Мемлекет басшысы Қазақ­стан хал­қына жолдаған биылғы Жолдауында ауылшаруашылық кешенін дамытуға басымдық берді. Осыған байланысты не айтар едіңіз?



Дата18.04.2016
өлшемі45.98 Kb.
Айқын. – 2014. - №26.- 14 ақпан

Күрішбаев А. С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры 
Мәселе ақшада емес...

 – Мемлекет басшысы Қазақ­стан хал­қына жолдаған биылғы Жолдауында ауылшаруашылық кешенін дамытуға басымдық берді. Осыған байланысты не айтар едіңіз?


– Агроөнеркәсіп кешені Қа­зақстан экономикасын дамытуда негізгі әрі болашағы зор сала болып табылады. Дүниежүзі бойынша халық санының өсуі қабілеті азық-түлік экспорттауға жететін мемлекеттердің мерейін үстем етіп отыр. Айы оңынан туып тұрған елдердің қатарында біз де бармыз. Дәл қазір Қазақстанда ауыл шаруа­шылығы саласына ерекше көңіл бөлініп, мемлекеттік қол­даудың түрлі тәсілдері қарас­ты­рылуда. Арнайы бағдарламалар мен жобалар әзірленіп, қаржы­лан­ды­рудың көлемі көбейтілуде. Статисти­калық деректер сала­ның тұрақты дамуын, өнімді­ліктің артқанын және сырттан мол инвестиция тартылып жат­қанын көр­сетіп отыр. Десек те, ауыл шаруашылығы экспор­тының құрылымына қатысты өзекті мәселе бар. Біз сыртқы сауда көлемі ұлғайған сайын тауардың бағасы өсетінін, соған сәйкес экспорт құры­лымына өзгеріс енгізілуі тиіс екенін ес­кермей отырмыз. 
– Мәселені шешу үшін не істеу керек? 
– Қазақстанда өндірілетін ауылшаруа­шылық өнімдерінің басым бөлігі әлемдік нарықтағы өнімдердің барлығымен бірдей бәсекелесе алмайды. Себебі ауыл шаруашылығындағы бәсе­кеге қабілет­тілік деңгейі өнім өн­діруде қолданылатын тех­нологиялар арқылы бағаланады. Бұл – біздің өнімдердің бәсін арттыру үшін ауыл шаруашылығы саласын ғылыми-инновациялық тұрғыда жаңғырту керек деген сөз. Мақсатқа жету үшін сала ма­ман­дары агротехнологияны жаңартып, елімізге жаңа сұ­рыптар мен будандарды әкелуді жалғастыра берулері қажет. Нәтижесінде, елімізде аграрлық зерттеу жүйесі қалыптасады. Президент биылғы Жол­дауында осы­ның барлығын на­зарға алып, агро­өнеркәсіп кешенін инновациялық бағытқа түсіру арқылы аграрлық ғылым­ды дамытуды және сынақ түрінде аграрлық-инновациялық клас­терлер құруды тапсырды. Енді уақыт оздырмай, іске кірісу керек. 
– Инновация саланың бәсекеге қабілеттілігін қаншалықты кө­тереді? 
– Сізге түсінікті болу үшін ауыл шаруа­шылығының әлемдік іс-тәжіри­бесінен бірнеше мысал келтірейін. Қа­зақстанмен салыс­тырғанда, Австралияда бидайдың өнімділігі екі есе көп. Мұның құпиясы неде деп ойлайсыз? Австралия ауылшаруашылық саласы бойынша әлемдегі ең үздік ғылыми-зерттеу жүйе­сін қалыптастырып, биотехноло­гияны үздіксіз дамыту арқылы сұрыптың сипат­тамасы бойынша ерекше түрлерін жасауға қол жеткізді. Жуырда Квинсленд университетінің ғалымдары дәстүрлі әдіспен сұрып жасауға жұмсалатын 15 жылды қыс­қартып, небәрі екі жарым жыл­дың ішінде бидайдың жаңа сұрпын ойлап тапты. Австра­лиялықтар агротех­нология мен селекция саласындағы то­лайым табыстарына инновация арқылы жетіп отыр. Олардың аграрлық ғылым­дағы ілкімді ізденістері әлемдік азық-түлік нарығында дәурен құруға ұйытқы болуда. 
Мал шаруашылығы саласына тоқта­латын болсақ, АҚШ, Франция, Канада мемлекеттері ірі қара малдың сапасын арттыру ісін шетелден асыл тұқымды мал әкелу жолымен емес, тұқымдық құрамға геномдық сұрыптау жүр­гізу арқылы шешіп жатыр. Олар генотиптің ерекшелі­гімен танысқаннан кейін әр малдың әлеуетін төл кезінен бастап арт­тырып оты­рады. Ал табынның асыл тұқымды құн­дылығын же­дел көтеру үшін жаңа репро­дук­тивті технология қолданады. Кейін будандастыру арқылы өздері қалаған табынды қалып­тастырады.
– Заманауи тәсілдерді қол­данып, нақты нәтижеге қол жеткізгендердің көр­сеткіші қан­дай? 
– Франция геномдық сұрып­тау ар­қылы соңғы 20 жылда сүттің көлемін бір сиырға шақ­қанда жылына 1,5 есеге арт­тырды. Олар нәтижелерін еселеп қана қоймай, сүттің сапасын бұрынғысынша сақтап қалды. Нидерландияның жер көлемі Алматы облысының бестен бір бөлігіндей ғана болса да, жылына экспортқа құны 50 млрд АҚШ долларын құрайтын ауыл­шаруа­шылық өнімін шығарады. Бүгінде бұл ел дүниежүзі бойын­ша АҚШ-тан кейінгі орындағы экспортер саналады. 
– Таңдай қақтыралық дерек екен. Мұның сыры неде? 
– Нидерландияда жеке ауыл­шаруашылық министрлігі де жоқ. Алайда олар жоғарыда­ғыдай дәрежеге жетіп отыр. Себебі мемлекет Вагенинген зерт­теу университетімен тығыз байланыс орнатқан. Оларда ауыл шаруашылығы саласының көкейкесті мәселелерін шенеуік­тер емес, ғалымдар шешеді. 
Вагенинген университеті ұлттық агроинновациялық клас­тер ұйым­дастырудың жемісті құрылымы болып табылады. Оны Нидерландияның «Азық-түлік алқабы» деп атап, АҚШ-тың та­нымал Силикон алқа­бымен салыс­ты­рады. Аталмыш орталықтың кешеніне ғылыми-зерттеу институты, технопарк және Вагенинген университеті бірік­ті­рілген.
– Өте қымбат жоба секілді ғой... 
– Бұл жерде мәселе ақшада емес, тиім­ділікте. Осыған дейінгі зерттеулер ауыл шаруашылығын тікелей инвес­тициялағаннан гөрі аграрлық ғылымға қолдау көрсеткен әлдеқайда ұтымды еке­нін көрсетті. 1992 жылдың өзінде Канада ғалымдары ауыл шаруашылығын зерт­теуге жұм­салған әр доллардың көбею көрсеткіші 40 долларға тең екенін дәлелдеген. Ауыл шаруашылығы мықты дамыған мемлекеттердің бар­лығы аграр­лық ғы­лымды дамы­туға басымдық бе­реді. Олар­дың ғылымы мемлекеттің сая­са­тымен біте қайнасады. Бізде де осылай болуы керек. 
Қалай ойлайсыз, біз ауыл шаруашы­лығы саласын зерттеуге түбегейлі бет бұра аламыз ба? 
– Дәл қазір бұл сала тұтқасы жоқ ша­ба­данды еске түсіреді. Лақтыруға қи­майсың, қолдана да алмайсың. Ауыл шаруашы­лығы саласының екінші тыны­сын ашу үшін бюджеттен бөлі­нетін қар­жының көлемін ұл­ғайтса жеткілікті деп ойлауға болмайды. Осындай ой болатын болса, алысқа бармаймыз. Қа­зақстанның аграрлық ғылымын ұйымдастыруға өз­геріс қажет. Біз ауыл шаруашылығын зерт­теу бойынша әлемнің жетекші мем­лекеттерінен қалып келеміз. Күні бүгінге дейін білікті маман­дарымызды, біртұтас ғылыми бағыттарымызды жоғалтып ал­дық. Олқылықтың орнын тол­тыру үшін ғылыми мекемелер құруымыз керек. Бұл мәселені біз өз күшімізбен шеше алмай­мыз. Сондықтан Назарбаев университеті секілді әлемнің жетекші ғылыми ор­талықтары­мен бірлесе отырып, дарынды жастарымызды ауыл шаруа­шылығы ғылымын дамытуға тартуға тиіспіз. 
– Ауыл шаруашылығы са­ласына Назарбаев университетінің тәжірибесін енгізу мүмкін бе? 
– Әрине, қазіргі уақытта аграрлық ғы­лым мен жоғары білімді ұйымдасты­рудың оң­тайлы тәсілі – зерттеу универ­ситеттері болып тұр. Зерттеу универ­ситеттері инновация­ларды тәжірибеде қолданатын және саланы технологиялық модер­низациялауды жүзеге асыра алатын мамандарды даярлауға мүмкіндік береді. 
Бүгінгі таңда Австралия мен Нидер­ландияда аграрлық ғы­лымды зерттейтін универси­теттер өте көп. АҚШ, Канада, Ұлы­британия мемлекеттері осы салаға қатысты жоғары оқу орындарының санын көбейтіп жатыр. Біз де осындай қа­дамға баруымыз керек. Сонда аграр­лық зерттеу университеттері Қазақ­стан­дағы жаңа агроиннова­циялық кластер­дің өзегіне айна­лады. 
– Өзіңіз басқарып отырған жоғары оқу орны жаңа агроинно­вациялық кластердің орталығы бола ала ма?
– Әрине. 2013 жылдың ма­мыр айында өткен шетел инвес­торлары кеңесінің отырысында Президент бізге нақты тап­сырма берді. Соны орындау мақсатында біз Қазақ агротехникалық уни­верситетін аграрлық зерттеу уни­­верситетіне айнал­дыруға кірістік. Қазір қолда бар күштің бар­лығын оқу ордамызды шын мәні­сін­дегі агроинновациялық кластер орта­лы­ғына айналдыруға жұмылдырып жатыр­мыз. 
– Әңгімеңізге рақмет.


Достарыңызбен бөлісу:


©netref.ru 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет