Мұсылманды Жәннатқа жетелейтін себептер ﴿فَمَنْ زُحْزِحَ عَنِ النَّارِ وَأُدْخِلَ الجَنَّةَ فَقَدْ فَازَ﴾ «Кімде-кім Тозақтан құтқарылып, Жәннатқа кіргізілер болса, шын мәнінде жеңіске жетті»


Кішіпейілділік пен қарапайымдылық



бет4/4
Дата16.04.2016
өлшемі0.67 Mb.
1   2   3   4

Кішіпейілділік пен қарапайымдылық
Кімде-кім Раббысын ұлық деп біліп, тәкәппарлық пен ұлылықтың бәрі де Аллаһқа тән екендігін шынайы түрде мойындаса, онда ол осы сипаттарда Раббысына теңесуден бас тартып, барынша кішіпейіл әрі қарапайым болуға тырыспақ. Аллаһ Тағала Құранда:

﴿ تِلْكَ الدَّارُ الآخِرَةُ نَجْعَلُهَا لِلَّذِينَ لاَ يُرِيدُونَ عُلُوًّا فِي الأَرْضِ وَلاَ فَسَادًا وَالعَاقِبَةُ للمُتَّقِينَ ﴾

«Міне, сол ахирет жұрты: Оны жер бетінде жоғарылық пен бұзықтықты қаламайтындар үшін нәсіп етеміз. Негізінде соңғы табыс тақуалардыкі», - деген. (Қасас сүресі, 83-аят).

Хариса ибн Уәһб арқылы жеткен хабарда Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Сендерге Жәннат иелері жайында хабар берейін бе? Барлық әлсіз бен (халық менсінбеген) бейшара. Егер де ол (бір нәрседе) Аллаһқа ант етсе, (Аллаһ оның) антын орындайды. Енді сендерге Тозақ иелері жайында хабар берейін бе? Барлық дөрекі, сараң әрі тәкәппар», - дейді. (әл-Бухари 4918; Муслим 2853).

Әбу Сағид Әл-Худрийден (Аллаһ оған разы болсын) жеткен хабарда пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Жәннат пен Тозақ өзара дауласып қалып42, Тозақ: «Менің ішімде қаталдар мен тәкаппарлар болады», - десе, Жәннат тұрып: «Менің ішімде әлсіздер мен кедей-кепшік болады», - дейді. Сөйтіп Аллаһ ол екеуінің арасына билік жүргізіп: «Шын мәнінде Жәннат, сен Менің мейірімімсің. Сен арқылы қалағаныма мейірімділік етемін. Ал шын мәнінде Тозақ, сен Менің азабымсың. Сен арқылы қалағаныма азабымды жүргіземін. Екеуіңді де толтыру Менің міндетім», - деді», - дейді. (Муслим 2847).

Ал Аллаһ елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қарапайымдылығы мен кішіпейілділігіне мына бір шағын хадистер дәлел болады. Бір күні Әнас ибн Мәлик (Аллаһ оған разы болсын) кішкентай балалардың қасынан өтіп бара жатып, оларға сәлем береді. Сосын: «Пайғамбар да осыны жасайтын» - дейді. (әл-Бухари 5778).

Әнас (Аллаһ оған разы болғай) арқылы жеткен тағы бір хадисте ол: «Мәдиналық күңдердің бірі Аллаһ елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қолынан алып, қай жерге барғысы келсе, сол жерге алып кететін», - деген. (Бухари 5610). Яғни, қарапайымдылығы сонша, жүр мындалап жетектегеннің кез-келгенінің көңілін баурап, еріп кете беретін (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын).

Жануарларға мейірімділік жасау
Аллаһ Тағаланың мейірімі мейірімділерге беріледі. Бәлкім Жәннатқа кірудің өзі де Аллаһтың мейірімі мен кеңдігінің арқасында ғана болмақ. Ондай болса ақыл иесі болған адамдар айналасындағыларға мейірімді болуы керек.

Сөзімізге дәлел келтірер болсақ, Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Бір адам көшеде келе жатып қатты шөлдейді. Сөйтіп бір құдыққа кезігіп, ішіне түседі де су ішеді. (Су ішіп болып, құдықтан) шығып қараса, тілі салақтап, шөл қысқаннан дымқыл балшық жеп тұрған итті байқайды. Сонда әлгі адам: «Мына ит мен шөлдегенімдей шөлдеп тұр-ау», - деп, құдыққа (қайта) түсіп, аяқ киіміне су толтырып, аузымен тістеп сыртқа шығады да итке береді. Сөйтіп Аллаһ (әлгі адамға) алғыс білдіріп, күнәсін кешіреді», - дейді43. (Мұны естіген сахабалар): «Әй, Аллаһ елшісі! Сонда біздің малдарымыз үшін де сауап бар ма?» - деп еді, ол кісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Кез-келген тірі жан үшін сауап бар», - дейді. (әл-Бухари 2363; Муслим 2244).



Сүннетке берік болу
Адамның ізгі амалдары мен құлшылықтарының қабыл болуының бірінші шарты Аллаһқа ықыласты болу екендігін кітаптың ең алғашқы беттерінде айтып кеткен болатынбыз. Ендігі кезекте екінші шарты – Сүннетке сәйкес амал жасау жайында сөз өрбітпекпіз. Тіпті Аллаһты жақсы көрушіліктің өзі де тек қана Сүннетке еру арқылы дәлелденеді. Ал кімде-кім Сүннетке еліктеп, барлық ісін пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) атқарғанындай атқарар болса, онда оны Аллаһ та жақсы көреді. Аллаһ Тағала Құранда пайғамбарымыз Мұхаммедке (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтуды бұйырған:

﴿ قُلْ إِنْ كُنْتُمْ تُحِبُّونَ اللهَ فَاتَّبِعُونِي يُحْبِبْكُمُ اللهُ وَيَغْفِرْ لَكُمْ ذُنُوبَكُمْ﴾

«Сен: «Егер де Аллаһты жақсы көрсеңдер, онда маған еріңдер. Сол кезде Аллаһ та сендерді жақсы көреді әрі күнәларыңды кешіреді» - деп айт». (Әли Ғымран сүресі, 31-аят).

Демек, Аллаһты кез-келген адам жақсы көре алатыны сөзсіз, алайда Аллаһ сізді жақсы көре ме?! Осы нәрсе маңыздырақ екені айтпаса да белгілі. Ондай болса Сүннетке еліктемей, өздігінше дінге жаңалық енгізіп, сол жаңалығын Аллаһты жақсы көрушіліктен туындаған десе, ол адамның бұл талпынысы бос әурешілік. Себебі Аллаһ Тағала тек қана шынайы ықыластылық пен Сүннетке сәйкес амалды ғана қабыл етеді. Әбу Һурайра (Аллаһ оған разы болсын) арқылы жеткен хабарда Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «(Кіруден) бас тартқандардан өзге менің үмметімнен барлығы да Жәннатқа кіреді» - дейді. Сонда ол кісіге (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «(Жәннатқа кіруден) кім бас тартпақ, әй, Аллаһ елшісі?!» - делінді. Ол кісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Кімде-кім маған бойұсынса, Жәннатқа кіреді. Ал кімде-кім маған бойұсынбаса, онда бас тартқан болып табылады», - дейді. (әл-Бухари 7280).

Демек, ілесу мен бойұсынуда біз үшін ең абзал жан ол – Мұхаммед (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын). Аллаһ Тағала Құранда:

﴿ لَقَدْ كَانَ لَكُمْ فِي رَسُولِ اللهِ أُسْوَةٌ حَسَنَةٌ لِمَنْ كَانَ يَرْجُوا اللهَ وَاليَوْمَ الآخِرَ وَذَكَرَ اللهَ كَثِيرًا﴾

«Расында сендер үшін, Аллаһ және ахирет күнінен үміт еткендер әрі Аллаһты көп еске алғандар үшін Аллаһ елшісінде көркем үлгі-өнегелер бар», - деген. (Ахзап сүресі, 21-аят).

Ондай болса дін істерінде де, мінез-құлықта да пайғамбарымыздан (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) үлгі алу – кез-келген мұсылманның бірден-бір міндеті.



Көркем мінез
Көркем мінез – Жәннатқа кіруге себеп боларлық сипаттардың бірі болып табылады. Сондай-ақ, көркем мінезділік өз ішінде екіге бөлінеді: Аллаһқа қатысты көркем мінез және де айналадағылармен жасаған көркем мінез.

Біріншісіне келер болсақ, ол да өз ішінде төрт нәрсені қамтиды: біріншіден – Аллаһ Тағала тарапынан келген барлық хабарды мойындап, оған сену. Екіншіден – Аллаһ тарапынан міндеттелген үкімдерді орындау. Үшіншіден – белгілеген тағдырларында сабырлық сақтап, ризалық білдіру. Ал енді кімде-кім осы үшеуінің бірін атқармаса, Аллаһқа жаман мінез көрсеткен болып табылады.

Мінез-құлықтың екінші түріне, яғни айналадағыларға көрсетілетін көркем мінезге келер болсақ, әл-Хасан әл-Басридың (Оған Аллаһтың мейірімі жаусын) мына сөзіне құлақ түрелік. Ол: «Айналадағыларға көрсетілген жақсы мінез ол – келе жатқан жамандықты тойтару, тек жақсылық пен жомарттық көрсету және әркез жылы шырай танытып, көңілді жүру» - дейді. Яғни көркем мінез толығымен осылардың ішінде шектеледі.

Енді көркем мінезділіктің артықшылығын айтар болсақ, Әбу Һурайра (Аллаһ оған разы болсын) арқылы жеткен хадисте: «Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) адамдардың көбісін Жәннатқа кіргізетін нәрсе жайында сұралды. Сонда ол кісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Аллаһ алдында тақуалық және көркем мінез», - деп жауап қатты. Сосын адамдардың көбісін Тозаққа кіргізетін нәрсе жайында сұралды. Ол кісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Ауыз бен ұятты жер», - деп жауап береді», - делінген. (Тирмизи 1927).

Ауыз деген жерде көп сөз меңзелген. Яғни жаман, былапыт, өсек, лағынет сияқты жеккөрінішті сөздер. Ал ұятты жер деген жерде ойнастық, зина меңзелген.

Ал Әбу Умәмә Әл-Бәһили (Аллаһ оған разы болсын) арқылы жеткен бір хадисте Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Лайықты болса да дауласуды тастаған адам үшін Жәннат төңірегінен бір үй (берілуіне), сондай-ақ, қалжыңдаған күннің өзінде өтірік айтудан аулақ болған адам үшін Жәннаттың ортасынан бір үй (берілуіне), сонымен қатар мінезі көркем болған адам үшін Жәннаттың төрінен бір үй (берілуіне) кепіл боламын», - дейді. (Әбу Дәуд 4015).

Демек, әрбір адам жаман мінез бен лайықсыз қасиеттерден аулақ болып, көркем мінезге үйір болғаны дұрыс. Ал енді көркем мінезділікте кімнен үлгі алсақ жөн болар еді?

Мінез-құлық пен адамгершілікте Аллаһ елшісіне (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) еліктеу
Жоғарыда айтып кеткеніміздей, Аллаһ елшісіне (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) еру – әрбіріміздің міндетіміз. Мінез-құлық мәселесі де осыған жатады. Бірақ, мінез-құлықта біреуден үлгі алу үшін сол адамның мінез-құлқы өте жоғары дәрежеде болу керек етіледі емес пе?! Ондай болса Құран мен Сүннетке көз тастап, пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сипаттарына назар аударып көрейік. Аллаһ Тағала Құранда Қалам сүресінің төртінші аятында пайғамбарымыз Мұхаммедке (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын):

﴿وَإِنَّكَ لَعَلَى خُلُقٍ عَظِيمٍ ﴾

«Шын мәнінде сен ұлы мінез иесісің» - деп, ол кісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ұлы, көркем мінез иесі екеніне куәлік берген.

Ал Айша анамыздан (Аллаһ әкесі екеуіне разы болсын) пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) мінез-құлқы жайында сұрағанда Айша: «Ол кісінің мінез құлқы Құран болатын»44 - деп жауап берген екен. Яғни Құрандағы жақсы қасиеттердің бәрі де ол кісінің бойында жиналған әрі Құран ризалық білдірген нәрселерге риза болып, Құран қарсы болған нәрсеге қарсы болатын.



Дүниеге қатты қызығушылықты тастау
Шын мәнінде мал-мүлік, дүние сияқты нәрселер адамның қолын байлап, Аллаһқа толыққанды құлшылық етуіне кедергі келтіреді әрі уақытынан кешіктіреді. Тура сол сияқты, Қиямет күні де адамның Жәннатқа кіруін кешіктіріп, кедергілік жасайды екен. Сөзімізге дәлел келтірер болсақ, Усәма арқылы жеткен хабарда Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Жәннат қақпасының алдына тұрсам, ішіндегілердің көбісі кедей-кепшіктер екен. Ал мансап (байлық) иелері болса кіргізілмей тұрғанын (байқадым)45. Ал Тозақ иелері болса Тозаққа (тасталуы) бұйырылған екен46. Сосын Тозақ қақпасының алдына барсам, ішіндегілердің көбісі әйелдер екен47" - деген. (әл-Бухари 5196; Муслим 2736).

Дүниеге салынудан аулақ болу
Шын мәнінде дүние, мал-мүлік, байлық дегендей нәрселердің бәрі де алдамшы, өткінші әрі Аллаһ пен Жәннатқа жетуге кедергі болатын нәрселер. Ондай болса дүниеге салынудан аулақ болған жөн. Бірақ, мүлдем дүниеге мән бермей, бәрін тәрк етіп кету де орынсыз. Бұл Исламға жат қылық, себебі дүние – Аллаһтың бізге берген нығметтерінің бірі. Оны орынды жұмсап, хақысын өтеп, тиісті орын беріп, шамамызша қолдануымыз керек. Сол үшін де «салынып кетпеу» - деген тіркес айтылады. Әбу Сағид әл-Худрий (Аллаһ оған разы болғай): «Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) мінбарға отырып, біз оның айналасына жайғастық. Сонда ол кісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Шын мәнінде менен кейін сендер үшін қорқатын нәрселерімнің бірі – сендер үшін дүние жылтырағы мен сәндерінің ашылуы», - деді», - дейді. (әл-Бухари 1465; Муслим 1052).

Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) дүниеге салынып, байлыққа мас болудан әркез аулақ болатын әрі мұсылмандарға да осыны өсиет ететін. Бір хадисінде: «Аллаһым! Ахирет өмірінен өзге өмір өмір емес» - деген-ді. (әл-Бухари 2834; Муслим 1805).

Демек, толыққанды түрде, еш кемшіліксіз, мәңгі рахат кешіп, бейқам өмір кешу тек ахиретте орнамақ. Ал бұл дүние алдамшы әрі көзімізге қызық боп көрінгеннің бәрі де өткінші нәрсе. Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) осыны ескертіп: «Өлген адамды үш нәрсе шығарып салады: жанұясы, малы және амалдары. Соның екеуі кері қайтады да, біреуі қалады. Жанұясы мен малы кері қайтып, амалдары ғана қалмақ», - деген. (әл-Бухари 6514; Муслим 2960).

Азға қанағат ету және де адамдарға алақан жаюдан аулақ болу
Ислам дінінде зәрулік қыспаған жағдайда адамдарға алақан жайып, сұрауға тыйым салынған. Тіпті кедей болған күннің өзінде абыройын сақтап, шама келгенше біреудің қолына қараудан аулақ болған жақсы. Аллаһ Тағала Құранда ондай жандарды:

﴿ لِلْفُقَرَاء الَّذِينَ أُحْصرُوا فِي سَبِيلِ اللهِ لاَ يَسْتَطِيعُونَ ضَرْبًا فِي الأرضِ يَحْسَبُهُمْ الجَاهِلُ أَغْنِياء مِنَ التَّعَفُّف تَعْرِفُهُمْ بِسيمَاهُمْ لا يَسْأَلُونَ النَّاسَ إِلْحَافًا وَمَا تُنْفقُوا مِنْ خَيْرٍ فَإنَّ اللهَ به عَلِيم﴾

«(Садақаларыңды) Аллаһ жолында қамалып шықпай отырған, бірер жерге сапар шегуге шамасы келмейтін кедейлерге беріңдер. Білмейтіндер оларды абырой сақтағаннан (сырт көзге) бай екен деп қалады. Олардың (кедейліктерін) бейнелерінен танисың. Олар тіленіп тұрып сұрамайды. Қандай игілік етсеңдер де шынайы түрде Аллаһ оны біледі», - деп сипаттаған. (Бақара сүресі, 273-аят).

Әбу Һурайра (Аллаһ оған разы болсын) арқылы жеткен бір хадисте Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Байлық малдың көптігінде емес, бәлкім шынайы байлық – жан байлығы», - деген. (әл-Бухари 6446; Муслим 1051).

Тағы бір хадисте пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Жоғарғы қол төменгі қолдан қайырлы48. (Садақа беруді) өзіңнің қарамағыңдағылардан баста. Жақсы садақа – бай бола тұра берілген садақа. Кімде-кім (қол жайып, сұраудан бас тартып), абыройлы болса, Аллаһ оны абыройлы етпек49. Ал кімде-кім (Аллаһ бергенді) жеткілікті деп білсе, Аллаһ (оның басқа нәрселерге мұқтаждығын) кетіреді», - дейді. (әл-Бухари 1427; Муслим 1034).

Сондай-ақ, Сәубан (Аллаһ оған разы болсын): «Бірде Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Адамдардан ешнәрсе сұрамайтындығын айтып маған кім кепілдік берсе, мен ол үшін Жәннатты кепілдік етемін», - дейді. Сонда мен: «Мен»,-дедім», - дейді. Осыдан кейін ол ешкімнен ешнәрсе сұрамай өтті. (Әбу Дәуд 1446).

Байқағанымыздай, дүниеге қатты салынбай, азға қанағат етіп, барға шүкір айта білу – Жәннатқа жетелер себептердің бірі болып табылады.

Жұмсақтық, биязылық және кең пейілділік
Айша (Аллаһ әкесі екеуіне разы болсын) анамыздан жеткен хабарда Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Шын мәнінде Аллаһ кең пейілді әрі кез-келген нәрседе кең пейілділікті жақсы көреді», - дейді.

Үкім беруде немесе жанұяда әділдік сақтау
Аллаһ Тағала Құранда:

﴿ إنَّ اللهَ يَأْمُرُ بِالعدلِ وَ الإِحْسَان﴾

«Шын мәнінде Аллаһ әділдік пен игілік жасауды бұйырады», - дейді. (Нахл сүресі, 90-аят).

Абдулла ибн Амр ибн Ас (Аллаһ әкесі екеуіне разы болғай) Аллаһ елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Шын мәнінде үкімдерінде, жанұяларында және өзінің қарамағындағыларына әділдік жасаушылар Аллаһтың қасында нұрдан жасалған бір мінбардан (орын алады)», - дегені сөзін жеткізеді. (Муслим 1827).

Ғияд ибн Химар (Аллаһ оған разы болсын): «Мен Аллаһ елшісінің: «Жәннат иелері үшеу: (Біріншісі) - әділ әрі Аллаһ тауфиқ берген билік иесі. (Екіншісі) - әрбір жақыны мен мұсылманға мейірімді әрі жүрегі жұмсақ адам. (Үшіншісі) - абыройлы әрі абыройлығын сақтаушы50 бала-шағалы адам», - дегенін естідім», - дейді. (Муслим 2865).

Рамазанда ораза ұстау және түнгі намаздарды оқу
Сәһл ибн Сағд (Аллаһ оған разы болсын) былай риуаят етеді: «Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Шын мәнінде Жәннатта Райян деп аталатын бір есік бар. Қиямет күні ол есіктен тек ораза ұстағандар кіреді әрі олардан басқа ешкім кірмейді. «Ораза ұстағандар қайда?» - делінеді. Олар орындарынан тұрып, олардан өзге ешкім де кірмейді. Ал енді олар кіріп біткен кезде есік жабылып, басқа ешкім кірмейді», - деді. (әл-Бухари 1896, Муслим 1152).

Сондай-ақ, Әбу Һурайрадан (Аллаһ оған разы болсын) жеткен хабарда Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Кімде-кім иманмен әрі (Аллаһтың сыйына деген) үмітпен Рамазанда ораза ұстаса, оның өткен күнәлары кешіріледі. Кімде-кім сеніммен /иманмен/ әрі (Аллаһтың сыйына деген) үмітпен Рамазан айының түндерін құлшылықпен өткізсе, оның өткен күнәлары кешіріледі. Кімде-кім сеніммен /иманмен/ әрі (Аллаһтың сыйына деген) үмітпен Қадыр түнінде құлшылық жасаса өткен күнәлары кешіріледі» - деген. (әл-Бухари 35, 37, 38, 2009; Муслим 759, 760).


Аллаһтың мейірімі әрі жәрдемі арқылы жинақтап өткен аяттар мен хадистер топтамасы осымен аяқталды. Білгенімізге амал жасап, шынайы, ықыласты құлдардың қатарында болуымызды жазсын Жаратқан. Сөзіміздің түйінін әлемдердің Раббысы Аллаһқа мадақ айтып, Оның елшісіне салауат айтумен аяқтаймыз.


Қолданылған әдебиеттер


  1. Құран Кәрим қазақша мағына және түсінігі, Халифа Алтай, Мәдина, миләди 1991 (һижри 1412)

  2. Құран Кәрим қазақша мағына және түсінігі, Алауддин Мансұр, Бішкек, миләди 2001 (һижри 1422)

  3. "Риядус салихин мин кәләми сәйдил мурсәлин", Яхия ибн Шәрәф Ән-Науауи, Кайр, миләди 2002 (һижри 1423)

  4. "Ситтинә сәбәбән лидухулил муслими Әл-Жәннәһ", Махмуд ибнул Жәмил, Кайр, "Сафа баспасы", миләди 2001 (һижри 1422)

  5. "Кәнә хулуқуһу Әл-Қурән", Нәуәф ибн Суһәил Әссәмәғил, Кувейт, миләди 2003 (һижри 1424)

  6. «Қазақ тілінің сөздігі». «Дайк-пресс» баспасы. Алматы, 1999;

  7. «Фатхул Бәри». Ибн Хажар Асқалани. «Әл-Мәктәбәтус-сәләфия» баспасы, Кайр, 1986; Үшінші басылым.




1 Ханиф болған күйде дегеніміз-Аллаһқа серік қосудан басын аулақ ұстаған күйде деген сөз.

2 Яғни шариғат бойынша зина жасаушы адамға тиісті жазаны меңзеп отыр.

3 "Бұған жақсы қарайлас" - деп бұйыруы арқылы ол кісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) әлгі әйелді балағаттап, кінәламауларын талап еткен. Себебі ол шынайы түрде тәубе еткен-ді. Осыны ескерген Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) тиісті жазасынан өзге езгінің керек еместігін білдірсе керек.

4 Яғни тас ату барысында денесі ашылып қалмауы үшін киімін байлауды бұйырған.

5 Яғни жетпіс адамның жасап қойған күнәсін жуып кетуге жарар еді деген мағынада айтқан.

6 Яғни Аллаһ Тағала "Бол" - деп еді, Иса Мәриямның құрсағында пайда боды.

7 Яғни Иса пайғамбар да кез-келген адам сияқты жаратылған жаратылыс әрі рух иесі. Демек, Исаны құдай деп білу орынсыз болмақ. Ал бұл жерде "Оның рухы" деу арқылы Иса пайғамбардың дәрежесінің басқа адамдардан жоғары екенін білдіру үшін айтылған. (Ниса сүресінің 171-аятын қараңыз);

8 Бұдан шығар қорытынды: Әрбір адамның қарым-қатынасы үш түрлі болады. Раббысымен, Оның жаратқан жаратылыстарымен және де өзімен жасаған қарым-қатынасы.

9 Әрбір адамның осы дүниедегі барлық амалдары үш түрлі болады. Сөздері, істері және ішкі жан дүниесі. Демек, әрбір адам осы өмірде мұсылмандықтың ең жоғарғы нүктесі, яғни мурақаба дәрежесіне жетуі үшін Аллаһтың үш сипатын әркез есте ұстауы керек. Ол сипаттар: Аллаһтың барлық нәрсені еститіндігі, кез-келген қимыл, іс-әрекетті көретіндігі және де жүрекпен атқарылған кез-келген амалды білетіндігі. Осы үш сипатты әркез есте ұстаған қоғам үлкен жетістіктерге қол жеткізбек. Айналадағы болып жатқан бұзықтықтың бәрі де осы үш сипатқа мән бермеуден туындағаны айтпаса да белгілі емес пе?!

10 Араб нұсқасында "Аллаһты сақта, ол да сені сақтайды" - деп келген. Яғни Аллаһтың шариғатын сақтап, бұйырғанын орындап, тыйғанынан аулақ болсаң, Аллаһ та сені сақтайды деген мағынада. Ал Аллаһтың сақтауы бес нәрседе шектеледі: Оның өзін, ақылын, дінін, малын және ұрпағын сақтауы.

11 Яғни әркез дұрыс шешім қабылдауға, туралықты таңдауға көмек беріп, сілтеп отырады деген мағынада.

12 Яғни Аллаһтың әуелде тағдыр тақтасына жазған жазуы тоқтаған. Енді ешнәрсе өзгеріске ұшырамайды әрі бәрі де Аллаһтың қалауымен, тағдырымен болмақ деген сөз.

13 "Тақуалық" сөзінің негізі араб тіліндегі "уиқоя" - "қорған, қалқан" сөзінен туындаған. Демек, бұл сөздің тілдік анықтамасы – Раббымыздың азабы мен өзіміздің арамызға сол азаптан құтқаратын қорған орнату дегенді білдіреді.

14 "Кішкене ғана" - деген сөз араб нұсқасында "Руһайт" - деп келген, яғни 3 пен 10-ның арасындағы санды білдіреді.

15 Яғни жоғарыда аталған пайғамбарлар өмір бойы адамдарды дінге қанша шақырса да адамдардың өте аз бөлігі жауап қатқандығын білдіреді. Біреуінің соңынан азғантай адам, екіншісіне бір-екі адам, ал басқасына тіпті ешкім ермегендігі меңзелген. Бірақ, бұл сол пайғамбарлардың жалғандығын емес, бәлкім үмметінің аз болғандығын ғана көрсетеді. Осы жерден ғұламалар: "Шындық көппен бірге емес, аз болса да шындық кімде болса, ол бір үммет болып саналады" - деген ереже шығарған.

16 Яғни бір ауру немесе тағы басқа нәрсеге тап бола қалған жағдайда дұға оқып, үшкіріп беруді руқия деп атайды. Алайда, бір адам бір ауруға барып ем ретінде дұға оқып беруіне рұқсат етілген. Муслим келтірген риуаятта "дұға оқып, үшкіріп берушілер де жәннатқа есепсіз кіре алмайды" - деп келген. Алайда ғұламалар бұл сөйлемнің қате екендігін айтады. Себебі пайғамбарымыз да, сахабалар да ауруға ем ретінде дұға немесе Фатиха сүресін оқып беретін. Демек, адам дұға оқып, үшкіріп беруді сұрамай, шамасы келгенінше өзі жасағаны абзал. Анығын Аллаһ біледі.

17 "Жалған ырым жасамаушылар" - деген сөйлем араб нұсқасында "құс ұшырмаушылар" - деп берілген. Себебі ертеде арабтар бір істі бастарда құс ұшыратын болған. Егер оңға қарай ұшса, онда ол іс берекетті деп, ал егер солға қарай ұшса, онда ол істі жасаудан бас тартатын.

18 Аллаһ елшісі әлгі адамға жұмсақ жауап қатты. Бірақ ғұламалар әлгі адам үшін не себепті дұға жасалмағанында көптеген пікірлер айтқан. Біреулері: "Мүмкін ол адамның екіжүзді-мунафиқ екенін біліп дұға етпеген шығар", - десе, енді біреулері: "Мүмкін ол Жәннатқа есептесіп барып кіретіндердің бірі болған соң солай жасаған шығар" - дейді. Анығын Аллаһ біледі.

19 Яғни алда болатын нәрселерден қорықпаңдар әрі өтіп кеткен нәрселер үшін мұңайып, қам жемеңдер деп жұбатады.

20 "Орталықты сақтау" дегеніміз қандай іс-амал болса да шектен тыс асырмаңдар әрі шамадан аз етпеңдер деген сөз. Ал "туралықта болу" дегеніміз амалдардың дұрыс, тура түрін жасау әрі әркез осындай туралықты сақтау, осы нәрседе тұрақты болу деген сөз.

21 Себебі сау адам ертеңін ойлап, дүниені жақсы көріп тұрады. Сол үшін де сау адамның малды жақсы көре тұра бергені әлдеқайда абзал. Демек, шынайы садақа керексіз, қалған ұсақ-түйек малдан емес, керісінше жақсы көрген малдан шыққан садақа.

22 Яғни өлім келіп, жан алқымға келгенге дейін кешіктіре бермей асығу керектігі меңзелген.

23 "Суффа тұрғындары" – дегеніміз ертеректе Мәдинаға қоныс аударып, барар жерлері болмауы себепті пайғамбарымыз өз үйінің қасынан шатыр тіккізіп, сол жерде мекен еткен сахабалар. Сандары сексенге жуық болған деген көзқарастар бар. Сахабалар болса өз алдына оларға тағам тасып, садақа беретін-ді.

24 Бұл пайғамбарымыздың көркемсөз шебері екендігінің айқын дәлелі. «Сәжде», - деу арқылы ол кісі намазды әрі басқа да қосымша сәжделерді меңзеген.

25 "Аллаһтың үйі" – деген жерде Аллаһ мекен ететін үйі емес, бәлкім мешіттің басқа үйлерге қарағанда дәрежесі жоғары екендігі меңзеледі. Себебі Аллаһ сөзіне матаса байланысқан нәрселер дәрежесі жоғары екендігін білдіру үшін ғана солай айтылады. Мысалы: Абдулла – Аллаһтың құлы. Яғни басқа құлдарға қарағанда Аллаһтың құлы болу жоғарырақ., т.б;

26 Араб нұсқасында "Нузул" - деп берілген, яғни қонақтарға қойылатын ас, азық дегенді білдіреді.

27 Яғни хадисте аталған сипаттар бойында табылған адамдардың бәрі де осы хадиске кіреді.

28 Бұл жерде кез-келген нәрсеге күші толық жетуші Құдіретті Аллаһ оларға арнайы бір көлеңке жаратып, Қияметтің ыстығынан сақтап қалады деген мағына меңзелген.

29 Яғни басқалар осы өмірдің жылтырағына көбірек мән беріп, мәңгі өлместей тірлік еткенде жастық шағын құлшылықпен өткізген жігіт, бозбала, бойжеткендер. Себебі қартайған адам еріксіз құлшылыққа бой алады. Ал бойда қуат бар кезде өзін тежеп, Аллаһтың дініне көбірек көңіл бөлу кез-келгеннің қолынан келе бермейді.

30 Яғни уақытының көп бөлігін мешіттерде өткізіп, әркез жамағат намаздарына қатысып тұрушы адам.

31 Яғни тірі кездерінде де, өлгеннен кейін де бірін-бірі сыйлап, бауырластығы, достығы жалғасқан жандар.

32 "Үлкен күнәлар" дегеніміз шариғат бойынша ол үшін арнайы жаза белгіленген және де істеушісіне лағынет айтылған нәрселер. Мысалы: Намазды тастау, зина жасау, арақ ішу, өтірік куәгер болу, өсімқорлықпен айналысу т.б;

33 Ертеректе пайғамбар мешітінде жер төсеніштері болмауы себепті мешіт еденінде кішкентай тастар көп болатын. Пайғамбарымыз осыны меңзеп, кімде-кім имамның сөзін тыңдамай, басқа бір іспен шұғылданып, таспен ойнап отырар болса, онда ол бос іспен айналысып отырған болып табылатынын айтқан.

34 Мысалы қыс уақыттарында немесе су қатты суық бола тұра дәретті толыққанды алу.

35 "Екі суық" деген жерде таң намазы мен екінді намазы меңзелген. Себебі таң намазы уақыты түннің ең суық мезетінде, ал екінді намазы күндіздің ең салқын уақытында кіреді.

36 Зұлымдықтың ешбір түрін жасамайды, яғни дініне, жанына, малына, отбасына, денсаулығына зиян тигізбейді.

37 Бұл жерде қыз баланың балиғатқа жеткен уақыты меңзелген. Қыз баланың балиғатқа жетуінің төрт белгісі бар: Жасы он беске жетуі, түк өсуі, түнгі поллюция және де етеккір келуі. Осы төртеуінің қайсыбірі орындалса ол қыз балиғат жасына жеткен болып саналады.

38 Қамқорлық дегеніміз екі түрлі. Рухани жағынан, яғни ілім мен тәрбие беру. Екіншісі материалдық жағынан, яғни ішіп-жем, киім-кешекпен қамтамассыз ету.

39 Араб нұсқасында "ғиял" - деп берілген, яғни әйелі, бала-шағасы, жақындары, күңі мен құлы т.б

40 Яғни Ислам бойынша болатын бауырластық меңзелген.

41 Ұста көрігі – темір ұстасы дүкеніндегі көмірді үрлеп темірді қыздыру үшін теріден жасалған үрлеуіш.

42 "Жәннат пен Тозақтың дауласуы" ғайып ілімдеріне жатады, яғни әрбір мұсылман бұған иман келтіруі керек әрі қалай дегендей сұрақтар қойып, тереңдемегені дұрыс. Бұл бір Аллаһқа ғана белгілі.

43 Имам Бұхари келтірген нұсқада "Әрі Жәннатқа кіргізді" - делінген.

44 Хадисті имам Муслим келтірген.

45 Бұл жерде тек осы дүниедегі байлығын тиісінше жұмсамай, құлшылықтан гөрі байлығына, дүниесіне көп көңіл бөлгендер меңзелген. Сол себепті есеп беру үшін кешіктірілген.

46 Демек, хадисте адамдардың үш тобы айтылған: Жәннатқа кіріп қойған топ-кедейлер, Тозаққа кіріп қойғандар және кешіктіріліп тұрған топ-байлығын тиісінше жұмсамаған жандар.

47 Бұл жерде кез-келген әйел Тозаққа кіреді деген сөз емес, бәлкім әйелдердің көп лағынет айтып, өсек пен ғайбатқа бейім келетіндігі әрі күеулеріне разылық білдірмей, бір жамандығы үшін өмір бойы жасаған жақсылығын тез ұмытатыны меңзелген.

48 Яғни беруші қол алушыдан жақсырақ деген мағынада.

49 Яғни ешкімге де мұқтаж болмайды.

50 Абыройлы дегеніміз өзінің бала-шағасы бола тұра басқаларға қол жайып сұраудан тартынатын адам. Ал абыройлығын сақтаушы адам дегеніміз басқалардың қолына қарап қалудан қорқып, әрекет етіп, отбасын асыраушы адам.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4


©netref.ru 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет