Құрметті жерлестер!



жүктеу 157.36 Kb.
Дата03.05.2016
өлшемі157.36 Kb.
Құрметті жерлестер!
Былтырғы жыл әлемдік қаржы дағдарысына байланысты ел экономикасына үлкен сынақ болды. Дегенмен, Мемлекет басшысының болашақты дәл болжау, кемеңгерлігі арқасында дер кезінде қабылданған тиімді шаралар нәтижесінде ел экономикасы тежеліп қалмай, ілгері қадам басуға мүмкіндік жасалды.

Республика Президенті Жолдауының басты талаптары, облыс басшылығы алға қойған тапсырмаларға сәйкес, аудандық атқарушы органдардың негізгі қызметі дағдарыс салдарын еңсере отырып, экономикалық даму тұрақтылығын сақтауға бағытталды.

Арнайы жұмыс тобы құрылып, кәсіпорындар жұмысына күнделікті мониторинг жасалып, жаңа тапсырыс берушілер мен мүдделі сатып алушыларды іздестіру жұмыстары жүргізіліп, жеңілдіктер қарастырылды. Ауданның табиғи және жер әлеуетін тиімді пайдалану жұмыстары жандандырылды.

Бұл орайда, Жаңғызтөбе кентіндегі «Тяньши» серіктестігі әк тас кен орнын игеру, зауыт құрылысы мен технологиялық құрылғыларды орнату жұмыстарын бастады.

«Горняк» серіктестігінің өндірілген өнімдерінің көлемі 2008 жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 1,3 есе көбейді. Геологиялық барлау нәтижесіне сәйкес, өндіріс қуатын арттыру мақсатында, 3 жылдың ішінде 120 мың тонна кен өндіру жөнінде Негізгі контрактіге Қосымша жасалып, Энергетика және минералды ресурстар Министрлігіне қол қоюға жолданды.

Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорнында өндірілген өнім көлемі 103 млн. теңге немесе 2008 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 2,2 есе көбейді.



Индустриялық-инновациялық жобалар бойынша «Қазақцемент» ЖШС-гі республикалық, «Теньши» және «Қарлығаш Фирмасы» серіктестіктері облыстық Индустрияландыру базасына енгізілді.

2009 жылы жалпы өңірлік өнім 8 млрд. 744 млн. теңгені құрады немесе 9 пайызға ұлғайды.

Дегенмен, өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 20 пайызға азайып, 2743,0 млн. теңгені, физикалық көлем индексі алдыңғы жыл көрсеткішінің 74,3 пайызын құрады. Бұған негізгі себеп - «Тасқара» және «Даңқ» серіктестіктерінде өндірістің төмендеуі, кейінгісінің тоқтауы болып отыр.

Георгиевка сорғы жабдықтары зауытында ірі кәсіпорындардан тапсырыстың азаюына байланысты, өндірістік көрсеткіштер 47,0 млн. теңгеге немесе 35,9 пайызға азайды.

Сонымен қатар, аталған кәсіпорындар бойынша қызметкерлерді қысқарту немесе жұмыстан босату жағдайлары орын алған жоқ.

Негізгі капиталға инвестицияның көлемі шетелдік инвестицияның азаюына байланысты алдыңғы жылғыдан 15 пайызға кеміп, 5 млрд. 620 млн. теңгені құрады.

Инвестициялық жобалар бойынша, «Тяньши» серіктестігінде 405 млн. теңгенің қаржысы игерілді, әк тас зауыты құрылысының 2-кезеңі биылғы жылға жоспарланған.

Шар қаласының маңынан «Қазақцемент» кәсіпорны жүргізіп жатқан цемент зауытының құрылысы бойынша 2 миллиард 13 млн. теңгенің инвестициялық қаражаты игерілді, зауыт үстіміздегі жылы іске қосылмақ.


Ауыл шаруашылығы саласында бәсекеге қабілетті агроөнеркәсіптік өндірісті қалыптастыру жұмыстары жүзеге асырылуда.

Өткен жылы барлығы 6 млрд. 125 млн. теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдері өндірілді, алдыңғы жылмен салыстырғанда өсім 135 пайыз. Мал басы жалпы алғанда 105 пайызға өсті.

Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, егістік көлемі 12 пайызға ұлғайтылып, 26 мың 754 гектарды құрады. Жоғары агротехникалық шараларды қолданудың нәтижесінде аудан көлемінде 23 мың 500 тонна астық, 3 мың 54 тонна күнбағыс, 4 мың 600 тонна картоп және 985 тонна көкөніс және бақша өнімдері өндірілді.

Нөлді және минималды технологияларды пайдалану үлесі артып, 8 мың 500 мың гектарға жетті немесе орташа 30 пайызға өсті.

2008 жылмен салыстырғанда ауылшаруашылық жерлері 104 мың  144 гектарға өсті. Мақсатты пайдаланылуы бойынша тексеру нәтижесінде 66 мың 260 гектар жер иесіз жер есебіне алынып, 35 мың 69 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды.

Аудан бойынша 1 ет комбинаты, 3 мал сою пункті және 7 мал сою алаңдары жұмыс істеуде. Үкімет тарапынан мал бордақылау алаңдары арқылы ет өнімін өткізуге 29,4 млн. теңге субсидиялық төлем беріліп, толығымен игерілді.

Асыл тұқымды мал басының үлесі ірі қарада - 4, қойда - 8 және жылқыда –3 пайызды құрап отыр. 8 шаруашылық құрылымы қазақтың ақ бас сиыры, жартылай қылшық жүнді «Байыс» қойы, «Жәбе» тұқымды жылқы өсірумен айналысуда. Үшбиік ауылдық округіндегі «Мүсілім» серіктестігінде ғылыми негіздегі мақсатты жұмыстар қолға алынуда.

Үкімет тарапынан асыл тұқымды шаруашылық құрылымдарына сатылған мал басына 36,4 млн. теңге субсидиялық төлем бөлініп, игерілді. Жиыны мал шаруашылығына барлығы 65,8 млн. теңге субсидия бөлініп, толығымен игерілді. Қайта өндеу саласында 120 млн. теңгенің өнімдері өндірілді. «Қалба» дайындау-өндеу бірлестігінде «Ертіс» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясымен бірлесе 156 млн. теңгеге ет, көкөніс және мал дайындап, өндеу бойынша бизнес-жоспар жасалып, бекітіліп, іске асырылуы қолға алынуда. Бағдарламаның бірінші бағыты бойынша 52 млн. теңгеге халықтан мал сатып алып, дайындау жұмыстары жүргізілуде.

«Арго» шаруа қожалығында ұн шығаратын диірмен, өсімдік майы цехы жұмыс істеп, өнімдерін арзан бағамен ұсынуда.

Агроөнеркәсіп кешенінде 2010 жылы жалпы егістік көлемін 10 пайызға өсіру, ылғал сақтау технологиясы бойынша көлемін 10 мың гектарға жеткізу, облыс әкімі тапсырмасына сәйкес картоптың көлемін 400 гектарға, көкөністі 100 гектарға жеткізу, өңдеу орындарын ашуды қамтамасыз ету жұмыстарын жүргізу алға қойылып отыр.
Кәсіпкерлік саласында 2009-2011 жылдарға арналған өңірлік бағдарлама жасалып, жүзеге асырылуда. 2008 жылдың 11 айымен салыстырғанда тіркелген шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 8,9 пайызға немесе 172 субьектіге өсіп, 2092-ге жетті. Бұл салада жұмыс істейтін адамдар саны 11 пайызға немесе 339 адамға өсті.

47 шағын кәсіпкерлік нысандары ашылып, жаңадан 112 жұмыс орны құрылды. Мемлекеттік сатып алудағы шағын кәсіпкерлік субъектілерінің үлесі жалпы соманың 81 пайызын құрады.

Шағын және орта бизнес кәсіпорындарынан жергілікті бюджетке түскен салық түсімдерінің көлемі 202 млн. теңгені құрап, 1,6 пайызға өсті.

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының» Шығыс Қазақстан филиалы тарапынан шағын және орта кәсіпкерлікті қаржыландыруды тұрақтаңдыру бағдарламасына сәйкес, екінші деңгейдегі банктер арқылы 13 жоба, жалпы сомасы 52 млн. теңгеге қаржыландырылды.



Кәсіпкерлік саласында өнеркәсіп өндірісінің тұрақтылығына қол жеткізу, шағын кәсіпкерлік қызметін кеңейту, баға деңгейін сақтау, ынтымақтастық меморандумдарын жасау бойынша жұмыстар жалғастырылуы тиіс.

Дағдарысқа қарсы кеңес пен құнсыздандыру үдерістерін тежеу жөніндегі штаб жұмысында баға деңгейі мен белгіленген іс-шаралардың орындалуы бақылауда ұсталып, тұрақты мониторинг жүргізілуде.

2009 жылдың 1 желтоқсанына тұтыну бағалары индексінің деңгейі алдыңғы жылдың 1 қаңтарымен салыстырғанда 93 пайызды құрады.

Әлеуметтік мәселелерді шешуге қолдау көрсету мақсатында 472 шағын және орта бизнес субъектілерімен 79 млн. теңгеге меморандум жасалып, толығымен орындалды.

Бұл бағыттағы жұмыстар облыс әкімінің бастамасымен қолға алынған «Туған жерге тағзым» акциясы арқылы жалғасып, оның аясында даңқты палуан Дәулет Тұрлыханов мәдениет бөліміне жаңа автобус сыйға тартса, Роза Қуанышқызы жерлестеріне ән-шашуын тарту етті. Басқа да бірқатар іскер, кәсіпкер азаматтар қолдау танытуда.

Ірі елді мекендер - Қалбатау ауылы, Шар қаласы, Жаңғызтөбе және Әуезов кенттерінде ұйымдастырылған және Семей, Өскемен қаласындағы жәрмеңкелерде арзандатылған бағамен жиыны 18 млн. теңгенің ауыл шаруашылық өнімдері сатылды. Облыс әкімінің Семей қаласына 102 тонна ет өткізу жөніндегі тапсырмасы да орындалды.

Қалбатау ауылындағы муниципалды базарда аумақтық бірліктердегі шаруа құрылымдарының өнімдерді 10 пайызға арзандатылған бағамен өткізіп-сату және Жамбыл облысының жеке кәсіпкерімен келісім шарт арқылы көкөніс-жемісті тиімді бағаға сату ұйымдастырылған. Аудан көлемінде жеті көкөніс және картоп сақтау қоймасы бар, оның ішінде сиымдылығы 370 тонналық сақтау қоймасы жөндеуден өтіп, іске қосылды.

Облыстық тұрақтандыру қорынан бөлінген 120 тонна ұн аудан көлеміндегі 11 наубайханаға килограмы 40 теңгеден босатылып, нан бағасын тұрақтандыруға ықпал жасалды.

Аудандық бюджеттің кіріс бөлігі 100,3 пайыз орындалды. Оның ішінде меншік кірістер түсімі 101 пайызға немесе жоспарланған 625 млн. теңгенің орнына 632 млн. теңгеге орындалды. Бюджеттің шығыс бөлігі 99,9 пайызға немесе 2 млрд. 470 млн. теңгеге орындалды.



Құрметті жерлестер!

Дағдарыстан кейінгі тұрақты даму үшін жағдай жасау, еңбекпен қамту және жұмыссыздық деңгейінің өсуін болдырмау мақсатында 2009 жылы «Жол картасы» бағдарламасын жүзеге асыруға айырықша көңіл бөлінді.

Ауданда жиыны 26 жоба жүзеге асырылып, 431 млн. теңге игерілді, оның ішінде аудандық бюджет қаржысы - 117 млн. теңге.

Автокөлік жолдарын жөндеу бойынша 12 жоба, оның ішінде: «Шар-Әуезов» автокөлік жолын орташа жөндеу және жергілікті мәндегі жолдарда ағымдық жөндеу жүргізілді.

Инженерлік – коммуникациялық инфрақұрылымды жөндеу және елді мекендерді жайластыру бойынша 6 млн. теңгеге Шар қаласының көшелері мен саябағын абаттандыру, көгалдандыру, жарақтандыру жұмыстары жүргізілді.

Білім беру объектілерін күрделі және ағымдық жөндеуге 28 млн. теңге бөлініп, Салқынтөбе ауылындағы Маяковский атындағы негізгі мектеп пен «Мейірім» спорттық-сауықтыру лагеріне, Жаңғызтөбе орта мектебіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Ауылдық округтерде әлеуметтік жобаларды қаржыландыруға 9 млн. теңге бөлініп, Шалабай, Үшбиік ауылдарының көшелерін жарықтандыру, Қалбатау ауылының көшелері мен орталық саябақты абаттандыру, көгалдандыру және жарықтандыру жұмыстары жүргізілді.

Денсаулық сақтау нысандары бойынша 3 жобаға - аудандық №1 және №2 медициналық бірлестігіне және оған қарасты 7 дәрігерлік амбулаторияға, туберкулезден емдеу ауруханасына жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жиыны 40 млн. 400 мың теңге игерілді.



«Жол картасы» бағдарламасы бойынша жұмыспен қамту стратегиясын іске асыруға баса назар аударылды.

Барлық жобаларды жүзеге асыру барысында 546 жұмыс орны ашылды. 91 адам әлеуметтік жұмыс орындарына жолданып, 73-і тұрақты жұмысқа орналасты. «Жастар іс–тәжірибесінен» өтуге жолданған 42 жас маманның 15-і тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілді. Қайта даярлықтан өтуге 285 адам жолданып, бүгінгі күнге 280-і оқуын аяқтап, 266 адам жұмысқа орналасты.

«Жол картасы» бойынша жобалардың аяқталуына байланысты жұмыстан босаған 405 адамның 393-і қайта жұмысқа орналасып, жұмыспен қамту үлесі 97 пайызды құрады.

Биылғы жылы «Жол картасы» бағдарламасы жалғастырылып, әлеуметтік жобалар мен автокөлік жолдарын, білім, мәдениет, денсаулық сақтау мекемелерін жөндеу бойынша 38 жоба жүзеге асырылмақ. Бұл шараларға 293 млн. 819 мың теңге қарастырылған.

Құрылыс саласында «Ауыз су» бағдарламасы бойынша аудан орталығы мен Қаражал, Салқынтөбе ауылдарындағы су құбыры жүйелері қайта жарақталып, пайдалануға берілді. Осылайша, тұрғындарды таза ауыз сумен қамту деңгейі аудан бойынша 67,2 пайызға жетті.

Облыстық бюджет есебінен Жаңаөзен ауылындағы орта мектептің аумағын абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Үшбиік ауылында 250 орындық мектеп ғимаратының құрылысы жалғастырылуда, биылғы жылы пайдалануға берілмек. Жыл ішінде 30 тұрғын үй, 10 өндірістік нысандар, 13 сауда, қызмет көрсету ғимараттары іске қосылды.

Үстіміздегі жылы Қалбатау ауылында республикалық бюджет есебінен 140 орындық балабақша құрылысының басталуы жоспарланып отыр.

Тұрғын үй – коммуналды шаруашылық саласына: жергілікті маңыздағы жолдарды, сумен қамтамасыз ету жүйесін қалыпта ұстау, жөндеу, жарықтандыру, көріктендіру және көгалдандыру, санитарлық тазарту жұмыстарына 97 млн. 400 мың теңге қарастырылып, игерілді. Осы қаражат шегінде Шар қаласының батыс бөлігіне су құбыры тарту, жеке санаттағы азаматтарға үй сатып әперу, Сулусары ауылын жарықтандыру, Жайма ауылындағы су жүйесін жөндеу, жолаушылар тасымалын (Жарық – Қалбатау бағыты) ұйымдастыру жұмыстары жүргізілді.

Телефон байланысы жүйесін жаңғырту жұмыстары жалғастырылып, Қалбатау ауылы мен Шар қаласы сандық байланысқа көшірілді. Делбегетей және Қарасу округі жаңа телефон жүйесімен қамтамасыз етілді.



Халықты әлеуметтік қорғау шараларына аудан бюджетінен 193,4 млн.теңге көлемінде қаржы бөлініп, игерілді. Жиыны 7392 адамға мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек, балалы отбасыларына берілетін жәрдемақы, тұрғын үй көмегі төленді.

733 жаңа жұмыс орны ашылып, 852 жұмыссызға жұмысқа орналасуға жәрдем көрсетілді. Тұрмыс жағдайы төмен азаматтардың саны азайып, 2580 адам құрады. Ресми тіркелген жұмыссыздық деңгейі – 0,9%.

Жұмыспен қамту бағдарламасына бөлінген 37 млн. 400 мың теңге толық игерілді. Ақылы қоғамдық жұмыстарға 949 жұмыссыз қатыстырылып, оның 139-ы тұрақты жұмысқа орналасты.

«Жастар іс-тәжірибесі» бағдарламасы бойынша 7, әлеуметтік жұмыс орындарына 21 адам тұрақты жұмысқа орналасты. 101 адам кәсіби даярлаудан өтіп, бүгінгі күнге 100 адам жұмысқа орналасты.

Қалбатау ауылында, Шар қаласында бос жұмыс орындарына 7 шағын жәрмеңке өткізіліп, 79 адам тұрақты жұмысқа орналасып, 5-і ақылы қоғамдық жұмысқа жолдама алды.

Азық-түліктің бағаларының өсуіне байланысты тұрғындарды әлеуметтік қолдау жөнінде қосымша шаралар қарастырылып, 1300 адамға – 11 млн. 900 мың теңге ай сайынғы материалдық көмек және 3221 адамға – 5 млн. 800 мың теңгенің әлеуметтік көмегі көрсетілді.

283 соғыс ардагері мен оларға теңестірілгендерге ай сайын 2 және 5 мың теңгеден коммуналдық қызметке жиыны 11 млн. 500 мың теңге төленді.

Ардагерлер, мүгедектер, аз қамтылған отбасылары 660 дана аудандық, облыстық және республикалық басылымдарға жеңілдікпен жаздырылды. Көп балалы аналарға 10,0 мың теңгеден – 10 млн. 600 мың теңге біржолғы көмек берілді.

Есепті мерзім ішінде 13 мүгедекке - арнаулы арбашалар, 116 мүгедекке - санаторлық-курорттық емделуге жолдамалар берілді.

Аз қамтылған отбастарынан 35 студентке 11 млн. 500 мың теңге, жас мамандарға 600 мың теңге көтерме қаржы төленді. Бюджет саласының қызметкерлеріне, мұғалімдерге, дәрігерлерге отын сатып алуға 1612 адамға 8,1 млн. теңге біржолғы көмек көрсетілді. 1451 адамға 23,0 млн.теңге мөлшерінде біржолғы полигондық өтемақы төленді.

Ауданда атамекенге оралған 361 отбасы, 1573 адам тұрады. Олардың ішінде жер алып, жеке кәсіппен шұғылданушылар саны көбейіп келеді. «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша Курчатов қаласына қоныс аударуға 27 отбасы үміткер ретінде тіркелді.

2009 жылы білім беру саласына жалпы 1 млрд. 389 млн. теңге бөлініп, 2008 жылғыдан 13 пайызға көбейді. Оның ішінде білім мекемелеріне жергілікті бюджеттен 22 млн. теңгеге ағымдық жөндеу жұмыстары жүргізіліп, материалдық базаларын нығайтуға 32 млн. 800 мың теңге бөлінді. Қалматаев атындағы орта, Шевченко, Маяковский атындағы негізгі мектептерде сумен қамтамасыз ету мәселесі шешілді. Республикалық бюджеттен 24 млн. 600 мың теңгеге 3 биология кабинеті, 2 интерактивтік құралдар алынды.

Жалпыға білім беру қорына 25 млн. 400 мың теңге бөлініп, 1-4 сынып оқушылары мен аз қамтылған отбасыларының балалары тегін ыстық тамақпен толық қамтылды. 480 бала аудандық «Мейірім» лагерінде, 6102 бала мектеп жанындағы лагерьлерде демалды.

«Дипломмен – ауылға» акциясы аясында, ауылдық жерде жұмыс істеуге ниет білдірген 26 жас маманға 2,7 млн. теңге көтерме жәрдемақы төленді.

Бұрынғы сынақ қорытындыларын талдап, дайындық сапасын жетілдіру шараларының нәтижесінде ұлттық бірыңғай тестілеу бойынша көрсеткіш 14,6 балға өсіп, 74,6 балды құрады.

Дарынды балаларды қолдау бағдарламасы шеңберінде талантты балалардың әр деңгейдегі іс – шараларға қатысуы үшін 2009 жылы 5 млн. 200 мың теңге бөлінді. Қабілетті оқушылар үшін Кіші академиялар ұйымдастырылып, Семей пединститутымен келісім–шарт бойынша олимпиадалық резерв командасын дайындау қолға алынды.

Балалар және жасөспірімдердің спорт мектебінде 776, саз мектебінде 158 бала қабілеттері мен шығармашылықтарын дамытуда.

Мектептердегі кіші орталықтардың 64 тобында және 2 балабақшаның 4 тобында 2230 бала мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылған. Өткен жылдың соңында Жаңғызтөбе кентінде толық күнді кіші орталық ашылды. Елбасы тапсырмасы бойынша бұл жұмыс жүйелі түрде жүргізіліп, аудан орталығындағы қайтарылған бұрынғы бала бақша ғимараты, Шар қаласындағы Абай атындағы мектеп жанынан 50 балаға арналған балабақша биыл іске қосылмақ. Алдағы уақытта мектепке дейінгі тәрбиемен балаларды барынша қамту мақсатында Жарма, Суыкбұлақ кенттерінде Үшбииік, Шалабай ауылдарында толық күнді кіші орталыктар ашу көзделіп отыр.



Мектептердің материалдық базасын жақсартып, оқу парталарын толық жаңартуды алға қойып отырмыз. Сонымен қатар, қаражатты тиімді пайдалану, оңтайландыру мәселесі назарда болуы қажет. Ең бастысы, білім мен тәрбие сапасын жетілдіру.
Денсаулық сақтау мекемелерінің материалдық-техникалық базалары жақсартылып, дәрігерлік амбулаторияларға телефон орнатылып, 6 фельдшерлік пункт ашу үшін үй-жай бөлінді.

Дәрігерлік көмек көрсетуді жетілдіру мақсатында медициналық бірлестіктерде жаңа қызметтер, кабинеттер ашу бойынша жұмыстар жүргізілуде. 18 жасқа дейінгі балалар мен жеке санаттардағы ересектер профилактикалық тексеруден өткізілді.

Аудан бойынша туу деңгейі 2008 жылғы деңгейде. Ана өлімі тіркелген жоқ, дегенмен нәресте өлімінің көрсеткіші әлі жоғары.

Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесіне көшу дәрігерлік қызмет көрсету сапасын арттыруды талап етеді.

Ауылдық елді мекендердегі мәдениет мекемелері желісін кеңейту мақсатында өткен жылы 3 клуб үйі ашылып, штат бірліктері бөлінді. Жиыны 200-ден аса әлеуметтік мәнді шаралар өткізіліп, 25 ауылдық елді мекен тұрғындарына «Ауылым – алтын бесігім» айдарымен мәдени қызмет көрсетілді. Тәжірибе алмасу мақсатында Күршім, Зайсан, Көкпекті аудандарына гастрольдік сапар ұйымдастырылды.

«Халықтық» өнер ұжымдары мен өнерпаздары облыс әкімінің бастамасымен өткен аудандардың Мәдени күндерін аша отырып, Өскемен және Семей қалаларында, сондай-ақ Абай ескерткішінің ашылу салтанатына, Астана және Тәуелсіздік күндеріне орай облыс орталығында арнайы бағдарламамен өнер көрсетті. Республикалық байқауда «Сұлуым» эстрадалық қыздар тобының жетекшісі М.Байболова бірінші орынға ие болды.

Ауданаралық семинарда, мәдениет басқармасының көшпелі алқа отырысында саладағы озық істер насихатталды. Мемлекеттік тілді дамыту, ұлттар мәдениетін насихаттау мақсатында байқаулар, фестивальдар өткізілді.

Жыл қорытындысы бойынша бөлім бастығы облыс әкімінің «Озат» сыйлығына, 3 қызметкер «Мәдениет қайраткері» атағына ие болса, ұлт аспаптар оркестрі «Ғасырлар пернесі» номинациясының иегері атанды.



Дене шынықтыру және спорт саласында Болат Тұрлыханов атындағы спорт мектебінің 40 жылдығына арналған аудан әкімінің жүлдесі үшін халықтық спорт ойындары, мемлекеттік қызметшілер спартакиадасы, еркін күрестен, бокстан және волейболдан облыстық турнирлер, жиыны әр түрлі деңгейдегі 60-қа жуық жарыстар ұйымдастырылды. Аудан спортшылары облыстық халықтық спорт ойындарында, балалардың «Сәулетай» спорт ойындарында табысты өнер көрсетіп, жеңімпаз атанды. Республикалық «Ақ бидай» ауылдық спорт ойындарында спортшыларымыз жарыстың алты түрінен облыс намысын абыроймен қорғады. Ауыл спортының дамуы үшін жүйелі жұмыстарды жалғастыруымыз керек.

Құқық қорғау саласындағы міндетттердің орындалуы Қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі Үйлестіру кеңестерінің, әкімдіктің мәжілістерінде талқыланып, жұмысты жетілдіру шаралары қарастырылуда. Учаскелік полиция инспекторларының жұртшылықпен бірлескен жұмыстарын жолға қою мақсатында өзін-өзі қорғау құрылымдары құрылып, жұмыс істеуде.

Кәмелетке толмағандармен жұмыс бойынша 5 полицияның мектеп инспекторлары қызметі енгізілді. Өткен жылы жасөспірімдер тарапынан жасалған қылмыстар 18,2 %, топтық қылмыстар 15,6 % азайды.

Алайда, 2009 жылы алдыңғы жылмен салыстырғанда тіркелген қылмыс деңгейі 53 пайызға өскен. Оның ішінде қасақана денсаулыққа зиян келтіру, жеңіл және орташа, аса ауыр қылмыстар, қылмыстық жазаланатын бұзақылық, бұрын сотты болғандар тарапынан және мас күйінде жасалған қылмыстар көбейген. Бұл көрсеткіштер қылмыстың алдын алу шараларын күшейтуді талап етеді.

«Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңы шеңберінде өзін-өзі басқару органы ретінде аудандық мәслихатпен, қоғамдық ұйымдармен бірлескен жұмысымыз қоғамдық-саяси ахуал тұрақтылығын сақтап, нығайтуға ықпал етті.

Батыр бабамыз Ер Жәнібекке арналған мемориалдың, Ауғанстанда қаза тапқандар мен Чернобыль апаты зардаптарын жоюға қатысушыларға арналған ескерткіштің ашылуы, аудан күндері, басқа да маңызды шаралар өткенімізге құрметпен қарап, егемен елдің, өңірдің бүгінгі тіршілігіне белсене қатысуға үндеді.

Шалабай ауылындағы «Келешек-Будущее» қоғамдық бірлестігі облыс әкімінің «Мемлекеттік жастар саясатын іске асырудағы қосқан үлесі үшін» байқауында «Жылдың жастар ұйымы» аталымы бойынша жеңімпаз атанды.

«Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының ұйтқы болуымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар, «Жол картасы» бағдарламасының іске асуын бақылау бойынша партия мүшелері – депутаттармен бірлесе мақсатты жұмыстар жүргізілді.

Ауданда шағын ұлттық-мәдени орталықтар құрылып, жұмысы қолға алынды.

Құрметті қауым!

Өткен есепті кездесулерде айтылған ұсыныс-тілектер бойынша шаралардың орындалуын басты назарда ұстадық. Сумен қамту, жол жөндеу, байланыс, электр жүйесі, тұрмыстық қызмет көрсету және басқа мәселелер бойынша түскен 17 ұсыныстың 14-і шешімін тапты.

Жарма және Әуезов кенттеріндегі орта мектептерге автобус бөлу, Шар қаласындағы Варепа көшесін жөндеу мәселелері үстіміздегі жылға жоспарланған.

Әкім аппараты, атқарушы органдар қызметкерлері айтылған сын-ескертпелерден қорытынды шығарып, ұтымды ұсыныстар мен пікірлерді өз жұмысында пайдаланады. Өткен жылды қорытындылай келе, Мемлекет басшысы алға қойған жаңа межелер негізінде, аудан көлемінде төмендегідей негізгі міндеттерді іске асыруды жоспарлап отырмыз:

- өнеркәсіп пен кәсіпкерлік саласында республикалық және облыстық индустрияландыру базаларына енгізілген жобалардың іске асырылуына ықпал ету;

- ірі, қосалқы және шағын кәсіпорындармен жұмыс жүргізіп, өнеркәсіп өндірісінің физикалық көлем индексін арттыру;

- кәсіпорындар жұмысын қайта жандандыру арқылы өнеркәсіп өнімдері өндірісі көлемінің 3 пайызға өсуін қамтамасыз ету;

- агроөнеркәсіп саласында жалпы егін және мал шаруашылығының өнімділігі мен өсу қарқынын сақтай отырып, ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемін 10 пайызға арттыру;

- негізгі капиталға инвестициялардың 3,3 пайызға көбеюіне қол жеткізу;

- «Жол картасы» бойынша белгіленген жобалардың толық және сапалы жүргізілуін іске асыру.

Бұл міндеттер шегінде біз экономикалық өсімге қол жеткізумен бірге, неғұрлым маңызды әлеуметтік мәселелерді кезең-кезеңімен іске асыруды көздеп отырмыз.

Құрметті жерлестер!

Өткен кезеңде күрделі міндеттерді шешуде, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуында мәслихат депутаттарының, жұртшылық өкілдерінің үлкен қолдау танытқандығын атап өтіп, алғысымды білдіремін.

Алдағы уақытта Елбасымыз ұсынған жаңа стратегиялық даму бағдарламасына орай, тың істер кезегін күтіп тұр.

Жыл ішінде Ұлы Жеңістің 65 жылдығы, Конституциямыздың 15 жылдығы сияқты елеулі оқиғалар аталып өтпек.

Осы іс-шараларды өз деңгейінде атқару – үлкен міндет әрі парыз және оған барлықтарыңыз қолдау танытады деп білемін.

Назарларыңызға рахмет.





: files
files -> Шығыс Қазақстан облысындағы мұрағат ісі дамуының 2013 жылдың негізгі бағыттарын орындау туралы есеп
files -> Анықтама-ұсыныс үлгісі оқу орнының бланкісінде басылады. Шығу n күні 20 ж
files -> «Шалғайдағы ауылдық елді мекендерде тұратын балаларды жалпы білім беру ұйымдарына және үйлеріне кері тегін тасымалдауды ұсыну үшін құжаттар қабылдау» мемлекеттік қызмет стандарты
files -> «Наркологиялық ұйымнан анықтама беру» мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарты Жалпы ережелер «Наркологиялық ұйымнан анықтама беру»
files -> Регламенті Жалпы ережелер 1 «Мұрағаттық анықтама беру»
files -> «бекітемін» Шығыс Қазақстан облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы А. Шаймарданов
files -> «бекітемін» Шығыс Қазақстан облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының бастығы А. Шаймарданов
files -> Шығыс Қазақстан облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының 2012 жылға арналған операциялық жоспары
files -> Тарбағатай ауданының ішкі саясат бөлімі 2011 жылдың 6 айында атқарылған жұмыс қорытындысы туралы І. АҚпараттық насихат жұмыстары




©netref.ru 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет