осман империясының сауда және кеден жүйесі ниязбекова Мөлдір магистрант



жүктеу 95.41 Kb.
Дата02.05.2016
өлшемі95.41 Kb.
: CDO -> Mak
Mak -> ӘӨЖ 821. 0 Абайтану тарихына қЫСҚаша шолу өнербаева А. А.
Mak -> Әож 81. 512. 122 М.Әуезов қазақтың әдеби тілін жетілдірген сөз зергері
Mak -> ӘӨЖ 37. 022 Моңғолиядағы қазақтардың экономикалық проблемалары
Mak -> Ұлттық күрестің даму тарихы. Усаев Үсен
Mak -> Әож 01126 Қазақ ҚОЛӨнеріндегі ою-өрнектердің ТҮрлері туралы ұҒымдар нышанбаева Ғ
Mak -> Ч. И. Ибраимов х.ғ. к., доцент, С. Ы.Әбілхайыров аға оқытушы, Г. Абдукадирова, Г. Малыбаева магистрант
Mak -> ӘӨЖ 038. 6 Постмодернизмнің шығу тарихы мен мазмұны д. С. Болысбаев, ф.ғ. к., доцент
Mak -> ӘОЖ: 351. 854 Мектептерде білім беру мен болашақ қоғам адамдарын даярлаудағы бейнелеу өнерінің ролі
Mak -> Аударма саласы тіл мамандығындағы студенттер үшін
Mak -> Антонимдердің қазақ, өзбек және орыс тілдерінде топтастырылуы мен антономиялық жұп құрау ерекшеліктері
УДК 94(560)

ОСМАН ИМПЕРИЯСЫНЫҢ САУДА ЖӘНЕ КЕДЕН ЖҮЙЕСІ

Ниязбекова Мөлдір магистрант

«Сырдария» университеті, Жетісай қ.

Осман империясының жалпы тарихын алмағанда, оның жекелеген мәселелеріне арналған бірде-бір ғылыми мақала жоқ. Кеңес дәуірінде Мәскеу әлемдік тарихты зерттеуді ресей тарихшыларының монополиясы құдығына айналдырып, республика тарихшыларына тек Қазақстан тарихының мәселерімен шұғылдану мүмкіндігін қалдырған болатын.

Сондай қазақ тарихшылары үшін «жабық» тақырыптың бірі - Осман мемлекетінің тарихы болды. Тәуелсіздік жылдары әлемдік тарихтың көптеген проблемалары отандық тарих ғылымының зерттеу объектісіне айналды. Біз де осындай тақырыптың бірін, яғни Осман империясының экономикалық жүйесінің бірқатар салаларының қалыптасуы мен дамуын зерттеуді қолға алған едік. Сондықтан да тақырыптың өзектілігі, оны зерттеудің қажеттілігі еш талас тудырмайды деп ойлаймыз. 600 жылдай (ХІУ-ХХ ғғ.) өмір сүрген Осман мемлекеті-адамзат тарихындағы зор империя болды; өзінің шарықтау дәуірінде (XVI ғ.) бұл империя үш құрылықтың, атап айтқанда Азияның, Еуропаның, Африканың территорияларында орналасты. Көп дінді, көп тілді, көп этносты аса күрделі құрылым болды.

Мемлекеттің экономикалық құрылымдары оның әрине, тақыр жерде пайда болған жоқ, ол өзіне дейін өмір сүрген түркі, ислам, ішінара Византия мемлекеттерінің экономикалық системаларынан көп нәрсе қабылдап, оны осман дәстүрлерімен байытып, орта ғасырлардағы оригиналды экономикалық системаны қалыптастырды.

Түрік ғалымдарының еңбектері негізінен түркі тілінде жарық көрген, аздаған еңбектер ағылшын және француз тілдеріне аударылған, сондай-ақ, бұған керісінше бұл жөнінде, батыс ғалымдарының бұл мәселеге арналған еңбектерінің басым бөлігі ағылшын тілінде, ішінара француз тілінде жарық көрген, олардың бірқатары түрік тіліне тәржімеленген.

Осман экономикасын көптеген тарихшылар экономиканың жалпы мәселелерімен қатар, оның танымдық салаларын да жеке-жеке тарата қарастырған: мысалы, мына:олар бойынша - Осман мемлекетінің қаржы саласы, ақша саясаты, қазіргі саясаты, пайдалы қазбалар, ішкі-сыртқы сауда, транспорт пен байланыс, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы салаларында іргелі еңбектер жазылды.

Осман дәуіріндегі ішкі-сыртқы сауда мен кеден мәселесі де зерттеушілердің назарын өзіне көп аударған мәселенің бірі болды да, бұл проблеманы танып-білу үшін түрік тарихшылары осман архивтерінде сақталған мол тарихи құжаттар мен деректерге, еуропалық мәліметтерге сүйене отырып үлкен зерттеу жұмыстарын жүргізген. Осман саудасы мен кеден қызметінің тарихын зерттеген тарихшылардың қатарында мына ғалымдарды атап көрсету қажет: 3. Арикан, А.И. Бағиш, К. Беядили, М. Чадирджи, Л. Гучер, М. 3. Күтүкоғлу және бірқатар батыс зерттеушілері.

Осман мемлекеті сауда мәселесіне үлкен маңыз берді. Ішкі және сыртқы сауданы дамыту мәселесі үкіметтің назарында тұрды. Сауда мемлекеттің экономикасын дамытудың шешуші факторларының бірі болды.

Османдарда қалааралық және халықаралық деңгейіндегі ірі дәрежедегі көтерме сауданы «топтан тиджарет» деп атады. Көтерме саудамен айналысатындар осман территориясында өндірілген, немесе шет елдерінен әкелінген (құрлықтағы сауда жолдарымен немесе теңіз сауда жолдарымен) халыққа қажетті азық-түліктер мен тарауларды үлкен көлемде тасымалдаумен айналысты. Қалаларға жеткізілген кез-келген тауар ең алдымен таразыға, сосын қоймаларға әкелінді. Сауда қоймаларын «канан» немесе «хан» деп атады. Әр қойма белгілі бір тауар түріне қарай икемделді. Көтерме саудагерлердің тауарлары осы қоймалар арқылы бөлшек саудагерлерге сатылды. Белгілі бір тауар түрін сатуға, сақтауға арналған қоймалар былайша аталды: «капан-ы дакик» (ұн қоймасы), «капан-ы асел» (бал қоймасы), «капан-ы котон» (мақта қоймасы), «коза ханы» (коконн қоймасы) және т.б. Анатолияда сауда орындарының жанында үлкен керуен сарайлар орналасты. Көптеген сауда орындары мешіттердің маңайындағы вакуфтық жерлерге салынып, вакуф әкімшілігінің басшылығында болды.

Жылына бір рет көтерме және бөлшек сауда операциялары қатар жұмыс істейтін жәрмеңкелер өткізіліп тұрды. Мұндай ірі жәрмеңкелер Анатолияда-Сеийтгазиде, Алашехирде,Назиллиде, Румелияда-Узын-джаабаад-и Хаскееде (Узунджаво), Филибиде (Пловдив), Яньеде (Янина), Аласоньеде (Эласон), Машколуреде (мечка), Доланьеде ұйымдастырылды. Жәрмеңкелерде жылына бір рет осман және шет ел тауарлары арзан бағамен сатылды. Жәрмеңкелер вакуфтық мекемелердің сауда базарларында өтетін. Жәрмеңкелердің қауіпсіздігіне сол аймақтың басшылары жауап берді, ал жәрмеңкелердегі тәртіпті яябаши бастаған янычар әскерлері қамтамасыз етті.

Осман саудасында астана Стамбулдың атқарған орны мен рөлі аса жоғары болды. Стамбул қаласын азық-түлікпен және басқа да қажетті тауарлармен қамтамасыз етуге сұлтан мен мемлекеттің басқа да ірі шенеуніктерінің барлығы ат салысты. Стамбулдың айналасындағы агро-аудандар мұндай ірі қаланы азық-түлікпен қамтамасыз ете алмайтын, сондықтан да Румелия, Валахия, Молдавия, Батыс Анатолия Стамбулды қамтамасыз ететін қойма рөлін атқарды. Көтерме астық саудасымен айналысатын саудагерлер астықты Валахия мен Молдавиядан Дунай арқылы Стамбулдың астық қоймалары орналасқан Ункапан ауданына жеткізетін. Ункапанға сондай-ақ Қара теңіздің еуропалық және азиялық жағалауларынан, Фракиядан, әсіресе Эгей теңізінің румелиялық және анатолиялық жағалауларындағы санжактардан-Коджаэли, Худавендигяр (Бурса) және Караси (Балыкесир) - әкелінген көтерме астық та жеткізіліп тұрды. Қажет кезінде астық сондай-ақ шығыста-Эрзурумнан, солтүстікте Кырымдағы Кафыдан (Феодосиядан), оңтүстікте - Египет пен Триполиден (Ливия) де тасылды. Астық таситын осман кемелерінің сыйымдылығы Қара теңізде - 7000, ал Мрамор теңізінде - 1000 Стамбул килесіне тең болды.

Бұл астық кемелері арендалық келісім-шарттармен (конт-ракт) жұмыс істеді және түсіру-тиеу айлақтарында кезексіз жіберілді. Стамбулдың Ункапанасына жеткізілген астық қала-дағы су және жол диірмендеріне таратылды.

Стамбулға ет Анатолияның Коджаэлиден Диярбакырға дейінгі аудандарынан, Румелиядан, Венгрия мен Молдавиядан жеткізілді. Мал Стамбулға тірідей жеткізілетін еді, оны мал саудасымен айналысатын байлар табыншы-малшыларды (джелебтерді) уақытша жалдап әкелдіретін. Мал Стамбулдың жанындағы Силивридегі, Чекмеджедегі ірі мал базарларына жеткізіліп, одан әрі қала шетінде орналасқан қасапханаларда сойылып, қаланың ет базарларында сатылатын. Стамбулда негізінен қой еті сатылды.

Күріш пен кофе Стамбулға Египеттен теңіз арқылы тасылды. Жолдың қашықтығына байланысты егер осман кемелері жетіспесе, онда шет ел кемелері арендаға алынып, пайдаланылды. XVIII ғасырдан бастап Жер Орта теңізінде француз, ағылшын теңіз қарақшыларының көбеюіне байланысты Стамбул мен Египет арасындағы сауда қатты қиындап, қала базарларында күріш пен кофе табу мүмкін болмай қалады.

Бау-бақша өнімдері қала маңындағы аудандардан, Мрамор теңізі жағалауындағы санжақтардан, ал кепкен жемістер, күнбағыс майы-Эгей теңізі жағасындағы санжақтардан жеткізілді. Әр түрлі тауар Стамбул портының Ункапасынан Эминенге дейінгі пристаньдерінің белгілі біреуіне түсірілді. Тауардың бір бөлігі бөлшек саудаға, бір бөлігі көтерме сауда қоймаларына жіберілді.

Стамбулға империяның барлық аймақтарынан шикізат пен даяр тауарлардың жеткізілуімен қатар, қала базарларына керуендермен, кемелермен әкелінген көптеген шет ел тауарлары да жеткізілді (ирандық шеберлердің кілемдері, қытай жібегі, үнді тағамдары, еуропалық жүн маталар және т.б.). Әр тауар өзіне арналған сауда дүкендерінде сатылды.

ХІУ-ХУІ ғасырдың алғашқы жартысында Осман мемлеке-тінде ішкі-сыртқы саудамен негізінен мұсылман еместер айналысты, өйткені түріктер мен басқа да мұсылмандар мемлекеттік құрылыспен, армия ісімен шұғылданып жатқан болатын. Бірақ XVI ғасырдың екінші жартысынан бастап саудада түркі-мұсылмандар-дың саны арта бастайды да, ХУІІІ-ХІХ ғасырдың басына қарай ішкі сауда ісімен негізінен Осман мемлекетінің азаматтары - мұсылман еместер (зиммилер) мен мұсылмандар теңдей жағдайларда айналысты. Егер XVII ғасырдан бастап шет ел саудагер-лері Анкара және Бурса сияқты қалаларда өз агенттерін ұстап, осман тауарларын тікелей қолөнершілерден сатып алып отырған болса, XIX ғасырда, әсіресе 1838 жылғы Балталиман келісім-шарты бойынша шет ел саудагерлері осман рыногында көтерме саудамен де, бөлшек саудамен де айналысу қүқығына ие болады.

Осман мемлекетінің әр ауданында тауар ең алдымен сол ауданның мұқтажы үшін өндірілді, ал артық өнім міндетті түрде ішкі рыноққа шығарылды. Егер халықтың негізгі қорегі болып табылатын астық ауданның (каза - аудан, округ) өз қажетіне аспайтын болса, онда астықты басқа ауданға әкетуге тиым салынды (мұндай казаны-«жабық қаза» деп атайтын). Саудадағы мұндай шектеушіліктің себебі ретінде мынадай факторларды атап көрсетуге болады: тауарлардың тапшылығын жасанды жолмен тудыруға тиым салу; астықтан түсетін салықтың табысын кемітуге жол бермеу; армияны астықпен қамтамасыз етудің қажеттігі; халық толқуларын болдырмау және тағы басқа факторлар. Ал, Стамбул, Эдирне, Мекке, Медина сияқты қалалардың «жабық қалалар» саналуына олардың өздері асырай алмайтындықтары себеп болды (сондықтан да бұл қалалардан сыртқа әкетілетін тауарларға қатаң бақылау орнатылды. Егер белгілі бір себептерден; табиғат апаты, соғыс қимылдары, немесе климаттық өзгерістердің нәтижесінде казада астық жетіспеген жағдайда Диван-и Хумаюнның рұқсатымен ол казаға басқа аудандардан астық жеткізілетін еді. Мысалы, астық жетіспеген қиын уақыттарда Родос аралына Ментеше мен Текеден, Алжир, Тунис, Триполи аудандарына Румелияның Эгей теңізі жағалауларында орналасқан санжактарынан, Кафаға (Қырымға) Валахия, Молдавия, Дунай аймақтарынан астық жеткізілді.

Үкімет казадан сыртқа шығарылатын астықтың айналасында контрабандалық және спекуляциялық әрекеттерді болдырмау үшін оны белгілі бір жерге жинастырып, есепке алып, сосын «нарх» бағасымен сатуды ұйымдастырды. Астық сатқан ауданның кадийі (сот бастығы) астық таси-тын саудагерлердің қолына арнайы сенім хат (темессюк) беріп, оны астық сатып алған ауданның кадийіне жіберетін. Сенім хатта астықты апаратын саудагердің аты-жөні, астықтың көлемі, бағасы, кеменің немесе керуеннің номері, аттанған күні туралы мәліметтер тіркеді. Осы арқылы астық ішкі кедендерден өтіп, соңғы қоймаға жеткізілгенше үнемі бақылауда болды.

Мемлекет асытықтан басқа да бірқатар тауарларға шектеулер енгізді, немесе өзі тікелей сатумен айналысты. Мемлекеттің монополиялы құқығы енгізілген тауардың бірі- тұз. Әр тұз өндіретін кәсіпорында белгілі бір аймақ бекітіліп берілді де, ондай аймақты «орю» деп атады. Тұз өндіруші мекеме өз тұзын тек өз «орю» аймағында ғана сата алатын еді. Тұзды өз «орю» аймағынан тыс жаққа шығаруға қатаң тиым салынды.

Өйткені осман территорияларында өндірілетін тұздың сапасы әр түрлі болды да, осман үкіметі қажетсіз бәсекелестікті болдырмауды ойлады (тұздың сапасына қарай құны да әр түрлі болар еді). Егер «орю» аймағында төтенше жағдай болып, аймақ өзін тұзбен қамтамасыз ете алмаған кезде үкіметтен көмек сұрады. «Орю» ішіндегі тұз тасымалымен негізінен көшпелі тайпалардың жауынгерлері - юрюктар айналысты. Осы қызметі үшін олардан «авариз-и дивание» және «текалиф орфие» салықтары алынған жоқ. Тұз монополиясы мемлекетке үлкен пайда келтірді.

Осман мемлекетінде белгілі бір тауар монополиясын «еди-вахид» деп атады. XIX ғасырдың басында (1828 ж) мемлекет опиумға, жібекке, мақтаға, пісте майына, астыққа, қой терісіне монополия енгізеді. Монополия бір шетінен халықты алып-сатарлардан қорғау мақсатында, екінші шетінен жаңадан құрылған «Асакир-и Мансуре-и Мухамедие» армиясын қаржыландыру мақсатында енгізілді. Бірақ бұл монополиялық саясаттан көп пайда болған жоқ. Шет елдік компаниялардың өтінішінен кейін еуропалық мемлекеттер Осман үкіметінен тауарға монополия саясатын жоюға талап еткен соң, 1838 жылы толық жойылды.

Осман мемлекетінің территориясы үш құрлықтың жерінде орналасуына байланысты аса маңызды халықаралық сауда жолдарының бойында жатты. Үндістанға баратын теңіз жолының ашылуына қарамастан Қиыр Шығыстың тауарлары Еуропаға әлі де Таяу Шығыс пен Жер Орта теңізі арқылы тасылып жатты.

Осман мемлекеті пайда болғанға дейін-ақ Жер Орта теңізі мен Қара теңіз бассейндеріндегі теңіз саудасы негізінен венециялықтар мен генуялықтардың қолында болған еді. Олар алдымен Византия үкіметінің, кейін Селжұқ мемлекетінің рұқсатымен осы теңіз порттарында өздерінің сауда колонияларын ұйымдастырады. Османдар Кіші Азияны толық бағындырған соң Анатолиядағы теңіз аймақтарына бақылау орнатып, 1352 жылы генуялықтарға, артынан, венециялықтарға Қара теңізде сауда жүргізуге рұқсат береді. Сұлтан Мехмед II Фатих 1479 жылы келісім (ахид-наме) бойынша венециялықтарға Трабзон мен Қырымның Кафа қаласында сауда жасауға мүмкіндік берген болса, ал сұлтан Сулейман Кануни 1540 жылы бүл келісімді жояды. 1774 жылға дейін Қара теңізге бірде-бір шет ел кемесі кірген жоқ. 1774 жылы Кючук-кайнаржы бітім шартынан кейін осман үкіметі Қара теңізде сауда жасауға алдымен орыстарға, 1784 жылы австриялықтарға, 1799 жылы ағылшын саудагерлеріне рұқсат етуге мәжбүр болады. 1802 жылы ондай рұқсатты француз сауда кемелері, сондай-ақ бірнеше жылдан соң Испания, Сицилия, Голландия, Дания көпестері де алды.

Осман мемлекеті ең алғашқы уақытта кеден салықтарын ең төмен дәрежеде белгіледі. Сұлтан Мехмед Фатих дәуіріне дейін ол 2 %-тен асқан жоқ болса, сұлтан тұсында ол 5 %-ке дейін көтеріліп XVI ғасырда өзгеріссіз сақталды.

XVII ғасырдың басында ағылшын тауарлары үшін кеден салығы 3 %-ке дейін төмендетілді (1601 жылы). 1612 жылы осындай келісімменголланд, 1615 жылы австриялық, 1673 жылы француз тауарлары 3 %-тік межеге дейін төмендетілді. 1838 жылғы келісім бойынша экспорт тауарларына 9 %, ал импорт тауарларына 3 %-тік салық белгіленді. 1861 жылы үкімет импорт салығын 8 %-ке өсіреді де, ал экспорт тауарларын 8 %-тен 1 %-ке дейін кемітеді. Жастүріктер революциясы тұсында Румелияда кеден салығы 11 %-ке, 1915 жылы 15 %-ке өсірілді. 1914 жылы осман мемлекеті дүние жүзілік соғыстың басталуына орай барлық кеден салықтарын 15 %-ке, 1915 жылы 30 %-ке дейін көбейтілді.

Осман кеденшілері салықты алғашқы кезде тауардың бағасына қарап салатын, бірақ бұл кеденшілер мен саудагерлер арасында үнемі дау тудырғаннан кейін, арнайы кеден реестрлері енгізіліп, салық енді тауардың түріне, сапасына, көлеміне, маңыздылығына қарай салына бастады. Баға мен инфляцияға қарап кеден тарифтері де өзгере бастады. Сауда келісімдерінде кеден салықтарының тарифтері үнемі үлкен қиындықтармен шешілетін.

Осман империясының қаржы, сауда және кеден жүйелері үлкен даму жолынан өтті. Бұл салалар да, басқа салалар сияқты, Осман мемлекетімен бірге дамып отырды.



Мемлекеттің қаржы жүйесі классикалық дәуірде өз заманындағы үлгілі қаржы жүйесі болған еді. Қаржы жүйесін дамытуға осман сұлтандары мен Диван-и Хумаюн көп күш-жігер жұмсады. Қаржы жүйесін дефтердарлар басқарды (Дефтердар-и мамалик), оған империядағы барлық қаржы мекемелері бағынды, тек 1840 жылы Қаржы министрлігі (Малие назарлығы) құрылған еді. Осман қаржы жүйесі кіріс пен шығысты есептеп отыратын түрліше кеңселерден тұрды. Бұл кеңселер айналымындағы ақшаның көлеміне, бағаға, ақшаның сапасына, мемлекет шенеуніктері мен армияның жалақысына есеп-қисап жүргізіп, табыстар мен шығыстардың көлемін, сипатын анықтады. Дефтердар кеңселері сондай-ақ, мемлекеттеші азық-түлік пен мал санын, сауда операцияларының барысын да қадағалады.



©netref.ru 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет