Қорқыт Ата атындағы Қызылорда



Дата25.04.2016
өлшемі60.87 Kb.
А.Қ.Оразова

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда

мемлекеттік университетінің оқытушысы
ШАРЫҚТАҒАН ШАҒАЛАСЫ АРАЛДЫҢ

Адам тағдыры әртүрлі. Біреу бақытын отбасынан тапса, біреу кәсібінен нәсіп тауып, ал кейбіреу бұл екеуінен де, тіпті басқадан да қалауын таппай, өмірден өтіп жатады. Ғұмырында бақытты шақтарды бастан мол өткізіп, отбасынан да, жүрек қалаған мамандығынан да қызық көріп жүрген жандарды көргенде сүйсінесің. Айқара аспанды 14 мың сағаттан аса еркін жүзіп шарлаған бірінші класты инженер-ұшқыш, қазіргі кезде Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті әскери кафедрасының аға оқытушысы, запастағы майор Биболат Ердіхалықов Ердіхалықұлы – дәл сондай жан. 60-тан асса да ерге тән шапшаңдығы мен салмақтылығынан бір ауытқымайтын әскери жігіт ағасының ғұмырлық жылнамасы да ерекше.

Мамандықтың жаманы жоқ. Дегенмен ауырлығы мен жауапкершілігі жағынан алғанда ара жігі ажыратылатын кәсіптің болатындығы – заңдылық. Сондай сала – авиация. Аталмыш салада 42 жылдан аса еңбек етіп келе жатқан Биболат аға өз өмірін қиын мамандыққа арнады. 30 жылға жуық өмірін авиация дамуына жұмсады. Көп жылдар бойы жас ұшқыштарды қиын да қызықты мамандыққа тәрбиелеп, ал кейінгі 14 жылдан аса уақыт запастағы офицерлерді дайындап келеді.

Қазақстанның білім беру ісінде өзіндік орны бар Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ректоры, профессор Қ.А.Бисенов 2000-2001 оқу жылынан бастап оқу ордасындағы Отан алдындағы борышын өтеуі тиіс білім алушылар үшін алғаш рет әскери кафедра ашты. Осы кезде негізі қаланған жұмыстың әрі қарай жандануы үшін білікті кадрлар қажет еді. Дәл сол мезетте Биболат Ердіхалықұлы сияқты білімді маманның кафедра жұмысын жандандырып, алға қарай апаруы керек болатын. Мақсат үдесінен шыға білген Ердіхалықов кафедраның негізін қалаушылардың бірегейі болды. «10 жылдығыңды ойласаң, мал бақ. 100 жылдығыңды ойласаң, тал ек. 1000 жылдығыңды ойласаң, бала оқыт» деген қазақы қағиданы берік ұстанған ұшқыш-ұстаздың сол уақыттан қазіргі кезге дейін білек сыбана кірісіп, жан-тәнімен дайындаған 1600-ден аса запастағы офицер-ізбасарлары қазіргі уақытта жер-жерде қызмет етуде.

Мектеп жасындағы жастарға патриоттық тәрбие беру, алғашқы әскери дайындық бағыттарындағы жұмыстарға да көп ықпал жасаған Биболат Ердіхалықұлы тек тәрбиемен ғана айналысып қоймай, оның теориялық базасын жасауға да көп еңбектенді. Оның авиация саласындағы оқулықтары мен 30-дан аса ғылыми мақаласы – соның дәлелі.

Өмірінде мақтануды білмейтін, қарапайымдылықты өзінің өмірлік қағидасы санайтын ұшқышпен тілдесудің сәті түскенде оның өзі туралы суыртпақтаған сыры мынау еді: «Мен Арал ауданының Көкарал учаскесінде 1953 жылы дүниеге келіппін. Балалық шағым да осындағы Аққұмда өтті. Теңіздің қайтуына байланысты көкаралдықтар көшіп кетіп жатты. Содан жетіжылдық мектебіміз жабылып, бастауыш мектепке айналды. Мен бастауышты 1964 жылы Үрлайын ағайдың қолында бітірдім. Мұғаліміміз де, директорымыз да ағайдың өзі болды.

Ауылға аудан орталығынан айына бір-екі рет ұшақ қатынайтын еді ғой. Кәдімгі АН-2. Сол ұшаққа менің есім кетті. Арманым – ұшқыш болу. Түс көрсем – аспан кезіп, қалықтап ұшып жүргенім. Таңертең тұра сала тысқа шыққанымда алдымен аспанға қараймын. Іздейтінім – тура Сарытөбені бойлай ұшатын реактивті ұшақтың айдаһардай шұбатылған ақ соқпақ ізі. Ондай ұшақтар біздің ауылдың үстімен күніне бірнеше рет өтетін. Кейін білгенімдей, біздің ауыл арқылы халықаралық және «Возрождение» сынақ полигонына баратын авиатрасса өтеді екен. Әйтеуір көптеген ұшақтар ұшатын. Солар қашан көзден ғайып болып кеткенше аспанға қарап аңқиып тұрғаным. Мүмкін осы менің болашақта ұшқыш болуды армандауыма және осы мақсатыма ақыры жетуіме ықпал етсе керек. Ал әлгі АН-2 ұшағын қарсы алып, шығарып салу менің бұлжымас «міндетіме» айналды. Бесінші сыныптан бастап Арал қаласында оқыдым. Көкаралда жүргенімде ұшақты айына бір-екі рет көретін болсам, енді тіпті есім кетті. Аралдың әуежайы қаладан және мен тұрған үйден қашық емес. Мұнда жай ұшақтар да, әскери ұшақтар да бір әуежайдан өтеді екен. Күндіз-түні дамыл жоқ. Нағыз қан базардың өзі. Ол жылдары Арал теңізі мен оның әуежайы қандай еді?!. Аэропорттың іргесінде әскерилер тұратын «Чайка» қалашығы және теміржол бекеті. Мамыр, қыркүйек айларында мұғалімдерімізбен әуежайға саяхат жасап қайтатынбыз. Көңілді орта қайнап жататын. Бүгіндері сол қала ішіне кіріп жатқан теңіз көрінбейді, ал әскери қалашықтың опырылған орны ғана жатыр...

1970 жылы мектепті бітіріп, Қуанышбай ағама еріп, Алматыға келдім. Сегізінші наурыз көшесіндегі шағын үйге орналасқан қабылдау комиссиясына құжатымызды тапсырайық десек, жолатар емес. Айтатындары – «Қызылордалықтар Батыс Қазақстан зонасына қарайды, Ақтөбеге барыңдар» деген желеу. Салымыз суға кетіп, не істерге білмей дағдарып тұрғанбыз. Дәліздің бойымен омырауында қос жұлдызы жарқырап, бір кісі келе жатты. Ағам таныды-ау деймін, алдынан шығып сәлемдесті. Талғат Бигелдинов екен! Екі көзім – қос жұлдызында. Көзі тірі Кеңес Одағы Батырын осы бірінші көргенім.

Ағам оған мән-жайды түсіндірді. Талғат аға мені бір шолып шығып: «жүр» деді. Ізінен ердім. Ішке кіргенде комиссия мүшелері батырдың алдынан өре түрегеліп, жапырласа амандасып жатты. Сөйтіп мені Оңтүстік зонаға жататын шымкенттіктермен бірге құжаттарымды қабылдаттыратын болды. Өмірбаяным қазақша жазылған еді. Соны сол арада отыра қалып Талғат аға орысша жазды да, қолымды қойдырды. Әлі күнге дейін осындай танымал тұлғаның танымайтын адамға істеген жақсылығына таң қаламын және осыны қазіргі кезге дейін үлгі тұтамын.

Ең қиыны медициналық комиссиядан өту екен. Әбден қинады. Емтихандарды жақсы тапсырып, ақыры Саратов облысындағы Красный Кут ұшқыштар училищесіне жіберетін болды.

Бұл училище ұшқыштарды әрі әскери, әрі азаматтық авиация бағдарында дайындайды екен. Қазақстаннан 5-6 қазақ жігіті түсіппіз. Осылай курсанттық өмір басталып та кетті: күнделікті саппен жүру, қарауыл, оқу үдерісі, парашютпен секіру, ұшақпен ұшу жаттығулары, оқу жиындары және т. б.

Оқуға түскенде бойым аласалау еді, екі жылдан аса уақытта зіңгіттей болып өсіп кеттім. «Кіші лейтенант» деген әскери атақ, әскери билет пен дипломымды алып, 1972 жылы қараша айында жолдамамен Қызылорда авиакәсіпорнына экипаждың екінші ұшқышы болып оралдым. Бұл кезде мен он тоғызда едім. 22 жасымда алғаш рет ұшақ экипажының командирі болып тағайындалдым». Саналы ғұмырын авиацияға, қала берді ұрпақ тәрбиесіне арнаған Биболат ағаның әуе жайлы айтқан кезінде көзі жанып кетті. Осыдан-ақ оның әуеге деген махаббатын, ерекше сезімін аңғарғандай болдық.

Ол авиацияның түрлі саласында жүріп, бірде экипаждың екінші ұшқышы, бірде экипаждың командирі, ал енді бірде экипаждың қомандир-нұсқаушысы, авиазвено командирі, авиаэскадрилья командирі, ұшқыштар авиаотрядының командирі, әуедегі ұшу қауіпсіздігін сақтау инспекторы лауазымдарын атқарды. АН-2, Л-410УВП, Як-40 ұшақтары мен МИ-8, МИ-8МТВ-1 тікұшақтарында ұшқан сәттерін ерекше еске алады.

Аспанмен тілдесіп, тура 14000 сағат ешқандай төтенше жағдайларсыз, ешқандай ескертусіз өз міндетін адал атқарған ұшқыш марапатсыз да емес. КСРО Азаматтық авиация министрлігінің «За безаварийный налет 14000 часов» деген белгісі, «Оныншы бесжылдықтың екпіндісі», «Коммунистік еңбектің екпіндісі», «Қызылорда облысының таңдаулы транспорт қызметкері» деген атақтары – маңдай тердің жемісі. Ал республика азаматтық авиация басқармасы мен облыстық авиакәсіпорын басшылығынан алған сыйлықтардың санынан жаңылысып та қаласыз. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті мен Қорғаныс министрлігі тарапынан алған марапаттардан көз сүрінеді.

«Ұлық болсаң, кішік бол» дейді халық даналығы. Қаншама марапат пен алғысты арқалай жүріп, Биболат бұл жетістікті жалғыз өзімдікі деп есептемейді. Осы жолда өзіне серік бола білген, көмек қолын созған Т.Бигелдинов, Қ.Бисенов Қ.Ердіхалықов, Д.Душимов, В.Гусев, Ж.Дүйсенбаев, Н.Есенгужинов, А.Жолдыбаев сынды ел ағаларына ризашылығының шексіз екендігін үнемі айтып отырудан жалыққан емес.

Өкінішсіз өмір болмайды. Адам баласы ғұмырының барлық кезеңінде арманымның түгелі дерлік орындалды деп айта алмас. Кейіпкеріміздің де қабағынан соны аңғардық. Биболат аға өмірден өзімен кететін өкінішінің барлығын да жасырмайды. Шығыс Еуропа мен Кеңес одағының аспанында барлық бойлықтар мен ендіктерді шарлап, қалың қабатты бұлттарды қақ жарып жүргенде құс қанатты сұңқарын туған топырағы – Көкаралға қондырып, тіпті байлай да алмағанына көңілі құлазиды. Ал қазір Кіші аралдың суын ұстайтын үлкен көпір салынған жерде бұрын қазір орнында жоқ Көкарал елінің болғандығын күрсіне де сағына еске алады. Көкаралдан өзінен кейін ұшқыш шықпағандығын да кең пейілді аға экологияның жүргізіп отырған мылтықсыз майданынан көреді.Ұшқыш болуды армандаған көп өскіннің денсаулығының жарамсыздығы өкініш тудырады.

Биболат Ердіхалықұлы көк аспанға деген сүйіспеншілік, мықты денсаулық, қайтпас қайсарлық, білімділік, өз мамандығына берілгендік, ең бастысы, адмгершілік пен жауапкершіліктің арқасында Алла бұйыртар бақытқа жетті. Өзіне ұқсағысы келген талай жанның әлі де болса мұрат-мақсатына жететіндігіне де сеніммен қарайды.

Иә, осынша жетістік пен құрметке ер азаматтың отбасындағы жағдайы оң болмаса, жету-жетпеуі де екіталай. Кейде «аспандағы ауа райынан үйдегі ауа райдың дұрыстығы» адамның бүкіл өміріне әсер етуі мүмкін. Ал бұл тұрғыда ұшқыштың айы оңынан туды. Армандаған мақсатына жетті, аңсаған мамандықтың тізгінін ұстады. Адал жарымен бірге бұрымды қыз бен тұлымды ұлдарды өсірді. Қыз беріп - қыз алып, немерелерге ата болды.



«Елімізде тыныштық пен байлық болса, ағайын-туыс, жан жақтағы дос-жолдастарың, жан жолдасың мен бала-немерелерің, келіндерің, күйеу балаң аман болып, осылардың ортасында қарайып жүрсек, онан артық қандай бақыт керек?!». Міне, ұстаз-ұшқыштың бүгінгі арман тілегі осындай...
Каталог: sites -> default -> files -> publications
publications -> ТӘуелсіздік жылдарынан кейінгі сыр өҢірі мерзімді басылымдар: бағыт-бағдары мен бет-бейнесі
publications -> Қазақстан халқы Ассамблеясы” кафедрасының аға оқытушы ф.ғ. к. Есқараева Айгүл Дүйсенғалиқызы “абай жолы” эпопеясындағЫ Әйелдер бейнесі
publications -> О. Сүлейменов және қазақ кино өнері
publications -> Абай мен Пушкин шығармалары
publications -> Темірбек жүргеновтің Өмірі мен қызметі (Қазақстан мұрағат құжаттары негізінде) Оразбақов Айтжан Жұмабайұлы
publications -> «Мәңгілік ел – ұлттық идеясының қазақ әдебиетінде көркемдік көрініс табу дәстүрі мен инновациялық жаңашылдық мәселелері» атты Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдары
publications -> Қазақ стиль типологиясының Қалыптасуы қорқыт ата атындағы Қму доценті А. Е. Айтбаева
publications -> Ш.Құдайбердіұлы және М.Әуезов шығармашылығындағы тұтастық Нұрланова Әсем Нұрланқызы
publications -> Абай танымындағы сопылық
publications -> Қазақ әдебиетінің халықаралық байланыстары


Достарыңызбен бөлісу:


©netref.ru 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет