О. Сүлейменов және қазақ кино өнері



жүктеу 250.97 Kb.
Дата02.04.2016
өлшемі250.97 Kb.
: sites -> default -> files -> publications
publications -> ТӘуелсіздік жылдарынан кейінгі сыр өҢірі мерзімді басылымдар: бағыт-бағдары мен бет-бейнесі
publications -> Қазақстан халқы Ассамблеясы” кафедрасының аға оқытушы ф.ғ. к. Есқараева Айгүл Дүйсенғалиқызы “абай жолы” эпопеясындағЫ Әйелдер бейнесі
publications -> Абай мен Пушкин шығармалары
publications -> Темірбек жүргеновтің Өмірі мен қызметі (Қазақстан мұрағат құжаттары негізінде) Оразбақов Айтжан Жұмабайұлы
publications -> «Мәңгілік ел – ұлттық идеясының қазақ әдебиетінде көркемдік көрініс табу дәстүрі мен инновациялық жаңашылдық мәселелері» атты Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдары
publications -> Қазақ стиль типологиясының Қалыптасуы қорқыт ата атындағы Қму доценті А. Е. Айтбаева
publications -> Ш.Құдайбердіұлы және М.Әуезов шығармашылығындағы тұтастық Нұрланова Әсем Нұрланқызы
publications -> Абай танымындағы сопылық
publications -> Қазақ әдебиетінің халықаралық байланыстары
publications -> Әож 821. 512. 122 Е. Ысмайылов және мұҚановтану ғылымы
О. Сүлейменов және қазақ кино өнері

60-жылдардың бірінші жартысында қазақ киносы бұрынғы жылдардан жалғасып келе жатқан терең шығармашылық дағдарыстарды жеңе алмай жатты. Осы уақытқа дейін «Қазақфильм» киностудияның дербес Кино үйінің болмауын айтса да жеткілікті [1, 9 п.]. 1960 жылдың мамыр айынан бастап, Қазақстан жазушылар Одағының мәжіліс залын келісім шарттық негізде пайдалануға рұқсаттың алынуымен Кино Үйінің ашылуы деп есептелуі көп нәрседен хабардар берсе керек. Кино үйінің бұдан басқа қосымша мекен-жайы болған жоқ.

Қазақфильмнің материалдық-техникалық және қаржылық жағдайы сын көтермейтін. Кино өнерін, кино процесін құрайтын барлық компоненттер жетіспеді. Режиссер, сценарийс, редактор, актерларға деген зәрулік тұрақты сипат алды. 1963, 1969 жылдары өткізілген Қазақстан кинемотографистерінің I және II съездері үлкен қиындықтармен ұйымдастырылды. Кеңестік кино шаруашылығының кеселді практикасы-өндірістік жоспар мен кино шығармаларының көркемдік шығармашылық сапасын ұштастыру бітіспес қайшылықтарға алып келумен болды. Режиссер А.Б. Карповтың айтуынша «идеологиялық өнім шығаруға тиісті өнер студияларын шұжық цехына айналдыруға болмайды ғой. Мұндай жағдайда студия жақсы фильмдер шығара алмайды» [2, 18 п.].

1965 жылдың 10 қарашасында өткен Қазақстан кинематографисттер Одағының Пленумында Одақтың төрағасы Ш. Айманов бүкіл Қазақстанда арнайы режиссерлық мамандығы бар 15 адамның бар екенін, бірақ олардың екеуін ғана нақты білетінін мәлімдеді. «Бірі - М. Әуезов атындағы драма театрында істейтін Ә. Мәмбетов, екіншісі - жасөспірімдер театрында жұмыс істейтін А. Тоқпанов, қалғандарын мен білмеймін. Олар қайда жүр? Біреулері мамандығын алмастырған, екіншілері - бұл бейнетті еңбекті қойған, үшіншілері - өздерінің мүлде қабілетсіздігін көрсетті, төртіншілері - басқа мамандық бойынша кетті. Облыс орталықтарын айтпағанда, біздің жас көрермендер театры мен драма театрында өсіп келе жатқан жас режиссерлар жоқ. Ертең немесе жақын күндері біздің бірінші құрылтай съезіміз өтпекші. Мен Одақтың төрағасы ретінде съезде сөйлеуге және біздің жүйенің, студияның жеткен жетістіктері,шығармшылық өсуі туралы айтуға тиіспін....Құлдыраудан басқа мен не айта аламын? Біздің қандай табысымыз бар? Біздің студиядағы қалыптасқан жағдайды жасыру үшін осы съезде өткір мәселелерден кайтып айналып өтсем екен деп, мен бас қатырып отырмын» [3, 3-4 п.] - дейді қазақтың тұңғыш кинорежиссеры.

Осындай жағдайда 1966-1970 жылдары О. Сүлейменов «Қазақфильм» киностудиясының сценарийсі, сонан соң сценарийлер алқасының бас редакторы қызметіне келді. «Мен қазақ киносы деген шөл далаға келдім-дейді О. Сүлейменов. - Егер сол шөлді теріммен суарып, жаңа қазақ киносының бірнеше шыбығын өсірсем, міндетім орындалар еді» [4]. О. Сүлейменов қазақ киносына бұдан да ертерек келуі мүмкін еді. 1957 жылдың жазында геология факультетін бітіргелі жатқанда белгілі қазақ режиссері Мәжит Бегалин оны өзінің «Оның уақыты келеді» фильміндегі Шоқанның рөлін ойнауға шақырады. Жас мөлшері, түр сипатының ұқсайтындығын және парасаты жағынан да Олжасты Шоқанға ұқсатқан режиссерге осы таңдау сұралып тұрған еді. Алайда өндірістік практикасынан туындаған уақыт зәрулігі Олжастың тәуекелге баруына мүмкіндік бермейді. Кейіннен жас жағынан келмесе де бұл міндеті қазақтың көрнекті актёрі Н. Жантөрин орындап шығады.

О. Сүлейменов қазақ киносына жаңа типтегі ақын, кино зерттеушісі - тарихшы, философ, режиссер, сценарийшы, үлкен ұйымдастырушы ретінде келді. «Мен киноға жай жұмысқа келгендей келгенім жоқ. Мен қызмет іздегенім жоқ, мен қызмет еткім келді, - дейді ақын, - Мен киноға біздің киномыз жайлы жайсыз әңгімелерден кейін, нақ осы қамкөңіл сөздерден кейін келдім....Біздің мәдениетіміздің орашолақ көрсетіліп отырылғандығына ренішті сезінгеннен кейін келген едім» [3, 102-103 п.]. Бұл жылдары көрші Қырғыз Республикасының кинематографистер Одағын 1962-1986 жылдары заманымыздың көрнекті жазушысы, Ш. Айтматов басқарған жылдар еді. Сол жылдары одақ көлемінде «Қырғыз киносының кереметі» жайлы айтыла бастады. О. Сүлейменов нақ осы аралықта ондаған жылдарға созылған үзілістерден кейін киноға екі рет келіп үлгірді. Қазақ киносына Олжас араласа бастаған және оны басқарған жылдары да осындай оң серпіліс байқалды. Олжас келген бойдағы сырт көзге бірден байқала қоймайтын оң серпілісті бірінші болып байқаған да осы Шыңғыс Айтматов еді.

1965 жылы КСРО кинематографистер одағының бір Пленумында Шыңғыс Айтматов былай деп ағынан жарылады: «Кешеден бері жазушы достарым ортаға алып: «Сен кинорежиссерлар ортасында неғып жүрсің, оларға уақыт, кетіріп нең бар, өзіңнің әдеби жұмысыңмен-ақ жүре бермейсің бе»? - деді. Жоқ, мен бекер уақыт кетіріп жүргенім жоқ. Киноға жұмсаған уақыт бекер босқа кетпейді, өйткені бұл қазіргі заманның құдіретті күші. Мен ғана емес, талай ақын жазушылардың киноға белсенді араласып жүргенін білемін. Осы залда, мысалы, көрнекті қазақ ақыны Олжас Сүлейменов те отыр. Ол да кинода киностудияда істейді. Меніңше, бұл дұрыс қой деп ойлаймын [4] - деп жауап береді. Орыс достарының сақтандыруға хақысы бар еді, бірақ Олжас пен Шыңғыс алдарындағы ұлттық мүдделерден аттап өте алмайтын. Жас жазушы мен ақын да өз республикарының кино ісіне жаңа леп, жаңа бағыт, жаңа серпін әкелді.

О. Сүлейменов келген бойда ең бірінші кезекте «Қазақфильмнің» қарғыс атқан мәселесі сценарийлік «аштықты» жоюға, онсызда аз сценарийлердің кемшілігін түзеуге, оларға кинематографиялық сипат беруге қызу кірісіп кетті. Нақ осы жылдары С. Қожықовтың «Қыз Жібегі», Ш. Аймановтың «Атамекені» мен «Атаманның ақыры», А. Қарсақбаевтың «Менің атым Қожа», М. Бегалинның «Тұлпардың ізі», «Мәншүк туралы әні», Ш. Бейсенбаевтың «Бәйшешектер гүлдейтін жері», Б. Шамшиев пен А. Әшімовтың «Қараш-қараш оқиғасы», «Көксерегі» т.б. шығарылып, қазақ киносына жаңа серпін әкелді. «Өзі жазған «Көгілдір сапар» сценарийі бойынша режиссер Ш. Байтенов түсіргелі жатқан фильмнің дайындық жұмыстарына араласты. Жазушы Зейін Шашкиннің романы бойынша Абдолла Қарсақбаев түсіруге дайындалып жатқан «Қилы кезең» сценарийін төрт күннің ішінде қайта жазып шықты. Шынында да аз тер төгілген жоқ. Күн мен түн ауысып, киносценарийлерге түзетілер еңгізуден басқа да мойын бұруға мұрша болмайтын кездері еді» [4] - дейді Камал Смайлов.

Ш. Айманов, А. Қарсақбаев, М. Бегалин, А. Сүлейменов, С. Қожықов, Ш. Бейсенбаев, Ж. Бәйтенов және т.б. тұратын және мінездері де аса күрделі кино өнері ұжымдарындағы моральдық психологиялық ахуалды жақсартуда, шығармашылық келбеттерді жетілдіруде, ұжымдық күшті топтастыруда О. Сүлейменовтің ұйымдастырушылық қасиеті де жарқын қырынан көрінді. Киностудия директоры Қамал Смаилов екеуі бірін-бірі толықтырып отырды. «Қыз Жібек» фильмін шығаруда төгілген терді К. Смаилов былай деп еске алады:«...Фильм түсірілер кезде кинорежиссер Сұлтан Қожықов республикамыздың түкпір-түкпірін шарлап жүріп осы дұрыс-ау дейтін жиырмаға жуық ер-тұрмандарды тауып әкелгені бар. Соның ішінде күміс жүгенді құранды ер көздің жауын алушы еді. Сөйтсек, бұл ақын О. Сүлейменовтің Алматы облысындағы ауылдарының бірінен сатып алып, үйіне экзотика ретінде қойып қойған «коллекциясы» болып шықты. Фильмде ол Құман Тастанбековке бұйырды. Қазір елдің аталмыш кинодағы Төлеген мінген ат үстінен көріп жүрген айшықты ер, сол Олжекеңнің дүниесі» [5, 54 б.].

«60-жылдары біз қазақ киносындағы жаңа қаһарман үшін күрестік. Белсенді әрі жарқын да іскер адам үшін күрестік - дейді О. Сүлейменовтің өзі. - Дәстүрге айналған, автордың таяныш балдағынсыз өмір сүруге қауқарсыз, әлжуаз да, жалтақ кейіпкерлердің стереотиптерін бұзу керек болды. «Қыз Жібекті» дайындау үстінде қандай дау-дамайлардың болғаны есімде. Бекежан рөліндегі Асанәлі Әшімовтің темпераментін ашу, Құман Тастанбековке серпін беру қаншалықты күшке түсті. «Қыз Жібектен» кейін бізде жаңа Асанәлі пайда болып, «Атаманның ақырында» орныға түсті, ал «Транссібір экспрессінде» танымастай кемеліне келді, оны жиі түсіре бастады» [6, 21 п.].

Кез келген кеңестік ұжымдарда қалыптасқан қатаң талаптар шеңберінен шықпау, билік өкілдері алдында тайсалу, үлкен бедел иелерінің алдында имену, көңілжықпастық дәстүрлері өнер ұжымдарына да тән болып, нағыз шығармашылық атмосфераның орнығуына үлкен кедергі келтіріп жататын. Бұған жекеленген Өнер қайраткерлерінің тоқмейілсу дерті қосылып, қиындықтар тудырып отырды. Бұл дәстүрлердің барлығы О. Сүлейменовке жат еді. Кинодағы қадамын сәтті бастаған О. Сүлейменов табыстарына тоқмейілсімей, 1969 жылдың 15 қаңтарында республика кино шеберлерінің шығармашылық теориялық конференциясында сөйлеген сөзінде қазақ киносының мәселелеріне қатысты дабыл қағады. Қазақ киносының қалыптасуы, жүріп өткен жолдары мен бүгінгі жағдайына және болашағына терең талдау жасалғандықтан бұл сөздерді бағдарламалық сипаттағы баяндама деп атауға болар еді. «Көрермендердің жан–дүниесін баурап алатын идеология туралы жалаң сөздер емес.... Мұндай дақпырт сөздерді сіздер экранға жаза алмайсыздар. Оны жазатын экранға шығатын кейіпкерлер. Бұл өнердің заңы..... Экран бұл - ринг. Онда Феллини мен Қарсақбаевтың, Де Сика мен Аймановтың құқықтары бірдей. Өнерде генералдар жоқ. Өнерде барлығы да сарбаздар. Бұл сіздердің саналарыңызға жеткен де ғана кімнің дұрыс екенін түсінесіздер. Қай аттың мәреге бірінші болып келетіні, оның міндетті түрде алтын әбзелді болуы шарт емес. Мұндай заңдылық бар, бірақ біз оны көруге тырыспаймыз. Бұл біздің өнердің түбіне жететін нәрсе» [3, 103-104 п.].

О. Сүлейменов казақ киносында ең бірінші кезекте шығармашылық атмосфераны қалыптастыруды басты міндетім деп санағандай. Шығармашылық тартыс, жанжалдардан қорықпай, беделді қайраткерлермен шиеленіске бару үлкен батылдықты талап ететін. Аталған конференцияда сын садағын қазақ киносының негізін қалаушы, көрнекті режиссер Ш.Аймановқа қарай бағыттай отырып О. Сүлейменов: «Біз жанжалдасуға дейін, айтыс-тартыстарға дейін өстік. Шын мәнісінде қазақ кино өнері деген әлі жоқ, біз соған жақындап келе жатырмыз. Сіз көркемдік жетекші ретінде қанша жас маман даярладыңыз? Сіздің съезде не айтатыныңызды мен білмеймін. Сіз менің экстремистік дүрсе қоя беретінімді, әрине, жақтырмайсыз. Мен оларды сізді ұнатпағандықтан емес, қайта керісінше, сізді іш тартатындықтан айтып отырмын. Мен бұл әңгіме, біздің кино сыншыларымыз арқылы жалғасын табу керек деп есептеймін. Ал біздің жалғыз ғылым кандидаты, киносыншымыз (Қ. Сирановты айтып отыр - Д.С.) телефон кітапшасын алғандай «А» әрпімен бастайды да сізге жүгініп сілтеме жасаудан аса алмайды. Сіздің міндетіңіз бедел иелерінің кем–кетігін жамап жасқау емес, өнерге көмектесу. Желбуаз бедел дегенді бұзып отыру керек, сонда ғана жастар өсіп жетіледі» [3, 107-108 п.].

О. Сүлейменов жастардың өз мүмкіндіктерін көрсетуіне мүмкіндік бермей отырған себептердің бірі ретінде, олардың тәжірибе жасауға, тәуекелге баруына кедергі болып отырған өнердің табиғатын түсінбеушілікті, бюрократиялық кедергілер мен тым идеологиялық сақтықты, шығармашылық және кәсіби шектеулілікті немесе жәй ғана енжарлықты, берекесіздікті бет-жүзің бар демей өткір түйреп өтеді. «Демек, шығармашылық атмосферасы жоқ, тамаша таланттардың ұрығы өсіп өнетін құнарлы қара топырақ жоқ, демек қанатты кеңге жаюға мүмкіндік бермейтін құрсау-төбе құрылған. Ал өнер дегеніміз қашанда - самғау ғой. Біз құрсау төбе құрып отырғандарды білуіміз керек. Өз пікірін білдіре білу жаман деп айтатын кім? Өз пікірін айта білу - бұл әліппе, бұл - онсыз өнер өмір сүре алмайтындай - ауа. Өнер мен әдебиет қашан да энтузиасттардың, күн көріс үшін емес, қызмет еткісі келетін адамдардың есебінен өмір сүреді ... Тәжірибе жасау керек. Сынақ тәжірибе, экспериментсіз өнер өмір сүре алмайды да, өнердің тілі аймақтық диалект болып қалады» [3, 105 п.].

Бұдан әрі ақын киностудияда қалыптасқан кеселді практика - өнердегі жоспарлылыққа қарсы шығады. Міндетті түрде жылына белгілі бір фильмдер көлемін шығару “кинофильм” киностудиясының өнімдеріне жауапты қарауға мүмкіндік бермейтін. Бірақ , оны ресми трибуналардан айтуға ешкімнің батылы бара қоймайтын, оның үстіне жоспарлылық сапасыз болса да, атқарылып жатқан жұмыстар туралы есеп беріп, ақталуға мүмкіндік беретін. «Мен біздің студия: фильм-жоспарға нұқсаны тиетіндей етіп, өнер-фильмге деген өзінің қатынасын қайта қарауға міндетті деп есептеймін,- дейді О. Сүлейменов. - Біз жанжалға, нағыз үлкен айтыс-тартысқа дейін өстік. Бізге мақтануға, съездік салтанатты барабандарды соғуға ерте. Шын мәнінде қазақ кино өнері жоқ, біз оған жақындап келе жатырмыз. Міне, Хайдаровты (режис. Д.С.) мақтауға мәжбүрміз, бұл біздің жұтаңдығымыздан, ол да мұны түсінеді» [3. 107 п.].

1969 жылдың 23 қаңтарында көптен күтілген Қазақстан Кинематографистерінің II съезі өтті. Одақ төрағасы Ш. Айманов қазақ киносының проблемалары мен алдағы міндеттеріне қатысты білікті талдау жүргізді. Салыстырмалы түрде жетістіктер де жоқ емес еді. «Ана туралы аңыз», «Атамекен» Қазақ ССР-і мемлекеттік сыйлықтарына ие болды. «Тақиялы періште», «Артымызда Москва» фильмдері көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Н. Жантөрин, Ы. Ноғайбаев, Ф. Шарипова, А. Әшімов, Ә. Молдабеков сияқты талантты кино актерлер өсіп жетілді. Режиссер А. Хайдаров тұңғыш қазақ мультипликациялық фильмдер: «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?», «Ақсақ құланды» түсірді.

Алайда «Социалистік Қазақстан», «Лениншіл жас», «Огни Алатау», «Вечерняя Алма-ата», «Казахстанская правда» газеттеріндегі ресми мақалаларды айтпағанда, Қазақстан мен Алматы жұртшылығы үшін кинемотогрофистері съезі үлкен қызығушылық тудыра алмады. Өнердегі әріптестерінің съезінде бірде бір суретші, жазушы, композитор және студенттердің болмауы - соның куәсі. Кино сияқты бұқаралық өнер қайраткерлерінің съезі республика қоғамдық жұртшылығының үлкен қызығушылығын туғызуы керек еді. Басқа кеңестік одақтас республикаларды айтпағанда көрші Қырғызстанға қарағанда да қалыптасқан ахуал өте сүреңсіз тұғын. Соған қарамастан съезд барынша жаймашуақ және мамыражай жағдайда өтіп жатты. Тыныштықты бұзып оған жаңа серпін берген тағы да О. Сүлейменовтің сөздері болды. Әсіресе, сценарий жазу тәжірибелеріне сүйене отырып О. Сүлейменов Мәскеулік және Қазақстандық сценарийлер дайындау практикасын өткір сынға алады. «Мен сценарий жазған едім. Сонан соң, тәжірибесі мол, аға буын достардың мұқият назар аударған дәуірі басталды, -дейді өз тәжірибесінен О. Сүлейменов: - Алғашында маған кеңестер берілді. Жаңа іс, жолдастар менен жақсы түсінеді деп есептеп мен барлық кеңестерге құлақ түрдім. Кейіннен қамқоршылардың тобы кеңейе түсті, бұл топқа комитет те кірді, ал сонан соң бұл топқа Москвалық жазушылар да кіре бастады. Менің шығармашылық намысыма тиген осыншалықты қорлықтардан кейін ғана мен Сүлейменовтің бойындағы сценарийстің қаншалықты дәйектілікпен және салқынқандылықпен өлтіріліп жатқанын ұғындым... Мен сценарийді өлтіру үшін - жас сценарийстпен бірте-бірте, қажырлылықпен және дәл атқарылып жатқан жұмыстарды көрдім» [7, 168-170 п.].

Бұдан әрі қарай Олжас Сүлейменов Мәскеулік жолдастармен Қазақстан кинематографистері арасындағы сырт көзге байқалмайтын кірпияз да нәзік, тең емес қатынастарды да көре біліп, жұртшылықтан жасырмайды. Мұны есту съезге қатысып отырған мәскеулік өкілдер мен жергілікті идеология хатшылары үшін де жәйсіз еді. «Маған сценарий істері бойынша Мәскеуге жиі баруға тура келеді. Ондағы «Қазақфильм»-нің премьераларын және Мәскеу қайраткерлерінің біздің республика шамшырақтарына, атап айтқанда Шәкен (Айманов - Д.С.) мен Мәжитке (Бегалин - Д.С.) деген әкелік қамқорлықты қатынастарын көрген кезде (оларды жақсы көреді, мен де жақсы көремін) мен ұяламын, мен үшін сүйкімсіз нәрсе. Өйткені олар, - бұларды бәсекелес ретінде сезінбейді, толыққанды маман адамға санамайды. Мұндай махаббат пен әкелік қамқорлық біздің намысымызға тиюі керек, әйтпесе мұндай жоғарыдан мүсіркеушілікпен сүю жалғаса бермек» [7, 173 п.].

О. Сүлейменовтің ойынша біздің фильмдердің деңгейі қара дүрсін үгіт-насихаттық деңгейден аса алмай жатыр, ал көркем фильмдер «үгіт насихаттың қылшықты арқандарының тұтқынына түскісі келмейді. Ал бізде әрбір фильмдерден тікелей сүйкімді, партиялық сөздер естіледі де тұрады..... «Қазақфильм» әзірге жоқ. «Қазақфильм» дүниеге келеді деген үміті ғана бар. «Қазақфильмнің» даму кезеңдері болған да жоқ. 1960 жылы шыққан фильмдердің, 1930 жылдары қазақ киносының басында шығарылған фильмдерден айырмашылығы жоқ. Мен солай деп санаймын. Қазір кезең пайда болды» [7, 173-174 п.] - деп есептейді. Ақын «Қазақфильмнің» дүниеге келуі, дамуы және қалыптасуы кезеңінің ұзаққа созылғанын меңзеп отыр, яғни 60-70 жылдар тоғысында ғана қазақ киносының қалыптасуы аяқталды.

1966 жылы өзі сценарийін жазған «Атамекен» көркемсуретті фильмі жоғары сыйлықтар алып жатқанына қарамастан О. Сүлейменов өзіне және республикалық өнер ұжымдарының қызметіне деген сыни көзқарастардан танбайды. Шынында да оның сценарийі сонылығымен көзге түседі. Мұнда кеңестік қарадүрсін үгіт, жарнамалық дидактика жоқ. Сценарийдің идеясы бірте-бірте ашыла түсіп, негізгі кейпкерлердің ойлары мен іс-әрекеттері арқылы кеңейе түседі. Сценарийде психологиялық, аналитикалық сарын басым. Әдеби формасы да кіршіксіз. Камал Смайловтың айтуынша: «60 жылдардың 2 жартысында О. Сүлейменовпен бірге Ә. Тарази, К. Ысқақов сияқты кәсіпқой киносценарийшілердің келуімен, кәсіптік қазақ кинодраматургиясы өзін бекем сезіне бастады. Ақын О. Сүлейменов кинодраматургияда жеңіл мазмұнды көңіл - күйлік кино сәнге айналған кезде келген еді. Оның «Атамекенінің» сценарийі үздік әдеби сценарий деп мойындалып, Аймақтық фестивальда бірінші сыйлықты жеңіп алды» [8, 201-202 б.]. Ш. Аймановтың айтуынша, «Атамекен» фильмінің сценарийі жарқын поэтикалық формадағы терең ойлы, қиял мен жасампаздыққа тәжірибе жасап көруге негіз болған туынды. «Атамекен» фильмі көрермендер мен мамандардың ыстық ықыласына бөленіп, 1966 жылы Душанбе қаласында өткен Орта Азия мен Қазақстан Республикаларының аймақтық ІV кинефестивалінің бас жүлдесі - «Тау хрусталін» жеңіп алды және О. Сүлейменовтың сценарийі үздік сценарий болып табылды. Фильм туралы КОКП Орталық комитетінің басты органы «Правда» газеті: «Біздің көп уақытты киномыздың ізденістерінде Қазақфильмнің бұл туындысы алынған тақырыптың тереңдігі, сондай-ақ оның шығармашылық шешімі жағынан да сөзсіз сәтті шыққан» [9] - деп жазды. Шынында да «О. Сүлейменовтің заманауи ақындық көзқарасының Ш. Айманов режиссурасының азаматтығымен С. Өмірзақовтың психологизмі мен өмірлік даналылығымен ұштасуы, майдандарда қаза тапқан әкелеріміздің, ағаларымыздың, ұлдарымыздың тұла бойымызды селт еткізген естелігіне, көпұлтты Отанымыздың ұлылығына, кеңес адамдарының бауырластық туыстығына толы фильмдерді дүниеге келтірген еді» [8, 163 б.]. 1966 жылы Майндағы Франкфурт қаласында өткен халықаралық кинофестивальда үздік режиссерлік шешімі үшін фильм арнайы дипломмен марапатталса, 1968 жылы Қазақ ССР-і мемлекеттік сыйлығына ұсынылды, басты рөлді сомдаған актер Е. Өмірзақов та мемлекеттік сыйлықтың иегері атанды. Сондай-ақ, осы жылы Ленинград қаласында өткен ІІІ Бүкілодақтық кинофестивальда ерлердің рөлін үздік орындағаны үшін Е. Өмірзақовқа екінші сыйлық берілді.

1966 жылы «Ата мекеннен» бөлек, сценарийін О. Сүлейменов жазған (реж. А. Машанов, операторы М. Дуганов) «Ойдың сақталу заңы бойынша» түсірілген көпшілік фильмі де республикадағы құжаттық фильмдер ішіндегі елеулі оқиға болды. Картинаның ырғағы, жанры, бейнелеу шешімдері Сүлейменов поэзиясына толы болды. Фильмнің режиссері де ақынмен бірге өткен мен бүгіннің оқиғаларының ортақ сырына үңіледі. Фильм шығармашылықпен ойлай білудегі құжатты фильмдердің үлкен мүмкіндігі бар екенін көрсетті. Осы жылы шығарылған «Сиыр белгісінің тарихы» да (реж. Ю. Мингазитинов) сәтті шыққан республикалық құжатты фильмдер тізімін көбейте түсті. Фильмде алғашқы жазу белгісінің шығуы поэтикалық формада беріледі. Алғашқы белгінің иероглифтер және әртүрлі халықтардың құдайлық символдары сиыр белгісімен байланысы жайлы болжам айтылады. 1968 жылы О. Сүлейменов «Көгілдір маршрут» көркем фильмінің сценарийін жазып шығарып, оның басты қаһарманының негізгі қағидасы «өзіңдегі жақсы қасиеттерден айырылма, жаман қасиеттерді бойыңа сіңірме» болды. Фильм Маңғыстау өлкесіне өндірістік практикасын өтеуге келген студент геологтың алғашқы еңбек тәжірибиелері, қиындықтары жайлы. «Қыс - далалық маусым емес» телевизиялық фильмінде де (реж. Ю. Пискунов) негізгі оқиға жас геолотардың моральдық адамгершілік қалыптасуы, қоғам мен табиғат алдындағы жауапкершілігі төңірегінде өрбіледі. 1971 жылы шыққан «Қыс - далалық маусым емес» телефильмі, 1974 жылғы «Қош болыңдар, сәйгүліктер», 1977 жылғы «Мұхтар Әуезов туралы сөз», 1978 жылғы «Сөздің өлмейтіндігі», хроникалді кұжатты фильмдері «Қазақфильм»нің дағдарыстан шығуына сөзсіз септігін тигізген туындылар болды. О. Сүлейменовтің кинодағы шығармашылығына арналған республикалық және одақтық басылымдардағы жылы лебіздердің легі оның айғағы болса керек [10].

Бұл жылдары О. Сүлейменовтің қазақ киносының негізін қалаушылардың бірі Ш. Аймановпен қоян қолтық жұмыс істеуі нағыз кәсіпқой мамандардың шығармашылық және адамгершілік тағылым мектебі болып, жас киногерлер үшін үлгі болды. Тұрмыс пен қызметте достар, шығармашылықта сындарлы да, жемісті аяусыз оппонеттер.Бұған жас айырмашылықтарын қосыңыз. Соған, қарамастан киностудияның көркемдік кеңестерінде, кинематографистер одағының Пленумдары мен сьездерінде О. Сүлейменовтің, - Ш. Аймановтың беделінен тайсалмай өткір сынға алуы, батылдық әрі сеңді бұзу еді. Ал сындарды Ш. Аймановтың қабылдау-қабылдамауы - биік мәдениеттіліктің тағылымы. О. Сүлейменовтің өз сөзімен айтқанда: - «Ол киностудияның көркемдік жетекшісі, ал мен бас редактор болып жүргенде, біз көркемдік кеңесте күнде дерлік ұрысатынбыз. Мен оның көп пікірлерімен келіспей қалам, қарсы шығамын. Ол да айтқанында тұра алатын. Ал сондай кеңірдек жыртқан талқылаудан кейін (жұрт енді бұлар бірін-бірі көрмес деп ойлап қалған сәттер де) Шәкен менің қасыма келіп, түнде өз үйінде отырып бастаған екеуара әңгімені ештеңе болмағандай әрі қарай жалғастырып жүре беретін. Ол нағыз жолдас, дос бола білетін адам еді. Небір қиян-кескі айтыс-тартыстардан кейін де сол қалпынан айнымайтын, біздің арамызда ондай ащы да ашық сөзге ренжімей, ашуланбай, қарсыласын ақырына дейін тыңдай білетін адамдар да аз ғой. Ол қандай ғажап артист еді. Қандай тамаша режиссер болатын. Бәрі де ойдағыдай шыға берген жоқ. Ол өне бойы ойланумен, ізденумен жүретін. Міне сол ізденіс, ұмтылыс нәтижесінде екінші тыныс тауып, өзінің ең таңдаулы фильмі - «Атаманның ақырын» қойып шықты [4].

1969 жылдың аяғы - 1971 жылдары негізінен жеке шығармашылықпен айналысқан О. Сүлейменов 1980 жылдың 12 маусымында Қазақстан кинематографистер одағының бірінші хатшылығына сайланса, 1981 жылы кинематографиялық істер бойынша Қазақ ССР-і мемлекеттік комитетінің төрағасы қызметіне тағайындалып, бұл жолы үлкен чиновник ретінде екінші рет қайтып оралды. Бұл қызметін 1983 жылдың соңына дейін атқарды. Алайда О. Сүлейменов өзінің алдында тұрған міндетін бірден нақтылап алады: - «Мен, республиканың кино істері жөніндегі төрағалық қызметіне, тек өндірістік көрcеткіштерді орындауды талап ететін әкімгер ретінде емес, шығармашылық жоспарларды орындауды талап ететін көркемдік әкімгер ретінде келдім. Басқаша болса, менің бұл креслода отыруым мағынасынан айырылған болар еді. Айта кетейін, нағыз суреткерлермен біз бірден тіл табыстық, сөйтіп ортақ күш жұмсай отырып жинақы, шығармашылық бітіспес, бір-бірімізге талапшыл ахуал орнаттық. Бұл шығармашылық қызметкерлерінің жауапкершілік өлшемін арттырды. Өздерінің істеріне деген қатынастарын қатаңдатып, іштей тәртіпке салады...Бәрінен бұрынғы міндетіміз - «Қазақфильм» маркасының мәртебесін бүкілодақтық деңгейге көтеру. Минимум бағдарламамыз осы» [11, 48 б.].

Сонымен, О. Сүлейменов өзінің басты міндеті ретінде көркем өнердегі әміршілдік-әкімшілікпен күресті таңдап алды. Барлық шығармашылықтарда сияқты кинематографиядағы табыстарды да азаматтық және шығармашылық бастамашылдықтан бөліп алуға болмайды. Қазақ киносын дамыту үшін нақты не істеу керек еді? «Штаттық сценарист және бас редактор ретіндегі 5 жылдық жұмысым мені: бізге режиссер керек деген тұжырымға алып келді... Шабыт беретін, кемелдендіретін тұлға, данышпан керек, - дейді О. Сүлейменов. - Осы данышпанды күтумен он жыл өтті. Данышпан пайда болған жоқ. Ал режиссерлар мен сценарийстер екі есе көбейді. Бір бес жылдықтың ішінде, 1976 жылы 16 кинодраматург болса, 1980 жылға қарай олардың саны 23 жетті. Дипломды режиссер қоюшылар 30 болса, бүгінде 56. Сан жағынан өсу көзге көрініп тұр. Марапатталу жағынан да кенде емеспіз» [6, 76 п.]. Шынында да өз тарапымыздан қосарымыз қазақ режиссурасындағы Ш.Аймановтың орны әлі күнге дейін үңірейіп тұр. Дегенмен, сандық өсу сапалық көрсеткіштермен анық сәйкес келмейтін, бірақ кәсіби киноактерлар саны едәуір қалыптасқан кез. Сондықтан О. Сүлейменов оқу орындары арқылы жас мамандарды даярлау ісіне айрықша ден қояды. О. Сүлейменовтің Мәскеудегі жолдастар арасындағы биік беделі көптеген ұйымдастырушылық және өндірістік мәселелерді сапалы және нәтижелі шешуге мүмкіндіктер берді. Танымал ғалым Мұрат Әуезов кино ісіне тартылды. «Біз одақта режиссерлар дайындайтын мектепті жолға қойдық. Өзім жастармен айналыстым. Істің жақсы жүргені сондай Қонаев кинематография бойынша Мемлекеттік комитетті басқаруды ұсынды. Мен финанс-қаражат мәселелерінен ештеңе түсінбеймін деп жауап бердім, - ал ол кезде киноға қомақты қаражаттар бөлінетін. Мемлекеттік кино жүйесінде 17 мың адам жұмыс істеді, олар - киностудиялар, кинотеатрлар, жиһаз фабрикалары, жөндеу зауыттары. Біз жылына 300 млн. көрерменге қызмет көрсеттік. Бірақ Димаш Ахметұлы кинематографистер одағындағы біз өрбіткен дұрыс идеялар фильмдерде жүзеге асқанын қалады, - дейді О. Сүлейменов, - Мен мемлекеттік кино комитетінде жұмыс істеген жылдары, біз өндірістік базаны нығайттық және бастысы – қазақ киносының жаңа толқынын жасаған кинорежиссерлар шоғырын дайындадық. Бұлар Сәкен, Талғат, Ардақ, Абай және европалық деңгейдегі бірнеше режиссерлар» [12, 319-320 б.].

1977 жылдан бастап ойындық кинода қысқаметражды фильмдерімен 25 жас режиссер дебюттік еңбектерімен көрінді. Бірақ олардың барлығы бірдей режиссер-қоюшы сынағынан өте алған жоқ. Ол ол ма ВГИК-нің кейбір түлектері өздерінің мамандарықтарын нашар игергендігін көрсетті. 1980 жылдан бастап Алматы көркем сурет училищесінің базасында суретші-мультипликаторлар даярлайтын екі курс ашылды. Оның барлығы республикадағы мультипликациялық фильмдерді шығарудың санын баяу да болса, арттыруға мүмкіндік берді. Республикалық кино комитеті 1981 жылдан қазақ кино өнерін бүкіл Одақтық экранда лайықты көрсетуге қабілетті көркем, құжатты және мультипликациялық кинодағы жаңа есімдерді дайындаумен қажырлылықпен айналысты. 1983 жылы Жоғарғы режиссерлік курсының түлектері Ә. Тәжібаев («Ұзақ құс жолы»), С. Жармұхамедов («Кінәңді өте») және Л. Сон («Өгей әке»), Б. Омаров («Ай астындағы үй») өздерінің толық метражды фильмдерін аяқтады. Сондай-ақ режиссерлер Ә. Сулеева («Орынбасардың әндері»), («Мәңгілікке бес қадам»), С. Азимов («Интервал», «Ұлдар») және кинооператорлар Т. Гидт, Н. Райсов және басқалар өздерін жақсы қырынан танытты. Мемлекеттік кино комитеті жас кинематографистердің жұмыстарына деген қоғамдық қызығушылықты арттыру бағытында да көптеген жұмыстар атқарды. 1983 жылы мемлекеттік кино комитеті мен кинематографистер одағы тұңғыш рет қысқа метражды фильмдердің республикалық «Бастау» байқау-конкурсын өткізді. Байқауға Орта Азия мен басқа да республикалардың жас кинематографистері қатысты. Бұл жанрдағы соңғы екі жылдың үздік жеңімпаздары болып Е. Шынарбаевтың («Қаралы Сұлу»), Е. Бекмахановтың («Сапардың құдығы»), М. Васильевтің («Жорғаның талисманы»), Л. Аранышеваның («Қатардағы жауынгер Прохоров»), С. Азимовтың («Интервал»), Ә. Сүлееваның («Мәңгілікке дейінгі бес қадам») еңбектері танылды. Кино комитетінің және кинематографтардың даярлау бағытындағы жұмыстардың құрамдас бөлігін олардың тұрмыстық жағдайын, ең бірінші кезекте баспанамен қамтамасыз ету мәселесі құрады. 1978-1983 жылдары жас мамандардың 19-ы пәтермен қамтамасыз етілсе, 37-не «Қазақфильмнің» жатақханаларынан орын берілді. Бұл кеңестік Қазақстан жағдайында үлкен көрсеткіш еді. Сондай-ақ, жоғарғы режиссерлік курстарға оқуға жіберілетіндердің ішінде кездейсоқ адамдар болмас үшін арнаулы іріктеу конкурсы ұйымдастырылып, 1984-1985 оқу жылына 10 адам іріктелініп алынды [13, 1-7 п.]. Осы бағыттағы жұмыстарын қанағат сезіммен атай келе О. Сүлейменов: «Менің еңбегім сонда ғана, мен талантты жігіттерді белгілі Мәскеу режиссерларына дер кезінде орналастырдым, олар онда өздерін қалыптастырғанынша жақсы кәсіптік мектептен өтті. Демек, дегенмен де мен бір нәрсені атқарып салуға үлгірдім» деп атап көрсетеді [14, 356 б.].

Бұл жылдары О. Сүлейменов қазақ киносының материалдық базасын нығайтумен бірге мүмкіндіктерді кеңейту және көтеру үшін де мейлінше аянбай еңбек етті. Оның 1980 жылы Қазақстан кинематографисттерінің пленумында және 1981 жылы өткен ІV съезінде «Кейіпкер немесе көрермен» тақырыбында жасаған баяндамалары теориялық және практикалық ізденістерге, республика кинематографиясындағы жаңа сөздерге, тоқмейілсушілікке емес, азаматтық мазасыздыққа толы болды. «Біз кино тақырыптарын жаһандық және моральдық тұрмыстық, яғни мәні аздау тақырыптарға бөлуге дағдыланғанбыз. Бірақ, әлемдік мәдениет тәжірибелерінен туындайтын өнердің ережелері - қалыптасқан бұл стереотиптерді жоққа шығарады. Өндіруші тақырыбының көлемі, оның маңызы - Тұлғаның ауқымдылығына, орындаушылық биігіне байланысты. Ұсақ тақырып жоқ, ұсақ авторлар бар, оларды ешқандай жаһандық сюжет ұлы етуге дәрменсіз» [15, 1 п.].

Ақын-сценарийстердің аты бар да, заты жоқ екенін ашық айтады. Бұрынғысынша қазақ жазушылары мен ақындары бұл салаға баяу тартылды немесе олардың көпшілігі бұған құлықты болған жоқ. Ал оқу бітіріп келгендерге төзімділік, шеберлік ізденіс жетіспеді, оларды тәрбиелеу мен тәлімгерлік жасаумен ешкім айналысқан жоқ. Екі жаққа да шығармашылық енжарлық тән болды. «Біздің жазушылар мен кинематографисттердің еңбектерін бақылай отырып ауыр ойға шомасың - егер біз өзіміз, авторлар, бос-белбеу, солғын және жалқау болсақ, біздің өндірушілеріміз белсенді адамды, адам бойындағы ең жақсы қасиеттер үшін күресушіні тәрбиелеуге тиісті азаматтық функциясын қайтіп орындамақ. Біздің қаһармандарымыз да бізге ұқсас. Күрессіз және еңбексіз қайтіп қаһарман болуға болады?.. Бірде бір сценарийсті біз дайындаған жоқпыз, олар дайын күйінде келді және сол қалпымен кеткен тәрізді» [15, 2-4 п.].

Формальды түрде құжатты кинода сандық ілгерілеудің болғанына қарамастан, О. Сүлейменов - Байқоңыр-ғарыш айлағы туралы республика киноқұжатшыларының әлі күнге дейін бірде бір құжатты фильм шығармауын аяусыз сынайды. Мәселе тек әкімшілік себептер де емес қарапайым құнтсыздықта, ашық айтқанда енжарлық пен керітартпалық та еді. Жас режиссер Р. Нұғманов қана Байқоңырға баруға қызығушылық танытып,Орталық құжатты фильмдер студиясына телефон шалады. Бірақ ондағы қарапайым кезекші «Байқоңырды түсіретін арнайы топ бар. Сізге керек нәрсені солар түсіріп салып жібереді» деген мазмұнды биресми жауап береді. Бүкіл қазақ құжатты фильм өкілдерінің бұл бағыттағы «жұмыстары» осымен аяқталады. Бұл жағдай Олжастың зығырданын қайнатады. «Тақырыпқа деген біздің «қастандығымыз» осы әңгімемен шектелген. Біздің құжатшыларға деген құрмет те, - дейді О. Сүлейменов - Бүгінде онда барлығы болған, Украин киноқұжатшылары да, Беларустар да. Тек біздікі жоқ. Бұл тақырыппен біз шықсақ, ешкім кедергі жасамас еді ғой... Егер біз өте түсіргімсіз келсе, ұялмасақ, ал керісінше талап етсек, Байқоңырды, ұшқанды, қонғанды, дайындықты, жердегі кездесулерді түсіруге бізге ешкім кедергі жасамас еді. Егер Байқоңыр Латвияда немесе Өзбекстанда немесе Қырғызстанда яғни құжатшылар белсенді жұмыс істейтін жерлерде болса, қайтер еді деп елестеттім. Олар ойынды фильм түсіріп үлгіріп, оның басты қаһарманы өзбек ғарышкері, үш мәрте батыр болар еді. Кім біледі осындай іс-әрекеттен кейін өзбек ғарышқа ұшар ма еді. Байқоңыр айлағы, қазір кино үшін ашық, тіпті американ операторлары, болгарлар, вьетнамдықтар болған, тек біздікі жоқ. Өйткені жұмысқа шалағай қарайтындар ешуақытта рухтандыратын дүние түсіре алмайды» [6, 15-17 п.].

80 жылдардың басында қазақ киносының басшылығында О. Сүлейменов сынды барлық жағынан да беделді тұлға тұрғанымен кино ісіндегі режиссерлар тобының, тұлға-режиссердің болмауы айқын сезілді. Қазақ киносындағы қордаланған проблемалар көрінді. Ақынның кино саласындағы қысқа мерзім ішіндегі ізгі істері болашақта жемісін сөзсіз берді. Бірақ нақ 80 жылдардың басындағы қазақ киносының беделі одақта төмен күйінде қалып қойды. 1981 жылдың 7-8 сәуірінде өткен Қазақстан кинематографистерінің IY съезінде бұл кемшіліктер мен олқылықтар жан-жақты талқыланып жаңа межелер белгіленді. Атап айтқанда, сапалы жас мамандар даярлауға айрықша пәрмен берілді. Мұны өзінің ісіне қашан да сыни қарауға дағдыланған ақын да мойындайды. 1982 жылы О. Сүлейменов: «Киношылардың кезекті өткен кеңесінде Одақтық кинофикацияның, жауапты бір қызметкерінің, біздің республикамызда көрермендер санының көрсеткіші өте жоғары екенін айта келіп, бірақ та кинофильм шығаруда оның сапасы жөнінде ең соңғы орында дегені бар. Бұл дұрыс айтылған пікірді былай түзете кеткен орынды. Фильм шығаруда артта қалған Қазақстан емес, мына біздер. Қазақфильм киноматографистері деген жөн. Бұл арада республикалардың атына кір жұқтырудың ешбір орны жоқ. Барлық кінә біздің кинематографисттердің жүктелген міндетті ойдағыдай орындаудағы орашолақтығынан туып отыр. Республикамызда творчестволық жұмыс істеуге барынша жағдай жасалған. Алайда, оның қайтарымы өз дәрежесінде болмай келеді» [16, 2 б.].

Жауапты, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдастырушылық қызметтер ақынның көп уақытын алғанымен, О. Сүлейменов бұл жылдары кинодағы жеке шығармашылық белсенділігін бір сәтке болса да бәсеңдеткен емес. Ол жастарға үлгі және тірек бола білді. 1981 жылғы сценарийін О. Сүлейменов жазған «Ақырғы аманат» (режиссері Аманкелді Тәжібаев) фильмі отандық кинода елеулі оқиға болды. Онда кеңестік саясаттың құрбаны болып жат жерге кетуге мәжбүр болған адамдар тағдыры бейнеленді. Шын мәнісінде О. Сүлейменов астарлап болса да сол кездегі мүмкіндік шеңберінде «ақтаңдақтар» мәселесіне кино тілімен барған еді. Жалпы, сценарийлерін О. Сүлейменов жазған «Атамекен», «Ақырғы аманат» фильмдері - қазақ кино өнімдерінің тарихында өзіне лайықты бағасын әлі алған жоқ. Ол болашақ зерттеушілердің еншісінде болса керек. 1982 жылы сценарийлерін О. Сүлейменов жазған (реж. М. Даулбаев) «Вирунг баурайларында», «Мыңдаған төбе елдері» құжатты фильмдері көрермендерді Орталық Африканың Руанда елінің өткен тарихы мен бүгінгі күнімен таныстырса, 1984 жылы «Жастық заставасы» (реж. Ю. Пискунов) құжатты телефильмі Қазақстанның Шығыс шекаралық округі құрылуының 60-жылдығына орай шығарылды. Фильмде 30-жылдардағы округ заставасындағы жауынгерлердің күнделікті өмірі ұрпақтар сабақтастығы жайлы әңгімеленеді. Фильмде сол жылдары қызмет атқарған КОКП Орталық комитетінің Бас хатшысы К.У. Черненконың естеліктері келтірілді. Кейіннен қайта құру және Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында және әлі күнге дейін О. Сүлейменовке қарсы идеологиялық уәждердің бірі ретінде осы бір дәйек - О. Сүлейменов конформист болыпты-мыс деген мағынада қолданылып келеді. Бірақ, обьективті көзіқарақты қоғамдық пікірді бұған сендіру мүмкін емес. 1985 жылы ақын сценарийін жазған « Жеделтету бағытымен» құжатты фильмі (реж. Ю. Пискунов) Қазақстан халық шаруашылығын дамытудың негізгі бағыттарына арналды.

О. Сүлейменов 1984 жылы шыққан «Қазақ фильмінің» туындысы «Адамды қабыл алыңдар!» көркем суретті фильм сценарийінің авторы(реж. Л. Сон). Басты кейіпкер жұмысшы - Адамның тірлігі ебедейсіз, орашолақтау болғанымен онда басты адами қасиет бар. Демек, тұлға болып қалыптасуға әлі мүмкіндігі бар. Оның жұмыста да және өмірінде де сәтсіз қадамдар өте көп. Ол еңбек ұжымына да анасына деген құрмет сезімінің арқасында ғана қабылданады. Фильмде махаббат желісі де жақсы шешімін тапқан. Биік таулы жерлердегі монтаждау жұмыстарына қабылданған Адам сын сағатта өз биігінен көрініп, бұзылған қанатты жолды жөндеп, биік тауда қар көшкінінде қалып қойған шаңғышыларды құтқарып қалады. Фильм - жұмысшының тұлға, азамат болып қалыптасуы, тууы жайлы. 1988 жылы О. Сүлейменов поэзиясының мотивтері бойынша түсірілген «Балкон» фильмі (сценарийі Ш. Құсайынов, реж. Қ. Салықов) Қазақстан кинематографистерінің қайта құру жылдарындағы ең үздік туындыларының бірі болды. Фильмде 1950 жылдардың басындағы Алматы қаласының күнделікті көрініс - бояулары, жасөспірімнің өмір тарихы арқылы 50-жылдардағы бүкіл жас ұрпақтың тағдыры сомдалады. Басты қаһарман Айдардың - қылмыстық көше мен қылмыстық жүйе, қылмыстық өмір салтымен күресі шиеленіске толы. Жас адамның бойындағы табиғи биік адами қасиеттер, үлкендердің аярлығы, қатігездік пен адамның жанын жегідей жеген немқұрайлылық пен қорқақтықпен күреске түседі. Фильм 1980 жылы Мәскеуде өткен «Дебют» бүкілодақтық кинофестивалда арнайы жүлдені алса, осы жылы Ашхабад қаласында өткен орта Азия республикалары мен Қазақстан кинофестивалында «Фестивальдің үздік фильмі» жүлдесі мен дипломын алды.

1980-83 жылдары Қазақстан кинемотографистер Одағын, мемлекеттік кино комитетін О. Сүлейменов басқарған қысқа мерзім болашақ қазақ киносының жаңа толқынын даярлауда орасан зор рөл атқарды. Елімізде басталған қайта құру жылдарының дағдарысына қарамастан, қазақ киносының Одақ көлемінде өз орны болды және тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары жаңа жағдайдағы қазақ киносының жаңа бағыт бағдары, сипаты, мазмұны нақ осы жаңа толқын өкілдерінің қызметімен байланысты болды. Атап айтқанда, Рашид Нұғманов, Ардақ Әмірқұлов, Серік Апырымов, Абай Қарпықов, Дәріжан Өмірбаев, Талғат Теменов, Аяған Шажанбаев, Ермек Шынарбаев, Аманжол Айтуаров, Қалдыбай Әбенов, Амангелді Тәжібаев, Серік Жармұхамедов, Сатыпбалды Нарымбетов, Игор Вовнянко, Дәмір Манабаев, Әсия Сүлеева, Лейла Ақынжанова, Лаврентий Сон секілді режиссерлар, Смағұл Елубаев, Ләйла Ақынжанова, Бақыт Қилыбаев, Александр Баранов сияқты кинодраматургтер шоғыры нақ осы кезде пайда болды. Соңғы жылдары сансыз көп қоғамдық-мемлекеттік жұмыстарда, дипломаттық қызметтерде жүргенімен қазақ киносының жай-жапсары, тіршілік тынысы қашанда О. Сүлейменовтің назарында. Жаңа мыңжылдықтың басында ақын өзі пір тұтатын Махамбеттің өміріне арналған «Қызыл жусан» фильмінің сценарийін жазып шықты.

Сонымен, көп қырлы О. Сүлейменов шығармашылығының бір қырын қазақ киносы саласы құрады. Қазақ өнерінің құрамдас бөлімі - кино өнерінің дамуына, оның өзіндік бет-пішінін, бағыт бағдарын айқындауда елеулі ықпал жасай отырып, ақын жалпы қазақ мәдениетінің дамуына үлес қосты. Ақын қазақ кино өнерінің шешуші үш кезеңдерінің куәгері ғана емес, сол кезеңдердің бағыт-бағдарын айқындауға тікелей араласты. Бірінші кезең кино тарихшыларының айтуынша, оның «алтын ғасырының» өкілдері Ш. Айманов, М. Бегалин, С. Қожықов, А. Қарсақбаев, Ш. Бейсенбаев, Ә. Оразбаев және т.б. өздерінің ең таңдаулы туындыларын Қазақ киносының алтын қорына енгізді. Екінші кезең - Қазақ киносының «Жаңа толқынының» (атын өздері қойған) бағыт-бағдары айқындалған шақ. Жоғарыда аталған талантты жастар қазақ кино өнерінің енді шеттен маман іздемейтін дәрежеге көтерілгені дәлелденді. Ақынның киноға келуінің үшінші кезеңі - Махамбетті ұлықтауға тұспа-тұс келетін продюссерлік киноның дамуы барысымен орайласты [4].



ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

1 Из выступлении работников кино на пленума СКК от 1963 г. // ҚРОММ. 2128 қор. 1-тізбе, 79-іс..

2 Стенограмма I сьезда 1963 г СКК // ҚРОММ. 2128 қор. 1-тізбе, 139-іс.

3 Стенограмма I пленума СКК 1965г // ҚРОММ. 2128 қор. 1-тізбе, 216-іс.

4 Тәуекел С. Олжас Сүлейменов және қазақ киносы // Жас Алаш. - 2006, мамыр – 16.

5 Әшімұлы А. Ғұмыр дария. Көп томдық шығармалар жинағы. – Алматы: Қазығұрт, 2007. – 5т. – 208 б.

6 Выступление О.Сулейменова на рассширенном заседании работников кино // ҚРОММ. 2128 қор. 1-тізбе, 203-іс.

7 Выступления О. Сулейменова на II сьезда СКК // ҚРОММ. 2128-қор. 215-іс.

8 Очерки истории казахского кино. - Алма-Ата: Наука, 1980. – 270 с.

9 Н. Папава. Земля отцов. Кино // Правда. – 1967, апрель – 23.

10 Н. Анов. Воплощение (О художественном фильме «Земля отцов» сцен. О. Сулейменова, Ш. Айманова.) // Казахская правда. - 1967, апрель – 13.; Неживой Е. Земля отцов – земля людей ( О художественном фильме «Земля отцов» // Комсомолец Таджикистана. - 1967, май – 14.; Пелевина Л. Земля отцов: О художественном фильме «Земля отцов» // Комсомолец Узбекистана. -1967, август – 31.; Сулькии М. Путь к Родине // Исскуство и кино. – 1967. – № 4. - С. 77-79.; Резников Ю. Выбор маршрута. О художественном фильме «Синий маршрут». Сцен. О. Сулейменова, Режис. Пост. Ш.Байтенова // Казахстанская правда. –1968, декабрь – 5; Сиранов К. Радости и огорчения. О художественном фильме «Зима – не полевой сезон» // Казахстанская правда. –1973, апрель – 26.

11 Сулейменов О. От миросозерцания – к мировозрению // Искусство и кино. – 1982. – № 3. – С. 34-53. // ҚРОММ. 2225-қор. 85-іс.

12 Сулейменов О. Собр. соч. - Алматы: Атамұра, 2004. - Т. 7. - 432 с.

13 Сулейменов О. Тезисы выступлений на коллегии Госкино СССР по вопросу «О работе с творческой молодежью Госкино Казахской ССР» // ҚРОММ. 2225-қор. 1-тізбе. 196-іс.

14 Сулейменов О. Собр. соч. – Алматы: Атамұра, 2004. - Т. 6. - 472 с.

15 Сулейменов О. «Персонаж или герой». Из докладов на пленумах союза кинемотографистов на IV съезде кинемотографистов Казахстана 1981 // ҚРОММ. 2225-қор. 1-тізбе. 193-іс.



16 Сүлейменов О. Кино көкжиегіне көз салсақ // Мәдениет және тұрмыс. – 1982. – № 8. – Б. 2-3.



©netref.ru 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет