МӘҢгілік формуласы



жүктеу 397.9 Kb.
бет1/3
Дата02.05.2016
өлшемі397.9 Kb.
  1   2   3
: wp-content -> uploads -> 2015
2015 -> С. Ж. Асфендияров атындағЫ
2015 -> Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі
2015 -> Конференция жұмысының бағыттары: Абайтанудың заманауи бағыттары
2015 -> Vіі международная научно-методическая конференция 1 2 октября 2015 г
2015 -> Реферат kz Қазақша рефераттар сайты Ахмет Жұбанов
2015 -> Келісілді бекітемін
2015 -> Реферат kz Қазақша рефераттар сайты КӨне түркі поэзиясындағы дәСТҮр жалғастығЫ
2015 -> Көрсетілетін қызметті берушінің және оның филиалдарының мекенжайлары



МӘҢГІЛІК ФОРМУЛАСЫ
(хикаят)
Баланың көңілін алаңдатқан жайт сүйікті ісімен айналысқан кезден-ақ ыдырап, бара-бара мүлдем ұмытылды. Ендігі бар құлқы ғылыми жұмысында. Физикалық вакуумнан энергия алу тәжірибесі ақыл-ойын баурай берді.

Таяуда Швейцарияның астанасы Бернде өтетін халықаралық олимпиадаға қатыспақшы. «Осыдан жеңіспен оралсаң, саған дүниенің төрт құбыласына да жол ашылады» деген ұстазының сөзі санасының бір түкпірінде дыңылдап тұрып алған. Алға жетелеген жақсы ойлардың әсері көкейінен ауық-ауық қылаң бергендей.

Қазіргі зерттеп жатқаны – вакуумдағы тартылыс күшінің қалай жұмыс жасайтыны. Жалпыға белгілі – ғарышта тартылыс күші жоқ. Жер орбитасынан шыққаннан кейін гравитациялық принциптер жойылады.

Суда тартылыс күші болғанымен, әуе кеңістігіндегіден әлдеқайда баяу. Мұны байқап көру оп-оңай. Бір түйір тасты алып, 60 см жоғарыдан жібере салсаң, оның жылдамдығына көз ілеспейді. Ал, биіктігі сондай шыны ыдысқа су толтырып, әлгі тасты соған тастасаң, түбіне әлдеқайда баяу батады. Тіпті, жүру бағытын сәл-пәл өзгерткенін де байқайсың. Яғни, ондағы тартылыс күші әуедегіден әлсіз.

Енді, дәл бұл жағдай вакуумда қалай болмақ? Жасынның білуге құлшына кіріскені – осы.

Сонымен қатар электромагниттік өрістің вакуумдағы өрбуін байқау, күшті және әлсіз әсер ету қабілеттілік элементтерін анықтау. Соңынан вакуум теңдеулерін дәлме-дәл шешу бірлестіктері проблемасына геометриялық түйін жасау. Бұдан кейін вакуумнан энергия өндіру жолдарын қарастырады.

Жасынның негізгі көксегені – экологияны бұзбай, орыны толатын амалдармен энергия қуатын өндіру. Күннің нұры, желдің өті, судың ағысы – энергия өндіру көздері. Солардың қатарына вакуумдағы кеңістік жатқызылғалы да біраз уақыт болды. Бұл – жаңа бағыт әрі ғылымның зор мүмкіндікке ие саласы.

Жұмысын бітіріп шығысымен смартфонын қарады. Бірқатар қоңыраулар шалынып, төрт-бес СМС, он шақты WhatsАpp хабарламалар тұр. Саусақтары жыбырлай ноқаттарды теріп, лездің арасында барлығын шолып үлгерді. Алайда күткен адамынан бір белгі жоқ, тым құрығанда смайлик келіп түссеші.

Велосипедіне қарғып мініп, заулата жөнелді.

Қазір үйге барып, ертеңгі сабағына дайындалуы керек.

Спорттық «темір тайын» зырғытып, кептелісте итінген көліктердің арасынан ирелеңдете ойнатып өтеді. Жан-жағынан иін тірескен қоғамдық тұрмыстың кейпі назарының ұшына іліккенмен, көңіліне бүгінгі көрініс келе берді.

... Мырзан сыныптан шығып бара жатып:



  • Біз сені сыртта күтеміз, – деген дауыстап.

  • Қазір соңдарыңнан барам. – Жауһар сыңғырлай жауап қайырды.

Бұл, алтыншы сабақ аяқталғандағы әңгіме еді. Жасын көптің бірі ретінде еріксіз екеуінің тіл қатысқан сәттерінің куәсі болды.

Аяғын санай басып, физика пәні кабинетіне беттеді.

Іште оқу ісінің меңгерушісі мұның мұғалімімен сөйлесіп тұр екен. Күтуге тура келді. Сол кезде Жауһар алдынан тағы да қаздаңдай басып дәлізбен кері жүрді.

Ол бұған қасақана қарамай өтті. Кербездігін танытып, паңдана қалыпты. Танауын аспанға көтеріп, көзінің қиығына да ілмеді. Менсінбей барады. Тостағандай көздерінің қарашығы қарақаттай мөлдіреп, әппақ өңінде жұлдызша жанады.

Баяғы көзсіз көбелектей шырқ үйіріліп, Жасынның маңынан шықпай жүрген кезін ұмытқан. Мүлде ондай болмағандай – жат, суық. Қазір оған Мырзан тартымды тәрізді. Гитара шертеді, әнді жақсы салады. Заманауи музыкаларды ғаламтордан тез тауып, талғампаздықпен сұрыптайды. Бәрінен бұрын әкесі үлкен бизнестің иесі.

Адамды жақсы көру барлыққа, байлыққа байланысты. Түйсік, сана-сезім, сүйіспеншілік – физика тілімен айтқанда – күшті және әлсіз өзара әсер ету процесінде дәулеттілердің жолында қолжаулық болуға бейіл. Махаббат сезіміндегі тартылыс күші, электромагниттік өріс қалталыларға келгенде өзара әсер етуде әлжуаздығын танытады. Пенделердің вакуумдық көкірегі ғылымдағы вакуумдық кеңістікпен салыстырғанда өте тұрақсыз. Міне, Жауһар – сондай субъектінің бірі.

Қайдағы қияға құлаш ұрған ойын бұзып, физика пәні кабинетінен оқу ісінің меңгерушісі шықты.

– Cәлеметсіз бе, апай!

– Сәлемет пе, Жасын. Ана, «Дарын» бекіткен жұмысың қалай?

– Аяқталуға тақау.

– Ертең уағында өткізе алмай жүрмеңдер.

– Жоқ, көрсетілген мерзімінде тапсырамыз.

– Жақсы екен.

– Сау болыңыз.

Меңгеруші ұзын дәлізбен байсалды басып, ілгері озды. Ал Жасын ішке енді.


  • Қайырлы күн, ағай. Мен бүгін тәжірибені жалғастыру үшін Еуразия университетіне барайын деп едім. Ғылыми жетекшіге телефон соғып, біліп беріңізші.

  • Нұржан Хабижанұлының қолы ешқашан бос болмайды, – деді мұғалімі бұған бажайлай қарап, – қазір білейін.

№44 қазақ мектеп-лицейі соңғы жылдардағы оқушылардың ізденгіштігі негізінде бірқатар жоғары оқу орындарымен меморандумдарға қол жеткізген. Осы келісімдерге сәйкес оқушылардың қайсыбірі олардағы ғылыми зертханаларда бейіндік-тәжірибелік шараларға қатысуға мұрсат алған. Жасынның сұранып тұрғаны осы.
***

Біраздан бері айналысып келе жатқан жұмысының бүгінгі беталысы доцентті қуантты. Ол Жасынның ғылымға ынтызарлығына, еңбекте табандылығына сүйінетін. Енді үлкен ізденіс үстіндегі кішкентай шәкіртіне зертханаға жүйелі түрде келуіне рұқсат етті. Әрі, таяуда Білім және ғылым министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы Нұржан Хабижанұлын Жасынның дербес ғылыми жетекшісі ретінде бекіткен болатын.

Ғалымның бұл ұйғарымы Жасынның өзіне, қолына алған ісіне сенімділігін ұлғайтты. Осы олимпиадада жүлделі орындарға іліксе, экстернат тәртібімен 9-дан бірден 11 сыныпқа секіріп кетпек. Мектепті өз құрбыларынан бұрын бітіріп, ертерек университетке түспек.

Жанқалтасындағы телефоны жыбырлап, құлағына дың еткен жалғыз дыбыс жетті. Алқымындағы құлаққаптан шұбатылған сымының тетігін басты.



  • Сен қайдасың? – Дидарды даусынан бірден таныды.

  • Зертханадан келемін.

  • Біздің үйде жолығамыз деп едік қой.

  • Үлгере алмай жатырмын. – Жасын шындығын айтты.

  • Мен бағдарламаларды саған әкелейін, жарты сағатта қарап шығайық.

  • Өзгерістер бар ма?

  • Машина кедергілерге соқтықпай, бұрылып жүретін болды.

  • О-о, прогресс.

  • Жолығамыз.

Сыныптасының ерлігі ұнады. Оның тапқырлығына сүйінді. Сосын, ертең сабақтан соң кестеге сай ағылшын тілін оқуға баруы керектігін қаперіне алды.

Бұл жастыққа басын қойғандағы ойы еді. Жаңа, негізгі пәндерді пысықтағаннан кейін біраз уақытын ағылшын тіліне бөліп, орталықтың берген үй тапсырмаларын әзірлеген. Келесі деңгейге IELTS тапсыруы тиіс.

Бала қиялы басқа қиырларға бой ұрды. Шіркін, атасы болғанда ғой, қазақ батырлары мен билері туралы әңгімелерін айтып берер еді. Әсіресе, биылғы қазақ хандығының 550 жылдығында тарих пәнінен курс жұмыстарын қатырып жазар еді.

Баланың есіне 10 жасқа толғандағы атасының туған күніне арнаған сыйы оралды. Әдеттегідей ертеңгілік ұйқысынан еркелетіп оятып, бетінен сүйді.



  • Менің құлыншағым, дәу жігіт бол, өмірің ұзақ болсын, – деді, емірене маңдайынан иіскеп. Сақалы мұның мұрынының ұшына тиді. – Міне, сенің туған күніңе сыйлық.

Қағазы әдеттегіден өзгеше әшекейлі конвертті қолына ұстатты.

  • Ве-ло-си-пед керек маған. – Танауын тыржита конвертті қолына алды.

  • Ашып қара.

  • Қара-май-мын!

  • Сабағыңнан кешігесің, тұра ғой. – Арқасынан қағып, тағы да бетінен сүйді.

Сөйтіп жүріп, уақытын өткізіп алыпты. Тез-тез жуынып, тамағын ішті де, мектебіне жөнелді. Конвертті сумкасына сала салған. Үшінші сабақтың үстінде сөмкесінен әлденені іздегенде тағы да қолына әлгі конверт ілікті. Ашып қарап еді: «Сыйлығың – бөлмеңнің оң жағында, не аспанда емес, не жерде емес» деген жазуды оқыды.

«Бөлмесінің оң жағында жатын төсегі тұр. Столы, шкафы, шифоньері сол жақ қабырғада. «Аспанда емес, жерде емес...» Ол не болды екен, ә?..»

Тезірек сабақ бітуін күтті. Бесінші сабақтың соңында анасы туған күнінің құрметіне балаларға пирог, торт, сусын алып келіпті. Оны сыныптастарымен ішіп-жегенше дегбірі қалмай асыға тызақтады.

Үйге келісімен бөлмесінің оң жақ қабырғасына қарады. Ештеме жоқ.



  • Ата, ол не?

  • Ізде өзің. – Кеңкілдеп күліп қояды. – Аспанда емес, жерде емес...

  • Таптым!

Бөлменің есігі ішке және оң жақ қабырғаға қарай ашылатын, соның жақтауына кішкене дорбаны бауынан желімді таспамен (скотчпен) жапсырыпты. Ішіндегі тілдей қағазға «Көк жастықтың астында келесі нұсқаулық бар» деп жазылған.

Атасының бөлмесіне тұра жүгірді. Кекілі үрпиіп, жейдесінің омырауы ағытылып кеткен.



  • Жастығыңды көтер! – Көк жастық атасының жастығы.

Қария күлді.

Жастықтың астынан тағы да бүктеулі қағазды алды. «Сенің балалық шағыңның қызығы залда тұр». Оқи сала домалаңдап, залға жүгірді. Кіріп барғанында ештеме көре алмады. Төрге қарай жүрді. Сөйтсе столды бойлай тізілген арғы беттегі орындықтардың қалтарысына сүйеп қойыпты. Әдемі көк велосипед көзіне оттай басылды.



  • Жарайсың, ата!

Кеңкілдей күліп келіп, маңдайынан сүйген атасының кейпі елестеді.

Бала бақилық атасын ойлап жатып, көзінің ұйқыға ілінгенін білмеді.


***

Ертеңінде бірінші сабақ әлдебір себептермен болмай қалды.

Алғашында мұғалімді күтіп әркім өз орнында отырған еді, біртіндеп Жауһардың қасына жинала бастады. Ол жан-жағындағыларға еркін сөйлеп, себепсіз күледі. Бәрі өзінің ығына жығылатынын біліп алған.


  • Кеше кл-лас-сно болды, иә! – Шілтік Мәлік шәңк етіп бүкіл сыныпқа әсерін мағлұмдады. Бойы бір қарыс, құлағы қалқиып, көзі жылт-жылт етеді. Оны осы ұсқынына қарай сыныптастары «Коала» атап кеткен.

  • Лимузиндегі клиптер қандай! – Тәмпіш танау Сағиланың тәтті шаққа тамсанғаннан таңдайы тақылдады.

  • Тағы да сондай кеш ұйымдастырайықшы, Мырзан!

  • Сөз емес. – Жауһардың қасында жымиған қалпы, орнықты жауап берді. Өйткені, табыстың көзінде отырған іскер әкесі тұрғанда одан да зорғысына шамасы жетеді. – Қалаған уақыттарыңда айтыңдар, сыныбымызбен тұтас барып қыдырайық.

  • Ой, оған келіспейтін, арамызда жеке және тығыз кесте бойынша шұғылданатындар бар ғой. – «Коала» келемеждей тырқылдады. – Түбінде мектептің президенті болғылары келеді.

  • Жауһардың ханшайым болатынына талас жоқ. – Сықси Қанат қашанғы әдетімен ыржиған күйі ішкі ойын жайып салды.

Мектептің президенті мен ханшайымы сабақты үздік оқып жүргендердің арасынан жабық дауыспен сайланатын үрдіс қалыптасқан. Бұл – батыстың үлгісі. Балаларды қоғамдағы тұрмысқа мектеп қабырғасынан тәрбиелеу үшін мұндай шара қажет тәрізді.

Президент – оқу жылының соңында жоғары сынып оқушыларының дауыс беруімен 10-шы сыныптың арасынан сайланып, келер жыл бойы осы қоғамдық жұмысты алып жүреді. Ал, ханшайым – 11 сыныпты аяқтауға таянғанда жасырын дауыс беру арқылы анықталады. Содан кейін екеуі мектеп бітірушілер балында басты рөльді ойнайды. Бір жағынан 11 жыл бойы үздік оқыған әрі үлгілі оқушы ретінде зор құрметке бөленеді.

Бірақ, ол президенттікке көпшілік сайлауына түсу үшін бұларға әлі бірер жыл уақыт бар. Соған қарамай, іштей әрі астыртын қызу дайындық жүріп жатқанға ұқсайды. 9-шы «А», «Ә», «Б», «В» сыныптарының ішінде президент болғысы келетін ұлдар баршылық, ал ханшайым тәжіне таласқа түспек талшындар тіпті көп. Әзірше олар ішкі сырын сыртқа білдірмей жүр.

Бұл бәсекеге қатысудың басты талабы – үміткер кілең 5-ке оқуы шарт. Ондай үздіктер, Құдайға шүкір, жетеді.

Ешкім одан әрі бұл әңгімені жалғастырып әкете қоймады. Керісінше тақырып ауаны басқа арнаға ауысып кетті.


  • Мына роликті қараңдаршы. – Мақсат iPad-ын оң алақанына салып көтерген қалпы, құрбыларынан мақұлдау күте тіл қатты. Бәрі соған қарай өре түрегелді.

  • Онда не бар?

  • Қыздардың төбелесі...

  • Youtube-те ме?

  • Сол да қызық болып па?

  • Мен одан гөрі Facebook-тағы танымал тұлғалардың пікірін оқығанды жақсы көремін, – деп дауыстады Маржан. – Екі мыңнан асатын достарым бар.

Осы кезде Дидар Жасынның қасына таянды.

  • Кешегі бағдарлама нұсқасындағы функцияны датчиктер арқылы жүзеге асыратын болса, круиз бақылау негізінде көлікті автоматты түрде жүргізудің мүмкіндігі молаяды. Сонда шопырдың қажеті болмайды.

  • Бұл таяу уақыттарда жүзеге асатын нақты нәрсе.

  • Жаһандану қағидалары.

Екеуінің қасына Алмас, Арқабай, Дихандар топтана жиналды.

– Өнертапқыш Дидардың жаңа жобасы ма? – деді Мырзан анадайдан әңгімеге араласып. – Не деп аталады ол?

– «Ақылды датчик».

– Ай-ти бағдарламаң жаныңда ма?



  • Иә.

  • Интерактивті тақтадан бәріміз көрелік те.

  • Көрейік.

Дидар сөзге келмей флешін алып, компьютерге қосты. Мониторда мультимедиялық түрлі модульдер әуеннің сүйемелдеуімен пайда боп, соңында «Ақылды датчик» деген жазу шықты. Enter-ді басып еді, күре жолдың бойында тұрған көліктің бейнесі көрінді.

– Ал, енді, – Дидар жанындағы құрбыларына түсіндіре бастады, – осы жолдың бойынан өздерің шартты кедергілерді анықтаңдар.

– Қанша кедергі болуы керек?

– Оның санында тұрған ештеңе жоқ, бәрібір.

– Кәні, мен байқап көрейін, – Мырзан кимелеп, тінтуірді қолына алды. Сөйтті де, жолдың үстіне әр-әр жерден нүктелер белгіледі.

– Осы нүктелерді жолда жатқан кедергілер деп санаймыз. Енді машинаны іске қосалық. – Бір ноқатын басып, көлікті қозғалысқа енгізді. Оның жылдамдығы да бөлек спидометрден көрініп тұрды. Машина кедергіге келгенде баяулап, айналып өтеді. Содан кейін қайта жылдамдығын күшейтеді. Және, жол табанынан ауытқымайды.



  • Мынауың тамаша екен!

  • Өзің жасадың ба?

  • Жасын екеуміз бастадық.

  • Бұны тездеп патенттеу керек.

  • Сендердің көргендерің – практика жүзінде қалай болатынын бейнелеген кескіндеме. Ал, ол қызметті басқаратын кішкентай датчик. Датчик электромагниттің өрісі арқылы кедергіні «көріп», машинаның жылдамдығын азайтып, айналып өтуіне алдын-ала мәлімет береді. – Жасынның әңгімесіне бәрі ұйып, зейін қоя тыңдады. – Ол ақпаратты қабылдайтын келесі датчик машинаның компьютерлік базасында орналасуы тиіс. Сол арқылы біз әңгіме етіп отырған тежегіштің іске қосылуы, рульдің оңға, не солға бұрылу механикасы жұмысын бастайды.

  • Те-ма-а! – Мырзан даурыға айқайлады. Өзге құрбылары ойланып қалды. Жауһар да мына сыныптастарының ізденістеріне сүйінгендіктен іш тартқандай көрінді.

  • Вакуумдағы энергия ше? – Мырзан қиыстан сауал тастады.

  • Оған көп ғылыми зерттеулер, сараптаулар керек. Ең бастысы соған лайық білімді меңгеру қажет.

  • Балалар, Жасынның осы табандылығын мен қуаттаймын, сендер де қолдаңдар. – Арқабай оң қолын көтеріп, сермеген күйі сөзін аяқтады.

  • Мен, осындай, әлден ғылым жолына түскен сыныптасымның барын мақтан тұтамын. – Бидай өңді Гүлназ ішкі ойын құрбыларынан жасырмады.

Сыныптастарының дені Жасын мен Дидарға сүйіспеншілікпен, бір жағы қызығушылықпен қарады.

– Алдағы мектептің президенті сайлауына Жасынның кандидатурасын ұсынайық! – Топтың артынан Әлімбек шіңгірлей бастама көтерді.



  • Аһ-һ, «Ақшақар», ұсынысың керемет-ақ екен! – Тағы да Мырзан тоңқ ете тіл қатты.

Құрдастары ерекше әппақ әрі қыздай нәзіктігіне қарай Әлімбекке «Ақшақар» деген жанама ат жапсырып берген, сол лақап атын лақ еткізді.

  • Керемет болмаса айтам ба, «Сифон»?!

Сыныптың іші ду күлді.

Сөйтіп, бірінші сабақ та аяқталды.


***

Соңғы кезде Жасын СМС хаттарды кейбір достарына ағылшынша жазады. Бір жағы хабар алмасады, бір жағы тілді іс жүзінде пайдалануға машықтанады. Білмей қалған жерде ғаламторға жүгініп, қажет сөзін қолма-қол таба қояды. Сөйтіп, қиындықтар кедергісінен оп-оңай өтеді. Дәл сондай әдісті тіл үйренушілер үшін қазақ тіліне де қолданса деп ойлайды. Бірақ, әлемдік ғаламтор жүйесіндегі порталдардың қожайындары бұған келісе ме екен? Алайда, соңғы бір ақпарларда қазақша-орысша-ағылшынша электронды сөздіктер интернетте ел игілігіне ұсынылды дегендей мағлұмдаманы оқып, қуанып қалғаны бар.

Ағылшын тілі курсына кетіп бара жатып, смартфонына «Helios» – «Күн нұры» деген сөзді жазды. Бұған «Man» – «Адам» дегенді қосса, «Man-Helios» болып шығады. Яғни, қазақша пайымға салса – «Мәңгілік күн нұрындағы адам», «Бақилық жарықтағы адам» дегенді білдіреді. Ал, кең көлемдегі ауқымды мағынасы – «Мәңгі Ел» («Manhel») болады.

Қазақстанның атауы Елбасы айтқандай «Қазақ Елі» болып, мәңгілік елге айналса, оны «Қазақия» дегеннен гөрі «Мәңгелия» деген өркениеттік үрдіске жақын тәрізді. Сонда, «Manhelіya» «Мәңгі күн нұры құйылған ел» деген ұғымды береді.

Бала қиялына елітіп, өз ойына өзі қуанып кетті. Достарына жаңа сөздің ағылшынша жазылу нұсқасын жіберіп, байқап көруге бекінді. Егер қолдау тапса, өзара кәдеге жаратпақ.

«Friends, attention! «Kazakhstan – Eternal Country – «Manhelіya». How do you look at this?!»2

Әп-сәтте виртуалдық әлемде «Manhelіya» деген сөз пайда болды. Ол күллі сыныптастарының қалтафонына келіп түсті. Заматында «Well done, Zhasyn!», «Congrats for new version!», «Sounds great!»3 деген жауаптар ағылды. Сөйтіп, жас өркендердің «Мәңгі Ел» мұратының төңірегіне топтаса түсуіне бір қадам жасалды.

Өткенде сынып сағатын жүргізу кезегі Жасынға тиген еді. Мектеп бағдарламасына сәйкес апта сайын тәлім-тәрбиелік және танымдық тұрғыда өтетін сабақты сынып жетекшісі арнайы кестемен бекіткен. Соған сай әр жұманы бір оқушыға міндеттеген. Оқушылар оны өздерінің ой-пайымы бойынша тақырып қойып, мұғалімнің мақұлдауымен қызықты әрі пайдалы шара ретінде өткізуге талпыныс жасайды. Бұл – балаларды ізденуге, көпшіліктің алдында ойын қорытып айтуға баулыса, екінші жағынан, қоғамдық шараларға араласу қабілетін шыңдайды.

Ол көбінесе пікір алмасу жағдайында өтеді. Әуелі, жауапты оқушы тақырыпқа сай мағлұмат беріп, мән-жайды кеңірек қозғайды. Одан кейін қосымша ойларын білдірмек балалар сөз алады. Жүргізушіге сұрақтар қойылады. Соңында сынып жетекшісі қорытып, кесте бойынша тиісті оқушыға келесі жұмада сынып сағатын жүргізетінін есіне салады.

Жасын сынып сағатының тақырыбын «Бүгінгі Қазақстан және жас өркен» деп алыпты.

– Қазақстанның өсіп-өркендеуі Тәуелсіздік мұратына сай жүргізіліп келеді. Ғасырлар бойы ата-бабамыз аңсап өткен ұлттық мемлекет құру ісі, біз дүниеге келерден сәл бұрын ғана жүзеге асты. Жас өркендер, біздер, Тәуелсіздігіміздің баянды болуы үшін не істеуіміз керек?

Сабақты жақсы оқу, ол – бірінші кезектегі міндет. Ал, бұл жолда негізгі қағидаларға селқос қарамағанымыз жөн деп ойлаймын. Ұлттық тәрбиеге жүгіне отырып, әдептілікті, ибалылықты бойымызға сіңірсек, соғұрлым елдігімізді баянды етеміз. Ана тілімізді, Мемлекеттік Туымыз бен Әнұранымызды қастерлеуіміз тиіс.

Кезіндегі Алаш қайраткерлерінің бірі, оқымысты-ғалым Халел Досмұхамедов бабамыздың негізгі мамандығы дәрігер еді. Дәрігер бола тұра ел оқымыстыларынан әрқашан ұлт тілін таза сақтауды талап етіп отырды. Өйткені, кемеңгер ғалым ана тілдің бұзылуына ең алдымен оқығандар себепкер болуы мүмкін екендігін әуелден аңғарған және соны «тілді шұбарласа – оқығандар шұбарлайды» деп, ескерткен. Сол кісінің айтқаны дәл келіп, негізгі құндылықтарға салқын қарауымыздың салдарын көріп отырмыз. Енді, біз, Мемлекеттік тілдің төңірегінде топтасқан қоғамды құруымыз қажет.

Біздің оқу орнымыз – қазақ мектеп-лицейі. Бірақ, бірқатар балалар өзара орысша сөйлескенді ұнатады. Ертең «Қазақ Елі» мемлекетін құрамыз, «Мәңгі Ел» боламыз деп алға мақсат қойдық. Ал, мемлекеттік тілде сөйлемей, оны қолданбай «Қазақ Елі» құрыла ма? Осы олқылықты жою жас өркендердің қолында ғой деп ойлаймын.

Бұл мәселе өте ауқымды, бір сынып сағатында тауысу мүмкін емес. Жалпы, қандай құндылықтарға талпынуымыз керек екені түсінікті деп санаймын. Сұрақтарыңыз болса, жауап беруге әзірмін.

Сөзін аяқтағанын білдіріп, сыныпқа назарын тікті.

Модераторлық тізгінді қолына алған жетекші:

– Кәне, кім қандай пікір қосады?– деді.

Гүлназ қолын көтерді.

– Жасынның айтып отырғаны орынды. Егер, қыздар ана тілінде сөйлесе, қоғамның бәрі қазақша сөйлеп кетеді деп ойлаймын. Себебі, ұрпақты тәрбиелейтін қыздар ғой. Әрбір ана бөпесіне қазақша тәлім-тәрбие берсе, бұл проблема өзінен-өзі шешіледі. Әйтпесе, жасыратыны жоқ, балалардың көбі үйлерінде орысша сөйлейді. Өйткені, аналары орыс тілді. Содан кейін мектепте де үйреншікті әдетіне басады.

Қыз ойын тұжырып, бөгелді.

– Тағы кім не айтады?

Мырзан қолын көтерді.

Сын айтқанда бәріміз шеберміз, бірақ өз бойымыздағы мінді байқамаймыз. Мысалы, Жасын СМС жазғанда тек ағылшын тілінде жазады. Қазақ тілінің қолданыс аясын қайтсек кеңейтеміз деп жатқанда, бұл дұрыс үрдіс деп ойламаймын.

Орнына сылқ етіп отыра кетті.

– Мен ағылшынша тілдің жазу амалдарын игере түсейін, өз арамызда да ол тілді қолдану ортасын қалыптастырайын деген оймен жазамын. – Жасын аққұба өңі сәл құбылып іркілді, – алайда, ана тілімде таза сөйлейтінімді білесіздер, мен үшін Мемлекеттік тіл – бірінші орында. Оны ешқашан ұмытпаймын.

Осы кезде Сара сөз алды.

– Бұл – Жасынның жеке басына тиісу. Мырзан өзі ағылшынша жетік білмегендіктен, кейде біздің СМС-терімізді түсінбей қалады. Сол үшін қазір оны мін ретінде ортаға салып отыр.

Сыныптың балалары ду күлді. Біразы мойындарын бұрып, Мырзан отырған жаққа қарады.

– Кім айтты мені ағылшынша білмейді деп?.. – Мырзан отырған орнынан барқ етті.

– Балалар, бір минут! – Өзінің староста екендігін осы қаратпа сөзімен естеріне салды ма, Жауһар алдыңғы партадан көпшілікке үн қатты. – Сынып сағатындағы талқыланып жатқан мәселе – қоғамдағы күрделі жайттардың бірі. Қуантатыны, соңғы кезде қазақ тілінде сөйлейтін балалар басым. Осы үрдіс қарқын ала береді деп ойлаймын. Бірақ, қоғамдағы үш тұғырлы тіл жөніндегі ұстаным, тек бір тілді ғана меңгерсең жетеді дегенді меңзеп тұрған жоқ. Сондықтан Жасынның, жалғыз Жасынның ғана емес, барлықтарыңның ағылшын тілін қажетті кезінде қолдануларыңды құптаймын. Оның үстіне біздің Жасын үш тілге де жүйрік. Осы ретте айтайын дегенім, шет тілін қайсыбіріміз осалдау білетін шығармыз. Ол үшін жазғырудың қажеті жоқ.

Сыныпта қозғалыс, толқу байқалды. Бейсауат дыбыстар естілді.

– Жауһар, отыра ғой, – деді мұғалім. – Бүгінгі тақырыпқа атсалысқандарыңа алғыс білдіремін. Сынып сағатын жекелеген балалардың тәртібіне не үлгеріміне арнамай, осындай үлкен нәрсеге баруымыз – біздің мектептің жетістігі. Сыныпта оқуы нашар не болмаса шектен шыққан бұзақылар жоқ. Осының өзі ұлттық мәдениеттің қалыптасып келе жатқанын көрсетеді. Көзқарастар мен пікірлердің әрқилылығы қашан да қоғамның қозғаушы тетігі болған. Сондықтан, бүгінгі ойларыңды қоғамның өсіп-өркендеуіне ықпал ететін идеялар деп есептеймін. Беталыстарың жақсы. Осымен сынып сағаты аяқталды, сау болыңдар.

Балалар өре түрегеліп, сыртқа беттеді.


* * *

Ертесінде әдеттегідей пән сабақтары жалғасты. Биология пәнінің мұғалімі табиғи тепе-теңдіктің өрескел бұзылғанын, осы бетімен жүре берсе экологиялық апаттардың тіршілік атаулыны жоятынын түсіндірді. Сабаққа әкелген көрнекі құралдары және интерактивті тақталарда көрсеткен материалдары адамға үрей тудырады. Жалпы жұрт бәрін қойып, жаппай бүгіннен бастап қатерлі зауалмен күресуі керектей әсер қалдырады.

Осы тұста әлдене шиқылдай жөнелді. Дауысы бәсең, бірақ жаның мен жүйкеңе тиіп, үстемелете безектейді.


  • Экологиялық СОС сигналы! – Мақсат екпіндете үн қатты.

Соңында бәрі дабыл белгісі екенін түсінді.

– Апай, – «Коала» қолын көтерді, – машинамды көріп келейінші, біреулер тиісіп жатқан сияқты.

– Қайдағы машина?! – Мұғалім түсінбей Мәлікке қарады. – Сен көлік жүргізіп жүрсің бе?



  1   2   3


©netref.ru 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет