Монография түркістан, 2010 жыл Пікір жазғандар: Ә. Жолдасбеков- педагогика ғылымдарының докторы,профессор



жүктеу 4.28 Mb.
бет6/17
Дата01.04.2016
өлшемі4.28 Mb.
түріМонография
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   17
: repository -> history
history -> Методика диагностики основных параметров психического состояния тестом люшера
history -> Тұрсын Жұртбай: Қазақ әдебиеті «Абай жолы» романынсыз қалар еді
history -> Ііі том: талқЫ Үшін пайдаланылған әдебиеттер тізімі
history -> Байғали Досымжанов
history -> Қазақстанды қуатты мемлекет ету барысында бүгінгі қазақ зиялысының да арқасында ауыр жүк тұрғаны анық. Осы тұрғыдан алғанда бүгінгі интеллигенция өзінің мойнына жүктелген ұлт сенімін қаншалықты ақтай алып отыр?
history -> Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»
history -> Абай мектетебі
history -> Файл: Абай жолы «Абай жолына» 70 жыл
history -> ҮШінші бөлім: «БҰзылған бесік » «Бізді аямасаң да жолыңда жатқан бесікті аясаң болмай ма?!»
history -> Абайдың шәкірттері туралы. 1951 жылы, 6-апрель күні Алматыда қорғалған «Абайдың әдебиет мектебі»

Жоғары мектеп жасы (15-18 жас). Бұл жаста негізінен адамның тән-дене қалыптасуы аяқталады: өсуі мен қаңқаның сүйектенуі тоқтайды, бұлшық еттердің күш-қуаты артады, балалар үлкен қозғалыс жүктемелерін көтере алады. Қан басымы тұрақталады, ішкі секреция бездері ретімен қызмет атқарады. Жоғары мектеп жасында жыныстық жетілудің алғашқы кезеңі аяқталады. Жоғары қозуға себепші қалқанша безінің алғашқыда күшті іс-әрекеті енді босаңсиды. Бас миы және оның ең маңызды бөлігі-үлкен жарым шарлар қабығы өзінің даму әрекетін жалғастыра түседі. Ағзаның жалпы пісіп жетілуі өз жалғасын табады.

Жігіттік шақ- бұл дүниетаным, наным-сенім, мінез-құлық, тіршілікте өз орнын табу сияқты сапа-қасиеттердің дамып, орнығу кезеңі. Жігіттік кезең- өзіндік кемелдену, өзіндік сананың бұрқасынды жетілуі, болашаққа саналы көз жіберіп, іздену, үміт ету, армандау мезеті.

“Жастық шаққа нәр беруші жүрек жалынында адам мінезі қатаяды. Сондықтан да, бұл отты сөндіруге, одан қорқудың да, оған қоғамға жат құбылыс деп қараудың да, оның еркін жалын атуына шек қоюдың да қажеті жоқ, есесіне, осы кезеңде жас жанға еніп жатқан материалдың сапалы болуына назар аударған жөн”,- деп жазған еді К.Д. Ушинский.

Жоғары сынып шәкірттерінің бұл кезеңде оқу-үйренім пәндеріне деген таңдамалылығы арта түседі. Өмірлік табыс кепілі болар білімдерге болған құштарлық - бүгінгі жоғары сыныптағыларға тән қасиет. Осы қасиет психикалық үдерістердің дамуы мен қызметін айқындайды. Қабылдау-мақсаттылығымен, зейін-ырықтылығымен және орнықтылығымен, ес- қисындылығымен сипатталады. Жоғары сынып шәкірттерінің ойлау қабілеті жоғары деңгейлі қорытуы және дерексізденуімен ерекшеленіп, біртіндеп теориялық және сындарлы бағытта өрбиді.

Жігіттік шақ - барша ақыл ес іс-әрекеттерінің әбден жетілу кезеңі. Балалар табиғат құбылыстары мен қоғамдық өмір мәнін түсінуге ұмтылыс жасап, олар арасындағы өзара байланыстар мен тәуелділіктерді ашуға бейімділік білдіреді. Осыдан оларда болып жатқан оқиғаларға өзіндік көзқарас, пікір білдіруге, өзіндік бағам жасауға деген ынта, ықылас артады. Өз еңбегі, ой толғанысымен пайымдалған өзіндік көзқарас бұрыннан қалыптасқан пікірлерге сәйкес келмеуі де мүмкін. Бұл жастағы ой дербестігі жетекші сипат алып, тұлғаның өзіндік бекуіне күшті жәрдемін тигізеді. Ересектер, мұғалімдер ойланып, толғанып жатпастан, баланың қарадүрсін, бір жақты, әлі пісіп жетілмеген тұжырымдарына әдепсіздікпен тойтарыс беріп, жанжалды және түсініспестік жағдайларға себепші болады.

Егер жасөспірімдік шақта ер балалар көбіне қара күшті бағалайтын болса, ал жоғары сыныптарда олар ақыл-ес сапаларын құрмет тұтады. Оларға, әсіресе, ой шапшаңдығы, тапқырлық, мәселені тереңдей сезу, шешілімі қажет материал мазмұнына жылдам ене білу- ұнайды. Сыныптағы бедел өткір ойлы, көзге түсер деректер астарындағы себептерді таба білетін, көрегендігі бар, батыл болжамдар түзе алатын балаларға беріледі. Бұл жастағылар адамға кешенді баға беруге бейімделеді. Осыдан олар ақыл-ойы, тән-дене дамуына сәйкес келген, сымбатты, әдепті адамдармен қатынас жасауға құштар. Мұндай үлгі, өнегеге ұмтылудан балалардың өзіндік тәрбие үдерісі дамып, қатаяды, тұрақталады және мақсатты бағдар алады.

Жоғары сынып шәкірттерінің адамгершілік және әлеуметтік сапаларының дамуы жеделдеседі. Бұған себепкер инабаттылық кемелденудің сезімтал кезеңі ғана емес, жаңа жағдайлардың өз әсерін тигізуі, мысалы, іс-әрекет сипатының өзгеруі, қоғам мен ұжымдағы орны, қарым-қатынас жеделдігі. Іззет, абырой ұғымдары айқындалып, әдет-ғұрып нанымдары бекиді. Кісілік сезімі тереңдеп, нығая түседі. Өз даралығын көрсетуге ұмтылыс пайда болып, кей балаларда бұл қасиет шектен тыс өріс алуы мүмкін, өзіне назар аудару, өзіндік болмысын өзінше бекіту бағытында қандай да амал-тәсілден пайдаланғысы келеді. Өлшем-шек сезімдері кеміп, дер мезеттегі құмарлық әуестікке беріліп, кейде қоғамға жат қылықтарға да бой ұрады. Мұндай жағдайда ересектердің шыдамды ықпалы мен мүдделі жәрдемі әбден қажет.

Кемелді жастық шақта этикалық мәселелерге қызығу күшейеді. Алғашқы махаббат жас адамдар өміріне үлкен толғаныс ендіріп қоймастан, көптеген күрделі сұрақтарға жауап іздестіруге мәжбүрлейді. Бұл жаста адам “мәңгі” мәселелер шырмауына түсіп, өмір, бақыт, борыш, тұлға еркіндігі мәнін ашып алуға ұмтылады. Осы тұста жастардың дінге деген қызығушылығының көтерілетініне ерекше назар аударған жөн.

Жоғары сынып шәкірттерінің әрекет-қылық сеп-түрлілері саналы сипат алады. Тұлғаның ұжымдағы беделі, ұжым мүшелері арасындағы қарым-қатынас, байланыс және тілдесу, пікір алысу сипаты жоғары маңыз алады. Ұжым сапаларын ретке келтіріп, түзейді, нақты ұжымда татымды болған бітістерді қалыптастырады. Ұжым ұнамды да, ұнамсыз да сапа-қасиеттердің теңдей пайда болуына бірдей себепші болуы мүмкін. Кейінгі жылдары көптеген жоғары сынып шәкірттерін өз бағдарламаларымен қызықтырар жастардың ресми емес ұйымдарының ықпалы күшейе түсті. Жастардың болмысқа қатынасы артты, мұғалімдер мен ересектерді бағалау өлшемдері мен талаптар деңгейі көтерілді.

Кәсіп таңдау табалдырығында тұрған жоғары жастағы бозбалалардың өмір, тіршілік жоспарлары, құндылықты бағыт-бағдарлары, қызығулары мен ниеттері өте жіктемелі, дегенмен, басты мәселе-әрбір жастың өмірде өзіне сай орнын тауып, қызықты кәсіп иелеп, жоғары жалақыға ерісіп, бақытты отбасын құруға деген - үміт талпыныстары баршаға ортақ. Соңғы жылдары “табысты кәсіп” құндылығына өзгеріс енді, ал жаңа экономикалық жағдайлар бұл құндылық мәселесін әбден асқындырып жіберді. Жақсы кәсіп енді өз мүмкіндіктерін іске асырып, жоғары жалақыға жетудің құралына айналды.



Жеке дара-ерекшеліктерді ескеру. Бала дамуында жалпы және ерекше құбылыстар ажыралады. Жалпы құбылыс белгілі жастағы барша балаларға тән, ал ерекшесі жеке балада көрінеді. Ерекше қасиет-сапалар даралықты танытады. Даралық бір нақты баланы басқа балалардан ажырататын зият, ақыл-ес, ерік, моральдық, әлеуметтік және басқа да бітістердің бірлігімен сипат алады. Табиғат адам тегіне үлкен жомарттық көрсеткен, жер бетінде екі бірдей ұқсас адам болмаған және болуы да мүмкін емес. Әрбір бала өз даралығында бірегей де қайталанбас.

Даралық нақты ерешеліктерде көрінеді. Олардың шығу негізі-әр баланың өз даму жолының болуынан, жоғары жүйке іс-әрекетінің типологиялық бірегейлігінен. Осылардың салдарынан баланың сапа-қаситтерінде өзіндік белгілер таңба басады. Даралық түйсікте, қабылдауда, ойлауда, есте, қиялда, қызығуларда, бейімділікте, қабілеттерде, темпераментте, мінезде, яғни адамның барша психикалық болмысында байқалады. Даралық ерешеліктері тұлғаның дамуына ықпал жасайды, барлық сапалардың белгілі күйге келуі, негізінен, осы психикалық өзгешеліктерден.

Оқу-үйретім мен тәрбиеде балалардың даралық ерешеліктерін ескеру қажет пе? Әлбетте, ”ия” деп жауап бересіз. Бірақ, бұлай болмайды. Мамандар арасында бұл тақырыпта көп пікір таласы өрбіген. Бір көзқарастар –жалпы мектеп даралықты ескере алмайды, тіпті ескерудің қажеті де жоқ, әр балаға өз алдына мектептің икемдесуі мүмкін емес. Барша балаға мұғалім бірдей қатыныс жасаса, жетіп жатыр. Ұқыпты мен еріншек, дарынды мен қабілетсіз, әуесқой және ештеңемен қызықпайтын балалардың оқу-үйренімі мен тәрбиесінде қандай да айырмашылықтың қажеті жоқ. Бастауыш мектепті бітірген адам жалпы, баршаға бірдей білімділік және тәрбиелік стандартымен сипатталады. Бұл тұрғыдан Гегельдің мына пікірі өте дәлелді: “Адамдардың өзіндік ерекшеліктерін аса жоғары бағалаудың қажеті жоқ. Керісінше, ұстаз әр шәкіртінің даралығын мұқият зерттеуі қажет, оған икемдесіп дамыту керек деген пікір бос сөз, оның ешқандай негіздемесі жоқ. Мұндай қызметке тәрбиешінің уақыты да жетпейді. Ерекшелік отбасында қабылдануы мүмкін, ал мектепте өмір белгілі ережеге, жалпыға бірдей тәртіпке сәйкестендіріледі. Бұл жерде балаларды өз даралығынан ажыратып, жалпы талаптарды орындауды үйренуге, жалпы білім нәтижесін игеруге бағыттау қажет. Осылайша баланың жан дүниесін қайта құру- тәрбиенің мән мағынасы”.

Жаңаланған педагогика бұл мәселе бойынша басқаша бағытта ой сараптайды: тәрбие балалардың даралық ерекшелігін ескеруі және оларды пайдалануы қажет. Педагогиканың маңызды принциптерінің бірі ретінде даралықты тану - бала тұлғасын және оның өмір жағдайларын тереңдей біліп, мұны тәрбиеленуші дамуын басқаруда қолдана білу әр мұғалімнің міндеті. Даралық бағыттағы педагогика тәрбиенің мақсаттары және негізгі мазмұнының жеке баланың икемделуін көзге ұстамай, педагогикалық ықпал формалары мен әдістері мүмкіндігінше жоғары тұлғалық даму деңгейін қамтамасыз ету үшін даралық ерекшеліктерге сәйкестендірілуі қажет. Даралықты бағыт әр шәкірттің танымдық күштерін, белсенділігін, бейімділігін және дарынын дамытуға аса қолайлы мүмкіндіктер түзуге жәрдем береді. Мұндай тәрбиелік бағыт “қиын” шәкірттер, қабілеті кем, сонымен бірге, дамуы ауытқулы және кешеуілді балаларға тіпті де қажет. Жоғары деңгейде дамыған балалар да, вундеркиндтер де осы бағытта тәрбиеленгені жөн.



Даралық бағыты тәрбиені ізгілендіру идеясымен ұтымды ұштасады. Гуманистік тәрбие үшін басты құндылық - барша жақсы және жаман тараптарымен, артықшылығы және олқылықтарымен, тұлғалық ерекшеліктерімен танылған шәкірттің өзі. Гуманист-педагог өзінің тәрбиелік істерін баланың жеке қызығуларын ескере отырып, атқарады.

Балалардың даралық ерекшеліктерін ескеру- өте маңызды, тартымды және қажетті бола тұрса да, сыныпта 20-30 шәкіртті үйрете, тәрбиелеп жатқан бір мұғалімге өте қиын. Мұғалім қызметі өте ауыр. Балалар әрқилы, бірі жолдасын өкпелетіп, өз қылығына қиналады, істегенің, қателік болғанын сезінеді. Ал екінші бала, тіпті де қылығынан ұялмай, тек жазадан қорқады. Ал үшінші біреу - өз қылығын ақтап, жазаның әділетсіз екенін дәлелдеп бағады. Біздің тәрбиешіге айтарымыз – баланы түсін. Түсінсек: әркімдікі өзіне жөн. Енді қайтеміз? Енді жүгінетініміз- шынайылық, ақиқат. Екі шындық болмайды. Барша бой ұсынатын заңды ережелер бар. Тәрбиеші бұл мәселелерде турашыл да әділ пікір, көзқарас ұстануы тиіс. Гуманизм тек қайырымдылық емес, бұл әділдік.

Қорытындыласақ, әр балада оны басқалардан ерекшелейтін даралық болады. Мұндай даралық шәкірттердің түйсігінде, қабылдауында, ойлауында, есінде, қиялында, қызығуларында, икемділігінде, қабілеттерінде, темпераментінде, мінезінде көрінеді. Даралық ерекшеліктер тұлға дамуына ықпал жасайды.
5. ТҰЛҒАЛЫҚ БАҒЫТТЫ БІРТҰТАС ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ҮДЕРІС ТЕОРИЯСЫ

5.1. Педагогикалық үдеріс мәні және оның құрылымы
Педагогиканың өзекті қызметін педагогикалық үдеріс орындайды. “Педагогикалық үдеріс ” түсінігі, бір тараптан, педагогика зерттейтін барша құбылыстар әлемін танытса, екінші жағынан, осы құбылыстардың мәнін аңғартады. Педагогикалық үдеріс- бұл арнайы ұйымдастырылған педагогтар мен тәрбиеленушілердің бір-біріне жасаған әрекеттестік ықпалдары. Бұл өзара әрекеттестік ықпалдар алдын ала белгіленген мақсатқа қол жеткізуге бағытталып, тәрбиеленушілерді күні ілгері көзделген қалыпқа ауыстырады, олардың бойындағы сапалары мен қасиеттерін қоғам және тұлғаның өзінің мүдделері мен қажеттеріне сай өзгеріске келтіреді. Ал мұндай өзгерістер адамның өзіндік белсенділігі және өзіндік дамуымен бірлікте жүріп жатады.

Осы анықтаманы негізге алып, педагогикалық үдерістің құрылымы мен негізгі бөліктерін белгілеуге болады, педагогикалық үдерістің жүйе құрастырушы бөлігі ретінде педагогтар мен тәрбиеленушілердің өзара әрекеттестігі (педагогикалық өзара әрекеттестік) қабылданған. Педагогикалық өзара әрекеттестіктің қандайда басқа аралық ықпалдардан айырмашылығы: педагогтар мен тәрбиеленушілердің алдын ала ниеттенген байланыс-қатынасын көздейді. Осы қарым-қатынастың нәтижесінде екі тараптың да әрекет-қылығында, іс-әрекетінде және қарым-қатынасында өзгерістер пайда болады: шәкірт мұғалім ықпалынан өзгеріске түссе, шәкірттің кейбір әрекеттері мұғалімді де өзгеріске мәжбүрлейді.

Мұндай өзара әрекеттестікте жетекшілік тәрбие және тәлім қызметі белгілі білім, ептілік және дағдыларға ие, арнайы дайындық алған адам – педагог жауапкершілігінде. Педагогикалық үдерістің негізгі де басты бірлігі, оның нысаны да, субьекті де тәрбиеленуші. Педагогикалық үдерістің объекті, яғни нысаны ретінде тәрбиеленуші педагогикалық мақсаттарға орай дамушы және өзгеріске келуші даралық иесі. Ал педагогикалық үдеріске тәрбиеленушінің субъект сипатында қатысуынан біз оның өз бойына табиғи қажеттерді, нышандарды және қабілеттерді дарытқан, өз қажеттерін, қызығулары мен ұмтылыстарын қамсыздандыруға талпынған, педагогикалық ықпалдарды белсенді игеруге, өз шығармашылығын өтеуге немесе сол ықпалдарға қарсылық білдіруге дайын дамудағы тұлғаны танимыз. Педагогикалық өзара әрекеттестік өз ішіне педагогикалық ықпалды, оның тәрбиеленуші тарапынан белсенді қабылдануы мен игерілуін қамсыздандырушы , сонымен бірге баланың педагогқа және өз - өзіне жанама не тікелей ықпал жасауымен көрінетін өзіндік белсенді әрекеттерін қамтиды.

Педагогикалық өзара әрекеттестік түсінігі өз мазмұны бойынша “педагогикалық ықпал” ұғымынан кеңдеу. Себебі, бұл аралық байланыста міндетті болатын құбылыс - тәрбиеленушінің белсенділігі, оның тәжірибе , білім, ептілік меңгеруге бағытталған іс-әрекеттері. Сондай-ақ педагогикалық өзара әрекеттестік педагог пен тәрбиеленушінің арасындағы ғана өзара қатынастармен шектелмей, сан қилы басқа да байланыс формаларын арқау етеді. Олар: “тәрбиелеуші – тәрбиеленуші”, “тәрбиеленуші -ұжым”, “тәрбиеленуші - игеру материалы”, «тәрбиеленуші-тәрбиеленуші» және т.б., алайда педагогикалық өзара әрекеттестік өзінің соншалықты көп түрлі болғанымен қай уақытта да екі қырымен, екі өзара шарттасқан бірлігімен көрінеді. Бұлар - педагогикалық ықпал және тәрбиеленушінің жауап әрекет қылығы. Ықпалдар тікелей не жанама бола тұрып, өз бағыт-бағдарының өзгешелігімен, мақсат нақтылығымен немесе оның белгісіздігімен, кері байланыс сипатымен және т.б. ажыралады. Тәрбиеленушілердің кері әрекет қылығы да сан қилы болып келеді: белсенді қабылдау, ақпаратты өңдеп, қорыту, елемеу немесе қарсы әрекет білдіру, көңіл толғанысы не бейтарап, толық әрекеттер, қылықтар, іс-қызметтер және т.б.

Педагогикалық үдеріс әрдайым қандайда мақсатқа бағдарланады. Мақсат - бұл педагог пен тәрбиеленуші көздеген соңғы нәтижені аңдатады. Тәрбие мақсаты – қоғам тарапынан рухани қайта жаңғыру саласына қойылатын талаптар жиынтығы, яғни қоғамның педагогикалық жүйе алдына қоятын әлеуметтік тапсырысы. Ізгіліктілікке (гуманистікке) бағытталған педагогикалық үдерістің ақырғы нәтижесі - өз мүмкіндігін паш етуге, жаңалық ашуға ұқыпты, саналы да бірегей, қайталанбас біртұтас тұлға қалыптасуы. Дегенмен, педагогикалық үдерістің әр кезеңінде әртүрлі нақты мақсаттар көзделуі мүмкін: еңбеккерлік қалыптасуы, елжандылық сезім, эстетикалық талғам, тән-дене мәдениеті, ақыл-ес дамуы, т.с.с. қалыпқа келуі.

Мақсаттарға сәйкес тәрбиелік үдерістердің мазмұны айғақталады. Ал мазмұн тәрбиеленушілердің жас шамасына, тұлғалық даму деңгейіне, қажеттері мен қызығуларына орай түзіледі. Педагогикалық үдеріс мазмұнында қоғамдық қатынастар, өндіріс, идеология, еңбек, ғылым, мәдениет саласында орын иелеген адамзат тәжірибесінің негіздері қамтылады. Педагогикалық үдеріс мазмұны тәрбиеленушілердің қажеттері мен құндылықты бағыт-бағдарларының қалыптасуына көмектесіп, оларды білім игеру, таным және дүниені қайта түрлендіру тәсілдерімен қаруландырады, сонымен бірге заттасқан және рухани мүдделерін іске асырып, қанағат алудың жолдары мен формаларына үйретеді. Осыдан балалардың әлеуметтенуі іске асады, қоршаған дүниеге болған көзқарасы нақтылық алып, дүниетанымы, сеп-түрткілері, ынта-ықыласы мен әрекет-қылық формасы қалыпқа келеді. Тәрбиеленуші тарапынан өзгеріске келіп, педагогикалық үдерістің игерілген нақты тарихи мазмұны шәкірттің психикалық салауаттылығына, ақыл-ес және сезімдік дамуына белсенді ықпал жасайды.

Педагогикалық үдерістің технологиялық тарапы оның әдістері, құрал-жабдықтары мен формаларына тәуелді құралады. Әдістер - мазмұн ұсыну және қабылдауға арналған педагогтар мен тәрбиеленушілердің өзара ұштасқан арнайы ұйымдастырылған әрекеті. Құрал-жабдықтар нақты әдістерді қолдануда пайдаланылатын материалды не идеалды заттар. Формалар – қандай да педагогикалық міндеттерді шешуге арналған педагогикалық үдерісті ұйымдастырудың сырттай көрінісі.

Педагогикалық үдеріс іске қосылып, әрекетке келуі үшін басқару бірлігі маңызды роль атқарады. Педагогикалық басқару арқылы педагогикалық жағдай не үдеріс белгіленген мақсатқа орай бір күйден екіншісіне өтеді. Басқару үдерісі өз ішіне бірінің ізімен екіншісі орындалып баратын келесідей міндеттерді қамтиды: мақсат белгілеу, ақпараттық қамсыздандыру (тәрбиеленуші қалпының нақтамасы), мақсатқа және тәрбиеленуші ерекшеліктеріне тәуелді міндеттерді айқындау, мақсатқа қол жеткізу әрекеттерін жобалау, жоспарлау (мазмұн, әдіс, құрал-жабдық, формаларды күні ілгері белгілеу), жобаны іске асыру, орындалу барысын қадағалау, реттеу, түзетулер енгізу, қорытынды жасау.

5.2. Педагогикалық үдеріс – біртұтас жүйелі құбылыс
Мақсаты біртұтас тұлға қалыптасуын қамсыздандыру болған педагогикалық үдеріс мәнін түсінудің арқасында педагогикалық үдерісті тұтастай құбылыс ретінде ұйымдастыру қажеттілігі жөнінде мәселе көтеріледі. Біртұтастықбұл ұйымдасуы жоғары деңгейлі, күрделі ішкі құрылымға ие нысандардың бірігімді, жалпыланған сипаттамасы.

Біртұтастық- педагогикалық үдерістің бірігімді сапасы, оның дамуының ең жоғары деңгейін көрсетіп, үдеріске араласқан субъекттердің саналы іс-әрекетінің нәтижесін білдіреді.

Педагогикалық үдерістің мәнді қасиеті болған біртұтастық жүйе құрастырушы екі жағдайаттың іске асуынан пайда болады:

1) педагогикалық үдерісте тәрбие, оқу-үйретім, даму міндеттерінің теңдей, бірігімді шешілуі;

2) педагогикалық үдерісте барша негізгі де іргелі және дамып барушы іс-әрекет түрлерінің өзара ықпалды байланысқа келуі, яғни оқу-үйретім, еңбек, дене шынықтыру бірлігі.

Біртұтас педагогикалық үдеріске тән заңдылық: оны құрайтын элементтердің іштей бірлігі, олардың бір-біріне болған өзара үйлесімді ықпалы. Бұл тұрғыдан біртұтас педагогикалық үдеріс тәрбиеленушілер өмірін бағыттаушы және өзгеріске келтіруші педагогикалық мақсаттар, мазмұн, әдістер және формалардың ұйымдасқан жиынтығын білдіреді.

Мазмұндық тұрғыдан педагогикалық үдерістің біртұтастығы тәрбие мақсаты мен мазмұнында ескерілетін адамзат топтаған тәжірибе және оның өзара байланысты келген төрт элементінің:

білімдер, олармен бірге жүретін әрекеттерді орындау тәсілдері, ептіліктері мен дағдылары;

шығармашылық іс-әрекеттер тәжірибесі;

сапалық-құндылық тану тәжірибесі;

қоршаған ортаға еріктік қатынас жасай білу тәжірибесі - бірлікті көрінісімен сипатталады. Тәрбие мазмұнының аталған негізгі бөліктерінің іске асуынан педагогикалық үдерістің тәлім жинақтау, дамытушылық, және тәрбиелік қызмет мақсаттарының бірлігі орындалады. Ұйымдастыру тұрғысынан педагогикалық үдеріс төменде аталған салыстырмалы дербес үдерістік бірліктердің тұтастығы қамтамасыз етілген жағдайда ғана өз мәніне ие болады; тәрбие мазмұны мен материалдық қорын меңгеру және құрастыру үдерісі, яғни дидактикалық бейімге келтіру, мазмұн түзу, материал, құралдарын құрастыру, іс-әрекет жобаларын жасау бағыттарындағы педагог қызметі;

мақсатты игерілуі тиіс тәрбие мазмұнына орай педагог және тәрбиеленуші арасындағы іскерлік-әрекеттестік үдерістің орындалуы;

педагог пен тәрбиеленушінің жеке бастары деңгейінде бейресми қатынас әрекеттестік үдерісінің жүрісі;

тәрбиеленушінің өз бойында тәрбие мазмұнын педагогтың қатысынсыз (өзіндік білім меңгеру, өзіндік тәрбие) игеру үдерісіне деген ниеттің болуы.

Біртұтас құбылыс ретінде педагогикалық үдеріс жүйелілік тұрғысынан ұйымдастырылуы мүмкін, осыдан мұнда ең алдымен назарға алынатыны- педагогикалық жүйе. Тұлғаның тұтастай дамуына ықпалды нақты тәрбие мақсаты - төңірегінде ұжымдасқан сан алуан әрі көптеген өзара байланысты құрылым бірліктерінің басын қосқан педагогикалық жүйені құрау.

Біртұтас педагогикалық жүйе өз ішіне көп санды арнайы тәрбие міндеттерін көздеген қызметтік жүйешелерден түзіледі. Мұндай жүйешелер тізімінде еңбеккерлік, адамгершілік ұстаным, елжандылық сезім, эстетикалық талғам, ақыл-ес дамуы, т.с.с. бағдарлы мақсаты болған іс-әрекет түрлерін атауға болады.

Педагогикалық үдеріс жүйелілігі қажеттілік, бірізділік, бірігімділік, жалпы жүйе мен жекеленген жүйешелер әрекеттестігі принциптерінің іске қосылып, орындалуымен түзіледі. Осыған орай педагогикалық үдерістің жүйе құрастырушылық шарты жөнінде мәселе көтеріледі. Мазмұндық тарапынан педагогикалық үдерістің жүйе құрастырушылық себебі ретінде оның көп деңгейлі құбылыс болып ескерілетін мақсаты алғы шепке шығады. Әдетте, педагогикалық жүйе өз ұйымдасуында тәрбие мақсатын көздеп, әрі сол мақсаттың іске асуы үшін қызмет етеді. Ал нақты тәрбие мақсаттары тәрбиелік әрекеттестік түрлері немесе жүйешелер қызметі арқасында іске асады.

Сондықтан, нақты мазмұндық жүйе құрастырушы жағдаят ретінде тәрбиенің жетекші бағытын айыра қарастыру қажет. Гуманистік педагогика үшін мұндай тәрбие бағыттары арасында рухани-тұтастық, адамгершілік тәрбиесін ерекше атаған орынды. Тәрбиелік іс-әрекеттің қай түрі болмасын, ол рухани, ізгіліктілік тәрбиесі төңірегінде топталып, тұлғаға әсер етуші өзара әрекеттестік пен әрекеттік ықпалдарды бір арнаға түсіреді.

Жалпы жүйе аймағында іске асатын жүйешелер әрекеттестігі принципіне сай тәрбиенің әр жеке түрінде оның өзіне ғана тән тікелей міндеттері орындалып қоймастан, басқа тәрбие түрлеріне қатысты жанама міндеттері де атқарылып жатады. (еңбек тәрбиесіне байланысты міндетті орындай отырып, тәжірибелі педагог бір уақытта ақыл-ес тәрбиесін, эстетикалық, рухани-адамгершілік тәрбие талаптарын, т.с.с. орындайды).

Қызметтік жүйешелердегі арнайы іс-әрекет түрлерінің барша тәрбиелік мүмкіндіктерін пайдалана отырып, тек ерекшелерін ғана емес, сондай-ақ жалпы педагогикалық міндеттерді де шешу арқылы педагог рухани-ізгіліктілік тәрбиесіне басымдылық берумен әрбір нақты тәрбие түрін біртұтас педагогикалық үдерістің маңызды құрамды бөлігі дәрежесіне көтереді.

Нақты педагогикалық жүйешелер мүмкіндіктерін, олардың өзара байланыстары мен әрекеттестігін толыққанды пайдаланудан біртіндеп тұтастай педагогикалық үдеріс қалыптаса бастайды. Тәрбиенің барша арнайы бағыттары осы үдерісте өздерінің жалпылық сипат алған мүмкіндіктерін толықтай ашады. Рухани құндылық тәрбиесі еңбек, азаматтық, ақыл-ес тәрбиелерімен тығыз қарым-қатынас, байланыс бірігіміне келеді.
5.3. Педагогикалық міндет - педагогикалық үдерістің негізгі бірлігі
Педагогикалық үдерістің барысы жөнінде ақпарат беруші әрі уақыт желісінде дамып баратын негізгі бірлігі келесідей шарттарды қанағаттандыруы тиіс: педагогикалық үдерістің барша мәнді белгілерін қамтуы; қалаған педагогикалық мақсатты іске асыруға сай жалпыланғаны; кез келген нақты үдерісте дерексіздендірілген күйде байқалуы. Нақ осы шарттарға сай педагогикалық үдерістің мұндай негізі – бұл педагогикалық міндет. Педагогикалық міндеттің де құрылым бірліктері педагогикалық үдеріс бөліктерімен сәйкес келеді. Олар - педагогтар, тәрбиеленушілер, мазмұн және құрал-жабдықтар. Алайда, педагогикалық міндетті жүйе ретінде қабылдайтын болсақ, оның құрылымындағы табиғи басқа да бірліктерді назардан шығармауымыз тиіс. Бұлар - міндет ауқымындағы заттардың (құбылыстардың, оқиғалардың және т.б.) бастау қалпы, көзделген қалып жобасы (міндет талаптары).

Педагогикалық үдеріс жағдайында міндетті бірліктер - материалдық (шәкірт тұрқы, күш-қуаты, сырт келбеті, т.с.с); саналық (білім, ептілік, тұлғалық-іскерлік сапалары, қарым-қатынастар және т.б) болуы мүмкін. Бұлардың бәрі де сандық және сапалық өзгерістерге түседі немесе керісінше шектелген уақыт аралығында бұрынғы қалпын сақтайды.

Сонымен педагогикалық міндет дегеніміз: болмысты тану және қайта жасау қажеттілігінен белгіленген мақсатпен ұштасып, саналы алға тартылған шарт-жағдайлар (ситуация)

Кезкелген педагогикалық жүйедегі педагогикалық іс-әрекет міндеттік құрылымға ие. Бұл құрылымда, біріншіден, әрқилы күрделілік деңгейіндегі шексіз көп міндеттер бірізді әрі өзара байланыстырыла шешіліп жатады; ал екіншіден, шәкірттенр, өз кезегінде, сол шешімдерді табуға қатыстырылады. Осыдан, қандай да педагогикалық өнімге бағытталған оқу-үйретім, тәрбие міндетін педагогикалық үдерістің белгілі мақсатына айналған педагог және тәрбиеленушілер арасындағы әрекеттестік байланыстың бір бөлігі ретінде қарастырған орынды. Сонымен, педагогикалық үдеріс желісі, оның әр “сәті” бір мәселе-міндет шешімінен екіншісіне өтерде ескеріліп баруы қажет.

Ұстаздың кәсіби педагогикалық іс-әрекеті мен дайындығын мақсатты түрде ұйымдастыру үшін аса маңызды келетін жағдайят-бұл педагогикалық міндеттерді топтастыру (классификация) мәселесі. Уақыт, мерзім сипатына орай педагогикалық міндеттер үш ірі топқа ажыралады: ұзақты көздеген түпкілікті міндет - стратегиялық, іс-әрекеттің белгілі кезеңіне арналған міндет - тактикалық, іс-әрекеттің нақты бір мезетінде орындалатын міндет - нақты іс-әрекеттік (оперативті)

Педагогикалық міндеттер, өз мәні бойынша, әлеуметтік басқарымды құбылыс. Осы міндеттердің әрқайсысы, өз алдына педагогикалық үдерістің ең кіші бөлігі сипатында нақты жұмыс бабында орындалып баруымен тактикалық, соң стратегиялық мәселелердің іске асуын қамтамасыз етеді. Көп санды майда, әр сәттік педагогикалық міндеттердің бәрінің бірігімге келуі төрт өзара байланысты кезеңдердің өту принциптік сұлбасына тәуелді.

Олар:

- жағдайды талдаумен педагогикалық міндет белгілеу;



- шешім баламаларын жобалап, нақты жағдайға тиімдісін таңдау;

- педагогикалық үдерістегі әрекеттестікті реттеу және түзетуді ұйымдастыру шараларын қамтып, міндеттің тәжірибеде шешілуіне арналған жоспарды іске асыру,

- шешім нәтижелерін талдау;

Педагогикалық міндетті орындау үдерісі – бұл әрдайым шығармашыл іс-әрекет. Оның кезеңді жүзеге келуінен теориялық және тәжірибелік ойлау әрекеттерінің өзара ауысып отыру заңдылығын байқаймыз. Нақтамалық шешім шығарып және оларды қабылдаумен аяқталатын қызметтер тобын қамтыған педагогикалық жағдайларға талдау бірінші кезеңнің жұмысы. Бұл орайда жүргізілетін нақтама (диагностика) өз ішіне даралық және топтық, тұлғалық және ұжымдық қылық - әрекеттерді ашу үшін жүргізіледі. Осының негізінде оқу-үйретім мен тәрбие нәтижелері болжастырылады, сонымен бірге шәкірттер кезігетін қиыншылықтар айқындалып, болып қалар қателіктер, педагогикалық ықпалдарға жауап әрекет қимылдары байқалады.

Педагогикалық міндет теориялық тұрғыдан шешімін тапқан соң екінші міндеттері - күнделікті іске асыру кезеңі алға шығады. Дегенмен, теориялық ой жұмысы доғарылмайды, енді ол “тасада” тұрып, үздіксіз ақпарат ағымынан болатын педагогикалық үдерістегі өзгеріс, ауысуларға реттеу, түзетулер беріп отырады.

Педагогикалық міндетті шешудің соңғы кезеңінде теориялық ойлау жұмыстары қайтадан алғы шепке тартылады. Бұл ретте алынған нәтижелердің қорытынды есебі мен оларды бағалау қызметі атқарылады.

Педагогикалық міндеттердің шешілу кезеңдеріне сәйкес, бірақ олардың мазмұнына және өту мерзіміне тәуелсіз жалпы, сондай-ақ жекеленген технологиялар ажыралады. Жалпы технология – бұл мысалы, бүкіл тәлім-тәрбие үдерісін құрастыру мен оның тұтастай орындалуы; ал жекеленген технология шәкірттерді педагогикалық ынталандыруға, оқу-үйретім және тәрбие жұмыстарын бақылау мен бағалауға, одан әрі нақтылау жұмыстары – оқу-үйретім жағдайын талдау, сабақ кіріспесін ұйымдастыруға және т.б. арналады.

Сонымен, біртұтастық принципіне сәйкес жүйе ретінде танылған педагогикалық үдерісті нақтылау және іске асыру барысында оның барша бөліктерінің табиғи бірлігі мен тұтастығын қамтамасыз етуге ұмтылу қажет. Себебі, олай болмаған жағдайда, бір жүйешедегі қандайда өзгеріс барша басқа жүйе құрылымының еріксіз ауысуына алып келеді. Оқу-үйретім, тәрбие әдістемелерінен педагогикалық технологияның өзгешелігі: ол, негізінен, үйренушілердің өздері тарапынан орындалатын іс-әрекеттерді ұйымдастыру мазмұны мен тәсілдерін дайындап, нақтылауға арналады. Сондықтан, мұндай технология тұлғаны дамытуға бағытталған педагогикалық үдерістің сапасына шынайы қадағалау қойып, нақтамалық мақсат дәлдігін талап етеді.




5.4 Біртұтас педагогикалық үдеріс заңдылықтары мен принциптері
Заң – болмыс құбылыстары мен үдерістері арасында болатын жалпы, тұрақты қайталанып отыратын қажетті де мәнді байланыс. Заңдар сан алуан, ал олардың ішінде қоғамдық дамуға қажеттісі қоғамның әртүрлі ұрпақтары арасындағы ұштастықты қамтамасыз етеді. Сондықтан, педагогикалық үдерістің негізгі заңы сипатында өскелең әулет тарапынан аға ұрпақтың әлеуметтік тәжірибесін игеру қажеттігі заңы қарастырылады. Ал педагогикалық заңдылықтар ретінде көрінетін арнайы заңдар осы заңмен тікелей де тығыз байланысты. Бұл байланыс мәні: ең алдымен педагогикалық іс-әрекеттің мазмұн, форма және әдістері қоғамның өндіргіш күштерінің даму деңгейіне, әрі оларға сәйкес өндірістік қатынастар мен қондырғылар (надстройка) дәрежесіне тәуелді келеді. Тәлім білім деңгейі тек өндіріс талаптарымен анықталып қалмастан, ол қоғамда билік жүргізуші саясат пен идеиологияға бағыт-бағдар беруші әлеуметтік топтардың мүддесімен де байланысты келеді.

Педагогикалық үдерістің тиімділігі оның өтуіне жасалған жағдай-шарттарға (қаражаттық, гигиеналық, моральдық-психологиялық, және т.б.) тәуелді болуы заңдылықты құбылыс. Көбіне аталған шарттар елдегі әлеуметтік экономикалық жағдайларға, сонымен бірге субьективтік ықпал жасаушы, тәлім және тәрбиелеу мекемелерінің басшылығына байланысты.

Тәрбие нәтижелілігі балалардың қоршаған дүниемен қарым-қатынас ерекшелігіне тәуелді болуы да заңдылықты құбылыс. Педагогикалық заңдылық мәні – оқу-үйретім және тәрбие нәтижелерінің өз дамуының әрқилы кезеңінде бала араласқан іс-әрекеттерінің сипатына байланыстылығы. Педагогикалық үдеріс мазмұны, формасы мен әдістерінің тәрбиеленушілердің жас ерекшеліктеріне және мүмкіндіктеріне сай болуы аса маңызды заңдылықтар тізімінен. Педагогикалық үдерісті ұйымдастырудың нақты желісінде қандай да қызмет орындауға қажет үдерістік бірліктер арасындағы ішкі заңдылықты қатынастардың маңызы елеуге тұрарлық. Нақты тәрбие – тәлім үдерісі мазмұнының алға қойылған міндеттеріне байланысты нақтылануы міне осыдан. Педагогикалық іс-әрекет әдістері мен оларға қолданылатын құрал-жабдықтар нақты педагогикалық жағдайға және мазмұнға орай іріктеледі. Мақсат, міндет, мазмұн және т.б. педагогикалық үдерісті ұйымдастыру формасын таңдауға ықпал жасайды.

Педагогикалық үдеріс заңдылықтары өздерінің нақты көрінісін негізгі ереже-талаптарда, яғни принциптерде табады. Принциптерге орай педагогикалық үдерістің жалпы ұйымдасуы, мазмұны, формасы мен әдістері анықталады.

Бүгінгі ғылымда принциптер қандай да теорияның, жетекші пайымдардың, мінез-құлық, іс-әрекеттің негізгі бастау ережелерін көрсетеді. Педагогикалық үдеріс прнциптері, сонымен тәлім-тәрбие істерін ұйымдастыру талаптарын аңдатады, олардың бағыт-бағдарын сілтейді, нәтижеде педагогикалық үдерісті шығармашылықпен құрастыруға жәрдем береді.

Біртұтас педагогикалық үдеріс ауқымында принциптердің екі тобын ажыратуға болады:

педагогикалық үдерісті ұйымдастыру принциптері;

тәрбиеленушілер іс-әрекеттерін басқару принциптері;



Педагогикалық үдерістерді ұйымдастыру принциптері:

- педагогикалық үдерістің гуманистік бағытталуы принципі – бұл принциптің орындалуынан қоғам және тұлға байланысында тұлға мүддесі асқақталады. Барша тәрбие міндеттері (тәрбиелеу, тәлім топтау, даму,) біртұтас жан-жақты дамыған тұлғаның қалыптасуына бағышталады.

- оқу-үйретім және тәрбие үдерісінде тұлғада біртұтас және үйлесімді ақыл-ес, сезімдік, көңіл-күй, еріктік, әрекеттік-тәжірибелік қабілеттер қалыптасуына жәрдем іске асады. Осыған орай адамның барша табиғи және әлеуметтік мүмкіндіктеріне қозғау салып, олардың дамуынан тұлғаның өмірге деген сенімі артады, қоғамда өз орнын тауып, өз көзқарас, дүниетанымына иелік дәрежесін көтеріп, дарыны мен кәсіби біліктілігін жетілдіреді.

- тәрбиелік іс-әрекеттердің әрқилы формаларының өзара қатынасын үйлесімді әрі бірлікті ұйымдастыратын, кешенділік ұстану принципі. Мысалы, ойындық іс-әрекеттер баланы оқу-үйренім, еңбек, өзіндік ұйымдасу және тұрмыстық әрекет, қызметтерге ынталандыруы мүмкін;

- педагогикалық үдерістің тәлім-білім, ептілік және адамгершілік, қоғамдық-саяси ұстанымдарын бірлікті қалыптастыру принципі.

- сана және іс әрекет бірлігі принципі.

- педагогикалық үдерістің өмірмен, қоғамдық тәжірибемен байланысын қамсыздандыру принципі.

- оқу-үйретімді және тәрбиені өзіндік мүдде және жалпы әлеумет пайдасына арналған еңбекпен байланыстыру принципі.

- педагогикалық үдеріс құрылымында өзара жалғастық, бірізділік және жүйелілік принципі.

- балаларды ұжымда тәрбиелеу және үйрету принципі.

- балалардың бүкіл өмірін, әсіресе, оқу-үйренімін, тәрбиесін әсемдікке бөлеу принципі.

Тәрбиеленушілердің іс-әрекетін басқару принциптері:

- педагогикалық басқарымда тәрбиеленушілердің ынталылығы мен дербестігін арқау ету принципі;

- тәрбиеленуші тұлғасын оған деген талаппен ұштастыра құрметтеу;

- адам бойындағы ұнамды қасиет пен оның күшті тұлғалық сапаларын тірек қылу принципі;

- мектеп, отбасы және қоғам талаптарының үйлесімділігі принципі;

- тікелей және қосарлы педагогикалық ықпалдарды үйлестіре пайдалану принципі;

- тәрбиеленушілердің шынайы мүмкіндіктерін ескеру принципі;

- тәрбиеленушілердің жасы мен даралық ерекшеліктерін ескеру принципі;

- тәлім, тәрбие және даму нәтижелерінің беріктілігі мен әсерлілігі принципі.



1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   17


©netref.ru 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет