С. Т. Иксатова қылмыстық ҚҰҚЫҚ ерекше бөлім



жүктеу 4.55 Mb.
бет18/29
Дата25.04.2016
өлшемі4.55 Mb.
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   29
: fulltext -> transactions
transactions -> А. Ф. Зейнулина филология ғылымдарының кандидаты, профессор
transactions -> Е. Жұматаева жоғары мектепте әдебиетті білімденудің инновациялық технологияларымен оқыту
transactions -> МӘШҺҮр-жүсіп шығармалары тілінің морфологиялық ерекшеліктері
transactions -> М. Н. Баратова Мәшһүр Жүсіп өлеңдерінің жанрлық сипаты Оқу-әдістемелік құрал Павлодар, 2007
transactions -> Азамат Тілеуберді
transactions -> Қазақ – шығыс және орыс (еуропа) Әдебиеті байланысы
transactions -> Қазақ фольклорын зерттеу мәселелері: ХХ ғасырдың бірінші жартысы
transactions -> Табиғи орта жағдайын бақылау «Мониторинг принциптері және типтері»
transactions -> МӘШҺҮртану ғылыми-практикалық орталығЫ
transactions -> Р. М. Муталиева қазіргі қазақ әдебиеті

Өлгендердің мәйіттерін және олар жерленген жерлерді қорлау (275-бап)
Қылмыстың негізі тікелей объектісі қоғамдық адамгершілік, қосымша тікелей объектісі-меншік қатынастары, ара гідік азаматтардың денсаулығы, ұлттық, нәсілдік немесе діни өшпенділік болуы мүмкін. Қылмыстың заты-өлгендердің мәйіттері, жерлеу орындары, құлпытас құрылыстары, жерлеуге немесе еске алуға байланысты рәсімдер өткізуге арналған зират үйлері болады. Жерлеу орындары деп-өлгендердің мәйіттерін көметін этикалық, санитарлық және экологиялық талаптарға сай бөлінген жерлер. Құлпытас құрылыстарына жерленген жердің қоршаулары, ескерткіш тақта, архитектуралық құрылыстар, гүл шоқтары және т.б. заттар жатады. Жерлеуге немесе еске алуға байланысты рәсімдер өткізуге арналған үйлерге-шіркеулер, мешіттер, рәсім өткізу залдары және т.б. орындар жатады. Қылмыс объективтік жағынан өлгендердің мәйіттерін қорлау не олар жерленген жерлерді, құлпытас құрылыстарын немесе жерлеуге немесе еске алуға байланысты рәсімдер өткізуге арналған зират үйлерін жою, бүлдіру немесе аяққа басу арқылы жүзеге асырылады. Өлгендердің мәйіттерін қорлау-әдет-ғұрып, дәстүрлерге қайшы келетін жағдайда мәйіттерді ерекше қорлайтын әрекеттерді жүзеге асыру. Оған мәйіттерді жерленген жерден қазып алу, оларды кескілеу, дене мүшесінің тінін алу, мәйітті өртеп жіберу немесе оны ашық далада қалдыру, өлген адамның мәйітімен жыныстық қатынас жасау (некрология) т.б. әрекеттер жатады. Өлгендердің мәйіттерін жерлеу орнынан ашып алып марқұмның киімдерін, тіс қондырғыларын немесе басқадай бағалы заттарын алу әрекеті екі бірдей қылмыстың (өлгендердің мәйітін қорлау және бөтеннің мүлкін талан-таражға салу) жиынтығын құрайды. Жерлеу немесе рәсімдер өткізуге арналған орындарды жою деп олардың қоршауларын, ескерткіштерді, архитектуралық құрылыстарды, мүрделерді қиратып, мүлдем жарамсыз етіп тастауды айтамыз. Жерлеуге немесе еске алуға байланысты рәсімдер өткізуге арналған зират үйлерін бүлдіру немесе аяққа басу деп ескерткіштерді, құлпытастарды бүлдіру, зират үйлеріне балағат сөздерді жазу, суреттер немесе басқа әдепсіз бейнелерді салу, жерлеу орындарындағы гүл шоқтарын, веноктарды бүлдіру немесе жою, оларды талан-таражға салу әрекеттерін істеуді айтамыз. Талданып отырған қылмыс формальдық-материалдық құрамға жатады. Жерленген жерлерді, құлпытас құрылыстарын, рәсімдер өткізуге арналған зират үйлерін жою, бүлдіру әрекеттері материалдық, ал өлгендердің мәйітін қорлау формальдық құрамға жатады. Субъективтік жағынан қылмыс тек қана тікелей қасақаналықпен жасалады. Қылмыстың субъектісі жалпы-16-ға толған адам. Егер өлгендердің мәйіті жерленген жерлер тарихи-мәдениет ескерткіштеріне жататын болса, онда оны қасақана жойған немесе бүлдіргені үшін адамның әрекеті Қылмыстық кодекстің 187-бабының 3-тармағының «б» тармақшасы бойынша сараланады.
Жануарларға қатыгездік жасау (276-бап)
Қылмыстың тікелей объектісі қоғамдық адамгершілік, қосымша тікелей объект меншік қатынастары болуы мүмкін. Қылмыстың заты-жануарлар, олар кімнің меншігіне жататындығына қарамастан қылмыс заты болып табылады. Бұл жерде үй жануарлары немесе жабайы жануарлар туралы да сөз болып отыр. Қылмыс объективтік жағынан жануарларға қатыгездік жасау әрекеттерімен, одан туындайтын зардап-олардың өлуіне немесе мертігуіне әкеп соғумен және олардың арасындағы себепті байланыстармен сипатталады. Қылмыс заңда көрсетілген осы зардаптар орын алған уақыттан бастап аяқталған деп табылады. Жануарларға қатыгездікпен қарау деп оларды сусыз, тамақ бермей, ерекше суық немесе ыстық жерлерде ұстау, ұрып-соғу, олармен ғылымға негізделмеген тәжірибелер жасау, оларды азаптап өлтіру және т.б. әрекеттерді айтамыз. Жануарларға олардың өлуіне немесе мертігуіне әкеп соққан қатыгездік жасау үшін қылмыстық жауаптылық , егер бұл әрекет бұзақылық пиғылмен немесе жауыздық әдістерді қолданып немесе жас балалардың көзінше жасалған жағдайда ғана орын алады.Бұзақылық пиғылға өзін қоғамға қарсы қойып, қоғамдық тәртіпті бұзу арқылы, көпшілік көзінше жануарларға ерекше қатыгездік көрсетіп, жұртты таңқалдырмақшы болған әрекеттер жатады. Жауыздық (садистік) әдістерді қолданып жасаған әрекеттерге жануарларға ерекше азап шектіретін әдістерді қолданып, одан рахаттану, ләззат алу сезімдері жатады. Мысалы, жануардың терісін тірідей сылу, оны тірідей отқа салып өртеу, тірі жануардың дене мүшесін кесіп алу т.б. Жасы 14-ке толмаған жас балалардың көзінше жасалған осы әрекеттердің барлығы жануарларға жасалған қатыгездік деп танылады. Субъективтік жағынан қылмыс тікелей қасақаналықпен істеледі. Адам жануарға қатал қарайтынын, одан оның өлуі немесе мертігуі мүмкін екенін сезеді және осындай зардаптардың орын алуын тілейді. Қылмыстың субъектісі-16-ға толған адам.
Он екінші тарау. Экологиялық қылмыстар
Жалпы экология табиғат пен қоғам қатынастарын, адам мен табиғаттың тікелей байланысын, айналадағы табиғи ортаны қорғауды реттейтін құқық ережелерінің жиынтығы болып табылады. Айналадағы табиғи ортаны қорғау-ең алдымен адамның өмірі мен денсаулығын, болашақ ұрпақтың мүдделерін қамтамасыз етуге, табиғи ортаға қарсы зиянды іс-әрекеттер жасауға жол бермеуге, табиғи тепе-теңдікті сақтау және қоршаған ортаны тиімді пайдалану мақсатын көздейді. Жалпы Қылмыстық кодекстің бұл тарауында экологияға байланысты қоғамдық қатынастарды қылмыстық-құқықтың жолмен қорғауды қамтамасыз ететін басқа да көптеген баптар бар. Экологиялық қылмыс дегеніміз-қоршаған ортаға, оның ресурстарына, халықтың экологиялық қауіпсіздігіне қол сұғатын қоғамға қауіпті, қылмыстық заңға қайшы іс-әрекеттер болып табылады. Экологиялық қылмыстардың заты-нақты табиғат ресурстары: жер, су, ауа, жануарлар дүниесі, орман-тоғай, мал т.б. болады. Экологиялық қылмыстардың топтық объектісі-қоршаған ортаны қорғау, табиғат ресурстарын тиімді пайдалану, тірі организмдерге қолайлы табиғи жағдайларды сақтау және адамдардың экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін қоғамдық қатынастар болып табылады. Қылмыстың тікелей объектісі-экологиялық қатынастарды реттейтін нақты қоғамдық қатынастар.

Экологиялық қауіпсіздікке қол сұғатын қылмыстар.

Шаруашылық және өзге де қызметке қойылатын экологиялық талаптардың бұзылуы (277-бап)
Қылмыстық кодекстің 277-бабында көрсетілген осы қылмыстың тікелей объектісі шаруашылық және өзге де қызметке қойылатын экологиялық талаптар: табиғат объектілерін сақтау, қоршаған ортаны жақсарту, халықтың экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатын көздейтін қатынастар болып табылады. Қылмыстың объективтік жағы табиғи ресурстарды пайдалану, кәсіпорындарды, құрылыстарды және өзге де объектілерді жобалау, орналастыру, салу және жаңғырту, пайдалануға беру және пайдалану, өнеркәсіп, энергетика, көлік пен байланыс объектілерін, ауылшаруашылық мақсатындағы және мелиорация объектілерін пайдалану, қалалар мен басқа да елді мекендерді салу кезінде, әскери және қорғаныс объектілеріне, әскери және ғарыш қызметіне қойылатын талаптарды сол талаптардың сақталуы үшін жауапты адамдардың бұзуы, егер бұл қоршаған ортаның едәуір ластануына, адамның денсаулығына зиян келтіруге, жануарлар немесе өсімдіктер дүниесінің жаппай құрып кетуіне және өзге де ауыр зардаптарға әкеп соғуы арқылы сипатталады. Заңда осы көрсетілген шаруашылық немесе өзге де қызметті жүргізу үшін экологиялық қауіпсіздіктің мынадай талаптары сақталуы қажет: жобаны техникалық-экономикалық негіздеу, жобалауды қоршаған ортаны зиянды қалдықтармен ластауды жою шараларын қарастырумен бірге қоршаған ортаны пайдаланудың тиімді жақтарын есепке алу қажет; объектілерді орналастыруда табиғат ресурстарын тиімді пайдалану жақтары, экологиялық, экономикалық, демографиялық процестердің даму ерекшеліктері еске алынуы, сондай-ақ объектілердің құрылысы құзыретті мемлекеттік органның оны жүргізуге арнайы түрде берген рұқсатын алғаннан кейін жүргізілуі керек. Объектілер барлық экологиялық талаптар орындалғаннан кейін ғана пайдалануға беріледі; әскери және қорғаныс объектілері, әскери және ғарыш қызметіне қойылатын барлық экологиялық талаптар орындалған соң іске қосылады. Талаптардың бұзылуын анықтау үшін арнаулы нормативтік-құқықтық актілерге жүгінуді талап етеді: яғни бұл баптың диспозициясы бланкеттік. Қылмыстың объективтік жағының тағы бір қажетті белгісі шаруашылық және өзге де қызметке қойылатын экологиялық талаптарды бұзудың қоршаған ортаның едәуір ластануы, адамның денсаулығына зиян келтіруі, жануарлар немесе өсімдіктер дүниесінің жаппай құрып кетуі немесе өзге де ауыр зардаптардың орын алуы болып табылады. Қоршаған ортаның едәуір ластануы деп -көптеген адамдардың денсаулығына, жануарлар немесе өсімдіктер дүниесінің өмір сүруіне қауіп келтіретін залалдарды айтамыз. Адамның денсаулығына зиян келтіруге бір немесе бірнеше адамға жеңіл, орта немесе ауырлықтағы зиян келтірулер жатады. Жануарлар немесе өсімдіктер дүниесінің жаппай құрып кетуіне олардың көптеген аумақтар бойынша сансыз қырғынға ұшырауы жатады. Өзге де ауыр зардаптарға адамдардың улануы, эпидемия таралуы, қоршаған табиғи ортаны жақсарту бағдарламасын жүзеге асырудың үзілуі, ірі материалдық залалдардың келтірілуі т.с.с. жатады. Баптың диспозициясында көрсетілген іс-әрекеттер мен орын алған зардаптардың арасында себепті байланыс болуы тиіс. Қылмыс субъективтік жағынан қасақаналықпен немесе абайсыздықпен істеледі. Қылмыстың субъектісі-арнаулы, 16-ға толған шаруашылық және өзге де қызметке қойылатын экологиялық талаптардың сақталуына жауапты лауазымды немесе лауазымды емес адамдар. Мысалы, экологиялық сарапшылар, жергілікті атқару органдарының лауазым адамдары, қадағалау немесе бақылау органдарының лауазым адамдары т.б.
Ықтимал экологиялық қауіпті химиялық, радиоактивті және биологиялық заттарды өндіру мен пайдалану кезінде экологиялық талаптардың бұзылуы (278-бап)
Қылмыстың объектісі-экологиялық қауіпті химиялық, радиоактивті және биологиялық заттарды өндіру мен пайдалану кезінде адамның денсаулығы мен қоршаған ортаны қорғау аясындағы қоғамдық қатынастар. Қылмыстың заты-химиялық, радиоактивті, биологиялық заттар. Объективтік жағынан көрсетілген қылмыс ықтимал экологиялық қауіпті химиялық: радиоактивті және биологиялық заттарды өндіру, тасымалдау, сақтау, көму, пайдалану немесе өзге де жұмыс істеу кезінде экологиялық талаптардың бұзылуы, егер бұл әрекеттер адамның денсаулығына немесе қоршаған ортаға елеулі зиян келтіру қаупін төндіру арқылы сипатталады. Химиялық заттарға-өте жоғары уландыратын, зәрлі, тері нерв жүйелеріне қатты әсер ететін, тұншықтыратын, тітіркендіретін және адам жүйесін зақымдыратын нәрселер жатады. Радиоактивті материалдарға-құрамында ядорлық қосындылар бар заттар жатады. Мысалы, уран, плутоний т.б. Биологиялық заттарға-адамдар, жануарлар мен өсімдіктер арасында жаппай ауру тарататын әр түрлі бактериялар, вирустар, жәндіктер т.б. жатады. Ықтимал экологиялық қауіпті химиялық, радиоактивті және биологиялық заттарды өндіру, тасымалдау, сақтау, көму, пайдалану немесе өзге де жұмыс істеу тәртібі арнаулы құқықтық-нормативтік актілермен реттеледі. Яғни Қылмыстық кодекстің 278-бабында көрсетілген норма бланкеттік болып табылады. Осы көрсетілген жұмыстарды жүргізу кезінде экологиялық талаптарды бұзу әрекеттері адамның денсаулығына немесе қоршаған ортаға елеулі зиян келтіру қаупін төндіруі қажет. Төнген қауіпке қоршаған ортаның сапасының, табиғат объектілерінің жағдайларының улануға, ластануға байланысты тым нашарлап кетуі; экологиялық зиянданудан жануарлардың жаппай өлім-жітімге ұшырауына әкеліп соғуы: адамның денсаулығына немесе қоршаған ортаға нақты елеулі зиян келтіру мүмкіндігі төнуі жатады. Зиян келтіру қаупінің болғанын немесе болмағанын тергеу, сот органдары істің нақты жағдайларына байланысты анықтайды. Қылмыс құрамы формальдық. Ол диспозицияда тізбектелген іс-әрекеттердің бірін істеген уақыттан бастап аяқталған деп табылады. Қылмыс субъективтік жағынан тікелей қасақаналықпен істеледі. Ықтимал экологиялық қауіпті заттармен жұмыс істеу тәртібін бұзудың қоғамға қауіптілігін сезеді және соны істеуді тілейді. Қылмыстың субъектісі арнаулы-ықтимал экологиялық қауіпті химиялық, радиоактивті және биологиялық заттарды өндіру мен пайдалану ережесін сақтауға міндетті 16-ға толған адам. Жаппай сырқаттануда көп адамдар уақытша еңбек қабілетінен айырылып, қатардан шығып қалады. Сырқаттың тікелей себебі-экологиялық қауіпті заттарды өндіру, пайдалану ережелерінің бұзылуы болып табылады.
Микробиологиялық немесе биологиялық агенттермен немесе улы заттар-мен жұмыс істеу кезінде қауіпсіздік ережелерінің бұзылуы (279-бап)
Қылмыстың объектісі-экологиялық қауіпсіздік аясындағы қатынастар. Қылмыстың заты-микробиологиялық, биологиялық агенттер, микроорганизмдер (бактериялар, вирустар, микроскопиялық грибтер т.б.), улы заттар. Қылмыс объективтік жағынан микробиологиялық немесе басқа да биологиялық агенттерді немесе улы заттарды жинап қою, жою немесе көму кезінде экологиялық талаптарды бұзу немесе оларды Қазақстан Республикасы ұқсату, сақтау немесе көму үшін заңсыз әкелу, егер бұлар адам денсаулығына немесе қоршаған ортаға елеулі зиян келтіру қатерін туғызғаны арқылы сипатталады. Микробиологиялық немесе басқа да биологиялық агенттер немесе улы заттармен жұмыс істеудің тәртібін белгілейтін көптеген нормативтік-құқықтық актілер бар. Осы заттармен жұмыс істеудің экологиялық талаптарын бұзу фактісін анықтау үшін маманның немесе сарапшының көмегі қажет. Демек көрсетілген баптың диспозициясы бланкеттік. Осы бапқа сәйкес экологиялық талаптарды бұзу әрекет немесе әрекетсіздік арқылы жүзеге асырылады. Әрекетке биологиялық агенттерді, улы заттарды жарамсыз тәсілдермен сақтау, өлшеу немесе оларды өндіруге сақтау кезінде белгіленген температураны немесе сақтау режимін бұзулар жатады.Әрекетсіздікке осы заттарды жинап қою, өндіру, сақтаудың белгіленген қауіпсіздік ережелерін сақтамау жатады. Қылмыстан адам денсаулығына немесе қоршаған ортаға елеулі зиян келтірілуі қаупі тууы керек. Қылмыс формальдық құрамға жатады. Заңда көрсетілген экологиялық талаптарды бұзған елеулі зиян келтірілу қаупі нақты болған уақыттан бастап қылмыс аяқталған деп саналады. Қылмыс субъективтік жағынан қасақаналықпен немесе абайсыздықпен істеледі. Қылмыстың субъектісі-арнаулы, жоғарыда көрсетілген заттармен жұмыс істеуге жіберілген адам.
Малдәрігерлік ережелердің және өсімдіктердің аурулары мен зиянкестеріне қарсы күресу үшін белгіленген ережелердің бұзылуы (280-бап)
Қылмыстың объектісі үй және жабайы жануарларды, құстарды және өсімдіктерді қорғау жөніндегі қоғамдық қатынастар болып табылады. Қылмыстың заты- жабайы және үй жануарлары, құстар, балықтар, аңдар және басқа жануарлар, сондай-ақ өсімдіктер дүниесі.Объективтік жағынан Қылмыстық кодекстің 280-бабының 1-тармағындағы қылмыс малдәрігерлік ережелерді бұзу міндеттерге немесе өзге де зардаптарға әкеліп соғу арқылы сипатталады. Малдәрігерлік ережелердің тізбегі Қазақстан Республикасы малдәрігерлік заңында берілген. Осы ережелерді бұзу індеттерге немесе өзге де зардаптарға әкеліп соққан жағдайда қылмыстық жауаптылық орын алады. Індеттер деп-жануарлардың жаппай жұқпалы аурумен ауруы (эпизотия, түйнеме, топалаң, қарасан т.б.) өзге де ауыр зардаптарға, індетке байланысты ауылшаруашылық өнімдерін (ет, сүт, жұмыртқа) өндіруді жою, белгілі бір тұрғын пунктеріне келіп-кетуді тыю т.б. сияқтылар жатады. Қылмыс құрамы материалдық, ол заңда көрсетілген зардаптар орын алған уақыттан бастап аяқталған деп саналады. Қылмыс субъективтік жағынан қасақаналықпен де, абайсыздықпен де жасалады. Қылмыстың субъектісі-арнаулы, малдәрігерлік ережелерді және өсімдіктердің аурулары мен зиянкестеріне қарсы күрес үшін белгіленген ережелер өзіне жүктелген адам. Ауыр зардаптарға-өсімдіктер ауруларының жаппай тарауы (эпифитотия); ірі көлемдегі ауылшаруашылық дақылдарының жойылуы немесе жануарлардың ауруы, орман ағаштарының ауруға ұшыраулары жатады.
Экологиялық ластау зардаптарын жою жөнінде шара қолданбау (294-бап)
Экологиялық ластануға ұшыраған жерлерде зарарсыздандыру немесе өзге де қалпына келтіру шараларын жүргізу міндеті жүктелген адамдардың осындай шараларды жүргізуден жалтаруы немесе тиісінше жүргізбеуі адам өліміне, не адамдардың жаппай ауруына, не қоршаған орта үшін өзге де ауыр зардаптарға әкеп соқса-кінәлы Қылмыстық кодекстің 294-бабы бойынша жауапқа тартылады. Қылмыстың объектісі- экологиялық қауіпсіздікті реттейтін қоғамдық қатынастар. Қылмыс объективтік жағынан экологиялық ластау зардаптарын жою жөніндегі шараны қолданбаудан, одан заңда көрсетілген зардаптардың орын алуынан және әрекетсіздік пен зардаптың арасындағы себепті байланыстан тұрады. Көрсетілген зардапты жою жөніндегі шараны қолданбау өзіне осы міндет жүктелген адамның белгіленген шараларды жүргізуден жалтаруы (сөзбұйдаға салып ұзаққа созуы, өз міндетін дер кезінде атқармауы) немесе тиісінше жүргізбеуі (жартылай шала жүргізуі, кешігіп жүргізуі немесе белгіленген талапқа сай емес күйде жүргізуі), заңда көрсетілген зардап-адам өліміне, не адамдардың жаппай ауруына, не қоршаған орта үшін өзге де ауыр зардаптарға әкеп соқса 294-бап бойынша жауаптылық туындайды. Өзіне міндет жүктелу-заң немесе басқадай нормативтік актілер, қызмет борышы бойынша, сот шешімімен белгіленуі мүмкін. Қылмыс құрамы материалдық, ол заңда көрсетілген зардап орын алған сәттен бастап аяқталған деп табылады. Іс-әрекет пен зардаптың арасын байланыстыратын себепті байланыс болуы шарт. Қылмыс субъективтік жағынан абайсыздықпен істеледі. Қылмыстың субъектісі арнаулы, 16-ға толған, өзіне осы бапта көрсетілген міндет жүктелген лауазымды немесе жай адам.
Суды және атмосфераны тиімді пайдалануға және қорғауға қол сұғатын қылмыстар. Суларды ластау, бітеу және сарқу (281-бап)
Суларды ластау, бітеу және сарқығаны үшін қылмыстық жауаптылық белгілеудің мақсаты су пайдалану ережелерін сақтауды қамтамасыз ету, судың табиғи қасиеттерін сақтауды, тіршілік етушілердің күллісіне судан болатын зиянды тойтару болып табылады. Қылмыстың объектісі суларды пайдалану және су объектілерін қорғау саласындағы қатынастар. Қылмыстың заты жер беті немесе жер асты сулары, мұздықтар, ауыз сумен жабдықтау көздері болады. Суды қорғау ережелері көптеген заң және басқадай нормативтік-құқықтық актілерде: ҚР су кодексінде, қоршаған табиғи ортаны қорғау туралы заңда, суды ластаудан қорғау туралы ережелерді және тағы басқадай нормативтік-құқықтық актілерде көрсетілген. Осы қылмыстың объективтік жағы:

а) жер беті немесе жер асты суларын, мұздықтарды, ауыз сумен жабдықтау көздерін ластау, бітеу, сарқу не олардың табиғи қасиеттерін өзге де өзгерту; б) осы әрекеттер жануарлар немесе өсімдіктер дүниесіне, балық қорына, орман немесе ауыл шаруашылығына елеулі зиян келтіруге әкеп соқса; в) іс-әрекет пен зардаптың арасындағы себепті байланыстың болуы арқылы сипатталады. Зиянды заттардың қосылуы салдарынан пайда болған судың физикалық, химиялық немесе биологиялық сипатының өзгеруі судың ластануы деп танылады, осының салдарынан су коммуналдық, өнеркәсіптік, ауыл шаруашылық, балық шаруашылығы және басқа мақсаттарға дұрыс пайдалану үшін жарамсыз болып қалады. Судың ластануы белгіленген тәртіп бойынша суды сынап көру жолымен анықталады. Өндірістік және тұрмыстық қатты қалдықтар мен қоқыстардың суға тасталуы судың бітелуі деп танылады, осының салдарынан су объектісінің гидрологиялық жайы нашарлайды және суды пайдалануға кедергі келеді. Жер асты және жер үсті суларының запас қоры, саласы кеміп, пайдалануға жарамсыз болуын су объектілерінің сарқылуын болғызбау жөніндегі міндеттерін орындаудан, жер асты суларын сарқылудан қорғау шараларының дұрыс жүргізілмегенінен пайда болады. Жарылыс, құрылыс, басқа жұмыстарды тікелей су объектілеріне немесе оған жақын жерлерде жүзеге асырудың әсерінен судың құрамының зиянды өзгеруі судың табиғи қасиеттерін өзге де өзгертулер деп айтамыз. Қылмыстың объективтік жағының міндетті белгісі-заңда көрсетілген зардаптардың-жануарлар немесе өсімдіктер дүниесіне, балық қорына, орман немесе ауыл шаруашылығына елеулі зиян келтірудің болуы болып табылады. Яғни қылмыс құрамы материалдық. Егістіктің апатқа ұшырауы: мал жайылымының жарамсыз күйге келуі ауыл шаруашылығына келтірілген елеулі зиянға жатады. Жабайы аңдардың, құстардың өсуінің сиреуі, ағаштардың, ормандағы барлық өсімдіктердің қурауы жануарлар немесе өсімдіктер дүниесіне келтірілген елеулі зиян болып табылады. Балықтардың ауруға, өлім-жітімге ұшырауы, тұқым шашпауы және тағы басқа зиянды зардаптардың орын алуы балық қорына келтірілген елеулі зиян болып табылады. Заңда көрсетілген іс-әрекеттер мен зардаптардың арасында себепті байланыс болуы шарт. Қылмыс заңда көрсетілген балама зардаптардың біреуінің орын алған уақытынан бастап аяқталған деп танылады. Адамның денсаулығына зиян келтіруге-жеңіл, орта, ауыр дене жарақатын келтірулер (бір адамға болса) жатады. Субъективтік жағынан қылмыс қасақаналықпен де, абайсыздықпен де істеледі. Қылмыстың субъектісі-жалпы, 16-ға толған кез келген адам.


Атмосфераны ластау (282-бап)
Қылмыстың тікелей объектісі атмосфералық ауаны қорғауға байланысты қоғамдық қатынастар. Қылмыстың заты- табиғи ортаның элементі атмосфералық ауа. Объективтік жағынан қылмыс:

а) атмосфераға ластайтын заттар шығару ережелерін немесе қондырғыларды, ғимараттарды және өзге де объектілерді пайдалану ережелерін бұзу;

б) бұл әрекеттер ауаның табиғи қасиеттерінің ластануына немесе өзге де өзгеруіне әкеп соғу;

в) бұлардың арасындағы себепті байланыстар арқылы сипатталады.



Қылмыстың объективтік жағының қажетті белгісі-ауаның табиғи қасиеттерінің ластануына және өзге де өзгеруіне әкеліп соғу (мысалы, жылу радиациясының зиянды әсерлері, атмосфералық ауаның физикалық, химиялық құрамы бұзылып, ол адамдардың өмірі мен денсаулығына, жануарлар мен өсімдіктер дүниесіне зиян келтіру қатерін туғызуы) болып табылады. Іс-әрекет пен зардаптың арасында себепті байланыс болуы қажет. Қылмыс құрамы материалдық. Қылмыс субъективтік жағынан қасақаналықпен немесе абайсыз-дықпен істеледі. Қылмыстың субъектісі-лауазымды немесе жай адам.


Теңіз аясын ластау (293-бап)
Қылмыстың объектісі теңіз-аясының экологиялық қауіпсіздігі. Қылмыстың істелу орны-ішкі теңіз сулары, Қазақстан Республикасы аумақтық теңізді және ашық теңіз сулары болып табылады. Қылмыс объективтік жағынан құрғақтағы көздерден, не адамның денсаулығы мен теңіздің жанды ресурстары үшін зиянды, не теңіз аясын заңды пайдалануға кедергі келтіретін заттар мен материалдарды көму немесе оларды көлік құралдарынан немесе теңізде орнатылған жасанды құрылғылар-дан тастау ережелерін бұзу салдарынан теңіз аясын ластау арқылы көрініс табады. Теңіз суларына араласқан жағдайда адамның денсаулығына, теңіздің жанды ресурстарына, теңіз суларын мақсатты пайдалануға қауіп келтіретін, халықаралық шарттар бойынша бақылауға алынған заттар зиянды заттар деп танылады. Ластау көздері болып зиянды заттарды теңіз аясына тастайтын объектілер жатады. Заңда олар құрғақтағы көздер, көлік құралдары немесе теңізде орнатылған жасанды құрылғылар деп көрсетілген. Қылмыстың объективтік жағының тағы бір белгісі адамның денсаулығы мен теңіздің жанды ресурстары үшін зиянды, не теңіз аясын заңды пайдалануға кедергі келтіретін заттар мен материалдарды көму немесе оларды көлік құралдарынан немесе теңізде орналасқан құрылғылардан тастау ережелерін бұзу болып табылады. Көму-зиянды заттар мен материалдарды теңізге тастау немесе оларды теңіз суы аясында қалдыру болып табылады. Қылмыс көрсетілген заттар мен материалдарды тастаған уақыттан бастап аяқталған деп табылады. Тастауға-зиянды заттар мен материалдарды белгіленген ережелерге қайшы түрде теңіз суы аясына әдейілеп лақтыру жатады. Теңізде орнатылған жасанды құрылғыларға-теңіз аясында белгілі бір жұмыстарды атқаруға арналған техникалық құрылымдар, бұрғылау қондырғылары, теңіздегі құрылыстар және т.б. жатады. Адамның денсаулығы мен теңіздің жанды ресурстары үшін зиянды заттарға-тірі организмді уландыруға, жоюға немесе оларға ауру жұқтыруға қабілетті улар, мұнай және мұнай өнімдері, спирт, сульфид, хлорлы заттар, тұз және басқа заттар, нәрселер жатады. Заңда көрсетілген «теңіз аясын заңды пайдалануға кедергі келтіретін» деген ұғымға теңіз жануарларын, балықтарды ұстауға, суды пайдалану үшін тұщыландыруды жүзеге асыруға мүмкіндік бермейтін жағдайлар жатады. Қылмыстық кодекстің 283-бабының 1-тармағында көрсетілген қылмыс құрамы формальдық, қылмыс жоғарыда көрсетілген іс-әрекеттердің біреуін істеген уақыттан бастап аяқталған деп табылады. Қылмыс субъективтік жағынан тікелей қасақаналықпен істеледі. Қылмыстың субъектісі-16-ға толған адам.
Жерді, құрлықтық шельф, жер қойнауын қорғау және тиімді пайдалануға қол сұғатын қылмыстар. Қазақстан Республикасының құрлықтық шельфі туралы және Қазақстан Республикасының айрықша экономикалық аймағы туралы заңдардың бұзылуы (284-бап)
Бұл қылмыс құрамы 1958 жылғы халықаралық құрлықтық шельф туралы конвенцияға сәйкес қабылданған. Қылмыстың объектісі Қазақстан Республикасының құрылықтық шельфінде, айрықша экономикалық аймағында табиғат ресурстарын қорғау қатынастары болып табылады. Заңға сәйкес құрлықтық шельфке Қазақстан Республикасы аумақтық теңізінен белгілі бір қашықтыққа дейінгі жердегі теңіздің үсті және су асты аумағындағы кен байлықтары жатады. Айрықша экономикалық аймаққа аумақтық теңізден тыс орналасқан, оларға түйісетін теңіз аудандары жатады. Қылмыс объективтік жағынан:Қазақстан Республикасының құрлықтық шельфінде заңсыз құрылыстар тұрғызу, олардың айналасына немесе Қазақстан Республикасының айрықша экономикалық аймағына қауіпсіздік аймақтарын заңсыз құру, сол сияқты салынған құрылыстардың және теңіздегі кеме жүрісінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету құралдарын салу, пайдалану, күзету мен жою ережелерін бұзу арқылы сипатталады. Қазақстан Республикасы құрылықтық шельфінде немесе айрықша экономикалық аймағында заңсыз құрылыстар тұрғызу деп кез келген құрылыс ғимараттарын қолданылып жүрген нормативтік-құқықтық актілерге қайшы, рұқсатсыз немесе рұқсатта көрсетілген талаптардың шарттарын бұзып іске асыруды айтамыз. Қазақстан Республикасы айрықша экономикалық аймағында қауіпсіздік аймақтарын құру, теңіздегі кеме жүрісінің қауіпсіздігін қамтамсыз ету құралдарын салу, пайдалану күзеті немесе жою ережелері арнаулы заңдармен немесе құқықтық-нормативтік актілермен реттеледі. Осы көрсетілген заңдармен нормативтік актілердің талабын бұзу қылмысты іс-әрекетке ұрындырады. Қылмыстың объективтік жағының қажетті белгілерінің бірі қылмыс жасалу орны: Қазақстан Республикасының құрылықтық шельфі немесе айрықша экономикалық аймағы болып табылады. Құрылысы жағынан бұл қылмыс формальдық құрамға жатады. Қылмыс Қылмыстық кодекстің 284-бабында тізбектелген іс-әрекеттердің біреуін істеген уақыттан бастап аяқталған деп танылады. Субъективтік жағынан қылмыс қасақаналықпен (тікелей немесе жанама) істеледі. Қылмыстың субъектісі-16-ға толған адам. Кейбір жағдайларда жауаптылыққа лауазым адамдары тартылуы мүмкін.

1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   29


©netref.ru 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет