Саққұлақ Бапанұлы Саққұлақ шешен – қазіргі Ақмола облысы Ерейментау ауданында дүниеге келген. Қоржынкөл жағасында, кейін «Шешен ауылы»



жүктеу 174.03 Kb.
Дата18.04.2016
өлшемі174.03 Kb.
: bitstream -> handle -> data
data -> Оқулық Астана, 2012 Қазақстан республикасының білім және ғылым министрлігі
data -> Меңдігүл Бұрханқызы Шындалиева
data -> МЕҢдігүл шындалиева қазақ очеркінің поэтикасы (монография)
data -> Бейсенбай Кенжебаев алаш туы астында (мақалалар мен зерттеулер)
data -> Шындалиева М. Б. ф.ғ. к., доцент
data -> Алаш зиялылары және «Қазақ» газеті
data -> А Б. Кенжебаевтың өмірі мен шығармашылығы
data -> М. Б. Шындалиева Филология ғылымдарының докторы, профессор
data -> Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия
Шындалиева Меңдігүл Бұрханқызы

Филология ғылымдарының докторы,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия

ұлттық университетінің профессоры


Саққұлақ Бапанұлы

Саққұлақ шешен – қазіргі Ақмола облысы Ерейментау ауданында дүниеге келген. Қоржынкөл жағасында, кейін «Шешен ауылы» аталып кеткен жерде 1800 жылы туып, 1888 жылы қайтыс болған. Бөгенбай батырдың баласы Тұраналы, Тұраналыдан – Бапан би, Бапан биден – Саққұлақ шешен болып өрбиді. Бұл деректерді Кемпірбай ақынның Саққұлаққа арнаған мына өлеңі де дәлелдей түседі:

Ассалаумағалейкум, сіз арғымақ,

Қол бастап, ата жауға тартқан садақ.

Бөгенбай, Тұраналы, әкең Бапан,

Ежелден ел қорғаған кәрі әруақ.

Жоғарыда айтылғандай, Саққұлақтың әкесі Бапан бидің ақиқатты сүйгіштігі, адал адам болғандығы Саққұлаққа да жастайынан дарын, ісінде ақжол, адал болуына көп әсер етсе керек. Жас кезінен зерек болып, шешендік өнермен қатар, Абай айтқандай, «Қасым ханның қасқа жолын, Есім ханның ескі жолын, Әз Тәукенің жеті жарғысын» жақсы меңгеруді мақсат тұтқанға ұқсайды. Оның үстіне қазақ даласында өмір сүрген жыршы, жырау, ақындар сөздері мен түрлі жыр-дастандарды да жетік білгендігін артында қалған мұраларынан толық аңғаруға болады.

«Қазақ Совет Энциклопедиясында» Саққұлақ шешен туралы: «Саққұлақ би» 17 жасында сөз сайысында Байдалы биді жеңгендіктен, «Саққұлақ би» атанып кеткен. Оның тапқырлық, шешендік сөздері ел аузында көп айтылады. Саққұлақ бидің әдеби мұрасы толық жиналмаған»,- деген мәлімет берілген.

Дұрысында Саққұлақтың әдеби мұрасы негізінен кейінгі ұрпақтарының қолында тәуір сақталған.

Саққұлақтың дұрыс аты – Сәбелең. Оның не үшін Саққұлақ атанғаны туралы ел аузында сөз бар.

1816 жылы Ұлытау жерінде қалың мұздақ болып, Қуандықтың Алтай елдері Ерейменді «нағашы ел» тұтып, қысқы тебіндегі қалың жылқыларын Ерейменге айдайды. Қыстап шығады. Көктем алдында болатын, қар мен шаңды араластыра соғатын бір үлкен боранда алтайлықтардың жылқылары ығып кетеді. Боран басылып, мал түгенделгенде, 80 жылқының басы жетпейді. Көктемде алтайлықтар жерлеріне оралғанда сол жоғалған 80 жылқының табылмағанын айта барады. Мал иелері ол жылқылардың жоғалуын бораннан емес, жылқы тебіндеген елдің өзінен көріп, дау көтереді. Қанжығалылармен дауласып келуге ел иелері сексенге келген әйгілі Байдалы бидің қасына тоқсанға келген Байбөрі биді қосып жібереді.

Байдалы Бапан аулына келіп, дау бастайды:

Бапан:

Байеке, дау дегеніміз – дәу ғой,



Дәудің іздегені – жау ғой.

Жоғалған жылқы – жалғыз сіздікі емес,

Жөнтіген тақым – жалғыз біздікі емес.

Жолыңыз оңғарылсын, дауды қойып,

Еліміздің сыйлы қонағы болыңыз,-

дегенде Байдалы би өршіге:

Тай мініп, тайлақ жетектегенді,

Әр жерден көрдік.

Жиеннің жылқысын пайдаланып,

Қан сорпа қылғанды

Қай жерден көрдік?

Бір тонау бар – хан тонау,

Бір тонау бар – тон тонау.

Ата-анасы жоқ

Осы қай тонау? –

дейді. Бапан би сөзден тосылыңқырап қалады. Сонда топ ішінде отырған Бапанның Сәбелең атты 16-17 жасар баласы Байдалының алдына келіп жүгініпті де: «Би ата, дат!»- депті Байдалы:

- Уа, қанжығалының үлкені тұрып, баласының сөйлегені қалай?,- депті. Бала мүдірместен:

- Оның несі сөкет, би?

Ата тұрып ұл сөйлесе,

Ұлдың ер жеткені.

Ана тұрып қыз сөйлесе,

Қыздың бой жеткені.

Өсетін жасты өлетін кәрі

Бетке соқса,

Бұл заманның кері кеткені.

Келген бетте сызылдың,

Жоғалғаныңды даумен қуамын деп

Көзіңмен сонша сүзілдің.

Ағайындыққа сия ма,

Неге бүгін бұзылдың?

Ата-анасы біз дейсіз бе?

Алаулата соққан қызылдың?

Мен сөзімнен жаңылсам,

Жөнімді үлкенім түзейді,

Сіз сөзіңізден жаңылсаңыз,

Жөніңізді кім түзейді?

Алтайдан тақ келіп,

Сонша сөйлегендей

Нағашың – қанжығалы – ұрың ба еді?-

дегенде, Байдалы би балаға таңырқай қарап:




  • Япырай?

Көп ішінде сөйлеген жас бала,

Даугерің рас тақ еді.

Құлағың неткен сақ еді?

Сипатыңа қарасам,

Қара лашын тұйғынсың.

Асылыңа көз салсам,

Алдырмайтын қырғисың.

Сөйлер сөзге келгенде,

Бәйге атындай сырғисың.

Жайнаған шоқтай,

Өткір шоттай,

Көзіме жылы ұшырадың,

Шыныңды айтшы, қай ұлсың?-

дейді Байдалы. Сәбелең бала:

Арғы атам – батыр Бөгенбай,

Әкем – мына отырған Бапан.

Алтайдың аузын асқа,

Адырын атқа толтырған.

Ішпекбай бабам берген батам!

Алтайға ана болған,

Аққоян – менің апам.

Жылқының айғағын тап та,

Көзін ал.

Сіздің боранда ығып, жоғалған,

Жылқыларыңызға нағашыларыңыздың

Кінәсі жоқ, жиен ата!,-

дейді. Осы сөзден кейін Байдалы би аттанып, еліне жүріп кетеді. Осы жолғы Байдалының «Құлағың неткен сақ еді» деуінен Сәбелең «Саққұлақ» делінетін лақап атқа ие болады.

Дәл осы тұста поляк жазушысы А.Янушкевичтің мына сөзі еске түседі: «Қазақтардың ақыл-ойы қабілетінің зорлығына барған сайын менің көзім жетуде. Қандай жеңіл сөйлейді! Кез келгені айтайын дегенін тез түсіндіріп, қарсыласының сөзіне шебер тойтарыс бере біледі. Тіпті балаларының ақыл-есі де өте тез жетіледі»,- деген сөзі шешендік өнер балалардың бойына да ерте даритын қасиет екенін көрсетеді. Жоғарыдағы Саққұлақтың ерте шешен атануы да соның айғағы.

Біздің қолымыздағы Саққұлақ шешеннің сөздерінің тақырыбы әр алуан. Бұл сөздерде мазмұнына қарай арнау да, толғау да, дау да кездесе береді. Саққұлақтың жиырмадан астам сөздері дәл осы шешеннің сөздері болып қабылданып жүр.

Оның шешендік толғауларына «Ғылым шала ақылды кісіні бүтін ақылды қылады», «Аңсағанда ішкен су», «Қыз күнінде балақ-балақ», «Ақыл – аздырмайтын ем», «Орман-тоғай – жер сыны», «Ағасы бар дұшпанға құрған аудай» т.б. толып жатқан шығармалары бар.

Саққұлақ шешеннің сақталған мұрасын зерттеу ісі қолға алынбай келеді. Шешендік өлең-толғаулары мен билік сөздерін, оның көркемдігін, тіл байлығын тексеруде бірлі-жарым адамдардың жанашырлық көрсеткені болмаса, әдебиетші ғалымдар әлі қолға алып, ауыз тұшырлық ой-пікір білдіре қойған жоқ.

Саққұлақ мұрасынан байқайтынымыз: біріншіден – сөздерінің тікелей шындықты сипаттайтыны, екіншіден – халық бұқарасының мүддесін үнемі жоғары ұстап отыратыны.

Ғалым Б.Адамбаев: «Талапты жастар үлкендерден, қариялардан өнер-білім үйренуді, өздеріне міндет, мұрат тұтқан, жақсының атын ерттеп, қасына ертіп, үлгі-өнеге алуды ар-намыс санамаған»,- дей келіп, «Қандай болмасын белгілі бір өнер саласында атағы шыққан адамдардың барлығы да осындай «халық мектебінен» тәлім-тәрбие алып, үлгі-өнеге алған»,- дегені Саққұлақтың өзіне де, балаларына да тікелей қатысы бар сөздер.

Саққұлақ шешеннің екі баласы Ерәлі мен Нұралы әкелерінің шешендік дәстүрін жалғастырған, Ерәлі атты баласы өз аймағына белгілі ақын да болған.

Шешендік өнерді Бапан биден мирас еткен Саққұлақ жалғастырады. Кейін немересі Олжабай ақын жалғастырады. Бұл немересі Саққұлақты рухани жебеушім, пірім деп те таныған тұстарына шығармаларын оқығанда көзіміз жетеді.

Қазақ халқында ежелден ел өміріндегі ықпалды би деп аталатын әлеуметтік топ болған. Олар билік жүргізу ісінде екі жақтағы бағдарды қолданған. Бірінші жақтағы билер халықтың мұңын мұңдап, мүддесін қолдаған, бұхара халыққа тілектес болған. Екінші бағдардағы билер үстем тап өкілдерінің дегенін істеп, мансап үшін билік жүргізген. Саққұлақ шешен осылардың бірінші тобына жатады. Оның дәлелі: жер дауы, жесір дауы, жетім дауы бұдан басқа да аса күрделі мәселелерді турашылдығымен әділ шешіп отырғандығына қай сөзін оқысаңыз да көзіңіз жетеді.

Шешеннің «Жарты малдан артықты жол қоспайды» деген сөзінде ХІХ ғасырдың орта шенінде қазақ даласында бір ауылдан ұзатылып қойған қыз өліп, келін болып түсетін жердің бай-шонжарлары мен төрелері қалың малдың жартысын қайтарғанға риза болмай дауласып, Саққұлақ шешеннің әділ шешімін сұраған екен. Ол кісі асықпай ойланып болған соң дау мәселесін:

Қарқаралы басын қатын еттің,

Бүтін жанын жарты еттің.

Тайдай таладың,

Тайлақтай жүндедің.

Жарты малдан артықты

Жол қоспайды,-

деп, мақалға келтіріп, даугерлерді тоқтатқан екен. Шешен сөзіне ой жүгіртсек, шумақтағы теңеу сөздердің ішкі астары «қалыңдық ойнаған қыздың жарты құны кетеді» деген мағынаны тұспалдайды.

Осы жерде «Дала уәлаяты» газетіндегі «Билер бітімдері» атты заңдық мәні бар мақаладан үзінді келтіргенді жөн көріп отырмыз. «Бір үлкен съездегі билердің ережесі «3-бап» дегенінде: «...сол қыз қалыңдық ойнап жүргенде өлсе, күйеуі берген малының екі бөлігінің бір бөлігін алады»,- дейді. Сірә, Саққұлақ шешеннің осы ережеден хабары болса керек.

Адалдық, адамгершілікті барлық нәрседен жоғары санаған шешен «Батырдың басы орда қалар» деген сөзінде де Ерденнің аға сұлтандыққа таласқан мақтан сүйгіштігі мен дарақылығын бетіне әшкерелей отырып, орынды сөз айтқан.

1862 жылы Саққұлақ бидің ауылына Шоқанмен бірге Атбасар уезінің аға сұлтаны болу үшін дауысқа түскен Ерден Омбыға бара жатып қонақ болады. Әңгіме үстінде Ерден Шоқанның үстінен шағым түсіру үшін бара жатқанын ортаға салады. Сондағы мақсаты аға сұлтан болып, өзінің сайлануы екен. Шешен Ерденнің сөздерін мұқият тыңдап алып, ертеңгісін жолға аттанайын деп жатқанда:

Батыр жауда қалар,

Шешен дауда қалар.

Өз ісіне бармаса,

Өр мінезі қалмаса,

Батырдың басы орда қалар,-

деген екен. Жол бойына Ерден Саққұлақтың сөздеріне мән беріп, біраз ойға шомады да, қасындағы адамдарына «Манағы сөз қалай айтылды, бұл сапарымның жөні болмас»,- деп атының басын кейін тартқан деседі. Ерденнің осал тұсын қатты сынға алып, қияс басқан жүрісін дұрыс көрсете білуінің өзі кейбір даулы мәселелерді дұрыс шешуге себеп болып отырған. Жоғарыда келтірілген екі мысалымыз да, Саққұлақ шешен ғибрат сөздерді нысанаға дәл тиетін тұста, әділетсіздік әшкере болар кезде, халық қамына қамқор болар шақта айтқан.

Саққұлақ шешеннің қысқа-қысқа екі, төрт тармақтан тұратын немесе бір-екі ауыз сөзден тұратын терең талғаммен толғаған ойлары мәнділігімен құнды. Осы Саққұлақтың алғыр ойшылдығынан бір-екі мысалдар келтірелік.

«Адам баласына тән, бір-бірінен туындайтын үш қасиет бар: ол – қылжаңдық, мылжыңдық, алжушылық. Жасында қылжаң болған адам өскенде мылжың болады, қартайған соң мылжың адам алжиды»,- дейді.

Шешен өмірдің өнегелі тағылымдарымен қатар өкінішті сабақтарын, дүниенің сұмдығы адамның жаман мінезінен байқалатынын, одан сақтануға шақырып, мұны барлық адамға бірдей міндет етеді.

Шешеннің «Бас болатын жігіттің бес белгісі болмақ: тыңдай білу, сыйлай білу, сынай білу, жылай білу, шырай беру»,- деген ойларынан ұлылығын танығандай боламыз. Жоғарыда келтірілген екі сөзіне қарасақ, Саққұлақ шешеннің өзіне дейінгі би-шешендерге қарағанда сөзі салмақты, талғамы терең, мағынасы кең ой қорытудың жолын өрнектеп айта білгендігін байқаймыз. Көбінесе адам құлқын, жан дүниесін, қадір-қасиетін әңгіме етеді. Өмір ақиқатын шешен айнытпай сипаттайды.
Батыр жігіт жау шаншар қан шығармай,

Шешен жігіт мал даулар жан шығармай.

Таразысы – шешеннің тыңдаушысы,

Одан да өтер артынан шаң шығармай.

Бұл шумақ тек ойшылдық қана емес, кемелді кеңес, шынайы сырды танытады. Шешендік пен батырлық қазақтың еншілесіндей бағаланады. Осы сияқты ғибрат-насихат өлеңдері әлеуметтік ахуалды, қоғамдағы болып жатқан қайшылықтарды санамалап көрсетеді.

Дүниеде үш қодаң бар:

Төренің төңірегіндегі – қодаң.

Күйеудің жолдасы – қодаң.

Керуеннің қосшысы – қодаң.

Бұл да қалай болса солай айтыла салған сөздер емес. Шешен өмірлік тәжірибеден туындайтын, басы артық көрінетін, кейде серік, кейде дос-жаран орнына жүретін адамдар жайын айтып отыр. Шешен – білімді, көреген, өзіне дейінгі қазақтың, Шығыс елдерінің сөз саптауымен, мәдениетімен таныс. Оның алдында айқын бағдары, адаспас мұраты бар. Соларын насихаттау үшін керек жерінде дінді де, құдайды да, жақсылықты да, әділдікті де үлгі етеді. Сырттай қарағанда жай ғана диалектика сияқты көрінгенімен, әрбір сөзінде даналық, тәлім-тәрбие, көрегенділік пен көсемдік жатқандығын аңғарамыз.

Шешеннің мына бір ақылын артық деп қалай айтуға болады? «Қартайғанда тілеуім төрт нәрсе деген екен: шырағымды сөндірме – денсаулық бер, өзіме лайық жолдас - әйел бер, кірер жерімді тарылтпа, түзу көрші бер».

Осындай қысқа қанатты сөздер туралы: «Қанатты сөздердің күшті естілетін себебі оның ұзақ ойды қысқа және дәл бейнелеуінде»,- деп ғалым Н.Төреқұлов дәл айтқан.

Саққұлақ шешен, сөздері жазу-сызуы жоқ далада жақсы тәрбие берудің толық құралы бола алатындығына оқыған сайын көзіміз жетеді.

Саққұлақ Бапанұлы өзінен бұрын-соңды өмір сүрген ақылгөй даналардың жолын ұстанған, бұқараны білімге, ғылымға шақырған толғаулары да тапқырлық, шешендік дәстүрдің жалғастығы деп тануға тиіспіз. Ол ғылым мен білімнің маңызы туралы:

Ғылым – шала ақылды кісіні бүтін ақылды қылады,

Бүтін ақылды кісіні шыңға шығарады.

Жалқаулық – бүтін ақылды кісіні шала қылады,

Шала ақылды кісіні жынды қылады.

Немесе,

Ақыл – адамды аздырмайтын ем,



Білім – таусылмайтын кен.

Адамның басшысы – ақыл,

Жетекшісі – талап,

Шолғыншысы – ой,

Жолдасы – кәсіп,

Қорғаны – сабыр,

Қорғаушысы – мінез,-

дейді. Адам өміріндегі ғылымның рөлі, маңызына біршама тоқталған бұл сөздер, біріншіден, ырғаққа құрылса, екіншіден, мағынасы анық терең ойға құрылған. Алғашқы жолдарда шала ақылды кісі мен бүтін ақылды кісі арасындағы айырмашылық сөз болса, ақыл мен білім – таусылмайтын кен де, ем де, жеңіс те сол адамдікі ғана деп, үзілді-кесілді тұжырым жасайды. Тыңдап не оқып отырған адам екі жаққа көз тігіп, бақылап барып шешеннің шешімінің аяғы сәтті біткеніне куә болып отырып, жақсыға қуанып, жаманнан жиренуге даяр тұрады. Әрине, бұл сияқты шешеннің жақсы мен жаман адамдар арасындағы айырмашылықтарды сәтті салыстырған тұстарының тікелей тәрбиелік маңызы өзінен-өзі көрінеді.

Сондай-ақ, шешен адамдардың іс-әрекетінен туындайтын мінез-құлықтарға да терең үңіледі.

Жақсы қатын алсаңыз, дүр шекерді,

Жаман қатын алсаңыз, тілі удан бетерді.

* * *


Жақсы болса күйеуі,

Әйелдің алтын тағы да.

Әйел мен ер адам бойындағы жақсылық пен жамандықты салыстыра қарап, жақсының артықшылығын көпке, жан-жағына тиетін пайдасына қарай бағалайды; жаман адамның зияндылығынан бас тартуға баулиды. Жақсылық, адамгершілік, адалдық, батылдық жайлы айтқан тұстарынан байқайтынымыз: Саққұлақ шешен адал жанды, кіршіксіз таза жүректі тәрбиеші ұстазға ұқсап отырады, өзгені де сол жолға үндеген дейміз.

Саққұлақтың әдеп, құлық мәселесін қозғаған сөздеріне тоқталсақ, тыңдаушыларын тәрбиелеп, үйретіп отырғандығын, ақылды даналар үлгі-өнегесін насихаттайтындығын байқаймыз. Мына бір сөзіне назар аударайықшы:

Төрт нәрседен қашық қыл,

Тәубәсіз адамға жолықтырма.

Арамзадан бала берме.

Бейшара әйелден аулақ қыл.

Ашулы-қиялды қылма,-

дейді. Өмір тірегі досың, балаң, әйелің болса, солардың жаманынан сақтатсын, жөнсіз-жосықсыз ашу-ызадан аулақ қыл деген тілек білдіреді. Бұл – тікелей өмір тәжірибесіне негізделіп айтылған сөз. Демек, керекті жерінде шешен әсемдік талғамын ұштай түседі, көрген-білгенінен дұрыс қорытынды жасайды, керекті-керексіз нәрсенің жігін ажыратады, өмір құбылыстарын безбеңдеп отырады.

Біраз сөздерінде сынау, бағалау, әр түрлі адамдарды салыстыру кездеседі. Ойын өткірлеп, ұштай түсу үшін бейнелі теңеу, тексерулерді орынды қолданып, шешендік өнер шеберлігін арттыра түседі.

Жоғарыда Саққұлақ шешен тарихта аты белгілі адамдармен кездесті, пікірлесті, сөз таластырды дедік. Ол Шоқанның әкесі Шыңғысты жақсы білген кісі. Шоқанға, оның туған-туыстарына байланысты айтқан «Төсектен шошынған күйеу оңбас», «Шоқанға берген бата сөзі», «Шоқанның Саққұлақты қонаққа шақыруы», «Бұл да ғалымның бірі еді-ау», «Шыңғысқа арнаған көңіл айту тоқтатуы» деген бізге жеткен сөздері баршылық.

Бірде жазда ауылға демалысқа келіп жатқан Шоқан Саққұлақты қонаққа шақырады. Сонда екеуінің арасында мынадай әңгіме болады:

Шоқан: Ақсақал, біреу жолдан адасса, кімнен ақыл сұрайды?

Саққұлақ: Шырағым, көнеден сұрайды.

Шоқан: Көне адасса, кімнен сұрайды?

Саққұлақ: Көне адасса, көргендіден сұрайды.

Шоқан: Көргенді адасса, кімнен сұрайды?

Саққұлақ: Көргенді адасса, көптен сұрайды.

Шоқан: Көп адасса, кімнен сұрайды?

Саққұлақ: Көп адасса, көп оқығаннан сұрайды.

Көп оқыған неге адассын! Әлгінде ғана Сатыбалдының Жаманқұлына күдіктеніп, оның Үмбетәлі туралы дастанын өзің де менен сұрап, анықтап алған жоқпысың?,- дейді шешен.

Қысқа ғана сөзден екі ұлының түсінік деңгейлерін, шапшаңдығы мен тапқырлығын жұрт бағалап, бүгінгі күнге жеткізудің өзі тегіннен тегін емес.

Қазақ арасында қай би-шешен, ақын болмасын табиғат берген өнерін, талантын ақ бата, ақылды тілек білдіру арқылы келесі жас ұрпаққа мирас етіп қалдырады. Өнер мен көсемдікке ыңғайы бар жастарға көпті көрген, көп білетін үлкендер бата беру арқылы өз бастарындағы бағалы қасиетін сол жастарға беріп кетеді деген ұғым тағы бар.

Саққұлақ Шоқан үйінде қонақ болып отырып, қайтарында жас талапкердің білімі мен мінезіне риза болып, былай деп бата берген екен:

Біліп тұрған бала екенсің,

Туысыңдағы дана екенсің.

Айла-ақылы дарыған,

Атаң Абылайдың

Тап өзіндей хан екенсің.

Өсе берсін бақытың,

Үстінде ағар тақыттың!

Сонда Шоқан: «Ақсақал, тақыт дегеніңіз артық болар»,- деп жымиып езу тартса, шешен іркілмей: «Мынаны қазақ тақ дейді, білімпазым»,- деп, қасында тұрған орындықты нұсқапты. Сонда шешен бұл тұғырыңнан таймай өт деп тұспалдаған екен. Қадірсіз сөз халық аузында сақталмайды десек, алтын іздеуші сияқты халық, сөзді таңдай, талғап барып болашаққа ең құнды көркемін ғана жеткізеді ғой. Саққұлақтың: «Төсектен шошынған күйеу оңбас» деген сөзі былай туған. Шоқанның Нұрила деген қарындасы алғашқы айттырған күйеуін менсінбей, ақыры үлкен дауға айналады. Қызды беріп отырған күйеуі Ақмолалық Қоңырқұлжа төренің немересі Жәңгір төре /Сәмеке ханның тұқымы/ екен. Екі жақтың арасындағы дау Омбы губернаторының алдында қаралатын болып, екі жақтың ризашылығымен Саққұлақ шешен төбе би болып сайланады. Дауды шешу кезінде екі жақтың пікірлерін әділет таразысына сала отырып, Саққұлақ:

Халқынан шошынған хан оңбас,

Салтынан шошынған би оңбас.

Жүгінен шошынған түйе оңбас,

Көгеннен шошынған бие оңбас.

Елінен шошынған ер оңбас,

Бесіктен шошынған құда оңбас,

Төсектен шошынған күйеу оңбас,-

деген ата-бабаларымыздың өсиеті – біз үшін асыл ырыс. Сондықтан төсектен шошынған күйеу мен қалыңдықты қосуға болмайды. «Әділет осы»,- деп, даулы мәселені шешіпті.

Бұл да тауып айтылған тапқырлық сөз. «Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін» алыстан орағытып, тұспалдап барып, шешен өзі жауап берген. Сөз мәнісін түсіндіре отырып, соңғы сөзде көңілге қонатындай салмақ түсіру арқылы тыңдаушыны да, даугерлерді де иландырады. Осы дауды шешудегі Саққұлақ шешеннің даналығына және өжеттігіне көз жетеді. Екі жақтың адамдары да осал адамдар емес. Осылардың кәдесіне жарап, сөзін тыңдатып, оң баға алған Саққұлақ шешеннің даналық қабілетінің жоғары деңгейін мойындауға тиіспіз.

Жұртының жұлдыздай жарқырап тұрған көрнекті, көшелі жырауы Орынбай Бертағыұлы /1813-1891/ Шоқан Уәлиханов қайтыс болғанда, оның ата-анасына айтқан көңіл айту сөзі бар. Ол ел қайғысын былай жеткізген екен:

«Уа, Шыңғыс, Зейнеп ханым, көтер басты,

Қай қазақ ой ойлаған сенен асты.

Баласы жеті момын келіп тұрмыз,

Күңіреніп босағаңа төгіп жасты».

Дәл осындай Саққұлақ шешеннің де Шоқан өліміне арнаған екі көңіл айтуы бар. Біреуі әкесі Шыңғысқа хат арқылы, екіншісі Шыңғысқа өз аузынан айтқаны.

Алғашқысы қалың елдің қайғылы халін байқату сарынындағы, яғни халықтық жұбату түріндегі сөз.

Бұл оқиға 1866 жылы көктемде Ереймен жерінде Шешен ауылы әлі жайлауға көшпеген кезде болған екен. Бір кеште суыт жүрген кісілер Саққұлақ үйіне келіп тоқтайды. Шыңғыс сұлтанның Баянауылдағы Мұса мырзаға жиені Шоқанның өлімі туралы айтуға жіберген қаралы хабаршылары екен. Бұлардың басшысы Тұрлыбекұлы Жүсіп мырза – Саққұлақтың құдасы. Осы жолаушыларға Жүсіптердің қайтар жолда соқпай, Аюлы Нияздан өтетінін естіп, кенже баласы Ералыға хат жаздырады. Ол былай болып келеді:

Ескендір жиһанды кешті,

Жәмшит адамның майын ішті.

Неше ғалым бұл дүниеден кешті,

Айла таппай бәрі де өшті.

Бұл да сол ғалымның бірі еді-ау,

Арманына жетпей бітті-ау.

Ақсұңқар тұғырдан ұшты,

Ауырлық сізге түсті.

Мезгілсіз салған бұғалақ,

Өзіңізге денсаулық,

Қаза қайырлы болсын!,-

деген екен. Бұл көңіл айту толғауында кездесе беретін көп дәлелдерге сүйене отырып, өмірдің баянсыздығын, басқалардың да бірі ажалға қарсы тұра алмағандығын айта келіп, «бұл да ғалымның бірі еді-ау»,- деп Шоқанның қазасы жанына батқанынан хабар береді. Сөйтіп, Мұса мырзаға да, ол үйдегі Зейнеп апасына да жұбату сөздер айтып жібереді.

Кейіннен жазғы жайлауға отырған кезде Саққұлақ шешен Сырымбетке жол тартып, Шыңғысқа айтар көңілін өз аузымен де жеткізген.

Саққұлақ Бапанұлы ауыл арасы жақын, қоныстас Мұса Шормановпен жиі кездесіп, дәм-тұздас болған. Кейде тіпті пікірлесіп, айтысып, тартысып, сөз жарыстырған шақтары да болған. Соның бірі Мұсаның шешенге «Манат деген не? Жанат деген не?, «Болат деген не?», «Сағат деген не?», «Қанат деген не?», «Ағат деген не?», «Санат деген не?»,- делінетін әйгілі жеті сұрағы бар. Бұл сұрақ-жауап толғауындағы шешен қазақтың жақсылық пен жамандық, адалдық пен арамдық тағы басқа толып жатқан қарама-қарсы сауалдарына, таным-түсініктеріне алақанға салғандай етіп айтып, шешіп береді. «Алыстан көрінген – қызыл манат, көтеріліп ұшқан-қанат, тоқтышақтың терісі – жанат, ауыздағы отыз тіс болса – болат, айтқан сөзің пұл болса – сағат, орынсыз еткен ісіңіз – ағат, екі жақсы бас қосса - санат»,- деп, сарт еткізеді.

Саққұлақ шешеннің Мұса Шорманұлы өліміне арнаған, сол оқиғаға байланысты туған ел аузында көңіл айту толғауының үлгісі боларлықтай мынадай сөзі қалған.

Талай жыл Баянауыл ауданына аға сұлтан болған Мұса Шорманұлы 1885 жылы 66 жасында дүниеден өтеді. Сонымен қатар, Ерейментауда Қанжығалы Бөгенбай батырдың шөбересі Саққұлақ шешеннің баласы Нұралы қайтыс болады. Осыған байланысты екі жағы да бір-біріне көңіл айтысып, бата жасаса алмай жүреді. Ақыры Мұса мырзаның асына 86 жастағы Саққұлақтың өзі келгенде алдынан даяшы шығып, арнаулы үй тігеді. Аздан соң оған Мұсаның Сәдуақас, Біләл деген балалары сәлем беруге келеді. Сонда Саққұлақ орнынан тұрып, былай деген екен:

Атаң өлді барлықтан,

Көтердің оны нарлықтан.

Жеріміз шалғай болған соң,

Келе алмадық сондықтан.

Ей, Сәдуақас, Біләл!

Сөзіме құлағың сал.

Сендер атам-ай дейсің,

Мен ботам-ай деймін.

Жөн менікі еді,

Менің тойыма Мұсажан келіп,

Мұсажанның тойына,

Нұралыжан келетін.

Жөні бар еді.

Пенденің сұрағаны болмай,

Алланың қалағаны болады деген осы

Шүкіршілік етіңдер,-

деп көңіл айтыпты. Бұл көңіл айту толғауы шешеннің бақытсыздық, адам өлімін өз түсінігінің деңгейінде көпшілікке ұғымды, орынды суреттеп беруімен құнды. Мұсаның балаларына әкесінің ерекше жаралған адам екендігін айта отырып, шешен өз баласы Нұралының жастығын айтқан тұста «Менің тойыма Мұса, Мұсаның тойына Нұралы барғаны жөн еді» деген сөздері көп өмір өткізген көрегенділігін, жақсы-жаманды атқарған ақылдылығын аңғартады.

Тегінде, Саққұлақ шешен ел ішіне жік салатын, ірітетін сөздерді мүлдем айтпаған. Ол әсіресе, ел арасын жарастырып, дау-шар өртін өшіретін, ағайын-тума бауырластығын бекітетін сөздерді көбірек айтқан. Ал көңіл айту, естірту сөздерінің үздік үлгілерін жасап кеткен. Жалпы, Саққұлақ шешеннің сөздерінің даналығын, шығармашылығының мазмұндылығын, барынша кең өрістеген көркемдік ерекшеліктерін аса жоғары бағалаудың жөні бар. Шешеннің сөзі – заман келбеті. Сондықтан да оны халық ардақтайды.

Әкелі-балалы Бапан би, Саққұлақ шешен – шешендік-билік сөздердің өзіндік дәстүрі бар төңірегін құраған өнерпаздар. Бапан би шығармашылығында ел тағдыры, барымта-сарымта сыры басым баяндалады. Би барынша әділ, туғанға бұрмайтын турашыл болып көрінеді.

Саққұлақ шешен өнерінде адамияттылық құлық, кісілік қадір, түзулік дәстүр насихатталады. Әкелі-балалы бұлар бірін-бірі толықтырып, дамыта түседі.



Саққұлақ шешеннен туған Ерәлі, Нұралылар да қызыл тілді көп қызықтаған. Бапан, Саққұлақтай болмаса да сөз есесін жібермеген. Нұралы балалары Олжабай, Жұмабайлар да болыс болады, билік айтып, сөз ұстаған адамдар. Олжабай ақындығымен атақты болған.



©netref.ru 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет