Рефлексия қазіргі заман мұғалімінің кәсіби біліктілігі мен педагогикалық құзіреттілігінің негізігі компоненттерінің бірі. «Рефлексия» сөзі латын тілінде «reflexio» артқа қарайлау деген мағына білдіреді



Дата07.10.2019
өлшемі59.49 Kb.
Қазіргі қоғамдағы педагог тұлғасынан – белсенді өмірлік ұстаным, оптимистік көзқарас, кез келген жағдайда жеке даралығын сақтап қалу және проблемалық жағдайларда шешім қабылдауда өзіне жауапкершілік алу сияқты сипаттарға ие болуын қалайды. Педагог үнемі өзін жетілдіруге, өздігінен білім алуға, педагогикалық құндылықтарын шыңдауға ұмтылуы қажет. Педагогтің рефлексиялық қасиеті кәсіби дамуының негізгі шарты болып табылады.

Рефлексия қазіргі заман мұғалімінің кәсіби біліктілігі мен педагогикалық құзіреттілігінің негізігі компоненттерінің бірі. «Рефлексия» сөзі латын тілінде «reflexio» - артқа қарайлау деген мағына білдіреді. Шет тілдер сөздігінде «рефлексия» - ой елегінен өткізу, өзін-өзі тану, өз-өзіне есеп беру деген сөз. Бұл адамның өз іс-әрекетінің заңды түрде жүзеге асуының теориялық формасы. Ал педагогика саласында рефлексия іс-әрекеттің өзіндік талдауы және оның нәтижесі. Рефлексия өз қызметінің мақсаттары мен нәтижелеріне сәйкес келмеген жағдайда пайда болатын проблемалық жағдайларды тани білуді, олардың себептеріне талдау жасау мен шешу тәсілдерін қарастыруды қамтиды. Осыған байланысты мұғалімнің рефлексивтік қабілеттері мен дағдыларын қалыптастыру мен дамыту өзекті мәселе болып отыр. Педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру жүйесінің қазіргі жағдайында мұғалімдердің кәсіби қызметтегі өзгерістерге бейімделуіне, өзін-өзі және қоршаған ортаны түсіне білу қабілетін қалыптастыруына, үнемі өз бетінше білім алуға және практикалық қызметке дайын болуына мүмкіндік беретіндей оқыту ортасы мен жағдайды ұйымдастыру басты назарда.

Көптеген зерттеулерде рефлексия кәсіби әрекетті табысты іске асырудың негізгі құрамдас бөлігі деп қарастырылады. Ұзақ уақыт бойына рефлексия ұғымы философияда ғана қолданылып келген. Рефлексияның дамуы философия саласында таным туралы жалпы түсініктердің пайда болуынан бастау алады, кейін ол таным теориясы саласында жүйеленеді. Бұл мәнмәтінде «ауыстырылмайтын, индивидтің шынайы орындайтын шығармашылық акті» деп қарастырылады [1]. ХХ ғасырдың басынан аталған проблемаға психологтер қызығушылық таныта бастады: 20-30-шы жылдары рефлексия мен өзін-өзі тану бойынша зерттеулерді психологияның жеке бір саласы етіп бөлу идеясы пайда болған. Көптеген зерттеулерде рефлексия проблемасы үш бағытта қарастырады: ойлауды, тұлғаның өзіндік сана-сезімін, сонымен бірге қарым-қатынас пен қоғамдастық үдерісін зерттеу. ХХ ғасырдың бірінші жартыжылдығы зерттеулерінде рефлексияның маңыздылығы педагогика мен психологияны ұштастыра отырып негізделеді. Л.С.Выготский, Д.Дьюи, Ж.Пиаже еңбектерінде ойлауды дамыту проблемасы мен рефлексивті үдерістердің маңыздылығы анықталады [2]. Философиялық проблема ретінде рефлексия әдетте сана мен ойдың өзіне қарау қабілеті; жаңа білімді алу мақсатында алынған білімді талдау; ақыл мен жанның күйін бақылау; өзінің жүзеге асуын негіздеуге бағытталған зерттеу акті.

Қазіргі уақытта рефлексиялық үдерістерді психологияның түрлі салаларында зерттеу дәстүрге айналды. Рефлексияның психологиялық мазмұнын сананы (Л.С.Выготский, Н.И.Гуткина, А.Н.Леонтьев, В.Н.Пушкин, И.Н.Семенов, Е.В.Смирнова, А.П.Сопиков, С.Ю.Степанов т.б.), ойды (Н.Г.Алексеев, А.В.Брушлинский, В.В.Давыдов, А.З.Зак, В.К.Зарецкий, Ю.Н.Кулюткин, С.Л.Рубинштейн, И.Н.Семенов, С.Ю.Степанов т.б.),шығармашылықты (Я.А.Пономарев, Ч.М.Гаджиев, С.Ю.Степанов, И.Н.Семенов т.б.), қарым-қатынасты (Г.М.Андреева, А.А.Бодалев, С.В. Кондратьева т.б.), тұлғаны (К.А.Абульханова-Славская, Л.И.Анцыферова, Л.С.Выготский, Б.В.Зейгарник, А.Б.Холмогорова т.б.) зерттеу тұрғысында қарастырылады [3].

Педагогтің кәсіби рефлексиясы – педагогтің өзін-өзі кәсіби маман ретінде бағалап, өзінің қызметіне өз шығармашылық көзқарасын білдіру және оқушылармен қарым-қатынас орнату нысаны ретінде ой елегінен өткізуін қамтитын кәсіби тұрғыдан аса маңызды дағды. С.Ю.Степановтің берген анықтамасына сәйкес рефлексиялық қабілет – рефлексиялық үдерістерді тиімді жүзеге асыруға, өзіндік дамуына, кәсіби әрекетке шығармашылықпен қарауға мүмкіндік беретін, оның барынша тиімді және нәтижелі болуына әкелетін тұлғаның кәсіби сапасы делінген [2]. И.Слепцова өзінің еңбектерінде педагогтің кәсіби қызметінің негізгі құрамдас бөлігі ретінде кәсіби-рефлексивті қаділетті атап айтады, бұл педагогтің кәсіби дамуға ұмтылуы, оның дербестігі дамуының жоғары деңгейі, педагогикалық міндеттерді, проблемаларды шешуді негіздей алу қабілеттері, өзінің және оқушылардың іс-әрекеттерін шынайы бағалай алуға мүмкіндік беретін дамыған рефлексивті дағдылары деп түсіндіреді [3].

А.А.Бизяева педагогикалық рефлексияны мұғалімнің өз қызметіне және өзіне оның субъектісі ретінде сыни талдау, мәнін ұғыну және оқушы тұлғасын дамытудағы оқыту тиімділігін бағалау мақсатында белсенді зерттеушілік көзқарас ұстану қабілетін байқататын күрделі психологиялық феномен деп түсіндіреді [1].

Кәсіби қызметтегі рефлексияның рөліне айрықша мән беретін бірнеше мәселеге назар аудару қажет: біріншіден, рефлексия кәсіби қызметті меңгеруде аса қажет; екіншіден, рефлексияның негізінде игеру үдерісін бақылау және басқару жүзеге асырылады; үшіншіден, рефлексия кәсіби білім беру қызметінің шарттары өзгерген жағдайда қажет; төртіншіден рефлексия қызметтің өзін дамытудың негізгі тетіктерінің бірі болып табылады. Автор педагогикалық рефлексияның екі жоспарлы тұжырымдамалық моделін бөледі:


  1. Операциялық деңгей (сындарлы-орындаушылық, мотивациялық, рефлексиялық санада көрінетін болжау аспектілері)

  2. Өзіндік тұлғалық деңгей (мұғалімнің өз қызметіндегі кәсіби-тұлғалық субъектілік бағыттаушылық және рефлексиялық жағдаятқа тұлғалық, субъектілік кірісу) [1]

Осылайша, рефлексиялаушы мұғалім дегеніміз – ойлана алатын, өз тәжірибесін талдай алатын, зерттей алатын педагог. Бұл, Д.Дьюидің айтуы бойынша, өзін-өзі дамыту, өзін-өзі жетілдіруге жалықпайтын қажеттілікке ие «өз мамандығының мәңгі оқушысы».

Педагогикалық рефлексияны дамыту үшін педагогикалық шарттарды анықтау маңызды болып табылады. Педагогтің арнайы ұйымдастырылған рефлексиялық қызметі педагогикалық рефлексияны дамытудың алғашқы шарты саналады. Екінші шарты – рефлексивті ортаның болуы; үшінші шарт – рефлексивті қызметке қатысушылардың арасындағы белсенді қарым-қатынас; төртінші – педагогтің рефлексиялауын актуализациялау [4].

Рефлексиялық қабілеттері дамыған маманда оған деген тұрақты қажеттілік сезіліп тұрады. Кез келген істі ол өзіне-өзі сұрақ беруден бастайтындай дәрежеге жетеді. Бұл кәсіп иесінің шығармашылық әрекетке қосылуының құралдарының бірі-одан өзіне қатысты белсенді позицияны таңдауды талап ететін рефлексиялық өзіндік диагностика жасауға мүмкіндік береді. Педагогтердің біліктілігін арттыру мәселесінде рефлексивті құзыреттілікті қалыптастыру  маңызды. Педагогтің белгілі бір педагогикалық мәселелер туралы барлық ақпаратты жинақтай алуы, оның тиімдісін таңдай білуі, нақты жағдайды шешуге байланысты оған өзіндік қолтаңбамен өзгерістер енгізе білуі, осылайша мәселені шешудің өзіндік жолын таба білуі сыни ойлау нәтижесінде жүзеге асады. Бұл жағдайда сонымен бірге тапқырлық пен өнертапқыштық сияқты сапалар қатар дамуға мүмкіндік алады.

Педагог рефлексияға өзінің қабілеттілігін дамыту үшін келесілер қажет:

· басты қағидаларға, қиын жағдайларға, мүлтіксіз шешімдерден кейін

өзінің әрекетін талдауға қайта оралып отыру;

· әр жұмыс күнінің біткен уақытысында талдау жасау; өткен жұмыс

күнінің барысына сыртқы бақылаушы ретінде баға беру;

· басқа адамдар туралы өзінің көзқарасын, баға беруін тексеріп отыру;

қарым-қатынасты жоғарылату;

· қарым-қатынастары, көзқарасы басқалардан өзгеше, яғни қарым-қатынасы қиын адамдармен қарым-қатынас орнату;

· нақты жағдаятта  өзінің әрекетіне талдау жасай білу.

Педагог өз бойында рефлексиялық қабілеттерін дамыта білсе және әр атқарған ісін талдай отырып, оны одан әрі жетілдіруге ұмтылатын болса алдына қойған мақсаттарының нәтижесіне жете алатыны сөзсіз.

Пайдаланылған әдебиет:

1.А.А.Бизяева. Психология думающего учителя: Педагогическая рефлексия,-Псков, 2004;

2.С.Ю.Степанов, Г.Ф.Похмелкин. Принципы рефлексивной психологии педагогического творчества\Вопросы психологии. 1991 №5;

3.Т.Н.Яркина. К проблеме развития рефлексивной компетентности будущих педагогов\Вестник Томского государственного педагогического университета. 2011 №10;



4.http://www.vashpsixolog.ru/.

Достарыңызбен бөлісу:


©netref.ru 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет