Реферат тақырып: Көне Түркі дәуіріндегі Қазақстан Орындаған: Оразбеков Жігер Тексерген: Дильбар Алидинқызы



бет1/2
Дата03.04.2016
өлшемі405.09 Kb.
түріРеферат
  1   2
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

РЕФЕРАТ

Тақырып: Көне Түркі дәуіріндегі Қазақстан

Орындаған: Оразбеков Жігер

Тексерген: Дильбар Алидинқызы


Астана 2011

Мазмұны:

  1. Найман тайпасы

  2. Керей тайпасы

  3. Жалайыр тайпасы


НАЙМАН

Сегіз оғыздар Түрік қағандығының шығыс бөлігінде орналасты. Шығыс Түрік қағандығы ыдырағаннан кейін олар біраз уақыт Ұйғыр қағандығының, кейіннен Солтүстік Қытайдан ауып келген қидандардың (Ляо әулеті) қол астына қарады. Осы кезде сегіз оғыз атауының орнына наймандар сөзі орнықты. 12 ғ-дың бас кезінде қидандар Цзинь әулетінен (шүршіттер) жеңіліп, Жетісуға ауған кезде наймандар жеке ұлыс болып қалыптасуға мүмкіндік алды. 12 ғ-дың 2-жартысында олар Орт. Азиядағы ең күшті, жетекші мемл. бірлестіктердің біріне айналып, алыс-жақын елдермен дипломат. қарым-қатынас орнатты (қ Найман мемлекеті). Осы кезеңдегі жазба деректерінде наймандар батысында қаңлы, қыпшақ, шығысында керей, меркіт, теріскейінде қырғыз, оңт-нде ұйғыр, таңғұттармен шекаралас, қоңсылас болғаны айтылады. Найман мемлекеті құлап, халқы Шыңғыс хан империясына бағынған соң, олардың біраз бөлігі байырғы қоныстарына жақын Ертіс, Алтай алқабында орнығып, Үгедей ханның ұлысына қарады. Шапқыншылықтан ығысқандары Балқаш төңірегіне, Алакөл маңына, Сыр, Ырғыз алқабына дейін орналасты. 15 ғ-да едәуір бөлігі Әбілхайыр ханның, кейіннен Мұхаммед Шайбани ханның ықпалында болды. Қалған бөлігі Қазақ хандығын құраған негізгі тайпалармен бірге Моғолстан жеріне ауды. 16 – 17 ғ-ларда кейбір найман рулары Атбасар, Ырғыз аймақтарында өмір сүрген. М.Шайбанимен бірге Мауераннахрға ауған наймандар Сырдарияның төм. ағысындағы Балық пен Мерв аралығы өңірлерінің саяси-әлеум. өмірінде жүзден аса жыл маңызды рөл атқарды. 1620 – 25 ж. Хорезмдегі билік үшін болған тартыстан кейін наймандар бас сауғалап бір тобы қырғыздарға, бір бөлігі Еділ, Жайықтағы Ноғай ордасына, енді бірі Бұхар хандығына бағынды. М.Тынышбаевтың айтуынша, 1680 ж. наймандардың бір тобы Әулиеатадан Ташкентке дейін, Арыс пен Сырдария өңірін, Қаратау сілемдерін қоныстана бастаған. “Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама” жылдарында наймандардың көпшілігі қырылып, қалғаны Самарқанд, Бұхар өңірлеріне ығысады. 1726 ж. наймандар Ресей шекарасына жақын келіп, Сәмеке ханның қол астына өткен. Ол қайтыс болғаннан кейін Абылай билігіне қарай бет бұрып, Алакөл, Зайсан, Алтайға дейінгі алқапқа орын тебеді. Олар қазақ халқының жоңғарларға қарсы ұлт-азаттық күресіне белсене қатысты. Қазақ қолы 1750 – 60 ж. Жетісу мен Алтайды жоңғарлардан азат еткенде наймандар Қара Ертіс, Бұқтырмаға дейінгі бұрынғы ата мекенінің бір шетіне ие болып, сонда түбегейлі орнығып қалды. Бұл қоныстану 1810 жылға дейін жалғасты. 1917 ж. Ресей үкіметі жүргізген санақ бойынша Ресей және Қытай империяларының құрамында 830 мыңдай наймандар өмір сүрген.Наймандар Орт. Азияның өзбек, қарақалпақ, қырғыз, башқұрт, т.б. халықтарының құрамына енген.

Найман туралы деректер оны әуелде Хинганнан Қарпатқа дейін созылып жатқан Ұлы Даланың Ертіс пен Орхон өзендері аралығында ежелден көшіп жүрген тайпалар қатарында таниды. Ол – сонау жыл санауымызға дейінгі екінші ғасырлардан бастап дәуірлеп, Орта Азиядан Сары өзенге дейінгі байтақ аймақты жайлаған Хунну (ғұн) ұлысының, біздің жыл санауымыздың бастапқы ғасырларында қытай жазбаларында «теле» деген атпен әйгеленген байырғы киіз туырлықты қандас тайпалар қауымдастығының кесек бір сынығы. Әбілғазы жазуынша: «Наймандар – көне жұрттардың бірі, малы мен басы көп өскен халық». Бұл ел VI-VII ғасырлардағы айбынды Түрік қағанаты заманында дүниеге келген ата жазуымызда Моңғолиядағы қазақ ғалымы әрі қайраткері Қ.Сартқожаұлының дәлелдеуінше, «Байырқу», «сегіз оғұз» тайпасы түрінде көрініс береді. Бірсыпыра ғалымдардың дәлелдеуінше, «оғұз» сөзінің көне Түрк тіліндегі бір мағынасы тайпа дегенге келеді. ( «оқ» - тайпа, «з» - жиынтық сан есім). Ал «найман» моңғолша сегіз деген сөз. Сегіз оғұз жұртын әуелі «найман аймақ» ( «сегіз тайпа») деп Х ғасырда моңғол тілдес қидандар атай бастаған екен. Кейіннен моңғол империясының дүниеге келіп дәуірлеуі, бұл сөздің негізгі атау орнында қолданыла бастауына одан әрі жағдай жасаған еді. Зерттеушілер бұл тайпа Х ғасырдан «найман» деп атала бастаса да, ХІІІ ғасырға дейінгі бұрынғы «сегіз» аты да қосарлана байқалып келгенін де ортаға тартады. Кезінде Жапон теңізінен Шығыс Түркістанға дейінгі байтақ өңірді қоластына бағындырып, наймандарға да біраз уақыт билік жүргізген Лияу әулетінің (Ұлы Қидан мемлекеті тарихы туралы жазылған жылнамаларда (Х ғасыр) наймандар батысында (Ертістен ары) қанлы, қыпшақ, шығысында (Орхон, Тола және Оңғын өзенлерінің алқабы) керей, меркіт, теріскейінде (Селеңгеннің салалары) қырғыз, оңтүстігінде ұйғыр, таңғұттармен шекаралас, қоңсылас болғаны айтылады.. Рәшид-ә-диннің «Жылнамалар жинағы» мен «Моңғолдың құпия шежіресінің» көрсетуінше, Арғұн өзенінің Хайлар деп аталатын саласы мен Халқын гол өзені алқабында қоңыраттар мекендеді. Екінші мыңжылдықтың бас кезінде осы қоңыраттардан батысқа қарай Керей, Меркіт жеріне дейінгі аралықта (Онон, Керуленөзендерінің алқабы) хунну, дунхулардың бір сынығы болып табылатын түрк-моңғол жұрттары да қанатын жайып өсіп жатты. Ол тайпаларға өздерімен іргелес, кейіннен моңғол тілі деп ен тағылған тілде сөйлейтін Қидан (осы сөзден «қытай» атауы шыққан) мемлекетінің үстемдігі мен ықпал-әсері тым етене байқалатын. Түрк тайпаларының қақ ортасында жатқан осы жұрттардың соңыра моңғол тілді атанып кетуінің де бір себебі – түп-тегі Ішкі Моңғолиядан шыққан сол қидандардың жегі құрттай дендеп кеткен жойқын ассимиляйиясына тығыз қатысы бар болуы да ғажап емес. (Мұндай мысалды алыстан іздеудің қажеті де жоқ. Орыс тілі шыңдап ене бастаған жарты ғасыр ішінде, қазақтың жартысына жуығының орыс тілді болып шыға келгені көз алдымызда ғой).

ХІІ ғасырдың басында Ұлы Қидан (Лияу( мемлекеті ыдырап, қидандардың біраз бөлігі Жетісу мен Орта Азияға өтіп, Қарақытай мемлекетін құрғаны белгілі (1140-1213). Олар кейінірек жергілікті халықтарға сіңісіп кетті. Ал сол ғасырдың соңына таман Онон, Керулен алқабын жайлаған тайпалардың арасынан Темүжин сынды жас көсем бастаған қият тайпасы лау етіп көтнріліп, «тарыдай шашыраған моңғолдың басын қосып», аз уақытта-ақ маңындағы елді ұйыстыра алған моңғол мемлекетіне айналды. Моңғолиялық қазақ ғалымы И.Қабышұлы Темүжинге Шыңғыс (Жеңіс, Жеңгіз) деген есімді еншілеген сол кездегі керейлердің ханы Торы (Торғыл( екенін айтады. (Торыны оған қытайлар берген «Уаң» яки, бір елдің әміршісі лауазымы бойынша Уаң хан деп те атайды. Өзі үлкен бір елдің билеушісі, әрі әкесі Есукейдің андасы болғаннан кейін Торы бұл есімді «жақсы тілек», жарым ырыс» қылып айтса айтқан шығар. Алайда Шыңғыс хан шапқан сайын төске өрлеп, маңайындағы Татар (тата, тетан) мен Қоңыратты қоластына бағындырып алғаннан кейін, Керей елінің өзіне ауыз салды. Әкесіндей болған Торыны (Уаң ханды) туған жерінен безіндіріп, ақыры ол найман қарауылдарының қолынан кездейсоқ қаза тапты. Ал ауқатты Найман мемлекетінің Шыңғыс ханмен шайқастары тарихи жылнамаларда жан-жақты жазылып қалған бір хикая.



Темүжиннің әкесі Есүкей батырдың тұсында Найманелін Инанығ Білгі қаған билеген еді. «Инанығ» - сенімді, «білгі» - білгір, кемеңгер деген сөз. Сол Инанығ білгінің заманында наймандар Қидан мемлекетінің (қарақытайлардың) қармағынан құтылып, бостандығын алады. Ол өлгеннен кейін Найман ұлысы екі баласы байбұқа (қосалқы аты – Тай, Таян. Қидандар оған Дауаң) «үлкен әмірші» (деген атақ берген, сол сөз келе-келе Таянға айналған) мен бүйректің таласына түседі. Ақыры ағайынды екеу арасындағы араздық ұлысты екіге бөліп тынады. Тай хан үлкені болғандықтан, әкесінің орнында жазық аймақты, Бүйрек таулы өңірді мекендейді. Наймандар мен шыңғыс хан әскерінің алғашқы шайқасы 1199 жылы Алтай өңіріндегі Үліңгір көлінің маңында өткен еді. Онда Шыңғыс керей ханы Торының шақыруымен одақтас ретінде көмекке келген. Сол жолы Бүйрек хан ойсырай жеңіліп, өзі Енесай қырғыздарына қашып құтылады. Арада үш жыл өтпей жатып, олар тағы да шайқас даласында бас қосқан. Бірақ бұл жолы да Шыңғыс хан мен Уаң ханның тізе қоса қимылдауы Бүйрек ханның ойсырай жеңілуіне мәжбүр етті. Ол басын әзер сауғалап, тағы да қашып құтылды. Бұдан кейін Шыңғыс ханның керейлермен жауласып, Торы ханның (Уаң ханның) түбіне жеткенін жаңа айттық. Оны өлтірген Бүйрік ханның ағасы Тай ханның жасауылдары болатын. Сол хабарға көзі анық жеткен Тай бойын ашу-ыза кернеп: «Күншығыстағы аз моңғол қыр көрсететінді шығарды. Атасынан асыл жаралған Уаң ханды алуан түрлі қырмен қорқытып, безендіріп, өлімге душар етті. Сөйтіп олар бәрін иеленіп, қаған болмақшы ғой, тегі? Күн мен ай аспанды үнемі жарық етіп тұру үшінжаратылған болар. Ал жерде екі қаған бола алмайды. Ендншн сол аз моңғолды байлап әкелейік», - дейді. («Моңғолдың құпия шежіресі»). Сонда Тай ханның кіші шешесі Кербез: «Қайтпексің, ол моңғолдар қоңырсыған иісті, қомыт-қомыт киімді емес пе? Әкеліп қайтесің. Аулап жүргенің жөн ғой. Тек өңі түзу қыз-қатындарын әкеліп, қол-аяғыңды жуындарап, мал сауғызса жетпей ме?» - дейді. Тай хан маңайындағы әлі де моңғолдарға бағына қоймаған меркіт, қатаған, дүрбет тайпалары және бұрын талқандалғанкеррейлер мен татарлардың біраз блігімен одақ құрып, Шыңғыс ханға қарсы жорыққа қамданады. Алайда бұл хабарды алысымен, Шыңғыс ертерек қимылдап, одақтастар әскеріне тұтқиылдан шабуыл жасап, оларды тас-талқан етеді. Тай хан соғыста қаза тауып, оның ұлы Күшлік аман қалған жұртын бастап, бұл кезде Алтайдың түстігінде жүргенағасы Бүйрек ханға келіп паналайды. Осыдан кейін бүкіл найман елінің қонысы моңғолдың қоластына қараған. «Құпия шежіреде» Тай ханның кіші шешесі Кербез (Күрбесу) ханымды Шыңғыс хан алдына әкелдіріп: «Сен моңғолды сасық депсің ғой. Қандай екен», - деп өзіне тоқал етіп алғандығы жазылады. Қанаттас отырған ірі көршілері наймандар мен керейіттерді осылайша жеңгеннен кейін бұл өңірде енді Шыңғыс ханды тоқтата алатын күш те қалмаған еді. Аз уақытта ол қазіргі моңғол жеріне сәйкес келетін аймақты түгел бағындырып алды., 1206 жылы киіз туырлықты көшпелілер Онон жағасына құрылтайға жиналып, «тоғыз сирақты ақ ту көтеріп», Шыңғысты Моңғол империясының ұлы ханы етіп көтерді. (Тарихшы И.Қабышұлы сол империя құрылар қарсаңында моңғолдар 200 мың, керейлер 600 мың, наймандар 800 мың болған екен деген дәйек айтады). Осы құрылтайдан кейін Шыңғыс хан Алтайдың күнгейінде әлі де найманның атамекенін қайтарып алуды ойлап жүрген Бүйрек ханға жорыққа аттанады. Ол бұл кезде ештеңеден хабарсыз Ұлық тау қойнауындағы Сақсу өзенің бойында аз адаммен аң аулап, сейіл құрып жүрген еді. Қас қылғандай нөпір әскер дәл оның үстінен түседі де, тұтқынға алынып, ата жауы сол жерде оның басын қағады. Оған паналап жүрген Күшлік аман қалған елді ертіп Ертіске қарай қашады. Алайда Шыңғыс хан наймандарға бұл жерде де тыныштық бермейді. 1208 жылы Ертіс жағасында наймандар мен меркіттердің бірлескен күшін тас-талқан қылады. Одан кейін бұл тайпалар Жетісуға қарай босады. Күшлік хан Бесбалық, Тұрфай аймағы арқылы айналып, бір кезде наймандарды да билеген Қидан мемлекетінің Орта Азияға келіп жаңғырған түрі Қарақытай империясының астанасы Баласағұнға жетеді. Бұл дәуірде Жоңғар тауынан Иранға дейінгі аймақ осы Қарақытай Гөрханына (ұлы ханына) қарайтын.
Наймандардың Таян сынды ханының баласы Күшлікті Гөрхан сарайында ілтипатпен қарсы алады. Жилугу Гөрхан оған қызын беріп, жақын адамдарының бірі етеді. Бұл шамада Қарақытай мемлекетінің әлсіреп, бұған дейін оған бағынышты боп келген Хорезм елінің елінің дәуірлей бастаған да кезі еді. Шамасы Гөрхан Күшлік төңірегіне жиналуға тиіс наймандарды өз мүддесіне пайдалануды көздеген де болуы керек. Әрі Күшліктің де оған осы тектес уәде бергенін біз Рәшид-әд-диннің «Жылнамалар жинағынан», Қытайдың «Жол қатынас тарихының материалдары» атты еңбегінен ұшырастырамыз. Күшлік хан Жилугуге: «Менің тайпам көп, олар қазір Еміл, Қойлық, Бесбалық жерлеріне келіп қоныстанып отыр. Маған рұқсат берсеңіз, оларды жинап, олардың күшін мен сіздерге көмек беремін», - дейді. Гөрхан мұны мақұл көріп, оған қару-жарақ, қаражат береді. Әрине Таян ханның ұлы Күшлік хан Түркістан аймағына келіпті деген хабар осы маңға Шыңғыс ханның қаһарынан ығысып келген наймандарға қатты әсер етті. Олар тез арада Күшлік ханның қоластына жиналып, жойқын күшке айналды. Бұл жағдай енді Күшлікті Гөрхан билігін тартып алу ниетіне итермеледі. Және сол кезде талайдан андысулы Мұхаммед Хорезмнің Гөрханға қарсы шыққанын естуі мұң екен, Күшлік те ойын жүзеге асырмақ боп Қарақытай әміршісіне қарсы қымилды бастап жіберді. Жасанған әскер қойсың ба, Күшлік көп ұзамай-ақ өз қайын атасының тағына отырды. Осылайша Шыңғыс хан әскерінен күйреген (1204 жыл) Найман мемлекетінің соңғы ханы арада сегіз жыл өтпей жатып, Қарақытай империясының билігін өз қолына алған. Тарихи деректерде наймандар мен керейлердің несториан дінін (христиан дініндегі бір ағым) ұстанғаны айтылады. Күшлік хан Жилугудің қызы Күнкеге үйленгенннен кейін несториан дінінен шығып, будда дініне (пұтқа табынушылық) кіреді. Ол кезде Қарақытай мемлекетіндегі жұрттың дені мұсылман дінін ұстанатын болғандықтан, Күшлік хан тарапынан олар «не несториан, не будда дініне кірсін» деген зомбылық талаптар да қойылып тұрған көрінеді. Атамекенінен көтере қуып жіберген найман ханы Күшліктің байтақ Түркістан аймағында бұлайша дәуірлеп отырғанынан Шыңғыс хан сірә хабарсыз емес-тін. Тек ол бұл кезеңде Қытайды жаулап алу жорықтарының басы-қасында жүрді. Сол жорықтан қайтысымен, Шыңғыс хан 1218 жылы Күшлікке қарсы әйгілі қолбасшысы Жебе ноян басқарған күшті әскерін жіберді. Жебе ноян Қарақытай еліне жетісімен, баршаға дін, сенім бостандығын жариялады. Бұған дейін де өзіне мұсылмандарды қарсы қойып алған Күшлік шайқастарда шыңдалып келген моңғол әскерлерінің екпініне төтеп бере алмады. Тас-талқан болып жеңіліп, Алтай тауларына қарай қашты. Бірақ Жебе ноян оны қойммай қуалап жүріп, ақыры Сарыкөл маңында қолға түсіріп, өлтіріп тынады. Найман елінің Шыңғыс ханға қарсы жиырма жылдай уақытқа созылған қан кешті күресі осылайша аяқталды. Найман мемлекетінің күйреуі атамекендерінде қалың отырған бұл елдің құрамына кірген рулардың жан-жаққа кең ыдырап кетуіне, басқа тайпалар арасына сіңуіне әсер етті. Олардың біраз бөлігі байырғы қоныстарына жақын Ертіс, Алтай алқабында орнығып қалып, Шыңғыс ханның баласы Үгедей ханның қол астына қарады. Шапқыншылықтан ығысқандары Балқаш төңірегіне, Алакөл маңына, Сыр, Ырғыз алқабына орналасты, оңтүстікте Орта Азия хандықтары жеріне дейін жетті.

Бұл өңірде қоныстанған наймандар ХV ғасырдың соңында Мұхаммед Шайбани ханның ықпалында болды. 16 ғасырда Марыға найманнан шыққан Қобыз би, Жолым билер әмір жүргізді. Найман Назар би Балхты биледі. Нұраталық көшпелілерді найман Ахметәлі басқарды. Шайбан тұқымы Бабаханның бір әскербасысы найман Жанмұхаммед би болды. Шежіреші Әбілғазы найман Сопырмырзаның 1604 жылы оның әкесі Араб Мұхаммед ханды өлтіру үшін қастандықұйымдастырушылардың бірі болғанын тілге тиек етеді. Осы мысалдардан-ақ наймандардың Орта Азия аймағында қабырғалы күштердің бірі ретінде әрекет еткенін байқау қиын емес. Бұл наймандар біртін-біртін жергілікті халыққа сіңісіп, өзбек, қарақалпақ қауымдастығының бір тармағы болып кетті. Өзбектерде қазақ-найман, қарақалпақта бағаналы, терістаңбалы, қырғызда бүйе найман, күн найман, мырза найман, жуанбұт найман руларының кездесуі сол араласудың бір нышаны.

Қазақ наймандары 1720 жылдардағы Жоңғар шапқыншылығынан кейін Орталық Қазақстандағы Тоқырауын алқабынан Алтай мен Жоңғар тауларына дейінгі аралыққа орналасты.. М.Тынышбайұлының айтуынша, наймандардың 1810 жылы Қарқаралы мен Шыңғыстайды тастап оңтүстікке қарай сырғуы олардың соңғы қоныс аударуы болған еді. Осы тарихшы наймандардың саны 1917 жылдың қарсаңында Бұқара мен Қытайдағы руластарын қосқанда 830 мың адам төңірегінде деп көрсетеді. Орта жүз елдері арасында дәл наймандардағыдай мол таңбаны кездестіре алмайсың. Олардың ірі рулық бірлестігі ғана емес, кейде жеке руларының өзі де дербес ұран-таңбаға ие. Дәл осы ерекшеліктің өзінде оның сонау бірінші мыңжылдықта «сегіз-оғұз» деп көрініс берген сипатының әсері болуы да ғажап емес. «Сегіз тайпа» - демек, найман жұрты осынша тайпадан құралған. Алайда ғылыми деректерде олар туралы анық мәлімет жоқ. Тарихи деректерге сүйенсек, «Найман» - қазақ шежірелерінде айтылғандай жеке адамның аты емес. Алайда халық шығармашылығы оны түп бабаның есімі етіп, өзін найманбыз дейтін бар руды (олардың арасында баяғы аласапыран замандарда басқа елдерден келіп сіңіскен жұрттар бар болса да) сол «шалдан» ғана тарқатып қояды. Қария сөздер бойынша Найманның кешігіп көрген Тоқпан деген ұлы ер жеткен кезде Ұлы жүз Дулат бидің қызы Ақсұлуға үйленген екен дейді. Содан аз уақыт өтер-өтпесте Найманның кемпірі мен ұлы Тоқпан қатар қайтыс болады.

Ақсұлу өзі түскен шаңырақтың болашағын ойлап, еліне барып, жақын сіңлілерінің бірі Әлпешті сұрап әкеліп, атасына қосады. Найман Қызейнемен алты айдай ғұмыр кешіп көз жұмады. Екіқабат қалған Әлпеш күн жетіп босанады. Баланың атын Найманнан қалған белгі ғой деп Белгібай қояды. Оның екінші аты - Өкіреш. Найманның әулие келіні Ақсұлу атасының жылын бергеннен кейін Қызынейді Найманның ұлы атасы делінетін Сарманаймен бір туысқан Шумақ дегеннің немересі Елтайға қосады. Оған атамның орнына атам болды деп Ел ата деген ат қояды. Қызыней одан Серкібай деген ұл табады. Ақсұлу Белгібайды тәрбиелеп өсіріп, он бес жасқа толғанда қайным деп оған өзі тиеді. Одан Сүйінше, Сүгірше деген екі ұл табады. Немере сіңлісі Тоқсұлуды кейіннен әпкеме қолқанат болсын деп бір сіңлісі Қаракөзді Белгібайға қосады. Қаракөзден Өтеген туады. Қазақ шежіресінде бар Найман осы төртеуінен тарайды да, тоғыз таңбалы найман аталады.



КЕРЕЙ

Керей - Қазақ құрамындағы көне тайпалардың бірі – Керей елінің де тарих көшінде белгілі бола бастаған кездеріндегі ғұмыр кешкен ата жұрты – сонау замандарда бірсыпыра түрк халықтарының қасиетті қонысы атанып, ғажайып ата жазу мұрағаттарымыз мәңгілікке қашалып, жазылып қалған, қазіргі моңғол даласы және оған іргелес жатқан байтақ аймақты қамтитын құтты мекеннің бір тұсы – Орхон, Оңғын, Керулен, Селеңге, Арғұн өзендерінің құйқалы алқабы еді. Керей атауының шығуы туралы әртүрлі пікірлер бар. Бірақ солардың арасында Орхон-енесай жазуларының білгір зерттеушісі, жазушы Қаржаубай Сартқожаұлының апталығымызға ұсынған қолжазбасындағы Керлін (Керулен) өзені және ол өз басын алатын Кентай тауына қатысты пікір көңілге қонымды көрінеді. Онда қазақ ғалымы көне түрк жазуларында (Мойын шор ескерткіші, VIII ғ) бұл қоныс жер аты «Кейре» түрінде көрініс бергендігін айтады. Ал Керлін алқабы ежелден керейлердің түп-тегі Тоғыз байырқулар қоныстанып келе жатқан төл мекен. Олар бірде «тоғыз байырқу», бірде «тоғыз оғұз», бірде «тоғыз керейлік» деп атала жүріп, ғасырлар өте келе «керейлер» боп өзгерген секілді. Бұл бағамдау Керей шежіресінде бұрыннан айтылып жүретін өзен атына қатысты әңгіме сарынын да пысықтағандай болады. Қытайда тұратынқазақ оқымыстыларының кейінгі кездерде бірсыпыра көне қытай жазбаларынқазақша сөйлете бастауы халқымыздың тарихына қатысты көптеген құнды деректерге жолықтырғанын бұрын да айтқан едік. Сол жазбаларда керей атауына да қатысты сәттер кездеседі. Мәселен, «Сүй патшалығының тарихында» Шеп тайпасының көсемі Керін Еркіннің Шығыс Түрк қағандығының үстемдігіне қарсы шыққаны туралы дерек бар. «Таң патшалығының көне тарихы» жазбасында сол Керіннің баласы Хылейдің де қаған болғандығы айтылады. Яғни осылардағы Керін мен Хылей «Керей» деген атау болуы да мүмкін деген топшылау ортаға тартылады. Аудармашылар бұл жазбалардан Шеп тайпасымен бірге Сеп, Байлау, Қойлау секілді тайпалар атауының да ізін бағамдағандай болды. Бір қызығы, Алтай аймағыгда ХІХ ғасырда ғұмыр кешкен керей Мәмидің шежіресінде де осыған үндесетін тұстар бар. Ол шежіреде Керей ұлысының арғы тегі Шеп, Сеп, Байлау, Қойлау, Елдей, Көлдей, Изен, Жусан секілді тайпалардан таралады делінеді. Бұлардың Шеп, Септен басқасының бәрі қазір Керей-Уақ шежіресінде кездесетін ата-тектер... Академик Ә.Марғұлан керейлер мен үңгіттердің (уақтардың) моңғол дәуіріне дейін мәдениеті жоғары болғаны, көне түрк жазуларын пайдаланғандығы жөнінде өзінің «Таңбалы тас жазуы» еңбегінде былай дейді: «Алтай, Жоңғар даласында, Еңесайда орхон жазуы бар құлпытастар жиі кездеседі.

Олардың көбін жазған керей мен үңгіттер. Моңғол дәуіріне дейін бұлар және наймандар тегіс несториан дінін қабыл еткен елдер. Бұл әсіресе олардың крест таңбасынан ашық көрінеді... бұл таңба қазақ керейлерінде осы күнге дейін сақталған. Мұндай крест таңбасы бар құлпытастар (орхон жазулы) Енесай даласында көп...» Шыңғыс хан заманы туралы теңдесі жоқ жылнама түзіп кеткен Рәшид-әд-Дин еңбегінен сол кезеңдерде Керей мемлекетінің құрамында Керейт, Қырқын, Қоңқайт (Тоңқат), Сақайт, Тобаут, Албат, Қарақин секілді тайпалар болғанын білеміз. Бұлардағы сөз соңындағы «т» әрпі әдетте көптік жалғауды білдіреді. М.Тынышбайұлы осындағы Сақайттан бүгінгі сақаларды (якуттарды), тубауттардан туба жұрттарының атауын көріп, оларды бір кездегі ірі Керей мемлекетінен бөлшектенген елдер болуы кәміл деген болжамды ортаға тартады. Бұл пікірді профессор С.Аманжоловтың «Тоңқатты» тубалардың құрамындағы «Тоңқат», Орхон-Енесай жазбаларында «Құрыққан» түрінде кездесетін «Қарақинді» якуттың қазіргі «Құрыққан» тайпасымен байланыстыруы одан әрі дамытады. Ал Керей мемлекетінің кезінде ірі де айбынды ел болғанына тарихта дәлел жеткілікті. Кей мемлекеттер бойынша Х ғасырда керейлер 900 мыңға жуық болған. Моңғол билігіне дейін Керейді Марғұзған, Құршақұз, Бұйрық, Гөрхан, Уаң хан сияқты хандар билеген. Уаңның өз аты Торы (Тұғырыл). Ол өз кезінде Қытайдың Алтан ұлысына татар тайпаларын жеңуге көмектескені үшін қытай әміршісінен Уаң хан (бір елдің ханы) лауазымын алған. Уаң ханның (Он ханның) осы есімі кезінде керейлердің несториан дінін ұстағанына қатысты Еуропаға «керейлердің королі Иоан поп» деген атаумен де жеткен екен. Шыңғыс хан моңғол жұрттарының басын құрап, жас мемлекетінің шаңырағын алғаш көтерген кезде, ол өз әкесінің анда-досы Уаң ханның көмегіне арқа сүйеді. Онымен бірге наймандарға қарсы соғысқа қатысты. Алайда кейіннен екеуінің арасында алауыздық туып, оның ақыры Шыңғыс ханның Керей мемлекетін жойып жіберуіне әкеліп соқты. Осы аласапыраннан кейін керейлердің бір бөлігі қонсылас наймандарға ығысып, Батыс Алтай мен Зайсан, Ертіс алқабына ауды. Ал атажұртта қалған бөлігі Шыңғыс хан қарауына өтіп, кейін жаулап алынған найман, меркіттермен бірге оның жорығына қатысып, Шыңғыс ханның жер қайысқан қолының басты күштерінің біріне айналды. Тарихшылар бүгінде Қазақстанның теріскейін жайлаған керейлер сол Керей мемлекеті күйрегеннен кейін Ертісті бойлап солтүстікке қарай ығысқан бөліктен тараған ұрпақтар екенін айтады. Олар туралы «Сібір жылнамаларында» бірқыдыру деректер бар. Ол бойынша Уаң ханның Тайбұға деген тұқымы Шыңғыстың әмірімен Ертіс, Өб бойындағы жұрттарды бағындырған әскерге басшы болып, кейіннен сол жерлерді Моңғол империясы ханының рұқсатымен өз иелігіне алған. Бұл жерде Шыңғыс ханның байтақ империясының теріскей шетіне әуелден аралас-құралас, құдандалы хан ордасының мұрагерін қою арқылы, олармен қайтадан дұрыс қарым-қатынас орнатуға құлықты болғанын көреміз.

Әрі оның бұл орайда Уаң хан ұрпағының өз атамекендерінен жырақтай бергенін де мақұл көргені анық. Тайбұға Ібір-Сібір аймағын өз иелігіне алғаннан кейін Тобылдың бір сағасы Тұра өзеніне Төмен өзені құяр тұсқа Шыңғы (Шымға) деген қала салады (ол қазіргі Төмен қаласының іргесі). Тайбұға тұқымы бұл өңірде 15-ғасырдың соңғы ширегіне дейін билік жүргізді. Шайбан әулетінен шыққан Махмұд ханның баласы, Қажы Мұхаммед ханның немересі, Дешті Қыпшақ даоласын қазақ хандары билеуіне байланысты шеттетіліп қалғасын Ібір-Сібірге жеткен Ибақ хан (Абақ хан) сол кезде Сібір бегі болып отырған Марды екі ұлымен қоса өлтіріп, тағына отырды. Арада көп ұзаммай Тайбұға ұрпағы оны өлтіріп, билікті өз қолдарына қайта алады. Алайда тағы жетпіс жылдай уақыт өткенде, бұл кезде Сібір хандығы аталған мемлекет басына Ибақ ханның немересі Көшім хан келеді. Ол бүкіл Тайбұға әулетін қылыш астынан өткізіп қырғынға ұшыратты. Дегенмен, сол қасаптан Сейтек деген бір бала аман қалып, ол 16-ғасырдың соңғы ширегінде Сібір хандығының билігіне қайта оралғанымен, бектің ғұмыры қысқа болады. Жошы әулетінің бір ұрпағы Ораз-Мұхаммед сұлтан, қыдырғали би Жалаиримен бірге саясатта жүргенде, оларды Сібірді дендеп жаулай бастаған орыс әскері опасыздықпен алдап тұтқынға түсіріп, Мәскеуге жөнелтті... XVII ғасырда Ресейдің ашкөз отаршылдығының күшейе түсуі Тобыл, Тұра, Өб бойын жайлаған керейлердің Солтүстік Қазақстан өңіріне қарай қоныс аударуына мәжбүр етті. М.Тынышбайұлы керейлердің Шыңғыс ханға мойынсұнбаған бір бөлігі меркіттермен бірге Торғай даласына дейін ығысқан еді, бүгіндері Кіші жүздің Жетіруы құрамында Керейт тайпасы сол босқындардың ұрпағы болуы кәміл дегенді айтады. Ақсақ Темір жорықтары туралы жазбалардан сол кезде Керейлердің Қара Ертістен Алакөлге дейінгі аймақты мекендегенін де көреміз. Тарихтан жоңғарлардың XV ғасырдың басынан қуатты күшке айнала бастағаны белгілі. Осы шамада олар Балқаш, Алакөл аймағындағы керейлерді қатты бір соққыға душар етіп, жан-жаққа тағы ыдыратып жібергенге ұқсайды. Керейлердің бір тобы XV ғасырдың аяғы мен 16-ғасырдың басында Жошы тұқымы – Мауереннахр мен Хорасанда билік жүргізген Мұхаммед Шайбани ханның жорықтарына да қатысқан. Өз тарихында қилы-қилы дәуірлер мен аласапыран замандарды бастан өткерген көне Керей елі кейіннен қазақ халқын құрауға атсалысқан белді тайпалардың біріне айналды. Керейлер сондай-ақ өзбек халқының құрамында да бар. Кенегес тайпасының екі рулы Абақлы мен Ашамайлы деп аталады. Ол Қарақалпақтың Қоңырат деген үлкен арысына енетін рулардың да бірінің аты. Керей рулары тубалардың, Қырым татарларының, башқұрттардың да құрамында кездеседі. Дені қазақ ішінде қалған Керей елі қария сөздер бойынша Абақ және Ашамайлы болып екіге бөлінеді.

Қазақ шежіресіндегі бұл ру аттарының шығу тегін тергеген тұстарына үңілсек, Абақты Керейдің Ақылбай атты ұрпағының бәйбішесінің аты еді деген түсіндірмеге жолығамыз. Оның есімі әуелі Аппақ екен, келе-келе Абаққа айналған. Қазір «12 ата Абақ» деп жүрген бірлестік әу баста сол Абақ бәйбішенің өзі тәрбиелеген он екі немересінен өрбіген делінеді. Ал Ашамайлының әуелгі аты Ғали екен (енді бір шежіреде Ақберді), әкесі ашамайға мінгізіп барып келіншек алып бергендіктен Ашамайлы атаныпты делінеді. Шежіреде Абақты Ашаммайлыдан әкеліп тарқататын нұсқалар да бар. Зерттеушілер бұл ру аттарын олардың таңбаларына қатысты өрбіген атау болуы керек деген пікірге ден қояды. Ашамай – қазақ тілінің түсіндірме сөздігі бойынша «балаға арналып, екі қасының жоғарғы ұшы айқастырылып жасалған ер». Ру таңбасындағы «Х» әрпіне ұқсас белгі соны көрсетеді. Ал «абақ» - қасқыр, түлкі секілді аңдарды ұстауға арналған көне құралдың аты. Ол аң сиятындай екі бөліктен тұрады. Аң ішкі бөлікте жатқан етке ұмтылып кірген кезде, жоғары қарай көтеріліп тұрған сырғыма есік сарт етіп төмен түсіп жабылып қалады (Қ.Салғарұлы). осы «абақ» сөзінен түрме мағынасын білдіретін «абақты» сөзі шыққан. Сондай-ақ ғалымдар арасында «ашамай» таңбаны керейлердің баяғыдан несториан дінін ұстанған кезінен қалған бір беогі деп – «крест» таңбасынан, ал «абақ» сөзін түрк-моңғол тілдеріндегі «қандас туыстар одағы» деген мағынаны білдіретін – «обақ», «обох» сөздерінен тарқататын топшылаулар да бар. Керей еліне қатысты ата-тек мәліметтерінің бірсыпырасы Сегіз сері Баһрамұлының шежіресінде жинақталған. Бүгіндері Қазақстан Республикасы ғылым академиясының қолжазба қорында сақталған бұл шежірені әу баста XVI ғасырдың соңы мен XVII ғасырдың басында ғұмыр кешкен көшебе Дәулен батыр Таузарұлы жинастырған екен. Одан кейін оны баласы Толыбай, немере туысы Шәукер мырза, ұрпақтары Шақшақ би сияқты біраз сауатты кісілер толықтырған. Олардан Сегіз сері жазып алып, кейінгі ізбасарларының дамытуымен бізге жеткен Абақ керейдің қоныстанған мекен тұрағы Алтай айналасы, Моңғолияда Қобда өлкесі, Баян-Өлке аймағы, Қытайда Қаба өзені, Қара Ертістің басы, Сауыр тауының күңгейі, Үліңгір көлі маңайы. Олардың қалың ұйысқан жерлері шетте болғандықтан, біз Абақ керей туралы толық шежірелік мәліметтерде ілкіде мұқтаждық көріп отырған едік. Алайда Моңғолияда тұратын авторымыз Қ.Сартқожаұлы Баян-Өлкеде 1991 жылы басылып шыққан Абақ керей шежіресін ала келіп, біраз жыртығымызды жамап кетті. Бүгінгі тізбе-кесте де Р.Шынай деген азамат құрастырған осы жинақтағы және бұрыннан да қолда бар моңғолиялық қазақ ғалымы И.Қабышұлының «Керейлер керуені» атты кітабындағы мәліметтер негізінде жасалды. Абақ шежіресін кестеге түсіру үстінде біз Шәкерім қажаның он екі ата Абақты – Жантікей, Жәдік, Жастабан, Шұбарайғыр, Шеруші, Ителі, Итемген, Молқы, Меркіт, Сарбас, Қарақас, Көнсадақ деп бөлгені дұрыс болуы керек деген ойға келдік. Біраз мәліметтерде он екі атаның бірі – Шимойын руы деп аталып жатады.

Алайда тізбелеу үстінде біз Шимойын Абақтан емес, Ашамайлының Сибанынан тарайтын деп айтуының да бекер еместігіне ден қойған едік. Сегіз сеті шежіресі оны Балғанның Сибаына жатқызады. Осы соңғы шежіреде 19-ғасырдың басында Керей, Уақтың басым көпшілігі орыстан үркіп Алтай, Шәуешекке көшкенде, Шимойын керейлердің едәуір бөлігі солармен бірге өткені айтылады. Демек, Шимойынның Абаққа, Ашамайлыға да қатысы бар болуының бір төркіні осында. Қалың Абақтың арасында тұрғаннан кейін ол бірте-бірте сол қауымдастықтың бір баласы секілді болып кеткен. Алайда ата-текті тарқатқан шежіре желісіне сыналап кіре алмаған. Абақ керейдің қрамындағы Меркіт руы – ілгерідегі көне Меркіт тайпасынан жеткен бір сынық. Меркіт елі туралы алғашқы мәліметтер Қытайды билеген Лияу әулетінің жазба жылнамаларында бар. Рәшид-әд-Дин жылнамасынан оның ұдайы моңғол жұртымен, әсіресе Шыңғыс ханмен көп жауласқан тайпа болғанын көреміз. Олар бірде жас Темүжинді тұтқынға алса, енді бірде бәйбішесі Бөртені тартып алып кетеді. Темүжин араға керейдің Уаң ханын салып жүріп, бәйбішесін әзер қайтарып алады. Сол жолы Бөрте үйіне қайтып келе жатқанда, жолшыбай тұңғышы Жошыны босанады. Ол кезе меркіттердің көсемі Тоқтабек деген адам екен. Оның алты ұлы болыпты. Жылнамада сол алтауының тұңғышы Тоғыздың керейлермен соғыс кезінде, қалғандарының Шыңғыс ханмен өткен әлденеше шайқастарда көз жұмғаны айтылады. Жауынгер, бүлікшіл меркіт жұрты Шыңғыс ханға әлденеше рет қарсы көтерілген алайда бұның түбі олардың түгел дерлік қрып кетуіне де әкеп соққан еді. Шыңғыс хан меркіттердің «арба дөңгелегінен бойы асқандарының бәрін қыруға» жарлық берген екен деген деректер де бар. Меркіттердің аман қалған аз тобы керейлерге қосылып, кейін олардың бір атасы ретінде сіңісіп кетті.



Каталог: ld
ld -> -
ld -> Шпаргалка " Мұртты обалар" көп тараған аймақ "Ақ жалды жүйрік аттардың иелері" деп аталған тайпа "
ld -> Қазақстан тарихының тақырыбына шпаргалкалары Адамзат тарихы дамуының ең алғашқы кезеңі? Тас дәуірі
ld -> Разработка научно-технологических основ производства катализаторов дегидрирования для синтеза изопрена
ld -> Учебно-методическое пособие для студентов геологического факультета Казань 2004 Печатается по решению
ld -> Реферат Основные элементы и профессиональные правила оформления рекламного объявления
ld -> Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің ақпараттық жүйелерін «электрондық үкіметтің» шлюзімен біріктіру мүмкіндіктерін зерделеу жөніндегі жұмыс жоспары
ld -> Абай Құнанбайұлы Жүрегіңнің түбіне терең бойла
ld -> Төлеу Көбдіковтің елінде


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2


©netref.ru 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет