Облыс әкімі Қ. Е. Көшербаевтың «Мазмұнды жаңарту жағдайындағы білім беру ортасының трансформациясы»



жүктеу 116.89 Kb.
Дата30.04.2016
өлшемі116.89 Kb.
: site -> nis -> repository -> file
file -> "Назарбаев зияткерлік мектептері" АҚ Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы "Назарбаев зияткерлік мектебі" филиалы
file -> 1. Дене қалай қозғалады, егер қозғалыстың кинематикалық теңдеуі: х = 5t + 20
file -> Қазақстан Республикасының білім және ғылым министрлігі Шығыс-Қазақстан облысы Бағыты: Таза табиғи орта – «Казахстан -2030»
file -> Қазақстан республикасының білім және ғылым министрлігі «Назарбаев Зияткерлік Мектептері»
file -> Квалификациялық талаптар Жоба
file -> Сабақтың тақырыбы: Үйкеліс күші. Техникада үйкеліс әрекетін ескеру. Сабақтың мақсаты
file -> Қазақстан тарихы Тас ғасыры Тас дәуірі
file -> Модератор: Өскемен қаласындағы хбб нзм мұғалімі Қонақбаева А. А. Мастер-кластың өткізілетін орны
file -> Бағдарламасын «Назарбаев Зияткерлік мектептері»
file -> Қазақстан Республикасының Білім және Ғылым Министрлігі Мұнайдың физика-химиялық қасиеті және оның экожүйеге әсері Бағыты: Таза табиғи орта – Қазақстан-2030 стратегиясын іске


Облыс әкімі Қ.Е. Көшербаевтың

«Мазмұнды жаңарту жағдайындағы

білім беру ортасының трансформациясы» республикалық семинар-кеңесінде сөйлейтін сөзі

19 наурыз, 2015 жалы, Қызылорда
Құрметті семинар-кеңестің қонақтары!

Қасиетті Сыр еліне қош келдіңіздер!

Алашқа Ана, елдің басына күн туған уақытта бар қазаққа пана болған Сыр бойы бүгінде жасарып, жаңару үстінде. Осыдан бірер күн бұрын ғана өткен “Нұр Отан” партиясының XVI съезінде Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерін бір ғана Қызылорда облысынан көруге болатынын айтты.

Мемлекет басшысы аймақтағы инфрақұрылымның дамуын, салынып жатқан білім мен мәдениет ошақтарын, медицинаның қарқынды ілгерлеуін атады. Мұндай сөз Қызылордалықтардың қызметіне берілген жоғары баға деп түсіну керек. Бұл – зор абырой және үлкен жауапкершілік.

Шынында да қай салада болмасын ауыз толтырып айтарлық нәтижелер аз емес, бірақ жасалуы тиіс жұмыс, шешімін күткен мәселе әлі де көп. 2014 жылы біз шағын кәсіпкерлікті өркендетуге, апатты жағдайдағы мектептер мәселесін шешуге, күнделікті өмірге қажетті инфрақұрылымды дамытуға, оның ішінде аймақты газдандыру мәселесіне басымдық бердік.

Өткен жылы облыс бойынша 93 нысанның құрылысы жүргізілді. Оның 53-і аяқталып, пайдалануға берілді.

Соңғы екі жылда бюджетті қосымша 44 миллиард теңгеге ұлғайта алдық. Бұл қаражат аймақ үшін аса өзекті мәселелерді шешуге жұмсалды.

Нәтижесінде Қызылорда облысы адам басына шаққандағы шығыс көлемі бойынша 2014 жылы Астана, Алматы қалалары мен Атырау облысынан кейінгі 4-орынға көтерілді. Ал әлеуметтік шығындардың үлесі бойынша бірінші орында тұрмыз. Біз жалпы бюджеттік шығындардың 60 пайызға жуығын әлеуметтік салаға береміз.



2014 жылы білім беру саласына 66 миллиард теңгеден аса қаржы бөлінді. Бұл облыс бюджетінің 32 пайызы. Екі жыл ішінде білім беру саласының бюджеті 23 миллиард теңгеге артты.

Былтыр мемлекет пен жеке кәсіпкерлердің күшін біріктіріп, ынтымақтаса жұмыс істеудің арқасында 130 жаңа балабақша ашылды. Аймақтағы балабақшалар мен шағын орталықтардың жалпы саны 611-ге жетті. Онда 42 мыңнан аса бала тәриеленуде. «Балапан» бағдарламасы бойынша балалардың 92,2 пайызы балабақшамен қамтылды. Ал мектепке даярлық бойынша көрсеткіш 100 пайызға жетті. Жұмыстарында инновациялық тәсілдерді қолданып, баланың ерте дамуына ықпал ететін балабақшалардың да саны артып келеді. Мысалы, былтыр 53 балабақша «Монтесорри» технологиясымен жұмыс істеуге қажетті жабдықтармен жасақталды. Енді біздің алдымызда бір және үш жас арасындағы бүлдіршіндерді балабақшамен қамтуды көтеру міндеті тұр.

Екі жыл ішінде үш ауысымда білім беретін мектептердің проблемасын түпкілікті шештік. Апатты жағдайдағы 34 мектептің санын 20-ға қысқарттық. Биыл тағы 8 апатты деп танылған білім ошағының орнына жаңа ғимараттар салынып бітеді. “Нұрлы Жол” бағдарламасы аясында биыл тағы екі мектеп пен бір балабақшаның құрылысы басталады.

2014 жылдан бастап кәсіби мамандар даярлау үшін Ресейдің белгілі жоғарғы оқу орындарымен ынтымақтасып жұмыс істей бастадық. Қазіргі кезде 107 бала Мәскеу болат және қорытпа институты мен Санкт-Петербург мемлекеттік технологиялық университетінде білім алып жатыр. Сонымен бірге, білім беруге арналған «Серпін-2050» бағдарламасы бойынша 320 түлек қазақстандық жоғары оқу орындарының студенті атанды. Бұған қоса, 242 жас облыс әкімінің грантын иеленді.

Халқымыз «ұстаз – келер күннің ұстасы» - дейді. Ол қалыптасып келе жатқан бала дүниетанымының, өмірге деген көзқарасының иесі. Ендеше балаларымыздың алдында жүрген мұғалімнің жұмысына жағдай жасау, мәртебесіне сай құрмет көрсету мемлекеттің міндеті. Осы бағытта былтыр 1102 мұғалім мен 82 мектеп директоры «Назарбаев Зияткерлік мектебінің» деңгейлі бағдарламасы бойынша біліктілік көтерді. Осы курстан өткен ұстаздардың жалақысы 30-дан 100 пайызға дейін өсті. «Өрлеу» білім жетілдіру институтының республикалық және облыстық базасында 2 086 мұғалім қысқа мерзімді оқудан өтті. Аталған жұмыстар биыл да жалғаса бермек. Білімі мен білігін ұштап, жаңа бағдарламаларды меңгерген ұстаздар мен мектеп директорларынан үлкен үміт күтеміз.



Білім беру саласының үздіктерін қолдау шаралары да жалғасып келеді. Былтыр тағы 40 мұғалімге 1 миллион теңгеден сыйақы бердік.

«Дипломмен – ауылға» бағдарламасының табысты жұмыс істеп жатқаны белгілі. Былтыр 585 маманға үстемеақы төленіп, 442 адамға жеңілдетілген несиелер берілді.


Құрметті әріптестер!

Әдетте білім беру саласының алдында тұрған мәселелер талқыланып, міндеттер қойылатын ірі жиындар оқу жылының қарсаңында өтеді. Алайда, үйреншікті тамыз конференциясының аясында асықпай пікірлесіп, көкейдегіні кеңінен талқылауға мүмкіндік бола бермейді.

Сондықтан, өздеріңізбен ақылдасып, аймақтық білім беру жүйесін жетілдіру мәселелері талқыланатын республикалық семинар-кеңесті маңдайалды отандық және халықаралық мамандарды қатыстыра отырып наурыз мерекесінің қарсаңында өткізуді ұйғардық.

Біздің шақыруымызды қабыл алып, арысы Ұлыбритания мен Оңтүстік Африкадан, берісі Астана және Қазақстанның өңірлерінен келген барлық мамандарға қызылордалық ұстаздардың атынан алғыс айтамыз!

Білімнің дамуы – бүгінгі адамзат өркениетінің өлшемі, қоғам дамуының басты көрсеткіші. Ал біз үшін білім - тәуелсіз мемлекет ретінде дамуымыздың, Елбасы межелеген алғашқы 30 мемлекеттің қатарына қосылудың басты алғышарты.

Қазіргі қоғам мен оның аса шапшаң өмір ырғағы үнемі жетіліп, жаңарып отыруды талап етеді. Соның ішінде білім саласында болып жатқан жасампаз өзгерістердің маңызы зор. Бірақ заманға қарай талғам өзгергенімен – талап жалғыз. Ол – ғаламдық бәсекеге қабілетті білімді ұрпақ қалыптастыру.

Осы ретте аймақтың басшысы және бұрынғы білім министрі ретінде аталған саланы дамытуға қатысты бірер ойымды ортаға салуға рұқсат етіңіздер.

Білім беру жүйесінің мәселелі сөз болғанда, көпшіліктің ойына оралатыны – осы саладағы бітпейтін реформалар мен өзгерістер десек қате болмас. Алайда, білім саласындағы өзгерістер қоғам өміріндегі өзгерістердің салдары екендігін байқай бермейміз. Қазіргі заманды тарихшылар “қысқа көкжиектер” заманы деп атаса, экономистер турбулентті уақыт деп сипаттайды. Яғни, ұзақ мерзімді болжамдар жасау мүмкін емес, ұдайы икемделуді, жағдайға қарай өзгеруді талап ететін ерекше кезең орнады. Инновациялық толқындардың күші адам мен қоғамның өмір салты мен ырғағын лезде өзгертуде. Бірақ, біздің мектептер соған сәйкес өзгеріп жатыр ма? Түлектеріміз қоғам мен нарықтың жаңа талаптарына сай ма? Алдағы өзгерістерге өз бетінше бейімделіп, үздіксіз оқуға, өзін өзі тоқтаусыз жетілдіруге дайын ба?

Біздің түсінігімізше, мектептегі өзгерістердің өзегі осы сұрақтарға жауап іздеуге бағытталуы тиіс.

Ата-ана, мектеп пен ұстаз білімге деген монополиясынан айырылды. Бала “Ол кім? Бұл не?” деген сұрақтарына жауап табу үшін әуелі мұғаліміне емес, қолындағы компьютері мен қалтасындағы телефонына қарайды. Ақпараттың таралу жылдамдығының өсуі білімнің жаңару жылдамдығын да арттырды. Оқу орнында алған біліммен өмір бойы жұмыс істеуге болатын мамандық қалмады. Өмір бойы оқу, үздіксіз оқу, біліктілік ұдайы жетілдіру ұғымдары адам өмірінің ажырамас бөлігіне айналды.

Мұның барлығы мектеп өмірінің фундаменталды негіздерін қайта қарауға шақырады. Енді білім беру үрдісінің негізгі субъектісі мұғалім мен мектеп емес, оқушы болуы тиіс. Оның күн сайын артып келе жатқан сұраныстары, қызығушылығы мен шексіз мүмкіндіктері ескермесе, мектеп бала үшін тартымсыз, ал ұстаз беделсіз болмақ. Мұндай жағдайда білім беру ортасымен бірге оқытушы мен оқушы арасындағы қарым-қатынас ережелері де трансформацияға ұшырайды. “Мен айтамын – сен үйрен” деген формулаға сыятын патерналистік түсінік өзгеріп, “бірге үйренейік” қағидасына негізделген әріптестік принцип орнауы қажет.

Дәстүрлі ұғымдағы білім ақпарат тасқынына айналды. Ал білім беру жүйесінің міндеті – сол тасқыннан керекті тауып, іріктеп алып, арасындағы себеп салдар байланысын орнатып, кәдеге жаратуға үйреті болмақ.

Тиісінше, үлкен көлемдегі ақпаратты жаттап, есте сақтау қажеттілігі кейінге шегініп, ақпаратты іздеп-табуға, сараптауға және оны жұмыста пайдалануға қажетті шығармашылық және ғылыми дағдыларды дамыту қажеттігі туады.

Оқушылар басқа адамдармен тиімді қарым-қатынас орнатуға, алдына мақсат қоя білуге, уақытын дұрыс жоспарлауға және жеке қабілеттерін орнымен, әрі тиімді пайдалануға үйренуі қажет. Ақпарат тасқынында керегін іздеп табуға үйрету арқылы біз балаларға жеке білім алу траекторияларын қалыптастырып, өмір бойы білім алу дағдысын сыйлай аламыз. Сонда ғана оқушы болашақта табысты маман болып, сәтті жеке өмір құра алады.

Арнайы тоқталғым келетін тағы бір маңызды бағыт – білім беру жүйесі аясында оқушылардың адамгершілігі мен моральдық келбетін қалыптастыру мәселесі. Қазіргі уақыттың талабына сай, білім беру жүйесі технологиялық бағытқа ерекше ден қойғанымен, адамгершілік және ұлт руханиятынан қол үзген технократизм бізді ұшпаққа шығармасы анық.

Рас. Өтпелі кезеңде біз отбасының бала тәрбиесіндегі ролін кемітіп алдық. Сондықтан бала тәрбиесі тек мектептің мойнында деген қасаң түсінік әлі де күшті. Өскелең ұрпақтың моральдық, мәдени және психологиялық ұстанымдарын қалыптастыратын негізгі институт мектеп болып табылады. Сондықтан ұстаздың ролі тек үйрету ғана емес, тәрбиелеу екендігін де естен шығармайық.

Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы.

Үлкенге құрмет, кішіге ізет.

Өткенге салауат, ертеңге аманат.

Мұның барлығы қазақтың өмір сүру принциптерін, дүниеге, уақытқа деген көзқарасын айқындайтын киелі қағидалар. Бізді ұлт ретінде сақтайтын, ақпарат тасқыны мен ғаламдану күшіне төтеп бере алатын осындай темірқазық ұстанымдарды бала санасына сіңіру қажет.

Сонымен қатар, адамзатқа жат қатыгездік, масылдық пен менмендік, еріншек мінезден бойды тасалап, мейірімділік, елгезектік, қарапайымдылық сияқты кімге болса да жарасатын қасиеттерді бала бойына дарыту керек. Ұстаздар қауымы өздерінің бұған да жауапты екендерін бір сәт естен шығармауы тиіс. Бала үшін ең алғаш үлгі мен өнеге мысалы – мұғалім екенін білеміз, тура сол сияқты, өкінішке орай, кейде ең алғаш тауы шағылып, көңілін қалдыратын да мұғалім болып жатады.

Қорыта келе, Сыр өңірінің мектептері шын мәнінде заман талабына сай білім ортасына айналуы үшін не істелуі қажет?

Біріншіден, мектепте сапасы жоғары және қазіргі уақытта қолданбалы білім берілуі тиіс. Ең үздік және артта қалған оқушылар арасындағы айырмашылықты мейлінше қысқарту керек.

Екіншіден, мектептің мақсаты баланы тек оқыту ғана емес, қазіргі заманда өз орнын тауып, бәсекелестікте өмір сүре алатын тұлға тәрбиелеу болуы шарт;

Үшіншіден, мектептегі мұғалімнің білгін ұдайы көтеру және олардың шығармашылық жұмысына жағдай жасау басты назарда болуы тиіс.

Төртіншіден, мектептер еліміз бен дүниеде болып жатқан әлеуметтік жаңалықтарға ашық болуы қажет.


Құрметті ұстаздар!

Білім беру – тұлғаның табиғаты мен болмысын қалыптастыратын, балаға өмірден өз жолын табуды үйрететін аса күрделі де, жауапты кәсіп. Сондықтан болар, бұл салада ғаламдық қозғалысқа әсер ететін кең құлаш инновациялар жиі бола бермейді. Мамандардың топшылауынша, соңғы мың жылда білім беру саласында ірі деуге тұратын 4 жаңалық болды:

Біріншісі, X-XII ғасырларда құрылып, адамзат жинаған білім қорын жүйелеумен және таратумен айналысқан Европалық университеттердің пайда болуы;

Екіншісі, 1640 жылдары Ян Амос Коменский ұсынған оқушыларды топтастырып, сыныптарға бөліп оқыту жүйесінің пайда болуы. Бұл жүйе мектептердегі жаппай білім беруді ұйымдастырудың педагогикалық нормасына айналды;

Үшіншісі, XIX ғасырда Гумбольттың үлгісі бойынша зерттеу университеттерінің пайда болуы. Бұл жаңалық ғылыми жүйе мен ғалымдар ортасының дамуына зор ықпал етті;

Төртіншісі, XX ғасырдың басында американдық философ Джон Дьюи ұсынған жобалық оқыту мен белсенді оқыту әдістемелерін атауға болады.

Әрине, бұл тұжырым өте шартты. Көп мамандар білім беру тарихында болған жаңалықтар мен инновациялық толқындарды мүлде басқаша топтастыруы мүмкін. Дегенмен де, дәл қазір адамзат білім беру ортасын айтарлықтай өзгертуі тиіс жаңалықтардың алдында тұр деген тұжырымды мамандар бірауыздан қолдайды.

Осыны растайтын соңғы жылдары жарық көрген пікірлер қатарында Майкл Барбердің “Көшкін келеді: жоғарғы білім және алдағы революция” атты мақаласын, Николас Караның “Білім берудегі дағдарыс”, Кен Робинсонның “Білім берудің жаңа парадигмасы” атты эсселері мен баяндамаларын атауға болады.

Білім беру саласында терең өзгерістердің пісіп жетіліп келе жатқандығын айтатын зерттеулер мен мақалалар – жағдайы бізге таныс, көршілес елдер мен Қазақстанның өзінде де жиілей түсті. Мәселен, Ресейдің халық шаруашылығы және мемлекеттік басқару академиясының ректоры Владимир Маудың “Как модернизировать образование”, Ресейдің білім беру министрі Дмитрий Ливановтың “Ставка на новое содержание”, Ресей жоғарғы экономика мектебінің ғылыми жетекшісі Исак Фурминнің «Свергать авторитеты не так уж плохо» атты мақалалары мамандар арасында кең талқылау туғызды.

Аталған мақалаларда білім беру ісінің және дарынды жастар үшін бәсекенің ғаламдық сипат алғандығы, орта білімнің жаппай таралуы мен оның салдары, қазіргі экономика мен еңбек нарығы және білім беру арасындағы қайшылықтар, ақпараттық технологиялардың дамуы мен оның білім беруге тигізетін әсері және басқа да өзекті мәселелер сөз болады.

Қазір уақытта білім беру жүйесін жаңартып, жетілдіру қажеттілігі талқыланбайтын ел кемде кем. Бірақ бел шешіп кіріскен, дүниедегі озық тәжірибе мен төл оқыту әдістемесінің жетістіктерін ұштастыру негізінде тың мазмұндағы мүлде жаңа үлгідегі мектептер желісін құру арқылы батыл қимылдап, жоғары нәтижеге қол жеткізіп жатқан ел некен саяқ. Сондай тәжірибесі бар елдің бірі, әрі бірегейі біздің Қазақстан екендігін біреу білсе, біреу білмейді.

2008 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша Қазақстандық Зияткерлік мектептер құру жобасы іске аса бастады. Инновациялық білім беру бағдарламалары мен ғылыми жобаларды іске асыру үшін, заманға сай басқару тетіктерін енгізу, академиялық еркіндік пен дербестікті дамыту үшін 2011 жылы «Назарбаев Университеті», «Назарбаев Зияткерлік мектептері» және «Назарбаев қорының» мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Сол заңға сәйкес дербес білім беру ұйымы болып саналатын «Назарбаев Зияткерлік мектептері» осы күнде 17 мектепті іске қосып, қазақстандық орта білім беру жүйесін алға сүйрейтін локомотивке айналды. Осы күнде «Назарбаев Зияткерлік мектептерінің» жинақтаған әдістемелік қоры, тәжірибесі мен білігі жалпы қазақстандық білім беру мазмұнын жаңартуға негіз ретінде танылды.

Аталған жобаны осы биікке көтеруде бүгін ортамызда отырған «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының төрайымы Шамшидинова Күләш Ноғатайқызының еңбегін атау керек.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмасы бойынша, «Назарбаев Зияткерлік мектептерінің» тәжірибесін жалпы білім беру жүйесіне тарату жұмысы басталғаны белгілі.

Осы ретте, Қызылорда облысы Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында өңірлік инновациялық мектептер желісін құру жобасын қолға алмақ. Аталған жоба шеңберінде облыс аудандарында екіден және Қызылорда қаласында 6 мектеп іріктеліп, «Назарбаев Зияткерлік мектептерінің» тәжірибесін енгізу алаңы ретінде дамытылады.

Жобаға кірген мектептердің мұғалімдері деңгейлік біліктілік көтеру курстарынан өтіп, алған білімі негізінде жұмыстарын жаңа арнаға түсіруі тиіс. Сонымен бірге, аталған жобаға енген мектептер «Назарбаев Зияткерлік мектептерінің» талаптарына сай жарақтандырылуы қажет.

Бұл мектептер ұсынылған әдістеме мен тәжірибені тездетіп игеріп, облыс аумағындағы мектептерге таратуға және өңірлік білім беру жүйесіндегі озық жетістіктер үлгісін қалыптастыруы қажет.

Бүгінгі мүмкіндікті пайдаланып, «Назарбаев Зияткерлік мектептерінің» басшылығы мен мамандарын Қызылордалық бастаманы қолдауға шақырамын. Отандық мектепті өскелең ұрпаққа әлемдік деңгейде білім беретін, балаларымыздың бағын ашатын кемел білім ошақтарына айналдыру үшін бірлесіп жұмыс істейік.


Аса қадірлі ұстаз қауым!

Білімнің сапасын көтеруге арналған бүгінгі кездесуіміз Мемлекетіміздің Басшысы, Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен жасақталып, іске асырылып жатқан келелі жоспарлардан туындайды. Тәуелсіздіктің таңы атқан кезден-ақ Елбасы дамуымыздың діңгегі білім мен ғылым екендігін басып айтып, «болашаққа – кемел біліммен» деген баршаға пәтуәлі қағидасын ұсынды.

Соның аясында, қазақстандық білім беру бұрын соңды көрмеген қарқынды ілгерлеу кезеңіне аяқ басты. Елімізде жүздеген мектеп пен балабақша бой көтерді, ұстаздарды қолдау және ынталандыру шаралары да тұрақты өсіп келеді. Жоғары оқу орындарын қолдау, ұстаздардың ғылыми ізденісіне қажетті гранттар бөлу, «Назарбаев Зияткерлік мектептері», «Болашақ» бағдарламасы, «Назарбаев Университеті», мектепке дейінгі білім беруді 100 пайызға жеткізу міндеті, 12 жылдық орта білімге көшу, мектептердегі 3 кезек оқуды жою туралы шешімдер, білімдегі инновацияларға көрсетілетін жан-жақты қолдау – осының барлығы да бізбен көршілес елдерде іске аса қоймаған, көп мемлекеттер әлі армандай да алмайтын биік белестер.

Өздеріңіз жақсы білетіндей, алдағы аптада кезектен тыс президенттік сайлауалды науқаны басталмақшы. Жоғарыда айтылғанды ескере келе, Сыр елінің ұстаздар қауымы азаматтық белсенділік көрсетіп, өздерінің саяси таңдауында білімді өркендету мен білік кемелдігі мұраттарынан жаңылмайтындығына сенім білдіремін.



Тыңдағандарыңызға рахмет!







©netref.ru 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет