызыңы естілді.

Ол:


- Сен мені түсінбейсің,- деді орнынан тұрып бара жатып. Самал қайта есті. Шалғындар аяғын орап, тракторына тақай берді. Қамыс сыбдыры «Сен мені түсінбейсің...» - деп тұрғандай. «Сен мені түсінбейсің». Мүмкін досым. Араға жылдар ізін салған шығар. Бірақ мынау көк шалғындағы салған жолыңдай махаббатта да өзгеге ұқсамас өз ізің бар» [140,7]. Жанға жайлы жаз кескіні қандай әсем болса, адам психологиясындағы махаббат тұрақтылығы да жанданып, басқа қыз туралы айтқанда табиғат кілт өзгеріп, самалдың тына қалуы, сары масаның ызыңы естілуі кейіпкер басындағы көңіл-күй пернелерімен астасып, нәзік философиялық тұжырыммен көрінеді. Бұл жердегі жазушы пейзажы психологиялық та характерологиялық міндет атқарып тұр. Қамыс сыбдырының өзі «Сен түсінбейсің» деп тұрғаны жазушы көңіл-күйіндегі мол тебіреністен туып, Қадырбайдың сезім-күй ассоциациялары табиғатпен егіз елестеп, очеркшінің ойлау мен қиялдауына қанат байлайды.

Тұрсын Жұрбай очерктерінде ауыл адамының бейнесін жасау, ел, ауыл тұрмысындағы проблемаларды көрсетуде де өзіндік ерекше жол тапқан. Әсіресе өмірге үңіле, өзі ұнатқан құбылыстарды безендіріп, шындық болмысты көркемдік бояулармен құбылтып, ажарлап суреттейді. Ерлік пен намысты, күрес пен жеңісті сипаттайтын очерктерінің қай-қайсысында болмасын өз замандастарының өнегелі істерін, мінез-құлқын, тұрмысын, жанын жан-жақты бейнелеуді очеркші көздеп отырады. «Қашағанды құтқармай, асауменен алысқан» очеркіндегі өмір бойы жылқышы таяғын ұстап, қызығы мен қиындығы мол еңбектің иесі болған Абылқақтың қашағанға құрық салған атақты жылқышы болғанға дейін талай сыннан өткенін шыншылдықпен бейнелеген. «Алғаш құрық ұстаған кезі. Күн ашық болатын. Ұзақ күнге шыдамы жетпеді. Қасындағы серігі екеуі табынның екі жағында жүрді. Түн ортасы ауа ұйқы меңдеп, көзі іліне берді. Әйтеуір қалғып-мүлгіп жүрген. Бір кезде қатты шыққан дауыстан селк ете түсті. Көзін ашса, қардың үстінде жатыр. Бір аяғы үзеңгіде. Ал серігі оны оятып жүр. Сөйтсе, қалғып жүріп, ұйықтап кетіпті де, қарға құлап түсіпті. Жылқышының сан түрлі құқайын көрген аты тырп етпепті. Қазір де сол бір балаң кезі көз алдынан өтті. Өмір де ағын су сияқты екен ғой. Бір тыным жоқ. Алға қарай заулай бересің» [140,32]. Очерктегі Абылқақ бейнесі оның еңбегі арқылы ашыла отырып, оның асаумен алысып, қашағанға құрық салған өз ісіне берілген азамат ретінде көрінуі, қазақ халқының психологиялық ой-санасына сіңген салт-дәстүрлерді жетік меңгеруі очеркші кейіпкерінің мерейін үстем етеді. «Туған жерге туың тік» очеркіндегі Аманқұл Бердімұратов, «Дән туралы жырдағы» Амангелді Ботанбеков, «Арман аясындағы» Тұрсынақын сияқты ауыл адамдарының еңбегі суреттеле отырып, қоғамдық, әлеуметтік маңызы бар мәселелер көтереді және осы кейіпкерлер арқылы қарапайым еңбек адамының арман-тілектері, жасампаз өмір адамдарының образы толыққанды жасалады.

«Қос майданның ардагерлері» очеркі соғыс тақырыбына арналған. Соғыста ерлік көрсетіп, еңбекте елдің алды болған үш жауынгер жайындағы бұл очеркінде автор соғыс қана емес еңбек майданында да көзге түскен батырларды жастарға үлгі ретінде танытады. Сталинград, Кишинев, Бухарест, Будапешт, Прага, Кинисберг қалаларын жаудан азат етуге қатысқан, бес жыл оқ пен оттың ортасында жүрген Әділ Қожалымов, Әуесқан ақсақал, Мүшір Тұрысбеков қариялардың қиын-қыстауға толы өмірі әрі тартымды, тағылымды, әрі нанымды суреттелген. Очерктің сюжеттік композициясында тыл өмірі мен майдан өміріндегі қиын-қыстау кезеңдер сипатталған. Т.Жұртбайдың «Қажырлы да қайратты Қабай» очеркіндегі Қабай Ізбасаровтың портреті былай суреттеледі: «Онда ол жас жүрегі асау тайдай тулаған, тұла бойы отты жігерге толы 21 жасар жігіт болатын. Нағыз тепсе темір үзетін шағы-тын. Ақ құрықты білегіне айқара асқан жылқышы еді. Отан алдындағы азаматтық борышын өтеу үшін 1939 жылы әскер қатарына алынды. Алғашқы дайындықтан өтіп жатқанда финдер шекараны бұзды. Жас жауынгер сонда аттанып, бес күн бойы шабуылға қатысты» [140,105],- дей келе кейіннен Г.К.Жуковтың алғысына ие болғанын, мергендігімен көзге түскенін нанымды әрі көркем баяндап, Қабай қарттың өмірі мен майдандастарының өмірі ерлік пен күреске толы болғанын, талай-талай шайқастарға қатысып қана қоймай, кейіннен бейбіт өмірде де бақташы, жылқышы болып еңбек етуі де қызғылықты жазылады. Бұдан автордың кейіпкер ісімен, тағдырымен жете таныс болып, оны шын түсініп барып тәуір образ шығарғанын көреміз. Очеркші Қабайды өмірдің барлық саласында басқаларға үлгі-өнеге, бұқараға жақын, қиынды жеңуге бастайтын, игі істерді іле қостайтын қасиеттерін жинақтай келіп, абзал адамның бейнесін жасап шыққан. Қабай Ізбасаров өмірдегі өз қалпында, өз іс-әрекетімен көріне отырып, өзінің шынайы сөзін ғана айта алған.

Тұрсын Жұртбайдың «Замандасым, сырласым» очерктер жинағы болсын, басқа мерзімді басылымдарда жарияланған очерктерінің тақырыптары болсын әр алуан. Онда ауыл адамдарының өмірі, шопан тірлігі, балықшының келбеті, соғыс ардагерінің ерліктері шынайы өрнектеліп қана қоймай жазушы қай тақырыпқа қалам тербесе де өзі сол ортаның ішінде жүріп, жанымен түсініп барып жазғанына куә боламыз. Автор адамның жан-дүниесін, рухани сезімдерін, көңіл күйін дөп басып, зерттеп барып жазуға дағдыланған. Тұрсын Жұртбай өмірдің қай саласын алса да көтерген тақырыбының салмағын жете түсініп, көркемдік бояуын құбылтып, шындықты танытуда адам образдарының даралығымен екшеп, өмірді тереңінен танытуды көздейтін очеркші десек артық болмас.

Тарауды түйіндей келгенде, осы тарауда ұсынылған баяндаулар мен қал-қадірімізше жасалған талдауларға сүйене отырып, әдебиеттану ғылымының тағлымын ескере отырып, мынадай ой-толғамдарға келдік; а) очерк жанрының мән-мағынасын саралап тануға дәс беретін өзіндік табиғаты туралы ұғымды орнықтырып алу бүгінгі әдебиеттану ғылымының өзекті мәселесі; ә) сонымен очерктану әдебиеттану саласының бір түрі; б) қазақ әдебиетіндегі очерк жанрында жазылған шығармалар қоғамдық, әлеуметтік және танымдық көзқарасының қалыптасуын да қамтиды; в) қазақ очеркінің қалыптасып, дамуы, игерілген дәстүр мен жеке жазушылардың шеберлігінің зерттелуі де кезек күттірмейтін мәселе; г) очерктік шығармашылық тарихты зерттеудегі түпдерек көзі ретінде баспа бетін көрген материалдар жеке кітап болып шыққан очерк кітаптар пайдаланылды; д) әр кезеңнің очерктерінің өзіне ғана тән ерекшеліктерін айқындауға алғаш рет талпыныс жасалды.

Жоғарыдағы нысаналар негізге алына отырып айқындалған очерк жанрының зерттелуі, тарихнамасы, қазақ очеркінің пайда болу, даму тарихының бұл тараудағы дербес ерекшеліктері ретінде мыналарды атай аламыз;



  • ежелгі Түркі қағанатының руникалық жазбаларына жанрлық

және мазмұндық тұрғыдан назар аударғанда деректік мәні, публицистикалық сарыны айқын аңғарылады. Очерктің кейбір элементтері өткен замандарда туған тарихи-көркем шығармаларда очерк нышандары дүниеге келгенін, сол кезеңнің қоғамдық ой-пікіріне әрқашан ортақтасып отырғаны, автор өз дәуірінің тарихи проблемасын көтере білгендігі – осының айғағы;

  • шежірелік еңбектердегі очерктік белгілер Захираддин Бабыр,

Дулат, Мұхаммед Хайдар, Әбілғазы Бахадүр-хан, Ұлықбек, Жалайыр Қадырғали би, Құрбанғали Халид, Өтеміс қажы, Шәкәрім қажы, Мұхаметжан Тынышбай сияқты тарихшылардың еңбектері шежірелік сипатта жазыла отырып, өмір дерегінің нақты болуын, тарихи тұлғалардың өмірі арқылы зерделеп, тарихи очеркке тән қасиеттерді дарыта отырып, өз туындыларын жазғаны жайында сөз болады;

  • қазақ очеркінің пайда болуы, қалыптасуы ХІХ ғасыр аясынан

бастау алады, ол Шоқан Уәлиханов пен Ыбырай Алтынсарин шығармаларымен тікелей байланысты. Шоқан өз очерктерінде нағыз өмір шындығын, сол кезеңде өмір сүрген адамдарды негізгі кейіпкер етіп ала отырып, оқиға болған жерін, уақытын дәлме-дәл көрсеткені жан-жақты талданып, зерделенді. Қазақ баспасөзіндегі өзіндік орны бар “Түркістан уалаяты”, “Дала уалаяты”, “Қазақ” газеті мен “Айқап” журналында жарық көрген бірсыпыра очерктерде қазақ халқының экономикалық, саяси-әлеуметтік жағдайы, өмірі, әдет-ғұрпы кеңінен қамтылып, қоғамдық пікір қалыптастырудағы үлесі де зерттелді;

- қазақ тақырыбындағы орыс очерктері Ресей басылымдарында кеңінен орын алған және көпұлтты Ресейдің келеңсіз, қиын, құйтұрқы отарлау саясатын әшкерелеген очерктер ағыны да сарапталып, сараланды;



- Ұлы Отан соғысы кезіндегі очерктердің ерекшеліктеріне мыналар жатады: бұл очерктердегі оқиғалар көзбен көріп, бастан кешкен оқиғалардың елесі, екіншіден, соғыста болған ақын-жазушылар өз көргендерін өз бояуы, өз мәнері дәрежесінде суреттеген, үшіншіден, оқ пен оттың арасында асығыс жазылғандықтан суреткерлік шеберлік жағы жетіспей жатқан тұстары да бар, төртіншіден, бұл әскери очерктер уақыт сынынан өтіп, тәуірлеу дегендері арнаулы жинақтарда жарық көрді. Бұл көркем очерктердің қазақ әдебиеті тарихында өзіндік орны бар және соғыстан кейінгі кезеңде адамдарды отансүйгіштікке, ерлік рухында тәрбиелеуге көп септігін тигізгені ақиқат;

- соғыстан кейінгі жылдардағы көркем очерк табиғи шапшаңдығымен, тақырыптарының оралымдылығымен өмірге тікелей араласатын белсенділігімен көрініп, сұрапыл соғыс дауылынан шығып, бейбіт өмірдегі жаңа қарым-қатынастар үздіксіз қағаз бетіне түсіп, жоғары дәрежеге көтерілді.

1   2   3   4   5   6   7


©netref.ru 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет