С. садуақасов м.Қойгелдиев. 45/ Садуақасов



жүктеу 308.95 Kb.
Дата26.04.2016
өлшемі308.95 Kb.
С. САДУАҚАСОВ

М.Қойгелдиев.
45/

Садуақасов

О.Исаев пленумда: «Мен енді сәдуақасовшылдықпен принциптік негізінде келісу мүмкін емес кейбір мәселелерге тоқталып өтейін. Біріншіден, жергіліктендіру хақында. Олар оны іс жүзінде неге саяды? Олар жергіліктендіруді басшылықты тартып алудың әдісі мен құралына айналдырмақ, сөйтіп Мәскеудің пролетарлық партиялық жетекшілігінен құтылмақ», – деді.
***
46.
«Мысал үшін мынандай бір сөз айтайық: қазақ базарға сатуға сиырын алып келді. Расписка қазақша жазылған. Оны қазақша білмейтін милиция дұрыс деп таппады. Алған расписканы орысша жазып әкел деді. Жай қарағанда, бұл, әрине, ұсақ нәрсе. Ұлттық психология жағынан тексерсек, бұл – үлкен жұмыс. Қазақша жазылған расписка жарамағаннан кейін ана қазақтың жүрегінде өз ұлтыңның кім екендігі сезіледі. Оның көзіне қазақтың жұмысының бәрі орынсыз, осал секілді боп көрінетін болады. Ол өзінің күшіне өзі сенбеуге айналады. Оған басқа ұлттың алдында жасқаншақтық пайда болады, ал басқа жерде кеудесі көтеріліп, аяғын алшаң басып жүре алмайды», – («Еңбекші қазақ», 1927, ақпанның 16-сы).

***
47.

«Біз осы не үшін жаға жыртысып, құлшына күресіп жатырмыз? Ал осы бүгінгі шындыққа тереңірек зер салған кісі бар ма? Қазақстанның өзінше республика болғанына 6-шы жыл, ал Кеңес билігіне – 9 жыл, біздің жетістіктеріміз қайда, біз қайда барамыз, кейін не ілгері ме, жоқ әлде орнымызда тұрмыз ба?», –


48.
С.С. Ұлттар мен националдар туралы.
«Осы айтылғандардан туындайтын тұжырым – партияның ХІІ съезінің «шет аймақтарды тек қана шикізат аудандарына айналдыруға тырысқан патша өкіметі мен орыс буржуазиясының саясатын» өмірден аластау туралы ... осы директиваның шет аймақта, біздің мысалымызда, Орта Азия мен Қазақстанда жүзеге асырылуы жеткіліксіз, дәлірек айтқанда, мүлдем жеткіліксіз», –.

***
49.
«Патша өкіметінің соңғы кезеңінің құдіретті бюрократы Столыпиннің өзі Қазақстан туралы: «Қырғыздарды жерге орналастыруды емес, қырғыз даласы туралы ойлау керек, тұтастың мүддесі бөлшектердің мүдделерінен маңыздырақ», – деген (Столыпин мен Кривошейннің жазбалары. «По ту сторону Урала», СПБ, 1911 жыл) болатын».


****

50.
«а) сырттан отарлауды уақытша тоқтату; ә) жергілікті халықты жергілікті деп танып, қоныс аударушы байырғы тұрғындарды да жерге түпкілікті орналастыру; б) екінші кезекте революция кезінде өз бетімен келген қоныс аударушыларды жерге орналастыру; в) қолайлы және қолайсыз жерлерін, яғни артылып қалуы мүмкін жерлерді анықтау мақсатымен, Қазақстанның топырақтық-ботаникалық жағдайын зерттеумен шұғылдану», –.
***

51.
«Сондықтан Қазақстанның жер саясатындағы негізгі нәрсе мынау: жергілікті халықты жерге түпкілікті орналастыру, отарлауды уақытша тоқтату. Әңгіме енді орыс мұжығы атаулыны бір-бірлеп Қазақстаннан айдап шығып, көзін құрту туралы емес, жоқ олай емес, әңгіме жүзі қара өткен уақыттың саясаты талап тастаған ауру организмнің ескі жараларын жазу туралы болып отыр. Столыпиннің еркімен шөл далаға «желкелеп тастап», қазақтың (қырғыздың) жерін алып қойғаны үшін орыс мұжығы кінәлі емес, өзінің қараңғылығына бола поптар мен миссионерлерді тыңдап, «былғаныш қырғыздарды» ренжіткеніне ол мұжық кінәлі емес. Жарайды, өткен нәрсені еске алмайық. Бұған кінәлі адамдар жеңген пролетариаттан лайықты жазасын алды».
***

52.

«Ақыр соңында, Рыков жолдастың партияның ХҮ съезіндегі баяндамасының: «Қоныс аудару жөніндегі жұмыстары да күшейту қажет, ол ауыл шаруашылығының өндіргіш күштерін көтеруге көмектесе отырып, шаруалардың кедей және табысы аз топтарының жағдайын түзей отырып, «аграрлық жағынан артық қоныстануды» азайтуға ықпал етеді», – дейтін тезистерін қалай түсіну керек».
****

53.

«Бүгінгі таңда ұлттық шет аймақтардағы жер саясаты саласындағы нақты міндет мынау болуға тиіс.

1) Қоныс аударушы байырғы тұрғындармен қоса жергілікті халықты да жерге түпкілікті орналастыру.

2) Жаппай жерге орналастыру (бұған өз еркімен келгендерді жерге орналастыру да, халықтың табиғи өсімін ескере отырып, жер қорын белгілеу және т.б. кіреді) жөніндегі жұмысты қызу қарқынмен жүргізу, осының нәтижесінде артық жер бар болса, анықталады».
****

54.

«Жергілікті халық түгелдей дерлік сауатсыз болып отырған жағдайда бұл талапты іске асыру іс жүзінде бұрынғы патша чиновниктерінің (?) барлығының 100 процент басқару аппаратына қайтадан кіріп алуына, сөйтіп, ауылдық және болыстық Советтердегі бай-манаптардың қазіргі жасырын диктатурасы жария диктатураға айналуына жеткізер еді» («Большевик», 1926 жыл).

Ұлт республикаларының аппараттарындағы қызметшілердің бәрі бірдей европалық коммунистер емес екені, онда талай партияда жоқ европалықтардың, тіпті саяси жер аударылғандардың да отырғаны ешкімге құпия емес. Сонда, Митрофанов жолдастың сөзіне қарағанда, бай-манаптардың диктатурасы жария сипат алатын болғандықтан, бұл, қанша дегенмен, жергілікті интеллигентті, патшаның чиновнигін (?) (сонда патшаның кезінде чиновниктер тек қана шет аймақтың интеллигенциясынан жасақталғандай) отырғызғаннан көш ілгері ме?»
****

55.

«ВКП (б) Қазақ өлкелік комитетінің жауапты хатшысы Голощекин жолдастың: националдардың өлкелік комитеттің басшы органдарына жергілікті қызметкерлерді көбірек тарту ұсынысына «пайдакүнемдік мақсат көздейді деп» бізді масқаралағаны, бейне «қара басының қамын жейді» деуі европалық жолдастың аса әдепті екенін білдіре ме? Осы сөзден кейін соның өзінің (Голощекиннің) националдары сен жақсысың деп аяғына бас ұрып жатса, Голощекинге қалай ренжімексің?»

****
56.

С.С. «Мен Голощекин жолдастың сөзіне қосыла алмаймын»
«Голощекин жолдас жеті сағаттан артық сөз сөйлеп, осы уақыттың қақ жартысында мені сөз ғып, мені кіналап өтті. Маған таққан кіналарының өзін ғана санап шығуға регламент бойынша маған берілген уақыт жететін емес. Сондықтан мен басты-басты мәселелер жайында ғана сөйлеп өтпекшімін. Шамам келгенше қысқа сөйлеуге тырысамын».
***

«Мен ешкімді де ластағым келмейді, бірақ біздің осы мәселе жайындағы саясатымыздың бағыты дұрыс емес, орта шаруаларға тиісінше көңіл бөлінбейді, олардың пайдасы жөнді көзделінбей келеді. Бұл дұрыс емес демекшімін, қазақ ауылында орташалардың беделі күшті, салмақты, сондықтан орташалар мен кедейлерді бөлмеске, олардың арасына жік салмасқа керек еді. Ауыл ішіндегі жұмыстарымызды орташалар мен кедейлерді одақтастыру, біріктіру бағытымен жүргізу керек еді деймін.

Енді байларды тақымдау, оларға мықтылық көрсету керек деген мәселеге келейік».
***

57.

«Менің ойымша, қазақ ауылын орыс поселкесінен жеке сөз қылуымыздың қисыны жоқ, Голощекин жолдас, Ресейдегі орыс поселкелерінің жарлылар комитеті жуан жұдырықтарды тақымдап, олардың мүлкін бөліп алу дәуірін өткізіп отыр. Бірақ Қазақстандағы орыс поселкелерінде бұл жұмыстар жүргізілмейді. Қазақстанның кейбір аудандарында кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында кеңес билігі жуан-жұдырық қара шаруалардың қолында болды. Мысалы, сол кездерде Жетісудағы орыс қара шаруалары: «Осы күні жұмыскер мен қара шаруа өкіметі жасалып отыр, қазақтар туралы ештеңе де айтылмаған», – деп соғып жүрген. Бұл ойын емес, ақиқат. Бұл тарих.

Ауыл-поселкеде жүргізілуге тиісті біздің тап саясатымыз бірдей болуы керек. Қазақ ауылында бір түрлі, орыс поселкесінде басқаша саясат жүргізуіміз дұрыс емес, қазақтың байымен қатар орыстың да жуан жұдырықтарын тақымдап отыруымыз керек».


***
58.

«Патша өкіметінің заманынан бері қалмай келе жатқан қате көзқарастың бірі – ұлт республикаларына шикізаттар дайындап шығаратын аудан деп қате қараушылық. Мұны қою керек. Бұл туралы 12-съезде де сөз болып өткен еді. Өнерлі кәсіп лайығына қарай бөліну керек деседі.

Дұрыс-ақ, тері шығатын ауданда – былғары зауыттары, жүн-жұрқа бар аудандарда – жүн жуатын орындар, шұға фабриктері салынуы керек. Жұмыскерлер табылмайды деуге мүмкін».


59.
Батыс Қазақстандағы Алаш зиялылары
«Батыс алашорда үкіметінің қызмет-әрекеті туралы баяндама хат» негізінде беріліп отыр (ФР – 1318, оп 1, іс-436, беттер 229-232).
«Таптық және тектік (сословиелік) алауыздық пен бөлінудің жоқтығы тұрмыс пен шаруашылықтың бір формасы қазақ халқын біріктіре түсті, сана-сезімі ояна бастаған халық жалпыұлттық мұрат-мүдделерді талдауға ұмтылды. Жалпыұлттық мәселердің ішіндегі ең маңыздысы ұлттық мемлекеттік дербестік мәселесі еді.

Бұл мәселенің күн тәртібіне өткір қойылуына ықпал еткен мына жағдайлар болатын.

1. Қазақ халқы өзінің ұлттық тәуелсіздігі мен дербестігін әлі ұмыта қойған жоқ еді, қазақтардың орыс бодандығына толық өтуі өткен ғасырдың 80-жылдарында, яғни, бұдан 50 жылдай бұрын ғана аяқталды.

2. Бастан кешіріп отырған патша өкіметі отарлау саясатының қорлығы мен езгісі.

Міне, сондықтан да 1905-1906 жылдардағы ревалюция кезінде, қазіргі кезде де қазақ халқы ең алдымен ұлттық дербестік пен тәуелсіздікті талап етті, дербестік Қазақ өлкесін автономиялық жолмен басқару арқылы көрінуі керек.

Революцияның басында қазақ халқы ұлттық автономияны Құрылтай жиналысы арқылы да алмақ болды, бірақ, кейінгі Октябрь ревалюциясы мен елдегі азамат соғысы қазақтардың көзін ашты. Бостандықтың құны қымбат, сондықтан да билік басындағылар бостандықты оңай бере қоймайды. Тәуелсіздік пен бостандыққа тек ұйымдасқан күрес арқылы ғана жетуге болады. Күрес нәтижелі болу үшін қоршаған қоғамдық ортадағы әртүрлі саяси ағымдарға бейімделе білудің және күрес жолында сенімді одақтастарды таңдай білудің де үлкен маңызы бар.

Осы алғы шарттардан кейін, баяндама-хаттың негізгі мән-мақсаты қазақтардың саяси ұйымдармен, қазақ халқының ұлттық тәуелсіздігі жолындағы күрестегі партия ұйымдарының міндетімен, күрес әдістерімен таныстыру.

Қазіргі кезде қазақтардың жоғарғы саяси ұйымы – «Алашорда» ұлттық өкіметі. «Алашорда» ұлттық өкіметі 1917 жылы 5-13 желтоқсан күндері Орынбор қаласында өткен жалпы қазақ съезінде құрылды.

Съезд жаңадан құрылған «Алашорда» үкіметіне үлкен екі міндет жүктеді:

1. Болашақта өтетін жалпы мемлекеттік немесе жалпы халықтық жиналыс алдына өмір сүріп отырған Қазақ автономиясы үлгісін көрсету үшін дереу Қазақ өлкесін басқаруды жүзеге асыруға кірісу;

2. Елдегі карама-қарсы күштер арасындағы шиеленістің күшеюіне байланысты қолында қаруы жоқ қазақ халкын бүліншілік пен зорлық-зомбылықтан қорғау және ел ішіндегі тәртіпті сақтау.

Осы міндеттерді орындау үшін съезд арнайы қаулы қабылдап, нақты шаралар белгіледі. Олар: «Алашорданың» басты күші ретінде ұлттық атты әскер құру (құрамы 2000 адамға дейін), ұлттық әскерді ұстау үшін барлық көпшілікке үй басына 100 сомнан белгілеген арнайы әскери салық салу, салықты салық төлеушілердің жағдайына қарай іздестіру, жігіттерді толық киім-кешегімен, мініс аттарымен, құрал жабдықтармен ауыл-ауылдан жинау...

Белгіленген шараларды жүзеге асыру жолында «Алашордаға» өзге салықтармен, ұсақ ұлттарға, соның ішінде қазақтарға тілектес әртүрлі ұйымдармен келіссөз жүргізу, одақ құру құқы берілді.

Бірақ съезден кейін көп ұзамай басталған азамат соғысы «Алашорда» үкіметіне біртұтас саясат жүргізуге мүмкіндік бермеді. Ташкент темір жолы бойындағы әскери қақтығыстар салдарынан «Алашорда» үкіметінің басым көпшілігі Ә.Бөкейхановтың басшылығымен Шығысқа карай жылжуда, саяси әрекетті Семей қаласында бастауға мәжбүр болды. Алашорданың қалған бөлігі Оңтүстікке, Жымпиты қаласына шоғырланып, саяси әрекетті Орал облысы қазақтары арасында жүргізе бастады.

«Алашорданың» Жымпиты тобы алғашқыда Ойыл уәлаяты үкіметі деп ата-лады, яғни, Орал қазақ әскерлері территориясынан бөлек Ойыл облысы қазақтарының үкіметі. Кейінірек «Алашорданың» Жымпиты тобы ресми түрде «Батыс Алашорда» үкіметі деп атала бастады.

Әлі түпкілікті құрылып болмай жатып-ақ «Батыс Алашорда» үкіметінің алғашқы әрекеті Халық Комиссарлар кеңесіне өкіл жіберу шешімі болды. Өкілдіктің мақсаты – кеңес өкіметіне Қазақ автономиясын тану туралы өтініш жасау, сондай-ақ өлкедегі азаматтық және әскери басқару ісін ұйымдастыру үшін материалдық көмек сұрау, әсіресе, өлке тұрғындарын азық-түлікпен және фабрика-зауыт өнімдерімен қамтамасыз ету туралы келіссөз жүргізу еді.

Өкілдіктің кеңестік Россияға жіберілуінің өзіндік себебі де болды: ол –ұлттардың өз мемлекеттік құрылымын өзі шешуі құқын жариялаған Советтердің III съезінің қаулысы болатын, сондықтан да ұлт мәселесі бойынша Россиядағы ең сенімді өкімет – (кеңестер) деп танылды.

Өкілдік 1918 жылдың наурыз айында Москваға келді. Жоғарғы кеңес мекемелерінің Петроградтан Москваға көшу кезеңіне тап келген өкілдік мүшелері өз өлкесінің мұң-мұқтажын ұлт істері жөніндегі Халық Комиссары И.В.Сталинге баян етті.

Сталиннің кеңесімен тек қана азық-түлікке байланысты мәселелер Азык-түлік Комиссариаты жанындағы Коллегия мәжілісінің қарауына ұсынылды.

Батыс өлке қазақтары жағдайымен мұқият танысып алған соң, Сталин тікелей байланыс арқылы сол кезде Семей қаласында болған «Шығыс Алашорда» басшыларымен сөйлесіп: Қазақ автономиясы туралы мәселе Халық Комиссарлары кеңесінің қарауына ұсынылатынын, содан соң Бүкілроссиялық Орталық Атқару комитетінде қаралатынын мәлімдеді. Жергілікті жерлердегі автономия идеясына жеке басы түсіністікпен қараған Сталин ВЦИК-тің басылымы «Известияда» осы мәселеге байланысты принципті мақаласын жариялады. Мақалада: аймақтардағы билік ұлттық буржуазияның қолында емес, өзін-өзі билеуші ұлттық демократиялық төменгі тобының қолында болған жағдайда ғана жергілікті аймақтарға, соның ішінде Башкирия мен Қазақ өлкесіне де ұлттық-территориялық автономия берудің мүмкіндігі мен қажеттігі туралы пікір айтылды.

Осы мезгілде Сталин Орал казактарының кеңес өкіметіне қарсы көтерілгені туралы хабар алды. Қазақ делегациясы екіұшты күйде қалды. Қазақ автономиясы туралы мәселе толық шешілгенше Москвада қала тұрған жөн бе, әлде казактардың арандатуына қазақтарды қатыстырмау үшін елге оралған дұрыс па? Сталин делегацияға елге қайтуды ұсынды.

Елге қайтар алдында делегация Сталинге елдегі қалыптасқан жағдайды түсіндіріп кетті: мүлдем қарусыз, әлі толық ұйымдаспаған, бұрын әскери қызметте болып көрмеген қазақтар кеңес өкіметін мезгілінен бұрын, ашық, белсенді түрде қолдап шығатын болса, Орынбор мен Орал казактары тарапынан жаппай қырғынға ұшырауы мүмкін, сондықтан да қазақ зиялыла-рының міндеті қазақ жігіттерінің казактар жағына шығуына жол бермеу, казактар қатарынан қазақтар есебінен толықтырылуын болдырмау – керектігі айтылды.

Жолда, Саратов қаласында, өкілдік мүшелері: қазір Россияда қазақтардың ұлттық мүддесіне сай келетін тек қана кеңес өкіметі екендігі, өкімет басшыларының қазақтарға автономиялык басқару беруге уәде еткендігін хабарлады, сондықтан да барлық қазақтарды кеңес өкіметіне қарсы күресіп жатқандарға ешқандай көмек бермеуге шақырған үндеу басып шығарды. Жергілікті Губаткомның техникалық құралдары көмегімен басылып шыққан Үндеу майданға түгел таратылды.

Мамыр айы басында делегация Оралға қайтып оралды. Қазақтың қоғамдық ұйымдары мен мекемелері, қазақ зиялы қауымының басым көпшілігі сол кезде Орал қаласында болатын.

Қайтып келген бойда: «Большевиктерден қайтып келгендер, большевизм идеясымен қаруланғандар»,– деген айыппен Орал әскери үкіметі кейбір өкілдік мүшелерін тұтқынға алды, бірақ, көп ұзамай қазақтар
арасындағы қарсылықтан қауіптенген казактар тұтқындарды босатуға мәжбүр
болды.


Өздерінің әскери күшіне сүйенген Орал әскери үкіметі бұдан кейін қазақтардың қарсылығына қарамастан, қаладағы маңызды объектілерді басып ала бастады. Осының салдарынан жартылай жасырын түрде, әртүрлі себеп-сылтау айтып қаладан қашып шыққан қазақ зиялылары таза қазақтар ғана мекендейтін Жымпиты елді мекеніне жиналып, қалыптасып отырған жағдайды талдау үшін қазақтардың облыстық съезін шақырды.

1918 жылы мамыр айының екінші жартысында ашылған съезд:

1. Ішкі губерниялардан келген шағын қоныстанушылардан (қара шекпенділерден) басқалары негізінен қазақтар ғана мекендейтін Орал облысының бір бөлігін, Жайық өзенінің сол жақ бетін дербес облыс деп жариялап, оған «Ойыл уәлияты» деген ат берді, баламасы Орал облысы.

2. Орал әскери үкіметіне қарама-қарсы «Алашорданың» бір бөлімі ретінде Уақытша Қазақ үкіметін құрды.

3. Құрылтай үкіметке Орынборда өткен жалпықазақ съезі шешімдерін жүзеге асыруға дереу кірісуді, яғни, автономиялық басқаруды іс жүзінде жүргізуді және Орынбордың шешіміне сәйкес «Ойыл уәлиятының» жігіттерінен атты әскер құруды тапсырды.

4. Азаматтық мекемелерді қаржыландыру үшін тез арада жер алымын жинауға, құрылып жатқан әскери құрамаларды қамтамасыз ету үшін жалпықазақ съезі белгілеген әскери салықты жинауға кірісу тапсырылды.

5. Құрылғалы жатқан әскери бөлімді қару-жарақпен қамтамасыз ету үшін барлық амал-тәсілді қолдануды ұсынды.

6. Сенімді әскери басшылар құрамын әзірлеу мақсатымен: Жымпитыда соғыс жағдайындағы прапорщиктер мектебі үлгісіндегі қазақ әскери мектебін ашу, командирлер құрамы әзір болғанша Орыс армиясы офицерлерінен нұсқаушылар шақыру және шама келгенше бұл іске казак офицерлерін қатыстырмау туралы қаулы қабылдады.

Съезд шешімдерін орындауға кіріскен «Батыс Алашорда» үкіметі Уақытша үкімет – Керенскийдің үкіметі қабылдаған заңдар негізінде азаматтық басқару ісін тез арада жолға қойды, құқықтар мен міндеттер «Алашорданың» өзіне жүктелді. Сонымен қатар әскери мектеп құрылып, онда сауатты қазақ жастары оқытыла бастады.

Батыс Алашорда үкіметінің ұйымдастыру жұмыстары осылай қыза бастаған кезде, қазақтардың ұйымдаса бастағанын сезген генерал Дутов Орынбор жағынан, Орал әскери үкіметі екінші жақтан Қазақ автономиясы мен «Алашорда» үкіметіне қарсы науқан жүргізе бастады. Сол кезде Дутов Орынборды басып алған болатын, ал Орал казактары қызылдардың шабуылын тойтарып тастаған еді.

Генерал Дутов: «Қазақ автономиясы бір топ зиялылардың ойдан шығарған нәрсесі, егер осы бір топтың көзі жойылса, қазақтардың көпшілігі ақ патша билігін өздері-ақ сұрайды» ,– деп жаулык ниетін ашық білдірсе, ал Орал әскери үкіметі, оның төрағасы Фомичев тылдағы қазақтардан келіп отырған қауіп туралы жар сала бастады.

Казактармен қақтығыс сол кезде қазақтар үшін өте тиімсіз болатын, осыны ескерген Қазақ үкіметі Орал әскери үкіметімен одақтық шарт жасауға мәжбүр болды. Шарттың негізі төмендегідей басты баптардан құрылды:

1.Қызылдар казактарды өз территориясынан ысырған жағдайда «Алашорда» үкіметі қазақ әскерлеріне, олардың босқындарына пана береді;

2. Қазақ әскери бөлімдері казактармен біірге майдандағы ұрыстарға қатыспайды және тек өз территориясын ғана қорғайды;

3. Казактар қыр елінің ішкі өміріне араласпайды және Қазақ үкіметіне кару-жарақ, әскери жабдықтармен көмек көрсетеді.

Бекітілген шарттың осындай ережелері қазақтар үшін тиімді болды, өйткені, сол кезде майдан шебі қазақ даласынан алыста болатын, сондықтан да «Алашорданың» қызыл армиямен қақтығысуы мүмкін емес еді. Ал казактар қыр еліне қарай шегінген жағдайда оларды «қалай қарсы алу» керектігін қазақтар жақсы білді және оны кейін іспен дәлелдеді де. Сонымен қатар келісім-шарт жасалу фактісінің өзін «Алашорда» үкіметі әдейі дәріптеп, орынды пайдалана білді, шарт Алаш автономиясының қас жауларының үнін өшіріп, басталған ұйымдастыру жұмыстарын әрі қарай жүргізе беру үшін Қазақ үкіметіне азды-көпті қолайлы жағдай жасады.

Чехословактардың кеңестік Россияға қарсы бүлігі басталған соң, сол жылдың шілде айында Самарада Құрылтай жиналысы мүшелерінің комитеті құрылды. Бірінші болып комитетке барған Орал казактары өз армиясына қажетті құрал-жабдық, қару-жарақ және ақшалай қаржы-көмек алды. Тап осындай көмекті қазақтарға бергізбеу мақсатымен казактар комитет алдында «Батыс Алашорда» үкіметін барынша қаралап бақты. «Алашорда» боль-шевиктермен жақтас» деген айып тағылып, оған дәлел ретінде қазақ өкілдігінің Саратовта басып шығарып, майданға таратқан жоғарыдағы үндеуін келтірді.

Казактардың жаулық әрекетінің алдын алу және Комитетті өз өлкесінің мұқтажы мен қажетіне пайдалану мақсатымен Қазақ үкіметі Самараға арнайы өкілдік жіберді. Құрылтай жиналысы мүшелерімен келіссөз жүргізген делегация төмендегідей келісімдерге қол жеткізді.

1. Комитет ресми түрде Қазақ автономиясын таниды;

2. Қазақ автономиясына көмек ретінде комитет шамамен 1000 адамды
жабдықтауға жететіндей көлемде қару-жарақ, құрал-жабдық және 2000 000 сом
шамасында ақша бөледі.


Бөлінген ақшаның 1,5 миллионы «Шығыс Алашордаға» тиді де, тек 500 000 мыңы ғана «Батыс Алашордаға» қалды.

Өкілдік Самарадан оралғаннан кейін де «Алашорда» үкіметі өзінің бұрынғы саясатын жалғастыра берді, яғни қызылдармен қақтығысты болдырмауға, казактарға көмек беруден барынша жалтаруға, ұйымдастыру жұмыстарын ойдағыдай жүргізе беруге ұмтылды.

1918 жылдың қараша айының басында «Батыс Алашорда» үкіметі Алашорда үкіметінің таратылғандығы және биліктің түгелдей Колчак қолына көшкендігін хабарлаған екі жеделхатты қатар алды.

Батыс Алашорда үкіметі бұл бұйрыққа бағынбайтынын, өз карауындағы территорияны басқаруды бұрынғыша жүргізе беретінін мәлімдеді.

1919 жылы ақпанның аяғы мен наурыз айының басында «Батыс Алашорда» үкіметі кеңестік Россиямен байланыс орнату жолдарын іздей бастады. Қазақ үкіметінің әрбір қадамын аңдып отырған казактардың тыңшылык әрекеттеріне қарамастан, «Батыс Алашорда» Орынборға арнайы адам аттандырды. Татарлардан сайланған үкімет мүшесі Насреттин Кузми Орынборда болып қайтты. Ол Орынборда Башкирревкомының төрағасымен кездескенін, Башкирревком төрағасы сол кезде Москвада жүрген Заки Валидидің атына жедел хат жолдап, Қазақ үкіметінің кеңестік Орталықпен байланыс орнату қажеттігін мәлімдегенін жеткізді.

1919 жылы пасха мейрамының алғашқы күні қазақ әскери бөлімдерінің ин-нұсқаущыларының бірі полковник Крыклинцев қазақ бөлімдерін майданға тарту әрекетін жасады. «Батыс Алашорда» үкіметінің төрағасы және Әскери бөлім бастығы Ж.Досмұхамедовтың отбасы жағдайымен қысқа мерзімді демалыста болғанын пайдаланған Крыклинцев, Алашорда үкіметінің басқа мүшелерінін келісімінсіз әскери бөлімдерді майдан шебіне қарай алып шықты. Кейін полковник Крыклинцев Орал әскери үкіметі мен генерал Толстовтың құпия агенті болып келгендігі белгілі болды. Бұл хабарды естіген бойда қайтып оралған Досмұхамедов жігіттердің артынанбарып, майданға қосылмастан бұрын қуып жетіп, Жымпитыға қайта алып келді.

Майданға көмек туралы казактардың талабы қайта күшейген кезде алаш басшылары:«Сол майданға қатысады», – деген сылтаумен әскери бөлімдерді Ташкент темір жолына жуық жердегі Темір қаласына алып кетті. Бірақ Қазақ бөлімдері ешқандай да ұрыс қимылдарына қатысқан жоқ, екі күн тылда болған бөлімдер Ойыл мен Жымпитыға қайтып оралды. Әскери құрамаларға ұлттық ту тапсырылу салтанатына қатысуды сылтау еткен Алаш әскерлері майданға қатыспастан осылай елге қайтып келді.

1919 жылы жаздың аяғына қарай Орал майданының бір бөлігі Қазақ жеріне ауысты. Осы кезеңнен бастап казактардың майданнан жаппай қалуы күшейіп, жалпы казак әскерінің дағдарысы мен азып-тозуы басталды.

Осы кезден бастап Орал армиясының жоғарғы басшылығы да тікелей әрекетке көшті. Өздеріне үнемі кедергі болып келген Қазақ үкіметімен арадағы келісім-шартты аяққа таптаған әскери үкімет басшылары тікелей жарлық шығарып, өз қатарын қазақ жерін мекендейтін халық есебінен толықтыра бастады, қоныстанушылармен қатар кейін қазақтарды да ала бастады.

Бұл әрекетке қарсылық білдірген Қазақ үкіметі арнайы бұйрык шығарды. Қазақ территориясындағы жоғарғы билікке Қазак үкіметі ие, сондықтан да Қазақ үкіметінің рұқсатынсыз қазақ жерінде реквизиция жүргізуге толықтай тиым салынды, ал Казак әскери басшыларының бұйрығы жұршылық пен жергілікті басшылар тарапынан орындалмауы керек.

Бұл бұйрықка жауап ретінде генерал Толстов Қазақ үкіметінің келісімінсіз үкімет билігін өз қолына алып, қазақ даласын басқару үшін генерал-губернатор тағайындады. «Жайықтың сол жақ бетін (яғни қазақ жерін) тәртіпке келтіру үшін, әсіресе, пішен, астық өнімдерін жеткізу, көлікті ретке келтіру және мал мен жылқының, көліктің қызылдар жағына өткізілуін болдырмау мақсатымен» (№ 2550 бұйрығы) генерал-губернатор болып тағайындалған подполковник Зарулкинге, кейін науқастануына байланысты оны ауыстырған полковник Бородинге, Толстовтың бұйрығы бойынша «Соғыс жағдайында деп жарияланған аймақтардың» (№ 2550 бұйрық) төтенше құзырына ие генерал-губернаторлық құкығы берілді және басқару мен жоғарыдағы бұйрықты орындау үшін«ешкандай қысылмастан барлық шараларды қолдану, сонын ішінде қарсылық көрсеткендерді ату» туралы тапсырма жүктелді (№ 2550).

Бұйрықта бұл туралы тікелей нұсқау болмаса да, іс жүзінде Толстовтың бұйрығымен Қазақ үкіметі таратылған-ды. Бұйрықтағы ату жазасын қолдану туралы қоқан-лоққы сол кезде Алашорда үкіметіне қарсы бағытталған еді, өйткені, казактарға қарсылық келтіруі мүмкін күш – жалғыз Қазақ үкіметі ғана болатын. Онын үстіне: Қазақ үкіметінің большевиктермен байланысыбар – деген күдік те болды.

Қазақ үкіметі сол кезде шынында да 4-армияның революциялык әскери кенесінің (Реввоенсовет) мүшесі Лежави Мюрат аркылы Түркістан майданымен байланыста болатын. Мюрат кезінде Оралда болғанда, Орал ревкомын басқарған еді.

Қазақ үкіметі Мюрат арқылы Түркістан майданынан Қазақ даласын казак бандыларынан тазарту үшін белсенді шараларды жүргізуді сұрап, өз тарапынан операцияның сәтті өтуі үшін мүмкіндігінше барлық көмекті көрсетуге уәде етті.

Даланы азат ету жоспары жасалғанын, Түркістан майданы жуық арада жоспарды жүзеге асыруға кірісетінін хабарлаған Мюрат Қазақ үкіметіне майдан үшін тиімді жұмысты, Орал армиясын жабдықтауға барынша кедергі жасауды жалғастырып, сөйтіп, казактардан төнген қауіп-қатерге байланысты әзірге Совет өкіметі жағына ашық шықпай, жұмысты жүргізе беруді айтып жауап берді.

Толстовтың бұйрығына бағынбаған Қазақ үкіметі онымен келіссөз жүргізу үшін өкілдік жіберіп, өкілдікке келіссөзді мүмкіндігінше соза беруді тапсырды. Сонымен бірге казактармен қарулы қақтығыстың болмай қоймайтынын анық сезген үкімет бұған әзірленуді күшейтті. Қазақ әскери бөлімдері бір жерге, түкпірдегі Қызылқоға елді мекеніне шоғырландырылып: ауыл-ауылдарда тәртіп пен тыныштықты сақтау үшін – деген сылтаумен болыстық және ауылдық партизан жасақтары құрыла бастады. Майданнан қашқандар мен казак жерлерінен көшіп келгендерден қару сатып алу мүмкіндігінің пайда болуы да партизан отрядтарының тездетіп құрылуына оң ықпалын тигізді.

Ақыр аяғында Қазақ үкіметі казактарға ашық қарсы шығу туралы шешім қабылдап, 1919 жылғы 10 желтоқсанда арнайы қатынас қағазбен соғыс қимылдарының басталу орыны мен уақыты туралы Түркістан майданы мен Кирәскериревкомын хабардар етті, сонымен бірге барлық қазақ ауылдарына да құпия түрде хабар жіберілді.

«Алашорданың» бұйрығымен атқа қонған Қазақ әскери бөлімдері 1919 жылдың 27 желтоқсаны күні таңмен Орал армиясының 2-ші Елек корпусына шабуыл жасап, корпус штабын толық құрамда тұтқынға түсірді. Тұткындалғандар, оның ішінде корпус командирі генерал Акутин, оның көмекшісі полковник Марков, штаб бастығы полковник Шадрин және т.б. бірден Түркістан майданының қарамағына жіберілді.

Соғыс қимылдарын өрістете түскен Қазақ әскерлері казактарға тылдан соққы беріп, 2 күндік ұрыс барысында 1500-дей адамды тұтқынға алды, олардың ішінде 3 полк командирі де болды, сондай-ақ 3 зеңбірек, 3 пулемет, көптеген винтовка, патрон т.б. әскери мүліктерді қолға түсірді. Екі күннен кейін Қазақ әскерлеріне көмекке Қызыл Армияның 3-ші Татар жаяу әскер полкі және татар кавалериясынын 1 дивизионы келіп жетті.

Олармен біріккен Қазақ бөлімдері шегінген казактарды тықсырып, Қазақ жерінен қуып шықты және осы кезеңнен бастап Қазақ бөлімдері тікелей Түркістан майданы басшылығына бағынды.

Осыдан кейін Қазақ үкіметіне іссапармен Түркістан майданы мен Қазрев-комының уәкілдері келді. Түркістан майданының уәкілі, 1-ші армияның Ревәскери кеңесінің мүшесі Наумов пен Қазәскериревкомының мүшесі Бегімбетов өз мекемелері атынан келіссөз жүргізуге, Қазақ үкіметінің кеңес өкіметі жағына шығуының шарттарын анықтау мен соңғы шешім қабылдауға өкілетті болды. Наумов пен Бегімбетовтың жүргізген келіссөздері мен қабылдаған шешімдері 1920 жылғы 1-ші қаңтардағы протоколда (хаттамада) тіркелген.

Келісімнің негізі төмендегі басты ережелерден құралды:

1. «Батыс Алашорда» Қазәскериревкомына қосылады, «Алашорданың» барлық қоры (капиталы) мен мүлкі Қазәскериревкомға көшеді.

2. Орталық Кеңес Өкіметінің басшы нұсқауларына сай жарияланған Түркістан майданы Ревәскерикеңесінің 1919 жылғы 4-ші қарашадағы қаулысында көрсетілген шарттарды Қазақ үкіметі мен қазақтың қоғам және саяси қайраткерлерінің толық орындауына байланысты, жоғарыдағы амнистия – қандай да бір жағдайда болсын кеңес өкіметіне қарсы күреске қатысқан «Батыс Алашорданың» қайраткерлерінің жетекшілеріне де қатысты, «Батыс Алашорда» қайраткерлерінің жеке қауіпсіздігі мен дербес құқығы толық қамтамасыз етіледі.

3. Тұрақты Қазақ әскери бөлімдері уақытша Түркістан майданы командованиесіне бағынады, олардың бұдан былайғы тағдыры туралы мәселені түпкілікті шешу Республиканың жоғарғы басшылығының құзырында.

4. Болыстық және ауылдық жасақтар, сол сияқты елді мекен тұрғындары
қарусыздандырылады, қару-жарақ уездік ревкомға тапсырылу керек. Ревком қаруды әскери басшылыққа тапсырғанша өзінде сақтайды.


5. Тапсырылатын қаруды өз қаржысына сатып алғандары туралы мәселе
көтеріледі.


6. Казактардан Қазақ әскери бөлімдері қолға түсірген әскери мүлік қазақ даласында ұрыс жүргізіп жатқан барлық қызыл әскер бөлімдерінің мұктажына жұмсалады, ал қалғандары ерекше бұйрық келгенше тізімделіп, Ойылға сақтауға жіберіледі.

7. Бұрын Қазақ территориясында қолданыста болып келген Сібір, Дон т.б. ақша белгілерін жалпы Кеңес Республикасының ақша белгісіне ауыстыру туралы өтініш Алашорда басшылары Орынборға барғаннан кейін Қазәскериревкомның қарауына және шешуіне ұсынылады.

Бұдан кейін барлық істі, мүлік пен капиталды Қазәскериревком мүшесі Бегімбетовке тапсырған «Батыс Алашорда» басшылары Орынборға келді. Бір күннен соң Қазәскериревком төрағасы Пестковский оларға «Алашорда» жетекшілерінің 5 адамы, атап айтканда: Жаһанша Досмұхамедов, Кәрім Жәленов, Халел Досмұхамедов, Иса Қашқынбаев, Беркін Атшыбаев ВЦИК-тің Президиумының жарлығымен Москваға шақырылып жатқандығын хабарлады. Олар сол күні-ақ Орынбордан Москваға аттанып кетті.

Біз, Алашорда өкілдері, Москваға келіп тұрып жатқанымызға бір айдан астам уақыт өтті, осы уақытқа шейін біздің шақырылуымыздың себебін түсіндіруді, осыған байланысты мәселелерді мүмкіндігінше тезірек қарауды өтінеміз. Біздің отбасыларымыздың Орынборға жақын жерде мүлдем панасыз қалуы да бұл өтінішті жазуға себеп болып отыр, олардың арасында, біз кеткенде, өкпе ауруымен, сүзекпен (тиф) ауырғандар да болды.

Егер осы баяндама-хатта айтылған басты негіздерді дәлелдеуге айғақтар қажет болса, біз керекті құжаттарды көрсетуге және Совет өкіметі басшыларының күдігін туғызбайтын адамдардың түсініктері мен жауаптарын беруге әзірміз.

Қорытындысында, біз, Алашорда өкілдері, өзіміздің Қазақ өлкесіндегі саяси басшылық пен Уақытша Үкімет басшылығына халықтың өз таңдауымен, халықтың қалауымен келгенімізді мәлімдеуді қажет деп есептейміз. Қиын-қыстау кезеңде басшылықта болған біз өз шама-шарқымыз бен мүмкіншілігімізге қарай өз халқымыздың еркін, қалауын жүзеге асыру жолында қызмет істедік.

Сеніп тапсырылған билікті өз еркімізбен Қазәскериревкомына бере отырып, біз бұл әрекет қазақ халқының мүддесіне қайшы келмеу керек деген ойға сүйендік, өйткені, Қазревком да біз қызмет еткен идеяға, Қазақ өлкесін автономиялық басқару идеясына қызмет етеді немесе қызмет етуге тиіс деп сенеміз. Әзірге, жалпы Мемлекеттік билік жағдайында өзін-өзі сақтау мақсатымен қазақ халқының өзінің мемлекеттік аппараты болуға тиіс деген саяси ойды жақтай отырып, біз Қазақ өлкесін басқарушы жоғарғы органдарға міндетті түрде қатысуымыз керек деген ниеттен аулақпыз. Сонымен бірге өлкедегі автономиялық билікті жүзеге асырушылардың қандай да болсын саяси сенім, нанымдарына қарамастан, біз өзіміздің барлық күш-жігеріміз бен білімімізді, еңбегімізді қазақ өлкесінің гүлденуі үшін жұмсауға әзірміз.

Біз тек тағы да «өңін айналдырған» ұлы державалық үстемдік пен құлдықтың орнауына, сондай-ақ қазақтардың тағы да ұлы державалық ұлттың саяси қызметшісі мен қолшоқпарына айналуына барлық жан-тәнімізбен қарсымыз.

Алашорда өкілдері:

Жанша Досмұхамедов,

Кәрім Жәленов,

Халел Досмұхамедов,

Иса Қашқынбаев
****

«Олардың қазақ даласында болуы кеңестік құрылысқа қауіпті» деп табылды. Фрунзенің тікелей нұсқауымен батыс алаш басшылары «қазақ еңбекші бұқарасынан оқшауландырылды», ал Жаһанша мен Халел Досмұхамедов, И.Қашқынбаев, К.Жаленов, Б.Атшыбаев Мәскеуге жіберілді, жоғарыда келтірілген материал осы бесеудің баяндама-хаты.


І.Қозыбаев
60.
Ел қамын жеген екеу кім?

«ж. Сокольниковке.

Григорий Яковлевич! Мынау екі қазақ коммунисімен әңгімелескеннен кейін түртіп қойған жазбаларым еді.

Қазақстандағылардың арасындағы қатынастар жайлы Сіз не білесіз? Қайткен күнде де Сіз түркістандық үлгі бойынша белгілі бір қорытындылар жасай аласыз ғой деп ойлаймын.

11 наурыз, 1927 ж. Л.Троцкий.
«Қазақстандағы саясаттың ұлттық тұстары

Өз істеріне байланысты әңгімеде қазақ жолдастар төмендегідей ой-пікірлерін білдірді.

1. Шет аймақтар мешеу күйде. Олардың даму екпінін Москвадағы өмір дәрежесінен барған сайын кейін қалатындай емес, қайта сонымен теңелуге мүмкіндік беретіндей деңгейге көтеру керек. Біз бұл жерде жалпы даму мәселесінің осы аймақтағы ерекшелігін ескеріп отырмыз.

2. Одақтың нашар дамыған аймақтарына бөлінетін күрделі қаржы жуық арада өзін-өзі ақтай алмайды. Орталық мекемелердің мұндай қаржы бөлуге іштей немесе ашықтан-ашық қарсы болып отырғаны сондықтан.

3. РСФСР-дің басқарушы мекемелерінің жұмысына Қазақстан өкілдерінің араласуы «мүлде сезілмей» отыр. Сірә, дербес республика болып бөлінуге деген ниет бар болса керек.

4. Орталықтың қоныс аудару саясатына наразылық байқалады: қазақ жұртшылығы кеңес өкіметіне жер-су революциясы арқылы қатынастырылыпты; қазақ жеріне «көз аларта беру» қобалжу туғызатын болады. «Біз қоныс аудару саясатына қарсы емеспіз, бірақ, ең алдымен бұратана халықты жермен қамтамасыз ету керек қой», дейді.

5. «Біз Қазақстанның жерге, басқа да мәселелерге мүдделілігі жайлы мәселе көтерейік десек, сендердің патша саясатында кеткен кектеріңді қайтарғыларың келеді деп кінәлайды. Біздің коммунистер ретінде кез-келген мәселеге мемлекеттік тұрғыдан қарай алатынымызға мүлде сенбейді», – дейді олар.

6. Мекемелерде аймақтардың барлық шаруашылық және мәдени мәселелерін ескі дәстүрмен шешуге үйреніп қалған көне мамандардың салмағы басым.

7. Ұлт коммунистері әбден жетілген, бірақ орталықтан жіберілген басшылар олардың адымын аштырмайды. «Бізді әлі пісіп-жетілген жоқ деп есептейді», – дейді олар.

8. Европалықтар мен қазақ коммунистерінің арасында меңіреу қабырға тұрғандай. Мүлде бөлектеніп өмір сүреді. Тіпті бірлесіп шахмат ойнағылары да жоқ.

9. Европалық коммунистер орталықтың жалпы бағытын ұстанып отыр. Олар принципті түрде сөз жарыстыруға да, пікір таластыруға да бармайды, мұның себебі –соңғылардың «шеттетілетігінде».

10. Ұлт өкілдерінің арасы қайнап-ақ тұр. Олар бірнеше топтарға бөлінген. Мұндай топшылдықты орталықтан жіберілген басшылар қолдап, тіпті, әдейі қоздырып отырады. Мақсаты не деймісіз? «Біріншіден, өз қожалығын нығайта түсу үшін; екіншіден, ішкі қайшылықтарды қоздыру арқылы орталық жүргізіп отырған саясаттың мәселелерін олардың назарынан тыс қалдыру үшін».

11. Қазақ коммунистерінің арасында үш топ бар: біріншісі – Голощекиннің маңындағылар, яғни, жоғарының нұсқауын орындау үшін неге де болса, қашан да даяр тұратындар, екіншісі – «солшылдар», олар да Голощекинді қолдайды, бірақ аз-кем тәуелсіздігі бар топ, үшіншісі – «оңшылдар», менімен сөйлескендер солардың өкілдері, айтпақшы «солшылдардың» өкілдері де «оңшылдарға» қосылып кететін көрінеді.

12. Келіспеушіліктің, жікшілдіктің сыры неде? «Бізді: байға қамқор болып, кедейді шөмішпен қағып отырсыңдар – деп кінәлайды, ақылға сиярлықтай кез-келген шараны айқын да дәл етіп түсіндіріп берсе, байларға қарсы өзіміз де қимылдар едік қой», – дейді бұлар.

13. Голощекин сөйлеген сөздерінің бірінде: «Қазақстанды кіші октябрьмен бір сүзіп шығу керек»,– депті. Бұл не сөз? Ол мұны түсіндірмеді де, нақты шараларын да айтпады. Қазақстандағы ішкі саясатта принципті түрде де, іс жүзінде де айта қаларлықтай алауыздықты аңғара алмадық. Мұның бәрі де РСФСР-ге қатысты мәселені көлегейлеп, ұмыттыру үшін қолдан жасалып отыр.

14. Менімен әңгімелескендердің екіншісі былай дейді: «Мәселенің құйтұрқы тұсы – Голощекин тобының ауыл мен деревняға деген көзқарасының бірдей еместігінде. Голощекиннің ойынша, орыс кулагын әжептәуір әлсіретіп және қорлап қойдық та, байды әлі қозғаған жоқпыз. Сондықтан, ауылдарды «октябрьмен бір шарпып өтпесе болмайды». Қысқасы, Голощекин орыс деревнясына азаматтық тыныштық орнатып, қазақ аулына азамат соғысын жариялағысы келеді.

15. Күннен-күнге кеудеден кері итеретін әдетке бой ұрып бара жатқан бюрократизм бізді тұншықтырып отыр, европалық және қазақ коммунистерінің арасында үнсіз араздық бар. Қорқыныш, екіжүзділік, бір-бірінің ізін аңду белең алып барады.

Жалпы жағдай туралы осы пікірлерде түсініксіз тұстар көп. Әсіресе, орыс деревнясы мен қазақ аулына байланысты нұсқаудың маңызы ерекше. Мәселенің мәні неде? «Оңшылдарға»: кулактарға ыңғай беріп отыр – деген кінә тағылатын секілді. Шындығында солай ма? Кейбір әкімдер кулактарға болысып отырған ешкім де жоқ дегенді желеу етіп, дамымай қалған облыстарда кулактарға болысып, өздерінің солшылдық беделін арттыруға, билік жүргізуді жеңілдетуге тырысып отырмаса неғылсын?

Владимир Ильич: шалғай шеттердегі орыс коммунистері көмекші, жөн сілтеуші болуға тиіс – дейтін. Ал, мұндағы «көмекшілердің» бірсыпырасы «қомқорлығына алғандардың» дыбысын шығаруға мұршасын келтірмей отыр. Жалпы алғанда, бұл ортадағылардың ой-пікірлері бір-бірінен мойны озып тұрмағандықтан, топ-топқа бөлінген коммунистердің де көзқарастарында нақтылық, тұрақтылық жоқ, ауытқу көп. Сондықтан оларды «оңшылдар» қатарына да, «солшылдар» қатарына да қоса салу оңай. Дегенмен Орталықтың бюрократизмімен күрестің нәтижесінде жергілікті жерде ұлтшыл-байшыл идеологияның элементтері қалыптасуы да ғажап емес.

Неғұрлым мешеулеу дамыған халықтардың ұлт өкілдерінің ішінен жас, қабілеті барларын шетелге жіберіп, таптық күреспен жақынырақ таныстырып алса жақсы болар еді. Бізде олар бірден мемлекеттік-әкімшілік болмысқа тәрбиеленіп, қасаңсып кетіп жүр.

Л. Троцкий».
Троцкий хат жолдап отырған кісі – Григорий Яковлевич Сокольников (1888-1939 ж.ж.), 1905 жылдан партия мүшесі, 1918-1921 ж.ж. – бірнеше армиялардың ревәскерикеңестердің мүшесі, Оңтүстік майдандағы 8-армияның, Түркістан майданының қолбасшысы, ВЦИК-тің «Түрккомиссиясының» және РСФСР Халық Комиссарлары кеңесінің төрағасы болған қайраткер. Кейінгі жылдары – РСФСР финанс наркомының орынбасары, халық комиссары, ал біз айтып отырған 1927 жылы – СССР Мемлекеттік жоспарлау комитеті төрағасының орынбасары, БКП (б) ОК-інің мүшесі, Сокольников 1914 жылы Троцкиймен танысып, «Наше слово» газетінде қызметтес болған.

***

Троцкийдің хаты оған С.Сәдуақасов пен Ж.Мыңбаев 1927 жылдың алғашқы айларында келіп кеткеннен кейін жазылған.


61.
Алашорданың батыс бөлімі туралы не білеміз?
«Қазақ өлкесін басқарушы Әскери-революциялық комитеттің коммунистік фракциясына (Пестковский жолдасқа)
Қазақ өлкесін басқарушы Әскери-революциялық комитеттің мүшесі Меңдешовтен және Қырғыз өлкесіндегі Әскери комитеттің тексерушісі инспектор Ивановтан, «Алашорданың» батыс бөлімін таратуға Қызылқоғаға барған жолсапардан баянхат

Ақпанның төртінші жұлдызында біздер Жымпиты қаласына келдік, бұл жерде біздің алғашқы келіскеніміздей комиссияның мүшесі Мюрат күтуге тиісті болатын, бірақ біз келгенде Жымпитыда Мюрат болған жоқ. Жергілікті әскери комитеттің басшысы Әлібеков бізге былай деп баяндады: біздің келгенімізге 2 күн қалғанда Орал қаласынан тікелей байланысып, Мюрат өзінің тез арада Жымпитыға келетінін хабарлаған. Ақпанның бесінші жұлдызында Оралмен байланыс үзіліп қалды, біздер келгенімізді Мюратқа хабарлай алмадық. Мюраттың Жымпитыға келетінін біліп, біз осында қалуды ұйғардық. Байланыс тек ақпанның 22 - жұлдызында іске қосылды. Мюрат ақпанның 13 - жұлдызында ғана келе алды.

Екінші жақтағылар – Қызылқоғаға келген «Алашорданың» бұрынғы қызметкерлері бізге нақты анықтамалар берді:

біріншіден, Бегімбетов пен Наумов жолдастар қаңтардың 15-20 аралығында «Алашорданың» бүкіл жұмысын, мүліктері мен ақшасын қабылдап алыпты:

екіншіден, «Алашорданың» әскери бөлімдері Доссордың (Атырау облысы) мұнайлы аудандарына жіберілген, саяси комиссар болып алашордашылардан (Қалменов деген біреу) сайланған:

үшіншіден, Досмұхамедовтер, бірнеше офицерлермен бірге Бегімбетов жолдаспен Орынбор арқылы Ойылға аттанған,

төртіншіден, Қызылқоғадағы «Алашорданың» көрнекті мүшелері Кенжин, Галеев және басқалардан Әскери бөлім құрылған.

Біздің алғашқы ойымызды өзгерткен мәселе осы жағдайларға байланысты туындады. Бізге шұғыл түрде Әскери революциялық комитетпен, Әскери комиссиямен байланысу қажет болды, байланыс арқылы жаңа тапсырмалар күтуге тура келді, бірақ 12 ақпан күні бізге байланыстың болмайтынын, оны қалпына келтіру әзірге мүмкін еместігін баяндады. Комиссияның қаулысы бойынша Қызылқоғаға барудың қажеті жоқ болды, Меңдешов жолдас 14 ақпан күні Әскери революциялық комитеттің тапсырмасын орындауға Бөкей облысына аттануды ұйғарды, ал Иванов жолдас жағдайды Революциялық комитет пен Комиссариатқа баяндау үшін Орынборға баруды ұйғарды.

Жымпитыда болған уақытта жергілікті жұмысшылардан жазбаша өтініш (арыз) алған болатынбыз. «Алашорданың» батыс бөлімінің жұмысы жайлы жазбаша баяндап берді, олар кезінде Жымпиты қаласында тұрған. Және де біздер, әңгімелесе, сөйлесе отырып, Жымпитының жергілікті тұрғындарынан «Алашордашылар» жайлы көптеген материалдар жинақтадық. Жинақталған материалдардағы «Алашорда» жайлы мәселе бойынша, төмендегілерді хабарлай аламыз:

біріншіден, «Алашорданың» батыс бөлімінін құрылуының өзі қате, түсініксіз нәрсе болып отыр.

Уфада өткен Құрылтай жиналысының Кеңесінде, қиын да күрделі уақытта «Алашорда» орталығының басшысы Бөкейхановқа, «Алашорданың» батыс бөлімін құру жайлы іс қағазының (жасырын түрде) қол қойғызуға берілгені әңгіме болды. Бөкейханов қол қойған, бірақ та «Алашорда» да заңды түрде мұндай бөліну болмаған (?). Өз жерінде билік жүргізуге ынтық болған Досмұхамедовтер өз талаптарына осылайша жете алған. Қалың бұқара арасынан «Алашорданың» батыс бөлімі лайықты сүйеніш таба алмаған. Досмұхамедовтердің баяңдауы бойынша, ресми құжаттарда көрсетілгеніндей, қоғамдық бөлімдер мен Жер мекемесінің өкілдері қолдап отырғанындай, шынтуайтына келсек, «Алашорданың» батыс бөлімінің жағдайын жақсы білген адамдардың айтуына қарағанда, бұл шындыққа жанаспайды. «Алашорданың» батыс бөлімінің басшылары қулықпен сиаздың барлық негізгі пікірлерін өздерінің мүддесіне пайдаланған. Өздерінің барлық ресми жарлықтарын орындату үшін, бұқара арасында өз беделдерін көтеру үшін батыс бөлімнің өкілдері үнемі Орал казактарымен ауыз жаласып, ұдайы оларды көмекке шақырып, әскери көмек алып отырған. Батыс бөлімдерінің өкілдері қалың бұқара мен әскери бөлімдер арасында ешқаңдай саяси және ағарту жұмыстарын жүргізбеген.

Пара алу, қазынаны ұрлаушылық, қулық, сұмдық үнемі өрістеп отырса да оларды қасақана байқамаған, оларға назар аударылмаған. Осындай жағдайлар алашордашылар арасында патша үкіметінің қызметшілері мен жаулардың топтасуына жол ашқан.

Осының бәрін ескере отырып, Алашорданың батыс бөлімін жеке ұйым деп есептеуге болмайды. Оны саяси-қоғамдық бағыты жоқ бөлім деп есептейміз.

Екіншіден, жоғарыда айтқанымыздай, «Алашорданың» орталығымен ешқандай байланыс пен ынтымақтастық жасалмаған, «Алашорданың» батыс бөлімі Орал казактарымен тығыз байланыста болған, атаман Толстовпен біріге отырып Кеңес өкіметіне қарсы күреске қатысқан өздерінің әскери бөлімшелерінен жазалаушы экспедицияжасақтап, оларды большевиктерді қолдау пиғылын білдірген жаңадан қоныстанған поселкелер мен қазақ ауылдарына аттандырып отырған, ал олар болса ойларына келгендерін істеп баққан. Алашордашылар большевиктерге қарсы төтенше комиссия құрған, ал бұл комиссия өздерінің қатал әрекеттерімен жергілікті халықты дүрліктірген. Досмұхамедовтер казактарға Кеңес өкіметінің төтенше комиссары Андрей Латышты опасыздықпен ұстап берген, Латыш 1918 жылдың көктемінде Орал облысына жіберілген болатын. «Алашорданың» батыс бөлімі Колчакпен, Деникинмен жақын байланыста болған. Колчак «Алашорданың» батыс бөлімін жеке ұйым деп есептеп, мақтау қағазын және көптеген қаражат берген. Деникин алашордашылар алып келген шикізатқа киім-кешек, өнеркәсіп заттарын ауыстырып берген. Екінші рет Деникинге жіберілген полковник Сархарджин «Алашорданың» батыс бөлімі кеңестер жағына шыққанға дейін үлгере алмады. Жеке адамдардың айтуы бойынша полковник Сархарджин жылқосы төңірегінде болған, оған Досмұхамедовтер арнаулы адам жіберген.

4) Казактармен ауыз жаласуға және бірігіп қызмет етуге ұмтылған Халел Досмұхамедұлы еді. Ал Жанша Досмұхамедұлы жергілікті халықты қорғап, казактардың ұрып соғуына өзінше тойтарыс беруге тырысқан.

5) «Алашорданың» батыс бөлімінің кеңес өкіметі жағына өтуіне, казактардың Орал жерінен қашуы себеп болды, бірақ та «Алашордашылар» кеңес өкіметінің барлық істерін қолдай қойған жоқ, олардың қолдаудан басқа амалдары да жоқ еді.

6) Алашорданың батыс бөлімінің кейбір жақтаушылары: Жаһанша Досмұхамедұлын кеңес өкіметі хан қылып сайлады және де жергілікті жерді «Алашорданың» батыс бөлімі басқарады – деген жалған пікірді таратуға тырысқан.

Ал жергілікті адамдар бұл жайды түсіне алмай дал болуда. Жоғарыда баяндалған барлық жағдайды ескере отырып, әскери революциялық комитет пен Әскери комиссияға (қазақ өлкесіндегі) «Алашорданың» күштерін пайдалануға байланысты төмендегілерді баяндайды:

а) «Алашорданың» батыс бөлімінің белсенді басшыларына ешқандай жауапты лауазымдық жұмысты тапсыруға болмайды. Қызылқоғадағы әскери бөлімді тез арада тарату керек. Казактарға болысқан, олармен ауыз жаласуға тырысқан Халел Досмұхамедұлын азамат соғысы жүріп жатқан кездегі заңға сәйкес тұтқындау қажет:

б) Жергілікті бұқара арасында «Алашорданың» батыс бөлімінің барлық атқарған істерін түсіндіріп, мәлімдеу қажет.

Қосымша:

1) Қасаболатов тобының арызы.

2) Асановтың арызы.

3) Тұрынтаевтың арызы .

4) Комиссияның қаулысы.

5) № 97, 21 ақпандағы (1919 ж.) әскери қызметтен қашушылар жайлы қаулының көшірмесі.

Қазақ өлкесін басқарушы Әскери революциялық комитеттің мүшесі және Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитетінің мүшесі – С.Мендешов. Қазақ өлкесіңдегі Әскери комитеттің тексерушісі – Иванов.

13 ақпан. 1920 жыл.

Жымпиты қаласы».


©netref.ru 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет