РахымқҰлов дәуітхан айтжанұЛЫ



жүктеу 477.41 Kb.
бет1/3
Дата25.04.2016
өлшемі477.41 Kb.
түріДиссертация
  1   2   3

ӘОЖ 94 (574). 08 /.084 Қолжазба құқығында


РАХЫМҚҰЛОВ ДӘУІТХАН АЙТЖАНҰЛЫ




Қазақстандағы старшындар институты тарихы

(ХIХ ғасырдың 20-60 жылдары)
07.00.02 – Отан тарихы (Қазақстан Республикасының тарихы)
Тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін

дайындалған диссертацияның

АВТОРЕФЕРАТЫ

Қазақстан Республикасы

Алматы, 2010

Жұмыс Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Қазақстанның жаңа заман тарихы бөлімінде орындалды.



Ғылыми жетекшілері:

тарих ғылымдарының докторы,

профессор В.З. Галиев

тарих ғылымдарының кандидаты,

доцент Э.Ж. Валиханов




Ресми оппоненттер:

тарих ғылымдарының докторы,

профессор М.Ж. Әбдіров

тарих ғылымдарының кандидаты,

доцент Л.М. Хасанаева




Жетекші ұйым:



Абай атындағы Қазақ ұлттық

педагогикалық университеті



Диссертация 2010 жылы «25» наурыз күні сағат 14 00 Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты жанындағы тарих ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін беру жөніндегі БД 53.33.01 Диссертациялық кеңестің мәжілісінде қорғалады. (050010, Алматы қаласы, Құрманғазы көшесі, 29).


Диссертациямен Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының қолжазбалар қорында танысуға болады. (050010, Алматы қаласы, Құрманғазы көшесі, 29).

Автореферат 2010 жылы «25» ақпан таратылды.


Диссертациялық кеңестің

ғалым хатшысы, тарих

ғылымдарының докторы А.Т. Қапаева



КІРІСПЕ
Тақырыптың өзектілігі. Қазақ старшындары өз заманының ерекше тұлғалары. Олар өз ар-ожданымен әкімшілік-шаруашылық қызметін жүзеге асыруда өзгешеленді. Старшындар институты жалпы түркі тілдес кеңістіктегі әлеуметтік топтың, оның ішінде билеуші топтың ішінен дараланғаны белгілі. Қазақ старшындары қоғамдағы әлеуметтік-шаруашылық істе ұрпақтар даналығы мен терең білімін меңгерген билік жүргізуші топтың бір буынын құрады. Халықтық билік жүргізу дәстүрін шебер қолдана білу, басқарушылық қасиетімен халық алдында өзін көрсете алу, халықтың тарихы мен тұрмыс-тіршілігін жетік игеру старшындардың қоғам алдыңдағы беделіне оң ықпал етті.

Қазақ қоғамында старшындар институты өте маңызды рөл атқарды. Олар қазақ билігінің негізгі ұйытқысы және байланыстырушы буыны болып табылды. Сондықтан да старшындар институты қазақ қоғамында өте ұзақ өмір сүрген институт ретінде өміршендік танытты.

Старшындар институты патшалық Ресей үстемдігі тұсында қазақ қоғамының саяси-басқару институтының бір буыны. Олар қазақ қауымдарында әкімшілік, шаруашылық және реттеушілік міндеттерін жүзеге асырды. Старшындар тобының қуаты мен ықпалы едәуір дәрежеде оның мүшелерінің маусымдық көшіп-қонуды ұйымдастыру, ел ішіндегі дау-жанжалдарды шешу, қауымдардың мүдделерін өзге қауым алдында қорғай білуі сияқты жеке қадір-қасиетіне де байланысты болды.

Қазақ старшындары жергілікті үстем тап өкілдерінің ішіндегі саны жағынан ең көп және қуатты әлеуметтік топтардың бірі. Олардың билігі жергілікті жердің барлық басқару буындарында кездесті және іс жүзінде отарлық жағдайдағы қазақ қауымының негізгі билігі осы старшындардың қолында шоғырланды.

Қазақ старшындары жергілікті басқару аппаратының төмеңгі сатысы болып табылатын ауылдық қауымның басшылығында тұрды. Сондықтан да старшындар сатылы билік жүйесінде – кіші әкімшілік қызметкерлер ретінде саналды. ХIХ ғасырдың 20-шы жылдарында қазақ қоғамында жүргізілген әкімшілік-саяси реформаларының нәтижесінде старшындар институтына іргелі өзгерістер енгізілді. Осы кезеңде патша өкіметі қазақтың белгілі ру ақсүйек өкілдерін өздерінің өлкедегі жүргізген отаршылдық саясатына тарту мақсатында старшындық атақты марапат түрінде көптеп таратуды қолға алды. Сөйтіп, патша өкіметі қазақ қоғамындағы старшындық атақты біртіндеп қызмет түріне ауыстырып заңдастыруды жүзеге асырды. 1822 және 1824 жылдары қабылданған ережелердің нәтижесінде дәстүрлі қазақ қоғамы арасына жаңа «ауыл старшыны» деген ресми лауазымды қызмет енгізілді. Осылайша, патша өкіметі дәстүрлі қазақ билігіндегі старшындар институты билігінің қуаттылығын байқап оның билігін шектемей қайта жаңа тәсілмен жалғастыруды нысанаға алып, қызметтік міндеттерін күрделендірді.

Жергілікті билік жүйесіндегі старшындық атақ пен қызмет өте беделді, қадірлі болса, ал қауымдағы биліктері бекем және пәрменді болды. Айта кеткен жөн, старшындар институты туралы мәселені төл тарихымызда бұрын соңды зерттеле қойған жоқ. Зерттеулерде қазақ қоғамындағы билік институттары жалпы қарастырылғанымен, Қазақстандағы старшындар институты тарихы жүйелі түрде зерттеуге көңіл бөле қойған жоқ. Сондықтан старшындар институтының жергілікті билік жүйесіндегі алатын орнын тарихи деректер арқылы ашып көрсету ғылыми сұранысқа ие өзекті мәселелердің бірі болып табылады.



Тақырыптың зерттелу деңгейі. Қазақ қоғамындағы старшындар институтының қалыптасу тарихы мен оның қоғамдық-саяси қызметі кешенді түрде қарастырылмады. Қазақстанды тиянақты түрде зерттеу оның патшалық Ресейге түпкілікті қосылу қарсаңында ғана жүзеге аса бастады. Өйткені осы кезде патша үкіметінің алдында аталған территорияны әкімшілік тұрғыдан бекітіп алу және өлкеде ресейлік басқару жүйесін енгізу туралы мәселе көтерілген еді. Қазақ өлкесін зерттеуді негізінен патша шенеуніктері жүргізді.

ХIХ ғасырдың 20-60 жылдарындағы старшындар институтын зерттеу осы кезеңнің замандастарымен қарастырылады. Олардың қатарында Е. Броневский [1], А. Левшин [2], А. Евреинов [3], Л.Е. Мейер [4], М. Красовский [5]. Олардың еңбектерінде қазақ қоғамындағы старшындар институтының қоғамдық-саяси қызметтері, қазақ ауылдарының экономикасы туралы статистикалық мәліметтер қамтылған. Солардың бірі А. Евреинов өз еңбегінде Ішкі ордадағы старшындардың тікелей атқаратын қызметтеріне тоқтала келіп, оларды орданың ең маңызды қызмет иелері болды деп атап көрсетеді. Мұндай тұжырымды М. Красовский де жасайды. Ол, қазақ қоғамындағы старшындық қызметті өте беделді қызмет орны ретінде сипаттап өтеді.Сонымен қатар, қазақ старшындарына жүктелген қызметтік міндеттері жөнінде И.И. Крафт, Н. Гродеков, А.И. Добросмыслов, П.П. Румянцев өз еңбектерінде атап көрсетеді.

Кеңестік билік орныққаннан кейінгі 1920-1940 жылдары аралығында қазақ тарихына қатысты бірқатар көлемді еңбектер жарияланды. Солардың қатарына М. Тынышбаев, Х. Досмұхамедов, С.Д. Асфендияров, А.Ф. Рязанов еңбектерін жатқызуға болады. Аталған авторлар патша өкіметінің өлкедегі отаршылдық саясатына қарсы ұлт-азаттық қозғалысқа старшындардың жетекшілік жасағанына тоқталып, олардың осы көтерілісте ең маңызды рөл атқарғандығын дәлелдейді.

Кеңестік билік тұсындағы тарихнамада қазақ қоғамындағы дәстүрлі билік институттарының рөлі мен мағынасы жөнінде айтарлықтай кеңінен зерттелді. Солардың ішіндегі анағұрлым маңызды зерттеулердің қатарына Е.Б. Бекмаханов, М.П. Вяткин, Н.Г. Аполлова, В.Ф. Шахматов, Т.М. Культелев және С.З. Зиманов еңбектері саналады.

Көрнекті тарихшы Е.Б. Бекмаханов «Қазақстан ХIХ ғасырдың 20-40 жылдарында» атты еңбегінде қазақ қоғамындағы әлеуметтік қатынастарды терең қарастырады. Соның ішінде старшындарға қатысты мынандай мәлімет береді: «сұлтандарға қарама-қарсы тікелей көшпелі қауымның ішінен шыққан үстемдік етуші әлеуметтік топтар ру старшындар-билер болды» [6].

М.П. Вяткин өзінің «Батыр Сырым» атты еңбегінде жергілікті ру ақсүйектерінің саяси жағдайдағы билік жүйесіндегі рөлі мен орнын айтарлықтай терең қарастырады, сондай-ақ әлеуметтік категориялар мен олардың терминологиясына терең талдау жасайды. Автор алғашқылардың бірі болып старшын ұғымының терминдік мағынасына назар аударып, талдаған болатын. Оның пікірінше «старшын» ұғымы қазақ қоғамына ХVIII ғасырдың соңында түпкілікті еніп қолданыла бастады [7].

Н.Г. Аполлова өзінің көлемді еңбегінде старшындар институтының әлеуметтік құрамындағы өзгерістерге тоқтала отырып, старшындық қызметке қауымдағы тәжірибесі бай адамдар емес, қайта айлашыл байлардың келетіндігін басып айтады [8].

В.Ф. Шахматовтың 1946 жылы «Ішкі орда және Исатай Таймановтың көтірілісі» атты еңбегінде Ішкі орданың құрылуы мен оған патшаның отаршылдық саясатының ықпалы қарастырылады. Ол еңбегінде автор Бөкей хандығындағы жарлық старшындарын ордадағы патшаның және Жәңгір ханның билігін уағыздаушылары және орындаушылары ретінде сипаттайды. Оның пайымдауынша ордадағы старшындар ханның толық бақылауында және қадағалауында болды.[9].

Т.М. Күлтелеевтың «Қазақтардың қылмыстық әдет-ғұрып құқығы» атты еңбегінде Қазақстанның саяси құрылысының кейбір қырларын сипаттай келе, қазақ қоғамына старшындық қызмет 1822 жылы «Сібір қазақтары туралы» ережесі нәтижесінде келді дегенді тұжырымдайды [10].

ХVIII ғасырдың соңы мен ХIХ ғасырдың бірінші жартысында қазақ қоғамында әлеуметтік институттар мен олардың қоғамдық рөлі турасында бірқатар бағалы пайымдаулар мен тұжырымдар жасалған ғылыми еңбектердің қатарына академик С.З. Зимановтың еңбегін ерекше атауға болады. Ғалымның 1958 жылы жарық көрген «ХIХ ғасырдың бірінші жартысында қазақтардың қоғамдық құрылысы» атты монографиясында қазақ қоғамындағы әлеуметтік, саяси және экономикалық қарым-қатынастарын, олардың көшпелі қоғам жағдайындағы ерекшеліктерін меншік түрлері мен жер қатынастарын зерттей келіп, қазақ халқына тән саяси билік түрлеріне тоқталады. Мұрағат деректерін кең түрде пайдалана отырып көшпелі қазақ қоғамындағы «сұлтан», «би», «тархан», «старшын», «бай», «кедей», «шаруа», «жатақ», «құл», «төлеңгіт» сияқты әлеуметтік топтарға ғылыми талдау жасап, олардың қазақ қоғамының саяси және экономикалық өмірінен алатын орнын біршама тиянақты тұрде дәлелдейді. Біздің диссертациялық зертеуіміздің тақырыбына жақын келетін еңбектердің біріне жатады. Әсіресе, автор аталған монографиясында алғаш рет «старшын» сөзінің қазақ қоғамында пайда болуына, оның қандай мағына беретініне, сондай-ақ Қазақстанның әрбір аймағындағы старшындардың мағынасын және олардың жергілікті әкімшілік басқармасының барлық қызмет орындарынан кездесетіндігі туралы мәліметтерді нақты деректер арқылы қарастырды. Ғалым С.З. Зиманов: «Қазақстан тарихында билер мен старшындар әрқашан маңызды рөл атқарды. Бұл түсінікті, өйткені олардың қолында көшпелі қауымның тікелей басқару тізгіні болды [11, 208-б] – деп тұжырымдайды.

1960-1980 жылдар аралығында қазақ қоғамының әлуметтік-саяси жағдайы туралы бірқатар ғылыми еңбектер жарыққа шықты. Атап айтсақ: С.З. Зиманов, М. Бижанов, А. Еренов, В.Я. Басин, Б.С. Сүлейменов, И. Кенжалиев, С.Е. Толыбеков, Т.Ж. Шойынбаев, В.Ф. Шахматов. Авторлардың еңбектерінде қазақ қоғамына енгізілген әкімшілік-саяси реформалары, жергілікті басқару аппаратының қызметі, жер қатынастары, өлкедегі отарлық саясатты жүзеге асырудың әдіс-тәсілдері, салық саясаты және әлеуметтік құрылымына талдау жасалды. Революцияға дейінгі Қазақстан тарихының айтарлықтай ең өзекті мәселелерінің бірі қазақтардың қоғамдық құрылысы болып табылады. Оның негізгі ерекшеліктерін анықтауда В.Ф. Шахматов өзінің ұзақ жылғы жемісті ғылыми қызметін арнады. Ол өзінің ұзақ жылғы ізденісін «Қазақтың жайылымдық-көшпелі қауымы» деп аталған монографиясында қамтыды. Осы еңбегінде автор ауылдық қауымның басшылығында тұрған старшындарды рудың саяси басшылары етіп көрсетеді. Ал, С.З. Зимановтың 1960 жылы жарыққа шыққан «ХVIII ғасырдың соңы мен ХIХ ғасырдың бірінші жартысындағы Қазақстанның саяси құрылысы» атты іргелі жұмысында біздің тақырыбымызға қатысты мәліметтер келтіріледі. Онда көптеген құжаттық материалдар, құнды ой пікірлер өзінің негізділігімен және тереңдігімен ерекшеленеді. Аталған еңбекте старшындардың қоғамдағы алатын рөлі және сол кезеңнің билік жүйесі жан-жақты баяндалған.

Қазақ жеріндегі патша әкімшілігінің қызметі жөнінде және ондағы халықтың әлеуметтік-экономикалық өміріне байланысты зерттеулер көптеген кеңестік және қазақстандық ғалымдардың еңбектерінде орын алып, зерттеу нысандарына айналды. Мәселен, У.Х. Шалекенов, М.Х. Асылбеков, А.Б. Тұрсынбаев, Н.Е. Бекмаханова сияқты ғалымдар патша өкіметінің қазақ жеріндегі жүзеге асырылған жазалау шаралары мен әкімшілік-саяси жүйесінің құрылымдарына талдау жасады. Авторлардың еңбектерінде патша өкіметінің әкімшілік-саяси реформалары, қазақ ауылдарының әлеуметтік жағдайы, қалыптасып келе жатқан жұмысшылар тобы, қазақтардың шаруашылығына тоқталады.

Қазақстанның отарлық кезеңінің тарихына қатысты түйінді мәселелер еліміз тәуелсіздік алғаннан соң, яғни 1991 жылдан кейін баса назар аудара бастады. Бұл тұрғыда көптеген еңбектер ішінен В.З. Галиев, М.Ж. Әбдіров, С.М. Мәшімбаев, К.А. Жиреншин, Ж.Қ. Қасымбаев, Б. Абдрахманова еңбектерін атап өтуге болады. Бұлардың ғылыми еңбектерінде патша өкіметінің қазақ жерін отарлау үшін енгізген әкімшілік-саяси реформалары, өлкедегі әскери-саяси ісшаралары, отарлық басқару мекемелерінің қызметі мен жергілікті басқару жүйесі қарастырылған.

Тарихшы-ғалым В.З. Галиев өлкедегі керуендер мен ғылыми зерттеу экспедицияларына қызмет жасаған тілмаштарға, аудармашыларға, жолнұсқаушыларға көп көңіл бөледі. Бұл делдалдар тілді, іс қағаздарын жасауды, жер бағдарын, қоғамның әдет-ғұрып пен дәстүрін білуге тиіс болды, яғни істің түпкі нәтижесі көп жағынан солардың орнына сай және даярлығы мол болуына байланысты еді. Автор қазақ тілмаштары мен жолнұсқаушыларының өлкеде жүргізілген экспедицияларда зор рөл атқарғанын нақты деректер арқылы көрсеткен [12].

Зерттеуші-ғалым М.Ж. Әбдіров қазақ даласына алғашқы орыс казактарының келу уақытын, өлкедегі отаршылдық үстемдік жүйесіндегі казактардың алатын орнын, казактардың Қазақстанды жаулап алуға және қазақ халқының ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы ұлт-азаттық көтерілістерді казактардың басып-жаныштауда атқарған рөлін анықтады [13].

Сонымен қатар, қазіргі Қазақстан ғалымдарының зерттеулерінде ұлт-азаттық қозғалыстар мәселесі және патша өкіметінің өлкедегі отарлау саясаты жөніндегі ой-пікірлері С.Ф. Мажитов, К.А. Есмағамбетов, Е.Ж. Валиханов, Т.Ә. Нұрпейісов, Б.Т. Берлібаев, М.Қ. Қойгелдиев, А.Ш. Махаева, Л.М. Хасанаева, С. Сейфулмаликова және Т.Т. Далаева еңбектерінде қарастырылған.

Зерттеуші-ғалым С.Ф. Мажитов ХVIII–ХХ ғасыр басындағы Қазақстандағы ұлт–азаттық қозғалыстардың тарихы, теориясы және тарихнамасы мәселелерін терең зерттеген. [14].

Зерттеу жұмысының мақсаттары мен міндеттері. ХIХ ғасырдың 20-60 жылдарындағы қазақ қоғамындағы старшындар институтының қалыптасуын, даму тарихын, әлеуметтік құрылымын, әкімшілік-шаруашылық қызметтерін және қоғамдық-саяси рөлін тың деректік құжаттар негізінде, жаңа тарихи көзқарастар тұрғысынан қарастыра отырып, отаршыл жүйедегі старшындар институты қызметінің өміршен болғандығын ашып көрсету зерттеу жұмысының басты мақсаты. Осы мақсатқа сай зерттеу жұмысына төмеңдегідей міндеттер қойылып отыр:

- қазақ қоғамына ХIХ ғасырдың 20-шы жылдарында старшындық атақ пен қызметті енгізудегі патша үкіметінің көздеген саяси мақсаттарын саралау;

- жергілікті басқару аппаратындағы ауыл старшындарының тікелей атқаратын қызметтік міндеттерін айқындау;

- Қазақстанның әр аймағындағы старшындар институтының әлеуметтік-мүліктік жіктелісін мұрағат құжаттары арқылы талдау;

- қазақ сташындарының ауылдық қауымның көшіп-қону бағыттарын анықтаудағы рөлін жаңа мұрағат құжаттарымен ашып көрсету;

- старшындардың ұлт-азаттық қозғалыстардағы жетекшілік рөлін дәлелдеу.

Зерттеу жұмысының деректік негізі. Зерттеу жұмысына пайдаланылған деректік құжаттарды екі топқа бөлуге болады. Бірінші топ деректерін жарияланған материалдар құрайды. Оған әр кезде шыққан мына құжаттар мен материалдар жинағы жатады: «Материалы по истории Казахской ССР», «Материалы по истории политического строя Қазахстана», «Казахско-русское отношение в ХVI-ХVIII веках», «Казахско-русское отношение в ХVIII-ХIХ веках», «Народно-освободительная борьба казахского народа под предводительством Кенесары Касымова», «История Букеевского ханства (1801-1852 гг.)», «Исатай-Махамбет (1836-1838 гг.)», «История Казахстана в русских источниках ХVI - ХХ веках», «История Каркаралы». Аталған жинақтарда қазақ қоғамындағы белгілі старшындардың саны, олардың аты-жөндері, қызметтік және формулярлық тізімдері, сондай-ақ патша әкімшілігінен қызмет көрсетуіне байланысты алған марапаттаулары көрсетіледі.

Негізгі деректердің көпшілігі Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағатының қорларынан алынды. Бұл мұрағаттағы «Сергиополь сыртқы округтік приказы (№ 1), «Ұлы жүз қазақтарының Алатау округінің бастығы» (№ 3), «Орынбор қазақтарының облыстық басқармасы» (№ 4-қор), «Семей облыстық басқармасы» (№ 15), «Ішкі қазақ ордасын басқаратын Уақытша кеңес» (№ 78), «Омбы облыстық басқармасы» (№ 338), «Сібір қазақтарының облыстық басқармасы» (№ 345), «Орынбор қазақтарының батыс бөлік облысының басшысы» (№ 371) «Сібір қазақтарының шекаралық басқармасы» (№ 374), «Орынбор қазақтарының орта бөлік облысының сұлтан-басшысы» (№ 389), «Орынбор қазақтарының шығыс бөлік облысының басшысы» (№ 785) қорларында сақтаулы деректік құжаттардан қазақ старшындарының жоғарғы билік орындарына жіберіп отырған рапорттары, хабарламалары, хаттары, баяндама хаттары, арыз-шағымдары, олардың қызметке бекіту және босату жолдары мен қызметтік мөрлермен қамтамассыз ету, олардың әлеуметтік-мүліктік жағдайы, салыққа қатысты берген есептері, патша өкіметінің алдыңғы қатарлы оқу орындарына старшындардың балаларының тартылуы, қазақ жерінің әр аймағындағы старшындарға берілген мінездемелер, өлкедегі ұлт-азаттық көтерілістерге қатысқан және жетекшілік еткен старшындардың тізімі, сондай-ақ бұл көтерілістерді басып-жаншуға шыққан патша әскеріне көмек берген старшындардың тізімі, олардың осы қызметі үшін алған марапаттары, старшындардың жақсы қызмет көрсетуі үшін жасалған ынталандыру шаралары туралы мол мағлұмат беріледі. Осы деректердің барлығы қарастырып отырған жұмысымыздың мәселелеріне әр қырынан жақындауға мүмкіндік береді.



Диссертацияның методологиялық негіздері мен әдістері. Методологиялық мағынада біз үшін ғылыми зерттеулер жиынтығының нәтижесі маңызды болып табылады. Осы орайда диссертацияның ғылыми-методологиялық базасын Е.Б. Бекмаханов, Н.Г. Аполлова, В.Ф. Шахматов, Б.С. Сүлейменов, А.Е. Еренов, С.З. Зиманов сынды ғалымдардың еңбектері құрады.

Сол сияқты кейінгі уақытта тарих ғылымының методологиялық ұстанымдарын жаңарту үстінде елеулі еңбек сініріп келе жатқан тарихшы зерттеушілер С.Ф. Мажитов, М.Ж. Әбдіров, Е.Ж. Валиханов, М.Қ. Қойгелдиев, С.М. Мәшімбаев сынды зерттеушілердің еңбектері де диссертация жұмысын теориялық және методологиялық жағынан жетілдіре түсуге ықпал етті.

Диссертацияны жазу барысында қолданылған негізгі зерттеу әдістері қатарына: тарихилық ұстаным, жүйелік талдау, салыстырмалы-тарихи талдау және логикалық дәйектілік сияқты әдістемелерді жатқызуға болады.

Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы. ХІХ ғасырдың бірінші жартысында қазақ қоғамында қалыптасқан старшындар институтының мәселесі алғашқы арнайы зерттеу жұмысы болып табылады. Диссертациялық жұмыс кешендік сипат алады және ауқымды тұрғыда төмендегідей тұжырымдар арқылы тиянақталып отыр:

- патшалық Ресей үкіметінің отаршылдық саясаты тұсындағы старшындар институтының құрылу кезеңдері талданды;

- Қазақстанның әр аймағындағы жергілікті басқару аппаратына старшындардың сайлану жүйесі талданып, онда старшындық қызметті әулеттік билікке айналдырып, жалғастырған старшындар тобының қалыптасқандығы көрсетілді;

- қазақ старшындарының әлеуметтік құрамы негізделді;

- старшындар институтының әкімшілік-шаруашылық қызметі оның ішінде көшіп-қону бағыттарын белгілеу, салық жинау, қадағалаушылық қызметі нақтыланды;

- ХІХ ғасырдың 20-60 жылдарындағы қазақ старшындарының қоғамдық-саяси қызметтері айқындалды;

- старшындардың сандық құрамы мен аталы-балалы старшындар әулетінің есімдері нақтыланды;

- ұлт-азаттық қозғалысқа жетекшілік еткен старшындардың рөлі айқындалды;

- қазақ қоғамындағы старшындарға берілген жеңілдіктер көрсетілді.

Қорғауға ұсынылған негізгі ғылыми тұжырымдар:

- патша әкімшілігі отаршылдық саясатын жүзеге асыру мақсатында старшындар институтын маңызды әлеуметтік-саяси құрылым ретінде жаңғыртты;

- старшындар институтын құруда өзіндік ерекшеліктері болды;

- қазақ старшындары жергілікті әкімшілік-басқару аппаратында төмеңгі буынды құрады және сатылы билік жүйесінде кіші қызмет иелері ретінде саналды;

- патша өкіметі қазақ қоғамындағы дәстүрлі билік жүйесін әлсірету мақсатында старшындар институтын ресми қызмет тобы етіп құрды;

- қазақ қоғамында старшындар үстемдік етуші топтардың ішіндегі айтарлықтай ең көп және аса ықпалды әлеуметтік топ болды;

- патша әкімшілігі отаршылдық жүйені нығайту мақсатында старшындарды үнемі әкімшілік-шаруашылық және қоғамдық-саяси қызметіне ынталандыру шараларын жүргізді;

- қазақтың ру ақсүйек өкілдері старшын қызметіне сайлау, марапаттау, мұрагерлік жолымен келу мүмкіндігіне ие болды;

- патша әкімшілігі старшындардың салық жинау қызметіне бақылау орнатты, олардың есеп беруін міндеттеді.

Зерттеу жұмысының хронологиялық шеңбері мен территориялық ауқымы. Зерттеудің хронологиясы мен ауқымдық шеңбері ХIХ ғасырдың 20-60 жылдарын қамтиды. Қазақ жерін сатылап отарлау үшін патшалық Ресей әкімшілік-басқару реформасын жүргізді. Соның нәтижесінде бөлінген округтік, болыстық, ауылдық бөліктер шекаралық межелеуге байланысты аймақтық өзгерістерге әкеп тіреді. Сондықтан зерттеу 1867-1868 жылдардағы реформаға дейінгі өзгерістерді ескере отырып, Қазақстан жері түгелдей қамтылды.

Диссертацияның ғылыми және тәжірибелік құндылығы. Отандық тарих ғылымында көп жағдайда әлі күнге дейін даулы болып келе жатқан бірқатар мәселелерді кең тарихи перспектива тұрғысынан қарастыру арқылы айқындалды. Еңбектің жекелеген тұжырымдары мен қорытындыларын қазақ халқының әлеуметтік құрылымын оқыту, өзіндік ерекшелігі бар жекелеген әлеуметтік құрылымдар мен институттарға байланысты зерттеу жұмыстарын жүзеге асыру, арнаулы курс және семинар сабақтарынан дәріс беру барысында пайдалануға болады.

Зерттеу жұмысының нысаны. Қазақ қоғамындағы старшындар институты, оның қоғамдық-саяси рөлі мен маңызы, дәстүрлі әлеуметтік құрылымдық сатыдағы орны болып табылады.

Зерттеу жұмысының пәні. ХIХ ғасырдың 20-60 жылдарындағы Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірінде маңызды рөл атқарған старшындар институтына тарихи тұрғыдан талдау жасау.

Зерттеу жұмысының сыннан өтуі. Диссертация жұмысының негізгі тұжырымдамалары 4 халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияларда баяндалды. Зерттеу тақырыбының мазмұнына сәйкес 3 ғылыми мақала Қазақстан Республикасының Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің тізіміне енген журналдарда жарық көріп, сыннан өтті. Диссертациялық жұмыс Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Қазақстанның жаңа заман тарихы бөлімінің кеңейтілген мәжілісінде талқыланып қорғауға ұсынылды.

Диссертацияның құрылымы. Диссертация кіріспеден, әрқайсысы үш бөлімнен тұратын үш тараудан қорытындыдан және пайдаланылған деректер тізімінен тұрады.
ЗЕРТТЕУДІҢ НЕГІЗГІ МАЗМҰНЫ
Кіріспеде зерттеу жұмысының өзектілігі негізделеді, басты деректер көзі көрсетіліп тарихнамалық шолу жасалады. Жұмыстың мақсат-міндеттері, территориялық және хронологиялық шеңбері, теориялық және методологиялық негіздері, ғылыми жаңалығы, қорғауға ұсынылатын тұжырымдар мен тәжірибелік маңызы және сыннан өтуі мен құрылымы беріледі.

«Қазақ қоғамындағы старшындар институтының әлеуметтік-саяси құрылымы (ХIХ ғасырдың 20-60 жылдары)» деп аталатын бірінші тарауда «старшын» ұғымының мағынасы және осы старшындық атаққа ие болған адамдардың әлеуметтік құрамы мен үміткерлерді старшын қызметіне сайлау жүйесі, олардың әлеуметтік-экономикалық жағдайы қарастырылады.

Тарихи оқулықтарда старшындар институты туралы мәселе, оның шығу тегі және әлеуметтік–экономикалық қатынастағы алатын орны әлі де болса да көп жағынан айқындалмаған және зерттелмеген күйінде қалып отыр. Старшындар институты туралы мәселе алғаш рет аз да болса да революцияға дейінгі және Кеңес билігі тұсындағы тарихи әдебиеттерде қарастырылады.

Алдымен старшындар институтын сипаттаудан бұрын, старшын сөзінің пайда болуы туралы тоқтала кетсек. Старшын сөзінің мағынасын нақтылап алу үшін оның түсініктемесіне назар аударайық. «Старшын сөзі революциядан бұрыңғы белгілі бір руға тән істі басқаратын сайланып қойылған адам». Бұл анықтама старшын деген ұғымның дәстүрлі қазақ қоғамында белгілі бір маңызды рөл атқарғандығы туралы хабар берсе керек. Отандық тарихтың революцияға дейінгі тарихнамасында бұл басқару институтына қатысты бірнеше нақты хатталған көзқарастар мен пікірлер бар.

Мысалы, патша үкіметінің ресми баспа органдарының бірінде: «Ауыл–бұл белгіленген жерлерде көшіп жүрген, жылжымалы күркеден немесе киіз үйлерден тұратын бөлек көшпелі қос немесе жылжымалы ауыл. Әрбір ауылдың киіз үйі ерекше ауыл старшынының немесе біздіңше старостаның қазақтар оны Ақсақал дейді яғни ақ сақалы бар адамдардың басқаруында болды [15, 105-106-бб].

Старшын ұғымы қазақтың сөзі емес және қазақтың топырағынан жаралмаған, орыс тілінен енген сөз. Бұл ұғымды патша шенеуніктері қазақ жеріне алғаш келгеннен бастап қолдана бастады. Академик С.З. Зиманов: «старшын сөзі алғаш рет орыс шенеуніктерімен енгізілген» [11, 206-б]-деп жазады. Кейінірек мұндай тұжырымды М. Бижанов қайталайды. Осыдан кейін ХVIII ғасырға қатысты қазақ халқының тарихи әдебиеттерінде старшын ұғымы кездесе бастайды. Кеңес дәуірінде старшындар туралы алғаш сөз қозғағандардың қатарынан тарихшы М.П. Вяткинді атауға болады. Ол 1947 жылы жарық көрген «Батыр Сырым» деген көлемді зерттеуінде старшын ұғымының көшпелі қазақ қоғамында пайда болуына қысқаша болса да мағыналы түсінік беріп, қоғамдағы әлеуметтік-саяси рөліне де кең түрде тоқталады. М.П. Вяткин: «қарашылардың арасынан ру ақсүйектері бөлінеді. Ол орыс тілді деректерде тура старшын термині секілді рубасшылар тәрізді көрсетіледі, олар ру ақсүйектерінің ерекшеленген тобына жатпауы да мүмкін» [7, 104-б] - деп санайды.

М.П. Вяткиннен кейін старшындар институты туралы мәселені академик С.З. Зиманов қарастырады. Ғалымның пікірінше: «ХVIII ғасырдың сонына дейін қазақ қоғамында «старшын» термині өте жиі қолданылды, ал орыс тілді деректерде, құжаттарда бұл ұғым кең таралды. Мысалы осы кезеңге жататын ауыз әдебиетінде старшын сөзін кездестірмейміз. Ол кезде ру бөлімшелерінің басшыларын «билер», «байлар», «ру басы», «топ басы», «ел басы», «ақсақалдар» [11, 207-б]. Осы пікірді М. Бижанов та «Орыс оқымыстыларының еңбектеріндегі қазақ қоғамының ХVIII ғасырдағы әлеуметтік категориялары» деп аталатын мақаласында ХVIII ғасырда «старшын» термині қазақтарда қолданылмады. Қазақтар ол кезде старшындарды «рубасы», «ру ақсақалы» немесе «ел ағасы»,-деп атағанын айтады.

Әсіресе, патша шенеуніктері старшын ұғымын ру ақсүйек өкілдері саналатын ақсақалдарға жиі пайдаланды десек, қате айтпаған болар едік. Тарихшы Н.Г. Аполлованың пайымдауынша: «әлеуметтік терминологияда ру ақсүйек өкілдері орыс тілді деректерде әдетте старшындар деп аталады, мұндағы «старшын» сөзі жалпы ақсақалдарды, билерді, батырларды, мырзаларды және тархандарды жиі атаған. Ал кейбір жағдайда бұл термин «старейшин» ұғымына теңдес, ақсақалдарды көрсету үшін ғана аталады» [8, 65-б].

Патша шенеуніктері старшын сөзін көшпелі қазақ қоғамындағы–ақсақалдарға және лауазымы бар барлық әлеуметтік топтарға (сұлтандардан басқа) қолдана берді. Сондықтан да отарлаушы өкіметтің ресми құжаттарында ақсақал сөзінің орнына старшын термині жазылды, ал лауазымды ру ақсүйек өкілдерінің барлығының есімдерінің жанында міндетті түрде халық мойындаған атағымен қатар, «старшын» сөзі жазылатындығы өте жиі кездеседі.

Сол тарихи кезеңде патша шенеуніктерімен қолданылған старшын ұғымы би, батыр, тархан, мырза тәрізді дәстүрлі лауазымдардың синониміне айналды. Патша құжаттарында старшын ұғымы осы аталған лауазымдардың кез-келгенін көрсету үшін қолданыла берілетін болды. Мысалы, зерттеуші И.В. Ерофеева: «ХVIII ғасырдың екінші жартысында қазақ старшындарының кәдімгідей айтарлықтай бөлігін әлеуметтік топтардың өкілдері билер құрады»-деген пікір білдіреді. И.В. Ерофеева сияқты М. Бижанов билер старшындардың құрамынан кездесетінін көрсетеді. «Старшындар категориясына руларды басқаратын билердің бірқатары кірді»-дейді. Автор: «ХVIII ғасырдың бірінші жартысындағы орыс деректерінде старшындар туралы жазбалар бар, бірақ онда билер мен старшындар ажыратылмайды-барлығын старшындар категориясына жатқызады»-деп көрсеткен болатын. М.П. Вяткиннің көрсетуінше: «Қазіргі қазақ тілінде «би» сөзі синоним ретінде орыс термині «старшинаға» жиі қолданылады» [7, 110-б].

Патша үкіметі старшын атағы мен қызметін қазақ қоғамына енгізудің алғашқы тәжірибесін барон О.А. Игельстром реформасы арқылы бастаған еді. Содан бастап старшын ұғымы қазақтың дәстүрлі басқару жүйесіне ешқандай кедергісіз тарала берді. Әсіресе, «старшын атағымен» марапаттауды Сібір корпусінің командирі генерал лейтенант Глазенаппен белсенді түрде жүргізілді. Бұл шараны Омбы облысының басшылығына келген С.Б. Броневский және одан екі жылдан кейін келген В.И. Де Сент Лоран қайта жалғастырды.

1822 және 1824 жж. ережелер қырда сайлау жүйесін тұңғыш рет енгізді. 1822 жылғы ережеде старшын қызметіне үміткерлерді сайлау тәртібі арнайы баптар арқылы берілген. Осы ереженің «сайлау тәртібі» деген бөлімнің бес (25, 26, 27, 28, 29 баптар) тармағы үміткерлердің старшын қызметіне сайлану тәртібіне арналған. Онда былай деп жазылды: «ауылды басқару үшін старшындар қазақтардың өздерімен сайланады және осы атақты округтік приказ бекітеді»; «старшындарды сайлау әрбір үш жыл сайын өткізіледі, бір адам қатарынан бірнеше мәрте сайлана алады»; «старшындарды сайлауда сұлтандар қатыспайды, бірақ сайланған адамды округтік приказға ұсыну кезінде өзінің пікірін айтуға мүмкіндігі болды; «округтік приказ сайлауды өткізуін тоқтатпайды, бірақ ол сайлауда келіспеген жағдайда облыстық бастыққа ұсына алады; «старшындарды сайлау ауылды жерде ауызша өткізілетін, көпшілік дауыс барлығын шешетін». Жоғарыдағы ауыл старшындарын сайлау тәртібіне қатысты барлық баптардағы көрсеткіш демократиялық жолмен өтетіндігін байқатты.

Ауылдағы сайлау алдыңдағы күрес аға сұлтан және болыс басшысын сайлауға қарағанда тыныш өтті. Ауыл старшыны қызметіне сайланатын үміткерлердің саны аса көп болмайтын, сондықтан да ауылдағы сайлау тыныш күйінде өткізілді. Сайлауға қатысқан әрбір адам бір дауысқа ие болатын. Егер осы қызметке ұсынылған үміткерлердің біреуіне көп дауыс берілген болса, онда ол старшын болып сайланды. Көп дауыспен сайлауда жеңіп шыққан үміткердің аты-жөні сол жерде жарияланып, оның қорытындысы «үкім» арқылы шығарылды.

Старшын қызметіне сайланған үміткердің «сайлау үкімі» ауыл қауымымен шығарылғаннан кейін, ол қағазды жедел түрде сол ауыл қарайтын болыс басшысы арқылы округтік приказға бекіту үшін ұсынылды. Округтік приказға жаңа сайланған старшынды бекіту үшін ұсынылған сайлаудың үкімі сол жерде қарастырылатын болды. Сондай бір үкімнің нұсқасын толық түрінде келтіріп өтсек: «біз төменде мөрлерімізбен таңбаларымызды баса отырып Тауке Басентейін болысына қарайтын қазақтардың өз араларындағы істі шешетін старшындары болмағандықтан, олардың ұсынысын қабылдап жалпы дауыспен біз Мырзабай Малиевті сайладық. Өйткені ол жақсы мінезімен және тәртібімен, сонымен қатар патшалық Ресей үкіметіне деген сенімділігімен әрқашанда пайдасын көрсете алады. Сондықтан да аталған болыстыққа қарайтын ауыл адамдары сайлаудың қорытындысына толық келісе отырып осы үкімді шығарды». Бұл көрсетілген үкімнің қорытындысын шығарған кезде 7-старшын мөрлерін басып, 5-құрметті қазақ таңбаларын қойып заңдастырған еді.

Патша әкімшілігінің толық сұрыптауынан сүрінбей өткен үміткерлер старшын қызметіне сайланып және округтік приказдан заңды негіздегі жарлық қағазын алып бекітіледі. Старшын қызметіне негізінен сотқа және айыпқа тартылмаған, кәмелет жасқа толған және өткен өмірінде заң бұзушылыққа ілінбеген саяси сенімді адамдар өтті. Осы қойылған талаптарға толық жауап беретін үміткерлер ешқандай кедергісіз старшын қызметіне тағайындалып, өкімет тарапынан қолдауға ие болды. Старшын қызметіне бекітілген адамдар мына құжаттармен қамтамассыз етілді: императорлық жарлық, яғни старшын қызметіне бекітілгендігі туралы құжат; старшындық куәлік; старшындық грамота; старшындық қағаз; старшындық мөр. Аталған старшындық құжаттардың барлығы старшындардың осы қызметті атқаратындығын айғақтайтын еді.

Округтік приказ әкімшілік ауылдың басшылығына–старшындарды бекіткен соң, оған міндетті түрде «старшындық қағазды» беретін болды. Мысалы, 1831 жылы 1 ақпан айында Елтоқ Атағай болысының старшыны Бижан Өтебинге «старшындық қағаз» берілген еді. Ол старшындық қағазда былай жазылды: «Барлығына және берілетіндердің әрқайсына тиісті, яғни Елтоқ Атағай болыстығынан шыққан старшын Бижан Өтебин қазақ халқына болашақта пайдасын тигізгендіктен және патшалық Ресейге ынтасымен, сенімділігімен осы атаққа анықталды. Сондықтан да біздің барлық әскери және азаматтық шенімізбен және атағымызбен барлық жағынан әділетті істермен Өтебинге заңды түрде қорғау, әрі қамқор көрсетілсін [16, 11-п]. Старшындық қағаздың төмеңгі жағына Омбы облысының бастығы Де Сент Лоранның қолы қойылып, мөрі басылды.

Жаңа сайланып үкіметпен заңды тұрғыда бекітілген старшын старшындық қағазбен қатар атаулы қызметтік мөрмен де қамтамассыз етілді. Старшындар үшін атаулы мөр қызмет бабымен орындалатын әртүрлі деңгейдегі құжаттарды заңдастыру үшін өте қажет болды. Старшын қызметіне сайланған әрбір старшын өзінің тікелей атақаратын қызметтік міндеттерімен танысып, оны бұлжытпай орындап отыруға міндетті болды. Егер де старшын өзіне жүктелген міндеттерін орындауда салғырттық немесе орындамау секілді жаман ниеттерін көрсетсе онда оған ескерту беріліп, көп ұзатпай ол адамды қызметінен босатып жіберетін еді. Бұл патша үкіметінің қызметке сайланатын үміткерлерге және қызметтегі старшындарға қойған қатаң тәртібі болды.

ХIХ ғасырдың 30 жылдарынан бастап патша әкімшілігі жаңа сайланған старшындардың қасына оның іс қағаздарын жүргізетін арнайы хатшыларды тағайындады. Қазақ қоғамындағы старшын қызметіне үміткерлер үш түрлі жолмен келді: марапаттау, сайлау және мұрагерлік.

Патша өкіметі тұсында қазақ қоғамындағы старшындардың сандық көрсеткіші әр аймақта мынандай болды: Ұлы жүз жерінде 1864 жылғы ресми мәлімет бойынша 149 ауыл старшыны саналды. 1839 жылғы мәлімет бойынша Орта жүз жеріндегі Көкшетау округінде-119, Қарқаралы округінде-139, Аманқарағай округінде-142, Үшбұлақ округінде-101, Аягөз округінде-204 ауыл старшыны болды. Кіші жүз жерінде 1862 жылғы мәлімет бойынша Батыс бөлікте-61, Орта бөлікте-111, Шығыс бөлікте-88, барлығы 260 старшын саналды. 1845 жылғы ресми мәлімет бойынша Ішкі Бөкей ордасында 204 жарлық старшыны саналды.

Старшын қызметіне дәмегөй үміткерлердің өздері әртүрлі әлеуметтік ортадан шықты. Олардың бір бөлігі бай-ауқатты болса, екіншілері орташа деңгейде, ал үшіншілерінің экономикалық жағдайы мүлде төмен болды. Бұл жөнінде тарихшы В.Ф. Шахматов «старшындар тобы едәуір көп болды, бірақ олар өздерінің әлеуметтік құрамымен біркелкі болмады. Ірі бай старшындар мен қатар мүліктік жағдайы жағынан қазақ шаруаларының негізгі еңбекшілер тобынан ешқандай айырмашылығы жоқ старшындар да болды. Байғұстар ауылының өзі байғұс болатын» [9, 126-б]-деп жазады. Мысалы мұрағат құжаттарына сүйенетін болсақ, Ішкі ордадағы Ноғай руының Құяс бөліміне старшын болып сайланған Бесбай Құшкеновтың жеке меншігінде 1500 жылқы, 2500 қой, 60 түйе және 100 ірі қара малы болды. Ал Қыпшақ руы Қарабал бөліміне старшын болып бекітілген Жұрынбай Қарағаевтың жеке меншігінде 15 түйе, 919 жылқы, 265 сиыр, 1549 қой болды. Сондай-ақ, Кіші жүз жеріндегі Батыс, Орта, Шығыс бөліктеріндегі старшындардың қолында мынандай мал саны шоғырланған еді. Олар Ахмет Байсақалов 700 жылқысы бар және Бұхарамен сауда жасайды, Бермұхамед Құлымбаев 700 жылқысы бар және Бұхарамен өте тығыз сауда жасайды, Қарпық Жаманқарин 1000 жылқының иесі, ол да Бұхарамен сауда жүргізеді, Қойбас Баубеков 300 жылқысы бар ол да Бұхарамен сауда жасайды. Мырзабек Аманбаев 3000 жылқының иесі, Наурызбай Қазыбаев 700 жылқыға иелік етті [17, 29-35-пп]. Осы кезеңдегі бұл старшындар өздерінің атақтарына қарамастан сөзсіз ірі феодалдардың қатарына жатқызылды.


: userfiles
userfiles -> Внутренний контроль производства и контролируемые испытания продукции
userfiles -> Технические правила
userfiles -> 2010 жылдың ІІІ тоқсанына арналған жоспарының орындалуы Шілде Облыс әкімдігінің мәжілісіне енгізілген мәселе Жамбыл облысының 2010 жылдың қаңтар-маусымында
userfiles -> Жамбыл облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасына қарасты емдеу-алдын алу ұйымдары бас дәрігерлерінің жеке табысы және мүлкі туралы декларацияны жариялау
userfiles -> Конкурстық құжаттаманы бекіту туралы
userfiles -> Шу ауданының әкімі І.Ә. Тортаевтың ауданның 2012 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары туралы есебі
userfiles -> Шортанова алшайым ахылбековна қазақстандағы ғылыми кітаптар басылымының тарихы
userfiles -> Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидаттардың сенімді өкілдерінің сайлаушылармен кездесу үшін үй-жайлар тізбесі


  1   2   3


©netref.ru 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет