Мухитдинов рашид сражович "Диуан луғат әт-турк" және араб лексикографиясы: тарихи негіздері мен теориялық принциптері



бет1/4
Дата01.05.2016
өлшемі0.54 Mb.
түріДиссертация
  1   2   3   4

ӘОЖ: 81'374:512.1(=411.21) Қолжазба құқығында


МУХИТДИНОВ РАШИД СРАЖОВИЧ

"Диуан луғат әт-турк" және араб лексикографиясы: тарихи негіздері мен теориялық принциптері

10.02.20 – салыстырмалы-тарихи, типологиялық және салғастырмалы тіл білімі


Филология ғылымдарының кандидаты

ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның
АВТОРЕФЕРАТЫ

Қазақстан Республикасы

Алматы, 2010

Жұмыс Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің Шығыс тілдері

кафедрасында орындалды.

Ғылыми жетекші: филология ғылымдарының докторы,

профессор Махпиров В.У.

Ресми оппоненттері: филология ғылымдарының докторы,

профессор Букетова Н.И.
филология ғылымдарының

кандидаты Нурходжаева Х.А.

Жетекші ұйым: әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті

Диссертация 2010 жылы 22 сәуір сағат 1100де Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті жанындағы 10.02.20 – салыстырмалы-тарихи, типологиялық және салғастырмалы тіл білімі мамандықтары бойынша филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін беру жөніндегі Д 14.14.01 диссертациялық кеңесте қорғалады (050022, Алматы қаласы, Мұратбаев көшесі, 200).


Диссертациямен Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің ғылыми кітапханасында танысуға болады.
Автореферат 2010 жылы « » таратылды.

Диссертациялық кеңестің

ғалым хатшысы, филология

ғылымдарының докторы, профессор Д.Д.Шайбакова




КІРІСПЕ

Зерттеудің өзектілігі. Қазақстан егемендігін алып, өзгелермен терезесі тең тәуелсіз елге айналған уақытта ұлттың бірегейлігі мен өміршеңдігін қалыптастыратын басты белгі – оның тілі екендігін негіздеу, тілді өзінің түбірімен байланыстыра зерттеу мазмұны жоғарылай түспек. Сол себепті тіл тарихын жазба мұрағаттар негізінде зерделеу, жазба мұрағат авторларының өшпес еңбегін бүгінгі лингвистикамыздың жеткен жетістігінің негізі, іргетасы ретінде бағалау, сөйтіп, қазақ жазба тілінің, тіл білімінің даму кезеңдерін ашып көрсету қазіргі қазақ тіл білімінің алдына қоятын басты бір мақсаты болуы керек дегенге тоқтаймыз. Осыдан келіп түркі сөздіктерінің тарихын зерделеу, олардың қалыптасу негіздерін көрсету қажеттілігі туындайды.

Сондай еңбектердің бірі – М.Қашқаридің "Диуан луғат әт-турк" сөздігі. Бұл еңбек – орта ғасырдағы түркі тілдері және түркі халықтарының мәдениеті мен тарихына қатысты маңызды мәліметтер жинақталған баға жетпес құндылық. М.Қашқари аталған сөздігін араб лексикографиясында қалыптасқан сөздік түзу принциптерінің негізінде жасап, түркі тілдерінің грамматикасын араб тілінің грамматикасының негіздеріне салып жүйелеген. М.Қашқаридің ұсынған сөздік түзу принципі мен түркі тілдерінің грамматикасы араб тіліндегі сөздік түзу принциптері мен араб тілінің грамматикасымен ұштасады. Сондықтан "Диуан луғат әт-турк" сөздігін араб сөздіктерімен салғастыра зерттеген еңбектер мен ізденістердің бүгінгі тіл біліміндегі орнын толтыру үшін, сондай-ақ осы сипаттағы зерттеулердің маңызды тақырып болып отырғанын жан-жақты ескере келе аталған зерттеу бағытымыздың өзектілігін жоғары деп ойлаймыз.

Бұл пікіріміз М.Қашқари секілді ғұламалардың еңбектерін олардың діліне, дініне және мәдениетіне басымдылық бере отырып талдауға, қазақ арабтануына тың тақырыптар мен көзқарастар ұсынуға, ауқымын кеңейтіп, болашақ арабтанушылар үшін арабша түсіндірме сөздіктерді пайдаланудың жолдарын айқындап беруге бастайды.

Осы маңыздылықты ескере отырып, біз ғылыми еңбектің тақырыбын ""Диуан луғат әт-турк" және араб лексикографиясы: тарихи негіздері мен теориялық принциптері" деп атадық.



Зерттеудің нысаны – араб сөздіктерінің жасалу тарихы және Махмуд Қашқаридің "Диуан луғат әт-турк" сөздігінің құрылысы.

Зерттеу пәні – сөздік жасау теориясының негізгі қағидалары, сөз таңдау, сөз тізбесін жасау әдіс-тәсілдері, сөздің мағынасын ашу (дефиниция) түрлері, грамматикалық, қолданыстық ерекшеліктерінің белгілері, морфологиялық уазндар (формалар).

Зерттеу мақсаты. Махмуд Қашқаридің "Диуан луғат әт-турк" сөздігін түзудегі ұстанымын араб лексикографтарының сөздік түзудегі, атап айтқанда, Әбу Ибраһим Исхақ әл-Фарабидің "Диуан әл-әдәб" сөздігін құрастырғандағы ұстанымымен салғастыру, екі еңбектің ұқсастықтары мен ерекшеліктерін анықтау, сол арқылы орта ғасырдағы түркі тіл білімінің даму бағытын айқындау болды.

Зерттеудің міндеті. Аталған мақсатқа жету барысында алдымен мынандай міндеттерді шешу көзделді:

  • араб тіл біліміндегі сөздік ұғымын және сөздік мағынасында қолданылатын сөздерді анықтау;

  • араб сөздіктерінің түзілу жолдарын зерделеу;

  • Құран сөздіктерін талдау, олардағы сөзтізбе құрамын топтау, өзге ғылым салаларына арналған сөздіктерден айырмашылықтарын көрсету;

- араб лексикографиясының дамуына үлес қосқан түркі ғалымы Исхақ әл-Фарабидің "Диуан әл-әдәб" сөздігіне тілдік және тілдік емес талдау жасау;

- араб-түркі және түркі-араб сөздіктерінің қалыптасу тарихын ізерлеу;

- Махмуд Қашқаридің "Диуан луғат әт-турк" сөздігін екі тілді сөздік тұрғысынан қарастыру;

- Исхақ әл-Фараби сөздігі мен М.Қашқари сөздіктерінің кіріспе сөздерін салғастыру;

- "Диуан луғат әт-турк" сөздігінде келген морфологиялық уазндарға (формаларға) талдау жасау;

Зерттеудің ғылыми жаңалығын былай көрсетуге болады: зерттеу араб лексикографиясының қалыптасуына қомақты үлес қосқан Исхақ әл-Фарабидің "Диуан әл-әдәб" және ең алғашқы екі тілді түркіше-арабша түсіндірмелі сөздік құрастырған және түркі тілдерінің грамматикасын жүйелеген М.Қашқаридің "Диуан луғат әт-турк" сөздіктерін терең, жан-жақты салғастыруға арналды. Зерттеуде алғаш рет түркі сөздерін морфологиялық уазндарға (үлгі, форма) салған М.Қашқаридің ұстанымдарына терең талдау жасалып, жалғамалы тілдерге жататын түркі тілдерінің сөздерін морфологиялық уазндарға салудың ерекшеліктері мен кемшіліктері көрсетілді. Жұмыста алғаш рет М.Қашқари қолданған түркі сөздерінің 46 морфологиялық уазндарының кестесі берілді. Түркі уазндары мен араб уазндарының ұқсастықтары мен ерекшеліктерін ажыратуға мүмкіндік беретін талдаулар жасалды. Орта ғасырларда жарық көрген араб сөздіктерінің негізгі дереккөзі болып табылатын Құран, хадис және поэзияның араб лексикографиясындағы және жалпы араб тіл біліміндегі алатын орнына талдау жасалынды.

Қорғауға ұсынатын негізгі тұжырымдар

- қазіргі лексикографияда сөздік жасауға қойылатын талаптар орта ғасырларда жарық көрген араб сөздіктерінің ұстанымына толық сай келеді;

- араб тілі түсіндірме сөздіктерінде сөздің мағынасы алдымен ол сөздің қолданыстағы мағынасына негізделіп ашылған;

- араб тіл білімінің оның ішінде лексикография саласының пайда болуы мен дамуының дереккөзі –Құран Кәрім кітабы;

- М.Қашқари араб тіл білімінде ұстанатын принциптің негізінде түркі тілінің сөздерін морфологиялық формаларға салып, сөздікті сол формалар бойынша жасаған;

- М.Қашқари түркі тілдерінің грамматикасын араб тілі грамматикасы негізінде түзген;

- "Диуан луғат әт-турк" – түркіше-арабша екі тілді энциклопедиялық сөздік;

- Махмуд Қашқаридің сөздікті құрастырудағы басты мақсат – түркі тіл білімінің негізін қалау.



Зерттеудің әдіснамалық негізі. М.Қашқаридің сөздігінің құрастырылу принципіне талдау жасап, оны араб лексикографиясындағы сөздік түзу принциптерімен, атап айтқанда, Исхақ әл-Фарабидің "Диуан әл-әдәб" сөздігімен салыстыру зерттеудің нысаны ретінде таңдалып алынды. Осы орайда араб ғалымдары Жәләлуддин әс-Суюти, Хусейн Нассардың, Али әл-Қасимидің, Махмуд Фаһми Хижазидің, кеңес және қазақ лингвистері А.Н.Кононовтың, Б.Н.Гранденің, А.Б.Халидовтың, С.Рустамийдің, Ғ.Қалиевтің, М.Малбақовтың, Ш.Қалиеваның лексикография саласына қатысты зерттеулеріне, сөздіктерді топтастыруларына және талдауларына сүйендік. Сонымен қатар, Махмуд Қашқаридің сөздігінің қазақ, түрік, өзбек, ұйғыр және орыс тілдеріндегі аудармаларының көңілге күдік ұялатқан тұстарын түпнұсқамен салыстырып, аудармада кеткен қателіктер мен кемшіліктерді атап өттік.

Зерттеудің негізгі дереккөздері. Зерттеу араб лексикографиясы негізінде түзілген "Диуан луғат әт-турк" сөздігіне арналған салғастырмалы талдау болғандықтан, еңбектің негізгі дереккөзі ретінде араб лексикографиясымен айналысқан ғалымдардың еңбектеріндегі негізгі тұжырымдар пайдаланылды. Атап айтқанда: Хусейн Нассардың "әл-Муғжәм әл-араби, нәшәтуһу уа татаууруһ" (Араб сөздігі, пайда болуы және дамуы), имам Жәләлуддин әс-Суютидің "әл-Музһир фи улуми әл-луға" (Тіл білімінің жандануы), Али әл-Қасимидің "әл-Муғжәмия әл-арабия бәйнә ән-назария уа әт-татбиқ" (Араб лексикографиясы теория және практика) тәрізді ғылыми еңбектер, "Лисән әл-араб", "әл-Қамус әл-мухит", "Диуан әл-әдәб", "әл-Муғжәм әл-уәсит" пен "әл-Мунжид" сияқты араб тілінің негізгі түсіндірме сөздіктері және "Диуан луғат әт-турк" сөздігінің қолжазбадан жасалған фотокөшірмесі тікелей дереккөзі ретінде пайдаланылды. Оған қоса Махмуд Қашқари сөздігінің қазақ, өзбек, ұйғыр, түркі және орыс тілдеріндегі аудармалары салыстыру үшін қолданылды. Жұмыстың теориялық-методологиялық негізіне Махмуд Фаһми Хижазидің, Ахмад әш-Шарқауи Иқбәлдің, Ахмад әл-Мағтуқтың, А.Н.Кононовтың, Б.Н.Гранденің, А.Б.Халидовтың, Ә.Дербісалиевтің, В.У.Махпировтың, С.Рустамийдің, М.Малбақовтың, Г.Ж.Бүркітбайдың, Ш.Қалиеваның лексикография саласына қатысты зерттеулері қолданылды.

Зерттеудің теориялық маңызы. Зерттеу барысында алынған нәтижелер мен ой-тұжырымдар практикалық, қолданбалық қызметті көздеп жасалған кез келген лингвистикалық еңбек тіл тарихының сол дәуірдегі лексика-грамматикалық, фонологиялық ерекшелігін синхронды тұрғыда танытатын деректі құндылық болып табылатынына көз жеткізді. Сонымен қатар, бүгінгі таңдағы тілді тек коммуникация құралы емес, тұлғатаным, елтаным, дүниетаным құралы ретінде бағалайтын, зерттейтін антропоөзектік парадигма деңгейіне көтерілген тіл білімі, оның ішінде қазақ тіл білімі үшін генетикалық жағынан туыс емес тілдердің жазба мұрасын салғастыра зерттеу тілдердің, тілдік тұлғалардың лингвистикалық және лингвокогнитивті деңгейін тануға, танытуға көмектеседі деп ойлаймыз.

Іс жүзіндегі маңыздылығы. Зерттеу нәтижелерін, алдымен, филология және журналистика факультеттерінде оқылатын "Махмуд Қашқаридің "Диуан луғат әт-турк" сөздігі" атты таңдаулы курс дәрсін жүргізуде, араб және араб-қазақ филологиясы бөлімінде "Салғастырмалы арабша-қазақша лексикография" курсы мен магистратурада оқытылатын "Тіл білімінің тарихы" курсында көмекші құрал ретінде пайдалануға болады. Сондай-ақ Х-ХІІ ғасырлардағы түркі тілдерінің салыстырмалы грамматикасын, түркі тілдерінің даму ерекшеліктерін зерттеуде және араб түсіндірме сөздіктерін пайдалануда өз деңгейінде пайдалануға болады деп ойлаймыз.

Зерттеудің жарияланымы мен талдануы. Жұмыстың негізгі тұжырымдары республикалық ғылыми басылымдарда мақала түрінде жарық көріп, бес халықаралық ғылыми-теориялық конференцияларда баяндалды. Олар: V Әуезов оқулары (2007), Т.Жанұзақтың 80 жылдығына арналған "Қазақ тілінің лексикология, лексикография, фольклортану мен көркем аударма мәселелері; қалыптасуы, дамуы мен болашағы" атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция (2007), академик Ө.Айтбайұлының 70 жылдығына арналған "Мемлекеттік тіл саясаты: терминология, аударматану, ресми құжат тілі" атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция (2007), Ә.Дербісәлінің 60 жылдығына арналған "Әбсаттар Дербісәлі және шығыстану мен руханият мәселелері" атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция (2007), М.Қашқаридің мың жылдығына арналған халықаралық ғылыми-теориялық конференция (Алматы, 2008). Диссертация жұмысының тақырыбы бойынша Білім мен ғылым саласындағы бақылау комитеті бекіткен тізіміндегі республикалық ғылыми басылымдарда 5 мақала және Мысыр Араб Республикасында, Каир қаласында жарық көретін مجلة علوم اللغة "Тіл білімі" журналында 1 мақала жарияланды.

Диссертация Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдер университетінің Шығысі тілдер кафедрасының мәжілісінде 2008 жылдың 14 қарашасында талқыланды.



Зерттеудің әдіс-тәсілдері. Жұмыстың І тарауы араб сөздіктерінің тарихына арналғандықтан, онда сипаттама әдісі, жинақтау, талдау және қорытындылау тәсілдері қолданылды. ІІ тарау "Диуан луғат әт-турк" сөздігінің құрылымын зерттеуге арналғандықтан, Диуанды араб сөздіктерімен салғастыру әдісі, Диуанда келген уазндарды зерттеу барысында жинақтау, талдау тәсілдері қолданылды. Сонымен қатар Диуан қолжазбасын қазақ, өзбек, түрік, ұйғыр және орыс тіліндегі аудармаларымен салыстыру әдісі де қолданылды.

Зерттеудің құрылымы. Диссертация кіріспе мен екі тараудан, қорытынды, қосымша және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
НЕГІЗГІ БӨЛІМ

Жұмыстың кіріспе бөлімінде тақырыптың өзектілігі, зерттеудің нысаны, басты мақсаты мен міндеттері, зерттеу әдістері негізделіп, диссертацияның ғылыми жаңалығы, қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдары, жұмыс нәтижесінің теориялық және практикалық маңызы баяндалады.

Диссертацияның бірінші бөлімі "Араб лексикографиясының қалыптасу тарихы мен ерекшелігі" деп аталып, оның мазмұны жеті тараушаға бөлінген.

1.1 Араб лексикографиясының өзіндік ерекшеліктері. Қазіргі қазақ лексикографиясында белгілі бір тілдегі сөздердің жиынтығын көрсететін анықтамалық еңбекті сөздік деп атайтын болса [1, 354 б.], біз қарастырып отырған араб тілінің лексикографиясында сөздік ұғымында бірнеше сөздер қолданылады.

Араб лексикографиясында сөздік ұғымында қолданылатын терминдердің ішінде негізінен معجم "муғжәм" және قاموس "қамус" сөздері көп пайдаланылады.

Муғжәм معجم сөзі – араб тілінде ع ج م (айн, жим, мим) түбірінен жасалған أعجم әғжәмә етістігінің ырықсыз есімшесі. Оның معاجم мағаажим және معجمات муғжәмәәт деген бұрыс және дұрыс екі көпше түрі бар. عجمة "Ужмә" сөзі араб тілінде "сөзді анық айтпау", "әдеби тілмен сөйлемеу" деген мағыналарды береді, яғни ойындағысын анық, түсінікті етіп айта алмау деген сөз.

Мәждуддин Мухаммад ибн Яғқуб әл-Файруз Әбәдидің (һ.ж.б. 817 жылы қайтыс болған) القاموس المحيط "әл-Қамус әл-мухит" атты сөздігі, өзінің ыңғайлылығының, ықшамдылығының және сөзді жеңіл түсіндіруінің негізінде қолданыс өрісі кең болды. Көпшілік тақырып атауын сөздік ретінде пайдалана бастады. Уақыт өте бұл атау сөздік орнына қолданылып кетті. Әл-Файруз Әбәди: қамус ق م س (қаф, мим, син) түбірінен жасалған туынды сөз. Ол "теңіздің көп суы" деген мағынаны береді дейді [2, 204 б.].

Осы екі терминді кеңінен зерттеген доктор Али әл-Қасими бұл екі атаудың бірдей мағынада қолданыла беретінін ескертеді. Оған қоса "муғжәм" термині, көбінесе, бір тілді сөздіктерге, ал "қамус" сөзі екі тілді сөздіктерге қолданылатынын ескертеді [3, 17 б.].

Алғашқы араб лексикографтарының сөздік қор жинау тәсілдері. VII ғасырда Араб түбегінің аты Ислам дінінің арқасында бүкіл әлемге тарады. Құран арабтардың әдеби тілінің ең ұлы шығармасы ретінде мойындалып, бүкіл тілдік заңдылықтар Құран тіліне негізделе отырып, жасалды. Осы жүйемен араб әдеби тілі қалыптасты. IX-X ғасырларда әртүрлі араб диалектілерінің пайда болуымен және Ислам дінін қабылдаған басқа ұлт өкілдерінің араб тілін үйренуге деген құштарлығының артуымен ғалымдардың алдында араб әдеби тілі – Құран тілін әртүрлі диалект және кірме сөздерден сақтап қалу проблемасы тұрды [4, 14 б.]. Сол себептен араб лингвистері әдеби тілдің сөздік қорын қағаз бетіне түсіруді қолға алды.

Араб әдеби тілінің тазалығын сақтап қалу және Құран тілінің өзгеріске түспеуін қамтамасыз етуді өздеріне міндет әрі мақсат етіп алған мұсылман ойшылдары Араб түбегінде шашырап орналасқан араб тайпаларын аралап, тілі өзге тілдің әсеріне ұшырамаған тайпалардан әдеби тілдің сөздік қорын жинауға кірісті. Һижра жыл санауы бойынша, ІІ ғасырдың алғашқы ширегінде көптеген араб лингвистері сөз жинау үшін шөлді аймақтарға сапар шекті. Олар бәдәуи араб тайпаларының ауызекі тілін, қолданыстағы сөздер мен сөз тіркестерін жинай бастады. Осылайша араб тіл білімінде алғашқы сөздік жасау ісі қолға алынды. Ғалымдар кез келген сөзді тексерусіз, талғаусыз ала бермейтін. Сөзтүзушілер белгілі бір ортақ қағидаттар мен принциптерге сүйеніп жинауды қалыптастырды [5, 95 б.]. Кейіннен араб лексикографтарының бұл тәсілін түркіше-арабша энциклопедиялық түсіндірме сөздігін құрастырғанда Махмуд Қашқари да қолданып, түркілер мекендейтін аймақтарды шарлап, түркі тайпаларының тілдерін зерттеп, олардың сөздік қорларын сөздігіне арқау еткен еді.

Араб лингвист ғалымдарының алдарына қойған мақсаты – әдеби тілде бар сөздерді жинау, диалект және кірме сөздерден алшақ болу еді. Осы мақсатты орындау үшін мына тәсілдерді қолданды:

1. Сөзді әдеби тілдің қаймағы бұзылмаған тайпа, ру тілдерінен алу.

2. Диалектілері әдеби тілден алшақтаған, шұбарланған тайпа, ру тілдерінен сөз алмау.

3. Сөзді, сөз тіркестерін, мақал-мәтелдерді тек қана әдеби тілді шебер меңгергендерден алу.

Ғалымдардың осындай ыждаһатты еңбектерінің арқасында араб тілі лексикографиясының негізі қаланды. Ғалымдардың сахараны аралап, сөз жинау еңбектерінің нәтижесінде дүниеге ғылыми құндылығы жоғары сөздіктер келе бастады. Белгілі ұғымға қатысты лексикадан құралған кішігірім тематикалық сөздіктер кеңінен таралды. Олар ортақ ұғымды беретін әрі мағынасы жақын сөздердің ерекшеліктерін көрсететін түсіндірмелі сөз жинағы мен сөз тіркестерінен құралған. Осындай сөздіктерді құрастырған أبو عبيدة Әбу Убәйда (һ.ж.б. 728-825) кейбір деректерге қарағанда, жүзге тарта еңбектің авторы болып табылады.

Һижраның ІV ғасырында араб тіл білімі көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Һ.ж.б. ІІ ғасырда бастау алған грамматика саласы ІV ғасырда араб тілі грамматикасын жете зерттеген еңбектермен толықты. Сол сияқты лексикография саласында да ІІ ғасырда жазылған сөздіктердің негізінде ірі-ірі сөздіктер жарық көрді. Мысалы: لسان العرب «Лисән әл-араб», القاموس المحيط «әл-Қамус әл-мухит», الصحاح – «әс-Сихах» және т.б.



1.2 Құран сөздіктері. Қазіргі уақытқа дейін араб тілінде Құранның әртүрлі екі жүзден астам сөздіктері жарық көрген. Сондықтан араб тіліндегі сөздіктерге арнайы тарауша арнадық. Араб тілінде жарық көрген Құран сөздіктерін құрастырудың екі түрлі негізгі тәсілі бар:

1. Құран сүрелерінің және сол сүрелердегі аят реті бойынша сөздік мақала ретін құрастырған сөздіктер. Яғни бұл принципте сөзтізбе сөздің әліпбилік ретімен түзілмейді. Мысалы, Құранның бірінші сүресі "Фатихада" келген сөздердің түсініктемесі өзінен кейін келген "Бақара" сүресіндегі сөздердің түсініктемесінен бұрын келеді. Сол секілді "Бақара" сүресінің он бесінші аятында келген сөз мағынасына анықтама, сол сүренің он алтыншы аятында келген сөздің анықтамасынан бұрын беріледі. Мысалы, غريب القرآن وتفسيره، لأبي عبد الرحمن عبد الله بن يحيى بن المبارك اليزيدي متوفى سنة 237هـ. Әбу Абдуррахман ибн Абдуллаһ ибн Яхия ибн әл-Мубарак әл-Язидидің (һ.ж.б. 238 жылы дүниеден өткен) "Ғариб әл-Құран уа тәфсируһ" сөздігі, تفسير غريب القرآن، المنسوب إلى الشهيد زيد بن علي بن الحسين (مزيدة ومنقحة) محمد جواد الحسيني الجلالي. Зейд ибн Али ибн әл-Хусейнге телінетін "Тафсир ғариб әл-Құран" сөздігі сүрелер мен аяттардың тәртібі бойынша құрастырылған.

2. Сөзтізбені сөздердің әліпбилік тәртібімен жүйелеу принципін ұстанған сөздіктер. Яғни Құранның сүре және аят ретіне қарамастан, сөзтізбедегі сөздерді жай түсіндірме сөздіктердегі секілді әліпбилік ретпен түзіп шыққан сөздіктер. Мысалы, مفردات القرآن، لأبي القاسم الحسين بن محمد بن المفضل المعروف بالراغب الأصفهاني المتوفى سنة 502هـ әр-Рағиб әл-Әсфаһәни деген атпен танымал Әбу әл-Қасим әл-Хусейн ибн Мухаммад ибн әл-Муфаддалдың (һ.ж.б. 502 жылы дүниеден өткен) "Муфрадату әл-Құран" сөздігі және معجم الألفاظ والأعلام القرآنية، لمحمد إسماعيل إبراهيم Мухаммад Исмағил Ибраһимнің "Муғжәм әл-әлфаз уа әл-ағләм әл-қурания" сөздігі.

1.3 Араб сөздіктерінің құрамы мен құрылысы. Біздің зерттеуіміздің басты мақсаты М.Қашқари сөздігіндегі араб сөздіктері ұстанымдарының пайдаланылу сипатын анықтау болғандықтан, алдымен араб тілі сөздіктерін қолдану тәсілдеріне тоқталуды жөн көрдік. Араб тілі сөздіктерінің жасалу жолдары күрделі. Сондықтан сөздіктен сөзді іздеу жолдарын кең көлемде анықтау қажет болады. Бұл "Диуан әл-әдәб" пен "Диуан луғат әт-турк" сөздіктерінің құрылымын түсінуге септігін тигізеді.

Араб тілі қопармалы (флективтік) тілдер тобына жатады. Флективтік тілдер – морфологиялық құрылысы бойынша топтастырылған дүниежүзілік тілдердің бір тобы. Оларға тән негізгі ерекшеліктер: ішкі флекцияның болуы, дыбыстық заңдылыққа сай дауысты және дауыссыз фонемалардың ауысып келуі. Осы сипаттан бір сөздің әртүрлі формалары немесе түбірі бір әртүрлі сөздер жасалады. Араб тілі грамматикасының бір саласы сарф (морфология) сөз түбірі және туынды сөздерді зерттейді. Сондықтан араб сөздіктерінен сөздерді табу үшін сөздердің ішкі түрлену заңдылықтарын білу керек.



1.4 Араб сөздіктеріндегі сөз мағынасын берудің тәсілдері. Профессор Н.Уәлидің пікірінше, "мағына дегеніміз – халықтың ой-санасындағы білімі, танымы, таным әрекетінің нәтижесі. Санадағы мағынаны сөзбен "байлап" беру арқылы нақтылау, шындыққа, ақиқатқа айналдыру түсіндірме сөздіктің мәртебелі, міндетті қызметінің бірі" [6, 7 б.].

Али әл-Қасими араб лексикографтарына сөздің мағынасын ашуда көмектесетін үш құралды атаған: "Лексикографтар сөздіктерінде толық семантикалық мағлұматтарды ұсынуға зәру емес. Тіпті сөздік мақаладағы сөздің барлық мағыналарын да келтіріп жатпайды. Себебі араб тілінің морфологиялық және семантикалық ерекшеліктері үш көмекші құралды пайдалануға мүмкіндік береді:

1- المعنى الأصلي للجذر түбірдің негізгі мағынасы;

2- المعنى العام للأسرة اللفظية сөздік ұяның жалпы мағынасы;

3- معنى الوزن الصرفي للكلمة сөздің морфологиялық уазнының (үлгісінің) беретін мағынасы" [3, 69 б.].

Ғалым араб сөздіктерінің құрылымдық ерекшеліктерін атап отыр. Себебі араб сөздіктерінде қалыптасқан тәсіл бойынша, сөздікке алынған сөздер әр сөздің әліпбилік ретпен орналасуы негізінде емес, сөз түбірлерінің әліпбилік орналасу негізінде жасалады. Мысалы: سلم "сәлимә" – аман болу; أسلم "әсләмә" –мойынсұну; إسلام "Ислам" – Ислам діні, سلم "силм" – бейбітшілік; مسلم "муслим" – мұсылман. Осы сөздердің барлығы س-ل-م "сә-ли-мә" түбірінен туындаған. Олардың ортақ мағынасы "бейбітшілік". Бұл – сөздердің ортақ түбіріне қатысты. Ал сөздік ұяға келетін болсақ, жоғарыда келтірген мысалдағы әрбір сөз өз алдына жеке сөздік ұя болып, бір сөздік мақала түрінде беріледі. Қазақ тілінің сөздіктерінде осы сөздердің барлығы әртүрлі сөздік ұяда келеді. Мысалы, аман болу, бейбітшілік және мұсылман сөздері әртүрлі әріпте, әртүрлі лұғаттық мақаланың құрамында келеді.

Ал ғалым ишарат етіп отырған араб тілінің морфологиялық уазнына талдау жасайтын болсақ, оны қазақ тіліндегі сөз тудырушы және түрлендіруші жұрнақтармен салыстыру арқылы түсіндірген оңайға соғады. Араб тілінде қазақ тіліндегі сөздің мағынасын түрлендіретін немесе жаңа сөз тудыратын қосымшалардың қызметін морфологиялық уазндар (форма, үлгі) атқарады. Бұл үлгілер араб тілінде "уазн" деп аталады. Қазақ тілінде -ша, -ше жұрнақтары түбірден кейін келіп, түбірден жаңа бір есім сөз жасайтын болса, араб тілінде бұл қызметті فاعل фааъил уазны атқарады. Мысалы: كتب- كاتب "жазу – жазушы"; درس- دارس "оқу, зерттеу – оқушы, зерттеуші". Араб тілінде қосымшалар түбір сөздің басында да, соңында да және арасында да келе береді. Мысалы: درّس- مدرس (дәррасә-мударрис) оқыту – оқытушы. Ал қазақ тілінің төл қосымшалары ("бей", "на" секілді парсы тілінен енген қосымшаларды есептемегенде) тек түбір сөздің соңына жалғанады. Сондықтан қазақ тілінде түбірлес сөздерді әліпби жүйесімен араб тіліне қарағанда өзгеше.

Міне, осы жеңілдіктерді немесе ерекшеліктерді пайдалана отырып, араб лексикограф ғалымдары сөздікке алынған сөздің мағынасын ашқан кезде, уазн, не сөздің түбірі арқылы түсініп алады деген оймен кейбір сөздердің мағынасын ашпай кетеді. Ал оқырман қауымның сол сөздің мағынасын түбірі, сөздік ұясының мағынасы немесе уазны арқылы анықтап алуға мүмкіндігі болады. Бұл сөздіктің ықшам әрі көп мағлұмат қамтуына септігін тигізеді.



Мысырлық ғалым Мухаммад Ахмад Әбу әл-Фараж сөз мағынасын ашуда қолданылатын тәсілдерді беске бөледі [7, 102 б.]. Олар:

Каталог: upload
upload -> Қазақстан республикасы төтенше жағдайлар министрлігі көкшетау техникалық институты
upload -> Қазақ тіліндегі ресми іс-қағаздары Басқару, ұйымдастыру, өкім шығару қызметіне қатысты құжаттар
upload -> Әдістемелік нұсқаудың титулдық парағы
upload -> Дәрістердің тірек конспектісі
upload -> А. С. Макаренконың өмірі мен педагогикалық қызметі
upload -> Ян Амос Коменскийдің педагогикалық қызметі мен теориясы. (1592-1670жж)
upload -> Т. Н. Кемайкина психологические аспекты социальной адаптации детей-сирот и детей, оставшихся без попечения родителей методическое пособие
upload -> Приложение к части а1


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4


©netref.ru 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет