Радиотехника саласындағы халықаралық терминдердің тілімізге ену кезеңі мен ұлт тілдеріндегі үлесі в статье идет речь о периодах внедрения международных терминов в казахский язык и их доли в общем составе терминов радиотехники



Дата29.04.2016
өлшемі94.5 Kb.
А.Ясауи университетініњ хабаршысы, №1, 2011

А.А.АХМЕТОВА

С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ-нің аға оқытушысы


РАДИОТЕХНИКА САЛАСЫНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТЕРМИНДЕРДІҢ ТІЛІМІЗГЕ ЕНУ КЕЗЕҢІ МЕН ҰЛТ ТІЛДЕРІНДЕГІ ҮЛЕСІ
В статье идет речь о периодах внедрения международных терминов в казахский язык и их доли в общем составе терминов радиотехники.
The article deals with periods of presentation of international terms in the Kazakh language and their part in the general radio terms compiling.
Мемлекет болғаннан кейін басқа елдермен саяси, ғылыми, мәдени байланыстар орнықпай тұрмайды. Демек, осындай әртүрлі қарым-қатынастардың нәтижесінде сөз алмасулардың болуы заңды. Ғылым мен техниканың, ақпараттық технологияның дамуына байланысты басқа да ұлт тілдерінен терминдер қабылдамауға мүмкін емес. Жалпы қазақ елі орыс елімен іргелес тұрғандықтан, сол елдің тіліндегі кейбір терминдерді қабылдауға мәжбүр болды. Сондықтан тілімізге алғашында орыс сөздері, кейіннен орыс тілі арқылы өзге де тілдердің терминдері еніп, термин сөздердің басым бөлігін құрап, лексикалық құрамын көптеген өзгерістерге ұшыратты.

Қазақ тіліндегі халықаралық терминдер кеңінен талқыланып, шешімін таппаған мәселелердің қатарына жататындығы белгілі. Термин мәселесін зерттеуші ғалымдардың бірқатары «халықаралық» деп аталатын терминдердің болуы дұрыс десе, екіншілері өзге тілдің негізінде қалыптасқан терминдер тіліміздің мүмкіндігін шектейді деп көрсетеді. Бұл жөнінде әр жылдары ғалымдардың өз ұстанымдары мен қағидаттары қалыптасты.

1935 жылғы съезде бекітілген Қ.Жұбановтың термин сөздерге қатысты он қағидаты сол кезеңнен бастап 90-шы жылға дейін басшылыққа алынып келді. Ғалымның «халықаралық терминдер» деп жүрген терминдерді өзгеріссіз тілімізге енгізу қажет деген пікірі байқалады. Бұған ғалымның өз сөздері дәлел: «Біз бірыңғай интернационал терминдер – қазақ тілінде оларға сәйкес келетін сөздер табылсын, табылмасын аударылып алынбасын дейміз. Қазақ тілінің терминдері жайлы біздің ұстаған жолымыз осы» [1.353]. Байқағанымыздай, «халықаралық» деп есептеліп жүрген терминдердің аударылмай алыну қажеттілігін ғалым өз қағидаттарында нақтылап көрсеткен.

Ал Ш.Біләлов өзінің «Ұлттық ғылым тілін қалыптастырудың өзекті мәселелері» атты еңбегінде осы кезеңде қабылданған он қағидаттың екеуіне ғана келісу қажеттігін ескертеді. Басқасымен келіспейтіндігін айтады. Ғалым: «Бұл қағидалар орыс тіліндегі атаулар жасау негізін басшылыққа алған. Әр тілдің өз ерекшеліктері, өзіндік даму жолы есепке алынбаған.

Ғылыми тұрғыдан дәйекті түрде тиянақталмаған, түбегейлі зерттелмеген мәселені жаппай міндеттеу орынды іс емес, әрине. Бірақ мемлекет, қоғам даму бағыты осы жолды еріксіз таңдауға мәжбүр еткен іспетті. Сонымен, мемтерминком бекіткен атау жасау қағидалары ұлт тілінің даму аясын барынша тарылтып, оның еркін дамуына нұқсан келтірді», - дейді [2.92-102-б].

Ө.Айтбайұлының да Қ.Жұбанов қағидаттары жөнінде осы мазмұндас пікірі қалыптасқан. Дегенмен Қ.Жұбановтың жасаған қағидаттары қазақ терминологиясының даму тарихында ерекше орын алды десек те, ол тілімізге орыс сөздерінің, орыс тілі арқылы шетел сөздерінің көптеп енуіне әкеліп соқты.

Ал Р.Сыздықованың ұстанымы «тіліміздегі сөз қазынасын мүмкіндігінше сарқа пайдалану» болып табылады. Ол: «Көптеген интернационалдық терминдердің беретін мағыналары біз жапатармағай ұсынып жатқан балама сөздерден әлдеқайда өзгеше, кең екендігін де ескертеміз. Әрбір халықаралық терминде өзіне хас мағыналық реңктер болатындығын ескеріп, көптеген тілдер оларды аудармай, дәстүрлі ортақ элемент ретінде пайдаланып отыр, әйтпесе олар беретін мағыналық ұзын-ырғасын білдіретін сөздер тілдердің қай-қайсысынан да табылар еді ғой», – дей келеді де, автор орыс, жапон тілдеріндегі интернационалдық терминдердің шектен тыс көптігін мысалға келтіреді [3.6].

Ғалымдардың бұл пікірлерінен байқайтынымыз – қазақ терминологиясының қалыптасу кезінде халықаралық терминдердің ұлт тіліне аударылу, аударылмау мәселелері. Дегенмен, «халықаралық терминдер» деп аталып жүрген сөздеріміздің көпшілігі қазақ тіліне орыс тілі арқылы енгені және әлі де толыға түсетіні баршамызға белгілі.

Ғалым Ш.Құрманбайұлы бұл жөнінде: «Өзге тілдерден сөз қабылдамай, сөз алмасу, термин алмасу үдерісіне мүлде тосқауыл қойып тастау мүмкін де, қажет те емес. Тілдер арасындағы өзара сөз алмасу қашан да болған, бола да береді. Шет тілдері терминқор қалыптастырудың сыртқы көзі ретінде орнымен пайдаланылса, дұрыс, ал ұлт тіліндегі термин шығармашылығын шектеп, өзге тілдерден термин қабылдауға жаппай жол беріп қарап отыру – шарасыздық. Тілдің бағын байлайтын, мүмкіндігін шектейтін ондай әрекетсіздіктің жалғаса беруіне немқұрайды қарауға болмайды» [4.126]. Ғалымның бұл пікірін тілімізге халықаралық терминдерді қабылдау барысында негізге алуымыз қажет.

Ал осы халықаралық немесе орыс сөздерінің қазақ тіліне ену кезеңдері жөнінде де түрлі көзқарастар бар. Лингвистер қазақ тілінің сөздік қорының халықаралық және орыс лексикасымен ену кезеңдерін төңкеріске дейін, төңкерістен кейін деп екіге бөледі. Ғалым Б.Сүлейменова үш кезеңге бөлуді ұсынады: «Тарихи, әлеуметтік-экономикалық, мәдени және тілдік факторларды ескере отырып, біз тілімізге лексикалық кірігуді үш кезеңге бөліп қарастырамыз:

1-кезең - ХVІІІ ғасырдың басы мен ХІХ ғасырдың 70 жылдары, 2-кезең - ХІХ ғасырдың 70 жылдары мен 1935-1940 жылдар аралығы, 3-кезең - 1935-1940 жылдардан бастап осы уақытқа дейін» [5.71].

Ал ғалым Ө.Айтбайұлы орыс тілінен және орыс тілі арқылы енген кірме сөздер мен интернационалдық терминдердің тілімізге енуін алты кезеңге бөліп қарастыруға болады дейді. Яғни, Қазақстанның Ресейге қосылуына дейінгі кезеңнен (1731) бүгінге дейін [6.62]. Және де түрлі салаға жататын халықаралық терминдердің тілімізге ену кезеңі де біркелкі емес. Мәселен, К. Молдабеков: «саяси-қоғамдық халықаралық сөздер қазақ тіліне ХІХ ғасырдың соңында енсе, жаратылыстану, әсіресе, техникалық халықаралық терминология, шын мәнінде, Кеңес өкіметі кезінде енді» – дейді [7.145].

Сонымен, халықаралық терминдердің тілімізге дәл қай уақытта енгенін ешкім нақты айта алмайды. Өзге тілдердің терминдері орыс тіліне, орыс тілінен біздің тілімізге бір уақытта енуі мүмкін емес. Егемендік алғанға дейін қазақ тілінің терминологиялық лексикасын халықаралықтандыру ісі қарқынды жүргізілді. Себебі бұл кезеңге дейін термин шығармашылығына орыс тілінің ықпалы айрықша болды.

Ғалымдардың еңбектерінде бүгінгі күні қазақ лексикасындағы кірме сөздер, әсіресе терминологиялық кірмелер 70-80 пайызға жуық деген болжамдар мен пікірлер айтылып жүр. Кірме терминдер басым саланың бірі – радиотехника.

Халықаралық терминдер радиотехника саласы терминдерінің қалыптасып, дамуына зор ықпал етті. Еуропа тілінен енген ағылшын, грек, латын және тағы басқа көптеген сөздер де қазақ тілінің лексикалық қорына негізінен орыс тілі арқылы енгендігін айттық. Ал орыс тіліне интернационал терминдердің енуі әртүрлі кезеңдерде болған. Мысалы, XVIII ғасырда неміс тілінен, XIX ғасырда француз тілінен, XX ғасырда ағылшын тілінен терминдер енсе, соңғы онжылдықта грек-латын тілінің терминдері енген [8.53]. Осы тілдерден қазақ тіліне енген терминдердің (31 томдықтың 6 –томынан алынған) радиотехника саласындағы үлесін көрейік.

Атап айтар болсақ, латын тілінен: амплитуда – амплитуда (amplitudo), аппарат – аппарат (apparatus), арматура – арматура (armatura), ауытқу – флюктуация (fluctuatio), ақау-дефект (defectus), антенна – антенна (antenna), балама - эквивалент (aequus+valentis), бейімделу – адаптация (adaptatio), вакуум – (vacuum), вектор- вектор (vector), генератор – генератор (generator), индукция – индукция (inductio), интерференция – интерференция (inter+ferens), коммуникация – коммуникация (communicatio), көрсеткіш-индикатор ( indikator), навигация – навигация (navigatio), радио – радио (radiare), растр – растр (rastrum), релаксация – релаксация (relaxatio), рефлектор –



рефлектор (reflectere), спектр – спектр (spectrum), трансформатор- трансформатор (transformare), іріктегіш – селектор (selector).

Ағылшын тілінен: блок – блок (block), бит – бит (bit), декодер – декодер (decoder), мазер – мазер (maser), миксер – миксер (mixer), радар – радар (radar), телекс – телекс (telex), телеграф – телеграф (telegraph), телефакс – телефакс (telefacs), транзистор – транзистор (transistor).

Грек тілінен: автомат – автомат (automatos), анод – анод (anodos), ареометр – ареометр (araios+метр), фаза – фаза (phasis), фотон – фотон (phos), электр – электричество (electron), энергия – энергия (energeia), эфир - эфир (aither).

Француз тілінен: аэрация – аэрация (aeration), баланс - баланс (balanse), батарея – батарея (batterie), каскад – каскад (cascade), оқшаулағыш – изолятор (isolation), реле – реле (relias), сүзгі – фильтр (filtre), экран – экран (ecran).

Голланд тілінен: кабель – кабель (kabel), торуыл- пеленг (peiling), шлюз - шлюз (sluis).

Неміс тілінен: абонент – абонент (abonnent), квант – квант (quant).

Итальян тілінен: апат – авария (avaria), түпше – цоколь (zoccolo).

Орыс тілінен: канал – арна, прибор - аспап, диапазон – ауқым, отклонение – ауытқу, связист – байланысшы, единица – бірлік, точность –дәлдік, частота – жиілік, система – жүйе, нагрузка – жүктеме, установка - қондырғы, соединитель – қосқыш, катушка – орауыш, вероятность – ықтималдық, влияние – ықпал, расщепление – ыдырау, величина - шама, лампа – шам, өткізгіш – проводник, отражение – шағылысу.

Құрылымына назар аударсақ, орыс тілі арқылы тілімізге енген терминдердің басым бөлігі латын тілінен енгенін және зат есім арқылы жасалғандығын көреміз. Латын тілі сөздерінің халықаралық қолданыстағы терминдер қатарындағы үлесі едәуір. Өлі тіл болса да латын тілінің сөздері терминдік элемент ретінде дайын күйінде пайдаланылып жатады. Ал зат есімдердің терминологияда бірінші орнында тұруының ең басты белгісі – оның тілде атқаратын қызметіне байланысты екендігі мәлім. Яғни, терминологияда заттық ұғымдағы терминдердің басым болуының ең басты себебі – осы сөз табының деректі, дерексіз ұғымдардың атауы болып, атауыштық қызмет атқаруында. Сондай-ақ, тіліміздегі халықаралық терминдер сын есімнен, етістіктен, есімдіктен, т.б. сөз таптарынан да жасала алатындығы да белгілі.

Жоғарыдағы мысалдардан аңғаратынымыз, радиотехника саласының басым бөлігін өзге тілдерден дайын күйінде орыс тіліндегі қалпын сақтап қабылданған терминдер құрайды. Жоғарыда латын, грек, француз, ағылшын, голланд, неміс, итальян тілдеріндегі 56 терминнің 11-нің ғана қазақша баламасы берілген. Яғни, қабылданған терминдердің сол тілде және орыс тілінде дыбысталуында көп алшақтық білінбейді.

Терминдерді өзге тілдегі күйінде қабылдау қазіргі кезеңде де сол қалпын сақтап отыр. Себебі, интернационалдық терминдер болып табылатын грек, латын тілдердің материалдарын көбірек пайдаланып, термин ретінде қалыптастыру қолайлы. Алайда шет елден енген терминдерді аудармай, оның өз тілімізде баламасын іздемеу керек деген қарама-қарсы пікірге салынуға да болмайды. Ел Президенті Н.Назарбаев «Қазақстанның болашағы - қазақ тілінде» деген баяндамасында: «...Түбірі латын, грек тілдерінен алынып, Еуропа тілдерінің бәріне сіңісті болып кеткен термин сөздерді орынсыз қозғаудың реті жоқ, тілімізде бұрын бар сөзді қолдан жасаған жаңа терминге таңбасақ та, ешқайда кетпейді, тілдік қорымызда сақталады. Ал түбірі таза орыс, славян тілдерінен алынған сөздерге қазақша балама табуға болады деген пікірді толық қуаттаймын...» деген еді [9.7]. Елбасымыз ендігі жерде әрбір терминді бекітуде оның орыс, түрік, еуропа тілдеріндегі нұсқаларына салыстырмалы талдау жасап, қазақ тілінің тілдік нормасына сәйкесін ғана қабылдаған жөн екендігін атап көрсетеді.

Біздің сөздеріміз де өзге тілдерге мыңдап енгені белгілі. Мәселен, жоғарыда көрсетілген «электрон» грек тіліндегі «жақұт» (янтарь) яғни, электр (электричество) мағынасын білдіретін грек сөзі туралы дәлелдемелер болмаса да, О.Чечина өз мақаласында бұл сөздің түрік тіліне қатысы барын айтады. Ғалым: «...казахском языке есть слова «әл» - сила, мощь и «әлек» - мучение, хлопоты, возня. Можно полагать, что именно далекие тюрские предки современных казахов первыми обратили внимание на существование в природе некоего источника силы, энергии, который вызывает движение, совершает работу. Имеет смысл и «аффикс» понудительного залога «тыр», который участвует в образовании слова «электрон» (элементарная подвижная частица, носитель электрического заряда)». Сондай-ақ, автор радиотехника саласында қолданылатын «когерентный» термині туралы да сөз қозғайды. «Когерентті тербелістер» - уақыт бойынша үйлесе жүретін, яғни фазаларының арасындағы қатынас өзгермейтін тербелістер. Мысалы, 2-гармониялық тербелістің фазалар айырымы уақытқа тәуелсіз (яғни олардың жиіліктері бірдей) болса – толық когерентті, ал фазалар айырымы уақытқа тәуелді (яғни олардың жиіліктері әртүрлі) болса – когерентсіз деп аталады. Тербелістердің когеренттігі – оларды қосу кезінде интерференцияны іске асырудың міндетті шарты. «Когерентный» термині («когерентность», латынша cohaerentia – ілініс, байланыс), қазақша «когерентті». Ғалым бұл терминінің де түп-төркіні түркі тілінен шыққанын дәлелдеуге тырысады. Мақаласында: «Данный термин, совершенно очевидно, происходит от казахского слова «кокей» - равный по крови. Слова «кокей» - чисто тюркского происхождения. Оно имеет символическое «зодикальное» происхождение» .... дей келе, «электрон» сөзіндегідей, «когерентность» сөзінде де өзгелік етістің жұрнағы бар дейді [10.94]. Ғалым бұл екі халықаралық сөздің түп-төркіні түрік тілінен шыққанын көрсетеді. Бұл ерекшеліктер терминдердің шығу тегін барынша салыстыра қарау қажеттігін аңғартады.

Сонымен, радиотехника саласындағы кірме терминдерді құраушы сөздер латын, грек, ағылшын, француз, неміс, итальян, голланд, орыс тілдерінен болып отыр. Терминдердің көпшілігі көрсетілген тілдердің негізінде қолданылуы, оларды аударып, қазақ тілінде қалыптастыру ісін қиындатып отыр. Дегенмен, орыс тілі арқылы халықаралық терминдер немесе орыс сөздерінің кіруі қазақ терминологиясының толығу көзі болған. Сол себепті, біздің тілімізге де халықаралық терминдердің енуі заңды құбылыс және біз ондай терминдерді қазақ тілінің тілдік ерекшеліктерін сақтай отырып, мүмкіндігінше аударып қабылдауымыз керек.


ӘДЕБИЕТТЕР


  1. Жұбанов Қ.Қ. Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. – Алматы, 1999.

  2. Біләлов Ш. Ұлттық ғылым тілін қалыптастырудың өзекті мәселелері. – Алматы, 1996.

  3. Сыздықова Р. Тілдегі жаңалықтардың сыры неде? \\Ана тілі.- 1991, №50.

  4. Құрманбайұлы Ш. Терминтанушы құралы. – Астана, 2009.

  5. Қазақ тілінің тарихы туралы зерттеулер. – Алматы, 1965.

  6. Айтбаев Ө. Интертерминдер және олардың қазақ тіліндегі болмысы \\«Қайнар» университетінің хабаршысы. – 2000, №4.

  7. Қазақ тілі теориясы мен тарихының мәселелері. – Алматы, 1986.

  8. Барандеев А.В. Основы научной терминологии. - Москва, 1993.

  9. Назарбаев Н. Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде \\Ана тілі. – 2006, № 19.

  10. Чечина О. Тюркская семантика научных терминов \\Мысль. – 2005, № 11.



Достарыңызбен бөлісу:


©netref.ru 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет