Семинар: 248 сағат обтөЖ: 124 сағат ТӨЖ: 40 сағат Барлығы: 412 сағат І аб-30 балл ІІ аб-30 балл Емтихан-40 балл



бет15/19
Дата25.04.2016
өлшемі3.37 Mb.
түріСеминар
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   19

Бақылау сұрақтары:

1.Африка табиғатын зерттеп білуде көп еңбек сіңірген зерттеуші – географтарды атаңдар.

2. XIX ғасырдың екінші жартысында зерттеу жұмыстарын атаңдар.
95- сабақ

Тақырыбы: Африканың жер бедері мен пайдалы қазбалары

Жоспар:

1.Геологиялық құрлысы

2.Пайдалы қазбалары

Сабақтың мақсаты: Африканың жер бедері мен пайдалы қазбаларын қарастыру

Теориялық мәлімет:

1.Африканың жер бедері салыстырмалы түрде біркелкі. Материктің көпшілік белігін гондваналық ежелгі платформа алып жатыр. Платформаның экватордан солтүстік – батысқа қарай орналасқан бөлігі аласа, оңтүстік – шығысы көтеріңкі болып келеді. Сондықтан материкте абсолюттік биіктігі 200 – ден 1000 м – ге дейін жететін жазықтар, қыраттар, үстірттер мен таулы үстірттер басым болады.

Африка платформасының түрлі бөліктерінде үзақ уақыт бойы бірде баяу көтерілу, бірде төмен түсу қозғалыстары болып отырған. Соның нәтижесінде платформаның негізін кұрайтын ежелгі кристалды жыныстар көтеріліп, жақпарлы – қатпарлы қалдың таулар мен Аир, Дарфур тәрізді үстірттер қалыптасты. Олардың кейбіреуі жақпарлы, ірі тік жарлы Сахарадағы Ахаттар және Тибести сияқты таулы қыраттарға айналған. Платформаның майысып, төмен түскен бөліктерін ұзақ уақыт бойы теңіз басып жатқан. Сондықтан мұндай ойыстарда теңіздік және континентгік шегінділер жиналып, беті тегіс ірі қазаншұңқырларды қалыптастырған. Материктін, шығысындағы ірі Мадагаскар аралы Африка платформасының ертеректе ажыраған бөлігі болып табылады. Ойпаттар өте аз, олар материктің жағалық бөліктеріне сәйкес келеді. Кайнозой эрасында Африка – Арабия біртұтас литосфералық тақтасының Еуразия тақтасымен соқтығысуы нәтижесінде Арабия Африкадан бөлініп, қазіргі Кызыл теңіздің табаны ашылған. Қызыл теңізден басталған тереңтекто – никалық жарықтар жүйесі Ұлы Шығыс Африка жарықтары деп аталады. Ол Африканың шығысын бойлай Замбези өзенінің сағасына дейін 6500 км – ге созылған. Жердің ішкі қойнауынан осы жарықтар бойымен көтерілген жанартаулық жыныстардың жиналуынан Африканың шығыс бөлігі биіктеп, таулы қыраттар жүйесі тузілді. Олардың арасында оқшау орналасқан, әлі әрекетін тоқтатпаған биік жанартаулар кездеседі. Олардың ең ірісі – Африканың ең биік нүктесі болып табылатын Килиманджаро жанартауы. Жер қортысындағы жарықтарда орналаскан көл қазаншұңқырлары Африканың ең терең, ірі көлдерінің жүйесін құрайды. Ал ертеректе жанартау атқылауы – ның ірі орталығы болған Айдаһар (Дракон) таулары Үнді мұхиты жағалауына қарай сатыланып биіктейді. Жер щлртысындағы осы қозғалыстар Африка платформасының тұтастай көтерілуіне әкеп соқты. Ал ежелгі платформаның шығысы мен оңтүстік – шығысында жер бедері күрделеніп, қазіргі жанартаулық ауданға айналған. Таулы жер бедері платформа шеттеріндегі әр түрлі жастағы қатпарлы құрылымдарға тән. Африканың оңтүстігіндегі палеозой эрасында көтерілген Қап таулары кейіннен үгілу нәтижесінде аласарып, бірнеше үстірттерге жіктелген. Ал материктің солтүстік – батысында орналасқан Атлас таулары Африкадағы бірден – бір жас, қатпарлы таулы аймақ болып табылады. Ол – Еуразиядағы Альпі, Гималай тауларымен бір мезгілде көтерілген тау жүйесі.



2.Материк пайдалы қазбаларға өте бай. Пайдалы қазбалар көпшілігінің қоры жөнінен дүние жүзіндегі ең ірі кен орындарының қатарына жатады. Олардың пайда болуы және орналасуы жер қыртысының құрылысы мен даму тарихына байланысты. Магмалық жыныстардың кең таралған аудандарында қара және түсті металдар (мыс, мырыш, қалайы), уран, алтын, алмастың ірі кен орындары бар. Кобальт пен мыстың ірі қоры Замбия мен Заир жерінде, платина, алтын мен алмастың аса ірі қоры Оңтүстік Африкада, уран Нигер мен Намибия жерінде шоғырланған. Шөгінді жыныстар қалыңжиналған бөліктерде тас көмір, мұнай, табиги газ, әр түрлі тұздар және шөгінді жолмен қалыптасатын темір, фосфорит, боксит, марганецтің ірі кен орындары таралған. Жерорта теңізі жағалауы мен Гвинея шығанағы мұнайға бай. Мұнай экспорттаудан Алжир мен Ливия ОПЕК ұйымына кіреді. Фосфориттің дүние жүзіндегі аса ірі кен орындары Атлас тауларында шоғырланған. Оңтүстік Африкада көмірдің мол қоры бар.

Африканың қазба байлықтарын АҚШ пен Еуропаның дамыған елдері ұзақ уақыт бойы өз қажеттеріне аяусыз пайдаланды.

Африка елдері азаттық алғаннан бері шет елдердід ықпалы уақыт өте азайып келеді.

Бақылау сұрақтары:

1.Африка материгінің қандай бөлігі платформалық құрылымға жатпайды және оларға қандай жер бедері сәйкес келеді?

2. Африка платформасы алып жатқан бөліктерге қандай жер бедері тән?

3.Африка жер бедерінің қандай өзіндік ерекшеліктері бар?

4. Материктің жер бедерінде таулы үстірттер неге басым, олар қандай тектоникалық құрылымдарға сәйкес келеді?

5. Африкада қандай пайдалы қазбалар бар?

96- сабақ

Тақырыбы: Африканың климаты

Жоспар:

1.Климат қалыптастырушы факторлар

2.Климаттық белдеулер

3.Экваторлық белдеу

4.Субэкваторлық белдеулер

5.Тропиктік белдеулер

6.Субтропиктік белдеулер

Сабақтың мақсаты: Африканың климаты және климаттық белдеулерін қарастыру

Теориялық мәлімет:

1.Африка – ең ыстық материк, оны дәл ортасы арқылы экватор сызығы кесіп өтетіндіктен, Африкаға күн сәулесі үлкен бұрыш жасай түседі. Әсіресе екі тропик үстінде орналаскан кез келген нүктеде жаз кезінде Күн сәулесі дәл төбеден тік түседі. Сондықтан материктің көпшілік бөлігінде жылдық орташа температура +20°С – тан төмен болмайды. Жаз айларында солтүстік тропик кесіп өтетін Сахара үстінде ауаның орташа температурасы +35°С, +40°С – қа дейін көтеріледі. Ең салқын деп есептелетін қиыр оңтүстік жағалық жазықтардың өзінде ауаның орташа температурасы +8°С – тан төмен түспейді. Африка экватордың екі жағында орналасқандықтан, екі жарты шарда маусымдық айырмашылық байқалады. Ең алдымен бұл айырмашылық әр жарты шардағы ылғалдың түсу мезгілі мен мөлшерінен көрінеді.

Мысалы, шілде, тамыз айларында солтүстік жарты шардың субэкваторлық белдеуінде ыстық, жаңбырлы, қапырық ауа райы орнықса, оңтүстік жарты шардың субэкваторлық белдеуінде ыстық, құрғақ ауа райы қалыптасады.

Африка жерінің көп бөлігі экваторлық және тропиктік ауа массаларының ықпалында болады, тек материктің қиыр оңтүстік және солтүстік жағалық бөліктеріне салқын кезде батыс желдері алып келетін қоңыржай ауа массалары әсер етеді. Екі жарты шардың пассаттары бір – бірімен түйісетін экваторлық бөлікте жауын – шашын көп жауады. Ол осы бөліктегі өрлеген ауа қозғалысынын, әсеріне байланысты. Ал Арабия түбегінен соғатын солтүстік – шығыс пассат желдері Қызыл теңіз үстінде ылғалға қаныға алмайтындықтан, Африкаға құрғақ тропиктік ауаны алып келеді. Сахара үстімен жылжыған сайын бұл ауа қызып, одан әрі құрғай түседі. Сондықтан солтүстік пассат желдерінің жолында жатқан аудандарға жауын – шашын аз түседі.

Африканың оңтүстігіндегі Үнді мұхитынан соғатын оңтүстік – шығыс пассаттар жылы ағыстар үстінде ылғалға қанығып, Мадагаскар мен Айдаһар тауларының шығыс беткейлеріне мол жауын – шашын әкеледі. Ал Гвинея шығанағынан соғатын пассат желдері материктің батыс жағалық бөлігіне ылғалды, экваторлық ауа ағынын әкеледі. Әсіресе жағалаудағы таулардың батыс беткейлерін – де жауын – шашын мол түседі.

Мысалы, Дебунджа қаласында жылдық жауын – шашын мөлшері 10470 мм – ге жетеді. Африканың климаттық жағдайлары жер бедеріне де тәуелді болады. Жер бедері биіктеген сайын, температура мен қысымның, жауын – шашынның мөлшері өзгереді. Сондықтан экваторға жақын жатқан биік тау шыңдарында мәңгі қар жатады, Атлас тауларының биік бөліктеріне де қар түседі. Ылғалды ауа массаларының жолында жатқан тау беткейлерінде жазық жерлермен салыстырғанда жауын – шашын біршама мол түседі.



2.Климаттық белдеулері: экваторлық, субэкваторлық (солтүстік жарты шар, оңтүстік жарты шар), тропиктік, субтропиктік.

3.Экваторлық белдеу Конго (Заир) өзені алабының экватор бойындағы бөлігін және Гвинея шығанағы жағалауын алып жатыр. Аумағы онша үлкен емес. Бұл белдеуге бүкіл жыл бойы ылғалды экваторлықауа массалары әсер етеді. Ауа температурасы (+24°С) жыл бойы тұрақты, жауын – шашын жыл бойы біркелкі, әрі 3000 мм – ден жоғары түсетін мұндай климатты ылғалды экваторлық климат деп атайды.

4.Субэкваторлық белдеулер экваторлық белдеуден екі жарты шардың шамамен 20° ендіктеріне дейінгі аралықты қамтиды. Субэкваторлық климаттың экватор климаты – нан басты айырмашылығы жауын – шашын мөлшерінің аздау болуынан және оның жыл мезгілдеріне қарай түсуінен байқалады. Сондықтан бұл белдеуде жыл мезгілдері ылғалды және құрғақ кезеңдерге айқын ажыратылады. Жыл бойы жоғары болатын ауа температурасы әрбір жарты шарда жыл мезгілдеріне байланысты аздап өзгереді. Осындай климатты ауыспалы ылғалды климат деп атайды.

5.Тропштік белдеулер материктің екі тропиктік шеңбер үстіндегі бөлігін қамтиды. Солтүстік тропиктік климаттық белдеу батыстан шығысқа қарай өте енді және аса зор Еуразия материгімен көршілес орналасқан. Бұл белдеуге осында қалыптасқан тропиктік континенттік ауа массалары мен Еуразия үстінен құрғақ, ыстық ауа әкелетін пассаттар әсер етеді. Сондықтан белдеуде жер шарындағы ең ыстық, ең құрғақ, ең үлкен Сахара шөлі орналасқан. Мұнда күндіз ауаның орташа температурасы +40°С және одан дажоғары көтеріледі. Құмның бегі +70°С – қа дейін қызады, түнде керісінше ауа мен жер беті тез суынады. Сахараның ауасы құрғақ, ыстық әрі шанды болады.

Жазда жиі – жиі самум желдері (құмды дауылдар) соғады, аспан ылғи шандатып тұрады. Қызған ауаның қозғалыстары нәтижесінде көкжиекте пайда болатын сағымдар шөлдегі жолаушылардың көзін алдайды. Ауаның салыстырмалы ылғалдылығы өте төмен болғандықтан, Сахарада жаңбыр – өте сирек болатын құбылыс. Кейде бірнеше жылға созылған құрғақшылықтан кейін күтпеген жерден нөсер жаңбырлар жауады.

Су өткізбейтін жыныстар жауып жатқан шөлдерде әпсәтте айнала суға толып, сел жүреді. Жауын – шашынның жылдық мөлшері 100 мм – ден де төмен. Климаттың мұндай сипатын тропиктік континтттік шөл климаты деп атайды. Оңтүстік тропиктік климаттық белдеу Атлант мұхиты жағалауында экватор сызығы үстінен басталып, Үнді мұхиты жағалауында 20° о.е. бойымен Мадагаскар аралын кесіп өтеді. Батыста белдеу шекарасының солтүстікке қарай ығысуы Венгел суық ағысының ықпалына байланысты болады. Сондықтан бұл жағалауда экватор бойына дейін Намиб жағалық шөлі орналасқан. Намиб шөлінен шығысқа қарай Калахари шөлі жатыр. Калахаридің климаттық жағдайлары Сахарамен салыстырғанда біршама қолайлы болып келеді. Жауын – шашынның жылдық мөлшері батыстан шығысқа қарай артады. Үнді мұхитынан келетін теңіздік тропиктік ауа массаларының ықпалында болатын белдеудің шығыс бөлігіне тропиктік ылғалды климат тән болады.

6.Субтропиктік белдеулер материктің солтүстік және оңтүстік шеткі бөліктерін қамтиды. Өтпелі белдеу болғандықтан, мұнда жазда тропиктік, қыста қоңыржай ауа массалары әсер етеді. Солтүстік субтропиктік белдеу Жерорта теңізінің жағалауын алып жатыр. Температураның жыл мезгілдеріне қарай ауытқуы айқын байкалады. Жазы ыстық (+28°С), құрғақ, қысы біршама жылы (+10°С), ылғалды болады. Қысқы жауын – шашынды Атлант мұхитынан батыс тасымал арқылы келетін қоңыржай теңіздік ауа массалары әкеледі. Мұндай климатты жерорта теңіздік климат деп атайды. Нағыз жерорта теңіздік климат Атлас тауларының батыс беткейлерінде ғана байқалады, ал шығысқа қарай Сахара шөлінің ықпалы күшейеді. Оңтүстік субтропиктік белдеудің батысына да жерорта теңіздік климат тән. Бірақ нағыз жерорта теңіздік климатпен салыстырғанда, жаздағы ауа температурасы біршама төмен (+20°С), ал қысы жылы (+14°С), ылғалды болады. Белдеудің оңтүстік – шығысында жауын – шашын жыл бойы жауады, Үнді мұхитынан соғатын муссондар әсерінен ылғалдың басым бөлігі жазда түседі. Мұндай климат субтропиктік ылғалды климат деп аталады.

Африка материгінің климаттық жағдайлары адам өмірі мен шаруашылық әрекетіне түрліше әсер етеді. Климаты қатал деп есептелетін Сахара жері медициналық тұрғыдан алғанда Африканың ең «таза» ауданы болып табылады. Оның себебі шөлдегі жоғары температура мен құрғақ ауа жағдайында жұқпалы ауруларды қоздыратын микробтар мүлде кездеспейді. Ал керісінше ылғалы мол аудандарда көптеген қауіпті ауруларды жұқтыратын жәндіктер кең таралған. Бұл адам денсаулығына ғана емес, мал шаруашылығын дамытуға да нұқсан келтіреді.

Африкада жыл бойы температураның жоғары болуы кофе, какао, құрма және майлы пальма сияқты бағалы тропиктік және цитрустар, шай, мақта тәрізді субтропиктік дақылдарды өсіруге мүмкіндік береді.

Бақылау сұрақтары:

1.Африка материгіне қандай климаттық белдеулер тән?

2.Солтүстік және оңтүстік жарты шардағы бірдей климаттық белдеулердің айырмашылықтарын анықтаңдар.

3.Африка материгінің климаттық жағдайлары адам өмірі мен шаруашылық әрекетіне әсер етуі?

97- сабақ

Тақырыбы: Африканың ішкі сулары

Жоспар:

1.Өзендері.

2.Көлдері.

3.Жер асты сулары



Сабақтың мақсаты: Африканың ішкі суларын қарастыру

Теориялық мәлімет:

1.Африкадағы өзендер жүйесінің неғұрлым жиі таралған жері-экватор маңы мен материктің оңтүстіктің-шығыс бөлігі. Шөлді аймақтарда өзендер өте аз. Керісінше кеуіп қалған арналар-уәдтер көп кездеседі. Олар сирек жауатын жаңбырлар кезінде ғана суға толады. Жер бедерінің шығысқа қарай көтеріңкі болуына байланысты өзендердің басым көпшілігі Атлант мұхитына құяды. Материк ауданының 1/3-і ішкі тұйық алапқа жатады. Африканың шығыс бөлігіндегі өзендер Үнді мұхиты алабында жатады

Жер бедерінің көтерінкі болуына және кристалды жыныстардың кең таралуына байланысты Африка өзендерінде шоңғалдар мен сарқырамалар көп кездеседі. Сондықтан өзен суларының гидроэнергетикалық қоры мол. Өзендердің барлығы дерлік жаңбыр сумен қоректенеді. Сондықтан экваторлық белдеу арқылы ағып өтетін өзендердің суы жыл бойы мол болады,ал басқа белдеулерде ылғалдың мөлшері мен түсу мерзіміне байланысты өзен деңгейлері ауытқып отырады.

Материктегі ірі өзен жүйелеріне Ніл,Конго,(Заир), Нигер, Замбези өзендері жатады.



Ніл – Жер шарындағы ең ұзын өзен. Шығыс Африка таулы үстіртінен басталатын Кагера өзені Нілдің бастауы болып табылады. Ніл өзені Виктория және тағы басқа көлдер арқылы ағып өтеді. Осы аралықта өзендер көптеген шоңғалдар мен сарқырамалар жүйесі бар. Бірнеше салаларды қосып алып, суы молайған өзен жазыққа шыққан соң Ақ Ніл деп аталады. Хартум қаласы маңында Эфиопия таулы қыратынан ағып шыққан Көк Ніл өзенімен қосылып, Ніл деген жалпы атқа ие болды. Ніл орта ағысында кристалды жыныстар жауып жатқан үстірттер арқылы ағып, шоңғалды болып келеді. Асуан бөгеті салынғаннан кейін өзен кеме қатынасына жарамды өзенге айналды. Төменгі ағысында Ніл баяулап, Жерорта теңізіне үлкен атырау жасап құяды. Бұл атырау жылдан-жылға өзен тасып әкелген жыныстар есебінен ұлғаяды.

Ұзақ уақыт бойы Ніл өзені Сахара тұрғындары мен еуропалықтар үшін ғажайып жұмбақ болып келген. Олар Сахара арқылы ағып өтетін ұлы өзеннен қаншама су буланып, құмға сіңіп кетіп жатса да, өзен алабында жаңбыр сирек жауса да, суының сарқылмайтынына, керісінше, жаздың аяғындағы аптап ыстықта Нілдің арнасынан асып таситындығына таңғалған. Ніл өзені жаңбыр көп жауатын экваторлық белдеуден басталды және ұзын болуына байланысты өн бойында әр түрлі климаттық белдеулерді кесіп өтеді. Оның денгейін көл сулары да толықтырып отырады. Ніл өзенінің деңгейің сақтауда Эфиопия таулы қыратынан басталатын Көк Ніл жетекші орын алады. Бұл өзеннің жазда материктің шығысынан алып келетін мол суы Нілдің атырауына жаздың аяғы мен күздің басында жетеді. Сондықтан Ніл өзені Жерорта теңізі жағалауы өте ыстық, құрғақ болып тұрған кезде тасиді. Қыс пен көктем айларында өзендегі су деңгейі күрт төмендейді (неліктен?).

Ніл өзенінің бойы алғашқы мемлекеттер қалыптасқан өркениет бесігі болып табылады. Ніл бойындағы құнарлы жерлер егіншілік ежелден дамыған аудан болғандықтан халық тығыз орналасқан. Оның алабында егіс даласын суару үшін салынған қондырғылар мыңдаған жылдар бойы пайдаланып келеді.

Конго (Заир) – Африканың ең мол сулы өзені, су жинау алабы мен суының молдығы жағынан дүние жүзінде Амазонкадан кейін екінші орын алады. Конго экваторды екі рет кесіп өтеді, сондықтан суы жыл бойы мол болады. Өзен жоғарғы ағысында сатылы таулы үстірттер арқылы ағып өтетіндіктен көптеген шоңғалдар мен сарқырамалар түзеді. Конго қазаншұңқыры арқылы ағып өткенде өзеннің арнасы кеңейіп, ағысы баяулайды. Төменгі ағысында өзен тағы да кристалды жыныстар арқылы ағып өтіп, сарқырамалар жүйесін қалыптастырады. Атлант мұхитына құяр жерде өзеннің лайлы сулары мұхиттағы беткі ағыстар арқылы бірден ағызылып әентіледі, сондықтан Конго атырар түзбейді.

Африка өзендерінің көпшілігі шоңғалды-сарқырамалы болатындықтан гидроэнергетикалық қорларға өте бай. Климаты құрғақ аудандардан ағып өтетін өзендердің сулары егістіктерді суаруға кеңінен пайдаланады. Осы мақсатта Нілдің бойында көптеген бөгендер салынған. Ірі өзендерде кеме қатынасы жолға қойылған. Жергілікті тұрғындар өзендерден балық аулаумен айналысады.

2. Африканың ірі көлдерінің барлығы дерлік Ұлы Шығыс Африка жарықтарының бойында орналасқан. Сондықтан пішіндері көбінесе созылыңқы болып келеді. Көлдер өте терең, жан-жағын тік беткейлі, биіктаулар қоршай орналасады. Көлдердің ең тереңі Танганьиканың(тереңдігі қандай?) ені 50-80 км, ал ұзындығы 650 км-ге жетеді. Африканың ең үлкен көлі- Виктория платформаның аздап төмен түсіп, майысқан жерінде орналасқан. Сондықтан бұл көл онша терең емес (ең терең жері 80 м),жағалары жатық және өте күшті тілімденген. Виктория көлінің географиялық орнының ерекшелігіне байланысты көл бетінде күшті толқындар туғызатын қатты дауылдар болып тұрады. Эфиопия таулы қыратында лава тасқындарының өзен аңғарын бөгеуіне пайда болған Тана көлі бар, одан Көк Ніл ағып шығады.

Солтүстік Африкада ежелгі су айдындарының орнында сақталып қалған Чад көлі орналасқан. Оның суы таяз, Тереңдігі 4-7 м ғана, ағынсыз көл болғандықтан суы тұзды. Субэкваторлық белдеудегі орнына байланысты көл аумағы жыл ішінде өзгеріп отырады. Жаңбырлы кезеңде көл ауданы екі есеге дейін ұлғаяды. Ал құрғақ кезеңде көл суы тартылып, батпақтанады, көл жағалауы тұз қабыршықтарымен жабылады.

Африка көлдерінің шаруашылығы маңызы зор. Шығыстағы ірі көлдер кеме қатынасына пайдалынылады. Көлдер балықтарға өте бай. Солтүстік жарты шардан жылы жаққа ұшатын құстардың басым көпшілігі осы көлдерде қыстап шығады. Шығыс Африкадағы табиғаты көркем көл жағалауларына дүниенің түкпір-түкпірінен келетін туристер саны жыл сайын артуда.



3.Өзендер сирек таралған құрғақ аудандарда жер асты суларының мол қоры жинақталған. Әсіресе Сахара, Судан, Калахариде (картадан табыңдар) жер асты тұщы суының мол қоры анықталған. Тұщы су деңгейі Жер бетіне жақын жатқан шөлді аймақтарда құрма пальмалары өсетін шұраттар көп таралған.

Бақылау срақтары:

1. Африка өзендері қандай алаптарға жатады?

2. Неге Африка жерінде ішкі тұйық алап көп бөлікті қамтиды?

3. Материктегі өзен торларының таралуына жер бедері қалай әсер етеді, ол неден көрінеді?

4. Көлдер неге Африканың шығысында шоғырланған?

5. Картада Чад көлінің жағалауы неге үзік сызықтармен көрсетілген?


98-99- сабақ

Тақырыбы: Африканың табиға зоналары

Жоспар:

1.Ылғалды экваторлық ормандар

2.Саванналар мен сирек ормандар

3.Тропиктік шөлдер

4.Субтропиктік қатты жапырақты ормандар мен бұталар

Сабақтың мақсаты: Африканың табиға зоналарын қарастыру

Теориялық мәлімет:

1.Африканың табиғат зоналары экватордан солтүстікке және оңтүстікке қарай ендік бағытта ауысатын ылғалды экваторлық ормандар мен ауыспалы ылғалды ормандардан, саванналар мен сирек ормандардан, тропиктік шөл зонасымен субтропиктік жерортатеңіздік ормандардан тұрады.



Ылғалды экваторлық ормандар.Конгоқазаншұңқыры мен Гвинея шығанағы жағалауын алып жатыр. Бұл орман зонасы табиғат жағдайлары жөнінен Оңтүстік Америкадағы Амазония ормандарына ұқсайды. Биік ағаштар орманның ең жоғарғы қабатын құрайды. Мұнда биіктігі 80 м-ге жететін алып фикустар, сейба ағашы, майлы палма мен шарап пальмасы – рафия, эбен және қауын ағашы өседі. Орманның банан, ағашы тәрізді папоротник, либериялық кофе ағашы, лианалардан тұратын төменгі қабаты адам өте алмайтын қалың ну (джунгли) құрайды. Жануарлар дүниесі бай, Амазония ормандарынан басты айырмашылығы мұнда жануарлар орманның қабатында да кездеседі. Ормандарда шашақ құлақ шошқа, ергежейлі бегемот, жираф тұқымдас окапи, ергежейлі антилопа, иаймылдардан мартышқа, шимпанзе, мандрил, павиан, адам тәріздес ең ірі горилла маймылы, жыртқыштардан қабылан, қауырсындары түрлі түсті, денелері ірі құстар мекендейді. Орманның барлық бөліктерінде топтанған жәндіктер көп, олардың кейбіреулері зиянды. Мысалы, термиттер жолындағы үйлер мен көпірлерді бұзып, зор шығын келтіреді. Ал цеце шыбыны адамдар мен жануарларға ұйқы ауруын жұқтырады.

Жергілікті халық гевея, ананас, кофе, какао, майлы пальма, арахис өсіреді. Бағалы ағаштарды кесу, олардың орнын плантациялармен алмастыру ормандардың ауданының кішіреюіне, топырақтың тозуына алып келеді. Бұл өзгерістер өз кезегінде жануарлар мен өсімдіктердің түр құрамының кедейленуіне себепші болуда. Ылғалды экваторлық ормандар жауын-шашынның азаюына юайланысты біртіндеп ауыспалы ылғалды ормандарға, одан кейін саванналар мен сирек ормандарға ауысады («Табиғат зоналары» картасын қарандар).



Саванналар мен сирек ормандар Африка жерінің 40%-на жуығын алып жатыр. Ешбір материкте саванналар мұндай үлкен аудандарды алып жатқан жоқ. Африка саванналары жалып көрінісі, тіршілік дүниесінің құрамы мен құрылымы жағынан да басқа материктердегі саванналарға ұқсамайды. Мұнда тығыз өскен биік шөптесін өсімдіктер арасында сирек ағаштар кездеседі. Саваннада топырақ-өсімдік жамылғысының таралуы жаңбырлы кезеңін ұзақтығы мен мөлшеріне тікелей байланысты. Жаңбырлы кезеңде саванна түрленіп, қызу тіршілік ортасына айналады. Ал құрғақ кезең басталысымен-ақ өсімдіктер тез арада қурап, ағаштар жапырағын түсіреді. Бұл мезгілде саванна сүреңсіз сарғыш түске енеді.

Ылғалды кезең 8-9 айға созылып, жауын-шашын мол түсетін жерлерде қызыл ферралитті топырақтарда паркті саванналар таралған. Мұнда биіктігі 3 м-ге жететін піл шөбінің арасында алып баобабтар, дум пальмасы мен майлы пальма өседі. Ал Мадагаскар аралындағы саванналарда пальманың желпуіш тәрізді ерекше түрі – саяхатшылар ағашы кең таралған. Жаңбырлы кезең 6 айға дейін созылатын жерлердегі қызыл-қоңыр топырақ жамылғысында онша биік емес шөптерден тұратын нағыз саванналар тараған. Шөптердің арасында қолшатыр тәрізді акациялар өседі. Шөлейт зонасына жақындаған сайын жаңбыр өте аз, әрі 2-3 ай ғана түсетін жерлерге құрғақ саванналар тән. Мұнда сирек өскен қатты шөптесін өсімдіктердің арасында құрғақшылыққа төзімді қатты тікенекті бұталар мен ағаш тәрізді сүттікендер кездеседі. Сомали түбегенде жиі қайталанатын құрғақшылық нәтижесінде ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігі төмендеп, адамдардың күн-көрісі нашарлайды. Аштықтың алдын алу үшін дүние жүзі елдері бұл аймақтың тұрғындарына жыл сайын қайырымдылық көмек береді.

Саванналарда шөптесін өсімдіктер басым болғандықтан ірі тұяқты жануарлар кең таралған. Мұнда тек бөкендердің (антилопа) 40-тан аса түрі, зебра, ұзын мойын керіктер (жираф), буйволдар бар. Мадагаскарда шағын денелі маймылдардың ерекше тобын құрайтын лемурлардың 26 түрі мекендейді. Мадагаскар аралының символы болып табылады. Саванналар шөп қоректі ірі жануарлар Африка пілі, мүйізтұмсықтарымен және өзен-көл бойында тіршілік ететін бегамоттарымен де әйгілі. Бұл жануарлардың көпшілігі негізінен саваннада кең тараған жыртқыштарға қорек болады. Жыртқыштардын арыстан, гепард,қабылан, шиебөрі, қорқау қасқырлар кездеседі. Өзендерде қолтырауындар тіршілік ететі. Ніл қолтырауынының ұзындығы 5-6 м-ге жетеді. Африка саванналарында құстар өте көп. Мұнда жер бетіндегі ең ірі құс Африка түйеқұс секретарь, өте әдемі кішкентай шырын сорғыштар мекендейді. Көлдер мен өзен жағалауларында қоқиқаздар, тырна, көкқұтан, бірқазандар, Африкада ғана кездесетін марабу тіршілік етеді. Жәндіктер өте көп, әсіресе ауыл шаруашылығына үлкен зйянын тигізетін Марокко шегірткесі кең тараған.

Топырығы құнарлы болғандықтан саванна жері ауыл шаруашылығы мақсатында кеңінен пайдаланылады. Жергілікті халық мақта маниок, батат, жүгері,кешью, арахис, цитрустар, қант қамысын өседі. Адамның шаруашылық әрекеті нәтижесінде саванналардың шеткі бөліктері шөлге айналуда. Соңғы 50 жыл ішінде Сахара саваннаға қарай 650 км квадрат ілгеріленіп енді. Осы апатты құбылысты тежеу мақсатында Солтүстік Африка елдерінде қолдан ұзындығы 1500 км-лік жалпақ орман белдеуді отырғызылған. Саваннаның табиғатын сақтап, тіршілік дүниесін қорғау мақсатында ірі ұлттық парктер ұйымдастырылған. Әсіресе Шығыс Африкада орналасқан Серенгети, Киву, Вирунга, Кагера ұлттық парктері көзге түседі.

3.Саванналардан екі жаққа қарай тропиктік шөлдер орналасқан. Олар әсіресе, Солтүстік Африкада үлкен ауданды алып жатыр. Сондықтан тропиктік шөлдерді Сахараның мысалында сипаттайық.

Сахарада жылдық жауын-шашын мөлшері 100 мм-ден аз, ішкі бөліктерінде кейде бірнеше жылдар бойы жаңбыр жаумайды. Бұлт болмайтындықтан күн сәулесі жер бетін қатты қыздырады. Жазда көлеңкенің өзінде ауа температурасы +400,+500 болады, әсіресе шаң мен құмды боратып, аңызақ құрғақ самум желі соққан кезде ыстыққа төзу өте қиын. Шаң мен ыстықтан қорғану үшін жергілікті халық кең, ұзын киім киіп, бетін тұмшаланып жүреді. Ал түнге қарай күрт төмендеген температурадан адамдар қалтырап тоңады.

Сондықтан Сахара тұрғындары арасында суық тиюмен байланысты аурулар көп кездеседі. Температураның тек тәуліктік қана емес, жылдық ауытқулары да жоғары болатындықтан, шөлде физикалық үгілу күшті жүреді. Тау жыныстары күндізгі ыстық пен түнгі суық әсерінен шытынап сынып, қиыршық тасқа айналады. Сол себепті Сахарада тасты шөлдер кең тараған. Оларды жергілікті халық хамада деп атайды. Тасты шөлдерде топырақ жамылғысы жетілмегендіктен өсімдіктер сирек, тастардың бетінде қыналар кездеседі. Хамада сазды және құмды шөлдермен алмасып отырады. Сахараға шөлге төзімдіөсімдіктердің кекі тобы тән. Тамыры күшті дамыған, ылғалды өте тереңнен алатын өсімдіктер тобының жапырақтары өте ұсақ, кейде тікенекті болып келеді. Ал екінші топты көктемгі жаңбырлардан кейін тез өсіп, гүлдеп, тұқым шашып үлгеретін өсімдіктер құрайды. Олардың тұқымының сыртында бірнеше жылдар бойы созылатын құрғақшылықтан қорғайтын қабыршақ болады.

Сазды және құмды шөлдерде сұр топырақ қалыптасады. Бұл топырақтың құрамында қарашірік аз, бірақ тұздар көп. Тұздытопырақтақара жусанмен сораң өседі.

Жануарлар дүниесі де шөл климатына бейімделген. Көптеген жануарлар су іздеп алысқа бара алады, кейбіреулері ұзақ уақыт сусыз тіршілік етуге бейімделген. Көптеген жануарлар су іздеп алысқа бара алады, кейбіреулері ұзақ уақыт сусыз тіршілік етуге бейімделген.Сахарада бір өркешті жабайы түйелер(дромедар) бөкендер, қорқау, қасқырлармен шиебөрілер, фенек түлкісі, шағыл түлкісі мекендейді.

Кемірушілер улы жыландар, үлкен сұр кесіртке-варан,ұсақ улы жәндіктер көп.

Шөлді қолдан суару арқылы мақтадан, арахис, күріштен мол өнім алуға болады. Шөлдердің еңқұнарлы аудандары-шұраттар табиғи су көздерінің маңында және жер асты сулары жақын жатқан жерлерде тараған. Үлкен шұраттарда ірі қалалар, елді мекендер орналасады. Мұнда құрама палмасымен жеміс ағаштары, бау-бақша өсіріледі. Ніл жағалауындағы батпақтарда табиғи өсімдіктерден папирус пен қамыс сақталған.

Оңтүстік Африканың Атылант мұхиты жағалауында Намиб жағалық шөлі орналасқан (климаттық жағдайын еске түсіріңдер). Бұл шөлге тән вельвичия өсімдігінің қысқағ жуан діңінің биіктігі 50 см ғана, одан ұзындығы 2-3 м,кейде 8м-ге дейін жететін, қатты қабықты екі жапырақ қана тарайды. Жапырақтар ұшынан бірте-бірте қурап, сабағынан үздіксіз өсіп отырады. Вельвичия 2000 жылға дейін тіршілік етеді. Калахариде өсетін жабайы қарбыздың жергілікті халық сусын ретінде пайдаланады , ол жануарларғада қорек болады. Шығысқа және сотүстіккеқарай Оңтүстік Африка шөлдері шөлейт зонасына ауысады. Мұнда тікенекті, жастық тәрізді бұталар мен сүттіген, алоэ өседі.

4. Субтропиктік қатты жапырақты ормандар мен бұталар. Жерорта теңізі жағалауы мен Оңтүстік Африканың жағалау бөлігіне тән болады. Жерорта теңізі жағалауында тас емен мен тоз емен, зәйтун ағашы, олеандр, фисташка, мәңгі жасыл кипарис, атылас самырсыны, жабайы алмұрт пен жүзім, ал Канар аралдарында ылғалды көбірек түсуіне байланысты кап шамшаты, күміс ағаш, лавр жапырақты зәйтүн ағашы , түйнекті және тамыржемісті әдемі өсімдіктер,кап орхидеясы өседі. Субтропиктік климат бұл зонада цитрустарды өсіруге мүмкіндік береді.


Каталог: cdo -> Sillabus -> Tar
Tar -> Лекция: 3 Практикалық/семинар: 6 СӨЖ: 99 Барлық сағат саны: 135 Аралық бақылаулар саны:
Tar -> Семинар: 248 сағат обтөЖ: 124 сағат ТӨЖ: 40 сағат Барлығы: 412 сағат І аб-30 балл ІІ аб-30 балл Емтихан-40 балл
Tar -> «Физикалық географияны аудандастыру» пәні бойынша
Tar -> Лекция: 45 сағат СӨЖ: 45 сағат обсөЖ: 45 сағат Барлық сағат саны: 135 сағат Аралық бақылаулар саны: 2(60 балл)
Tar -> Лекция:: 20 Практикалық: Семинар: 6 Лабораториялық: СӨЖ: 64 Барлық сағат саны: 90
Tar -> Лекция: 30 сағат Семинар: 20 сағат СӨЖ: 130сағат Барлық сағат саны: 180 сағат Аралық бақылаулар саны: 2 (60 балл)
Tar -> «Жалпы гидрология» пәні бойынша
Tar -> Лекция: 20 Практикалық: Семинар: 6 Лабораториялық: СӨЖ: 64
Tar -> Лекция: 30 сағат СӨЖ: 30 сағат обсөЖ: 30 сағат Барлық сағат саны: 90 сағат
Tar -> Лекция: 15 Семинар: 15 СӨЖ: 30 обсөЖ: 30 Барлық сағат саны: 90 Емтихан: 1 Ағымдағы бақылау саны: кредит бойынша: 2


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   19


©netref.ru 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет