Монография түркістан, 2010 жыл Пікір жазғандар: Ә. Жолдасбеков- педагогика ғылымдарының докторы,профессор



жүктеу 4.28 Mb.
бет1/17
Дата01.04.2016
өлшемі4.28 Mb.
түріМонография
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   17
: repository -> history
history -> Методика диагностики основных параметров психического состояния тестом люшера
history -> Тұрсын Жұртбай: Қазақ әдебиеті «Абай жолы» романынсыз қалар еді
history -> Ііі том: талқЫ Үшін пайдаланылған әдебиеттер тізімі
history -> Байғали Досымжанов
history -> Қазақстанды қуатты мемлекет ету барысында бүгінгі қазақ зиялысының да арқасында ауыр жүк тұрғаны анық. Осы тұрғыдан алғанда бүгінгі интеллигенция өзінің мойнына жүктелген ұлт сенімін қаншалықты ақтай алып отыр?
history -> Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»
history -> Абай мектетебі
history -> Файл: Абай жолы «Абай жолына» 70 жыл
history -> ҮШінші бөлім: «БҰзылған бесік » «Бізді аямасаң да жолыңда жатқан бесікті аясаң болмай ма?!»
history -> Абайдың шәкірттері туралы. 1951 жылы, 6-апрель күні Алматыда қорғалған «Абайдың әдебиет мектебі»
Жаңарған елге – жаңалықты педагогика


С.Б.БАБАЕВ



(Педагогикалық теория негіздері)

МОНОГРАФИЯ


Түркістан, 2010 жыл
Пікір жазғандар:

Ә.Жолдасбеков-педагогика ғылымдарының докторы,профессор

М.Ержанов-филология ғылыдарының кандидаты, профессор

Бабаева Сабет Балтабайұлы. Кемел адам –тұлға қалыптасуы. Педагогикалық теория негіздері. Монография., 371 бет.

Кітапта педагогиканың әдіснамалық негіздері өрнек тапты, шәкірттерді баулу, оларды тәлім жолына салып, біліммен қаруландырудың әдістері, принциптері және педагогикалық құрал-жабдық шараларын пайдаланудың жолдары кеңінен баяндалды. Педагогикалық үдерісте қолданым табатын дәстүрлі және жаңашыл технологияларға көңіл бөлініп, олардың психологиялық-педагогикалық ерекшеліктері айқындалды.

Еңбек толығымен тұлғалық бағытты педагогика арнасында өз баянын тапты. Дәстүрлі педагогика терминдері сын тұрғысынан талданып, бір мәнді нақты мазмұнға ие сөздермен ауыстырылды.

Еңбек ЖОО тәлім-тәрбие мамандығын таңдаған болашақ педагогтарға, мектеп мұғалімдеріне және барша педагогикалық қызметпен айналысатын оқырман қауымға арналады.




«Баланы тәрбиелі қылу – тұрмыс майданында ақылмен, әдіспен күресе білетін адам шығару деген сөз. Қалса өзін, асса барлық адам баласын әділ жолмен өрге сүйрейтін ер шығару деген сөз. Тұрмыста түйінді мәселелерді тез шеше білетін, адалдық жолға құрбан бола білетін, қысқасы, адамзат дүниесінің керек бір мүшесі бола алатын төрт жағы түгел кісі қылып шығару. Баланы мұндай сападағы адам ету үшін тәрбиеші бар күшін, бар білімін жұмсап, шаршамай үйрете білуі керек»

Мағжан Жұмабаев

КІРІСПЕ
Ұлы Абай 25-ші қара сөзінде: «Ғылым, өнер - дүниенің кілті. Оны білгенге дүние арзанырақ түседі» дейді. Абай «ғылым, өнер» дегенде алдымен білімді меңзеп отырса керек. Өзі өмір сүрген XIX ғасырда халқының жаппай сауатты болуын аңсаған ағартушы, ойшыл ақын қазақтың тек ғылым-білімнің арқасында ғана мойыны озық тұрған жұрт қатарлы көзі ашылатынын білді. Көктегі Шолпан жүлдыздай жарқырап, ақыл-ой мәңгілігіне айналған Абай біздің заманымыздың да шекесінен қарап түрғандай. Өйткені, «ғылым-өнердің дүниенің кілті» екені қалың ұйқыдағы даланы оятуға ұмтылған ұлтымыздың үш бәйтерегі Абай, Шоқан, Ыбырайдан бастап, Алаш арыстарына дейін қандай ақиқат болса, бүгін жаһандану деген аждаһаның алдында тұрған қазақ елі үшін де соншалықты маңызды. XXI ғасырдың Абай заманынан уақыт айырмашылығы болғанымен, тәлім-білім туралы мақсат-мүдде, түсінік өзгерген жоқ. Бәсекеден тұратын бүгінгі әлемде ұлтымыздың өзгелерге жұтылып кетпеуі үшін басты тегеурін – ұлттық тәрбие, тәлім мен білім болмақ. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты Жолдауында: «Білім беру реформасы табысының басты өлшемі - тиісті білім мен білік алған еліміздің кез келген азаматы әлемнің кез келген елінде қажетке жарайтын маман болатындай деңгейге көтерілу болып табылады» деді. Өмірдің басқа салаларындағы сияқты тәлім реформасы да осы қызметтегі өзгеріс қана емес, табыс жолындағы мол ізденістерге негізделуі керек.

Республика Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның әлемдегі ең алдыңғы қатарлы дамыған елу елдің қатарынан көрінуін межелеп отыр. Ол үшін өмірдің қай саласында да бәсекеге негізделген халықаралық стандарттарға сай келетіндей дамуға қол жеткізуіміз қажет. Мектептердің он екі оқу жылдық білім бағдарламасына көшу мақсаты да осы халықаралық талаптардан туындайды. Ол үшін алдымен өнегелі тәрбие және сапалы біліммен қаруланған өнегелі тәрбиеші және білікті мұғалімдер дайындау міндеті тұрады.

Мұғалімге балаларға болған үлкен жаупкершілік жүктелінеді.Осыған ол өз қызметіне орай келесідей міндеттерді атқаруы шарт:

- оқу-үйретім пәнін талапты деңгейде ұсына білу;

- шәкірттермен адамгершілік-инабаттылық негізінде қарым-қатынас түзу;

- тәлім, тәрбиелік ортаны шәкірттердің оқу-үйретім еңбегіне үйлестіру;

- дәстүрлі және жаңалықты педагогикалық технологияларды ғылыми- әдістемелік бағытта пайдалана білу;

- өзін-өзі ұстаздық деңгейде көрсете білу.

Аталған міндеттерді атқарудың басты шарты-мұғалімнің кәсіби шеберлігі, оқу-үйретім әдістемелері мен педагогикалық технологиялары. Дәстүрлі емес, яғни жаңалықты технологиялар балаларды мектепке болған ынтасы мен қызығуларын арттырады, шығармашылық қызметтестік пен бәсекелестік жағдайлар қалыптастырады, баланың тұлғалық болмысына дем беріп, іске қосады, балаларды өз қадірін сезінуге баулып, ұлттық құндылықтар және мәдени айырмашылықтарды құрметтеуге тәрбиелейді, оларға шығармашыл еркіндік ләззатын танытып, ең бастысы - қуанышқа бөлейді.

Келтірілген технологиялық амалдарды іске асыру, әлбетте, ең алдымен мұғалімнің тұлғалық деңгейіне, ептіліктері мен дағдыларына, өмірлік тәжірибесіне байланысты. Мұндай тәжірибелік қор күнделікті отбасылық тәрбие міндеттерін, тәлім және тәрбиенің нақты сәттегі қажеттерін орындауға әрине жеткілікті. Алайда, бұл тұрмыстық тәлім –тәрбиелік білімдердің, ептіліктер мен дағдылардың жүйелілігі, ғылыми тереңдігі мен негіздемелігі жоқ. Әрбір мұғалімнің тәлім, тәрбие мәселелерін шешудегі табиғи мүмкіндіктері, қызметтік ой-өрісінің қанат жайюы оның өз әрекет-қылығы мен іс-әрекетінде ғылыми тұлғалық педагогика тағылымдарына арқа сүйеюіне, тәлім мен тәрбиенің озат идеялары мен әдістемелерін пайдалана білуіне тәуелді. Осыдан әрбір бүгінгі мұғалім де, ЖОО қабырғасындағы бүгінгі студент – болашақ мұғалім де ғылыми, жаңалықты педагогика негіздерін шаршамай, талмай меңгеруі міндетті.

Адам өмірінің барша саласына нарықтык жүйенің енуімен «Педагогика» пәнінің мазмұны түбегейлі өзгеріске түсті. Бұдан 10-15 жыл бұрын мектеп тәжірбиесінде қолданылып жүрген педагогикалық теориялар бүгінгі таңда өз қажеттелік маңызың жойды.

Ғұлама бабамыз Әль-Фарабидің өз дәуірінен қалдырған – «Бірінші мәселе – білім емес, тәрбие. Тәрбиесізге берген білім адамзатқа апат әкеледі» – деген өсиетінің іске асу заманы енді туды.

Бүгінгі педагогика – «білім беру» емес тұлға қалыптастыру бағытындағы ғылым.

Оқырман назарына ұсынылып отырған теориялық еңбек аталған бағытты ұстанымға алып, өз негізіне профессор Н.Д. Хмельдің біртұтас педагогикалық үдеріс жөніндегі ғылыми-педагогикалық тұжырымдамаларын, Р.Р.Масырованың жаңалықты (инновациялық) тәлім, тәрбие идеяларын, В.С.Кукушиннің оқу-тәрбие үлгілерін (парадигмаларын), озат тәжірибешіл-педагогтар Құмаш Нұрғалиевтің, Архимед Ысқақовтың, Құсайын Айтқалиевтің т.с.с. басқа да Отандық және шет елдік ғалым-педагогтар мен мектеп ұстаздарының ғылыми-теориялық, тәжірибелік ұсыныстарын пайдаланды.

Тәлімдік пәнді қолайлы меңгерту мақсатында бағдарламалық тақырыптар бірнеше дербес, нақты мақмұндық ауқымға ие сұрактарға жіктеліп берілді.

Такырыптардың ізбе-ізделік баяны оқырман үшін жаңалықты болған мәселелер ауқымын қабылдау қисынына (логикасына) сай орындалып, педагогикада қалыптасқан үдерісті мемлекеттік тәлім, тәрбие стандартына және жаңа заман талаптарына сәйкес ескеру мен пайдалану берік назарға алынды.

Автордың өз алдына қойған маңызды мақсаттарының бірі - «Педагогика» бағдарламасындағы бұрыннан белгілі тақырыптарды мүмкіндігінше толықтай ұсынып, осы күнге дейін қазақ тіліндегі оқулық, оқу құралдарына енбеген жаңалықты, тұлғалық педагогика, инновациялық педагогика, педагогикалық технологиялар мен біртұтас педагогикалық үдеріске байланысты терминдік, теориялық материалдарды жаңаша көзқараспен заман оқырмандары назарына жеткізу. Оның қалай іске асқанын оқырман өзі бағалар.



Мұғалімдік қызметіңізге сәттілік тілейтін:

Автор

1. МҰҒАЛІМНІҢ ТҰЛҒАЛЫҚ ТӘРБИЕ ІСІНІҢ ТЕОРИЯЛЫҚ ҚАРУЫ - ПЕДАГОГИКА
1.1Тұлғалық. педагогика пәні және нысаны

Педагогика – бұл адамның тұлғалық қалыптасуы мен дамуының мәнін зерттеп, соның негізінде арнайы ұйымдастырылған педагогикалық үдеріс есептелетін тәрбие және оқу-үйретім теориясы мен әдістемесін нақтылап, құрастырушы ғылымдар саласы.

Педагогикалық білім саласы ежелден келе жатқан әрі өз мәні тұрғысынан қоғам дамуының бір бөлігі. Адамзаттың қоғамдық ілгерілеуі де өмірге қадам атқан әр жаңа әулет өкілінің өзінен бұрынғылардың өндірістік, әлеуметтік және рухани тәжірибесін меңгеріп, оны байытып, жоғары дәрежеге көтеріп, өзінен соңғы ұрпаққа жеткізуінен болып отыр. Өндіріс неғұрлым дамып, күрделенген сайын, ғылыми білімдердің қомақты жинақталуынан, өсіп келе жатқан ұрпақты тұрмысқа арнайы дайындау қызметтері үлкен маңыздылық ала бастады, осыдан арнайы ұйымдастырылған тәлім, яғни жаңа ұрпаққа адамзат тәжірибесін нақты мақсат бағытында жеткізу коғамның көкейкесті қажеттерінің қатарынан орын иеледі. Қоғамның даму сатыларында, әсіресе құл иеленушілік дәуірдің соңғы кезеңдерінде,өндіріс пен ғылымның елеулі дамыған шағында тәлім ісі ерекше қызмет саласы мәнін иеледі, яғни арнайы тәлім-тәрбие мекемелері пайда болып, балаларды оқыта, үйрету мен тәрбиелеу кәсібін иелеген адамдар тобы да жасақтала бастады.



«Педагогика» термині өз бастауын ежелгі Грекиядан алып, тәрбие жөніндегі ғылым атамасына айналды.

Ежелгі Грекияда «педагог» деп балалар тәрбиесімен шұғылданып, оларды мектепке жетектеп апарып, алып келетін құлдарды атаған. Грек сөзі пейдагогос (пейда-бала, гогос-жетектеу) бала жетелеуші дегенді білдіреді. Кейінірек педагогика атауы бала оқып үйренуімен, және тәрбиесімен шұғылданатындардың баршасына таңылды. Тәрбие жөніндегі ғылым-педагогика да осы сөздер тіркесі негізінде өз бекімін тапты.

Сонымен, педагогика тәрбие, тәлім, оқу-үйретім/үйренім, білім игерту/игеру, білім заңдылықтары, принциптері, мазмұны, әдістері және формаларының басын біріктіруші педагогикалық үдерісті нақтылайды және зерттейді.

Педагогикалық таным нысаны – тәрбиелік қатынастар нәтижесінде дамушы Адам. Педагогика пәні – адам дамуын қамтамасыз етуші тәрбиелік, тәлімдік қарым-қатынастар.

Педагогика – бұл тәрбие, тәлім, білім игеру және оқу-үйретімнің, өзіндік тәрбие, өзіндік білім игеру және оқу-үйренімнің тығыз байланыстары үдерісінде пайда болатын әрі адам дамуына бағытталған адам аралық қатынастар жөніндегі ғылым. Сонымен бірге, педагогиканы бір әулет тәжірибесін екінші ұрпаққа жеткізу ғылымы деп

түсіндіруге де болады.



Педагогика – сондай-ақ, қоғам мүшесін қалай тәрбиелеу қажет, қалайша оны рухани бай, шығармашыл белсенді, өмірінен толық қанағат тауып, табиғат және қоғаммен үйлесімді жасауға үйрету қажеттігі жөніндегі ғылым.

Педагогика кейде ғылым ретінде де, өнер ретінде де қарастырылып жүр. Тәрбие жөнінде әңгіме болғанда, оны екі қырынан - теориялық және тәжірибелік тұрғысынан таныған жөн. Тәрбиенің теориялық бағыты ғылыми -педагогикалық зерттеулер аймағында шешімін тауып жатса, оны ғылым ретінде қабылдап, тәрбие мәселелеріне бағышталған теориялық және әдістемелік пайымдар жиынтығы деп қарастырған жөн.

Тәжрибелік тәрбие іс-әрекеттері басқаша түсінімге ие. Мұндай іс-әркеттерді орындауда педагогтан қажетті тәрбие-тіләмдік ептіліктер мен дағдыларды меңгеру талап етіледі. Дегенмен, меңгерілген ептіліктер мен дағдылар әрқилы деңгейде жетіліп, педагогикалық өнер дәрежесіне дейін көтерілуі мүмкін.

Педагогика пәні адамның тұлғалық қалыптасуы мен дамуының мән-мағынасын зерттеп, осының негізінде арнайы ұйымдастырылған педагогикалық үдіріске арқау болатын тәрбие және тәлім теориясы мен әдістемесін нақтылайды.

Педагогика келесі оқу-үйретім, тәрбие мәселелерімен шұғылданады:

• тұлғаның дамуы және қалыптасуының мәні мен заңдылықтарын зерттеп, олардың тәрбиеге, тәлімге болған ықпалын анықтау;

• тәрбие, тәлім мақсаттарын айқындап, белгілеу;

• тәрбие, тәлім мазмұнын нақтылыққа келтіру;

• тәрбие, тәлім әдістерін зерттеу, олардың жаңа жобаларын табу және жетілдіріп бару.




1.2 Тұлғаның қалыптасу теориясы – педагогика ғылымының пайда болуы және дамуы
Тәрбие тәжірибесі өз бастауларын адамзат өркениетінің бірінші қадамдарымен байланыстырады. Тәрбие іс-әрекеті алғашқы адамдармен бірге пайда болған. Ол замандағы бала ешқандай педагогикасыз тәрбиеленген. Адамдардың ол жөніне тіпті хабары да болмаған. Тәрбие жөніндегі ғылым – педагогика, геометрия, астраномия және басқа ғылым салаларынан кейін қалыптасқан.

Белгілі болғандай, барша ғылым салаларының пайда болуындағы алғы шарт - өмір қажеттілігі. Бертін келе тәрбие ісі адамдар өмірінде аса маңызды рөл атқара бастады. Әртүрлі қоғам өсіп келе жатқан әулетке берген тәрбиесіне, тәліміне орай жылдам немесе баяу дамитыны белгілі болды. Осыдан тәрбие тәжірибесін топтастыру және қортындылау, арнайы оқу-үйретім, тәрбие мекемелерін ұйымдастырып, жастарды өмірге дайындаудың қажеттігі туындады.

Ежелгі дүниенің Қытай, Индия, Египет, Грекия сынды аса дамыған елдерінде сол заманның өзінде тәрбие тәжірибесін бір арнаға келтіріп, теория түзу қадамдары жасалды. Ол кезде табиғат, адам, қоғам жөніндегі барша білімдер философия шеңберінде жинақталып, сол ғылым аумағында алғашқы педагогикалық тұжырымдар дүниеге келді.

Барша замандарда адамдардың рухани және тән-дене дамуында шешуші рөл атқарған қуатты халық педагогикасы жасап келген. Инабаттылық, еңбектік, тән-дене тәрбиесі бойынша халық қайталанбас ғажайып өміршең жүйе түзді.

Еуропалық тәрбие жүйесінің бесігі ежелгі Грекия философиясында қалыптасқан. Оның көрнекті өкілі Демокрит (460-3 70 ж. ж. б.э.д.),- балалар тәрбиесі бойынша алғашқы нұсқаулар кітабын жазған. Ол сол уақыттың өзінде: тәрбие адамды қайта жасайды және оны өзгерте отырып, болмыс табиғатын түзеді... Жақсы адам болу табиғат ықпалынан гөрі тәрбиеге көбірек тәуелді» деген. Адам тәрбиесіне және тұлға қалыптасна байланысты идеялар мен тұжырымдар ежелгі Грек ойшылдары Сократ (469-399жж. б.э.д.), Платон (427-347 жж. б.э.д.), Аристотель (384-322 жж. б.э.д.), Тертуллиан (160-222 жж. б.э.д.) еңбектерінде жарияланған.

Орта ғасырлар дәуірінде Еуропада шіркеу қуатқа мініп, тәрбиені толығымен діни арнаға бұрды. Ғасырдан ғасырға догматикалық оқу принциптері шыңдала берді. Бұл бағыт Еуропада 12 ғасыр бойы үстемдік етті. Солай болса да, өз философиялық тұжырымдарымен педагогикаға үлес қосқан шіркеу өкілдері Августин (354-430 жж.), Фома Аквинский (1225-1274) есімдері ғылым тарихында сақталған. Бүгінгі күйінде жалпы тәлімдік мектепті ойлап, іске косқан Лойолла (1491-1556)және оның ізбасарлары.

Қайта Тіктелу заманы аса жарқын ойшыл педагог гуманистерді ғылым сахнасына келтірді. Олардың қатарында голландиялық Эразм Роттердамский (1466-1536), италиялық Витторино де Фельтре (1378-1446), француздық Франсуа Рабле (1483-1553) және Мишель Монтень (1553-1592) өздерінің педагогикалық еңбектерімен әйгілі болды.

Педагогика көп заманға дейін философияның бөлігі болып келді, тек қана XVII ғасырда ол дербес ғылым лауазымына ие болды. Осыдан педагогика бүгінгі күнде де философиямен аса тығыз байланысқан. Себебі бұл екі ғылымның да шұғылданатыны Адам, оның өмірі мен дамуын зерттеу.

Педагогиканың философиядан бөлініп, өз алдына ғылыми жүйеге келуі ұлы чех педагогы Ян Амос Коменскийдің (1592-1670) есімімен байланысты. Оның 1654 жылы Амстердамда жарық көрген «Ұлы дидактика» атты басты еңбегі алғашқы ғылыми-педагогикалық кітаптардың бірегейі болды. Ондағы айтылған идеялардың көпшілігі осы күнге дейін өзінің көкейкестілігін және ғылыми маңызын жоғалтқан емес. Я.А.Коменский ұсынған табиғи сәйкестік принципі, сынып-сабақтық оқу жүйесі және басқа да оқу-үйретім принциптері, әдістері, формалары педагогикалық теорияның алтын қорынан орын иеледі. «Оқу негізіне басқалардың зат жөніндегі бақылаулары мен айғақтарын жаттау алынбай, сол заттар мен құбылстарды танып, білу қалануы тиіс»; «Естігенді - көргенмен, сөзді - қол әрекетімен байланыстыру қажет»; «Әрқандай үйрету сыртқы сезім және ақыл - парасат байланысы негізіндегі дәлелдерге сүйенуі қажет»... Ұлы педагогтың осы тұжырымдары біздің заманымыздың гуманистік талаптарына да сәйкес келіп тұр.

Ағылшын философы және педагогы Джон Локк (1632-1704) өз қайрат-күшін тәрбие теориясына бағыштады. Өзінің «Тәрбие жөніндегі ойлар» атты басты еңбегінде ол өзіне сенімді, ауқымды білімділігін іскерлікпен, берік наным-сенімдерін сұлу мәнерлікпен ұштастыра білген адам – «джентельмен» тәрбиелеуге арналған көзқарастарын жариялады.

XVIII ғасырда тәлім, тәрбие бойынша өз шығармаларымен танылған француз материалист-ағартушылары Д. Дидро (1713-1784), К. Гельвеций (1715-1771), П. Гольбах (1723-1789), әсіресе Ж.Ж. Руссо (1712-1778) болды. «Затқа назар! Затқа! Мен ешқашанда біздің мылжың тәрбиемізбен сөзге аса көп маңыз беріп, құрғақ сөзді адамдарды жасайтынымызды қайталап айтудан жалықпаймын» - деп үрандаған ол.

Педагогика тарихында И.Г.Песталоцийдің (1746-1827) есімі аса құрметпен аталады. «О, сүйікті халқым! Сенің қаншалықты төмен жасап жатқаныңды мен байқап жүрмін, мен саған көтерілуге жәрдем беремін» -деп, ол жан айқайын салды. И.Г.Песталоций өз дегеніне жетті: мұғалімдерге адамгершілікке тәрбилеудің ізгілікті теориясын ұсынды.

«Өзгерістерден басқа тұрақты еш нәрсе жоқ », - деп үйреткен неміс педагогы Фридрих А.В. Дистервег (1790-1886) барша педегогикалық құбылыстарға тән тәрбиенің қозғаушы күштері мен қарама-қарсылықтарын зерттеген.

Орыс ойшылдары, философтары және жазушыларының арасында педагогикалық шығармаларымен белгілі болған есімдер: В.Г. Белинский (1811-1848), А.И. Герцен (1812-1870), Н.Г. Чернышевский (1828-1889), Н.А. Добролюбов (1836-1561). Бүкіл әлемде Л.Н. Толстойдың (1828-1910), Н.И. Пироговтың педагогикалық идеялары әйгілі болды. Олар таптық мектепті қатаң сынға алып, халықтық тәрбие саласын түбегейлі өзгерту қажеттігін ұрандады.

Қазақ халқының да тәлім, тәрбиелік жүйесі ұлан-ғайыр да мәуелі. Бұл салада халқымыздың тәлім, тәрбиелік қорына елеулі үлес қосқан арыстарымыз Абай, Шәкәрім, Ы.Алтынсарин, С.Торайғырұлы, М.Жұмабаев және т.б. Олардың тәлім, тәрбиелік өсиеттері талай зерттеулерге арқау болары кәміл. Кемеңгер Ахмет Байтұрсынұлының өткен ғасыр басында: – «Мектептің жаны мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектебі һәм сондай болмақшы.... Әуелі біз елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастаумыз керек. Неге десек, болмыстық та, билік те, халыктық та оқумен түзеледі. Қазақ ішінде неше түрлі кемшіліктің көбі түзелгенде, оқумен түзеледі» – деген ұлағатты ескертпесі бүгінгі қазақ мектебінің ұлттық тәілім старатегиясының тұғыры ретінде қабылдануда.

Ресей педагогикасын әлемдік даңққа бөлеген К.Д. Ушинский (1824-1871). Ол оқу-тәрбие теориясын түбегейлі өзгеріске келтіріп, педагогикалық төңкеріс жасады.Ушинскийдің педгогикалық жүйесінде жетекші орын тәрбие мақсаттарына, принциптеріне және оның мәніне берілген. «Тәрбие, егер ол адамға бақыт бағыштағы келсе, оны бақыт үшін тәрбиелемей, өмірлік еңбекке баулуы тиіс.Ұдайы жетілуде болған тәрбие адамның тән-дене, ақыл-парасат және ізгілік-инабаттық күштерінің ауқымын барынша кеңейту мүмкіндігіне ие болады».

Тәрбие жолындағы жетекші рөл мектеп және мұғалімнің билігінде: «Тәрбиедегі барлық істер тәрбиеші тұлғасына негізделуі тиіс, себебі тәрбие күші тұлғаның адамилық қадір-сапаларынан бастау алады. Ешбір жарғы немесе бағдарлама, ешқандай жасанды мекеме қаншалықты айламен құрылса да, тәрбие жұмысындағы тұлға беделінің орнын баса алмайды». Ушинский бүкіл педагогиканы қайта қарастыруды, жаңа ғылыми деректер негізінде білім ұсыну жүйесін толығымен түбейгелі қайта құруды талап етті: «.....теориядан алшақтаған педагогикалық практиканың бір өзі – медицинадағы тәуіпшілдікпен тең».

XIX ғасырдың аяғы - XX ғасырдың басында педагогикалық проблемалар АҚШ-та қарқынды зертеле бастады. Ол жерде адам тәрбиелеудің жалпы принциптері мен заңдылықтары өрнектелді, әрбір адамға белгілеген мақсаттарына тез әрі табысты жетуге мүмкіндік беретін тиімді тәлім технологиялары қалыптасып, тәжірибеге енді. Америка педагогикасының белгілі өкілдерінің бірі Джон Дьюи (1859-1952). Оның зерттеу жұмыстары бүкіл батыс Еуропа, Америка мен Австралия аймақтарында педагогикалық ойдың дамуына үлкен ықпал жасады.Американ педагогтарының және бір көрнекті тұлғасы Эдвард Торндайк (1874-1949) оқу-үйретім үдерісін зерттеумен атын әйгілеп, әрекетшең-іскерлік- бихевиористік тәрбие технологиясын бүкіл әлемге жария етті.

Бүкүл әлемде аты танымал американ педагогы және дәрігері Бенджамен Спок. Ол қауымға, бір қарағанда қарапайым ғана, тәрбиеде басты не болу керек: қаталдық па, не қайрымдылық па - деген сұрақ койып, көпшіліктің санасына жаңа тәрбие лебін жеткізді. Бұл сұрақтардың астарынан күтілген жауап - пдагогика қай бағытта: әміршіл-әкімшіл немесе гуманистік - жолмен дамуы қажет пе? Оны Б.Спок өзінің «Бала және оған қамқорлық», «Анамен сұхбат» және т.б. еңбектерінде іздестірді.

XX ғасырдың басында әлемдік педагогикада еркін тәрбие және бала тұлғасының дамуы идеялары белсенді жария етіле бастады. Бұл бағдарда көп еңбек сіңірген италиян мұғалімі Мария Монтессори (1870-1852) болды. Өзінің «Ғылыми педагогика әдістемесі» кітабында ол балалық жас мүмкіндіктерін барынша пайдалану қажеттігін түсіндіріп бақты. Себебі, сәбилік шақтағы бала дамуы үлкен тәрбиелік табыстарға есік ашады. Мектеп ісінің басты формасы өзіндік оқу-үйренім жұмыстары болуы қажет. Монтессори шәкірттердің жекелеп тәлім алуына ыңғайлы грамматикалық, математикалық, биология - жаратылыстану және басқа пәндерге арнап дидактикалық материалдар ұсынды. Бұл оқу құралдарының ерекшелігі, оларды пайдалана отырып, шәкірт өз кемшіліктерін-қателіктерін табады және оларды түзетеді. Бүгінгі күнде Қазақстан Республикасында да Монтессори жүйесінің тараптарлары мен қолдаушылары баршылық. Осы бағытта түзілген «бала-бақша - мектеп» жүйесі іске қосылып, балаларды еркін тәрбелеу идеясы өз жемісін беруде.

Ресейдегі еркін тәрбие идеяларын қуаттаушылардың бірі Константин Николаевич Вентцель (1857-1947) еді. Ол 1917 жылы дүниеде алғашқылардың бірі болып бала құқықтары декларациясын түзіп, жариялады. 1900-1909 жж. аралығында Мәскеуде ол ұйымдастырған «Еркін бала Отауы» жұмыс істеп тұрды. Бұл ерекше оқу мекемесінде басты кейіпкер - бала аса құрметпен танылды. Тәрбиешілер мен мұғалімдер бала қызығуларына икемдесіп, оның табиғаттан берілген қабілеттері мен дарынының дамуына жәрдемдесу қызметтерін атқарды.

Қазан төңкерісінен кейінгі кеңестік педагогика жаңа қоғамдағы адам тәрбиесі идеяларын өзіндік түсінім жолымен дамыта бастады. Жаңа педагогикаға байланысты шығармашылык ізденістер аймағында белсенділікпен қатысқан белгілі педагог-ғалымдар: С.Т. Шацкий (1878-1934), П.П. Блонский (1884-1941), А.П. Линкевич (1884-1939) болды. Социалистік дәуір педагогикасын танымал еткен Н.К. Крупская, А.С. Макаренко, В.А. Сухомлинский еңбектері. Надежда Канстантиновна Крупскаяның (1869-1939) теориялық ізденістері жаңа кеңес мектебін қалыптастыру, сыныптан тыс тәрбиелік жұмыстарды ұйымдастыру, енді пайда бола бастаған пионер қозғалысы проблемаларының төңірегінде шоғырланды. Антон Семенович Макаренко (1888-1939) балалар ұжымына педагогикалық басшылық, еңбек тәрбиесі, саналы тәртіп қалыптастыру және балаларды от басында тәрбиелеу әдістемелеріне байланысты идеяларды қортындылап, оларды практикада іске асыру принциптерін ұсынды, әрі өзі оларды тәжірибе тексеруінен өткізді. Василий Александрович Сухомлинский (1918-1970) өз зерттеулерін жастарды тәрбиелеудің моральдық проблемаларымен байланыстырды. Оның дидактикалық кеңестері мен нақты да дәл бақылаулары қазіргі педагогикалық ой дамуы және қоғамды қайта түзу дәуіріндегі мектеп тағдыры жөніндегі ұсыныстары өз маңызын әлі де сақтауда, сонымен бірге тәлім саласын жаңаша түсінуде үлкен жәрдемін тигізіп отыр.

Халықты білімдендіру арнасында ХХ-ғасырдың 40-60 жылдары белсенді еңбек еткен педагог-ғалымдардың бірі Михаил Алексевич Данилов (1899-1973). Ол бастауыш мектеп тұжырымдамасын жасап шықты. («Бастауыш білім беру міндеттері мен ерекшеліктері », 1943), 1947 жылы «Адамның ақыл - парасат және моральдық дамуында бастауыш мектептің рөлі» кітабын жазып, мұғалімдерге арналған көптеген жетекші әдістемелік құралдар жариялады. Олар осы күнге дейін мұғалім қауымының таптырмас құралдарына айналып отыр.

Бастауыш мектеп құрамында кіші кешенді мектептер ерекше орын иелейді. Мұндай мектептер кішігірім елаттар мен ауылдарда бала саны толық сынып ұйымдастыруға жетіспей, бір мұғалім балаларды әрқилы пәндерге оқытуға мәжбүр болған жағдайда түзіледі. Шағын мектептердегі оку және тәрбие мәселелерінде М.А.Мельникованың «Мұғалімдердің қол кітабы» (1950) арналған. Мұнда жіктеп, бөліп оқыту әдістемелерінің негізі ашылған.

70-80 жылдары мектеп проблемаларымен академик Л.В. Занковтың ғылыми зертханасы белсенді айналысты. Бұл мекеменің зерттеулері нәтижесінде мектеп жасындағы балаларды үйретудің жаңа, шәкірттердің танымдық мүмкіндіктерін арқау еткен оқу жүйесі пайда болды. 80-жылдардың аяғында бұрынғы Кеңес республикаларында мектепті жаңалау мен қайта құру қозғалысы өріс алды. Бұл қызметтестік педагогикасының туындауынан көрінеді. Осы дәуірдегі жаңашыл педагогиканы дамытуға ат салысқан педагог-ғалымдар мен бірегей шығармашыл мұғлімдердің көптеп аты таныла бастады. Олардың арасында Ш.А. Амонашвили, Л.С. Соловейчик, В.Ф. Шаталов, Н.П. Гузик, Н.Н. Палтышев, В.А. Караковский және басқалар болды. Бүкіл елге белгілі болған мәскеулік бастауыш мектеп мұғалімі С.Н. Лысенкова «Қалайша жеңіл оқуға болады» атты кітабын жариялап, онда бастауыш мектеп окушыларының оку істерін схема, тірек таратымдар, кестелер пайдалану арқылы басқару тәсілдерін көрсетіп берді. Сонымен бірге С.Н. Лысенкова «Ілгерілестірілген оқу» әдістемесін жасады.

Бүгінгі кезеңде педагогика өзінің диалектикалық, өзгермелі ғылым сипаттарына сай болуымен қарқынды дамуда. Кейінгі он жылдықтарда педагогиканың бірнеше салаларында келелі табыстар қолға кіргізіледі, әсіресе мұндай жетістіктер мектепке дейінгі және бастауыш мектептегі оқу-үйретім жаңа техналогияларын жасауда көрініс берді. Сапалы оқу бағдарламаларымен жабдықталған казіргі заман компьютерлері оқу-үйретім үдерісін басқаруда үлкен жәрдемін тигізуде. Соның нәтижесінде сабақ барысында аз қуат пен уақыт жұмсап, жоғары нәтижелерге жету мүмкіндіктері пайда болды. Тәрбиенің жетілген әдістемелерін жасау бағытында да пайдалы өзгерістер қолға тиді. Ғылыми - өндірістік кешендер, авторлық мектептер, эксперименталды оқу-тәрбие алаңдары - ұнамды өзгерістер жолындағы елеулі көзге түскен педагогикалық жаңалықтар. Еліміздегі жаңа және жаңаланған мектеп оқу-үйретімі мен тәрбиесі басты назарда тұлға дамуын көзге алып, гуманистік бағытта өрлеп, өрістеуде.


1.3. Тұлғалық педагогиканың негізгі категориялары
Категориялар - бұл ғылым мәні мен оның тұрақты әрі жалпы қасиеттерін танытушы аса ауқымды да қомақты түсініктер қоры. Қай ғылымда да категориялар жетекші роль атқарып, бүкіл ғылыми білімнің өзегі ретінде оны бір тұтастыкқа келтіруші жүйе қызметін атқарады. Педагогикада мұндай жүйелік қызметтерді атқарушы категориялар қатарында тәрбие, даму, тәлім, білім және оқу-үйретім ұғымдары аса маңыздыларынан.

Тәрбие – жаңа әулетті қоғамдық өмір мен өндірістік еңбекке дайындауға қажет қоғамдық-тарихи тәжірибені игеруге арналған әлеуметтік мақсатты шарттарды (заттасқан, рухани, ұйымдастырушылық) жасау іс-әрекеті.

Тәрбие – педагогиканың негізгі категорияларының бірі. Бұл түсінікті сипаттауда кең әлеуметтік мағынадағы тәрбиені бөле қарастырып, оның құрамында коғамның жеке тұлғаға болған жалпылай ықпалын алсақ, ал тар мағынадағы тәрбиені жеке тұлғалық сапалар, көзқарастар мен наным-сенімдер жүйесін қалыптастыруға бағытталған мақсат бағдарлары іс-әрекет деп түсінуміз тиіс.

Тәрбие күнделікті іс, тәжірибеде, көбіне қандай да нақты тәрбиелік міндетті шешуге арналған шағын мағынада да қарастырылады (мысалы, кейбір мінез бітістері, танымдық белсенділік және с.с. тәрбиелеу). Сонымен, тәрбие – 1) қоршаған дүние заттары мен құбылыстарынан болған нақты қатынастар; 2) дүнетаным; 3) мінез-құлық (қарым-қатынастар мен жан дүние көрсеткіші ретінде) орнықтыруға орай тұлғаның мақсатты бағытта қалыптастыруына жағдай жасап, кемелге жеткізу ісі.

Тәрбие - нақты-тарихи құбылыс. Ол қоғам мен мемлекеттің әлеуметтік-эканомикалық, саяси және мәдени деңгейімен тығыз байланысты келеді. Адамзат қоғамы тәрбие арқылы өз тәжірибесі мен өткен әулеттер тәжіриебесін өткізу арқасында әр адамның дамуын қамтамасыз етіп барады.



Даму - бұл адамның тәндік және рухани күштерінің іштей, бірізді шынайы сандық, сапалық өзгерістерге келу үдерісі. Мұндай өзгерістер тәндік және психикалық дамумен байланысты іске асып барады. Тұлға дамуы ішкі және сыртқы, әлеуметтік және табиғи, басқарымды және кездейсоқ ықпалдарға тәуелді.

Тәрбие үдерісінде адам даму желісіне түсіп, кейін даму деңгейі тәрбиеге ықпал жасай отырып, оны өзгеріске келтіреді.



Тәлімдену – адам дамуы үшін қоғамда арнайы ұйымдастырлатын жүйе: бұл оқу-тәрбие мекемелері, мамандардың біліктілігін көтеру және оларды қайта даярлау оқу орындары. Бұл жүйеде белгілі мақсатқа, бағдарламаларға, құрлымдарға орай өткен әулеттердің ақыл-ес және дағдылық тәжірибесі арнайы дайындалған педагогтар тарапынан ұсынылады және оны шәкірттер қажеттеріне орай қабылданбайды. Мемлекет қарамағындағы барша тәлім– тәрбие мекемелері тәлімдену жүйесіне біріктіріліп,солар арқылы адамның біртұтас тұлғалық дамуын басқару ісі орындалып жатады.

Тәлім – бұл білім, ептіліктер, дағдылар, қарым-қатынастар жүйесіне келтірілген әулеттер тәжірибесінің әрбір адам,қоғам мүшесі тарапынан игерілу үдерісі және үдерістің нәтижесі.

Тәлім ісіне байланысты тікелей ғылыми ақпарат не тәжірибе ұсыну әрекеті және олардың шәкірттер тарапынан қабылдау үдерістері ажыратылады. Бұл тәлім жеткізу және оны қажеттілікке орай қабылдау қатынастары негізінде жүргізлетін оқу-үйретім әрекеті.



Оқу-үйретім арнайы дайындықтан өткен (педагог, мұғалім) адам тарапынан іске асырлатын үдеріс. Осы үдерісте тұлғаны тәлімдендірудің қоғамдық шартты міндеттері, оның тәрбиесі және дамуы біртұтас тығыз байланыста орындалып жатады.

Оқу - бұл педагог пен шәкірттің өзара ықпалды әрекеттестігінің арқасында әулеттер тәжірбесін тікелей ұсыну және шәкірттің ұмтылыс қажеттігіне орай қабылдауға бағытталған тәлім, тәрбиелік, яғни біртұтас педагогикалық үдеріс атамасы. Ал бұл үдерісте орындалатын нақты міндет – үйретім/үйренім.

Үдеріс ретінде оқу-үйретім екі дидактикалық іс-әрекеттің ықпалдасты қатынасынан : 1) оқу-үйретім (мұғалім әрекеті) – бұл әрекет барысында білім, ептіліктер мен дағдылар, іс-әрекеттік тәжірибелер жүйесі қабылдаушыға ұсынылады немесе бұрыннан игерілгеңдері өзгеріске келтіріледі; 2) оқу-үйренім (щәкірт) – шәкірттің өз қажетіне және қабілетіне орай қабылдауы, түсінуі, ұғуы қайта жасауы қанағат табуы мен қолдануы, пайдалануы, игеруі меңгеру арқылы ұсынылған тәжірибеден үдерісі.

Дегенмен, адам әлеумет тәжірибесін «құя» салатын құмыра емес, ол тәжірибені өзі игеретіндей қабілетке ие болуымен бірге, қандай да жаңалықты субьект болуы тиіс. Сондай-ақ, адам дамуы негізінен-бұл әр тұлғаның өзіндік таным талпынысы, өзіндік жетілуге ұмтылыс сапаларына байланысты келеді.

Өзіндік тәрбие - бұл өткен әулет тәжірибесінің әрбір қоғам мүшесі тарапынан дамуға арқау болатын өзінің ішкі жан дүниелік қалыптары негізінде игерілу және өзгеріске түсу үдерісі.

Тәрбиені, тәлім мен оқу-үйретімді тұтастықта іске асыра жүріп, адамдар нақты тәрбиелік қатынастарға түседі. Тәрбиелік қатынастар дегеніміз – бұл тәрбие, тәлім, оқу-үйретім арқылы тұлға дамуына бағытталған адамаралық байланыстардың ерекше түрі. Тәрбиелік қатынастар адам дамуына ықпал жасаушы сыртқы жағдайлармен (тәрбие, тәлім, оқу-үйретім) қисынды бірігімде, біртұтастықта өтеді. Осындай өзара ықпалдасты әрекеттер нәтижесінде адам дамиды, қалыптасады.



Білім (знание) бұл тәрбиелік қатынастар, тәлім, тәрбие үдерісінде адам санасында жүйелі қалыптасқан табиғат, қоғам және өзі жөніндегі пайымдар жиынтығы. Тұлғалыққа ұмтылысынан оқу-үйретім үдерісіне енген адамның жалпы дүниеганымдық қорының рәміздік, пайым, термин, анықтама, түсінік, теорема ж.т.б. күйінде сана деңгейінде өрнектелу нәтижесі - осы білім. Әрбір адамның білім сипаты сол адамның табиғи ерекшеліктері мен әлеуметтік-қоғамдық, кәсібиіе-іс-әрекеттік жағдайларына тәуелді.
1.4. Тұлғалық педагогика ғылымы және педагогикалық тәжірибе
1867 ж. жарық көрген өзінің «Адам – тәрбие өнімі» атты кітабында К.Д. Ушинский «Педагогика ғылым тұжырымдарының жинағы емес, ол тәрбиелік іс-әрекеттер ережелерінің топтамасы» – деп қадап айтқан. Одан әрі: «Педагогика ғылым емес, барша өнер түрлері арасындағы ең ауқымды да күрделі, өте биік те аса қажетті өнер. Тәрбие өнері ғылымды сүйеніш етеді. Күрделі де ауқымды өнер ретінде ол көп санды, кең де сан қырлы ғылымдарға арқа сүйейді; өнер ретінде ол, біліммен қатар, қабілеттер мен тәілімділікті қажет қылады,ал өнер болса, тура мәнге ие ұмтылысты қажет ететін, бірақ еш уақытта жеткізбейтін мақсат – мұратқа-кемелді адам деңгейіне жетелейді» - деп толықтыра түседі.

Жүз жыл өте, тиісті білімдермен толыққан педагогика енді өнер қатарындағы «құрметті» орнымен келісе алмады. Әлемдегі миллиондаған мұғалімдер киял қанатын тірек қылудан емес, ғылыми негіздемелер мен сапалы дәйектелген технологияларды пайдаланудан тәрбие мәселелерін тиімді шеше бастады. Бұл педагогика анықтамасына ықпал етпей қалмады: енді педагогика - ғылым және өнер беделіне ие болды. Осылайша тұжырымдалған анықтама болмысқа сәйкес келіп, бір жағынан, педагогикалық өнер басымдылығын дәріптеушілердің көңілінен шықса, екінші жағынан, қатқыл қисын мен нақтылығы жоқ дерексіздіктен тазарған педагогикалық теорияны қорғаушылардың талаптарына сәйкес келді. Егер біздің заманымызда педагогикалық теория сахнасына қытымыр зерттеушілер шығып, педагогикадағы өнерлік пен ғылымдылықтың ара қатынасы қаншалықты? - деген сұрақты үзілді-кесілді, шүйдесінен коймағанда, мұндай анықтаманың жасауы қанша уақытқа созыларын бір Жаратқан білген болар еді. Егер жеңіс өнерлілер қолына түскенде, онда педагогика - қисынға түспейтін оқу-тәрбие үдерісін іске асыруға арналған, бірі біріне сабақтаспаған кеңестер, ережелер мен ұсыныстар жинағы болып қала берері кәміл еді. Ал ғылыми педагогика өз пәнін шынайы ғылыми әдістермен танудың жүйелі бағыты мен қисынын алғы шепке тартқан заңдылықтың ғылыми теорияның барша бірліктерін қамтуы тиіс. Оның қорытынды тұжырымдары, заңдылықтары берік орныққан өзара тәуілділікті сипатта болуы міндетті.

Бүгінгі таңда педагогиканың ғылыми беделін ешкім де жоққа шығара алмайды. Тартыс енді ғылым және педагогикалық тәжірибе ара қатынасына бет бұрды. Тәрбиешілердің нақты жетістіктерінің себептері бір-бірінен өте алшақ болды: бір жағдайда олар терең білімдер мен педагогикалық теорияны тиімді қолданудан пайда болды, ал екіншіде – табыс мұғалімнің жоғары тұлғалық шеберлігінен, педагогикалық ықпал өнерін, сезімталдық пен көрегендікті іске қосуынан қолға түсті. Қейінгі он жылдықтарда мектеп тәжірибесі мен педагогика ғылымы арасындағы келіспеушілік көзге түсерліктей белең алды. Ғылымға қарата айтылған сын орасан өткір болды:ол тәжірибені ілгерілі, озық ұсыныстармен қамтамасыз ете алмайды, өмірмен байланысы жоқ, жылдам ауысып жатқан қоғам үдерістері ізінен ілесуге қауқарсыз, т.с.с. Мұғалім ғылымға сенгенді қойды, тәжірибе теорияға «талақ» тастады.

Мәселе өте күрделі. Мұғалімнің шынайы шеберлігі, тәрбиелік асқақ өнері ғылыми білімдерге арқа сүйеуі тиіс екендігін педагогикалық қауымдағы көпшілік ұмыта бастағандай. Егер кімде - кім тәлім, тәрбиедегі жоғары табыстарға педагогикалық теориясыз жететін болса, онда ғылымның қажеті де болмас еді. Бірақ олай болуы мүмкін емес. Қарапайым баспананы инженерлік білімдерсіз-ақ тікейтіп алуға болады, ал қазіргі заманның зәулім құрлымдарын ғылымсыз көтеру тіпті де қолдан келмейді. Педагогикада осы сынды тәрбиеші кезігетін міндеттер неғұрлым күрделі болған сайын, оның педагогикалық мәдениеті де соғырлым жоғары болғаны жөн.

Дегенмен, педагогика ғылымының дамуы тәрбие сапасын қамтамасыз ете алмайды. Теория тәжіриебелік технологиялар нәрімен сусындауы қажет.

Әзірше ғылым мен тәжірибенің өзара жақындасуында елеулі шабаңдық байқалады: мамандар бағамында, теория және тәжірибе арасындағы үзіліс 5-10 жылға шамалас.

Педагогика өте шапшаң ілгерлеуде, сонысымен де ол өзінің жоғары диалектикалылығын, икемшіл ауыспалылығын дәлелдеуде. Соңғы он жылдықтарда ол өзінің бірқатар салаларында елеулі табыстарға қол жеткізді, әсіресе оқу-үйретімнің жаңа технологияларын қалыптастырудағы жетістіктері мен сапалы бағдарламалармен жабдықталған қазіргі заман компьютерлері оқу-үйретім үдерісі міндеттерін тиімді басқаруда көп көмегін тигізуде. Педагогқа да, шәкіртке де шамалы қуат және шағын уақыт жұмсауымен келелі көп нәтижелерге жетуде жәрдемін беруде. Тәрбиенің жетілген әдістемелерін, өзіндік тәлім меңгеру мен өзіндік тәрбие технологиясын жасауда өрісті ілгерілеу бар. Ғылыми-өндірістік кешендер, авторлық мектептер, эксприменталды алаңдар -бәрі де осы ұнамды өзгерістер жолындағы елеулі айғақтар.

Нақты ұсыныстар мен ережелер арқылы педагогикалық теория тәжірибелік педагогикамен сабақтасьш жатады. Осы сабақтастықтан ғылым мен нақты іс-қызметтің ажырамас бірлігі келіп шығады. Педагогикалық ғылым қолданылған жерде әрқашан оқу-үйретім, тәрбие әрі даму жемісті келетіні даусыз.


1.5. Тұлғалық педагогика және демократиялық қоғам
Қазіргі заман жағдайында педагогика ғылмының, оның ішінде тәрбие педагогикасының қоғамды, мектепті, отбасыны демократияластыру мен гуманизациялаудағы рөлі аса жоғары. АҚШ-тың әлеуметтік зерттеулері бойынша ұлттык кеңесте жұмыс жасайтын ғалымдар шәкірттерді дмократиялық қоғамға қатыстыру үдерісіне ендіруге қажет бірнеше тұғырлы құндылықтарды атап көрсетеді. Өзінің коғамдық өмірін демократияластырудың қиын жолын басынан кешіріп жатқан Қазақстан Республикасының оқу-үйретім, тәлім жүйесі үшін мұндай тұғырлы құндылықтар, әрине, өте қызықты.

Қатысу.

Димократиялық қоғам сипатына сай қызмет атқаруы үшін оның барша мүшелері сол коғамның көп тарапты өміріне барынша араласа, белсенділікпен қатысуы міндетті. Бұның мәні-азаматтар қоғам мәселелерімен таныс, осы мәселелерге орай олар өз көзқарас, танымдарын қорғауға ниетті. Өзінің дауыс бере алу құқығын пайдалану аса жоғары маңызға ие іс, сонымен бірге демократиялық қоғам өміріне қатысудың аса айқын да жарқын көрінісі.



Қызметтестік.

Демократиялық қоғамда қызметтес мүшелер мен өз даралығының сақталуына мүдделілер арасындағы қажетті теңдестік қолдау-қуаттауға ие болуы тиіс. Осы теңдестіктен әлеуметтік топтар жан-жақты үйлесімді жасау мүмкіндігін алады, сонымен бірге, қоғамның барша жеке мүшелері өз бойынлағы табиғи мүмкіндіктерін жете іске асыруына көмекші кұрылымдармен қамсыздандырылады. Қызметтестікті қолдау мақсатында мұғалімдер балалардың бірлікті істеріне жәрдемдесетін жағдайлар жасайды, әлеуметтік пәндер бойынша арнайы дәрістер өткізеді, балаларды рольдік ойындарға тартады.



Даралық.

Шәкірттер, әсіресе, кіші жастағы балалар, даралықты дамуды қажетсінеді. Демократия өрісінде даралық қоғам алдындағы жауапкершілік сезімімен ұштасқаны жөн. Бұл ұғымға баламалы «дербестік» түсінігі тұлғаның өз әрекет-қылығына жауапкер екенін білдіреді. Жеке іс жобалары, есеп берулер, өнер туындылары, ән-күй, шағын сахналық қойылымдар, би- сынып жұмыстары қатарында көпшілік назарына ұсынылуымен тәрбиеленушіге өз мүмкіндіктерін, өзінің шығармашыл «Мен» мазмұнын көрсетуге жол ашьш, оның өзінше дамуына көмектеседі.



Өзіндік тәртіп.

Демократиялық қоғамда азаматтар өзіндік тәртіп, әрекет қылығын ретке келтіруімен айналысуы тиіс екені жобаланған. Алғашқы қадамдарында да, есейген шақта да адамға жауапкершілік сезім баулуда жәрдем беру-мұғалімнің аса маңызды міндеттерінің бірі. Шынайы тәртіптілік әрбір баланың да, ересектің де ішкі жан дүниесімен сабақтас. Шәкірттерге өз қалауымен әрекет жасауға мүмкіндік бере отырып, мұғалім көп жағдайда олардың өзіндік бақылау қоюға деген ыкылас-ниет әрекеттеріне қолдау-қуаттау береді. Ұстаз өз өнегесімен шәкіртіне қол жеткен табыстарын өз бетінше қалай қадағалаудың жолдарын (бақылау парақшалары мен кестелерде) көрсетеді.



Өзге пікірлеріне шыдамдылық.

Еркін қоғамда пікірлер мен наным-сенімдер айырмашылықтарына болған шыдамдылық пен түсіністік дамыту қажет. Бұл оңай емес, солай да болса, демократия мұраттарының бірі- осы шыдамдылықпен орайлас. Өзгелерді түсіне білу, олар бойындағы ізгілік-инабаттылықты сезе, көре алу қабілеті-шыдамдылық дамытуға қажет басты шарт. Шыдамдылық өзгелерге деген шынайы қайырымдылық және адал қарым-қатынаспен байланысты.Балалар өзгелер тарапынан болатын мейірлі қатынасты сыныпта, мектеп қабырғасында сезіне бастауы тиіс, осыдан мұндай ізгілікті байланыс балалардың өзара қатынасында орнығады, ал бұл өз кезегінде тұлға бойында көңіл-күйге сай әрекет жасап, шыдамды болуға баулиды.



Бедел.

Қайырымдылық және сыйластықпен тығыз байланысты тұлғалық қасиет-бұл бедел. Мұндай адами сапа кіші жастағы балаларға да тән. Бірақ бұл сезім оларда өте нәзік келеді, осыдан оны бала бойынан оңай аластау мүмкін. Бала өз беделін ұстана отырып, өзгелерге болған кішіпейілдік және сыйластықты қатынастарының орнығуына әрекеттенеді. Мұндайда ол өнеге-үлгіні көркем әдебиеттен, ересектер өмірінен алады, өнер үйірмелеріне қатыса жүріп, дәрістік ойындарда рольге еніп, пікір-таластарға араласумен үйренеді.



Еркіндік.

Демократиялық қоғамның жасауы мен дамуы оның мүшелерінің еркіндік дәрежесіне тәуелді. Демократияны сақтау және одан әрі өрістету үшін оған даралықты да, ұжымдық та деңгейде дем беріп, қолдап отыру қажет. Тіпті жас балалардың өзі қалауымен қандай да бір іс-қызметті, әрекет-қылықты таңдастыру сәтінде еркіндіктің қаншалықты «тәтгі» екенін сезіне бастайды.Сыныпта бақылау жұмысына байланысты мұғалім дәстүрге енген екі қатар партада отырғандарға екі нұсқа жұмыс тақырыбын бере саламыз. Олай болмағанын қалар едік. Одан гөрі бүкіл сыныпқа 5-6 тақырып ұсыныңыз, балалар қалаған тақырыбын алсын. Балаларға сеніңіз! Олардың еркіндігін ардақтаңыз!



Шынайылық.

Шынайылық – бұл адам бойындағы мызғымас адалдық, баршаға бірдей құрметті қарым-қатынастан көрнетін тұлғалық қасиет. Демократиялық қоғам мүшелері әр қадамын осы шынайылықпен байланыстыра алғаны ләзім. Балаларға күн сайын осы қасиет-сапалар төңірегінде ересектермен бірге сөз талқы жүргізуге мүмкіндіктер жасау қажет, өмірден және өнерден үлгі алуға жағдайлар түзіп барған жөн.



Қанағат-қуаныш.

Мектеп, сынып, әсіресе, бастауыш сынып қанағат-қуаныштың кәусар бұлағы болуы тиіс. Жаңа тақырып өту балалар үшін үлкен шаттық, себебі дүниеге енді көзін ашып жатқан бала жаңа идеяларға құштар келеді. Жаңа материалға қанағаттанып, шаттанудан болашақ тұлға қоғамды демократиялық жаңа өзгерістерге келтіру істеріне белсенділікпен құштарлана араласуға бағыт алады.


1.6. Тұғалық педагогика ғылымының міндеттері
Педагогиканың ғылыми және іс-қызметтік міндеттерін ажырата білу қажет. Педагогиканың ғылыми міндеттері – зерттеулер жүргізу, ал мектеп пен жоғарғы оқу орындарының міндеттері – осы ғылым негізінде шәкірттер мен студенттердің тәлім, тәрбиесін іске асыру.

Педагогика ғылымының алдына қойған басты міндеті – оқу-үйретім, тәлім, тәрбие салаларына байланысты таным ақпараттарын ұсыну және тәрбиелік жүйелерді басқару заңдылықтарын ашу, айқындау. Педагогикадағы заңдылық бұл дегеніміз әдейі жасалған немесе шынайы қалыптаскан жағдайлар мен қол жеткен нәтижелер арасындағы байланыс, қатынастар. Зандылықтардың іске асу нәтижесі: 1) тәрбиелілік; 2) тәлім; 3) тұлға дамуының мемлекеттің тәлім, тәрбие стандартындағы нақты көрсеткіштерге сай келуі.

Педагогика ғылымының тұрақты міндеттерінің және бірі: күнделікті, педагогикалық қызмет тәжірибесін зерттеу және қорыту.

Кәсіби тәлім, тәрбиелік қызмет, іс-әрекет әрдайым шығармашыл сипатымен ерекшеленеді, осыдан кез-келген педагог-мұғалім өз шәкірттеріне ықпал жасаудың тиімді жолдарын тауып, құрал-жабдықтарын жасайды, жинактайды. Көптеген педагогтар соны, жаңашыл педагогикалық технологиялар жасап, өзінің тәлім, тәрбие, оқу-үйретім қызметіне ендіруге қабілетті. Алайда, мұғалімдердің шығармашылық еңбегі өзінің теориялық негіздемесі мен ғылыми түсініктемесін таппаса, ол педагогикалық құндылықтар арасында өзіне сай орнын иелей алмайды. Осыдан ғылымның атқаратыны-жаңалық мәніне жету арқылы жаңашыл - педагог даралығының қайталанбас жеке өнімі қайсы, ал жалпылық тұжырымға келіп, қоғам мұратына айналғаны қайсысы екенін ажырата айыру.

Тәрбие жөніндегі ғылым міндеттерінің арасында маңызды орын иелейтіндерінің бірі-жаңа тәлім, тәрбие әдістерін, құрал-жабдықтарын; формаларын тауып, оқу-үйретім, тәрбие, тәлім құрылымдарын басқару жүйелерін ойластыру, ашу, бақылау. Осы міндетке байланысты педагогикада «инновация» термині пайда болды.

Тәлім, тәрбие бағытын жақын мерзімге және ұзақты болашаққа болжастыру да педагогика ғылымының басты міндеттерінің бірі. Ғылыми болжам болмаған жерде педагогикалық саясатқа, тәлім эканомикасына, басқару жүйелеріне жетекшілік жасау мүмкін етес. Педагогикалық жүйе екі бірдей ерекшелігімен сипатталады: ол бір уақыт аралығында өз қызметін атқарумен бірге үздіксіз даму жүйесінде болады. Осыдан, педагогикалық жүйе қызметін басқарумен бір қатар даму жүйесіне басшылық жасау қажеттігі туындайды.

Педагогика ғылымының маңызды міндеттерінің және бірі-бұл зерттеу нәтижелерін күнделікті үдерістер тәжірибесіне ендіріп бару.

Бүгінгі таңдағы заман талабы – жаңалықты педагогикаға сәйкес бұл ғылымның, теориялық және әдіснамалық негіздерін қайта құру, яғни мектеп тәжірибесінің ұтымды байланыстарын, зерттеу істері мен тәрбие іс-қызметтерін нарықтық заманға сай гуманистік бағыт жүйесін жаңашыл бірігімді теориялық әдіснамалық тұғырға қондыру.

Педагогика міндеттері мұнымен шектелмейді. Күнделікті тұрмыс пен мектеп тәжірибесі педагогика ғылымы алдына бұрын ойымызға кіріп шықпаған саналуан мәселерді тартып жатады,солардың арасында заман талаптарынан туындап жатқан көкейтесті міндеттер тобы келесідей: электронды оқулықтар қорын түзу, педагогикалық кәсіп стандарттарын жасау, шәкірттердің кәсіп таңдауына ықпал жасаушы жағдаяттарды анықтау, мұғалім және тәрбие сұбъекті арасында өрбіп жататын жанжалды қарым-қатынастар табиғатын талдау және т.б.
1.7. Тұлғалық педагогиканың ғылымдар жүйесі
Әрқандай ғылымның даму деңгейі оның зерттеулерінің жіктемесіне және сол ғылымның басқа ғылымдармен көп салалы байланыстарына орай бағаланады. Осыған тәуелді аралық ғылыми пәндер өз алдына бөлініп, дербестік алып жатады.

Педагогикалық ғылымдар жүйесінде бүгінгі таңда келесідей пән салаларын атауға әбден болады:



- жалпы педагогика – тұлғалық негізгі заңдылықтарын зерттеп, ашумен шұғылданады;


  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   17


©netref.ru 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет