Мүмін әйелдерге қатысты үкімдерге ескертулер


-бөлім Мұсылман әйелдің намазына байланысты үкімдер



бет3/8
Дата28.04.2016
өлшемі1.15 Mb.
1   2   3   4   5   6   7   8

5-бөлім

Мұсылман әйелдің намазына байланысты үкімдер

Әй мұсылман әйелі, намазыңды өз уақытында оқуға және оның шарттарын, рүкіндері мен уәжіптерін толық орындауға тырыс. Аллаһ тағала мүміндердің аналарына: «Намазды толық орындаңдар, зекетті тиістілерге беріңдер және де барлық істерде Аллаһ және оның елшісіне бойұсыныңдар!»[64]-дейді.Бұл мұсылман әйелдердің барлығына қатысты жалпы үкім.

Намаз Ислам рүкіндерінің екіншісі және намаз исламның негізгі тірегі болып табылады. Намазды тастаған адам кәпір болады, өйткені намазы болмаған ердің де әйелдің де діні жоқ. Намазды уақытынан шарғи үзірсіз кешіктіру — оны жоғалтумен тең. Аллаһ Құранда: «Сонан соң бұл пайғамбарлардан кейін орындарына намазды жоғалтып, нәпсілеріне ергендер келді. Олар жақында «ғойға» тасталады. Тек қана тәубе етіп, иман келтіріп және игі амал қылғандар ғана азапқа жолықпайды. Олар жәннатқа кіреді және оларға ешбір зұлымдық етілмейді»[65]-дейді.

Ибн Касир тәпсір ғұламаларынан аяттағы «намазды жоғалту» сөзінің мағынасын — оның уақыты шыққаннан кейін оқу себепті намаздың уақытын жоғалту деп айтқан. «Ғой» сөзін: «қайғы» және «тозақтағы бір шұңқыр» деген.

Намазда әйелдің өзіне арналған, еркектерден бөлек жеке үкімдері бар:

1) Әйел азан және иқомат айтпайды, өйткені азан жоғары дауыспен айтылады. Әйелдің дауыс көтеруі мүмкін емес. Ибн Қудама «Муғни» кітабында (2/68): «Бұнда келіспеушілікті білмейміз»-деген.

2) Намазда әйелдің барлық жері әурат. Тек жүзі, қолы және аяғының әурат екенінде ихтилаф[66] бар. Бұл жағдай бөтен еркек жоқ жерде, ал егер бөтен еркек көретін болса, түгел денесін жабу уәжіп. Сондай-ақ намаздан басқа кезде де бөтен еркектерден жабылуы уәжіп болады. Сондықтан намазда басын, мойынын, басқа да дене мүшелерін, тіпті аяғын жабу керек.

Пайғамбар (саллаллаһу алейһи уә сәлләм): «Аллаһ балағатқа жеткен әйелдің намазын химарсыз қабылдамайды»[67]-деген.

Умму Салама (оған Аллаһ разы болсын) Аллаһтың елшісінен (саллаллаһу алейһи уә сәлләм): «Әйел адам дирғ[68] және химар[69] киіп изарсыз[70] намаз оқуына бола ма?»-деп сұрайды. Сонда ол: «Иә, егер ұзын болып аяғының ұшына дейін жауып тұрса»[71]- дейді.

Осы екі хадис намазда бас пен мойынды жабуға дәлел болады, Айша анамыздың хадисінде келгеніндей. Және Умму Саламаның хадисі бойынша намазда барлық жерін, тіпті аяғының ұшына дейін жабу шарт етіледі. Егер бөтен еркек көрмесе жүзді ашуға рұқсат. Өйткені білім иелері осыға келіскен.

Шейхул Ислам ибн Таймия айтады: «Әйел жалғыз өзі намаз оқыса ол химар киюге бұйырылған. Ал намаздан тыс уақытта өз үйінде болғанда басын ашуына болады. Намазды зейнеттеніп оқу Алланың ақысы. Осыған орай Қағбаны түнде жалғыз өзі болса да киімсіз тауаф ету мүмкін емес. Сондай – ақ намазды жалғыз болса да киімсіз оқымайды. Намазда әурет есептелген мүшелердің назардағы әуретке байланысы жоқ. Сол сияқты назардағы әуреттің намаздағы әурет болатын орынға еш қатысы жоқ». Сөз соңы. (Фатауалар жинағы:22/113-114)

Муғни кітабында (2/328): «Күң емес әйелдің[72] басқа денелері болса, оны намазда жабу уәжіп болады. Егер оның денесінің бір бөлігі ашылып қалса, намазы дұрыс емес. Тек аз көлемде болса ештеңе етпейді. Бұны имам Мәлік, Аузағи және Шафиғи айтқан»-деді.

3) Муғни кітабында: «Әйел рукуғ және сәжде қылғанда шынтақтарын денесінен ажыратпайды, бәлкім жинақы болады. Отырғанда тауаррук[73] және ифтирош[74] қылудың орнына малдас құрып немесе аяқтарын оң жағына қарай созып отырады.

Имам Науауй «Мажмуғ» атты кітапта: «Имам Шафиғи (оны Аллаһ рақым етсін) «Мухтасарда» былай дегенін айтқан: «Намаз амалдарында еркек пен әйелдің арасында айырмашылық жоқ. Тек әйелге намазда жинақы болуы және сәждеде шама келгенше сандарын іштеріне жабыстырып жинақталуы мустахаб. Бұны рукуғте әрі жалпы намаздарда істеуі өзіне жақсырақ болады»-деген. Сөз соңы.

4) Әйелдердің бірі имам болып жамағатпен намаз оқулары.

Бұл мәселеде ғұламалардың арасында болады және болмайды деген келіспеушіліктер бар. Олардың көпшілігі оны болады дейді. Себебі Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) Умму Уароқаға үйінде имам болуға бұйырған. Кейбір ғұламалар бұны мұстахаб емес десе, енді бірі мәкруһ, ал кейбірі нәфіл намазда ғана, парыз намазда емес дейді. Мен өзім бұл мәселеде олардың бірі имам болулары мустахаб деген сөз басымырақ-ау деймін. Қосымша мәлімет алу үшін «Муғни:2/202» және имам Науауйдің «Мажмуғ:4/84-85» кітаптарын қарап көріңіз.

Әйел адам егер бөтен еркек естімесе, намазды дауыстап оқиды.

5) Әйелдерге еркектермен бірге намаз оқулары үшін үйлерінен шығуларына болады. Ал олардың үйде оқыған намаздары өздері үшін жақсырақ болады.

Имам Муслим өзінің «Сахих» атты кітабында пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) «Аллаһтың құлы әйелдерді Аллаһтың мешіттеріне барудан тыймаңдар»-деген хадисін риуаят еткен. Тағы бір хадисте: «Әйелдерді мешітке шығудан қайтармаңдар. Ал үйлері олар үшін жақсырақ»-деген.

Әйелдердің үйде қалулары және олардың үйдегі намаздары олардың көзге түспеулері үшін оларға жақсырақ болады.

Егер мешітке намазға шығатын болса, төмендегі әдептерге мән беруі керек:

1-Көйлекпен және хижабпен денесін толық жабуы.

Айша (оған Аллаһ разы болсын): «Әйелдер Аллаһтың елшісімен бірге намаз оқитын еді. Кейін бастары мен денелерін жабатын көйлектерімен оранған күйде үйлеріне қайтатын. Оларды ешкім қараңғылықтан білмей қалатын еді»[75]-деді.

2-Иіс су қолданбай шығуы.

Пайғамбар (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) айтады: «Аллаһтың әйел құлдарын Аллаһтың мешіттерінен қайтармаңдар. Олар мешітке шықса иіс су себінбей шықсын»[76]-деді.

Абу Хурайрадан (оған Аллаһ разы болсын) жеткен хадисте пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) айтады: «Қандай бір әйел әтір себінген болса, бізбен бірге ақырғы иша[77] намазын оқымасын»[78]-деді.

Имам Муслим Ибн Масғудтың әйелі Зәйнабтың хадисінен:«Егер сендердің біреулерің (әйелдер) мешітке барсаңдар, онда иіс су жағынбаңдар!»-дегенін риуаят еткен.

Имам Шаукани «Найлул Аутар» атты кітабында: «Бұл хадисте әйелдердің мешіттерге шығулары тек фитна не фитнаны қозғайтын әтір сияқты нәрселердің болмаған жағдайда ғана рұқсат етілетіндігіне дәлел бар»-деді. Кейін: «Хадистерде еркектердің әйелдеріне мешітке шығуларына рұқсат етулері – егер олар фитнаға шақыратын иіс су сияқты, білезік, моншақ, не кез-келген басқа зейнет түрлерін тағынбаса[79] ғана болатыны айтылды»-деді. Сзө соңы. (3/140141)

3-Зейнеттелген киім және асыл тастар тағынбау.

Мүміндердің анасы Айша (оған Аллаһ разы болсын) айтты: «Егер Алланың елшісі (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) әйелдерден біз көргенді көргенде Исрайл ұрпақтары әйелдерін қайтарғандай оларды мешіттен қайтаратын еді»[80]-деді.

Имам Шаукани «Найлуль Аутар» кітабында Айша анамыздың (оған Аллаһ разы болсын): «Біз көргенді көргенде» - деген сөзін: «Әдемі киім киюлері, иіс су себінулері, зейнеттелу және ашық-шашық болулары, ал пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) заманындағы әйелдер бастан киіліп баспен денені толық жабатын қалың бұлдардан тігілген киімдерге оралып шығатын еді»- деді.

Имам Ибн Әл-Жаузий (оған Аллаһтың рақымы болсын) «Әйелдердің үкімі» кітабының 39-бетінде: «Әйел кісіге мүмкіндігі болғанша сыртқа шығудан сақтанғаны дұрыс. Өйткені өзі фитнадан аман қалса да, өзгерлер одан аман қалмайды. Егер шығуға мәжбүр болса, күйеуінің рұқсатымен қарапайым көріністе шығады және өзінің жолын көше, базарлардан ұзақ тұтып, адам аз жерлермен жүреді. Жолдың қақ ортасымен емес, бәлкім жолдың шетімен жүріп, өзгеге даусын естіртуден сақтанады»-деді.

4-Егер әйел кісі жалғыз болса, ер кісілердің артына жеке сапқа тұрады. Анас (оған Аллаһ разы болсын) Аллаһтың елшісімен (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) бірге намаз оқыған хадисінде: «Мен және жетім бала Пайғамбардың(саллаллаһу алейһи уә сәлләм) артында тұрдық, біздің артымызда кемпір тұрды»[81]-деді.

Анастан (оған Аллаһ разы болсын) келген басқа хадисте: «Мен және жетім бала біздің үйде Пайғамбардың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) артынан намаз оқыдық, анам Умму Сулайм біздің артымызда тұрды»[82]-деді.

Егер әйел кісілер бірден көп болса олар ер кісілердің артынан бір немесе бірнеше сап түзеп тұрады. Өйткені Пайғамбар (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) ер кісілерді сосын жас балаларды, олардың артынан әйелдерді қоятын еді. Имам Ахмад Абу Һурайрадан (оған Аллаһ разы болсын) жеткізген хадисінде: Пайғамбар (саллаллаһу алейһи уә сәлләм): «Еркектер саптарының ең жақсысы әуелгісі, ең жаманы ақырғысы. Әйелдер саптарынын ең жақсысы ақырғысы, ең жаманы әуелгісі»[83]-деген. Осы екі хадисте әйелдер ер кісілердің артында тұратынына дәлел бар. Егер ер кісілердің артында намаз оқитын болса, намаздарды жеке дара оқымайды. Мейлі ол парыз намаз болсын немесе тарауих болсын.

5-Егер имам намазда жаңылып ұмытса, әйел кіс шапалақ қағып ескерту береді. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм): «Егер намазда бір нәрсені байқасаңдар, еркектер «субхана Алла» десін, ал әйелдер шапалақ ұрсын»[84]-деді. Бұл шапалақ имамның намазда жаңылған кезінде әйелдер үшін рұқсат етілді. Өйткені әйел кісінің дауысы еркектерге фитна. Сондықтан сөйлеместен шапалақ ұруға бұйырылды.

6-Егер имам намаздан кейін сәлем берсе әйел кісілер мешіттен шығуға асығады. Ал ерлер олармен араласпас үшін отыра тұрады. Умму Салама риуаят еткен хадисте: «Әйелдер парыз намаздың сәлемінен кейін дереу тұрып кетер едік. Ал Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) және намаз оқыған еркектер біраз уақыт отыратын. Егер Аллаһтың елшісі тұрса, басқа кісілер де тұратын еді»[85]-дейді.

Имам Әз-Зуһри: «Бұны — әйелдер мешіттен шығып үлгерулері үшін істеген деп білеміз. Аллаһ білушірек!»[86]-деген.

Имам Шаукани «Найлуль-Аутар» кітабында: «Хадисте имамның жамағаттың ахуалдарына мән беріп, қайтарылған істерге апару мүмкіндігі болған нәрселерге ықтият болуы әрі күдік тудыратын жерлерден ұзақ болудың мустахаб екеніне дәлел бар. Сондай-ақ хадис еркектердің әйелдермен үйді қойып жолдарда араласулары мәкруһ екеніне дәлел болады»-деді. Сөз соңы. (2/326)

Имам Науауи «Мажмуғ» кітабында (3/455): «Әйелдер жамағат намазында ер кісілерден бірнеше істерде ерекшеленеді:

Жамағат намазы әйелдерге еркектерге қатаң бекітілгендей бекітілмейді.

Имамдары орталарында тұрады, алға өтпейді.

Олардың бірі ер кісінің жанында емес, артында тұрады.

Егер еркектермен сапта тұрып намаз оқитын болса олар үшін ақырғы саптары әуелгісінен абзал»-деді. Сөз соңы.

Жоғарыда айтылғаннан әйел мен ердің араласуы харам екені білінеді.

7- Әйелдердің айт намазына шығуы.

Умму Атия (оған Аллаһ разы болсын!) айтты: «Аллаһтың елшісі(саллаллаһу алейһи уә сәлләм) бізге ораза мен құрбан айтта жас қыздарды, хайз әйелді және бойжеткен қызды шығаруды бұйырды. Хайз әйел намаз оқымай, жақсылыққа және мұсылмандардың дұғасына куә болады»-деді. Тағы бір риуаятта «Намаз оқитын жерден алшақтайды»[87] деген.

Имам Шаукани: «Бұл хадис және одан басқа да осы мағынадағы хадистер әйелдердің екі айттта намаз оқитын жерге шығулары шариғатталғандығын көрсетеді. Ол әйелдер қашан идда кезінде болмаса, не оның сыртқа шығуында фитна не басқа да үзірі болмаса, ер көрген не көрмеген, жас не кәрі не етеккір әйелдердің арасында айттарға шығуында айырма жоқ». Сөз соңы. (Найлуль-Аутар 3/306)

Шейхуль Ислам ибн Таймия «Фатуалар жинағында» (6/458-459): «Расында пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) мүмін әйелдерге олардың үйдегі оқыған намаздары олар үшін жұма мен жамағат намаздарына қатысуларынан көре жақсырақ екенін айтты. Оларға тек айт намазына шығуларына бұйырды.



Аллаһ білушірек, пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) әйелдерді айтта шығуға бұйырғанында бірнеше себептер болуы мүмкін:

Біріншіден: Айт намаз жылына екі-ақ рет, ал жұма мен жамағат намазы ол сияқты емес.

Екіншіден: Айт намаздың орнына үйде оқитын намаз жоқ, ол жұма және жамағат намазынан басқаша, өйткені оның үйіндегі жұма күнгі бесін намазы жұма болып есептеледі.

Үшіншіден: Айт намазы — Аллаһты зікір ету үшін қаланың сыртындағы алаңға шығу. Сондықтан ол кейбір жағынан қажылыққа ұқсайды. Сол үшін қажылық маусымында үлкен айт қажыларға тура келеді»-деді. Сөз соңы.

Шафиғалар айтқа шығатын әйелді әдемі болмауы керек деп шектеген.

Имам Науауй «Мажмуғ» кітабында (5/13): «Шафиғи және оның серіктері: «Көрікті болмаған әйелдерге айт намазына келулері мустахаб болады. Ал әдемі әйел болса, оларға айтқа келулері мәкруһ»-деген. Кейін айтты: «Әйелдер егер шығатын болса, қарапайым киім киіп шығулары мустахаб және өздерін көзге түсіретін киім кимейді. Оларға жәй сумен тазаланулары мустахаб етіледі, ал әтір қолданулары мәкруһ болады. Бұл айтылғандардың барлығы қартайған, оларға ешкім қызықпайтын және солардың қатарына жататын әйелдерге қатысты. Ал енді жас және әдемі әрі оған қызығушылық туатын қыздарға айтқа келулері мәкруһ болады. Өйткені бұнда олардың өздеріне және олар себепті басқалардың фитнаға тап болу қаупі бар.

Егер бұл жоғарыда айтылған Умму Атияның хадисіне теріс келеді делінсе, біз оған Айша анамыздың Бухарий мен Муслимде келген хадисті айтамыз: «Егер Алланың елшісі әйелдердің қазіргі істегендерін көргенде, оларды Исрайл ұрпақтары әйелдерін қайтарғандай қайтарар еді». Өйткені бұл ғасырлардағы фитналар және жамандық себептері, әуелгі ғасырға қарағанда көбірек. Аллаһ білушірек!»-деді. Сөз соңы.

Ал біздің ғасырымызда одан да қаттырақ.

Имам ибн Жаузий «Әйелдер үкімі» кітабында[88]: «Әйелдің шығуы мубах екенін айттық. Бірақ егер олар себепті не олардың өздеріне фитна қаупі төнсе, сыртқа шығудан тартыну абзал болады. Өйткені әуелгі ғасырдың әйелдері қазіргі заман әйелдерінің көрген тәрбиесіндей емес еді. Еркектер де сол сияқты»-деді. Сөз соңы. Яғни бұрынғылар үлкен сақтық иелері еді.

Осы айтылған сөздерден шығатын қортынды:

Ей мұсылманның қыздары! Сенің айт намазға шығуың шарғи түрде рұқсат. Бірақ шарттарды орындаумен, сипайлықпен, Аллаһқа жақындауды үміт етіп және мұсылмандардың дұғасына қатысу үшін. Сондай-ақ Ислам амалдарын көрсету үшін болуы шарт. Бұдан мақсат өзінің көркін ұсыну және фитнаға топ болу емес. Осыны ескер!

6-бөлім

Жаназа бабындағы әйелге қатысты үкімдер

Аллаһ Тағала барлық адам баласына өлім жазды. Мәңгілік қалатын тек қана Аллаһ Тағала. Бұл жайында Аллаһ Тағала Құранда былай дейді: «Ұлы дәрежеге ие әрі жомарт Раббыңның өзі қалады».[89]

Адам баласының жаназалары, оны тірілерге орындауы уәжіп болатын үкімдермен ерекшеленген. Бұл бөлімде жаназада әйелдерге байланысты нәрселерді атап өтеміз.[90]

1) Өлген әйелді әйелдер жуулары керек.

Оны өзінің күйеунен басқа еркектерге жууларына болмайды. Бірақ еркекке өзінің әйелін жууына болады. Өлген еркекті еркектер жуындырады. Оны өзінің әйелінен басқа әйелдердің жуындыруына болмайды. Әйелге өзінің күйеуін жуындыруына болады. Себебі Али (оған Аллаһ разы болсын) өзінің әйелі, Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) қызы Фатиманы жуған және Умайс қызы Айша (оларға Аллаһ разы болсын) өзінің күйеуі Абу Бакр Сыддықты (оған Аллаһ разы болсын) жуған.



2) Әйел адамның бес ақ матаға кебінделуі абзал.

Олар: киетін изары,[91] әйелдің басына жамылатын жамылғы, көйлегі және осылардың үстінен орайтын екі ақ мата. Өйткені Ләйлә Сақофия (оған Аллаһ разы болсын) риуаят еткен хадисте: «Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) қызы Умму Күльсумнің қайтыс болған кезінде оны жуушылардан болдым. Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) бізге берген нәрсенің алғашқысы хиқо (изар) кейін камзол, кейін жаулық, кейінгісі мильхафа (жамылғы) еді. Сосын бұдан кейін оған басқа көйлек оралды» - деді.

Имам Шауканий «Найлуль Аутар» атты кітабында(4/42): «Хадис әйел адамның кебінінде шариғат бойынша: изар, камзол, жаулық, милхафа (жамылғы) және дурж[92] болуы керектігін көрсетеді» - деді. Сөз соңы.

3) Өлген әйелдің шашына байланысты істер.

Қайтыс болған әйелдің шашы үш өрім қылынады да артына тасталынады. Өйткені Умму Атия (оған Аллаһ разы болсын) Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) қызын жуу сипаты жайындағы хадисінде: «Оның шашын үш өрім қылып өрдік те, артына тастадық» - деді.



4) Әйелдердің жаназаға еру үкімі.

Умму Атия (оған Аллаһ разы болсын) былай деді: «Жаназаға еруден қайтарылдық, және бізге бұл бүтіндей тыйым етілмеді»[93]

Бұл хадистегі әйелдерді жаназаға еруден қайтарудың сыртқы көрінісі оның харам екендігін білдіреді және Умму Атияның (оған Аллаһ разы болсын): «Бізге бұл бүтіндей тыйым етілмеді»- деген сөзі жайында Шайхуль Ислам фатуалар жинағында (24/355) былай деді: «Умму Атияның сөзінен болған мақсаты — тыйым қуатталмады деген болуы мүмкін. Бірақ бұл оның харамдығын жоймайды. Умму Атия бұл қайтаруды харам болған қайтару емес деп ойлаған болуы да мүмкін. Дегенмен дәлел Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм)сөзінде, басқа біреудің ойында емес».

5) Әйелдерге қабірлерді зиярат етудің харамдығы.

Абу Хурарйрадан:«Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) қабірлерді зиярат етуші әйелдерді лағанеттеді»[94] - деген хадис риуаят етілді.

Шайхул Ислам Ибн Таймия: «Расында әйел үшін бұл есік ашылатын болса, әйел затында әлсіздік пен шыдамсыздықтың басым болғандығы себепті, сондай-ақ онда сабырдың кемдеу болғандығы үшін қабірлерді зиярат ету — әйелді (қабірдің басында) қайғыруға, өлікті жоқтауға және жылап-сықтауға апаратыны белгілі. Сондай-ақ әйелдің қабірдің басында жылауы — өліктің зиян шегуіне әрі еркектердің оның даусын естіп және түрін көрумен фитналануына себеп болады. Өйткені басқа хадісте пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм): «Расында сендер еркектерді фитналандырасыңдар әрі өлікке аза келтіресіңдер» - деген.

Қабірге бару және өлік үшін дұға тілеу сауапты іске жатады. Бітақ ол жерге барып өлікті жоқтап жылау және фитнаға тап болу одан да үлкен күна болып табылады. Сондықтан бір сауапты іс істеймін деп одан да үлкен күнаға түспеу үшін қабірлерге барудан қайтарылады.

Бөгде әйелдің ішкі зейнетіне қарау фитна болғандығынан оның харам етілуі сияқты, сондай-ақ онымен жеке қалудың харамдығы және тағы бұдан басқа да бөгде әйелдерге көз тігу харам етілгеніндей, харамға апаратын жолды тосу мақсатында әйелдердің қабірлерді зиярат етулері харам етіледі.

Әйелдердің қабірлерді зиярат қылуында бұл зиянға қарсы келетіндей бір пайда жоқ. Өйткені әйелдің қабірді зиярат етуінде өлікке дұға қылуынан басқа еш нәрсе жоқ. Ал дұғаны әйел үйінде де сұрауына болады». Сөз соңы. Фатуалар жинағы (24/355/356)

6) Мәйітті жоқтаудың харамдығы.

Мәйітті жоқтаудың харам етілген түріне — ол үшін қайғырып даусты көтеріп жылау, киімін жырту, бетін ұру, шашты жұлу, жүзін қаралау және оны тырнау жатады. Сондай-ақ қайғы тілеп дұға қылу және тағы сол сияқты бұдан өзге де Аллаһтың үкімі мен тағдырына шыдамсыздық пен сабырсыздықтың жоқтығына дәлел ететін істерді істеу — мәйітті жоқтаудың тыйым салынған түрі болып табылады. Бұл істер харам етілген және үлкен күнәға жатады. Өйткені Имам Бухарий мен Муслимнің «Сахих» атты кітаптарында риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм): «Бетін ұрған, жағасын жыртқан және надандық дәүірінің істерін істеген адам бізден емес» - деді.

Осы кітаптарда келген басқа хадисте Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм): «Қайғы кезінде даусын көтеретін, шашын жұлатын және киімін жыртатын әйелден аулақпын» - деген.

Сахих Муслимде «Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) жоқтау айтушы әйелді және оны тыңдаушы әйелді лағынетттеді» - деген хадис риуаят етілген. Яғни: өлік жырын тындауды мақсат еткен және оны жақсы көретін әйел.[95]

Әй мұсылман әйелі, қайғыға жолыққан кезіңде саған бұл харам істерден аулақ болу және қиыншылыққа сабыр сақтап Аллаһтан сауап үміт етуің уәжіп болады! Өйткені сонда ғана қайғы-қасірет сенің күналарыңды өшіреді және жақсы амалдарыңды көбейтеді.

Аллаһ Тағала айтады: «Әрине, сендерді қауіп-қатер, ашаршылық және малдардан, жандардан сондай–ақ өнімдерден кеміту арқылы сынаймыз. (Мұхаммед, сондай жағдайларда) сабыр етушілерді қуандыр! Қашан оларға бір қайғы жетсе олар: «Шын мәнінде біз Аллаһқа тәнбіз, әрі оған қайтушымыз» - дейді. Міне соларға, Раббылары жақтан жарылқау және марқамет бар. Әрі олар тура жолдағылар»[96].

Әрине, өлім кезінде жыласа болады. Бірақ жоқтау айтып қайғыруға, харам істер істеуге және Аллаһтың үкімі мен тағдырына ашулануға болмайды. Өйткені жылау — мәйітке деген мейірімділік және жүректің жұмсаруы және жылауды адам қайтара алмайды. Сондықтан өлім кезінде жылау мубах, кейде мустахаб та болуы мүмкін.

7-бөлім

Ораза бабындағы әйелге қатысты үкімдер

Рамазан айында ораза тұту әр мұсылман ер мен әйелге парыз. Сондай-ақ ол исламның бір рүкіні және оның ұлы негізі. Аллаһ Құранда: «Әй мұміндер, сендерге ораза бұрынғыларға парыз етілгендей парыз қылынды. Әрине сақсынарсыңдар»[97] - деді.

Егер қыз бала балағат жасына жетсе, оған ораза тұту уәжіп болады. Оның балағатқа толғанын балағат белгілерінің бірінің пайда болуымен білуге болады. Ол белгілердің бірі – қыздың етеккір көруі. Ол етеккірді тоғыз жасында көруі мүмкін.

Көп қыздар етеккір келуімен оған ораза парыз болғанын білмейді де, өзін кішкентаймын деп ойлап ораза тұтпайды. Және ата-анасы да оған ораза тұтуды бұйырмайды. Бұл ислам рүкіндерінің бірін тастағандығы үшін өте үлкен кемшілікке жатады.

Кімде-кім осы жағдайға тап болса, оған етеккір басталғаннан бастап тұтпаған оразаның қазасын өтеуі керек. Егер оны тастағанына көп уақыт өтсе де, оны өтеу керек болады, өйткені ол оның мойнындағы қарызы болып қалады[98].

Рамазанда ораза тұту кімге парыз?

Егер Рамазан айы келсе, әрбір балағатқа толған, денсаулығы дұрыс, тұрғылықты[99] мұсылман ер мен әйелге ораза тұту парыз болады. Ал кім осы айда ауыру не сапарда болса, аузын ашады және сол аузын ашқан күндердің қазасың басқа күні өтейді. Аллаһ Құранда: «Сендерден кім Рамазан айында болса, ораза тұтсын. Ал біреу науқас немесе сапарда болса, басқа күндерде орнын толтырсын» - деді[100]. Сол сияқты кімде-кім Рамазан айы келгенде ораза тұтуға шамасы келмейтін кәрі шал, немесе алдағы уақыттарда оның жазылуы үміт етілмейтін науқас әйел немесе ер болса, ол ораза тұтпайды. Бірақ әр күнге бір міскінді тамақтандырады. Тамақ мөлшері өз елінің қоректенетін азығанан жарты соғ (1,125г) болуы керек. Аллаһ Құранда: «Ораза ұстауға қиналатындар бір міскін азығы мөлшеріндегі тағамды төлеп берулері қажет» - деді.[101]

Ибн Аббас (оған Аллаһ разы болсын): «Бұл аят – денсаулығының түзелуі үміт етілмейтін кәрі адам жайында түсірілді» - деді102.

Ауыруының жазылуы үміт етілмейтін науқас адам — кәрі адам үкіміне жатады. Ол екеуіне мүмкіндіктері болмағандықта- рынан, оларға оразаның қазасын өтеу қажет емес.

Әйел адам Рамазанда аузын ашуына рұқсат етілетін үзірлермен ерекшеленеді. Ол сол үзірлер себепті аузын ашқан күндердің қазасын басқа күндерде өтейді.


: files -> book -> kaz -> fikh
fikh -> Умра мен қажылық жасаушыларға арналған жаднама Дайындаған Дамир Хайруддин Қазақ тіліне орыс тілінен аударған «Абу Ханифа мирасы»
fikh -> Жүкті және емізулі әйелдердің оразасы туралы Әйелдер жүктілік немесе бала емізу себебімен ұстамай қалған оразаны өтеу керек пе?
fikh -> Әл-Мухаррам айындағы және Ашура күніндегі ораза турасында
fikh -> -
fikh -> -
fikh -> -
fikh -> -
fikh -> И’тикаф (Мешітте оңашалану) «И’тикаф» сөзінің анықтамасы
fikh -> Қажылық парызға айналатын шарттар
fikh -> Халәл тағаммен тамақтану қажеттігі туралы және жануар бауыздаумен байланысты ережелер


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8


©netref.ru 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет