Орталық Азияның Еуразия Қоры тренерлік шеберлік мектебі



жүктеу 336.28 Kb.
Дата03.05.2016
өлшемі336.28 Kb.
: upload -> files
files -> Т. Н. Кемайкина психологические аспекты социальной адаптации детей-сирот и детей, оставшихся без попечения родителей методическое пособие
files -> Ұлттар жіктеуіші
files -> Деректі фильмнің беташары
files -> Мазмұны бағдарламаның ТӨЛҚҰжаты
files -> Бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алу қорытындысы туралы хаттама «Сұйық отын және аи-92 жанар жағар майын сатып алу»
files -> Жоба сайлау учаскелерін құру туралы «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы»


Орталық Азияның Еуразия Қоры

«ТРЕНЕРЛІК ШЕБЕРЛІК МЕКТЕБІ

(семинар-тренингтерді жүргізудің әдістемесі)»

тренингінің материалдары


Оқытушы тренерлер:

Мамырбеков А. М., Азатов А. А.

Алматы қ.,

22-24 сәуір, 2013 ж.

ИНТЕРАКТИВТІ ОҚЫТУ ӘДІСТЕМЕСІ

Интерактивті оқыту әдістемесін қолданудың мән-маңызы
«Ақпарат дәуірі» атанған қазіргі заманды келесідей бес түрлі сипатпен суреттеуге болады:


  1. Үздіксіз қозғалыс, өзгеріс пен жаңару.

Бүгінгі таңда ештеңе де бір орында тұрмайды: саясат, экономика, әлеуметтік қарым-қатынастар – барлығы күн сайын өзгеріп, дамып, түрленіп отыруда. Қазіргі заман адамы мұндай қарқынды қозғалыс пен жаңаруларға бейімделуі тиіс.
2. Ақпарат көлемінің артуы.

Ақпарат беру көздерінің қарқынды дамуы адамның игеруіне тиіс ақпараттар көлемін арттырды әрі кез келген саладағы ақпарат тез арада ескіріп отыратындықтан, адамға осы кең көлемді ақпаратты тиімді саралап, өзіне қажеттісін алуға икемделу керек.


3. Коммуникацияның жаңа түлерінің дамуы.

Шапшаң байланысу құралдарының дамуы (интернет, мобильді байланыс, т.б.) адамдардың өзара байланысуы мен әрекеттесуінің жаңа түрлерін қалыптастырды. Заман талабына сай қарым-қатынас тәсілдерін пайдалану үшін кез келген адамға жаңа технологияларды игеру талабы қойылады.


4. Постиндустриалды экономика.

Бүгінгі экономика шекаралардың жойылуымен (жаһандану) және қызмет көрсету түрлерінің дамуымен ерекшеленеді (бүгінгі таңда адамдардың тек 15% ғана өндіріс саласында қызмет етеді, қалған 85%-ы қызмет көрсету саласында әрекет етуде). Постиндустриалды заманда кез келген мамандық иесіне өз біліктілігін үздіксіз түрде жетілдіріп отыруға тура келеді.


5. Әлеуметтік қарым-қатынастардың түрленуі.

Адамзат қоғамы өзара қызмет көрсету қоғамына айналды. Сіз бүгін біреуге қызмет қылсаңыз, ертең біреу сізге қызмет қылады. Гендерлік, т.б. шектеулер жойылды. Бәсекеге қабілетті болу қажеттігі туындады, яғни қоғамның өзі бір үлкен «нарыққа» айналды, сіз өзіңізді өзіңіз үнемі жетілдіріп отырмасаңыз, бұл нарықта сізге, сіздің қызметіңізге деген сұраныс та болмайды.


Ақпарат заманында адамдарды ОҚЫТУҒА қойылатын талаптар да өзгеше.

Қазіргі уақытта кез келген оқыту әрекетіне қойылатын талап –адамға белгілі бір дағды, қабілет пен машықты игерту, яғни оқыту нәтижесінде адам тек теориялық білім алумен ғана шектелмей, қандай да бір әрекетті жүзеге асыруды үйренуі тиіс. Бұл ретте оқытудың дәстүрлі формаларын пайдалану жеткіліксіз. Керісінше, әрекетке бағытталған оқыту тәсілдерін пайдалану, интерактивті әдістемелерді қолдану әлдеқайда тиімді екендігі дәлелденуде.


«Интерактивті оқыту» ұғымы (interactive – ағылшын тілінде «қарым-қатынас») оқытушы мен оқушының бірлесе жүзеге асыратын әрекеті негізінде оқытуды білдіреді. Негізгі басымдық «оқытушыға» берілетін, ал оқыту барысындағы басты әрекет «білімді беру, үйрету» болып табылатын дәстүрлі түсініктегі оқытумен салыстырғанда, интерактивті оқыту «оқытушы» мен «оқушының» өзара іс-әрекеттесуін меңзейді, мұндағы басты әрекет - «білімді алу, үйрену», яғни «оқушының» әрекет барысында білімді өз бетімен игеруі.
Интерактивті оқытудың негізгі принциптері:

  • Білім игерілетін орта қалыптастыру.

  • Іс-әрекет арқылы оқыту.

  • Оқытуды өмірмен байланыстыру.

  • Оқушының өзіндік дербестігін қалыптастыру.

Интерактивті оқыту міндетті түрде іс-әрекет арқылы жүзеге асырылады, себебі істелген әрекет тыңдалған ақпарат пен көрілген мәліметтен гөрі есте жақсы сақталады.

Бұл ретте данышпан Конфуцийдің мына сөздері интерактивті оқытудың барлық мәнін ашатындай:

«Айтып бер – ұмытып қалайын, көрсетіп бер – есімде қалсын, өзіме істет – үйренейін».
Интерактивті оқытудың принциптері мен міндеттері


Принциптері

Міндеті

Білім игерілетін орта қалыптастыру

  • Оқушының берілетін білімді кедергісіз игеруіне қолайлы жайлы орта қалыптастыру.

  • Оқушы өз әрекетінің тиімділігін сезінетіндей орта қалыптастыру.

  • Оқушылардың өзара ашық та шығармашыл қарым-қатынас жасауына жағдай жасалатын орта қалыптастыру.




Іс-әрекет арқылы оқыту

  • Оқушыға білімді игеру тек өз бетінше іс-әрекет жасаған күнде ғана толыққанды іске асатындығын дәлелдеу.

  • Интерактивті оқыту тәсілдерін пайдалану арқылы оқушылардың білімді игеру үрдісін белсенді іс-әрекеттер негізінде жүзеге асыру.




Оқытуды өмірмен байланыстыру

  • Оқытудың барысында берілетін білім мен үйретілетін дағды (машықтың) шынайы өмірдегі нақты жағдайларда қолданылатындығын көрсету, дәлелдеу.

  • Оқыту үрдісін өмірдегі нақты мәселелерді шешудің жолы ретінде қарастыру.

  • Оқыту барысында өмірден нақты мысалдар келтіре отырып машықтандыру.




Оқушының өзіндік дербестігін қалыптастыру


  • Білімді дайын материал түрінде емес, оқушылар өз бетімен зерттеп, тауып, игеріп алатын тапсырма не жаттығулар түрінде ұсыну.

  • Оқушылардан дайын жауаптар талап етпеу, оларды өз пікірін білдіруге, мәселені өз бетінше шешуге итермелеу.

  • Оқушылардың бойында сыни тұрғысынан ойлау, сараптау дағдыларын қалыптастыру (күмән келтіру, өз көзқарасын білдіру, ақпаратты әр қырынан қарастыру, дәлелдер келтіру, т.с.с).



Интерактивті оқытудың бір артықшылығы – оқыту үрдісі барысында оқушылардың өмірлік тәжірибесіне негізделген тұлғааралық қарым-қатынас жүзеге асады. Өмірлік тәжірибеге әр оқушының жеке пікірі мен көзқарасын, өзіндік ойы мен идеяларын, тұжырымдары мен дәлелдерін жатқызамыз. Оқыту барысында оқушылар бір-бірімен осындай тәжірибемен бөлісе отырып, өз беттерінше жаңа білім мен дағдыларды үйренеді.



Интерактивті оқыту әдістемесін қолдану арқылы оқушы бойында келесі дағдыларды қалыптастыруға болады:

  • өз пікірлері мен әрекеттерін сараптау;

  • ақпаратқа қатысты өзіндік пікір қалыптастыру әрі көп ақпарат ішінен өзіне қажетті мәліметтерді алу;

  • жаңа ұғымдар мен жаңа білімді өз бетінше игеру;

  • өз ойын білдіру және өзгенің пікірін тыңдау;

  • тілдесу, пікір алмастыру, топпен жұмыс істеу;

  • шешім қабылдау.

Мұндай дағдылардың қалыптасуы оқушыға жаңа білімді өз бетінше игеруге мүмкіндік беріп қана қоймай, оның белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыруға жағдай жасайды.

Интерактивті оқытуды ұйымдастырудың ережелері


  1. Аудиторияны дайындау.

Оқыту үрдісі жүргізілетін аудитория (класс, зал, кабинет) қатысушылардың белсенді іс-әрекеттер жүргізуіне ыңғайлы болуы тиіс. Мәселен, оқыту барысында қатысушылар бірнеше рет өзара шағын топтарға бірігіп жұмыс істеуі мүмкін, сол кезде аудитория ауқымы қатысушылардың емін-еркін қозғалуына, кедергісіз жұмыс жасауына ыңғайлы болуы керек. Аудиториядағы үстелдер мен орындықтар оналасуын оңай өзгертуге болатындай қозғалмалы (жеңіл, шағын, бөлек) болғаны жөн. Жұмы тиімді жүзеге асуы үшін аудиторияда тақта, мобильді флипчарт, маркерлер, барлық қажетті кеңсе бұйымдары мен құрал-жабдықтар болуы тиіс. Оның үстіне аудиторияның аясы (ішкі температурасы, ауасы, т.б.) қатысушылардың белгілі уақыт аралығында еш кедергісіз жұмыс жасауына мүмкіндік беретіндей жайлы болуы қажет.


  1. Оқытудың мақсаты мен күтілетін нәтижелерді айқындау.

Оқыту үрдісінің әр кезеңінің басында (жұмыс күні, аптасы,т.т.) қатысушыларды оқытудың мақсатымен және міндеттерімен таныстыру керек. Оқытушы оқушыларға нені үйрететіндігін және соған сәйкес қатысушылардан қандай әрекет күтетіндігін жеткізуі қажет. Сонымен қатар оқыту тақырыбына сәйкес оқушылардың әрқайсысынан олардың оқыту үрдісінен қандай нәтиже күтетіндіктерін сұрау керек. Бұл өз кезегінде олардың оқыту үрдісіне өз қатыстылығын сезінулеріне және тақырыпты игеруге ынта-ықыластарын оятуға септігін тигізеді.


  1. Оқыту ережелерін қабылдау.

Оқыту барысында барлық қатысушылар бірдей ұстанатын ережелерді оқытудың бастамасында қабылдап алудың маңызы өте зор. Ережелерді ұстану оқыту барысындағы жұмыс тәртібін сақтауға септігін тигізеді. Қабылдануға тиіс ережелердің ішінен «ұялы телефонның даусын өшіру», «кешікпей келу», қатысушылардың «бірін бірі сынамауы» сияқты ережелерді атап өтуге болады, өзге де ережелерді оқытушы қатысушылармен бірлесе отырып құрастырады.


  1. Қатысушыларды топтарға бөліп оқыту.

Оқыту тиімді жүзеге асуы үшін қатысушыларды оқыту барысында шағын топтарға бөліп отырған дұрыс. Интерактивті оқыту қатысушыларға өз бетімен орындайтын түрліше тапсырмалар беруді көздейтіндіктен, мұндай практикалық жұмыстар шағын топтарда жүзеге асырылуы керек. Әдетте шағын топтар қатысушылардың жалпы санына қарай 3-тен 5 адамға дейін құралады. Жұмыс барысында қатысушылардың барлығы бірдей өзара іс-әрекет жасаулары үшін, шағын топтардың құрамын алмастырып отыру қажеттігін де ұмытпаған жөн. Өйткені оқыту тиімді болуы үшін әрбір қатысушы басқа қатысушылардың барлығымен дерлік әрекетке түсуі қажет.


  1. Өзара сенім мен бірлескен жұмысқа негізделген орта құру.

Интерактивті оқыту өз мақсатына жетуі үшін қатысушылар белсенді түрде бірлесе жұмыс жасауға дайын болулары қажет. Қатысушылардың арасында өзара сенім мен бірлесе жұмыс жасауға қызығушылық тудыру мақсатында оқытушы түрліше интерактивті тәсілдерді қолдануына болады, мәселен, топпен жұмыс жасауға үйрететін ойындар, бірлесіп шешетін логикалық тапсырмалар және т.с.с амал-тәсілдер. Бірлескен жұмысты ұйымдастыру барысында қатысушылардың ешқайсысының да ортақ жұмыстан шет қалмауларын қадағалап отыру қажет әрі қатысушылардың оқыту кезіндегі шаршау, жалығу жағдайларын бақылап отырып, дер кезінде сергітетін амал-тәсілдерді қолданып отырған жөн. Мұндай амал-тәсілдерге қимыл-қозғалысқа негізделген ойындарды, бірлесе өлең айтуды, т.с.с. әрекеттер жатады.


  1. Барлық пікірлерді тыңдау.

Интерактивті оқытудың басты ерекшелігі – мұнда қатысушының әрқайсысы жаңа ақпарат пен жаңа білімді дайын күйінде қабылдамай, өз ой елегінен өткізіп барып, өзіне керектісін айырып алуға үйренеді. Сол себепті оқыту барысында әр қатысушының берілетін мәліметке қатысты өз пікірі мен ойларын білдіріп отырғаны өте маңызды. Бұл ретте қатысушылардың ешқайсысы тыңдаусыз қалмауы тиіс. Әр қатысушының пікірі маңызды, тіпті ол пікір оқытушы жеткізбек ойға қайшы болған жағдайда да, оны қате деп тануға болмайды. Әр қатысушы өз пікірін жеткізіп қана қоймай, өзгелердің пікірін тыңдауды үйренуі тиіс, ал өзара пікір алмасу әрекеті талас-тартысқа айналып кетпеуі үшін оқытушы өзіне модератор рөлін алады, оның міндеті – барлық қатысушылардың өз пікірлерін ортаға сала отырып, талқыға түскен тақырыптан өздеріне керек мәліметті түйіп алуларына жағдай жасау.


  1. Кері байланыс орнату.

Кері байланыс қатысушының оқыту үрдісі қалай өткені және қандай нәтижелер бергендігі туралы ой-пікірін тыңдауға негізделеді. Кері байланыс оқыту үрдісінің соңында ғана емес, оқыту барысында қатысушылардың өз бетімен орындайтын тапсырмаларының соңында да жүргізіліп отыруы керек. Кері байланысты түрліше өткізуге болады: топтық рефлексия түрінде, пікір алмасу, әңгімелесу түрінде, т.б. Кері байланыс оқытуға қатысқан оқушыларға да, оқытушының өзіне де пайдалы. Оқытушы оқушылар пікірін тыңдай отырып, оқыту үрдісіндегі өзі жіберген кемшіл тұстарды айқындайды, бұл өз кезегінде оның келесі оқытуға бұдан да жақсырақ дайындалуына түрткі болады. Ал қатысушылар болса, кері байланыс кезінде, өз пікірлерін жеткізу арқылы, оқытылған тақырыпты бекітіп қана қоймай, жаңа ақпарат пен жаңа білімнен өз бойларына түйгендерін айқындап алады, ал оқыту барысындағы кері байланыстардан, тапсырмаларды орындау барысында жіберген қателіктері мен кемшіл тұстарын танып біледі әрі өз әрекеттерін жетілдіре түсуге ұмтылады.

Интерактивті оқыту әдістері мен тәсілдері


Әдіс

Міндеті

Артықшылығы

Кемшілігі / шектеулері

Баяндау (түсіндіру)

Оқушыға ақпаратты жеткізу

  • Аса көп дайындықты қажет етпейді.

  • Белгіленген уақыттық шегі бар.

  • Тыңдайтын кісі санына қойылатын шектеулер жоқ.




  • Оқушылармен (тыңдаушылармен) толыққанды кері байланыстың болмауы.

  • Уақыттық шегі бар.

  • Тыңдаушылардың назарын ұстап тұру қиынға соғады.




Демонстрация(көрсете үйрету)

Жасап көрсету арқылы оқушыны машықтандыру

  • Тиімділігі жоғары.

  • Кері байланыс (тренер мен қатысушы арасында) сол жерде, сол мезетте жүзеге асады.

  • Оқушы нақтылы іс-әрекетті іс жүзінде орындау,а мүмкіндік алады.




  • Оқушылардың

(үйренушілердің) саны шектеулі болады (көп адамға бір мезетте көрсетіп үйретуге техникалық мүмкіндік бола бермейді)

  • Материалды тыңғылықты дайындау қажет.

  • Жақсы техникалық дайындықты қажет етеді.




Анықтау

Білім мен дағдыны (машықты) оқушыға өз бетінше игерту

  • Оқушы

мәселені өз бетімен шешеді, сол арқылы оның дербес әрекет етуіне мүмкіндік беріледі.

  • Оқытушы (тренер) мен оқушы (қатысушы) арасында бірден кері байланыс орнайды.

  • Оқу нәтижелері талқыға салынып, оқушының тақырыпты жан-жақты игеруіне мүмкіндік беріледі.




  • Оқытушының (тренердің) тыңғылықты дайындалуын қажет етеді.

  • Оқыту үрдісі белгіленген уақыт шеңберінен асып кетуі мүмкін (регламенттің сақталмауы).

  • Тапсырма оқушының (қатысушының) деңгейіне сәйкес құрастырылуы керек.




Баламаларды қолдану (аналогия)


Оқушыға ақпаратты жеткізу

  • Оқушының берілген ақпаратты өз бетінше түйсінуіне жол ашады.




  • Барлық жағдайда қолдануға тиімсіз.

  • Мәселенің тек бір қырынан қарастыруға мүмкіндік береді.

  • Ұсынылған баламалар оқушыны қызықтырмауы мүмкін, ал қызғылықсыз тақырыпты игеруге оқушының ынта-ықыласы болмайды.




Сұрақ-жауап

(пікір алмасу)



Оқушыға қажетті мәліметті игерту

  • Оқушылардың (қатысушылардың) толықтай қатынасуына мүмкіндік туады.

  • Оқытушы мен оқушы арасында бірден кері байланыс орнайды.

  • Оқушының берілген ақпарат ішінен өзіне қажетті мәліметті айқындап алуына мүмкіндік туады.

  • Оқушы ақпаратқа қатысты өз ой-пікірін қорыта алады.

  • Сұрақ-жауап пікірталасқа алмасып кетуі мүмкін.

  • Оқытушы сұрақ-жауап үрдісін толықтай өз бақылауына алуы тиіс.

  • Қысқа уақыт аралығында ғана қолдануға болады, біраз уақыттан соң аудитория жалыға бастауы ықтимал, немесе қатысушылар «далаға қашуы» мүмкін, яғни дискуссия арнасы басқа тақырыпқа ойысып кетуі ықтимал.






СЕМИНАР-ТРЕНИНГТІ ЖҮРГІЗУ

Семинар-тренинг дегеніміз не?
Тренинг термині ағылшын тілінің training (тура мағынасында – «жаттығу») сөзінен алынған. Бұл күнде «тренинг» – интерактивті әдістерді қолдану арқылы жүзеге асатын, яғни оқытушы мен оқушының (дұрысын айтқанда – үйренуші мен бағыттаушының) бірлесе жұмыс атқаруына негізделетін заманауи оқыту формасын білдіреді.
Тренингті, бір жағынан, толыққанды оқыту үрдісі деп те айтуға келмейді, өзінің аты айтып тұрғандай, көп жағдайда, тренинг – бұл бар, белгілі ақпаратты адамның игеруіне ыңғайлы формада ұсынудың бір түрі. Тренинг – адамды қандай да бір қабілетті немесе машықты (навык) игеруге жаттықтырудың бір түрі десе де болады. Қалай дегенмен, тренинг әдісі – бұл күндегі ең тиімді оқыту формаларының бірі.
Семинар-тренинг – бұл тренинг әдісін пайдалану арқылы адамға жаңа ақпаратты, жаңа білімді немесе біліктілікті игертудің тиімді түрі. Семинар-тренингтің өзге оқыту түрлерінен артықшылығы да осында. Яғни ол адамға ақпаратты беріп қана қоймайды, сол ақпаратты игеріп, оны іс жүзінде қолдана білуге үйретеді.
Семинар-тренинг барысында оқытушы мен оқушы жаңа ақпаратты бірлесіп талқылайды («семинар») әрі практикалық жаттығулар негізінде алынған білімді іс жүзіне асырудың жолдарын қарастырады («тренинг»).

Тренер – ол кім?
Семинар-тренингті жүргізуші адам – ол тек оқытушы ғана емес, ол нағыз «жаттықтырушы», өйткені ол оқушыға білім беріп қана қоймайды, сол білімді жүзеге асыру қабілетін игеруге көмектеседі. Бұл тұрғыдан тренер – әрі оқытушы әрі бапкер.
Тренер болу үшін оқытатын тақырыпты жетік білу аздық етеді. Мұндай адам аудиториямен жұмыс істеудің шебері болуы тиіс. Тренер, бір қырынан, психолог болуы керек. Өйткені ол семинарға қатысушы әрбір адамның талап-тілегі мен қажеттіліктерін дөп басып танып отыруы тиіс.
Тренер – интерактивті оқыту әдістерін меңгерген адам. Ол аудиторияны белгілі бір мақсатқа ұйыта алады, барлығын бір кісідей, бірлесе жұмыс атқаруға бағыттай біледі. Тренердің басты міндеті – семинар тақырыбын тренингке қатысушылардың өздерінің ашықтауына мүмкіндік жасау.

Семинар-тренингті ұйымдастыру кезеңдері


  1. Семинар-тренингтің мақсат-міндеттерін айқындау.

Кез келген семинар-тренингті өткізу алдымен оны ұйымдастырудан басталады. Ал ұйымдастырудың алғашқы қадамы – бұл семинар-тренингтің мақсат-міндеттерін айқындау.

Кез келген семинар-тренингті өткізбес бұрын әлеуетті тренер, ең алдымен, алдына қоятын мақсатын айқындап алуы керек.

Кез келген істің мақсаты іспеттес, болашақ семинар-тренингтің мақсаты да айқын әрі нақты болуы тиіс.

Бұл ретте алға қоятын мақсаттарды SMART өлшемдеріне (критерийлеріне) сәйкес айқындаудың маңызы зор.
SMART өлшемдері дегеніміз не?

SMART сөзі келесідей ағылшын сөздерінің бастапқы әріптерінен құралған:

S – specific - «нақты»

M – measurable - «өлшеуге болатын»

A – areal - «аймағы айқын»

R – relevant - «шынайы»

T – time-bound - «уақыты айқын»
Мысалы: 2013 жылдың 25 сәуірінде Алматы қаласында семинар-тренинг өткізу арқылы 25 жасөспірімге семинар-тренингтерді жүргізу әдістемесін үйрету.

немесе: 2013 жылдың 25 мамырында Бесқарағай ауылында семинар-тренинг өткізу арқылы 20 жасөспірімге команданы жасақтау және басқару машықтарын үйрету.

Мысалда көрсетілген мақсаттар SMART өлшемдеріне сәйкес айқындалған, яғни олар шынайы (relevant) әрі нақты (specific) жазылған, көзделген мақсаттың қайда (areal) және қашан (time-bound) жүзеге асатындығын көрсетеді әрі оларды өлшеуге болады (measurable), екі жағдайда да қойылған меже, яғни оқытылатын жасөспірімдердің саны нақты көрсетілген.

Семинар-тренингтің мақсатын айқындаған соң, тренер және тренингті ұйымдастырушы сол мақсатқа жету жолындағы нақты міндеттерді айқындайды.

Мысалы:


  • Семинар-тренингке қатысушыларды іріктеудің критерийлерін айқындау.

  • Семинар-тренинг өтетін жерді белгілеу.

  • Семинар-тренингке қатысушыларды іріктеу.

  • Семинар-тренингтің сметасын жасау.

  • Семинар-тренинг өтетін жермен келісім-шарт жасасу.

  • Семинар-тренингтің модулін жасау.

  • Семинар-тренингке қатысушыларға берілетін таратпа материалдарды дайындау.

  • Семинар-тренингті өткізуге қажетті құрал-жабдықтарды дайындау.

  • Семинар-тренингке қатысушылардың тамақтанатын орнын белгілеу.

  • Семинар-тренингті өткізу.

  • Семинар-тренингке қатысушылармен кері байланыс орнату.



  1. Семинар-тренингті ұйымдастырудағы техникалық дайындық




  1. Семинар-тренингке қатысатын адамдардың санын белгілеу

  2. Семинар-тренингке қатысатын адамдарды іріктеу шараларын айқындау.

  3. Семинар-тренинг өтетін жерді айқындау және тренингтің уақытын белгілеу.

  4. Семинар-тренингке қатысушылар тамақтанатын орынды анықтау.

  5. Семинар-тренингке өткізуге қажетті құрал-жабдықтардың түрлері мен көлемін анықтау.

  6. Семинар-тренингке қатысушыларды жеткізуге байланысты және т.б. транспорттық шығындарды есептеу.

  7. Семинар-тренингті өткізуге кететін шығындар сметасын жасау.

  8. Семинар-тренингке қатысатын адамдарды іріктеу шараларын жүзеге асыру (анкета арқылы, пошталық жөнелтілімдер арқылы, т.б.)

  9. Семинар-тренинг өтетін орынды жалға алу немесе келісім негізінде алу.

  10. Семинар-тренингке қатысушылар тамақтанатын орынға алдын ала ақы төлеу.

  11. Семинарды өткізуге қажетті құрал-жабдықтарды жасақтау (сатып алу, жалға алу).

  12. Семинар-тренингке қатысатын адамдардың жеткізілуін қамтамасыз ету.



  1. Семинар-тренингті ұйымдастырудағы шығармашылық дайындық




  1. Шығармашылық міндеттер қою, яғни тренинг тақырыбына сәйкес нені оқытып, нені үйрететіндігі туралы міндеттерді айқындау.

  2. Семинар-тренингтің модулін жасау.

  3. Семинар-тренингке қатысушыларға берілетін таратпа материалдарын дайындау және басып шығару.

  4. Көрнекілік құралдарын дайындау (слайдтағы презентация, арнайы плакаттар, т.б.)



Семинар-тренингті өткізу кезеңдері


  1. Семинар-тренингтің кіріспе бөлімі.

Кез келген семинар-тренинг бірнеше бөлімде жүргізіледі. Бірінші бөлім – дәстүрлі кіріспе бөлімі. Кіріспе бөлімінде қатысушылармен танысу, тренинг ережелерін бекіту және қатысушылардың күтетін нәтижелерін айқындау шаралары жүзеге асырылады.




  1. Қатысушылармен танысу.

Семинар-тренингке қатысушылармен танысуды интерактивті ойындар түрінде жүзеге асыруға болады. Мысалы, қатысушыларға шағын доп немесе алма беріледі. Допты бірінші болып алған қатысушы өзі туралы айтып береді, содан кейін қолындағы допты (алманы) келесі қатысушыға лақтырады. Допты қағып алған келесі қатысушы дәл алдындағы әріптесі сияқты өзі туралы айтып береді, сөйтіп, танысу шарасы ең соңғы қатысушыға дейін жалғаса береді.


  1. Ережелерді бекіту.

Тренинг барысында ұстанатын ережелерді бекіту – кез келген семинардың маңызды бөлімі. Тренингтің бастапқы кезеңінде бекітілген ережелер қатысушылардың жұмыс күні бойындағы тәртібін айқындайтын басты құжат. Мысалы, ең қарапайым ережелердің бірі – «қалта телефондарының даусын сөндіріп қою» ережесі.

Ережелерді жазу шарасын «ой ашар» («мозговой штурм») әдісімен жүзеге асыруға болады. Әрбір қатысушы қабылдайтын ережелерге қатысты өз пікірін білдіреді.




  1. Күтілетін нәтижелерді айқындау.

Семинар-тренингке қатысушылардың тренингтен күтетін нәтижелерін айқындап жазып қоюдың маңызы өте зор. Бұл жұмыс күнінің қорытындысын шығару үшін және қатысушылармен кері байланыс орнату үшін ең қажетті құрал.

Күтілетін нәтижелерді жазу шарасын да «ой ашар» («мозговой штурм») әдісімен жүзеге асыруға болады. Әр қатысушы өзінің семинар-тренингтен не күтетіні туралы айтады.




  1. Семинар-тренингтің оқыту кезеңі

Семинар-тренингтің оқыту бөлімінде тікелей тақырыпты пысықтау жұмысы жүргізіледі. Тақырыпты тиімді меңгерту үшін тренер оқыту бөлімін бірнеше сессияға, ал семинар тақырыбын құрылымдық бөлімдерге, яғни тақырыпшаларға бөліп алғаны дұрыс.


Мысалы: «Команданы жасақтау» семинар-тренингі.
1-сессия. Командалық жұмыстың негіздерін үйрету.

  • Шағын топтан командаға қадам.

  • Командалық жұмыстың негізгі үш талабы.

  • Команданың тиімді құрылымы.

  • Команда басшысына қойылатын талаптар.

  • Тиімді жұмыс істейтін команда.

  • Команда жұмысына кедергі болатын жайттар.


2-сессия. Команда мүшелерін жұмылдыру мен жұмысқа жігерлендіру әдістерін үйрету.

  • Пәрменді жұмылдыру.

  • Ақшалай жігерлендіру

  • Моральді жігерлендіру

  • Натуралды түрде жігерлендіру

  • Патернализм

  • Ұйымдастыру әдісімен жігерлендіру.

  • Басқару ісіне тарту арқылы жігерлендіру.


3-сессия. Команданың өмірлік циклімен таныстыру

Өсу кезеңі. Кері кету кезеңі.



  • Балалық шақ - Тоқмейілсу.

  • Ұлғаю - Тоқырау.

  • Көркею - Тоқтау.



  1. Семинар-тренингті қорытындылау бөлімі

Кез келген семинар-тренингте жұмыс күнін қорытындылау бөлімі болады. Қорытындылар жасау әдетте семинар тақырыбына сәйкес барлық сессиялар өтіп болғаннан кейін, жұмыс күнінің соңында жүргізіледі. Қорытынды бөлімде семинар-тренингке қатысушылардың жұмыс күнінің нәтижелері туралы және өздерінің семинардан күткен нәтижелерінің, үміттерінің қаншалықты ақталғаны туралы пікірлері тыңдалады. Қатысушылардың пікірін «рефлексия» (еркін әңгімелесу) әдісі бойынша немесе кері байланыс анкеталары арқылы білуге болады. Рефлексияның өзін әр түрлі формада ұйымдастыруға болады. Көбіне қатысушыларды шеңбер жасап отырғызып, әркімнің пікірін тыңдау әдісі қолданылады. Бұл жерде айта кететін маңызды нәрсе – рефлексия кезінде әрбір қатысушы семинар-тренинг туралы өз пікірін бұқпасыз айтуы керек, яғни тренер қатысушылардан мейлінше шынайы сөйлеуді сұрайды.

Кері байланыс анкеталарына келер болсақ, әдетте мұндай анкеталарда семинар-тренингке қатысушылардың жалпы тренингке, сондай-ақ тренерлердің жұмысына баға беруін сұрайтын сауалдар жазылады. Анкетаға жауап беретін қатысушылар тренингтің өту барысы туралы, тренерлердің жұмысы туралы, қатысушыларға жасалған жағдай жайында, т.б. мәселелерге қатысты өз пікірлерін білдіре алады.

Семинар-тренинг барысында қолданылатын

кейбір интерактивті оқыту тәсілдері
Кез келген семинар-тренингтің ажырамас бөлігі – бұл интерактивті оқыту тәсілдері. Семинар-тренингті өзге оқыту формаларынан ажырататын бірден-бір көрсеткіш те – осы интерактивті оқыту тәсілдері.

Интерактивті оқыту тәсілдері тренер мен тыңдаушы арасында өзара байланыс орнатуға және тренингке қатысушылар арасында бірлескен жұмысты ұйымдастыруға қызмет етеді.


Негізгі интерактивті оқыту тәсілдерінің түрлері:


  1. «Ой ашар» («Мозговой штурм»)

Тренингке қатысушылардан мейлінше көп идеялар мен пікірлер алу үшін қолданылады.

Артықшылықтары:

  • «Ой ашарды» пайдалана отырып, қатысушылардың барлығын бірдей тақырыпты талқылауға қатыстыруға болады. Бұл ретте өзіне-өзі сенімсіз қатысушылар мен «үндеместер» де жұмысқа араласады.

  • Көп уақытты алмайды.

  • Аудиторияны жинақыландырады.

«Ой ашар» барысында айтылған ойлар мен пікірлер тренер тарапынан талқыланбайды, барлық идеялар қағаз бетіне түсіріледі (флипчартқа немесе плакатқа). Тек барлық ойлар жазылып болған соң ғана, таңдау еркін қатысушылардың өздеріне беру арқылы, маңызды деген бірнеше пікірді іріктеп алуға болады.


  1. Пікір алмасу.

Пікір алмасу әдісі семинар-тренингтің барлық кезеңдерінде бірдей орын алады. Әрбір тақырыпты талқылау барысында тренер қатысушылардың ой-пікірлерін сұрап отыруы тиіс, әйтпесе оқыту үрдісі тек біржақты ғана болады, бұл, өз кезегінде, ешқандай да нәтижеге әкелмейді. Сол себепті пікір алмасу әдісін жиірек қолданғанның еш сөкеттігі жоқ. Дегенмен кез келген пікір алмасу тренер тарапынан қатаң қадағалануы тиіс. Өйткені «далаға қашқан» пікірлер талқы барысын теріс жаққа бұрып жіберуі мүмкін.

Тренер қатысушыларға қоятын сұрақтарын алдын ала жоспарлап алуы тиіс. Әрі әрбір сұрағының мақсатын білуі керек. Сұрақтар, алдымен барлық топқа, тек содан соң ғана жеке-жеке адамдарға қойылады. Не «ия», не «жоқ» деп қана жауап беретін сұрақтарды қоймаған жөн. Мұндай жабық сұрақтар дискуссияны тығырыққа тіреуі мүмкін. Сұрақ қойған кезде, оған жауап беріп жатқан адамды бөліп тастауға немесе оған қарсы жауап беруге болмайды. Жауап қайтарған адамдарға міндетті түрде алғыс білдіру керек. Қате, дұрыс емес жауаптар болған жағдайда, бірден олардың қате екендігін айтуға болмайды, мұндай жағдайда қосымша сұрақтар қойып, адамды пікір алмасуға шақыру керек.

Қатысушылар тарапынан қойылуы мүмкін сұрақтарды алдын ала ойластырып, оларға жауаптар дайындап қою қажет.


  1. Шағын топтардағы жұмыс.

Қатысушыларды шағын топтарға бөлу практикалық тапсырмаларды жүзеге асыруға ең қолайлы әдіс.

Артықшылықтары:

  • Қатысушыларға өз ойларын шағын топтарда айтуға мүмкіндік береді.

  • Қатысушылардың өзара бірлесе жұмыс жасауына мүмкіндік туғызады.

  • Шағын топтарға бөлінген қатысушылар өз жауапкершіліктерін жақсы сезінеді.

  • Командалық жұмысты жолға қояды.

  • Қатысушылар өз беттерімен жұмыс істеуге мүмкіндік алады.

  • Өзара тәжірибе алмасудың бірден-бір жолы.

Шағын топтағы адамдар саны 3-5 адамнан құралуы тиіс. Шағын топтарға берілген тапсырмалар нақты және түсінікті болуы тиіс. Тапсырманы орындауға берілетін уақыт нақты көрсетілуі тиіс.

Қатысушыларды шағын топтарға бөлген жағдайда, топ мүшелеріне өз араларынан уақытты белгілейтін, қағазға жазатын, жұмыс қорытындыларын жариялайтын адамдарды бірден белгілеп алуға кеңес беруге болады.

Шағын топтар өз жұмыс қорытындыларын жариялаған кезде өзге топтар тарпынан сын пікірлердің айтылмауын қадағалау қажет, тек сұрақтар мен толықтыруларға ғана жол беріледі. Барлық топтар өз жұмыс қорытындыларын жариялап болған соң, ортақ қорытынды – нәтиже жасалады.


  1. Ойындар.

Семинар-тренингтің белсенді өтуі үшін интерактивті ойын әдістерін қолдануға болады. Әдетте мұндай ойындарды тақырыптық және сергітпе ойындар деп бөледі. Тақырыптық ойындар – белгілі бір оқыту тақырыбымен байланысқан ойындар. Мысалы, «команданы жасақтау» тақырыбына қатысты көптеген интерактивті ойындар бар. Мұндай ойындарды қолданудың тиімділігі – қатысушылардың оқыту процесіне деген қызығушылығы арттыруда

Тақырыптық ойындармен қатар, сергітпе ойындар да болады. Олар, негізінен, тренинг барысында шаршап қалған қатысушылардың бойларын жазып, денелерін сергітуді көздейді. Мұндай ойындардан «Африкалық жауын», «Қарлығаш ұшты» сынды шағын ойындарды мысалға келтіруге болады.




  1. Рөлдік ойындар.

Тренинг тақырыбын бекіту мақсатында екі және одан да көп қатысушыларды семинар тақырыбына сәйкес сценарий бойынша түрліше рөлдік ойындарға қатыстыруға болады.

Артықшылықтары:

  • Қатысушыларға тақырыпты практика негізінде бекітуге мүмкіндік береді.

  • Қатысушылардың көңіл-күйін көтереді.

  • Қатысушылардың шығармашылық шешімдерін тамашалауға мүмкіндік береді.

Рөлдік ойын кезінде алдын ала берілетін ережелер болмайды. Тек уақыт шектеуі ғана болады. Рөлдік ойынға берілетін тапсырма нақты әрі түсінікті болуы тиіс. Қатысушылар арасынан шыққан әрбір актер өз рөлін жете түсінуі керек.

Әрбір топ өздерінің рөлдік ойындарын көрсеткеннен кейін қатысушыларға алғыс білдіріп, көрермендер тарпынан қошамет шапалақ ұрғызу қажет. Топ өкілдерінен рөлдік ойыннан алған әсерлерін сұрап, пікір алмасу қажет. Қатысушылардан рөлдік ойыннан түйгендері туралы сұрап, ортақ қорытынды жасау керек.



Тренер нені білуі керек?
Тренердің басты міндеті – аудиторияны тани білу, яғни қатысушылардың жас шамасына қарай психологиялық ерекшеліктерін ескеру және әр қатысушының тілін таба білу.
Қарым-қатынас дағдыларын меңгеру.


  • Басқалардың көзқарасына ілтипатпен және құрметпен қарау. Ол қатысушылардың ашылуына, өз ойын айта білуіне себепкер болады.

  • Әрбір қатысушыны мұқият тыңдау және түсіну біліктілігі. Тыңдай білу - бір ғана адам емес, бүкіл топтың да қызығушылығын оятып, адамды өзіңе қаратып алуға көмектесетін бағалы қасиеттердің бірі. Бүл біліктілік әр түрлі пікірталастарды, мәселе бойынша талас-тартысты өткізуге көмектеседі. Егер сіз оның сөзін бөлмей, ойын айтуға толық мүмкіндік беріп, өзіңіз оның айтқанына мән беріп, тыңдасаңыз, ойы мен сезімдері туралы көбірек біле аласыз.

  • Әр қатысушы мен тұтастай топты бақылай білу. Бұндай жолмен ақпарат алу өте тиімді. Қатысушыларды бақылау арқылы топтағы болып жатқан жағдайлар оларға қаншалықты қызықты екендігін, топта қандай қатынас орнағандығын, жаттықтырушының қаншалықты тиімді әсер еткенін түсінуге болады. Бүл дер кезінде оз іс әрекетіңізді, не болмаса тренинг бағдарламасын өзгертуге септігін тигізеді.



Белсенді тыңдау дағдыларын дамыту.


  • Сөйлеу барысында өзіңізді тыңдаушының орнына қоюға тырысыңыз.

  • Тыңдау барысында сөйлеушіні бөлмей, ойын толық айтуға уақыт беріңіз.

  • Айтылғанды ықыласпен тыңдап, маңызды сөздерді, идеяларды, сезімдерді жіберіп алмаңыз. Негізгі идеяны түсініп, тамырын дөп басуға тырысыңыз.

  • Айтылған пікірмен келіспей тұрсаңыз да, өз сезіміңізді бақылай біліңіз. Сөйлеушімен іштей де сөз таластырмаңыз.

  • Айтылмай қалған сөздерді де ести біліңіз, кейде ол айтылған сөздерден де маңызды.

  • Тыңдауға деген келесі көзқарасты қалыптастырыңыз: не айтылатынын тағатсыз күте біліңіз.

  • Өз тыңдау қабілетіңізге көмектесе түсіңіз: сөйлеушіге бұрылып, «көзбе-көз» қатынас құрып, бет әлпетіңізбен қатты қызыққаныңызды білдіріңіз.

  • Көңіліңізді алаңдататын факторларды жойыңыз. (Қолыңыздағы қарындаш, қағазды алып салу т.б)

  • Зейінсіз тыңдау сіздің сөйлеушіге деген немқұрайлылығыңыздың куәсі екендігін есіңізде сақтаңыз.


Қиындықтарды жеңу және қарсылыққа тойтарыс беру.
Топ жұмысының барысында әр түрлі мәселе (қиындық) тудыратын жағдайлар пайда болуы мүмкін, оларды жаңа қызықты тәжірибе көзі ретінде қолдануға болады. Бұндай ахуалдардың туындау себебі әр қилы болуы мүмкін, солардың ішінен бірнеше түрін қарастыруға болады. Мысалы: топ арасындағы өзара сенімнің бұзылуы, топтасу мәселесі, өзіне назар аударту мәселесі, қарсылық білдіру мәселесі, талас-тартыс мәселесі.
Топ арасындағы өзара сенімнің - күрделі мәселе, өйткені топпен жұмыстың барлығы сенімді қарым-қатынасқа негізделген, атап айтқанда топта айтылған пікірлер, қатысушылардың жеке басына қатысты ақпараттар сыртқа шықпайды деген нанымға негізделген.

Мұндайда не істеу қажет?



  1. Топпен жұмысқа дайындық барысында сенімділік мәселелеріне аса көңіл бөліңіз.

  2. Қатысушылармен сенімділік ережелерін міндетті түрде талқылаңыз, оның бұзылуы нәтижесінде туындайтын қиындықтар туралы айтып беріңіз.

  3. Құпиялылық шектерін белгілеңіз (қатысушылардың жеке басына байланысты айтылған ақпарат пен сын пікірлерді сыртқа таратпау).


Топтасу мәселесі. Топтасу дегеніміз- тренинг барысында қалыптасқан қатынастар негізінде жекеленіп, не болмаса бұрынғы байланыстары бойынша жұптасып, топ-топқа бөліну. Осылайша бөліну топ арасындағы сенімділік ахуалын және топтың тұтастығын құру үрдісіне кері әсерін тигізуі мүмкін. Бір жағынан алып қарағанда бұндай топтасуда ауызбіршілік мықты, дәл соны өз мақсаттарыңызға тиімді пайдалануға болады. «Топтасу» әдетте топпен жұмыстың алғашқы кезеңінде орын алады.

Себептері төмендегідей болуы мүмкін:

  • Әр қатысушыға өз әлеуметіндегі мәртебесі мен қызметі деңгейінде қабылдануы маңызды. Сондықтан, жаңа топтың құрылуы барысында қатысушы «өз орнын» өз дәрежесіндегілер қатарынан не болмаса өзі сияқтылармен бірге іздеуі әбден орынды.

  • Психологиялық тұрғыдан алып қарағанда да екі-үш адаммен тіл табысу он шақты адаммен тіл табысқаннан көрі оңайырақ;

Мұндайда не істеу қажет?

  1. Топтасуды болдырмау үшін алғашқы күннен бастап қатысушыларды ауыстырып отыратындай жұпқа, шағын топтарға бөлінуді талап ететін жаттығуларды өткізуге болады.

  1. Егер Сіз кейбір топ мүшелері басқаларға қарсылық таныта бастағанын байқасаңыз, оларды өзара бөліп жұмыс істетуге тырысыңыз. Ондай топ мүшелерінің бір-бірінен алшақ отыратындай жағдай жасаңыз. Бұл тәсілді бастапқы кезеңдерде қолданған жөн.

  2. Бүкіл топты жұп - жұпқа бөліңіз. Ол жұпта: біреуі - өзара топтасушылар қатарынан, екіншісі - басқа да топ мүшелері. Құрылған жұпқа тығыз өзара әрекеттесуді талап ететін іс тапсырыңыз.

  3. Егер топтасу мәселесі жұмыс істеуге кедергі жасаса, бүл ахуалды барлық топпен талқылаңыз.


Өзіне назар аударту мәселесі.Адамның өзіне назар аудартудағы мақсаты - әрдайым барлық топты өзіне қарату. Бұндай қатысушылар айналасындағылардың көңіл аударуын өте қажет етеді, сондықтан қалай да болса көңілдерін аулау үшін қандай да айлаларға барады.

Мұндайда не істеу қажет?

  1. Қатысушының басқаларды өзіне қарату айлаларын байқасаңыз, оны іс-қимылыңызбен де (күлімсіреу, бас изеу) демеу көрсетпеңіз.

  2. Топты жұпқа бөліңіз де, өзіңіз сол қатысушымен жұптасып, оның қылықтарын өзімен жеке талқылаңыз.

  3. Әр қайсысына уақыт мөлшерін орнатыңыз.

  4. Топтың жұмысы мен көңілі барлық қатысушылар арасында теңдей болуына ерекше көңіл бөліңіз.

  5. Жағдайға байланысты әрекет етіңіз. Мысалы: ондай қатысушыны сыпайы түрде «Мен сіздің сөзіңізді бөлуге мәжбүрмін, өйткені басқалар да өз ойларын айтып үлгеруі керек» - деп тоқтатыңыз.

  6. Басқа, әсіресе ұяң, тұйық қатысушыларды көбірек ортаға тартыңыз.

Ұяң, тұйық қатысушыларды жігерлендіру үшін:

  • жеңіл сұрақтар қойыңыз;

  • оларды жұппен жұмысқа қатыстырыңыз, соңында ол нәтижеге деген жауапкершілікті қасындағы адаммен бөлісетіндей болсын;

  • рөлдік ойындарда басыңқы рөлдерді беріңіз;

  • белсенді қатысушылардың жанына отырғызыңыз;

  • бастамашыл ұсыныстарын қолдаңыз;

  • сауалнаманы шеңбер бойынша жүргізіңіз.


Қарсылық білдіру. Қарсылық білдіруші қатысушылар сізді әдейі ызаландырғысы келетіндей әсер туғызуы мүмкін, бірақ әдетте олай емес. Керісінше қарсыласу жүргізушінің жүйкесіне тию емес, өзін қорғанудың амалы. Қарсылық білдіру бір мезгілде бірнеше қатысушылар тарапынан білінуі мүмкін.

Қарсылық білдірудің белгілері:



  • Көпе-көрнеу бағынбау. Әдетте жүргізушіге қыр көрсету, сенімсіздікті ашық білдіру түрлерінде байқалады.

  • Тексеру. Бүл кезеңде жүргізушіні ашулануға итермелейді. Қатысушылар оның шыдамдылық пен төзімділігін анықтағысы келеді.

  • Үнсіздік. Қарсылық танытатындарға жүргізуші көңіл аудармай қойған кездерде туындайды.

Көп жағдайларда қарсылық білдіргеннен көрі, олармен бірлесіп жұмыс істеген пайдалы. Топпен жұмыс адамдардың сезім мен көңіл-күйлеріне эсер етеді, әдетте қарсылық танытатын қатысушылар ерте ме, кеш пе бәрімен бірдей жұмысқа араласа бастайды. Жаттықтырушы тарапынан қатаң бақылауды сезінбей, жұмысқа өз қалауы бойынша араласу мүмкіндігіне ие екенін түсініп, өзі әрекеттенеді.

Мұндайда не істеу қажет?

  1. Тренингтің алғашқы сәттерінде барлық қатысушылармен бірге топпен жұмыс деген не, тренинг деген не, не үшін өткізілетінін анықтап, түсіндіру қажет.

  2. Егер топта бір ғана қарсылас болса, оған аса көп уақыт бөлудің қажеті жоқ. Оған топпен бірге жұмыс істеу керектігі жайында ашу—ызасын білдіруге мүмкіндік беріңіз, сонан соң оның мазасын алмай, жұмысыңызды жалғастыра беріңіз.

  3. Егер қатысушы қарсыластық танытып, үндемей немесе кекете сөйлесе, оған өзін бұлай ұстауына не жағдай себеп екендігін сұраңыз.

  4. Белсенді әрекет ететін әдістер мен іс-тәжірибелік тапсырмаларды пайдаланыңыз.


Талас-тартыс мәселесі.

Талас-тартыс мәселесі - топ жұмысы барысында пайда болатын қалыпты құбылыс, өйткені тұлға аралық қатынастар болған жерде талқыланатын сұрақтар бойынша әр түрлі пікірлер пайда болады.



Мұндайда не істеу қажет?

  1. Талас-тартысты пікірталасқа айналдырыңыз, мақсаты -қатысушыларды даулы мәселелерді сындарлы (конструктивті) әдістермен шешуге үйрету.

  2. Пайда болған сезім әсерлерді қатысушылар арасындағы қарым-қатынасты тереңдету үшін, өз орныңызды айқындау үшін және ой сезімдерін түсініп сараптай білуге деген талпыныстарын қолдау үшін пайдаланыңыз.

  3. Пікір айырмашылықтарын оқыту мақсатында қолдана біліңіз. Қатысушылардан өз ойларын ашық айтуды өтініп, басқалардан қай пікірді ұстанатындықтарын сұрап не болмаса өзінің жеке пікірін біліңіз.

  4. Талас-тартыс шектеп шығып бара жатқан жағдайда, мүмкін топ жұмысының ережелерін қайта қарастыруға тура келеді.


Хронобиологиялык ырғақты ескеру.
Тренинг бағдарламасын әзірлегенде келесідей оқыту режимін ұстанған жөн:

Уақыт

Тренинг барысы

09:00-09:15

Ояну уақыты, бұл уақытты кешегі күнді қайталауға арнаңыз, сергітетін ойындар ұйымдастырып, қатысушыларды жұмысқа жұмылдырыңыз.

09:15-11:00

Өте нәтижелі және белсенді уақыт. Қажет болған жағдайда, лекцияларды өткізуге тиімді кез.

11:00-12:00

Адамдар түскі ас туралы ойлана бастайды, қарындары аша бастайды. Кішігірім топтармен жұмыс істеген дұрыс.

14:00-15:00

Түскі астан соңғы уақыт. Лекциялар оқымаңыз, керісінше жаттығулар жасаңыз және топтармен жұмыс істеңіз.

15:00-16:00

Нәтижелі және белсенді уақыт. Практикалық тапсырмалар орындататын кез.

16:00-17:00

Адамдар күйзеліске ұшырай бастайтын уақыты,олар шаршай бастайды. Бұл уақытта мейлінше жеңіл әрі сыпайы тақырыптарды таңдаңыз.

17:00-17:30

Сағатқа қараңыз, қайтатын уақыт келді, тренингті қорытындылауға көшіңіз.



Кері байланыс
Рольдік ойын немесе өз бетінше орындайтын практикалық тапсырмалар сияқты жаттығуларды орындағаннан кейін тренер тарапынан жүзеге асырылатын кері байланыс – қатысушылар үшін өзін-өзі жетілдірудің ең күшті әдісі болып табылады.

Естеріңізде болсын: кері байланысты алушы адам (тренингке қатысушы) оның пайдалылығын сезінген жағдайда ғана кері байланыстан шынымен пайда түседі!


Кері байланысты жүзеге асырған уақытта төмендегідей принциптерді ұстану қажет:

  1. Кері байланысқа дайындалу қажет:

  • Жаттығу кезінде белгілер жасап отырыңыз (қатысушылардың сөздерін дәл жазып алыңыз).

  • Кері байланысты жүзеге асырғыңыз келетін ең маңызды сәтті таңдаңыз.

  • Жақсы өткен сәттерді және жақсартуды қажет ететін сәттерді жазып алыңыз.


Кері байланысты жүзеге асырудың шағын ережелері:

  • Әруақытта жағымды ақпараттан бастаңыз.

  • Жақсартуды қажет ететін сәттерге қарағанда, әруақытта жағымды сәттерді көбірек атаңыз.

  • Топқа емес, адамға бағытталған кері байланысты қамтамасыз етіңіз.

  • Қол жеткізілген жетістіктерді ескеріңіз.

  • Қатысушыларды салыстырмаңыз.


Кері байланыс нәтижелі болуы тиіс:

  • Болашаққа көз жүгіртіңіз («Келесі рет осылай істеңіздер...»).

  • Кері байланыс нақты болуы тиіс (мәселен, «Адамдармен араласу дағдыларын арттыруға тырысыңыз» деп емес, «Әріптесіңіздің вербалдық емес іс-әрекеттерін мұқият бақылаңыз» деп айтқан жөн).


Кері байланыс ынталандыруы тиіс:

  • Қатысушы кері байланысты жазып алуы тиіс (мысалы, оқу журналына).

  • Қатысушының өзі білген жайттарды жақсартуға әруақытта ынталы болады.

  • Кері байланыста өзін-өзі жетілдіру туралы кем дегенде бір басты ақпарат берілуі тиіс.


Тренинг материалдарын дайындау барысында келесі ақпарат көздерінен алынған мәліметтер пайдаланылды:
«Тренингтер мен оқыту семинарларын ұйымдастыру және өткізу». Әдістемелік нұсқаулық («Салауат» Шығыс Қазақстан облыстық жастар қоғамдық бірлестігі, Семей, 2006)
«Жаттықтырушының нұсқаулығы» (Сандрин Делаттре, NGO Management School, Швейцария, 2012)
«Мен жаттықтырушы боламын» жаттықтырушылар мен көшбасшыларды оқытудың әдістемелік құралы (Б.Ельчибаева, А.Имангожина, «Еңбекшіқазақ ауданы жергілікті қауымдастықтар қоры» ҚҚ, Алматы, 2013)
«Интерактивная методика обучения: теоретические и практические вопросы применения в учебном процессе» (А. Алимов, Алматы, 2013)
Некоторые вопросы образования. Пер. с англ. Центр Демократического Образования, 2001)



©netref.ru 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет