Н. У. Шаяхметов т.ғ. д., Л. Гумилев атындағы ЕҰУ доценті (Астана қ.)



жүктеу 88.02 Kb.
Дата25.04.2016
өлшемі88.02 Kb.
: repository -> repository2012
repository2012 -> Шындалиева Меңдігүл Бұрханқызы бақ-тағы жарнама технологиясы
repository2012 -> Әож 811. 512. 122 3: 82. 091 Қолжазба құқығында тапанова сәуле есембекқызы қазақ романдарындағы ғашықтық сарын
repository2012 -> Махсат Алпысбес
repository2012 -> Білім саласындағы жаңа ақпараттық технологиялар
repository2012 -> Қаржаубай Сартқожаұлы, тарих ғылымының кандидаты, доцент, түрколог байырғы түркі «Ж» фонемі қАҚында
repository2012 -> Қазақстан республикасының білім және ғылым министірлігі
repository2012 -> Қ. Т. Қозыбаев, М. Н. Иманқұл Wimax технологиясы
repository2012 -> Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі ministry of education and science of republic of kazakhstan
этносаралық Келісімнің қазақстандық моделі
Н.У. Шаяхметов

т.ғ.д., Л. Гумилев атындағы ЕҰУ доценті (Астана қ.)
Қазақ елінің тәуелсіздігі – қазақ халқының тарихи ата­мекенінде өзінің мемлекеттілігін құруға деген заңды құқы­ғы. Қазақ халқы­ ұлттық мәдениеті мен тарихын, ұлттық қадір-қасие­тін жаңғыртуға деген табиғи ұмтылысы мемлекеттік тәуелсіздіктің орнығуы мен дамуына негіз болуы тиіс.

Қазақ елі өзінің тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында қарқынды дамып келе жатқан әлемдегі демократиялық ел­дердің біріне айналды. Бұл жетістіктерге еліміз қоғамдағы азаматтық келісім мен саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған, сонымен бірге, этносаралық және дінаралық қатынастарды реттеудің тиімді тетіктерін қалыптастыру саясатының нәтижесінде жетті.

Ұлтаралық келісім моделі этностардың дамуы мен өзара қарым-қатынасына жүйелі әрі мақсатты түрде әсер етіп, одан белгілі бір нәтижелер алу үшін құрылады. Мұндай моделді құру өте күрделі әрі жауапты саяси іс. Өйткені, ұлтаралық қатынастар табиғаты өзінің құрылымы жағынан өте нәзік, сан қырлы. Ұлтаралық қатынастар саяси, идеологиялық, мәдени, экономикалық, әлеуметтік, тілдік және психологиялық процесстерге тығыз байланысты.

Модель ұғымы белгілі бір құбылыстың немесе процестің үлгісі, схемасы дегенді білдіреді. Соған сәйкес ұлтаралық қатынастар моделі полиэтникалық қоғамдағы этносаралық келісімге келу мен оны дамытудың үлгісі болып табылады.

Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында Президент Н. Назарбаев ұстанған ұлттық саясат мүмкін болар қателіктердің алдын алуға негіз болды. Сонымен бірге, ішкі және сыртқы саясаттың басты бағыттарын нақты айқындау­ға мүмкіндік берді. Оның ішінде, әсіресе қоғамдағы тұрақты­лық, азаматтық келісім мен этносаралық татулық мәселелері ерекше назарға алынды.

Ұлтаралық қатынастар моделі ең алдымен елдегі ұлттық саясат арқылы айқындалады. Жалпы алғанда ол мемлекеттің саяси бағытына сәйкес келеді. Кез келген полиэтникалық мемлекет өзінің ұлтаралық қатынастар моделін теориялық тұрғыда негіздеп, оны іс жүзіне асырады, қоғам өміріне енгізеді. Бұл модель сол елдің тарихы, дәстүрі, менталитеті негізінде, ал ең алдымен елдің дамуының басты мақсаттары мен міндеттеріне сәйкес келеді. Бұл өмірдің талабы мен объективті қажеттіліктен туындайды. Өйткені, бұл қоғамда өмір сүріп отырған адамдар үшін осы қоғамдағы өзінің жағдайы мен болашағын, этносаралық қатынастар сипатын терең түсінуі өте маңызды.

Қазақстандық ұлтаралық қатынастар моделі қоғамдағы мынандай ерекшеліктерді назарға алуы қажет еді:

– Қазақстан халқы байырғы қазақ жерінде өмір сүріп, дамып келеді;

– мемлекетқұрушы және мемлекет атауына ие ұлт - қазақтар;

– мемлекет унитарлы, қоғамды топтастыратын ұлт – қазақтар;

– мемлекет полиэтникалық сипатымен ерекшеленеді;

– Қазақ жеріне көптеген этностар саяси қысым арқылы мәжбүрлеу, депортациялау саясатының нәтижесінде қоныстанған;

– мемлекеттік тіл – қазақ тілі;

– қоғамның басым бөлігі орыс тілінде сөйледі. Іс жүзінде орыс тілі ұлтаралық қатынас тілі қызметін атқарады;

– Қазақстандағы барлық этностардың өзінің ұлттық тілін дамытуға деген ұмтылысына шек қойылмайды;

– халық көп конфессиялы қоғамда өмір сүреді (40-тан астам конфессия бар);

– қоғамда ұлтаралық және конфессияаралық толеранттылықтың дәстүрі қалыптасқан, оның тамыры терең. Мұндай қасиет ең алдымен, қазақ халқының менталитетіне тән және толеранттылық дәстүрді Қазақстанның барлық этностары ортақ құндылық ретінде қабылдайды;

– қоғам дамуының басты құндылықтары: азаматтық қоғам, демократия, нарықтық қатынастар, идеологиялық плюрализм;

– Қазақстан – бейбітсүйгіш ел. Ол ядролық қарудан ерікті түрде бас тартып, әлемдік қауымдастыққа Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңесін, ЕурАзЭҚ - евразиялық интеграция идеясын ұсынды. Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымын (ҰҚШҰ), Шанхай ынтымақтастық ұйымын (ШЫҰ) ұйымдастырып, қалыптастыруда белсенді рөл атқарды, ЕҚЫҰ төрағалық етті.

Қазақстандық ұлтаралық қатынас моделінің күрделілігі мен өзіндік қолтаңбасы жоғарыда аталған ерекшеліктерді үйлесімді жағдайға келтіруінде-тін.

Қазақстан өз тәуелсіздігін алғаннан бастап Елбасы ұлттық саясаттың концептуалдық, идеологиялық мызғымас негізін қалады. Оның төмендегідей басты бағыттары жүзеге асырылып келеді.

Бірінші – қазақ халқының ұлт ретінде қайта өрлеуі және ұлттық тәуелсіздігі мен мемлекеттілігінің, тарихы мен тілінің, мәдениеті мен салт-дәстүрінің дамуы. Бұл Қазақстан қоғамы мен оны ұйыстырудың берік негізі.

Екінші – «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заңда атап көрсетілгендей, қазақ халқымен тарихи тағдыры біріктірген Республиканың барлық азаматтары біртұтас Қазақстан халқын құрайды және ұлтына қарамай барлығы тең құқықтарға ие болады.

Бұл Қазақстан Республикасының ұлттық саясатының ең басты қағидасы ретінде негізделген.

Сонымен, республиканың тұрақты дамуы мен басталған реформалардың дұрыс жүзеге асырылуын қамтамасыз ету үшін этносаралық келісім саясаты басым бағыт болып саналады. Кеңестік дәуірден кейін Қазақстанда мемлекеттіліктің қалыптасуының ерекше сипаты этносаралық келісім мен тұрақтылықты сақтау болды. Полиэтникалық қоғам жағдайында этносаралық келісім мен толеранттылық мәдениетке тәрбиелеу мемлекеттік саясат деңгейіне көтерілді.

Қазақстандық ұлтаралық келісім моделінің қалыптасуы мен дамуында Қазақстан Республикасының Конституциясы айқындаушы рөл атқарды. Оған 1991 жылғы 16 желтоқсандағы “Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы” Конституциялық Заңы, 1993 жылғы Қазақстанның тұңғыш Конституциясы, қазір қолданылып отырған 1995 жылғы Конституция және 1998 жылы 7 қазанда және 2007 жылы 21 мамырда өзгерістер мен қосымшалардың енгізілуі кіреді.

Қазіргі жағдайда ұлтаралық келісім моделінің формуласы Қазақстан Республикасының Конституциясын­дағы: «Бiз, ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерiнде мемлекеттiлiк құра отырып…» деп басталатын жолдардан айқын көрініс тапқан.

Осылайша еліміздің Негізгі Заңы бойынша Республика азаматтарының бірлігінің мызғымас ұстанымы қаланды.

Қазақстан Республикасының Конституциясында полиэтникалық қоғамдағы азаматтық бірліктің оңтайлы ұстанымы айқындалған. Онда азаматтық және этникалық ұстанымдар бір біріне қайшы келмейді, керісінше өзара байланыста болып, бірін бірі толықтырып тұрады.

Азаматтық бірлік этникалық құндылықтарға сүйенеді әрі оны дамытады. Этносаралық және конфессияаралық келісім толеранттылық құндылықтарына тікелей байланысты. “Толеранттылық” ұғымы өзара құрмет, келісім, татулық сияқты құндылықтардың жиынтығы болып табылады.

Қазақстанның баға жетпес жетістігі мен құндылығы ретінде тек этносаралық келісімді ғана емес, сонымен бірге конфессияаралық татулықты айтуға болады. Өйткені, көпұлтты Қазақстанда ұлттық бірлікке қол жеткізу дін­аралық келісімсіз мүмкін емес еді. Адамзат тарихының адамдар арасындағы қарым-қатынастардағы мейлінше күр­делі болып табылатын саласы – дінаралық қатынастар. Сон­дай-ақ, дінаралық қатынастарды реттеп отыру да өте қиын болатыны тарихтан аян. Ал дінаралық қақтығыстар қатыгездігімен, бітіспес өштесу және фанатизмге бой ал­дырушылықпен ерекшеленетіні де белгілі. Сол себепті де дінаралық келісімнің маңыздылығы салмақты.

Қазақстандағы діни фактор да өзінің әртүрлілігімен сипатталады және ол адамдардың көзқарасына, рухани құндылықтарына ықпал ететін күш болып табылады. Сол себепті полиэтникалық мемлекет ретінде дамудың қазақстандық моделінің тағы бір ерекшелігі – Қазақстан зайырлы мемлекет бола тұра, діни конфессиялармен қарым-қатынасында ортақ тіл табыса алуында болатын.

Діндер арасындағы ке­лісімсіз диалог жүргізу мүмкін емес. Біздің еліміз рухани өрлеуді қамтамасыз ете отырып, конфессияаралық келісім мен толеранттылыққа қол жеткізе алды. Қазақстан халқы­ның рухани мүмкіндіктерін жаңғырту тәуелсіздік алғаннан кейінгі мәдениет саласындағы мемлекеттік саясаттың басты бағытына айналды. Қазақстан өркениеттер тоғысында орналасқандықтан түрлі мәдениеттер мен діндерді жа­қын­дастыруда маңызды рөл атқарады. Дәл осы Еуразия кеңістігінде әлемдік діндердің: ислам мен христиандық­тың шекарасы тоғысады. Еуразия құрлығында мекендейтін халықтардың негізгі бөлігі осы екі әлемдік дінге сенеді. Ал Қазақстанда ислам мен христиандықтың бейбіт түрде қатар өмір сүруі елдегі ішкі тұрақтылықтың, татулық пен келісімнің кепілі.

Астанада өткізілген әлемдік және дәстүрлі діндер өкіл­де­рінің съездері дәуірлік оқиғалар қатарына жатады. Бұл әлемдік тәжірибеде бұрын-соңды болмаған ерекше тарихи құбылыс. Дәл осы Қазақ елінде өзара қатынасы өте күрделі жағдайда өрбіп отырған әртүрлі діни конфессия өкілдері­нің басын қосу кездейсоқ жайт емес еді. Бұл Қазақстан­ның халықаралық беделінің жоғары екендігінің тағы бір дәлелі болды. Біздің республика әлемдік қауымдастыққа сан алуан этностар мен діни конфессиялардың бір елде өзара бірлікте әрі бейбіт өмір сүре алуының үлгі­сін көрсетті.

Этносаралық қатынастың қазақстандық моделі діндер­дің насихаттайтын адамгершілік құндылықтарына негізделген қағидаларымен тоғысып жатыр. Кез келген діннің насихаты – адамзат қоғамындағы береке-бірлікке, жеке адамға құрметпен қарауға сайып келетіні белгілі.

Қазақстандық ұлтаралық келісім моделінде тіл саясатының негізгі ұстанымдары негізделген. Оның мәні – Қазақстанда қазақ, орыс тілдері мен басқа этнос тілдерінің орны мен қызметі нақты айқындалған. Еліміздегі тіл саясаты бойынша бірқатар мемлекеттік құжаттар қабылданып, Конституцияда жарияланған бағыттың жүзеге асырылуына барлық жағдайлар жасалған.

Этносаралық келісімнің қазақстан­дық моделінде мемлекеттік тіл көпұлтты қоғам бірлігінің көрсеткішінде рухани әрі психологиялық тұрғыда маңызды рөл атқарады. Мемлекеттік тілді меңгеру арқылы Қазақ же­рінде өмір сүретін барлық этностар өзін тұтас Қазақстан қо­ғамының құрамдас бір бөлігі болуға рухани тұрғыда да­йын екендіктерін, болашағы Қазақстан халқымен етене байла­нысты екенін көрсетеді. Сол себепті де, бо­лашағын Қазақс­тан халқымен тығыз байланыстыруға деген ұмтылыстың шынайы рухани дайындығын анықтайтын басқадай нақты әрі айқын көрсеткіштің болуы мүмкін емес.

Осылайша, тәуелсіз Қазақстанның іргетасы еліміздің аумағында өмір сүретін барлық этностарға ортақ мәдени және рухани құндылықтармен негізделген.


Пайдаланылған әдебиеттер:

1 Қазақстан Республикасының Конституциясы. Алматы: Жеті жарғы, 2007

2 Назарбаев Н. Политика мира и согласия. Елорда, Астана, 2008.

3 Назарбаев Н. Ұлттық бірлік – біздің стратегиялық таңдауымыз. Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқы Ассамблеясының XV сессиясында сөйлеген сөзі. URL:http:// www.akorda.kz



4 Қазақстанның ел бірлігі доктринасы// Егемен Қазақстан. – 2009. – 6 қараша

5 Тоғжанов Е. Кан Г. Коробков В., Шаяхметов Н. Қазақстан халқы Ассамблеясы. Тарихи очерк.- Алматы: Раритет, 2010.- 328 б.



©netref.ru 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет