Реферат kz Қазақша рефераттар сайты



Дата28.04.2016
өлшемі65.64 Kb.
түріРеферат

Бауыржан Момышұлы – Кеңес Одағының батыры, халық қаһарманы, әскери шенді қызметкер, даңқты қолбасшы, қазақтың көрнекті жазушысы .
Бауыржан Момышұлы 1910 жылы 24-желтоқсан күні Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Көлбастау ауылында қарапайым, мал бағатын шаруа отбасында дүниеге келді. Балалық шағының он үш жылын өзінің кіндік қаны тамған ауылында өткізіп, одан кейін кеңестік дәуірдегі интернатта тәрбие алады. 1929 жылы ”Әулие Ата” тоғыз жылдық мектебін бітіреді. Мектепті тәмамдағаннан соң шалғай аудандардың біріндегі ауылға (Бетпақдала) мұғалім болып барады. Коллективтендіру кезеңінде кеңестік мекемелерде қызмет етеді. 1932 жылдың қаңтары мен қарашасы аралығында мансапты қызмет атқарады. Кейін әскерге шақырту алады.
Әскери өмір мен соғыс жылдары

1932 жылы әскерге шақырылғаннан кейін Отан алдындағы борышын өтейді. Әскери машықтану кезінде білім алып, мергендік өнерге машықтанады. 1933 жылы полктық мектепті бітіреді.1934 жылы әскерден келгенде запастағы командир болады. Одан кейінгі уақыттарында білімін жетілдіріп (Ленинградтық қаржы академиясында қысқа мерзімдік курстан өтеді), банк саласында қызмет етеді.

1936 жылы Қызыл Армия қатарына командир ретінде қайта шықырылып әскери қызметтер атқарады. Ол ортаазиялық әскери округтың 315-ші атқыштар полкына командир болып тағайындалады. Бір жылдан кейін оның полкы ерекше Қызылтулы Қиыр Шығыс Армиясының бөліміне қосылады. Ал Бауыржан жарты ротаның командирі болады.
Ұлы Отан Соғысының басталмай тұрған кезінде Бауыржан Момышұлы 105-ші атқыштар дивизиясының қарамағындағы артиллериялық атқыштар бөлімшесінің командирі қызметінде болады. 1940 жылы Украинаның Житомир қаласындағы 202-ші арнаулы танкке қарсы шабулдайтын дивизионның командирі болып тағайындалады. Алайда, 1941 жылдың қаңтарына тәжірибелі сардар Алматыға қайтарылады. Сол жылдың жаз айларынан бастап жаңадан құрылған 316-шы атқыштар дивизиясының штабына Қазақстан мен Қырғызстан елінен сарбаздарды жинай бастайды. Бауыржан қайта жасақталған дивизияның 1073-ші атқыштар полкының атқыштар батальонына командир болып тағайындалды. Ары қарай қайнаған соғыс майданы басталып кетеді.

Ержүрек сардардың батырлығын танытқан майдандар аз емес. Солардың ең ерекшесі 1941 жылдың күзінен басталған Мәскеуді қорғау шайқасы болатын. Ол кезде ол 19-шы гвардиялық атқыштар полкына командир болады. Оның полкы жұдырықтай жұмылып, фашистерді Мәскеуге қарай жібермейді. Жасаған ерлігі мен батырлығы үшін, өзіне жүктелген міндеттерді абыроймен атқарғаны үшін, шешуші кездерде жылдам түрде нақты шешім қабылдай білгені үшін ол Ленин Орденімен марапатталады. 1942 жылдың тамызынан бастап Панфиловшылар дивизиясында командир болады. Мәскеуді қорғау майданының Клюкова шайқастарында жарақат алып, біраз уақыт госпитальда жатады.

1945 жылдың ақпаны мен наурызында Латвия жеріндегі Приекуле станциясы маңында болған шайқаста ол басқарған дивизияның солдаттары қарсыластарының қорғаныс шебін тасталқан етеді. Сондай-ақ, ұрыстың нәтижесінде 15 елді-мекен жаудан азат етіліп, жаудың әскеріне солдаттар жағынан және әскери техника жағынан үлкен шығын келтіреді.
Бауыржан Момышұлының шендері мен марапаттары.

1942 жылдың қазанында Бауыржан подполковник шенін алады. Ал сегіз айдан соң полковник шеніне көтеріледі.

1945 жылдың 21-қаңтарында Бауыржан Момышұлы Бірінші Балтық жағалауы фронтының 6-шы гвардиялық әскерінің 9-шы гвардиялық атқыштар дивизиясының командирі болып тағайындалады. 1946 жылы К.Е.Ворошилов атындағы әскери академиясының бірінші дәрежелі Суворов Жоғарғы Орденімен марапатталды.

Бірінші дәрежелі «Қызыл Ту Ордені (2 рет)», «Ленин Ордені» мен «Отан Соғысының Ордені», «Әскери шайқастағы еңбегі үшін», «Мәскеуді қорғағаны үшін», «Қызыл жұлдыз», «Еңбек Қызыл Туы», «Халықтар достығы» және «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған. 1990 жылы 11-желтоқсанда Кеңес Одағы құламай тұрып ел президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ұсынысымен ”Бауыржан Момышұлына Ұлы Отан Соғысында атқарған орасан зор еңбегі үшін «Кеңес Одағының Батыры» атағын тағайындау туралы” жарлық шықты. Негізінде, Бауыржан Момышұлына бұл атақты беру жайлы 1942 жылы Мәскеу түбіндегі ұрыстардан кейін ұсыныс жасалынған болатын. Алайда, ол ұсыныс ол кезде көздеген мақсатына жете алмады. Ел тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың жарлығымен оған «Халық қаһарманы» деген атақ берілді.


Соғыстан кейінгі жылдардағы Бауыржан Момышұлы

Ұлы Отан Соғысы аяқталып, Кеңес үкіметі жеңіске жетіп, фашистік Германия тізе бүкеннен соң Б.Момышұлы Қазақ КСР-нің Қарулы Күштерінде әскери қызметтерді атқарады. 1948 жылы Генералдық штабтың әскери академиясын аяқтады. 1950 жылдан бастап ”Тыл және Кеңес Армиясын қамтамасыз ету” әскери академиясында аға оқытушы болып қызмет етті. 1955 жылдың желтоқсанынан бастап запастағы полковник. Б.Момышұлы Қазақ КСР Жазушылар одағының мүшесі болды.

1982 жылы 10-маусымда Алматыда батыр Бауыржан дүниеден өтті.
Бауыржан Момышұлының әдебиетке араласуы

Ол қазақ және орыс тілдерінде бірдей жазып, өз өмірінде көрген білгендерін арқау етеді. Оның қаламынан туған, өмір шындығын арқау еткен тамаша романы мен әңгіме, повестері қалың оқушының іздеп оқитын шығармаларына айналады.

Бауыржан Момышұлы әдебиетке ерекшелікпен келген екен. Оқырман қауым батырды алдымен шығармалардың автор ретінде емес, шығармадағы ержүрек кейіпкер ретінде таныды. Дәлірек айтар болсақ, Александр Бектың «Волоколамск тас жолы» («Волоколамское шоссе») повесті арқылы танылған болатын. Повестің басты кейіпкері панфиловшы офицер, Мәскеуді қорғауға қатысқан батыр – Бауыржан Момышұлы – болатын. А.Бек бұл еңбегін батырдың әңгімелері мен еске түсірулерінің желісімен жазған болатын.
Бауыржан Момышұлы — «Офицердің күнделігі», «Бір түннің тарихы», «Артымызда Мәскеу» әңгімелерінің, генерал И.В.Панфилов туралы «Біздің генерал» өмірбаяндық повестінің, «Біздің отбасы» атты повестер мен әңгімелер жинағы кітабының авторы. «Біздің отбасы» туындысы үшін 1976 жылы Қазақ КСР-нің Мемлекеттік Сыйақысына ие болады. 1965 жылы «Кубалық кездесулер» атты очерктік шығармасын жазды. «Артымызда Мәскеу» шығармасы А.Бектің «Волоколамск тас жолы» шығармасының жалғасы болып табылады.
Батыр Бауыржанның қайсар мінезі мен шындықты сүйгіштігі, т.б.

Ел аузындағы әңгімелер Б.Момышұлының мінезінің тік болғандығын айтады. Ол кісі өте қайсар болған. Шындықты жаны сүйетін, өтірікшілер мен қорқақтарды жек көретін ержүрек адам болды. Оның бойында қазақы қасиеттер молынан болды. ”Момышұлы” деген тегінің өзі үлкен бір қайсарлықтың арқасында солай аталды. Кеңес заманында қазақтың тегіне шектеу қойып, -ев немесе -ева деген жалғауларды жалғатып қойған шақта Бауыржан Момышұлының қайсарлығы ғана өзінің қалаған тегін алып жүруге мүмкіндік берді.

Бірде әскери қызметтермен жүріп, үлкен лауазымды адамдардың алдында мәлімдеме жасайды екен. Сол кезде Кеңес Одағының талай мансапты қызметтерін атқарған Анастас Микоянның: ”Неге тегіңіз Момышев емес Момышұлы?” деген сұрағына ”Сіздің тегіңіз неге Микоев емес Микоян?” — деп, қарсы сұрақ қою арқылы жауап қайырады. Бұл дегеніміз нағыз өжеттік, қайсарлық. ”Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ” деген халық нақылына келтірілген өмірдің мысалы.

Бауыржан батыр шындықты жақсы көретін адам болған. Онымен бірге болған әріптестері Бауыржанның шындықты сүйгіштігін аңыз қылып айтады.


Б.Момышұлы А.Бектің «Волоколамск тас жолы» повесті жазылған кезде басты кейіпкер болады. Оның әңгімелері мен еске түсірген оқиғаларын қағазға түсірген Бек болған шайқастар мен оқиғаларды қатты әсерлеп, тіпті, Кеңес Әскерінің жеңіліске ұшыраған кездерін жазбай қойса керек. Сөйтіп қолжазбасын Б.Момышұлына оқытады. Оқып болғаннан А.Бекпен болған келесі бір әңгімесінде оның жазғандарының кей жері шындыққа жанаспайтындығын және шындықты шындық етіп жазу керек екендігін айтады.

Отан соғысының ардагері Алексей Абрамов Момышұлы жайлы былай дейді: ”Тарихқа Клочковтың «Ресей ұлан- ғайыр, артымызда Мәскеу, шегінерге жер жоқ» деген сөзі кірген. Осындай ұлы сөзді Бауыржан Момышұлы айтқан. Ол, алдында жатқан картаны өртеп жіберіп, «Бізге карта керек емес, не жаудың бетін қайтарамыз, не осы жерде өлеміз» деген. Бұл, Ұлы жауынгердің қасиетті сөзі”.


Батырдың нақыл сөздері
Сен жаудан қашсаң, өмір сенен қашады.
Таяқтан тайсалмасаң,

Семсерден сескенбесең,

Жеңдім дей бер…
Қарабет болып қашқанша,

Қайрат көрсетіп өлген артық.


Ептілік те — ерлік.
Айбындана шапқаннан ажал да сескенеді.
Қой бастаған арыстан тобынан арыстан бастаған қой тобы артық.
Қорытынды
Қазақ халқының біртуар батыр ұлы Бауыржанның Кеңес үкіметі мен қазақ халқы үшін жасаған ерліктері мен еңбектері өте зор болды. Ол тек қана әскери адам ретінде ғана емес, сонымен бірге жазушы ретінде де танылды. Оның еңбектерін оқыған жас буын өкілдері Отанға деген сүйіспеншілікті бойларына сіңіріп өсті. Өскелең ұрпақ алдында өзінің ерлігі мен тікмінез қайсарлығын көрсете білді. Тіпті, оның тегінің өзі Момышев емес МОМЫШҰЛЫ болатын.

Қазірге кезде батыр ұлының құрметіне еліміздің үлкенді-кішілі әскери және құқық қорғау органдарының оқу орындары, ауылдары мен көшелері батырдың атымен аталады. Тек Қазақстанда ғана емес Ресейде де батырдың есімімен аталатын мектеп пен көше бар. Ел тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың жарлығымен оған «Халық қаһарманы» деген атақ берілді.

2010 жылдың ақпан айында Мәскеу қаласында Бауыржан Момышұлының 100 жылдығына арналған «Аңызға айналған батыр» кітабының тұсаукесері өткізілді. Кітапта Бауыржан батырдың Мәскеу мұрағаттарында сақталған, бұрындары жарияланбаған жазбалары және жауынгер әріптестері Мәлік Ғабдуллиннің, Дмитрий Снегиннің естеліктері жарияланған.

Б. Момышұлының, өміріне арналған Ә.Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» (1976) роман-дилогиясы жарық көрді, «Қазақфильм» киностудиясы,«Ел басына күн туса» (1967) көркемфильмін түсірді. Москва акад.драма театры Момышұлы туралы «Волоколамск тас жолы» спектаклін қойды.


www.РЕФЕРАТ.kz Қазақша рефераттар сайты
Каталог: wp-content -> uploads -> 2015
2015 -> С. Ж. Асфендияров атындағЫ
2015 -> Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі
2015 -> Конференция жұмысының бағыттары: Абайтанудың заманауи бағыттары
2015 -> Vіі международная научно-методическая конференция 1 2 октября 2015 г
2015 -> Реферат kz Қазақша рефераттар сайты Ахмет Жұбанов
2015 -> Келісілді бекітемін
2015 -> Реферат kz Қазақша рефераттар сайты КӨне түркі поэзиясындағы дәСТҮр жалғастығЫ
2015 -> Көрсетілетін қызметті берушінің және оның филиалдарының мекенжайлары


Достарыңызбен бөлісу:


©netref.ru 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет