Нұрғали Қадырбаев шығарма арқауы – шындық



жүктеу 0.91 Mb.
бет1/4
Дата17.04.2016
өлшемі0.91 Mb.
  1   2   3   4
Нұрғали ҚАДЫРБАЕВ


ШЫҒАРМА АРҚАУЫ – ШЫНДЫҚ

(әдеби-ғылыми және сыни зерттеу)

Алматы 2011


Әдеби-ғылыми және сыни зерттеу еңбегі «Сырдария» университетінің Ғылыми кеңесінде талқыланып, баспаға ұсынылған.



Шығарма арқауы – шындық. Әдеби-ғылыми және сыни зерттеу. – Алматы. «Баспаөнімдері» ЖШС. 2011ж. 51 бет.

ІSBN 9965 – 19 – 215 – X


Пікір жазғандар:
Құлбек Ергөбек,

филология ғылымдарының докторы, профессор


Қыдырәлі Саттаров,

филология ғылымдарының докторы, профессор

Қазақ әдебиетінің көрнекті жазушысы Хамза Есенжановтың «Ақ Жайық» атты роман-трилогиясы ХХ ғасырдың басындағы қазақ өмірінің көркем де деректі шындығы екендігі баршаға аян. Жазушы-журналист, «Сырдария» университетінің профессоры Нұрғали Қадырбаев «Шығарма арқауы – шындық» атты әдеби-ғылыми және сыни зерттеу еңбегінде айтулы суреткердің туындысын жан-жақты талдай отырып, ондағы кейіпкерлер мен оқиғалардың әдеби даму үдерістеріне сараптама жасаған.

Автордың әдеби-ғылыми және сыни зерттеу еңбегінің тілі айшықты әрі тұшымды. Еңбек филологтар мен тарихшыларға, қалың оқырман қауымға арналған.

ІSBN 9965 – 19 – 215 – X

Шығарма арқауы – шындық. Әдеби-ғылыми және сыни зерттеу. – Алматы. «Баспаөнімдері»


ШЫҒАРМА АРҚАУЫ – ШЫНДЫҚ

(Х. Есенжановтың «Ақ Жайық» роман-трилогиясы хақында)

Қазақ әдебиетінде роман жанрын одан әрі өрістеуге елеулі үлес қосқан аса талантты суреткер әрі көркемдік қиял-қуаты мен ой кемелдігі ауқымды қаламгерлердің бірі әрі бірегейі ─ Хамза Ықсанұлы Есенжанов екендігі көзіқарақты оқырман қауымға жақсы мәлім. Оның «Ақ Жайық» роман-трилогиясы – XX ғасырдың басындағы қоғамдық-саяси, әлеуметтік-тұрмыстық, рухани-мәдени өміріміздегі елеулі өзгерістерге алып келген уақытты, қоғам мен санадағы күрт өзгерістерді биік дәрежеде суреттеген айтулы туынды. Рас, кеңестік дәуірдің өз тарихы бар. 1917–1991 жылдар арасында, яғни ресми түрде 74 жыл өмір сүрген кеңестік жүйе белгілібір қоғамдық ой-сананы қалыптастырды, нығайтты. Тарихта еңбекшілердің билігін үстем етті. Олардың мүддесін қорғады. Әдеби-рухани әлемін жасақтады.

Екінші жағынан, қатаң жүйе өзінің шеңберінен әрі қарай аса алмады. Дінді мансұқтады. Ұлтты ұлықтамады. Өзіндік рух, өзіндік қасиет өгейліктің ащы өнегесін татты. Әйтсе де, кеңестік жүйе кезеңінде көркем әдебиетімізде сөздің құнары, ой кемелдігі және ұлттық тектің жоғалып кетпегендігін атап айтуға тиіспіз. Оған бірден-бір дәлел – жазушы Хамза Есенжановтың «Ақ Жайық» атты көркем шығармасы.

Роман-трилогия тұтастай алғанда, жылға жетер-жетпес уақытты қамтиды. Дәлірек айтқанда, 1918 жылдың наурыз айы мен 1919 жылдың қаңтар аралығы. Кеңес өкіметінің еліміздегі батыс өңірінде енді-енді орнап жатқан кездегі қоғамдық-саяси, әдеби-рухани, мәдени-тұрмыстық өмірдегі аласапыран күрес, бітіспес майдан әлемі шығармаға арқау болған. Кеңестік жүйенің дүниеге келуі әлемді екіге бөлді. Тарих төріне тап күресі деп аталатын екі топтың өкілдері келді. Бұл күрес түптің түбінде капиталистік, нарықтық жүйенің пайдасына шешілді. Дүниені ең алдымен, нарыққа негізделген экономика билейтіндігі қазірде баршаға аян. Әлем бүгінде, шындығын айтқанда, бәсекені меже тұтқан. Кім білімді болса, өркениетке қадам басса, жаңа инновациялық технологияларға негізделген адам капиталын тиімді пайдаланса, сол ел, сол халық көштің басында болатындығын бүгінде адамзат баласы жақсы ұғына бастады.

Ал біз өзіміздің зерттеу және талдау, ой сараптау тақырыбы ауқымына көз жіберсек, Хамза Есенжановтың «Ақ Жайық» роман-трилогиясының рухани өмірімізде алған елеулі орнына соны әрі тың көзқараспен қарау қажет дер ек. Қалай десек те, аталмыш туынды әдеби-рухани әлемімізді байытты, кеңейтті. Халқымыздың өз тарихын, өз перзенттерін танып, білудегі танымын ұлғайтты.

«Ақ Жайық» романының 1-кітабы «Төңкеріс үстінде» 1957 жылы, 2-кітабы «Шыңдалу» 1960 жылы, ал 3-кітабы «Тар кезең» 1967 жылы жазылған. 1967 жылы осы кітаптары үшін жазушы республиканың мемлекеттік сыйлығына ие болған.

Хамза Есенжановтың «Ақ Жайық» роман-трилогиясы кезінде оқырман қауымның ыстық ықыласына бөленген қуаты мол, құнды шығарма. Роман-трилогиядағы кейіпкерлер әлемінің үлкен шоғыры өмірде болған тұлғалы жандар. Шығармада сонымен бірге күрделі де кесек дүниені суреттеуге байланысты автордың қиял әлемінен туындаған кейіпкерлер де жеткілікті. Бұл – көркем шығарма үшін, әсіресе, роман жанры өте қажет ететін ерекшеліктердің бірі десек те болады.

Роман-трилогия қоғамдық өмірде және қоғамдық санада аласапыран уақыт басталған шақты суреттеуден басталады. Елдегі өтпелі кезең, ақшаның да құны кете бастаған шақ. Жас Хакімнің алға қойған арманы мен үміті, жас қыз Мүкараманың ішкі ой-армандары саябыр таппай жатқан мезгіл. Кітапта Хакімнің бейнесі де көркем берілген. «Хакімнің толқынданған ұзын қою шашы, ер келбеті аққұба жүзі толыспаған, бірақ, тік ұзын бойы, формалы қарамауыт бешпет-шалбары, киімі де, пішіні де – бәрі тұтас келді.» Жас Мүкараманың көз алдына келген Хакімнің бейнесін жазушы осылайша суреттейді. (Х. Есенжанов. Ақ Жайық. 1-кітап. 15-бет).

Хакім мен Мүкараманың сезімдері ақ, адал. Бірақ дәрігер-оташы, үйлі- жайлы,бір баласы бар Ехлас Шұғыловтың екі жастың ортасына килігуі екеуінің арасын ажыратуға себеп болады. Ехлас – бай әрі жомарт. Ақшаның бетіне қарамайды. Үй иесі татар кемпір де, Мүкараманың ағасы Минхайдар Құрбанов та өмірді бос қиялмен емес, нақты болмысымен бағалайтын жандар. Дәрігермен бақытты болатынына олар сенімді. Сол үшін де медучилище бітірген Мүкараманы Ехластың жанына барып, практикадан өтуін қалайды. Әрі келешегіне жақсы болады дейді. Ағасының сөзін екі етпеуге дағдыланған Мүкараманың тағдыры ендігіде басқа арнаға бұрылады. Осындай әңгімеден соң, Хакім Мүкарамаға жолығады. Бұрынғы ыстық сезім ендігіде сөнген. Құмарта қарайтын көзқарасы су сепкендей басылған. Өзінің тағдырына бір өзі ие емес екендігін де Мүкарама Хакімге айтып салады. Кешіруін өтінеді.

Роман-трилогия күрделі роман жанрына сай, оқиғалар барысы бірін-бірі алмастырумен ерекшеленеді. Келесі екінші тарауда Орынборда құрылған кеңес өкіметі басшыларының бірі Яковлев пен оның әріптестері арасындағы пікірталас пен оқиға бірте-бірте дами түседі. Яковлев казактардың атаманы Михеевпен келіссөз жүргізуге аттанады. Михеевтен ол өз әскерін қашан тарата алады деген шартқа нақты жауап есітуін күтеді. Бірақ Михеев те оп-оңай шағылатын жаңғақ емес. Ол: «Бізге шарт қоймаса да түсінеміз ғой; шарт деген түсінбейтін, қасарысқан адамдардың, жә келіспеген екі жақтың арасында болады» деп өзара түсінісудің маңыздылығына назар аударады. ( Х. Есенжанов. Ақ Жайық. 1-кітап. 26-бет.) Яковлев Михеевті бірінші рет көріп отырғандықтан, бұрын-соңды сырлас болмағандықтан, сөйлесіп көрмеген адамы екендігін білгендіктен де, оның мінез-құлқын алғашқыда ажырата алмайды.

Михеев Ресейдің өркениетті, ұлы болғанын да қалайтынын айтады. Өзі басқаратын казактардың қолдарындағы қаруын тез арада тастай қоймайтындығын да жеткізеді. Өйткені, қару ұстап жүру – казактардың ежелден келе жатқан ата-баба дәстүрі. Ол былай деп уәж айтады: «Ойбай- ау, атам заманнан бері қару-жарақ ұстауға үйреніп қалған казактар құралдарын тапсырмай жатыр, хикматтың бәрі осында емес пе, Яковлев мырза? Істі уақыт шешеді. Халық өкіметіне бойсұнбайтын кім бар? Мына казактарды бірте-бірте көндіріп, қаруын тастатып, бейбітшілік өмірге үйрете беру жөн.» Михеев бір жағынан казактардың өз болмысындағы шындықты Яковлевке осылайша жеткізеді. (Х.Есенжанов. Ақ Жайық. 1- кітап. 27-бет.)

Адам психологиясының саналуан қырлары мен терең иірімдерін, күрделі қалтарыстарын жазушы романынан өте көп кездестіруге болады. Қарымды қаламгер кейіпкерлер дүниесінің жан сарайын көркем тәсілдермен бере білген. Соның бірі – диалог арқылы анық көрінеді. Атап айтқанда, казактардың атаманы Михеев пен Орынбор кеңес депутаттары басшыларының бірі – Яковлев арасындағы өзара аңдысу, бірін-бірі білісу, кімнің кім екендігін пайымдау қаламгерлік шеберлік, өмірлік бай тәжірибе арқылы берілген. Сөйлесу кезіндегі тәсіл де ерекше. «Бұлармен күш теңелген кезде ғана сөйлесу керек, оның бергі жағында керегі: «Сіз де жақсы, біз де жақсы» деген саясат» деген ой түйеді Яковлев. (Х. Есенжанов. Ақ Жайық. 1- кітап. 28- бет.)

Сондай-ақ, роман-трилогияда кейіпкерлердің ой-пікірлері сонылығымен айрықшаланады. «Бір ақылдан екі ақыл жақсы, бірақ тіл тиексіз, естігенді ол сақтай бермейді.» Бұл – сөзге ұтымды, сырт көрінісі салмақты, айтарын айтып салатын, ойлағанын тез істейтін, мінезі күйгелектеу Меңдікерейдің сөзі. Меңдікерейдің студент баласы Әмірге айтқан тілектері де әкенің балаға деген қамқорлығын танытқандай әсерде қалдырады. Романдағы Хакім Жүнісов те Әмірдің жолдасы.

Сөз сөйлеп, әңгіме арасында қарсылас жағының күшін, амал-тәсілін біліп алу – Михеевтің басты бір ерекшелігі. Орынбордан шығатын әскердің рота ма, әлде полк па екендігін білмек болғанда, Яковлев отряд деп аңдаусызда айтып салады.

Роман-трилогия ел өміріндегі аласапыран оқиғаларды дамыта, өмір шындығын шынайы суреттеуімен де құнды. Жайықтың арғы бетіндегі елді мекендердің бірінде билік аумалы-төкпелі болып тұрған кезде салық салғаны үшін кеңес депутаттары билігінің өкілі Игнатий Быковтан кек алу үшін атаман Остап Песков Меңдікерей мен екеуін ат шанасы үстінен аударып, қатты соққыға жығады. Бұндай жағдай сол кезең үшін ауыр да болса, ащы шындық еді. Қарсылас екі жақ бірін-бірі аямай, тіпті, өлімге қиғаны тарих деректерінен де жақсы мәлім екендігі көзіқарақты оқырманға етене таныс.

Роман-трилогияда еліміздің тарихында елеулі орын алған заңгер Бақытжан Қаратаевтың бейнесінің суреттелуі де елеулі мәнге ие. Автор оның алғырлығын, білімдарлығын, сергек ойы мен ақылын шындыққа сай көрсеткен. Оның өз халқының тарихы мен мәдениеті және рухани дүниесінің тым тереңде жатқаны жөнінде айта білуі де сенімді. Кеңес өкіметінің өкілі Дмитриевке қазақ өмірін жете білуі керектігін де түсіндірген жандардың бірі – Бақытжан Қаратаев. «Шығыс елдерінің өмірі маған ертегі сияқты көрінеді. Шынында да, сахараның көп жайлары жұмбақ; тұрмысты жете білмесе, жақсылап ұқпаса, қате басып, теріс түсініп қалуға да әбден мүмкін» деп Дмитриевтің мойындауы да сөзіміздің айғағы.

Роман-трилогияда суреттелетін XX ғасырдың басындағы, яғни 1917 жылғы қазан төңкерісінен соң, қазақ даласындағы азамат соғысы, оның бітіспес күрес майданына айналуы секілді оқиғалар оқырмандардың көз алдынан тізбек-тізбегімен өтеді. Кеңестік жүйенің біржолата орнамауы да, тарихи шындық. Дондағы Краснов көтерілісі, атаман Дутовтың текетіресі, Маңғыстауда генерал Толстовтың қарсылығы, шет ел интервенциясы, мінеки, бұлардың бәрі де кеңестік жүйеге қарсы бой көтерген ірілі-ұсақты оқиғалар үдерісі.

Роман-трилогияның тұтас арқауы автордың кең танымы мен талантын танытады. Романның үш кітабы да шырғалаң уақытта өмір сүрген, сол кезеңнің ауыр да қасіретті трагедиясын бірге арқалаған кейіпкерлер қақтығысы терең әрі жан-жақты суреттелген. Олардың тұлғалық деңгейдегі тағдырлары қаламгерлік шеберлікпен ұтымды берілген.

Халқымыздың қара сөзінің ең күрделі жанры – роман-трилогияны дүниеге келтірген Хамза Есенжанов төл әдебиетіміздің тарихын осынау шығармасы арқылы байыта түсті. Сол үшін де қарымды қаламгердің «Ақ Жайық» роман-трилогиясы терең әрі жан-жақты талдауды қажет етеді. Роман-трилогия ауқымы жылға жетер-жетпес уақытты қамтығанымен, арқалар жүгі, айтар ойы өте салмақты, байыпты да бағасы тым жоғары.

Тағдыр талқысына түскен уақыт та, тұлғалар да, жай қатардағы көптің бірі де сол кезеңдерде тарихи таңдау алдында тұрғаны анық еді. Қай тараптың жағына өту, кімнің сөзін сөйлеу, қандай іс-әрекет жасау, ертеңгі күнің қалай болады, ұрпақ мәселесі қалайша шешіледі, мінеки, осы жағдаяттар кімді болса да толғандырды, тіпті, сол кездегі орын алған аса мәртебелі уақыт, шіркін, олардың өздерінің жеке тағдырын мүлдем басқа арнаға салып жібергені де жасырын болмаған-ды. Ендеше, тарихтың өтпелі кезеңіндегі алмағайып та, аласапыран шақ ешкімді аямады, тағдырдың толқынды қазанына толғамай тоғытты.

Әрине, уақыт өткен соң, оған баға беру, ой елегінен өткізу оңай. Ал дәл сол кезеңдегі тағдырмен бетпе-бет текетірес пен талқыдан өту – әрбір тірі жанға, кітап кейіпкерлеріне оңай болған жоқ. Автор сол кезеңді қайтадан тірілтті, оқырманды оқиғалар барысымен және де қауыштыра білді. Сол үшін де қаламгердің қуатты ой-қиялына, парасаты мен суреткерлік шабытына бүгінгі ұрпақ тағзым етеді.

Роман-трилогияда өмір шындығы нақты, деректі оқиғалармен өрілген. Шығарманың негізгі кейіпкері боларлық Меңдікерей тағдыры трагедиялы әрі азапқа тола. Казактар оны шауып тастайды. Бірақ ол әупірімдеп аман қалады. Бұндай жәйттер көп-ақ. Бұл – заңды да. Өйткені қоғамдағы аласапыран уақыт, қоғамның екідай жүйеге, бір-біріне қарама-қарсы, бітіспес айқасқа түсуі – соның нәтижесі екендігіне еш күмән қалмайды. Кешегі кеңестік жүйенің құрбандыққа жиі-жиі баруы, сол қоғамның оңайлықпен орнамағандығының айқын дәлелі де.

Ресейден ығыстырылған ақ казактар Оралда күш жинап, сол жердегі кеңес өкіметі мүшелерін бір түнде қырып-жоймақ болады. Олардың қимылын екі күзетшінің өзара диалогы арқылы автор бейнелі түрде, орамды сөз тіркестері арқылы бере білген. «Жылан құйрығын басқанда ғана қайырылып, шағып алады ғой; бұлар да сондай... Мына казачествоны айтамын» дейді күзетші Мартыныч.

Қазірде ел тәуелсіздігіне қол жеткен кезде кеңестік жүйедегі басқару институттары, қоғамдық-саяси ұйымдар, олардың атаулары архаизмге айналды. Бүгінгі жас ұрпақ үшін сол кезеңдегі ұғымдар арнайы түсініктемені қажет ететіндігі де белгілі. Мәселен, сондай көне сөздер қатарына «Ақ Жайық» роман-трилогиясындағы мына сөздерді жатқызуға болады. Олар: жұмысшы комитеті, совдеп, коммунистік жұмыс, еңбекшілердің революциялық санасын ояту, комиссар және т.б. Бұл сөздер мен тұжырымдар кеңестік жүйенің бөлінбес атрибуттары болды және соған қызмет етті.

Қоғам екіге бөлініп, билікке таласқан шақ та шығармада шынайы көрсетілген. Бірін-бірі аямай, өлтіруге даяр, ешнәрседен тайынбау – сол кездегі өмір шындығы. Басты кейіпкерлер болуға тиіс романдағы бейнелер шығарма түгесілмей-ақ, өлім құшып жатады. Бұндай жағдайды қызылдар мен ақ казактардың билік үшін болған күрестегі қанды шайқастарынан айқын көре аламыз. Жаңа кеңестік үкіметтің орнауы, ақ казактардың қарсылығы, жергілікті кеңестік басқару жүйесін құлатуы, соған сай қалада тәртіп орнағанша, соғыс кезіндегі жағдайға көшіруі, көшелерде ілінген ақ казактар үкіметіне қарсы үндеу, жарлық және хабарландырудан тазарту секілді жұмыстар сол кезеңдегі уақыттың қым-қуытқа тола болғандығын аңғартады. Ыстық жүректі жастардың жаңа үкіметті қолдап, көшеге шыққан шеруі, олардың қозғалысын таратуы, кінәлілерін таба алмай, атамандардың оларды бет әлпетіне, түріне ғана қарап, тергеусіз-ақ қамауға алуы, бәрі-бәрі де аласапыран уақыттың көріністері еді.

Соған қарамастан, көрінген адамды қойша тоғытып, түрмеге жабуы, адами қарым-қатынастың болмауы, орынсыз жекіп сөйлеуі қарапайым халықтың тарапынан тойтарысқа ұшырайды. Заңның аяққа тапталуын да көркем шығармада Мартынычтың айтқан мынадай сөздерінен байқауға болады. Ол былай дейді: « – Ех, адвокат, алтын сөзің зая. Бүгінгі заманда закон дегенің бір шымшым насыбайға да тұрмайтын болды...» (Х. Есенжанов. Ақ Жайық. 1-кітап. 116-бет.)

Аласапыран кезеңдегі адамдардың психологиясының өзгеруі, білсе де білмегенсуі, шындық пен өтіріктің араласып кетуі секілді жәйттерді көрнекті жазушы шебер көрсете алған. Мәселен, бұндай психологиялық ситуациялардың өзгермелілігін төмендегі диалогтан сезе аламыз:

– Осы қалада көрінеді әлігі қазақтың ішінен шыққан ала аяқтар... – деді Һарон қазақ революционерлерін ыммен меңзей тамағын кенеп.

– «Ала аяқ» деп сіз сұлтан, Аязбай ұрыны айтасыз ба? – деп оп-өтірік білмегенсіді Құрбанов.

Екі кейіпкердің өзара сөз алмасуы. Өзара пікірі. Іштей шарпысуы. Әйтсе де, Һарон мен Құрбановтың осы сөздерінен-ақ замана тынысын, адамдардың ой-сезім иірімдерін айқын аңғаруға болады. Қоғамдық өмірде болып жатқан өзгерістерге, оқиғаларға өз түсінігі, байламы болса да, түсінбегендей сөйлесуі шындыққа сайма-сай келеді. Бұндай ерекшелік – қаламгердің өмірде тәжірибені көбірек жинағандығынан деп ұғынуға болады. Оның үстіне Құрбанов сауданың адамы. Ал сауда адамына саясаттан гөрі өз қалтасының қалың болғаны бесенеден белгілі екендігі түсінікті.

Кеңес үкіметінің жергілікті өкілдерін тұтқынға алған ақ казактардың іс- әрекетіне Орал сотының прокуроры атақты Барон Дельвигтің қызметтік бағыт-бағдары да екі түрлі. Ол былай дейді: «прокурор санкция бермей тұрып, тұтқынға алу, әрине, заңсыз, бірақ болған нәрсенің бәрі дұрыс. Мен емес, Гегель солай дейді» деп өз ісінің әділдігіне атақты неміс неміс философының айтқанын уәж етеді. ( Х. Есенжанов. Ақ Жайық. 1-кітап. 129- бет.) Бірақ санкциясыз тұтқынға алынған студент-оқушыларды босатар алдында шыбықпен ұрып, бес рет дүре соққанын, бұл ақылды қылық емес» деп теріс айналады. Дельвиг – күрделі бейне.

Роман-трилогияда студент Хакімнің түрмеден шыққан кезіндегі көңіл- күйі мен бейнесі, әсері де өзгеше әрі шынайы. Тар қапаста езілген жанның әп-сәтте бостандыққа шығуы, әрине, емін-еркін ауада ұшқан құстың хал- ахуалын еске түсіреді. «Түрменің сыртқы қақпасынан қалай шыққанын Хакім дұрыстап жадына түйе алмады. Жалғыз-ақ оның сезгені: бықсық түтін толған үйден қашып шыққан адамдай көзі жарқ ете түсті; жанды елітерлік бір тәтті ауа оның өн бойына құйылып кеткендей болды; аяғы жерге тимей бейне қалқып жүзіп келе жатқандай, өзін үкіден де жеңіл сезінді. Ол артына қараған жоқ – көздері жан-жағы мен алдындағы дүниені: сонау көкті, көкжиекті, көз жетерлік жердегі қарасынды, үйлерді, адамдарды, жанды- жансыз нәрсенің бәрін біржола шолып өтті. «Өңім бе, түсім бе?» деп ойлады ол. Бәрі өңі: анау козлодағы шіренген атшы да, көшевкеде отырған чиновник те кәдімгі адамдар; қақпа алдында күрек ұстап тұрған іргенің суын жырып ағызып жатқан адам да, әлденеге асыға, аяқтарын тез-тез басып жүріп бара жатқан әйелдер де тірі жандар; темір қиықты үйлердің үстіндегі қары еріп жоғарыдан су сорғалап тұр; тұрбалардан жіңішкелеп шығып көмескі көгілдір түтін әлсіз көтеріліп жатыр...» ( Х. Есенжанов. Ақ Жайық. 1-кітап. 133- бет.)

Шығармадағы осынау үзіндіден қолмен қойып қойғандай тіршілік атты өмірдің нақ өзінің табиғи да шынайы суретін көзбен көргендей сезімге бөленесің. Адам жанының бостандықты аңсай күтуі, сол сәттегі көңілі мен ой дүниесінің әлемі, әрине, ешбір салыстыруға келмейді. Кеңестік дәуірде қуғын-сүргінді бастан кешкен қаламгердің сөзден сурет салуы тегін емес. Өмірде көргені, түйгені мел қаламгер роман-трилогияны жазу барысында осындай оқиғаларды өте шеберлікпен ой және қиял елегінен өткізе білген. Ақ казактардың түрмесінен азаттыққа шыққан Әмір де еркіндіктің бағасын жақсы сезінеді. Оның сол сәттегі көңіл күйін суреткер әрі ойшыл қаламгер былайша бейнелейді: «... бостандық дегенің адамға тамақтан да артық нәрсе екен ғой, жүргенде көшенің тасына аяғым тимейтін сияқты.» ( Х. Есенжанов. Ақ Жайық. 1-кітап. 139-бет.)

Аласапыран уақыт, билік үшін күрес шығарма кейіпкерлерін де оқиға дамуы барысында ширата түседі. Шығарма кейіпкерлерінің бірі – Әбдірахман да бұрын қаншама сабырлы, салмақты, ойлап сөйлеп, қысылмай, емін-еркін өзгелерді тыңдай білсе де, күндер өте сақ болуға, әрбір сөзді анығырақ түсінуге, көздерін қадай қарауға үйрете бастайды.

Ақ Жайық бойындағы балықшы, шаруа ауылдарды өздері балық аулап күн көретін өзенінен, өз иеліктеріндегі мінетін аттарынан айырып, ақ казактардың тізе батыра беруі жандарына аяздай батады. Мінеки, осынау ауыр кезеңде, ақтар мен қызылдардың өзара қырқысуы, соның нәтижесінде елдің жүдеп-жадауы, қиын тағдыры роман-трилогияда ауқымды суреттеледі. Оқырман сол бір кезең жайлы мол мағлұмат алады. Ішкі әлемі, көркемдік дүниесі кеңи түседі. Шынында да, өз шаруасына жарар жалғыз атын зорлап алып, өзін өлермен халде ұрып-соғып, жер соқтырып кетуі секілді оқиғалар шығарма кейіпкерін ғана емес, оқырманның жанын да жаралар, шындыққа суарылған оқиғалар тізбегі. Дәл осындай трагедиялық және жан түршіктірер суреттер қазақ аулының соншалықты зәбір көргендігін айна-қатесіз көрсетуімен құнды әрі мәнді.

Елдің шетінде, жаудың өтінде жатқан Жайық өңірінің қазақтары үшін дұшпан аз болған жоқ. Ақ казактар мен олардың атамандары жергілікті халықты малы үшін жайылатын жайылымы мен балығы өскен өзен, көлдерден тысқыра қуса, екінші жағынан, рухани қысым мен қыспаққа ұшыратты. Өз үстемдігін орнатып, қазақы қасиеттен айыру саясатын жүргізе бастағаны айдан-анық еді. Жайық бойы қазақтары ұлттық намыстың аяқасты тапталуына төзген емес. Сөзімен де, нақты іс-әрекетімен де қиянат пен қорлыққа бас имей, адал пейілі мен мәрт мінезін бір сәтке де жоғалтқан жоқ. Шығарманы оқи отырып, осындай сезімге бөленесің.

Роман-трилогияда әкесі яки туған-туысы немесе баласы өлгенде естірту дәстүрі қаламгер назарынан тыс қалмаған. Шынында да, көне замандардан бастап-ақ, өлімді лезде, бірден-ақ айтпаған. Тіпті, Жошы ханның баласы аңға шығып, құланнан қаза болғанын домбыра арқылы естірткені көзіқарақты оқырманға жақсы таныс. Сол секілді Әмірдің әкесінің ақ казактардың қолынан қаза болғанын Әбдірахман әңгіме ретінде арыдан бастап, ой толғай айтады. « – Ащы мен тұщыны татқан білер, жақын менен алысты жортқан білер, дейді қазақ. Көпті көрген, ұзақ жасап, өмірдің соқпақты жолдарымен аршындап адымдаған, өзі дана, тілге шешен, ойға жүйрік Жиренше би деген би болыпты. Жиренше бір жолы алыс сапардан қайтып келсе, үйінде елдің не жақсы адамдары жиылып отыр екен. Олар биді қарсы алып, осы сапарда жүргенде оның басына түскен үлкен ауыр халді естіртуге кіріскен...» ( Х. Есенжанов. Ақ Жайық. 1-кітап. 146-бет.)

Мінеки, халқымызда өзгенің басына түскен ауыр қайғыны дәл осылайша,сабырмен, жайлап-жайғастыра, ақылға сала, сезімге селкеу түсірмеф, орнықты жеткізуге күш салған, Көрнекті жазушы осынау дәстүрді өз туындысында шебер пайдаланған. Әмір де Әбдірахманның меңзей сөйлегенін тез түсініп: « – Арғы жағы түсінікті, Әбдірахман аға. Асқар тауым құлағаны... – деп Әмір жүресінен отыра кетті» дейді өз ойын түйіндеген шығарма кейіпкері.

Қазақ әдебиетінен берік орын алған шешендік сөздер үдерісі де роман- трилогияда өзінің заңды жалғастығын, сабақтастығын тапқан. Мысал келтірелік: « ...Ия, жігіттің әкесі өлсе не болар» дегенде, Жиренше шешен: «Жігіттің әкесі өлсе, асқар тауының құлағаны!» – депті... бірақ, Әміржан, әке түрлі-түрлі. Өзі өлсе де, аты мәңгі өшпейтін әке бар. Өмірі мен ісі өз баласы түгіл өзгеге үлгі болатын әке бар. Жер бітіп, су аққалы адам баласының қарай-қарай көз талған әділдік заманына қол созған кемеңгердің бірі – Меңдікерей еді, ол сол жарық дүниенің біліне бастаған таңында жазым болып кетті... Ол менің жолдасым, әрі ақылгөй ағам еді, сенің әкең еді, мына мерейі уақытша үстем болып тұрған жаудың әлегінен ол күннің шыққанын көре алмай кетті, көп үшін көксеген күнді көре алмай кетті... Тұр жасыма! – деді. ( Х. Есенжанов. Ақ Жайық. 1-кітап. 146-бет.)

Роман-трилогияда «Мұз жарылды» деген күй шығарған сыбызғышы Қайыпқожаның өмірі де трагедиялы. Үй-іші тірлігімен, бала-шаға асырау ниетімен өзі, Малдыбай және Кенжекей ақ казактардың балық аулайтын жеріне аязды түні барады. Ау салып, мұзды ойықтан бір шана балық ұстайды. Бірақ ақ казактардың қолына түседі. Олар бұларды аямай, қақаған аязда киімдерін шешіп, ойықтағы дене қарыстыратын суға түсіреді. Сай сүйегін сықырлататын судан кейін, олар ауруға ұшырайды. Үшеуінің бірі – Кенжекей ғана аман қалады. Малдыбай үйіне жетіп жығылады да, содан біржолата орнынан тұрмайды. Опат болады. Сыбызғышы Қайыпқожа көкірек ауруына ұшырайды. Сөйте тұра, «Мұз жарылды» күйін дүниеге әкеледі. Сыбызғыдан сықырлай шыққан сары аяз үні, сатырлай соғылған мұз дауысы, қатты қарыған мұздай су, бәрі-бәрі де адам жанына әлемтапырық көңіл- күйімен әсер етеді. Автор көркем сөз құдіретімен өнер атаулысының адам психологиясына тигізер әсерін тамаша тілмен жеткізе білген.

Ел ішінде көптің хал-ахуалын ойлап, мүддесін қорғаған, көкейкесті мәселелеріне назар аударған ерлер болады. Соның бірі – Жүніс. Ол – көптің адамы. Ел қорғаны. Құрбан айт күні ел-жұрттың ақ казактардың қорлығына шыдамай, бай-манаптардың өзенге құрған аулары мен торларын, балықтарын жаппай қолға түсіреді. Бірақ ақ казактар сол үшін жазалыларды тергемек болады. Сонда Жүніс ақ казактардың басшысына жазалы адамдар ретінде қысты күні өзеннің ойығына батырған Малдыбайдың жесірі мен екі кішкентай баласын ояздың үстіне кіргізеді. Шалқар өзенінің үстінде бүлік шығарған осылар деп, оларды мықтап жазалау керек деген Жүніс қажының сөзіне алғашқыда ояз шамырқанып қалады. Бірақ ел ішіндегі жағдайдың өте қиын екендігін осы үшеуінің түрлеріне қарап-ақ байқауға болатынын ескерткен Жүністің сөзіне ояз иланғанымен, мәселені шешпейді. Шалқар өзенінен балық аулау жағдайы сол бүліктен соң, одан бетер күрделене түседі. Ендігіде алпауыт ақ казактар Шалқар өзенінің сағасына темір торды кесекөлденең құрып тастайды. Сөйтіп, балықты кәсіп етіп, күнелтіп жүрген ауыл адамдары көлдің ірі балығына зар болып қалды. Зорлық жасаудың амал-айласын асырған алпауыттарға деген өшпенділік одан әрі асқына береді. Қоғамдағы әлсіздік, күш көрсету, олардың алдын алмау секілді оқиғалар күн санап, ел ішіндегі алпауыттарға деген текетіресті күшейте түседі. Бұлардың барлығы да роман-трилогияда тарихи роман жанрына сай терең әрі психологиялық тұрғыда жан-жақты суреттелген.

  1   2   3   4


©netref.ru 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет