Реферат kz Қазақша рефераттар сайты Ахмет Жұбанов



жүктеу 385.51 Kb.
бет3/3
Дата01.04.2016
өлшемі385.51 Kb.
түріРеферат
1   2   3
: wp-content -> uploads -> 2015
2015 -> С. Ж. Асфендияров атындағЫ
2015 -> Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі
2015 -> Конференция жұмысының бағыттары: Абайтанудың заманауи бағыттары
2015 -> Vіі международная научно-методическая конференция 1 2 октября 2015 г
2015 -> Келісілді бекітемін
2015 -> Реферат kz Қазақша рефераттар сайты КӨне түркі поэзиясындағы дәСТҮр жалғастығЫ
2015 -> Көрсетілетін қызметті берушінің және оның филиалдарының мекенжайлары
2015 -> Көрсетілетін қызметті берушінің және оның филиалдарының мекенжайлары

Сол бір сәт ешқашан естен шыққан емес. 1936 жыл. Ақпан айының аяқ кезі. Филармонияның әуелгі залы. Іште ұлы күйшіге арналған бірінші концерт жүріп жатты. Фойеде әлі бояуы кеуіп үлгермеген “Құрманғазы” атты кітапша сатылды. Ұлт аспаптар оркестрі дауылпаз сазгердің оннан астам күйін орындады. Залды лық кернеген халық әрқайсысын сілтідей тынып тыңдап, артынан ұзақ қол шапалақтап, қошеметтеді. Көпшілігі бұған дейін біздің жұртымызда мұндай сазгер, оның осыншама мол, осыншалық құдіретті шығармалары барын білмек түгілі естімеген де еді. Қанша тыңдаса да, құмарларынан шығар емес. “Тағы да! Тағы да!” деп екілене қолқалайды. Әрқайсысының көкірегін бағзы бабаға деген құрмет пен өз халқына деген мақтаныш кернеп алған. Бұл – қазақ музыкасының ең зор салтанат құрған күні еді. Америка ашқандай әбден масаттанған жас дирижер бірінші бөлімнен соң сәл дем алайын деп, сахна сыртына беттей берген-ді. Біреу асығып-үсігіп құлағына аузын тақады: “Жоғарыдағы директордың кеңсесінде ең үлкен кісі сізді шақырып жатқан көрінеді”. Алабұртып келе жатқан асқақ көңіл аяқ астында сап болды. Тұла бойын: “Бір нәрсені бүлдіріп алған жоқ па екем?” деген қауіп билей жөнелді. Сол бір таң атпастан мұрындарынан шаншылып, екі етек боп, табандарынан таусылған абыр-сабыр күнгі тап болған барлық “әттеген-айлар” есіне сап ете қалды. Афишалар реперткомның рұқсатынсыз таратылыпты. Министр ит сілікпесін шығарып ұрысқан. Жаңа сауық басталарда қалалық қаржы бөлімінің нұсқаушысы кеп қақшаңдаған. Кітапшаны сатуға арнайы рұқсат алынбапты.

“Дөкейлер тағы қандай заңсыздық тауып алды екен?” деп зәресі ұшып келген Ахметтің директор табалдырығынан аттауы мұң екен, жұрттың бәрі қоғадай жапырыла қалды. Мана күндіз: “Көздеріңе қарамайсыңдар ма, түге? Рұқсатсыз афиша таратып, өле алмай жүрсіздер ме?” деп мұны да өлердей қысылтып, өзі де өрттей боп қызарып кеткен Темірбек Жүргенов күлімдеп алдынан шықты. Ораз Исаев ұшып тұрып құшақтап арқасынан қақты. Левон Исаевич Мирзоян: “Мұндай оркестрді енді шетелге жіберу керек. Ұлт саясатының әділ жүріп жатқанын бұдан артық тартымды дәлелдей алатын үгіт табылмайды. Жолдарың болсын, ұжым мүшелеріне менен сәлем деңіз, рахмет айтыңыз”,— деп ағынан жарыла ақтарыла сөйлеп, құшырлана қолын қысты.

Бірақ, ондай салтанатты сапарды оркестрге тағы да аттай он жеті жыл, ал дирижер­ге өмір бойы күте тұруға тура келді. Бәрі де көз тигендей аяқ астында бұзылды. Әлеумет аспанын теріскей батыстан көшкен қорғасын бұлттар құрсап алды. Саясат­тағы асыра сілтеу тұрмыстағы бықсық бақастықпен жең ұшынан жалғасып, ең ал­дымен азды-көпті ісі оңғарыла бастағандарға құзғындай шүйлікті. Астанадан ауыл­дарға дейін азу тістерін шықырлатысып, бірінің-бірі шекесін мұжыған шайқасулар мен шайнасулар басталды. Мұндай аламан-асырда оркестр басқаратын Ахмет Жұбанов түгілі республика басқаратын Левон Мирзоянның өзі желге ұшқан қалпақтай домалады. Ол аз болғандай, сол кездегі кеңес шығыстанушыларының бәрінің мақтауына ілігіп, КСРО Ғылым академиясының Қазақ бөлімінің Президиум мүшелігіне сайланғанына төрт күн болған, кеңінен мәшһүр лингвист ғалым Құдай­берген Жұбанов 1937 жылы 14 қарашада аяқ астынан қамауға алынды. Оған “жапон жансызы” деген айып тағылып, үш айдан соң астыртын атылды. Бір кезде Ахмет оркестр құрамын деп, кеңседен кеңсе қоймай аралап, келісім сұрап жүргенде: “Қайдағыны қайдан шығарасыңдар осы? Бүйтіп феодал дәуірінің қалған-құтқан жұрнақтарын социализмге сүйремей-ақ, Еуропаның дайын, дамыған аспаптарына бірден көшпейміз бе? Феодалдық заманның мәдениетін қанша әлекей-күлекейлегенмен, ол біздің көшке бәрібір ілесе алмайды!”— деп кекірейе кемеңгерсігендер мына хабарды естіп, аяқ астынан қайта едіреңдеп шыға келді.

Жалғыз ол ғана емес, кеше жұрт беттеріне күле қарағандардың бәрінің де екі аяқтары бір етікке тығылды. Әдетте мұндай кесапатты келеңсіздікті елдің келешегін кеңінен ойламайтын, тұмсығының астындағыдан әріні көре алмайтын дүмбілездер мен ішегіне ине айналмайтын іштарлар, баққұмарлықтың бақай есебіне шырмалған ұрдажықтар мен даңғаза ұрандарға оңай желігетін желөкпе шолақ белсенділер қоз­датады. Бірақ бар тауқыметті әлгіндей солақайлықты суқандары сүймей, ақылға сиымдылық ауқымынан ауытқымауды діттеген аздаған естиярлар тартатын. Отызыншы жылдарғы шектен аса қордаланған әлеуметтік құштарлықтарды жаппай таптық қырқысуларға емес, көп уақыт кенделік көріп келген ұлттың ес біліп, етек жабуына жұмсауды жақтаған салиқалы күштер дәл соның кебін киді. Олардың басы қарт ағартушы Ахмет Байтұрсыновтан, жасы жаңа көрініп келе жатқан музыка зерттеушісі Ахмет Жұбановқа дейінгі екі аралықтағы көзқарақты дегдар дегендердің бәрі жататын. Олардың бірқатары қосақ арасында бос кетіп, қандықол жендеттің оғынан жер құшса, бірқатары қысқа күнде қырық құбылып, қай істі де насырға шаптырып бағатын әлеуметтік әпербақандықтың түртпегіне ұшырап, отырса опақ, тұрса сопақ болып, пұшайман хал кешкен күйлері дүниеден өтті. Сондай көз аштырмас қоғамдық зілзалалардың қыспағында күллі ғұмырын сарп еткен аяулы арыстарымыздың бірі – Ахаң еді.

Оның қол астында отыз жылдай еңбек еткен бір домбырашы ақсақал бұл жайында көзіне жас ала отырып әңгімелеп еді: “Құдайберген ұсталғаннан кейін бұрын сүттей ұйып отырған оркестр ұжымы да бүйі тигендей бүліне бастады. Әшейінде ерқара боп, топқа әзер ілесіп жүрген құба төбел біреулер ешкім қия басып алдынан өтіп көрмеген ардақты адамның жағасына жармасатынды шығарды. Бірнеше күнге созылған кергіме талқылауда ауыздарынан ақ ит кіріп, көк ит шықты. Ақырында, айтатын ештеңе таба алмағасын, өкпе ауруына ұшыраған бір-екі келіншектің обалын да Ахаңа артпақшы болды. “Олар осымен оңаша жолығуға құмар еді” деп өзеуресті. Сонда сағаттар бойғы салғыласта сабадан аспай, сабырын шашпай, талай нақақты қасқая тойтарып баққан сабаз: “Бізде өкпе дертінен азап көріп жүрген еркектер де бар ғой. Сонда олар да менімен оңаша жолыққаннан осындай күйге ұшырап жүр ме екен?”— деп күйіп-пісуге мәжбүр болды. Талайымыз оны іштей аяп, шығарға жанымыз басқа болып отырса да, ауыз ашарға дәрмен таппай, көзімізбен жер шұқып қалдық. Қорлықтың ең үлкені сол екен! Құрысын, әлеуметті әзәзілдік дендейін десе, бір-екі есерсоқтың өзі-ақ бүкіл елді құтырынған ала тайыншаға ерген алаөкпе табындай дүрліктіреді екен...”

Мұндай жаппай алжасу тұсында ауызы әбден күйген есіл ер сол бір есалаң заман­ды көп сөз ете бермепті. Бірақ, бір сәт те есінен шығармапты. Әлгі оқиғалардан көп кейін, алпысыншы жылдары айтулы оркестрге “Республикаға еңбегі сіңген кол­лектив” дейтін құрметті атақ берілген тұста жазылған бір мақаласында кейбір басшылардың тұңғыш дирижерды “бұрынғыны көп айтады” деп жазғырғанына қатты қынжылғаны бар. Сонда ол: “Мәдениет тарихында жер астынан жік шыға, екі құлағы тік шыға салмайды. Әр құбылыстың өзінше өтетін жолы болады. Оның бәрі бірдей айнадай асфальт, тегіс жол емес. Кедір-бұдырлары да жеткілікті. Бірақ, тарихтың керуені соның бәрінен де өтуге тиісті. Оның үстіне осы бір жарты ғасыр көлеміндегі мәдени аттаныстардың бәрі де маңдай түзеген бағыттарынан қайтпаған қайсарлық жорықтары болды”,— деп еді.

Бұл сөздерді оқығанда мен Ахаңның туғанына алпыс жыл толған кезде аяқ астынан телефон соғып айтқан астарлы сөзі мен ақырғы кездесудегі үнсіз күрсі­нісіне түпкілікті түсінгендей болдым. Оның елім деп елжіреген сезімтал жанына оты­зыншы жылдардың аяусыз озбырлығы ай тыртық жара салып кетсе керек. Уақыт оны емдеп жазудың орнына, қазақ қауымын ғасырлар бойы қан жылатып келген көркеуде қызғаныш пен әлеуметтік әңгүдіктіктің әуре-сарсаңына қайта-қайта салып, үсті-үстіне тырнақ батыра осқылап, қанталатқанның үстіне қанталатып бағыпты. Ғұлама ғалым, сұңғыла суреткер, кемел ұстаз, көреген басшының алғашқы адым­­дарынан бастап, жолын оңды-солды кескестеп келген тұрпайы социологияның тұғыжым тұғырына қосарлана мінгескен дүмшелік пен көре алмастық көзі жұмыл­ғанша алды-артын орағыштап, тірсегінен тістелеп бағыпты. Жүрегін үңгіп, жүйкесін жидітумен болыпты. Бірақ, ол бәрібір беріспепті.

Марқұм Асқар Тоқпанов ылғи еске алып отырушы еді: “Мәскеуден оқып келген кезім. Қайда жиын болып жатса, сонда қойып кетем. Мінбе көрсем, мініп алам. Аузым талғанша ақыл үйретем. Арасында талайларға тілім де тиіп кетеді. Бірде залдан қос қолын кеудесіне айқастырып, шәкірт баладай міз бақпай тыңдап отырған Ахмет Жұбановты көрдім. Ондай сұңғыла құлаққа да назар аудартқаныма іштей масаттанып тұрдым. Ол шаңырақты әуелден әз әулие тұтатынмын. Марқұм Құдайбергеннің көп жақсылығын көріп ем. Оқуға да соның көмегімен барып ем. “Әлгі сөзіме не дер екен деп!”— деп үзіліс кезінде бір жақ шеттте оқшау тұрған Ахаңның қасына ентелеп жетіп бардым. Ол бұрылып та қарамастан: “Асқар, сен осы әскерде болып па ең?”,— деп сұрады. “Жоға, тәйірі!” “Мен де болған жоқпын. Минометті көрдің бе?” “Жоға, тіпті де!” “Мен де көрген жоқпын. Гаубицаны білесің бе?” “Естуім бар”. “Ол қақ маңдайдан прямая наводкамен төпеп бергенде, қайдан атып тұрғанын бірден біліп қойған қарсы жақ төбесінен бір-ақ бұрқ еткізіп, сазайын тартқыза қояды екен. Ал миномет тасадан бір тарс еткізіп, лезде ізінен жаңылтып, тайып тұратын көрінеді. Сөйтіп жүріп те талай шаруаны тындырады екен”. Ахаң әлгідей депті де, бұрылмаған қалпы, көппен бірге залға кіріп кетіпті. Сөйтсем, істен шыққан қолапайсыз гаубицадай ошарылып фойеде жалғыз қалыппын”.

Бұл әңгіме сол бір жылдардағы қауым мен тұлғалардың басындағы тығырық ахуалды түгел түсіндіріп тұрғандай. Алайда соншалықты қырық құбылған құйқыл­жыма заманның қыбын әріден аңғарып, қытыңқы қылығы мен сайқал қулығын бес саусағындай білсе де, ақылына найза бойламаған Ахмет ағамыз, бірақ ондай-ондайға оңай ылықпай, отқа да түсіп кетпей, күлге де аунап қалмай, өзі жоғарыда айтқандай, бүкіл саналы ғұмырын түгелдей қамтыған “жарты ғасырдың көлеміндегі мәдени аттаныстардың бәрінде де маңдайға алған бағытынан қайтпайтын қайсарлық” танытып өткен түрі бар. Олай дейтініміз, әйгілі ғалым ол кезде біреу ұғып, біреу ұқпаған бұл ақиқатты, сұңғұланы да, миғұланы да “ешкіні апалап, текені көкелеп” өмір сүруге мәжбүр еткен кер заман туралы астарлы ащы сөзді әлдеқашан өтіп кеткендерді емес, өз тұсында өмір сүріп жатқандарды меңзеп, өз ғұмырының соңғы он жылдығының ішінде, сонау алпысыншы жылдары айтып отыр.

Соған қарағанда, оның отызыншы жылдары тірсегіне шапқан қырсық қақпаны алпысыншы жылдары да аяғынан аз шалмаса керек. Күн көсемнің өзі өлгенмен, ол мәңгүрттендіріп кеткен “милау” қоғамның санасын қапысыз улап алған “тұрпайы социология” мен саяси әпербақандықтың әлі міні құрый қойған жоқ еді. Атадан әкеге, әкеден балаға жұғатын бұл індет заманнан заман ауса да, тайыз ойлы тоғышарлық пен желімдей жабысқақ бақастық болып, сан рет қайта тіріле беруші еді. 1958 жылғы Мәскеудегі он күндікке әзірлік барысындағы бір талқылауда сол кездегі қазақ өнерін өз қолынан тұрғызып, сол кездегі қазақ өнерпаздарының үлкен-кішісін сахнаға өз қолынан жетелеп кіргізген қадірменді ұстаздың осы заманғы салалармен қоса ұлттық өнердің дәстүрлі салаларына да жеткілікті маңыз беру керектігі жайындағы ұсыныстарын қырық саққа жүгіртіп, “күн өткенді көк­сеушілік” деп көкіген көр кеуде күңкіл көпке дейін үстемдік құрған-ды. Бұл жекелеген өнерпаздар мен ұжымдардың шығармашылық тағдырына өз салқынын тигізген-ді. Жоғарыдағы “күйдің де күйін ойласқан” пікір таласы да сондай солақай жаңашылдықты желеулетіп, көрер көзге баса-көктеуді көздейтін кеудемсоқтыққа қарсылықтан өрбіп еді. Сол кездің де асатпай жатып, құлдық ұруға асыққан жандайшаптары мен жайдақшаптары: “Қуатты элеваторлар мен жер серіктерінің заманында қаңсыған қарағай домбыра мен қыл қобызды қашанғы қыңсылата береміз?” дейтін кергімеліктері қайта бас көтеріп алып еді. Лауазымның ең жоғарғы сатыларына ие болғандарын кейбірі жөнді-жөнсіз Ахмет Жұбановты да шетқақпайлай бастап еді. Ондай солақайлық тек аталмыш онкүндік тұсында ғана емес,алпыс жылдық мүшелтой тұсында да қылаң бермей қалмаған сынды.

Aлайда, кімді көріп, нені бастан кешпеген Ахаң?! Таланса да, талықсығанын көрсетпейтін сырттандай, жалын жықпай баққан-ды. Маңдайға алған бағытынан сынық сүйем ауытқып көрген жоқ-ты. Ол ұстанған бағыт – туған ұлтының рухани әлеуетін нығайтып, төл мәдениетінің көсегесінің көгере түсуіне, тарих тепкісін көп көрген халқының заманалық аусарлықтардың аламан-асырымен шайылып кетпей, дәйім алға баса беруіне қалтқысыз қызмет ету еді.

Ол өмірде де, өнерде де сол сертінде тұра білді. Ата жұртына сіңірген айтса тауыстырмас, аса мол қызметін былай қойғанда, ұлттық санамыздың екі бірдей корифейін бергені үшін аяусыз соққыға ұшыраған ата шаңырағын шайқалтпаймын деп істеген перзенттік, ағалық, аталық, паналық еңбегінің өзі неге тұрады?! Ұлттық энциклопедияға тек ғылым докторы, профессор, академик ретінде енген Жұбановтардың санының өзі жетеу екен. Кішігірім академия десе де болғандай. Ал оларға ілесіп ғылым мен өнердің осы заманғы шырқау шыңдарын бағындырған жеңімпаз жеткіншектері қаншама?! Бәрінің ар жағында ақыр заманға бергісіз алағай-бұлағайлар тұсында да шалқақ басын имей, адамгершілік абыройдың ақ туын аса таяқтай асқақ ұстаған ардақ арыстың, абзал азаматтың ақ алмастай саф, ақықтай асыл өнегесі тұр. Ол өнегеден бір әулет қана емес, бүкіл өнер қауымы үлгі алды.

Ондай ұлылық тағылымының тәрбиесін бүкіл ұрпақ сіңіріп, кемелдікке жетелеген кемел өнердің кәусар қайнарынан бүкіл ұлт нәр алды. Елінің басын қанша жерден қырсық шалып, қар емес, қара қан жауса да , қиында пана, қияда тірек бола білген, ерен туған ер деп, міне, осындай жанқияр жандарды айтса керек.

Рух аспанының самалалары ұрпақтарының ұлттық, кісілік саналары неғұрлым биіктей түскен сайын солғұрлым нұрлана түспекші. Ахаңның адамгершілік пен абзалдыққа толы ай дидары да азат елінің тәуелсіз түлектерімен бірге кемелденіп, бірге көркейе бермекші.



Жарқырай түс, жарық жұлдыз!
Авторы: Әбіш КЕКІЛБАЙҰЛЫ.

www.РЕФЕРАТ.kz Қазақша рефераттар сайты


1   2   3


©netref.ru 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет