С. жолдасбаев



Дата01.05.2016
өлшемі134.29 Kb.
А.Ясауи университетініњ хабаршысы, №1, 2010
ТАРИХ


С.ЖОЛДАСБАЕВ

тарих ғылымдарының докторы, профессор

А.Ясауи атындағы ХҚТУ археология ҒЗО
ФАЗЛАЛЛАХ ИБН РУЗБИХАН ИСФАХАНИЙДІҢ «МИХМАННАМЕ-ЙИ БУХАРА» ШЕЖІРЕСІНДЕГІ (XV-XVI Ғ. БАСЫ) ҚАЗАҚТАР ТУРАЛЫ
В статье дается описание жизни казахов в XV-XVI веках, их культуры, обрядов, обычаев, традиций, религиозных верований, ремесла, юрты – подвижного жилища, устроенного на телеге (по данным Ибн Рузбихана в его историческом труде «Михмен Наме-йи Бухара»).
The article deals with the description of the Kazakh people`s life in the XV-XVI centuries, their culture, rituals, customs, traditions, religions beliefs, handicraft, jurta-a mobile dwelling, settled on a cart (based on data given by Ibn Ruzbikhan in his work «Michman name Bukhara»).
Автор 1457 жылы Иранда Хундже қаласында дүниеге келген. Әкесі өз дәуірінің білімді адамдарының бірі еді. Ол парсыларды Ақ-Коюилу династиясы билеген кезде Исфахан сардарларының құрамында болған. Ал шешесі жағынан Қара-Коюилу династиясының уәзірі Пир-Будактың туысы болса, кейіннен Ақ-Коюилу династиясының Узын-Халаға қайны болған. Аққойлы, Қарақойлы династиясы дегенге қарағанда XV ғ. Иран жерінде Жалайырлардың билік жүргізгендігі еске түседі. Олардың ақ-қара қойлы деген рулары болған. Жазба деректерде Иранда Жалайыр мемлекеті өз ақшаларын да шығарған. Рузбихан балалық, жеткіншек кездерінің көпшілігін Шираз және Исфахан қалаларында өткізген. Өз елінде білім алған. Ол 17 жасында алғашқы саяхатын Хиджаз және Мекке қалаларында бастап, онда білім алуды жалғастырған. Ширазға оралған соң әртүрлі ғылым салаларын үйренуге талаптанған. 25 жасқа толғанда Меккеге екінші рет саяхатқа шығып, Құран оқып, араб әдебиетімен танысады. Араб ғалымдарының еңбектерін оқып, білімін жетілдіреді. Араб философиясында көптеген жетістіктерге қол жеткізеді. Ширазға оралып, өзі еңбектерін жазады. Алайда Шах Исмайыл өкімет басына келгенде шиизмді мемлекет діні етіп қабылдап, суниттерге қуғын-сүргін жүргізген. Сонда сунитизмді ұстанған Фазлаллах ибн Рузбихан да қашып, Герат қаласына тығылған. Бұл қаланы Мұхаммед Шайбанихан жаулап алған кезде ханның қол астында оның тарихнамашысы болып қызметке алынады. Алайда қай жылы ханмен қызметін бастағандығы туралы нақты дерек жазылмаған. Тек XVI ғ. басынан Мұхаммед Шайбани ханмен бірге болды деген ғана хабар қалған. Өзбек ханмен бірге болған жылдарында Рузбихан тарихи және хұқықтық мазмұнда бірнеше шығармалар жазған. Соның бірі, көлемді және өте бағалы «Бұхара қонағы» атты тарихи еңбегі. Бұл еңбек Өзбек және Қазақ халықтарының тарихы жайлы өте құнды деректер береді.

Бұл шығарма – тек Өзбек тарихы туралы ғана емес, XV-XVI ғасырлардағы Қазақ халқы туралы да көптеген мағлұматтар беретін еңбек. Ибн Рузбихан Мұхаммед Шайбани ханның қарамағына кірген күннен бастап, оның барлық тапсырмаларын мүлтіксіз орындап отырған. Ол ханның барлық жорықтарына, саяхаттарына жолаушы шыққанда бірге жүрген. Ол ханға кеңес беріп, өзіне берілген құпия істерді адал ниетпен орындап отырған. Өз қызметіне адал болғандығын көріп түсінген хан бірде- – бір жиын немесе кеңесті Рузбихансыз өткізбеген. Сондықтан хан төңірегіндегі оның сыбайластары да Ибн Рузбиханды жақсы көрген. Сол себептен де Шайбанихан оны өзінің жанынан еш уақытта қалдырған емес.

Әсіресе, Әмір Темірдің жеріндегі саяси бытыраңқылықты пайдаланып, оның жерін жаулап алғанда да ол ханмен бірге болып, оған пайдалы кеңес беріп отырған. Өзінің бір кеңесінде Шайбани хан енді қазақтарға «қасиетті соғыс» жариялау қажеттігін айтқан кезде Ибн Рузбихан қарсы да болған. Ол қазақтар исламға қарсы ешбір айтарлықтай әрекеттер жасамағандығын айтып, оларға қарсы шыққанша «Қызыл бөріктерге» (парсыларға) соғыс жариялаған дұрыс қой дейді [1.29]. Қызыл бөріктілер деп шиизм жолын ұстанып отырған парсыларды айтқаны еді. Дегенмен Ибн Рузбихан өзінің шеберлігімен ханның ойына қарсы бола алмай, діни уағыздардың жолдарын ханның айтуына қарай ыңғайластырып, жолын тауып, оны қуаттап, хан ойын жалғастырып кетеді. Бұл жерде басты мәселе қазақтарға «қасиетті соғыс» жарияларда Шайбани ханның алдына қойған мақсаты Сығанақ, Сауран, Түркістан, Отырар, т.б. қалаларын басып алуды көздеген еді. Сол үшін «қасиетті соғысты» сылтау етіп, соғысты бастауға әрекет жасаған.

Бұл соғыстар туралы ғылыми еңбектерде, «Қазақстан тарихының» 1996 ж. ІІ томында және Совет дәуірінің кезіндегі «Қазақ ССР тарихының» ІІ томында жазылған. Біздің бұл мақалада



А.Ясауи университетініњ хабаршысы, №1, 2010
Жолдасбаев С. Фазлаллах Ибн Рузбихан Исфаханийдің «Михманнаме-йи Бухара» шежіресіндегі...

жазғалы отырған басты мәселеміз-ол Ибн Рузбиханның қазақтардың әдет-ғұрпы, салт-санасы, мәдениеті, үй-жәйі, шаруашылығы туралы, қонақ күтуі туралы және Қазақ, Қазақстан деген атаулардың қай кезден бастап айтылып келе жатқандығына назар аудару.

Мұхаммед Шайбани хан қазақтарға үш рет «қасиетті соғыс» жариялап, 1507-1508-1509 жж. жорыққа шыққан. Бұрындық хан, Жаныш, Ахмед сұлтандардың Сыр бойында отырған қыстауларында оларды жеңіліске ұшыратып, қолдарына мыңдаған арба үстіне тиелген үйлерді, мал-жандарды тұтқындаған [1. 128]. Ал «қасиетті соғыс» жариялаудың басты сылтауы «Қазақтар идолопоклонниктер», қуыршаққа (идол) табынушылар, бұлар құдайсыздар, олармен соғысқандар сый-құрметке ие болады деп, Өзбек ханы жарлық шығарып, 1509 жылы 27-қаңтарда үшінші жорыққа аттанған.

Алайда Ибн Рузбиханның жазуына қарағанда, Қазақтар бұдан 200 жыл бұрын исламды қабылдап, намаз оқыған. Балаларын медресеге беріп оқытқан, некесіз үйленбеген [1.106]. Мұсылман дінінің ғұлама ғалымдары Қазақ жеріне Түркістаннан, Мавренахрдан, Хаджы Тарханнан, Дербенд Ширваннан, Хорезм, Хива, Хоросан, Парсы сияқты ислам елдерінен келетіндігін жазады. Олар қазақтар арасында діни наным-сенімдер туралы үгіт-насихат жүргізетін. Ал қазақтың саудагерлері ислам елдеріне барып, сауда жасап, мұсылмандық жолға түссе, ал керісінше, мұсылман саудагерлері Қазақ жеріне келіп, сауда жасап, исламдық діни әдет-ғұрыптардың таралуына әсер, тигізетін. Сондықтан олардың (қазақтардың) хандарын да, сұлтандарын да мұсылмандар дейді.

Қазақтардың кейбір наным-сенімдеріне қарағанда, қазақтардың көктемде қымыз ашытып, оны ішер алдында шығысқа қарап, қымызды шашып, күнге бас иіп табынуды жасайтындарын жазады [1.108]. Ал өзі қазақтардың қымызды қалай жасайтындарын, оны ішкенде денеге шипалық жағын мақтайды. Бұл сусын, өзбектердегі (қазақтардағы) өте бір тамаша сусын. Оны ішкен адам денесіндегі анау-мынау ауру-сырқауы жазылып кетеді деп таң-тамаша болған. Қымыз туралы өлең де жазған [1.107]. Онда қымызды сабада ашытып, одан кейін күбіге құйып алу кезін, құйғанда қымыздың бұрқырап аңқыған иісінің үй ішіне бір ерекше жағымды иіс беретінін суреттеп жазған. Күнге бас июді күн көзінің шөптің шығуына тигізетін әсері, ал шөп жеген жылқының қымыз жасауға, сүт беруге ризашылығының белгісі болар дейді.

Дегенмен ислам дінін қабылдағаннан кейін басқа дүниеге табыну, діннен, діни сенімнен бас тарту болып табылады. Сондықтан «қазақтардың күнге табынуы идолға табыну болып табылады, олар (қазақтар) құдайсыздар олармен соғысу» керек деп Мұхаммед Шайбани хан «қасиетті соғыс» жариялаған. Ханның қазақтарға таққан және бір кінәсі, олар қолдарына түсірген мұсылман адамдарды (тұтқындарды) құлға айналдырды, бұл шариғаттың заңы бойынша дінсіздер болып табылады, сол себептен олармен соғысу «міндетті түрде болып табылады». Бірақ та қазақ халқы ислам дінінің қағидаларын толық ұстанған. Сонымен бірге Көк тәңірге де сыйынып, оның наным-сенімдерін де бірге ұстанған. Бұл туралы халқымыздың тұңғыш ғалымы Шоқан Уәлиханов та Жетісуда болған кезінде қазақтардың күн күркірегенде, қолдарына шөміш, қышқаш (от жағуға пайдаланатын құрал) ұстап алып, оларды бір-біріне соғып «от көп, көмір аз» деп киіз үйді айналатынын жазған. Бұл шөп көп болсын, соғыс болмасын деген ырым дейді: Соңғы кезде халқымыздың Көк тәңірге табыну мен ислам дінінің наным-сенімдеріне бірдей табынып, мінәжат етіп жүргенін ешбір жан жоққа шығара алмайды. Олай болатын себебі Көк тәңірге табыну ертедегі түркілерден, алғашқы ата-бабалардан жалғасып келе жатқан наным-сенімдер, бұл ешуақытта ұмыт болып қалуы немесе басқа діндердің әсерінен жойылуы мүмкін емес. Ш.Уәлиханов «халқымыздың табиғатқа табынуы – материалистік бағытқа бір табан болса да жақындығы деп жазған.

Фазлаллах ибн Рузбихан өзінің еңбегінде «казах», «казахи», «Қазақстан» деген сөздерді бірнеше рет қайталап жазып отырады. Бұл еңбектің жазылған кезі – 1509-1510 жылдар. Қазақ хандығы XV ғасырдың екінші жартысында құрылды. Сонда қазақ, қазақтар, әсіресе Қазақстан деген сөздердің Орта Азияда тез таралып, белгілі болып кеткенін қалайша

А.Ясауи университетініњ хабаршысы, №1, 2010
Жолдасбаев С. Фазлаллах Ибн Рузбихан Исфаханийдің «Михманнаме-йи Бухара» шежіресіндегі...

түсінуге болады? Біздің ойымызша, қазақ деген сөздер Қазақ хандығы құрылғанға дейін-ақ айтылып жүрген. Рузбихан «Өзбектерде (Өзбектер деп отырған тайпалар Алтын Орда ханы Өзбектің (1312-1342) кезіндегі тайпаларды айтып отыр. Тарихи әдебиеттерде «Өзбек» ұғымы алғашқы кезде жергілікті түркі және Дешті-Қыпшақтың түріктенген тайпалар одағының жинақтаушы этникалық саяси атауы ретінде қолданылды деген пікір орныққан, бірақ әлі этноним бола қоймаған. [2.22-31,66-71,11-17]) атақты үш тайпа (ел) бар, олардың біріншісі шибаниттер, екіншісі қазақтар, үшіншісі маңғыттар. Ал бұлардың ішіндегі ең көбі және батыры ол – қазақтар. Олар өздерінің батылдығымен және ешбір қорықпайтындығымен бүкіл әлемге танымал» деп жазады [1.35]. Өзбектердің жері бір жағы Каспий теңізімен, екінші жағы Түркістанмен, үшінші жағы Дербентпен, төртінші жағы Хорезммен, бесінші жағы Астрабатпен шектеседі. Бұл жерлердің арасы көшпелі өзбектердің (қазақтардың) жаз жайлауы, қыс қыстауы болып табылады. Ал бұл үш тайпаның хандары бір-бірімен ылғи да жауласып, соғысып отырады. Олар бірін-бірі қолға түсіріп, тұтқындап отырған. Бұл жағдайға қарағанда, Қазақ хандығының Өзбек хандығы (Ақ Орда) кезінің өзінде-ақ жеке хандық дәрежеде болып жүргенін байқау қиын емес.

Ибн Рузбиханның жазуына қарағанда өзбектер мен қазақ халқының п.б. байқауға болады. Ол Шайбани ханға өзбек, қазақтар жаздың ыстық айларында Қыпшақ даласын жайлайтынын айтып, өздерін олардан (қазақтардан) ерекшеленгенін жазады. Шайбани хан өзінің төңірегіне шибаниттерді (Шыңғыстың бесінші баласы Шибанның, Мұхаммед Шайбани хан оның тұқымы) жинап, өздерін таза өзбектер деп атап, ал қазақ-өзбектерді моңғолдар деп, оларды өздерінің арасына жолатпаған. Міне осы кезден (XVI ғ. басы) қазақ-өзбектердің арасы ажырай бастайды. Ажыраудың өзін Қыпшақ даласына жаз айларында көшіп-қонып, ал қыс айларында Сыр бойына қыстап жүрген қазақы ру-тайпаларды қазақтар деп айтуға болатын еді. Қазақ тайпалары Сыр бойындағы Сығанақ сияқты, т.б. қалаларда өздерінің ықпалын күшейткен. Міне, осы жағдайды әлсірету үшін Мұхаммед Шайбани хан ислам дінін сылтау етіп қазақтарға «қасиетті соғыс» дегенді ойлап тауып, Сыр бойындағы қалалардағы қазақтарға шабуыл жасаған. Ақыры болмаған соң Орта Азияға біржола ауып кеткен еді.

Ибн Рузбиханның еңбегінде «қазақ жеріне», «қазақ еліне», «қазақ ұлысына», «қазақ даласына», «Қазақстанға» деген сөздер жиі кездеседі [1. 32, 33, 34, 38, 92, 96, 103]. Бұл сөздерге қарағанда, қазақтар туралы және олардың жері туралы әлемге танымалы болғандығы айқын көрініп тұр дейді. Сондықтан да бұл сөздердің соңғы кезде пайда болмай, әлдеқайда бұрын аталып жүргендігін байқау қиын емес. Оны XІV ғ. І жартысындағы Өзбек ханының кезіндегі «өзбек-қазақ» атауларының айтылып жүрген кезін еске алсақ, ал «өзбек» атауының Өзбек ханның атына байланысты болған десек, ал «қазақ» атауының бұл кезде атала бастағандығын неден аламыз?

Бұл қазақ атауы Өзбек ханның атына байланысты емес. Ханның атынан бұрын пайда болғандығын, қазақ деген елге Өзбек ханның билік жүргізгендігін көрсетіп отырған жоқ па? Олай болса, қазақ атауы Өзбек ханның билігіне дейін-ақ аталып жүрген демекпіз. Ал «Қазақстан» атауына келсек те осы ойды айтпақпыз. «Қазақстан» сөзі «Бадай Ал Вакай» жазба дерегінде де кездеседі. Бұл өзбек ханы Убайдуллах пен монғол ханы Абдрашиттің бірігіп, Қазақ хандығына 1537 жылы шабуылға шыққан кезі. Сонда олар «Қазақстанға бет алды» дейді [3.108]. Бұл деректе де, егер көрсетіліп отырған жылдан бұрын «Қазақстан» деген атауы аталып жүрмесе, «Қазақстанға» қарай бет алды деген сөз қалай бірден аталады деген ой туады. Сондықтан да «қазақ ұлысы», «қазақ даласы», «Қазақстан» деген атауларды терең тұрғыда зерттеу қажеттілігі жетті деп ойлаймыз.

Ибн Рузбихан қазақтардың қонақтарды қойдың басымен сыйлауы туралы әдет-ғұрыптың бар екендігін жазады [1.103]. Мұндай сый-құрмет көрсету дүние жүзіндегі халықтарда жоқ шығар, бұл тек-біздің халқымызда ғана осы күнге дейін орын алып жүрген қонақ сыйлаудағы құрметтің белгісі. Сый-құрметтің бұл түрі-сақ, түркі тайпаларынан бері жалғасып келе жатқан әдет-ғұрып. Қытай жеріне жүргізілген мұражайларға барлау кезінде Үрімші қаласының археологиялық мұражайларынан сақтардың зираттарынан жайпақ табаққа салып, адам денесімен бірге жерленген қойдың бас сүйегін көрдік. Бұл көрініс мені қатты таң қалдырды. Осы көріністің қазақтардың сыйлы қонақтарды баспен сыйлау құрметінің сонау б.д.д. сақ тайпаларынан жалғасып келе



А.Ясауи университетініњ хабаршысы, №1, 2010
Жолдасбаев С. Фазлаллах Ибн Рузбихан Исфаханийдің «Михманнаме-йи Бухара» шежіресіндегі...

жатқандығына ешбір күмән жоқтығына таңданбағанда қайтеміз. Бұл әдет одан кейін түркі тайпаларына өтіп, бізге жетіп отыр. Түркі қағаны Сизабұл Византия елшісі Земархты қабылдағанда, Мыңбұлақ жайлауында (Жамбыл обл.) оны баспен сыйлаған. Қанша уақыт өтіп, заман өзгерсе де әдет-ғұрыптың, өзгермей сол қалпында сақталып келе жатқанын байқаймыз.

Ибн Рузбихан қазақтардың қол өнері, қару-жарақтың түрлері туралы жазып қалдырған. Қойдың жүнінен өздеріне киім тоқып кисе, өлген адамдарына кебін тоқып, онымен орап жерлейді дейді [1.103]. Ал қойдың ішегінен садақтың кермесін жасаса, қарнынан садақтың ұшын оған салатын қорамсап жасайтындығын жазған [1.103]. Садақты қайың ағаштан өте мықты етіп жасайды. Олар (қазақтар) қайыңнан әдемі өрнектеп жүк-аяқ (сандық, кебеже) жасайды. Олардың әдемілігі соншалықты қарасаң көз тоймайды. Ал, қазақ сұлтаны Жанышты жеңіп қолға түсірген байлықта есеп жоқ, әсіресе арба үстіне тиелген киіз үйлерден он мыңнан астам үйлерді, т.б. дүниелерді қолға түсірген. Солардың ішінде арба үстіне тігілген үйлердің биіктігіне 20-30 адам сыйып отыратын кеңдігіне, оларға түрлі-түсті басқұрлар тағылып, әшекейленгеніне Ибн Рузбихан таң-тамаша болып сипаттама жазған. «Язык (наш) в описании подробностей краток и не склонен к повествованию. В общей, доставили на повозках свыше десяти тысяч шатров в повозки в прягли верблюдов и увезли с поля сражения. Ах, какие шатры! Замки...» [1.128]. Қолға түскен шатырлардың үлкен-кішілігіне қарай бір немесе бірнеше түйелер жегілген. Әдемі сұлтан үйлерінің алдында, артында терезелері бар. Олардан сыртқа қарап отырады. Ал алдыңғы жағында арбакеш отыратын орын бар. Рузбихан өзінің таңданғанын былай жазады: «Какие преогромные шатры я увидел, поставленные на колеса! Узрел я обширные дома с окошками, прикрытыми войлочными занавесками очень красивыми и искусными. Около жилищ всех султанов и эмиров я также видел подобные большие шатры и перевиженые дома... так что разум поражается и кружится голова от красоты, мастерства и изящества» [1.129].

Бұл жазылған сипаттамалардан қазақтардың XV-XVІ ғасырларда арба үстіне тігілген жылжымалы киіз үйлерде де өмір сүргендерін білеміз. Мұндай арба үстіне тігілген киіз үйлер туралы Қытай жазба деректерінде, ертедегі түркі тілдес тайпаларда да кездеседі. Ал XІІІ ғ. орта кезінде Шығыс елдеріне саяхат жасаған француз Вильгельм де Рубруктың жазбаларында да кездеседі. Ол қыпшақ жерін басып өтіп, монғолдардың астанасы Қарақорымда екі ай тұрып қайтқан. Сонда жолындағы монғол-татарлардың арба үстіне тігілген үйлерінің сипаттамасын берген [4.80]. Алайда оның берген сипаттамасы қазақтардың арба үстіне тігілген үйлердің құрылыс жүйесіне онша сәйкес келмейді. Жалпы, арба жасау, оның үстіне киіз үйді тұрғызу ертедегі түріктерден жалғасып келе жатқан құрылыс жүйесі ме деген ой туады.

Ибн Рузбихан қазақтардың жері Дешті-Қыпшақ деп сипаттама береді. «Бұл жер адам баласының өмір сүруіне өте қолайлы. Өмірге қажетті жағдайлардың бәрі бар. Жер көлемі жағынан 600 жүз фарсақтан (1 фарсахы 6-7 км. тең) асады, жатқан кең байтақ. Ал бұл жерде жайылып жүрген төрт түлік малда есеп жоқ, оның санын есептеу мүмкін емес. Оны тек бір Алла ғана біледі: [1.94]. Олар (қазақтар) жаздың ыстық айларында әсіресе тамыздың ыстық күндерінде Қыпшақ даласында өмір өткізеді. Ал қыс айларында қазақтар Сейхун (Сырдария) бойындағы қыстауларына келіп қыстайды. Олардың Сыр бойындағы қыстаулары 300 фарсахтан асады» [1.94]. Егер бір фарсахты 6 км деп есептелсе, сонда 1800 км жуық Сыр бойын қыстаулары алып жатқанын байқауға болады. Сонда Рузбиханның жазуы бойынша қазақтардың қыстаулары Арал теңізінен Түркістан қаласына дейінгі аралықты алып жатқан. Сол қыстаулардың ішінде мешіт, медресе салып, қазақтар исламға бой ұрған. Олар туралы палеоэтнографиялық зерттеу кезінде Дарияның орта ағысынан табылған тұрақты қоныс жайлардың ескерткіштері Ақтас мешіті, Шығырлы І, ІІ, Жалғыз там, Бозақор, т.б. қоныстары 1970 жылдары зерттелген [5.46-58]. Міне, бұл деректерден қазақтар дінсіздер деп Мұхаммед Шайбани ханның «қасиетті соғыс» жариялауы орынсыз болғанын көреміз. Ол тек Сыр бойындағы қазақтарды қалай да болмасын ығыстырып шығаруға жасаған әрекеті болатын. Алайда өзбекханы Шайбанидың бұл әрекетінен еш нәтиже

А.Ясауи университетініњ хабаршысы, №1, 2010
Жолдасбаев С. Фазлаллах Ибн Рузбихан Исфаханийдің «Михманнаме-йи Бухара» шежіресіндегі...

шықпады, өйткені Сығанақ, Сауран, т.б. қалалардың тұрғындары Бұрындық, Қасым хандар қалаға келгенде қаланың кілтін оларға өздері ұсынып, қақпаларын ашып берген. Мәселен, Сығанақ қаласының қазысы Садыр ал-Ислам, Жүзбегі Садық Шайх қала тұрғындарын жиып алып, бұрын бұл қала Бұрындық ханға қараған, сондықтан ешбір қарсылық жасамай-ақ қаланың кілтін Бұрындық ханға берсек жақсы болады деп, қақпаны ашып, ханды қалаға кіргізіп алған [6.112-122]. Сығанақ қаласында қазақтардың өмір сүргендігі туралы жазба деректерде де жазылған. «Никто из казахов не жаждет напасть и ограбить их земли, и они проживают в по всюду благоустроенном владении и радостном краю в полном спокойствии и веселии под сенью богатства и изобилий» [1.117]. Бұл деректер қала тұрғындарының бейбіт түрде толық тыныштықта еш нәрседен кемшілік көрмей, бақытты өмір сүріп жатқандарын жазады. Әсіресе қару-жарақ асынған қазақтардың қала ішінде тыныштық сақтап жүрген сақшылардай жүргендерін хабарлайды.

Академик В.В.Бартольд 1902 жылы Орта Азияға ғылыми іссапарға барған кезінде Ташкент қаласынан Сығанақ туралы жазылған төрт грамота тауып алады. Бұл грамоталардың 1, 2, 4-сі түрік тілінде жазылса, ал үшіншісі парсы тілінде жазылған. Осы грамотаны шығыстанушы П.П.Иванов орыс тіліне аударып, «Қарақалпақ тарихының очеркінде» жариялайды. Оны Ш.Ш.Уәлиханов атындағы тарих, археология және этнология институтының шығыстану ғалымдары барлығын қайта аударып жариялаған. Сол үшінші грамотада былай деп жарлық жазылған: «...всем проживающим в этой местности и всем аймакам, (Сығанақ аймағы – С.Жолдасбаев) живущим постоянно в селениях, полуоседло в кишлаках и кочующим должностным лицам, арабом, тюркам, казахам и каракалпаком...» [6.113-118] деп қала және оның аймағындағы тұрғындарына туралы хабар береді. Бұл хабардан қалада және қала аймағында қазақтардың өмір сүргендігін толық байқауға болады. Сондықтан да бұл қаланың (Сығанақ) алғашқы Қазақ хандығының астанасы болғандығы жазба деректерден де, Ибн Рузбихан хабарынан да толық байқалады. Сол себептен де Рузбихан Сығанақты Қыпшақтардың (қазақтардың) сауда орталығы болған деп ол туралы өлең де шығарған:

Славен город Сығанак,

Что является местом проезда в Дешти Кипшак.

К нему дари Дешта везут,

Все, что привозят оттуда, к нему везут.

Он - пограничная застава всех владений Туркестана,

В нем нараоду спокойно и безопасно, [1.117] деп

...................................................................

Бұрын қала тұрғындарының тыныштықта өмір сүргендігін жырлайды.

Қорытындылай келгенде, Ибн Рузбиханның шежірелік еңбегінен халқымыздың XV-XVІ ғғ. арасындағы тарихынан толық мағлұмат беретіндігін білеміз. Әсіресе Сырдария бойындағы қазақтардың тұрақты мекен жайлар салып, жартылай отырықшылық тұрғыда өмір сүрсе, ал Сыр бойындағы қалаларда қалалық тұрғындар ретінде өмір сүрген. Бұл тарихи ескерткіш – әлі де болса терең зерттеуді қажет ететін еңбек.


Әдебиеттер


  1. Фазлалах ибн Рузбихан Исфахани Михман-наме-йи Бухара (Записки Бухарского гостя). (еревод, предисловие и примечания Р.П.Джалиловой. Под редакцией А.К.Арендса. М., 1976.

Семенов А.А. К вопросу о происхождении и составе узбеков Шайбани хана// «Материалы по истории таджиков и узбеков в Ср.Аз. ТИИАЭ АН Тадж ССР. Сталинабад, 1954 т. 12 вып. 1. Ибрагимов С.К. Еще раз о термине «Казах», //«Новые материалы по древней и


Достарыңызбен бөлісу:


©netref.ru 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет