Оқулық Астана, 2012 Қазақстан республикасының білім және ғылым министрлігі



жүктеу 4.28 Mb.
бет11/17
Дата01.04.2016
өлшемі4.28 Mb.
түріОқулық
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   17
: bitstream -> handle -> data
data -> Меңдігүл Бұрханқызы Шындалиева
data -> МЕҢдігүл шындалиева қазақ очеркінің поэтикасы (монография)
data -> Бейсенбай Кенжебаев алаш туы астында (мақалалар мен зерттеулер)
data -> Шындалиева М. Б. ф.ғ. к., доцент
data -> Алаш зиялылары және «Қазақ» газеті
data -> А Б. Кенжебаевтың өмірі мен шығармашылығы
data -> М. Б. Шындалиева Филология ғылымдарының докторы, профессор
data -> Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия
data -> Шындалиева Меңдігүл Бұрханқызы

Суреттеме

XІХ-XX ғасырдағы қазақтың мерзімді баспасөзінде суреттеме деген атқа ие болған жанр қалыптасты. Бұл сөздің терминологиялық мағынасы «сурет», «сурет салу» дегенді білдіреді. Суреттеме – бұл адам портретінің, оқиғаның, өмірдегі құбылыстардың әдеби-көркем құралдармен суреттелуі. Суреттеме жанры қазақ және кеңес журналистикасында кездеседі. Суреттеме жанрдың ізашары болып табылған. Суреттеме жанрлардың кіші пішіні ретінде танылған. Ол нақты және өз мағынасы жағынан салыстырмалы түрде жергілікті оқиғаға арналады: өндірістік, не мәдени объектінің іске қосылуы, цех, не бригаданың еңбек күні, оқу жылының басталуы, оқушылар мен студенттердің еңбек жазының жұмыс күндері, спорттық сайыстар, туристердің слеті және т.б. тақырыптарды қамтуы мүмкін. Қазақ баспасөзінде суреттеме ең ұнамды жанр болған. Жанр эталоны болып табылатын суреттемелер Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Қапан Сатыбалдин, Зейін Шашкиннің шығармаларында кездеседі.

Суреттеме – бұл көркем-публицистикалық және репортаждық тәсілдер үйлесетін аралық жанр. Публицистикашылдық, бейнелілік, әдеби-стильді тәсілдердің байлығы суреттемені очеркке ұқсатып, суреттемені очерктің кіші формасы ретінде қарастыруға мүмкіндік береді. Суреттеме жанрын зерттеушісі, профессор В.П.Владимирцев газет жолдарында кездесетін суреттеменің алуан түрлерін былай бөледі:


  • Портреттік суреттеме.

  • Оқиғалық немесе репортаждық суреттеме.

  • Табиғат суреттемесі [1,62-б].

Осы тұста біздің ойымызша, суреттеме түрлерінің бірнешеуін атап көрсетуге болады. Соның ішінде:

  • Табиғат туралы этюдтер.

  • Портреттік суреттемелер.

  • Публицистикалық суреттемелер.

Табиғат туралы этюдтар дегеніміз - ландшафттарды, табиғи объектілерді, табиғаттағы кез келген құбылыстарды сипаттау. Табиғат туралы этюдтар әдетте пейзаждық сипаттаудың ықшамды түрін және суреттеліп отырған құбылыс, не оқиғаға автордың қатынасын көрсетеді. Табиғат туралы этюдтар жарық лиризмге боялып, нақты және шағын сипаттауға ие болады. Табиғат туралы этюд жазудың шебері, орыс жазушысы Михаил Пришвин шығармашылығындағы «Незабудки», «Фацелия» кітаптарына кірген қойын дәптер мен күнделіктен алынған заттың суреттемелері нақтылығымен, ықшамдылығымен құнды және терең философиялық идеяларымен таң қалдырады.

Суреттемеде публицист алдындағы мақсат көбінде мәселенің басын ашатын өмірдің көріністеріне көңіл аударуды талап етеді. Журналист суретші секілді белгілі бір нүктені тауып алып суреттейді, егерде жазушы дұрыс бағытта жүріп, шығармашылық қиялы бай болса, ол өмір шындығын білуге, құбылыстарға әлеуметтік мағына беруге қол жеткізеді. Бірақ, мұнда да тақырыптың тың, өзекті болуы бірінші орында, ал олай болмаған жағдайда, сурет өзінің танымдық, тәрбиелік мәнін жоғалтады. Публицистің өмірге қаншалықты бейім екендігін осыдан байқауға болады.

Суреттемеде портретті очерктегідей жазушының бір ғана кейіпкерге тоқталуы болмайды, мұнда беллетристикалық очеркте-гідей кейіпкерлер соқтығыспайды, сюжет жоқ. Басты кейіпкер міндетін көбінде ұжым атқарады. Өмір динамикасын дұрыс жеткізу үшін, шығарма тақырыбын анық ашу үшін, суреттеме өзгеше орналасады. Әрбір суреттеу М.Пришвин пікірінше бұл: « ...қиын бір нәрсені ерітуге» тырысу. Онда очеркші «өз ойын физикалық түрде іске асырады» [2,11-13-б],- дейді. Басқа да публицистика түрлерімен қатар, суреттеме де өз тарихына ие. Бүгінгі күнге дейін өзінің танымдық мәнін жоғалтпаған тамаша көркем құжаттардың ішінде С.Аксаковтың «Орынбор аңшысының суреттемелері», И.Тургеневтің «Орман мен дала» шығармалары жатады. Қазақ әдебиетінде де суреттемелер ХХ ғасырда үлкен мәнге ие болып дамыды.

Ұлы Отан соғысы кезінде газеттер мен журналдарға суреттемелерді жиілетіп бере бастаған. Дәл осы кезеңде суреттеме әдебиеттің маңызды бір бөлшегіне айналған деуге болады. Суреттеме ұғымының өзінде көркемдеу мағынасы жатыр, яғни, суретпен ойлау, сөзбен көркемдеу, өмірдің әр түрлі құбылыстарын оқырманға ұсыну. Алайда, журналист деректерді жауынгер ретінде қолданады. Бейнелеу өнеріндегідей зат бітімін суреттеменің өзі философиялық ой-толғауға әкеп тірейді. Осыдан барып бақылау сананың жетістігіне айналады да, алғашқы ой-пікірді жалпыға ауыстыратын сәттер жалғасады, мұнда тәжірибе, ассоциация, автор білімі ұштасады. Публицист суреттемеде дүниеге көзқарасына сай өмірдің белгілі бір жағын көрсетеді. Материал қаншалықты көркем болса да, автор көздеген мақсатты эпизодтар көмегімен шебер бере алмаса, суреттеме сәтсіз шығады. Суреттемеде тақырыппен байланысқан бір топ адамды көреміз. Бұл материалдың формальді бірлігі емес, автор ойын бейнелеп жеткізуге арналған бейнелер жүйесі. Суреттеменің сәттілігі жиналған деректердің санында емес, оқырман ойы мен сезіміне қалай әсер ететіндігінде. Суреттеме авторы үшін әр түрлі формалар беріледі: суреттеме, заметка, эпизодтар сериясы, куәгер әңгімелері, сұхбаттасу мен хат түрлері т.б. Соның өзінде очеркші алдында таңдалған объектіге дәл бақылау жасау, дұрыс көзқарас қалыптастыру талабы қойылады.

Жазушы Шерхан Мұртазаның суреттемесі “Нұқ пайғамбардың кемесі” деп аталады. Мұнда негізінен кейіпкер де, характер де жоқ, сюжетсіз очерк, яғни этюд түріне жатады. Шығарманың көтерген негізгі тақырыбы – Адам баласының бүгінгі өмірі. Жердің жағасын жыртып, көйлегін айырып, әбден абыройсыз халге жетіп, азып-тозып бара жатқанын жазушы қынжыла отырып айтады.

“... Павлодар облысында тұтас бір аудан Ермак атымен аталып, сол аттас қалада Ермакқа орасан ескерткіш орнатылар ма еді? Және оның тұғырына: “Ермакқа дән риза ұрпақтарынан!” деп тасқа қашап жазылар ма еді? Ал “ұрпақтары” – кешегі тың игерушілер ғой. Бірақ олардың ұраны: “Тыңды игерейік !” емес, “Тыңды бағындырайық !” болды. Тың дегеніміз – жер. Жер дегеніміз – Ана. Ал анасын бағындыратын адам бола ма екен? [3,247],- деп, тың игеру кезінде жіберілген асыра сілтеушілікке сын айтып, олқылықтың жіберілу себептерін аша отырып, “Тың эпопеясы” деген даурықпа кезеңде бетегелі белдер, көделі жерлер, мың-миллион шүйгін жайылымнан қазақ халқы айырылып қалғанына өкініш сезімін өзек еткен.

Бұл суреттемеде тек қазақтың жер мәселесі ғана емес, сол “Тың эпопеясы” тұсында жүздеген қазақ мектептері жабылғаны, жергілікті қазақ халқының әдет-ғұрып, салт-санасы, ұлттық қасиеті де топырақтың құнары кеткен сияқты қақырап бара жатқанын жазушы нақты мысалдармен жеткізеді. Семей маңында қырық жыл бойы атом бомбасы жарылып келгені, Аралдың құрып бара жатқаны, адамдардың астамдығының, тасыраңдығының нәтижесі екенін қаламы қарымды публицист кесек пайымдаулармен баяндап, сүбелі тақырыптарды көркем түйіндеп, өмір ақиқатын жинақтап, қорытудың үлгісін жоғарыдағы суреттемесінде көрсетеді.

Портреттік суреттеме – бұл адамды ғана сипаттайтын материал емес, сонымен қатар, адамның ішкі жан-дүниесін, оның ерекшелік-терін зерттейді. Портреттік суреттеменің асқан шеберлеріне М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин шығармаларында көп кездеседі.

Публицистикалық суреттеме – бұл журналист арқылы ұғынған болмыстың, деректің, оқиғаның, құбылыстың адамгершілдік, эмоционалды түрде түсіну. Суреттеменің бұл түрінде жоғарыда аты аталған жазушылардың публицистикалық суреттемелерін айтуға болады. Бүгінгі күні публицистикалық суреттемелер кең таралуда, өйткені, суреттеме - қоғамдық-саяси өмірдегі құбылысқа, не оқиғаға шағын түрде жедел үн қатуға, бүгінгі замандастарымыз, олардың қызығушылығы, істері, ойлары туралы айтуға мүмкіндік беретін берекелі жанр. Зерттеуші В.П Владимирцев бұл жанр туралы: «Суреттеменің жанрлық жүйедегі бұқаралық ақпарат құралдарындағы орны қарапайым болып көрінеді. Негізінен, суреттемелік миниатюралар (материалдар) БАҚ-тың жанрлар иерархиясында маңызды мағынаға ие: публицистикалық (ақпараттық) шығарманың байланысын көркем мәтін заңдары арқылы өңделген сөз эстетикасымен қоса өзінің көркем-сөйлеу әдеби негіз болатын ұстаныммен белгілейді (таңбалайды). Суреттеме журналистика мен әдебиет музалары арасындағы тарихи қалыптасқан табиғи дәнекершінің рөлін атқарады. Бұл қос стандарт пен қос бағынудың «шағын» газеттік жанры. Бір жағынан, фактографиялық құжаттылық, мекен-жайлылық, айқын ақпараттық себеп белгілері бойынша, суреттеме қалыпты ақпаратттық журналистикаға қатысты болып, хабар-ошар, корреспонденция, репортажбен туыстас болады» [1,12-б],-деп жазады. Бірақ сөйлеу мен бейне экспрессиясы, ақынжандылық пен лиризм белгілері бойынша, суреттеме көркем әдебиет пен беллетристикаға жақын. Демек, суреттеменің ерекшелігі туралы оның табиғи бірлігі аясында бағалау керек. Берілген шығарма қаншалықты журналистиканың қазіргі қажеттілік талаптарына жауап береді, дәл сол уақытта оның ақпараттық тапсырмасының сөйлеу көрінісі, танымдық пен публицистикалық жүктемесі қаншалықты поэтикалық пен бейнелік болып табылады. Сонымен, қазір жанр шекарасы бұзылды. Суреттеме өз бойына ақпараттық, сараптамалық, көркем-публицистикалық жанрлардың белгілері мен ерекшеліктерін топтастырды. Бұл ретте жанрлық және стильдік белгілер түрленіп, материал дайындайтын автордың ой-пікірі тақырып пен міндеттеріне байланысты өзгереді. Бірақ әр дербес жағдайда суреттеме әдетте үлкен публицистикалық жүкті, эмоционалдық, мағыналы қызулықты, авторлық бағаны, авторлық ой-пікірді туғызады. Суреттеме жанрын кейде демократияшыл деп атайды. Суреттеме жазу сөз өнерін меңгерген және газеттік қызметте біраз тәжірибесі бар журналистің қолынан келеді. Суреттеме – бұл адамдар, істер, табиғат құбылыстары туралы жылы, шын жүректен шыққан сенімді әңгіме. Ол кез келген оқырманға түсінікті, кез келген талғамға бағытталған. Суреттеме қазақ журналистикасында бұрыннан кездесетін қызықты, әрі мазмұнды жанр.

Телесуреттеме - бұл бейнелілік пен ақпараттықтан басым болатын жанр. Очеркке қарағанда суреттемеге композициялық тиянақтылық, тереңдік, логикалық ой қажет емес. Теледидарда суреттемені әдетте түрлік түсірілім, бір-бірімен байланысты кадрлардың бірлігі деп атайды

Суреттеменің нақты айқындалған оқиғалық себебі жоқ, бірақ операторлық жұмыстың әрбір кадрдың қатаң таңдалған композициясынан, ракурстың тыңғылықты таңдалуынан, айшықты жарық үндестігінен көрініс табатын жоғарғы көркемдігі бар жанр. Кадрдан тыс мәтінге ерекше талап қойылады. Онда автор құрғақ ақпараттықтан, хаттамалықтан бас тартып әртүрлі тілдік құралдарды пайдалануы тиіс.

Әдетте теледидарлық суреттеме жанры құрылымына журналистік мәтін мүлдем кірмейді, барлығы бейнемен білдіріледі. Егер де газеттік суреттемеде автор, көргендерінің толық бейнесін беру үшін өзі алған әсерін бейнелі және көркем әңгімелейтін болса, өз көріп-білгендерін айтып, жағдайды суреттесе, теледидарда бұл функцияның барлығын камера атқарады. Тілші түсірілім нысанын алдын-ала таңдап режиссермен оның барысын, эпизодтар ұзақтығын талқылап, сонымен бірге операторға белгілі үндестікті тапсырады. Ол үндестік тиісті материалға түсірілім барысында ғана емес кадрларды таңдау және монтаж кезінде қажет болады. Суреттемеде музыкалық және табиғи шумен безендіру кеңінен қолданылады. Бұл жанр шеберлерімен жинақталған тәжірбие жарнамалық және музыкалық бейнебаян түсірушілеріне өте қажет. Алайда қазіргі күнде теледидардағы суреттеме өз орнын жоғалтқан жоқ, тыңғылықты шығармашылық жұмысты талап ететін ең қызық жанрлардың бірі болып қала береді.

Очерк

Баспасөздегі очерк. Очерктің көркемдік сипаты. Очерк – көркем әдебиет пен публицистиканың күрделі, әрі көп қырлы жанры. Очерктің көркемдігі - оның публицистикалық әсерлілігінің қажетті шарты деген пікір бүгінгі таңда қисындық тұрғыдан негізінен мойындалған. Алайда, мерзімді басылымдардағы очерк жанрының қалпы бұл қағиданың орнығуына әлі де болса жеткіліксіз тұстардың бар екендігін байқалады. Очерктің анық публицистикалық белгілері және публицистикалық бағытымен қоса, ол көркем әдебиеттің ажырамас бір бөлігі болып табылады. Түптеп келгенде, очерк - шындықты саяси-әлеуметтік зерделеу тұрғысынан қорытатын жанр. “Очерк – көркем әдебиеттің бір саласы. Онда шығарма негізі – күнделікті деректі материал, нақты адамдардың әрекеті” [4,368-б],- дейді профессор Т.Нұртазин. Оқырман очеркті оқып отырып, одан адамдардың аты-жөнін, лауазымын емес, деректің “психологиясын”, ішкі жан-дүниесін ашатын қызықты әңгімені іздейтіні тағы талассыз. Осы очерктердің негізгі түрлеріне талдау жасау міндетті де маңызды мәселе.

Очеркшілердің шығармашылық әдісі туралы орыс очерктанушы ғалымы Евгения Журбина былай дейді: «Өз жанрының заңдылығына сергектеу қарайтын очеркшілер, шығармашылық әдістерінің әр алуандығына қарамастан, мынадай ақиқатты бірауыздан мойын-дайды: ол – очерк жанрының публицистикашыл қасиетінің, жанрлық төл сипатының, сондай-ақ, «көркемдіктің шыңына» бастайтын өзіндік жолы мен құралының болатыны» [5,195-б]. Баршаға белгілі, қандай да бір құбылыс суреткердің көркемдік қиялы арқылы бейнеленбесе, ол өзінің өнерге қатысты талғам-талабын солғындатып алады. Өмір шындығы мен өнер шындығы арасындағы айырмашылық туралы ғалым Ж.Дәдебаев: «Әдеби шығарма негізінде дерек, факт жатуы, тарихи дәуір шындығын көрсету үшін жазушының шығарма желісін бастан-аяқ тек қана тарихи болған оқиғаға құруы шарт емес. Алайда, шығарманың материалдық болмысын, өзегін тарихи белгілі, ақиқат оқиғалар құрмайынша, белгілі тарихи дәуірдің шындығын шынайы суреттеу тағы да қиын» [6,12-б],- дейді. Яғни, очерк жанрының көркемдік жүйесінде, тақырыптық болмысында тарихи өмір шындығының атқаратын рөлі зор. Очерк әдебиет жанрларының ішінде ерекше орынға ие болғанымен, оның көркемдік сапасы, жанрлық табиғаты, тарихи қалыптасқан ерекшелігі ғылыми тұрғыда толық сараланды деп тұжырым жасауға болмайды.

Қазақтың классик жазушыларының шығармашылығында әр түрлі жанрда жазылған ең жақсы деген туындылар қатарында очеркті де атауға болады. Б.Майлиннің «Алыптарды аралағанда», І.Жансүгіровтің «Жол аузында» очерктер жинағының, М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, С.Ерубаев, Ғ.Сланов, С.Шарипов, М.Иманжанов, Ә.Нұршайықов, Б.Момышұлы, О.Бөкей, Ә.Кекілбаев, Ш.Мұртаза, Р.Нұрғали, А.Сейдімбек, Т.Жұртбай сияқты көрнекті жазушылардың очерктік шығармаларының қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар. Қазақ әдебиетіндегі очерк ішкі тегеуріні орасан зор жанр ретінде қалыптасты. Жоғарыдағы жазушылар көркемдігі жоғары очерктері арқылы өздері ғұмыр кешкен қоғамға, уақытқа тікелей ықпал етуге талпынғандығы талассыз.

Тәрбиелік мәні бар очерктер өмірден алынған деректерге негізделіп жазылады. Қоғам дамыған сайын очерктер де дамып, тақырыптары ауқымданып, пәрменділігі арта түседі. Очерктің ең үздік үлгілері өмірде болып жатқан өзгерістерге, жаңа құбылыстарға қолма-қол жауап беріп, көкейкесті мәселелерді дер кезінде көтере білуімен құнды. Очерк жанрының көркемдік, танымдық және әлеуметтік маңызы қай кезде де зор. Бұл үрдістің тоқтап қалмай, әрі қарай дамуы үшін, адам қоғамының рухани және материалдық мәдениетінің байып, үздіксіз өсуінің мысалдарын өмірден іздеу қажет, сонымен бірге, очеркші өмірде болып жатқан өзгерістерге жаңаша көзқараспен қарап, өзіндік баға беруге тырысады. Кеңестік очерктің қалыптасу тарихында түрлі қайшылықтардан туған жағымсыз құбылыстарды жуып-шаюшылық, жалған идеализацияға берілушіліктің бел алғаны да бар. Дегенмен, күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді насихаттауды төл міндеті деп білген қазақ очеркшілері тамаша дәстүр қалыптастыра алды. Қазақ қаламгерлері өмірді бақылау, халық мүддесіне барынша жақын болу, әлеуметтік мәселелерді батыл түрде алға қою сияқты дәстүрді орнықтырды.

Көркемдік жағынан очерк журналистиканың басқа жанрларымен үзеңгілес болса да, оның өзіндік ерекшеліктерін жоққа шығаруға болмайды. Оны көркем жанрлардың қатарында да, одан тыс та қарастыруға болады. Очерктің негізінде нақты өмірдің ақиқат деректері жатуы ғылыми зерттеуге ұқсатса, шындықтың бейнелі суреттелуі, көркем жинақталуы әдеби шығармамен ұласып жатады. Көркем әдебиеттегі жаңа үлгілердің очерктерден бастау алатын кездері де бар. Көп жағдайда очерк өзінен кейін дүниеге келетін көркем шығарманың негізгі «азығы» болып отырады.

Очерк - жанр ретінде көркемдік-идеялық сипаттарын айғақтау барысында қалыптасқан және белгілі бір әлеуметтік құбылысты әрі ғылыми зерттеу, әрі публицистика, әрі көркем өнер тұрғысынан өзгеше бедерлей алатын аралық жанр. Көркем өнер мен ғылым арасында айырмашылық бар. Ғалым мен ақынды салыстыра отырып, Б.Г.Белинский: «Бірі дәлелдейді, бірі көрсетеді, екеуі де иландырады, бірі логикалық қорытындыларымен, бірі суретпен» [7,311-б],- дейді. Сонымен, белгілі бір әдеби деректің көркем өнерге қатыстылығын дәлелдеу үшін, оның бейнелі құрылысын анықтау керек. Көркем очерктің мақсаты - дүниені тұтас танып, оның келбетін әсерлі суреттер арқылы бейнелеп көрсету. Очеркте суреттелетін шындық - өмірде болған, не бар ақиқат, сондықтан да очерк өз кезеңінің шындығынан ғана тұрады. Бұл, әрине, очеркті көркем өнерден тыс қалдыруға себеп бола алмайды. Мысалы, шебердің қолымен жасалған әдемі құмыраны күнделікті мақсатта қолдансақ та, оны өнер шығармасы дейміз.

Қазақ әдебиетінде бұрыннан қалыптасқан, бір жүйеге түскен очерк түрлері мен пішіндері бар. Алайда, журналистиканың басқа жанрлары сияқты очерк те өзгеріп, жаңадан туып, дамып отыратыны тағы бар. Кейбір бұрыннан бар очерк түрлері жойылып, тыңнан уақыт, заман талабына сай туындаған очерк түрлері өмірге келіп жатады. Кей жағдайларда очерктің көтерген тақырыбына орайластырып, «ауыл шаруашылық очеркі», «тұрмыстық очерк», «саяси очерк», «әлеуметтік очерк», «экономикалық очерк» деп, түрге бөле салуды үрдіске айналдыру қате сияқты. Бұл жөнінде очерк жанрын зерттеушілердің өздері бір пікірге келе алмай, әр қилы ой-тұжырымдар айтып келген. А.Байтұрсынов өзінің «Әдебиет танытқышында» очеркті «әуезе» деп атап, оны шежіре, заман хат, өмірбаян, мінездеме, тарих, тарихи әңгіме» [8,398-399-б],- деген түрлерге бөледі. 1920-1930 жылдарда көркем очерк түрлерін тақырыбына қарай жүйелеу орын алып келді. Сол жылдардағы газет-журнал беттерінде «ауылшаруашылық очеркі», «социологиялық очерк», «лирикалық очерк», «экономикалық очерк», «саяси очерк», «колхоз очеркі», «өндірістік очерк», «мінез-құлық очеркі» деген очерк түрлері белең алған. Бұл тұста очерктің көтерген тақырыбына сәйкес бөлу ескерілгені байқалады. Очерктанушы Төлеубай Ыдырысов: «Жол-сапар, портрет-очерк, оқиғалы очерк, публицистикалық очерк, проблемалық очерк» [9,77-б] ,-деген түрлерге бөледі.

Орыс әдебиетіндегі очерк түрлерінің жіктелуі 1930 жылдардан бастау алып, «Наши достижения», «Литературная учеба», «Литературный критик» басылымдарында «шетелдік», «экзотика-лық», «беллетристикалық», «техникалық», «мемуарлық», «зерттеу-шілік», «өлкетанушылық» деген түрлерге жіктеліп, жүздеген очерктерді басып отырған. Ал, соғыстан кейінгі очерк түрлерін жүйелеген Г.Поспелов өзінің «Әдебиет теориясында» екі-ақ түрге: «суреттеу» және «фактографиялық» [10,142-б],- деп бөледі.

Шын мәнінде, очерк түрлерін жүйелеуде зерттеушілер бір тоқтамға әлі күнге дейін келген жоқ. Қазақ журналистикасындағы очеркті түрлерге бөліп қарастырғанда, біздің ескерген жағдай, шығармашылық мақсатты, көркемдік ерекшеліктері мен публицистикалық құралдардың қандай қызмет атқарып тұрғанын, құрылымы мен сипатын есте ұстадық. Қазіргі қазақ журналистикасында публицистикалық, оқиғалы, мемуарлық, лирика-философиялық, жол-сапар, портреттік, этнографиялық, циклдық очерктердің түрлері бар. Біз, негізінен, очерктің көп тараған, қазақ журналистикасы мен әдебиетінен берік орын алған түрлеріне кеңінен сипаттама жасап, ғылыми тұрғыдан дәйектеуге талпындық.

Публицистикалық очерк. Публицистикалық очеркте материалға ерекше әлеуметтік, саяси тереңдік бере отырып, публицистикалық бастама басты орын алады. Публицистикалық очерк өмірді көрсетуде қарапайымдылыққа, келтірілген суреттің қоғамдық ойын мазмұндауға бейім, мұнда образдық жүйе екінші орынға қойылады. Публицистикалық очеркке Т.Ыдырысов былай анықтама береді: «Публицистикалық очерк - әлеуметтік-саяси құбылыстардан, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығының, мәдениеттің түйінді мәселелерінен келелі ой қозғау, пікір айту үшін таптырмайтын форма. Очеркист оқушылармен сыр шертіседі, ой мен сезім арқылы өз дәуірінің тынысын оқушыға жеткізуге тырысады» [11,91-б],- дейді. Сонымен, публицистикалық очеркте ойлау, сараптау, толғау басты рөл атқарады. Өз пікірінің шындыққа сай екендігіне оқырман көзін жеткізу үшін жазушы сұрақтар қоя отырып, оған жауапты өзі қайтарып, болған оқиға дәйектерін суреттейді. Мұнда сюжет емес, публицистикалық тапсырма ұйымдастырушы элемент болып саналады. Өмірдің әр қырын автор көкейіндегі сұрақпен байланыстыра отырып, шығармадағы публицистика әрқашан бірінші орында тұрады.

«Публицистикалық очеркте автор әлдеқайда кеңірек көсіле алады, оқушысының санасы мен сезіміне бірдей әсер етуге тырысады, оқушымен тікелей әңгімелесіп, шүйіркелеседі, өзі суреттеген картина турасында ойласуға шақырады» [12],- дейді 1962 жылы шыққан «Қазақ баспасөзі» бюллетені журналының №3 санындағы ғылыми мақалада.

Нәзір Төреқұловтың 1920 жылдары жазған очерктері қазақ халқының өмірінде болып жатқан сан қилы оқиғалар, заманның рухани көркі туралы болып келеді. Н.Төреқұлов публицист ретінде өз кезеңіндегі өмірдің өзекті мәселелеріне үн қосып қана қоймай, журналистиканың күрделі жанрларының бірі – очерк жазуда да өзінің білімділігін, әдеби әзірлігін байқата алған талант иесі.

Нәзір Төреқұловтың көзін көрген Ж.Арыстанов өзінің естелігінде публицистің әр қыры туралы былай дейді: “Нәзір Төреқұлов неше алуан саяси, ғылыми мақалалармен қатар очерктер, памфлеттер, әдеби сын мен фельетондар, әртүрлі маңызды хабарлар оның дарынды қаламынан тынымсыз туындап жатты” [13,57-б]. Саяси қайраткер қыруар қоғамдық жұмыстармен қатар, публицистикалық еңбектер жазып қана қоймай, редакторлық, баспагерлік жұмыстарды да қоса атқарған.

Нәзір Төреқұловтың журналистік шығармашылығындағы назар аударатын, рухани мұра ретінде қабылдап, қызығып оқитын бір саласы - оның тарихи-әлеуметтік мәселелерге байланысты жазған публицистикалық очерктері дер едік. Нәзірдің публицистикалық очерктерінде алған тақырыбын терең зерттеп, көрген, білген, көкейіне түйгендерін оқушысына ұсынып отырған. Н.Төреқұловтың журналистік шығармашылығына филология ғылымдарының докторы, профессор Т.Қожакеев былай деп баға береді: “...Нәзір негізінен сыни материалдар жазған. Оларын ерекше екпінмен, адуынды арынмен, сын объектісін ықтыра, бұқтыра жазған. Нысанаға алып, діттеген адамдарын сілкілеп, шаңын қаға, есін кетіре, сауырлап-сауырлап тастайтын болған” [14,211-б].

Өз кезеңінде автор әрбір тарихи оқиғаларға байланысты жеке көзқарасын білдіріп, қазақ халқының ұлттық мүддесін әр қырынан алып, ХХ ғасыр басындағы төңкерістердің шиеленісу, қазақ халқына тигізіп отырған әсерін нақты ғылыми тұрғыдан дәлелдеп береді. 1918 жылы жазған “Екі өзгеріс” деген публицистикалық очеркінде Нәзір Төреқұлов уақытша үкімет, оның қол қойып отырған талаптары, Ресейдегі саяси күштер мен Қазақстандағы саяси ағымдардың құрамы, мақсат-мүддесіне кеңінен тоқталады. Осы публицистикалық очеркі шыққан “Қазақ мұңы” газетінің жауапты редакторы Нәзірдің өзі болған. Газеттің бірінші санында редактордың “Торғай съезі” атты публицистикалық очеркі басылады. Нәзір Төреқұловтың шығармашылығын зерттеуші ғалым Жолтай Әлмешов бұл мақала туралы пікірін былай түйіндейді: “Бұл материал өзінің тілімен, маңыздылығымен ерекшеленеді. Қазақ еңбекшілерінің мұң-мұқтажын баса сөз еткен бұл мақала ресми мақаладан гөрі толғанысқа көбірек ұқсайды. Әрбір сөйлемнің астарында Нәзірдің ащы тілі, “мақтамен” бауыздайтын тапқыр теңеуі байқалып отырады” [15,40-б]. Біздің ойымызша, Нәзір Төреқұловтың “Торғай съезі” публицистикалық очеркке жататын сияқты. Себебі, онда әлеуметтік-саяси құбылыстарға, қазақ халқының түйінді мәселелеріне байланысты ой қозғау, пікір айту, қарапайым халықпен сыр шертісу формасын таңдаған. Публицист өз ойы мен сезімі арқылы өз дәуірінің тынысын, сол кездегі өмір картинасын көз алдыңызға елестетеді. “Қазақ не істесең, соны біреу істе деп айтты деп, құр селқос істей салма, осы істі істегенде тұрмысыма пайда бар-ау деп, өз ырқыңмен сүйсініп істе” [15,43- б],- деп оқушымен шын сыр бөлісіп, шүйіркелеседі. Бұл публицистикалық очерктің ерекшелігі автор көкейіндегі ойды өз атынан баяндап, ой-өріс диапозонын, ақыл-парасатын, әр қилы мағлұмат-бағдардың молдығын байқата білген.

“Съезде бір күдікті мәселе – жер мәселесі еді. Осы кәмәсияда жүз елу шақты адам қосылып, әр мәселені қырық өлшеп, бір кесте ережесі бойынша іс атқарғандықтан жақсы шықты. Жер кәмәсиясының докладшысы бұрыннан іс басында тұрып ысылған Т.Таврилов болуы кәмәсияға өзгеше бір ажар берді” [15,43-б], - деп сол кездің де, бүгінгі күннің де тәртібінен түспей отырған жер мәселесіне өз пікірін білдіреді. Мұнда публицистикалық очерктің компоненттері молынан пайдаланылып, фактілерді іріктеп, шығармашылық електен өткізіп, әлеуметтік мәні бар мәселелерді қозғай білген деуге болады. “Үміт етеміз, Торғай облысындағы қазақ пен орыс тату тұрса, қолда барды әділдікпен бөліп тұтынса, облыстың байлығы екеуіне де жетерлік” [15,43-б] деген жолдардан публицист сол кездегі замандастарының рухани көркі мен сыр-сипатын жақсартуға шақырып, уағыздайды. Бұл очеркте әскери өнер, салық, жаңа келген үкімет, сайлау, советтендіру туралы да айта келе, нәтижелі үгіт-насихат жүргізгенін де айқын көруге болады. Сонымен, Нәзір Төреқұловтың “Торғай съезі” очеркі - ХХ ғасыр басындағы қазақ тұрмысындағы оқиғалар мен құбылыстарды батыл, терең талдап, тартымды тілмен жазған тегеурінді публицистикалық очерк.

Қазақ әдебиетінде публицистикалық очерк туралы келелі пікір айтып, оның өзіндік ерекшелігін Т.Ыдырысов былай түсіндіреді: “Публицистикалық очеркте автор әлдеқайда кеңірек көсіле алады, өз көрген-білгендерін кірістіре алады, оқушының санасы мен сезіміне бірдей әсер етуге тырысады, оқушымен тікелей әңгімелесіп, шүйіркелесуі, өзі суреттеген картина турасында ойласуға шақырады” [9,91-б].

Нәзір Төреқұлов та өзінің публицистикалық қарымын тіл мәселесіне бұрған тұста оқырмандармен тікелей әңгімелесіп, өзі әңгіме етіп отырған мәселе турасында халықпен ойласуға шақырады. 1925 жылдың 28 қарашасында “Қашан болады?” атты публицистикалық сарындағы кең философиялық түйіндермен құнды мәселе төңірегінде әңгіме қозғайды. “Қазақ тілінің үкімет тілі, мемлекет тілі жарияланғанына талай уақыт өтті. Сөйтсе де, әлі қазақтың “дара әліппесі жоқ”, жазба машинкасы жоқ. Тіл деген кабинетте жасалмайды. Қазақ секілді бұрын езіліп келген ұлттық тілі кеңсесіне кіріп, күн сайын жұмсауда болса ғана, бел, буыны қатады” [15, 62-б]. Бұдан бір ғасыр бұрын айтылған бұл пікір бүгінгі күн тәртібіндегі өзекті мәселе екенінде дау жоқ. Автор ауқымды мәселені жеріне жеткізе жазып, қазақ тілінің зәру проблемаларын публицист көзімен көре білген. Сол кездегі тіл саясатын бағалай отырып, қорытындылары мен тұжырымдарын әрі нанымды, әрі дәлелді бейнелейді.

“Екі өзгеріс” деген публицистикалық очеркінде Нәзір нақты өмір шындығын көркем публицистикалық тұрғыдан ашып көрсетуге бағындырған. Келтірілген деректердің бәріне дерлік көркем публицистикалық тұрғыда талдау жасауға, өз қабылдауындағы, түйсігіндегі бейнені суреттеуіндегі дерек туралы әңгімелейді. Мысалы: өткен жылдардағы өзгерістерге тоқтай келе, төңкеріске дейінгі және одан кейінгі халық жайын әңгімеге өзек ете келе, бұл өзгерістердің соғыс, аштық пен жалаңаштық арқасында келгендігіне оқушының көзін жеткізеді. Уақытша үкіметтің кемшілігін, кеңес үкіметінің артықшылығын түйіндей келе, екі өзгерістің де халық үшін алға басушылыққа алып келе жатқанын көрсетеді.

“Екі өзгеріс” Нәзір Төреқұловтың заман тарихын суреттеген, сол кездегі өмір құбылыстарының шежіресін жасауға қол жеткізген, саяси ұстамдылық таныта отырып, сол кезеңдегі тұрмыс пен мораль мәселелері жөнінде салиқалы ой-толғанысын ортаға салған шығармасы.

Нәзір Төреқұловтың публицистикалық мұрасынан байқайтынымыз - қай туындысын алсақ та, өз кезеңінің желпінісін, келелі істердің әуенін, дәуір үнін, сол оқиғалардың лебін сезініп отыруға мүмкіндік бар. Нәзір ұлт мәселесіне арнаған “Ұлт мәселесі 3-ші Интернационалдың 4-ші конгресінде” [15,47-б] атты публицистикалық мақаласында ұлттық қарым-қатынастардағы бұрын ашып айтылмаған жайларға талдау жасап, ұлттар мүдделерінің тең құқықтығы туралы көп сырлар жатыр. Бұл мақаладан автордың саяси өресі мен білім көкжиегін көрсете білгеніне куә боламыз. Еуропадағы пролетариат, буржуазия дүниесіне кеңінен түсінік бере келе, күншығыс халықтары мен Еуропа пролетариатының да жауы бар екенін таратып түсіндіреді: “Ұлт мәселесі жайынан” [15,48-б] мақаласында да Ресейдің отарлау саясатын, зардап шегіп отырған ұлттарға іш тартып, ұсақ ұлттардың бөтен бөтен ұлттарды билеп үйреніп қалған әдетін әшкерелей отырып, ұлттарға сенімсіздігінің түбін ашып көрсетуі публицистің саяси сауаттылығын дәлелдейтін тұсы деуге толық мүмкіндік бар. Публицистің қай мақаласын алсақ та, қарапайым халықтың саяси сауатын ашу, көкірек көзін ояту мақсатын ұстанғанын байқаймыз.

Нәзір Төреқұлов өмір кешкен дәуір мен орта өзінің күрделілігімен ерекшеленеді. Публицистің өз заманында атқарған ісі мен журналистік мұрасы баспасөз тарихындағы тұтас жүйе болып саналады. Ол - қазақ елінің ұлт мәселесіне, тіл, әдеби-сын мәселесіне үн қосып, бірнеше дүркін мақалалар жазып, қоғамдық-саяси мәселелер төңірегінде публицистік қарымын танытқан қоғам қайраткері, мұсылман халықтары арасынан шыққан тұңғыш елші ғана емес, қаламы қарымды журналист ретінде де қазақ баспасөзі тарихында өзіндік орны бар тұлға демекпіз.

Кейініректе жазылған қазақ әдебиетіндегі публицистикалық очерктің үздік үлгілеріне М.Әуезовтің «Алтындай асыл болашақты ұрпақ бар», Ж.Молдағалиевтің «Күй толғауы», М.Қаратаевтың «Көзі ашылған бұлақтар», С.Мәуленовтің «Жұмысшы – ардақты ат» очерктерін жатқызуға болады.

Қазақтың ұлы жазушысы М.Әуезов шығармашылығының бет-пердесі көсемсөзден басталады. Әсіресе, 1930 жылдары жазған көсемсөздерінде ұлт қамын жеген, ел болашағына алаңдаған ойлары мен байламдарының мәні ерекше. Жазушы кейініректе әлемге әйгілі роман-эпопея туғызып, суреткерліктің шеберлік шыңына жеткен шағында да өз заманының тарихын, өзі өмір сүрген кезеңнің қарапайым еңбекшілері мен қаһармандарын суреттеу үшін көсемсөзге қайта-қайта айналып соғып отырды. Өзінің болашақ романдарына апаратын жолды да осы көсемсөз арқылы дайындық жасап барып, сара жол тауып отырды десек қателеспеспіз.

Мұхтар Әуезов публицистикалық мұрасының ішінде очерктері - қаламгер шығармашылығының жеткілікті дәрежеде зерттелмей, назардан тыс қалып келе жатқан қыры. Жазушы очерктерінің күрделі эволюциясы, публицистік шеберлігінің шыңдалу кезеңдері арнайы зерттеуді қажет ететін мәселе. Публицист ойынан туған әрбір очеркі өз заманының толғағын толғап, қазақ елінің көкейкесті проблемаларын алға тартуға арналып отырған.

М.Әуезов очерктің барлық түріне қалам тартқан, соның ішінде жолсапар, проблемалық, портретті, оқиғалы очерктерінің шоқтығы биік және мәні терең шығармалары деуге болады.

Жазушы 1933 жылы Түлкібас пен Жуалы аудандарына сапар шегіп, осы аудандар өмірімен етене танысып, еңбек адамдарымен тікелей жүзбе-жүз кездесіп, сырласу, әңгімелесу арқылы көрген-білгендерін, сезген-түйгендерін сұрыптап, осы шығармашылық сапарының нәтижесінде «Жуалы колхозшысы», «Сөз алған – тау сағыз бен көк сағыз», «Біз әткөшнекпіз», «Істер сөйлейді» атты публицистикалық очерктер жазған. Бұлар жанрлық жағынан жолсапар мен публицистикалық очерктің элементтерін өз бойына сіңірген және сапар кезінде көрген оқиғаларына, кездескен адамдарына көркемдік реңк бере отырып суреттейді. «Жуалы колхозшысы» очеркінде бірнеше еңбек адамдарының бейнелері сомдалып, публицист сол арқылы ауданның шаруашылық жетістіктеріне кеңінен тоқталады. Күздің бұлыңғыр күнінде аудан орталығы Ванновка жанындағы көпірді қалыпқа келтіруге аттанған үш жұмысшыны оқырманға өзара әдемі диалог арқылы таныстыра келе, бірден еңбек адамдарының портреттерін сомдаған очеркші олардың мінез-құлқын, отбасы жағдайын, тұрмыс-тіршілігін, жұмыс істеп жүрген колхоздың еңбек ырғағын да шебер суреттеген.

«... Мәметпен қатар отырған Ырысбек торы дөненге иегін нұсқап:

- Мынау тартады ! Мынау,- деп көрсетіп,- тек заты әлсіз бе дейім,

әрдайым тартпайт жүдә! Ия, а, а, һ !- деп нағыз дауыспен көкті тықсырыңқырап қойды.

Ырысбек – қызыл күрең, еңбекке піскен, ірі денелі, сом етті. Өзі де көңілді. Даусы қатаң. Әрбір қозғалыс қимылында иелік, өз-өзіне сенімділік екпіні бар. Әңгімеде ақ тістерін ақсита жиі-жиі керіп қояды. «Шұқырбұлақ» колхозындағы екпіндінің бірі. Жақында бір бұзаулайтын сиыр алыпты.

Үшінші Қалдыбай. Ұзын бойлы, ол да ажарлы, денелі» [16,6-б].

Соғыстан кейінгі жылдары М.Әуезов қаламынан туған шоқтығы биік публицистік шығармасы - «Түркістан солай туған» очеркі. Жазушының аталмыш очеркі тың туралы және 1955 жылы «Әдебиет және искусство» журналының 12- ші санында жарияланып, кейіннен жеке кітап болып шыққан.

Қазір тың игеру туралы екі ұшты пікірлер айтылып жүргенімен, очерк заман ағымы ыңғайында жазылғандықтан, біз оның көркемдік белгілеріне назар аударамыз. М.Әуезовтің бұл шығармасына өз уақытында лайықты баға берілген. Сәбит Мұқанов М.Әуезовтің 60 жылдығына арналған баяндамасында: «Мұхтар очерктер де жазды. Солардың ішінде көпшіліктен жақсы баға алғаны - тың және тыңайған жерлерді игеру тақырыбына арналып 1955 жылы жазылған «Түркістан солай туған» деген очеркі» [17,14-б], - деп атап көрсетіпті. Публицист тың совхозының тыныс-тіршілігіне байланысты ұтымды сюжет желісін тауып, бір-бірімен жалғасып жатқан оқиғалармен әдемі өрбітеді. Сабақтас алты тарауда бірнеше адамдардың бейнесі сомдалады. Сол адамдардың кескін-келбетін табиғат көріністерімен астастырып суреттеу де қаламгер шеберлігін көрсетеді. «Түпсіз кең, мөлдір көк аспанда шырқау бір биікте салқар-салқар топтарымен ақ қанаттары күнге шағылыса соншалық мол аққулар өтіп жатты. Сұңқыл-сұңқыл әдемі бір үндері кейде тына қалып, тыңдаған жанға ақ қанаттардың сытырлаған үндерімен ілісе жетеді» [16,37-б], - деген сөйлемдердегі табиғат суреттері арқылы егіс даласында жүрген Нина Петровнаның жайдары көңіл-күйі әдемі астастырылады. Бұл психологиялық параллелизм де – очеркистің шеберлігін айғақтайтын бір мысал. Академик З.Қабдоловтың: «Осының бәрі жан тебірентер ғажап, мың құбылған түрі бар, сан иірім сыры бар тұтас бір образ, адам мекені, халық мекені – дала образы» [19,92-б] - деген тұжырымы осындайда айтылса керек. Очеркте келелі проблемалар, көкейкесті мәселелер қозғалып, әлеуметтік мәні бар қорытындылар жасалады. Бұның бәрі шығармада кейіпкерлер характері, лирикалық шегіністер арқылы ашылып, пейзаж, диалог, психологиялық детальдардың шебер қиыстырылуынан туындайды.

Очерктің басынан аяғына дейін бірнеше оқиғалардың куәгері боласыз. Ол оқиғалар кейіпкерлердің бір-бірімен қарым-қатынасы, әңгімелесуі, еңбек етуі негізінде қалыптасады. Бұл очерктің жанрлық жағын айқындайды. Сондықтан да болар, профессор Т.Қожакеев «Түркістан солай туған» очеркін «оқиғалы очерк» санатына қосады [19,20-б].

Осы тәрізді «Ер серігі - сергек ой» (Жауынгер полковник Б.Момышұлының басынан кешкен бір хал баяны), «Оның аты – екінші», т.б. очерктерін де оқиғалы очерк жанрына жатқызуға болады.

М.Әуезов очерктерін зерттеу барысында жазушы шеберлігінің негізгі үш қырына тоқталуды жөн көрдік. Олар: деректерге тіл бітіру өнері, кез келген публицистік шығарманың жүрегі – факті десек, фактілерді «сөйлетуге» келгенде, ұлы суреткер М.Әуезов ұтымды тәсілдерді тыңнан тауып қолданады. Бұл тұжырымға дәлел ретінде оның - «Жуалы колхозшысы» очеркін алсақ та жеткілікті. Очеркте автор кеңшар жетістіктерін айғақтайтын нақтылы деректерді тізбектеп жеткізбестен, оны кейіпкерлердің аузына салуды жөн көреді.

«Мәмет көселеу сары жүзін артта отырған бізге бұрып қарап, колхоз жайын айтады.

- Еңбектен біз қорықпаймыз. Біздің «Шұқырбұлақ» Жуалыдағы қазақ колхозының алды. 750 га астық ектік. Өкіметке жаңадан 17 мың пұттан аса бидай бердік. Астық жинауға өзіміздікін бітіріп тастап, жанымыздағы «Азаттық» колхозы - өзбек колхозының да 100 га бидайын орып бердік» [16,7- б]. Осы үзіндіде келтірілген деректер үстірт айтыла салғанда, оқырман назарын аудара алмайтындығы өз-өзінен түсінікті. Шаруашылықтың жаңағыдай табыстарға жетуі сонда еңбек ететін азаматтар арқасында емес пе? Әуезовтің колхоз жетістіктерін баяндайтын әңгімені қарапайым колхозшының аузына салуының кілті осында. Фактілерді сөйлете білуі жайына тоқтағанда, айта кетер жайт, осы очеркті жазу үшін автордың қалай факті жинақтап, қалай ізденгені жайында да дәлелді деректер бар. Мәселен, М.Әуезовтің әдеби-мемориалдық музейінде сақталған «Жолдан» деп тақырып қойылған қойын дәптерінен бір мысал келтіре кетейік:

«Сапар Тілеуімбетұлы:

«Красная звезда» колхозы 104 үй едік, соның 24 үйі қазақ, әр рудан. Былтыр бір сиыр алдық. 10 пұттан жүгері, 15 пұттан тары алдық. Еңбек күнім 335 күн, әр күнге 1 кг алдым. Ақшалай 180 сом алдым. Мен ертеден орысқа жақын жүруші ем. Әкем Ақтөбеге алып кетіп еді, шешем қайта әкелді. Көкірекпен екі арада жаяу жүрдім. 1928 жылы қазақ колхозына кірдім. Кейін орыс колхозында болдым. Шошқа баққанды кім жемейді. Енді қоян асырайын деп жүрмін. Пошта істеуші еді ғой, онда Масат еді, енді Көкірек (Ванновка) аралас. Егісте, қырманда премия алдым. Балам бар, он жаста... заем оқып біле алады. Өзім оқымадым» [16,1-44-б]. Бұл кейіпкерлермен әңгіме барысында алынған жалаң фактілер ғана. Ал, очерктің газеттік нұсқасындағы осы деректердің қалай пайдаланылғанына назар аударсақ, автордың фактілерді іріктеп-сұрыптауындағы, оны шығармашылықпен жандандырудағы публицистік шеберлігінің куәсі боламыз. «Көркем-публицистикалық жанрлар тобына жататын очерктің басты ерекшеліктерінің бірі – онда публицистік фактілермен бірге көркемдік белгілердің болуы да шарт» [20,30-б],- дейді ғалым Т.Амандосов. Табиғат тұлғасын сомдауға, табиғат көріністерін суреттеуге келгенде, М.Әуезов таланты жаңа қырынан көрініп, сұлу сөздерден салынған әсем көріністер шығармаға жан бітіріп қоя береді.

«Әуезов пейзажы – бай палитраның түрлі-түсті бояуларымен келістіре салынған сурет қана емес, шынында да құдды жанды адам: дем алады, қозғалады, жадырайды, күледі, жылайды - дәл адамша әрекет етеді» [18,92-б],- деген академик З.Қабдоловтың тұжырымы осындайдан туындаса керек. Шындығында да, Әуезов пейзажы оның қай шығармасының шырайын енгізетін көркемдік компонент. М.Әуезов табиғат көріністерін суреттеуге келгенде көсіліп сала береді және жай ғана суреттеп қоймайды, табиғаттың келбеті, реңі, бояуы арқылы адам бейнесін аша түседі. Мысалы «Түркістан солай туған» очеркінде: «Аспан ылаңы әлі айықпаған. Жақын заманда айығардай түрі де жоқ. Жұмырланған қою сұр бұлт қана қаптаған. Жотадан айналаға көз жіберсе, көз тоқтатарлық бірде-бір қарауытқан бұдыр жоқ. Тек қана ақ көрпесін қалың жамылған, дүңкиген қалың-қалың жоталар жатыр. Кей жақта көкжиекке шейін созылып жатқан ұшан-теңіз ақсұр дала, суық дала жүргіншілерге әлі соншалық жат, жұмбақ. Бірде-бір жерде адам жайы білінбейтін» [16,8-9-б]. Осы эпизодтан қақаған қыста иесіз далада келе жатқан жолаушылардың кейпін, ойын, көңіл-күйін, іс-әрекетін аңғарғандай боласыз. Публицист табиғат суреттері арқылы адам тұлғасын сомдайды. Бұған мысал «Көктемнен бері» очеркінің пердесін ашатын табиғат көрінісін суреттеген алғашқы сөйлемдер сөз зергерінің шын шеберлігін байқатады.

«... Кешелер қар жатқан бергі беттегі балапан Алатаулар бүгін ала-құла боп қарауытқан шал бас тау бопты. Күн ұзын бөктер ойымен арғы төмен ойқыл далаларда қалың сұр тұман қалықтап жүр...

... Алатаудың ең бөктерінде биікте тұрған бізге осы қалың бұлт-тұманның үстінен аспанға асылғандай боп, Құландының қарлы басы, Қаратаудың жотасы, Киіктінің де төбесі көрінеді. Әншейіндегі аласа адырларды төмендеп орнаған қалың бұлттар арқаларына міндіріп, аспандатып әкеткен сияқты» [16,13-б]. Оңтүстік өңірінің табиғатын бұлтартпай көз алдыңа әкелетін осы суреттер оқырманды бірден баурап алады да, әрі қарай оқуға жетелейді. М.Әуезов пейзажында теңеу, эпитет, метафора, метонимия, синекдоха сияқты көркемдік компоненттердің барлығы да кездесіп отырады.

«Қарғалы совхозында өткізген төрт күн» очеркінің әр жерінде кездесетін табиғат суреттері, қойлы ауыл көріністері жазушының жан тебіреністерінен, жүрек түкпірінен қайнап шығып жатады. Мәселен, даланың таңғажайып табиғаты жайлы жол үстіндегі мына бір толғаныс оқырманды сол далаға, сол табиғат құшағына жетелейтіндей.

«... Жолдың екі жағы қалың көк, бойлап шыққан жусан, ақ-қызыл гүл атқан қалың шатыр. Ара-арасында бала күнде «қан қызы» деп қуалайтын қызыл қанат, қара оюлы үлкен көбелек болушы еді, дәл сол сияқтанып жаңадан басын жарған қызғалдақтың үлкен қызыл гүлдері көрінеді. Жусан басын изелткен салқын самал бұның да сабағын дірілдетіп, дірілдеген сайын қанатын жалт-жұлт қағып отырған орнынан көтеріліп, ұшып жөнелетін көбелекке ұқсай түседі. Кейде әлдеқандай ұзақ жоталарға көзің түссе, тұп-тұтас толқынды қызыл торғын жамылғандай боп құлпыра қалады. Бұл - тұтасып қалың біткен қызғалдақ жоталары. Анда-санда жалғыз-жалғыз боп шашыраған үкі көзіндей сап-сары бәйшешек жарық беріп қалады...» [16,34-35-б]. Осы үзіндідегі тіл байлығы, тамаша теңеулер қызылды-жасылды бояуымен көз алдыңа табиғаттың өзін алып келеді. Тіпті, сол әсемдіктің құшағынан шыға алмай шырмаласың да қаласың. Бала кезінен ауыл табиғатымен бетпе-бет тілдесіп, әр тал гүлімен сырласып, ұшқан көбелекпен бірге қанат қаққан жанның жазысындай әсер қалдырады. Шығарманың шырайын енгізіп, әр жерінде әрлендіріп отыратын мұндай пейзаждар Мұхтар Әуезов очерктерінде көп-ақ.

Очеркші шеберлігі қойлардың сыртқы бітімін суреттейтін мынау штрихтардан да көрінеді: «Мынау – орақ бас, биік бойлы, тегене құйрық, үлкен қойлар – сол Еділбай»; «Аттай керілген имек денелі, үлкен бас, орақ тұмсық Еділбайлар кейде таң құйрық, кейде салпы құйрық болып өзгереді екен»; «Өздері мықынды, бүйірлі, бөшке бейнелес». Келтірілген мысалдардағы бейнелеу элементтері шығарманың көркемдік деңгейін көтеріп, айтар ойын айшықтай түседі.

«Ақын елінде» көркем очеркіндегі Мұхтар Әуезов қаламынан ғана туатындай әдемі табиғат суреті бірден баурап алады. Автор: «Қазіргі Құндызды, Мұқыр ауылдары отырған Шет, Құндызды, Сарықорық, Мұқыр-Тақыр дейтұғын өзен, өлкелер ол күндерде Сыбан, Тобықты, Мырза-Жөкен, Мамай, Көкше деген сыбайлас елдердің мекені болған... Абай айтты деген сөз, істеді деген іс, көрді деген хал, Абай болды деген той, ас, сияз, құс салған Арқат, Байжандай тастары, Қан мен Қарақойтас сияқты шат-шатқалдары - бәрі-бәрі де ақын асып өткен бел-белестей аңыз сияқты әңгіме шертіп тұр» [16,88-б],- деген тұсында жағрапиялық дәлдікпен аталған жер-су аттарын қиял көзімен тарих қойнауына қайта сүңгітіп сыр шертсе, енді бірде: «Түс ауа бастағанда Есболаттың Қарасуына жеттік. Бұл ұзын өзен, шалғын Оразбай қонысы... Сондай- сондай Абай тұсында болған көп-көп оқиғалардың куәлары Бұғылы, Бестамақ, Мәйімбет сияқты биік тау, қалың адыр, көп қырқалар жатыр...» [16,93-б],- деп, оймен өткенге оралады. Көнекөз қариялардан естіген әңгімелер Абай заманының сан-сан оқиғаларын жазушы көзіне елестетеді және қасиетті мекеннің әр нүктесі, тау-тасы қаламгер санасында тірі шежіредей сөйлеп береді. Жолда көрген аңшылық оқиғаларын да жазушы әдемі суреттерге ұластырады. Қазақ әдебиетін шырқау биікке көтерген «Абай жолы» роман-эпопеясында жоғарыда көрсетілген жер-су, тау-тас түгелдей кездеседі. М.Әуезовтің бұл очеркі үлкен шығарманың кішкене баспалдағы тәрізді.

Осы тұста жалпы шығармашылық қызметін публицистикадан бастаған М.Әуезовтің өзіне тән жазу мәнерінің бет-пердесі ашылады. Жазушының қашан да көлемді деректі әдеби шығармаға барар жолда сол тақырып төңірегінде бірнеше көркем очерктер мен мақалалар жазатындығы. Публицистиканы кесек әдеби дүниелерге бастайтын баспалдақ тұту – М.Әуезов шығармашылығының ерекшеліктерінің бірі деуге әбден болады. Бұл тұжырымды жоғарыда айтылған «Абай жолы», аяқталмаған «Өскен өркен» романдарына деректер жинақтау барысында мерзімдік басылым беттерінде әр қилы жанрда жазылған публицистік шығармалары айғақтай түседі.

Ш.Мұртаза - қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар дара тұлға. Жазушылық пен журналистік тізгінді қатар алып келе жатқан тұлғаларды жан-жақты зерттеп, қаламынан туған дүниелерді жанрларға бөліп талдау, оның ішіндегі очеркистік қырын арнайы саралау - үлкен парыз. Шерхан Мұртазаның шығармашылық пен қайраткерлік жолы қазақ журналистикасы арқылы қалыптасып, сол арқылы оқырманға танылған. Қырық жылдан астам уақыт қаламын қолынан түсірмеген майталман жазушы - ел өмірі, ұлт тағдыры, тұрмыс-тіршілігі, жақсысы мен жасығы туралы кестелі ойларын ортаға салып, қазақ әдебиетіндегі публицистика жанрының қанат жаюына сүбелі үлес қосқан бірегейлердің бірі.

Автордың публицистикалық жанрда жазған еңбектері алдымен баспасөз бетінде жарияланып, кейіннен әртүрлі жинақ болып жарық көріп келген. “Алғашқы қадамы” 1958 жылы “Құрылысшы Дәку” атты очерктер жинағынан бастау алса, 1990 жылдары “Жазушы” баспасынан “Не жетпейді?” атты таза публицистикалық туындыларын жинақтайды. 1998 жылы “Қазақстан” баспасынан “Елім саған айтам, елбасы, сен тыңда!” атты эпистолярлық жанрда жазылған кітабын оқырман қауым жылы қабылдады. Жазушының бұл кітаптарындағы очерктерінің өзегі – өмірлік қым-қиғаш оқиғаларды жедел таразылап, саралап, сыни көзбен ақиқат безбеніне салып игеруге күш-қуат жұмсағаны айғақ.

Шерхан Мұртазаның шын мәніндегі көркем публицистикалық очерк талаптарының биігінен танылған туындылары баршылық. Соның ішінде, Шыңғыс Айтматовтың 60 жылдығына арнап жазылған “Шыңғыс және шындық” атты көркем публицистикалық очеркінде жазушы оқырманын кейіпкермен былай таныстырады: “Адамның бойы таудан аса алмас. Ал сол асқарлардан асып көрініп, бүкіл әлем таныған, талантына таңырқаған адам бар. Ол – Шыңғыс Айтматов” [21,90-б],- деп, жазушы өзі берген баға, ой-пікірге жауапкершілікті өз мойнына алады.

Ш.Айтматовтың “Ақ кеме”, “Әселім”, “Ботакөз”, “Боранды бекет”, “Жан пида” шығармаларындағы Қазақстанға байланысты тұстарына очеркші ерекше мән бере отырып, заңғар жазушының бауырмалдығын, ұлы парасаттылығын көсемсөз құдіретімен жеткізеді. Очеркші Ш.Айтматовтың көтерген өзекті проблемаларының бірлі-жарымына ғана тоқталады да, әлем, адамзат алдына қойылған сансыз сұрақтар тұрғанын нақты мысалдармен ашады. Адамзаттың өз тарихын, ата-баба дәстүрін, тілін, салт-санасын ұмытуы мәңгүрттік екенін, Айтматовтың пайымдауынша, бұл ұлттық трагедияға ұрындыратын үлкен қауіп өз арамызда екендігін оқырманына қарапайым және түсінікті тілмен жеткізе білгендігін жеріне жеткізе суреттеген очеркші біраз көркемдік құралдарды пайдаланған. Соның ішінде, ұлы жазушының әдеби портретін нанымды жасап, жазушы қауымның қиын да қызықты еңбегін өрнектейді. Бұл очерктің жазылу әдісі де өзгеше. Автор Шыңғыстың Қазақстанмен байланысы, туыстығы, қазақ өмірі мен қырғыз тіршілігі арасындағы ұқсастықтарды салыстыра сыр шертеді.

“Fабит Мүсірепов - тәлімгер” деп аталатын очеркінде Ш.Мұртаза: “ ... ол қаламгерлікпен қатар азаматтық, қоғамдық, тіпті мемлекеттік міндеттерді қатар алып жүрді. 1924 жылы, яғни 22 жасында Fабең Темірбай деген сыншыны мақтамен бауыздайды. Темірбай сыншы “Ақжол” газетінде Сәкенге жала жауып, қодаршылап кеткен екен. Fабит Мүсірепов “Қисық сынға әділ төре” атты мақаласында сол кездегі қазақ қауымына, тіпті қазіргілерге де баспасөз Батыраштың балтасы болмауы керек екендігін, сын деген бет тырнасу емес екендігін үйретеді. Әділ сынның үлгісін көрсетеді” [21,109-б],- деп Fабиттің жиырма екі жасында-ақ әділеттің ақ боз атын мінгендігін, қазіргі жазушы, сыншыларға дәл осындай жағымды белсенділік жетісе бермейтінін өкіне айтады.

Ш.Мұртаза осы очеркінде F. Мүсіреповтің жастар тәрбиесіне үлкен мән беріп, болашақтың тағдырына сергек қарайтындығын, жастар шығармашылығымен танысып, таланттың аяқ алысын жіті байқап, бірсыпыра қаламгерлердің қанат жаюына мұрындық болып жүргені жайында да тебірене баяндайды.

Автор Fабит Мүсірепов бейнесін сомдауда тіл туралы тұжырымдарына, хас талантты тани білетін көрегендігіне, бүкіл шығармаларының өмірі әдемілікке, сұлулыққа қызмет етіп келе жатқанын рет-ретімен шебер суреттеу арқылы өнегелік, тағылымдық танытқан. Очеркшінің Fабит Мүсірепов бейнесін сомдаудағы үлкен табысы – әдебиет алыбының өзі қандай таудай болса, жүрегінің де сондай нәзік, сұлулыққа ғашық жан екендігін тап басуы дер едік.

Публицистің “Тұрар Рысқұлов” атты өмірбаяндық публицисти-калық очеркінде алаш азаматының өнегелі өмірі, сыр-сипаты, характер ерекшелігі, рухани көркі әдемі ашылады. Тұрар Рысқұлов кім? Оның есімі халыққа, қазіргі ұрпаққа несімен қымбат? деген сауалдарға жауап беретін бұл очеркте өмір фактілеріне көркем-публицистикалық талдау жасала отырып, фактінің табиғатын, идеялық мағынасын, әлеуметтік маңызын ашып көрсетуге қол жеткізген. Очеркші Тұрар Рысқұловтың табиғатынан ерекше туған жан екенін, миллиондаған халықты апаттан аман алып қалу үшін жеке басын қатерге тігіп, ұлы қайрат көрсеткен кезеңін: 1918-1919 жылдардағы Орта Азия мен Қазақстанда үлкен аштық болып, аштықпен күрес комиссиясын басқарып, халықты жаппай қырылудан алып қалғанына, адал, іскер, көреген басшы бола білгендігіне нақты дәлелдер келтіре отырып, көркем-публицистикалық байыпты талдау жасайды.

Тарихтан белгілі екінші аштық 1932-1933 жылдары жаппай коллективтендіру кезіндегі аштықта да Тұрар халық жағында болып Сталинге хат жазуы, ол хатта қазақ халқының басына төніп отырған қауіпті бұлтартпайтын факті, құжаттар батылдықпен ашына жазылғаны да ашық, әрі нанымды баяндалады.

Бұл өмірбаяндық публицистикалық очеркте Ш.Мұртаза фактілер мен құбылыстарды тірнектеп жинап, алаш ардагерінің өмір жолы мен халық тағдырын бір арнада қиыстырады.

Сонымен, қорыта айтқанда, публицистикалық очерктерде фактілер дұрыс іріктеліп, белгілі бір құбылысқа, саяси оқиғаға, қоғамдық-әлеуметтік жағдайларға дұрыс баға берілуі тиіс және осы мәселелер әдеби жағынан да шебер қиыстырылуы шарт.



1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   17


©netref.ru 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет