Сағидолла Құбашұлы бұл күндерi 80 жасқа толып отыр. Осыған орай бiз Сәкеңдi мерейтойымен құттықтай отырып, әңгiмеге тартқан едiк



жүктеу 160.49 Kb.
Дата02.05.2016
өлшемі160.49 Kb.
: site -> supcourt.nsf -> 36b782079737d452c6256d89002456d9 -> 4b0e408daf57f775462572dd0039c8df -> $FILE
36b782079737d452c6256d89002456d9 -> Құрметтi «Заңгер» журналы! Менiң қолыма кездейсоқ «Қазақстан юстициясына – 80 жыл»
36b782079737d452c6256d89002456d9 -> Мүліктік емес өзіндік құқықтарды және іскерлік беделді қорғау туралы азаматтық істер бойынша сот практикасына шолу
36b782079737d452c6256d89002456d9 -> Қазақстан Республикасының заңдары Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіні ратификациялау туралы
36b782079737d452c6256d89002456d9 -> Автокөлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарттарынан туындайтын даулар бойынша сот тәжірибесіне шолу
36b782079737d452c6256d89002456d9 -> Мен мәдениетiне де үлкен залал келтiредi
36b782079737d452c6256d89002456d9 -> Конституции рк – 10 лет
36b782079737d452c6256d89002456d9 -> Ювенальная юстиция
36b782079737d452c6256d89002456d9 -> Қазақстан республикасының 3АҢЫ Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнін мерекелеуге байланысты рақымшылық жасау туралы
$FILE -> Сот жүйесiнiң ардагерi Қабдығали Ажыров – 90 жасқа толды
ТАРИХ ТАҒЫЛЫМЫ
Сағидолла ҚҰБАШЕВ – мемлекет және қоғам қайраткерi. Атырау, Қызылорда, Семей облыстарында басшы қызметтерде болған. Республика Үкiметi төрағасының орынбасары, 1987 – 1986 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетiнiң екiншi хатшысы қызметiнен Одақтық дәрежедегi дербес еңбек демалысына шыққан.

Сағидолла Құбашұлы бұл күндерi 80 жасқа толып отыр. Осыған орай бiз Сәкеңдi мерейтойымен құттықтай отырып, әңгiмеге тартқан едiк.
... БIЗ ШАМА-ШАРҚЫМЫЗША ҚЫЗМЕТ ЕТТIК
Сағидолла аға, Сiз егемендi елiмiздiң мемлекеттiлiгiн құру мен оны басқару жүйесiн үйлестiрудiң өте қиын кезеңiнде партиялық иерархиядағы екiншi адам болдыңыз. Қызметтiң буына елiтiп, асып-тасып кеткен кезiңiз болды ма? Өткен күнге өкпеңiз жоқ па?

– Өмiр құс қанатының желпiнiсiндей өте шапшаң екен. Сексен жасқа толдым. Өмiрдiң сан қилы өткелдерiнен өттiм. Абзалы, ұзақ өмiр сүргеннен гөрi, мәндi өмiр сүрген артығырақ. Бiз мәндi өмiр сүрдiк. Адам бұл пәниде мәңгiлiк тұрақтамайды. Әрқайсымызға өлшеулi уақыт берiлген. Ол уақыт аз ба, көп пе, әңгiме оның мағынасында болса керек. Арманым, қатарымнан кем қалмай, бiлiм алып, еңбек ету, елiмнiң елеулi бiр азаматы болу едi, сол арманыма жеттiм. Еңбек жолыма жарты ғасыр толыпты. 11 жасымнан қолыма күрек, кетпен ұстап, колхоздың қара жұмысына жегiлдiм. Еңбектiң кiрi болмайды, ол сенi өмiрге бейiмдейдi.

Бiз кеңестiк заманда жетiлдiк. Сондықтан мен өткен өмiр жолыма зер салып, өзiм тәрбие алған ортама құрметпен қараймын.

Адам өмiрi көңiл жұбатар сәттiлiктермен қатар сан түрлi арпалыстардан тұрады. Тағдырдың жазуы болар, өмiр жолым өте сәттi болды. Соқтықпалы өмiрде кездескен болымсыздарды өмiрдiң заңды өткелдерi деп бiлемiн.

Әкем: «өмiрде адал бол, қиналмай еңбек ет», – деп үйретумен қатар, мен ұғарлық соңына мол өсиет қалдырып кеткен адам едi. «Артына жаман жұраттан гөрi жақсы сөз қалдырған артық, жаман жұрат ұятқа қалдырады, жақсы сөз рухыңды қандырады» деп ақылын айтудан жалықпайтын. Әке тағылымына сай, адал және әдiл болуды мұрат тұттым. Қолымнан келгенше әр адамға аз да болса жақсылық жасауға, кемтарға көмектесуге тырыстым. Қандай қиын жағдай болса да, қалыптасқан тәртiптен шықпадым, үстем сөйлемедiм, астамшылыққа бой алдырмадым. Сондықтан да болар, ешқашан да партия ұйымынан немесе кеңес орындарынан ескерту, сөгiс алған емеспiн.

Тағдыр жазып, Кеңес мемлекетiнiң басшылары Н.Хрущев, Л.Брежнев, Ю.Андропов, К.Черненко, М.Горбачевтердiң алдын көрдiм. Бұл да өмiрдiң маған жасаған сыйы болар деп ойлаймын.

Отбасыма әбден ризамын. Жұбайым Шолпан Халелқызы да жоғары бiлiмдi маман. Ол – 35 жыл бiр салада еңбек еттi. Қазақ КСР-нiң еңбек сiңiрген зоотехнигi, дербес зейнеткер.

Республиканың әр шалғайында көшiп-қонып жүрiп, алты бала өсiрдiк, қазiр әулетiмiз жетi үй болып, түтiн түтетiп отыр. Бүгiнде 12 немере, 6 шөбере өсiп келедi. Олар бiздiң болашағымыз.

Елiме адал қызмет еттiм, қатарымнан кем қалмадым, ешкiмге қарыздар емеспiн. Жинаған малым да, қаражатым да жоқ. Ақсарайдай үй тұрғызбадым, машина алмадым. Еңбегiм елеусiз қалған жоқ. Мемлекеттiк көптеген наградалар мен атақтарға ие болдым.

Жақында елiмiз өз Тәуелсiздiгiнiң он бес жылдығын тойлады. Тәуелсiздiктiң он бес жылында не ұттық, ұтылысымыз неде?

– Он бес жылда бiз ұлттық экономикасы өз арнасын таба бастаған, ақшасы өз құнын тұрақтатқан, қорғаныс қабiлетi бекемдене түскен, ғылымы өркендеп, оқу-ағартуы дамыған, ұлттық дiлге бет бұрған, әлемдiк қауымдастықта өз орны мен сара басшысы бар, әлем картасында ұлан-ғасыр жерiмен әйгiленген ел болдық.

1991 жылғы 16-желтоқсан күнi Жоғарғы Кеңестiң сессиясында қазақ халқының ғасырлар бойы аңсаған арманы орындалып, дүниеге жаңа мемлекет – Тәуелсiз Қазақстан Республикасы келдi.

Араға отыз минөт салып, елiмiздiң тәуелсiздiгiн алғашқы болып бауырлас Түркия Республикасы танитындығын жариялады. Бұл – ең басты ұтысымыз.

Сахара қазағы ықылымнан тәуелдi болып көрген жоқ. Тәуелдi болса, жаратылыстың жарасымына, бiр Жаратқан иесiне тәуелдi болды. Қазақтың ұлан-ғайыр жерiн мекен еткен ата-баба рухының тамыры тереңге бойлаған. Ол дiн аман, ғасырдан-ғасырға жалғасып келедi. Мұны қазағымның ұлы қасиетi деп ұғайық.

Қазақ халқы соншама қасiрет шексе де кек тұтпаған, қан тiлемеген, жауыздыққа ұлы бабаларымыз ақылмен жауап қайтарған. Рухының биiктiгiмен, ұлттық намысымен жауының алдын алған. Қазақтай «Бiр тәуекел бұзады мың қайғының қаласын, бiр жақсы сөз жазады мың көңiлдiң жарасын» деген байламы бар елдi дана демей көр! Жер-жаһанның төрт бұрышына тарыдай шашылып кеткен миллиондаған қандастарын бiр шаңырақтың астына бiрiгуге шақырған ел бар ма?! Жоқ, таба алмайсың! Iргедегi Ресейдiң өзi қорқасоқтап бұл шараға ендi барып отыр. Қазақстанда тұратындығын мақтан ететiн ұлттар саны көбейдi. Мұндай мақтаныш сезiмдi Қазақстанға келiп, қоныстанған өзге ұлт өкiлдерi де, соның iшiнде өркениетi, тұрмысы озық, дамыған бай мемлекеттерден бiздiң елiмiзде қызмет етiп жатқан адамдар да айтуда.

Тәуелсiздiктiң таңында бiздiң мемлекеттiк ұлттық саясат екi маңызды құндылықты шешудi қолға алды. Бiрiншiден, қазақтардың мемлекеттi қалыптастырушы ұлт ретiндегi құқығын жүзеге асыру, екiншiден, ұлттық белгiсi бойынша өзге ұлыс өкiлдерiнiң кемсiтiлуiне жол бермеу. Мемлекет осы екi аса маңызды мәселелердi байыпты жолға қоя бiлдi. Халықтың әлеуметтiк жағдайларын абаттандыруына барлық жағдай жасалды. Бұл – бiздiң екiншi жетiстiгiмiз.

Соңғы кезде экономикамыз қарыштап алға басты, халықтың әлеуметтiк жағдайы көп жақсарды, рухани дүниемiзде де iлгерiлеушiлiк бар. Ендiгi мақсат – Қазақстан мемлекетi әлемдегi бәсекелестiкке қабiлеттi әрi серпiндi дамып келе жатқан ең озық елу елдiң қатарынан ойып орын алу болып отыр. Осынау стратегиялық бағытта қандай мәселелерге басымдық беру қажет деп ойлайсыз?

– Бiз жаңа жүйе, жаңа мемлекет құрып жатырмыз. Бұл жолда, реформаны жеделдетудiң жолдарын айқындағанда кездесер қиындықтарды жеңудiң түрлi тактикалық тәсiлдерiн таңдап алудың еш артықтығы жоқ. Береке- бiрлiгi мен ынтымағы жарасқан халықтың алмайтын асуы, бағындырмайтын биiктiгi жоқ. Қазақстанның әлемдегi бәсекелестiкке қабiлеттi елу елдiң қатарына қосылуы әбден мүмкiн. Өйткенi, бұл бастамадағы негiзгi қажеттi алғышарттардың бәрi де бiздiң елiмiзде бар.

Бәсекеге барынша қабiлеттi елу елдiң қатарына қосылу мақсаты – әлемдiк саясатта болып жатқан дүниелермен тығыз байланыста болатындығын бiр сәт те естен шығармау керек. Айта берсе, мұнда әлемдiк геосаясаттың да рөлi маңызды. Бұдан соң «қазақстандық даму моделiнiң» ерекшелiгi де айқын көрiнiс табатын болады. Елiмiзде кластерлiк жүйенiң қолға алынғаны қуантады. Ауыл шаруашылығын өркендетудiң кешендi бағдарламасын жүргiзiп, одан мол өнiм алудың көкжиегi ашылып отыр.

Ел Президентi Н.Назарбаевтың: «2030 жылы бiздiң ұрпақтарымыз бұдан былай әлемдiк оқиғалардың қалтарысында қалып қоймайтын елде өмiр сүретiн болады. Олардың Қазақстан Еуразияның орталығы бола отырып, жедел өркендеп келе жатқан үш аймақтық – Қытайдың, Ресейдiң және мұсылман әлемiнiң арасындағы экономика мен мәдениеттi байланыстырушы буын рөлiн атқаратын болады», – деп айтқан сөзi елiмiздi нақты мақсаттарға жетелейдi. Қазiрде Тәуелсiздiк пен еркiндiктiң алғашқы нәтижесi мен маңызын қоғамдық өмiрдiң қай саласынан да айқын сезiнiп отырмыз. Бұл – елiмiздiң саяси тұғыры, экономикалық, әлеуметтiк тамырлары уақыт өткен сайын тереңге жайылып барады деген сөз.

Қазiргi кезеңдегi маңызды мәселе реформаларды жүзеге асыру ғана емес, сонымен қатар республиканы iс жүзiнде халықаралық қатынастардың дербес субъектiсiне айналдырып, дүниежүзiлiк экономикалық кеңiстiкте белсене әрекет етуiн қамтамасыз ету мiндетi де тұр. Бұл үшiн Қазақстанда барлық алғышарттар жеткiлiктi: қолайлы гоеграфиялық жағдайы, бай табиғи ресурстары, халықтың жоғары ғылыми, рухани және бiлiм дәрежесi бар. Ең бастысы, қоғамның саяси тұрақтылығы мен ұлтаралық жарасымы орын алып отыр.

Уақыт кемесi жүйрiк. Ол күн санап алға қарыштап барады. Қазақстан саяси-экономикалық және әлеуметтiк дамудың бүтiндей бiр кезеңiн артқа тастап, өркендеу өрiсiнiң келесi сатысына қадам басып отыр. Бiздiң қуанышымыз да осында.

Елiмiздiң 2030 жылға дейiнгi Даму стратегиясын айқындай отырып, ұзақ мерзiмдi жетi басымдықты жүзеге асырудағы бастамашылығы қоғамның барлық саласында қолдау тауып отыр. Әсiресе, ұлттық қауiпсiздiк, iшкi саяси тұрақтылық пен қоғамның топтасуы, экономикалық өрлеу, Қазақстан азаматтарының денсаулығы, бiлiмi мен әл-ауқаты, энергетика ресурстары, инфрақұрылым, көлiк және байланыс, кәсiби мемлекет құру мақсаты болашақта күштi мемлекет болуымыздың тiрегi деп бiлемiн.

Елiмiз қазiр өсу, өркендеудiң жаңа кезеңiне, әлеуметтiк дамудың жаңа сатысына қадам басып отыр. Қазақстанның басқа елдермен бiтiспеген дауы мен шешiлмеген қайшылығы жоқ. Халықаралық қауымдастық Қазақстанның көпвекторлық саясатын қолдап, белсендiлiгiн бағалап отыр. Бұл елiмiзге деген зор сенiм әкеледi деп бiлемiн.

Қоғамның барлық саласы да аса маңызды. Алайда, осы мұраттарымызды алға тасымалдап, оны жүзеге асыратын – бiлiм. Бiлiм – интеллектуалды капиталдың стратегиялық факторы болып табылады. Сондықтан оқу-бiлiмдi жетiлдiру арқылы бiз бәсекеге қабiлеттiлiктi қамтамасыз ете аламыз.

«Жол мұраты – жету» деген. Сондықтан да мен даңқты тарихы бар бiздiң халқымыздың бақытты болашағының зор екендiгiне сенемiн.

Сағидолла аға, Желтоқсан көтерiлiсi күнiнiң Тәуелсiздiк мерекесi болып жариялануының өзi осы күннiң аса маңызды оқиға екенiн бiлдiрсе керек. Халықтың сай-сүйегiн сырқыратып, жан жүрегiне жара салған күндерi Сiз қайда болдыңыз?..

– Арада жиырма жыл өтсе де 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы ұмытылмайды. Оның салған жан-жарасы халқымыздың тарихымен бiрге өмiр сүредi. Қазақ жастары сол күнi қайсар мiнез танытты. Жастар елiмiздiң болашағына бей-жай қарай алмайтындығын, мемлекетiмiздiң тұтастығы мен бiрлiгi жолында күресе алатындығын көрсеттi. Бұл оқиға жалпы қоғам дамуына тың өзгерiс әкелген, елiмiздiң Тәуелсiздiгi жолындағы күресi едi.

1986 жылы желтоқсанның 16-сы күнi Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетiнiң пленумы болып, Д.Қонаев зейнетке шығарылып, оның орнына Колбин сайланды.

Мен ол кезде Семей облыстық партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы едiм. Бiз Алматыдағы жағдайды радиодан тыңдап, телехабардан ғана көрiп жүрдiк.

Желтоқсанның 20-сы күнi Семейге Алматыдан, Орталық партия комитетiнiң аппаратынан ОК инспекторы Жолтай Балтабеков келiп, қалада орын алған жағдайды бүкпесiз айтып бердi. Ол ауыр жағдайды айтып, егiлiп отырды. Мен де оның жүзiне тура қарай алмадым, өзiмдi кiнәлi сезiнгендей болдым.

1986 жылы 23-желтоқсан күнi ҚКП Орталық Комитетiнiң облыстық партия комитеттерiнiң бiрiншi хатшылары қатынасқан жабық бюросында сөз сөйлеген СОКП ОК Саяси Бюросының мүшесi Соломенцев: «Алматы қаласында тұратын қазақтардың саны бұрын 18 пайыздан кем болатын, қазiр 22 пайыздан асып кетiптi, бұл не деген бейбастақтық, қазақтардың Алматыдағы санын көбейтуге кiм ұлықсат бердi?!» деп айқай салғаны бар. Сол күндерi қазақ жастарының жоғары оқу орындарындағы үлес салмағының да есебi шығарылып, кiнәрат болып жабысқан едi. Осыны алға тартып, Семей облыстық партия комитетiнiң өзге ұлттардан тұратын бюро мүшелерiн жинап, әңгiме өткiздiм. Түсiнiстiк жағдайында бюро мүшелерiнiң барлығының да балалары Ресейде оқитындығы анықталды.

– Сендердiң балаларыңның бәрi де сыртта оқиды, сендер осы арқылы-ақ қазақтардың өз Отандарында оқуына мүмкiншiлiк жасап отырсыңдар ғой, – дедiм. Олар менiң айтқан әңгiмелерiме қарсылықтарын бiлдiре алмады.

Жалпы, Колбин бiздiң республикамызға келген кездейсоқ адам едi. Ол адами таным-бiлiгi төмен, мәдени өресi кемшiн, Мәскеудiң әпербақан сенiмдi губернаторы болды. Ол өзiн қазақ елiне қызмет етейiн, Қазақстанның өркендеуiне үлес қосайын деп ұмтылған емес. Ол бiрден елге қожа болып, бар билiктi қолына шоғырландырды. Орталық Комитет аппаратына өз жұмыс стилiн таңып, бюро мүшелерi мен бөлiм меңгерушiлерiне өмiрде орындалмайтын жұмыс жоспарын жасап берумен болды.

Колбиннiң үлкен қаруы – өтiрiк едi. Өтiрiктi өте үйлесiмдi қолданатын. Өтiрiгi әшкереленiп қалса, оған қысылмайтын, кешiрiм сұрауды бiлмейтiн. Ол кез-келген жиындарда көп сөйлейтiн. Баяндама мәтiндерiн Мәскеуден өзiне ерiп келген екi «жазғышы» дайындап беретiн. Кейде сөйлеген сөздерiн, фактiлерiн өзi ұмытып қалатын.

Мәскеуден келетiн қонақтарға мақтаныш сезiммен «Мен қазақ тiлiн меңгерiп алдым, жиындарда қазақша сөйлеймiн» деп өтiрiк көлгiрситiн. Колбиннiң өз жеке пiкiрiн әрбiр бюро мүшелерiне әртүрлi өзгертiп айтып отыруы, бiрiн көзiнше мақтап, екiншiсiне жамандап отыруы ОК бюро жұмысына көп кедергiсiн келтiрiп отырды. Бiрiгiп, ақылдасып, өзара түсiнiсiп қызмет iстеу мүмкiндiгi кемiдi. Сенiмсiздiк ахуалы орнады. Жағымпаздар мен жылпостарға, өсек-аяңға жол берiлдi. Қазақ азаматтарының үстiнен арыздар көбейдi. Жағымпаздар мен жеке басына пайда iздегендер және кезiнде қызметтен шеттеп қалғандар Колбинге ашық жол тауып жатты. Осының бәрi бiздiң қалыпты жұмыс iстеуiмiзге өз кедергiлерiн келтiрiп жатты.

Сiздiң Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетiнiң екiншi хатшысы болып сайлануыңыз әлеуметтiк жағынан қарапайым ортадан шыққандығыңыз және психологиялық тұрғыдан көнбiс болатындығыңыз әсер еттi ме екен?

– 1987 жылы 4-қаңтар күнi таңертеңгi сағат 9-да Орталық Комитеттiң бiрiншi хатшысы Колбин телефон арқылы: «Алматыға келiңiз, Сiзбен ақылдасатын мәселе бар» деп шақырды. Мен сол күнi түстен кейiн Колбиннiң қабылдауында болдым. Ол әңгiмесiн төтесiнен бастап: «Мен СОКП Орталық Комитетiмен ақылдастым. Сiздi екiншi хатшылыққа ұсынып отырмыз. Бiрге қызмет жасайық, оған қалай қарайсыз?» дедi.

Мен үшiн бұл күтпеген ұсыныс едi. Аз қызмет iстеген жоқпын, зейнет демалысына шықсам деп ойлап жүргенмiн.

– Геннадий Васильевич, бұл сенiмiңiздi жоғары бағалаймын, оған үлкен рахмет. Бiрақ, мен жасым келген адаммын. Қазақстанда дайын тұрған жас басшылар бар емес пе? – дедiм.

– Жоқ, мәселе Сiздiң жасыңызда емес, тәжiрибеңiзде болып тұр. Сiз ұзақ жылдар жауапты жұмыстарда қызмет iстедiңiз. Республиканы, оның кадрларын жақсы бiлесiз. СОКП ОК Сiздiң кандидатураңызды дұрыс көрiп отыр. Сiздi 6-қаңтар күнi Саяси Бюрода бекiтуi керек. Ертең Горбачев қабылдайды. Бүгiн кешкi ұшақпен Мәскеуге ұшыңыз. Бiз хабарлап қойдық, – дедi.

Мен жаңа қызметке, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетiнiң екiншi хатшысы болып 1987 жылы қаңтардың 10-ы күнi кiрiстiм. Екi жылға жақын уақыт қиын жағдайда еңбек еттiм. Мен туралы Орталықтың ойында не болғанын бiлмеймiн, бiрақ мен СОКП Орталық Комитетiне жағынудың жолын iздестiрген жоқпын.

Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетiнiң екiншi хатшысы болып бекiтiлердiң алдында СОКП Орталық Комитетiнiң Бас хатшысы М.Горбачевпен болған әңгiмеде кадр мәселесi жөнiндегi хатшы Г.Разумовский мен туралы: «Барлық облыс бiрiншi хатшыларының iшiнде Орталық Комитетке үстiнен арыз түспеген бiрден-бiр хатшы» деп таныстырды.

Мен отыз жылға жуық уақыт Қазақстан Коммунистiк партия ұйымы мен Үкiметiнiң басқару билiгiнде болған адаммын. Атырау, Ақтөбе, Қызылорда, Семей облыстарындағы басшылық қызметтерiмен қоса, ұзақ жыл Қазақстан Үкiметi төрағасының орынбасары болу аз жұмыс болмаса керек. Ал, жаңа қызмет – екiншi хатшы орны өте биiк дәреже, үлкен сенiм, ерекше ауыр да жауапты қызмет едi. Әйтсе де бұл жоғары дәреже маған үлкен қуаныш әкелмедi. Оным жұмыстан қорыққанымнан емес, жауапкершiлiк жүгiнiң тым ауырлығынан едi.

Бiр адамның басқалар үстiндегi билiгi, бәрiнен бұрын билiк жүргiзушiнi құртады. Басшылық кезiнде Сiздiң Колбинмен келiсе алмаған кезiңiз болды ма? Болса, ол қандай мәселелер төңiрегiнде болды?

– 1987 жылдың басында СОКП Орталық Комитетiнде болғанымда, ОК хатшысы, партия орындары бөлiмiнiң меңгерушiсi Разумовский, оның орынбасарлары Разумов, Могильниченко қабылдап, маған партиялық екi тапсырма берген едi.

Оның бiрiншiсiнде, Қазақстанда қазақтардың саны, үлес салмағы жағынан 39,0 пайыз, ал коммунистердiң үлесi – 40,4 пайыз. Осыған сай қазақтарды партияға алуды тежеу керек делiндi.

Екiншiден, республика бойынша 40 ауданда бiрiншi хатшы да, ауатком төрағасы да – қазақ. Бұл да дұрыс емес. Екеудiң бiреуi орыс ұлтынан болсын делiндi.

Орталықтың бұл тапсырмалары уақытында орындалмады. 1987 жылдың қорытындысында СОКП мүшелiгiнде жергiлiктi ұлттың үлес салмағы 40,9 пайыз, ал олардың басқаратын аудандарының саны 41-ге ұлғайып кеттi. Бұл жерде қателiктi ерте кезден жiберiп алғандығымыз байқалып қалды.

Мен 1975 жылы КазКСР Министрлер Кеңесi төрағасының орынбасары болып қызметке келдiм. Маған қызмет бабымен министрлер, олардың орынбасарлары жиi келетiн. Олар әр келген сайын, министрлiкке қызметке шақырылған қызметкерлерге қалада тұру үшiн ұлықсат сұрайтын. Бұл не деген сұрау десем, қазақтар үшiн тәртiп солай дейдi. Мен оған көзжұмбайлық жасап, жүздеген адамға ұлықсат соғып бердiм.

Сонда деймiн, 600 мыңдай Сiбiрден келген өзге ұлттарға ұлықсатты кiм берген? Қазақтарға өз астанасында тұруға тыйым салған кiм? Бiздiң ұзақ уақыт азшылық болып жүргенiмiз де осындай қолдан жасалған саясаттың әсерi едi. Әйтсе де, сол тұстағы Қазақстан басшылығында болған адамның осы iске қарсы тұрарлық қауқары бар едi. Бар мәселе осында болатын.

Не керек, 1988 жылдан бастап, Мәскеуден ескерту ала бердiм. Алматы, Атырау, Солтүстiк облыстардың кадр мәселелерi жөнiндегi қарсы пiкiрлерiм, дайындығы кем адамдарды ұсынуда «қателер» жiберетiндiгiм атап көрсетiле бастады. Ұсынылған қазақ кадрларының көпшiлiгi оларға себепсiз ұнай бермедi. Колбинмен де келiспеген кездерiм, бiржақты мәселелерiм көбейе бердi. Кейде ол ашық пiкiрталасқа ұласып жатты.

Бiрде Колбин, Камалиденов үшеумiз ағымдағы мәселелердi талқылап отырғанда, Орталық комитеттiң бөлiм меңгерушiсi Ефимов өзiнiң орынбасары жөнiнде мәселе көтерiп, оны жұмысынан босату жөнiнде ұсыныс жасады. Ефимов өзiнiң орынбасарының Қонаевтың сенiмдi адамы екендiгiн, арыздарды дұрыс тексермейтiнiн алға тартты. Шындығында оның айтып отырғаны барып тұрған жала болатын. Мен Ефимовке бұл пiкiрiңiз қате, орынсыз ұсыныс берiп отырсыз, деп түзеттiм. Мәселенiң байыбына бармаған Колбин: «Мен Ефимовке сенемiн!» дедi. Мен де көрiнiп тұрған бұра тартуға шыдай алмай, «ал, мен Ефимовке сенбеймiн!» дедiм.

Екiншi хатшы болған кезiңiзде Сiзге қандай бөлiмдерге жетекшiлiк ету жүктелдi?

– Менiң басшылық етуiме партиялық-ұйымдастыру, ауыл шаруашылығы, партиялық комиссия және қаржы-шаруашылық бөлiмдерi, Орталық Комитеттiң секретариат жұмыстарына жетекшiлiк ету тапсырылды. Партиялық ұйымдастыру жұмыстарын, кадр мәселелерi бiрiншi хатшымен келiсiм арқылы шешiлетiн болып ұйғарылды.

Г.Колбинмен күнде кездесiп, пiкiрлесiп жүрдiк, телефон арқылы сөйлесу өз алдына бiр әңгiме.

Бiрақ, көп кешiкпей, Г.Колбин уәделескен бағыттарды, жоғары жақтан күш көрсетудi бәсеңсiтудi, пiкiрлесiп жұмыс iстеудi мүлдем қажет етпедi. Сөз, аңду басталды, кадрлар арасында арандату жұмыстарына дем берiп отырды. Одақтық ақпарат құралдарында жарияланған әрбiр мақаланы, қойылған кiнәларды дәлелдеудi, онда аты-жөнi аталғандарды жұмыстан қууды, партиялық жазаға тартуды, тұтқындалғандарға қатаң үкiм қолданылуын қатты қадағалады. Түскi 12-ге дейiнгi барлық жұмыстарын осындай авантюралық iстерге арнады. Күнде түске дейiн ОК-тiң әкiмшiлiк бөлiмiнiң меңгерушiсi В.Ефимов, Iшкi iстер министрi Г.Князев, Мемлекеттiк қауiпсiздiк комитетiнiң төрағасы В.Мирошник төртеуi оңаша кеңес құрып, өзгелерге сенiмсiздiк аймағын құрып алды.

СОКП Орталық Комитетiнiң ерекше қаулысынан кейiн барлық бағытта ұлтшылдарды, оларға дем берушiлердi iздеу басталды. Қазақ кадрларын жауапты қызметке қоюға шектеу қойылды. Жабық түрде жаппай орыстандыру саясаты жүргiзiлдi. Республика, облыстар, тiптi аудан басшыларының құрамына көп өзгерiстер жасалынды. Оңтүстiк Қазақстан, Жамбыл облыстарының Кеңес аткомының төрағалары қызметтерiне ұлты орыс кадрлары тағайындалды. Атқару комитетiнде мәселе шешетiн екi бiрiншi басшының бiреуi қазақ ұлтынан болуы қажеттiгi жөнiнде ұсыныс енгiздiм. Менiң ұсынысыма Г. Колбин келiскенiмен Мәскеу қарсылық бiлдiрiп жатты.

1988 жылы Г. Колбинмен келiсiп, Қостанай облыстық атқару комитетiнiң төрағалығына Қызылорда облысы, Шиелi аудандық партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы Сейiлбек Шаухомановты ұсындық. Г.Колбин ұсынылып отырған кадр жөнiнде СОКП ОК-нiң тиiстi бөлiмдерiмен келiстi. Оған сол тұстағы Қостанай облыстық партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы В.Демиденко өз қарсылығын бiлдiрдi. Сөйтiп, Г.Колбин өз ұсынысын өткiзе алмай дәрменсiздiк танытты.

Қару-жарақ iсi мен «мебель» мәселесi де бiраз дау туғызды емес пе?

– Мұның бәрi ел iшiнен iлiк iздеу едi. «Елдiң қолында қару-жарақ бар, алдын ала сақтану керек», – деп аңшылардың, малшылардың жекеменшiк, заңды тiркелген мылтықтары тартып алынды.

«Мебель» iсi де бос сөз болып, дәлелденбей қалды. Бiрақ, Колбиннiң жеке тапсырмасы бойынша В.Гребенюк, М.Ықсанов және көптеген министрлердiң үстiне iстер көтерiлдi. Бұл iсте Алматы облыстық партия комиетiнiң бiрiншi хатшысы М.Меңдiбаев ерекше белсендiлiк танытып, «Кiшi 37-шi жылдың» ылаңын салды. Мәселеге менiң жеке араласуыма, белең алып бара жатқан жөнсiздiктi тоқтатуына тура келдi.

Бiрiнiң сыртынан көрсетiп жiберу, арыз-шағым да көп болған шығар?

– Г. Колбин облыстарға Орталық Комитеттiң бюро мүшелерi бiлмейтiн, өзiнiң жабық тапсырмаларын беретiнiн бiлiп қалдым. Менiң оны көрмей қалмауыма болмайтын едi. Екеу аралық әңгiме болды. Ол бұл арандатушылықты СОКП ОК бөлiмдерi, Одақтың әкiмшiлiк орындары арқылы болып отырған қатты бақылау деп мойындады.

Сол кезде бiр ғана Д. Қонаевтың үстiнен 500-дей арыз ұйымдастырылды. Онда Қонаевты депутаттық мандаттарынан, Еңбек Ерi атақтарынан айыру, қатаң жазаға тарту ұсынылды.

Кейiн Г. Колбиннiң жеке ұсынысымен Д. Қонаев КСРО және Қазақ ССР-i Жоғары Кеңестерiнiң депутаттық мандаттарынан айырылды. Д.Қонаевтың үстiнен жазылған 500 арызды тиiстi бөлiмдер арқылы оқып-зерттеп, бiрде-бiр дәлелдi кiнә таппадық. Оған Г.Колбин риза болмады. Бұл жөнiнде СОКП ОК-нiң партиялық iстер жөнiндегi бөлiм меңгерушiсiнiң бiрiншi орынбасары Е,Разумов маған жеке жауапты екенiмдi ескерттi.

Сол тұста қоғамда бiр топ жарамсақтар мен жағымпаздар кастасы пайда болып, олар әлеуеттi күшке ие болған сияқты ғой?

– Қызыл КСРО-ның, орталықтың жүгенсiз империялық езгiсi қазақ халқының бойындағы асыл қасиеттерден айырып, өмiр сүру үшiн жаңа жағдайға бейiмделгiш, жалтақ, жарамсақ адамдарды өз ырқына қарай икемдей бастады. Жағымпаздар жеке басына пайда iздегендеп, кезiнде шеттеп қалғандар Г.Колбинге ашық жол тауып жатты. Кезiнде Д.Қонаев өзi үлкен сенiм артқан М.Меңдiбаев, Орталық Комитет хатшылары Ю.Трофимов, Л.Даулетова және басқалары Г.Колбиннiң өте сенiмдi көмекшiлерi болып шыға келдi. Кейбiр облыстық партия комитетiнiң бiрiншi хатшылары Ю.Трофимов, В.Демиденко, В.Степанов, М.Меңдiбаевтар республиканың атын ұмыта бастады. Көзiм көрiп, ақыл-ойым жетiп тұрған кемшiлiктердi дәлелдей алмай, опық жеген кездерiм де болды.

Сiздi кезiнде жазушы-журналист Сағат Әшiмбаевқа араша түсiптi деп естiп едiк. Жалпы, атағынан ат үркетiн үлкен қызметте отырып, сөзiңiздi өткiзе алмаған, қызметiңiздi пайдаланып, бiреуге қолғабыс бере алмаған кезiңiз болды ма?

– Әрине, өз тарапымнан кемшiлiксiз болдым дей алмаймын. Бiрақ, ел азаматтарының ар-намысына, абыройына дақ түсiрмеуге қолымнан келгенше көмектестiм. Әрине, арпалысты да текетiрестi жылдарда бар билiктi пайдаландым. Сол арпалыс жылдарында, әрине, бiраз әрекеттердi түзеуге, көптеген iстерге, мысалы сот процестерiне араласу мүмкiн болмады.

Колбиннiң СОКП Орталық Комитетiнiң Саяси Бюросы қабылдаған «Қазақ ұлтшылдығы» жөнiндегi қаулысына дәлелдер iздестiру жұмысына тосқауыл қоюдағы қарсылығымды ашық бiлдiрдiм. ОК-тiң үгiт және насихат бөлiмiнiң меңгерушiсi Устинов республикалық телеарна комитетi төрағасының орынбасары Сағат Әшiмбаевты «Қарыз бен парыз» бағдарламасындағы Алашорда көсемдерi А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, Ш.Құдайбердиевтердiң дәстүрлерiн, зиянды өсиеттерiн уағыздаушы деп кiнәлап, оны Орталық Комитеттiң бюросына шығарып, оны орынбасарларымен қоса жұмыстан босатып, партиялық жаза қолдану жөнiндегi қаулының жобасын бұзып, мәселенi секретариатта қарап, пiкiрлесумен шектелсiн деген хаттама қабылдатуға күш салдым.

Сiздiң қызметтен кетуiңiз де тез шешiлген сияқты ғой. Басқа ұсыныстар болған жоқ па?

– Менiң жұмыстарым Бiрiншi хатшымыз Колбиндi де, СОКП Орталық Комитетiн де қанағаттандырмады. Оны өзiм де сезiп, бiлiп жүрдiм. Көпшiлiк бағытта ұстанған пiкiрлерiм, кадрлар жөнiндегi ұсыныстарым Колбин тарапынан да, СОКП ОК-нiң бөлiмдерiнде де өте қиыншылықпен қолдау табатын болды. Өзiме деген сенiмсiздiктерден арыла алмадым. Мұның бәрi маған ауыр жүк болды. Денсаулығыма да үлкен әсер еттi. Қызмет барысында маған ешкiм де, ешқандай кiнә қойған жоқ. 1988 жылдың қараша айында өз еркiммен зейнет демалысына шықтым.

Ақиқатты ақтығыңмен о дүниеге алып кетпей, шындықты айтып өткен парыз. Барлық шындықты айттым деп ойлайсыз ба?

– Бiз халықтың ортасындағы адамбыз. Сондықтан бiздiң барлық iс-қимылымыз солардың назарында тұрады. Бiр нәрсе ақиқат. Басымызға қаншама қиындық түссе де бiз бiр-бiрiмiздi сатқан да, ғайбаттаған да жоқпыз. Асанбай Асқаров қамаларынан алты күн бұрын маған телефон шалды. Барлық телефон тыңдалатындықтан бiз ашық сөйлесе де алмайтынбыз.

– Менiң жағдайым не болып жатыр, әбден қиналып кеттiм ғой, – дедi Асекең әбiржiген кейiппен. Шындығында Асекең туралы ресми ештеңе де бiлмейтiн едiм. Содан «Асанбай Асқарұлы, Сiз не бiлсеңiз, мен де соны бiлемiн. Сiз туралы Орталық Комитетте бiрде-бiр құжат жоқ, Сiз бұл үйдiң тәртiбiн жақсы бiлетiн адамсыз ғой», – дедiм. Ол да «иә, иә бiлемiн», – дедi де телефонды қойып қойды.

Тағы бiрде қабылдауыма академик, Қазақ Мемлекеттiк университетiнiң ректоры Өмiрбек Жолдасбековтiң келгенi бар. Өмекең әбден жүдеген екен, көңiлсiз бiр сағаттай әңгiмелестiк. Мен сөзiн бөлмей тыңдадым.

– Өмеке, – дедiм, – пайымдауларыңыздың бәрi дұрыс. Сiз елiмiздiң көрнектi ғалымысыз, еңбегiңiз танымал қоғам қайраткерiсiз. Бiрiншiден, Сiз Қазақстанға қажеттi азаматсыз. Мен Сiздi кiнәлi санамаймын, жағдайды бiлесiз, не тiлегiңiз бар? – дедiм. Өмекең жүзi нұрланып, жадырап қоя бердi.



– Мен елiме керек екенмiн, кiнәм жоқ екен. Көңiлiм тазарды. Мен келген жұмысымды бiтiрдiм, рахмет, Сәке! – деп орнынан тұрып қоштасты. Мен осы кездесудi ұмытқан жоқпын.
Сағидолла аға, мерейтойыңыз құтты болсын! Бiз Сiзге әлi де ұзақ, жарасымды қарттық тiлеймiз. Балалар мен немерелерiңiздiң алдында марқайып жүре берiңiз!
Әңгiмелескен

Ермек ЗӘҢГIРОВ.



©netref.ru 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет