Сериккалиева а. Е



жүктеу 281.97 Kb.
Дата02.05.2016
өлшемі281.97 Kb.
: edu.history -> media -> upload -> 2209 -> 2015
2015 -> Қазақтар және османдық ТҮріктер: Өзара байланыстары тарихынан
2209 -> Талдыбаев ж. ҚАзақ халқЫ: КӨші-қон тарихының демографиясы
upload -> Казахское ханство в системе международных отношений евразии
upload -> «Қозы көрпеш – баян сұЛУ» эпосы көне дүниенің кескіндемелі қолданбалы өнерінде
upload -> КҮРЕҢбел өҢіріне этно-тарихи экспедиция
2209 -> Нидерланды корольдігі үкіметінің сыртқы саясаты
2015 -> Қартабаева Е. Т. әл-Фараби атындағы ҚазҰУ дүние жүзі тарихы, тарихнама және деректану кафедрасының профессоры, т.ғ. к. Сманова А. М
2015 -> Омарова г. А. Ш. Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының 2-курс магистранты алматы халқының демографиялық дамуы
МҰҚАМЕТХАНҰЛЫ Н.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Шығыстану факультеті қытайтану кафедрасының меңгерушісі, т.ғ.д., профессор



СЕРИККАЛИЕВА А.Е.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Шығыстану факультеті қытайтану кафедрасының аға оқытушысы, PhD доктор



НАБИЖАНҚЫЗЫ З.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Жаратылыс факультеті шеттілдер кафедрасының аға оқытушысы, шетел тілі филологиясы магистрі


ҚАЗАҚТЫҢ ҰЛТТЫҚ МӘДЕНИЕТІ ЖӘНЕ ОНЫҢ ТРАНСФОРМАЦИЯСЫ МЕН БІРТҰТАСТАНУЫ
Мақалада қазақтың ұлттық мәдениетінің қалыптасуы және оның дамуы барысында қазақтың жеті атадан аспай некеленбеу институтының, қазақ тілінде диалектінің болмауына, тұрмыстық әдет-ғұрыптарда айырмашықтардың сақталмауына, ұлттық бірліктің сақталып, жүздер мен рулар арасында жойқын әскери соғыстың болдырмауына, ауыз әдебиетінің ел ішіне кең тарауына белсенді рөл атқарғаны салыстырмалы түрде талданады. Сондай-ақ, қазақтардың Ресей мен Қытай құрамына кіргеннен кейінгі екі ел қазақтарының өзара байланыстары, мәдени ықпалдары, олардың орыстық және қытайлық мәдени ортаның ықпалына ұшырап, мәдени бөгделенуі – трансформациялануы; Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін әлемдегі этникалық қазақтардың тарихи отанына оралуымен Қазақстанға келген дәстүрлі және заманауи мәдениеттердің отандық әлеуметтік-экономика мен мәдениеттің дамуына белсенді рөл атқарғаны; оралмандармен келген мәдениеттердің қазақстандық мәдениетпен өзара тоғысуы және олардың трансформациялануы арқылы жаңа мәдениеттің қалыптасып келе жатқаны пайымдалады.

Түйін сөздер: қазақ мәдениеті, некелену салты, байланыс, ықпалдастық, трансформация, мәдени үдеріс.
Қазақ – Еуразия сахарасында өмір сүрген байырғы көптеген ру-тайпалардың ұзақ тарихи даму барысында біртіндеп біртұтастанып, ХV ғасырда дербес ұлт болып қалыптасқан ұлт. Ұлттық сана мен психология Қазақ хандығының немесе Қазақ мемлекетінің құрылуына негіз болған басты фактор. Қазақ ұлты өздеріне тән этномәдениет негізінде қалыптасқандықтан оны «мәдениеттік ұлт», әсте, «мүдделі топтардың жиынтығы» емес деп санаймыз. Өйткені, Қазақ хандығы көшпелі мал шаруашылығы экономикасы негізінде 1465 жылы құрылды, ол кездегі қазақта жалпы елді ортақ бір мүддеге ұйыстыратын күшті экономикалық құрылым мен негізгі тетігі болған жоқ, бірақ оларда ортақ саяси мүдде мен этномәдени бірлік мықты болды. Міне, осы негізде Қазақ хандығы өмірге келді және дамыды. Американдық ғалым Данке Воигхт. А. Ростов: «Іс жүзінде субъективті факторлар әдетте (ұлт) анықтамасының шынайы негізі болады, ал «Объективті шарт-жағдай» әдеттегі түсініктерден әлдеқайда көп болады» [1], – деген екен. Объектившілік жақтаушылары ұлттарды анықтауда қандастық және географиялық қағидаларға сүйеніп, ұлттың қалыптасуы тарих дамуының табиғи (натуралды) туындысы деп есептейді. Бұрынғы кеңестік ғалым Р.Ф. Итс: «Ұлт деген ортақ биологиялық генезден шыққан адамдар тобы» [2], – деп түсіндіреді. Ал Сталиннің ұлт жөніндегі анықтамасы көпке мәлім. Қытай ғалымы Ван Ичжоу ұлт жөніндегі әртүрлі анықтамаларды қорытып: «Ұлт деген ерекше бір аумақта, мәдени және тілдік ортада пайда болады, ол үнемі қандастық, патриархалдық қатынастар арқылы ғана топтасып, белгілі ортақ тұлғаға (共同体) айналады. Ол өзінің дамып тереңдеуі барысында формациялық өзерістерге ұшырауы немесе (негізгі) буынан ажырап қалуы мүмкін, бірақ олардағы тарихта жетілген ұлттық сүйіспеншіліктерін үзіп тастау мүмкін емес. Соңғысы сонау баста-ақ ұлттың өмір сүруі мен ұлттық ынтымақтастықтың белгісі мен тірегіне айналған [3], – деп пайымдайды. Бұл пайым қазақ сияқты ұлттардың тарихи болмысына жауап бере алады.

Қазақтың ұлттық мәдениет ерекшеліктері олар өмір сүрген ортақ географиялық аумақта, тарихи тіршілік формасы мен тұрмыс формасы негізінде қалыптасқан. Қазіргі заманғы этнографияда мәдениет тұрғысынан ұлттық ортақ тұлғаны анықтайтын әдістер көп қолданылады. Бұл жөнінде Антони Смистің (Antony Smith) тамаша пайымы бар. Ол: «Ұлт дегеніміз мәдениеттік және қоғамдық ұғым, ол бір мәдениеттің және саясаттың өзегі, осы өзек ортақ мифті, жадыны, белгіні және дәстүрді тұтастай алып, аса беделді ортақ тұлға жасайды» [4], – дейді. Осындай көзқарас ұсынатындар, ұлтты мәдени, психологиялық тұрғыдан қарастырады да, мемлекет деген – ол саяси бірлік пен құқықтық ұғым, ұлттың тарихы мемлекеттің тарихынан ұзақ, кеңістігі одан да кең, ішкі мазмұны тіпті де гуманизмдік болады, ұлт пен мемлекет байланысты болуы мүмкін, сондай-ақ бір ұлт бірнеше мемлекетте тұруы да ықтимал. Қайда болса да оларды бір ұлт екенін айшықтап тұратын басты ерекшеліктер: олардағы ортақ тілі, ортақ ойлау жүйесі, ділі (менталитеті), психологиясы, әдет-ғұрыптары, дүниетанымы, тарихи жадысы және құндылық талғамдары деп санайды. Осы тұрғыдан қарастыратын болсақ, айтылған ұлттық ерекшеліктер қазақ халқында Қазақ хандығы құрылғанға дейін негізінен қалыптасқан және Қазақ хандығы тұсында дамып жетілгенін байқаймыз. Мұны біз ұлттың ең негізгі ерекшеліктерін салыстыру арқылы анық байқаймыз.

Қазақ тілінде басқа ұлттар сияқты жергілікті диалекті жоқ, тұрмыстық әдет-ғұрыптары бірдей, салт-санасы ұқсас, тіпті, адамның тал бесіктен жер бесікке дейінгі ғұмырының әрбір кезеңдерінде жасалатын рәсімдері де ұқсас, сондай-ақ, олардың адам өмірден өткеннен кейінгі аза тұтуы мен ас беру салттарында да айтарлықтай айырмашылық жоқ. Осынау Алтай мен Атырауға дейінгі ұлан-ғайыр кең далада орналасып, бытыраңқы мал шаруашылығымен шұғылданған халықтың мәдениетіндегі осындай біркелкілігі басқа ұлттарда кездеспейді. Бұны көшпенді өмірмен байланысты дейін десең, моңғолдар мен қырғыздарда диалекті бар. Қазақпен этногенезі жақын оңтүстіктегі өзбектің, шығыстағы ұйғырдың тілінде де диалектісі ауыр. Сондықтан болса керек, қазақтың тіліндегі біркелкілікті оның неке мәдениетіндегі ерекшеліктермен байланыстырып түсіндіреді. Қазақтың жеті атадан аспай некеленбеу, жеті атадан асқан күннің өзінде жеті өзеннің аржағынан үйлену салты [5], қазақ тілінің біркелкілігін сақтады деп санайды. Бұл көзқарастың негізі бар. Қазақтың ана тілі аналардың балаларға – ұрпақтарға үйретуімен жалғасып келеді. Ал аналардың алыстан келуі мен алысқа баруы – іс жүзінде өзара мәдени ықпалдастықты ілгерілетіп отырған. Соның тарихи нәтижесі ұлттық тілімізде біркелкіліктің сақталуы болып табылады.

Қазақтың алыстан – жеті атадан әрі некелену салты тек қазақ ана тілінің біркелкілігін, тазалығын ғана сақтап қалған жоқ, сонымен бірге қазақ халқының ішкі байланысы мен біртұтастығын нығайтып отырды. Сондықтан қазақтар тарихта географиялық әкімшілік жақтан үш жүзге бөлінгенімен, қандастық жақтан ру-тайпаларға жіктелгенімен олардың арасында жүздік немесе рулық сипаттағы жойқын әскери соғыстар болған емес. Әрине, халық болған соң жесір дауы, жер дауынан бас жарылып, қол сынған оқиғалар болып тұрғаны жасырын емес. Бірақ моңғолдар, өзбектер, қытайлар сияқты жергілікті аймақтық саяси топтардың сан мыңдаған, тіпті жүз мыңдаған қалың қолмен өзара қырқысқан оқиғасы қазақ тарихында болған емес. Бұған да қазақтың неке салтының саяси рөл атқарып отырғанын байқау қиын емес. Жиендер әдетте нағашы атасының ауылына шабуыл жасамайды, ал нағашылары жиенін ұрса «қолы қалтырап қалатын» болған. Тарихта өткен Қытай патшалықтары көшпенді қағандықтармен қалыпты қатынас сақтаудың бір тәсілі ретінде «құдандалы саясат» қолданғаны белгілі. Бірақ оның саяси мақсаты басқа болғандықтан, одан олар ойлағындай нәтиже шықпаған-ды.

Қазақтың неке салты этнофольклорлық мәдениеттің кең таралуына да белсенді рөл атқарған. Баршаға аян, Атырауда айтылатын «Қыз Жібек пен Төлеген» дастаны Алтайда да айтылады; Оралда айтылатын «Қырымның қырық бұтағы» Тәңіртауы (Тянь-шань) бауырайында да жырланып келді. Осындай ауыз-әдебиеттің классикалық үлгілерінің халық арасына соншама кең таралуы – ұлтымыздың алыстан құдандалы болу және құда-құдашалар арасында өлең айтысу, қисса-дастандар жырлау салтының мәдениет тарату қызметін (функциясын) атқарғанын көрсетеді.

Қазақ халқындағы алыс ру-тайпалардан келін алып қыз беру салты, олардың этнотерриториясы бөлінгеннен кейін де біршама ұзақ уақыт жалғасты.

ХҮІІІ-ХІХ ғасырларда Еуразия кеңістігіндегі саяси өзгерістер қазақтың жері мен елінің бөлінуіне әкеп соқты. Сонымен патшалық Ресей мен Қытайдың Цин империясы мемлекеттік шекарасын қазақ аумағынан анықтайтын болды. Олар 1858 жылы қол қойған «Қытай-Ресей Тяньцзин келісімінің» 9-тарауы негізінде, 1862 жылы Қытайдың Шәуешек (Шугушак) қаласында мемлекеттік шекараны анықтау келіссөзін бастады. Бірақ екі тарап мемлекеттік шекараны қазақ аумағынан делимитациялау қағидасына келісе алмай ұзақ талас-тартыс жасады. Ақыры олар ортақ мәмілеге келіп, 1864 жылы 7 қазан күні Қытайдың Шәуешек каласында «Қытай-Ресей батыс-солтүстік шекараны делимитациялау келісіміне» қол қойды. Бұл он тараудан тұратын келісімнің бесінші тарауында: «Қазір шекараны ақылдасып бекіттік. Екі ел мәңгі тату болады... Осыдан кейін екі мемлекеттің осы белгіленген шекара маңы өңіріндегі малшылар сол жермен бірге сол мемлекеттің басқаруында болады» [6] – деп көрсетілді. Міне, осы келісім бойынша қазақ жерінің Қытайға тиген бөлігіндегі қазақтар отырған жерімен бірге Қытайға, ал Ресейге тән болған өңірдегі қазақтар тұрған жерімен бірге Ресейдің құрамына енді. 1864 жылғы «Қытай-Ресей батыс-солтүстік шекараны делимитациялау келісімі» іс жүзінде біртұтас қазақ халқының және оның жерінің екі мемлекетке – Қытай мен Ресейге тәуелді болғанын анықтаған алғашқы заңды құжаты болып саналады. Алайда шекара лениясы тартылған қазақ жерлерінің кейбір участоктері және сол жерде отырған қазақ тұрғындарының қайсы елге тән болатыны жөнінде екі мемлекет тағы да бірнеше келісімдер жасады. Атап айтқанда, 1881 жылғы «Қытай-ресей Санкт-Петербург Іле келісімі»; 1882 жылғы «Қытай-Ресей Іле шекара келісімі»; 1883 жылы «Қытай-Ресей Қобда-Тарбағатай шекара келісімі»; 1883 жылғы «Қытай-Ресей Тарбағатайдың Батыс оңтүстік шекарасын белгілеу келісімі»; 1885 жылғы «Қытай-Ресей бірлесіп белгілеген Тарбағатай қазақтарының тәуелділігі туралы келісім». Осы келісімдер арқылы Ресей мен Қытай қазақ жеріндегі мемлекеттік шекара сызығы және онда тұратын қазақтардың кімге тән болатынын толық анықтады. Содан бастап Цин империясы ордасында хатталған құжаттарда «Ресей қазақтары» немесе «Ресейге қараған қазақтар» және «Қытай қазақтары» немесе «Қытайға қараған қазақтар» – деп анық жазылып отырды.

Ол кезде Цин империясы шеткері провинцияларды әскери-әкімшілік жүйе арқылы билеп-төстейтін. Іле мен Тарбағатай аймағындағы қазақтарды Іле генерал-губернаторының басқаруында, Алтай аймағындағы қазақтарды Моңғолиядағы Улиастай генерал-губернаторының билігінде ұстады. Бірақ қазақтардың дәстүрлі қоғамдық басқару құрылымын өзгертпеді. Қазақтардың өздерінде сақталып келген билік түзімі (режимі) бойынша олардың өз билеушілерін өздеріне басшы етіп белгілеп, солар арқылы қазақтарды басқарды.

ХІХ ғасырдың соңғы жартысында Ресей мен Қытай қоғамының даму деңгейінде үлкен айырмашылықтар болды. Алдыңғысы капитализмнің шарықтап дамуы кезеңінде болса, соңғысы жартылай феодалдық жартылай отарлық күйге түсіп, құлдырай бастаған болатын. Сондықтан Ресей мен Қытайға тәуелді болған қазақ халқы іс жүзінде екі түрлі қоғамдық формациядағы мемлекетте өмір сүрсе де, олардың әлеуметтік дамуы деңгейінде айтарлықтай айырмашылық сақталды.

Жалпы айтқанда, бір ұлттың екі немесе одан да көп мемлекеттерде өмір сүруі міндетті түрде оларды ұлттық қоғамның біртұтастығынан айырады, сонымен олар ұқсамаған дәрежеде негізгі ұлттың (титулдық ұлттың) саяси, экономикалық және әлеуметтік мәдениетінің ықпалына түседі. Алайда Қытайдағы аз ғана қазақтар саналы түрде өздерінің ұлттық болмысын сақтау үшін, саналы түрде үлкен қауыммен, яғни Қазақстандағы қазақтармен тығыз байланысты сақтауға тырысты. Бір оң тұсы ол кезде мемлекеттік шекараның күзеті әлсіз болды да, екі елдегі қазақтардың өзара барып-келу, әртүрлі байланыстар жасауына қолайлы болды. Сонымен екі елдегі қазақтар баяғысындай аттарына мініп, қоржындарын бөктеріп, бірі-біріне қыдырып барып-келіп, құдандалы болып, қыз беріп, келін алып араласып жатты. Екі ел қазақтары осындай тығыз байланыста болғандықтан, Қытай мен Ресей үкіметі 1885 жылы 9 қаңтарда қол қойған «Қытай-Ресей бірлесіп белгілеген Тарбағатайдағы қазақтардың тәуелділігі жөнінде келісімнің» 5-тарауында: «Куәліксіз жүрген екі ел азаматтары, заң бұзбаса жауапқа тартылмайды» [6, 86-б], – деп көрсетілген болатын.

Қоғамдық қарым-қатынастар қайшылықсыз, даму-дамайсыз, арыз-шағымсыз болмайды, бір ұлттің өкілдері боса да бұдан тыс қала алмайды. Қытай мен Ресей қазақтары арасындағы дау-дамайларды қарап шешетін арнайы құрылым 1871 жылы құрылды. Оны орысша «международный съезд» деп атады. Іс жүзінде ол қазақ билерінен құрылған бірлескен съезд соты еді. Олар қазақтың дәстүрлі ғұрып-әдет заңдары бойынша екі ел қазақтарынан түскен арыз-шағымдарды қарастырып шешіп, қоғамдық қайшылықтарды реттеп отырды. 1885 жылғы «Қытай-Ресей бірлесіп белгілеген Тарбағатайдағы қазақтардың тәуелділігі жөнінде келісімнің» 4-тарауында: «Екі мемлекетке тәуелденен қазақтар қандай да бір оқиғаға тап болса, тату сыйласымды болуды көздей отырып, істі кеңесіп шешіп отырулары керек. Әр жылы күзде бірлескен съезд сотын ашып істі бірлесіп қарайды. Съезде қазақтар өздерінің ғұрып-әдет заңдары бойынша істерді ақылдасып, әділ шешім шығарып, дұрыс өкім жасаулары керек» [6] – деп көрсетілген. Міне, осы негізде екі елдегі қазақ билері бірлескен съезд сотын өткізіп, әр тараптан келіп түскен арыздарды ақылдасып шешіп отырған. Бірлескен съезд сотын 1871 жылдан 1911 жылға дейін 14 мәрте өткен (кіші съездерді есептемегенде) өткізген. Сонда қаралған арыз-шағымдардың көбі неке істеріне қатысты болған. Мысалы, 1902 жылы Кегенде өткен бірлескен съезд соты 1700 істі қарап өкім шығарған. Соның ішінде 400-ден астам іс некенің бұзылуына байланысты болған [7]. Басқаша айтқанда некеге қатысты жазылған арыздар жалпы арыздардың төрттен бірін құраған. Осының өзі-ақ екі ел қазақтары арасындағы құдандалық байланыстың қаншалықты кең көлемде болғанын көруге болады.

Әр жылы немесе әр екі жылда бір рет өтіп тұратын бірлескен съезд сотында, екі ел қазақтарының билері әділ шешім қабылдап, дұрыс өкім жасап, айыптаушыны да, айыпталушыны да қанағаттандырып, куәгерлерді риза етіп, өзара қатынастарын реттеп, ұлттық бірлікті нығайтып отырғанын тарихи деректер дәлелдейді. Сондай съездерді көзімен көрген қытай қаламгері: «сот жиналысына екі елдің қазақтарының бәрі де, ең жақсы аттарына ең әдемі ер-тоқымдарын ертеп мініп, арнаулы мерекеге киетін кимдерін киіп келеді» [8, 68-б.], – деп жазған. Сот шешімдерінің әділ шыққанына риза болған тыңдаушы жұрт, сот жиналысының соңын мерекелік көңіл ашу шараларына айналдырып отырған. Мысалы, «1902 жылы Іле Кегенінде ашылған съезд сот жиналысынан кейін, екі ел қазақтары ат бәйгесін өткізіп, сол кезекті соттың сәтті өткенін тойлады» [8, 77-б.], – деп жазылған деректер, тарихи шындықты аңыз етеді.

Адамзат қоғамы әлеуметтік қатынастарды үздіксіз реттеу арқылы дамиды. Әрбір ұлт та сондай, әсіресе, бөлініп-жарылған халықтардың құрамдас бөліктері қашан да тарихи отанындағы елмен этникалық байланысын сақтауға және солардың қолдауымен өздерін дамуға құлшыныс жасайды. Мұны біз Ресей мен Қытайға қараған қазақтардың мәдени байланыстарынан анық көре аламыз.

Қытайдағы қазақтардың оқу-ағартуы немесе білім беру ісі сол кездегі қоғамдық саяси орта мен әлеуметтік шарт-жағдайға байланысты діни ағартудан басталды. Өйткені ол кезде Қытайға үстемдік етуші қытай тілінде сөйлейтін, буддизм дініне сенетін манчжур ақсүйектері болды. Ал Шығыс-Түркістанда ислам дініндегі ұйғыр, дүнгендермен қатар, буддизм, ламаизмге сенетін қытай, манчжур, моғол, сибо, солан сияқты ұлттар өмір сүретін-ді. Осындай қоғамдық ортадағы қазақтардың ана тілін, дәстүрі дінін мен тұрмыс салтын сақтау мен дамыту өте өткір мәселе болып алға қойылған еді. Бұл мәселені қытай қазақтары Ресей құрамындағы қазақстандық оқымыстылардың көмегімен шешті.

Тарихи құжаттарға жүгінсек, ХІХ ғасырдың соңында «Алтай аймағында жекелеген ауқаттылар татар молдаларын шақырып апарып, қазақ балаларына араб әліппесін үйретіп, Құран танытып, ислам діні қағидаттарын үйретті» [9]. Алтай қазақтарының беделді биі Мәми 1896 жылы Қыран өзеннің Ертіске құйған жерінде мешіт салдырды. Ол мешіт 1904 жылы «Абақия мектебі» болып аталады. «Жәке би оқытушылыққа Семей қаласынан белгілі оқымысты Нұғыман молданы алдырып шағатай жазуымен бала оқытты. Нұғыман молда татар, шағатай, арабша жақсы білетін адам екен. Ол кісі 1910 жылы Семейге қайтып, орнына Низамидин деген татар молда медресені басқарып,

оқытушылық етті. Ол медреседе дін сабағымен қатар, сурет сызу, музыка, география, орыс тілі сияқты сабақтар өтті» [10].

Қытайдың Тарбағатай аймағындағы қазақтардың жаңаша білім беруі ісі ХХ ғасырдың басында басталды. Нақтылап айтқанда, Шәуешек қаласында 1901 жылы «Ғұмария мектебі», 1907 жылы «Намуна мектебі» ашылды. 1911 жылы «Гүландам мектебі» ашылып, қыздарға да білім беруді бастаған екен [11].

Іле аймағындағы қазақтардың діни білім алуы ХІХ ғасырдың соңында басталды. Олар алғаш балаларын отбасында молдалардан оқытып, діни сауатын ашып, кейін Құлжа қаласындағы Байтолла медресесіне оқытты. Ал жаңаша білім беру 1910 жылдары басталды. Куәгерлердің айтуынша, Күнес ауданындағы Керімбай күнде (күнде – мансап титулы – ауылбасының орынбасары. – Н.М.) Қасен деген татарды бала оқытуға жалдап әкелді. Оқығанымыз «Жадидше», оқу құралымыз «Мұғалім мауал», «Мұғалім санби» деген кітаптар болды. 1916 жылы Тұрсынбай деген немере ағамыз там салдырып, мектеп ашып бала оқытты. Кейін Салахи деген татарды әкеліп 20-30-дай баланы жинап оқытты. Ол Ресейден Ілеге қашып келген Ақтардың атамандары Дутов, Анненков деген патшалық Ресейдің генералдарының әскерінде болған адамдар екен. Құлжада солардан жасырынып қалғандар болса керек. Сол Салахи әпенде, Қасан әпенде және Ислам молда деген кісілер көп адамды оқытты» [12], – деген деректер, тарихи шындықтан алынған. Демек, Қытайдағы қазақтардың оқу-ағартуы қазақстандық оқымыстылардың арқасында алғаш діни сауат ашудан басталып, кейін діни және пәни сабақтарды қосып оқыту, одан замануи білім беру жүйесіне біртіндеп өту үрдісін басып өтті. Ал олардың оқуға пайдаланғаны Қазан қаласынан шыққан оқу құралдары болды.

ХХ ғасырдың алғашқы жиырма жылында Еуразия кеңістігінде түбегейлі өзгерістер орын алды. 1912 жылы Қытайдың абсолютті монархия жүйесі жойылып, республикалық Миньго өкіметі орнады. Ал Ресейде 1917 жылы Қазақ төңкерісі жеңіске жетіп большевиктер билігі құрылды. Сонымен екі елдің де мемлекеттік сипаттары өзгерді, қоғамдық даму жолдары әртүрлі бағыт алды. Алайда осы кезеңде орын алған тарихи оқиғалар екі ел қазақтарын тіпті де тығыз байланыстыра түсті. 1916 жылы патшалық Ресей үкіметінің тылға әскер алу бұйрығына қарсы көтерілістің жанышталуына байланысты Қытай шекарасынан ары асқан 250 мыңдай қазақ босқындары негізінен сол жақтағы қазақтарды паналады. 1918 жылы олар кері қайтарылғанда, біраз адамдар сондағы қазақтардың арасында қалып қойды. Олардың көбі сауатты адамдар болғандықтан, қытай қазақтарының білім беру және мәдениет саласында оқу-ағарту істерімен шұғылданып, екі ел қазақтары арасындағы этномәдени байланыстарды жалғастырды және дамытты.

ХХ ғасырдың бірінші жартысында Қытай мен КСРО-ның Қазақстан аумағындағы шекара күзеті біршама күшейтілді. Бірақ сонда да екі ел қазақтардың өзара барыс-келістері ресми немесе бейресми түрде жалғасып отырды. Әсіресе, шығармашылық тұлғалардың барыс-келістері ұлттық әдебиеттің үздіксіз таралуы мен дамуына игі әсер етті. Мысалы, атақты ақындар Жүсіпбек Шайхысламұлы (1857 ж. Қазақстанның Әулие-Ата өңірінде туып, 1937 ж. Шыңжаңның Текес ауданында өмірден өткен), Арғынбек Апашбайұлы (1876 ж. Қазақстанның Зайсан ауданында туып, 1946 ж. Қытайдың Алтай аймағы Шіңгіл ауданында қайтыс болған), Көдек Маралбайұлы (1888 ж. Қазақстанның Нарынқол ауданында тұрып, 1937 ж. Шыңжаңның Текес ауданында дүние салған), Әсет Найманбайұлы (1867 ж. Қазақстанның Үржар ауданында туып, 1923 ж. Шыңжаңның Іле ауданында дүниеден озған) сияқты ақындардың қытай қазақтарын аралап жүріп өлең-жырлар таратса, Қытай қазақстарынан шыққан аса көрнекті ақын Таңжарық Жолдыұлының (1903-1947 жж.) Қазақстанда білім алып, өлең таратқаны белгілі. Олардың өлең-жырлары мен әндері бүгінге дейін жырланып, қазақтың құнды мәдени мұралары ретінде ұрпақтан-ұрпаққа тарап келеді. Демек, ол кезде ағартушы педагогтар мен классикалық ақындардың арқасында ұлттық әдебиетіміз бен өнеріміз қазақ қоныстанған кеңістікке жетіп жатты, ұлттық мәдени байланыстар өз жалғасын тауып отырды.

ХХ ғасырдың 30-жылдарынан бастап Қытай қазақтарының білім беру ісі дами бастады. «1934-1935 жылдары Шыңжаңдағы халықтар өз ана тіліндегі мектептерді көптеп ашты. Қазақтарда әр ауылды (100 отбасында) бір-бірден мектеп ашылып, балаларға осы заманғы білім жүйесі бойынша сабақ берді. Олар Қазақстаннан шыққан қазақша оқулықты пайдаланды» [13]. Сол жылдары «Іледегі қазақ және қырғыз мектептерінің саны 69, оқушылардың саны 1960 балаға жеткен» [14]. Сондай-ақ «Шыңжаң үкіметі Кеңес Одағымен келісіп, қазақ, ұйғыр және басқа ұлттардың жастарын Алматы, Ташкенттегі жоғары оқу орындарына жіберіп оқытты» [15]. Демек, ХХ ғасырдың бірінші жартысында Шыңжаңдағы қазақ мектептерінде Қазақстаннан шыққан оқулықтарды қолдануы, Қазақстан мен Өзбекстанға студент жіберіп маман дайындауы, ақын-жыраулардың ел аралап жыр таратуы сияқты іс-әрекеттер, әсіресе, қазақстандық авторлардың көркем шығармаларының қытай қазақтары арасына кең таралуы, іс жүзінде екі елдегі қазақтардың ұлттық рухани біртұтастығын нығайтушы басты факторлар болды.

ХХ ғасырдың екінші жартысында екі елдегі қазақтардың өзара байланыстары ҚХР мен КСРО қатынастарындағы өзгерістерге байланысты дәуірлік сипат алып отырды. 1949 жылдан 1961 жылға дейін ҚХР мен КСРО қатынастары «бауырластық» сипатта болған кезде, Қытайдағы қазақ мектептері жалпы Қазақстанның оқулықтары бойынша білім берді. Сонымен қатар қазақтың классикалық әдебиеттері және Ленин мен Сталин шығармалары да арнайы түрде төте жазуда Қазақстанда басылып, Қытайдағы қазақтарға таратылып отырды. ҚХР-дың КСРО-дан үйрену бағдарламасы бойынша Шыңжаңнан Қазақстанның жоғары оқу орындарына студенттер де жіберіп тұрды. Солардың бірі қазіргі Қазақстанның халық жазушысы, мемлекеттік сыйлықтың иегері Қабдеш Жұмаділ. Сонымен қатар, КСРО-ның көптеген қазақ, татар және орыс мамандары ҚХР-дың социалистік құрылысына көмектесіп, Шыңжаңның әр саласында жұмыс жасады. Осы жылдары КСРО-ның ҚХР-ға саяси идеологиялық және экономикалық саладағы ықпалы зор болды. Екі ел қазақтары арасындағы білім беру және мәдени саладағы байланыстары да айтарлықтай дамыды.

Алайда КСРО – ҚХР қатынастарының шиленісуіне байланысты, Кеңес Одағының саяси идеологиялық ықпалы және Қытайдағы ашаршылықтың салдарынан 1962 жылы жүз мыңдаған қытай қазақтарының (ішінде басқа ұлт өкілдері де бар) Қазақстанға шекараны бұзып өткен оқиғасы орын алды. Бұл тарихта «29 мамыр оқиғасы» деген атпен белгілі.

Осыдан кейін ҚХР мен КСРО қатынастары достықтан ашық жауласуға аяқ басты. Шекара өткелдері бірден жабылды, екі елдің Шыңжаң мен Орталық Азиядағы Консулдық басқармалары жұмыстарын тоқтатты. Қытайдағы қазақ мектептерінде Қазақстан оқулықтарын пайдалануға тыйым салынып, қытай тілінен аударылған оқулықтар қолданысқа енгізілді. Қытайдағы «Мәдени революция» кезінде (1966-1976 жж.) Қазақстанның радиосынан ән-күй тыңдағандар «іште тұрып сыртпен астасқан» қылмыскер саналып, жазаланып отырды.

Қытай билігі «Шыңжаңға қауіп Кеңес Одағы ревизионизмшілдерден келеді»; «Қазақстаннан «Хуан шияң туандардар» («还乡团» – «Кері қайырылып өз ауылын шабатындар» деген мағынада) шабуыл жасап келеді»; «соғыс болмай қоймайды, үңгірді терең қазып, астықты мол жинап, соғысқа, қуаңшылыққа дайындалу керек» деген саясат жүргізілді. Ал Қазақстанда да ҚХР-ды қаралайтын, ондағы қазақтарды жау санайтын үгіт-насихаттар уағыздалды. Осылайша ҚХР-КСРО қатынастары шиленісе берді де, екі елдегі қазақтар бір-біріне қарсы қойылды.

Алайда заман өтеді, билік ауысады, көзқарас өзгереді. 1980-жылдардың соңғы жартысында ҚХР-КСРО қатынастарындағы тоң жіби бастады да, екі елдегі қазақтардың бауыр-туыстарына барып-келуіне жол ашылды.

ҚХР мен КСРО-ның жүргізген сыртқы саясатына байланысты ширек ғасырдан астам барыс-келіс жасамаған екі ел қазақтары, алғаш араласқанда өзара мәдени байланыстарының едәуір бөгделеніп қалғандарын сезінді. Өйткені, негізгі мемлекеттік мәдени орта ондағы тұрғындарға терең әсер етпей қоймайды. Сондықтан кеңестік-орыстық мәдени атмосферада және қытайлық мәдениет басым болған ортада туып-өскен ұрпақтардың тіршілік тәсілінде, тұрмыс формасында, өмір сүру көзқарасында, салт-санасында, тіпті, үй мәнерінде, қолданған тұрмыстық терминдерінде де айтарлықтай айырмашылықтықтар байқалды. Бұл бір жағынан табиғи құбылыс еді. Сондықтан олар бір-біріне түсіністікпен қарады. Ал олардағы қандастық, туыстық бауырмалдық сезім мен ұлттық таным, оларды қауыштырды.

Мәдениеттік танымының өзі бір жүйе болып табылады, ол әр деңгейдегі мәдени құрылым факторларын танудан тұрады. Сондықтан қазақтар әртүрлі саяси мәдениеттегі елдерде өмір сүрсе де, олардағы мәдени психологиялық фактор оларды жақындатып отырады. Басқаша айтқанда, әлемнің әр елінде өмір сүріп жатқан қазақтардың өздерін қазақпыз деген танымы оларды ұлттық біртұтастыққа жетелейді. Бір ұлт мүшелерінде ортақ таным болады екен, міндетті түрде оларда ортақ құндылық көзқарас пен ұлттық арман-тілек болады. Мысалы, 1991 жылдың 16 желтоқсан күні Қазақстан тәуелсіздігін жариялағанда, әлемнің әр елінде тұрған қазақтарының бөріктерін аспанға атып қуануы, оларда сондай ұлттық сана-сезімнің күшті болғанын аңғартты.

Кеңестік идеология Қазақстанда қанша қатаң жүргізілсе де, қазақ элитасының ұлттық санасы мен танымын өзгерте алған жоқ. Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1991 жылы 31 желтоқсанда радиода сөз сөйлеп, «Алыста жүрген ағайындарға ақ тілек» жолдауы соның дәлелі. Елбасы өз сөзінде: «Қазақ елі – ежелден еркіндікті аңсаған ел. Өз алдына дербес мемлекет құру қазақ халқының ғасырлар бойғы арманы еді. Құдайға шүкір, өз билігіміз өз қолымызға тиді. ... Сондықтан ата-мекенге келемін деуші ағайындарға жол ашық» [16] – деп атап көрсетті. Сонымен әлемнің әр елінде өмір сүріп жатқан этникалық қазақтардың тарихи Отанына көшуі басталып, Қазақстанда «оралман» феномені пайда болды. Ол туралы Қазақстан Республикасының «Халықтың көші-қоны туралы Заңының» 1-тарауының 1-бабында: «оралман – тарихи отанына тұрақты тұру мақсатында Қазақстан Республикасына келген және осы Заңда белгілеген тәртіппен тиісті мәртебе алған, Қазақстан Республикасы егемендік алған кезде одан тыс жерде тұрақты тұрған этникалық қазақ және оның Қазақстан Республикасы егемендік алғаннан кейін одан тыс жерде туған және тұрақты тұрған ұлты қазақ балалары» деген анықтама берді. Сонымен қатар «этникалық қазақ» деген ұғым жөнінде: «Этникалық қазақ – шетелде тұрақты тұратын ұлты қазақ шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам» [17] – деп түсіндірді. Бұл таза ғылыми негізде жасалған анықтамалар. Қазақстан Республикасының этникалық қазақтарға арнаулы саясат пен заң қолдауының тарихи негізі мен моральдық құқығы бар. Сондықтан да Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаев оралмандарға арнайы салиқалы саясат жүргізіп келеді.

Ресми статистика деректеріне жүгінсек, 1991 жылдан 2010 жылға дейін төрткүл дүниеден 1 миллионға жуық этникалық қазақтар отанға оралыпты. Бұл жай құбылыс емес, ол деген қазақ халқының тәуелсіз Қазақстанда жаңа сипаттағы біртұтастану үрдісінің басталуына түрткі болған фактор, сондай-ақ ол деген қазақ мәдениетінің, тіпті, әлем мәдениетінің Қазақстанға тоғыстыратын қоғалыс.

Шетелдердегі қазақтардың саналы түрде тарихи отанға оралып, ұлттық біртұтастану үдерісіне түсуінің идеологиялық негізі – олардағы ортақ ұлттық таным мен тәуелсіздік санасында деп санаймыз. Өйткені әлемнің әр елінде жүрген қазақтарда өздерін қазақ ұлтының құрамдас бөлігіміз, Қазақстан – жалпы қазақ халқының Қара шаңырағы немесе бірден бір тәуелсіз Отаны – деген ұғым бар. Сондықтан оларды тарихи отанына тартатын құдіретті күш – Қазақстанның тәуелсіздігі болып табылады.

Әрине, оралмандардың Қазақстанның қоғамдық ортасына үйлесуі оңай болған жоқ. Оның басты себебі мемлекеттік саяси мәдениеттегі айырмашылықтарда деп санаймыз. Оралмандар өздерінің тарихи отанына оралысымен-ақ қазақстандық әлеуметтік мәдениеттің өздері ойлағаннан басқаша екендігін терең сезінді. Өйткені, ол кезде Қазақстан қоғамы – кешегі Кеңестік социалистік мәдениеттегі қоғам еді. Ал оралман қазақтар болса, әртүрлі саяси-әлеуметтік мәдениеттегі елдерде туып өсіп, сол елдің ұлттық саяси мәдениетінің ортасында қалыптасқан адамдар.

Оралмандардың келген мемлекеттерінің мәдени ортасын (саяси-әлеуметтік жағдайлары негізінде) төрт үлкен типке бөлуге болады. Олар: моңғолдық мәдени орта; қытайлық мәдени орта; кеңестік мәдени орта және исламдық мәдени орта (бұған Ауғанстан, Иран және Туркиядан келген қазақтар жатады). Бірақ олар әртүрлі мәдени ортада өмір сүрсе де, қазақ халқының ортақ дәстүрлі мәдениеті мен құндылық көзқарастарын жақсы сақтады. Бұл олардағы ортақтық болып табылады.

Оралмандардағы ұлттық ортақ таным мен сана-сезім, оларды ұлттық ұлы біртұтастыққа бастап келеді. Өйткені, тәуелсіз Қазақстанға көшіп келіп, мұндағы қалың қазақ халқымен тоғысып, бірегей ұлтқа айналып, қазақы болмыста өмір сүру – оралмандардың немесе этникалық қазақтардың ортақ арманы. Сондықтан Қазақстан тәуелсіздік алған алғашқы жылдары Қытайдан келгендердің көбі осындай ойда болған жас және орта жас интеллигенттер болды. Мейлі қандай мәдени деңгейдегі оралман болсын, олардың барлығы қазақстандық қоғамдық ортаға келіп қосылғанда табиғи түрде кейбір мәдени сәйкессіздіктер немесе мәдени қақтығыстарға тап болады. Нақтылап айтқанда, олардың бәрі де бір ұлттың мүшелері болғанымен, ресми орындарда тіл-жазуды қолдануда, ойлау жүйесінде, тіршілік іс-қимылдарында, менталитетінде, тіпті, тұрмыстық әдет-ғұрыптарында да азды-көпті айырмашылықтар байқалады. Бұл бір жағынан олармандардың өмір сүрген мемлекеттердегі тұлғалық мәдениетінің және қоғамдық ортаның ықпалына ұшырауының көрінісі болса, екінші жағынан ол Қазақстанда кеңестік билік ауысып, жаңа тәуелсіз мемлекеттік жүйе құрылып жатқан өтпелі кезеңде болатын қалыпты жағдай еді. Ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдары елге жаңа келген оралмандар ғана емес, жергілікті тұрғындардың өздері де бір мезгіл шұғыл жасалған қоғамдық өзгерістерге үйлеспей абдырап қалған жайы бар.

Мейлі отандық тұрғындар болсын, әлде шетелдерден келген оралмандар болсын, бәрі де тәуелсіз Қазақстанның жаңа мәдени қазанында сарқылдап қайнады, бәрі де мәдени өзгерістерді немесе бұрынғы саяси мәдениетінен айырылуды бастан кешіріп, демократиялық, құқықтық, зайырлы, нарықтық қатынастарды негіз еткен мәдени плюрализмдік жаңа Қазақстандық мәдениет құратын үлкен қазанда қорытылып қайта сомдалады. Сонымен қазақ халқының ұлттық біртұтастануы мен Қазақстандағы басқа да ұлт пен ұлыс өкілдерінің азаматтық келісім бірлігі жаңа сипаттағы жоғары деңгейге көтеріліп, жалпы қоғамдық тұрақтылық пен дамудың негізін қалады.

Дегенмен алыс-жақын шетелдерден келген оралмандардың отанға үлкен арманмен келетіні белгілі. Олар ғасырлар бойы ұлттық мәдениеті өзгеше мемлекеттерде өмір сүргендіктен, олар қашан да өздерінің ұлттық болмысын сақтауға баса назар аударды. Сондықтан олар өздерінің ана тілін, дәстүрі дінін, ділін жақсы сақтау үшін дәстүрлі тұрмыс салты мен қолөнер кәсіптерін де ұрпақтан ұрпаққа жалғастырып дамытып отырады. Сондай-ақ олар өздері тұрған елдің заманауи білім-ғылымы мен бизнес, сауда, индустрия техникасы мен менеджменттік өнерін де белгілі дәрежеде игерген. Әсіресе, этникалық қазақтар шоғырлы қоныстанған Моңғолия мен Қытай қазақтарында ұлттық дәстүрлі мәдениет айтарлықтай жақсы сақталған және дамыған. Сондай мәдени ортада маман болып, саналы азамат болып қалыптасқандар, өзінің өмір сүру қабілетіне және тәуелсіз Қазақстанның болашағына сенгендер алдымен елге оралды. Олардың келуімен Қазақстанның әлеуметтік өндірісі мен мәдени білім-ғылым саласының әлеуеті арта түсті.

Оралмандармен бірге Қазақстанға келген мәдениет – дәстүрлі мәдениет және заманауи мәдениет деп екіге бөліп қарауға болады. Дәстүрлі мәдениет бойынша айтқанда: біріншіден, қазақтың қаймағы бұзылмаған тілін, көркем әдебиетін, дәстүрлі дінін және тұрмыс-салтын әкелді; екіншіден, қазақтың ұлттық рухын, мінез-құлқын, моральдық қасиеттерін әкелді; үшіншіден, дәстүрлі қол өнеркәсібінің түрлі үлгілерін әкелді; төртіншіден, қазақтың дәстүрлі емшілік өнерін әкелді; бесіншіден, қазақтың дәстүрлі ән-би музыкасын елге жеткізді.

Ал заманауи мәдениет тұрғысынан айтар болсақ: біріншіден, олар жаңа спорт өнерін әкелді, яғни Шығыстың тайкуандоу өнерін (Мұстафа Өзтүрік), гунфу өнерін кең таратты (Жәмали Диханұлы және басқалар); екіншіден, заманауи және дәстүрлі ән-би өнерін әкеліп (Майра Мұқаметқызы, Шұғыла Сапарғалиқызы және басқалар) Қазақстанның ән-би өнерінің мазмұнын байытып, деңгейін биіктетті; үшіншіден, отандық тарих ғылымына сирек мамандар келіп қосылды. Олар Шығыстың ескі қолжазбаларын түпнұсқадан тікелей оқып пайдалана алатын тарихшы лингвист мамандар: Зардыхан Қинаятұлы, Сартқожа Қаржаубайұлы, Нәпіл Пазілханұлы (ескі маңғол, манчжур және түркі руникалық жазуларды оқитын тарихшы, филологтар); Ислам Жеменей (ескі парсы жазбаларын оқитын филолог), Бақыт Еженханұлы, Сағынтай Сұғатайұлы, Жәнімхан Ошан және басқалар (көне қытай жазбаларын оқтын тарихшылар); төртінші, Қытай-Тибет медицинасын елге әкелді (Уатхан Сейфулұлы, Ерлан Ғазезұлы және басқалар); бесіншіден, Қытайдың косметика өнері мен сервис мәдениетін әкелді; алтыншыдан, Қытайдың агро техникалары мен басқа да қолданбалы технологияларын әкеліп қолданысқа енгізді; жетіншіден, мол қаржы әкелді, яғни өздерінің қаржыларымен шағын, орта бизнес кәсіпорындарын ашып, ұлттық өндірістің дамуына үлкен үлес қосты [18]. Сонымен қатар Қытайдан келген оралмандар Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы сауда-экономикалық және мәдени білім беру, ғылыми-техника саласындағы өзара алмасулар мен ынтымақтықтасуға дәнекерлік рөл атқарып келеді. Демек, қытайлық оралмандар белгілі дәрежеде қытай мен қазақстандық мәдениеттің өзара алмасуына көпірлік қызмет атқаруда десек, артық айтқандық болмайды. Осындай мәдени білім бұлақтарының елге келіп құйылуы, отандық ұлы мәдени айдын көлді толықтырып, толқындатып, деңгейін көтере түсуде.

Демек, тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуы барысында оралмандар мен отандық тұрғындар бірдей жаңа мәдени өзгерістерді бастап кешіру арқылы жоғары деңгейде жарасымды қоғамдық қатынас қалыптастырды. Қазір елімізде ормалмандар мен жергілікті әрбір ұлт тұрғындары қазақстандық мәдениет негізінде өзара түсіністік пен келісімге келген мамыражай қоғамдық келбет қалыптасты. Бұл ұлт ішінде және ұлтаралық алмасулар мен өзара озық мәдени факторларды қабылдаудан көрінген тамаша құбылыс болып табылады.

Қазіргі қазақстандық әлеуметтік мәдени ортадан, оралмандар мен жергілікті қазақ халқының арасында дәстүрлі қоғамдық байланыстардың дамуын анық аңғаруға болады. Бұлай дейтініміз, кейбір статистикалық мәліметтер, оралмандар мен жергілікті жастардың некеленуінің жыл өткен сайын өсу динамикасын көрсетеді. Оның ішінде, ділі өзгешелеу Қытайдан келген оралман жастармен қазақстандық ұл-қыздардың тұрмыс құру салыстырмасының барған сайын көбейіп келе жатқаны байқалады. Бұл Қазақстанда қалыптасып келе жатқан жаңа мәдени үдерісті аңғартатын құбылыс. Сондай-ақ, ол қазақ халқының ұлттық біртұтастануын тереңдете түсетін фактор. Қазақстанда қазақ халқының біртұтастығы мен бірлігі елдегі барлық ұлтттар мен ұлыстарды келісім мен бірегейлікке бастаудың негізі болып табылады.

Кез келген елде мемлекеттік немесе ұлттық негізгі мәдениет жетекшілік рөл атқарады. Ол мемлекет құрушы ұлттың тарихи мәдениетінің даму деңгейінде, заманауи мемлекеттің басты саяси-экономикалық тұжырымдамасы мен жетекші идеясы және басты құндылық көзқарастары бойынша анықталып отырады. Мысалы, Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстан – 2050 стратегиясы» негізінде алынған «Бір мақсат, бір мүдде бір болашақ» және «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» жоспарлары, іс жүзінде Қазақстандағы ұлттық біртұтастық пен азаматтық бірегейлікті жүзеге асырудың нақты бағдарламасы болып табылады.

Қазақстанға оралмандармен бірге келген ұлттық және әлемдік мәдениеттің озық үлгілері отандық негізгі мәдениетпен тоғысу барысында жаңа формацияға өзгеріп дамуымен қатар, ұлттық мәдениеттің мазмұны мен формасын да байытып, деңгейін көтеруге игі әсер етуде, сондай-ақ жалпы ұлттық бірегейлікті, қоғамдық келісімді нығайтуға белсенді рөл атқаруда. Олармандар арқылы елге жеткен дәстүрлі және заманауи мәдениеттердің озық үлгісі ел ішінде ешқандай бір мәдени, ұлтаралық қақтығыстар мен әлеуметтік араздықтарды тудырған жок, керісінше, ол тың мәдени леп ретінде отандық мәдениеттің өркендеуіне, әлеуметтік экономиканың дамуына үлкен үлес болып қосылуда.

Жоғарыдағы тарихи фактілерден, қазақты дербес ұлт еткен де, мемлекетін құрғызған да, болмысын сақтаған да, қайта тоғыстырған да этномәдениет, яғни қазақы ұлттық сана-сезім мен таным екендігін анық аңғаруға болады. Дегенмен бір ұлт өкілдерінің өзге елдің ұлттық мәдени ортасында ұзақ уақыт өмір сүруі, оларды ұлттық мәдениеттен бөгделейтіні де сөзсіз. Өйткені, мәдени ықпалдастықта шағын этникалық топтардың жалпы ұлттық болмысын ұзақ сақтап тұруы мүмкін емес екенін тарихи тәжірибе көрсетіп отыр. Сондықтан этномәдениеттердің көркеюі мен күйреуі, оның бірегейленуі мен дамуына байланысты. Сондықтан да ұлттық мәдениетімізді отанға тоғыту мен дамытуды «Мәңгілік ел» болу стратегиясы тұрғысынан қарастыру керек деп санаймыз.

Әдебиеттер


  1. Danke Voight. A. Rustow:«民族» 载 «民族译丛», – 1990年. – № 3.

  2. Р.伊茨: «关于苏联民族» 载 «民族译丛», – 1987年. – № 6.

  3. 王逸舟: «当代国际政治析论». – 上海: «上海人民出版社», –1995年. – 第93-94页.

  4. Ма Манли, Ан Чжиян, Әметтің «Қытайдың батыс солтүстігіндегі трансұлттар мәдениетіндегі өзгерістерді зерттеу» –інде (马曼 丽等 «中国西北跨国民族文化变异研究». –北京: «民族出版社», – 2003年. – 第68页.

  5. Мыңжани Нығымет. Қазақтың қысқаша тарихы. – Үрімжі: Шыңжаң халық баспасы, 1989. – 130-б (қытайша басылымы).

  6. Қытай-Ресей шекара келісім жинағы (中俄界约集). – 44-б

  7. Мұқаметханұлы Нәбижан. Қытайдағы қазақтардың қоғамдық тарихы (1860-1920 жж.). – Алматы: ҚАЗақпарат. – 2000. – 190-б.

  8. Ли Чэнь. Қытай-Ресей съездерін зерттеу «Шыңжаң қоғамдық ғылымдары (新疆社会科学)». – 1988. – № 4. – 68-б.

  9. Жәкеұлы Мұқаш. Алтай ағартуы тарихынан «Жас түлек». –1987. – № 3. – 87-б.

  10. Татанайұлы Асқар. Тарихи дерек – келелі кеңес. – Үрімжі: Шыңжаң халық баспасы, – 1987. – 124-125-бб.

  11. Ташбаев Таһир. Тарбағатай аймағының азаттықтан бұрынғы (1949 ж. ҚХР құрылғанға дейін. – Н.М.) баспасөз тарихына аз аял // Іле тарихи материалдары. – Құлжа: Іле газеті баспасы, 1989. – 5 кітап, – 53-б.

  12. Жақсылықұлы Әсейін. Өмір естеліктері. – Күйтүн: Іле халық баспасы, 1990. –3-б.

  13. Қазақтың қысқаша тарихы. – 582-б.

  14. Ли Роучжон. Қазақ білім беруі туралы зерттеу. – Үрімжі: «Шыңжаң университеті баспасы», – 1990. – 29-б.

  15. Мұқаметханұлы Нәбижан. ХХ ғасырдағы Қытайдың тарихи үрдісіндегі қазақтардың әлеуметтік дамуы. – Алматы: Қазақ университеті, – 2006. – 28-б.

  16. Назарбаев Н.Ә. Алыстағы ағайындарға ақ тілек // Егемен Қазақстан. – 1992. –1 қаңтар

  17. Қазақстан Республикасының «Халықтың көші-қоны туралы Заңы» // Егемен Қазақстан», – 2011. – 22 шілде

  18. Шоқанұлы Мұратхан. Тәуелсіздік жемісі. – Алматы: Полиграфкомбинат, 2011.

References

1. Danke Voight. A. Rustow:«民族» 载 «民族译丛», – 1990年. – № 3.

2. R.伊茨: «关于苏联民族» 载 «民族译丛», – 1987年. – № 6.

3. 王逸舟: «当代国际政治析论». – 上海: «上海人民出版社», –1995年. – 第93-94页.

4. Ma Manli, An Chzhijan, Amettіn «Kytajdyn batys soltүstіgіndegі transylttar madenietіndegі ozgerіsterdі zertteu» –іnde (马曼 丽等 «中国西北跨国民族文化变异研究». –北京: «民族出版社», – 2003年. – 第68页.

5. Mynzhani Nygymet. Kazaktyn kyskasha tarihy. – Үrіmzhі: Shynzhan halyk baspasy, 1989. – 130-b (kytajsha basylymy).

6. Kytaj-Resej shekara kelіsіm zhinagy (中俄界约集). – 44-b

7. Mykamethanyly Nabizhan. Kytajdagy kazaktardyn kogamdyk tarihy (1860-1920 zhzh.). – Almaty: KAZakparat. – 2000. – 190-b.

8. Li Chjen. Kytaj-Resej soezderіn zertteu «Shynzhan қogamdyk gylymdary (新疆社会科学)». – 1988. – № 4. – 68-b.

9. Zhakeyly Mykash. Altaj agartuy tarihynan «Zhas tүlek». –1987. – № 3. – 87-b.

10. Tatanajyly Asқar. Tarihi derek – kelelі kenes. – Үrіmzhі: Shynzhan halyk baspasy, – 1987. – 124-125-bb.

11. Tashbaev Taһir. Tarbagataj ajmagynyn azattyktan byryngy (1949 zh. KHR қyrylganga dejіn. – N.M.) baspasoz tarihyna az ajal // Іle tarihi materialdary. – Kylzha: Іle gazetі baspasy, 1989. – 5 kіtap, – 53-b.

12. Zhaksylykyly Asejіn. Omіr estelіkterі. – Kүjtүn: Іle halyk baspasy, 1990. –3-b.

13. Kazaktyn kyskasha tarihy. – 582-b.

14. Li Rouchzhon. Kazak bіlіm beruі turaly zertteu. – Үrіmzhі: «Shynzhan universitetі baspasy», – 1990. – 29-b.

15. Mykamethanyly Nabizhan. XX gasyrdagy Kytajdyn tarihi үrdіsіndegі қazaқtardyn aleumettіk damuy. – Almaty: Kazak universitetі, – 2006. – 28-b.

16. Nazarbaev N.Ә. Alystagy agajyndarga ak tіlek // Egemen Қazakstan. – 1992. –1 қantar

17. Kazakstan Respublikasynyn «Halyktyn koshі-kony turaly Zany» // Egemen Қazakstan», – 2011. – 22 shіlde

18. Shokanyly Myrathan. Tauelsіzdіk zhemіsі. – Almaty: Poligrafkombinat, 2011.

МУХАМЕТКАНУЛЫ Н.

Д.и.н., профессор, зав. кафедрой китаеведения факультета востоковедения КазНУ им. аль-Фараби,



СЕРИККАЛИЕВА А.Е.

PhD, старший преподаватель кафедры китаеведения факультета востоковедения КазНУ им. аль-Фараби



НАБИЖАНКЫЗЫ З.

Магистр иностранной филологии, старший преподаватель кафедры иностранного языка для естественных факультетов КазНУ им. аль-Фараби

 

ЦЕЛОСТНОСТЬ И ТРАНСФОРМАЦИЯ КАЗАХСКОЙ НАЦИОНАЛЬНОЙ КУЛЬТУРЫ

В статье дается сравнительный анализ формирования национальной культуры казахов, развития казахского института бракосочетания, в рамках которого строго запрещалось создание семьи в случае совпадения родов до семи поколений, отсутствия диалектов в казахском языке. В статье также исследованы вопросы несохранения значительных различий среди традиций и быта казахов; национального единства среди родов, распространение национального фольклора внутри страны.

Авторы показывают, что после попадания казахов в подданство России и Китая, казахи были подвержены влиянию российской и китайской культурной среды.

После получения независимости Казахстана этнические казахи, вернувшиеся на историческую родину, стали играть особую роль в социально-экономическом и культурном развитии Казахстана, а также в пропаганде традиционной культуры. Прослеживается взаимное воссоединение казахстанской культуры с культурой оралманов, причем через их трансформацию можно увидеть появление новой культуры.



Ключевые слова: казахская культура, бракосочетание, связь, взаимовлияние, трансформация, культурная тенденция.

 

N. MUKHAMETKHANULY

Doctor of Historical Sciences, Professor,

Head of  the Department of Chinese Studies,

Faculty of Oriental Studies

of the al-Farabi Kazakh National University


A.   SERIKKALIYEVA

PhD, Senior Lecturer of the Department of Chinese Studies, Faculty of Oriental Studies

of the al-Farabi Kazakh National University

 

Z. NABIZHANKYZY

Master of Foregn Philology, Senior Lecturer,

Department of Foreign Languages for Natural Sciences

 of the al-Farabi Kazakh National University

  

THE INTEGRITY AND TRANSFORMATION



OF THE KAZAKH NATIONAL CULTURE

The article presents a comparative analysis of the Kazakh national culture formation, the development of the Kazakh institute of marriage which prohibits a marriage within seven generations kinship, and the absence of dialects in the Kazakh language. In addition the authors considered the issues of some significant differences’ non-conservation among the Kazakh traditions and way of life, the national unity among tribes, and the spread of national folklore in the country.

The authors show that after the Kazakhs became citizens of the Russia and China, they were influenced by the Russian and Chinese cultural environment.

Since the independence of Kazakhstan, the ethnic Kazakhs who came back to their historical homeland started playing a special role in the socio-economic and cultural development of Kazakhstan, as well as in the promotion of traditional culture. The authors traced the mutual reunion of the Kazakhstani culture and the repatriates’ culture. At that through their transformation we can see the origination of some new culture.  



Key words: Kazakh culture, marriage, relationship, mutual transformation, cultural trends.



©netref.ru 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет