Поездар қозғалысымен байланысты терминдерді бекіту туралы Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрінің 2011 жылғы 9 наурыздағы №124 бұйрығы



Дата28.04.2016
өлшемі93.42 Kb.
Поездар қозғалысымен байланысты терминдерді бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрінің 2011 жылғы 9 наурыздағы № 124 бұйрығы

 

«Темір жол көлігі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 14-бабы 2-тармағының 32) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:



1. Қоса беріліп отырған поездар қозғалысымен байланысты терминдер бекітілсін.

2. Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігінің Көлік және қатынас жолдары комитеті (Н.И. Қилыбай) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігінің интернет-ресурсына орналастыруды қамтамасыз етсін.

3. Осы бұйрық қол қойылғаннан кейін күшіне енеді, таратуға жатады.

 

 



Министр 

 Ә. Құсайынов

 

Қазақстан Республикасы

Көлік және коммуникация

министрінің 2011 жылғы

9 наурыздағы № 124

бұйрығымен бекітілген

 

 

Поездар қозғалысымен байланысты терминдер



 

1. Айналма маршрут - бір жүк жөнелтуші біртекті жүк тиеген бір жөнелту станциясынан бір жүк алушының атына бір станцияға тағайындалған және жүк түсіргеннен кейін бос вагондар бастапқы жөнелту станциясына жүз пайызды қайтарылатын бір жүк қағазымен ресімделген вагондардан тұратын белгіленген салмақты және ұзындықты поезд құрамы.

2. Аз тонналы жөнелтілім - бір жүк қағазымен тапсырылатын, массасы 10 тоннадан артық және 20 тоннаға дейін, төрт білікті вагондармен тасымалданатын, сыйымдылығы осындай вагон көлемінің жартысынан аспайтын жүк партиясы.

3. Аралық - іргелес станциялармен, разъездермен, басып озу пункттерімен немесе жол посттарымен шектелген темір жол желісінің бөлігі.

4. Арнайы жылжымалы құрам - темір жол жүрісіндегі алынбайтын жылжымалы бірліктер.

5. Арнайы өздіген жүретін жылжымалы құрам - мотовоздар, дрезиналар, жұмыстарды жүргізу үшін қажетті материалдарды тасымалдау немесе темір жол көлігі кәсіпорындарының қызметкерлерін жұмыс орнына жеткізу үшін қажетті арнайы автомотрисалар, көлік режиминдегі тартым жетегімен дербес қозғалтқышы бар теміржол-құрылыс машиналары.

6. Арнайы өздігінен жүрмейтін жылжымалы құрам - көлік режиминдегі тартым жетегісіз теміржол-құрылыс машиналары, тіркемелер мен шаруашылық поездарына енгізілетін темір жолдардың құрылыстары мен құрылғыларын күтіп ұстау, қызмет көрсету және жөндеу жөніндегі жұмыстарды жүргізуге арналған басқа арнайы жылжымалы құрам.

7. Арнайы салалы жолдар - аралықтар мен станциялардағы сақтандырғыш және тежегіш тұйық және кірме жолдар.

8. Аялдама пункті - тек қана жолаушыларды отырғызуға және түсіруге арналған пункт.

9. Басып озу пункті - жол тармақтары бар, поездарды басып озуға жол беретін және қажетті жағдайларда поезды бір басты жолдан екіншісіне ауыстыруға жол беретін қосжолды желілердегі бөлектенген пункт.

10. Басты жолдар - аралықтардың жолдары, сондай-ақ іргелес аралықтар жолдарының тікелей жалғасы болып табылатын және, әдетте, бұрмалы бағыттамаларда ауытқулары жоқ станция жолдары.

11. Блок-учаске - автоблоктау немесе автоматты локомотив сигнализациясы кезінде дербес сигнализация және байланыс құралы ретінде қолданылатын аралық бағдаршамдармен (блок-учаскелердің шекараларымен) немесе аралық бағдаршамдармен (блок-учаскенің шекарасымен) және станциямен шектелген станцияаралық аралық.

12. Бөлектенген пункт - темір жол желісін аралықтарға немесе блок-учаскелерге бөлетін пункт.

13. Вокзалдық өткелдер - жолаушылардың қауіпсіздігі және оларға ыңғайлы болуы үшін салынатын (аспалар, көпірлер, тоннельдер, жаяу жүргіншілер төсемдері) және теміржол жолдарының арасынан өтуге арналған арнайы құрылыстар.

14. Деректермен электрондық алмасу (ДЭА) - ақпараттық желілерді, бағдарламалық және техникалық құралдарды қолдану арқылы, тараптар келіскен деректерді тапсыру хаттамаларының негізінде жүргізілетін жүк тасымалдары мәселелері бойынша деректермен (құжаттармен, хабарлармен) алмасу.

15. Жанама жол - жылжымалы құрам жүріп келе жатқан кезде бұрмалы бағыттама бойынша ауытқып бұрылатын жол.

16. Жалғама жол - станциялардың парктерін немесе станцияны кірме жолдармен қосатын арнайы тағайындалған теміржолдық жол.

17. Жүк вагондары - жүктерді тасымалдауға арналған вагондар. Оларға жабық вагондар, үсті ашық вагондар, платформалар, цистерналар, жүктерді тасымалдауға арналған мамандандырылған вагондар: бункерлік үлгідегі вагондар, термостар, тоңазытқыш вагондар, астық тасығыштар, транспортерлер, контейнер тасығыштар, сондай-ақ жүк үлгісіндегі арнайы вагондар жатады.

18. Жол белгісі - темір жол желілерінің профилі мен ұзындығын тұрақты көрсеткіш.

19. Жолаушылар вагондары - жолаушыларды тасымалдауға арналған вагондар. Бұл вагондарға сондай-ақ почталық, багаждық, вагон-мейрамханалар, қызметтік-техникалық (қызметтік, клубтар, санитарлық, сынау және өлшеу, зертханалар және жолаушылар үлгісіндегі басқа арнайы вагондар) жатады.

20. Жол посты - жол тарамдары жоқ темір жол желілеріндегі бөлектелген пункт (жартылай автоматты блогтауда блок-пост, қосжолды қосындымен даражолды аралықта жанасу посты, торапалды постын және т. б.).

21. Жолаушылар перроны - темір жол вокзалы ғимаратының артында орналасқан және жолаушыларды отырғызу, түсіру жүзеге асырылатын бірінші теміржол жолына жанасатын темір жол вокзалының аймағы.

22. Жолаушылар платформасы - теміржол жолдарының арасында орналасқан және жолаушыларды отырғызуға және түсіруге арналған темір жол вокзалының аймағы.

23. Жылжымалы құрамның габариті - тік көлбеу жолда орналастырылған жүк тиелген, сондай-ақ бос жылжымалы құрам сыртқа шығып тұрмай орналасуы тиіс шекті көлденең (жолдың осіне тік) пішін.

24. Жүк жөнелтілімі - тасымалдауға бір темір жол көлік жүкқағазы бойынша тапсырылатын жүк партиясы.

25. Кірме жол мен жанасу станциясы жұмысының бірыңғай технологиялық процесі - кірме жол мен жанасу станциясының өзара әрекеттесу шарттарын белгілейтін технологиялық акт, ол меншікті локомотивімен қызмет көрсетілетін және орташа тәуліктік жүк айналымы 50 және одан артық вагон болатын ұйымның кірме жолы үшін әзірленеді.

26. Қосарланған жүк операциясы - жүк алушының өзі түсірген вагонды, контейнерді жүк тиеуге пайдалануы.

27. Постаралық аралық - жол посттарымен немесе жол постымен және станциямен шектелген аралық.

28. Қызметтік тежеу - жылдамдықты баяу азайту нсмесе поезды алдын ала көзделген жерде тоқтату үшін қандай болмасын шамадағы сатымен тежеу.

29. Қорғағыш бағыттама - поезды қабылдау немесе жөнелту кезінде жылжымалы құрамның дайындалған маршрутқа шығу мүмкіндігін болдырмайтын жағдайда орнатылатын бағыттама.

30. Локомотивтер - электровоздар, тепловоздар, газотурбовоздар, паровоздар.

31. Локомотивтердің айналым учаскесі - МТЖ операторы локомотивті ауыстыруды белгілеген станциялармен шектелген магистральдық темір жол желісінің бір бөлігі.

32. Локомотив бригадасының қызмет көрсету аймағы - МТЖ операторы локомотив бригадасының үздіксіз жұмысының ұзақтығын белгілеген локомотив айналымы учаскесінің бір бөлігі.

33. Локомотив бригадасының жол жүруіне рұқсат - локомотив бригадасының оператор растаған магистральдық темір жол желісінің нақты учаскесіндегі жұмысқа психофизикалық және біліктілік дайындығы.

34. Локомотивті күтіп ұстау - локомотивтердің қауіпсіз және үздіксіз пайдаланылуын қамтамасыз ететін нормативтік-технологиялық жұмыстар кешенін орындау.

35. Локомотивтік тартымды пайдаланудың технологиялық схемасы - МТЖ операторы локомотивтерге белгілеген техникалық параметрлер және МТЖ операторы мен оператордың локомотивтер, локомотив бригадалары магистральдық темір жол желісінде жұмыс істеген кезде өзара әрекеттесуінің технологиялық тәртібі.

36. Магистральдық темір жол желісінің қызметі аз темір жол учаскелері-жолаушылар ағыны/жүк ағынының қарқындылығы төмен, жолаушылар және жүк поездары қозғалысының мөлшері (сомасында) график бойынша тәулігіне кем дегенде 8 жұп болатын немесе оларды пайдалану экономикалық орынсыз болып табылатын қолданылмайтын және жүктелмеген активтері бар темір жол инфрақұрылымы.

37. Мамандандырылған контейнерлер - арнайы конструкциясы бар және жекелеген: сусыма, сұйық, тез бүлінетін, қауіпті жүк түрлеріне арналған контейнерлер.

38. Маневрлік құрам - өздері бір-бірімен және маневрлер жасайтын локомотивпен тіркелген вагондар тобы.

39. Маршрут - жүкжөнелтуші кірме жолда не болмаса темір жол станциясында қалыптастырған белгіленген салмақ пен ұзындықтағы поезд құрамы.

40. Меншікті вагон (контейнер) - жеке немесе заңды тұлғаға меншік құқығында немесе өзге де заңды негізде тиесілі, көлік құралы (жабдығы) ретінде берілетін және тиісті нөмірі (префиксі) бар жүк вагоны (контейнер).

41. Моторвагонды жылжымалы құрам - жолаушыларды тасымалдауға арналған моторвагон поездар (электропоездар, дизель-поездар мен автомотрисалар, рельстік автобустар) қалыптастырылатын мотор және тіркеме вагондар.

42. Мүкәммал вагон (контейнер) - Темір жол әкімшіліктерінің ақпараттық-есептеу орталығының автоматтандырылған деректер базасында ТМД, Латвия, Литва және Эстония елдерінің темір жол әкімшіліктеріне тіркелген жүк вагоны (контейнер).

43. Өз осьтеріндегі жүк - тасымал ақысы төленген толық тасымалдау құжаты бойынша бос келе жатқан жылжымалы құрам.

44. Өткізу жүйесі - жолаушылар мен азаматтарды жолаушылар платформасына, перронға жіберуді ұйымдастыру, темір жол вокзалдарының әкімшілігі жүзеге асыратын жол жүру құжаттары мен қол жүгін тексеруді ұйымдастыру жөніндегі іс-шаралар кешені.

45. Поездардың қарқынды қозғалысы - жолаушылар және жүк поездары қозғалысының мөлшерлері (сомасында) график бойынша қос жолды учаскелерде тәулігіне 50 жұптан астам және дара жолда -24 жұптан астам.

46. Поезды аса қырағылықпен жүргізу - локомотив бригадасының поездың жүру жағдайына тұрақты, аса назар салуы.

47. Поездардың аса қарқынды қозғалысы - жолаушылар және жүк поездары қозғалысының мөлшерлері (сомасында) график бойынша қос жолды учаскелерде тәулігіне 100 жұптан астам және дара жолда - 48 жұптан астам.

48. Разъезд - поездардың айрылысуы және басып озу үшін тағайындалған жол тарамдары бар даражол желілеріндегі бөлектелген пункт.

49. Реттеу тапсырмасы - станцияның түсірілген бос вагондарды тапсыруға және тиеуге бос вагондарды қабылдауға, сондай-ақ жылжымалы құрамды пайдаланудың сапалық көрсеткіштерін қамтамасыз ету және вагондарды (контейнерлерді) станциялар бойынша біркелкі бөлу.

50. Станцияаралық аралық - станциялармен, разъездермен және басып озу пункттерімен шектелген аралық.

51. Сақтандырғыш тұйық - жылжымалы құрамның поездардың жол жүру маршрутына шығуының алдын алуға тағайындаған тұйық жол.

52. Сигнализацияның және байланыстың дербес құралы ретіндегі автоматты локомотив сигнализациясы (АЛСО) - поездардың аралықтағы қозғалысы локомотив бағдаршамдарының сигналдары бойынша жүзеге асырылатын, ал бөлек пункттер блок-учаскелердің белгіленген шекарасы болып табылатын жүйе.

53. Станция бойынша кезекші - поездарды қабылдауды, жөнелтуді және өткізуді, сондай-ақ жылжымалы құрамның станцияның басты және қабылдау-жөнелту жолдары бойынша (маневрлік диспетчер жоқ жерлерде - қалған жолдар бойынша) қозғалуын жеке өзі басқаратын станция бастығының ауысым көмекшісі.

54. Толаскез - жөндеу-құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін аралық, аралықтың немесе станцияның жекелеген жолдары бойынша поездардың қозғалысы тоқтатылатын уақыт.

55. Тежеу жолы - кранның тұтқасын машинистке немесе шұғыл тежеу кранын тежеу жағдайына аударған сәттен бастап толық тоқтағанға дейінгі уақыт ішінде поездың жүріп өтетін қашықтығы. Тежеу жолдары тежеу түріне (қызметтік, толық қызметтік және шұғыл) қарай бөлінеді.

56. Тасымалдау бөлімшесі - өз шекарасы шегінде жүк және коммерциялық жұмысты ұйымдастыруды жүзеге асыратын, клиенттердің темір жол көлігімен жүк тасымалдары қажеттілігін қамтамасыз ететін тасымалдаушының оқшауланған бөлімшесі.

57. Тасымалдардың негізгі жоспары - тасымалдаушы алдағы айға қабылдаған және келіскен жүк тасымалдауға арналған өтінім (жоспар).

58. Тасымалдардың электрондық досьесі (ТЭД) - компьютердің жадында болатын және құжаттармен электрондық алмасу және жүкті тасымалдау мен ілесіп жүруге қатысты хабарламаларды жасау мүмкіндігін қамтамасыз ететін деректер жиынтығы.

59. Тиеу, түсіру (жүктен босату) мерзімі (технологиялық уақыты) - жалпы пайдаланымдағы жерлерде және кірме жолдарда дайындау, қосалқы және қорытынды операцияларға жұмсалған уақыт шығындары ескерілген, жүкті механикаландырылған немесе механикаландырылмаған тәсілдермен тиеуге және түсіруге жұмсалатын уақыт (бұдан әрі - технологиялық уақыт).

60. Тікелей аралас қатынастағы тасымал - екі және одан артық көлік түрімен жүзеге асырылатын, тасымалдауға қатысушы тасымалдаушылардың санына тәуелсіз бүкіл тасымалға бір тасымалдау құжатын ресімдеу жолымен ұйымдастырылған жүк тасымалы.

61. Топтық тасымал - жол ақысын төлеген және бір поезда, соның ішінде түрлі санаттағы вагондарда бір маршрут бойынша жүретін кем дегенде 10 жолаушыны тасымалдау.

62. Темір жол өтпесі - теміржол жолдарының автомобиль жолдарымен және трамвай жолдарымен бір деңгейде қиылысқан жері.

63. Темір жол көлігінің қауіптілігі жоғары аймағы - теміржол жолдары, темір жол станцияларының, вокзалдарының аумақтары, тасымалдау процесімен байланысты темір жол көлігі ұйымдарының өзге де объектілері.

64. Ұстағыш тұйық - басқаруын жоғалтқан поезды немесе ұзақ еңіс бойынша қозғалыстағы поездың бір бөлігін тоқтатуға тағайындалған тұйық жол.

65. Ұсақ жөнелтілім - оны тасымалдау үшін жеке вагон, контейнер беру қажет етілмейтін бір жүк қағазымен тапсырылатын жүк.

66. Шаруашылық жұмыстары - тапсырушының арнайы қажеттілігіне арналған магистральды темір жол желісі объектілері құрылысы мен қызмет көрсетуі, жөндеу, ұстау бойынша жұмыстарды қосатын жылжымалы құрамның жұмысы, сондай-ақ қалпына келтіруші поездың жұмысы.

67. Шұғыл тежеу - поезды магистральды шұғыл разрядтау және ең жоғары тежегіш күшін іске асыру арқылы дереу барынша жылдам тоқтату үшін қолданылатын тежеу.



 
Каталог: images -> stories -> npa
npa -> Және ақпараттандыру жөніндегі комитет төрағасының 2003 ж. 28 наурыздағы n 38-н бұйрығы
npa -> Қазақстан Республикасының ақпараттандыру және байланыс Агенттігінің төрағасының 2005 жылдың 2 тамызындағы №264 бұйрығы
npa -> Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 12 маусымдағы №563 Қаулысы «Техникалық реттеу туралы»
npa -> Ұшу қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге қатысатын авиация персоналының кәсiптiк даярлығының үлгiлiк бағдарламасын бекiту туралы
npa -> Мемлекеттiк авиация инспекторларын кәсiптiк даярлау және олардың бiлiктiлiгiн ұстау қағидаларын бекiту туралы
npa -> Әуе кемесiн ұшуда пайдалану
npa -> «ita-2» хабарламасының форматы
npa -> «ia-5» хабарламаның форматы
npa -> Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрінің м а. 2011 жылғы 10 мамырдағы №261 бұйрығы «Темір жол көлігі туралы»


Достарыңызбен бөлісу:


©netref.ru 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет