О бөкейдің «Жас Алаш» газетіндегі шығармашылық кезеңі М. Б. Шындалиева, Қазақстан, Астана



жүктеу 120.88 Kb.
Дата28.04.2016
өлшемі120.88 Kb.
: bitstream -> handle -> data
data -> Оқулық Астана, 2012 Қазақстан республикасының білім және ғылым министрлігі
data -> Меңдігүл Бұрханқызы Шындалиева
data -> МЕҢдігүл шындалиева қазақ очеркінің поэтикасы (монография)
data -> Бейсенбай Кенжебаев алаш туы астында (мақалалар мен зерттеулер)
data -> Шындалиева М. Б. ф.ғ. к., доцент
data -> Алаш зиялылары және «Қазақ» газеті
data -> А Б. Кенжебаевтың өмірі мен шығармашылығы
data -> М. Б. Шындалиева Филология ғылымдарының докторы, профессор
data -> Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия
О Бөкейдің «Жас Алаш» газетіндегі шығармашылық кезеңі
М.Б.Шындалиева,

Қазақстан, Астана,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ
1960 жылдары «Лениншіл жасқа» редактор болып келген Шерхан Мұртаза талантты қаламгерлер мектебін қалыптастырды. Газетте батыл сөйлейтін, өткір ойлар айтатын кез дәл осы кезеңге тиесілі. Сол жылдары «Лениншіл жаста» шығармашылық ортаны қалыптастырудағы басты ұйытқы редактор болды. Кейінгі жылдардағы бір мақаласында Шерхан Мұртаза кеңестік идеологияның таптаурын қалыбын бұзғаны туралы: «Бұл кезеңде газет қысымға қарамай, ұлттық мәдениет, ұлттық сана, ата дәстүр, ана тілі мәселелерін көп көтерді. Кеңестік дәуір қалжыратқан ұлттық нышандарды сәл де болса тірілту керек болды. Бұл мәселелер туралы дау көкпарға түсіп жатқанда, сол өткен ғасырдың 1960 жылдардағы қатал цензура тұмсыққа тұмылдырып киіп сөйлейтін заманды көзіңізге елестете беріңіз. «Лениншіл жас» сол қыспақтың құрсауында жүріп те, ұлт мәселесін айрықша көтерді. Бұл газеттің ерлігі еді»[1,23-б],-дейді. Сөйтіп, «Лениншіл жаста» шығармашылық ортаны қалыптастырудағы басты ұйытқы редактор Шерхан Мұртазаның өзі болды.

Еліміздің түкпір-түкпірінен газетке келіп қосылған талантты журналистердің ішінде шығыстан келген Оралхан Бөкей болды. 1960-жылдардағы қазақ публицистикасының барар жағалауы мен көрер көкжиегінің ауқымы қаламгерлердің шығармашылығымен өлшенеді. Ол туралы Шерхан Мұртаза кейінгі бір естелігінде: «Өзім басқаратын газетте оқта-текте «О.Бөкеев» деп қол қойған очерктер жарияланады. Ә, дегеннен назар аудардым.... «О.Бөкеев» [1,45-б], -деген қолы бар семіздеу конвертті бөлек алып, ішіндегіні оқып шықтым.

Қолы қисықтау, қияңқылау көрінеді. Жазуын айтамын. Адамның жазуында мінезі бар.

Бірақ автордың өзін елестете алмадым. Арада шамасы жарты ай өткенде Тельман (редактордың орынбасары Т.Жанұзақов ..Б.Ж) кабинетке бір жап жас жігітті ертіп келді. Сұлулана жымиып: ...Мұнау өзің айтқан....дей бергенде,

- Айтпай-ақ қой таныдым,-деппін.

Әлгі жігіт босаға жақта сазарыңқырап, басын бір кекжең еткізген кезде толқын толқын болып, иығына дейін төгілген қара шашы желп-желп ете қалды. Көзі аш қасқырдың көзіндей екен. Мен қашан отыр, дегенше кекірейіп тұрды да қойды» [2,15-б], - деп жазды. «Лениншіл жастың» 70-жылдардағы белсенді журналистері Жанат Елшібеков пен Жақау Дәуренбеков өздерінің сыр сұхбатында: «Бізден сәл бұрын редакторымыз Шер ағаңның Шерхан Мұртазаның сонау Алтайдан оралған Бөкеевтің өзіндік қолтаңбасын жалғыз көркем очеркінен ақ жазбай танығанын, сөйтіп оны аппаратқа қызметке шақырып алғанынан хабардар едік» [3], -деп еске алады. Сөйтіп ағалары да, інілері де тамсанып ойға алатын Оралхан Бөкеев қазақ публицистикасының дамуына үлкен бір серпіліс әкелді. Бұл оның очерктері мен мақалаларынан көрінеді.

Оралхан Бөкей публицистикалық шығармалар көп жазды, жай ғана хабарлау, баяндау сарынында емес, зерттеу, талдау, таразылау, болжау тәсілдерін қолдана отырып жазды. Оған сұхбаттың дөңгелек үстел басындағы әңгіме пішінінде Сағат Әшімбаевпен бірігіп жазған «Театрға таныс, бейтаныс лек келді» [3], қазақ эстрадасының болашағы хақындағы «Жас өнерге кең өріс» сұхбаты (Л.Ж.1972, 13 май), т.б дәлел. Әсіресе, Оралханның «Шара» атты портреттік очеркінің өзгеше композициялық құрылымынан жас публицистерге үйренер жайттар баршылық. Алдымен, өнер туралы толғаныс, сосын қазақ би өнерінің іргетесын қалап, дамуына атсалысқан Шара Жиенқұлованы опера мен балеттегі, театр мен кинодағы рөлдері, шетелдік гастрольдері түгел баяндалады. Ең тосын жаңалығы: Алматыдағы Ташкентский көшесінің бойындағы өзі туған үйге барғандағы биші Шара бастан кешкен көңіл-күйі иірімдерінің асқан табиғилығы. «Сонда оның көз алдыма тұлымы желпілдеп, секіріп ойнап жүрген кішкентай қыз елестейді...жаз жайлауға шыққанда бес алты жасар ботакөз қыз қырдың қып-қызыл гүлін кешіп, мөп мөлдір болып төңкеріліп тұрар аспан мен астасқан сонау-сонау көкжиекке зып жүгіріп бара жатар кейде батуға айналған күнді жібермей ұстап қалам деп, алтын алауды қақ жарып, күн нұры мен жарысып ойнар қызыл толқынға шомылған қызғалдақтар үп етіп жел тұрса болды мың бұралып билеп, алты жасар қызға иіліп сәлім берер. Сонда бүкіл дала, бүкіл тау ән салып билеп тұрар еді. Би дененнен әлі хабары жоқ алты жасар қыз әлде бір тылсым күштің үйретуімен өз өзінен билеп, енді мәңгі бақиға қайталанбайтын балалықтың рахатты күлкісіне батар» [3]. Міне, Шара бишінің бейнесін осылай сомдайды. Би оған табиғаттың берген өз сыйы екенін сөз образы мен әсерлі жеткізеді.

Сөз жоқ, Оралхан Бөкей публицистикасы қазақ баспасөзіне жаңа тыныс, соны леп әкелді. Ол алдыңғы толқын ағалары тарапынан да, кейінгі толқын інілері тарапынан сондай бағаға ие болды. Белгілі сыншы Б.Ыбрайымов: «60-жылдардың соңында студент деген атқа іліккен бізге сол кездегі ізденімпаз жас журналист О.Бөкеевтің «Лениншіл жас» газетінде жарияланған суреттемелері қара сөзбен жазылған жырдай, бойды буған, буырқанған ағыл-тегіл сезімін ірке алмай, лықысып жатқан сырдай әсер ететін» [4,263-б], - деп ақтарыла жазды.

Оралхан шығармашылығының ішкі қуат әлеуеті бұрынғыдан да ашыла түсті. Оның шығармашылығы тар қыспақты жарып, арна бұзған, бұғаудағы қазақ халқының еркіндікке құлаш ұрған жан дауысы еді. Ол енді шығуға болмайтын Кеңестік шеңбердің ауқымынан асып кетті. Оны тіпті біреу байқап, біреу байқамады. Мысалы, 1971 жылғы көктемге арналған мерекелік нөмірдегі Оралхан Бөкей жазған «Наурыз» атты публицистикалық толғауы. Қазақ үшін Наурыз жыл басы екенін 300 мың оқырманға жайып салу, ата-бабаның ғасырлар бойғы салт-дәстүрін еске салу ерлікпен пара пар еді. «...Мен бүгін түс көрдім. Ақ отаудан бес биенің сабасындай кербез кемпір шықты да, маған күле қарайды екен деймін, маған қарайды да, өзіне ымдап шақырады, шақырып алып, қолымнан жетелеп, киіз үйге кіргізеді, киіз үйдің дәл ортасындағы жер ошақта буы бұрқырап, тай қазан көже қайнап жатыр; бұл дейді ақ бәйбіше, ..бұл Наурыз көже, бүгін Ұлы істің ұлы күні, бүгін Жаңа жыл». (Л.Ж 1971, 21 март) [5], -деп басталатын шалқымадағы автор пайымындағы ақ отау Қазақстан бейнесі. Ол кезде атын да айтуға болмайтын Наурыз көже-қаймана қазақтың ортаймайтын ырыс құты. «...Уа, халайық! Ұлы істің ұлы күнінде бәрі-бәріңізді құшағыма қысып, көктемгі мерекелеріңізбен, жаңа жылдарыңызбен құттықтасам да артық емес еді. Әттең, құшақ жетпейді. Уа, халайық! Ұлы істің ұлы күнінде Наурыз көжені көксегенім рас еді, әттең қайнатып берер анам алыста. Уа, халайық, менің қолымнан бірақ нәрсе келіп тұр, риза бол. Ұлыстың ұлы күні құтты болсын! Ақ көп, уайым жоқ болсын! Мұны айтып отырған тіпті де, осынау жылдардың иесі емес, жо-жоқ, бұл ақ тілектің авторы он алты мен жиырма бестің арасындағы қыз-жігіттер. Ал қағазға түсірген жиырма бестен асқан мен. О.Дәулетов» [5], -деп аяқталады. Ол кезде Кеңестік саясаттың қылышынан қан тамып тұрған кезде, жалпақ жұртқа Наурыз, Наурыз көже, Ақ отау, ұлы істің ұлы күні туралы айтудың өзі үлкен саяси қателік болып саналатын. Бірақ жастар газеті мен О.Бөкейдің бұл батылдығы баспасөз бен публицистика тарихында алтын әріптермен жазылып тұруы керек. «О.Дәулетов». Оралханның бүркеншік есімі» [6].

1967 жылы «Лениншіл жаста» шыққан «Алтайдың тағы бір байлығы» атты зерттеу мақаласында емдік қасиеті мен жұғымдылығы жағынан теңдесі жоқ бал өндіру ісі омарта шаруашылығы жайлы айтылады. «Оның тәттілігі үшін емес, дәрілік-шипалық қасиеті үшін дәріптейді» [7], - дейді. Осы мақаладан Оралхан Бөкейдің шеберлігін сол салаға қатысты мамандардың пікірін беруі көтеріп отырған мәселесінің маңызды екендігін аша түседі. Мақалада омарта маңын жыртып, гүл егу жұмысы өріс алмай отыр, машинаның жоқтығы, ыдыс проблемасының жеткіліксіздігін тізбектей келе, тек проблеманы айтып қана қоймайды, мақала соңында сол мәселеден шығудың жолын қарастырады. Журналистикадағы негізгі тетік те сол айтылған мәселенің шешімін табуы қажет болса, О.Бөкей соны асыра орындайды.

1967 жылғы 15 қарашада «Лениншіл жас» газетінде жарияланған «Мен де сенің түлегің» атты мақаласында өзіндік ерекше стилімен: «Егер мен қолыма қалам алып, мақала жазып отыр екенмін ол алтын ұя мектебімнің арқасы, егер сен ақ қағазға өлең немесе әңгіме тіпті досыңа хат жазып отыр екенсің, онда алтын ұя мектебіңе алғысыңды арқала. Адамды аспанға ұшырып, шолпанға шолпы таққан екен, оның ең әуелгі космодромы да алтын ұя-мектеп дер едім»,- деп келеді де өзі түлеп ұшқан С.Торайғыров атындағы Шыңғыстай орта мектебінің 60 жылдық мерейтойына арналған жүрекжарды лебізін білдіреді. Мектепті тек жұқалтаң мақтап қана қоймай, оның шын мәнінде талай таланттарды шығарғанын, тіпті бір кездері ақын С.Торайғыровтың өзі осы мектепте дәріс оқығанын жазады. Мақаласын қорыта келе, ол мектептің болашағының зор екендігін үлкен үмітпен жеткізеді. «Күні кешелер ғана тұсауы кесіліп, тәй-тәй басқан Алматының жас балеті қазақ өнерінің жалпы санын молайтып қана қойған жоқ, іргелі орданың ат жалын тартып мінген азаматы ретінде мәдени намысымызды қорғайтын жорықтарға шықты», - деп басталатын 1972 жылы «Лениншіл жаста» жарық көрген «Қазақ сувенирі» мақаласында көрермен мен туындының арасында дәнекер болар мақалалардың аздығын күйіне жазады. Биші Болат Аюхановтың әрбір қимылын, классикалық бидің пішінін, биші мүсінін сахнадан көріп отырғандай етіп көз алдыңызға әкеледі. «Нағыз шынайы шеберлік тон киіп билесе де көрер көзге көркемдігін жоғалтпаса керек»,- деп би құдіреттілігін арнайы киімсіз-ақ ұғынуға болатынын жеткізеді. Оралханның шеберлігін оқырман мен биші арсында көпір бола алғандығынан көруге болады.

Автордың «Ән дегеніміз - жастық» (Л.Ж. 1971, 10 март) атты проблемалық мақаласынан «Осынау екі әріптен тұратын сөздің құдіреттілігі жайлы қанша айтсақ та шын парқын тани алмаймыз. Сондықтан әнді тек тыңдағанда ғана рухани ләззат алып, жан-дүниеміз жадырап сала береді»,- деп көңілсіз бастауы, бұрынырақта «әуені асқақ, көңілдің, жүректің ажары» болатындай әндердің көп болғандығын байқауға болады. Азаматтық, отандық тақырыптардың да ұмыт қалып, бір өңкей жалаң сезім, мұңлы махаббат, ойсыз ойнақылыққа құрылған желбір желкен, жеңілтек әндер етек алып кеткенін жасыра алмаймыз»,- деп налиды. Оралхан публицистикасының ерекшелігін осы мақаладан ажыратуға болады. Алматы қаласында өткен фестиваль жайында ғана жазып қоймай, әннің қасиетін, әннің тілін, бітім-болмысын анық да дәл аша білген. Мақала соңында «... жалынды жастар тұлғасын музыка тілімен мүсіндеу, олардың құдіретті қолынан туындаған сұрапыл өзгерістерді әнге қосу – мұратты да киелі борышымыз» [8],- деп аяқтап, ән - өткен тарихымыздан хабар беретін, болашағымызды болжайтын қасиетті күш екенін айтады.

1971 жылдың 16 маусымда «Лениншіл жас» газетінде шыққан «Асылхан. Металл. Поэзия. Арман» атты портреттік очеркінде он бес жастағы еңбекқор Асылхан есімі арқылы ол сол замандағы жас жұмысшылардың әлеуметтік өмірінің сипаттамасын жазған. Уақыт пен жастық дәуреннің босқа өтпеуіне аса мән берген Асылханның басталатын әрбір таңын «...Бұл минутта оның дүниедегі ең жек көретін нәрсесі. Алты мөлшерінде бөлме ішіне тұнған тыныштықты ащы дауысымен тілгілейтін кәдуілгі төртпақ қара сағат. Айтқаннан қайтпайтын жексұрын, не күтуді, не кешігуді білмейтін педантты Асылханның бір қойып сындырғысы келеді. Сол кезде сағат механизмінің дыңғыры тынады да, Асылханның ашуы тарқайды. Жылы төсек пен тәтті ұйқы екеуі қосарланып, оны әлі де жұмарлай түседі. Сол мезет Пиғыл мен Парыз қырық пышақ болып сайысып жүреді. Ақыры Сананың емеурінін өз жағына жыққан парыз жеңіп, амалы таусылы Асылхан орнынан тұрады» [9],- деп суреттеуінен де Оралханның жұмысшы өмірін көрсете білген санаулы суретшілер қатарында болғанын көреміз. Осы тұста тағы бір назар аудартатынымыз Асылханды нағыз адам етіп тәрбиелеген еңбек екендігіне ерекше екпін түсіре жазуы, әйтпегенде Асылханның еңбекке ерте араласуы ащы өмір итермелеген жағдай емес, біреудің жан дегенде жалғыз ұлы бола тұра, ата-анасының ауыр еңбек етуіне қарсылығына қарамастан, металл құюдың ең ауыр бөліміне өз еркімен ауысқандығын ерлікке балайды. Әрине, мұндай еңбек адамдарын журналист жазбаларынан кездестіруге болады. Бірақ Оралхан Бөкейдің ерекшелігі сол, оның кейіпкерлері, ол биікке көтерген еңбек адамдары бір-біріне ұқсамайтындығында.

1989 жылдың 15 желтоқсанында жарық көрген «Еділдің бойы ен тоғай» атты мақаласында басылымның Астрахань облысына бір топ ақын-жазушылардың сапары туралы жаза келе, өзі көрген елдегі қазақ қандастарымыздың тілі, діні, ділі, мәдениеті мен өнері жайлы ой қозғайды. Жол сапар очеркінің бойында бір ғана мәселе тұрмағанын, күллі қазақ ұлтының бас ауруы болып келген тіл мәселесі туралы, қазақ жастарының білімі мен ертеңгі болашағы жайлы мәселе көтеруін осының бәрін журналсит ой елегінен өткізіп, жүрек түкпіріндегі көптен мазалаған мазасыз ойды жайып салғанын байқауға болады. Сондай-ақ, облыстағы қазақтардың тұрмыс-тіршілігін жаза келе, олармен болған әңгімеде шешімін таппай келген түйіткілді мәселелерді тізбектей келеді де, маңдайына басқан майталмандардың айтқан ойлы сөздерін береді: «Дән себу үшін ең алдымен жер өңделуі керек. Олай болса, рухани дәннің де өсіп-өніп, өркен жаюы үшін жергілікті жерде жағдай жасалуы керек. Әйтпесе бұл келістеріңіздің эпизодтық қана әсері болып, ұмытылып қалады» деген Құбыш Батырашев деген экономистің сөзін келтірсе, тағы бір жерде Зәки Үмбетов ақсақалдың «Біз де жартыкеш болсақ та қазақпыз ғой, ұмытылған адамның ұнжырғасы түсе береді екен. Бұл келістерің бізді бірден қазақтандыра да қоймас, бірақ ес-ақылымызды, етек-жеңімізді жинауға септегі тиер. Астрахань қазақтары өмірі газет-журналдарға аз жазылады, көркем шығарма жоқтың қасы» [10],- деген пікірлерді жинап, деректі келетіреді.

«Тәңірісі сұлулықтың марал деген...» 1975 жылы жазылған мақаласының атынан Оралханның тақырып қоя білу шеберлігін аңғарамыз. «Қазақ халқы бұғы-маралды сұлулықтың тәңірісі санапты. Сұлу болсын деп қыз есімін марал, Ақмарал қоятыны бұған дәлел» [11],- деп басталады да маралға аң деп қарап, мал шаруашылығының үлкен де киелі бір саласы марал шаруашылығының барын ескермейтінімізді, бұғы-марал санының азайып бара жатқандығын, кездесіп жатқан көптеген қайшылықтарды жазады. Бір жағынан нақты деректерін келтіріп, бұғы мүйізінен жасалатын дәрі-дәрмектердің қасиетін, бұғышыдан алған сұхбатын шеберлікпен жаза білген. Бұл проблемалық мақаланың ерекшелігі «Сырттай қарағанда, көтеріп отырған бұл мәселелр ұсақ-түйек болып көрінуі мүмкін. Расында тіпті де олай емес» [11],- деп өзекті мәселелерді көтереді.

Қазіргі гносеология ғылымының түсіндіруінше, шығармашылық дегеніміз - адамның немесе қоғамның обьективті әлемді белсенді түрде көрсетуі. Шығармашылық ең алдымен шын өмірде баламасы жоқ заттар мен құбылыстардың бейнелерін жасау арқылы танылады. Адам белсенділігі мұнда ашық та анық жүзеге асады. Осы заманғы ғылым-публицистикалық шығармашылыққа журналистердің өмірдегі орны бар бейнелерді көрсету жатады. Бұл саланың біз үшін маңызы ерекше, өйткені публицист өзінің іс-тәжірибесінде жазушылардай ойдан шығарылған кейіпкерлер және оқиғалар әлемімен бетпе-бет келмейді, ол шынайы дүниелер, өмірде бар адамдар, сол адамдардың өзара байланысы, сезімдері мен қарым-қатынасы, осылардан туындайтын қоғамның бүкіл проблемалары әлемінде іс-әрекет жасайды.

Жазушы О.Бөкей өзінің публицистикасында не туралы айтса да – мейлі бейбітшілік үшін күрес немесе біздің өнеріміз туралы болсын, не жазушы, шопан еңбегі немесе басқа дүние туралы болсын – оның ойлары әрдайым Отан, оған деген сүйіспеншілік, оның аясында атқарылып жатқан барлық істердің ізгілік мазмұны туралы әңгімеге айналып жүре береді.

Деректер мен құбылыстарды, адамдардың мінез-құлқы мен олардың тағдырын ашып көрсетерде бұл мәселелерге адамгершілік тұрғысынан келу – уақыттың, дәуірдің өзекті мәселелерін қарастырардағы О.Бөкейдің негізгі мақсаты. Сондықтан ұрпақтар сабақтастығы, дәстүр, республика мәдениетіндегі жетістіктер публицистің үнемі назарында болып отырады.

Оралханның журналистік мұрасын саралай отырып, оның публицистикасының өзекті де басты тақырыптарын айқандауға болады: бұл ең алдымен адамдық фактор, содан кейін осыдан туындайтын адамгершілік, қайырымдылық, мақсаткерлік, мейірімділік сияқты принциптер.

Екінші орында - қазақ халқының дәстүрін, тілін, тұрмыс-тіршілігі мен мәдениетін ұлттық тұрғыдан жаңғыртудың көкейкесті мәселелері. Осынау мәселелер арқылы жер шарының түкпір-түкпірінде тұратын адамдардың ұлтаралық қарым-қатынастар проблемасы туындайды. Сондықтан да О.Бөкей публицистикасының жанрлық өзіндік бет-әлпеті ол көтерген мәселелердің өзектілігін одан әрі аша түседі.

Қазіргі журналистикада адамның жан-дүниесін бере білу тек газет бетінен ғана орын алып қойған жоқ, ол іштей де көп өзгерістерге ұшырады. Автордың түрткі ойы жаңа түрлермен байи түсті. Солай бола тұра, О.Бөкейдің публицистикалық мұрасына, әсіресе оның публицистика жанрларына бет бұруы қазақ журналистикасының дамуындағы шығармашылық лабораторияның жарқын беттерінің бірі болды.

Тақырыптық ерекшелік, стильдің жатықтығы, диалогтардың үндестігі О.Бөкей публицистикасы 1950-1960 жылдардың басындағы республика өміріне тән көптеген проблемаларды ашуға жол салды. Оған О.Бөкей очерктері жатады. Бұл шығармаларда кейіпкерлердің әлеуметтік-психологиясының тәрбиелік ықпалының жоғары нәтижесін автор ұжымға оңтайлы жұмыс атмосферасын орнықтырудың жолдары мен әдістері, басшы мен қосшының арасындағы қарым-қатынастар, даулы мәселелердің алдын-алу тәсілдері, ауылдық жердегі қарапайым еңбек адамдарының қуаты мен қажырлылығы сияқты өткір проблемаларға қоғамның назарын аудару үшін пайдаланады.

Оралхан Бөкей шығармашылығының бастауы ретінде "Сарыарқаның жаңбыры" атты ұзақ әңгімесін атап жүрміз. Бәлкім, дұрыс та шығар. Дегенмен, "Сарыарқаның жаңбыры" болашақта дауылдатып, селдетіп өтер автордың оқырмандарына, цензураға жіберген "барлаушы" шығармасы ғана деп. Ол автор аспайды, таспайды. Сұлтанмахмұтпен кеудесіне сырыл араласа бастаған бейкүнә ақынмен бірге байсал күй кешеді. Мұңдасады, сырласады. Алғашқы шер-шеменінің шетін шығарады. Оны Махмұттың ауызымен айтқызады. Күркіременің бойындағы ай сәулесінен жасыруға қауқары жоқ сирек талдың жанында, бой түзеп қалған балаң бойжеткенге айтқан өзінің асық жырын Махмұттың аузына салады. Бұл - автор мен оның кейіпкерінің тағдырларындағы ұқсастықтан да шығар.

Оралхан Бөкейдің нағыз публицистикасының әлеуметтік тәрбиелік ықпал жасаудың орасан зор күші бар, өйткені ол оқырманға, көрерменге, тыңдаушыға дұрыс бағыт сілтейді. Адамдардың ақыл-ойына әсер етуде маңызды рөл атқарғанын көреміз. Қаламгер шығармашылығынның «Лениншіл жас» газетінде қызмет еткен кезеңі қазақ публицистикасының дамуына да бір серпіліс әкелгені сөзсіз.



Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

  1. Мұртазаев Ш. Не жетпейді? – Алматы: Жазушы, 1990.

  2. Мәженқызы Р. Оралхан. - Алматы: Өнер, 2000.

  3. Әшімбаев С. Жас өнерге кең өріс. // Лениншіл жас. 6 май. 1972.

  4. Ыбрайымов Б. Сырлы әлем. Монография. Рауан, 1997

  5. Бөкеев.О. Наурыз. // Лениншіл жас. 21 март. 1971.

  6. Қазақ журналистикасы. 3 томдық. 1-том: Қазақ баспасөзі. - Алматы: Таймас, 2008.

  7. Бөкеев.О. Алтайдың тағы бір байлығы. // Лениншіл жас. 22 мамыр. 1967.

  8. Бөкеев.О. Ән дегеніміз-жастық. // Лениншіл жас. 1971, 10 март.

  9. Бөкеев.О. Асылхан. Металл. Поэзия. Арман. Лениншіл жас. // 1971 жыл. 16 июнь.

  10. Бөкеев.О. Еділдің бойы ен тоғай. // Қазақ әдебиеті. 1989 жыл. 15 декабрь.

  11. Бөкеев.О. Тәңірісі сұлулықтың марал деген. // Қазақ әдебиеті. 1975 жыл. 18 мамыр.


Annotation

In this article writer Oralhan Bokey’s publicistic publications were considered while he was working in “Leninshil zhas” newspaper. Author researches journalistic legacy of O,Bokey, defines urgent topics such as humanity factors, humaneness, mercy, fondness principles in his publicism.


Key words: publicism, character, humanity factor, portrait, skills.



©netref.ru 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет