Сауат ашу оқу бағдарламасы



Дата03.05.2016
өлшемі290.86 Kb.

powerpluswatermarkobject14011635


ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

Ы.АЛТЫНСАРИН АТЫНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ БІЛІМ АКАДЕМИЯСЫ

«НАЗАРБАЕВ ЗИЯТКЕРЛІК МЕКТЕПТЕРІ» ДББҰ

САУАТ АШУ
оқу бағдарламасы

(орта білім беру мазмұнын жаңарту аясында)


Бастауыш білім беру (1-сынып)

Астана


2015

Сауат ашу. Орта білім беру мазмұнын жаңарту аясында бастауыш мектепке (1-сынып) арналған оқу бағдарламасы (30 пилоттық мектептерде сынақтан өткізу үшін байқау нұсқасы). – Астана: Ы.Алтынсарин атындағы ҰБА, 2015. – 19 б.

Оқу бағдарламасын «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясымен және жалпы орта білім беретін мектептердің мұғалімдерімен бірлесіп құрастырған


Мазмұны


1 Жалпы мәлімет 4

1.1 «Сауат ашу» пәнінің маңыздылығы 4

1.2 «Сауат ашу» пәні бойынша оқу бағдарламасының мақсаты 4

1.3 Үштілділік саясатын жүзеге асыру 5

1.5 «Сауат ашу» пәнін оқытуда қолданылатын педагогикалық технологиялар мен әдіс-тәсілдер 7

1.6 Түрлі мәдениет пен көзқарастарға құрмет сезімін қалыптастыру 8

1.7 Оқушылардың коммуникативтік дағдыларын дамыту 9

1.8 Оқу нәтижелерін бағалау туралы 10

2 «Сауат ашу» пәні мазмұны және оқу мақсаттарының жүйесі 12

2.1 «Сауат ашу» пәні мазмұны 12

2.2 Оқу мақсаттарының жүйесі 17






1 Жалпы мәлімет




1.1 «Сауат ашу» пәнінің маңыздылығы

«Сауат ашу» пәні жалпы білімнің негізін құрайтын аса маңызды пәндердің біріне жатады.

«Сауат ашу» пәні – «Қазақ тілі», «Әдебиеттік оқу» пәндерінің құрамдас бөлігі, тіл және әдебиет туралы білім жүйесіне дайындық болып табылады. «Сауат ашу» пәнінің маңыздылығы – оқушылардың өмірінде жаңа пайда болған «жетекші әрекет» – оқу әрекетіне бейімдеу, тұрақты зейіні мен жадын, логикалық ойлауы мен білім алуға деген қызығушылығын қалыптастырып, ой-өрiсiн жетiлдiру, сөздік қорын молайтып, байланыстыра сөйлеуге үйрету міндеттерін жүзеге асыруында. Сонымен қатар сөйлеу әрекетінің тыңдалым, айтылым, оқылым және жазылым түрлерін дамыту арқылы басқа пәндерді меңгертуге негіз болуында.

«Сауат ашу» пәнінде оқу және жазу жұмыстары өзара тығыз байланыста қатар жүреді: оқу дағдысы жақсы қалыптасқан оқушының сауатты жазу дағдысы да соған сай қалыптасады.

«Сауат ашу» пәні оқушылардың:


  • қазақ тілі фонетикасы, лексикасы, грамматикасы мен пунктуациясы туралы бастапқы білім негіздерін игеруіне;

  • оқу мен жазуға деген қызығушылығының оянуына;

  • оқу және жазу дағдыларының жетілуіне;

  • қарым-қатынас жасауда айтылым, тыңдалым, жазылым және оқылым дағдыларын дұрыс, орнымен қолдану біліктерін қалыптастыруға;

  • жұппен, топпен, ұжыммен жұмыс жасауға дағдылануына және түрлі рөлді (көшбасшы, орындаушы) орындауға үйренуіне;

  • өз ұлтының, Қазақстанда тұрып жатқан басқа да халықтардың мәдениетіне ізгілік және құрмет сезімінің қалыптасуына негіз қалаушы пән болып табылады.

«Сауат ашу» пәні арқылы оқушылар қазақ тілі мен әдеби мұрасын меңгеріп, ана тілі мен туған халқының мәдениетін құрметтеуге, оқу үдерісінде және күнделікті өмірде кездесетін жағдаяттарда тілдік қарым-қатынасқа еркін түсіп, өз пікірін білдіруге дағдыланады.

1.2 «Сауат ашу» пәні бойынша оқу бағдарламасының мақсаты

«Сауат ашу» пәнінің мақсаты – оқу және жазу дағдылары қалыптасқан, алған білімін ойын толық, түсінікті, жүйелі жеткізуде қолдана білетін, білім алуға ынталы жеке тұлғаның дамуына мүмкіндік жасау.

Алға қойылған осы мақсатқа қол жеткізу үшін мынадай міндеттер шешілуі көзделеді:


  • оқушыларды оқу әрекетіне психофизиологиялық тұрғыдан дайындау;

  • қазақ әліпбиіндегі әріптермен (баспа және жазба түрі, бас әріп және кіші әріп) таныстыру;

  • әріптен буын, буыннан сөз, сөзден сөйлем құрап оқуға және жазуға дағдыландыру;

  • оқу дағдысы (дұрыс және түсініп оқу) мен жазу дағдысын (қатесіз, сауатты, таза, каллиграфия ережелерін сақтай отырып жазу) қалыптастырып, жетілдіру;

  • тілдік бірліктер (дыбыс, буын, сөз, сөйлем, мәтін) және орфография, пунктуация туралы қарапайым түсініктерді меңгерту;

  • ;

  • кітап оқуға қызығушылығын тәрбиелеу;

  • қарапайым талдау жасау тәсілдерін меңгерту арқылы салыстыру, топтастыру, жүйелеу біліктерін дамыту;

  • сөйлеу және қарым-қатынас жасау мәдениеті нормаларын сақтауға дағдыландыру;

  • сөздік қорын байыту және белсендіру, байланыстыра сөйлеу тілін дамыту;

  • танымдық қызығушылығы мен туған тіліне, тарихына, мәдениетіне, салт-дәстүріне деген сүйіспеншілігін қалыптастыру арқылы рухани-адамгершілік қасиеттерді қалыптастыру;

  • қатысымдық дағдыларын (диалог барысында басқа адамның сөзін ести және тыңдай білуін, диалогке/сұхбатқа қатысуға дайын болуын, әркімнің өз көзқарасы мен пікірі болатынын түсінуін; өз пікірін айқын да дұрыс және толық жеткізе білуін) қалыптастыру;

  • алған тілдік білімі мен дағдыларын жеке қарым-қатынас тәжірибесінде, күнделікті өмірлік жағдаяттарда қолдануға үйрету.



1.3 Үштілділік саясатын жүзеге асыру

Қазақстан Республикасының жалпы білім беру ұйымдары оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту мақсатымен коммуникативтік дағдылардың негізін қалыптастыра отырып, 1-сыныптан бастап қазақ тілін, орыс тілін, ағылшын тілін оқытуды енгізеді.

Үш тілді оқыту сөйлеу әрекетінің төрт коммуникативтік дағдысын (тыңдалым, айтылым, оқылым және жазылым) қалыптастыруға бағытталған.

Үштілділік саясаты тілдік және тілдік емес пәндерді оқыту мен мұғалімдердің де рөлін анықтайды. Үштілділік саясатын жүзеге асыру «Сауат ашу» пәні бағдарламасының келесі бөлімдерінде көрініс табады:



  • «Сауат ашу» пәнін оқытуда қолданылатын педагогикалық технологиялар мен әдіс-тәсілдер» деп аталатын бесінші бөлімде мұғалімнің пәнді меңгертуі үшін қажетті тілдік білім мен дағдыларды қалай жетілдіретіндігі анықталған;

  • «Оқушылардың коммуникативтік дағдыларын дамыту» деп аталатын сегізінші бөлімде мұғалімдердің пән арқылы тыңдалым, айтылым, оқылым және жазылымның жоғары деңгейде қалай дамытылатыны көрсетілген;

  • «Оқу нәтижелерін бағалау туралы» деп аталатын тоғызыншы бөлімде бағалау тілі анықталған.


1.4 «Сауат ашу» пәнін оқыту үдерісін ұйымдастыруға қойылатын талаптар


Сынып

Апталық сағат саны

Жылдық сағат саны

1

6

198


(33 оқу аптасы)

Бастауыш білім беру деңгейінде оқу-тәрбие үдерісін ұйымдастыру үшін бастауыш сынып кабинеті санитарлық-гигиеналық ережелер мен нормаларға сәйкес жабдықталуы керек.

Жиһаздар сыныпта түрлі формадағы (жеке, жұптық, топтық) жұмыстар (ойын және басқа да белсенді әдістер) ұйымдастыруға мүмкіндік беретіндей жеңіл және жылжымалы болуы керек. Соған қоса, кітап сөрелеріне, оқушылардың көрме жұмыстарына арналған стенділерге және көрнекі құралдарға арнайы орындар ескерілуі тиіс.

«Сауат ашу» пәнін оқыту үшін кабинетте мынадай құрал-жабдықтардың болуы қажет:


  • интерактивті тақта/ проектор, экран;

  • шектеусіз интернетке қолжетімділік;

  • оргтехника (компьютер, принтер, сканер, веб-камера, құлаққаптар және ноутбуктер);

  • диктофон, микрофон;

  • сандық фотоаппарат;

  • флип-чарт;

  • шағын маркерлік тақта;

  • оқушылардың жұмыстарын сақтауға және демонстрациялауға арналған шкафтар;

  • бормен жазуға арналған тақта;

  • балаларға арналған түрлі жанрдағы көркем әдебиет, суретті брошюралар; журналдар, газеттер, ақындар мен жазушылар туралы фильмдер, аудиожазбалар мен бейнефильмдер;

  • көрнекі материалдар (иллюстрациялар, портреттер, кестелер);

  • грамматикалық анықтамалықтар мен сөздіктер: түсіндірме, сөзжасамдық, орфографиялық, синонимдер, антонимдер, фразеологиялық, этимологиялық, т.б.;

  • дидактикалық және үлестірмелі материалдар;

  • мұғалімге арналған көрнекі құралдар (пән бойынша кестелер, «Дұрыс отыру», «Қаламды дұрыс ұста» кестесі, «Әліпби» кестесі, магниттік баспа және жазба әріптер кассасы);

  • рөлдік ойындарға арналған қуыршақтар, құрал-жабдықтар;

  • еңбек құралдары: қайшы, ине, жіп, желім, мата қиындылары, түйме, бояулар, ермексаз және т.б.

  • театрға арналған декорациялар мен костюмдер, ұлттық киімдер, бетперделер.



1.5 «Сауат ашу» пәнін оқытуда қолданылатын педагогикалық технологиялар мен әдіс-тәсілдер

Жалпы білім беру ұйымдары (мектеп, гимназия, лицей, т.б.) «білім алуды қалай үйрену керектігін» ұстанымды негізге алады, ол ұстаным бойынша оқушыларды өз бетімен білім алуға ұмтылатын, ынталы, қызығушылығы жоғары, өзіне сенімді, жауапкершілігі мол және зияткерлік тұрғыдан дамыған тұлға ретінде қалыптастыру көзделеді.

Оқушылардың бойында бұл қасиеттерді қалыптастыруда мұғалімдер түрлі технологиялар мен әдіс-тәсілдер қолданады деп күтіледі, олар:


  • зерттеушілік тұрғыдан келу (оқушылар «не білемін, нені білгім келеді, нені білдім» сұрақтары бойынша өз әрекетін талдауға үйренеді);

  • әрекеттік тұрғыдан келу (оқушылар оқу әрекетінде меңгерген жаңа білімінің болашақта қажеттілігін түсінеді);

  • дамыта оқыту (оқушылар оқу әрекетінің тәсілдерін игеріп, өзінің іс-әрекетін жоспарлау және басқару жолын үйренеді);

  • уәждеу (оқушының оқуға деген қызығушылығын арттыру үшін «оқыту үшін бағалау» арқылы қолдау жасау);

  • оқушылардың оқу әрекетін жеке, топтық және ұжымдық формада ұйымдастыру (оқушылар бірін-бірі өзара оқытуға, бірін-бірі бағалауға, пікір алмасуға, т.б. үйренеді);

  • саралай оқыту (оқушыларды деңгейіне, мүмкіндігіне қарай оқыту, қалыптастырушы баға арқылы қолдау).

«Сауат ашу» пәнін оқытуда қолданылатын оқыту стратегиялары мен әдістері:

  • сөздің фонетикалық құрылымын талдау;

  • проблемалық жағдаят жасау;

  • оқу мен жазуды сын тұрғысынан ойлау арқылы қалыптастыру;

  • ойын және зерттеу әдістері;

  • тәжірибелік, шығармашылық оқу әрекеттері (түрлі шығармашылық жұмыстар жасау);

  • оқушылардың білімін жүйелілікпен мониторингілеу;

  • ізденуді және қосымша материалдар қолдануды керек ететін тапсырмаларды орындату;

  • оқушылардың зерттеушілік әрекетін және зерттеушілікке негізделген белсенді оқуға ынталандыру;

  • оқушыларға алдын ала берілетін түрлі стильдегі жазба мәтіндердің үлгісін қолдану (мұғалім алдын ала модельдер мен үлгілер береді).

Басты назар білімге емес, сол білімді қолдану үдерісіне аударылады. Оқушылардың білім алу барысындағы табыстылығы мен алдағы қадамдарын анықтау үшін оқытудың нақты мақсаттары мен табыс критерийлерін алдын ала белгілеу керек.

Үштұғырлы тіл саясатына сәйкес қазақ тілін оқыту мазмұнына қолдау жасау

Оқыту тілінде қолданылатын\қалыптасатын коммуникативтік дағдылар мен сыни тұрғыдан ойлау дағдылары қазақ тілінде, орыс тілінде, ағылшын тілінде оқылатын басқа пәндерді табысты меңгеруге ықпалы ететіні анық. Бастауыш сынып мұғалімдері тіл мен әдебиет пәндерін оқыта отырып, тілдерді оқушылардың күнделікті өмірде, әлеуметтік ортада оқыту мақсаттарына лайықты қолдану мүмкіндіктерін күшейту арқылы үштілді оқыту саясатына үлесін қоса алады. Тіл пәндерінің мұғалімдері оқушыларға қазақ тілін, орыс және ағылшын тілдерінің ұқсастығы мен ерекшеліктеріне назар аудартады. Барлық қалған пәндердің қолданатын негізгі құралы да - «тіл» екенін түсіндіреді.

Тілдік пәндер мұғалімдері пән мазмұнын пәнаралық байланысты орнатуға мүмкіндік беретін тақырыптармен, мәтіндермен, дағдылармен, оқу әрекеттерінің түрлерімен, оқу міндеттерімен, оқу мақсаттарымен толықтыра алады. Бұл сондай-ақ, оқушылардың жалпы академиялық тілін дамытуға және басқа пәндерді оқып-білуге керекті дағдыларды мынадай қалыптастыруға негіз қалайды: тақырыпты түрлі қырынан талдау, оқиғаның себептері мен салдарларын түсіндіру, пікірлер мен деректерді айыра тану, даулы тақырыптарды талдауға қатысу, түрлі ақпарат көздерін бағалау, басқаларға түсінікті ақпарат ұсына алу. Тіл пәндері мұғалімдері басқа пән мұғалімдерімен тығыз бірлікте болып, олардың ой-пікірлеріне, кеңестеріне құлақ салып, тіл сабақтарын сапалы деңгейге көтеруге барлық мүмкіндіктерді қолданады.



1.6 Түрлі мәдениет пен көзқарастарға құрмет сезімін қалыптастыру



Білім берудің жаңа бағыты оқыту мен тәрбиелеудегі демократтық және гуманистік бағыттарды ұстана отырып, түрлі мәдениеттердің дамуы мен ерекшеліктерін ескеру болып табылады. Оқушылар қазақстандық көпұлтты қоғамда өмір сүре отырып, қарым-қатынас барысында өзара төзімділік таныту, басқа ұлт мәдениетіне деген сыйластық пен құрмет сезімін білдіру сияқты маңызды қасиеттерге ие болуы керек. Бұл ретте мәдениетті және түрлі мәдениетке деген сыйластық пен құрмет сезімін қалыптастыру әлеуетіне ие үдеріс – білім беру үдерісі екені белгілі.

«Сауат ашу» пәнін оқыту үдерісі оқушылардың түрлі мәдениет пен көзқарастарға құрмет сезімін қалыптастыруды негізгі міндеттердің бірі ретінде алдыңғы орынға қояды. Бұл мәселе жеке тұлғалық, тұлғааралық және мәдениетаралық құзыреттіліктердің ажырамас бір бөлігі болып табылады. Бұл құзыреттіліктер оқушылардың түрлі әлеуметтік орталарда, көпмәдениетті қоғамда тиімді әрі сындарлы әрекет етуіне мүмкіндік береді.

«Сауат ашу» пәнінің оқу бағдарламасында түрлі мәдениет пен көзқарастарға құрмет сезімін қалыптастыру төмендегідей көрініс табады:


  • қазақ тілі мен мәдениетіне, қазақ тарихына құрметпен қарауға тәрбиелеу;

  • қазақ тілінің Қазақстан халықтарының ұлтаралық бірлігі мен келісімін сақтау тілі ретіндегі қызметін түсіндіру;

  • ұлттық мәдениетімізді құрметтей білуге және Қазақстанда тұратын ұлт өкілдерінің салт-дәстүріне және әдет-ғұрпына құрметпен қарай білуге үйрету;

  • өзгенің пікіріне, көзқарасына, сенімі мен әдет-ғұрпына, сезімі мен идеяларына сыйластық пен төзімділік таныту, өзгелердің пікірлерімен санаса білу қасиетін қалыптастыру;

  • түрлі көзқарастарды талдай отырып, өз көзқарасы мен өзгенің пікірін салыстыра отырып, ойын ашық жеткізуіне үйрету;

  • оқушының көптілді, көпмәдениетті қоғамда өзін еркін сезіну, көпұлтты қоғамда өмір сүру қабілетін қалыптастыру.


1.7 Оқушылардың коммуникативтік дағдыларын дамыту

Жалпы білім беру ұйымдарына (мектеп, гимназия, лицей, т.б.) арналған оқу бағдарламасы мақсаттарының бірі және бірегейі – түрлі әлеуметтік топтармен тіл табысуға қабілетті жеке тұлғаны тәрбиелеу. Осы мақсатқа жету үшін ынталандырушы орта құра отырып, қажетті тілдік дағдыларды дамыту керек. Мұндай орта оқушылардың сыныптастарымен, мұғалімдермен және көпшілікпен ауызша, жазбаша қарым-қатынасында тілді сауатты пайдалануына, тілдесімнің түрлі формаларын қолдана отырып, өз пікірін еркін білдіруіне мүмкіндік туғызады.



«Сауат ашу» пәнінде тыңдалым және айтылым дағдыларын дамытуға ықпал ететін тапсырма үлгілері:

  • тыңдалған мәтінді мұқият тыңдап, мазмұнын түсіну және сұрақтарға жауап беру;

  • тыңдалған мәтін бойынша сұрақтар қою;

  • тыңдалған мәтін мазмұнының желісін суреттер арқылы беру;

  • тыңдалған мәтіннің белгілі бір үзіндісін айтып беру;

  • мәтіннің мазмұнына қарама-қарсы пікір айту;

  • өздеріне таныс және қызықты тақырыптар бойынша әңгімелесу;

  • белгілі бір тақырыпта пікірталас ұйымдастыру;

  • мәтіннің кейбір оқиғаларын ым-ишарамен көрсету;

  • жұпта ым-ишара, қимыл-әрекетті пайдаланып, оқиғаны жазуға дайындалу

(мысалы, «Бағытталған оқу» және «Бағытталған жазу»);

  • таныс ертегі, әңгімені мазмұндау, өлеңдерді жатқа айту;

  • сәлемдесу, қоштасу, кешірім сұрау, алғыс айту, өтініш жасау, таныс және таныс емес адамдармен, жақындары және достарымен, құрдастары және ересектермен, кіші балалармен қарым-қатынас жасауға байланысты рөлдік ойындар;

  • нені сұрауға және нені сұрауға болмайтыны туралы пікір таластыру;

  • сахналау;

  • берілген тақырып (сол сабақта өтілген әңгіме, ертегі немесе мысал) бойынша диалог (қуыршақтардың көмегімен) құрастыру.

«Сауат ашу» пәнінде оқылым дағдысын дамытуға ықпал ететін тапсырма үлгілері:

  • графикалық сызба арқылы «оқу»;

  • кеспе әріптерден буын, сөз құрап оқу;

  • мәтіннен қажетті сөйлемді немесе сөзді тауып оқу;

  • «көзбен оқы» ойыны арқылы оқу;

  • мәтіннен көркем, бейнелі сөздерді тауып оқу.

«Сауат ашу» пәнінде жазылым дағдысын дамытуға ықпал ететін тапсырма үлгілері:

  • ақпаратты сурет және белгілер/пиктограммалар арқылы беру;

  • сөздердің дұрыс жазылуын (орфографиялық нормаларды) меңгертуге арналған тапсырмалар орындау;

  • мәтіннен сөздерді, сөйлемдерді, қысқа үзінділерді көшіріп жаздыру;

  • мәтіндегі жазылуы қиын сөздерден сөздік құрастыру;

  • сөзден сөйлемдер, сөйлемдерден мәтін құрастырып жазу;

  • есте сақтау арқылы жазу;

  • байқағаны, сүйікті істері, ойындары туралы тірек суреттермен сөйлемдер, шағын мәтін құрастырып жазу;

  • өзі құрастырған мәтінін мұғалімнің көмегімен тексеру.


1.8 Оқу нәтижелерін бағалау туралы

Бастауыш мектепте оқыту нәтижесін бағалау критериалды бағалау жүйесін енгізу арқылы жүзеге асады.

Критериалды бағалау – оқушылардың оқу жетістіктерін нақты айқындалған, бірге даярланған, оқу үдерісінің барлық қатысушыларына (оқушылар, білім беру ұйымдарының әкімшіліктері, педагогикалық персонал, ата-аналар және басқа да заңды өкілдер) алдын-ала белгілі, бастауыш білім берудің мақсаттары мен мазмұнына сай критерийлермен салыстыруға негізделген бағалау үдерісі.

Критериалды бағалау оқыту, тәлім-тәрбие беру және бағалаудың өзара байланысына негізделген.

Критериалды бағалау нәтижесі оқыту үдерісін тиімді жоспарлау мен ұйымдастыру үшін қолданылады.

Бастауыш мектептегі критериалды бағалау жүйесі формативті (ағымдық) бағалау (ҚБ) және ішкі жиынтық бағалауды (ІЖБ) қамтиды.

Формативті (ағымдық) бағалау – сабақтағы және күнделікті жұмыс барысындағы білім мен дағдыларды меңгерудің ағымдық деңгейін айқындайды және оқыту кезінде оқушы мен педагог арасында жедел өзара байланысты жүзеге асырады, оқушыларға жаңа материалды меңгеру кезеңінде тапсырманы қаншалықты дұрыс орындап, оқу мақсатына қол жеткізгендігін түсінуге мүмкіндік береді;

Ішкі жиынтық бағалау – сынып бойынша оқу материалдарының үлкен тарауын не бөлімін оқығаннан кейін меңгерілген білім мен қалыптасқан дағдылар деңгейін айқындайды;

Ішкі жиынтық бағалау білім беру ұйымының педагогтары тарапынан жүзеге асырылады. Жиынтық жұмыстар үшін қойылған бағалар есептік оқу кезеңдері үшін қорытынды бағаларды анықтауға негіз болып табылады.

1-сыныпта оқушылардың жас ерекшелігін ескере отырып, тек қана формативті бағалау қолданылады. 3-4 тоқсандарда тоқсандық бағалар қойылады.

1-сыныпта жылдық баға формативті бағалаудың нәтижесі бойынша қойылады.


2 «Сауат ашу» пәні мазмұны және оқу мақсаттарының жүйесі




2.1 «Сауат ашу» пәні мазмұны

«Сауат ашу» пәні – лексикалық тақырыптар негізінде оқушыларды оқу мен жазуға үйрете отырып, тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылым дағдыларын қалыптастыруға арналған пән. «Сауат ашу» пәні бағдарламасының мазмұны кіріктіріле (интегративті) құрастырылды.

«Сауат ашу» пәні үш кезеңнен тұрады: әліппеге дейінгі кезең, әліппе кезеңі, әліппеден кейінгі кезең.

Мұғалім сағат санын үш кезең бойынша сыныптағы оқушылардың оқу мақсаттарын меңгеруіне, әр кезеңнің міндеттерін жүзеге асыруына орай еркін жоспарлай алады.



Әліппеге дейінгі кезеңнің міндеттері:

  • оқу әрекетіне деген қызығушылығын қалыптастыру;

  • фонематикалық есту-тыңдауын дамыту;

  • дыбыс, буын, сөз, сөйлем туралы алғашқы ұғымдары мен түсініктерін қалыптастыру;

  • сызба-модельдерді қолдана отырып, сөзге дыбыстық талдау жасау, дауысты және дауыссыз дыбыстарды ажырату, сөздерді буынға бөлу дағдыларын қалыптастыру;

  • қолдың ұсақ бұлшық еттерін дамыту (бояу, сурет салу, түрлі бағытта сызықтар жүргізу, сұлбасын салу, элементтерді жазу);

  • оқушының ойлау, есте сақтау, елестету, қабылдау қабілеттерін және тұрақты зейінін дамыту;

  • ауызша, жазбаша тілін дамыту.

Әліппе кезеңінің міндеттері:

  • оқу әрекеттеріне деген қызығушылығын дамыту;

  • фонематикалық есту-тыңдауын дамыту;

  • дыбыстық талдау-жинақтау дағдыларын жетілдіру;

  • әліпби әріптерін меңгерту, әріптердің баспа және жазба түрлерін, бас әріп және кіші әріпті ажыратуға үйрету;

  • тіл бірліктері (дыбыс, буын, сөз, сөйлем) туралы ұғымдары мен түсініктерін кеңейту;

  • біртіндеп сөзді тұтас, дұрыс, түсініп оқуға дағдыландыру;

  • әріптерді, буындарды, сөздерді, сөйлемдерді жазуда каллиграфиялық дағдыларын қалыптастыру;

  • ауызша және жазбаша тілін дамыту арқылы сөйлеу әрекеттерін жетілдіру.

Әліппеден кейінгі кезеңнің міндеттері:

  • мәтіндерді дұрыс, ырғақты оқуға дағдыландыру, «іштей оқу», түсініп, мәнерлеп, шапшаң оқу дағдыларын қалыптастыру;

  • тыңдау-түсіну, сөйлеу, оқу және жазу дағдыларын жетілдіру;

  • байланыстырып сөйлеуін дамыту;

  • каллиграфия нормаларын сақтай және сауатты, қатесіз жазу дағдыларын қалыптастыру.

Тыңдалым және айтылым (ауызекі сөйлеу және фонематикалық қабылдауды дамыту)

Мұғалім мен басқа оқушылардың сөйлеуін тыңдауы, естігенінің мәнісін түсінуі, сұраққа дұрыс және нақты жауап беруі, сөз мағынасын түсінуі, сөзді жұмсалу орнына және мағынасына қарай қолдана білуі, сыныптастарымен тілдесуде сөйлеу мәдениетін сақтай отырып, өзі туралы айта алуы. Тілдік емес амалдарды ауызша сөйлесуде қолдану (интонация, мимика, қол қимылдары, дене қимылдары). Сюжетті суреттер бойынша әңгімелер құрастыру, ертегілер айту. Өлеңдер жаттау, санамақтар, мақалдар мен мәтелдер, жұмбақтар жаттау. Жаңылтпаштар айту арқылы артикуляциялық аппараттарын дамыту. Сөздің дыбыстық құрылымы. Дауыссыз дыбыстардың қатаң, ұяң, үнді болып жіктелуі. Буын – ең кіші айтылым бірлігі ретінде. Дауысты дыбыстардың буынқұраушылық рөлі. Сөздердің буындарға бөлінуі. Сөздегі дауысты дыбыстар. Сөздегі екпін. Сөздің мағынасы. Сөздік қорды кеңейту. Сөйлем құрау. Сөйлемдерден қысқаша мәтіндер құрастыру. Мәтінді тыңдау барысында түсінуі. Мұғалімнің ауызша сұрақтарына жауап беруі. Сюжетті сурет бойынша немесе көргені, бастан кешкені, естігені туралы әңгімелесу; қысқаша тақпақтар жаттау, мазмұнын айтып беру. Түрі жанрдағы шығармаларды салыстыру. Шығармадағы негізгі кейіпкерлерге мінездеме беру, сипаттама жазу дағдыларын қалыптастыру. Сөздің дыбыстық және әріптік құрамының сәйкестігін немесе сәйкес еместігін нақтылау. Сөздерді қазақ әдеби тілінің орфоэпиялық заңдарына сәйкес айта білу. Коммуникативтік мақсаттарға сай (топта сөйлесу, сұхбатқа қатысу, сахналау, рөлдік ойындар), сөйлеу мәдениеті этикеттерін пайдалану, лексикалық тақырыптар негізінде сөздік қорды кеңейту. Оқушының өз басының жан-дүниесіндегі толқуларға зейін қойып қарауын және өзгелердің жанын түсінуге ұмтылуын қалыптастыру; әр қылығының адамгершілік, ізгілік тұрғысынан талдануына мән беріп қарауға үйрету.



Оқылым (Қазақ әліпбиімен танысу, оқу дағдыларын қалыптастыру)

Сөздегі дыбыстардың саны мен бірізділігін анықтау. Дыбыстық талдау жасау. Дыбыстардың мағынаажыратушылық функциясын түсіну. Сөздер мен сөйлемдердің құрылымын сызба арқылы түсініп, тани білуі (сөздегі буын санын, сөйлемдегі сөз санын анықтау). Сөздің мағынасын, сөйлемнің мәнісін түсіну. Дыбыс пен әріпті ажырата тани білуі; әріп – дыбыстың таңбасы ретінде. Жазылған сөздің әріптік құрылысы. Жазылған әріптер арықылы сөздің дыбыстық формасын жаңғырту (оқу). Түрлі құрылымдағы сөздерді, 2-6 сөзден тұратын сөйлемдерді, 4-8 сөйлемнен тұратын қысқаша мәтіндерді буындық тәсілмен ұласпалы оқуға үйрету, мәтінді мұғалімнің сұрағы бойынша теріп оқуға үйрету. Дауыстап оқу. Сөйлеудің интонациялық ұйымдасуына бақылау жасау (аяғындағы интонация, леппен айту, сұраулы интонация).

Дыбыстар мен әріптерді төменде көрсетілген бірізділікпен меңгерту ұсынылады:

1-кезеңде а, н, л, р, о, т, й, у, ш, с, м, ы;

2-кезеңде і, ң, и, д, е, қ, ұ, ғ, к, ү, г, ө, з, ә, ж, п, б;

3-кезеңде х, һ, щ, я, ю, в, э, е, ц, ф, ч;

4-кезеңде ь, ъ белгілері.

Қазақ тіліндегі дыбыстарды, оның ішінде айтылуы ұқсас л – р, н – ң, с – з, с – ш, ж – ш, п – б, к – қ дыбыстарын дұрыс айтуға дағдыландыру. Орыс тілінен енген сөздерде кездесетін дыбыстарды дұрыс айтуға жаттықтыру. Оқушылардың сөздік қорын байыту және белсендіру.

Сөздердің мағынасына бақылау жасау (мағыналас сөздер, қарама−қарсы мағыналы, көп мағыналы). Мәтін туралы жалпы түсінік. Өз бетімен оқу барысында мәтінді түсінуі. Баяндау сипатындағы құрылымындағы ақаулары бар мәтінді қайта өңдей алуы. Тұтас сөздер арқылы оқуға өту, «іштей оқу». Оқылғанның мазмұны бойынша қойылған сұрақтарға жауап беру; оқылған мәтін мазмұнының тақырыбымен байланыстылығы, түрлі жанрлардың ерекшеліктерін айқындау; көркем шығарманың тақырыбын, негізгі ойын анықтау; қойылған сұрақтарға дұрыс жауап құрастыра білу; көркем мәтін мен көркем емес мәтіндерді интонациясын дұрыс қойып оқу (нүкте, сұраулы, лепті) және олардың мазмұнын айтып беру; теріп оқу, рөлге бөліп оқу, ақауы бар мәтіндерді оқу, оқылғанға баға беру (ұнайды/ ұнамайды). Оқу тапсырмаларын орындауға керекті ақпаратты іздеу (мұғалімнің жетекшілігімен). Мәтін, сурет, сызба түрінде берілген ақпаратты түсіну.

Жазылым (Жазу дағдыларын қалыптастыру)

Сызбалардың көмегімен сөздің дыбыстық құрамын модельдеу. Сөйлемді модельдеу. Жазу жұмысына дайындық жаттығулары (денені дұрыс ұстау, дұрыс отыру, жарық, дәптерді дұрыс қою, қарындашты/қаламды дұрыс ұстау). Кеңістікте бағдарлау дағдысыны қалыптастыру (жазу жолы, жоларалық кеңістік, жолдың жоғарғы және төменгі сызығы, көлбеу, тік). Сурет салу, үзік сызықтар, ирек сызықтар. Әріп элементтерін жазу. Әріп элементтері, бас әріптер мен кіші әріптерді, сөйлемдердің буындарын оларды графикалық нормаларды сақтай отырып, бір-бірімен дұрыс байланыстырып, үздіксіз әрі ырғақты жазу. Айтылуы мен жазылуында алшақтық жоқ сөздерден, пунктуациялық ережелерді ескере отырып диктант жазу. Сөйлем құрамындағы сөздердің бөлек жазылатындығы. Сөйлемнің бас әрпінің жазылуы, сөйлемнің соңында нүкте қойылатындығы. Сөйлем, шағын мәтіндерді (3-4 сөйлем) дұрыс құрастырып жазу. Есту, есте сақтау арқылы сөздерді (3-7 сөз), жай сөйлемдерді (1-2 сөйлем) жатқа жазу. Жазғанын үлгіге қарап тексеру; каллиграфиялық дұрыс жазу.

Сөйлем соңындағы тыныс белгілері. Ұғымдарды ажырату: зат және сөз заттың атауы ретінде. Қоршаған ортадағы заттардың, құбылыстардың сөз-аталымдары. Бір затты, көп затты білдіретін сөздер. Дыбыс. Әріп. Бас әріп және кіші әріп. Дыбыс түрлері: дауысты және дауыссыз дыбыстарды ажырату. Буын. Дыбыстардан буын құрау. Буындардан сөз құрау. Сөзді буынға бөлу. Дыбыстық-буындық талдау. Сөз және сөйлем. Сөздің мағынасы (сөздік жұмысы). Сөздерден сөйлем құрау. Сөйлемдерден шағын әңгіме (мәтін) құрау. Сөйлемнің тыныс белгілері (нүкте, леп белгісі, сұрақ белгісі). Сөздің белгілі бір мағына (заттардың атын, түсін, дәмін, көлемін, санын, іс-қимылын) беретінін ұғындыру, оларды орынды қолдануға үйрету.

Дұрыс жазу ережелерімен танысу және оларды тәжірибеде қолдану:

1) Бас әріппен жазылатын сөздерді (адамдардың есімдерін, жер-су аттарын, үй жануарларына берілген атауларды) анықтау, дұрыс жазу.

2) Заттардың атаулары мен олардың санын, сынын, қимылын білдіретін сөздерді анықтау.

3) Көптік жалғауды меңгеру және дұрыс қолдану.

4) Жіктеу есімдіктерін ауызекі сөйлеуде дұрыс қолдану.

5) Тәуелдік жалғауларын ауызекі сөйлеуде дұрыс қолдану.

6) Өз cезімін баяндауда іс-қимылды білдіретін сөздерді (етістік шақтарын) дұрыс қолдану.

7) Сөйлемнің тыныс белгілерін (нүкте, үтір, сұрақ белгісі және леп белгісі) дұрыс қолданып жазу.

8) Мұғалім көмегімен сөздерді тасымалдау.



Пән мазмұны оқу бөлімдері бойынша ұйымдастырылған. Әр бөлім өз кезегінде әрі қарай бөлімшелерге бөлінген. Бөлімшелерде оқу мақсаттары белгіленген, олар білім немесе түсінік, дағды немесе білік бойынша күтілетін нәтижелер түрінде берілген. Әрбір кіші бөлімшенің ішінде бірізділікпен орналастырылған және сол арқылы мұғалімге өз жұмысын жоспарлауға, оқушылардың еңбегін бағалауға оқытудың келелесі кезеңі туралы ақпараттандыруға мүмкіндік беретін оқу мақсаттары бірізділікпен орналастырылған.




Бөлім

Бөлімше

11




Тыңдалым және айтылым


ТА1 Тыңдалған ақпараттың мазмұнын түсіну

ТА2 Негізгі ойды анықтау

ТА3 Тыңдалған материал бойынша сұрақтарға жауап беру

ТА4 Оқиғаны болжау

ТА5 Әртүрлі жағдаяттарда тілдік нормаларды дұрыс қолдану

ТА6 Тыңдаушының зейінін аудару

ТА7 Тыңдалған материалды бағалау

ТА8 Берілген тақырып бойынша өз пікірін айту

ТА 9 Сөздерді, дыбыстарды орфоэпиялық нормаларға сәйкес дұрыс айту

2

Оқылым

О1 Мәтінді түсіну

О2 Мәтіннің құрылымдық бөліктерін ажырату, тақырыбы мен негізгі ойды анықтау

О3 Оқылған мәтіндегі сөздердің лексикалық және синтаксистік мағыналарын түсіну

О4 Сұрақтар қоя білу және бағалау

О5 Мәтіннің типтері мен стилін тани білу

О6 Оқу стратегиялары мен түрлерін қолдану

О7 Түрлі дереккөздерден қажетті ақпаратты алу

О8 Мәтіндерді салыстырмалы талдау

О9 Әліпбимен танысу

33




Жазылым

Ж3 Жоспар құру

Ж4 Өзіндік мәтін құрастыру

Ж5 Оқыған/тыңдаған, аудиовизуалды материалдардың мазмұнын жазу

Ж6 Мәтінді түрлі формада ұсыну

Ж7 Графикалық дағдыларды қалыптастыру

Ж 8 Түрлі жанрда шығармашылық мәтін жазу

Ж9 Мәтінді түзету және редакциялау

Ж10 Орфографиялық нормаларды сақтау

Ж11 Грамматикалық нормаларды сақтау


Ж12 Пунктуациялық нормаларды сақтау

Бағдарламада «Оқу мақсаттары» кодтық белгімен белгіленді. Кодтық белгіде бірінші әріптік белгі - бөлім атауының қысқартылған түрі, екінші белгі - бөлімшенің реттік саны, үшінші белгі – сыныбы, төртінші сан оқу мақсатының реттік номерін көрсетеді. Мысалы, ТА1.2.1. кодында «ТА» - «Тыңдалым және айтылым» бөлімі, «1» - бөлімше, «2» - сынып, «1» - оқу мақсатының реттік саны.



Ескерту

3. «Жазылым» бөлімі бойынша

Ж 1 «Мәтін түрлеріне сәйкес өз мәтінін құрастырып жазу»,

Ж 2 «Түрлі стильді пайдаланып жазу» бөлімшелерінің оқу мақсаттары 2-4 сыныптарда «Қазақ тілі» пәнінде қарастырылады.


2.2 Оқу мақсаттарының жүйесі


1-бөлім: Тыңдалым және айтылым


Бөлімше

Оқу мақсаттары

ТА1 Тыңдалған ақпараттың мазмұнын түсіну


ТА1.1 Сөз, сөйлем, және қарапайым әрі қысқа мәтіннің мағынасын түсінеді

ТА1.2 Тыңдау және сөйлеу арқылы сөз бен сөйлемді ажыратады



ТА 2 Негізгі ойды анықтау

ТА 2.1 Тыңдаған ақпараттағы негізгі мәселелерді мұғалімнің көмегімен анықтайды

ТА 3 Тыңдалған материалды мазмұндау

ТА 3.1 Мұғалімнің көмегімен

оқиғаны ретімен баяндайды



ТА 4 Оқиғаны болжау

ТА 4.1 Мәтіннің мазмұнын тақырыбы немесе мәтін бойынша берілген сурет бойынша болжайды

ТА 5 Әлеуметтік ортада тілдік нормаларды қолдану

ТА 5.1 Қарым-қатынас жасау үшін сөздік қорын толықтырады, әртүрлі тілдік жағдаяттарда этикет сөздерді қолдана біледі ,


ТА 5.2 Өзгенің пікірін тыңдап, диалогке қатысады

ТА 6 Тыңдаушының зейінін аудару

ТА 6.1Сөйлеу барысында мәнерді, дауыс ырғағын, сөз арасындағы кідірісті және вербалды емес қарым-қатынас құралдарын (ым-ишара, қимыл) қолданады


ТА 7 Тыңдалған материалды бағалау


ТА 7.1 Мұғалімнің көмегімен аудио/видео, таспаға жазылған материалдарды тыңдап, оқиғаның/ ақпараттың қалай берілгені туралы пікірін білдіреді

ТА 7.2 Кейіпкердің іс-әрекетіне байланысты өз көзқарасын айтады (ұнайды/ ұнамайды).



ТА 8 Берілген тақырыпқа өз пікірін құру

ТА 8.1 Берілген тақырып бойынша баяндау, сипаттау түрінде өз пікірін айтады

ТА 9 Дыбыс, буын, сөз бен сөйлем туралы түсінік қалыптастыру


ТА 9.1 Сөздегі дыбыс түрлерін (дауысты, дауыссыз, жуан және жіңішке дауыстылар) ажыратады және сызбада шартты белгілермен белгілейді

ТА 9.2 Сөздің буыннан тұратынын түсіну және сөздегі буын санын анықтайды

ТА 9.3 Сөйлем сөзден тұратынын түсінеді


2-бөлім: Оқылым (Қазақ әліпбиімен танысу, оқу дағдыларын қалыптастыру)


Бөлімше

Оқу мақсаттары

О 1 Ақпаратты түсіну

О 1.1 Негізгі оқиғаны түсініп, әңгімедегі кейіпкерлерді атайды


О 2 Мәтіннің құрылымдық бөліктері мен негізгі ойды анықтау

О 2.1 Мұғалімнің көмегімен оқыған шығарманың тақырыбын, оқиғаның басын, ортасын және соңын анықтайды

О 3 Мәтіндегі сөздердің лексикалық және

синтаксистік мағыналарын түсіну



О 3.1 Қарама-қарсы мағыналы, мағыналас сөздерді және көп мағыналы сөздерді ажырата алады

О 4 Сұрақтар қоя білу және бағалау

О 4.1 Қарапайым мәтін немесе сурет бойынша сұрақтар қоя біледі және оқығаны бойынша қойылған сұраққа жауап береді

О 5 Мәтіннің түрлері мен стилдік ерекшелігін тану

О 5.1 Түрлі мәтіндерге тән негізгі белгілерді анықтайды (өлең, әңгіме, газет және журнал мақаласы және т.б.)

О 6 Оқу түрлері мен стратегиялары қолдану

О 6.1 Оқылымның негізгі амалдарын игереді (буындап оқу, жиі кездесетін сөздерді тұтас оқуға өту) сызбаларды оқи алады

О7 Түрлі дереккөздерден қажетті ақпаратты алу


О 7.1 Әліпби ретімен құрылған дереккөздерден (сөздіктер, анықтамалықтар, бейнелі кітаптар) ақпараттарды табады

О8 Мәтіндерді салыстырмалы талдау

О8.1 Көркем мәтін мен көркем емес мәтіндерді салыстыра отырып, мұғалімнің көмегімен оларды ажырата біледі


О 9 Әліпбимен танысу


О 9.1 Әріптің таңбасын тану және оны дыбыспен сәйкестендіреді

О 9.2 Дыбыстың сөздегі қызметін түсінеді (дауысты дыбыс, дауыссыз дыбыс, ь,ъ таңбаларының рөлі, е, ё, ю, я функциялары)



3-бөлім: Жазылым (Жазу дағдыларын қалыптастыру)


Бөлімше

Оқу мақсаттары

Ж 3 Жоспар құру

Ж 3.1 Мұғалім көмегімен қарапайым мәтіннің жоспарын құрып, оған тақырып қояды

Ж 4 Өзіндік мәтін құрастыру

Ж 4.1Тақырыпқа байланысты сөздерді қолданып қарапайым сөйлем/мәтін құрастырады және жазады

Ж 5 Оқыған/тыңдаған, аудиовизуалды

материалдардың мазмұнын жазу



Ж 5.1 Мұғалім көмегімен аудиовизуалды мәтіндердегі ақпаратты сурет, сызба, белгі көмегімен жеткізеді.

Ж 6 Мәтінді түрлі формада ұсыну

Ж 6.1 Сызбалар, суреттер, белгілермен толықтырып үлгі бойынша жай сөйлемдер/мәтін құрастырады және жазады/тереді

Ж 7 Графикалық дағдыларды қалыптастыру

Ж 7.1 Сөз/сөйлем сызбасын салады; сызбаға сәйкес сөзді табады, берілген сызба бойынша сөйлем құрастырады


Ж 7.2 Әріп элементтерін, бас әріптер мен кіші әріптерді және олардың бір-бірімен байланысын каллиграфиялық талапқа сай жазады

Ж 8 Түрлі жанрда шығармашылық мәтін жазу

Ж 8.1 Мұғалімнің көмегімен әр түрлі жанр бойынша (хат, құттықтау хат, хабарлама, нұсқаулық) қарапайым мәтін құрап жазады

Ж 9 Мәтінді түзету және редакциялау

Ж 9.1 Сөз, сөйлемдерді үлгіге қарап немесе мұғалім көмегімен тексереді және редакциялайды


Ж 10 Орфографиялық нормаларды сақтау

Ж 10.1 Әріп пен дыбысты ажырата біледі, дыбыстардың дыбысталу ерекшелігін ескере отырып, сөздерді дұрыс жазады/көшіреді, мұғалім көмегімен сөздерді дұрыс тасымалдайды

Ж10.2 Айтылуы мен жазылуында айырмашылық жоқ сөздерді есту арқылы жазады

Ж 10.3 Бас әріппен жазылатын сөздерді (адамдардың есімдерін, жер-су аттарын , үй жануарларына берілген атауларды), дұрыс жаза біледі

Ж 11 Грамматикалық нормаларды сақтау


Ж 11.1 Заттың атын, санын, сынын, қимылын білдіретін сөздерді ажырата алады

Ж 11.2 Тәуелдік және жіктік жалғауларының қарапайым формаларын қолдана алады (терминсіз)

Ж 12 Пунктуациялық нормаларды сақтау

Ж 12.1 Сөйлемді бас әріппен бастап жазады, сөйлем соңына тыныс белгілерін (нүкте, сұрақ белгісі, леп белгісі) қояды



Каталог: sites -> default -> files
files -> «Наркологиялық ұйымнан анықтама беру» мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарты Жалпы ережелер «Наркологиялық ұйымнан анықтама беру»
files -> ТӘуелсіздік жылдарынан кейінгі сыр өҢірі мерзімді басылымдар: бағыт-бағдары мен бет-бейнесі
files -> Ф 06-32 Қазақстан республикасының білім және ғылым министрлігі
files -> Т. Н. Кемайкина психологические аспекты социальной адаптации детей-сирот и детей, оставшихся без попечения родителей методическое пособие
files -> Техническая характеристика ао «нак «Казатомпром»
files -> Үкіметтің 2013 жылға арналған Заң жобалау жұмыстары Жоспарының орындалуы бойынша ақпарат
files -> Ақтөбе облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқарма басшысының


Достарыңызбен бөлісу:


©netref.ru 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет