Монография түркістан, 2010 жыл Пікір жазғандар: Ә. Жолдасбеков- педагогика ғылымдарының докторы,профессор



жүктеу 4.28 Mb.
бет4/17
Дата01.04.2016
өлшемі4.28 Mb.
түріМонография
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   17
: repository -> history
history -> Методика диагностики основных параметров психического состояния тестом люшера
history -> Тұрсын Жұртбай: Қазақ әдебиеті «Абай жолы» романынсыз қалар еді
history -> Ііі том: талқЫ Үшін пайдаланылған әдебиеттер тізімі
history -> Байғали Досымжанов
history -> Қазақстанды қуатты мемлекет ету барысында бүгінгі қазақ зиялысының да арқасында ауыр жүк тұрғаны анық. Осы тұрғыдан алғанда бүгінгі интеллигенция өзінің мойнына жүктелген ұлт сенімін қаншалықты ақтай алып отыр?
history -> Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»
history -> Абай мектетебі
history -> Файл: Абай жолы «Абай жолына» 70 жыл
history -> ҮШінші бөлім: «БҰзылған бесік » «Бізді аямасаң да жолыңда жатқан бесікті аясаң болмай ма?!»
history -> Абайдың шәкірттері туралы. 1951 жылы, 6-апрель күні Алматыда қорғалған «Абайдың әдебиет мектебі»

3. ТҰЛҒА ҚАЛЫПТАСТУЫ ЖӘНЕ ДАМУЫНЫҢ ЖАЛПЫ ЗАҢДЫЛЫҚТАРЫ

3.1. Тұлғаның даму үдерісі
Даму – адамның сандық және сапалық өзгерістерінің жүрісі мен нәтижесі. Даму нәтижесінде адам биологиялық түр және әлеуметтік тіршілік иесі болып жетіледі. Адамның биологиялық сипаты өз ішіне морфологиялық, биохимиялық, физиологиялық өзгерістерді қамтыған тән-дене дамуынан көрінеді. Ал әлеуметтік даму адам психикалық, рухани, зияткерлік кемелденуінен байқалады.

Егер адам сана және өзіндік санаға ие болып, өз бетінше жаңғыртушы іс-әрекет орындауға қабілетті болса, онда ол адам тұлға деп аталады. Адам тұлға болып туылмайды, ондай қасиеттік дәреже даму барысында қалыптасады. «Адам» ұғымынан өзгеше «тұлға» түсінігі - адамның қоғамдық қатынастар, басқа адамдармен араласу ықпалында қалыптасқан әлеуметтік сапа-қасиеттерін білдіреді. Тұлға ретінде әрбір адам әлеуметтік жүйеде мақсат бағдарлы және ойластырылған тәрбие, тәлім барысында қалыптасады. Әрбір тұлға, бір жағынан, қоғамдық тәжірибені игеру деңгейімен, екінші жағынан, материалдық және рухани құндылықтар қорына қосқан қоғамдық үлесімен танылады. Тұлға болып жетілу үшін адам өзіне табиғаттан берілген және өмір мен тәрбие желісінде қалыптасқан ішкі қасиеттерін нақты практикалық қызметте аша білуі шарт.



Адам дамуы - бұл өте күрделі, ұзақ мерзімді және қарама-қайшылықты үдеріс. Біздің ағзамызда болып жатқан өзгерістер өмір бойына ұласады. Ал адамның тән-дене болмысы мен рухани дүниесі әсіресе балалық және жас өспірімдік шақта қарқынды ауысуларға кезігеді. Адамның дамуы сандық өзгерістердің қарапайым жиынтығы немесе төменнен жоғары бағытталған ілгерілі қозғалыс тобы емес, бұл үдерістің өзіне тән ерекшелігі – сандық өзгерістердің тұлғаның физикалық, психикалық және рухани сапалық қасиеттеріне диалектикалық түрде өтіп, жаңалануы. Бұл құбылыстарды түсіндіруде әртүрлі көзқарастар қалыптасқан. Мамандардың бір бөлігі адамдардың дамуын кездейсоқ, басқарымға келмейтін өзінше жүрісі бар деп пайымдаса, енді бір тобы даму өмір шарттарына тәуелсіз, сондықтан, тумадан берілген күштерге байланысты; адамның дамуын ешкім, еш уақытта өзгертуі мүмкін емес, тағдыр белгілейді деп топшылайды. Ал басқа бір зерттеушілер тобының пайымдауынша: даму – бұл әуел бастан қозғалысқа қабілетті құбылыс. Даму жолында көне жойылып, жаңа туындайды. Өмірге енжар икемдесуші жануарлардан адам өз дамуы үшін қажеттерін өз еңбегімен жасай алатындығымен ажыратады.

Дамудың қозғаушы күші – қарама-қарсылықтар тайталасы. Қарама-қарсылықтардың арқасында үздіксіз қайта жасалулар мен жаңғыртулар дүниеге келеді. Қарама-қарсылықтар – бұл өзара екі қайшылықты күштердің бір-біріне сиымсыздығынан туындайтын диалектикалық үдеріс. Адам қайшылықтарды іздеп немесе ойдан шығарып, әлектенуінің қажеті жоқ, олар қадам сайын өмірлік қажеттіктердің өзгеру салдарынан пайда болып отырады. Табиғаттан адамның өзі де қарама-қайшылықты дүние болмысы.

Қарама-қайшылықтар барша адамдардың дамуына ықпал жасаушы ішкі және сыртқы, жалпы (әмбебап), сонымен бірге әр жеке адамға тән – даралықты болып ажыралады. Адамның қарапайым материалдық және ең жоғары рухани қажеттерінің және оларды қанағаттандыру мүмкіндіктері арасындағы қарама-қайшылықтар әмбебап сипатқа ие. Ішкі қарама-қайшылықтар әр адамның өз болмысынан қанағаттанбауынан туындайды. Олар жек-дара ниеттерде көрінеді. Негізгі ішкі қайшылықтардың бірі-жаңадан пайда болған қажеттіктер мен оларды іске асыру мүмкіндіктерінің арасындағы алшақтықтар. Мысалы, балалардың өз психикасы мен зияты, әлеуметтік деңгейінің жетімсіздігіне қарамай, мүмкіндіктері толысқан ересектермен бірге іс алып баруға ұмтылуы. «Қалаймын» - «қолымнан келмейді», «білемін» - «білмеймін», «мүмкін» - «болмайды», «бар» - «жоқ» - мәңгі қарама–қайшылықтарды белгілейтін қосарлы ұғымдар. Адам дамуын зерттей отырып, ғалымдар даму және оның нәтижелері – бір жағынан, және оларға ықпал жасаушы себептер – екінші жағынан, арасындағы заңдылықты байланыстарды аңдатушы бірнеше маңызды тәуелділіктерді ашты.

Неліктен кей адамдар өз дамуында өте биік нәтижелерге жетіседі, ал екінші біреулер – ондай мүмкіндікке ие емес? Бұл үдерістің және оның нәтижесі неге байланысты? Ұзаққа созылғын зерттеулер осы сұрақтарға орай жалпы заңдылық ашты: адам дамуы ішкі және сыртқы жағдайларға тәуелді. Ішкі жағдайлар – адам ағзасының физиологиялық және психикалық қасиеттері. Сыртқы жағдайлар – бұл адамның қоршаған ортасы, ол жасаған және дамыған аймақ, Сыртқы ортамен ықпалды араласу үдерісінде адамның ішкі мәні өзгереді, жаңа қасиеттері қалыптасады, ал бұл, өз кезегінде, алдағы өзгерістерге жол ашады.

Сонымен, адамның дамуы сандық және сапалық өзгерістердің желісі мен нәтижесі. Даму барысында адам тұлғаға айналып, сана мен өзіндік сана, дербес жаңғыртушы іс-әрекет иесі болып жетіледі. Дамудың қозғаушы күші – қарама-қарсылықтар күресі. Адамның дамуы ішкі және сыртқы жағдайлармен анықталады.


3.2. Тұлға қалыптасуында нәсілдік және қоршаған орта ролі
Дамудың қай қырлары адамның өзіне тәуелді және қай тараптары сыртқы жағдайларға, жағдаяттарға байланысты? Дамуды айқындаушы себептер тобы – жағдаяттар деп аталады, ал сол қарапайым себептердің ішіндегі ең маңызды, мәнді себеп себеп-шарттар деп аталады. Даму үдерісі мен оның нәтижесіне әсер етуші жалпы жағдайлар мен жағдаяттар қандай?

Белгілі болғандай, адамның даму үдерісі мен оның нәтижесі үш өзекті жағдаяттардың бірлікті әрекетімен жасалады, олар – нәсілдік, қоршаған орта және тәрбие. Негізге «нәсілдік» деп аталатын адамның тума, табиғи ерекшеліктері алынады. Нәсілдік – бұл атадан балаға берілетін тұрақты сапалар мен ерекшеліктер. Нәсілдікті тасушы – биологиялық ген (грек сөзі – туындатушы). Ағза қасиеттері табиғат жаратқан гендік рәміздерде өрнектеліп, белгілі ақпарат күйінде тіршілік өкілі тәнінде сақталатынын және бірден бірге ауысып баратынын бүгінгі ғылым дәлелдеп отыр. Генетика – адам дамуының нәсілдік бағдарлама құпияларын ашып, жариялады. Адамның нәсілдік бағдарламасы адамды даму кейпінде танытатын жалпы, сонымен қатар әрбір адамның басқаға ұқсамас өзгешілігін білдіретін айрықша детерминантты (тұрақты да себепті) және ауыспалы бөліктерді өз ішіне алады. Нәсілдік бағдарламаның тұрақты бөлігі адамзаттың ұрпақ жалғастыру және адам тегіне тән нышандарды (сөйлеу, тік жүру, еңбек іс-әрекеті, ойлау, т.б.) қамтамасыз етеді. Атадан балаға адамның сыртқы белгілері: дене құрылысы, шаш, көз, тері түстері – ауысады. Қан тобы, резус-фактор, ағзадағы ақуыздардың әртүрлі бірігуі қатаң генетикалық бағдарламаға тәуелді түзілген.

Адамның жүйке жүйесі, мінезі, психикалық үдерістердің өту ерекшелігі осы нәсілдік қасиеттер тобынан. Ата-аналар тәнінде болған жүйке жүйесінің кемшіліктері, олардың арасында психикалық күйзеліс, сырқаттар –патологиялық ауытқулар ұрпақтан-ұрпаққа өтіп отырады. Сондай-ақ, қан аурулары (гемофилия), қан диабеті, кейбір эндокриндік бұзылыстар, мысалы, ергежейлілік-нәсілдік сипатқа ие. Ұрпаққа ауыр зиян келтіретін жағдаяттардың бір тобы – ата-аналардың маскүнемдік және нашақорлық зиянды әдеттерінен.

Нәсілдік бағдарламаның ауыспалы бөлімі адамға тіршілік жағдайларының өзгермелі шарттарына икемдесіп баруына көмегін тигізді. Нәсілдік бағдарлама жетілдіре алмаған адамның сапа-қасиеттері өмір бойы жүріп жататын тәрбиемен толықтырылады. Бағдарламаның бұл бөлігін әрбір адам өз бетінше дамыта алады. Осылайша, табиғат әрбір адамға өзіндік даму және өзіндік жетілу жолымен өзінің адамилық мүмкіндіктерін іске асыруға жол ашады. Сонымен, тәрбие қажеттігі адамға оның табиғатынан берілген. Балалар өз ата-аналарынан нені мұра етіп алады – ақыл әрекетіне дайын қабілеттерді ме немесе қабілеттерді дамыту үшін қажет болған нышандарды ма? Эксперименталды зерттеулерде топталған деректерді талдау бұл сұрақтарға нақты бір жауап мүмкіндігін берді: нәсілдіктен өтетін қабілеттер емес, тек қана - нышандар. Әулетке өткен нышан кейін дамуы да мүмкін немесе қолайлы жағдайлар болмаса, өшіп кетуі де ықтимал. Бәрі жағдайға байланысты: егер адамның нәсілдік бастаулары нақты қабілетке өту мүмкіндіктеріне кез болса және тұрмыс шарттары, тәрбиесі, адам мен қоғамның қажеттері орынды үйлесім тапса, нышан қабілет деңгейінен көрінеді.

Барша қалыпты адамдар табиғатынан өзінің ақыл және танымдық күштерін дамыту мүмкіндігіне ие, сонымен бірге шексіз рухани дамуға қабілетті. Жоғары жүйке қызметі типтеріндегі айырмашылық ойлау үдерістерінің жүрісін ғана өзгертуі мүмкін, ал ақыл-парасат әрекеттері деңгейіне олардың ешқандай әсері жоқ. Солай да болса, бүкіл дүние педагогтары нышандардың ақыл-ой қабілеттерінің дамуына кедергі де болатынын айғақтайды. Мысалы, маскүнемдерден туған балалардың бас миындағы енжар жасушалары, нашақорларда болатын гендік құрылым бұзылыстары, кейбір нәсілдік психикалық сырқаттар – қабілеттердің орнығуына көп кедергі келтіреді. Шылымкеш ата-аналардан туған балалар өкпе ауруына шалдыққыш келеді.

Ақыл-ой әрекеттеріне негіз – жалпы нышандармен бірге арнайы нышандар да ұрпақтан-ұрпаққа беріледі. Белгілі іс-әрекет түріне адамның қалыптаса бастауы осы арнайы нышандарда. Егер адамға қажетті жағлайлар жасалса, арнайы нышандар ерте жастан-ақ белгілі болады. Мұндай нышандар: ән-күй, сурет өнері, математика, лингвистика, спорт және т.б. үшін үлкен маңызға ие.

Биологииялық нәсілдіктен басқа адам дамуына үлкен ықпал жасайтын және бір себеп-шарт – бұл әлеуметтік нәсілдік. Осы нәсілдікке орай жаңа дүниеге келген адам өз ата-аналарынан және төңірегіндегілерден олардың әлеуметтік-психологиялық тәжірибесін (тіл, әдет, мінез бітістері, адамгершілік сапалары, т.б). белсенді игеруге қабілетті. Әсіресе, қызықтыратыны – моральдық нышандардың нәсілдікпен берілуі. Көп заманнан бері адам тумадан жауыз да, қайырымды да, мырза да, сараң да емес, - деген тұжырым қалыптасқан. Бала өз ата-аналарынан олардың моральдық сапаларын қабылдап – ұры не қарақшы болып өспейді.

Ендеше, неліктен көп ғалымдар «тума жыртқыштық» теориясын ұсынады? Осыдан, ғасырлар тұңғиығынан бізге дейін жеткен – «алма ағашынан ұзап түспейді» - деген мақал әділ ме? Бүгінгі таңда ғалым педагогтардың көбі адамның ізгілік қасиеттері биологиялық негізге ие деген пікірге ойысып отыр. Адамдар қайырымды немесе ашулы, адал немесе өтірікші, адамның жыртқыштығы, қайырымсыздығы, аш көздігі табиғаттан берілген (М. Монтессори, К. Лоренц, Э. Фромм, А. Мичерлик, т.б.) деген теория да баршылық.

Адамның тұлға болып жетілуі - әлуметтенуден, яғни басқа адамдармен қарым-қатынасқа келу үдерісінен. Адамзат қоғамынан тыс рухани, әлеуметтік, психикалық дамуы мүмкін емес, (Маугли жөніндегі аңыз-ертегіні есіңізге түсіріңіз).

Нәсілдіктен басқа адам дамуына үлкен ықпал ететін қоршаған орта. Орта – бұл даму жүріп жатқан шынайы болмыс, дүние. Тұлғаның қалаптасуына әрқилы сыртқы жағдайлар, солардың ішінде географиялық, әлеуметтік, мектеп, отбасы жағдаяттары себепші болады. Олардың кейбіреулері белгілі аймақтың барша балаларына тиісті болса (географиялық жағдаят), екінші біреулері – жасаған ортаға байланысты (айталық, қала немесе ауыл) ал үшінші біреуі – кейбір әлеуметтік топтағы балаларға маңызды, төртінші жағдаяттар - бүкіл халықтың жалпы жақсарған өмірімен байланысты (соғыс және күйзеліс жылдары ең алдымен балалар қиыншылығы туындайды).

Араласу қатынастарына байланысты жақын және алшақ орта ажыралады. Педагогтарды көбіне қызықтыратыны әлеуметтік және отбасы ортасы. Әлеуметтік орта балалар үшін алшақ, ұзақ орта есептелсе, ал отбасы - жақын ортаны құрайды. Бұл ортада балалар ата-анасымен, туған-туысқандарымен, жекжаттарымен, достарымен қатынас түзеді. Үй ішіндегі тұрмыстық жағдаяттар нақты баланың дамуына ықпал жасайды және ол дамудан біз ең алдымен баланың қай дәрежеде тамақтанатынын, сабақ және демалыс тәртібін, тән-дене және ақыл-ой жүктемелерінің қажетті дәрежеде болуы, болмауын анықтаймыз. Қалыпты тән-дене дамуындағы қандай да ауытқу ата-аналар мен мұғалімдер үшін баланың денсаулығына байланысты кейбір жағдайлардың қамтамсыз етілмегенінен хабар беріп, оны қалпына келтіру үшін шаралар қолдану қажеттігін білдіреді. «Әлеуметтік орта» түсінігі қоғамдық құрылым, өндірістік қатнастар жүйесі, өмірдің материалдық шарттары, өндірістік және әлеуметтік үдерістердің өтуі және басқа да жағдаяттарды аңдатады. Ортаның адам қалыптасуына ықпалы қандай? Қоршаған орта маңыздылығын барша дүние педагогтары мойындауда. Дегенмен, сол ортаның ықпал дәрежесін бағалауда әртүрлі көзқарас қалыптасқан. Дерексізденген (абстракт) орта болмайтыны белгілі. Нақты қоғамдық орта-адамның нақты өмір жағдайлары, оның жанұясы, мектебі, достары – болады. Осыдан алыс және жақын қоршаған орта неғұрылым қолайлы жағдайларды қамтамасыз ете алатын болса, соғұрылым адам өз дамуында жоғары деңгейлерге көтеріледі.

Адам дамуында, әсіресе, балалық шағында отбасының маңызы орасан. Адамның алғашқы кезеңі - өте қажет даму және қалыптасу дәуірі - осы жастық шағына байланысты. Бала өзі туып өскен және дамыған отбасының дәл бейнесін қайталайды. Оның қызығулары мен қажеттері,көзқарастары, құндылықтар бағыты өскен отбасының сипатына тәуелді: осы отбасыда баланың табиғи нышандарының дамуына қолай материалдық және басқа да жағдайлар жасалады. Тұлғаның адамгершілік және әлеуметтік сапалары да – отбасыдан.

Қазіргі күнде қай отбасы болсын, қиын кезеңді басынан кешіріп жатыр. Ажырасқан некелер, бір тарапы кеміс отбасылар, әлеуметтік кіріптарлық пен жоқшылыққа ұшыраған балалар санының көптігі – көз алдымыздағы қоғамдық жағдайлар.

Отбасы дағдарысы, мамандардың пікірінше, көптеген келеңсіз қоғамдық құбылыстардың, ең алдымен, кәмелетке жетпегендер ортасындағы тәртіп бұзушылықтың басты себебіне айналып отыр. Елдегі құқық бұзушылардың басым көпшілігі 14 пен 18 жас аралығындағы жас өспірімдер. Бұл қоршаған орта ықпалының кері кетіп жатқанын, онымен бірге даму нәтижесінің де төмендегенін байқатады.

Не маңыздылау – қоршаған орта ма не нәсілдік пе? Мамандар пікірі бөлінеді. Кей педагогтардың бағалауынша, барлық жағдаяттар арасында ортаның ықпалы 80% құрайды. Екінші бір зерттеушілердің есебінде, керсінше, 80% даму - нәсілдіктен. Негізгі жағдаяттардың ақыл дамуына ықпалы жөнінде ағылшын психологы Д. Шаттлеворт (1935 ж.) келесідей қорытынды жасаған:

Ақыл дамытушы жағдаяттардың 64% нәсілдік ықпалдан;

16% - отбасы жағдайлары деңгейінің айырмашылығынан;

3% - сол отбасындағы балалардың тәрбие айырмашылығынан;

17% - аралас себеп-шарттардан (нәсілдіктің ортамен бірлікті әсерінен).

Әр адам өзінше дамиды. Сондықтан, әркімде болатын нәсілдік және орта ықпалдары әрқилы. Ал енді бұл себептердің қайсысы қаншалықты ықпал жасайтыны, олардың араласа қандай нәтижеге әкелетіні көп жағдаяттарға тәуелді. Олардың өлшемі, сипаты дәрежесін сандық көрсеткішке келтіру тіпті мүмкін емес.

Сонымен, адамның даму үдерісі мен оның нәтижесі үш басты жағдаяттардың (нәсілдік, қоршаған орта және тәрбие) бірлікті әсерімен анықталады. Нәсілмен берілетін қабілеттер емес, тек нышандар ғана. Биологиялық нәсілдікпен бірге әлеуметтік нәсілдік те болады.Осы жағдаяттан дүниеге жаңа келген адам ата-аналарының және төңірегіндегілердің әлеуметтік-психологиялық тәжірибесін, тілін, әдеттерін, мінез бітістерін, адамгершілік сапаларын, тағы басқаларды игереді. Адамның дамуына нәсілдіктен басқа қоршаған орта да мәнді ықпал жасайды.
3.3. Даму және тәрбие
Нәсілдік пен қоршаған орта ықпалдары тәрбие арқылы қажетті бағдарға келтіріледі. Тәрбие – табиғаттан болған кемшіліктер мен ортаның зиянды әсерлерін «жөндейтін» - басты күш. Осы тәрбиеге ғана байланысты қоғамға толыққанды тұлға келеді. Тәрбиенің тиімділігі оның мақсат бағдары, жүйелі болуымен бірге кәсіби маманданған басшылықтан. Тәрбиенің нәтижелілігі оның адам санасына негізделіп, және сол адамның өзінің қатысуын талап етуінде. Ал онымен бір уақыттағы нәсілдік және орта ықпалы ырықсыз, санадан тыс жүріп жатады. Осы жәйттерге орай тұлғаның қалыптасуындағы тәрбиенің рөлі, орны, мүмкіндіктері айқындалады. Тәрбие күші (тиімділігі) әр түрлі бағаланады, бұл бағалардың шектері өте кең. Қолайсыз нәсілдік немесе қоршаған ортаның келеңсіз ықпалы басым болса, тәрбие нәтижесі мәнсіз, тіпті жоқтың қасы. Ал қолайлы жағдайларда – адам табиғатын өзгертіп, оның керекті бағытта қалыптасуындағы бірегей де ең күшті құрал – тәрбие. Дегенмен, «бәрі тәрбиенің қолында» деп жар салған педагогикалық теория өзін ақтамады. Тәрбиемен, әлбетте, көп нәрсеге жету мүмкін, бірақ, адамды толығымен өзгертуге оның күші жетпейді. Адамдар тағдырында тәрбиенің көзге көрінбейтін әсерден бастап, ең жоғары мүмкіндіктерді дамытуға дейін, әрқилы үлесі бар.

Орынды ұйымдастырылған тәрбиенің маңызды міндеттерінің бірі – қабілеттері мен табиғи мүмкіндіктеріне сәйкес адамды дамыту және оның бейімділігі мен дарынын ашып, айқындау. Табиғаттан берілген нышандарға арқа сүйеген жағдайда ғана тәрбие қажет болған сапалардың дамуын қамтамасыз ете алады. Егер табиғи ерекшеліктер ескерілмесе, тәрбие нәтижесін күту – босқа кеткен еңбек. Бұған жарқын мысалдар бар. Зерттеуші Н.И.Ладыгина-Котс өз сәбиімен бірге маймылдың баласын қоса тәрбиелеуді жоспарлапты. Тамақ, күтім, ойындар және тағы басқалар, яғни өмірлік шарттар екеуіне де бірдей болған. Маймыл баласына сәбиге болған жағдайлардың бәрі де теңдей жасалса да, ол адамға тән болған бірде бір психикалық сапаны меңгере алмаған.

Адам дамуына ықпал жасай отырып, тәрбие сол дамудың өзіне тәуелді келеді, сонымен бірге дамудың әр деңгейінен жаңа бастаулар алып отырады. Осыдан даму мен тәрбиенің күрделі диалектикалық өзара қатнасы көрінеді. Тәрбиенің тиімділігі баланың тәрбие ықпалдарын қабылдауға деген дайындық деңгейінен байқалады.

Адамдар тәрбие ықпалына теңдей түсе бермейді. Әрқилы адамдар әртүрлі жағдайлардағы тәрбиелік ықпалдар күшін әртүрлі қабылдайды. Тәрбиеге икемдік әр балада әрқилы: кей балалар жылдам әрі көп еңбектенбей-ақ тәрбие жолына түседі, ал екінші бір балаларды көзделген мақсатта тәрбиелеу көп еңбек сарп етуді қажет қылады. Тәрбиеленушілер тарапынан болатын сыртқы күштерге, яғни тәрбиеге қарсылық соңғы нәтижеден күні ілгері дерек береді. Сондықтан, тәрбиеде нақты жағдайлар мен адамдар арасындағы қарым-қатынас үлкен маңызға ие.

Тәрбиелік ықпал күші бірнеше шарттар мен жағдайларға тәуелді. Танымал педагог және психолог Л.С. Выготский (1896-1934) тәрбие мақсаттары мен әдістері тек қана баланың енді жетісетін, «ең жақын даму» аймағына да сәйкес болу заңдылығын ашты. Мұндай деңгей екеу: 1) нақты даму аймағы, 2) жетілуі қажет даму аймағы. Бұл деңгейлерді келесідей белгілеріне қарай анықтау мүмкін. Бірінші деңгейде бала тапсырманы өз бетінше орындайды, ал екінші деңгейде оны өз бетінше атқара алмайды, сондықтан оған ересектердің жәрдемі қажет. Жақсы тәрбие – бұл даму алдынан жүретін тәрбие. Тәрбиенің міндеті алдымен «жақындатылған даму өрісін» түзіп, оны кейін «нақты даму алаңына» ауыстыру. Әрдайым тұлға қалыптасуына ықпал ететін дамуды өз жетегіне алушы – бұл тәрбие. Мұндай тәрбие әлі пісіп жетілмеген, бірақ тіктелу шағына түскен үдерістерге бағытталады. Балалардың мейлі тән - денелік, мейлі ақыл дамуы болсын, ешқайсысын да шектен тыс асықтыруға, олардың іс-әрекетін ойластырмай, көлем жағынан көбейтуге және күрделендіруге болмайды. Зерттеулердің көрсеткеніндей, жас балалардың көбі алты жастан жүйелі оқу-үйретімге қатысуына болады. Бірақ, бұл жаста бастаған оқу-үйретім сабақтары ерекше ұйымдастыруды, қажетті қозғалыс, дем алу, тамақтану жағдайларын қамтамасыз етуді талап етеді.

Сонымен, адам дамуы тәрбиеге негізделеді. Ол табиғат және қоршаған орта толтыра алмаған кемшіліктерді түзейтін басты күш. Тәрбиенің ықпалды болуы оның мақсат бағдарлылығына, жүйелілігіне, маманданған басшылығына тәуелді. Бірақ, тәрбие мүмкіндіктері кейбір жағдайларда шектеулі болады.



3.4. Табиғи сәйкестік принципі
Тұлға дамуында нәсілдік (табиғи) жағдаяттардың үлкен маңызға ие екендігі ежелгі дүниеден-ақ белгілі болған. Тұрмыста ұдайы дәлелденіп келе жатқан бұл тұжырым уақыттардың өтуімен педагогиканың тұғырлы және жетекші принципіне айналды. Бұл принцип кейін келе табиғи сәйкестік принципі деп аталатын болды. Осы принцип адамға табиғаттың бір бөлігі ретінде қарау қажет екенін алға тартады, адамның табиғи күштерін арқау етіп, бұларды оның дамуына пайдалануды ұсынады. Ежелгі дүние ғылымы адам тәрбиесін табиғаттан бөлек жүргізілетін іс деп тіпті де ойына алмаған. Көне Рим ораторы Цицерон: «Егер біз табиғат ізінен көсемге ергендей жүретін болсақ, еш уақытта да адаспаймыз» - деп ұрандаған. Ұлы Я.А. Коменский бірнеше ғасырлардан кейін ұмыт қалған табиғи сәйкестік идеясын қайта көтеріп, оның тәрбиедегі маңызын ашып берді. Тәрбиенің табиғи сәйкестік принциптері осы ұлы педагог – ғалымның «Ұлы дидактика» кітабында мейлінше толық келтірілген. Я.А.Коменский тәрбиенің табиғи негіздемелерін қадам-қадаммен ашып берді. Олардың қай-қайсысы да жоғары мән-мағыналылығымен және ғылыми қисынымен ерекшеленеді. Төменде «Ұлы дидактика» кітабынан келтірілген сілтемелер мұның айғағы:

Табиғат еш нәрсені өз мезетінсіз іске қоспайды.

Табиғат өз әрекеттерін сапырылыстырмайды, әрқайсысын өз алдына, белгілі тәртіпте орындайды.

Табиғат өзінің әрқандай әрекетін ішкі құрылым түзуден бастайды.

Табиғат қандай да қалыптастыру ісін жалпыдан бастап, ерекшесімен тамамдайды.

Табиғат әрқандай қарама-қарсылықтар мен зияндыларды мұқият айналып өтеді.

Табиғат ешқашан жарамсызды пайдаланбайды.

Табиғат материяны формаға келетіндей етіп пайдаланады.

Табиғат жеңілден қиынға қарай қозғалыс жасайды.

Табиғат өзіне артық жүктеме алмайды.

Табиғат асықпайды, алға қарай жайымен ілгерілейді.

Табиғат ешнәрсені өзі пісіп жетілмей, сыртқа шығаруға асықпайды.

Табиғат әрдайым өзіне көмектеседі.

Табиғат барша затты тұрақты байланысқа келтірген.

Табиғат заттардың сандық және сапалық қатнастары арасында теңдік сақтайды.

Шәкірттің табиғатына тән емес нәрсенің бәрі ол үшін жат.

Мұғалім табиғаттың үкімшісі емес, оның жәрдемшісі; оны түзуші емес, жаңалаушы.

Я.А.Коменскийдің табиғи сәйкестік принципін Джон Локк қуаттап, әрі қарай дамытты: «Балалармен тәрбие қатнасына түскен әрбір адам, олардың табиғатын мейлінше зерттеп, тумадан берілген нышандарын айқындауы, оларды қалай жетілдіру және қалай пайдалану керек екенін ойластыруы қажет».

Осы принциптің әсеріне көзі жеткен И.Г. Песталоций былай депті: «Қалаған ғылыми пәннің ізгі нәтижесі – адам табиғатын жетілдіру, оны дамытып, мүмкін болған жоғары деңгейге көтеру. Ғылым дамуы емес, ал сол ғылымның арқасында адам табиғатының дамуы… қасиетті міндет. Сондықтан, адам табиғаты ғылымға сәйкестендірілмей, керісінше, ғылым адам табиғатына икемдестірілуі тиіс».

Ұзақ уақыт желісінде табиғи сәйкестік принципі педагогикадан тыс, ұмыт қалды. Осы принципке қайта оралумен мектеп педагогикасы не ұтуы мүмкін? Бұдан біздің ұтатынымыз – ең алдымен балалардың мүмкіндіктерін түсіну. Бұл арқылы теңестірілген шәкірттерге арналған бірдей мектеп бағдарламалары және мектеп пәндерін игеру қабілеттері әртүрлі болған балалар арасындағы қайшылықтарды үйлестіре пайдалануға болады.

Табиғи сәйкестік принципін жадтан шығарудан көп елдерде тәрбие дағдарысы өріс алды. Тәрбиеленушілер денсаулығының төмендеуін, адамгершіліктің кері кетуі және психикалық ауытқуларды көзімен көрген бұл елдердің педагогтары өз қателерін мойындаудан қорықпай, ғасырлар таңдауынан өткен дәстүрлі педагогикаға қайта мойын бұрды. Бұл жөнінде неміс профессоры Л.Гурлитт: «Денсаулық құнымен қолға енген мәдениет түкке де тұрмайды, ол мәдениетсіздіктен зияндылау, өмір сүруге пайда бермейтін дайындықты өмір мақсаты деп атауға болмайды. Бізге мүгедек, тар кеуделі, тауық көзді, қаны жетімсіз, жүйкесі шаршаған, сондықтан да босбелбеу де аурушаң адамдарды дүниеге келтіретін бүгінгі тәрбиеміз түп тамырынан жойылып, халықтар өмірінен аласталуы тиіс». Біздің елімізде мектеп мерзімінің ұлғайтылуы, бағдарламалардың жеңілдетілуі, бала тәрбиесі сапасының көтерілуі тәлім-тәрбиенің қоғамда қалыптасып жатқан, дұрыс жолдары мен прнциптерінің қайта қолданымға келуінен. Егер әрбір педагог осы табиғи сәйкестік принципі талаптарына орай қызмет етсе, тәрбиедегі қате – кемшіліктер азайып, ал оның нәтижесі әлдеқайда көтерілер еді.
3.5. Іс-әрекет және тұлға дамуы
Дамуға нәсілдіктің, қоршаған ортаның және тәрбиенің ықпалына қосымша әсер ететін аса маңызды жағдаяттардың және бірі – бұл тұлға іс-әрекеті. Іс-әрекет ұғымы қандай да жұмысты орындау үшін жасаған адам қимыл-қозғалыстарының бәрін аңдатады.

Тарих тұңғиығынан іс-әрекет бабында небір дана бақылаулар бізге дейін жеткен: «Балаңның немен және қалай шұғылданатынын айтсан, оның қандай адам болып жетілетінін айтып беремін»; «Қаңғыбас болғанның ешқайсысы да дегеніне жете алмаған»; «Қанша тер төксең – сонша емерсің»; «Адам өз бақытының ұстасы»; «Ерте тұрғанның ырысы артық»; «Еңбегіне қарай сый-сияпаты»; «Өнерлінің қолы гүл» т.б. Даму нәтижелері мен іс-әрекет қарқындылығы арасында тікелей байланыс болатыны айдан анық. Бұдан даму үдерісінің және бір жалпы заңдылығы ашылады: шәкірт неғұрылым белгілі салада көбірек іс-әрекет жасаса, оның сол саладағы даму деңгейі соншама жоғары келеді. Әлбетте, бұл заңдылықтың шексіз қолданыла беруі мүмкін емес. Ол жағдай әрбір адамның қабілеттеріне, жасына, іс-әрекеттің өзінің қарқындылығы мен ұйымдасуына тәуелді келеді.

Іс-әрекет барысында адамның жан-жақты және біртұтас тұлғалық дамуы жүріп жатады, оның қоршаған дүниеге көзқарасы, қарым-қатнасы қалыптасады. Таңдалған іс-әрекет көзделген тұлғалық қасиеттердің қалыптасуына ықпал етуі үшін оны қажетті деңгейде ұйымдастыру және келелі бағдарлап отыру қажет. Бұл тәрбие болмысында өте күрделі іс. Өкінішке орай, көп жағдайларда осы күрделілік даму мүмкіндіктерін шектейді; кейде тәрбиеленушілер ең қажетті болған жағдаяттарға – қоғамдық, еңбек, таным әрекеттеріне белсене араласа алмай, енжар бақылаушы күйінде қалып, дайын ережелерді жаттаудан ары өте алмайды.

Балалар мен жас өспірімдердің іс-әрекеттерінің негізгі түрлері – ойын, оқу-үйренім,еңбек. Бағдары бойынша іс-әрекет танымдық, қоғамдық, спорттық, көркем өнерлік, техникалық, кәсіптік, құмарлық (гедоникалық) болып ажыратылады. Барлық жастағы балалардың іс-әрекеттерінің ерекше түрі – тілдесу, қатынасу (ортақтасу).

Іс-әрекет өз сипаты бойынша белсенді (актив) және енжар (пассив) болуы мүмкін. Тіпті, құрттай ғана сәбидің өзі белсенді тіршілік иесі болып көрінгенді қалайды. Ол жасына қарамай үлкендерге, қатарына қандай да талаптар қояды, төңірегіндегі кісілерге, заттарға, болып жатқан оқиғаларға өз қатынасын білдіруге тырысады. Уақыттың озуымен қоршаған орта және тәрбиенің ықпалы арқасында белсенділік көтерілуі де мүмкін, кейде төмендеуі де ықтимал. Мысалы, адам көп жұмыс істеуі мүмкін, бірақ іске құлықсыз, көңілі құламай, орындауы қалай болса, солай – енжар. Әлбетте, мұндай іс-әрекет адамды жоғары нәтижелерге жеткізбейді. Дамудың тиімді болуы іс-әрекеттің белсенділігіне, көңіл-күй жарасымдылығына тәуелді. Адам таңдаған ісіне жан-тәнімен кірісіп, өзіндегі бар мүмкіншіліктердің бәрін іске жұмылдырып, өзін кемелденген тұлға ретінде көрсете білуі қажет. Мұндай қызмет адамға қанағат ләззатын әкеліп, шабыт пен қуаттың көзіне айналады. Сондықтан да, іс-әрекеттің маңыздылығы оның өздігінен ғана емес, сол әрекетте көрінетін тұлға белсенділігінің деңгейіне байланысты.

Белсенділік оқу-үйретім барысында шәкіртке тезірек және табысты әлеуметтік тәжірибе топтауға мүмкіндік береді. Оның қарым-қатынас, тілдесу қабілеттерін дамытады, қоршаған болмысқа деген көзқарасын қалыптастырады. Баланың ақыл-парасат дамуын танымдық белсенділік қамтамасыз етеді. Бұл үшін балаға танымдық мәселелерді шешумен бірге игерілген білімдерді тұрмыста қолдану қажеттігі де тән болуы тиіс. Себебі, еңбектегі белсенділік тұлғаны өзінің рухани және адамгершілік дүниесін тез арада және тиімді қалыптастыруға ынталандырады, оны көп және нәтижелі еңбектенуге бағыттайды.

Белсенділіктің барша көріністерінің негізінде бір ғана тұрақты дерек көзі – қажеттік орын алған. Адам қажеттіктерінің көп түрлілігі оларды қанағаттандыру үшін қолданылатын іс-әрекеттердің де санқилылығын туындатады. Өсіп келе жатқан адамға белсенділіктің пайдалы бағыттарын көрсетіп, алдамшы қырларын мейлінше бәсеңсіту – педаготар үшін тұрақты да, өте күрделі де міндет. Күрделілігі-адамның жеделдете кемелденуі дәуірінде іс-әрекет қажеттері мен сеп-түрткілері (мотивтері) өте қозғалмалы және ауыспалы келеді. Сондықтан әртүрлі жас сатыларында іс-әрекет түрлері ауысып баруы шарт. Жалпы мектептік тәрбиенің өзгерістер ізімен үлгере орындалуы өте қиын, солай да болса, әрқандай тәрбиелік іс мезетінен бір де кешікпей жүргізіліп, келеңсіз салдардың алдын алып отыруы қажет.

Әрбір адамның өзіндік белсенділігі оның қабілеттері мен дарынының дамуы және табыстарға жетуінің міндетті кепілі. Бала тәрбиесімен қандай да бір ғажайып тәрбиеші шұғылданбасын, оның өз әркет-ықыласы болмаса, ешқандай нәтиже болуы мүмкін емес. К.Д. Ушинский пікірінше, бала өзі оқып-үйренуі тиіс, ал педагогтың қызметі оған игерілуі қажет материалды ұсыну, оның оқу-үйренім үдерісін басқару. Осыдан, дұрыс қойылған тәрбиеде шәкірт педагогикалық ықпалдың тек нысаны ғана емес, ол сонымен бірге өз тәрбиесін белсенді өз қолына алған – субъект.

Іс-әрекет сияқты тұлға белсенділігі де таңдамалы сипатқа ие. Тұлғаның дамуы кез-келген әсерден болмайды, солардың ішінде адамның өз қажетіне сай келген, оның тұлғасына жарасымды болған, шынайы болмысқа деген оның көзқарастарына сәйкес ықпал болса ғана, бала дамуы қарқынды жүреді.

Тұлғаның белсенділігі дамудың алғышарты ғана емес, оның нәтижесі де. Қоғамдық белсенді, ынталы, шығармашыл және өзі мен төңірегіндегі қатысқан адамдардың бәріне бірдей жақсылық пен қуаныш беретін тұлға қалыптасуына ықпал етуші тәрбие әрдайым өз мақсатына жетіп отырады. Саналы, педагогикалық сынақтан өтіп, ұйымдастырылған шәкірт іс-әрекеті белсенділіктің қай түрін де қамтамасыз ете алады. Өсіп келе жатқан адамға толық іс-әрекет мүмкіндігін ашып беру, өз күш-қуатын белсенді қолдануға қажет әрекет тәсілдерімен қаруландыру, тұлғалық ерекшеліктерді жете зерттеу және әр тұлғаның болмысындағы табиғаттан берілген нышандар мен дарындылық белгілерін мейлінше жайып салу - әрбір тұлғаның даму үдерісін ақылгөйлікпен бағыттаушы ұстаз – педагогтың өз ар-намысы мен қоғам алдындағы борышы. Сонымен, бала, жас өспірім дамуының маңызды жағдаяттарының бірі – оның меншікті өз әрекет – қызметі. Мұғалім қаншама жақсы бола берсін, өз үстінде еңбектенбеген шәкірт көздеген мақсатына жете алмайды. Әрқандай іс-әрекет бала ықыласымен орындалып, шартты түрде белсенді болуы қажет. Орындаған ісінен шәкірт ләззат және қанағат табуы лазым. Белсенді іс ешқашан шаршатпайды.


3.6.Тұлғаның даму нақтамасы
Педагогикалық тәжірибеде тәрбиеленушінің даму деңгейіне байланысты жетістіктерді дер уақытында зерттеп тұру қажеттігі күннен-күнге үлкен маңызға ие болуда. Бұл қажеттік тұлғаның қалыптасу үдерісін тиімді басқару үшін, ондағы жүріп жатқан өзгерістердің тереңдігін, қарқыны мен ерекшеліктерін білу керектігінен туындаған. К.Д.Ушинскийдің «Егер педагогика адамды барша тараптан тәрбиелегісі келсе, онда ол сол адамды ең алдымен жан-жақты білуі шарт» - деп өз уақытында нақтаманың (диагностиканың) нақты оқу-үйретім, тәрбие үдерісіндегі маңызын баса көрсеткен.

Нақтама (диагностика - грек сөзі: диа – ашық, айқын және гнозис – білу) – зертелуші нысан немесе ұдеріс жөніндегі ақпараттарды кұні ілгері алудың жалпы тәсілі. Педагогикалық даму саласындағы нақтаманың мән-мағнасы, медицинадағы сырқатты күні бұрын анықтаумен бірдей. Нақтама жолымен тәрбие үдерісіндегі қандай да өзгерістердің белгілері мен себептері, сипаттары шынайы анықталса, онда тәрбиені болашақта дұрыс жолға келтірудің жоспарына негіз береді. Дұрыс орындалмаған нақтама барлық еңбекті зая етіп, алдағы тұрған мақсатқа жетудің кедергісін азайтпақ түгіл, оны асқындырып жібереді. Сондықтан да, даму желісін нақтамалау жоғары мамандық пен жауапкершілікті талап ететін өте маңызды тұрмыс-қызметтік іс.

Шәкірттің тән-дене дамуын нақтамалау қиындық тудырмайды. Бұл үшін бүкіл дүние жүзінде жалпы және айрықша сапалардың даму дәрежесін өлшестіруші ерекше тестер (нұсқау-көрсетпелер) қолданылады. Берілген тапсырманы орындауына қарай баланың қажетті деңгейге, тән-дене дамуындағы нақты өлшемдерге сәйкестігі анықталады. Алынған деректер жас мүмкіндіктерімен салыстырылады.

Рухани, әлеуметтік дамуды нақтамалау үлкен қиындық тудырады. Бұл мақсатта қолданылатын әдістемелер әзірше күрделі, қорытынды дәлдігін қамтамасыз ете бермейді. Нақтама сенімділігін көтеруге орай кешенді тексерістер, антропометриялық, әлеуметтік және психологиялық деректер жинақталып, өзара салыстырылады, ал бұл үшін арнайы жабдықталған клиникалар мен зертханалар, дайындықты мамандар қажет. Нақты педагогикалық болмыста мектеп психологтары мен мұғалімдер тұлғаның жекеленген қасиет-сапаларын анықтауы мүмкін, бірақ мұндай зерттеулердің нәтижесіне негіздеп, даму құрылымдарына жалпы баға беріп болмайды.

Тәрбиеленушілер дамуындағы кейбір ерекшеліктерді нақтамалаудың қарапайым әдістерін үйреніп алу кәсіби педагогикалық дайындықтың аса маңызды шарты. Мектеп мұғалімдерін аса қызықтыратын жәйіттер – балалардың ақыл-ой әрекеттерін, мінез-құлық сеп-түрткілерін, қажетсіну деңгейін, көңіл-күй шабытын, әлеуметтік бітістер дамуы мен т.б. маңызды сапаларын күні ілгері байқастыру. Аталған сапаларды зерттеудің кең тараған әдісі – бұл тестілеу. Мұғалімдердің өз қызметтерінде пайдалануы үшін алты жасар балалардың ойлау қабілетін анықтауға жәрдемін тигізер тестерді үлгі ретінде ұсынып отырмыз:

Қай жануар үлкенірек – ат па, ит пе?

Ат=0, қате жауап =-5.

Күндіз сабаққа барамыз, ал түнде …?

Ұйықтаймыз =0, ойнаймыз, сабақ дайындаймыз және т.б. =-3.

Күндіз жарық, ал түнде …?

Қараңғы =0, қате жауап = –4

Аспан көк, ал шөп …?

Жасыл =0, қате жауап =–4.

Алма, алмұрт, шие…бұл не?

Жеміс =1, қате жауап = –1.

Қызыл бағдаршам не үшін жанады?

Сақтандыру үшін, т.т.= 0, қате жауап =–1.

Сағат неше? (қағаз сағатта: жетіге 25 мин. қалды, 5мин. кем 8, он екіге 5 мин. қалды).

Жалпы көрсетілген =4, бір ғана уақыт көрсетілген =3, білмейді =0.

Алматы, Астана деген не?

Қалалар =1, станциялар =0, қате жауап =–1.

Кішкентай сиыр – бұзау, кішкентай ит…, кішкентай қой…?

Күшік, қозы =4, екуінің біреуі =0, қате жауап =–1.

Ит мысыққа не тауыққа ұқсай ма? Несімен ұқсайды?

Мысыққа (бір белгісі жеткілікті) =0, тауыққа (ұқсас белгі келтірмей –ақ) =1, тауыққа =–3.

Автомобилдегі тежеуіш неге керек?

Екі себеп (таудан түскенде, тоқтау үшін және т.б.) =4, бір себеп =0, қате жауап = –1.

Балға мен балта несімен ұқсас?

Екі ұқсастық =3, бір ұқсасатық =2, қате жауап =0.

Жолбарыс пен мысық несімен ұқсас?

Екі ортақ белгі =3, бір ұқсастық =2, қате жауап =0.

Футбол, волейбол, суда жүзу – бұл…?

Спорт (дене шынықтыру) =3, ойындар (жаттығу, жарыс) =2, қате жауап =0.

Қандай автокөліктерді білесің?

Үш жол көлігі және ұшақ не корабль =4, жәрдемдесумен жауап =2, қате жауап = 0.

Кәрі жас адамнан қалай ажыратылады?

Үш белгі =4, бір не екі ерекшелік =2, қате жауап (таяғы бар, шылым шегеді) =0.

Адамдар неге спортпен шұғылданады?

Екі себеп =4, бір себеп =2, қате жауап =–3.

Неліктен сабақтан қашу жаман?

Дұрыс жауап =2, қате жауап =0.

Тест нәтижесі – жеке сұрақтарға берілген балл қосындысы.

Нәтижелердің топтастырылуы (классификациясы):

Өте жақсы…+24 және одан жоғары

Жақсы…+14+23 дейін

Қанғаттандырарлық…+0+13 дейін

Жаман…-10 – 12 дейін

Өте жаман… -11 –одан төмен.



1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   17


©netref.ru 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет