Сапалы білім алуға тиімді құқықтық негіз қаланды Қолданысқа енгізілген жаңа заң туралы айтпас бұрын осыған дейін «Қолданылып келген Заң не берді?»



жүктеу 2.15 Mb.
бет1/9
Дата03.05.2016
өлшемі2.15 Mb.
  1   2   3   4   5   6   7   8   9
:


Түймебаев Ж.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі


Сапалы білім алуға тиімді құқықтық негіз қаланды
Қолданысқа енгізілген жаңа заң туралы айтпас бұрын осыған дейін «Қолданылып келген Заң не берді?» «Ол қандай міндеттерді шешуге мүмкіндік туғызды?» деген сұрақтарға қысқаша болса да тоқтала кеткен орынды болар еді. Бұл тұрғыда мынадай мәселелерді айтқан абзал. Қазақстан Республикасының 1999 жылы қабылданған «Білім туралы» Заңы көптеген міндеттерді шешуге мүмкіндік берді. Нақтырақ айтқанда бұрынғы заң:

- білім алудың қол жетімділігін;

- білім берудің бірыңғайлығы мен үздіксіздігін;

- білім беру ұйымдарының нысандары мен түрлерінің әр түрлігін қаматамсыз ете алды.

Осы уақытқа дейін қолданылып келген заң аталған міндеттерді атқаруға мүмкіндік беріп келген болса, онда «Білім туралы» жаңа Заңды қабылдау қандай қажеттіліктен туындады? деген мәселеге келсек, уақыттың өзі алға тартып отырған мына факторларды ескермеуге болмайтын еді. Қолданыстағы Қазақстан Республикасы Заңының қабылданғанына 8 жыл өтті. Адамзат қоғамы бүгін аса жылдам қарқынмен дамып келеді. Өркениет көшінен қалмай, ғылымы мен білім беру жүйесі озық елдердің, Ыбырайша айтқанда «өнер-білім бар жұрттардың» қатарында боламыз десек, заман талабын ескеріп, соған сәйкес қадам жасауға тиіспіз. Сонымен арада өткен он шақты жыл уақыт ішінде:

- заман ағымы едәуір өзгерді, 1

- жаһандану процесі қарқын алды, 2

- білім беру экономиканы дамытудың басты факторына айналды. 3

Өзгермелі әлемде өзгермейтін нәрсе жоқ. Осы жылдар ішінде біз де өзгердік. Әлемнің көптеген елдерімен тығыз байланыс орнатып, саяси-экономикалық және ғылыми-мәдени қарым-қатынастарымызды едәуір тереңдете түстік. Қазіргі күн сайын жаңарып жатқан қоғамда өзгелермен иық тірестіріп қатар тұрып, батыспен байыпты сұхбат құрып, шығыспен шынайы қатынас орнатып, түстіктегі жұрттармен тең сөйлесе алатын іргелі ел болуымыз – білікті мамандарға тәуелді екендігіне тағы да көз жеткіздік. Ал білікті маман дайындау – білім берудің моделіне, құқықтық базасына тікелей байланысты.

«Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстанды» құру біздің алдымызға үлкен мақсаттар қойып отыр. Ол – жеке тұлғаның және қоғамның, «парасатты экономиканың» қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін бәсекелестікке қабілетті білім беру жүйесін қалыптастыру. Осындай мақсатқа қол жеткізу үшін қолданыстағы заңның мүмкіндіктері жеткіліксіз болып қалды.

Сондықтан «Білім туралы» жаңа Заңды қабылдау – заң шығаруға әуестенушіліктен туындаған нәрсе емес, бұл заман талабы болып отыр.

Сонымен қатар, бұл Заңды қабылдау – мемлекет Басшысының жолдауларында анықталған және Қазақстанда Білім беруді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында белгіленген міндеттерді шешу үшін де қажет. 4

Елбасы өзінің «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты Жолдауында «Дүниешаруашылық байланыстары жүйесіне белсене кіріккен осы заманғы белді мемлекеттердің барлығы дерлік бәрін де «парасатты экономиканың» жолына тіккен еді» деп атап көрсетті. Бұл дегеніміз – білім беру білімнің қайнар көзі ретінде аса маңызды басымдық әрі қоғамды дамытдың негізі болып отырғанын көрсетеді. Сондықтан бүкіл қазақстандықтардың толыққанды білім алуға қол жетімділігін қамтамасыз ету өзекті мәселеге айналып отыр. Мұндай мәселенің шешімін табу бүкіл ел аумағындағы білім беру қызметінің құқықтық негізін жасауды қажет етеді. 5

«Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстанды» құру бізден жеке адамдардың, қоғамның және еңбек нарығының талаптарын қанағаттандыра алатын бәсекеге қабілетті білім беру жүйесін қалыптастыруды талап етіп отыр. 6

Қазақстан Республикасының «Білім туралы» жаңа Заңы дәл осы бәсекеге қабілетті отандық білім беру жүйесін қалыптастыруға бағытталған.

Жаңа заң туралы айтқанда оның құрылымына айрықша назар аударған жөн. Ол республикадағы жетілдірілген жаңа білім беру ортасын қалыптастырудың концептуалдық идеясына сәйкес құрылған. Білім беру қызметі іштей жүйелендіріліп, оның барлық аспектілері құрылымға бағындырылған, қисындық сабақтастыққа сәйкес заңның мазмұнынан көрініс тапқан. Заң «білім беру жүйесі» ұғымы мен оны құрайтын білім беру деңгейлерінің анықтамасынан басталады. Одан әрі әр түрлі деңгейдегі оқу бағдарламалары арқылы білім берудің мазмұны ашылады. Келесі кезекте білім беруді ұйымдастыру, білім алушыларға қойылатын талаптар, қабылдау ережелері, оқу түрлері, білім берудің оқу, тәрбие, ғылыми және оқу-әдістемелік жұмыс сияқты түрлі бағыттары сипатталады. Сондай-ақ білім беру деңгейлері мен оларға сәйкес келетін білім беру ұйымдарының түрлеріне сипаттама беріледі.

Білім беру қызметінің субъектілері, олардың құзыреттері, құқықтары, білім алушылар мен тәрбиеленушілердің және олардың ата-аналары, басқа да заңды өкілдерінің міндеттері мен жауапкершіліктері жеке тарауға бөлініп берілген.

Заң құрылымындағы маңызды жаңалықтардың бірі – педагогикалық қызметкердің мәртебесі туралы норманың енгізілуі. Бұрынғы заңда педагогикалық қызметкердің мәртебесі туралы бірде-бір сөз айтылмаған еді. Одан кейін білім саласын басқарудың мазмұны ашып көрсетілген. Онда білім беру саласындағы мемлекеттік басқару мен мемлекеттік билік субъектілерінің құзыреттері жазылған. Заңның осы бөлігінде тұңғыш рет Қазақстан Республикасы Президентінің құзыреті жеке бап түрінде беріліп отыр. Елбасы білім жүйесіне айрықша назар аударуымен қатар, білім саласын дамыту мен реформалауға қатысты көптеген шаралар оның бастамасымен, тікелей басшылығымен жүзеге асырылып отырғандықтан, осылай болуы орынды да.

Демократиялық қоғам құруда тікелей әкімшілік басқаруды жүзеге асырудан гөрі көбінесе реттеу құралдарын жетілдіру дұрыс саналады. Осыған байланысты білім беру саласын басқарудың көптеген тетіктері мен ықпал ету құралдары ревизияланып, «Білім саласындағы мемлекеттік реттеу» деп аталатын дербес тарауға бөлінді. Білім беру саласын дамыту, білім берудің сапасын көтеру көп жағдайда бөлінген қаржы көлеміне, қаржылық нормалау процесіне тәуелді болады. Бұл мәселе де назадан тыс қалмай, заңның білім беру жүйесін қаржыландыруға арналған тарауында көрініс тапты.

Осылайша заңның құрылымы білім беру саласын модернизациялауды жүзеге асырудың, оның академиялық мазмұнын жаңартудың, субектілердің құқықтық ережелерін жақсартудың жалпы концептуалды бағыттарын толық қамтып тұр.

Заңның білім беру саласының барлық субектілерінің, оның ішінде, ең алдымен білім алушылар мен тәрбиеленушілердің мүдделерін қорғауға бағытталғандығын айрықша атап айту керек. Біздің республикада олардың саны 4 млн. 473 мың адамды құрайды. Оның сыртында білім беру саласында 432 мың қызметкер еңбек етеді. Сондықтан жаңа заңда білім беру қызметімен айналысатын әр түрлі категорияға жататын адамдардың мүдделері ескерілген.

Ал енді заң қандай міндеттерді атқарады дегенге келсек,

жаңа қабылданған Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы мынадай міндеттерді шешуге:

1) әлемдік білім беру кеңістігіне кірігуге (интеграцияға);

2) педагог қызметкерлердің мәртебесін көтеруге;

3) сапалы білім берудің қол жетімділік кепілдігін көтеруге;

4) басқару және қаржыландыру жүйесін жетілдіруге мүмкіндік береді.

Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңына сәйкес Қазақстанның әлемдік білім беру кеңістігіне кіру міндеті:

- білім берудің құрылымы мен мазмұнын жаңарту;

- оқыту технологиясын жетілдіру;

- білім беру сапасының ұлттық бағалау жүйесін дамыту жолдары арқылы шешіледі.

Заңның жаңа редакциясының тағы бір үлкен ерекшелігі – Білім беру құрылымының халықаралық білім сыныптамасы стандарттарына сәйкестендірілуі. Яғни, нақтырақ айтқанда сөз болып отырған заңда Білім беру құрылымы ЮНЕСКО ұсынған 1997 жылғы Халықаралық білім сыныптамасы стандарттарының (ХБСС–1997) білім беру бағдарламалары сыныптамасының өлшемдеріне сәйкестендірілді.

Бұрынғы заңда – 4 деңгей (мектепке дейінгі тәрбие және оқыту, орта білім, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім) болса, жаңа заң – 7 деңгейден (бастауыш, негізгі орта білім, орта білімнен кейінгі білім сынды жаңа деңгейлер енгізілді) тұрады.

Білім беру мазмұнының өзі жоғарыда аталған білім беру бағдарламаларын ғана емес, сондай-ақ білім берудің арнаулы, арнайыландырылған оқу бағдарламаларын, қосымша білім берудің оқу бағдарламалары мен ересектерге арналған бағдарламалардың да жүзеге асырылуын қарастырады.

Осылайша білім берудің парадигмасы «өмір бойына алған білімнен» қажеттілік пен мүмкіндікті сезінуге «бүкіл өмір бойы білім алуға» дейін өзгеріп отыр. Осы парадигмаға сәйкес білім берудің жаңа технологиялары мен әдістемелері, білімді өзгелерге жеткізу мен білім алушылардың уәжін дамытудың жаңа тәсілдері енгізіледі.

Атап айтуды қажет ететін тағы бір жаңалық – заңнамалық деңгейде 12 жылдық орта білімге көшу қаматамасыз етілді. 2008 жылдан бастап 12 жылдық оқыту жүзеге асырылады. Заңда 12 жылдық білімнің құрылымы анықталды. Ол:



  • бастауыш білім – 4 жыл, 1- 4-сыныптар аралығы;

  • негізгі орта білім – 6 жыл, 5 -10-сыныптар аралығы;

  • жалпы орта білім – 2 жыл, 11-12-сыныптар аралығы.

Мұнда бастауыш білім берудің оқу бағдарламалары баланың тұлғасын қалыптастыруға, оның жеке қабілеттерін дамытуға, оқуға деген жағымды уәжі мен икемін қалыптастыруға бағытталған. Мәселен, оқуға, жазуға, санауға, тілдік қарым-қатынас тәжірибесін,өзін шығармашылық тұрғыдан таныту, өзін ұстау мәдениетін дағдыға айналдыруға арналған.

Негізгі орта білім беруге арналған оқу бағдарламалары білім алушылардың ғылымдар жүйесінің базалық негізін игеруге, олардың жеке адамдар арасындағы және этносаралық қарым-қатынастарда жоғары мәдениеттілігін қалыптастыруға, тұлғаның өзін тануы мен кәсіптік бағдарын айқындауға бағытталады.

Жалпы орта білім беруге арналған оқу бағдарламалары бейіналды дайындық пен бейіндік оқыту бағдарламаларын жүзеге асыруға бағытталған. Бұл бағдарламлар білім алушыларға оқудың жеке траекториясын таңдауға және алдағы уақытта әлеуметтік-гуманитарлық, жаратылыстану-ғылыми бағыттары бойынша оқуына педагогикалық қолдау көрсетуді қамтамасыз етеді.

Бұл жерде орта білімнің мазмұнында тұлғаның құзыреттілігін қалыптастыруға баса мән берілгенін айрықша атап өткім келеді.

Жаңа заңда техникалық және кәсіптік білім берудің мазмұны мен құрылымы елеулі өзгерістерге ұшыраған.

Білікті техникалық және қызмет көрсету еңбегінің кадрларын даярлау негізгі орта білім беру базасында (10 сынып) және кәсіптік лицейлерде, училищелерде, колледждерде және жоғары техникалық мектептерде жалпы білім беру базасында (12 сынып) жүзеге асырылатын болады.

Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының басты міндеті – әмбебап және икемді дағдыларға ие үздіксіз білім беруге қатыса алатын мамандарды даярлау болып табылады.

Техникалық және кәсіптік білім беруге арналған оқу бағдарламалары біріншіден, техникалық және қызмет көрсету саласындағы жаппай қажет болатын мамандарды дайындау, екіншіден, мамандықтары мен практикалық дағдылары арқылы экономиканың барлық салаларындағы техникалық және қызмет көрсету еңбегінің жұмыстарын орындайтын күрделі кәсіптерді игеру; үшіншіден, техникалық еңбектің жоғары білікті мамандарын даярлау және оларды қайта даярлау мен біліктілігін көтеру.

Жоғарыда атап өткеніміздей, білім берудің жаңа деңгейі – «орта білімнен кейінгі білім» енгізіліп отыр. Бұл деңгейдің кәсіптік оқу бағдарламалары гуманитарлық мамандықтар бойынша қызмет көрсететін және басқару еңбегінің кіші мамандарын даярлауға бағытталған. Әдетте бұл бағдарламаларды меңгеру 1-2 жыл мерзімді құрайды. Оларды меңгергендерге қызмет көрсету және басқару еңбегінің кіші маманы біліктілігі беріледі.

Кредиттік технологияға негізделген жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің үш деңгейлі моделі (бакалавриат-магистратура-докторантура Ph.D) заңнамамен бекітіліп отыр. Бұл Болон декларациясының ережелері мен халықаралық стандарттарға сәйкес келеді. Халықаралық білім беру стандарттары туралы сөз еткенде, олардың біріздендірілгендігін емес, үлгісінің жақсылығын, мамандар даярлаудың жоғары сапасы мен кәсібилігін айтады. Өйткені «білім беру стандарты» ұғымы шет елдерде біздегіден өзгеше түсіндіріледі. Білім беру стандарттары бар елдерде оқу процесіне қандай да бір регламент қойылмайды. Онда оқу орындары үлкен академиялық құқықтар мен дербестіке ие.

Жоғары білім мен одан кейінгі білім беру жүйесінде де елеулі өзгерістер болды. Бұрынғы заң бойынша жоғары кәсіби білім көпсатылы құрылымға ие болса, енді жоғары білім бірсатылы болады. Енді жоғары білім беру халықаралық үрдітерге сәйкес тек бакалаврлық оқу бағдарламалары бойынша жүзеге асырылады. Бұл базалық білімі бар және еңбек нарығының өзгермелі талаптарына тез бейімделуге қабілетті кең профилді мамандар даярлау. Мәселеге бұлай келу мейлінше тиімді де дұрыс болып табылады. Сонымен қатар жекелеген мамандықтар бойынша (олар медицина, ветеринария, әскери мамандықтар) дипломды мамандар даярлау да жүзеге асырылады.

Жоғары оқу орындары мен олардың филиалдарының қызметтерін реттеуге арналған нормаларына да назар аударған жөн. Дәлірек айтқанда, жоғары білімді мамандарды даярлау сапасын көтеру мақсатында бүкіл оқу процесі тек бас жоғары орнында жүзеге асырылады. «Білім туралы» Заңның 31 бабына сәйкес жоғары оқу орындарының филиалдары лицензияланған білім беру қызмет түрлерін жүзеге асыра алмайды. Сондықтан жаңа оқу жылынан бастап, бүкіл республика көлемінде жоғары оқу орындарының филиалдарына білім беру қызметін тоқтатуына тура келеді. Бұл бағыттағы жұмыстарды қазірден қалдырмай бастау қажет.

Жаңа заңға сәйкес магистратура жоғары оқу орнынан кейінгі дегейге жатқызылады.

Қазір жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ғылыми және педагогикалық кадрлар дайындайтын бағдарламалар арқылы жүеге асырылады. Онда магистратурада оқыту мерзімі 1 -2 жыл, ал докторантураның оқыту мерзімі 3 жылдан кем болмайды.

Жоғары оқу орнынан кейінгі медициналық және фармацевтикалық білім беруге келсек, олар – резидентура, магистратура мен докторантурадан тұрады.

Магистратура мен докторантураның бағдарламалары біршама өзгерістерге ұшырағанын айта кету керек. Қазір олар ғылыми-зерттеу компоненттерін ғана емес, сонымен бірге білім беру компонентін де қамтиды. Мәселен, докторлық диссертация қорғау үшін оны жазу ғана жеткілікті емес, диссертант бейіні бойынша тиісті міндетті іргелі және қолданбалы пәндерді меңгеріп, олардан емтихан тапсыруы қажет.

«Білім туралы» жаңа Заң шеңберінде білім беру сапасын бағалаудың ұлттық жүйесі (БСБҰЖ) одан әрі дами түседі. Ол өз кезегінде білім сапасын басқару үшін орталық және жергілікті құрылымдық бөлімдерінің (орталықтар, бөлімдер, қызметтер), процедуралардың (мониторинг, ұлттық бірыңғай тестілеу, мемлекеттік аралық бақылау, кәсіптік даярлық сапасын тәуелсіз бағалау, TIMSS, PISA және тағы басқа халықаралық зерттеулер мен лицензиялау, аттестаттау, аккредиттеу) жиынтығын айқындайды. Білім сапасын бағалау жөніндегі әр түрлі құрылымдардың әрекеттері, талаптардың біртектілігі мен мониторингтік зерттеулер жүргізудің сәйкестілігі жүйеленеді және реттеледі.

Жоғарғы оқу орындарын аккредиттеудің халықаралық үлгісі қарастырылған. Аккредиттеу түрлері (институционалды, мамандандырылған) енгізілген. Мемлекеттік аккредиттеуден қоғамдық-кәсіптік аккредиттеу түріне ауысу жүргізіледі.

Заң жобасының жаңалықтарының бірі − ол «Педагогикалық қызметкер мәртебесі» бөлімінің енгізілуі. Педагог мәртебесін көтеру ең алдымен, материалдық, әлеуметтік, және моральдық тұрғыдан ынталандыру арқылы жүзеге асырылады. Бастауыш мектепте оқу жүктемесін аптасына 20 сағаттан 18 сағатқа азайту, жоғарғы оқу орындарында магистранттар мен оқытушылар қатынасын 4:1, докторанттар мен оқытушылар – 3:1-ге жеткізу, әлеуметтік кепілдемелер − сауықтыру төлемдері, «Үздік педагог», «Жоғарғы оқу орнының үздік оқытушысы» гранттары, ауылды жерлерде жанар жағар-май үшін қосымша төлемдер және т.б. қарастырылған.

Жаңа Заңда жастардың білім алуына әлеуметтік қолдау көрсету қарастырылған. Нақтырақ айтсақ, студенттер мен оқушылар стипендиясының мөлшері көбейтілді. Салыстыру үшін мынадай цифрларды айта кетейін, 2007 жылы стипендияның мөлшері:



  • колледждердің оқушылар үшін – 5 147 теңге;

  • ЖОО-ның студенттері үшін – 6 434 теңге;

  • ЖОО-ның магистранттары үшін – 6 434 теңге;

  • аспиранттар үшін – 23 000 теңге;

  • докторанттар үшін – 29 359 теңге болды.

Қазір инфляция коэффицентін ескере отырып, базалық лауазымдық жалақының мөлшеріне (8 712 теңге) қосу арқылы жекелеген санаттардың стипендиясының мөлшелерін көбейту туралы мәселе пысықталуда.

2008 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық лауазымдық жалақыға байланысты стипендияның мөлшері:



  • колледждердің оқушылар үшін – 6 970 теңгені;

  • ЖОО-ның студенттері үшін – 8 712 теңгені;

  • ЖОО-ның магистранттары үшін – 17 424 теңгені;

  • аспиранттар үшін – 23 000 теңгені;

  • докторанттар үшін – 29 359 теңгені;

  • РhD докторлары үшін – 30 492 теңгені құрайды.

Бұрын қоғамдық көліктерде жол жүру жеңілдігін колледждер мен жоо-ның білім алушылары иеленіп келді. Енді оардың қатрына кәсіби техникалық мектептердің оқушылары қосылып отыр. Олардың көпшілігі негізінен ауыл жастары болып келеді.

Заң жобасында білім беру жүйесінің даму басымдығы, барлық азаматтар үшін сапалы білім алудың жариялылығы мен қол жетімділігі білім беру жүйесіндегі мемлекеттік саясаттың негізгі принциптерінің бірі болып табылады.

Сапалы білім алуда жаңа кепілдіктер белгіленуде. Бұл − білім берудің барлық деңгейлері және білім алушылардың барлық категориялары (мамандандырылған, арнайы, кәсіптік, біріктірілген және т.б.) үшін оқу бағдарламалары түрлерін кеңейту. Оқытуда жаңа технологияларды, оның ішінде жоғары оқу орындарында кредиттік технология мен қашықтықтан оқытуды енгізу. Бұл − білім беру ұйымдарының жаңа түрлерін енгізу: жоғары техникалық мектептер, инновациялық университеттер, инновациялық-білім беру консорциумдары.

Пәнаралық оқыту мен сабақ беру туралы көп айтылған болатын. Бұл ретте пәнаралықтық көбінесе сабақ берудегі қайталауды жою көзқарасы тұрғысынан қаралып келді. Қазір аталған проблемаға кеңінен тоқталып отырмыз. Жаңа Заңға сәйкес білім берудің барлық деңгейлерінде ықпалдастырылған білім беру бағдарламалары енгізілетін болады. Олар – пәнаралық, деңгейаралық, жоғары оқу орындары аралық, халықаралық. Жоғары оқу орындары ғылыми, білім беру және инновациялық қызметті нақты біріктіруге мүмкіндік беретін инновациялық білім беру бағдарламаларын іске асыруға бағытталатын болады. Мұндай оқу орындары инновациялық университеттер болып аталады. Инновациялық университеттер – бұл білім беруді, инновацияны, зерттеу мен кәсіпкерлікті біріктіретін; әлемдік деңгейге сәйкес келетін жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын; генерирлеу және білім мен технология трансфертін қамтамасыз ететін; ұлттық білім беру жүйесінің дамуына қомақты үлес қосатын және оның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал ететін ғылыми-білім беру кешен болып табылады.

Көріп отырғанымыздай, инновациялық университеттер – өндіріспен мықты байланысы бар зерттеу университеттері. Дамыған елдерде ірі университеттер зерттеу институттарымен ортақтасып зерттеу университеттері деп аталып құрылады. Зерттеу университеті – бұл шетелдерде өзін жақсы жарнамалаған білім мен ғылымды интеграциялаудың қазіргі заманғы нысаны. Мысалы, ең ірі американдық зерттеу университеті – Массачусет технологиялық университеті шамамен 300-ге жуық корпорациямен байланыс жасайды. Олардың ішінде жартысына жуығы АҚШ-тың ірі корпорациялары.

Осылайша зерттеу университеті өңірдегі технологиялық және экономикалық дамудың маңызды факторы болмақ. Университеттің дәстүрлі қызметі – мамандарды даярлау мен іргелі зерттеулер жүргізу – жаңа технологияларды өндіріс пен бизнеске беру жөніндегі оның белсенді қызметімен толықтырылады. Қазіргі заманғы зерттеу университеттері барлық қоғамдық институттармен өзара іс әрекет және ынтымақтастық жасаудың ашық моделін дамыту жолымен жүре отырып бірталай әлеуетке және әлеуметтік практикаға әсер ету спектріне ие болады.

Қоғамды демократияландыруды дамыту шеңберінде білім беруді басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар көзделген. Жаңа Заңның 53-бабына сәйкес өңірлердегі (облыстық, қалалық, және аудандық) білім берудің бірінші басшысын тағайындау ҚР Білім және ғылым министрінің келісімімен жүзеге асады. Сонымен қатар, педагогикалық кеңестің ұсынымдамасын, білім беру ұйымы орынбасарларының және бас бухгалтерлерінің келісімдерін ескере отырып, мемлекеттік орта білім беру ұйымының басшысын іріктеу конкурсы арқылы тағайындау көзделеді.

Білім беру мониторингінің нәтижесі негізінде білім беру сапасын басқару алғаш рет енгізілді. Білім беру мониторингінің, білім беру статистикасы анықтамасының және индикаторлар есебінің нәтижесі бойынша жыл сайын білім берудің жай-күйі және дамуы туралы ұлттық баяндама дайындалатын болады.

Қорытындылай келе, «Білім туралы» Қазақстан Республикасының жаңа Заңының қабылдануы 41 заңнамалық актіге өзгерістер мен толықтырулар енгізуге әсер еткендігін айтып кеткім келеді.

Білім беру процесіне қатысушылардың жауапкершілік шараларын күшейтуге бағытталған принципті өзгерістер мен толықтырулар «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне енгізіледі. Ол 5-тен 50 есеге дейінгі айлық есеп көрсеткіштегі айыппұл қарастырылған мынадай жаңа 20-1 тарауымен толықтырылды:



  • педагог қызметкерлердің педагогикалық этика нормаларын бұзуы;

  • білім беру саласындағы заңнамада қарастырылған ата-аналар орындауға жатпайтын міндеттер;

  • білім беру ұйымдары басшыларының оқушылар мен қызметкерлердің денсаулығына жеңіл залал келген жағдайда орындауға жатпайтын міндеттері;

  • линцензиялық талаптар мен мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартын бұзушылық;

«Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне және соларға теңестірілген адамдарға берілетін жеңілдіктер мен оларды әлеуметтік қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына (1995 жылғы 28 сәуірдегі) жоғары және орта кәсіптік оқу орындарына соғысқа қатысушыларға берілетін жеңілдіктерге теңестірілген адамдардың конкурстан тыс түсуі қарастырылған.

«Мемлекеттік құпиялар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу кезінде пайдаланылатын тестер мен дұрыс жауаптар кодтарын ұстау туралы мәліметтерді беру бөліміне толықтырулар енгізілді. Бұл толықтыру білім беру саласындағы қызметтік құпияны құрайтын мәліметтерді жариялауға кінәлі адамдарды жауапкершілікке тартуға мүмкіндік береді.

«Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне және соларға теңестірілген адамдарға берілетін жеңілдіктер мен оларды әлеуметтік қорғау туралы» 1995 жылғы 28 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңына соғысқа қатысушыларға берілетін жеңілдіктерге теңестірілген адамдар үшін республикадағы жоғары оқу орындары мен колледждерге қабылдау квотасын қарастыратын толықтырулар енгізілді.

Иә, Елбасы қол қойған «Білім туралы» жаңа Заң білім саласының дамуына, жастардың сапалы оқып, тәрбие алуына мол мүмкіндік береді деген сенімдемін.



Қазақстан Республикасының Заңы
Білім туралы

 

Осы Заң білім беру саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді, осы саладағы мемле­кеттік саясаттың негізгі принциптерін айқын­дайды және Қазақстан Республикасы азаматта­рының, сондай-ақ Қазақстан Республикасында тұ­рақты тұратын шетелдіктердің және азамат­тығы жоқ адамдардың білім алуға конституция­лық құқығын қамтамасыз етуге бағытталған.



1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайда­ланылады:

1) адъюнктура – әскери оқу орындарында жоғары білікті ғылыми-педагогтік кадрлар даярлау нысаны;

2) академия – мамандықтардың бір-екі топтары бойынша жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын, ғылыми-зерт­теу қызметін және педагогтік қызметті, кадр­лардың біліктілігін арттыруды және қайта даяр­лауды жүзеге асыратын оқу орны;



  1   2   3   4   5   6   7   8   9


©netref.ru 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет