Мұсылманды Жәннатқа жетелейтін себептер ﴿فَمَنْ زُحْزِحَ عَنِ النَّارِ وَأُدْخِلَ الجَنَّةَ فَقَدْ فَازَ﴾ «Кімде-кім Тозақтан құтқарылып, Жәннатқа кіргізілер болса, шын мәнінде жеңіске жетті»


Өзгелерді жақсылық пен тура жолға сілтеу



бет3/4
Дата16.04.2016
өлшемі0.67 Mb.
1   2   3   4

Өзгелерді жақсылық пен тура жолға сілтеу
Раббысын шынайы түрде танып, Оған разы болып, берілер нығметтерге сенген адам өзгелерге де соны тілеуі керек. Сол себепті де адамдарға жақсылық пен дінді үйретуге, жеткізуге тырысқаны жақсы. Аллаһ Тағала Құранда:

﴿ ادْعُ إِلىَ سَبِيلِ رَبِّكَ بالْحِكْمَةِ وَالمَوْعِظَةِ الحَسَنَةِ﴾

«(Адамдарды) Раббыңның жолына даналық және көркем уағыз арқылы шақыр», - деп бұйырған. (Нахл сүресі, 125-аят).

Ал Әбу Масғуд Әл-Ансари (Аллаһ оған разы болсын) арқылы жеткен хабарда Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Кімде-кім жақсылыққа сілтер болса, онда оған жасаушының сауабындай сауап болмақ», - деген. (Муслим 1893).

Сондай-ақ, Әбу Һурайра (Аллаһ оған разы болсын) арқылы жеткен хабарда пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Кімде-кім тура жолға шақырар болса, онда оған оның артынан ілескендердің сауабындай сауап болмақ. Олардың сауабынан ешнәрсе де кемітілмей беріледі. Ал кімде-кім адасушылыққа шақырар болса, онда оған оның артынан ілескендердің күнәсіндей күнәлар жазылмақ. Олардың күнәларынан ешнәрсе кемітілмей беріледі», - деген. (Муслим 2674).

Жақсылыққа шақыру және жамандықтан тыю
Кімде-кім Аллаһты жақсы көрер болса, онда ол адамдарды Аллаһтың жақсы көрген нәрсесіне қарай шақырып, Аллаһтың жеккөргенінен тыюға асығар еді. Аллаһ Тағала Құранда:

﴿كُنْتُمْ خَيْرَ أُمَّةٍ أُخْرِجَتْ للنَّاسِ تَأْمُرُونَ بِالمَعْرُوفِ وَتَنْهَوْنَ عَنِ المُنْكَرِ وَتُؤْمِنُونَ بِاللهِ﴾

«Сендер адамдар үшін жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыятын әрі Аллаһқа иман келтірген ең жақсы үммет болып шығарылдыңдар», - дейді мұсылмандар жайында. (Әли Ғымран сүресі, 110-аят).

Жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыю – қоғамның жеке тұлғалары ғана емес, бәлкім толық қоғамның көркеюіне де үлкен септігін тигізеді. Осы екі қасиетті өз бойында тәрбиелей білген қоғам қайкезде де жетістікте болмақ. Ал егер жақсылыққа шақыру мен жамандықтан тыю жоғалатын болса, онда үммет үлкен құлдырауға душар болады. Бұл сөзімізге дәлел келтіре кетсек, исрайлдықтардың сенбі күні жасаған опасыздықтарын айтуға болады. Аллаһ Тағала:



﴿وَسْئَلْهُمْ عَنِ القَرْيَةِ الَّتِي كَانَتْ حَاضِرَةَ البَحْرِ إِذْ يَعْدُونَ فِي السَّبْتِ إِذْ تَأْتِيهِمْ حِيتَانُهُمْ يَوْمَ سَبْتِهِمْ شُرَّعًا وَيَومَ لا يَسْبِتُونَ لاَ تَأْتِيهِمْ كَذَلِكَ نَبْلُوهُمْ بِمَا كَانُوا يَفْسُقُونَ ﴾

«Олардан теңіздің жанында болған қала жайында сұра. Олар сенбі күні балық аулап, шектен шығатын еді. Сонда олардың сенбіні тойлаған кезінде, балықтар, оларға қаптап келіп, сенбісіз күнде оларға келмейтін еді. Олардың зұлымдықтары себепті оларды осылай әуреге салдық», - деген. (Ағраф сүресі, 163-аят).

Олар сенбі күні балық аулап, шектен шықты. Алайда Аллаһ оларға бұл нәрсені жасауға тыйым салған-тын. Бірақ олар өздерінше Аллаһты алдаймыз деген оймен жексенбі күні теңізге ау тастап, келесі жексенбіде алатын. Яғни сенбі күнінде емес, бір апта ауладық деп ақталатын.

Оларға сенбі күні балық аулау тыйым салынған кезде сол қалада үш топ адамдар пайда болады. Бірінші топ салихалы, ізгі жандар, екінші топ өздері жасамайды, бірақ жасағандарға да тыйым салмайды. Ал үшінші топ Аллаһтың әміріне қарсы келіп, балық аулауға шыққандар. Салихалы жандар әлгі бұзықтардың бұзақылықтарын тыйып, тоқтатуға тырысып бақса, енді бір топ үнсіз қалып, жамандықтан тыюға немқұрайлы болатын. Аллаһ Тағала бұл жайында:

﴿لِمَ تَعِظُونَ قَوْمًا اللهُ مُهْلِكُهُمْ أَوْ مُعَذِّبُهُمْ عذَابًا شَدِيدًا قالوا مَعْذِرَةً

إِلَى رَبِّكُمْ وَلَعَلَّهُمْ يَتَّقُونَ﴾

«Сол уақытта олардың бір тобы: «Аллаһ құртып жіберетін немесе қатты азапқа түсетін қауымға неменеге уағыз айтасыңдар?» - дейді. Сонда уағыз айтушылар (салихалы жандар): «Раббыларымызға ғұзырымыз болсын, бәлкім олар сақтанар», - дейді». (Ағраф сүресі, 164-аят).

Осы үш топтың ішінен тек салихалы, ізгі жандар ғана Аллаһтың азабынан аман қалып, ал сенбі күні теңізге ау тастаушы және де олардың бұл қылығын тыймаған екі топ азапқа душар болды. Демек, өздері салихалы жан бола тұра насихат айтудан бас тартып, тіпті өздері оны жасамаса да азапқа душар болды. Ондай болса үмметтің жетістікке жетуі – жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыюға келіп тіреледі екен.

Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) жақсылыққа шақырушылар мен жамандықтан тыюшылар жайында өте жақсы мысал келтіріп кеткен. Ол кісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Аллаһ орнатқан заңдар шегінен аспаушы адам (яғни жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыюшы) мен шектен асып кеткен адамның мысалы кемеге мінгескен қауым сияқты. Бірі кеменің астыңғы қабатында болса, енді бірі үстінгі қабатында. Кеменің астындағылары суды кеменің үстіндегілерінен алатын. Күндердің күнінде олар: «Үстідегілерді мазалап қайтеміз, осы жерден тесік жасап, суды сол жерден алсақ та болады», - дейді. Егер олар тесетін болса, толық кеме батып кетеді, ал егер де кеменің үстіндегілер кеменің астындағыларға жәрдем берсе, онда барлығы да аман қалады. Ал жәрдемсіз қалдырса кеме тесіліп, барлығы да құриды», - деген. (әл-Бухари, 2493).

Демек, күнәһар, бұзық қауымға уағыз айтып, жақсылыққа шақырмаса толық үммет қиындыққа душар болады. Білім, ақыл иелері оларға қолұшын беріп, құлдыраудан, Аллаһтың азабынан аман алып қалуға тырысуы керек. Күнәһарлар себебінен туындаған азап ақ-қарасын алаламай, жақсыны да, жаманды да алып, тегіс жалмап кететіні тағы да белгілі. Аллаһ Тағала Құранда:



﴿وَاتَّقُوا فِتْنَةً لاَتُصِيبَنَّ الَّذِينَ ظَلَمُوا مِنْكُمْ خَاصَّةً وَاعْلَمُوا أَنَّ اللهَ شَدِيدُ العِقَابِ﴾

«Және сендерден жеке залым болғандарға ғана кесірі тиіп қалмайтын бүліктен сақтаныңдар. Сондай-ақ Аллаһтың қатты азап иесі екенін біліңдер», - дейді. (Әнфәл сүресі, 25-аят).

Демек, фитнадан, бүліктен кейінгі азап барлығын да жалмап кетеді екен. Ондай болса жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыюдың маңызы қаншалықты жоғары болса, қаупі де соншалықты жоғары.



Жақсылыққа шақыру мен жамандықтан

тыюды отбасынан бастау
Жақсылыққа шақыру мен жамандықтан тыюда әрбір адамға жүктелген жауапкершілік бар. Яғни бұл әрбір адамның атқаруы керек болған маңызды нәрсе. Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Кімде-кім жеккөрінішті іс көрсе, оны қолымен өзгертсін. Егер шамасы келмесе, онда тілімен. Ал бұған да шамасы келмесе, онда жүрегімен өзгертсін, алайда бұл иманның әлсіздігінің белгісі», - деген. (Муслим, 177).

Әрбір адам өзінің отбасын жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыйып отыруы керек. Себебі әрбір адамның отбасындағы жағдай үй иесіне ғана белгілі әрі өзі түземесе, оны басқа біреу келіп түзеп бере алмайды. Ондай болса әйел бала-шаға, үйге келген қонақтарға насихат жасау әрбір мұсылманның жеке парызы. Аллаһ Тағала Құранда:



﴿يَأَيُّها الَّذِينَ آمنُوا قُوا أنْفُسَكُمْ وَأهْلِيكُم نَارًا وَقُودُهَا النَّاسُ وَالحجَارةُ عَلَيْهَا مَلائِكَةٌ

عِلاَظٌ شِدَادٌ لاَ يَعْصُونَ اللهَ مَا أَمَرَهُمْ وَيَفْعَلُون مَا يُؤْمَرُون﴾

«Әй, иман келтіргендер! Өздеріңді әрі отбасыларыңды отыны адамдар мен тастар болатын Оттан қорғаңдар. Оның басындағы періштелер жуан денелі, қатал. Олар Аллаһтың бұйырған әмірлеріне қарсы келмейді. Не бұйырылса, соны орындайды», - деген. (Тахрим сүресі, 6-аят).

Сондай-ақ, Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Әрбірің бақташысыңдар әрі өзінің қарамағындағылар үшін жауап береді. Басшы да бақташы, үй иесі де өзінің отбасының бақташысы, әйел де өзінің күйеуінің үйінің және балаларының бақташысы, демек, әрбірің бақташысыңдар, әрі өзінің қарамағындағылар үшін жауапкершілігі бар», - деген. (әл-Бухари, 5200).

Жақсылыққа шақыру мен жамандықтан тыю барлық кезде де жүру керек, алайда жасау жолдары шаманың келуіне байланысты. Үй иесі балалары мен әйеліне, үйіне келген қонақтарға насихат айтып, жамандықтарын қолымен тыйя алады. Себебі сол үйдегі билік соның қолында әрі ешкім де бұған қарсы келіп, реніш білдіруіне хақысы жоқ. Қалған жағдайлар да осындай.

Ал қолда билік жоқ жағдайда жамандық көрген адам жүрекпен жеккөруге тырысу керек. Егер тіпті жүрекпен тыюға шамасы келмей, жеккөрінішті іске разы болса, онда ол адамның иманы жоқ десек артық болмас. Ең төменгі иманнан төмен нәрсе болмайтыны айтпаса да белгілі.



Мұсылмандарға жәрдем беріп, мұқтаждықтарын өтеу
Кез-келген мұсылман адам Аллаһты жақсы көруде өзімен бірге серік болған бауыры, екінші мұсылманға әркез қолұшын беріп отыруы керек. Себебі Құдіретті Күшті Аллаһты жақсы көрген адам ендігі кезекте Аллаһтың сүйікті болған құлдарын да жақсы көруі керек етіледі. Ибн Омар (Аллаһ әкесі екеуіне разы болсын) арқылы жеткен хабарда Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Мұсылман мұсылманның бауыры. Оған зұлымдық жасамайды да, оны (зұлымдық жасаушыларға) тапсырмайды36. Кімде-кім бауырының қажеттілігін (өтесе), Аллаһ та оның қажеттілігін (өтейді). Кімде-кім мұсылманның бір мұңын басса, Аллаһ та осы арқылы оның Қияметте болатын мұңдарының бірін сейілтеді. Ал кімде-кім мұсылманның (күнәсін) жасырса, Аллаһ та оны Қияметте жасырады», - деген. (әл-Бухари 2442; Муслим 2580).

Осы хадиске біршама түсініктеме бере кетсек, хадистегі «мұң» сөзі белгілі бір қиындықтар не басқа да жағдайлар себебінен адамның көкейінде ұстайтын күйініші. Ал мұсылман адамдар өзара осы мұңды кетіріп, өзара жәрдемдесуі жөн болады. Мұсылманның мұңын басу түрлі жолдармен жасалады. Мысалы: ақша жағынан қиындық көрсе, онда оған жәрдем беріп, сол арқылы мұңын басу; Егер жабырқаңқы болып, көңілсіз болса, онда көңілін көтеру, егер денсаулығы нашарлау болса, барынша жәрдем беріп, болмаса басу айту дегендей түрлері көп.

Ал басқаның жасаған күнәсін жасыру мәселесіне тоқталсақ, қандай күнә жасаса да жасыру керек деген сөз емес. Себебі жасырудың өзі кей жағдайда мақтауға лайықты болса, кейде жасыруға болмайтын түрлері бар. Мысалы, әркез күнә жасаушы, бұзық мұсылманның күнә жасағанын көрсек, онда оның күнәсін жасыруға болмайды. Себебі ол одан сайын басынып, күнәлар санын көбейтіп кетуі ғажап емес. Ал енді байқаусызда күнә жасап қойған мұсылман болса, онда оның күнәсін шама келсе жасырған дұрыс.

Сондай-ақ, жасыру үкіміне күнәдан өзге де нәрселер кіреді. Мысалы, денесінде бір кемістігі болып, оны басқаға айтудан ұялатын болса, оны біліп қалған басқа мұсылман шамасы келгенше жасырған жақсы.



Жетімдерге қамқорлық пен жақсылық жасау
Аллаһ Тағала Құранда жетімдерге жұмсақ болуды бұйырып:

﴿فَأَمَّا اليَتِيمَ فَلاَ تَقْهَرْ﴾

«Ендеше жетімді қорлама», - дейді. (Дұха сүресі, 9-аят).

Сондай-ақ, Аллаһ елшісінен (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) жеткен хабарлардың бірінде ол кісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Мен және жетімге қамқорлық жасаған адам екеуіміз Жәннатта мынадай боламыз», - деп, сұқ саусағы мен ортаңғы саусағын көрсетіп, арасын ашады. (әл-Бухари 5304; 6005).



Жесірлер мен кедей-кепшіктерге жәрдем беру
Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Жесір мен міскіндерге (жәрдем етуге) асығатын адам Аллаһ жолында күресушімен тең», - деген. (Әбу Һурайра): «Сондай-ақ ол кісі: «Шаршаусыз түні бойы намаз оқушы және үзбей ораза ұстаушы сияқты», - деді ғой деймін», -дейді. (әл-Бухари 6007; Муслим 2982).

Қыздарға және әпке-қарындастарға жақсылық жасау
Әнас (Аллаһ оған разы болсын) арқылы жеткен хабарда Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Бойжеткенге37 дейін екі қыз балаға қамқор38 болған адам екеуіміз Қиямет күні мынадай болып келеміз», - деп, саусақтарын біріктірді. (Муслим 2631).

Жанұяға қамқорлық жасау
Әрбір ер адам өзінің отбасының, жанұясының бақташысы әрі сол жанұясын барлық жағынан қамтамассыздандыруы талап етіледі. Ислам дінінің көркемділігінің жоғары болғаны сонша, тіпті отбасыға ақшалай жәрдем жасаудың өзі үлкен сауаптарға қол жеткізуге септігін тигізеді. Отбасыға ақшалай жәрдем жасап, асырау – ер адамның парызы. Бірақ, ол үшін үш шарт орындалуы керек. Біріншіден: Садақа етуші әке ақша шығаруға, яғни отбасын асырауға шамасы толық жетерлік болуы керек. Екіншіден: Садақа алушы адам, яғни бала-шаға өзін-өзі асырауға шамасы келмейтін жан болуы керек. Егер де өзін-өзі асырауға шамасы келетін болса, онда әкесі оған ақша шығаруы міндет емес. Үшіншіден: Садақа алушы адам садақа берушінің мирасқоры болуы керек. Демек, алыс туыстар біреудің отбасына садақа беруі міндет емес. Ал егер беремін десе өз еркі. Бәлкім әрбір адам өз отбасы үшін садақа шығаруы міндет. Осы үш шарт толық орындалса, онда үй иесі өзінің қарамағындағылар үшін садақа етіп ақша шығаруы, оларды асырауы жеке парыз, яғни парыз айн болады.

Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Ер адамның садақа етіп шығарған динарының ішіндегі ең абзалы – өзінің қарамағындағылары39 үшін шығарған динар, Аллаһ жолындағы өзінің көлігіне шығарған динар және де Аллаһ жолындағы өз жолдастары үшін шығарған динар», - дейді. (Муслим 954).



Ата-анаға жақсылық жасау
Ата-анаға жақсылық жасау – ұлы, абзал амалдардың бірі, тіпті Аллаһ хақысынан кейін келетіні де осы ата-ана хақысы. Бұл жайында көптеген аяттар мен хадистер келген. Аллаһ Тағала Құранда:

﴿ وَقَضَى رَبُّكَ أَلاَّ تَعْبُدُوا إِلاَّ إِيَّاهُ وَبِالْوَالِدَيْنِ إِحْسَانًا إِمَّا يَبْلُغَنَّ عِنْدَكَ الْكِبَرَ أَحَدُهُمَا أَوْ كِلاَهُمَا فَلاَ تَقُلْ لَهُمَا أُفٍّ وَلاَ تَنْهَرْهُمَا وَقُلْ لَهُمَا قَوْلاً كَرِيمًا

«Раббың, Өзіне ғана ғибадат етулеріңді, әке-шешеге жақсылық қылуларыңды әмір етті. Ал егер ол екеуінің бірі немесе екеуі де жандарыңда кәрілікке жетсе: «Туһ» деме (Кейіс білдірме). Сондай-ақ ол екеуін зекіме де, ол екеуіне сыпайы сөз сөйле», - дейді. (Исра сүресі, 23-аят).

Сондай-ақ, Ибн Масғуд (Аллаһ оған разы болсын): «Мен пайғамбардан (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Аллаһ Тағалаға қай амал сүйіктірек?» - деп сұрадым. Ол кісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Уақытысында оқылған намаз», - деді. Мен: «Сосын қайсысы?» - дедім. Ол кісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Ата-анаға жақсылық жасау», - деді. Мен: «Сосын қайсысы?» - деп едім ол кісі: «Аллаһ жолында соғысу», - деді», - дейді. (әл-Бухари 527; Муслим 85).

Сондай-ақ, тағы бір хабарда: «Ата-анасының бірі немесе екеуі де кәрілікке жеткен кезін көріп, бірақ Жәннатқа кіре алмай қалған адам үлкен ұятта, үлкен ұятта, үлкен ұятта», - деген екен. (Муслим 2551).

Туыстық қарым-қатынасты сақтау
Ислам діні қоғамдық біртұтастыққа қатты көңіл бөледі. Ал соның ішінде туыстық қарым-қатынасқа өте үлкен орын берген. Әбу Һурайра (Аллаһ оған разы болсын) арқылы жеткен хадистердің бірінде Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Кімде-кім Аллаһқа және ахирет күніне иман келтірген болса, онда қонағына жомарттық жасасын. Және кімде-кім Аллаһқа және ахирет күніне иман келтірсе, онда туыстық қарым-қатынасын сақтасын. Ал кімде-кім Аллаһқа және ахирет күніне иман келтірсе, онда жақсы сөз айтсын немесе үндемесін» - деген. (әл-Бухари 6138; Муслим 47).

Сондай-ақ, Әбу Айюб (Аллаһ оған разы болсын) былай дейді: «Бір адам: «Әй, Аллаһ елшісі! Мені Жәннатқа кіргізіп, Тозақтан алыстататын бір амалды айтыңызшы», - деп еді, Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Аллаһқа ғана құлшылық қыл әрі Оған ешнәрсені серік етпе, намазды толық орында, зекетті өте әрі туыстық қарым-қатынасты сақта», - дейді. (әл-Бухари 1396; Муслим 13).



Көршілерге жақсылық жасау
Көрші дегеніміз бірінің үйі екіншісінің үйіне іргелес, жақын болған адамдар. Жалпы, шариғат бойынша көршілік құқыққа ие болу үшін нақты ереже айтылмаған, бәлкім, көршілер тұрғылықты жердің салтына байланысты анықталады. Яғни бұл белгілі бір халық салтына байланысты, егер де ол халық ішінде тек есіктері қарама-қарсы орналасқан екі үй көрші деп аталып, басқалары көрші есебіне кірмейтін болса, онда ол солай қабылданады. Ал егер де халық салты бойынша бүтін бір ауыл көрші есебіне кіретін болса, онда ол солай қабылданады.

Аллаһ Тағала көршілерге жақсы қарым-қатынаста болуды бұйырып:



﴿وَاعْبُدُوا اللهَ وَلاَتُشْرِكُوا بِهِ شَيْئًا وَبِالوَالِدَيْنِ إِحْسَانًا وَبِذِي القُرْبَى وَاليَتَامَى وَالمسَاكِينِ وَالجَارِ ذِي القُرْبَى وَالجَارِالجُنُبِ﴾

«Аллаһқа ғана құлшылық қылыңдар әрі Оған ешнәрсені серік етпеңдер және де ата-анаға, туыстарға, жетімдерге, міскіндерге, туыс көршілеріңе және де бөгде көршілерге жақсылық қылыңдар», - деп бұйырған. (Ниса сүресі, 36-аят).

Ғұламалар көршінің үш түрлі болатынын айтады: Біріншісі туыс әрі мұсылман болған көрші. Оның үш хақысы бар. Біріншіден мұсылмандық хақысы, екіншіден туыстық хақысы және үшіншіден көршілік хақысы. Аяттағы: «туыс көршілеріңе» - деген сөз осының айғағы. Адам бұған көбірек көңіл бөлуі керек.

Екіншісі: Туыс емес, алайда мұсылман болған көрші. Оның екі хақысы бар. Мұсылмандық және көршілік хақысы. Ал үшіншісі кәпір көрші. Оның тек көршілік хақысы бар. Аятта: «бөгде көршілерге» - деп келген. Бірақ, қайсібірі болса да, өзіндік хақысы бар әрі оны өтеу мұсылманның міндеті.

Ал енді көршінің хақысы қандай екенін білу үшін Аллаһ елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) хадистеріне назар аударып көрейік. Ибн Омар және Айша (Аллаһ оларға разы болсын) арқылы жеткен хадистерде пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Жәбрайл маған көрші жайында өсиет етуін доғармағаны сонша, тіпті мен (көршіні) мирасқор етіп бере ме деп ойлап қалдым», - деген. (әл-Бухари 6014; 6015; Муслим 2624; 2625).



Қонақтарға жомарттық көрсету
Әбу Һурайра (Аллаһ оған разы болсын) арқылы жеткен хадистердің бірінде Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Кімде-кім Аллаһқа және ахирет күніне иман келтірген болса, онда қонағына жомарттық жасасын. Және кімде-кім Аллаһқа және ахирет күніне иман келтірсе, онда туыстық қарым-қатынасын сақтасын. Ал кімде-кім Аллаһқа және ахирет күніне иман келтірсе, онда жақсы сөз айтсын немесе үндемесін», - деген. (әл-Бухари 6138; Муслим 47).

Ізгі, салихалы жандарды зиярат етіп, әркез солармен

бірге болып, оларды жақсы көру
Әрдайым Аллаһқа бойұсынып, құлшылық пен басқа да істерде Аллаһ елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Сүннетіне еліктеп, алғашқы буын сахабалар мен табиғиндерге әрі үлкен ғұламалардың сөзіне ерушілер – ізгі, салихалы жандар болып табылады. Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) мұсылмандарға осындай ізгі жандардың қасында жүріп, әркез солармен қарайласып тұруды көп насихат еткен. Бізге жеткен хадистерінің бірінде ол кісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Бір адам басқа бір ауылда тұратын бауырын40 зиярат етті. Сонда Аллаһ Тағала бір періштеге (әлгі адамның) жолында күтіп тұруын бұйырады. (Әлгі адам періштеге) кезіккен кезде (періште): «Қайда бара жатырсың?» - деп сұрайды. Ол: «Мен осы ауылдағы бауырыма бара жатырмын», - деп жауап қатады. (Періште): «Мүмкін сен оған кезінде бір жақсылық жасап, (соны қайтарып алу үшін) бара жатқан шығарсың», - деп еді, әлгі адам: «Жоқ. Мен бар болғаны оны Аллаһ Тағала үшін жақсы көремін», - дейді. Сонда (періште): «Ондай болса мен Аллаһтың саған жіберген елшісімін. Сен оны Аллаһ үшін қалай жақсы көрсең, Аллаһ та сені солай жақсы көргендігін (айту үшін жіберілдім)», - дейді. (Муслим 2567).

Тағы бір хадисте Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) мысал келтіріп: «Шын мәнінде ізгі жолдас пен нашар жолдас – әтір сататын (адам) мен ұста көрігін үрлейтін41 (адам) сияқты. Әтір иесі болса саған (жақсы бір нәрсені) сый етер немесе сен одан бір нәрсе сатып аласың. Тіпті болмаса оның жақсы иісін байқайсың. Ал көрік үрлейтінге келсек, не ол сенің киіміңді өртер, не сен оның үстінен шығатын жағымсыз иісті сезесің», - дейді. (әл-Бухари 2104; 5534; Муслим 2628).




Аурудың көңілін сұрау
Сәубән (Аллаһ оған разы болсын) арқылы жеткен бір хабарда Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): "Шын мәнінде егер де мұсылман адам өзінің бауырының көңілін сұрап барар болса, қайтқанға дейін хурфатул-жәннада болады» - деді. Сонда ол кісіге: ««Хурфатул-жәнна» деген не?» - делінді. Ол кісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Ол - (жұмақтың) жемісі», - дейді. (Муслим 2568).

Осы орайда ауруды зиярат етіп, көңілін сұраудағы кейбір әдептерді айта кетсек, біріншіден: көңіл сұраушы адам осы ісі арқылы Аллаһ елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бұйрығын орындап жатқанын ниет ету керек.

Екіншіден: ауырып жатқан бауырына ізгілік көрсету ниетімен бару керек.

Үшіншіден: ауырып жатқан бауырына тек пайдалы істерді айтып, тәубе ету, күнәлары үшін кешірім сұрау және адамдардың хақысын өтеуін есіне салу керек.

Төртіншіден: Ауырып жатқан бауырының шамасы келмей жатқан нәрселерінде жәрдем беруі керек.

Бесіншіден: Көңіл сұрай келген адам аурудың жағдайына қарап, ұзақ не аз отыруды өзі білуі керек. Егер де аурудың мазасы қашатын болса, шамасы келсе аз отырып, ал егер де сырлас дос іздеп отырғанын байқаса, ұзағырақ сырласқаны жақсы.

Алтыншыдан: Ауру адамды жұбатып, осы ауруы арқылы Аллаһ оның күнәларын кешіп жатқанын айта отырғаны да жөн болады.

Жетіншіден: Әлбетте, көңіл сұрай келген адам ауырып жатқан бауыры үшін дұға жасап, Аллаһтан шипа сұрағаны жақсы. Сондай-ақ, ауырып жатқан адам да өз алдына ризалығын білдіріп, көңіл сұрай келген бауыры үшін дұға жасағаны да жөн, себебі аурудың дұғасы қабыл болуы жеңіл болып табылады. Осы және осы сияқты әдептерге сүйене отырып, әрбір мұсылман өзінің бауырын зиярат етіп, көңілін сұрай жүргені жақсы амал болып табылады. Себебі бұл мұсылманның екінші мұсылмандағы хақысы. Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Мұсылманның екінші бір мұсылмандағы хақысы бесеу: Сәлемге жауап қату, аурудың көңілін сұрап бару, жаназаның соңынан еру, шақырғанына жауап қату және түшкірсе (тиісті дұғасын айтып) жақсылық тілеу», - деген. (әл-Бухари 1240; Муслим 2162).



Аллаһ үшін жақсы көру және сәлемдесу
Аллаһ үшін жақсы көру – иманның ең абзал тармақтарының бірі. Осы арқылы адам иманның тәттілігін сезіне алады. Ал Аллаһ үшін жақсы көру қасиетіне жетелер себептердің ең маңыздысы – өзара сәлемдесу.

Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Кімде-кімнің бойында үш нәрсе болса, ол иманның тәттілігін табады. (Ол үш нәрсе):

- Аллаһ пен Оның елшісін басқа нәрселерден де артық жақсы көру;

- Біреуді тек Аллаһ үшін жақсы көру;

- Отқа тасталуды жек көргеніндей күпірлікке қайтуды жек көру» - дейді. (әл-Бухари 16; Муслим 43).

Сондай-ақ, тағы бір хадисінде: «Шын мәнінде Аллаһ Тағала Қиямет күні: «Бірін-бірі Менің құдіретім үшін жақсы көргендер қайда? Бүгін Менің көлеңкемнен өзге көлеңке болмаған күні мен оларды Өзімнің көлеңкеме паналатамын», - дейді», - деген. (Муслим 2566).

Қиямет күні күннен қорғап, көлеңке боларлық ешнәрсе болмайды. Адамдар өздерінің терлеріне батып, жан сауғалап, қатты ыстыққа шыдамаған кейбіреулер тіпті: «Мұндай азапты көргенше Тозаққа бара салғанымыз жақсы», - дейді. Сондай қиын мезетте Аллаһ Тағала жоғарыдағы сипат иелері үшін бір көлеңке жаратып, сол жерге паналауға рұқсат етеді. Ол көлеңкенің дәрежесі жоғары болғаны сонша, тіпті бұл дүниедегі ешбір уақыттағы көлеңке оған теңесе алмас. Сол үшін де Аллаһ Тағала ол көлеңкенің дәрежесінің жоғарылығын көрсету үшін «Менің көлеңкем», - деп айтады.

Сондай-ақ, тағы бір хадисте: «Жаным қолында болғанмен ант етейін, иман келтірмегенше Жәннатқа кіре алмайсыңдар. Ал бір-біріңді өзара жақсы көрмейінше иман келтіре алмайсыңдар. Егер соны жасасаңдар өзара жақсы көре бастауға жетелейтін бір нәрсені айтайын ба? Өзара сәлемдесіңдер», - деген екен. (Муслим 54).




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4


©netref.ru 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет