Құран мен Сүннет әмірлерге мойынсұну туралы


Әмірге ізгі насихат айту туралы



бет3/3
Дата22.03.2020
өлшемі342.47 Kb.
1   2   3

Әмірге ізгі насихат айту туралы

Ықыласты мүміндердің керемет сипаттарының бірі өз айналасындағы адамдарға ізгі арлылық пен салиқалықты насихат ету болып табылады. Аллаһ Тағала былай деді: «Сендер адам баласы үшін игілікті әмір етіп, жамандықтан тыятын, сондай-ақ Аллаһқа сенетін қайырлы бір үммет болып шығарылдыңдар» (Әли Имран 3:110).

Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтты: «Менің сөздерімді естіп, ұмытпай есінде сақтап және басқаларға жеткізушінің жүзін Аллаһ өте әдемі етеді. Ол өзінен де артық білушілерге білімді жеткізуі мүмкін. Мұсылман шын ықыласпен Аллаһ үшін ізгі амалдар жасап, мұсылман имамдарына насихат айтып, мұсылмандармен бірге болғанында оның жүрегі ешқашан ашу-ызаға толмайды. Ақиқатында сендердің дұға-тілектерің сендердің айналаңдағыларды да қамтиды» (әт-Тирмизи және Ахмад; әл-Әлбани хадистің сахихтығын растады).

Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтты: «Кім сұлтанға насихат айтқысы келсе, мұны халықтың алдында істемесін, қолынан ұстап, онымен бірге оңашалансын. Егер ол оның кеңесін алса – жақсы, ал егер алмаса – онда ол бәрібір өзінің міндетін орындады» (Ахмад және әл-Хаким; әл-Әлбани хадистің сахихтығын растаған).

Шейх Абд әл-Азиз ибн Абдуллаһ ибн Баз былай деген: «Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ізгі ізбасарлары ешқашан әмірлердің қателерін жария етпеген, олар туралы көпшіліктің алдында сөйлемеген және мінберлерге шығып мұндай нәрселер туралы жарияламаған, өйткені бұл бүлікке, әмірлерге шариғат мақұлдайтын нәрселерде де бағынбауға әкеледі. Бұл өзінің ізінен тек қана зиян әкеліп, еш пайда бермейтін халықтық көтерілістерге соқтыруы мүмкін. Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ізгі ізбасарлары басқаша жолды ұстанатын: олар әмірге игі насихатты онымен оңаша қалғанда беретін, оларға жолдаулар жазатын, немесе әмірмен жақын байланыста болған ғалымдарға, олардың өздері әмірлерге игі кеңес беруі үшін, жүгінетін. Адамдарды күнәлардан тоқтатуда осы күнәларды жасайтын адамдардың атын атамау керек. Адамдарды зина жасаудан, арақ-шарап ішуден, немесе өсімқорлықпен айналысудан, осыларды жасайтындардың атын атамай-ақ, сақтандырудың өзі жетіп асады, ол әмір болса да немесе биліктің қол астындағы болса да» (Пәтуалар жинағы, 27-28 беттер).

Тамим бин Аус әд-Даридің былай дегені жеткізіледі: «(Бірде) Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Дін – бұл ықылас таныту», - деді. Біз одан: «Кімге қатысты ықылас таныту?», - деп сұрадық. Ол: «Аллаһқа оның Кітабына, және оның Елшісіне, және мұсылмандардың басшыларына, және жалпы барлық мұсылмандарға», - деп жауап берді» (Муслим).

Имам Ибн Ражаб «Жәми‘ әл-Улюм уә әл-Хукум» кітабында (1/222) осы хадиске жасаған шархында былай деп жазған: «Мұсылман әмірлерінің алдында ықыласты болу – бұл оларды ізгі және әділетті етіп көруді қалау, барша мұсылмандарды олардың қоластына біріктіруге ұмтылу, олардың айналасында мұсылмандардың арасындағы келіспеушіліктерді ұнатпау, Ұлы да Құдіретті Аллаһтың қалауымен бірдей келетін нәрселердің барлығында оларға мойынсұну, оларға қарсы көтерілуге талпынатындарды жек көру және Раббыға бағыну аясында олардың қуатының артуына үміт ету».

Бірде Усама ибн Зәйдқа: “Сен не үшін Усманға, сөйлесу үшін, кірмейсің?!”, – деп сұрақ қойылғанда, ол былай деді: “Сендер мен онымен сөйлесетін барлық нәрсе туралы баяндап беруімді қалайсыңдар ма?! Аллаһпен ант етемін, мен онымен оңаша сөйлестім және мен біздің арамызда болғанды жария етушінің алғашқысы болғым келмейді” (әл-Бухари және Муслим).

Ибн Хажәр әл-‘Асқаләни осы хадиске жасаған шархында «Фатх әл-Бари» кітабында (13/53) былай деп жазған: «Бұл хадис әмірлерге құрметпен қараудың және олармен сөйлесуде ізгі әдеп сақтаудың қажеттілігіне нұсқайды. Оларды қателіктерден ұстап қалу және сақтандыру үшін адамдар олар туралы не айтып жатқаны жөнінде хабардар ету керек. Бірақ қойған мақсатқа өзгелерге зиян тигізбей жету үшін мұны сыпайы және парасатты түрде істеу керек».

Егер әмір қателікке жол берсе, мұсылмандар оған игі кеңес беруі және күнәлардан арылуына көмектесуі қажет. Бұл тек әмірлерге ғана емес, сондай-ақ барлық адамдарға да қатысты. Алайда мүмін адам өзгелерді ол арқылы Аллаһқа мойынсұнбаудан ұстап қалу үшін тырысатын іс-амалдың түрлі салдары болуы мүмкін. Осыған байланысты имам Ибн әл-Қайим «И‘ләм әл-Му‘аууәқин ән Рабб әл-‘Аләмин» кітабында (3/16) мұның төрт дәрежесін атап белгіледі:

1) адам күнә жасауды тоқтатып, салиқалы амалдарды орындай бастайды;

2) ол күнәні аз істейтін болады, бірақ олардан толық бас тартпайды;

3) ол бір күнәні тастап, басқа, тура осындай ауыр күнә жасайды;

4) ол одан ауырлау күнә жасайды.

Алғашқы екі жағдайда адамды ақиқат жолына салып, оны күнәлардан ұстап қалу қажет. Үшінші жағдайда мүмін адам осыны істеу, не істемеу туралы өзі шешім шығаруы керек. Ал төртінші жағдайда мұндайды (жамандықты жасаудан ұстап қалуды) жасауға тыйым салынады.

Бұл дана ережені біреудің қателігін түзетуді немесе Аллаһтың сөзін ұлықтауды қатты қалайтын әрбір адам ұстануы қажет. Ол барлық замандарда және барлық өмірлік жағдайларда күшке ие және мұсылман адам қалайша амал етуді анықтайтын өлшем болып табылады. Әрине, белгілі бір күнәнің ауырлығын анықтау үшін Аллаһтың дініндегі білім қажет. Сондықтан да жеке адамдардың және тіпті жалпы қоғамның өміріне қатысты маңызды шешімдерді салиқалы мұсылман ғалымдары қабылдаулары керек.



Мұсылман әмірлері үшін дұға ету жөнінде

Билік астындағылардың өз әмірлері алдындағы тағы да бір міндеті – олар үшін Аллаһқа дұға етуі. Сондықтан да қады Фудайл ибн ‘Ийяд және имам Ахмад сияқты ұлы мұсылман ғалымдары былай деп айтатын: «Егер бізде Аллаһ оған міндетті түрде жауап беретін дұға болғанда, біз өзіміздің сұлтанымыз үшін жалбарынар едік» (шейх-уль-ислам Ибн Теймийяның пәтуалар жинағы, 28/391). Мұның себебі – егер сұлтан немесе әмір салиқалы болса, оның ізінен бүкіл халық ілеседі. Ал егер олар күнәға және жамандықтарға батса, бұл ауыртпалық бүкіл халықтың басына да түседі. Сондықтан да Усман ибн Аффан бірде былай деп айтқан: «Ақиқатында Аллаһ сұлтанның қолымен бір Құранмен таратуға мүмкін болмаған нәрселерді таратады».

Имам әл-Хасан ибн Али әл-Барбахари (һижраның 329 жылы қайтыс болды) өзінің «Шарх әс-Сунна» кітабында (51-бет) былай деп жазған: «Егер сен біреудің өз әмірін лағынеттеп жатқанын көрсең, оның ақылсыз адам екенін біл. Ал егер біреудің Аллаһтан өз әмірін тура жолға салуын тілеп жатқанын көрсең, оның, Аллаһ Тағала қаласа, әһлю-Суннадан екенін біл».

Абу Али әл-Фудайл ибн Ийяд былай деген: “Менде міндетті түрде қабыл болатын дұға болса, мен онымен әмір үшін дұға етер едім”. Одан: “Бұл – қалайша, уа, Абу ‘Али?!”, – деп сұрағанда, ол: “Егер мен оны өзіме тиісті ғана пайдалансам, менің дұғам өзімнен өзге ешкімге тимейді, ал егер оны әмір үшін қолдансам және ол салиқалы болып кетсе, нәтижесінде тұтас халықтар мен елдер салиқалы болады!» Бізге әмірлеріміз үшін дұға жасау және ешбір жағдайда оларды лағынеттемеу бұйырылған, тіпті олар жауыз және залым болса да. Өйткені олардың жауыздығымен зұлымдығы олардың өздеріне ғана күнә болып жүктеледі, ал олардың салиқалығы оларға да, барша мұсылмандарға да пайда келтіреді (имам әл-Барбахари «Шарх әс-Сунна», 116-бет).

Тура осы - ізгі мұсылман ғалымдарына да қатысты. Мүміндер оларға ізгі насихаттар берулері тиіс және олар үшін Аллаһқа дұға етуі қажет. Алайда Аллаһтың тақуа құлы оларды қаралайтын қателіктері туралы айтпауы керек және олар туралы адамдардың арасында жарияламау керек. Бұл үлкен зиян әкеледі. Сондықтан да Ибн ‘Асакир: «Ғалымдардың еті уланған және олардың адамдардан жасырын болған кемшіліктерін жариялап, оларды масқаралағысы келгендермен Аллаһ не істейтіндігін біз жақсы білеміз. Егер кімде-кім ғалымдардың ар-намысын төгуге талпынса, Аллаһтың қалауымен оның өзі өлгенге дейін жүрегі өледі» («Ғалымдардың еті уланған» мақаласы, 14-бет).

Хауариждер туралы

Араб елдерінде тараған Исламдағы қауіпті адасқан ағымдардың бірі – бұл хауариждер. Оған ілесушілер күнә жасаушылардың барлығын, сондай-ақ өздерінің көзқарастарына қосылмайтындардың барлығын кәпір деп санайды. Олар өздеріне басқалардың өміріне, ар-намысына және мал-мүлкіне қол сұғуына рұқсат етілген деп есептейді және күнәһарлар, тіпті егер олар Аллаһқа серік қоспаса да, Тозақта мәңгі болады деп сенеді. Олар өздерінің көзқарастарына қайшы келетін көптеген хадистерді тәрк етеді және әмірлер оларды қанағаттандырмаса, адамдарды оларға қарсы көтеріліске шақырады.

Хауариждер бұрын да Исламдағы ең үлкен қасіреттердің себепкерлері болған және қазір де оның абыройына нұқсан келтіруде.

Дәл солар халифа Усман ибн Аффанның өліміне және мұсылмандардың арасында соған байланысты пайда болған келіспеушіліктерге айыпты болды.

Дәл солар халифа Алидің билік құру тұсында мұсылмандар арасындағы соғыстарды араңдатты. Дәл солар халифа Али ибн Абу Талибті күпірлікте айыптап, намаздың үстінде өлтірді.

Бүгін олар лаңкестікпен айналысып, әйелдер мен балаларды өлтіріп жүр, ал Құран мұндай іс-әрекеттерге тыйым салады. Аллаһ Тағала былай деді: «Аллаһ дін жайында сендермен соғыспаған және елдеріңнен қуып шығармағандарға жақсылық қылуларыңа, әділдік етулеріңе тыйым салмайды. Расында, Аллаһ әділ болғандарды жақсы көреді» (әл-Мумтахина 60:8).

Олардың кесірлі көзқарастары қасиетті Құран мен Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Сүннеттінің іліміне сәйкес келмейді, бірақ осыған қарамастан, олар тек өздерін ғана шынайы мұсылман деп есептейді. Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) осындай адамдардың пайда болуын алдын ала айтып және біз үшін олардың кейбір сипаттарын суреттеп берген.

Бірде Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) адамдардың арасында алтын бөліп жатқан кезде, оған бір адам келіп: «Уа, Мухаммад, Аллаһтан қорықсайшы!», - деді. Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Мен Аллаһқа бағынбағанда – кім бағынады? Маған жерді мекендеушілердің барлығы сеніп тапсырылды, ал сендер маған сенбейсіңдер ме?», - деді. Кейін ол: «Міне осындай адамдардан Құранды оқитын, бірақ ол кеңірдектерінен әрі өтпейтін халық шығады. Олар мұсылмандарды өлтіретін және көпқұдайшылдарды шақыратын болады. Олар жебе аңды тесіп өтетіні сияқты Исламнан шығып кетеді. Егер сендер оларды көріп үлгерсеңдер, кезінде ‘Ад тайпасы өлтірілген сияқты, оларды өлтіріңдер» (әл-Бухари және Муслим).

Абу Са‘ид әл-Худри Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқанын баяндаған: «Менің үмметімде намазды сондай орындайтын және оразаны сондай ұстайтын адамдар пайда болады: сендер өздеріңнің намаздарыңды, оразаларыңды және барлық игі амалдарыңды олармен салыстырғанда болмашы деп есептейсіңдер. Олар Құранды оқиды, алайда ол кеңірдектерінен әрі өтпейді. Олар діннен жебе аңды тесіп өтетіндей етіп шығып кетеді» (әл-Бухари және Муслим).

Али ибн Абу Талиб Аллаһтың Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегенін баяндаған: «Ақырзаман жақындаған кезде тістері майда және ақылы қысқа адамдар пайда болады. Олар өте әдемі сөздер айтады. Олар Құранды оқиды, бірақ ол кеңірдектерінен әрі өтпейді. Олар діннен жебе аңды тесіп өтетіні сияқты шығып кетеді. Егер сендер оларды кездестірсеңдер, өлтіріңдер, өйткені оларды өлтірген (адам) Аллаһтан Қиямет Күні сый алады» (әл-Бухари және Муслим).

Мұсылмандар осыны естен шығармаулары қажет және осы сияқты адасқан ағымдардан қашықтаулары қажет. Ислам – бұл жер бетіне бейбітшілік және бірлік алып келуге мақсатталған дін. Ол әмбебап және барлық замандар мен халықтарға сәйкес келеді. Оның тағдыры белгіленген және бұлтартпас: ол басқа барлық діндердің: соның ішінде бұзақы адамдардың қолынан бұрмаланған иудаизм мен христиандықтың да жалған екендігін әшкерелейді. Аллаһ Тағала былай деді: «Ақиқат келді. Жалған нәрселер жойылды. Сөзсіз, жалған нәрселер жойылады» (әл-Исра 17:81).

Сондықтан да жүректерін өшпенділік жайлағандардың барлығы Исламға дұшпандықпен қарайды. Олар надан мұсылмандардың лаңкестікке жүгінуін пайдаланады да, Исламды бүкіл дүние жүзіне дәл осылай деп көрсетуге тырысады.

Барша мүміндердің міндеті - адамзатқа шынайы ақиқатты жеткізу. Ал ол – Ислам хауариждердің көзқарастарына қатыссыз екендігінде.

Біздің дініміз адамдарға Раббыларының бұл дүниеде де, болашақ өмірде де жетістікке жеткізетін жолына түсуге көмектесу үшін түсірілген. Ол ізгілік пен адамгершіліктің заңдарына негізделген, мүміндерді Аллаһқа және салиқалы әмірлерге бағынуға үйретеді, мұсылман халықтарын өзара түсінушілікке және келісімге жетелейді.

Исламның шынайы келбеті осындай, ал оның дұшпандарының кір қолдары оны ешқашан ластай алмайды.

Жылдар өтер, бір ұрпақтардың орнына өзгелері келер, бірақ олар әр кезде адамдар болып әрі Раббысының құлдары болып қала береді. Сондықтан да олар Оның Жоғарғы басшылығына үнемі мұқтаж болады. Тек соны ұстанып ғана олар ұлы жауыздықтан құтыла алады және игілікке қол жеткізеді. Аллаһ бізді осы тура жолға салсын және Өзінің сынақты жолдарынан аман-есен өтуге көмектессін!



Әрі соңында әлемдердің Раббысы – Аллаһты мадақтаймыз!




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3


©netref.ru 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет