Өткенсіз бүгін де, болашақ та болмақ емес



Дата03.05.2016
өлшемі64.9 Kb.
А.Қ.Оразова

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік

университеті қазақ тілі мен әдебиеті және

журналистика кафедрасының аға оқытушысы


ӨТКЕНСІЗ БҮГІН ДЕ, БОЛАШАҚ ТА БОЛМАҚ ЕМЕС
Азат елдің сан ғасырлар бойы қалыптасып, нығая түскен бітім-болмысы, мінез-құлқы, салт-дәстүрі сол ұлттың іргесін берік ететін бірден-бір қуатты күш болып саналады. Ата-бабамыздың ерлікке толы киелі жолы бізді ежелгі дәстүріміз арқылы өткенге құрметпен, келешекке үмітпен қарауға тәрбиеледі. Алайда, жаңа дәуірдің басталмақ тұсында кез-келген елде, ұлтта һәм халықтарда, тіпті, тұтас ғаламдық санада мәдениеттер қақтығысының орын алуы жиілейді. Ұлттың сенімі мен қырағылығы да сыналар тұс – осы. Ері намысын жат қолына бермес ерліктің болмысы, қызы иба мен ұяттың символына айналған елдің мәңгілік жасауы да – заңдылық. Бұл кезеңде әлем мәдениеті өрім қамшының тіні тарқаған сықпытта еді. Тәуелсіз елдің талайы маңдайға жазыларда аз азап мөлшерленбепті. Қуғын көрді, сүргін кешті, қия барды таудай тұлғалары тізе бүкпей сұлағанда да тауы шағылмады. Ерлігі сүйсіндірер ердің орнын жасынан топқа кірген, он асып орда көрген оғландар толтырып жатты. Жалтақ көрмеген қазақ бұл дәуірді де есен өткерген-ді. Бодандықтың тұсауы қысқанда да алқымнан буған талай қолды шаппаққа бекіген. Сананы жоюды басынан өткерген ел азып-тозудың соңғы сатысына көтерілгенімен, көрер жарығы алдынан мұнартты. Батылдықтың қанжары балдағына дейін сұғылды. Бұл дәуірден қазақ өреден енді босаған жылқыдай көпке дейін аяғын еркін көсілте алмады. Тек еркіндіктің таңы атқанда ғана тұман сейіліп, қара түннің түндігі түрілді.

Тарихты жасайтын халық. Халықтың бар тірегі, сүйеніші – ендігі келер ұрпағы. Ескіде қалу дамудың шарты емес, тек бүгініңмен өмір сүру де көсегені көгертпесі анық. Сондықтан, таразының басын тең ұстау – бізге міндет. Заманы тұсында шығыста ескілік жаңалықтан биік һәм ұзақ жасайтын. Осы тұрғыда қазақтың көрнекті жазушысы Ғабит Мүсірепов: «Ескінің де ішінде жаңарағы бар» дейді. Сонысымен де шығыстың алып мәдениеті орнықты. Батыстық сана мен шығыстық даналықтың алтын көпірі – қазақ елі болуы тиіс. Мемлекет өз хал-қадірінше осы үдеден шығып та келеді. Дегенмен батыстың құйтырқы қылығы өткенін бағдарлап, өз деңгейінше сана-сезімімен қорыта білетін қайсар рухты қазақтың ізін басқан желпінген жастарының ой-өрісін улаумен әбігер болуда. Бүгінде жас ұрпақ ата-бабамыз өшпес мол мұра ретінде қалдыра білген құндылықтарымызды біле тұра, жат елдің жетегіне еріп бара жатқандай. Өткен күндер тарих сахнасынан орын алса, бүгінгі күн – көз алдымызда. Ал келер күннің көрінісі қандай болмақ? Келешегіміз кемелдене түсіп, болашағымыз жарқын болу үшін сіз бен біз ұлтымыздың өзгеге үлгі ізгі тәрбиесін бойымызға сіңіргеніміз жөн. Тағдырдың теперішін тартып келген қазаққа қайта күн туды. Ендігі жерде дамушы елдердің тәлімін емес, тәжірибесін өз мүддемізге пайдалансақ еліміз дамып, салтымыз сақталып, кері пікір тудырған жастарымыз мақталар болмақ. Өткен күнге өкпе жоқ, осы күнге шүкірлік келер күннен үміт зор.

Қазақ халқы ежелден бірлік пен татулықты ту ғып ұстап, қасындағы көршісімен де, алыстағы ағайынымен де «іщәйласпаған». Халықтың ауызбіршілігі ғасырдан ғасырға хат боп қатталып, ұрпақтан ұрпаққа мінәжат болып жеткен. «Есім ханның ескі жолы», «Қасым ханның қасқа жолы», «Әз Тәукенің жеті жарғысы», т.б. ұлттық құндылықтарымыз болып саналатын заңдық тұжырымдамаларымыз қазіргі күнге дейін өз жалғасын табуда. Елдің елдігін білдіріп, Қазақстанның атын әлемге танытуда атқарылған, атқарылатын да істер көп. Дегенмен де осыдан үш ғасыр бұрын қазіргі заманның бет-бейнесін ашып көрсеткен қазақтың Мөңке биінің болжамын ойға алсақ, қынжылмасқа лажың қалмас.

...Ақырзаман адамы –


Сағынып тамақ жемейді,
Ащыны – ащы демейді,
Тапқанын олжа дейді,
«Алһам» білгенін молда дейді.
Бір-біріне қарыз бермейді,
Шақырмаса, көрші көршіге кірмейді.
Сарылып келіп тосады,
Құны жоқ қағазды судай шашады.
Заманақыр болар да, жер тақыр болар,
Халқы пақыр болар[Намыс кз.].

Иланбасқа да, келіспеске де амалың жоқ. Басыңды шұлғисың да, қиналасың. Қиналасың да болашаққа бағаммен қарайсың. Қарамасқа қарымың да, шамаң да жоқ. Өйткені болашаққа сен де – жауаптысың.

Қазақтың дана Абайы өз елінің бірлік, тірлік туралы кейбір ой-тұжырымдарына келіспеушілігін білдіреді. Мәселен, ол өзінің алтыншы қара сөзінде: «Өнер алды - бірлік, ырыс алды - тірлік» дейді. Бірлік қандай елде болады, қайтсе тату болады - білмейді. Қазақ ойлайды: бірлік - ат ортақ, ас ортақ, киім ортақ, дәулет ортақ болса екен дейді. Олай болғанда байлықтан не пайда, кедейліктен не залал? Ағайын құрымай мал іздеп не керек? Жоқ, бірлік - ақылға бірлік, малға бірлік емес. Малыңды беріп отырсаң, атасы басқа, діні басқа, күні басқалар да жалданып бірлік қылады! Бірлік малға сатылса, антұрғандықтың басы осы.

...«Ырыс алды - тірлік» дейді, ол қай тірлік? Ол осы жан кеудеден шықпағандық па? Жоқ, ондай тірлік итте де бар. Ондай тірлікті қымбат көріп, бұлдаған адам өлімді жау көріп, ахиретке дұшпан болады. Жанын қорғалатып, жаудан қашып, қорқақ атанып, еңбек қылудан, қызмет қылудан қашып, еріншек атанып, ез атанып, дүниеде әлгі айтылған ырысқа дұшпан болады. Ол айтқан тірлік олар емес. Көкірегі, көңілі тірі болса, соны айтады. Өзің тірі болсаң да, көкірегің өлі болса, ақыл табуға сөз ұға алмайсың. Адал еңбекпен ерінбей жүріп мал табуға жігер қыла алмайсың»[Абай кз.].

Бірлік пен тірліктің қиюы қашқанда оның берекесінің де кететіндігін ақын Абай даналықпен, қарапайымдылықпен шебер жеткізеді. Өзіңнің істеп жүрген ісіңе, ойлап жүрген ойыңа, сөйлер сөзің мен пайым-парасатыңа жіті көзбен қарауға мәжбүрсің. Бұл – уақыт талабы, аталар арманы.

Тәуелсіздігімізді алған алғашқы жылдар мен сындарлы шақтар жемісіндей болған жетістігіміз терезесі тең, керегесі кең алпауыт елдермен жан жағынан бәсекеге түсе алатындай жағдайға жетті деп айту ерте болса да, ауызды қу шөппен сүртетіндей де ойымыз жоқ. Өйткені біз – тәуелсіз елміз. Себебі біз – осы күнге білектің күшімен, айбалтаның ұшымен жеткен елміз. Ендеше, сасатын да, қашатын да біз емеспіз. Кешегіміз күмәнді емес, қазіргіміз – қорқынышты емес, болашағымыз – бұлыңғыр емес. Ел қалаулысының өз сөзімен айтсақ: «Дүниеде тәуелсіз Қазақ елі бар. Әлемде егемен Қазақстан бар. Оның көп ұлтты, тату, ынтымақшыл халқы бар. Қуатты экономикасы, сенімді саяси жүйесі бар. Ең бастысы, бүгіннен нұрлы, бүгіннен кемел болашағы бар. Сол күнге берік сенім бар!

Басқаға жалтақтайтын күннен кеттік. Бар байлығымызды өзімізге бұйыратын еттік. Қоғамның саяси тұрақтылығы мен бірлігіне жеттік. Қысқасы, егемен ел болудың ең ауыр белесінен өттік. 

Біз басқа ел болдық, жаңа жұрт болдық! Бұрынғы заман жоқ! Сана жаңаратын уақыт баяғыда туды!»[SZH kz.].



Иә, құлдық сана мен санасыздықтың ыстық табасында шыжғырылсақ та, шындық алдында шырылдап, ар мен адамгершілік алдында адалымыздан ақтарылатын күн әлдеқашан жетті. Олай болса, бесігімізді түзейік, өткенімізді сүзгіден өткізіп, қазіргімізге қанағат етейік, болашағамызға бағдар жасайық, сонда жаман болмасымыз – хақ.
Пайдаланылған дереккөздер:

  1. www.Намыс кз. Мөңке би: Ұят жағы кем болар, сөйткен заман кез болар. 01.05.2012

  2. www.Абай кз. Абайдың алтыншы қара сөзі. 02.04.2015

  3. www.SZH kz. Елбасымыздың жер, ел қадірі туралы, бірлік туралы халқына айтқан қанатты сөздері. 04.12.2013


Тіркеу формасы:


  1. Тегі, аты-жөні, әкесінің аты (толығымен) Шамшадин Ерсін.

  2. ЖОО, мекеме Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті.

  3. Баяндаманың ғылыми жетекшісі (тегі, аты-жөні, лауазымы, ғылыми дәрежесі, қызмет орны) Оразова Асыл, гум.ғыл.маг., аға оқытушы.

  4. Мекен-жай Қызылорда қаласы, Сәулет-23, 11-үй.

  5. Байланыс телефондары: 87021527361; 87783716296;

  6. E-mail (міндетті түрде): moni­_003@mail.ru

  7. Баяндама тақырыбы: «Өткенсіз бүгін де, болашақ та болмақ емес».

  8. Бағыт: тарих, әдебиет, журналистика (гуманитарлық ғылымдар).

Каталог: sites -> default -> files -> publications
publications -> ТӘуелсіздік жылдарынан кейінгі сыр өҢірі мерзімді басылымдар: бағыт-бағдары мен бет-бейнесі
publications -> Қазақстан халқы Ассамблеясы” кафедрасының аға оқытушы ф.ғ. к. Есқараева Айгүл Дүйсенғалиқызы “абай жолы” эпопеясындағЫ Әйелдер бейнесі
publications -> О. Сүлейменов және қазақ кино өнері
publications -> Абай мен Пушкин шығармалары
publications -> Темірбек жүргеновтің Өмірі мен қызметі (Қазақстан мұрағат құжаттары негізінде) Оразбақов Айтжан Жұмабайұлы
publications -> «Мәңгілік ел – ұлттық идеясының қазақ әдебиетінде көркемдік көрініс табу дәстүрі мен инновациялық жаңашылдық мәселелері» атты Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдары
publications -> Қазақ стиль типологиясының Қалыптасуы қорқыт ата атындағы Қму доценті А. Е. Айтбаева
publications -> Ш.Құдайбердіұлы және М.Әуезов шығармашылығындағы тұтастық Нұрланова Әсем Нұрланқызы
publications -> Абай танымындағы сопылық
publications -> Қазақ әдебиетінің халықаралық байланыстары


Достарыңызбен бөлісу:


©netref.ru 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет