Құрметтi «Заңгер» журналы! Менiң қолыма кездейсоқ «Қазақстан юстициясына – 80 жыл»



жүктеу 146.68 Kb.
Дата04.04.2016
өлшемі146.68 Kb.
: site -> supcourt.nsf -> 36b782079737d452c6256d89002456d9 -> 36bd38376319e6d2462572de0014f174 -> $FILE
36b782079737d452c6256d89002456d9 -> Мүліктік емес өзіндік құқықтарды және іскерлік беделді қорғау туралы азаматтық істер бойынша сот практикасына шолу
36b782079737d452c6256d89002456d9 -> Қазақстан Республикасының заңдары Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіні ратификациялау туралы
36b782079737d452c6256d89002456d9 -> Автокөлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарттарынан туындайтын даулар бойынша сот тәжірибесіне шолу
36b782079737d452c6256d89002456d9 -> Мен мәдениетiне де үлкен залал келтiредi
36b782079737d452c6256d89002456d9 -> Конституции рк – 10 лет
36b782079737d452c6256d89002456d9 -> Ювенальная юстиция
36b782079737d452c6256d89002456d9 -> Қазақстан республикасының 3АҢЫ Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнін мерекелеуге байланысты рақымшылық жасау туралы
36b782079737d452c6256d89002456d9 -> Адвокаттық қызмет туралы Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 5 желтоқсандағы №195-1 Заңы
$FILE -> Әдiлдiк жолы адастырмайды
ТАРИХ ТАҒЫЛЫМЫ
Құрметтi «Заңгер» журналы!
Менiң қолыма кездейсоқ «Қазақстан юстициясына – 80 жыл» деп аталатын альбом кiтап түстi. 1999 жылы Алматыдағы «Жетi жарғы» баспасынан шығыпты. Танысып шыққанда байқағаным, ол кiтапта республиканың әдiлет, сот, прокуратурасының қалыптасуы және аталған салаларды сонау 20-30 жылдары басқарған тарихи тұлғалар туралы мол мәлiметтер қамтылған екен.

Менi әсiресе 1924 жылы Қазақстанның әдiлет комиссариаты мен прокуратурасын басқарған Қанай Боранбаевтың өмiрi мен тағдыры қызықтырды. (Айтпақшы, кезiнде әкем менiң атымды да сол кiсiнiң құрметiне Қанай қойыпты).

Бiр қызығы, қазан төңкерiсiне дейiн Қанай Боранбаев Польшадағы Варшава университетiнiң заң факультетiнде оқыпты. Өкiнiшке қарай, кiтапта бұл тарихи тұлға жайында өте аз мәлiмет берiлген. Бәлкiм, сiздер арқылы Қанай Боранбаевты жақсы бiлетiн адамдар, туған-туыстары, я болмаса, арнайы зерттеп жүрген тарихшылар, ғалымдар табылып қалар?..
Қанай Жүнiсов, аудитор.

Алматы қаласы.
Жазықсыз жапа шеккен ер
Аман ба, Боранбаев Қанай төре!

... Жұрт үшiн жер әлемдi жүрсiң кезiп,

Амалын әрбiр ұлттың бiлдiң сезiп.

Мұратқа қазақ аты жете ме деп,

Iздедiң бiр шыбындай жаннан безiп.

Бұл iсiң Жетiсуда болды зайыр,

Алдыңнан бiр шығады қылған қайыр.

Нұрила ақын.
ағдыр тәлкегiне түсiп, Голощекин мен Ежовтың құрығынан құтыла алмаған, төңкерiсшiл деген айып тағылып, үш рет – 1923, 1933 және 1935 жылдары сотталған, ақыры 1938 жылы сонау Магаданда айдауда жүрiп атылып кеткен мемлекет қайраткерi, заңгер Қанай Боранбаевтың қым-қиғаш өмiрi 30-шы жылдардың зобалаңын басынан өткерген қазақтың талай-талай маңдайалды ұлдарына жаппай тән едi. Олар қарапайым халықтың қайнаған ортасынан шығып, еуропаша бiлiм алды. 1917 жылғы қос төңкерiстен соңғы Қазақ мемлекетiнiң негiзiн қалауға атсалысты. Қоғамымызды дамытуға бар бiлiм-тәжiрибесiн жұмсап, тынымсыз еңбек еттi. Өкiнiшке орай, 1930 жылдардың басынан жаппай өрiс алған cталиндiк қызыл террор тұсында жазықсыз құрбан болып, ұзақ жылдар есiмi атаусыз, еңбектерi елеусiз қалды.

1925 жылдың жазы. Ел астанасын Орынбордан Қызылордаға көшiруге байланысты үлкен көштiң тұрақтап, жаңа ордаға жайлана бастаған кезi болатын. Бәрi де жақсы ұйымдастырылған-ды. Түркiстаннан Қазақстанды басқаруға келген Сұлтанбек Қожанов (Обкомның 2-шi хатшысы), Жалау Мыңбаев (Қазақ Орталық Атқару Комитетiнiң төрағасы) және т.б. бар, бүткiл қазақ зиялылары жиналып, Ақмешiтте Кеңестердiң жалпы қазақтық V съезiн өткiздi: кемсiту үшiн ұлтымызға таңылған “қырғыз” сөзi жойылып, өзiмiздiң “қазақ” деген тарихи атау қалпына келтiрiлдi; Ақмешiт қаласын Қызылорда деп өзгерту бiрауыздан келiсiлдi; Жетiсу мен Сырдария губерниялары, Қарақалпақ автономиялы облысы Қазақстанға қаратылды; үкiметтiң құрамы қайта жаңғыртылып, басшылыққа С.Сәдуақасов, А.Серғазиев, С.Есқараев, С.Қаратiлеуов секiлдi ұлтжанды қазақ жастары келдi.

Былай қарағанда ұлтымыздың болашағы үшiн құлшына еңбек етуге даңғыл жол ашылғандай едi. Алайда елдi басқару iсiндегi бiрлiк пен еркiндiк ұзаққа бармады. Сол жылдың күзiнен қазақ басшылары бiртiндеп бас сауғалауға көштi. С.Қожанов, Т.Рысқұлов, С.Сәдуақасов, Ж.Мыңбаев, Н.Нұрмақов және т.б. Қазақстаннан шеттетiлiп, Мәскеулiк эмигранттар атанса, келесi басшылардың ұлтжанды толқыны республика iшiнде қысымға түсiп, 30-шы жылдардың басында күш алған қуғын-сүргiнге тап болды. Мұның бәрi қазақ қайраткерлерiн бiрiн “оң уклон”, бiрiн “сол уклон” деп арадағы топшылдықты, бөлiнушiлiктi қоздырып, кейiн қазақ халқын аштықтың құрбандығына айналдырған Ф.И.Голощекиннiң (Қазақстанға Өлкекомның хатшысы болып 1925 жылдың қыркүйегiнде келген) зұлымдық әрекетi болатын.

Сол жылдары талай зиялылардың тағдыры небiр iрi партия жиындарындағы үлкен айтыстардың арқауына айналды. Өлкелiк партия комитетiнiң мүшелерi Голощекин, Морозов, Минаевтардың аузынан түспей, есiмi жиi аталатын, өткен өмiрi мен қызметi қазбаланып, партия “көсемдерiнiң” қаһарына iлiккендердiң бiрi – Қанай Боранбаев едi. Олардың айтуына қарағанда, Жетiсудың бай қожалықтарын салықтан заңсыз босатқаны үшiн Қ.Боранбаев 2 жылға сотталған. Дегенмен Орталық комитеттiң тiкелей араласуының арқасында ол тез босатылады. Осыған көңiлi толмаған олар: “Что дальше? Боранбаев назначается Народным комиссаром юстиции КАССР” деп таң қалысады. Нәтижесiнде Әдiлет халық комиссары қызметiнен түсiп, ендiгi губерния прокуроры болып қызмет iстеп жүрген Қ.Боранбаевтан 1925 жылдың 8 желтоқсанында Өлкелiк партия комитетiнiң кеңесiнде бiржола құтылып тынды. Кеңесте сөз алған (КСРО-дағы Сталиндiк террорды ұйымдастырушылардың бiрi) аты-шулы И.Н.Ежов: “Боранбаевты Орал губерниясының прокуроры қызметiнен алу қажет. Бұған Оралдықтар да қарсы емес. Оның үстiне ол өзi де өтiнiш жолдап, ауыр ахуалдың қалыптасқанын айтады. Менiңше, өтiнiшiн қанағаттандырып, оны Жетiсу губерниялық комитеттiң қарамағына жiберген дұрыс. Әрi Боранбаевқа қазiр демалу да артық болмас” деп соңғы сөзiн кекесiнмен қайырыпты. Бұл ұсынысты алдын ала келiсiп қойғандай-ақ Ф.И.Голощекин де бiрден құптай жөнеледi. Сөйтiп аталмыш кеңес Қ.Боранбаевты Жетiсу губаткомының хатшысы Ж.Бәрiбаевтың қарауына жiберу туралы шешiм қабылдады.

Бұл жерде И.Н.Ежовтың мәлiмдеуiндегi Қ.Боранбаевтың өтiнiшi туралы әңгiме шындық болатын. Ол өзiнiң жетi жыл сот саласында, алғашқыда төтенше комитетiнде, әскери трибунал, кейiн прокуратурада жұмыс iстей жүрiп әбден шаршағанын, жүйке ауруына шалдыққанын ескертiп, қызметтен босатуды өтiнген-дi. Оған Әдiлет халық комиссары Сәдуақас Мәмбеевтың: “Ауысуға рұқсатымды беремiн, бiрақ өз дәрежесiнде губерния прокуроры қызметiн атқаруы тиiс” деп бұрыштама соғуы Қ.Боранбаевтың кәсiби бiлiмi мен мол тәжiрибесiн оның ерекше бағалайтындығын аңғартса керек. Ендеше жоғарыда айтылған қайшылықтардың сыры неде? Бар пәле Қ.Боранбаевтың атқарған қызметiнiң ұлтжандылық бағытында едi. Сол үшiн де 1920 жылы “Рысқұловтың жолын ұстанған ұлтшыл” деген айыппен партиядан шығарылды. Бiрақ әдiлдiк жеңiп, Боранбаев партияға қайта қабылданады. Оның үстiне қызметi өрлеп, Әдiлет халық комиссары және Республикасы прокуроры мiндетiн атқарады. Қ.Боранбаевтың бұл лауазымды қызметi Түркiстан құрамынан Сырдария, Жетiсу губерниялары, Қарақалпақ автономиялы облысының Қазақстанға қосылуы және астананың Орынбордан Қызылордаға көшуi сияқты түбiрлi өзгерiстермен тұспа-тұс келдi. Осындай аса жауапты кезеңдерде өз ұлтына адал қызмет жасаған қайраткердiң есiмiн кеңестiк режим өшiруге барынша тырысқанымен, оның азаматтық бейнесi халқының тарихи жадында сақталып қалды.

Мұрағат құжаттарына сүйенсек, Қанай Боранбаев 1896 жылы Жетiсу губерниясы Алматы уезiндегi Қастек болысының 2-шi ауылында (қазiргi Жамбыл ауданы Амангелдi ауылы) аңшының отбасында дүниеге келiптi. Сол жылдары Алматыдан аңшылық, саят құруға әуес осы ауылға жиi қатынайтын шенеунiктер мен тiлмаштардың назарын қағiлез келген тумысынан зерек бала өзiне аудара берiптi. Қанай бала олардың ақыл айтып, қолдауымен Верныйдағы 8-сыныптық классикалық гимназияға оқуға түседi. Оны үздiк бiтiрген соң Ресей империясының еуропалық бөлiгiндегi iргелi оқу орындарының бiрi Варшава университетiнде оқыған. Бастапқыда Қанай Тифлистегi әскери ущилишеге түспек болған екен, оған жолы болмай, Қазан университетi арқылы жолдамамен Варшава университетiнiң заң факультетiне түседi. Бұл туралы Қанайдың жақын ағайындары айтады. Өкiнiшке орай Қанай бұл университеттiң 3 курсын ғана тәмәмдап, қазан төңкерiсiнен кейiнгi аласапыран кезiнде студенттердiң саяси үйiрмесiне қатысқаны үшiн оқудан шығып қалады. Туған елiне қайтуға бекiнген ол Польшадан тiкелей Мәскеуге барады. Бұл сапарында төңкерiстен кейiнгi Ресейде орын алған ахуалды көзбен көредi. Тiптi әйгiлi революционер Ф.Э.Дзержинскийдiң жеке қабылдауында болып, онымен таза поляк тiлiнде сөйлескен дейдi. Сөйтiп, ол Жетiсу жерiне 1918 жылы оралады да, сол жылы мамыр айынан жергiлiктi большевиктермен қоян-қолтық араласып, Кеңес өкiметiн орнатуға белсене атсалысады. 1918 жылдың қарашасында Қанай Боранбаев РК(б)П мүшелiгiне қабылданады. Одан кейiнгi атқарған қызметтерi туралы өз қолымен былай деп жазыпты:

“1918 жылы Ташкенттегi Жетiсу Төтенше комиссарының құпия қызметшiсi және көмекшiсi болдым. Бiр айдан соң Қытайдың Құлжа қаласына жiберiлген комиссияның мүшелiгiне бекiтiлдiм. Төрт айдан соң қайта оралып, губерниялық атқару комитетiнiң төралқасы мүшелiгiне сайландым. 1919 жылы Ташкентке керi шақырылып, Өлкелiк партия комитетiнiң мүшелiгiне ендiм. Сөйтiп, комитет мүшесi және хатшысы ретiнде 1920 жылға дейiн қызмет етiп, соңынан Жетiсу партия және мұсылмандар бюросына жұмысқа ауыстырылдым. Сол жылдың аяғында Түркiстан майданы 3-шi дивизиясының әскери трибунал мүшесi болып, тағайындалып, онда 1921 жылға дейiн қызмет жасадым. Жер реформасын жүргiзу тұсында облыстық төтенше комитетiнiң мүшесi, тергеу бөлiмiнiң меңгерушiсi болдым. Оның соңғысын 1922 жылдың аяғына дейiн атқардым. 1923 жылдың басында төтенше өкiл ретiнде Қытайға барып, Чугучакта (1916 жылғы көтерiлiстiң нәтижесiнде Жетiсу жерiнен – Б.Қ.) қашқан қазақтарды қайта көшiрудi ұйымдастырдым. Сол жылдың аяқ шенiнде Жетiсу губерниясының прокуроры болып тағайындалдым. Бұл қызметтi 1924 жылдың күзiне дейiн, яғни ҚАКСР прокурорлығына ауыстырылғанға шейiн атқардым. Атқарған қызметтерiмнiң айы мен күндерiнен қателесуiм мүмкiн болғандықтан дәл көрсете алмадым” [1]. Анықтай кететiн жәйт, Қанайдың “ҚАКСР прокурорлығына ауыстырылдым” дегенi оның жаңа қызметке Әдiлет халық комиссары және Республика прокуроры қызметiне тағайындалғанын бiлдiредi. Оны растайтын құжат мынау:

Выписка из протокола Бюро Киргубкома РКП(б) от 4 ноября 1924 года.

Слушали: Доклад комиссии о реализации постоновления оргбюро КК от 23 апреля 1924 года.

Постоновили: Вместе мобилизованного на низовую работу тов. Иралина назначить тов. Боранбаева отозвав его из Туркреспублики для работы в КАССР.

Осылайша Қанай Боранбаев сол қараша айының 27-i күнi Орынборға жетiп Н.Ералиннен бар iстi қабылдап алып жаңа мiндетiне кiрiседi [2].

Қ.Боранбаевтың кандидатурасын таңдауда кәсiби бiлiмi, заң саласындағы көп жылдық тәжiрибесi және азаматтық қасиеттерi шешушi роль атқарды. Ол 1918, 1923 жылдары Қытайда болып, дүрбелең заманда қоныс аударған қазақтарды көшiрiп әкелудi ұйымдастырды. Жетiсуда орыстардың отарлап алған жерлерiн қайтаруға байланысты жер реформасы кезiнде жауапты қызметтер атқарды. Сол өңiрдiң көрнектi қайраткерлерi Жұбаныш Бәрiбаев, Ораз Жандосов, Абдолла Розыбакиев тәрiздi есiмi белгiлi азаматтармен үзеңгiлес болды. Нәтижесiнде оның қабiлетi мен табыстарын жақсы бiлетiн Сұлтанбек Қожанов Қ.Боранбаевты Қазақ АКСР-iнiң Әдiлет халық комиссары және Республика прокуроры қызметiне ұсынған едi.

Қ.Боранбаев жаңа қызметiнде кәсiби заңгер ретiнде уақыт талабына сай көптеген маңызды шаруаларды жүзеге асыруға барынша күш салды. Алайда Әдiлет халық комиссары және Республика прокуроры болып iстеген 6 айға жуық уақыт оған тым аздық еттi, ол небiр салиқалы бастамаларды аяғына дейiн жеткiзе алмады. Мәселен, ол өзi жақсы бiлетiн Жетiсу, Сырдария губернияларында прокуратура, сот-тергеу органдарының жұмыстарын жаңа жағдайға бейiмдеудi қолға алған болатын. Осы аймақтарда Қазақ Автономиялы республикасының заңдарының 1924 жылдың қарашасынан күшiне енуi туралы арнайы шешiм қабылдап, сот-прокуратура қызметiн қайта құруға кiрiстi. Бiрақ оның түпкiлiктi нәтижесiн көре алмады. Сондай-ақ, 1925 жылдың басында бүкiлқазақтық сот қызметкерлерiнiң съезiн өткiзу белгiленiп, баядамашылары көрсетiлген күн тәртiбi Халық Комиссарлар Кеңесiнде бекiтiлгенiмен астананың көшiрiлуiне байланысты бұл iс те жүзеге аспай қалды. Астананы Қызылордаға көшiру үлкен дайындықты қажет еттi. Үй-жайдың тапшылығына байланысты жаңа астанаға тек жауапты қызметкерлер ғана баратын болды. Сол үшiн де комиссариаттың құрамы едәуiр ықшамдалды. Сөйтiп, жаздың соңына қарай мекемелер Қызылордаға қоныстанып болған кезде, Орал губерниясының прокуроры болып тағайындалған Боранбаев Қазақстанның батысына қарай бет түзедi...

Боранбаев Әдiлет халық комиссары және Республика прокуроры болған аз уақыт iшiнде құқық қорғау органдарына бағыт-бағдар беретiн 60-қа жуық маңызды құжаттарға қол қойды. Қ.Боранбаевтың төрағалығымен 13 рет Әдiлет комиссариатының алқа мәжiлiсi өткiзiлiптi. Оған дейiнгi комиссарлар Н.Нұрмақов, Н.Ералиннiң басқарған кезеңiмен салыстырғанда мұндай жиынның жиi өтуi Боранбаевтың мәселелердi ұжымдық жолмен шешiлуiне ерекше назар аударғанын көрсетедi. Ол комиссариаттың iшкi жұмыс тәртiбi туралы ереженi бекiттi. Әр қызметкердiң мiндетi туралы нұсқаулық әзiрледi. Қызметкерлердiң жұмысқа келiп-кетуiн бақылауды арнайы кiтапшаға тiркеп отыруды бөлiм меңгерушiлерiне жүктедi.

Қ.Боранбаев қазақтың оқыған iскер жiгiттерiн қызметке тартты. Оларды қамқорлығына алып, қажет болған кезде қорғай да бiлдi. Мысалы, партиялық тазалау науқанында Алашордадағы бұрынғы қызметi үшiн саяси күдiктiлер қатарына iлiнген С.Қадырбаевқа “комиссариаттағы iс бiлетiн санаулы қазақтардың бiрi” деп батыл түрде араша түседi. Оның мамандарды бағалап, оларды таңдай да тани бiлгендiгiн жаңа астана Қызылордаға баратындардың жасаған тiзiмiнен де көруге болады. Олар: Мәскеудегi 3 жылдық жоғары заң курсын бiтiрiп келген республика прокурорының орынбасары Мырзағұл Атаниязов, Қазан университетiнiң заң факультетiнiң түлектерi – комиссариаттың алқа мүшесi Ахмет Бiрiмжанов және прокурор Сәлiмгерей Нұралыханов, Петербург университетiнiң заң факультетiнде оқыған, прокуратурада аса маңызды iстер жөнiндегi тергеушi Ғаббас Сейдалин, 1904 жылдан берi сот қызметiнде мол тәжiрибе жинақтаған комиссариаттың сот құрылысы және бақылау бөлiмiнiң меңгерушiсi Сейдәзiм Қадырбаев т.б.[3].

Жалпы атқарған қызметiнде Қанай Боранбаев әмбебап заңгер ретiнде көрiне бiлдi. Мәселен, 1924-1925 жылдары барлық губерниялардағы сот құрамын түгелдей қайта сайлау кезiнде оның ұйымдастырушылық қабiлетi айрықша танылды. Қ.Боранбаевтың төрағалығымен сайлау мәселесi екi рет алқа мәжiлiсiнде жан-жақты талқыға түстi. Сайлауды өткiзуге байланысты жергiлiктi құзырлы органдардың қызметiне бағыт-бағдар беретiн бiрнеше құжаттар (№5 құпия хат, № 10, № 39 қатынас хаттар, № 735 жауап хат) жолданды. Онда төмендегiдей мәселелерге айрықша көңiл бөлiп, басшылыққа алу мiндеттелдi:

1) бұқара халықпен тығыз байланыста болатын әдiлқазылардың (судьялардың) мәдениетi жоғары болуы ең басты шарт;

2) сот-тергеу органдарының құрамына тексерiстен өткен жұмысқа икемi бар қызметкерлердi iрiктеу үшiн тәжiрибеден өткiзетiн практиканттар институтын қолдану, қажет болған жағдайда осы бағдарламадан өткен үздiк практиканттарды запастағы әдiлқазы (судья) қызметiне пайдалану;

3) әйелдердi сот қызметiне кеңiнен тартудың бар мүмкiншiлiктерiн пайдалану, халық кеңесшiлерiнiң құрамына әйелдердi енгiзу үшiн практиканттар институтының тәжiрибесiн қолдану және т.б.

Сот қызметкерлерiнiң мәдениетi, этикасының жоғары болу талабы қазiргi күнi көкейтестi мәселе, ендеше ол талаптың сонау 1920 жылдардың ортасында-ақ қойыла бастағаны басшының бiлiктiлiгiнiң дәрежесi едi. Сот қызметкерлерiн iрiктеудiң кешегi тәжiрибесiн бүгiнгi күнi қолданып, пайдаланып, керегiн жаратып жатса, тарихи сабақтастық, дәстүр жалғастығы қалыптасады. Қазiргi әдiлет, прокуратура органдары өз қызметiнде осы жәйттердi ескеруi қажет сияқты.

Алдын-ала жүргiзiлген дайындықтан кейiн 1924 жылдың соңы мен 1925 жылдың басында комиссариаттың басшылығымен губерниялық соттар құрамында кезектi сайлау өткiзiлдi. Бiр ғана Семей губерниялық сотының 82 қызметкерiнiң 63-i қайта сайланды. Барлық губернияларда сот құрамы қайта жаңғыртылды.

1925 жылдың 2 қаңтарында өткен комиссариаттың алқа жиналысында Қазақстанда күшi бар РСФСР Қылмыстық кодексiне енгiзiлген қосымша IХ бөлiмге қатысты мәселе арнайы қаралды. Қатысушыларды жүргiзiлетiн жұмыс бағытымен таныстырып шыққан Қ.Боранбаев атқарылатын шаруаларды былайша бөледi: С.Қадырбаевқа тұрмыстық қылмыстар жайында жан-жақты түсiнiктеме беретiн мақала жазып, барлық қазақ газеттерiнде жариялауды; комиссариаттың Сот құрылысы және қадағалау бөлiмiне жергiлiктi сот органдарына тұрмыстық қылмыс түрлерiне қатысты ашық процестер өткiзудiң тәртiбi берiлген нұсқау дайындауды; прокуратура бөлiмiне iстердiң жылжуын тұрақты қадағалау, қоғамдық айыптаушылардың құрамына әйелдердi қатыстыру және әйелдер бөлiмiмен бiрiгiп, тұрмыстық заңдарды кеңiрек насихаттауды тапсырады.

Ал, 13 қаңтарда Боранбаев қол қойып, губерниялық прокуратура, соттарға жолдаған қатынас хатта Қылмыстық кодекске қосымша енгiзiлген IХ бөлiмiнiң 1924 жылдың 27 қарашасынан күшiне енуiне орай құн, барымта, қалыңмал, көп әйел алу, қыздарды күштеп күйеуге беру, кәмелетке толмағандарды үйлендiру сияқты қылмыстық iстерге қатысты ашық сот процестерiн өткiзу жүктелдi.

Ежелден бергi қазақи дәстүрге айналып кеткен оқиғаларды ел арасында қылмыс деп қабылдау оңайға түспедi. Қ.Боранбаевтың атына қоғамда орын алған құбылыстарды баяндайтын хаттар үздiксiз түсiп жатты. Мысалы, “Орда уезi Жанқұм болысы Атқару комитетi төрағасының орынбасары Жанбаулин екiншi әйел алып, қалыңмал төлеген...” , “Бөкей губерниясында жаппай мал ұрлау өрiс алған. Оларды жергiлiктi Кеңес төрағалары жасырып, қолқабыс тигiзуде. Малға жалған құжаттар жасау Қоныбақты, Батырбек болыстарында байқалуда...”, “Темiр уезiндегi көшпелi Адай-табын қазақтары ескi дәстүрдi тоқтатпай отыр. Күзгi жәрмеңке кезiнде табындықтар Темiр уезiнiң тұрғындарынан 1920-1921 жылдары өлтiрiлген “табын” үшiн құн талап еттi. Егер осы талаптары орындалмаған жағдайда барымта жасаймыз деп қорқытты. Содан ауыл ақсақалдары Сәрсен, Қабыл, Иса, Мақандардың ұйғаруымен кiнәлi жақ құн төлеуге келiстi...” және т.б. Комиссар осы мәлiметтерден дұрыс қорытынды шығарып, құқық қорғау органдарына бас салып жазалауға емес, шыдамдылық танытуға шақырды. Мысалы, Қ.Боранбаев 1925 жылғы қаңтардың 7-iнде Жоғарғы Соттың төрағасы Мұқашевпен бiрлесiп мал ұрлығына, барымтаға қатысушы қарулы топтың iс-әрекетiнде қарақшылық белгiлерi байқалса, яғни, ұрлық үстiнде оқ атса, немесе жарақат салып, кiсi өлтiрсе Қылмыстық кодекстiң 2-бөлiмiнiң 184-бабы бойынша күнәсiн ауырлататын жаза белгiлеуге болатындығы туралы жергiлiктi сот органдарына қатынас хат жолдады [4].

1925 жылдың 15-19 сәуiрiнде Қанай Боранбаев Ақмешiтте өткен Кеңестердiң бүкiлқазақтық V съезiне қатысады. Съезд қарсаңында оның басшылығымен сот-тергеу, прокурорлық бақылау және халыққа құқықтық көмек беру, нотариалдық кеңселерiнiң жұмыстары жайлы анықтамалық ақпарат дайындалды. Ол Орынбордағы “Караван-Сарай” баспасынан “Отчет Правительства Киргизской АССР 5-му Всекиргизскому съезду Советов” деген атпен жарық көрдi. Съезден соң Қ. Боранбаев 22 сәуiрде Орынбор арқылы Мәскеуде өтетiн РСФСР Кеңестерi съезiне жол жүрiп кетедi. Осы сапардан қайтып келiсiмен Әдiлет халық комиссары және Республика прокуроры мiндетiн Сәдуақас Мәмбеевке өткiзедi де өзi осы комиссариаттың құрамында прокурор лауазымына ауысады. Сол жылдың күзiнде Орал губерниясының прокуроры болып iстейдi. Алайда партия “көсемдерi” Голощекин, Ежовтармен арадағы жағдай шиелiнiсе берген соң Қанай Боранбаев жұмыстан бiржола кету үшiн өтiнiш жазды.

Жетiсуда Қ.Боранбаев губерниялық банк басқармасының бастығы және губкомда бiрқатар қызметтер атқарады. Алайда Ф.И.Голощекин мен оның жақтастарының қырына iлiнген ол 1928 жылы партия қатарынан қуылады. Өмiрiне қауiп төнгенiн сезiп Қырғызстанға кетiп бас сауғалайды. Мұнда да тыныш отырғызбаған соң Ташкенттегi ауыл шаруашылығы институтына сырттай оқуға түседi, кейiн Өзбекстанның Жер iсi халық комиссариатында зоотехник болған. 1932 жылы “Қызыл-Чарвадор” совхозында директор болып жүргенде қамауға алынады. Сол кезде қуғын-сүргiн, жоқшылықтың салдарынан алдымен сүйiктi ұлы Абылай, көп ұзамай күйiктен әйелi Ажар қайтыс болады [5]. Қайғы үстiне қайғы жамалып, мұның бәрi Қанайға өте ауыр тиедi.

Бертiнге дейiн қырғыз жерiнде тұрған Қанайдың iнiлерi Сәкебай мен Рысқұлбектiң ұрпағы Әбiлфайыз Сәкебаев ақсақалдың айтуына қарағанда, Қанекеңнiң бiрiншi әйелi Нұрғиса бидiң қызы екен. Нұрғисаға О.Жандосов пен Ж.Бәрiбаев та ғашық болған. Бiрақ, оның жүрегi Қанайды қалап, соған тұрмысқа шығады. Араларында бала болмаған. Бiрде Қытайдан қайтып келе жатқанда О.Жандосов Қанайды Парзана деген оқыған қызбен таныстырады. Қанай көрген соң ұнатып соны алады. Парзанадан Абылай есiмдi перзент сүйедi. Көп ұзамай Парзана құрт ауруына шалдығып, көз жұмады. Қайын жұрты Қанайға Парзананың сiңлiсi Ажарды қосады. Ажар да әпкесi сынды көрiктi, сауатты жан болған екен. Халық шаруашылығы институтын бiтiрiп, Ташкенттегi бiр оқу орнында сабақ берген көрiнедi.

Қ.Боранбаев 1933 жылы 3 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Ол жазасын өтеп үлгермей, 1935 жылы тағы 5 жылға сотталады. Магаданда жазасын өтеп жүргенде ол бостандыққа шыға алмайтынын бiлген соң, әдiлдiктiң боларынан күдер үзiп, аштық жариялайды. Жұмыстан бас тартады. Нәтижесiнде 1938 жылдың 5 қаңтарында Iшкi Iстер халық комиссариаты (НКВД) Үштiгiнiң мәжiлiсi Қ.Боранбаевқа ешбiр дәлелдерсiз ату жазасын бередi. Тура он күннен соң Үштiктiң шешiмi орындалады.


Эпилог орнына
Қазақ Елi тәуелсiз болғалы Қанай Боранбаевтың есiмi қайта жаңғыруда. Халқына аянбай қызмет етiп, iрi қызметтiң тұтқасын ұстаған жоғарғы бiлiмдi азаматтың өмiрi мен қызметi жайлы деректер жинап, жариялаған Қ.Боранбаевтың күйеу баласы көрнектi ақын Хамит Ерғалиев Қанекең туралы Мұхтар Әуезов те жылы пiкiр бiлдiргенiн айтқан едi.

Халқымыздың ардақты ұлы Д.А. Қонаевтың туғанына 90 жыл толуына орай “Егемен Қазақстан” газетi өзiнiң 2002 жылғы 12 қаңтардағы нөмiрiндегi (№8 (22911)) Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттiк сыйлықтың лауреаты Хамит Ерғалиев марқұмның архивiнен алынған естелiктi жариялады. “Тұғыры биiк тұлға. 81 жыл 8 ай 10 күн” деп аталатын бұл естелiкте автор Қанай Боранбевқа байланысты мынадай қызық жәйттi келтiрген: “Менiң Гүлжан есiмдi қызым Қонаев қорының ашылу салтанатынан тұтас бiр кинофильм жасап шығарған, оған дейiн де осы қыз ол кiсiмен сұхбаттасқан сәттерiн экран арқылы жұртшылыққа көрсеткен болатын. Димекең қайтыс болғанда да ақырғы сапарға шығарып салу жұмысын бастан-аяқ осы бала киноға түсiрткен болатын. Көзiнiң тiрiсiнде көрсеткен қызметiне риза болған бiр сәтiнде Димекең Гүлжанға былай дептi:

Сенiң әкеңдi жақсы бiлсем де, сенiң шешеңнiң әкесi кiм екенiн бiлмей жүрiппiн ғой. Оны мен Хамиттiң жуырдағы мақаласынан ғана оқып оқып-бiлiп, iшiме түйген едiм. Қанай Боранбаев – Жетiсу өлкесiнiң маңдайы жарқыраған марғасқалардың бiрi едi ғой! Бәрiнен бұрын Қанекең менiң маңдайымнан неше мәрте сипаған, бiр себептермен туған ағамдай болған кiсi едi. Ол кiсi есiме түссе, күнi бүгiнге дейiн көзiме жас iркiледi. Өйткенi ол кiсiмен бiздiң үйдiң арақатынасы алшақтап кеткенде де менi көрген жерден ұстап алып, адамның ет жүрегiн елжiрететiн артықша бiр адамгершiлiк танытушы едi, баласынбай бар ақылын, жақсы адам болудың не бiр ұлағатты жолдарын жалықпай айтатын. Ол кiсi – менiң алғашқы меншiгiме тиген мектебiм ғой!



Бұл сөздердiң төркiнiн Димекең айтпаса да бiз бiлетiнбiз: Қанай мен Димекең бауырымен дәм-тұзы жарасқан кездерi болған. Мiне бұл эпизодты астарсыз жалаңқабат күйде жазып отырған жоқпын. Бұған екi түрлi себеп бар. Бiрiншiсi: отбасы тәнтi болған мезгiл күрт өзгерiп кеткенде де сарқылмаған сағыныш, ынтызарлық ол ұлылықтан да бұл ұлылыққа ұласа келiп, кейiнгiлер үшiн аманатқа айналуы өз алдына бiр ғанибет. Екiншiден: баяғыда менiң үстiмнен Орталық комитетке түскен арызға жауабымда өз әкем жөнiнде айта келiп, әйелiмнiң әкесi де “халық жауы” дегендi де жазған едiм ғой. Сонда Қанай Боранбаевтың атын атасам ғой, мына кiсiнiң iш құсасы iрiленiп, жетiлiп болмаған жетiмдер мүддесiн мүсiркеу өзiнше бiр қызық боп есте қалар едi деп те ойлайды екенсiң...”

Алаш ардақтысы Дiнмұхамед Ахметұлы Қонаевтың Қанай Боранбаев туралы осындай ой айтуы Қанайдың кезiнде қандай iрi тұлға болғанын дәлелдеп қана қоймай, кейiнгi ұрпаққа үлгi-өнеге, мақтаныш тұтатындай адам екендiгiне көзiмiздi жеткiзе түседi.
Дерек кӨздерi:
1. ҚРОММ, 1541-қ., 1-т., 2376-iс, 6-п. 2. Бұл да сонда, 1-п. 3. Бұл да сонда, 30-қ., 1-т., 467-iс, 52-п. 4. Бұл да сонда, 1380-қ., 1-т., 35-iс, 3-п.



©netref.ru 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет