ПОӘК 042- 14-5 01. 20. 5/01 -2009 №1 басылым 18. 09. 08. орнына



жүктеу 1.31 Mb.
бет7/8
Дата17.04.2016
өлшемі1.31 Mb.
1   2   3   4   5   6   7   8
: ebook -> umkd
umkd -> Семей мемлекеттік педагогикалық институты
umkd -> 5 в 020500 «Бастауыш оқытудың педагогикасы мен әдістемесі»
umkd -> «Баспа қызметіндегі компьютерлік технологиялар»
umkd -> Гуманитарлық-заң, аграрлық факультетінің мамандықтарына арналған
umkd -> 5B050400 «Журналистика» мамандығына арналған
umkd -> Әдебиет (араб тілінде «адаб» үлгілі сөз) тыңдарман, оқырманның ақылына, сезіміне, көңіліне бірдей әсер беретін дарынды сөз зергерлерінің жан қоштауынан туған көрнек өнері
umkd -> 5В020500 «Филология: қазақ тілі» мамандығына арналған ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиеті пәнінің
umkd -> «Өлкетану тарихы және мәдениеті»
umkd -> Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі шәКӘрім атындағы семей мемлекеттік
umkd -> 5 в 011700 : -«Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығына арналған

Өлкедегі қазан айы. Петроградтағы қазан оқиғасы туралы хабар өлкеге тез таралды, оны халық әртүрлі қабылдады.

1917 жылы қараша айында Семей, Өскемен, Зайсан қалаларында жұмысшылар мен қалалықтардың жиналысы, ауылдар мен селоларда шаруалардың митингілері мен жиындары өткізіліп, оларда орталықтағы революцияның жеңісін құттықтаған және барлық билікті Кеңестерге беруді талап еткен резолюциялар қабылданды. Оларды Кеңес өкіметінің бейбітшілік және жер туралы алғашқы декреттері рухтандырды.

Бірақ, Семей өңірінің газеттерінде қазан революциясын «қысқы сарайдағы қылмыс» деп бағалаған мақалар да пайда болды. Бұл уақытқа дейін өлкеде орыс буржуазиясынан, казак станицалары мен переселендер селоларының ауқатты тұрғындарынан, қазақ ауылдарының бай элементтерінен, православие мен мұсылман дін басыларынан, Уақытша үкіметтің жергілікті аппаратынан, ұсақбуржуазияшыл топтар мен партиялардан тұратын недәуір контрреволюциялық күштер бар еді.

Алаш жетекшілері де қазан оқиғасын ұнатпай қарсы алды, себебі билікке келген большевиктер партиясы «Ресей мен Шығыстың барлық еңбекші мұсылмандарына арнаған Үндеуінде» теңқұқылық пен әр ұлттың өзін өзі басқаруы ұстанымын ұстанды. Ал, іс жүзінде олар шет аймақтарда ұлттық пролетариаттың жоқтығын сылтауратып, бұрынғы отар халықтардың өз тағдырын өзі шешу туралы ұстанымынан бас тарты.

1917 жылдың қазан айынан бастап, жергілікті қазақ комитеттерінің белсенді қолдауымен Алаш облыстық бөлімшелері ұйымдастырыла бастады. Партияның Семей бөлімшесін Х. Ғаббасов басқарды. Партия қазақ ауылдарында да үгіт-түсінік беру жұмыстарын жүргізді. Алдағы уақытта болатын Құрылтай жиналысына депутаттар сайлау кезінде Семей облысының көпшілік уездерінде партиялық негізгі үш тізім бойынша Алаш партиясы айқын басымдылықпен жеңіске жетті.

1917 жылдың желтоқсан айында Орынбор қаласында өткен Қазақстанның даму жолын айқындаған II-ші Жалпықазақ сиезі Алаш Орданың Семей қаласында орналасуын белгіледі.

Сұрақтар мен тапсырмалар

  1. Өлке халқының әртүрлі әлеуметтік топтары арасындағы қарым-қатынас патша өкіметі құлардың алдында қандай жағдайда болды?

  2. Ақпан революциясынан кейін өлкеде қандай басқару органдары құрылды?

  3. Алаш-Орда жетекшілері 1917 жылғы ақпан және қазан оқиғаларын неге әртүрлі қабылдады?

  4. 1917 жылы Сіз тұратын елді мекенде қандай маңызды оқиғалар болған?

Дәріс 14. Өлкедегі ұжымдастыру және ашаршылық

1.Ұжымдастыруға дейінгі өлке. ХХ ғасырдың жиырмасыншы-отызыншы жылдары Қазақстан тарихының аса қасіретті кезеңі.

Кеңес өкіметі орнағаннан кейін аграрлық мәселелерді шешу аса маңызды болды. «Жер туралы декрет» большевиктердің ең алғашқы құжаттарының бірі болуы кездейсоқтық емес еді. Өскемен мен Семейде ауыл делегаттарының сиездерінде жер мәселесі қызу талқыланды. Делегаттар еңбек адамдарының құқы туралы, жерді жұмыс істейтін адамдарға беру туралы айтып жатты.

1918 жылы жаңадан бөлініп берілген жерлерде Петроградтың Обухов зауытынан келген жұмысшылардың бастамасымен алғашқы ұжымдық шаруашылықтар (коммуналар) құрыла бастады. Бұхтарма өлкесіне қоныстанған олар жерді бірлесіп игеру үшін «Бірінші Ресей дихан-коммунистер қоғамын» құрды. Обухов коммунарларынан 25 шақырым жердегі Осиновка селосы маңында Семянников зауытының коммунарлары орналасты. Олар өз коммуналарын «Екінші Ресей дихан-коммунистер қоғамы» деп атады. Петроград жұмысшыларының үшінші коммунасы «Солнечная» Ертістің сол жағалауындағы Көке (Ереминский) тау шатқалында орналасты.

Коммунарлардың жанқиярлық еңбегінің бүкіл шығыс қазақстандық Ертіс бойы шаруаларына үгіт-насихат үшін маңызы зор болды. Коммунарлар мектептер, балалар бақшаларын амбулаториялар мен олардың жанынан аптекалар ашты, ұстаханалар жұмыс істеді, ағаш шеберлері мен аяқ киім тігу шеберханаларында шаруалардың, көрші ауылдардың тапсырыстары орындалды. Питерлік коммунарлардың үлгісімен Шығыс Қазақстанның кейбір ауылдары мен селоларында ауылшаруашылық коммуналары құрыла бастады. 1918 жылдың 16 мамырындағы «Трудовое знамя» газеті Убинск селосында «алғашқы ауылшаруашылық коммуна ұйымдасты... оған 25 ер және әйел адам кірді. Олар өзінің барлық мүліктерін коммунаның меншігіне өткізді... Жұмыстары жақсы жүріп жатыр, егін салады, бақша өсіреді...» деп жазды. 1918 жылы мамыр айының басында Зайсан уездік депутаттар кеңесі Кендірлік өзені мен Зайсан көлі арасындағы жерді «Шеберлер коммунасы» аталған коммунаға бөліп берді. Коммуналардан басқа өлкеде ұжымдық шаруашылықтың артель, ТОЗ10 сияқты формалары да құрылды.

Петроград жұмысшыларының бастамасы ол кезде кең қанат жая алмады. Көпшілігі оларға сенімсіздікпен, кейбіреулер тіпті, жаулықпен қарады. Коммунар Н.Н. Преснякова: «Біз Ертісте параходпен өрлей жүзгенде, жағалаудағы казак атамандары жұдырықтарын түйіп, қамшаларын сермеп: «Сендерге бәрібір тыныштық бермейміз, быт-шыттарыңды шығарып, қуамыз», - деп ызалана айқайлады» деп жазды. Азамат соғысы жылдарында коммунарлардың өз күштерімен жасағандарының барлығын ақ казактар мен ақгвардияшылар тонады, құртты.

Азамат соғысы жылдарында соғысушы екі жақтың да экономикалық саясаты армияны азық-түлікпен қамтамасыз ету болды. Мұндай жағдайда кеңес өкіметі өлке халқының алдына орталық Россия мен Қазақстанның оңтүстік-батыс аудандарын азық-түлікпен қамтамасыз етуді жүктеді. Петроград пен Москвадан Шығыс Қазақстанға азық-түлік жинайтын отрядтар жіберілді. 1917 жылдың қарашасынан 1918 жылдың наурызына дейін Семей облысынан Ресейдің орталық аудандарына 1716 мың пұт астық жөнелтілді.

«Әскери коммунизм» жылдарында жүргізілген азық-түлік салғырты Шығыс Қазақстан халқына ауыр соқты. 1920 жылдан бастап азық-түлік салғырты кең көлемде іске асырыла бастады. 1920 жылы өлкеде қиян-кескі ұрыстар болып жатқандықтан астық түсімі аз болғандығы есепке алынбады. Оның үстіне, сібір басшылығы Ақмола мен Семей облыстарының жақында ҚазАССР құрамына кіретінін біліп, салғырттың негізгі бөлігін осы аймақтан алуға тырысты. 1920 жылға бекітілген 66 млн. пұт астықтың Семей облысына 26 млн. пұты тиесілі болды. Семей губерниясына салынған бірінші салғырт (4 млн.) орындалды, ал қалған (18 млн.) салғыртты орындау мүмкін емес еді. Халық «артық өнімді» жинап бере алмады. Сол кезде азық-түлік комиссарлары әскери күшті қолданды. Аман қалған шаруашылықтарды 1919 жылы енгізілген жұмысшылар мен лау(күш көлігін) беру міндеттілігі тіпті титықтатып кетті.

Соғыс жылдарының зардаптары, табиғи апаттар, мемлекеттің экономикалық саясаты өлке ауыл шаруашылығының құлдырауына әкеліп соқты. Қалыптасқан жағдай ауылдар мен деревнялардың наразылығын өршітті. 1920 жылдың жазында Семей облысында большевиктерге қарсы ірі көтерілістер асқан қатыгездікпен басып-жаншылды.

Ауыл шаруашылығындағы терең дағдарыс өкіметтен шаруаларға қатысты саясатты өзгертуді талап етті. 1921 жылы азық-түлік салғырты азық-түлік салығымен алмастырылды, «әскери коммунизм» саясатынан жаңа экономикалық саясатқа ауысты. 1921 жылы маусымда қабылданған «Ет салығы» туралы декрет Семей губерниясының көшпелі және жартылай көшпелі халқын ет салығынан босатты. Өңірдің отырықшы шаруашылықтарына екі жастан асқан әрбір мүйізді ірі қараға - 11 фунт, қойға – 4 фунт ет салығы салынды.

Жаңа экономикалық саясат ауыл шаруашылығының жағдайын біршама түзеді. Семей губерниясында егіс алқаптарының көлемі соғысқа дейінгі деңгейге жақындады, ал мал басы тіпті одан да асып кетті. Біртіндеп ауылдарда ауқатты шаруалар әлеуметтік тобы қалыптаса бастады.



2. Шығыс Қазақстан ұжымдастыру жылдары мен оның қарсаңында. 1927 жылдың жазына қарсы шабындық және егістік жерлерді қайта бөлуден кейін байлар 17 мың десятина жерден айрылды, ал жерсіз және жері аз шаруашылықтар 37 мың десятина жер алды. 1927 жылы Семей губерниясында 55 колхоз, 8 коммуна, 44 артель, 3 ТОЗ болды.

1927 жылы РКП(б)-ның XIV сиезі ауыл шаруашылығын ұжымдастыруға шақырды. Сиез жеке шаруаларды ірі коллективтік өндіріске біртіндеп шоғырландыруды алғашқы міндет ретінде белгіледі.

Шығыс Қазақстанда ұжымдастыру қарқынды жүргізілді. Тек 1930 жылы қазақтардың да, кірме халықтардың да шаруа қожалықтарының 26% пайызы ұжымдастырылды.

Байлар мен кулактарды тап есебінде жою шаралары ұжымдастырумен қатар жүргізілді.

КазАССР ЦИК-нің нұсқау хатына сәйкес республиканың барлық аудандары үш топқа бөлінді: көшпелі, жартылай көшпелі және отырықшы. Шығыс Қазақстанның Белағаш, Жаңасемей, Зайсан, Күршім, және Марқакөл аудандары отырықшы аудандарға жатқызылды. Мұнда мал табындары 100-150-ден (шартты түрдегі ірі қара малы есебімен) асатын барлық шаруалар тәркілеуге ұшыратылып, жер аударылды. Қалғандары жартылай көшпелі аудандар қатарына жатқызылып, малы саны 300 бастан асатындардың малы тәркіленді.

Байларды экономикалық және саяси жағынан құртуға бағытталған қуғындау шараларын жүзеге асыру үшін Шығыс Қазақстанда құрамына коммунистер, комсомолдар, «Қосшы» ұйымы мүшелері, батрақтар, кедейлер және т.б. кірген 50 «ықпалдасу комиссиялары» құрылды.

1928 жылдың қыркүйек-қараша айлары аралығында өлкенің 150 байының, оның ішінде ірі мал иелері -118, кеңеске қарсы-бұрынғы сұлтандар – 32, малы тәркіленіп, жер аударылды. Олардан тартып алынған мал мен ауыл шаруашылығы құралдары ауыл кедейлеріне, ұжымшарлар мен кеңшарларға таратылып берілді.

ҚазАССР Совнаркомының 30 тамыз 1928 жылғы қаулысымен Семей мен Павлодар округтерінен жер аударылғандар Сырдария және Ақтөбе округтеріне жіберілді.

Мұрағат құжаттарын мұқият қарағанда тәркілеуге ұшырап, жер аударылғандардың барлығы бірдей ірі бай болмағандығына көз жеткізуге болады. Абыралы ауданының № 4 ауылының тұрғыны жетпіс жастағы Байжұман Есенбаевтан қазынаға 53 бас жылқы, 113 қой-ешкі, 2 түйе мен 25 сиыр алынған. Мұндай фактілерді көптеп кездестіруге болады.

Тәркілеуге ұшырағандардың кейбіреулері өзінің шыққан тегі мен Алаш партиясы қатарындағы қайраткерлік қызметі үшін қуғындалды. Көрнекті қоғам қайраткері, Абай Құнанбаевтың ұлы – Тұрағұл Ибрайымовқа Алашорданың белсенді жақтаушысы болғандықтан, кезінде кеңес билігіне қарсы соғыста колчак үкіметіне жәрдемдесті деген кінә тақты.

Жер ауып, Шымкент қаласында жүрген Тұрағұл Ибрайымов ВЦИК төрағасына жазған хатында (арызында): «Мен ешуақытта бай болған емеспін, көп малым жоқ, бұрын да, қазір де орташадан төмен болдым. Сөз жоқ, мұндай аз мүлікпен мен ауылды кеңестендіруге кедергі келтіре алмас едім, маған декреттің бесінші бабын да қолдануға болмайды. Ауыспайтын болыс болғаным жоқ, алған марапаттарым да жоқ. Тек, 1900 жылғы сайлаудан кейін бір жылдан астам уақыт қана болыс басқарушысы болдып, өз еркіммен кеттім. Менің әкем – Абай, танымал ақын, оның қандай еңбегі бар – оған мен қазылық ете алмаймын. Абайдың әкесі – Құнанбай - XIX ғасырдың ортасында сұлтан болған. Меніңше, бұл жерде түсінбеушілік орын алған. Қалай болғанда да, осыдан жарты ғасыр бұрынғы атамның қызметіне ол кезде әлі өмірге де келмеген мен жауап бере алмаймын ғой». Т.Ибрайымовтың шындығында да малы шағын болғандығына қарамастан, ол Сырдария облысына жер аударылып, 1934 жылы сол жақта дүниеден өтті.

3. Ұжымдастырудың салдары. Жөнсіз тәркілеу мен асыра сілтеу, сондай-ақ оның соңынан ала жүргізілген күштеп ұжымдастыру халықты аштыққа ұшыратып, жаппай қырылуына әкеліп соқтырды. Адамдар мыңдап қырылды, көпшілігі мекендеген жерлерінен көшіп кетіп жан сақтауға тырысты. Шекараға жақын орналасқан аймақтың тұрғындары шет ел асып, Қытай мен Монғолияға кетті. Шекарадан шалғай аудандардың халқы Сібір мен Орта Азияға қашты. Олардың көпшілігі жолда өлді. Ұжымдастырудан бұрын 1925 жылы Абыралы ауданында 35 адам тұрса, 1933 жылы оның 9000-ы ғана қалды. Қоныс аудару басқармасының арнайы экспедициясының есебі бойынша 1911 жылы бұрынғы Ақсуат ауданының болыстарындағы тұрғындар саны 48000 болса, 1989 жылғы санақ бойынша ауданда 32000 адам тұрған. Бұдан, аудан тұрғындары үшін ең қолайлы болған жылдардың өзінде өткен жылдардың орнын толтыра алмағандығын көреміз.

Күштеп ұжымдастыру тәсілі халықтың жаппай қарулы қарсылығына әкеліп соқтырды. Қарулы көтерілісшілер кооператив сауда дүкендерін талқандады, аудан орталықтарына шабуыл жасады, кеңес, партия қызметкерлер мен белсенділерді өлтірді. Көтерілістер Шығыс Қазақстанның барлық аудандарын қамтыды. Тарихта Абыралы, Шыңғыстау, Шұбартау ауданы тұрғындарының көтерілістері біршама белгілі. Мемлекеттік орындар тарапынан көтерілісшілерге қарсы аса қатал шұғыл шаралар қолданылды. Жазалаушы отрядтар ойларына келгенін істеді, тергеусіз, сотсыз атып тастады. Халық толқуларының өршіп тұрған 1931 жылдың күзінде шыңғыстау ауданында ұлы ақын, ойшыл Шәкәрім Құдайбердиев қаза тапты. 1931 жылы Қызылтас ауданының (бұрынғыАқсуат, қазіргі Тарбағатай ауданы) Алақ қонысында тарихқа «Алақ көтерілісі» деген атпен енген көтеріліс болды. Көтерілісті орташа-шаруа Сыдық Сегізбаев басқарды. Көтерілісшілермен болған қақтығыста Көкпектіден жіберілген Клюкин басқарған комотряд талқандалды.

Қытайға қарай асып бара жатқан көтерілісшілер мен мыңдаған бейбіт халықты Зайсаннан шыққан отряд тосып алады. Осы жерде әр түрлі жастағы бейбіт халықтың талайы өз ажалдарын тапты. Жазалаушы отрядтың бейбіт халықты қырған жерін Тарбағатай ауданының тұрғындары әлі де көрсете алады.
Сұрақтар мен тапсырмалар


  1. Шығыс Қазақстандағы алғашқы коммуналардың құрылуының қандай маңызы болды?

  2. Орталық Ресей мен Қазақстанның оңтүстік-батыс аудандарын азық-түлікпен қамтамасыз ету міндеті өлкеде қандай жолдармен шешілді?

  3. 27 тамыз 1928 жылғы ЦИК пен СНК–нің «Ірі байлар мен жартылай феодалдарды тәркілеу мен жер аудару туралы» декреттері Қазақстанда қалай жүзеге асырылды?

  4. Шығыс қазақстандағы ұжымдастырудың салдарлары қандай?

  5. Сіз тұратын ауданда ұжымдастыру қалай болған?

Дәріс 15. Өлкедегі мәдени өмір

1. Өлкенің шығармашылық зиялы қауымы. Осы бір қиын қайшылыққа толы азаматтық қарама-қарсы тұру жылдарында жас музыканттарды, әншілерді, жазушыларды 1920 жылы қазан айында Семейде ашылған «Ес-аймақ» жартылай кәсіби театры біріктірді. 15 адамнан тұратын труппаның ұйымдастырушысы және жетекшісі Ғалиақпар Төребаев болды. Олардың қатарында кейіннен атақтары шыққан қазақ сахнасының қайраткерлері Иса Байзақов, Әміре Қашаубаев, Жұмат Шанин, Жүсүпбек Елебеков болды. Театрдың қалыптасуы мен дамуына өзінің пьесаларымен баға жетпес көмекті Мұхтар Әуезов көрсеткен. Мұнда жас М.Әуезов үйірменің қатысушыларымен қойылатын әуесқойлық спектакльдардың репетицияларын жүргізетін. «Сибирские бурлаки» клубында, затон жұмысшыларына арнап, оның «Ел ағасы» пьесасы, Свердлов атындағы клубта төртактылық «Бәйбіше мен тоқал» драмасы қойылған.

Халық жырлары негізінде жазылған өзінің алғашқы «Арқалық батыр» пьесасы мен С.Сейфуллиннің «Қызыл сұңқарлар» драмасын «Ес-аймақ» труппасымен Жұмат Шанин қойды. Онда ол Арқалық батыр мен Еркебұланның рөлін ойнаған.

Өз халқының өткенін, оның өмірін, салт-дәстүрлерін жақсы білетін жас актерлар өздерінің кейіпкерлерінің психологиялық күйзелістерін, ішкі дүниесі мен күйін дарынды көрсете алатын. Олардың көбі халықтың арасында танымал сирек кездесетін әнші ретінде де әйгілі болды. Репетицияларда М.Әуезов Әміре Қашаубаев пен Иса Байзақовқа көңіл аударып, олардың өте дарынды екендіктерін ұқты. Дәл осы жылдары, «Ес-аймақ» жұмысына қатысқанда, толығымен Әміре Қашаубаевтың (1888-1934 жж.) музыкалық дарындылығы көрінді. 1924 жылы, Семейде өткен халық дарындылары байқауына қатысып, ол басты жүлдені Қали Байжановпен бөлісті. Осы оқиғадан кейін ол туралы атақ бүкіл Қазақстанға таралып, Мәскеуге дейін жетті. РСФСР халық ағарту наркомының орнында отырған А.В.Луначарский өзі Әмірені Париждегі өтетін Бүкіләлемдік сән өнерінің көрмесіндегі этнографиялық концерттерге қатысуға шақырды. 1925 жылы Әміре кеңес артістері делегациясының құрамында Парижге келді. Еш нәрсеге таңқалмайтын париждіктер Әміре «Ағаш аяқ», «Қанапия», «Жалғыз арша», «Үш дос» сияқты халық әндерін еуропалықтар білмейтін домбыра аспабында орындағанда, ерекше таңқалды. Ол тыңдармандарды тек тамаша табиғи қойылған дауыспен ғана емес, ішкі драматизмге толы тембрдің қайталанбастығымен де жаулап алды. Әміре Қашаубаев екінші жүлде мен күміс медалді иеленді. Ол 1927 жылы Майндағы-Франкфуртте өткен Бүкіләлемдік музыкалық көрмеге де қатысты. 1934 жылы Әміре Қазақ музыкалық театрына ауысты.

Сирек кездесетін әншілік қабілеті өмірінің соңғы күніне дейін өшпеді. Әміре Қашаубаев жиі радиодан, тыңдармандарын әншіліктің сұлулығы мен тереңдігімен таң қалдырып, қазақ халық әндерін орындайтын. Оның театрдағы қойылымдары да қызықты болатын. Замандастарын өз дарынының сегіз қырлы, бір сырлығымен таң қалдыратын.

Әміре Қашаубаев «Ес-аймақ» үйірмесіне 1921 жылы Семейге рабфакқа түсуге келген Иса Байзақовты (1900-1946 жж.) тартты. Олардың арасында мықты шығармашылық достық пайда болды. Олар бірлесіп спектакльларға, концерттерге қатысатын. Олармен, Әміренің дарындылығына таң қалған, Павлодардан Семейге келген, атақты әнші Майра Шамсутдинова да бірге болатын. Үшеуі облыстың шеткі Зайсан, Тарбағатай, Күршім сияқты аудандарына жиі шығып, халықтың қошеметіне бөленетін. Алтайға барған кезінде Иса осы жердің қайталанбас табиғатын көріп, таң қалып, «Алтайдың баурайында» поэмасын шығарды.

Музыкадан сабақ беретін тамаша ұстаздар – Вера Ильинична мен Лидия Ильинична Становалардың үйіне Әміре мен Исаны М.Әуезов ертіп әкелгенде, олар екеуін тыңдап, ерекше қуанышқа бөленіпті. Сол жерде Әміре мен Исаға өздерінің үйіне келіп, музыкалық білім алуға ұсыныс жасаған. Становтар үйінде қаланың шығармашылық зиялы қауымы жиі жиналатын. Олардың арасында М.Әуезов, Қ.Сатпаев, Павел Кузнецов, М.Величко, Д.Черепанов, Н.Анов, ағайынды Белослюдовтар болатын. Жазушы және журналист Николай Анов, 1925 жылы Семейде шығатын «Степная правда» газетінің тапсырмасы бойынша Қоянды жәрмеңкесіне барып, Исаның орындау мәнері Пушкиннің "Египет түндеріндегі" суреттелген итальяндық импровизаторға бірдеңкесімен ұқсайды деген: «Исаның түрі қуқылданып, денесі қалтырай бастағандай, көздері оттай жайнады. Суырып салып айту басталды. Домбыра біресе бір жанынан, біресе екінші жанынан шығып, жаны бардай көрінді. Иса өзін сол итальяндық импровизатор сияқты ұстады. Тасқын судай, қарқынды нөсердей ән ағылды. Ақынның құдіретінің күшті болғаны сондай, шулаған ел тып-тыныш болды. Елу мың салтаттылар мен жаяулардың барлығы біркісідей сілтідей тынып, оның әнін тыңдады».

Қазақ музыкасының зерттеушісі, этнограф А.В.Затаевич, сол жылдары Семейге келгенде Әміре Қашаубаевтың әндерін жазып алады. Ал Исаның концертіне барғаннан кейін: «Иса Байзақов, жас, тапқыр, темпераментті, кереметтей мәнерлеп ән салатын. Сахна жайында өте дарынды адам, туа біткен актер айқын дикциясы, ымы және сәнді мимкасы бар. Оның батыл, сарқылмас сияқты жұрт берген тақырыпқа немесе содан шыққан лебіне тез өлеңді суырып салмасы менің көзімше тек кең аудиторияны ғана емес, сонымен бірге қатал және білікті бағалағыштарды таң қалдырды», деп жазды.

1926 жылдан бастап Иса Байзақов Әміре Қашаубаевпен және олардың музыкалық тәлімгері Вера Лазаревамен (Становамен) бірге директоры және көркем жетекшісі Ж.Шанин болған Қызылордада жаңа ашылған Қазақ драма театрының ашуына қатысады. 1928 жылы олар театрмен бірге жаңа астана – Алматыға көшеді.

Шығыс өңірден шыққан өзі сазгер, өзі кереметтей әнші болған Керімбай Райымбеков (1887-1938жж.) 1935 жылы Омбы қаласында өткен Сібір, Орал және Қазақстан өнерпаздарының онкүндігінде бірінші орынды иеленді. Бір кездері аты дүйім жұртқа мәлім болған өнер саңлағы 1937 жылы «халық жауы» ретінде ұсталып, 1938 жылы атылған.

Өскемендегі әдеби қозғалысының түп негізінде жаңа бастап жүрген прозаиктар мен ақындар тұратын. Кейіннен кең танымал болатын: Павел Бажов, Николай Анов, Георгий Тотин осыларға жатады. 1921 жылы олар «Звено Алтая» әдеби бірлестігін ашады. Бірлестікке Борис Лапин, Валентина Бехли, Дмитрий Черепанов, Александр Афанасьев, кейіннен Жамбылдың алғашқы аудармашыларының бірі - Павел Кузнецов кіреді. Бірлестіктің мәжілістерінде классиктердің шығармалары, жергілікті жазушылардың өлеңдері мен әңгімелері талқыланатын. Жаңа бастап келе жатқан ақындар өздерінің өлеңдерімен салтанатты митингтарда оқитын, әдеби кештерді ұйымдастыратын, ауызша әдеби-көркем журналын шығаратын. 1928 жылы «Звено Алтая» айдарымен бірінші ұжымдық жинақ шықты. Осыдан кейін әдебиетшілердің қызметі 10 жылға дейін басылып қалды. Тек 30-шы жылдары Ушанов атындағы мектепте, бұрыңғы звеноалтайшы – Семен Герасимовтың бастамасымен әдеби үйірме жұмысын «Звено Алтая» атымен қайта жалғастырды.

Өскеменде 1914 жылы ашылған камералық оркестр осы кезде өз жұмысын қайтадан бастады. Оркестрдің ұйымдастырушысы мен ауыспайтын жетекшісі ұста Александр Осипович Щепетильников болды. Музыкаға ол балалық шағынан бастап әуес еді. Сирек кездесетін және үлкен табиғи қабілеті бар, ол өз бетімен скрипкада, кларнетте, тромбонда ойнауға үйренді. Өзінің музыкаға деген сүйіспеншілігін ол ұлдарының бойына – Николай мен Георгийға дарытты, олар әкесі сияқты скрипкада, ал Николай флейтада ойнайтын. 1930 жылы Виктор Михайлович Щепетильниковтың жетекшілігімен тағы бір үрмелі аспаптар оркестрі ашылды.

Өскемендегі әдебиетшілер қозғалысының басында ол кезде жаңа жазып жүрген, кейіннен кеңінен танымал болған прозашылар мен ақындар: Павел Бажов, Николай Анов, Георгий Тотиндер болды. 1921 жылы олар «Звено Алтая» әдебиет бірлестігін құрды. Бірлестіктің жиындарында классиктердің шығармаларымен қоса жергілікті жазушылардың да әңгімелері мен өлеңдері талқыланды. Жаңа өлең жазып жүрген ақындар салтанатты митинглерде өз өлеңдерін оқыды, әдеби кештер мен ауызша әдеби-көркем журнал шығарды. В 1928 жылы алғашқы «Звено Алтая» ұжымдық жинағы шықты.



2.Мәдени-ағартушылық мекемелері. Өлке тұрғындарының рухани дамуындағы маңызды рөлді XX ғасырдың 20-шы жылдары ашылған жұмысшы клубтары ойнаған. Азамат соғысынан кейінгі алғашқы жылдары бейімделген ғимараттар, тәжірибелі кадрлар және тиісті жабдықтар да болған жоқ. Солай, 20-шы жылдары Семейде ағартушылық қызметін атқаратын 18 қызметкер болды, оның ішінде 4-і қазақ. Олар қазақтар мен татарлар арасында жұмыс жүргізетін.

Соғыс алдындағы онжылдықта Затонда былғары, етконсерві комбинаттарының, теміржол стансасының жұмысшыларына және оқу-ағарту қызметкерлеріне арналған жалпы мөлшері 600 адамдық С.М.Киров атындағы клуб ашылды. 1940 жылға қарай Семейде 11 клуб, 4 кинотеатр болды.

Өскемен қаласының қоғамдық және мәдени өмірінің орталығы - 1902 жылы ашылған Халық үйі еді. Өскемен қаласының тұрғындарының арасында үлкен жұмысты III Интернационал атындағы жұмысшы-шаруа клубы жүргізді. Клубтың өзінің жарғысы мен жұмыс жоспары болатын. Жиырмасыншы ғасырдың оныншы жылдардың басында қалада, алғашқы «Модерн» кинотеатрын А.И.Литвинов ашқан.

Көп ұзамай О.Ф.Костюрин қаланың орталығында Большая көшесінде «Эхо» кинотеатрын салды. Мұнда «Сонька – золотая ручка», «Цыганка Аза» және т.б. көңіл көтеретін үнсіз фильмдерді көрсететін. 1929 жылы осы «Эхо» кинотеатры «Октябрь» кинотеатры деп аталды. 1922-1925 жылдары қалада «Свободная Россия» кинематографы жұмыс істеп тұрды.

Шығыс Қазақстанға дыбысты кино 1934 жылы келді. Дыбысты кино алғашқы рет Ульба ГЭС-інде қойылған. 1936 жылы желтоқсанда Семейдің орталық кинотеатрында «Соловей-соловушка» алғашқы дыбысты көркем фильмі көрсетілген. 1937 жылы стационарлық дыбысты кинотеатрлар Өскеменде, Риддерде, Белоусовкада және басқа да елді мекендерде ашылды.

1923 жылы Риддерде, негізгі мақсаты шахтер жастардың арасында ағартушылық және білім беру болатын «Шахтер үйі» ашылды. Ол Тау-кен техникумының бұрынғы ғимаратында орналасты. Күндізгі уақытта онда тоғызжылдық мектептердің сабақтары өтетін. Ұлы Қазанның 10-жылдығына арналған клуб ашылды, оны «Клуб горняков имени 10-й годовщины Великого Октября» деп атаған. 600 адамға арналған осы клубты жұмысшылардың өздері салды. Зыряновскіде Луначарский атындағы пролетарлық клуб ашылды.

3.Театрлық өмір. Шығыс Қазақстан жеріндегі кәсіби театрдың түп негізі 1913-1914 жылдарынан басталады. Осы кезде Семейде қазақ және татар жастары бірігіп, «Шығыс кештерін» өткізе бастаған. Бұл кештердің бағдарламасы мәдени-ағартушылық тақырыптағы дәрістерден, шағын пьесалардан, дәстүрлі-тұрмыстық ойын мен концерттерден тұратын. Негізгі мақсаты көрермендерді халықтың тұрмысымен және дәстүрлерімен, әлеуметтік-рухани өмірімен таныстыру болатын. Ұлттық театрдың тууындағы маңызды рөлді Семейдегі Абайдың (1914 ж.) қайтыс болғанына 10 жылдығына орай өткен әдеби және музыкалық-этнографиялық кеш пен «Біржан мен Сараның айтысы»-ның қойылымдары (1915 ж.) ойнаған. Осы көріністерге қатысушылар халық әндерін, күйлерін орындап, Абай, Ы.Алтынсарин және И.А.Крыловтың өлеңдерін оқыған. 1917 жылы тұңғыш рет Сырт-Қасқабұлақ деген жерде (Абай ауданы) М.Әуезовтың пьесасы бойынша «Еңлік-Кебек» спектаклі қойылды.

20-шы жылдары Семейде екі театр ашылды – Свердлов және Луначарский атындағы. 1922 жылы Луначарский театры «Еңлік-Кебек» пьесасын қойды. Семейліктер арасында М.Әуезовтың «Қаракөз» пьесасы айтарлықтай табысқа жетті. Қалада «Мадэниет» татар театрлық қоғамы да болды. 1918 жылы Өскемен қаласында А.Островскийдің «Без вины виноватые» пьесасы бойынша Драмалық актерлар серіктестігінің алғашқы спектаклі қойылды. Ал 1920 жылы П.Бажов қалада мұсылман драмалық труппасын ұйымдастырды. 30-шы жылдардың басында қоғамдық бастамасымен, қазақ, татар және орыс көркемөнер ұжымдарын біріктірген, жұмысшы жастар театры ашылды.

Шығыс Қазақстандағы алғашқы тұрақты кәсіби театр – Семей музыка-драма театры 1934 жылы мамыр айында ашылды. Театрдың негізін «Ес-аймақ» труппасының актерлары құрды. Ол І.Жансүгіровтың «Кек» спектаклімен ашылды. Ұлы Отан соғысына дейін театр Б.Майлин, М.Әуезов, С.Сейфуллин негізін қалаған қазақ ұлттық драматургиясының шығармаларымен бірге, орыс, кеңес, шетел классиктарының шығармаларын да қойып отырған. Осы кезде театрдың көркемдік жетекшісі, кейіннен атақты композитор болған Л.Хамиди еді. 1936 жылы Иса өзінің отбасымен Семейге көшіп келеді, мұнда жұбайы Шәрбанумен бірге жас театрда жұмыс істей бастайды. Иса әнмен сүйемелденген рөлдерді ойнайтын. Бұл «Қыз-Жі­бек», «Ай­ман-Шол­пан», «Ең­лік-Ке­бек» және т.б. спектакльдер болатын.

Ұлы Отан соғысы кезінде театр сахнасында М.Әуезовтың «Сын сағатында», Ә.Әбішевтің «Қырағылық», К.Симоновтың «Русские люди» және т.б. спектакльдер қойылды.

Семей облыстық орыс драмалық театры 1934 жылы 1 қазанда Жұмысшы жастар театры ретінде ашылады. 1935 жылы ақпанда көрермендерге театрдың бірінші маусымын ашқан спектакльдің премьерасын көрсетеді.

Сол кезде де театр сахнасында тек кеңес авторларының пьесалары қойылмай, сонымен бірге классикалық орыс және шетел драматургиясы да кең пайдаланылатын. ҰОС кезінде актерлардың көбі майданға кетті, ал труппаның қалған мүшелері жұмыстарын жалғастырып, көрермендердің рухын көтеретін ерлік-патриоттық бағыттағы спектакльдармен репертуарды толықтырды.

Театрлық жұмыс сонымен бірге Өскемен, Зайсан, Павлодар қалаларында да өрістеді. Өскеменде орыс халық театры, мұсылман драмалық труппасы болды. 1936 жылға қарай театрлық труппа қалыптасты. Олар Н.Гогольдің «Женитьба» спектаклімен алғашқы театрлық маусымды ашты. Театрдың жанында 15 адамнан тұратын ұлттық қазақ драмалық үйірме болды. Оның репертуарында Г.Гребенщиковтың «Славный джигит» спектаклі, ұлттық жыр мотиві бойынша Н.Анненкова-Бернардың «Крепость» драмасы болатын. 1939 жылы Шығыс Қазақстанның дербес облыс болып бөлінуіне байланысты Өскемен қалалық театры облыстық статус алды. 1941 жылы маусымнан бастап театр ғимараты, фашистік Германияны жеңу жолындағы барлық күштерді жұмылдыратын рухани орталыққа айналды.



ҰОС жылдары және соғыстан кейінгі бірінші онжылдықтар театр тарихына аянбайтын еңбек пен ерліктің уақыты болып енді. Жылытылмайтын, бірақ адамдарға толған театр залында жеңіске деген сенім беретін «Русские люди», «У стен Ленинграда», «Нашествие» сияқты спектакльдар өтіп жатты. 1946 жылдың шілде айында Өскемен қалалық атқару комитетінің шешімі бойынша облыстық драмалық театрға, туғанына жүз жыл толуына орай, ұлы қазақ ақыны – Жамбылдың аты берілді. Театр репертуарында үлкен көңіл орыс және шетел классикасына бөлінеді.

1941 жылы Семейде жергілікті музыкалық-драма театрының сахнасында эвакуацияланған Иван Франко атындағы Киев театры жұмыс істей бастады. Театр актерларынан тұратын екі майдан бригадасы алғы шептегі жауынгерлердің, жергілікті халықтың алдында спектакльдер қоятын.
Сұрақтар мен тапсырмалар

  1. «Ес-Аймақ» театры өлке мәдениетінің дамуында қандай рөлге ие болды?

  2. Біздің жерлестеріміздің қайсысын бүкіл әлем мойындады?

  3. Аймақтың мәдени-ағартушылық мекемелері қандай рөл ойнады?

  4. Өлкедегі қандай мәдени-ағартушылық мекемелері бүгінге дейін сақталды?

  5. Аймақтағы кәсіби театрлардың қалыптасуына не себеп болды?


1   2   3   4   5   6   7   8


©netref.ru 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет