Салықов, К. Бөкетовтың бөлекше қыры / К. Салықов // Жалын. 2005. №3. 28-30 б



жүктеу 104.1 Kb.
Дата02.05.2016
өлшемі104.1 Kb.
: download -> DBases -> E A Buketov -> Files
Files -> Қирабаев, С. Қабыкенім менің [Текст] / С. Қирабаев // Орталық Қазақстан. 2009. 17 наурыз
Files -> Куандыкова Д.Қ. Е. А. Букетов прозасындағы бейне жасау шеберлігі/Д.Қ. Қуандықова //Қазақст. Респ. Ұлттық Ғылым акад хабарлары, Тіл, Әдебиет сер.=Известия нан рк сер филолог. – 2006. №5. – 16-19 б
Files -> Әнуар тарақОВ, филология ғылымдарының докторы
Files -> Зейтінова М
Files -> Уәлихан Ш. А. Ы. Қайран, менің асыл ағаларым-ай!/Шот-Аман Ыдырысұлы Уәлихан//Егемен Қазақстан. 2004. 25 тамыз (№217-220)
Files -> Сәулебектегі, А. Біз білетін Бөкетовтің біз білмейтін қырлары / А. Сәуле-бектегі // Жас Алаш. 2005. 19 наурыз (№32-33)
Files -> Акылбаев Ж. С
Files -> Құлақ түрді тым ауыр сұрақ кірді
Files -> Асанұлы Қ. Е. А. Букетов публицистикасындағы ой мен тіл үйлесімі / Қ. Асанұлы // Ақиқат. – 2002.– №1. – 91-94 б
Files -> Жойқынбектегі, Қ. Айнымас серік / Қ. Жойқынбектегі // Орталық Қазақстан. 2014. 5 шілде
Салықов, К.

Бөкетовтың бөлекше қыры / К. Салықов // Жалын. - 2005. - №3. - 28-30 б.
Е.А.Бөкетовтің қазақ халкының әдебиеті мен мәдениетіне сіңірген еңбегі телегей теңіз үлкен дүние. Әмбебап, жан-жақты туған сан қилы талант иесі еліміздің бүкіл рухани өмірінде өшпес із қалдырған заңғар тұлға екенін анықтай түссек, ерен азаматтың өмірі мен еңбек жолын терең түсіндірген боламыз. Ағылшынның атақты тарихшысы үлкен философ А. Тойнбидің: "...бір нақтылы нысанаға қол жеткізуге ұмтылғанда тек ғана сол қиялың емес, одан әлде қайда жоғары, өте жоғары бір нысанаға оой ұру ксрек" - дегені бар.

Тарлан тарихқа көз жүгіртін қарай қалсақ шынында да адамзаттың ең ірі, ең асыл перзенттерінің көрнекті өкілдері бір ғана, жалғыз нысананың құлы болып қалмай, одан ерекше көзге түсіп, көңілде қалардай талай-талай өнердің басын қайырғандары белгілі. Гете: "Табиғаттанумен айналыспасам, адамдардың мінездерін түбегейлі түсіне алмас едім. Табиғат мүлтіксіз жаралған, ол қалпынан таймайды, тек ғана адамдарға қателесу мен адасу тәнті. Рухы жұтаңнан ол іргесін аулақ тартады, тек қана адал, таза дарынға барын ашып, тағзым етеді" - депті. Міне, осы ауқымды ойдың тартымды құшағында Евней Арыстанұлы да қарышты қадам басты. Бір нысанада қалмай өте жоғарғы нысанаға ұмтылса, оның алғашқы қос қанаты - ана сүтімен ере келген ақындығы мен жазушылығы болатын. Жазушылыққа, ақындыққа талпыну оны үлкен ойшылдыққа жеткізді, ғұламалардың қатарына қосты. Шекспирмен шендеспесе де, теңдеспесе де Абай айтқандай, "ұқсап бақты".

Е.А. Бөкетовтің қазақ әдебиеті, мәдениеті үшін қалдырған мұрасы аз емес. Ол - ақын, жазушы, аты әйгілі публицист, жасынан танымал әдебиеттанушы, әдеби эссенің қазақ топырағындағы ең үздік шебері, аса көрнекті аудармашы ретінде кеңінен танылды. Бергенінен берері көп, орге шапқан дүлдүлдей оза тартып үздік келе жатқан алаулы шағында Қотыраштың соққысынан жығылған Құлагердей елу сегіз жасында кеңестік тоталитаризмнің жағымпаздарының күндестік қысымынан булығып кетті. Кезінде "Атан қомында туған адам" - атты эссесі романға татыр үлкен дүние болып шартарапты елең еткізді. "Алты хат", "Шығармашылық қырлары", "Көкейкесті", "Жас Қаныш" сияқты тағы басқа еңбектері атын кең таныта бастады. Ал, аудармашылық жолы да сәтті болды.

Евней-аға бұл жалғанмен қоштасқалы оның өзіне тетелес туған інісі Қамзабай Арыстанұлы қисапсыз мол еңбек жасап атақты ағасының алдындағы адал парызын шын мәнінде ең жоғарғы, дәрежеде ақтап жүр. Сол талпынысының бір үлкен бөлшегі - ақын-ағаның орысшадан аударған поэзиялық, драматургиялық еңбектерінің таңдамалы жинағын дайындауы. Менің бүгінгі қолыма қалам алып Евней-аға жөнінде сөз қозғауыма тап осы еңбектері себеп болды.

Е.А. Бөкетовтың аудармашылық өнерін сөз еткенде Есениннен есіп өтіп, Шекспирге бір-ақ жетті десек асыра сілтегеніңіз болар еді. Оларға жеткенше жас талант әу, бастан халқымыздың әдеби бай мұрасынан шөлі қанғанша сусындады. Ауыз әдебиетін жіті білді. Евней Абайды жатқа білді десек еш жаңалық ашпаймыз, ондай ұлағатты мысалдар толып жатыр, ал оның Жамбыл атамызды, Мұхтар, Сәбит, Ғабит, Ғабиденді өте терең, мейлінше толық игергеніне таңдануым, қайран қалуым шексіз еді. Талай жылдар кездесіп жүргендегі мен байқаған шоқтығы биік бір байлығы - Жамбылдың бар болмысын мұқият меңгергендігі болатын. Жәкеннін үздік '"Манасшыл" ақын екенін де Евекеңнен естідім. Бір жолы қайны атасы Нұртас Оңдасыновтың елі - Шу бойында балық аулап жүргенде Жамбыл облысының ауылдарында Жәкең жайлы айтқандары химия ғылымының профессоры емес "Жамбылтану" академиясының академигі дегізгендей етті.

Сол жолы Жәкеңнің бір әңгімесін әдемілеп айтып бергені есімде қалыпты. Денесі зор, Қобландыдай батыр тұлғалы көрінсе де, Евекеңнің жүзі жылы, бет әлпеті мейірбан, сүйкімді болатын. Әңгіме айтқанда әрі мағынасы тартымды, әрі нәзік дауысы сиқыр сазымен адам жанын баурап алатын. Ауызекі сөзге шеберлігі естіген жанды таң қалдыратын. Әңгімеде Алматының түбіндегі інісінің үйіне Жәкең бесін ауа келсе, ағайынның сұрауымен қоналқаға келісіп, үй иесі тайыншадай меңсіз қара қойға төрт-бес жасар баласын мінгізіп, бауыздар алдында абыз атадан бата тілетіпті. Сонда Жәкең:

"Аузыма Алла әуелі дуа берсін,

Дұшпаның тілін мықтап буа берсін.

Келіннің балағынан бала саулап,

Салпы ауыз, бок мұрындар туа берсін" - депті.

Біз ду күлістік, қонақтап отырған жеріміз Шу бойындағы даладағы қойшы Ахметтің үйі еді. Екі әйелі бар екен, екі ақбоз киіз үй қатар тігіліпті, жас жағынан қатарлас екі жұбайы да жүгіріп жүрді. Дал Жәкеңе әкелгендей Ахан да кішкентай баласын мінгізіп бір "еділбайский" құйрығы бір пұт марқа қозыны алып келіп бата сұрады. Сонда Евекең: "Жокеңнен артык айта алмаспын. Қашан да қазақ халқының санын ұлғайту ұлттық үлкен мақсат қой, Ахмет бауырым, осы талаппен атқарып жүрген еңбегің жемісті болсын, бір ауыз сөз айтсам:

"Батасы Жамбыл ата ауып келсін,

Шу бойы маған қызу шабыт берсін.

Беу, Асқар! Сен үбірлі, шүбірлі бол,

Қос келін 20 бала тауып берсін" - деп Евней ағамыз да ретін тауып ду күлдірді. Ол кісінін Жамбыл өмірінен алынған осындай әңгімелерін айтып бөлек дүние жазса қызғылықты жинақ болар еді әттең, дер кезінде дұрыстап жазып алмаппыз. Ал, "Евгений Онегин" мен "Қыз Жібекті" жатқа біліп олардың ырғақтық сарындық ұқсастықтарын дәлелдеп әндетіп беретін өнері бір хикая.

Осының бәрі жазушылық, ақындық өнерінің бастауы сарқылмас кең дариясы емес пе?! Тоғызыншы сыныпты үздік бітірген Евнейді соғыс жылдары мұғалімге тапшылықтан Марьевкедегі аудан басшылары қазақ, орыс ауылдарындағы мектептерге сабаққа жекті. Бұл күндердің өз бергені сол, әсіресе жатқа айтуға, оқуға, көркем сөздің ауызекі шеберлігіне ынтыққан шағының, бүршік жарған кезі еді. Ол сол кездердің өзінде орыс тілінде өлең жаза бастады, орыс тілінен қазақ тіліне, қазақ тілінен орыс тіліне аударуға жаттығуга кірісті. Осы өнерінің өрістеуіне аса дарынды досы - Тұрсын Ыдрысұлы Уәлихановтың да қасиетті ықпалы тиді. Тұрсынның атасы Мақы Шоқан Уәлихановтың туған інісі. Ұлы бабасына тартып туған аса талантты жігіт болатын. Әсіресе шешендік сөз бен сурет өнері дегенде алдына жан салдырмайтын. Екі дос бір-біріне жарасымды табысып, арман жолын бағдарласты. Кейінде Евекең Шотаман Ыдырысұлы екеумізге сол күндерін қызықты әңгіме етіп айтушы еді.

Міне, осының барлығы оның үстіне күнделікті ізденімпаздығы мен орасан еңбекқорлығы Алматыда оқып жүрген студент, аспирант кезінде әдеби қауымға таныс етті. Орысшадан қазақ тіліне аударылған бірсыпыра еңбектермен танысып, газет, журнал беттерінде оларға өзінше адал баға беруге кірісті. Аударманың сыншысы бірде: "мук'а" мен "му'каны" айыра алмаған акын Маяковскийді аударуға қалай барады" - деп үлкендерге де ауыз сала бастады. Кейін өз аудармаларын жариялауға еркін кірісті.

Е.А.Бөкетовтың қомақты деген аудармаларына тоқталсақ: В.Шекспирден "'Макбет", "Юлий Цезарь", Джон Флетчерден "Испан соғысы" атты драмалық шығармаларына тар едік. Сондай-ақ, В.В.Маяковскийдін "Қандала", "Тамара мен Демон", "Керемет" атты поэмалары; Есениннің "Анна Снегина" атты поэмасы және де "Советтік Русь", "Келіншекке хат", "Кочаловтың итіне" атты өлеңдерінің аудармалары сәтті шыққан.

Әрине, Евней Бөкетов дегенде оның В.В.Маяковскийді әрі аударып, эрі өзге аудармашыларға сыншы көзбен қарап, демеу бергені еске түседі. Евнейдің аударуында В.Маяковскийдің "Қандаласы" қазақша қалыбына дәл түсті. "Еркекқе күш те керек, іс те керек, білек те, жүрек те керек" - дегендей Евекең де күш молынан, білек пен жүрек ере туған серіктері, ал солардың арқасында үлкен-үлкен істер де дүниеге келді. Тиген жерін тесіп өтер Маяковскийдің өткір де, жер-жебесіне жеткір ұшқыр сөздері Бөкетовтың аудармасында өз баламасын сәтті тапты. "Қандаладағы" түйме сатушының:

"Түйме үшін азаматтар үйленбе!

Түйме үшін әйеліңнен жиренбе!

Басып қалса сұқ қолымен бармағы,

Шешілмейді азаматтың шалбары" - дегені; Қайрақ сатушының:

"Қайрап, ұста, пышағыңды

болсын десең жүзі өткір,

Қайра, безеп тілінді

болсын десең сөзі өткір" - деуі; Селедка сатушының:

"Республикада ең тұздысы тамақтың,

Жан серігі қүймақпенен арақтың" - деп шалқуы, Слесарьдің:

"Ол қыз емес, ол бір құт,

Екі емшегі екі пұт" - деп айғайлаулары сол күндерде ауызға ілігіп, қанатты сөздер болып кетті. Маяковскийді аударушылар қаншама аты шулы адамдар, әрі көп болса да Бөкетовтың "Қандаласы" ең тамаша аударма болып, әділ бағасын алды.

"Қандаладағы": "Қандалиус нормалис,

Тоғышарис вульгарис"- дегені де тапқырлыгын танытты. "Тоғышарис вульгаристер" қай заманда да болады екен. Осы күші кей қауіпті алпауыттарға үңілсек, даңғзасы көп, әрі іске олақ, әрі қадалған жерінен қан алып өзіне керегін сорып жатқаны көзге елестеп, санаға орнығады. Бейімбет Майлиннің "Мырқымбайы" секілді Маяковскийдің "Қандаласы" да қазақ зиялы қауымына кең тарады.

Евней Маяковскийдің шығармаларын белгілі мақсатпен аударды. Біріншіден өжет мінезі, екіншіден астарлы да ойлы сөзі бауыр тартты. Қоғамдағы хайуанат сипаттыларды Маяковскийше әшкерелей білу де үлкен енер ғой. Сол ерен мінезінен тапқан кедергілері де аз емес, орыстың ұлы ақынының өлімі де жұмбақ болып өтті. Маяковскийде үлкен ойшылдықтың, тарихтың тереңіне қарай білудің нышаны анық белгі береді. Оның өзі үлкен сабақ еді, тамаша үлгі көрсетті.

Бөкетовтың сырлы сөздің саңылағы, көркем сурет шебері Сергей Есенинге баруы да әрі ерлік, әрі заңды құбылыс. Сергей көрген сергелдеңді Евней де көрді. Орыс пен қазақ қатар шеккен шым-шытырық өмір құбылыстарының да ұқсастықтары аз еместі. Есениннің жинақтары алғашқы рет қолға түскенде ауыл өмірінің айнасындай, тіршіліктің тірі суретіндей бауыр тартқаны айдан анық. Оның үстіне біздің де, Евнейдің де мектептегі кезінде Есенин жабық жатты, ал ол ақталып ашылған кезде, ягни халық пен орыстың дүлдүл ақынының арасындағы заңсыз перде ашылғанда Евекеңдер "әу" дегеннен керегін аңдап, сүйгенін аударуға кірісті. Ақ қайыңдардың арасында өскен Евнейге орыстың құдды сондай сұлу табиғатын жайлап өскен Есениннің өлеңдері қызғылықты құбылыс болып көрінді де аудара келгенде, аударма емес, жеңіл оқылып өзінің төл туындыларындай тартымды әсер қалдырды. "Анна Снегинаның" барлық көріністері біздің Есіл - Көкше өңіріне өте ұқсас, поэмадағыдай талай диірмендерді де, диірменшілерді де көріп өскен елміз ғой. Кез келген екі селен, не екі ауылдын арасындағы талас-тартыс, араздық, достық, бәсеке, бақастық бәрі-бәрі де танымал өз өміріндей көрінеді. Сондықтан да Евнейдің;

"Айтпасқа жетпес әліміз,

Бейнесі өшпес жан екен.

Жас күнде сүйдік бәріміз,

Бізді де сүйген бар екен" - дегені нағыз қазақы елеңдей емес пе. Тап осындай үздік аудармалар қай жүректен де орын табады ғой. Бұл поэмадан орыстың исі аңқып тұр поэма ашық, мырза - орыс өмірі. Орыс мінезді дүние жеткілікті, ал соңғы шумаққа келсек әмбеге ортақ- Есенинді аударып Евекең өз шер-шеменін бір емдесе, қаншама тағдыры ұқсас оқырманның сауабын алды. Бәріміз де е, бәрекелді, шындық сыры осындай болу керек кой деп бір серпіліп қалдық.

"Бізді де сүйген бар екен" дерлік өткен күннің асыл белгісіндей абзал арумен кездесу кімнің көңіл ерісін кеңейтпейді. Ақын өз өкініші, өз жұбанышы арқылы бүкіл оқушы жұртшылықтың көңілінен шығып отыр, аудармашы да ұлы ақынның туындысын дәлме-дәл көрсете білген. Поэманың аяққы кезінің әр жерінен дәмі жүрекке дем берген кейбір шумақтарын алып романс құрасақ былай түседі екен:

"Қызарып атқан таң ба бұл?

Кекжиек өртке ұқсайды.

Сепкендей елес жанға нұр,

Жақсылық сезім ұштайды.

Балдырған бала кезіміз,

Қоштады күзгі гүл алаң.

Жарасты ынтық сөзіміз,

Он алты жасар екі адам.

Тағы да елге келемін,

Шілденің түні еркелі.

Арбада жеңіл желемін,

Самал жел мұңын шертеді.

Көзтаныс есік тұр жолда,

Он алты жаста ем, үмітті ем.

Ақ көйлек албырт қыз сонда,

Елжіреп еді: "ұмыт" - деп.

Айтпасқа жетпес әәліміз,

Бейнесі өшпес жан екен.

Жас күнде сүйдік бәріміз,

Бізді де сүйген бар екен".

Қандай тамаша романс десеңші, бұл аудармашының үлкен жетістігі. Тіпті аударма деуге де қимайсың. Әнге қосу әрине, композиторлардың ісі.

Евней Арыстанұлы нақ осындай аршынды қадамдардан кейін Джон Флетчердің "Испан соғысын" аударып, ол жорықтан да жеңіспен оралып, Шекспир әлеміне сапар шекті. Қазақ ақыны В.Шекспирдің ең ауыр трагедияларының бірі "Макбетті" аударып үлкен жетістікке жетті. Аласапыран күрделі де қиянкескі уақиғаларды сипаттау драматургиялық шеберлік пен тілге өрнектеу оңай шаруа емес, әсіресе көркемдік жағына баса қарап, көз тойып, құлақ құрышы қанардай еткен жерлері көп-ақ. Жалпы аударма сәтті шықты.

Шотландияның королі Дунканға келіп, қолбасшысы әрі оның туысы Макбет:

"Патшаның адал қиялы болып,

Көппен бірге қосылып,

Намыс пен ілтипатқа лайыкты,

Қайрат көрсету біздің ісіміз" - дегенде Макбет сияқты әрі туысы, әрі қолбасшысы Банко:

"Мен де Макбет сияқты алма ағашын һәм оның жемісін өзіңізге дайындағанмын" - дейді. Ақыры Макбет королді өлтірді. Ал, Макбет королді өлтіру азғырындысына кеніп әйелі леди Макбеттің құйрығына тұз салған құйтырқы ықпалында жүрді. Күнәға батпайын деп, королге қол саларының алдында таубаға келгендей жұбайына: "Осымызды қояйық. Ол маған көп жақсылық істеді, әрі халық ардақтайды. Мен де сыйлы күйімде біраз өмір сүрейін дегенде қанпезерлігі қызған, мансапқор леди Макбет:

"Сонда сенің арманың,

Тұрганнан кейін бір ұйықтап,

Райына қайтатын, лепірме мастық болды ғой?

Сөзге батыр, іске жалтақ.

Бүйтіп сүйгенің де құрысын!

Ұмтылсаң асқақ мансапқа,

Тоқтат қалтырап қоркуды,

Достаспас тақ пен қоркақтық,

"Тәттіні татқын, қаттыдан қашқың келеді",

Болғаның ба сен мысық" - деп қыршаңқы тілмен ашындыра түседі.



Бұл сөздерден кейін Макбет көкірегіндегі жақсылыктың соңғы шырағын сөндіріп залым қанпезер Леди Макбеттей зайыбына табынған мансапқорлық жеңген зұлым болып шығады. Е.Бөкетов аударған "Макбет" қазақ сахнасына алғашқы рет Қарағанды облыстық драма теарында тұсауын кесті. Қойылым жемісті болып, жетістікке жетті. Елдің де аудармашының да қуанышында шек болмады. Өйткені үлкен азаматтың тап осы мезеттегі өмірлік арманы еді. Спектаклдің Алматыда қойылуы республикамыздың мәдени өміріндегі тамаша құбылыс деп саналды. "Макбет" еліміздің көптеген қалаларында сәтті қойылып болашаққа бет бұрды. Е.Бөкетовтың бұл аудармасы Қазақстанда жарық көрген В.Шекспирдің таңдамалы шығармаларының екі томдығына кіргізілді. Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Хамит Ерғалиев, Әбіш Кекілбаев бастаған шекспиршілердің асыл ортасына Евней Бөкетов те қосылды. Қазақ әдебиетінің даму, өркендеу, өрістеу жолында Евней Арыстанұлы өзінің алтын қазығын осылай қағып кетті. Ғалымдығына парапар тартқан көкейкесті асыл нысанасы да осы еді, абзал азамат ол арманына толық жетті.



©netref.ru 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет