С. Т. Иксатова қылмыстық ҚҰҚЫҚ ерекше бөлім



жүктеу 4.55 Mb.
бет23/29
Дата25.04.2016
өлшемі4.55 Mb.
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   ...   29
: fulltext -> transactions
transactions -> А. Ф. Зейнулина филология ғылымдарының кандидаты, профессор
transactions -> Е. Жұматаева жоғары мектепте әдебиетті білімденудің инновациялық технологияларымен оқыту
transactions -> МӘШҺҮр-жүсіп шығармалары тілінің морфологиялық ерекшеліктері
transactions -> М. Н. Баратова Мәшһүр Жүсіп өлеңдерінің жанрлық сипаты Оқу-әдістемелік құрал Павлодар, 2007
transactions -> Азамат Тілеуберді
transactions -> Қазақ – шығыс және орыс (еуропа) Әдебиеті байланысы
transactions -> Қазақ фольклорын зерттеу мәселелері: ХХ ғасырдың бірінші жартысы
transactions -> Табиғи орта жағдайын бақылау «Мониторинг принциптері және типтері»
transactions -> МӘШҺҮртану ғылыми-практикалық орталығЫ
transactions -> Р. М. Муталиева қазіргі қазақ әдебиеті

Салақтық (316-бап)
Талданып отырған қылмыс лауазымды тұлғаның қызметке адалдық тұрғысынан қарамауы немесе қалай болса солай қарауының нәтижесінде өзінің қызметтік міндеттерін атқармауы немесе тиісті дәрежеде атқармауынан болады. Қызметтік міндеттерін тиісті дәрежеде атқармау деген-лауазымды тұлғаның тиісті, қызметтік талаптарға сәйкес қызметтік міндеттерді кешіктіріп,белгіленген мерзімдерді бұзып орындау әрекеті. Қызмет борышы талаптарынан туындайтын белгілі бір функцияларды уақытынан кешіктіріп, дұрыс емес нақтыланбаған түрде нашар орындау лауазымды тұлғаның өз қызметін дұрыс атқармауы немесе тиісті дәрежеде атқармауы деп танылады. Қызмет жағдайын теріс пайдалану құрамындағы әрекеттер лауазымды тұлғаның өзінің қызмет жағдайын заңға қарсы пайдаланумен түсіндіріледі. Олар мүдделерге қарсы жасалады, лауазымды тұлғаның қызметтік міндеттерін өрескел бұзады. Қызметтік салақтық құрамындағы әрекеттер-бұлар неғұрлым белсенді, неғұрлым қарқынды түрде жасалуға тиісті әрекеттер еді, оларды солай жүзеге асырғанда ғана лауазымды тұлғаның қызметі бойынша қойылатын талаптарға сәйкенс келер еді. Егер алдыңғы әрекет өзінің материалдық мазмұныа қарай заңсыз болып есептелсе, екіншісі-лауазымды тұлғаның осы әрекеттерді орындау кезінде тиісті дәрежеде қарқындылық көрсетпеуінің, белсенділігі жеткіліксіз болғанының салдары болып табылады. Лауазымды тұлға салақтық жіберу кезінде оған берілген өкілеттік, құзырет, өзіне тиесілі функцияларға тікелей қатысты әрекеттер жасайды, яғни ол әрекеттер оның қызметтік міндеттері аясында жүзеге асырылады. Лауазымды тұлғаны өзінің міндеттерін атқармағаны, сол сияқты түрліше әрекетсіздік үшін кінәлы деп тану үшін ол жасауы тиісті болатын нақты қызметтік әрекеттердің дәл айқындалуы талап етіледі. Сондықтан бәрінен бұрын лауазымды тұлғаның заңдар мен заңдық актілерге сай тиісті құзыретін анықтап алған жөн, яғни салақтыққа айыптау үшін лауазымды тұлға жол берген нақты кемшіліктерді айқындап алу қажет. Лауазымды тұлғаға оның міндетіне кірмейтін шараны қабылдамағаны үшін кінә тағылуы тиіс емес.Лауазымды тұлғаның құзыретіне кіретін әрекетті жасамағанын тану кезінде, оның әрекетті нақты жағдайдағы жасау мүмкіндігін анықтау керек. Мұндай мүмкіндіктің болмауы жауапкершілікті жоққа шығарады. Бұл салақтық қылмыстың материалдық құрамы болып табылады. Қызметтік салақтықтың салдары көбінесе материалдық зиян келтіру түрінде көрінеді, бірақ салақтық нәтижесінде өзге де елеулі зияндар келтірілуі мүмкін. Қызметтік салақтықтың субъективтік жағы менмендік немесе немқұрайдылық түріндегі абайсыздықпен сипатталады. Қылмыстық Кодекстің 316-бабы бойынша мұндай зардаптар лауазымды адамдардың кәсіптік міндетіне жатпайтын салақтығына байланысты болады. Сондықтан да дәрігердің, басқа да медицина қызметкерлерінің кәсіптік міндеттеріне ұқыпсыздығы немесе оған адал қарамауы орын алса, онда олар лауазым адамы деп танылмауына байланысты іс-әрекеттерінен заңда көрсетілген зардап орын алған жағдайда, олар жеке адамға қарсы қылмыстар үшін Қылмыстық Кодекстің 111, 114-баптары бойынша жауапқа тартылады.
Он бесінші тарау. Басқару тәртібіне қарсы қылмыстар. Мемлекеттік органдарды басқару әрекетіне байланысты

өкімет өкілдерімен басқа адамдарға қарсы қылмыстар.

Қазақстан Республикасы Президентінің ар-ұжданы мен қадір-қасиетіне қол сұғу және оның

қызметіне кедергі жасау (318-бап)
Қазақстан Республикасы Конституциясына сәйкес Қазақстан Республикасы Президенті-мемлекеттің басшысы, мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындайтын, ел ішінде және халықаралық қатынастарда Қазақстанның атынан өкілдік ететін ең жоғары лауазымды тұлға.

Қазақстан Республикасы Президенті-халық пен мемлекеттің билік бірлігінің, Конституцияның мызғымастығының, адам мен азамат құқықтары мен бостандықтарының нысаны әрі кепілі (40-баптың 1,2-тармақтары). Қазақстан Республикасы Президентіне, оның абыройы мен қадір-қасиетіне ешкімнің тиісуіне болмайды.(46-бап, 1-тармақ). Республика Президенті мен оның отбасын қамтамасыз ету, оларға қызмет көрсету және қорғау мемлекет есебінен жүзеге асырылады (46-баптың 2-тармағы). Қылмыстың тікелей объектісі-Қазақстан Республикасы Президентінің басқару қызметіне байланысты ар-ұжданы мен қадір-қасиетін қорғау жөніндегі қатынастар. Қылмыстың жәбірленушісі-Республика Президенті, оның жақын туыстары. Қылмыстың объективтік жағы Қазақстан Республикасы Президентінің жария түрде қорлау немесе оның ар-ұжданы мен қадір-қасиетіне қол сұғу арқылы сипатталады. Республика Президентін жария түрде қорлау деп басқа біреудің немесе көпшіліктің көзінше ел Президентін әдепсіз сөздермен, шектен шыққан арсыздығымен көзге түсетін дене қимылдарын жасау арқылы қоғамдық мінез-құлықтарға қайшы келетін басқа да әрекеттер жасау арқылы, ауызша немесе жазбаша түрде тіл тигізулер болып табылады.



Президенттің ар-ұжданы мен қадір-қасиетіне қол сұғу деп ол туралы шындыққа сай келмейтін жалған сөздер тарату, плакаттар салу, адамгершілігін, қадір-қасиетін көрінеу аяққа басатын, оны жұртшылық алдында масқаралайтын, беделін түсіретін жалған лақаптар айту, тарату сияқты әрекеттерді айтамыз. Қылмыстың субъектісі-16-ға толған адам. Осы қылмыстың ауырлататын түрі-бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалана отырып жасалған нақ сол әрекет үшін жауаптылық Қылмыстық Кодекстің 318-бабының 2-тармағында көрсетілген. Бұқаралық ақпарат құралдарына-газет, журнал, радио, телехабар және басқа да көпшілікке арналған осындай құралдар жатады. Қылмыстық Кодекстің 318-бабының 3-тармағында Қазақстан Республикасы Президентінің өз міндеттерін атқаруына кедергі жасау мақсатында оған немесе оның жақын туыстарына қандай да болсын нысанда ықпал еткені үшін жауаптылық көзделген. Бұл жерде қылмыстың істелу мақсаты Республика Президентінің өз міндеттерін атқаруына кедергі жасау. Жақын туыстарға (Президенттің аға-іні, қарындас, нағашы, күйеу баласы, құда, жұбайының осындай жақын туыстары) жатады. Президенттің өзіне немесе жақын туыстарына ықпал ету-туыстық, таныстықты пайдалану арқылы, жалған хабар жеткізу немесе сенімге қиянат жасау нысандарында жүзеге асырылуы мүмкін.
Депутаттың ар-ұжданы мен қадір-қасиетіне қол сұғу және оның қызметіне кедергі жасау (319-бап)
Қылмыстың тікелей объектісі- Қазақстан Республикасы Парламентінің мемлекеттік заң шығару қызметіне баланысты ар-ұжданы мен қадір-қасиетіне қорғау жөніндегі қоғамдық қатынастар. Қылмыстың жәбірленушісі Республика Парламентінің депутаты. Қылмыстың объективтік жағы, субъектісі және субъективтік жағы, ауырлататын және аса ауырлататын түрлері бойынша Қылмыстық кодекстің 318-бабындағы көрсетілген құрамдағы белгілермен ұқсас. Айырмашылығы-қылмыстың жәбірленушісінде ғана 318-бапта қылмыстан жәбірленуші Республика Президенті, ал 319-бапта Республика Парламентінің депутаттары. Депутаттың ар-ұжданы мен қадір-қасиетіне қол сұғу, қорлау оның депутаттың міндеттерін атқару кезінде немесе оны атқаруға байланысты жүзеге асырылады. Мұндай болмаған ретте іс-әрекет жеке адамға қарсы қылмыс ретінде саралануы мүмкін.
Өкімет өкілін қорлау (320-бап)
Қызмет бабындағы міндеттерін атқарып жүрген кезінде немесе оны атқаруына байланысты жария қорлау туралы қылмыстық жауаптылық 320-бапта көрсетілген. Қылмыстың тікелей объектісін қызметтік міндеттерін атқарып жүрген немесе атқаруына байланысты өкімет өкілінің заңды қызметі болып табылады. Қосымша тікелей объект-олардың беделі мен абыройы. Қылмыс объективтік жағынан қылмыс бабындағы міндеттерін атқарып жүрген немесе оны атқаруына байланысты өкімет өкілін қорлау әрекеті арқылы жүзеге асырылады. (Өкімет өкілінің беделін, абыройын, адамгершілігін көпшілік алдында аяққа басатын, оларды масқаралайтын әрекеттерді қорлау дейміз. Оларға өкімет өкілі туралы ауызша немесе жазбаша, көзінше немесе сыртынан, болмаса баспасөз құралдарын пайдаланып, оларды масқаралайтын, даттайтын, абыройын аяққа басатын әрекеттер жатады. Қорлауға, сондай-ақ өкімет өкілінің беделін түсіру мақсатымен жұрт көзінше оны тілдеу, бетіне түкіру, басқа да жөнсіз қимылдар арқылы оның беделін түсіру жатады. Осы бапта айтылған өкімет өкілін қорлау олардың қызметтік міндетін атқару кезінде не атқаруына байланысты болуы керек. Яғни бұл жерде осы қылмыстың жасалу себебі өкімет өкілінің өз қызметін жүзеге асыруына, атқаруына тікелей байланысты. Қылмыстың объективтік жағының тағы бір белгісі өкімет өкілін қорлау жария түрде-көпшілік алдында болуы қажет. Көпшілік алдындағы қорлау деп өкімет өкілін қорлауды бөтен адамның көріп, естіп тұруы немесе бір топ адамның осы әрекетке куә болуы. Бұл жерде басқа бір адамның көзінше қорлау көпшілік алдындағы қорлау деп саналады. Жазбаша қорлау деп баспасөз құралы арқылы көпшілікке мәлім болған жағдайларды айтамыз. Қылмыс субъективтік жағынан тек қана тікелей қасақаналықпен жүзеге асырылады. Кінәлы адам өкімет өкілін оның қызмет бабындағы міндеттерін орындауына байланысты көпшілік алдында жария түрде қорлағанын сезеді және соған саналы түрде жол береді және аталған адамдардың абыройын, беделін түсіруді тілейді. Қылмыстың субъектісі-16-ға толған, есі дұрыс, кез келген азамат болады. Қылмыстық кодекстің 320-бабының ескертуіне сәйкес:

1.Қылмыстық кодекстің осы бабында және басқа да баптарында өкіметтің өкілдері деп, оған қызмет жағынан тәуелсіз адамдарға қарсы қатысты заңмен белгіленген тәртіпте өкім ету өкілеттігі берілген мемлекеттік органның лауазымды тұлғасы танылады.

2.Өкімет өкілінің қызметтік жұмысы туралы сын тұрғысында айтылған жария сөздер осы бап бойынша қылмыстық жауаптылыққа әкеп соқпайды.
Өкімет өкіліне қатысты күш қолдану (321-бап)
Қылмыстық кодекстің 321-бабының 1-тармағында өкімет өкілінің өз қызметтік міндеттерін орындауына байланысты оған немесе оның жақындарына қатысты өмірі мен денсаулығы үшін қауіпсіз күш қолдану немесе күш қолданбақ болып қорқыту үшін жауаптылық белгіленген. Қылмыстың тікелей объектісі-өкімет өкілдерінің дұрыс басқару қызметі, ал қосымша тікелей объектісі олардың өзінің және жақын туыстарының өмірі мен денсаулығы. Бұлар қылмыстың жәбірленушісі болып табылады. Қылмыс объективтік жағынан мына әрекеттерді істеу арқылы көрініс табады:

а) өкімет өкілінің өзіне немесе оның жақын туыстарына қатысты өмірі мен денсаулығы үшін қауіпсіз күш қолдану (321-баптың 1-тармағы);

б) осы көрсетілген адамдарды күш қолданбақ болып қорқыту (321-баптың 1-тармағы);

в) аталған адамдарға қатысты өмірі мен денсаулығына қауіпті күш қолдану.



Өкімет өкілінің өз қызметтік міндеттерін орындауына байланысты оның өзінің немесе жақындарының өмірі мен денсаулығына қауіпсіз күш қолдануға жәбірленушінің киімін жырту, оларды сабау, денесіне жеңіл жарақат келтіру, бостандығын шектеу, өміріне немесе денсаулығына қауіп келтірмейтін жағдайда жәбірленушінің ағзасына есеңгірететін нәрселер ету сияқты әрекеттер жатады. Осы көрсетілген адамдарға күш қолданбақ болып қорқытуға жеңіл, орта дене жарақатын келтіремін, қамап қоямын, сабаймын, үй-жайыңды өртеймін деген жалпылама анықталмаған сипаттағы, бірақ жәбірленушінің пайымдауынша кінәлы адам оларды жүзеге асырады-ау деген негізі бар қорқытулар жатады. Аталған адамдарға қатысты өмірі мен денсаулығына қауіпті күш қолдануға-жәбірленушіге ауыр дене жарақатын келтіру, өлім халіне жеткізіп ұрып-соғу, азаптау, жұқпалы ауруды адам ағзасына егу т.б. әрекеттер жатады. Қылмыс құрылысы жағынан формальдық-материалдық құрамға жатады. Жәбірленушілерге күш қолданбақ болып қорқыту-формальдық құрамға, ал басқа әрекеттер материалдық құрамға жатады. Субъективтік жағынан қылмыс тікелей қасақаналықпен істеледі. Қылмыстың субъектісі-16-ға толған адам. Прокурордың қызметіне кедергі жасау және оның талаптарын орындамау (321-1-бап) Қылмыстың тікелей объектісі-прокуратура органдары туралы заңымен белгіленген қызметіне байланысты қоғамдық қатынастар. Қылмыс объективтік жағынан прокурорлық қадағалау актілерін орындамау, сол сияқты оның қызметіне кедергі жасау арқылы жүзеге асырылады. Прокурорлық қадағалау актілеріне осы органның наразылық қаулысы немесе басқадай ұсыныстары жатады. Объективтік жағынан қылмыс осы қадағалау актілерін орындауға байланысты болады. Прокуратура органдарының қызметіне кедергі жасауға осы мекеменің заңды құқықтарын жүзеге асыруға ашық түрде қарсылық білдіруі жатады. Мысалы қажетті құжаттарды көрсетуден, беруден бас тарту, қылмысты істі оқып танысуға бермеу, дер кезінде тексерілуге жататын іс-қағаздарын көрсетпеу ж.т.б. Қылмыс құрамы материалдық. Қылмыстың объективтік жағының тағы бір белгісі-қылмыстың зардабы: прокурорлық қадағалау актілерін орындамау немесе оның қызметіне кедергі жасау азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтіруге әкеліп соғуы болып табылады. Елеулі зиян нақты жағдайларға байланысты анықталады. Қылмыс субъективтік жағынан тікелей немесе жанама қасақаналықпен жүзеге асырылады. Кінәлы адам прокурордың заңды қызметіне кедергі жасағанын немесе оның заңды талаптарын орындамағанын ұғады, сезеді, солай бола тұрса да заң талаптарын орындамайды. Қылмыстық ниет әр түрлі болуы мүмкін, ол қылмысты саралауға әсер етпейді. Қылмыстың субъектісі-жасы 16-ға толған кез келген есі дұрыс адам.
Жауапты мемлекеттік лауазымды иеленуші лауазымды адамға қатысты қолданылатын қауіпсіздік шаралары туралы мәліметтерді жария ету (322-бап)
Жаңа Қылмыстық кодексте жауапты мемлекеттік лауазымды иеленуші лауазымды адамға, сондай-ақ оның туыстарына қатысты қолданылатын қауіпсіздік шаралары туралы мәліметтерді, осы мәліметтер сеніп тапсырылған немесе оның қызметтік іс-әрекетіне байланысты белгілі болған адамның жария етуі қылмыс деп танылып, сол үшін жауаптылық көзделген (322-баптың 1-тармағы) Бұл норма бланкеттік, өйткені көрсетілген қылмыстың объективтік және субъективтік белгілері жауапты мемлекеттік лауазымды иеленуші адамдарды мемлекеттік қорғау туралы заңда арнайы көрсетілген. Қылмыстың негізгі тікелей объектісі-жауапты мемлекеттік лауазымды адамдардың бірқалыпты, дұрыс қызметі, ал қосымша тікелей объектісі-көрсетілген осы адамдардың немесе олардың туыстарының қауіпсіздігі болып табылады. Осы адамдар қылмыстың жәбірленушілері болып табылады. Жауапты мемлекеттік лауазымды адамдардың түсінігі Қылмыстық Кодекстің 307-бабының ескертуінің 2-тармағында берілген. Жақын туыстары-ата-аналары, балалары, атасы, әжесі, немерелері, інілері, қарындастары, жиені, асырап алған балалары, асырап алған ата-аналары, келіні, құдасы, жақын досы ж.т.б. жатады. Қылмыс объективтік жағынан алғанда жоғарыда аталған жәбірленушілерге тікелей байланысты қауіпсіздік шаралары туралы мәліметтерді кез келген тәсілмен (ауызша, жазбаша, теледидар арқылы) жария ету жолымен әрекет немесе әрекетсіздік арқылы жүзеге асырылады. Заңда айтылған қауіпсіздік шараларына жауапты лауазымды адамның, оның жақын туыстарының жеке күзеті, тұрғын үй, мүлік, үй-жабдықтарын күзету, өртке қарсы, күзет сигнализациясы, телефон номері, көлік құралдарының мемлекеттік тіркеу белгілері, қару жарағы, жеке қорғану құралдары, уақытша қауіпсіз жерге орналасуы, құжаттарының деректері және басқа маңызды қызметіне байланысты мәліметтері жатады. Осы қауіпсіздік шаралары туралы мәліметтерді жария ету деп кез келген тәсілмен бөтен адамға осы мәліметтер сеніп тапсырылған немесе оның қызметтік іс-әрекетіне байланысты белгілі болған адамның жария етуі болып табылады. Кейде мұндай жария ету әрекетсіздік арқылы осындай мәліметтері бар құжаттарды, бейне жазбаларды жоғалту жолымен де істеледі. Қылмыс құрылысы жағынан формальдық және ол заңда көрсетілген іс-әрекеттер қауіпсіздік шаралары туралы мәліметтерді бөтен адамға немесе адамдарға жария еткен уақыттан бастап аяқталған деп танылады. Қылмыс субъективтік жағынан қасақана (тікелей немесе жанама) түрде істеледі. Қылмыстың субъектісі арнаулы, 16-ға толған, осы мәліметтер өзіне сеніп тапсырылған немесе оның қызметтік іс-әрекеттеріне байланысты белгілі болған адам (жеке күзетші, хатшысы, көлік жүргізушісі, дәрігері, үй күтушісі ж.т.б.) Қылмыстық Кодекстің 322-бабының 2-тармағында осы қылмыстың ауырлататын түрі-нақ сол әрекет зардаптарға әкеп соққаны үшін жауаптылық көзделген. Қылмыс құрамы материалдық. Ауыр зардаптарға-жауапты лауазымды адам немесе оның жақын туыстарын өлтіруге оқталу, оларға ауыр дене жарақатын келтіру, үй-мүлкін жою т.б. зардаптар жатады. Кінәлының зардап жөніндегі кінә нысаны абайсыздық арқылы көрініс табады.

Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасының

мызғымастығына қол сұғатын қылмыстар.

Қазақстан Республикасының күзетілетін мемлекеттік шекарасынан әдейі заңсыз ету (330-бап)
Қылмыстың тікелей объектісі-Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасының қол сұғылмайтындығын реттейтін қоғамдық қатынастар. Мемлекеттік шекараның түсінігі Қазақстан Республикасы мемлекеттік шекара туралы заңында берілген. Қылмыс объективтік жағынан алғанда Қазақстан Республикасы күзетілетін Мемлекеттік шекарасынан белгіленген құжатсыз және тиісті рұқсатсыз әдейі заңсыз өту арқылы жүзеге асырылады. Қылмыс күзетілетін Мемлекеттік шекарадан кез келген тәсілмен жаяу, көлікпен, әуе кемесімен, сумен жүзу арқылы Қазақстан Республикасы аумағына немесе оған шекаралас мемлекеттің аумағына заңсыз-белгіленген құжатсыз және тиісті рұқсатсыз өткен уақыттан бастап аяқталған деп танылады. Қылмыс формальдық құрамға жатады. Бұл жерде айта кететін нәрсе-күзетілетін мемлекеттік шекарадан заңсыз өту ғана қылмыс деп қарастырылады. Егер шекара ТМД елдері арасында күзетілмейтін болса, онда одан өту қылмыс деп қарастырылмайды. Мемлекеттік шекарадан өту, Қазақстан Республикасы кету және оған келу тәртіптері Мемлекеттік шекара туралы Заңмен және халықаралық келісімдермен реттеледі. Қылмыс субъективтік жағынан алғанда тікелей қасақаналықпен істеледі. Абайсызда не амалсыздан, аса қажеттілік жағдайда мемлекеттік шекарадан өту қылмыс деп танылмайды (Мысалы әуе, су кемесінің апатқа ұшырауы қаупі туғанда, басқа елдің аумағына амалсыздан қонуы, күрделі ауа райына байланысты адасып шекараны бұзу т.б.) Мемлекеттік шекараны бұзудың ниеті мен мақсаты іс-әрекетті саралауға қатысы жоқ, олар тек жаза тағайындағанда ескеріледі. Қылмыстың субъектісі-16-ға толған, кез келген адам.

Шығарып жіберу туралы шешімді орындамау (330-1-бап)
Кейбір реттерде мемлекеттік шекара туралы заңды бұзып, өз бетімен Республика аумағына еніп, кері қайтпайтындарда кездеседі. Қылмыстың тікелей объектісі Қазақстан Республикасы шекарасына қол сұғылмайтын қатынастарды реттейтін қоғамдық қатынастар объективтік жағынан қылмыстық әрекет арқылы-Қазақстан Республикасы шегінен шығарып жіберу туралы өкілетті органдардың шешімін орындамау арқылы жүзеге асырылады. Қылмыс құрамы формальдық, шығарып жіберу туралы шешімді орындаудан бас тартқан кезден бастап аяқталған деп танылады. Қылмыс субъективтік жағынан тікелей қасақаналық пен жүзеге асырылады. Қылмыстың субъектісі-арнаулы 16-ға толған, шетел азаматтары және азаматтығы жоқ адамдар.
Заңсыз көші-қонды ұйымдастыру (330-бап)
Көлік құралдарын не жалған құжаттар, не тұрғын немесе өзге де үй жай беру, сондай-ақ азаматтарға, шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан Республикасы аумағы бойынша заңсыз келіп-кету, өту үшін өзге де қызметтер көрсету жолымен заңсыз көші-қонды ұйымдастыру заңсыз көші-қонды ұйымдастыру деп танылады. Қылмыстың тікелей объектісі-көші-қонды реттейтін басқару саласындағы қоғамдық қатынастар. Қылмыстың заты жалған құжаттар болуы мүмкін. Объективтік жағынан қылмыс белсенді әрекеттер арқылы жүзеге асырылады. Олар азаматтарға, шетелдіктерге, азаматтығы жоқтарға Республика аумағына заңсыз келуге, одан заңсыз кетуге бағытталған әрекеттер жасау арқылы көрініс табады. Мұндай заңсыз көші-қонды жүзеге асыру жалған құжат беру, заңсыз тұрғын жайға орналастыру т.б. заңсыз әрекеттер арқылы жүзеге асырылады. Мұндай іс-әрекеттер көші-қонды реттейтін арнаулы заңға және нормативтік құқықтық актілерге қайшы болады. Баптың диспозициясы-бланкеттік. Бұл мәселе көші-қонды реттейтін арнаулы нормативтік құқықтық актілермен реттеледі. Қылмыс құрамы формальдық. Көрсетілген заңсыз іс-әрекеттердің біреуі істелгеннен бастап қылмыс аяқталған деп танылады. Субъективтік жағынан бұл қылмыс тікелей қасақаналықпен, әр түрлі ниет мақсаттармен жүзеге асырылады. Қылмыстың субъектісі-16-ға толған адам.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік шекарасын құқыққа қарсы өзгерту (331-бап)
Қылмыстың тікелей объектісі-күзетілетініне немесе күзетілмейтініне қарамастан Қазақстан Республикасы шекарасына қол сұғылмайтындығы. Қылмыстың заты-шекаралық белгі. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік шекара туралы заңында мемлекеттік шекараның көзге анық көрінетін шекаралық белгілер арқылы белгіленетіні айтылған. Шекаралық белгілердің бейнесі және оларды орнату тәртібі Қазақстан Республикасы халықаралық шарттарымен, Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен анықталады. Қылмыс объективтік жағынан: Қазақстан Республикасы Мемлекеттік шекарасын құқыққа қарсы өзгерту мақсатында шекаралық белгілерді алып тастау, орнын ауыстыру немесе жою арқылы сипатталады. Шекаралық белгілерді алып тастау деп-осы белгілерді мемлекеттік шекарадан шығарып тастауды; орнын ауыстыру деп бұл шекаралық белгіні екінші бір жерге апарып қондыруды, ал жою деп осы белгілерді түгелімен жоюды, түкке жарамайтын етіп тастауды айтамыз. Осы көрсетілген әрекеттердің бірін орындау аяқталған қылмысты істегендік деп танылады. Қылмыс құрамы формальдық. Қылмыс субъективтік жағынан тікелей қасақаналықпен істеледі. Кінәлы шекаралық белгілерді алып тастайтынын, орнын ауыстыратынын немесе жоятынын сезеді және соны істеуді тілейді. Қылмыстың мақсаты-заңға қайшы түрде Қазақстан Республикасы Мемлекеттік шекарасын өзгерту. Қылмыстың субъектісі-16-ға толған, кез келген адам.
Ресми құжаттар мен мемлекеттік наградалардың

айналым тәртібіне қарсы қылмыстар.

Ресми құжаттарды және мемлекеттік наградаларды сатып алу немесе өткізу (323-бап)
Бұл қылмыстың негізгі тікелей объектісі ресми құжаттар мен мемлекеттік наградаларды айналымға заңды түрде шығу тәртібін қамтамасыз ететін басқару қызметі болып табылады. Қылмыстың заты-ресми құжаттар және мемлекеттік наградалар. Құжат дегеніміз-мемлекеттік, қоғамдық немесе басқадай мекемелерден, ұйымдардан немесе жеке тұлғалардан (мысалы, қолхат) шығатын белгілі бір оқиғаны немесе фактіні растайтын немесе жоққа шығаратын ж.т.б. (заңдылық мәні бар іскерлік қағаздар) анықтамалар, актілер т.с.с. болып табылады. Қылмыстық кодекстің 323-бабында көрсетілген қылмыстың затына кез келген құжаттар емес, тек қана ресми құжаттар жатады. Құқықтар беретін немесе міндеттерден босататын заңдылық мәні бар құжаттар ресми құжаттар деп аталады. Құқықтар беретін ресми құжаттарға зейнетақы куәлігі, еңбек ардагерінің куәлігі, орден кітапшасы, көлік жүргізуге құқық беретін куәлік, дипломдар, патент, сауда-саттық жүргізуге құқық беретін лицензия, заңды ұйымның жарғысы немесе құрылтайшы шарттары жатады. Міндеттерден босататын ресми құжаттарға-салықтан, әскери міндетін өтеуден босатылғаны жөніндегі куәліктер, жол ақысын төлеуден босатылатыны туралы куәлік, коммуналдық қызмет көрсету ақысы төлемдерінің жекелеген түрлерінен босатылғаны жөніндегі анықтама т.с.с. жатады. Ресми құжаттар мемлекеттік немесе мемлекеттік емес органдар арқылы беріледі немесе осы органдарға бағытталады. Ресми құжаттар материалдық тәртіппен растала отырылып, жеке тұлғалар арқылы да берілуі мүмкін (қолхат, шарт жасасу, сенімхат). Заңдылық мәні бар, бірақ құқықтар бермейтін немесе міндеттерден босата алмайтын құжаттар ресми құжаттар болып табылмайды. Мысалы: жазба күнделіктер, жазу блокноттары, хат-хабарлар т.с.с. Мемлекеттік наградалар-Қазақстан Республикасы мемлекеттік наградалар туралы заңына сәйкес мемлекеттік наградаларға: Халық қаһарманы, Даңқ, парасат ордендері, медальдер, президент жарлығымен берілген құрметті атақтар жатады. КСРО мемлекеттік наградаларына КСРО Жоғарғы Советі Президиумының 1979 жылғы 3 шілдедегі Жарлығына сәйкес Кеңестер Одағының батыры, социалистік Еңбек Ері, орден, медальдар, КСРО құрметті атақтары жатады. Осы қылмыстың затына ресми құжаттардың және мемлекеттік наградалардың түпнұсқасы (көшірмесі емес) жатады. Жалған құжаттарды, мөртаңбаларды, мөрлерді, мөрқағаздарды, мемлекеттік наградаларды қолдан жасау, дайындау, өткізу Қылмыстық Кодекстің 325-бабында көрсетілген жеке қылмыс құрамы болады. Объективтік жағынан алғанда қылмыс ресми құжаттарды немесе мемлекеттік наградаларды заңсыз алу немесе заңсыз өткізу арқылы көрініс алады. Қылмыстың заттарына кінәлының өз иелігіне, пайдалануына немесе билеуіне Қылмыстық Кодекстің 324-бабында көрсетілгеннен басқа кез келген тәсілмен; ақы төлеп немесе тегін алуын (сатып алу, айырбас арқылы, сыйға алу, қарызға, кепілге алу т.с.с.) заңсыз алу деп айтамыз. Құжаттарды, мөртаңбаларды, мөрлерді ұрлау арнаулы бап бойынша сараланады. Мемлекеттік наградаларды ұрлау жолымен алу, оны заңсыз алудың бір тәсілі болып табылады, мұндай ретте кінәлының әрекеті Қылмыстық Кодекстің 323-бабы бойынша сараланады. Ресми құжаттарды немесе мемлекеттік наградаларды әр түрлі тәсілдермен бөтен адамға ақы алып немесе тегін беруді осы заттарды заңсыз өткізу деп айтамыз. Қылмыс құрамы формальдық. Заңда көрсетілген әрекеттер ресми құжаттарды немесе мемлекеттік наградаларды алған немесе өткізген уақыттан бастап қылмыс аяқталған деп танылады. Қылмыс субъективтік жағынан тікелей қасақаналықпен істеледі. Кінәлы адам заңсыз көрсетілген заттарды алатынын немесе өткізетінін сезеді және соны тілеп істейді. Қылмыстың субъектісі-16-ға толған, есі дұрыс адам. Құқық қолдану тәжірибесінде ерекше маңызы бар ресми құжаттарды заңсыз алу немесе өткізу фактілері де кездеседі. Ерекше маңызы бар ресми құжаттарға жоғарғы мемлекеттік органдардың құжаттары, халықаралық келісімдерді реттейтін құжаттар, дипломатиялық төлқұжат, ғылым докторы немесе кандидат дипломдары, қызметтік немесе коммерциялық құпиялары бар құжаттар, ерекше тарихи, ғылыми немесе мәдени мәні бар құжаттар жатады. Ресми құжаттар мен ерекше маңызы бар осындай заң құжаттарын заңсыз алу немесе өткізудің қоғамға қауіптілік дәрежесі бірдей деуге болмайды. Ерекше маңызы бар ресми құжаттар жөніндегі заңсыз әрекеттерді жүзеге асырудың әрдайым жеке адам, мемлекет, қоғам үшін қауіптілігі ерекше. Осыған орай Қылмыстық кодекстің 323-бабының 2-тармағында осы қылмыстың ауырлататын түрі ретінде ерекше маңызы бар ресми құжаттарды заңсыз алғаны немесе өткізгені үшін қылмыстық жауаптылық белгілеген өте орынды болар еді.

1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   ...   29


©netref.ru 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет