Ортағасырлық Түймекент қаласы Тарихи – топографиялық құрылымы және қазіргі экологиялық ахуалы



Дата27.04.2016
өлшемі173.27 Kb.
Елеуов М.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, «Археолог» Халықаралық ғылыми-зерттеу орталығының» директоры
Ортағасырлық Түймекент қаласы
Тарихи – топографиялық құрылымы және қазіргі экологиялық ахуалы. Ортағасырлық Түймекент қаласы Жамбыл облысындағы Байзақ ауданына қарасты Түймекент (бұрынғы Шаповаловка, Буденовка) ауылының оңтүстік шетінде, Талас өзенінің оң жағасындағы биік жарқабағында орналасқан. Географиялық координаттары: С. 430 07' 07", Ш. 710 37' 31" . Теңіз деңгейінен биіктігі 457 м.

Жобасында төртбұрышты, әлемнің төрт жағына қарай (150 ауытқып) бағытталған ортағасырлық қаланың батыс бұрышын және оңтүстік-батыс, солтүстік-батыс қабырғалардың бірқатар жерін Талас өзені 8-9 м тереңдікте шайып кеткен (сурет 1). Оны қоршап тұрған ені 20-25 м, биіктігі 4-5 м қамалдың солтүстік-шығыс қабырғасы 240 м, оңтүстік-шығыс қабырғасы 303 м, ал жартылай бұзылған солтүстік-батыс қабырғасы 206, оңтүстік-батғыс қабырғасы 163 м. Қаланың солтүстік, оңтүстік, шығыс бұрыштары мен қабырғаларындағы аумағы 12-16 м, қазіргі сақталған биіктігі 1,5-2 м мұнаралары бір-бірінен 31-51 м аралықта орналасқан. Қақпа орындары оңтүстік-шығыс және оңтүстік-батыс қабырғаларда сақталған. Оңтүстік-батыс қабырғадағы жобасында «Г» тәрізді қақпаға кіре берісте орналасқан үлкен мұнара қабырғадан 15 м сыртқа шығып тұр, аумағы 24 м.

Цитадель қамалдың орталық бөлігіндегі орналасқан көлемі 35х50 м, биіктігі 6 м, оның үстіндегі солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа қарай қазылған ордың ұзындығы 13 м, ені 5 м, тереңдігі 1-1,5 м. Цитадельден оңтүстік-батыста орналасқан әузды және оған іргелес жатқан құрылыстарды қоршаған көлемі 100х120 м төрткүлдің жалы 8-10 м, биіктігі 1-1,5 м.

Әртүрлі көлемдегі құрылыстар цитадельден оңтүстікте, оңтүстік-шығыста сақталған, құрылыс қалдықтары қаланың солтүстік бөлігінде сирек орналасқан.

Түймекентті сырттай қоршаған ордың ені 20-30 м, тереңдігі 1-2 м. Орға су қаланың оңтүстік бұрышына жақын жерде орналасқан Таластың ескі өзегінен келген.

Ортағасырлық Түймекент қаласы Талас өзені шайып және әр жылдарда жүргізілген шаруашылық жұмыстарының нәтижесінде қатты бұзылып жатқан ескерткіш [1, 41-46 б.]. Оның батыс бұрышын Талас өзені шайған, соның нәтижесінде батыс бұрышқа іргелес жатқан солтүстік-батыс қабырға 100 м, оңтүстік-батыс қабырға 70-75 м аралықта, 8-9 м тереңдікте жуылып кеткен. Қаланың Талас өзені шайған ұзындығы 160-170 м бөлігінің мәдени қабаты 1-1,5 м тереңдікте бұзылып жатыр.

Отартағасырлық қаланың сыртын айналдыра жол салу кезінде оны оңтүстік-батыс, оңтүстік-шығыс, солтүстік-шығыс, солтүстік-батыс жағынан қоршаған ордың сыртқы жиегі тегістеліп көмілген.

Қала арқылы солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай жол салу кезінде ұзындығы 150 м, ені 30-35 м жердің тарихи бедері, мәдени қабаты тегістелген, солтүстік-батыс қабырғадағы 3 - және 4 - мұнаралардың арасы 18 м аралықта, 1-1,5 м тереңдікте қазылған. Осы жолды салу кезінде цитадельдің солтүстік бұрышында аумағы 5х7 м, тереңдігі 1,5-2 м шұңқыр пайда болған және цитадельдің төрткүлін оңтүстік-батыс жағынан қоршаған жал бұзылып, оңтүстік-батыс қабырғадағы «Г» тәрізді қақпаға дейінгі аралықтың мәдени қабаты 1-1,5 м тереңдікте тегістелген. Жол оңтүстік-батыс қабырғадағы «Г» тәрізді қақпа орналасқан жердің мәдени қабатын 2-2,5 м тереңдікте бұзып өткен.

Солтүстік-шығыс қабырғаның сыртынан жиектей қазылған ордың ұзындығы 240 м, ені 1 м, тереңдігі 0,6-0,8 м. Орды қазу кезінде 3 - және 4 - мұнаралардың сыртқы жиегі 5 м аралықта, 2-2,5 м тереңдікте бұзылған.

Оңтүстік-шығыс қабырғадағы 1983 жылы жүргізілген қазба кезінде ашылған қақпа ораналасқан жердің тарихи бедері 1984-2009 жылдар аралығында шаруашылық жұмыстарына топырақ қазып алудың нәтижесінде қатты бұзылған. Қазіргі күнде қақпа орналасқан жерде көлемі 26х30 м, тереңдігі 3,5-4 м шұңқыр жатыр.

Оңтүстік-батыс қабырғаға іргелес орналасқан құрылыс кешенін салу кезінде ортағасырлық қаланың сыртындағы ордың оңтүстік, оңтүстік-батыс бөліктері тегістеліп, орға су келетін Таластың ескі өзегінің арнасы көміліп қалған. Ортағасырлық Түймекент қаласы бұзылып жатқан, апатты жағдайда тұрған ескерткіш.

Зерттелу тарихы. 1890 жылы белгілі шығыстанушы Е.Ф. Каль Әулиеатадан 25 версть жерде, Талас өзенінің бойында орналасқан ортағасырлық Түймекент қаласын ашып, өлшемдерін түсірген және қаланың құрылыстары тимуридтер кезінде салынған деген болжам жасаған [2, c. 223].

1894 жылы Талас өңірінде Әулиеатадан Оққұмға дейінгі аралықта барлау жұмыстарын жүргізген В.В. Бартольдтің тапсыруы бойынша ортағасырлық Түймекентте зерттеу жүргізген С.М. Дудин қаланың сол кездегі тарихи – топографиялық құрылымын зерттей келіп, бекіністің сыртын жал мен ор қоршап жатқанын, онан батыс, солтүстік- батыста ескі мұсылман зираты, жалдың ішіндегі төбеден шығыста (шамасы, бұл жерде цитадель сөз болып отырса керек – М.Е.) онан ертеректегі зират орналасқанын көрсеткен. Сонымен қатар, С.М. Дудин бекіністен оңтүстік, оңтүстік-шығыста бұзылып кеткен елді мекеннің орны жатқанын көрсеткен [3, c. 31-32].

В.А. Каллаурдың 1896 жылы Археология әуесқойларының Түркістан үйірмесінің хаттамасында жариялаған «Древности Аулиеатинского уезда» атты хабарламасында осы уездің Шаповаловка ауылының жанында ортағасырлық Түймекент қаласы орналасқаны көрсетілген [4, c. 12].

1897 жылғы 19 қарашада В.А. Каллаур ортағасырлық Түймекент қаласында болған кезінде, ондағы бұзылып жатқан құрылыстардың қыштарын жергілікті тұрғындардың (қоныс аударып келген орыстардың – М.Е.) алып жатқанын көрген [5, c. 32-33].

1936, 1938 жылдарда Н.Я. Марр атындағы КСРО Материалдық мәдениет тарихы институты (ММТИ) мен Ғылым академиясының Қазақстандық бөлімінің экспедициясы (А.Н. Бернштам) Талас өңірінде археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізген кезде ортағасырлық Түймекент қаласының тарихи-топографиялық құрылымына назар аударып, оның өмір сүрген уақытын анықтау үшін цитадельден шығыста, ішкі ауласында, алаңында және бекіністің солтүстік-шығыс бөлігінде, байқау қазбаларын жүргізген [6, c. 118-119]. Зерттеуші ортағасырлық Түймекент қаласының тарихи-топографиялық құрылымын ескере келіп, оны Талас өңіріндегі Құрама, Ақтөбе төрткүлдерімен бірге рибаттар қатарына қосқан [6, c. 85].

1941 жылы Жамбыл археологиялық бекетінің экспедициясы (Г.И. Пацевич) ортағасырлық Түймекент қаласының тарихи-топографиялық құрлымын зерттеп, жобасын түсірген [7, c. 286-288].

Ә.Х. Марғұлан Талас өңірінде жүргізген археологиялық барлау кезінде Түймекенттің жобасына назар аударып, оның Талас өзенінің оң жағасында орналасқан үлкен ортағасырлық қала екенін көрсете отырып, ол турылы: «...Шығыс деректері бойынша Түймекент қаласында көптеген мешіттер, керуен сарай және сырты қалың жалмен, ормен қоршалған әскери бекініс болған», – деп жазған [8, c. 43-46].

Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясының ирригациялық тобы (Грошев В.А.) Талас өңіріндегі ортағасырлық қалалардың суландыру жүйесін зерттеу кезінде, Түймекенттен 1,5 км жерде Талас өзенінің оң жағасындағы тік жарқабақтан басталған магистральді каналды тауып, оның ұзындығы 15 км, ені 5-6 м екенін анықтаған [9, c. 19-20].

1983 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті археологиялық экспедициясының тобы (М. Елеуов) Жамбыл облысында барлау жүргізген кезде ортағасырлық Түймекент қаласының тарихи-топографиясын зерттеп, Талас өзені шайып жатқан батыс бұрышындағы қамалына ұзындығы 9 м, тереңдігі 5 м болатын кесік салып, оның қалыңдығы 7 м екенін анықтады. Қамал қалыңдығы 15 см пахса қабаттарынын тұрғызылған, сақталған биіктігі 3,8 м. Түймекенттің оңтүстік-шығыс қабырғасында орналасқан қақпада көлемі 22х12 м қазба жүргізіліп, ені 5 м, ұзындығы 20 м қақпаның қалдығы ашылды, оның жоғарғы жағы бұзылған, солтүстік және оңтүстік қабырғалары 4-4,6 м биіктікте сақталған. Қақпаның астында жатқан мәдени қабатты зерттеу кезінде 2,25 м тереңдіктен оңтүстік-шығыстан солтүстік-батысқа қарай бағытталған екі қатар су құбырлары ашылды [10, c. 37-39].

1986 жылы Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнология институты археологиялық экспедициясының тобы (К.М. Байпақов) ортағасырлық Түймекент қаласының жобасын түсіріп, жердің бетінде жатқан археологиялық заттарды жинап, қаланың қазіргі жолдар бұзып өткен бөліктеріне көңіл аударған.

2000 жылы Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының экспедициясы (К.М. Байпақов) ортағасырлық Түймекентте бірнеше байқау қазбаларын (шурфтар) жүргізді [11, c. 122-123].

2010 жылы Жамбыл облысы Байзақ ауданының тарихи-мәдени ескерткіштерінің жинағын даярлау мақсатында барлау жүргізген «Археологиялық сараптама» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мекемесінің экспедициясы ортағасырлық Түймекент қаласын ұшақтан суретке түсірді [1, 41-76 б.].

2010 жылы «Археолог» Халықаралық ғылыми-зерттеу орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мекемесі (директоры М. Елеуов) Республикалық «Мәдени мұра» стратегиялық бағдарламасы бойынша өзен шайып және шаруашылық жұмыстарының нәтижесінде бұзылып жатқан ортағасырлық Түймекент қаласының тарихи-топографиялық құрлымын қайта зерттеп, бұзылып жатқан бөліктерін анықтап, қорғау аймағын белгілеп, оның әртүрлі бөліктерінде қазба жұмыстарын бастады.

Ортағасырлық Түймекент пен Ақыртас жайлы аңыздар. Аңыз – халқымыздың жадында сақталып, ауызша айтып келген тарихы. Аңыздарда еліміздін тарихында болған басты-басты оқиғалар, тарихи түлғалар, ежелгі қалалар, жер-су аттарына қатысты құнды деректер сақталған. М. Әуезов аңыздарды тарихи адамдар жайындағы және күй аңыздар деп бөліп, қазақ аңыздарының ертегілерден ерекшелігі туралы былай дейді: «Қазақ аңыздарының ертегілерден ерекшелігі сол - барлығы да тарихта болған адамдар жайында айтылған, халық шығарған көркем әңгіме болып келеді» [12, 55-б.].

Ә. Қоңыратбаев тарихи аңыздарды кала және дала аңыздары деп екіге бөліп қарастырған [13, 288-б.].

C. Қаcқабасов тарихи аңыздарды бейнелейтін оқиғаларына қарай, кейіпкерлеріне, жалпы тақырыбы мен мазмұнына қарап, тарихи аңыздарды шартты түрде мынадай алты топтарға бөлген: а) оғыз-қыпшақ заманынан елес беретін аңыздар; ә) моңғол шапқыншылығы мен Алтын Ордада кезіндегі оқиғалар жайындағы аңыздар; б) қазақ хандығы тұсындағы оқиғалар мен қайраткерлер туралы аңыздар; в) қалмақтарға қарсы соғыс-ұрыстарға байланысты туған аңыздар; г) Сырым, Исатай-Махамбет, Жанқожалар бастаған шарулар көтерілісіне байланысты туған аңыздар; д) ХХ ғасырдың басындағы ұлт-азаттық қозғалыс туралы баяндайтын аңыздар. Ол 1-топқа оғыз- қыпшақ заманынан елес беретін аңыздарды еңгізген, олардың қатарында: «Жанкент қаласы туралы» [14, с. 222-225], «Арыстан Алып пен Түйме сұлу» [15, с. 292-294] сияқты шығармаларды жатқызған, өйткені бұларда көрінетін адамдар мен әңгімеленетін шаһарлар сол ҮІІІ-ХІ ғасырларда болған оқиғаларда көрнекті рөл атқарған [16, 126-131 б.].

М. Елеуов аңыздардың тікелей тарихқа, тарихи тұлғалар мен оқиғаларға және белгілі бір жерге (мекенге) қатысты болатынын ескере отырып ежелге және ортағасырлық қалалар мен елді мекендер жайлы аңыздарды тарихи-мекендік аңыздар деп атаған [17, 41-42 б.].

Ортағасырлық Түймекент қаласы туралы тарихи-мекендік аңыздар негізінде Ақыртаспен байланысты сақталған.

Талас өңіріндегі Ақыртас кешені туралы халық аузында айтылып жүрген тарихи-мекендік аңызды алғашқылардың бірі болып жариялаған А. Диваев болды. 1899 жылы оның алғашқы нұсқасы «Рассказ об Алангсар-Алифе» деген атпен шықты [18, с. 282-287]. Осы аңыздың екінші нұсқасы А. Диваев пен В.Н. Андерсеннің авторлығымен 1908 жылы жарыққа шықты [19, с. 431-452].

1909 жылы Әулиеата уезіндегі Тастөбе болысының тұрғыны Тәуке Нұрабаевтың қолжазбасы «Легенда о великане Адже по прозвищу Алангсор-Алиф» деген атпен жарияланды [20, с. 4].

В.В. Бартольд Түймекент қаласы орналасқан жердің стратегиялық жағынан өте ыңғайлы екеніне тоқтала отырып, қаланың атын Тойма (Түйме) қызбен байланыстырып, ол туралы аңызға көңіл аударған [3, с. 32].

1905 жылы В.А. Каллаур жариялаған «Древие киргизские легенды о постройке Акыр-Таша» деген мақалада Түймекентті мекендеген Көкшехан оның қызы Түйме сұлу, Алаңғасар алып және оның баласы жайлы уақиғалар жүйелі түрде баяндалған [21, с. 37-39] .

1906 жылы Ақыртас туралы бір аңыз Әлібайдың (Алибай) мақаласында жарияланды [22, с. 5].

Ә.Х. Марғұлан «Ежелгі жыр аңыздар: ғылыми-зерттеу мақалалар» атты еңбегінде Түймекент пен Ақыртас туралы аңыздарға тоқтала келіп, оның екі үлгісінен үзінділер келтірген: «...Аңыздың баяндауынша «Бұрынғы заманда Алаңғасар атты бір дәу болыпты, оның Арсалаң Алып деген баласы бар екен. Екеуі жер аралап келе жатып, Бота Мойнақ, Алматы, Қараша деген жерлерге келіпті. Бота Мойнақ Талас өзенінің жағасында болады екен, ол жерге алыптар «Түймекент» деген шаһар тұрғызады. Бұл екеуі де атақты батыр екен, тағы да «Ақыртас» деген қаланы тұрғызамыз деп кеңес құрыпты. Екеуінің ерлікпен серттескен уәдесі бойынша, әкесі тас қалап жатса, баласы таудан тас тасып тұратын болыпты. Бірақ әкесі баласына жан-жағыңа қарама дейді. Алып бала бұрылып қараса, анадайдан бір сұлу әйел өтіп бара жатыр екен. Жігіт сұлуды көре сала соңына түседі. Қыздың аты Түйме екен, оған жігіт бұрыннан ғашық екен. Жігіт қызға барып: «Маған ти» дейді. Қыз айтады: «Тастан шаһар салып берсең, тиемін» дейді. Алып оған қала салып бермекші болады. Алаңғасар алып Бота Мойнақ тауынан тас тасып, қала тұрғызады. Бота Мойнақ тауын жырып, Талас өзенінің суын қаланың қасынан өткізбекші болады. Бірақ, Алаңғасар алып тағы бір сұлу қызды көргенде бұрынғы қызын да, салатын қаласын да ұмытып кетеді. Әйткенмен, қала салмаса да бұл Алып өлген соң оның сирағынан Амудария суына көпір салыпты-мыс. («Ақыртас» ертегісі) Екінші бір ертегі — әңгімеде Тас-Ақыр туралы былай дейді: күндердің бір күнінде жігіт жол жүріп бір шаһарға кез келеді. Келсе, бұл шаһар қаламен тасқа айналыпты. Үйлері, нәрселері, отын кескен кісілер тұрған-тұрған жерінде балтасымен тас болып қалыпты. Кейбір адам отын көтерген қалында тас болған, кейбіреу көшеде келе жатқан қалпында тас болған. Жігіт бұл қаланы аралап, ханның үйіне келсе, ханның жалғыз қызы бар екен: қыз елге жар салып осы қаланы жаңадан тұрғызып берген кісіге күйеуге шығамын дейді» [23, 43-44 б.].

Түймекентке байланысты бір аңыз Қоңыртөбеге қатысты. Қоңыртөбе обасы – Үшбұлақ теміржол бекетінен 5 верст жерде Шаповавловка (Түймекент) ауылына барар жолдың оң жағында орналасқан. Оба конус тәрізді, биіктігі 75 қадам, айналдыра ұзындығы 420 қадам. Үстінде шұңқыры бар. Оба айналдыра төртбұрышты етіп бір қатар таспен қоршалған, онан 50 қадам жерде, төртбұышты айналдыра төрт қатар таспен қоршалған қоршау орналасқан [24, с. 46].

1983 жылы Жамбыл облысында археологиялық барлау жүргізген ҚазМУ археологиялық эспедициясы тобының жетекшісі М. Елеуов Жібек жолы ауылының тұрғынынан Қоңыртөбе жайлы бір аңызды жазып алған болатын, аңызда: «Бұл төбені халық Қоңыртөбе деп атайды. Аталарымыздың айтуна қарағанда ескі замандарда осы төбеде тұрған қарауылға бір жағында Тараз, екінші жағында Ақыртас, ал үшінші жағында сонау Таластың жағасында тұрған Түймекент көрініп тұрады екен», - делінген [25, 25 б.].

Түймекент ауылының тұрғындары А. Тышқанбаев [26, 4-7 б.], М. Уразбаевтің [27, 3-5 б.] қолжазбаларында Түймекент қаласы туралы қысқаша деректер және Түйме қыз жайлы аңыздардан үзінділер келтірілген.



Түймекенттің баламалануы. Ортағасырлық Түймекент қаласының баламалануына қатысты әртүрлі болжамдар белгілі. Түймекент Скайлердің кітабында Тараз (Талас) қаласымен баламалаған [28, с. 114].

В.В. Бартольд бұл қаланы Түймекент деп атап, оның атының шығуын Түйме қызбен байланыстырған [3, с. 32].

К.М. Байпақов алғашында Түймекентті Тараздан 7 фарсахта орналасқан Кавекет (Кевакиб) деген жердегі Дех-Нуджикес қаласымен баламалауды ұсынған [29, с. 30], ал кейіннен оны Түймекент ауылының жанындағы қаламен баламалаған [11, 123-124 б.].

Біз Байзақ ауданындағы Түймекент ауылының оңтүстік шетінде орналасқан ортағасырлық қаланың Түймекент екеніне күмән келтірмейміз. Себебі бұл ортағасырлық қала Талас өңіріндегі өзінің тарихи атын сақтап қалған санаулы ескерткіштердің бірі.



2010 жылы Түймекентте жүргізілген қазба жұмыстары. 2010 жылы өзен шайып және жүргізілген шаруашылық жұмыстарының барысында бұзылып жатқан ортағасырлық Түймекент қаласынның жобасы түсіріліп (сурет 2) кесік – стратиграфиялық қазба (қаба 1, қазба 2) жүргізілді.

Кесік. Ортағасырлық Түймекент қаласының Талас өзені шайып кеткен батыс бөлігінің стратиграфиясын, қамалының салынған уақытын анықтау мақсатымен биіктігі 17 м келетін тік жарқабақтың жағасына кесік-стратиграфиялық қазба жүргізілді (сурет 3). Жарқабақты жиектей оңтүстік-батыстан солтүстік-шығысқа қарай қазылған кесіктің ұзындығы 36 м, ені 1-1,5 м, тереңдігі 3-7,5 м. Жүргізілген қазу-тазарту жұмыстарының барысында екі құрылыс кезеңінде салынған құрылыстар ашылды.

1-құрылыс кезеңінде Талас өзенінің оң жағасына оңтүстік-батыстан солтүстік-батысқа қарай бағытталған, қалыңдығы 7 м қамал салынған. Қалыңдығы 15, 20, 25 см пахсадан өрілген қамал 5,5-6,5 м биіктікте сақталған, оның ішкі жағы тік, ал сыртқы жағының көлбеугігі 80-850. Қазба кезінде қамалдың сыртында (қамалдың іргесінде) жатқан пахса құландысы аралас бос топырақтың арасынан саптыаяқ және қазан табылды, осы үлгідегі саптаяқтар мен қазандар ортағасырлық Қарашық қаласының ІХ-Х ғасырлар кезіндегі мәдени қабатынан табылған [30, 9-б.]

2-құрылыс кезеңінде қалыңдығы 15, 20, 25 см пахсадан қамалдың ішкі жағындағы қабырға мен сыртындағы платформа салынған. Қамалдың ішкі жағындағы оңтүстік-батыстан солтүстік-шығысқа қарай бағытталған қабырға 1,4-1,5 м биіктікте сақталған.

Осы құрылыс кезеңінде қамалдың сыртында жатқан қалыңдығы 0,25-0,3 м келетін пахса құландысы аралас бос топырақ тегістеліп, биіктігі солтүстік-шығысында (қамалдың іргесінде) 0,5 м, ал оңтүстік-батысында - 1,75 м платформа мен оның үстіндегі қалыңдығы 2 м, сақталған биіктігі 0,8 м қабырға салынған.

Платформаның үстінде жатқан пахса құландысынан және қалыңдығы 2 м қабырғаның ішкі жағында жатқан күлдің арасынан әртүрлі үлгідегі қазандар мен құтылардың сынықтары табылды. Ернеуінің кесіндісі бойынша осыған ұқсас қазандар мен құтылар Талас өңіріндегі ортағасырлық Ақтөбе 1 [31, 142 б., рис. 13, 32-35, 55-61 бб.] және Ақтөбе [32, 155 б, табл. ІІІ] қалаларының ХІ-ХІІ ғасырлар кезіндегі мәдени қабаттарынан табылған.

Қазба 1. Кесіктен ашылған қамалдың ішкі (солтүстік-шығыс) жағын құландыдан тазартып, 2-құрылыс кезеңінде салынған қабырғаның қалыңдығын және қаланың оңтүстік-батыс қақпасының орнын анықтау үшін солтүстік-батыстан оңтүстік-батысқа қарай бағытталған ұзындығы 22 м, ені солтүстік-батыста 4 м, оңтүстік-батыста 1,8 м қазба жүргізілді. Қамалдың ішкі жағын құландыны тазарту барысында 2-құрылыс кезеңінде салынған қабырға 3 м аралықта ашылып, оның қалыңдығы 1,5 м екені анықталды.

Қамалдың ішкі жағын пахса аралас топырақ құландысынан тазарту кезінде 2-құрылыс кезеңінде салынған қабырғадан оңтүстік-батыста 11 м жерден оңтүстік-батыс қабырғадағы «Г» тәрізді қақпаның ені 2,75 м жолы ашыла бастады. Қақпаның жолы өткен жердің үсті ХХ ғасырдың 70-жылдарында 2-2,5 м тереңдікте қазылып тегістелген.

Қамалдың ішікі жағын құландыдан тазарту кезінде қамал мен солтүстік-шығысқа қарай бағытталған қабырғаның бұрышындағы шұңқырдан, жолдың деңгейінен ыдыс сынықтары және жолдың үстіндегі құландыдыдан қоладан, темірден жасалған сақиналар, темір шегелер табылды.

Қазбадан шыққан мойыны цилиндр тәрізді етіп жасалған құтыларға ұқсас ыдыстар ортағасырлық Қарашық 1 қаласының ХІ – ХІІ ғасырлардағы мәдени қабатынан табылған [30, 10 б., 6-сурет, 2].



Қазба 2. Оңтүстік-батыстан солтүстік-шығысқа қарай бағытталған. ұзындығы 21 м, ені 7-12 м қазба цитадельден оңтүстік-батыстағы құрылыстарды қоршап жатқан төрткүлінің батыс бұрышындағы биіктігі 1,2-1,5 м, үсті тегіс алаңда жүргізілді. Алаңның батыс жағы қаланың оңтүстік-батыс қабырғасымен шектелген, солтүстік-батыс жағының бірқатар жері ХХ ғасырдың 70-жылдарында жол салу кезінде бұзған. Жүргізілген қазбаның барысында оңтүстік-батыстан солтүстік-шығысқа қарай тізбектеле орналасқан 4 бөлме ашылды, олардың қалыңдығы 2 - 1,4 м қабырғалары көлемдері 40-42х20-21х7-8 см кесектен қаланған (сурет 4).

Бірінші бөлме қазбаның солтүстік-шығысында орналасқан, жобасында «+» тәрізді, көлемі 5,7х5,7 м, қабырғалары 1,6-2,4 м биіктікте сақталған. Ені 1,2 м есік оңтүстік-батыс қабырғада орналасқан, бөлменің солтүстік, шығыс және батыс бұрыштарындағы тікбұрышты пилонның көлемі 1х1 м, оңтүстік бұрыштағы пилон трапецияға ұқсас етіп қаланған. Бөлменің батыс бөлігіндегі көлемі 2х2,4 м, сұпаның үстіндегі қыш кесектен қаланған алаңның ортасырда орналасқан сегізқырлы ташнаудың аумығы 64 см, тереңдігі 30 см. Ташнау орналасқан алаң, ташнаудың қабырғалары, түбіның көлемдері 25х25х4,5-5; 26х26х4,5; 29х29х5; 29,5х30х5; 36х18х5 см қыш кесектен қаланған.

Үстінде ташнауы бар алаңның солтүстік-батыс жиегінен қазылған құдықтың аузындағы аумағы 1 м, тереңдігі 3,25 м. Құдықтың қабырғаларында оған түсіп, шыққанда аяқ қоюға арналған арасы 0,5 - 0,7 м, көлемі 5х10 см келетін ойықшалар сақталған. Құдықты тазарту кезінде оның ішінде жатқан құландыдан ыдыстың ұсақ сынықтары, көлемдері 26х26х4,5-5, 26х26х5 см келетін қыш кесектер және олардың сынықтары табылды.

Бірінші бөлмемен солтүстік-шығыс қабырғасы ортақ, онымен ені 1,2 м есік арқылы байланысып жатқан екінші бөлме төртбұрышты, көлемі 3,9 х 5 м. оның қабырғалары 1,8-2,1 м биіктікте сақталған. Еденге төселген қыш кесек іздері есікке жақын жерде, оңтүстік-батыс қабырғаның жиегінде де сақталған.

Екінші бөлмемен солтүстік-шығыс қабырғасы ортақ үшінші бөлме жобасында «+» тәрізді, көлемі 5,7 х 5,7 м, қабырғалары 2,1-2,5 м биіктікте сақталған. Бөлменің солтүстік, батыс, оңтүстік бұрыштарындағы тік бұрышты пилонның (бөлменің ішіне қарай кіріп тұрған) көлемі 1х1 м. Солтүстік-шығыс бұрыштағы пилон трапецияға ұқсас етіп қаланған. Шығыс бұрыштағы есіктің ені 1,1 м, ал оңтүстік-батыс қабырғаның ортасындағы төртінші бөлмеге шығатын есіктің ені 1,1 м, бөлменің еденіне қыш кесек төселген.

Үшінші бөлмемен солтүстік-шығыс қабырғасы ортақ, онымен ені 1,1 м есік арқылы байланысқан төртінші бөлменің көлемі 5,7 х 1,25-1,5 м. Бөлменің солтүстік-шығыс қабырғасы 1,7-2,5 м, оңтүстік-шығыс қабырғасы 4,5 биіктікте сақталған, ал оңтүстік-батыс қабырғасы ретінде қаланың оңтүстік-батыс қамалын пайдаланған.

Қазбадан ашылған бөлмелерді құландыдан тазарту, едендерін ашу кезінде 1 - және 3 – бөлмелерден құмның, құтының, қазанның сынықтары, 4 - бөлмеден шұңғыл табақтардың, астаудың сынықтары мен дастарханның аяғы табылды. Бояулы-сырлы ыдыстардан кесенің жиектері, түбі, түбек тәрізді ыдыс кездесті. Олар сапалы қоспадан шарықта жасалған, жақсы күйдірілген. Ыдыстардың іші мен сыртына ақ түсті ангоб жағылып, оған қоңыр түсті бояумен өсімдік үлгісіндегі өрнек салынған да үстіне түссіз сыр жағылған.

Ақ түсті ангобқа қоңыр не қара-қоңыр бояумен салынған суреттің бетіне түссіз сыр жағылған бояулы-сырлы ыдыстар Отырардың Х-ХІ ғасырлардағы мәдени қабаттарынан [33, с. 96-97; с. 101, рис. 55], ал Қарашық 1 қаласында – ХІ - ХІІ ғасырлардың қабаттарында кездеседі [30, 10-б.].

Ортағсырлық Түймекент қаласында 2010 жылы жүргізілген зерттеу барысында ашылған құрылыстарды уақытша сақтау, бекіту жұмыстары іске асырылды



ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ


  1. Ортағасырлық Тамды және Түймекент (бұзылып жатқан қалалар): Альбом / Алғы сөзін жазып құрастырған М. Елеуов, С. Қалиев, С. Есенов. – Алматы: Тарих тағылымы, 2010. – 76 б.

  2. Кастанье, И.А. Древности Киргизской степи и Оренбургского края. – 2 изд. – Алматы: Дайк - Пресс, 2007. – С. 233.

  3. Бартольд, В.В. Отчет о поездке в Среднюю Азию с научной целью. 1893-1894 г. // Сочинения в 9 - ти том. М., 1966. – Т. 4. – С. 30-36.

  4. Каллаур, В.А. Древности Аулиеатинского уезда / Сообщения Каллаура В.А., прот. засед. от 26.02.1896: ПТКЛА (1896-1897), І. – Ташкент: типлитогра-фия торгового дома Ф.и Г. Бр. Каменские, 1896. – 143 c.

  5. Каллаур, В.А. Поездка на Акырь-ташь (Ахурь-ташь, Ташь-акырь) и его окресности: ПТКЛА (1904-1905), Х. – Ташкент: тип. Штаба Туркестанского военного округа, 1905. – С. 46.

  6. Труды Семиречинской археологической экспедиции (1936 – 1938 гг.). Таласская долина / под общ. ред. проф. А.Н. Бернштама. – Алма-Ата: Изд. АН КазССР, 1946. – 216 с.

  7. Пацевич, Г.И. Историческая топография городов и поселений юга Казахстана ҮІІ-ХҮ вв. н.э. (по археологическим данным): дис. на канд. истор. наук. – М., 1954. – С. 286-288.

  8. Маргулан, А.Х. Из истории городов и строительного искусство древнего Казахстана. – Алма-Ата: Изд-во АН КазССР, 1950. – 122 с.

  9. Грошев, В.А. Ирригация Южного Казахстана и Семеречья в древности и средневекое в Ү в д.н.э. – ХІІІ в. (В связи с историей возникновеня и развития поливного земледелия): автореф. дис. на доктора истор. наук: Истоические науки. 07.00.06. - археология. Алматы, 1997. – С. 19-20.

  10. Археологическая разведка на территории Джамбулской области: отчет о НИР / М. Елеуов Археолого-этнографическое изучение Чуской долины. – Алма-Ата, 1984. С. 37-39.

  11. Байпақов, К.М. Түймекент қалашығы // Қазақстан Республикасының тарихи және мәдени ескерткіштер Жиынтығы. Жамбыл облысы. – Алматы, 2002. Т. 2. – 122-123- б.

  12. Әуезов, М. О. Уакыт және әдебиет. - Алматы, 1962. – 428 б.

  13. Қоныратбаев Ә. Қазак. фольклорының тарихы / Құрастырып алғы сөзін жазған Ә. Қоңыратбаев. – Алматы, 1991. – 288 б.

  14. Легенда о Джанкенте // Труды Оренбургской ученой архивной комиссии. – 1910. – Вып. ХХІІ. – С. 222-225.

  15. Қисса Алаңғасар алып // Записки Восточного отдела Русского археологического общества. – 1896. – Т. 11. – С. 292-294.

  16. Қасқабасов, С. Қазақтың халық прозасы. – Алматы: Ғылым, 1984. – 126-272 б.

  17. Елеуов, М. Шу мен Талас өңірлерінің ортағасырлық қалалары (ҮІ - ХІІІ ғ. басы). – Алматы: Қазақ университеті, 1998, б. 1. – 208 б.

  18. Диваев, А. А., Рассказ об Алангсар-Алифе // Записки Восточного отдле-ния Русского археологического обшество. – СПб., 1899. – Т. ХІ. – С. 282-287.

  19. Диваев, А. А., Андерсен, В. Н. Киргизская легенда о ветхозаветном великане Адже (оге) // ИОАИЭ. – Казань, 1908. – Т. ХХҮ. вып. 5. – С. 431-452.

  20. Нурабаев, Т. Легенда о великане Адже по позвищу Алангсор-Алиф // Туркестанские ведомоти. – 1908. № 83.

  21. Каллаур, В.А. Древие киргизские легенды о постройке Акыр-Таша // ПТКЛА, 1905 (1904-1905). Х. – С. 37-39.

  22. Алибай, А. Из прошлого (придания о Таш-Акыре) // Туркестанские вемости. – 1906. – № 45.

  23. Марғұлан, Ә.Х. Ежелгі жыр, аңыздар: ғылыми зерттеу мақалалар / құрастырған Р. Бердібаев. – Алматы: Жазушы, 1985. – 368 б.

  24. Каллаур, В.А. Поездка на Акырь-Ташь (Ахурь-Ташь. Ташь-Акырь) и его окрестности // ПТКЛА, 1905 (1904-1905). – С. 46.

  25. Елеуов М. 1983 жылға ҚазМУ археологиялық тобының күндегігі / ҚазМУ археология және этнология кафедрасының архиві. – 1983. – 10 кітап. – 60 б.

  26. Тышқанбаев, А. Таразбен қанаттас болған қала – Түймекент. – Түймекент, 2008. – 10 б.

  27. Уразбаев, М. Түймекент – Түйме қыздың қаласы. – Түймекент, 2009. – 10 б.

  28. Бартольд, В. В. Отчет о поездке в Среднюю Азию // Сочинения: в 9-ти т. – М., 1966. – Т. 4. – С. 111-115.

  29. Байпаков, К.М. Срденевековая городская культура Южного Казахстана и Семиречья. – Алма-Ата: Изд-во Наука, 1986. – 255 с.

  30. Елеуов, М. Ортағасырлық Қарашық 1 қаласының цитаделіндегі кесік // Отан тарихы. – 2003. – № 4. – 7-12 бб.

  31. Бубнова, М.А. Средневековое поселение Актобе 1 у села Орловки // Археологические памятники Таласской долины. – Фрунзе, 1963. – С. 125-143.

  32. Кожемяко, П.Н. Оседлые поселения Таласской долины // Археологически памятники Талсской долины. – Фрунзе, 1963. – С. 145-224.

  33. Акишев, К.А., Байпаков, К.М., Ерзакович, Л.Б. Древний Отрар. – Алма-Ата: Наука, 1972. – 214 с.



Сурет 1 – Түймекенттің ұшақтан түсірілген суреті

Сурет 2 – Түймекенттің 2010 жылы түсірілген жобасы

Сурет 3 – 2010 жылы салынған кесіктің солтүстік-батыстан көрінісі

Сурет 4 – 2010 жылғы қазба 2. Солтүстік-батыстан көрінісі





Каталог: sites -> default -> files -> publications
publications -> ТӘуелсіздік жылдарынан кейінгі сыр өҢірі мерзімді басылымдар: бағыт-бағдары мен бет-бейнесі
publications -> Қазақстан халқы Ассамблеясы” кафедрасының аға оқытушы ф.ғ. к. Есқараева Айгүл Дүйсенғалиқызы “абай жолы” эпопеясындағЫ Әйелдер бейнесі
publications -> О. Сүлейменов және қазақ кино өнері
publications -> Абай мен Пушкин шығармалары
publications -> Темірбек жүргеновтің Өмірі мен қызметі (Қазақстан мұрағат құжаттары негізінде) Оразбақов Айтжан Жұмабайұлы
publications -> «Мәңгілік ел – ұлттық идеясының қазақ әдебиетінде көркемдік көрініс табу дәстүрі мен инновациялық жаңашылдық мәселелері» атты Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдары
publications -> Қазақ стиль типологиясының Қалыптасуы қорқыт ата атындағы Қму доценті А. Е. Айтбаева
publications -> Ш.Құдайбердіұлы және М.Әуезов шығармашылығындағы тұтастық Нұрланова Әсем Нұрланқызы
publications -> Абай танымындағы сопылық
publications -> Қазақ әдебиетінің халықаралық байланыстары


Достарыңызбен бөлісу:


©netref.ru 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет