С. Б. Жәутікова, Е. К. Умирбаева, Г. Н. Иманбаева «патологиялық физиология – 2» ПӘні бойынша ситуациялық есептер жинағЫ



жүктеу 1.63 Mb.
бет1/10
Дата25.04.2016
өлшемі1.63 Mb.
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   10


ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІ

ҚАРАҒАНДЫ МЕМЛЕКЕТТІК МЕДИЦИНА УНИВЕРСИТЕТІ



С. Б. Жәутікова, Е. К. Умирбаева, Г. Н. Иманбаева

«ПАТОЛОГИЯЛЫҚ ФИЗИОЛОГИЯ – 2» ПӘНІ БОЙЫНША СИТУАЦИЯЛЫҚ ЕСЕПТЕР ЖИНАҒЫ

Оқу-әдістемелік құралы

Қарағанды 2011

ӘОЖ 616.012 (02)

КБЖ 52.5я7

Ж 36
Пікір берушілер:



Н. М. Уразалина – Семей қаласының ММУ-нің патофизиология курсы мен физиологиялық пәндер кафедрасының доценті, м.ғ.к.

М. Т. Айткулов – ҚММУ-нің гистология курсымен сот медицинасы, патологиялық анатомия кафедрасының доценті, м.ғ.к.

С. К. Жаугашева – ҚММУ-нің клиникалық фармакология және фармакотерапия курсымен жалпы фармакология кафедрасының меңгерушісі, м.ғ.д., профессор
Ж36 Жәутікова С.Б., Умирбаева Е.Қ, Иманбаева Г.Н.. Патологиялық физиологии 2 пәні бойынша ситуациялық есептер жинағыоқу-әдістемелік құралы. – Қарағанды. – 2011. – 116 б.

КБЖ 52.5я7

Оқу-әдістемелік құралы «Жалпы медицина» мамандығы бойынша қазақ тілінде білім алатын студенттерге «Патологиялық физиология-2» пәні бойынша тәжірибелік сабақтарға, коллоквиумдарға, емтихандарға дайындалу үшін тағайындалған.
1-ші басылым.
ҚММУ Әдістемелік кеңесі мәжілісінде талқыланған және қабылданған.

№ 8 хаттама, 07.04.2011 ж.

ҚММУ Ғылыми кеңесінде басылып шығуға ұсынылған және бекітілген.

№ 10 хаттама, 19.05.2011 ж.


© С.Б. Жәутікова, 2011 ж.

© С.Б. Жәутікова, Е.Қ. Умирбаева, Г.Н. Иманбаева 2011 ж.

Мазмұны
Қысқартылған сөздердің тізімі 4

Алғы сөз 5

Жүрек-қантамырлар жүйесі 6

Тыныс алу жүйесі 11

Несептік-жыныстық жүйе 17

Нерв жүйесі 25

Эндокриндік жүйе 32

Асқорыту жүйесі 38

Қан түзуші жүйе 47

Тірек-қимыл жүйесі, тері мен оның қосымшалары 72

Есептердің жауаптары 74

Қорытынды 114 Әдебиет тізімі 115




Қысқартылған сөздердің тізімі
АГ – антиген

АД – антидене

АҚ – артериялық қысым

АТФ – аденозинтрифосфат

ЖЖЖ – жүректің жиырылу жиілігі

ЖӨС – жалпы өкпе сыйымдылығы

ҚАЖ – қарқынды альвеолалық желдену

ҚТӨС – қарқынды тіршіліктік өкпе сыйымдылығы

ҚТшК – қарқынды тыныс шығарудың 1 секундтағы ауа көлемі

МЖМБС – мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты



О2ҚК – оттегінің қолданылу коэффициенті

ӨДҚ - өкпенің диффуздық қабілеті

ӨКК - өлі кеңістік көлемі

ӨҚЖ – өкпенің қарқынды желденуі

ӨҚК - өкпенің қалдық көлемі

РААЖ – ренин-ангиотензин-альдостерон жүйесі

РТ – резервтік тыныс алу

ТаРК – тыныс алудың резервтік көлемі

ТЖ – тыныс алу жиілігі

ТК – тыныс алу көлемі

ТМК – тыныс алудың минөттік көлемі

ТӨС – тіршіліктік өкпе сыйымдылығы

ТТГ – тиреотроптық гормондар

ТшРК – тыныс шығарудың резервтік көлемі

цАМФ – циклдік аденозинмонофосфат

ЭКГ – электрокардиограмма (жүректің электрлік құбылыстарын жазып зерттеу)

ЭТЖ – эритроциттердің тұну жылдамдығы

ЭХО-грамма – ультрадыбыспен зерттеу

ЮГА – юкстогломерулярлық аппарат

АЛҒЫ СӨЗ
2006 жылы мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартын құрастыру медициналық ғылым мен тәжірибелердің заманауи талаптарына сәйкес оқу-әдістемелік құралдарды өндеуде негіз болды. Осы мақсатта медицинадағы дамыған жаңа технологиялар аурулардың дамуындағы себептер мен механизмдердің, олардың жалпы даму заңдылықтарының, емдеу принциптері мен алдын алу шаралардың классикалық көзқарастарымен интеграцияланған түрде болуы қажет. Дәрігерлік ойлау қабілетінің қалыптасуында 8 жүйе бойынша мәліметтер кіретін «Патологиялық физиология - 2» пәні маңызды орын алады. 2006 жылғы МЖМБС сәйкес «Патологиялық физиология - 2» «Жалпы медицина» мамандығы бойынша білім алатын 3 курс студенттеріне 8 жүйе бойынша анатомия 2, гистология 2, физиология 2, патологиялық анатомия 2, фармакология 2, ішкі аурулар пропедевтикасы, визуальдық диагностика пәндерімен интеграцияланған түрде оқытылады. Оқу-әдістемелік құралда «Патологиялық физиология - 2» пәнін игеруде көмектесетін 8 жүйе бойынша есептер жинағы және есептердің нақты толық жауаптары берілген. Бұл оқу-әдістемелік құрал студенттердің өз бетінше аудиториялық және аудиториядан тыс жағдайларда пәнді игеру мақсатында қолдануға бағытталған. Бұл құралды оқу үрдісінде қолдану пәннің терең және толық игерілуін, студенттерде клиникалық ойлау қабілеттері дамуын қамтамасыз етеді.
Жүрек-қантамырлар жүйесі
Есеп № 1

Жүректің соғу көлемі 60 мл, ал пульс жиілігі минөтіне 80 соққы болған кездегі жүректің минөттік көлемін есептеңіз.


Есеп № 2

Егер артериялық қандаға оттегінің мөлшері – 18 көлемдік пайызға, ал веналық қандағы оттегінің мөлшері – 10 көлемдік пайызға тең болған жағдайдағы оттегінің қолданылу коэффициентін (О2 ҚК) есептеңіз. Алынған нәтижелерге баға беріңіз.


Есеп № 3

66 жасар науқас бірнеше жылдар бойы жүрген кезде тәулігіне 1-2 рет стенокардия ұстамасы болатынын байқаған. Соңғы апта бойы ұстамалар саны біртіндеп ұлғайып, тәулігіне 10-15 ретке жеткен. Ұстамалар ауырлығы өзгеріссіз болған, организм тынышталғаннан кейін, кейде нитроглицерин қабылдағаннан кейін жойылып отырған. Науқас дәрігерге қаралмаған және антиангиналдық дәрілерді қабылдамаған. Ауруханаға түсетін күні науқаста көшеде ауыр ангиноздық ұстама дамыған және нитроглицеринмен тежелме-ген. Ауруханаға түскен кезде: науқас бозарған, қорқыныш сезімі билеген, кеуде астының қатты ауырсынуына шағымданған. АҚ – сынап бағанасы бойынша 90/60 мм, пульсі – минөтіне 100 соққы. ЭКГ-да - І, аVL, V1-V4 тармақтарында ST тісшесінің жоғары көтерілуі, ал V1-V6 тармақтарында «ко-ронарлық» Т тісшесі анықталған. ЭХО-граммада – сол жақ қарынша қабыр-ғасының тозуы байқалған. Қанда миоглобин, тропонин деңгейлері ұлғайған және нейтрофильдік лейкоцитоз байқалған. Дене температурасы – 38,4°С.

1. Науқаста қандай ауру дамуы мүмкін? Ол аурудың даму себептері қандай?

2. Организмде дамыған лейкоцитоз, жоғарғы температура, қанның биохимиялық зерттеулер нәтижесі қандай бұзылыстардың дамығандығын дәлелдейді?

3. Ауыр ауырсыну сезімімен жүретін ұстаманың даму механизмі қандай?

4. Науқасты емдеу бойынша қандай патогендік негізделген ұсыныстар жасауға болады?


Есеп № 4

48 жасар науқас аурухананың интенсивтік терапия бөліміне 1,5 сағат бойы байқалған кеуде астындағы қатты ауырсыну сезіміне шағымданып түскен. Анамнезінен: алдыңғы апта бойы қарқынды жұмыс жасаған, аз ұйықтаған, темекіні де көбірек шеккен және чай, кофелерді жиі пайдаланған. Осы ауырғанға дейін өзін саумын деп санаған, спортпен шұғылданған. Тексерген кезде: жалпы жағдайы ауыр, терісі бозарған, акроцианоз байқалған. Аскультация кезінде - өкпедегі тынысы везикулярлы, сырылдар жоқ. Тыныс алу жиілігі – минөтіне 28 рет, жүрек тондары басылған, аритмиялы, АҚ – сынап бағанасы бойынша 100/70 мм. ЭКГ-да – минөтіне 360 импульстік жиілікпен жүрекшенің кезеңдік жыпылықтық аритмиясы байқалған, Гис шоғырының оң жақ аяқшасында импульстардың өтуіне бөгет қалыптасқан, І, аVL, V1-V4 тармақтарында ST сегментінің жоғарлауы анықталған. Қан анализінде: лейкоциттері 9,2х109/л, басқа көрсеткіштері қалыпты.



  1. Науқаста жүрек патологиясының қандай түрі дамыған?

  2. Бұл жүрек патологиясының себеп-салдарлық байланысы қандай?

  3. Кеуде астындағы ауырсыну сезімінің пайда болу себебі қандай?

  4. Жүректегі қандай метаболизмдік және электрофизиологиялық өзгерістер жүрекшенің жыпылықты аритмиясының дамуына әкелді?


Есеп № 5

Бақаның жүрегінде жүрек жеткіліксіздігінің үлгісін алу мақсатымен сульфгидрилдік топқа жататын бөгегіш – бромдық кадмийді перфузиялаған.



  1. Бұл жағдайда жүрек жеткіліксіздігінің қандай түрі дамиды?

  2. Бұл жағдайдағы жүрек жеткіліксіздігінің даму механизмі қандай?


Есеп № 6

Бір топ егеуқұйрықты оттегінің төменгі парциалдық қысымы қалыптас-қан камераға отырғызып, олардың еселеніп күшейетін жылдамдықта жүгіру-ге мәжбүр еткен. Тәжірибе өту барысында енгізілген тіркегіштер көмегімен жүректің жиырылу жиілігі мен күшін тіркеп отырған. Тәжірибе басталғаннан 30 минөт өткенде егеуқұйрықтарда үдемелі жүректік әлсіздік дамыған.

Бұл жағдайдағы егеуқұйрықтарда дамыған жүрек жеткіліксіздігінің негізгі себебі және даму механизмі қандай?
Есеп № 7

Тәжірибе жүзінде егеуқұйрықтардың қолқа тамырына темір сақина тағу арқылы, олардың көлденен кесіндісін 3 есеге азайтқан. Эксперименттік қолқа коарктациясын туғызғаннан кейін 35 тәулік өткенде егеуқұйрықтарды сойған.

Тәжірибе жүзінде қолқаларын тарылтқан егеуқұйрықтарда қай қарыншаның гипертрофиясы байқалады және неге?
Есеп № 8

Қарқыны мен әсер ету ұзақтығы әртүрлі физикалық жүктемелерден туындаған миокард гипертрофиясының әртүрлі дәрежелері дамыған теңіз шошқаларын толық әлсіреп, қажығанға дейін жүзуге мәжбүр еткен.

Жүзу кезінде, қандай жануарда физикалық қажу ерте дамиды, жүрек гипертрофиясының жоғарғы дәрежесі дамығанда ма, әлде төменгі дәрежесі дамығанда ма?

Есеп № 9

Эксперимент жүзінде бактериялық интоксикацияға ұшыратылған тәжі-рибелік жануарлардың миокардтарының метаболизмдік жағдайын зерттеу кезінде креатинкиназа ферменті белсенділігінің тежелгендігі және креатин-фосфаттардың деңгейі төмендегендігі анықталған.

Мұндай жағдайда миокард талшықтарының сапалы толық жиырылуы мүмкін бе?

Есеп № 10

Тәжрибе жүзінде миокардтың метаболизмдік ерекшеліктерін зерттеу кезінде компенсаторлық гиперфункцияның апаттық сатысында АТФ деңгейі-нің төмендегені, аденозиндифосфаттардың жоғарлағаны байқалған.

Бұл жағдайда АТФ ресинтезінің қандай қосымша көздері қолданыла-тынын көрсетіңіз.
Есеп № 11

Миокардтың диастолалық босаңсу алдындағы фазада саркоплазмада кальций иондарының мөлшері күрт төмендейді және диастола кезеңінде бос жағдайдағы кальций иондары мүлдем болмайды.

Төменгі көрсетілген құрылымдардың қайсысы кальцийдің аккумуляция-сына қатысады: рибосомалар, митохондриялар, лизосомалар, Т-жүйелер, саркаплазмалық ретикулумның тік түтікшелері?

Есеп № 12

Жүрек жеткіліксіздігі дамыған тәжірибелік жануардың миокардында бос кальцийдің жоғарғы мөлшері анықталған.

Мұндай жағдайда миокардтың энергиямен қамтамасыз етілуі қалай өзгереді?
Есеп № 13

Тәжірибелік егеуқұйрықтарда миокардтың компенсациялық гиперфунк-циясы қолқа саңылауын тарылту арқылы дамытылған. Әрдайым кедергімен зорығу жағдайы 1,5 айдан кейін жоғарғы жүктемеге жүректің ұзақ уақытты адаптация механизмдерінің дамуына әкелген.

Егер тәжірибелік жануарларға ДНК матрицаларында РНК синтезін тежейтін D актиномициннің улы емес дозасын енгізсе, жүректің ұзақ уақытты адаптациясы дамиды ма?
Есеп № 14

Тәжірибелік жануарлардың физикалық жүктемелерге тұрақтылығын анықтау үшін, барокамералар арқылы жоғарғы биіктіктің әсерін зерттеген. Биіктікті жоғарлатқан сайын және барокамерадағы оттегінің парциалдық қысымы төмендеген сайын, физикалық жүктемелер (камерада жануарларды ұзақ жүгірту) әсерінен, миокардтың коронарлық тамырларына қан келудің артуына қарамастан, коронарлық жеткіліксіздіктің пайда болу жиілігі күрт жоғарлаған.

Тәжірибелік жануарлардағы коронарлық жеткіліксіздіктің даму механизмі қандай?

Есеп № 15

Эксперимент жүзінде коронарлық тамырлардың тұрақты спазмын парасимпатикалық және симпатикалық нерв талшықтарын бір уақытта тітіркендіру арқылы алуға болады.

Вегетативтік дистония кезіндегі коронарлық артериялар спазмының механизмін түсіндіріңіз.
Есеп № 16

Қояндарға тәжірибе жасалып, бір уақытта бір бүйректің артерияларын тарылтқан, ал екінші бүйректі мүлдем алып тастаған. Бұл жағдайда артерия-лық қысым деңгейі орташа сынап бағанасы бойынша 105-133 мм-ге жеткен.



  1. Бұл жағдайдағы артериялық қысымның жоғарлау механизмі қандай?

  2. Тәжірибелік қояндарды операцияға дейін 2-3 апта ертерек натрий-сіз диетаға отырғызса, оларда гипертонияның дамуын тежеуге болады ма?


Есеп № 17

10 жасар Т. деген бала аурухананың кардиологиялық бөліміне дене температурасының жоғарлауына, тізе және тобық буындарының ісінуі мен ауырсынуына, әлсіздікке, тәбетінің төмендеуіне шағымданып түскен.

Тексергенде: баланың жағдайы орташа, азынқы, бозарған. Тыныштық жағдайында пульсі – минутына 80 рет, жатып қозғалғанда тахикардия дами-ды. Жүрек соғуы күшейген. Жүректің сол жақ шекаралары 1,5 см кеңейген. Тондары бәсенкі. Жүрек ұшында қарқынды систолалық шу байқалады.

Диагноз: ревматизм. Митралдық қақпақша жеткіліксіздігі салдарынан дамыған шамалы эндомиокардит.



  1. Балада жүрек жеткіліксіздігінің қандай түрі дамыған?

  2. Жүрек шекараларының кеңеюі неге негізделген және оның қандай маңызы бар?

  3. Бұл жағдайда қандай зорығу түрі байқалады?


Есеп № 18

65 жасар науқас сол жақ қарыншаның айқын жеткіліксіздігі бойынша ауруханаға түскен. Күндіз де, түнде де көп уақыт бойы аяғын төмен түсіріп, төсекте отырып өткізуге мәжбүр болған. Төсекке жатқан кезде ентігу бірден күшейіп, мазалаған.

Науқаста ентігу отырған жағдайда азайып, жатқан кезде неге күшейетін-дігін түсіндіріңіз.
Есеп № 19

38 жасар науқастың тыныштық жағдайында коронарлық қанайналы-мының минуттық көлемі 5% құрады, ал физикалық күш түскенде ол көрсет-кіш 3 л/мин. дейін жоғарлады.

Бұл алынған мәліметтер науқаста коронарлық қанайналым бұзылыстары бар екендігін дәлелдейді ме?
Есеп № 20

Эссенциялық гипертониясы бар науқастарға клиникалық бақылау жасау барысында оларды қанындағы ренин деңгейіне байланысты 3 топқа бөлген: норморениндік, гиперрениндік және гипорениндік. Қан плазмасында ренин деңгейі жоғары науқастарда диастолалық қысым көрсеткіштері жоғары болатындығы анықталған. Ал систолалық қысым әртүрлі топтардағы науқастарда айтарлықтай өзгермеген.



  1. Гиперрениндік топқа жататын науқастарда диастолалық қысым көрсеткіштері жоғары болатындығын қалай түсіндіресіз?

  2. Систолалық қысым әртүрлі топтардағы науқастарда айтарлықтай өзгермейтіндігін, ал керісінше диастолалық қысымның өзгеретіндігін қалай түсіндіресіз?


Есеп № 21

25 жастағы А. деген науқас бас ауыруына, бел аймағының ауырсынуына, бетінің ісінуіне, жалпы әлсіздікке шағымданып ауруханаға түскен.

Осы жасқа дейін денсаулығына шағымданбаған. Бір ай бұрын баспамен ауырған.

Ауруханаға түскен кезде: АҚ – сынап бағанасы бойынша 180/110 мм. Қан анализі: эритроцит – 3,1х106 1 мкл, лейкоцит – 12,6х103 1 мкл, ЭТЖ – 28 мм/сағ. Зәрінде: айқын протеинурия, микрогематурия, лейкоцитурия.



  1. Науқас гипертензияның қандай түрімен ауырады?

  2. Бұл жағдайдағы гипертензияның даму себебі мен механизмдері қандай?

Есеп № 22

44 жасар М. деген науқас ауруханаға тексерілу үшін келген. Анамнезін-де ұзақ, тұрақты және жоғары артериялық қысым жағдайы болатындығы анықталған.

Клинико-биохимиялық зерттеулер кезінде анықталды: қан плазмасын-дағы ренин белсенділігінің төмендігі, жасушадан тыс сұйықтықтар көлемінің жоғарлауы, сілекейде натрий иондарының жоғарлауы және калий иондары-ның азаюы, β-аденоблокаторлар әсерінің төмендігі, салуретиктермен емдеу-дің оң нәтижесі.

Жүргізілген клинико-биохимиялық зерттеу мәліметтері науқастағы гипертензияның дамуы екі механизмнің қайсысы арқылы екендігін көрсетеді: 1-ші механизм – ангиотензин ІІ түзілуінің күшеюінен бе, әлде 2-ші механизм – минералокортикоидтар секрециясының жоғарлауынан ба?



ТЫНЫС АЛУ жүйесі
Есеп № 1

Т. деген науқас, 60 жаста, бойы 160 см, дене салмағы 80 кг, ауруханаға әлсіздікке, ентігуге, жүрек соғуының жиілеуіне, іріңді қақырықтың бөлінуі-мен жүретін жөтелге, бас ауырсынуына, ұйқышылдыққа, тәбетінің төмен-деуіне, дене температурасының 38-39ºС дейін жоғарлауына шағымданып келген. Бірнеше күн бұрын ауырған. Тексеру мәліметтері: дене температу-расы 38,5ºС, қандағы лейкоциттер мөлшері 13х109л, ЭТЖ (эритроциттердің тұну жылдамдығы) – 20 мм/сағат. Аускультация кезінде сол жақ өкпеде ылғалды ұсақ көпіршікті сырылдар естіледі. Артериялық қандағы рО2 – сынап бағанасы бойынша 60 мм, рСО2 – 50 мм с.б., ӨДҚ (өкпенің диффуздық қабілеті) – 10 мл/ 1 мм с.б./мин. Желдену көрсеткіштері: ТЖ (тыныс алу жиілігі) – 30/мин, ТК (тыныс алу көлемі) – 0,25 л, ТаРК (тыныс алудың резервтік көлемі) – 1 л, ТӨС (тіршіліктік өкпе сыйымдылығы) – 2,5 л, ҚТӨС (қарқынды тіршіліктік өкпе сыйымдылығы) – 2,3 л, ҚТшК (қарқынды тыныс шығарудың 1 секундтағы ауа көлемі) – 2 л, ЖӨС (жалпы өкпе сыйымдылығы) – 3,7 л, ӨКК (өлі кеңістік көлемі) – 150 мл.



  1. ТМК (тыныс алудың минөттік көлемін), ҚАЖ (қарқынды альвеолалық желдену) және Тиффно индексін есептеңіз және бағалаңыз.

  2. Науқаста тыныс алудың қандай түрі байқалады?

  3. Өкпенің желденуінің бұзылуы қандай түрі бойынша дамыған?

  4. Науқаста өкпедегі газдардың диффузиясы бұзылған ба? Деделдеңіз.

  5. Қандай ауру туралы ойлауға болады?

  6. Симптомдар патогенезін түсіндіріңіз.

Анықтама (қажетті көлемдер): ТМК=6,7 л/мин, ТӨС=3,2 л, ҚАЖ=4,3-4,5 л/мин.
Есеп № 2

М. деген науқас, 45 жаста, бойы 175 см, соңғы үш жыл бойы мазалап жүрген қақырықты жөтелге, экспирациялық сипаттағы ентігуге, жүрек соғуының жиілеуіне, қажуға, бас ауырсынуына шағымданады. 15 жасынан бастап күніне 2 қорап темекіден шегеді. Тексеру мәліметтері: дене температурасы 36,7ºС, ЭТЖ – 7 мм/сағ, кеудесі бөшке тәрізді, перкусия жасағанда қорапты дыбыстар естіледі. ӨДҚ-12мл/1мм с.б./мин. Қарқынды тыныс шығару кезіндегі ауа ағымының көлемдік жылдамдығы 50% және 75% деңгейінде, ТӨС қажетті көлемнен 40% төмен. Желдену көрсеткіштері: ТЖ-30/мин, ТӨС-3,8л, ҚТӨС-3,3л, ҚТшК-1,4л, ЖӨС-6,6л, ТаРК-1л.



  1. Тиффно индексі мен ӨҚК (өкпенің қалдық көлемі) есептеу және бағалау.

  2. Науқастағы өкпе желденуі бұзылуының түрін атаңыз. Ентігу түрі қандай?

  3. Патогенезі бойынша тыныс алу жеткіліксіздігінің түрін атаңыз.

  4. Қандай ауру туралы тұжырымдауға болады?

  5. Бұл аурудың және оның симптомдарының патогенезін түсіндіріңіз.

  6. Симптомдар неге негізделген?

Анықтама (стандартты қалыпты көлемдер): ТӨС=4,65л, ӨҚК≈1,5л.
Есеп № 3

К. деген науқас, 20 жаста, бойы 164 см, дене салмағы – 65 кг, үзілісті пайда болатын тұншығу ұстамасына, тұтқыр қақырықтың бөлінуімен жүретін тыныс шығарудың қиындауына шағымданады. Мұндай ұстамалар соңғы екі жылда, үйлерінде ит пайда болғаннан бері байқала бастаған және суық ауамен тыныс алғанда немесе қатты қобалжығанда ұстамалар өршіп кететіні байқалған. Анасы есекжем ауруымен, ал ағасы поллинозбен ауырады. Тексеру мәліметтері: ӨДҚ-20мл/1мм с.б./мин. «Ілмек/ағым/көлем» тестінің нәтижесі: көлемдік жылдамдық шегі өзгермеген, ауа ағымының көлемдік жылдамдығы 25% деңгейінде ТӨС өзгермеген, ауа ағымының көлемдік жылдамдығы 50% және 75% деңгейінде ТӨС төмендеген. Желдену көрсеткіштері: ТЖ-20/мин, ТК-0,4л, ҚАЖ-60л/мин, ТӨС-3,7л, ҚТӨС-3,4л, ҚТшК-2л, ӨҚК-1,8л, тыныс алу/тыныс шығару арақатынасы – 1:1,5.



  1. РТ (резервтік тыныс алу), Тиффно индексін, ЖӨС есептеңіз және бағалаңыз.

  2. Науқаста өкпе желденуі бұзылуының қандай түрі?

  3. Патогенезі бойынша тыныс алу жеткіліксіздігінің қандай түрі?

  4. Бұл ауру қалай аталады?

  5. Бұл аурудың өршуі науқаста қандай салдарлар туындатуы мүмкін және неге?

  6. Науқасты кешендік емдеу кезінде М-холиноблокаторларды пайдаланған дұрыс па, неге?

Анықтама (стандартты қалыпты көлемдер): ТМК=6,3 л/мин, ТӨС=3,7л, РТ=81,4л/мин, ЖӨС≈5,2л.
Есеп № 4

С. деген науқас, 32 жаста, бойы 175 см, дене салмағы 80 кг, ентігуге, жүрек соғуының жиілеуіне, әлсіздікке, қажуға шағымданады. Кеудесіне ренгеноскопия жасаған кезде плевра қуысында үлкен көлемде сұйықтық бар екендігі анықталған. ӨДҚ-10мл/1мм с.б./мин. Желдену көрсеткіштері: ТЖ-35/мин, ТК-0,25л, ӨҚЖ (өкпенің қарқынды желденуі)-50л/мин, ТаРК-1,2л, ТшРК-1л, ТӨС-2,5л, ЖӨС-3,5л, ӨКК-150мл.

1. ҚАЖ, РТ, ӨҚК есептеңіз және бағалаңыз.

2. Науқаста өкпе желденуі бұзылуының қандай түрі?

3. Патогенезі бойынша тыныс алу жеткіліксіздігінің қандай түрі?

4. Бұл патология үшін қарқынды тыныс шығарған кезде ауа ағымының көлемдік жылдамдығының төмендеуі тән бе?

5. Қандай ауру туралы тұжырымдауға болады?

Анықтама (стандартты қалыпты көлемдер): ТӨС=5,0л, ТМК=6,2л/мин, ӨҚЖ=110л/мин, РТ=103,8л/мин, ӨҚК≈1,5л.
Есеп № 5

40 жасар әйел кісінің, бойы – 165 см, ТӨС қажетті көлемнен 25% төмендеген, ҚТшК -1,5л екендігі белгілі, номограмманы қолданып Тиффно индексін есептеңіз.

Өкпе желденуі көрсеткіштерінің мұндай өзгерістері тыныс алу мүшелерінің қандай аурулары кезінде байқалады?
Есеп № 6

30 жасар еркек, бойы – 170 см, салмағы 71 кг, ТМК қажетті көлемнің 125% құрайды, ТЖ-30/мин, ӨКК-150 мл. Номограмманы пайдаланып ҚАЖ көрсеткішін есептеңіз.


Есеп № 7

59 жасар еркек, бойы – 169 см, ТЖ – 30/мин, ТӨС қажетті көлемнің 50% құрайды, ТаРК-1л, ТшРК-0,6л, ҚТшК-1л, ЖӨС жоғарлаған. Номограмманы пайдаланып ТМК есептеңіз.



Есеп № 8

Ересек адам тыныштық жағдайында тіршіліктік өкпе сыйымдылығының 25% қолданады. Пневмония кезінде өкпенің бір ғана бөлігінің зақымдануы-ның өзі газ алмасудың бұзылыстарына және ентігуге алып келеді.

Пневмония кезінде өкпе тінінің аз ғана бөлігінің істен шығуы ентігудің дамуымен қосарланады?
Есеп № 9

56 жасар К. деген науқаста миокард инфарктына ұшырағаннан кейін 4 апта өткенде ентігу күшейген және қан аралас қақырықты бөлумен жүретін жөтел пайда болған. ЭКГ миокард инфарктына тән белгілерден басқа қосымша ешқандай өзгерістер анықталмаған. Сыртқы тыныс алу жүйесінің қызметі туралы мәліметтер: тыныс алу жиілігі – минөтіне 26 рет; ТӨС (қажетті көлемнен %) – 76; ЖӨС (қажетті көлемнен %) – 70; ТМК (қажетті көлемнен %) – 140; ҚТӨС1/ТӨС – азайған.



  1. Науқаста альвеолалық желденудің бұзылу (обструкциялық, рестрикциялық) белгілері бар ма? Дәлелдеңіз.

  2. Науқаста өкпе перфузиясының бұзылу белгілері бар ма? Егер бар болса, олардың даму себептері мен механизмдері қандай? Дәлелдеңіз.

  3. Бұл жағдайда өкпенің аэрогемдік тосқауылдарының диффузиялық қабілеттері бұзылған ба? Бұзылған болса, оны дәлелдеңіз. Өкпедегі газдар диффузиясы жағдайын қандай сынамалар көмегімен бағалауға болады?

  4. Бұл науқастың сыртқы тыныс алу жүйесінің жағдайы туралы сіздің жалпы қорытындыңыз қандай?


Есеп № 10

Эксперимент жүзінде сау және ваготомия жасалған егеуқұйрықтардың асфиксия кезіндегі сыртқы тыныс алу бұзылыстарының сипатын зерттеген.

Екі егеуқұйрықтағы асфиксия кезіндегі сыртқы тыныс алу бұзылыстарының кезектілігі бірдей болады ма? Жоқ болса, неге және қандай ерекшеліктер болады?

Есеп № 11

Эксперимент жүзінде альвеолалық тыныс сипатын зерттеу кезінде, өкпенің СО2 үшін диффузиялық қысымы сынап бағанасы бойынша 6 мм тең екендігі анықталған.

Ағып келген қан құрамынан СО2-ның альвеола қуысына толық диффузиялануы үшін осы қысым жеткілікті ме?
Есеп № 12

Біреуі наркоз жағдайындағы екі егеуқұйрықты барокамераға отырғызып, гипобариялық жағдай туындатқан.

Қай егеуқұйрықта бірден өлім дамиды және неге?



  1   2   3   4   5   6   7   8   9   10


©netref.ru 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет