Құрмалас сөйлемнің кейбір теориялық мәселелері және шарт қатынасындағы құрмаластардың құрылымдық семантикалық ерекшеліктері



Дата02.05.2016
өлшемі260.18 Kb.
Құрмалас сөйлемнің кейбір теориялық мәселелері және шарт

қатынасындағы құрмаластардың құрылымдық -

семантикалық ерекшеліктері

Бекмағанбетова Гүлмира Шанжарханқызы.

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда

мемлекеттік университеті
Біз шарт қатынасындағы құрмалас сөйлемдердің синтакистік табиғатын дұрыс тану үшін ең әуелі жалпы құрмалас сөйлем категориясы, оның тілде пайда болуы мен қызметі туралы қазіргі тіл білімінде қалыптасып отырған теориялық мәселелерді қарастырып, оның кейбір проблемалы жайлары бойынша өз көзқарасымызды айқындап алуды жөн көреміз.

Әдетте ғылыми әдебиеттерде құрмалас сөйлемге беріліп жүрген анықтамаларда олардың «күрделі ойды» білдіретіндігі туралы үнемі айтылып отырады. Мысалы, Т.Қордабаев: «Құрмалас сөйлем деп мағыналық жағынан бір-біріне байланысты екі немесе одан да көп жай сөйлемдерден құралып, күрделі ойды білдіретін сөйлемді айтамыз»[1; 194], - десе, осы ой өзге де бірқатар еңбектерде кездеседі. Бірақ бұл анықтаманың ақиқаттығы туралы қазірде күмәнді пікірлер де жоқ емес. Мәселе жоғарыда айтылған анықтамадағы «күрделі ой» ұғымы төңірегінде көрінеді. Ең әуелі, осы «күрделі ой» дегеннің өзінің айқын түсінігі жоқ. Аталған автор: «...жай сөйлем қаншама жайылма болғанымен, ол жалаң бір ғана ойды білдіреді де, құрмалас сөйлем өзара байланысты екі немесе одан да көп жай сөйлемдерден құралған күрделі ойды білдіреді» [1; 194],- деп нақтылай түсетіндей. Бірақ, біздіңше, бұл да тиянақты пікір бола алмайды. Өйткені жай сөйлемнің кейбір түрлерінің де (күрделенген жай сөйлемдер) қазірде күрделі ойды білдіретіндігі айтылып жүр. Оның үстіне сөйлемнің күрделілігін оның құрамындағы ойлардың санымен айқындаудың өзі тек жай сан-мөлшерлік негізге ғана сүйенген, тілдік-теориялық негізі жоқ пікір екені де аңғарылып тұрады. Сондықтан біз мәселеге басқаша тұрғыдан келген жөн деп білеміз

Құрмалас сөйлемдердің пайда болуы туралы да әр алуан пікірлер баршылық, дегенмен солардың дені мына төмендегі тұжырымдармен сабақтасып жатады. Мысалы, кейінгі кездерде құрмалас сөйлем теориясына қатысты мәселелер бойынша арнайы зерттеу жүргізген Н.Ермекова құрмалас сөйлем дегенді жай сөйлемдердің «өзара байланысу» арқылы пайда болған жиынтығы түрінде түсінетін тәрізді. Ол: «Құрмалас сөйлем – жай сөйлемдердің өзара байланысуынан дамыған келесі сатыдағы әрекет», «... дербес қолданылған жай сөйлемдердің байланысуы нәтижесінде пайда болған құрмалас конструкциялар...»[2; 14], «құрмалас сөйлемдер дегеніміз – бұл жалпы грамматикалық және семантикалық белгілердің диалектикалық бірлігімен тұтасқан екі немесе одан да көп сөйлемдер жиынтығы» [2; 20] деген пікірлер айтады. Әрине, бұрын да тіл білімінде айтылып жүрген осы тәрізді пікірлер құрмалас сөйлем табиғатын айқындауда әлі де болса нақты емес екені аңғарылып отырады.

Философиялық көзқарас тұрғысынан келгенде, жай құрылымнан күрделі құрылымға, жай мағынадан күрделі мағынаға өткенде пайда болатын жаңа құрылымның оны құраушы жеке құрылымдық элементтердің әрқайсысынан да өзгеше, жаңаша, синтездік сипаттағы құрылым болатыны, яғни жаңа пайда болған құрылымның тек қана «жай жиынтық» болмайтындығы, оны құраушы сыңарлардың құр қосындысы ғана емес екендігі басты назарда болады. [3; *** ]. Олай болса, екі сыңардың тек грамматикалық сипаттағы байланысынан ғана емес, олардың ішкі мағыналық сипаты жағынан да синтезделіп, кірігіп кетуі арқылы мүлде жаңа тілдік бірлік қалыптасуы тұрғысынан қарастырылуға тиіс мәселені аса қарабайыр түсіндірудің реті жоқ сияқты.

Тіл біліміндегі құрмалас сөйлемдердің пайда болуы мен олардың синтаксистік табиғаты туралы зерттеулерде әуелі құрмалас сөйлемдер мен жай сөйлемдердің ара жігін ажырата қарау жайы сөз болады. Проф. Т.Қордабаев жоғарыда аталған еңбегінде мынадай мысалдар келтіреді: 1. Қатты жел тұрды. Теңіз толқыны күшейді. 2. Қатты жел тұрды да, теңіз толқыны күшейді. 3. Қатты жел тұрып, теңіз толқыны күшейді [2; 227]. Автордың түсіндіруінше, бұлардың үшеуінде де беріліп тұрған бір хабар. Айырмашылық тек бірінші жай сөйлемнің баяндауыш формасында ғана.

Әрине, бұлай түсіндіргенде, автор мәселеге тек құрылымдық тұрғыдан ғана мән беріп, мәселенің маңызды жағын назардан тыс қалдырып отырған тәрізді. Ол – құрмаласты құраушы сыңарлар арасындағы синтаксистік қатынас мәселесі. Айталық, берілген алғашқы мысалдардағы жай сөйлемдер жеке-жеке айтылғандықтан, олардың арасында көрініп тұрған ешқандай синтаксистік қатынас жоқ. Тек қана болған жайлар туралы жеке-жеке информациялар ғана бар. Келтірілген салалас құрмаластың (2 - сөйлем) сыңарлары арасындағы синтаксистік қатынас – ыңғайластық қатынас, ал сабақтас құрмаласта (3-сөйлем) бұл – себептік қатынас. Құрмаластың сыңарлары арасындағы синтаксистік қатынасты осылайша ажыратқанымызбен, мұның өзге варианттары да болуы мүмкін екендігін естен шығаруға болмас еді. Бұлардың арасындағы осы ерекшелікті грамматикада да, жалпы тілдік қолданыста да жеңіл-желпі мәселе деп қарауға болмайды. Тілдік құбылыстың терең астарында жататын осындай грамматикалық мағыналар сыры, жалпы алғанда, тілдік қатынастың (коммуникацияның) аса маңызды мәселесі болып табылады. Яғни, жоғарыда келтірілген сөйлем түрлерінің әрқайсысы өзіне тән коммуникативтік қызмет атқарып тұр. Мұндағы құрмалас сөйлемдердің атқарып тұрған негізгі коммуникативтік қызметі, біздіңше, жаратылыс-болмыстағы кең ауқымды, аса маңызды, категориалдық сипаттағы заңдылықтарды (келтірілген мысалдарда бұл - себептестік заңдылығы) бейнелеуінде. Біздіңше, әуелден-ақ құрмалас сөйлем пайда болуының басты қозғаушы күші де осы – жаратылыс-болмыстағы аса маңызды категориалдық сипаттағы қатынастарды тілдік бейнелеу мақсаты болған. Олай болса, жоғарыдағы келтірілген үш түрлі құрылымды бірдей деп түсінуге негіз жоқ. Олардың сыңарлары арасындағы грамматикалық мағыналарының сипаттары, көріп отырғанымыздай, біріне бірі ұқсамайтын, мүлде басқа-басқа мағыналар.

Н.Т.Сауранбаев «Жай сөйлемдердің бірде тең дәрежеде салалас болып, бірде бір-біріне бағынып сабақтасып құрмаласуының ең негізгі себебі – адамның айналадағы табиғи, қоғамдық өмірдегі оқиғалардың, құбылыстардың арасындағы байланысты аңдауы (восприятие)», [4; 43] – дейді. Мұнда акад. Н.Т.Сауранбаев құрмаластық құрылымдардың пайда болуының ең басты себебін – «табиғи, қоғамдық өмірдегі оқиғалардың, құбылыстардың арасындағы байланысты аңдау», негізінен, дұрыс аңдағанын көруге болады. Аталған пікірде «айналадағы табиғи, қоғамдық өмірдегі оқиғалардың, құбылыстардың арасындағы байланысты аңғару» дегенде, ғалым құрмалас сөйлемдердің тілдегі негізгі қызметін дәл басып айтып отыр деп білеміз. Өйткені, шынында да, құрмалас сөйлем категориясының пайда болуының да, оның тілдегі қызметінің де негізінде ең әуелі адамның айналадағы – жаратылыс-болмыстағы, табиғаттағы - құбылыстардың арасындағы өзара табиғи заңды байланыстарды көрсету, соны тілдік бейнелеу мақсаты болған.

Дегенмен, қазіргі тіл білімінде дәл осы мәселеге нақты назар аударыла қоймай келе жатқаны да бекер емес. Өйткені құрмалас сөйлемдердің тілдегі негізгі синтаксистік қызметіне осы тілдік категорияның жаратылыстық-болмыстық заңдылықтарды тілде бейнелеуі тұрғысынан баға берілмей, құрмалас сөйлемдер «күрделі ойды білдіруі» тұрғысынан ғана бағаланып жүр. Біздіңше, мәселеге кеңірек ауқымда қараған жөн тәрізді. Яғни, «құрмаластық құрылымның пайда болуының негіздерінде оның осы кең ауқымды жаратылыстық-болмыстық сипаттағы категориалдық мәні бар аса маңызды қатынастарды (мезгіл, мекен, себеп-салдар, шарт т.б.) тілдік бейнелеу мақсаты жатыр деп білеміз.

Жай сөйлем мен құрмалас сөйлем өздерінің коммуникативтік мақсаттары тұрғысынан да ерекшеленіп тұрады,- деуіміздің себебі де осында. Айталық, жай сөйлемдерді олардың коммуникативтік мақсаты тұрғысынан үш түрге бөлсек (хабарлы, сұраулы, бұйрықты), осындай негізгі үш түрлі қатысымдық мақсат құрмалас сөйлемдерде де бар. Бірақ құрмаластардың жай сөйлемдерден басты ерекшелігіне орай, бұлардағы коммуникативтік мақсаттың ерекше түрі – жоғарыда айтып өткеніміздей, тек құрмалас сөйлемдерге ғана тән ерекшелік, ол - кең мағынадағы жаратылыстық-болмыстық сипаттағы заңдылықтарды тілде бейнелеу мақсаты болып табылады. Яғни екі түрлі оқиға-құбылыстың арасындағы байланыстылықтың заңдылығын тілде тек құрмалас сөйлемдер ғана бейнелей алады.

Жай сөйлемдер мен сөз тіркестерінің арасындағы синтакистік қатынастар сөйлеммүшелік қатынас деңгейінде ғана болады. Кезінде қазақ тіл білімінде сабақтастардың бағыныңқы сыңарларын басыңқының бір мүшесі ретінде қарастырған көзқарас болғаны белгілі (Н.Сауранбаев, С.Жиенбаев,т.б.), тіпте осындай көзқарастың кейбір түркі тілдерінде әлі де қолданылып келе жатқаны белгілі. Бірақ осындай көзқарас, біздіңше, құрмалас сөйлемнің жай сөйлемдерден өзіндік ерекшелігін, яғни құрмалас сыңарларының тек сөйлеммүшелік деңгейдегі қатынастарды емес, кең ауқымды жаратылыстық-болмыстық байланыстар заңдылығын бейнелейтіндігін ескермеуден болған деп түсінеміз.

Проф. Р.С.Әмір құрмаластық құрылымның пайда болуындағы коммуникативтік мақсаттар мен сөйлеушінің тілдік талғамына байланысты мәселелерге баса назар аударады. Ғалымның пікірінше, сабақтас құрмалас сөйлемдер тізбектілік талабын атқарады. Салалас құрмалас сөйлемдер сегменттік талабын өтейді. Қазақша сөзде, лебізде тізбекті етіп құрау қалаулы. Осы себептен сабақтас құрмалас сөйлемдер басым жұмсалады Ол, сондай-ақ, тізбектілік құрылымның (сабақтастың) таңдаулы болуы адамның о бастағы табиғат құбылыстарын, табиғаттағы заттарды көру, тану, айту дәстүріне байланысты, соны үлгі ету дәстүріне байланысты орныққанын айтады. Адам бұл айтылғандардың орналасу ретін, бірінен соң бірінің ілесіп келу ретін қуып көрген, айтқан, таныған. Осы дәстүр, тәртіп синтаксистегі тізбектіліктің орнығуына, қалаулы болуына негіз болды»[5; 28],- дейді.

Ғалым бұл жерде сабақтастық құрылымның о баста пайда болуына негіз болған басты факторды өте орынды көрсетіп отыр. Ол: «...адамның о бастағы табиғат құбылыстарын, табиғаттағы заттарды көру, тану, айту дәстүріне... » дегенде, құрмаластық құрылымның жаратылыс-болмыстық заңдылықтарды бейнелеу мақсатында пайда болғанын айтып отыр деп білеміз.

Біздіңше, тек сабақтас құрмаластар ғана емес, жалпы құрмаластық құрылымдардың қай-қайсы да жаратылыс-болмыстағы алуан түрлі құбылыстардың жалпы заңдылықтарын, біз жоғарыда атап өткен философиялық категориялар дәрежесіндегі мезгілдік, мекендік, себеп-салдарлық, шарттық т.б. қатынастардың заңдылықтарын тілдік бейнелеу мақсатында пайда болған. Бірақ, соның өзінде, проф. Р.Әмір атап көрсеткендей, тізбектілік сипаттағы құрылым мен сегменттік сипаттағы құрылымның, яғни сабақтастық және салаластық құрылымдардың өзіндік ерекшеліктері бары да ақиқат. Ол, шынында да, тек қана грамматикалық формалар түріндегі ерекшеліктер емес, белгілі бір нақты коммуникативтік талаптарды қанағаттандыруға арналған құрылымдық ерекшеліктер болып табылады.

Осы тұрғыдан келгенде, құрмаластың басқа мағыналық түрлеріне қарағанда, шарттылық қатынастағы сөйлемдердің сегментті құрылымды түрлерінен гөрі тізбекті құрылымды түрлері әлдеқайда мол кездеседі. Ал сегменттік құрылымдардың, яки салаластық құрылымдардың, тілдік қолданыстары, тілде сирек қолданылса да, ерекше модальдық, стильдік реңдерді бейнелеу мақсатында қолданылатын тәрізді.

Қазіргі тіл білімінің тілдік деректерді функционалдық-семантикалық тұрғыдан зерттеу бағыты алдыңғы орынға тілдің қызметтік және танымдық функцияларын шығара отырып, тілдік құбылысты тұтастай организм ретінде қарастырып, оны бүкіл болмысымен бірге алып қарастыруды мақсат еетді.
Мәселеге тіл және болмыс, тілдің болмысты бейнелеуі тұрғысынан келсек, біз құрмалас сөйлемдердің болмысты бейнелеуінің алуан түрлі ерекшеліктері бар екенін аңғарамыз. Айталық, біз болмыс ұғымын ең әуелі, жоғарыдағы белгілі ғалымдар айтып өткендей, жаратылыстық болмыс түрінде түсінеміз. Жаратылытсық болмыс дегеніміз – біздің айналамызда болып жатқан алуан түрлі жаратылыстық, табиғи құбылыстардың арасындағы қатынастар. Тілде адам баласы айнала табиғаттағы бірімен бірі байланысты болып келетін құбылыстарды, олардың арасындағы заңдылықтарды бейнелеуді мақсат еткен.

Бұл бұрынғы құрылымдық тіл білімінде аса ескеріле қоймағанымен, қазіргі функционалдық-семантикалық тіл білімінде басты назарда болуы керек екені көрініп отыр. Орыс тіл білімінде бұл жайлар бірқатар еңбектерде қарастырылып, ғалымдар пікірі, негізінен, бұл бағыттың дұрыс екендігін көрсетуде. Соның өзінде мәселеге нақты келу қажеттілігі де көрінеді. Әдетте синтаксистік қатынас тек жаратылыстық-болмыстық құбылыстар арасында ғана қарастырылып жүр. Бірақ тілдік деректерде таза жаратылыстық-болмыстық құбылыстарды бейнелеу мен ментальдық болмыс құбылыстарын тілдік бейнелеу арасында айырмашылықтар бар екені байқалады. Содан да болса керек, орыс тіл білімінде нақты денотаттық құбылыстар мен ментальдық құбылыстардың тілдік бейнеленуі арасындағы ерекшеліктерге назар аударылуда. Мысалы, С.А.Шувалова екі немесе онан да көп денотатты құрылымдардың, автордың айтуынша, бірінші топтағы (І класс) құрылымдардың, өз ішінде екі түрге бөлінетіндігін, солардың екінші тобында сөйлеуші субъектінің бағалаушылық көзқарасы қатысатындығын айтады. Ол құрмалас сөйлем құрылымына «диктум - модус» тұрғысынан келе отырып, құрмалас сөйлемдерді осы диктум-модустық тұрғыдан қарастырғанда ғана олардың ерекшеліктерін айқын аңғаруға болатындығын айтады. Ғалым осы негізде орыс тіліндегі құрмалас сөйлемдерді екі түрлі класқа (топқа) бөледі. І топтағы сөйлемдер өз ішінде: а) құбылыстар арасындағы обьективті қатынастарды бейнелейтін мағыналар; 2) құрамында кейбір бейнелеу, бағалау сипатындағы ментальдық жағдайлар көрінетін құрмаластар [6; 25]. Автор М.И.Черемисина мен Т.А.Колосовалардың пікірлеріне сүйене отырып, осы ойлау, түсіну, бағалау фактісінің өзі оқиға (событие) екендігі, яғни осындай кейбір бағалаушылық мағынадағы сыңарларда да денотаттық сипат болатындығы туралы тұжырым жасайды. Мысалы, автордың айтуынша, Петя убежден, что произошла ошибка. Маше хочеться, чтобы поскорее наступило лето. Тане показалось, что в темноте кто-то прячется.- деген тәрізді сөйлемдерді толық мәніндегі құрмаластық құрылым ретінде тануға болады. Келтірілген сөйлемдердегі модустық сипаттағы сыңарлар (Петя убежден, Маше хочеться, Тане показалось) толық мәнді сыңар, яки компонент болады. Көріп отырғанымыздай, осы тәріздес пікірлердегі ментальдық ой сөйлеуші субьектінің таза субьективті пікірі болмағандықтан, яки онда сөйлеуші субьект өзінің обьективті пікірін білдіріп отырғандықтан, мұндай құрылымдар бірінші топтағы құрылымдарға, яки денотативті негіздегі, жаратылыстық-болмыстық сипаттағы құрылымдарға жақын тұрып, соның бір түрі ретінде қарастырылады.

Тіл білімінде құрмалас сөйлемдерді жаратылыстық-болмыстық және ментальдық сипаттағы сөйлемдер ретінде ажырата қарау идеясы басқа да бірқатар ғалымдардың еңбектерінде кездседі. Мысалы, Л.Л. Бабалова себеп бағыныңқы (причинной зависимости) сөйлемдерде себептік байланыс екі сыңардын диктум-диктумдық қатысы арқылы айқындалады, ал себеп негізді (причинной обусловленности) сөйлемдерде себептік қатынас аралық бөлік арқылы, яки басыңқы сыңарда көрінетін модустық элемент арқылы айқындалады деген пікір айтады [7; 5]. Мұның өзі тілдік құбылыстың жаратылыс-болмыс пен ментальдық дүниені бейнелеуінің өзіндік ерекшеліктерінен туындап отырғаны да түсінікті болса керек.

Сонымен, біз шарт қатынасындағы құрмаластардың синтаксистік табиғатын тануда да жаратылыстық-болмыстық құбылыстар мен ментальдық құбылыстардың тілде бейнелену ерекшеліктерін ажырата қарастыруды жөн көреміз.



Жаратылыстық-болмыстық байланыстардың шарт құрылымдары арқылы берілуі. Әдетте тіліміздегі шартты бағыныңқы сабақтас деп аталып жүрген сөйлемдердің алғашқы сыңары шарт мағыналы, ал басыңқы сыңары нәтиже мағыналы сыңар ретінде танылады. Ал тілдік деректерге қарасақ, бірқатар жағдайларда «шарт – нәтиже» қатынасы байқала бермейтінін көреміз. Мысалы, мына төмендегі сөйлемдерге назар аударалық: 1. Жаңбыр жауса, жер көгереді. 2. Оның автомат мылтық екенін білем: бір атқаннан кейін тілін жібермей тартып тұрсаң, кезекпен барлық оғын бірінің артынан бірін шығарады. 3. Балаң бала болсын десең, оқыт, мал аяма (Абай). 4. Шынайы суреткер бір тұста тым-тырыс қалса, оған таң қалмаған жөн (Ә.Кекілбаев).

Келтірілген сөйлемдердегі алғашқы екі мысалдағы шарт – нәтиже қатынасы айқын болғанымен, соңғы екі сөйлемдегі басыңқы сыңарлар мағынасын алғашқыдағы шарттың тікелей нәтижесі деп түсінуге келмейді. Алғашқы екі сөйлемнің басыңқы сыңарларындағы ой бағыныңқыдағы шарттың тікелей нәтижесі, табиғи (заңды) салдары ретінде көрінеді де, ал соңғы топтағы сөйлемдердегі басыңқы сыңарларда сөйлеушінің пікірі айтылған. Сондықтан соңғы жағдайдағы басыңқы сыңрдың білдіретін ойының бағыныңқыдағы шарттың нақты нәтижесі болмай, мағыналық жақтан алуан түрлі болып келу мүмкіндігі бар. Ол сөйлеушінің таным-түсінігіне, коммуникативтік (қатысымдық) мақсатына, интеллектісіне, т.б. байланысты болуы мүмкін. Сондықтанда алғашқы топтағы сөйлемдер сипатын жаратылыстық-табиғи құбылыстарға қатысты шарт-нәтиже қатынасындағы шарт мағыналы сөйлемдер десек, соңғы жағдайлардағы шарттылықтың сипатын алғашқы топтағыдан ажырата қарап, «шарт-нәтиже» қатысы емес, «шарт-пікір (тұжырым)» қатысындағы сөйлемдер ретінде қараған жөн деп білеміз. Соның өзінде алғашқы топтағы, яки жаратылыстық-болмыстық деп аталған топтағы сөйлемдер табиғаты да өз ішінде мағыналық және қызметтік жақтан екі түрлі салаға ажыратылатыны көрінеді. Біз мұның бірін табиғи болмыстық құбылыстарға қатысты сөйлемдер деп, ал екіншісін қоғамдық-әлеуметтік болмысқа қатысты сөйлемдер деп ажыраттық. Табиғи құбылыстарға қатысты сөйлемдердің өзіндік қолданыс аймағы бар. Олар, негізінен, ғылыми стиль саласындағы нақты болмыстық құбылыстардың заңдылықтарын бейнелеуде жиі қолданылады. Мысалы: Екіге екі қоссақ, төрт болады. Қайнау температурасы жүз градусқа жетсе, су буға айналады.

Табиғи-жаратылыстық болмыстан өзге қоғамдық-әлеуметтік болмыс құбылыстарына қатысты бірқатар шарт қатынасындағы құрылымдар да айқын шарт түрінде көрінетіні аңғарылады. Бұл қатардағы құрылымдық-семантикалық топтың мағынасы күнделікті өмір-тіршіліктің алуан түрлі мәселелеріне қатысты болып, сыңарлары арасындағы мағыналық байланыс шарт-нәтиже қатынасында көрінеді. Бұлардың қатарында таза денотат-денотат қатысында көрінетін құрылымдар да, сондай-ақ бір сыңары модустық сипатта көрінетін құрылымдар да бола алады. 1.Тас көмір тереңнен шығатын болса, қазған шахта да терең болады (С.Сейф.).

2. Егер мал шаруашылығы ірілендірілген болса, ондағы жұмыс әдістерін механикаландырумен бірге автоматты жүйеге көшіру ісі жеделдер еді. Келтірілген мысалдардың алғашқысы таза денотат – денотат сипатында келген болса, екінші мысалдың басыңқы сыңарында сөйлеуші субьектінің модустық сипаттағы ойы болжалды келер шақ түрі арқылы көрінген.

Жаратылыстық - болмыстық шарттың аталған екі түрінде де адам тек баяндаушы, мұнда оның әр түрлі пікірлеріне, ойларына қатысты субъективті модальдылық белгілері көрінбейді, тек алғашқы сыңардағы шартты рай тұлғасының шарт мағынасы жалпы болжалдық сипаттағы (гипотетичность) объективті модальдылық түрінде көрінеді де, басыңқыдағы модальдылық субьективті модальдылық емес, жалпы сипаттағы болжал, мақсат, т.б. түрінде көрінеді.

Табиғи болмыстық шарттағы адам (сөйлеуші субъект) факторы, баяндалған іс-әрекетке еш қатыссыз, тек баяндаушы ретінде ғана көрінсе, Қоғамдық - әлеуметтік болмыстағы сөйлеуші факторы модальдық ыңғайда айқынырақ байқалады. Мына сөйлемдерге назар аударайық: 1. Тек су ғана берсең, келер күз мыңдаған гектар жерге ормандар, мақталар, күріштер, басқа егістер қаулап өскелі тұр! 2. Жерге алғашқы қырбық қар түсіп, күн суытса, аң-құс азаяды. 3. Суық ұстасам, ауырам да қалам. Келтірілген сөйлемдердің алғашқы екеуі табиғи құбылысқа қатысты болып келсе, соңғысы қоғамдық әлеуметтік сипатта келген. Мұның қоғамдық әлеуметтік сипатта болатынының басты белгісі – адамға, адамның алуан түрлі жағдайларына байланысты болатынында. Біз бұл аталған екі топтағы сөйлемдерді де бірыңғай жүйеде қарап, жаратылыстық-болмыстық шарт құрмаластар деп атадық. Осындай құрылымдарға тән негізгі ерекшеліктер ретінде мына төмендегі жайларды айтуға болады:

Біріншіден, жаратылыстық-болмыстық сипаттағы шарт құрмаластар негізінен, табиғи құбылыстардың, сондай-ақ қоғамдық-әлеуметтік құбылыстардың жүзеге асуындағы шарт қатынасын білдіреді, сондықтанда бұларда шарт мағынасы айқын шарт түрінде көрінеді. Мысалы: Жылымық болса, жаңбыр жауады /Ж.Аймауытов/. Далада қар ери бастаса, біздің үй де жыли бастайды. Тымық ауаны тілгілеп сумаңдаған жел шидім – шидім шилерді бас салып жұлмаласа, сыңсыған әлсіз үн шығарады.

Екіншіден, Айқын шарт мағынасы шарт-нәтиже қатынасында бейнеленеді. Сондай-ақ, бұл - тек екі түрлі іс-әрекеттің арасында болатын құбылыс. Бір құбылыстың, оқиғаның болуы немесе болмауына байланысты екінші бір құбылыс болады, не болмайды, Нақтырақ айтсақ, мұнда үшінші құбылыс не үшінші субьект араласпайды.

Үшіншіден, жаратылыстық-болмыстық сипаттағы құрмаластарда субьективті модальдық реңдер барынша аз көрінеді де, мұның өзі олардың шарт мағынасын айқын білдіріп тұруына жағдай жасайды.

Төртіншіден, тек табиғи құбылыстарды ғана емес, қоғамдық-әлеуметтік

болмыстағы нақты іс-әрекетті диктум-диктум қатынасында бейнелейтін шарт қатынасындағы құрмаластарды да жаратылыстық-болмыстық сипаттағы шарт құрмаластардың қатарында қарастырамыз. Мысалы: Өйткені тағы бір сәт орақ сілтесе, анық қалың төбелес басталғалы тұр. Сын тезі құрылмай, әдебиет сөзі сындарлы болып шыға алмайды (А.Байт). Егер бүгінгі жұмысты да уақытында аяқтасақ, басшылықтың арнайы сыйы дайын, жігіттер(Жас Алаш).

Келтірілген мысалдардағы іс-әрекет табиғат құбылыстарына байланысты оқиғаларды емес, сөйлеушінің қоғамдық болмыстағы бірімен-бірі шарт қатынасында келетін іс-әрекеттер туралы баяндайтын пікірлері болып келген.

Бесіншіден, жаратылыстық-болмыстық не қоғамдық болмыстық құбылыстарға қатысты шарттылық құрылымдар, негізінен, дара субьектілі құрылымдар болып келеді, яғни бұлардың сыңарларының баяндауыштары ортақ емес, жеке-жеке болады. Жоғарыда келтірілген мысалдардан бұл айқын көрінеді.

Орыс тілі деректері бойынша айқын шарт қатынасының үлгі моделі ретінде Е.Э.Разлогова мына мысалдарды келтіреді: Если Петя получит двойку на вступительном экзамене, он не поступит в университет. Если абитуриент получает двойку на вступительном экзамене, он не поступает в высшее учебное заведение.» -[8; 57]. Мұнда автордың қоғамдық болмыс оқиғасын айқын шарт үлгісі ретінде танып отырғанын көреміз. Тілдік деректерді тереңдей зерттеу барысында біз шарт қатынасының «шарт-нәтиже» түріндегі эталондық үлгісі ретінде қандай құрылымдық-семантикалық модельді таңдап алу керектігі туралы мәселені басты назарда ұстандық. Біздіңше, осындай модель ретінде жаратылыстық-болмыстық сипаттағы «Жаңбыр жауса, жер көгереді» үлгісіндегі модель орынды келмек. Ал қоғамдық-әлеуметтік болмыс құбылыстарын бейнелейтін құрылымдық-мағыналық бірліктерде, жоғарыда айтып өткеніміздей, кейде субьективті пікірдің көрінісі ретіндегі қосымша реңдердің көрінетіні болады. Алуан түрлі өзге құрылымдық-семантикалық модельдер осы табиғи шарт негізіндегі құрылымдық-семантикалық үлгінің айналасына, оның жақын және алыс аймақтарына (орталық және периферия) топтастырылуы керек деп білеміз. Шарт қатынасының осындай сөйлемдерде (Жаңбыр жауса, жер көгереді. Жан қиналмай, жұмыс бітпес) айқын көрінуі мұндай сөйлемдердің жаратылыстық-болмыстық сипатымен байланысты.

Менталь шарт қатынасындағы құрылымдар. Тілімізде жоғарыда айтып өткен жаратылыстық-болмыстық шарт түрлерінен өзгеше ерекшеленіп тұратын бірқатар шарт қатынасындағы сөйлемдерді біз менталь шарт қатынасындағы құрмаластар деп атадық. Бұл топтағы сөйлемдерде ментальдық белгілер сөйлеушінің модальдық сипаттағы көзқарас, пікірлерімен астаса, алуан түрлі модустық ыңғайда түрленіп келеді. Мысалы: Егер сиқыршыдан қорықсаң, әке-шешем кешіктірді де. Әке-шешең тергесе, сиқыршы жібермей қойды де (М.Исаұлы). Егерде мұндай адамға мені малға сататын болса, мен тәңір алдында көз жасымды кешпеймін! Біз бұларды жаратылыстық-болмыстық шарт тобынан бөлектеп, өз алдына бір топ ретінде ажыратып, ментальдық сипаттағы құрмаластар ретінде қарастырамыз. Ментальдық сипаттағы шарт қатынасындағы сөйлемдердің тілімізде қолданылу аумағы өте кең. Ментальдық шарттағы а д а м - бағыныңқыдағы шарт мағынасының басыңқы сыңар арқылы қалайша өзгеріп көрінетінін айқындайтын белсенді тұлға. Ол басыңқы сыңар арқылы пікір білдіруші, талап қоюшы, түсіндіруші т.б. ролін атқарады.

Мысалы, жоғарыдағы сөйлемдердегі басыңқы сыңарлардың мағыналары бағыныңқыдағы шарттың тікелей заңды түрдегі нәтижесі ретінде туындап отырған жоқ, ол - сөйлеуші субъектінің сол шартта қойылған проблеманы (жағдайды) шешуінің өзіндік жауабы, сол жауаптың бір нұсқасы ретінде ұсынылған пікірі ретінде көрінеді. Мұның, жоғарыда айтып өткеніміздей, басқа да алуан түрлі нұсқалары болуы әбден мүмкін. Ал жаратылыстық-болмыстық шартта мұндай алуан түрлілікке жол шектеулі. Осылайша басыңқы сыңардағы ой бағыныңқы сыңарда қойылған проблеманың белгілі бір субьективтік сипаттағы шешімі түрінде, не оған қатысты ой, көзқарас, пікір, т.б. түрінде келетін шарт құрылымдағы сөйлемдерді шарт қатынасындағы сөйлемдердің ерекше түрі ретінде ажырата қараймыз.

Демек, шарттың нақты іс-әрекетке қойылуы бір бөлек те, ментальды іс - әрекетке қойылуы екінші басқа. Сондай-ақ, нәтиже де, қарап тұрсақ, менталь шартқа қарағанда іс -әрекет шартта нақты, обьективті болады. Ал ментальды шартта басыңқы сыңар мағынасын нәтиже деп емес, тұжырым, нұсқау, т.б. алуан түрде түсінеміз.

Бірақ бұл ментальды шарт сөйлемдерде айқын шарт көрінбейді дегендік емес, әрине. Егер активке сүйене отырып, солар арқылы халықты басқара білсеңіз, орындалмайтын іс жоқ (С.Мұқ.). Әгәр екеуіңіз қолдасаңыз, оның үстіне елді біз үгіттесек, сіздер ұсынған кедей дауысты көп алуында күман жоқ (Ғ.Мұст). Келтірілген сөйлемдердегі сыңарлар арасындағы шарт мағынасы айқын. Бірақ жаратылыстық-болмыстық шартқа қарағанда ментальдық шарт мағынасы шарт жүйесінің орталығында (центрде) емес, оның айналасында (периферияда) орналасады. Айқын ментальдық шарт түріндегі құрылымдық-семантикалық бірліктер орталыққа, яки жаратылыстық-болмыстық шартқа ең жақын орналасқан бірліктер ретінде танылғаны жөн деп білеміз.

Сонымен, қорыта келгенде, біз шарт қатынасындағы құрмаластық құрылымдарды олардың болмыстық құбылыстарды тілде бейнелеуінің алуан түрлі танымдық ыңғайына қарай, негізгі екі топқа ажырата қарастырдық:


  1. Жаратылыстық-болмыстық шарт;

  2. Ментальдық шарт.

Мұндағы жаратылыстық-болмыстық шарт өз ішінде :

  1. Табиғи болмыстық шарт;

  2. Қоғамдық-әлеуметтік болмыстық шарт түрінде ажыратылады.

Ал бұлардағы шарт қатынасының дәреже-деңгейіне байланысты қарастырсақ, таза табиғи құбылыстарға тән табиғи-болмыстық шарт қатынастары орталықта (центрде) тұрады да, олардан кейінгі екінші орында қоғамдық-әлеуметтік болмыс құбылыстарына тән шарт қатынастары орналасады. Ментальды шарттың айқын түрі үшінші қатарда тұрады да, өзге ментальдық құрылымдық-мағыналық бірліктер кейінгі орындарда өз реттерімен орналасатын болады.

Менталь шарт құрылымдарда құрмаластың бір сыңары, не екі сыңары да сөйлеуші субьектінің модустық сипаттағы субьективті пікірімен, ойымен, алуан түрлі басқа да сезімдерімен байланысты болып келеді. Мысалы: Сен ұялтар іс қылсаң, мен ұялмай аман қалар дегенге итім сенер ме?(М.Әуез.)- дегенде, алғашқы сыңар диктумдық сипатта келіп, өмірдегі болатын іс-әрекетке, оқиғаға қатысты болып тұрса, соңғысы сөйлеушінің модустық сипаттағы ойын, сезімін білдіріп, ментальдық мәнде келіп отыр.

Мына төменде келтірілген сөйлемді де біз осындай сөйлем деп білеміз: Ел мекендеген Сырдың бір шығанағына колхоз орнаса, .... сол жерде орнаған колхозды Кеңтоғай атаса, бұдан қолайлы ат бола ма?(С.Мұқ.).

Осындай ментальдық сипаттағы құрмаластардың басыңқы сыңарларында әдеттегі айқын шарт қатынасындағы сөйлемдердегідей тікелей шарт-нәтиже қатынасы емес, шарт-тұжырым, шарт-пікір, шарт-нұсқау, т.б. мағыналық сипаттар көрінетіні байқалады. Мысалы: Ел болсаң, ер болсаң, өстісең керек қой. Мұндағы басыңқы сыңар бағыныңқыдағы шарттың тікелей нәтижесі емес, сөйлеушінің ой-тұжырымы ретінде келген.

Әдетте табиғи-жаратылыстық болмыс тұрғысынан айқын шарт болып келетін құрылымдар тобына қосуға келе бермейтін осындай ментальдық сипаттағы құрылымдық-мағыналық ерекшеліктер өздеріндегі шарт дәрежесінің деңгейімен де, модальдық тұрғыдағы ерекшеліктерімен де алуан сипатта келеді. Сондықтанда бұл жағдай осындай тілдік деректердің, яки айқын шарт түріне қосылу мүмкіндігі шектеулі көрінетін біралуан тілдік деректердің, менталь шарт түрінде дәрежеленуіне мүмкіндік береді. Біз төменде осындай құрылымдық-мағыналық бірліктердің кей түрлеріне тоқталамыз.

1. Қайталама баяндауышты құрмаластар. Тілімізде өзінің құрылымдық-мағыналық сипаттары жағынан ерекшеленіп келетін кейбір шартты рай тұлғалы құрмалас сөйлемдер кездеседі. Мысалы: Егер сен өмірде қателессең, өз бақытың үшін күресіп жүріп қателестің (Қ.Жиенбаев). Олар мені бүгін аяп отырған болса, екі ел арасындағы жанжалдың ушығып кетпеуі үшін аяп отыр (Б.Майлин). Осындай құрылымдағы сөйлемдердің бағыныңқы сыңарларында белгілі бір ой айтылады да, ал басыңқысы сол ойды нақтылай түсіп, белгілі бір тұрғыдан баяндау түрінде тұжырым жасайды. Мұның тағы бір құрылымдық ерекшелігі бағыныңқы сыңар баяндауышының басыңқы сыңарда да сол баяндауыштық қызметте қайтара қолданылуында. Орыс тіл білімінде осындай сөйлемдерді шарт-айырым (условно-выделительные) түріндегі сөйлемдер ретінде ажырата қарастырады.

Кейбір ғалымдар (М.Кубик) осындай құрылымдағы сөйлемдерді құрмаластар қатарында қараудың реті жоқ деп есептейді. Біздіңше, бұл көзқарас шарт қатысындағы құрылымдарды бірыңғай жаратылыстық-болмыстық тұрғыдан ғана қарастырып, оның ментальдық сипаттағы ерекшеліктерін ескермей, назардан тыс қалдырудан деп білеміз. Т.А.Колосова бұлардың құрылымдық ерекшеліктерінің құрмаластық сипатын, ал мағыналық жақтан дара оқиғалық (монособытийность) сипатын ескере келіп, құрмаластық құрылымдар қатарында қарау жөн деп таниды. Мағыналық жақтан дара оқиғалық сипат деп отырғанымыз да сол жаратылыстық-болмыстық көзқарас тұрғысынан ғана дұрыс болмақ. Егер мәселеге ментальдық шарт тұрғысынан келер болсақ, мұндағы алғашқы сыңарды сөйлеуші субьектінің логикалық ойлау жүйесін бейнелеп тұрған ментальдық құрылымға тән табиғи ой орамы деп бағалауға мүмкіндік бар. Шынында да, ментальдық сипатта келетін осындай құрмаластардың сыңарлар арасындағы шарт мағынасы айқын көрінбей, сөйлеуші субъектінің ішкі ойлау жүйесінің ерекшелігі ретінде бейнеленіп тұрады. Біз мұны ментальдық сипаттағы шарт құрмаластардың табиғатына тән өзіндік ерекшелік деп танимыз.

2.Модустық бағыныңқылы менталь-шарт құрмаластар. Мына төмендегі құрылымдардан әдетте қыстырмалы құрылым, яки оқшау сөздер деп аталып жүрген құрылымдық-мағыналық бірліктердің ментальдық тұрғыдан қарағанда, өзіндік ерекшелігімен көрінетін сыңар ретінде қарастырылу мүмкіндігі бар екенін аңғарар едік.

Әттең, жағдай келсе, оқуымды одан әрі жалғастырып, Алматыға аттанар едім. Шынымды айтсам, кітап жазып, жазушы болғым келеді. Білгіңіз келсе, публицистика деген бөлім жоқ (А.Машани). Алтай ағамызға салсақ, арақты ішу түгіл оны үйде ұстаудың өзі күнә еді(А. Машани). Амандық болса, қысқы оқуға мектеп үйін дайындап алсақ, одан қуаныш не бар! Байлар, қолынан келсе, бізді аяйын деп отырған жоқ. -Менен кедей емессіңдер ғой, керек болса, сатып алыңдар.

Кетірілген мысалдардағы бағыныңқы сыңарларды ғалым Қ.Есенов шарт қатынасындағы құрылымдар қатарында емес, жай сөйлем құрамындағы оқшау сөздер, яки қыстырмалар мен оңашаланған айқындауыштар қатарында қарастырған. Бірақ, бажайлай қарасақ, осы сөйлемдердің аталмыш автордың шарт қатынасындағы құрмалас сөйлем ретінде келтірген Ақылымды алар болса, Базекең бұл өлкенің елінен қайыр күтпесін,- деген сөйлемінен пәлендей айырмасы жоқ. Мұндағы «Ақылымды алса» (алар болса) деген бағыныңқы сыңарды да қыстырмалық тұрғыда қарауға болар еді. Орыс тіл білімінде осындай құрылымдық-мағыналық бірліктерді сыңарлардың орналасу орынына қарай ажырату жайы да бар, яки интерпозицияда бұлар оқшау сөз ретінде қарастырылады да, препозицияда құрмаластық құрылым ретінде танылады. Жаратылыстық-болмыстық құбылыстар табиғатынан ментальдық құбылыстар табиғатының тілде бейнеленуінің өзіндік ерекшелігі ретінде біз осы тәрізді құрылымдарды құрмаластық құрылымдар ретінде танып, бұлардағы бағыныңқы сыңарларды толық мәніндегі компонент ретінде мойындауды жөн деп білеміз. Мұнда біз сонымен қатар, ментальдық тұрғыдан келгенде, ойлаудың белгілі бір жүйесі, ой орамы ретінде көрінетін осындай құрылымдар құрылымдық табиғаты жағынан да кәдуілгі сөйлемдерге барынша жақын келетіндігін, осындай сипаттағы тілдік бірліктердің тілімізде аса мол кездесетінін және олардың алуан түрлі мағыналық сипатта келе алатындығын да ескереміз. Мұның өзі, екінші жағынан, тілімізде молынан қолданылатын осындай тілдік бірліктердің синтаксистік жүйедегі статусын қайта қарау, олардың тілдегі қызметін жаңаша бағалау болып табылады деп білеміз. Ментальдық сипаттағы құрылымдардың ауқымына мұнан да өзге бірқатар құрылымдар өздерінің алуан түрлі синтаксистік ерекшеліктерімен ене алады. Біз бұларды модустық бағыныңқылы менталь шарт құрылымдар деп атадық.

Біздіңше, әдетте ортақ субьектіге қатысты болатын шарт қатынасындағы құрмаластар да ментальдық сипаттағы шартты құрылымдар болып келетін тәрізді.

Сыңарлар арақатынасының диктум-модустық жүйеде көрінуі.

Мұнан әрі біз құрмаластық құрылымдарды денотат-модус ыңғайында ажырата отырып, олардың ішкі ерекшеліктерін ашуға талап жасайтын боламыз. Тілдік құбылыстың ішкі ерекшеліктеріне көз салсақ, әуелде тілде жаратылыстық-болмыстық сипаттағы заңдылықтар бейнеленіп, келе-келе осы үлгімен ментальдық сипаттағы құбылыстарды да бейнелеу жүзеге асқан деп ойлаймыз. Жалпы, әдетте, тілде диктум-диктум сипатында келетін жаратылыстық – болмыстық құбылыстар арасындағы заңдылықтар өзінің айқындық сипатымен ерекшеленеді. Ал, диктум-модус немесе модус-модус сипатында келетін ментальдық сипаттағы құрмалас сөйлемдерде адамның алуан түрлі ой-тұжырымдары, сезімдері, пікірлері, модальдық сипаттағы көзқарастары бейнеленетін болғандықтан, осындай құрмаластардың сыңарлары арасындағы синтаксистік қатынасты айқындау бірқатар қиыншылықтар келтіреді.

Біз мұнда ментальдық сипаттағы құрмаластық құрылымдардың тек сөйлемге модальдық мән беріп қана қоймай, сонымен бірге оның синтаксистік қатынас сипатына да өзгеріс әкелетінін, яки диктумдық жүйеге модустың енгізілуі тек қана модальдық ерекшеліктерімен емес, тұтастай құрмаластың сипатын өзгертетіндей әсерімен ерекшеленетінін көреміз.

Ментальды шарт құрмаластардағы құраушы сыңарлардың құрылымдық-мағыналық сипаттары әралуан болып келеді. Мұнда, әсіресе, басыңқы сыңардың сипаты алуан түрлі көрінетіні айқын байқалып тұрады. Осы ерекшелігіне қарап, біз бұлардың сыңарларын жеке-жеке алып ажырата қарап, әрқайсысының тұтастай құрмаластың құрылымдық-семантикалық сипатына жасайтын әсер-ықпалын тереңдей талдауды мақсат етеміз.



Менталь шарт-жағдай және шарт қатынасының көлегейленуі. Шарт қатынасындағы құрылымдарда бағыныңқы сыңардағы шартты рай тұлғасының беретін шарт мағынасы кейде басыңқы сыңардың құрылымдық-мағыналық ерекшеліктеріне орай айқын шарт түрінде емес, солғынданып, көлегейленіп келуі мүмкін. Мұндай жағдайда шарт қатынасы айқын әрекет-шарт емес, жағдай-шарт түрінде көрінеді. Қазірде осы екі түрлі сипаттағы құрылымдық-семантикалық жүйе, яки таза шарттылық қатынас пен ситуативтік сипаттағы құрылымдық-семантикалық жүйе арасы ажыратылмағандықтан, бірқатар мәселелер өз шешімін таппай отыр.

Мына сөйлемдерде бағыныңқы сыңар шартты рай тұлғасында келгенімен, басыңқының мағыналық қатысы ыңғайында ол (бағыныңқы) айқын шарт мағынасынан ығысып, шарт-жағдай (ситуация) мағынасына келген: Ет асып шақырса, шәй қайнатып май берсе, соған қанағат қылады. Яғни «Ет асып шақырып, шәй қайнатып май берген»жағдайда соған қанағат қылады.- деген ұғым тұрады. Осы тәрізді құрылымдық-мағыналық бірліктерді біз шарт-жағдай құрылымы деп ажырата қарастырамыз. Шарт-жағдай құрылымындағы шарт мағынасы айқын шарт емес, көлегейлі шарт болады. Осындай шарт-жағдай сипатындағы құрылымдық-семантикалық құрмаластарды іштей бірнеше топқа бөлуге болар еді:

1. Шарт-нұсқау

Тентек болса, ұрып-ұрып қой. Ұрып-ұрып қоюдың шарты – тентек болуы. Бірақ нақты айқын шарт болса: Тентек болса, өзі қорлық көреді,-деген тәрізді болуы керек. Мұндағы басыңқы сыңар хабарлы сөйлеммен келеді. Ал жоғарыдағы сөйлемдегі басыңқы сыңар бұйрықты тұлғада. Бұл модальдық сипат ментальды шартқа тән. Басыңқыдағы бұйрық мағынасы сөйлемнің синтаксистік табиғатын түгелдей өзгертіп тұр. Сондай-ақ мұнда оқиғаға төрелік айтушы қосалқы субьектінің қатысуы да ментальдық құрылымның ерекшелігі болып табылады. Жоғарыда келтірілген сөйлемдерде алғашқы жағдайда басыңқы сыңар сөйлеушінің модустық сипаттағы ойы болып тұр да, соңғы жағдайда басыңқы сыңар тікелей бағыныңқының мағынасынан туындайтын нәтиже түрінде көрінеді. Демек бұл екі түрлі жағдайдағы шарт мағыналарын бірыңғай қарастырудың реті жоқ. Сондықтанда біз алғашқы сөйлемді диктум-модус сипатындағы, ал екіншіні диктум-диктум сипатындағы құрылымдар деп ажырата қарайтын боламыз. Диктум-диктум құрылымы жаратылыстық-болмыстық топқа жатады да, ал диктум-модус құрылымы ментальдық болмыс тобына жатқызылады.

Жемісті болғың келсе, кішік бол. Мұның басыңқысы да бағыныңқыдағы іс-әрекетке қатысты нұсқау тәрізді. Диктум-модус қатынасында келген осындай құрылымдарды айқын шарт қатынасынан бөлектеп, ментальдық сипаттағы екінші дәрежелі шарт түрінде қарау орынды болмақ. Мұнда да сөйлеушінің кеңесі, пікірі айтылып отыр. Ішің ауырса, аузыңды тый - дегендер де осы тәрізді. бұлардағы шарт та формальды шарт. яғни мұндағы басыңқы сыңар ментальдық сипатта келіп, бағыныңқының тікелей нтижесі емес, ондағы ойға қатысты сөйлеушінің пікірі (модус) түрінде келген. Егер Ішің ауырса, мазаң кетеді,- болса, нақты айқын шарт болар еді. Яғни бұл соңғы жағдайдағы сөйлем – таза жаратылыстық-болмыстық шарт көрінісі. Байқалып тұрғандай, берілген құрылымдық-мағыналық бірліктің өзгерісі бағыныңқының баяндауышына емес, басыңқы сыңардың мағыналық ерекшеліне, оның бағыныңқы мағынасымен ара қатынасына байланысты болып отыр.

2. Шарт-қосалқы информация.

Мысалы, мына төмендегі сөйлемде шарт мағынасы біршама көлегейленгенін көреміз: Өзі кесімді уақытта келмей қалса, менің не істеуім керек екенін айтып кететін. Мұндағы басыңқы сыңардағы іс-әрекет бағыныңқыдағы оқиғаның тікелей жалғасты нәтижесі емес, сөйлеушінің қосалқы информациясы түрінде көрінеді де, осыдан келіп, шарт мағынасы біраз көлегейленгені байқалады. Мына сөйлемнен де осы құбылысты аңғаруға болады: Егер қайтуға үлгермесе, осында қонып қалатын үйі де бар. Мұнда да шарт мағынасы қосалқы мағынамен көлегейленген түрде көрінеді. Бұл жағдай да басыңқы сыңардың бағыныңқыдан туындайтын тікелей заңды нәтиже болмай, оның сол алғашқы сыңарға қатысты қосымша информация болып тұруымен байланысты. Яки сөйлем Егер қайтуға үлгермесе, осында қонып қалады.- түрінде келсе, онда бұл тура қатынастағы айқын шарт болар еді, ал алдыңғы берілген жағдайда оның «үйі бар» екендігі туралы қосалқы информация тұтастай сөйлемнің синтаксистік табиғатына бірқатар ерекшелік ендіріп отыр.

3. Бейвербальды басыңқылы шарт

Шарт қатынасының көлегейленуінің басқа да түрлері байқалады: Түсіндірсе, үгіттесе, ел елпеңдеп дайын тұр. - деген сөйлемде басыңқы сыңар бағыныңқының нәтижесі түрінде келіп тұрған жоқ. Мұнда екі сыңардың аралығында айтылмай тұрған бір компонент (бәрі де қосыла көтеріледі деген мағынадағы) бар тәрізді. Осыдан келіп, шарт мағынасы көлегейленіп тұр. Егер осы вербалданбаған сыңарды ескерсек, осындай құрылымдағы сөйлемдерді де шарт қатынасындағы құрылым ретінде қабылдауға толық негіз бар деп білеміз.

4. Шарттың өзге синтаксистік қатынастармен бірге күрделі құрылымда келуі. Шарт қатынасындағы сөйлемдер үнемі тек екі сыңар болып, бірімен бірі ғана байланысып келе бермей, кейде ол күрделі құрылым құрамында өзге де синтаксистік қатынас түрлерімен қатарласа келетін жағдайлары да бар. Мысалы, мына сөйлемде шарт қатынасындағы құрылым препозицияда ыңғайластық қатынастағы құрылымдармен, ал интерпозицияда амал қатынасындағы сыңармен күрделеніп келген: Әйтсе де осы молданы өз ауылы сыйлайтын, сүттің уызы, қымыздың тұнығы молдаға тартылатын, молда жоқ болса, намазы қаза болғандай, келіндер де «молданы шақыр» деп отыратын.

Мына жағдайда шарт қатынасындағы құрылым төл сөздік ыңғайда күрделене келгенін көреміз: «Жер басқанға мәз болма, жерде ізің қалмаса», - дейді данышпан халқымыз.

Препозицияда себеп қатысты сыңар келеді: Екеуің бала күнде дос болып едіңдер ғой, есендесе кетпесек, өкпелер.

Интерпозицияда себеп баныңқымен күрделеніп келеді:

Сара, Ақбілектің даусы шықса, көзінің жасын көреді де, бірге жылайды.

Әдебиеттер




  1. М.Балақаев, Т.Қордабаев. Қазіргі қазақ тілі. Синтаксис. А., 1966.

  2. Ермекова Т.Н. Компоненттер құрылысының құрмалас сөйлемнің құрылымдық-семантикалық сипатына қатысы. Автореф. канд. дисс., А., 2007.

  3. А,П.Щептулин. Диалектический метод познания. М., 1983.

  4. Академик Нығмет Сауранбаевтың еңбектері. ІІ том, Алматы, 2000.

  5. Әмір Р, Әмірова Ж. Құрмалас сөйлемдерді жаңаша тануда көрінетін кейбір аспектілері // ҚРҰҒА, Хабарлары, сер. филол. 2008, №4.

6. Шувалова С.А. Смысловые отношения в сложном предложении

и способы их выражения М., 1990.

7. Л.Л.Бабалова. Семантическая разновидность..

8. Е.Э.Разлогова. О некоторых типах семантических отношений .М, 1981/




  • Егер қысқартқың келсе, 13-б.-гі Менталь шарт қатынасының көлегейленуі, - дегеннен бастап алып тастауға болар.






Каталог: sites -> default -> files -> publications
publications -> ТӘуелсіздік жылдарынан кейінгі сыр өҢірі мерзімді басылымдар: бағыт-бағдары мен бет-бейнесі
publications -> Қазақстан халқы Ассамблеясы” кафедрасының аға оқытушы ф.ғ. к. Есқараева Айгүл Дүйсенғалиқызы “абай жолы” эпопеясындағЫ Әйелдер бейнесі
publications -> О. Сүлейменов және қазақ кино өнері
publications -> Абай мен Пушкин шығармалары
publications -> Темірбек жүргеновтің Өмірі мен қызметі (Қазақстан мұрағат құжаттары негізінде) Оразбақов Айтжан Жұмабайұлы
publications -> «Мәңгілік ел – ұлттық идеясының қазақ әдебиетінде көркемдік көрініс табу дәстүрі мен инновациялық жаңашылдық мәселелері» атты Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдары
publications -> Қазақ стиль типологиясының Қалыптасуы қорқыт ата атындағы Қму доценті А. Е. Айтбаева
publications -> Ш.Құдайбердіұлы және М.Әуезов шығармашылығындағы тұтастық Нұрланова Әсем Нұрланқызы
publications -> Абай танымындағы сопылық
publications -> Қазақ әдебиетінің халықаралық байланыстары


Достарыңызбен бөлісу:


©netref.ru 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет