Ш. А. Бакирова Қазақ тіліндегі сөз байланысының синтаксисі



бет1/11
Дата24.04.2020
өлшемі0.82 Mb.
түріМонография
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11
Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі

М. Сапарбаев атындағы Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық институты

Ш. А. Бакирова

ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ СӨЗ БАЙЛАНЫСЫНЫҢ СИНТАКСИСІ

Шымкент, 2016 ж.

ББК
М. Сапарбаев атындағы Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық институтының Ғылыми-әдістемелік кеңесімен басуға ұсынылды

Пікірсарапшылар:

А.М. Байғұтова – ф.ғ.к. доцент, Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік педагогикалық институты;

Л.Қ. Турабаева – ф. ғ. к., доцент, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университеті

Ш.А. Бакирова

Қазақ тіліндегі сөз байланысының синтаксисі.

Монография филология мамандықтарының студенттеріне

арналған / Ш.А. Бакирова. – Шымкент: «Әлем» баспасы, 2016. – 157 бет.

ISBN
Сөздердің байланысу тәсілі туралы ғылыми-теориялық зерттеу нәтижелері қазіргі қазақ тілі синтаксисіне өз үлесін қоса алады. Зерттеу жұмысының тұжырымдары мен нәтижелерін жоғары оқу орындарының филология факультеттерінде оқытылатын қазақ тілінің синтаксисіне қатысты барлық пәндер бойынша дәрістер мен курстарда оқу құралы ретінде пайдалануға болады.
ББК

ISBN


© Ш.А. Бакирова., 2016

© М. Сапарбаев атындағы ОҚГИ, 2016



Алғы сөз
Сөздер белгілі бір тілдік заңдылықтарға сәйкес сөйлем құрылымында жұмсалғанда сөз бен сөздің арасында синтаксистік қатынас пайда болады. Сөздер арасындағы синтаксистік қатынастар түрлі амалдар арқылы жүзеге асып, сөздердің байланысу тәсілдері деп аталатын тілдік нормаларды құрайды. Сөз бен сөзді байланысқа түсіретін амалдар алуан түрлі. Сөздер өзара синтаксистік тұтастықта жұмсалғанда олардың арасында дәнекерлік ететін негізгі амалдарға жалғаулар, сөздердің орын тәртібі, интонация және көмекші сөздер жатады. Ғылымда осы амалдардың негізінде байланысу тәсілдерін синтетикалық және аналитикалық деп бөлу қалыптасқан. Алайда, тіліміздегі бірқатар жұрнақтардың сөз мағынасын өзгертуден гөрі сөз түрлендіруші қызметінің басымдылығы дәлелденіп отыр. Жұрнақтардың осы қасиетінің негізінде де сөздер өзара синтаксистік қатынаста жұмсала алады.

Сөздердің қосымшалар арқылы байланысуы синтетикалық тәсілдерге жататын болса, ешбір жалғаусыз орын тәртібі, интонация, көмекші сөздер арқылы байланысуы аналитикалық тәсіл деп аталады. Сөздер арасындағы синтаксистік қатынастарды көрсететін амалдар мұнымен ғана шектелмейді. Тілімізде жалғаулар мен көмекші сөздер бірігіп бір сөз тіркесінің құрамында жұмсалады. Мұндай жағдайларда синтаксистік қатынас екі тәсілдің бірігуінің нәтижесінде пайда болады.

Тіл білімінде сөйлем құрылымында сөз бен сөздің байланысу тәсілдері синтетикалық және аналитикалық деп топтастырылып, синтетикалық тәсілдерде сөздер жалғаулар арқылы байланысады, ал аналитикалық тәсілдерде сөздердің орын тәртібі, интонация, көмекші сөздер арқылы байланысады деп айтылып жүр. Алайда, сөздер синтетикалық тәсілдер арқылы байланысқанда олардың арасында тек жалғаулар емес, жұрнақтар да дәнекерлік ете алады. Байланысу тәсілінің осы түрінде сөз бен сөз арасында дәнекерлік ететін ең өнімді жалғау септік жалғаулары болып табылады. Оларды есімді және етістікті сөз тіркестерін жасайды деп жалпылама қарастырады. Септік жалғауларын жеке-жеке саралап қарағанда олардың әрқайсысының тек өзіне ғана тән ерекшеліктердің бар екендігі байқалады. Мәселен, сөздер табыс септіктермен байланысқанда тек етістікті сөз тіркестері жасалады.

Сөздердің көмекші сөздер арқылы байланысы аналитикалық тәсілге жатады. Бірақ көмекші етістіктер арқылы байланысқан сөздердегі байланыс түрі жалғау мен көмекші сөздердің бірлігінде жасалады. Көмекші сөздер мен жалғаулардың бірлігінде жүзеге асатын байланыс түрі синтетика-аналитикалық деп аталады. Синтетика-аналитикалық тәсілдерге негізінен септік жалғаулары қатысатын болса, көмекші сөздердің ішінен шылаулар, көмекші есімдер, көмекші етістіктер және модаль сөздер қатысады. Аталған көмекші сөздердің сөз тіркестерін байланыстырудағы рөлі, ондай байланыста жұмсалған тіркестердің құрамын айқындау тіл білімінде әлі де болса тереңірек зерттеуді қажет етіп келе жатқан мәселе.



ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ СӨЗДЕРДІҢ БАЙЛАНЫСУ ТӘСІЛДЕРІ. СИНТЕТИКАЛЫҚ ТӘСІЛДЕР
1.1 Сөздердің байланысу тәсілдерінің тіл біліміндегі зерттелуі

Ғылымның кез келген саласы белгілі бір тарихи қалыптасу, даму кезеңдерінен өтеді десек, тіл біліміндегі синтаксистің бір бөлімі болып табылатын сөз тіркестері туралы пайымдаулар да ғылымда бірден пайда бола қойған жоқ. Тіл білімі ғылымының даму кезеңдеріне сай олардың да белгілі бір даму сатылары бар. Сөз тіркесітерін синтаксистің бір нысаны ретінде зерттеу әр кезеңде түрлі деңгейде болды және тіл-тілдегі сөз тіркестерінің байланысу тәсілдері туралы айтылған ой-пікірлер де әрқилы.

Жалпы сөз тіркестері жайында сөз ең алғаш рет ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап айтыла бастады. 70-жылдары орыс әдеби тілінде И.А. Бодуэн де Куртенэ алғаш рет аналитикалық элементтер жайында пікір білдірген. Сондай-ақ зерттеуші М.А. Казем-Бек «Общая грамматика турецко-татарского языка» атты еңбегінің синтаксиске арналған бөлімін «Сөз тіркестері» деген атпен бастап, онда сөздердің байланысу, тіркесу амалдарына тоқталып өткен. 1894-97 жылдар аралығында орыс тілінде жарық көрген «Қазақ-қырғыз тілдерінің қысқаша грамматикасы» атты еңбекте П.М. Мелиоранский де синтаксистің біраз мәселелерін сөз етеді.

Орыс тіл біліміндегі сөз тіркестері туралы алғашқы пікірді В.В. Виноградов, А.М. Пешковский, А.Х. Востоков, Н.М. Кошанский, Л.А. Булаховский, И.С. Ильинский т.б. еңбектерінен көруге болады. Зерттеушілер сөз тіркестерінің байланысуы туралы түрлі пікірлер білдіріп, олардың ара жігін ажырату жөнінде құнды пікірлер айтқан.

Синтаксистегі меңгеріле байланысқан сөз тіркестерін тереңірек зерттеп, оның негізін салған академик А.Х. Востоков болды, Н.М. Кошанский, Н. Герч, Ф.И. Буслаев еңбектерінде бұл мәселелер төңірегіде жекелеген пікірлерді байқауға болады. Ал орыс тіл білімінің зерттеушісі А.М. Пешковский тілдегі сөз тіркестерінің байланысу түрлеріндегі күшті меңгерілуі (силвное упровление) және әлсіз меңгерілуі (слабое управление) туралы айтқан пікірі сөз тіркестерінің байланысын саралауға жасалған елеулі қадам еді.

Н.В. Крушевский аналитикалық және синтетикалық тілдер жүйесінде тілдің синтетикалық жүйеден аналитикалық жүйеге көшіп, араласып жататынын көрсетеді, оны мысалдармен дәлелдейді.

Сондай-ақ синтетикалық тәсілдер туралы, оның сөздерді байланыстырудағы ерекшелігі туралы 1954 жылы жарық көрген «Грамматика русского языка» атты еңбекте айтылады. Мұнда сөз тіркестерін байланыстырудағы синтетикалық тәсілдердің ерекшеліктері айқындалып, «для управления косвенными падежами преимущественно имен существительных и местоимений с предметным и личным значением, а также разных субстантивированных слов, или для присоединения их по способу примыкания» [20, 35 с.], – деп көрсетіледі.

Орыс тіл білімінде синтаксис мәселелерін, оның ішінде сөйлемдегі сөздердің өзара байланысы туралы салалы пікірлер айтқан ғалымның бірі – Н.Н. Прокопович болатын. Ол өз еңбегінің «Сөз тіркесі туралы ілім және оның ситаксистегі мәні мен орны» атты еңбегінде синтаксис ғылымының негізгі үш зерттеу объектілері бар деп қарастыра отырып, оның алғашқысы, коммуникативті қызмет атқаратын және предикативті қатынастарды білдіретін сөйлем құрлымы (предикативная единица) туралы ілім деп аталса, ал екіншісін, өз бетінше коммуникативті қызмет атқармайтын және синтагматикалық қатынастарды білдіретін сөздердің тіркесімділік құрылымы (синтагматические единицы) ілім дейді. Аталған топтың үшіншісі, коммуникативті қызмет атқаратын және өзара синтагматикалық қатынастар арқылы байланысқан предикативтік бірліктерден құралған күрделі синтаксистік тұтастықтар (синтагматика предикативных единиц) туралы ілім деп көрсетіледі. Берілген сараптамалар бойынша синтаксистік зерттеу нысандарының бірі болып табылатын сөз байланысы (синтагматикалық бірліктер, тұтастықтар) терминінің кең ауқымды ұғым екендігін, олардың сапалық қатынастары жағынан бір-біріне ұқсамайтын екі тобы бар екенін айтады.

Сөздердің салаласа байланысу туралы мәселе күні бүгінге дейін түрлі деңгейде қарастырылып келеді, сөйлем құрамында жиі ұшырасатын байланыс түрінің тілдердегі мұндай үлгілерін лингвист ғалымдар «салалас сөз тіркестері», «тұйықталған тіркестер», «сөз тіркестерінің әлсіз топтары» деп түрліше атайды. Олардың кейбіреулері бірыңғайлық қатынастағы сөздер тобын сөз тіркестері синтаксисінде қарастырса, ал енді бір топ ғалымдарды салаласа байланысқан сөздердің синтагмалар жүйесінде қаралуы тұйыққа тіреді. Өйткені салаластық байланыстағы сөздер арасындағы қатынас сөз тіркестері деп аталып жүрген синтаксистік құрылымдардың көрсеткіштеріне қайшы келеді. Алайда ғалымдар салалас байланыстарды синтагматикалық қатынастар шеңберінде саралағанымен, оларды сабақтастық қатынастағы сөз тіркесінен оқшаулап тұратын қарама-қайшылықтардың бар екендігіне сүйене отырып, сөз тіркесінің ерекше тобы деп қарастырады.

Н.Н. Прокопович бұл мәселе төңірегінде бірқатар сұрақтардың басын ашып, өзінше жүйеледі. Сөздер арасындағы салаластық байланыстың сабақтастық байланыстағы сөздерден басты айырмасы, – деп көрсетеді ғалым, – олардың құрылымында, компонентері арасындағы қатынастың қасиетінде, яғни салалас байланыстағы сөздер синтаксистік қатынас тұғысынан алғанда «ашық», «тұйықталмаған» сөздер тобынан құралады. Осылайша салаласа байланысқан сөздер белгілі бір дәрежеде номинативтік қызметте жұмсалуға қабілеттірек дей келіп, «Они, в отличие от подчинительных соединений, не представляют собою результата распространения одного знаменательного слова другим. В них нет стержня, то есть стержневого слова, принадлежащего к той или иной части речи и определяющего разряд соединения слов – глагольное, именное и т.д. В них нет, следовательно, отношения определяемого и определяющего» [9, 17 с.], – деген қорытынды жасайды.

Сөз байланысы немесе сөз тіркесі деп аталатын категориялардың қай-қайсысы болмасын өздері қатысатын сөйлем құрылымымен коммуникативті тұлға ретінде тығыз байланыста болады. Бұл синтаксистік тұлғалардың бір-біріне тигізетін ықпалы сөйлеу барысында байқалады. Н.Н. Прокопович салаласа байланысқан сөздерді осы тұрғыдан алып қарастырғанда олардың дамуын байқауға болады дейді. Сабақтаса байланысқан сөздер сияқты салаласа байланысқан сөздер тобы да есім тұлғалы сөздердің қалыптасуында үлкен рөл атқаратындығын айтады. Мысалы ретінде орыс тілінде тіркес болып қолданылып жүрген «отец и мать; ни свет, ни заря; день и ноч; униженные и оскарбленные» секілді сөздер арасындағы салаластық байланыстарды келтіреді. Осылайша салаласа байланысқан сөздер тобының ерекшеліктерін және оларға қатысты бірқатар мәселелердің зерттелуі сөзжасам теорияларына да, сөз тіркесі синтаксисіне де өте қажетті екендігін көрсетеді.

Түрлі сөз таптарынан сөз тіркестерінің жасалуында басыңқы сөздің сөзжасамдық тұлғасы айтарлықтай рөл атқарады дейді ғалым. Сөз тіркестерінің басыңқы компоненттеріне қарай сөз таптарына ажырату, әрі сөзжасамдық тұлғаларына орай саралау, олардың арасындағы байланыстық дәрежесін анықтауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ ғалымның зерттеуінен бұл мәселенің екі жақтылығын байқауға болады: біріншіден, сөзжасамдық тұрғыда сөздердің бір сөз табынан екінші сөз табына ауысуы арқылы сөз тіркестерінде негізгі түбірдегі байланысу тәсілдері екіншісіне берілсе, екіншіден, сөз тіркестерінде басыңқы компоненттердің түбірлес болуы арқылы біріндегі байланыс түрі екіншісінде түбір тұлғалардың ортақтығы арқылы көрініс табады.

Орыс тіл білімінде сөздер арасындағы байланыстарды, нақтырақ айтқанда, сөздерді байланыстырудағы тілдегі «предлогтардың» атқаратын синтаксистік қызметі туралы зерттеу жасаған ғалымдардың бірі – В.П. Малащенко. В.П. Малащенко орыс тіліндегі «предлогтардың» түрлі қарым-қатынастарды білдіре отырып, сөз тіркесіндегі сөздер арасында синтаксистік байланыстардың түр-түрін жасауға қатысатынын, әрі байланыстың бұл түрін топтарға бөліп жіктеу әртүрлі «предлогты» сөз тіркестерінің түрлерінің өзара ықпалын және қалыптасу ережелерін зерттеуге байланысты синтаксис теорияларындағы бірқатар күрделі мәселелерді шешуге мүмкіндік беретінін айтады. Тілдегі «предложное управление» деп аталатын сөз тіркестерінің құрамына енетін сөздер арасындағы түрлі қатынастарды зерттеу нысаны ретінде қарастырған ғалым, предлогты синтаксистік байланыстың жасалуына қатыса отырып, екі түрлі қызмет атқара алады дейді: «Если предлог обладает ярко выраженным лексическим значением, он способен управлять падежной формой сомостоятельно; если это значение ослабленно или утрачено, он служат лишь средством управления, мотивировкой употребления падежной формы» [13, 4 с.]. Сондай-ақ ғалым «предлогты» сөз тіркестері сөйлемнің құрылымында қалыптасатын, оның құрылыс материалы ретінде пайда болған синтаксистік бірліктер деген түсіндірме жасайды. В.П. Малащенко орыс тіліндегі «предлогтар» мен септік жалғауларының арасындағы байланысты жан-жақты қарастыра отырып, бұл тұлғада байланысқан сөздерді төрт топқа бөліп қарастырады.

Cөйлем ішінде жекелеген сөздердің синтаксистік ара қатынасын анықтауда орыс тілінде бірқатар зерттеулер жасалса, солардың бірі ретінде Л.Д. Чеснокованы атауға болады. 1980 жылы жарық көген «Связи слов в современном русском языке» атты еңбегінде Л.Д. Чеснокова сөз тіркестеріне қатысты бірқатар мәселелерді қарастырады. Сөздердің байланысы туралы: «Связь слов – это соедиение слов, выражающее с помощью определенных средств смысловое отношение между этими словами» [8, 6 с.], – деген анықтама берген. Сонымен қатар «сөз байланысы» лингвистикалық әдебиеттерде келесі мағынада қолданылып жүргендігін айтады: біріншіден, негізгі сөздердің нақтылы тіркесуінің дәлелін білдіруші, «сөздерді біріктіру, қиюластыру» терминінің синонимі ретінде; екіншіден, синтаксистік байланыстардың өзін білдіруші ретінде; үшіншіден, синтаксистік қатынастарды білдіру үшін қолданылатын қалыпты құрал мағынасында; төртіншіден, сөздерді байланыстырудың нақты тәсілдерін, мәтінге сөздерді енгізу тәсілдерін білдіруші ретінде. Осында аталған сөз байланысының сөйлем құрылымында ерекше қызмет атқаратыны, атап айтқанда, сөз бен сөздің арасындағы синтаксистік қатынасты анықтауда, сөз тіркестерінің синтаксистік құрылымын жасауда және сөздің лексикалық мәнін беру, ашу үшін жағдай туғызуда маңызды рөл атқаратыны көрсетілген. Л.Д. Чеснокова өз еңбегінде бұған дейін де айтылып келген көмекші сөздердің сөз тіркесіне қатысы туралы айтып, оны жан-жақты саралап, негізгі сөз таптарына орайластыра салыстырып көрсетеді.

Қазақ тіліндегі сөз тіркестерінің зерттелуі туралы сөз қозғалатын болса, оны өзге түркі тектес тілдердің зерттелуімен орайластыра қарастырмауға болмайды. Өйткені тілдегі құбылыстарды, онда өтетін өзгерістер мен даму сатыларын зерттеуде ғылымда көп жағдайда салыстыра қарастыру принциптері ұстанылады. Сәйкесінше тілдік фактілерді дәлелдеуде ғалымдар туыстас тілдердегі зерттеулерге де сүйенетіні хақ.

Өзбек, қазақ, қырғыз, түрік тілдерінің зерттелуіне айтарлықтай еңбек сіңрген А.Н. Кононов, сөз тіркесінің байланыстары туралы да бірқатар тұжырымдамалар жасаған. Ол сөз тіркесіне берген В.В. Виноградовтың анықтамасын негізге ала отырып, сөз тіркесі лексикалық және синтаксистік болады, екі жағдайда да олар синтаксистік қатынаста болады деп көрсетеді. «Түрік тілінің синтаксисі» жөнінде жазған еңбегінде сөз тіркестерінің байланысу түрлерін меңгеру, қиысу және қабысу деп бөледі және олардың сөз таптарына қатысы туралы айтылады. Тілдегі зат есім, сын есім, үстеу сөздер ешқандай морфологиялық көрсеткіштердің қатысынсыз-ақ синтаксистік байланысқа түседі және бұл өте жиі қолданылатын тәсіл ретінде қарастырылады. «Синтаксическая связь в таких словосочетаниях основывается на местоположении этого, по существу, аморфного слова, а потому любой определитель (определение, обстоятельство, придаточное предложение) и в определенных случаях дополнение занимает строго определенное место перед определяемым или, соответственно дополняемым» [12, 374 с.]. Мұнда сын есімдердің анықтауыштық қызмет атқаруы арқылы өзі анықтайтын сөздің алдында тұрып, орын тәртібі, яғни аналитикалық тәсіл арқылы байланысуы көрсетілсе, кей жағдайларда септік жалғауларының, нақтырақ айтқанда, табыс септігінің түсірілуі арқылы аналитикалық жолмен байланысады делінеді. «Имена, служащие для обозначения объекта, в функции прямого дополнения выражаются формами основного падежа (синтаксические отношения выражаются способом примыкания) или винительного падежа (синтаксические отношения выражаются способом управления)» [12, 377 с.].

А.Н. Кононов өз зерттеулерінде сөз бен сөзді байланыстыруда жіктік жалғауларының қатысын да сөз етеді. Түркі тілдерінде, негізінен бұл қосымшалар тұрлаулы мүшелердің арасындағы байланысты көрсетеді. Сәйкесінше тілдік ерекшеліктері де жоқ емес. Осы орайда, ғалым бастауыш пен баяндауыштың арасындағы көптік тұлғалардың да ерекшелігіне назар аударған. Онда түрік тілінде бастауыштың көптік тұлғада берілуі баяндауышқа қатысты болмайды, ол сөйлем құрылымында айтылатын жалпы ойға тұтастай байланысты деп көрсетеді. Мысалы: «чожуклар гелди» – дети (детвора) пришл-и (-а), – «чожуклар гелдилер», «баи гелдилер» – господин пришли. Көрсетілген мысалдар ІІІ жақта тұрғанын ескерсек, қазақ тілінің грамматикасына сәйкес мұндай өзгерістерді байқауға болар еді.

Түркі тілдеріндегі сөз тіркесінің байланысын жан-жақты қарастырып, зерттеген алғашқы ғалымдардың бірі – Е.И. Убрятова. Е.И. Убрятованың еңбектерінен сөз тіркесі туралы зерттеулердің бірқатар ілгерлеуін байқауға болады. Ол сөйлем құрылымына кіретін сөздер арасындағы байланыстар түрлі амалдар арқылы жүзеге асады дей келіп, «Форма словосочетания образуется с помощью показателей синтаксических отношений: аффиксов принадлежности, аффиксов сказуемости, падежных аффиксов, некоторых словооброзовательных аффиксов и служебных слов. Отсутствие специальных оформителей синтаксических отношений также может служить признаком формы словосочетания» [7, 27 с.], – деп сөз тіркестерін байланыстырудағы әртүрлі тәсілдердің қатысатынын саралайды.

Еңбекте сөз тіркесінің байланысу тәсіліне сәйкес якут тіліндегі келесі түрлері ажыратылады: қабысуға құралған сөз тіркестері; изафеттке құрылған сөз тіркестері; меңгеруге құрылған сөз тіркестері; қиысуға құрылған сөз тіркестері; басқа тәсілдермен байланысқан бірыңғай мүшелер сөз тіркесі. Қабысудағы сөз тіркестерінде негізгі байланыс түрі олардың орын тәртібі делінсе, изафеттік құрылыстағы сөз тіркестері меншіктілік мәнді аффикстер көмегімен жасалады. Г.У. Эргис, И.А. Батманов және М. Балақаев байланыстың бұл түрін «тәуелді байланыс» деп атайтынын, бұл ұстанымның дұрыс екенін атап көрсетеді. «Этот особый синтаксический способ связи слов играет очень важную роль в тюркских, монгольских, тунгусо-маньчжурских и некоторых других языках. Уже одно такое широкое распространение требует выделения изафета как особого способа связи слов в предложении» [7, 38 с.].

Қандай да бір морфологиялық көрсеткіштердің көмегінсіз, сөздердің орын тәртібі арқылы якут тілінде зат есім, сын есім, сан есім және үстеу сөздер байланыса алады дейді ғалым. Орын тәртібі арқылы байланысқан сөздердің компоненттерін бөле саралап, олардың басыңқысы және бағыныңқысы туралы айтылады. Дәлірек айтқанда, мұндай байланыста бағыныңқы компонент сөз табының қай-қайсысынан болмасын жасала береді, ал бірақ басыңқы сөз тек зат есім немесе етістіктен жасалады дейді. «Что же касается второго члена словосочетания, построенного на примыкании, то он может быть выражен только двумя частями речи: именем существительным и глаголом» [7, 32 с.]. Осыған сәйкес бұл сөз тіркестері есімді және етістікті сөз тіркестері деп ажыратылады. Бағыныңқы компоненттер өздерінің басыңқыларына қатысты анықтауыштық және пысықтауыштық қатынаста болады, зат есімді тіркестерде анықтауыштық қатынас байқалса, ал етістікті сөз тіркестерінде пысықтауыштық қатынас көрініс табады. Сөздердің орын тәртібі арқылы байланысуында тілдегі есімше және көсемше формалары да қатысады. Еңбектен орын тәртібі арқылы байланысатын есімді және етістікті сөз тіркестерінің арасында айырмашылықтар болатынын байқауға болады. Қабыса байланысқан етістікті тіркестер, осындай байланыстағы зат есімді сөз тіркестерінен орын тәртібінің қатаң сақталуымен ерекшеленеді. Екінші сөзбен айтқанда, етістікті сөз тіркестерінің бағыныңқы компоненттері көсемше формаларынан жасалып, өзі бағынатын сөзбен іргелес тұрып та, алшақ тұрып та байланыса алады.

Сөз бен сөзді байланыстыруда түркі тектес тілдерде біршама нақты жүйеге түскен тәсілдердің бірі – бұл сөздердің септік жалғаулары арқылы байланысуы. Түркі тілдеріндегі сөз тіркестерін зерттеген ғалымдардың қай-қайсысы болмасын бұл мәселеге тоқталмай кетпеген. Мұның бірден-бір себебі тілдерде сөздердің синтетикалық тәсілдермен байланысуы сөйлем құрауда негізгі қызмет атқаруында болса керек. Бағыныңқы сөзге септік жалғауларының бірі жалғануы түрлі себептерге байланысты деп қарастырған ғалым, оның бірінші себебі, етістікті сөз тіркесіндегі басыңқы сөздің меңгеру қабілеттілігіне байланысты, екіншіден, синтаксистік конструкцияларға байланысты болады дейді. Дегенмен, бағыныңқының септік тұлғасы сол септік жалғауының семантикасына және сөйлемде атқаратын синтаксистік қызметіне байланысты анықталады дей отырып, септік жалғауларының көмегімен байланысқан сөз тіркестерін үш топқа бөледі: а) словосочетания с глагольным управлением; б) словосочетания с управляемым членом, форма которого зависит от его семантики и роли в предложении; г) словосочетания с конструктивным управлением» [7, 57 с.].

Тілдегі ерекшеліктерді ескере отырып Е.И. Убрятова сөз тудырушы аффикстердің (лаах), сан есімнің (икки), көсемшенің (буолон), көмектес септік аффикстерінің (лыын) сөйлемдегі бірыңғай мүшелердің сөз тіркесін құрауға қатысатынын айтады.

Ғалымның пікірінше, тілдегі кейбір сөз тудырушы жұрнақтар сөзге жалғанып, олардың арасында синтаксистік байланысты көрсету үшін қолданылады. Еңбекте берілген мысалдарға, дәлелдерге сүйенер болсақ, саһыл сақа (лисий воротник) – түлкі жаға. Мұндай жолмен байланысқан тіркестер қазақ тілінде де кездеседі. Алайда, осы тіркестің соңғысына якут тіліндегі «лыы» үстеу тудыратын жұрнақ жалғанғанда олардың басқа сөздермен байланысуын қамтамасыз етеді дейді. «Некоторые словообразовательные аффиксы, присоединяясь к словосочетанию, выполняют в отношении его чисто синтаксические функции. ... так как в этом случае словообразовательный аффикс наречий -лыы будет служить средством выражения синтаксического отношения словосочетания саһыл сақа «лисий воротник» к другим словам в предложении» [7, 30 с.]. Сонымен қатар зерттеуде якут тіліндегі сөз таптарының сөз тіркесі компоненттерінде жұмсалуына да ерекше көңіл бөлінген.

Түркі тектес тілдердің ішінде сөздердің байланысу тәсілдері туралы бірқатар пікірлер татар тілін зерттеуші ғалымдардың арасында айтылды. Сөз тіркестері татар тілінде ХІХ ғасырдың алғашқы жартысында кең көлемде қарастырыла бастады. Синтаксис саласында А. Троянский сөз тіркестері туралы жалпылама түсіндірмелер береді. Алайда, оның еңбектерінде сөздерді байланыстыратын амал-тәсілдер, сөз тіркесінің түрлері, ондағы басыңқы және бағыныңқы компоненттердің ара қатынасы туралы айтылмады. Кейінірек сөз тіркестерін өз зерттеулеріне арқау еткен К. Насыров сөз тіркестерін екі негізгі топқа бөліп қарастырды. Оның алғашқы тобы толық сөз тіркестері делінсе, екіншісі толық емес сөз тіркестері деп аталды. Зерттеушінің пікірінше, толық сөз тіркестеріне предикаттық қатынастарды білдіретін сөз тіркестері және басыңқы сыңары етістіктен болған сөз тіркестері жатады. Ал, толық емес сөз тіркестерінің қатарына есімді сөз тіркестерін жатқызады.

Татар тіліндегі сөз тіркестері мәселелерін Дж. Валиди де зерттеді. Сөз тіркестері компоненттерінің сабақтастық байланыста болатынын көрсете отырып, осы байланыстағы сөздерді үлкен үш топтағы сөз тіркестеріне жіктейді. Оның алғашқысын «анықтағыштық сөз тіркестері» деп атап, орын тәртібі арқылы байланысатын есімді сөз тіркестерін жатқызады. Сондай-ақ олардың бірінші бағыныңқы сөзі сын есім, есімше немесе сан есімдерден жасалады деп көрсетеді. Сөз тіркестерінің екінші тобын түркі тілдерінде изафет аталып жүрген есімді сөз тіркестері құрайды. Олардың қатарына бағыныңқы сөзі есімдерден болған есімді сөз тіркестерін жатқызады және олар «біріктірмелі сөз тіркестері» деп аталған. Ғалымның сараптамасы бойынша, сөз тіркестерінің үшінші тобын етістікті сөз тіркестері құрайды. Оларға «баяндауышты сөз тіркестері» деген атау бере отырып, предикаттық қатынастағы, бастауыш пен баяндауыш арасындағы қиысу формаларын осы етістікті сөз тіркестеріне жатқызады. Сәйкесінше Дж. Валиди өз еңбегінде басыңқы сыңары етістіктен болған барлық сөз тіркестерін сөйлем тұрғысынан қарастырады. Осындай ұстанымды түркі тілінің зерттеушісі К. Насыровтың еңбектерінен де көруге болады. Сондай-ақ мұнда салаластық қатынастағы сөйлемдегі бірыңғай сөйлем мүшелерін де сөз тіркесіне жатқызады.

Сөз тіркесінің құрамына енетін сөздер арасындағы байланысу тәсілдерінің жан-жақты қарастырылуын М.З. Зәкиевтің еңбектерінен көруге болады. Татар тіліндегі сөз тіркестерінің бірқатар мәселелерін өзінің «Синтаксический строй татарского языка» атты еңбегінде қарастырған ғалым сөздер арасындағы предикаттық және модальдық қатынастарға қатысты мәселелердің басын ашты.

Сөз бен сөздің арасындағы сабақтастық байланыстың нәтижесінде сөздер арасында түрлі лексика-грамматикалық қатынастар туындайды. Бұл қатынастардың айырмашылығы мен көптүрлілігі ондағы қатынастардың түріне орай анықталады: сөйлемде хабарланатын заттар немесе құбылыстардың нақтылы шындыққа қатысы арасындағы, сөйлемде хабарланатын сөйлеуші мен нақтылы шындықтың арасындағы қатынастар. Осы орайда зерттеуші сөйлем құрамында атқаратын рөліне орай қатынастарды үш түрге: пердикаттық, нақтылаушылық, анықтағыштық қатынастарға ажыратады.

Предикаттық қатынастардағы сөздер грамматикалық тәсілдер арқылы байланысады және ондағы бағыныңқы сөз басыңқы туралы түрлі мағыналарды хабарлайды деген тұжырым жасаған. Ғалымның дәлелдемелері бойынша тілдегі хабарлау интонациясы, жіктік жалғаулары, белгілі бір дәрежеде көптік жалғаулары және сөздердің орын тәртібі сөздер арасындағы предикативтік байланыстарды білдіретін негізгі құралдар болып табылады. Мұнан өзге сөздер арасындағы түрлі лексика-грамматикалық байланыста предикаттық қатынастарды білдіру үшін өзге де құралдар қатысады, атап айтқанда: меншіктілік мәніндегі -ныкы/-неке (татар тілінде) қосымшалары, кейбір септік -дан /-дән, -га /-гә, -да /-дә жалғаулары және іске қосу -лы /-лә, -сыз /-сәз, -ча /-чә сынды аффикстер. Келтірілген мысалдары: Бу хат минеке: «Это письмо мое», Дошман паникада: «Враг в панике», Ул спорт киеменнән: «Он в спортивном костюме», Бу хат сиңа: «Это письмо тебе», Безнең бер бүлмә өстәлле, икенчесе – өстәлсез: «Одна наша комната со столом, другая – без стола», Аның сөйләшүе саф татарча: «Его разговор чисто татарский».

Сөз бен сөзді байланыстырудағы жіктік жалғауларының алатын орны да біркелкі еместігін көрсете отырып, оларды І, ІІ жақтағы және ІІІ жақтағы баяндауыштық қосымшалар деп екіге бөледі. Олардың арасындағы айырмашылықтарды ежелгі түркі тілінің жазбаларымен, өзге де түркі тектес тілдермен салыстыра қарастырады. І, ІІ жақтағы баяндауыштар тек есімдіктермен ғана байланысады, бастауыш қызметінде жұмсалатын өзге сөздер жіктік жалғауының бұл жағымен байланыспайды. Жіктік жалғауларындағы мұндай ерекшеліктерді олардың шығу төркінімен байланыстырады. Ежелгі түркі тілдерінің нұсқаларына сүйенер болсақ, жіктік жалғаулары есімдіктермен тікелей байланысты, олардың ішінде І, ІІ жақтағы жіктік жалғауларының мен, сен жіктеу есімдіктерінен пайда болса, ал ІІІ жақта есімдіктен өзге сөздер де қолданылған. Сол себепті де ІІІ жақтық жіктік жалғауының негізгі нұсқасы жоқ, әрі ІІІ жақтың аффикстері тек етістікті сөздерде ғана сақталған. Баяндауыш өзге сөздерден болғанда сөздер арасындағы байланыс өзге тәсілдер арқылы жүзеге асады деген пікір айтады.

Сөздер байланысының нәтижесінде туындайтын М.З. Зәкиев көрсеткен синтаксистік қатынастардың екінші түрі – нақтылаушылық қатынас (конкретизирующее отношение). Бұл қатынас байланысының негізгі көрсеткіштері септік жалғаулары. Бірқатар түркі тілдеріндегі септік тұлғалары, олардың сөз бен сөзді байланыстырушылық қабілеттілігі жөнінде жасалған ХХ ғасырдағы зерттеулер көп жағдайда орыс тілінде жасалған талдауларға негізделе отырып жасалынды. Мұндай сараптамалар өз кезегінде тілдің табиғи ерекшелігін ескермеушіліктерге әкеп соқтырды. М.З. Зәкиев татар тіліндегі сөз тіркестерінің септік тұлғалары арқылы байланысуы туралы жазылған еңбектерді қарастыра келе, «Большинство авторов этой группы, ничего не говоря об основной особенности падежей, а именно об их роли в осуществлении связи слов, определяют эту категорию по заранее подготовленным вопросам, или же исходя из понятий управления. В последнем случае получается заколдованный круг, ибо управление определяется через падеж, а падеж – через управление» [10, 87 с.], – деп жазды. Тілдік зерттеулердің қазіргі кезеңінде тек жекелеген септіктердің сөз бен сөзді байланыстырушылық деңгейі болмаса, бұл мәселенің басы толығымен ашылған деуге болар еді. Алай да қазіргі кезеңдегі тілдік зерттеулердің нәтижелері ескерілуі қажет-ақ.

Нақтылық қатынастарды білдіретін құралдар ретінде тілде сөз тудырушы аффикстер қатарында қарастырылып жүрген қосымшаларды атайды. Яғни тілдерде тек жалғаулар ғана емес, жұрнақ аталып жүрген аффикстер де сөз бен сөзді байланыстыруға қатысады. Олардың біріншісі сын есім тудырушы -лы, -сыз жұрнақтары. Татар тіліндегі -лы /-ле және -сыз /-сез аффикстерін зерттеуші антонимдес қосымшалар деп қарастыра отырып, олар сөз тудырушы емес, сөз түрлендіруші қосымшалар, сөздерді байланыстыруға қатысады деп санайды. Ғалымның пікірінше аталмыш аффикстерді сөз түрлендіруші, яғни сөз бен сөзді байланыстырушы тәсілдер деп тануға бірнеше негіз бар: Біріншіден, -лы, -сыз қосымшалары көп жағдайда сөздердің лексикалық мағынасын өзгертпейді. Тіпті бұл қосымшаларды сөз тудырушы деп қарастырған ғалымдардың өзі -лы, -сыз аффикстерінің сөзге жалғанып, өзі байланысатын басыңқыдағы бір заттың бар немесе жоқ екенін ғана көрсететіндігін мойындайды дейді. Айтылғандардың дәлелі ретінде берілген мысалдары: артлы урындык (стул со спинкой – здесь спинка имеется у стула), акылсыз кеше (неумный человек – здесь ум отсутствует в человеке) т.б. Екіншіден, басқа да сөз түрлендіруші қосымшалар сияқты бұл аффикстер де кез келген зат есімдерге жалғана береді. Үшіншіден, аталған қосымшалар сөйлем құрамында дайын күйінде қолданылмайды, белгілі бір сөздерге басқа сөздермен қатынасқа түсу барысында жалғанады және бұл қосымшаларды қабылдайтын сөздердің барлығы дерлік сөздік қорға ене бермейді.

-лы және -сыз аффикстерінің сын есім тудырушы жұрнақтар ретінде танылуына орыс тілі грамматикасының әсері болды деп санайды ғалым. Дәлірек айтқанда, -лы, -сыз қосымшаларын қабылдаған кейбір сөздер орыс тіліне аударылғанда туынды сын есімдермен сәйкес келеді. Алайда, тілдегі қосымшаларды сөзжасам жұрнақтары ретінде қарастыруға бұл негіз бола алмайды. Жағдайға сәйкес қосымшалардың туынды сын есім жасаудан гөрі орыс тіліндегі «с» және «без» предлогтарына сәйкестігін алға тарта отырып, «Приведенные примеры показывают, что аффиксы -лы и -сыз всегда могут переводиться на русский язык предлогами, т.е. средствами связи слов, но не всегда – формами прилагательного. Вот этот последний случай, а именно возможность перевода их формами прилагательного, и тот факт что слова с этими аффиксами обычно являются определениями, послужили основанием для признания аффиксов -лы и -сыз словообразовательными формами прилагательного» [10, 88 с.], – дейді . -лы/-лі, -сыз/-сіз қосымшалары жалғанған сөздердің синтаксистік қызметі туралы осыған ұқсас пікірлерді өзге де түркі тілдерін зерттеуші ғалымдардың еңбектерінен байқауға болады. Мысалы, А.Н. Баскаков бұл аффикстерді зат есімнің атрибутивті-анықтағыштық формалары деп қарастырған.

Татар тілінде сөзжасам жұрнақтары ретінде танылып жүрген -дағы/-дәге және -гы/-ге, -кы/-ке қосымшаларын зерттеуші сөз бен сөзді байланыстыруға қатысатын, сөз түрлендіруші жұрнақтар деп есептейді. Көрсетілген қосымшалардың алғашқысын -да/-дә жатыс септігі мен -гы/-ге аффикстерінен тұрады дей отырып, олардың сөзжасам жұрнақтары ретінде қарастыруға қарсы пікірлер айтады. «Как уже было сказано по отношению к аффиксам -лы и -сыз, эти доводы и здесь являются случайными, не научными, и они появились в языкознании лишь как результат механической пересадки системы русской грамматики на грамматическое учение татарского языка» [10, 89 с.].

Жоғарыда -сыз, -лы, -дагы, -гы аффикстеріне қатысты келтірілген негіздемелерге сүйене отырып, татар тіліндегі -чан/-чән, -лач/-ләч, -лык/-лек, -чыл/-чел, -дай/-дәй, (-тай/-тәй, -лай/-ләй) сияқты аффикстерді де сөз түрлендіруші қосымшалар деп таниды. «Эти и другие словообразовательные формы прилагательного по своим значениям выражают отношения между словами, т.е. осуществляют связь слов в речи. Однако, несмотря на это, они считаются словообразовательными, вернее, эти аффиксы занимают промежуточное положение между словоизменительными и словообразовательными формами. Эта промежуточность, или двойственность, заключается в том, что названные аффиксы не изменяют лексического значения того слова, к которому они присоединяются, а выражают разные отношения между предметами, обозначенными зависимым и господствующим словами, например, еллык азык – пища на год, или годовая пища» [10, 90 с.].

М.З. Зәкиев өз еңбегінде сөз түрлендіруші, яғни сөз бен сөзді байланыстыратын қосымшалар қатарына үстеу сөздер жасайтын -ча (-чә, -нча/-нчә) жұрнақтарын, сондай-ақ етістіктің есімше, көсемше, тұйық етістік, шартты рай категорияларының бірқатар аффикстерін атайды. Мұндағы -ча аффиксі түркі тілдерін зерттеушілердің пікірінше -чаклы септеулігінен туындаған. Сөздер арасында байланыс тудыра отырып, ол салыстыру немесе бір нәрсенің шегі мәнін береді. Ал етістік категорияларының аффикстерін кей жағдайда тұрлаусыз мүшелерге жалғанып, сөзжасам жұрнағы қызметін атқарса, кейде бағыныңқылы сөйлемнің баяндауыштарына жалғанып, сөз түрлендіруші, байланыстырушы қызмет атқарады деп қарастырған.

Сөздер арасындағы байланысу тәсілдері туралы және осы мәселенің төңірегінде зерттеу жасаған ғалым – Абдыкул Жапар болды. Ол қырғыз тіліндегі сөздердің байланысуы туралы «Синтаксический строй кыргызского языка» атты еңбегінде қарастырды. Сөздер бір-бірімен қалай болса солай емес, тіпті айтушының еркіне де қарай емес, әрбір ұлттық тілдің жүйесіндегі сөйлеу тәжірибесінде қалыптасқан үлгілер бойынша, белгілі бір тіркесімділік заңдылықтардың әсерімен ғана байланыса алады деген пікір білдіреді. Негізгі сөз таптарының арасындағы бір-бірімен байланысу қабілеттілігін анықтай отырып, ол әрбір сөз табы өзі сияқты келесі бір сөз табымен байланысуда өзіне тән тіркесімділік ерекшеліктерге сүйенеді дейді. Осылайша негізгі сөз таптарының қатарындағы сөздердің ерекшеліктеріне сәйкес бірі екіншісімен өзгелеріне қарағанда көбірек байланысады, ал кейбір сөз таптары бірімен-бірі байланыспайды, байланысқан жағдайда да ол қандайда бір ерекше себептерге қатысты болады деп көрсетеді. Осы орайда: зат есімдер өзге де зат есімдермен және етістіктермен басыңқы сөз ретінде де, бағыныңқы сөз ретінде де байланыса алады, сын есімдер мен сан есімдер негізінен бағыныңқы компонент ретінде зат есімдермен байланысады, үстеу сөздер етістіктермен тек бағыныңқы компонент ретінде байланысады, ал есімдіктер өздерінің мағыналық топтарына сәйкес өзге сөз таптарымен бірнеше тәсілдер арқылы байланыса алады, оның ішінде зат есімдердің грамматикалық қасиеттерін қайталайтындар және қиысу топтары.

Біздің пікірімізше, бұл нақты бір негізгі ұстаным бола алмайды. Сөз таптарының өзге де сөздермен байланысуында сол сөз табының құрамына кіретін жекелеген сөздердің лексикалық, яғни мағына ерекшеліктері және сөздің тұлғалық құрылымы да ескеріледі. Сондай-ақ мұнда байланысу тәсілдерінің белгілі бір сөз табында қолданылу қабілеттіліктерінің де әсер бар. Тіпті бір сөз табының құрамындағы сөздер түрлі тіркесімділік нормаларын игеруі мүмкін. Бұл сөздер бір-бірімен өздерінің лексикалық мағыналарының ескерілуінсіз қолданылмайтындықтан тіркесетін сөздердің семантикасымен де анықталады. Бірақ сөз тіркестерінің құрамындағы сөздердің семантикалық табиғаты мен грамматикалық құрамына байланысты теориялық жағынан байланысқа түсуге толық мүмкіндігі бар сөздер белгілі бір ұлттық тілде кездеспеуі мүмкін. Мұндай сөздердің тіркесуі сол тілдегі сөздердің сөйлеу тәжірибесінде қолданылмайтындығымен байланысты болады. Айталық, қазақ тілінде зат есімдер белгілі септік тұлғасында тұрып етістіктермен байланыса алады. Алайда, бұл байланыс түрі барлық жағдайда мүмкін деген сөз емес. Мысалы, орыс тілінде қолданылуы мүмкін просыпаться дома, гостинице, в доме у друга т.б. қазақ тілінде байланыстың бұл түрінде теориялық жағынан ешқандай қателік жоқ, ал мағыналық тұрғыдан алып қарағанда, қазақша үйде ояну, қонақ үйде ояну, немесе досының үйінде ояну деп қолдану тіл табиғатының ерекшелігін ескермеу болар еді. Бұл тіркес тек жекелеген авторлардың қандайда бір жағдайды айшықтап көрсету мақсатында ғана қолданылуы мүмкін.

Абдыкул Жапар өз еңбегінде сөз тіркесінің синтаксистік байланысу тұрғысынан мынандай принциптерді ескеру қажет деп санайды: семантикалық өзара қатынас, қалыптасқан тіркесімділік үлгісі, байланыс түрі. Көрсетілген заңдылықтардан тыс бір де бір сөз тіркесі деп танылатын синтаксистік категория болуы мүмкін емес. Олар жоғарыда аталған принцип тұрғысынан өздерінің құрылымы мен қызметі жағынан осы заңдылықтарға байланысты болады деген пікір білдіреді.

Синтаксистік байланыстың көптүрлілігі өзара байланысқа түсетін сөз табындағы грамматикалық құрылымдардың әртүрлілігіне байланысты болады. Сөз тіркесінің түрлерін анықтауда ғалымдар негізінен бағыныңқы сөздің басыңқымен байланысуының тәсіліне сүйене отырып анықтайды. Қырғыз тіліндегі сөз тіркестерін анықтауда Абдыкул Жапар келесі ережелерді ұсынады. Септік жалғауларын қабылдаған сөз таптары өздерінің басыңқыларымен меңгеру арқылы байланысады, жіктік жалғауымен жақтық мағынада қолданылған сөз таптары қиысу арқылы байланысады, сөз түрлендіруші формалары жоқ сөздер қабысу арқылы байланысады т.б.

Предикаттық қатынастағы сөздер сөйлемнің тұрлаулы мүшелері арасындағы байланыстарды білдіреді, сәйкесінше олар тілдегі жіктік жалғаулары арқылы жүзеге асады. Сөз тіркестерінің байланысу түрлерінде бұл қиысу аталады. Осы жіктік жалғауларының сөз бен сөзді байланыстыру қабілеті түркологтар арасында қарама-қайшы пікірлер туындатты. Бұл пікірталас көбіне жіктік жалғауларының ІІІ жақтық көрсеткіштеріне байланысты болды. Мысалы, З.И. Будагова сөйлемнің баяндауш қызметіндегі етістіктер бағыныңқымен тек жіктік жалғаулары арқылы ғана емес, сондай-ақ мұндай синтаксистік байланыс ІІІ жақта шақ және рай категориялары арқылы да жүзеге асады деп санайды.

Бұл мәселе жөнінде Абдыкул Жапар келесі пікірлерді айтады: «Но из-за отсутствия в этих языках личных аффиксов ІІІ лица сказуемые, в зависимости от того, какая часть речи выступает в их функции, могут выражаться и другими способами. Так, например, если сказуемое выражено именной частью речи, то формой сказуемости у него служит постпозитивное положение относительно подлежащего. Если же сказуемое выражено глаголом, то в ІІІ лице формой сказуемости может являтся аффикс времени, деепричастная или условная формы» [11, 73 с.]. Мұнда сөз тіркесінің байланысу түрлері сөздердің синтаксистік қызметімен бірлікте қарастырылған. Аталған етістіктің категориялары, ғалымның пікірінше, тек ІІІ жақтағы баяндауыштардың көрсеткіші ғана, олар сөз бен сөзді байланыстырушы тәсіл немесе сөз байланысының формасы ретінде танылмайды. Еңбекте осы жіктік жалғауларына қатысты, олар бағыныңқы сөзге жалғанады делінген. Алайда, ол сөздің сөйлем мүшелік қызметі тұрғысынан ғана солай болуы мүмкін. Түркі тілдерінің ерекшеліктеріне сәйкес жақтық мағына беретін жіктік, сондай-ақ тәуелдік формалары әдетте өздері байланыстыратын сөздердің басыңқысына жалғанады.

Жіктік жалғауларының баяндауыштарға жалғанып, оның бастауышпен қиысуындағы Абдыкул Жапар көрсеткен тағы бір ерекшелік, бұл байланыстағы сөздердің көптік мағынада қолдануында. «Вторым способом согласования сказуемых с подлежащими в числе является отсутствие или наличие у сказуемых специального аффикса множественного числа. Такая форма наблюдается только у сказуемых в ІІІ лице. Она возникла и развилась из-за отсутствия личных аффиксов ІІІ лица. Наличие специального аффикса указывает на связь сказуемого с подлежащим во множественном числе ... У сказуемых, выраженных именами существительными, формой связи с подлежащими в числе выступает аффикс множественного числа -лар, а у сказуемых, выраженных глаголами, аффикс множественности -ыш» [11, 74 с.]. Көптік тұлғалар мұнда тек сөздерге жалғанып қоймай, әрекеттің, жай-күйдің бірнеше субъектімен немесе объектімен жүзеге асатынын да көрсетеді. Айта кетер тағы бір жайт, бұл көптік формалары тек етістіктерге және зат есімдерге жалғанады. Баяндауыш қызметінде жұмсалған өзге сөз таптарына бұл қосымшалар жалғанбайды, көптік жалғауларын қабылдаған сын есім, сан есім немесе үстеу сөздер субстантивтік мәнге ие болады да, заттық мағынада жұмсалады.

Түркі тілдеріне ортақ сөздерді байланыстырудың грамматикалық тәсілдері қырғыз тілінде де бар екендігін, олардың синтаксистік байланысу тәсілдеріне қатысын Абдыкул Жапар дәлелді мысалдармен берген. Оның ішінде жоғарыда аталған жіктік және көптік жалғауларына қоса септік, тәуелдік жалғаулары да аталады. Осы орайда тіл білімінде қалыптасқан ереже бойынша грамматикалық құралдар арқылы сөздердің байланысы синтетикалық тәсіл деп қарастырылса, ал аналитикалық тәсілдерге сөздердің орын тәртібі және көмекші сөздер арқылы байланысы жатқызылады. Көптеген түркі тілдерінде дауыс екпіні сөздердің аналитикалық жолмен байланысуының көрсеткіші ретінде танылса, бұл жөнінде ғалым: «На наш взгляд, во всех случаях аналитической связи нет никакой необходимости обращаться к интонации, ибо она не играет никакой решающей роли при определении сочетаемости слов» [11, 69 с.], – дейді.

Бүгінгі таңда біз қарастырып отырған сөз тіркестері туралы, олардың түрлері, формалары, байланысу тәсілдері, сөз тіркестерінің құрамына енетін сөздердің ара қатынасы жөніндегі ғылыми жетістіктер бір күннің жемісі емес. Синтаксистің осы бір саласының бүгінгі деңгейге жетуі үшін көптеген ғалымдар тер төкті. Қазақ тіліндегі сөз тіркестерінің зерттелуі туралы айтқанда, оны зерттеушілердің қатарында Қ. Жұбанов, С. Аманжолов, Н. Сауранбаев, С. Жиенбаев, М. Балақаев, Т. Қордабаев, С. Исаев, К. Аханов, Т. Сайрамбаев, Ә. Аблақов, Е. Ағманов, Р. Әміров, М. Серғалиев, А. Айғабылов, О. Күлкенова т.б. атаған болар едік.

Қ. Жұбанов 1930-40 жылдар аралығында «Ауыл мұғалімі» журналында қазақ тілінің грамматикасына қатысты бірнеше мақала және ғылыми еңбектер жазды. Ол өз еңбектерінде көмекші етістіктер, сөйлем мүшелерінің орналасу тәртібі мәселелерін қарастырған. Онда айтылған ғылыми болжамдар мен деректердің сөз тіркесіне де қатысы бар. Сондай-ақ Қ. Жұбанов өзінің қазақ тілі жөніндегі зерттеулерінде сөз тіркестеріндегі байланыстар туралы сөз қозғай отырып, сөздің орын тәртібі арқылы байланысы өзге тәсілдерден гөрі ертерек пайда болғанын тілге тиек етеді.

Қ. Жұбановтың «Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер» еңбегіне ерекше баға берген І. Кеңесбаев «Қазақ синтаксистік құрлымындағы сөздердің орын тәртібін бар ынта-жігерімен құлшына зерттеп, сөздердің орналасу тәртібінің қалыптасуы мен қазіргі жай-күйін, фактілерін талдады», – дейді [36, 18 б.]. Ғалым ерекше атап өткен осы еңбектен қазақ тіліндегі сөздердің орын тәртібі арқылы байланысының көптүрлілігін мына бір мысалдан да байқаймыз: «...наличие сочетания күн ұзаққа позволяет пологать, что в казахском языке некогда имел место чуждый теперешним нормам порядок слов, по которому определение не предшествовало определяемому, как это делается теперь, а следовало за определяемым, пережитком чего и является данное сочетание» [27, 414 с.]. Зерттеуші осы тәріздес «Елден безіп, адам тағы болып кетіпті, таң жарық» т.б. мысалдарын келтіреді.

Қазақ тілінде әр сөз табы сөйлем ішінде өзінің негізгі синтаксистік қызметінде жұмсала отырып, екінші бір сөзбен түбір тұлғасында тіркесіп, синтаксистік қатынасқа ене алады. Осы аналитикалық тәсілдің нәтижесінде көптеген кісі аттары, күрделі атаулар және біріккен сөздердің жасалатыны тілдік материалдардан мәлім. Тіптен көптеген аффикстер мен көмекші сөздердің өзі әу баста негізгі сөздерден бастау алып, тіл дамуының нәтижесінде сөз тудырушы немесе түрлендіруші құралдарға айналғаны ғылымда сан рет дәлелденген. Осы жөнінде тіл зерттеушісі Қ. Жұбанов өз еңбегінде мынандай тұжырым жасайды: «Во всяком случае бесспорно происхождение наших именных и глагольных окончаний от личных местоимений, что впервые дало повод основоположникам индоевропейского языкознания говорить об агглютинативном происхождении флексии. Мы не можем утверждать, что все флексии агглютинативной природы, так как некоторые из окончаний могут быть органическими частями самих основ, использованными в качестве морфологически самостоятельных единиц в более позднее время, когда флексивный способ уже вошел в быт» [27, 435 с.]. Осының өзі сөздердің орын тәртібі арқылы байланысуы тілде ерекше орын алатынын көрсетеді.

Аталмыш мәселе жөнінде профессор Б. Сағындықұлы да тұжырымдама жасаған. Оның зерттеулерінде қазақ тілі полисинтетикалық кезеңін басынан өткергендігі туралы баяндалады. Яғни, қазіргі қазақ тілінде ертеден келе жатқан жалғаулықсыз сөз тіркесі, сөйлемдердің түрлері сақталған. Мысалы, Орхон-Енесей жазбаларында орын тәртібі арқылы жасалған сын есімді сөз тіркестерін көптеп кездестіруге болады. Бұл жөнінде Е. Ағмановтың «Қазақ тілінің тарихи синтаксисі» еңбегінде де айтылып, бірқатар мысалдар келтірілген: «Сарығ алтун, орүң күмүш ... көлтүрлті. Мұндағы орын тәртібі арқылы жасалған сөз тіркелімдері: сары алтын, ақ күміс» [36, 18 б.]. Бұл сын есімді тіркестердің қазіргі қазақ тіліндегі ақ орламал, сары шаш тәрізді тіркестерден грамматикалық жағынан болсын, семантикалық жағынан болсын көп айырмашылығы жоқ.

Сөз тіркестері жөнінде алғашқылардың бірі болып келесі пікір айтқан ғалым С. Аманжолов болатын. Ол «Қазақ тілі ғылыми синтаксисінің қысқаша курсы» атты еңбегінде сөз тіркестері, олардың арасындағы байланыс туралы: «Кейбір сөз басқа сөзді я сөз тізбегін анықтап, толықтап, пысықтап немесе түрліше қиюласып, бірін-бірі керек ету жолымен байланысады. Мұндай байланыстарды сөйлемдегі сөздердің тіркесі дейміз» [25, 54 б.], – дей келіп, тіркес құратын сөздер белгілі бір заңдылықтарға бағына отырып, байланысқа түсетінін жеткізеді. Сондай-ақ, сөйлем мүшелерінің өзара қарым-қатынасы ретінде жанасу, қабысу, меңгеру-меңгерілу және сөйлем мүшелерінің орын тәртібі қарастырылады. «...бастауыш пен баяндауыш ара қатынасы – қиысу, толықтауыш пен толықтанатын сөз ара қатынасы – меңгерілу, меңгеру, анықтауыш пен анықталатын сөз ара қатысы – қабысу, пысықтауыш пен пысықталатын сөз ара қатысы – жанасу деуіміздің бәрі тілдің ішкі, сыртқы құрылысын талдап білуге қажет болғандықтан алынған шартты категориялар» [25, 56 б.], – дейді.

Жоғарыда көрсетілген байланысу формаларын С. Аманжолов сөз тіркестерінің емес, сөйлем мүшелерінің байланысы ретінде қарастырады. Алайда, бұл қазақ тілінің синтаксисін зерттеудегі алғашқы қадамдар еді.

Зерттеуші сөйлем тиянақты ойды беруі үшін ондағы сөздердің белгілі бір амалдар арқылы байланысатынын көрсете келіп: «Сөйлем жасауда сөз таптарының басын қосу үшін, бір ғана септік жалғауы, не жіктік жалғаулары жеткілікті емес. Сөз бен сөздің басын қосып тұру үшін толып жатқан шылаулар, жалғаулықтар, тәуелдік, көптік, салыстыру, нұсқаулық, мезгілдік, аяныш, шарт мәнді жалғаулар, жұрнақтар және етістердің толып жатқан жұрнақтары қызмет етеді. Бұлармен қатар сөйлем құрауда екпін, ритм, интонация сияқты нәрселердің де рөлі бар. Міне, осылардың бәрін жинап дәнекер атын береміз» [25, 38 б.], – дейді.

Тіліміздегі жай сөйлем мен құрмалас сөйлемдердің синтаксисін тереңінен зерттеген С. Жиенбаев өз еңбегінде үйірлі мүшелерді қарастыра отырып, сөздердің байланысы туралы да құнды пікірлер айтады.

Оның 1954 жылы «Қазіргі қазақ тілі» еңбегі жарыққа шықты. Бұл еңбекте сөз тіркестері сөйлем синтаксисінен бөлініп көрсетіліп, өзіндік ерекшелігі бар мәселе ретінде қарастырылады. Қазақ тіліндегі сөйлемдердің құрамындағы сөздер салаласа және сабақтаса байланысатындығы туралы да ең алғаш рет осы еңбекте айтылды. Алайда, мұнда сөз тіркестері сөз таптарының байланысы емес, сөйлем мүшелерінің байланысы ретінде қарастырылады.

Қазақ тілінің синтаксисін зерттеуде, ондағы тілдік ерекшеліктерді айқындап белгілеуде профессор М. Балақаевтің орны ерекше. Ол өзінің еңбегінде: «...синтаксистік қарым-қатынасты білдіру үшін кемінде толық мағыналы екі сөздің сабақтаса байланысқан тобын сөз тіркесі дейміз» [2, 27 б.], – деген анықтама бере отырып, сөз тіркесінің құрамы, құрылысы, оларды топтастыру, түйдекті тіркестер, сөздердің тіркесу тәсілдері мен байланысу формалары жөнінде құнды-құнды пікірлер айтты.

«Қазіргі қазақ тілі» аталатын синтаксис мәселелеріне арналған еңбегінде прфессор М. Балақаев сөз бен сөзді байланыстыруға дәнекер болатын тәсілдер жалғаулар, шылаулар, сөздердің орын тәртібі, интонация деп көрсетеді. «Сөз тіркесіндегі сөздердің қосымшалар арқылы байланысуы – синтетикалық байланыс, қосымшасыз, орын тәртібі, интонация, шылаулар арқылы байланысуы аналитикалық байланыс болады» [2, 34 б.]. Ғалым мұнан әрі сөз тіркестерінің байланысу формаларына қарай жіктей келіп: «есімді сөз тіркестері қабыса, матаса және меңгеріле байланысады, ал етістікті тіркестер меңгеріле, қабыса байланысады» [2, 49 б.], – дейді.

Синтетикалық байланыс түрінің изафеттік құрылыстағы сөз тіркестерінің бағыныңқы сыңарларында кей жағдайда ілік септігінің түсіріліп айтылатыны белгілі. Сөз тіркесін құрауға ілік септігінің қатысу, қатыспауы олардың байланысу тәсілдерінің ара жігін ажыратуда біршама қиындықтар тудырады. Бұл мәселеге қатысты даулы мәселелер де жоқ емес. Зерттеуші-ғалым М. Балақаев, Т. Қордабаевтар осы мәселелер төңірегінде сөз қозғай келіп: «Егер тәуелдеулі тәуелді заттың қай затқа (не кімге) меншікті, қатысты екенін әдейілеп, арнап көрсету керек болғанда, ілік септігіндегі сөз жалғаулы болады. Ал мұндай құрамдағы сөздердің бірі екіншісіне заттық сапа ретінде жұмсалса, ол – жалғаусыз болады» [2, 51 б.], – дей келіп, мынандай мысалдармен түсіндіреді. Институттың директоры, институт директоры, қант қызылшасы. Берілген сөз тіркестерінің ара қатынасын «бұларда ілік жалғаулы сөзі бар тіркестерге тән мағыналық қатынастардың жоқтығында» [2, 52 б.], – деп түсіндіріледі.

Сөз тіркестеріне қатысты айтылып жүрген бірқыдыру мәселелердің басын ашуда елеулі еңбек еткен ғалымның бірі – профессор Т. Сайрамбаев. Ол өзінің зерттеулерінде сөз бен сөзді байланыстыруға көмекші етістіктердің де қатысы бар екендігін алғашқылардың бірі болып айтқан. Т. Сайрамбаев: «Сөз тіркесіндегі сөздердің көмекші етістіктер арқылы байланысуы дегенде көмекші етістіктер тілімізде көп емес екені белгілі. Бірақ саны аз болса да олардың сөз бен сөзді байланыстыруда өзіндік орны бар. Әрине, сөз бен сөзді байланыстыру көмекші есімдер сияқты актив құбылыс емес. Дегенмен, тілімізде кездесетін бұл да бір құбылыс екені даусыз» – дей келіп, дәлел ретінде келесі мысалды алға тартады. Мысалы: Оның не екенін жүрегің сезіп тұр (Ә. Нұрпейісов)» [5, 60 б.].

Қазіргі қазақ тілінің белгілі зерттеушісі, ғалым Т. Сайрамбаев өзінің «Сөз тіркесі мен жай сөйлем синтаксисі» атты еңбегінде ілік жалғаулы сөз тіркестерінің ерекшеліктерін айта келіп, «Кейде ілік жалғаулы сөздер үнемі өзі басыңқы сөзімен сөз тіркесін құрауға қатыса бермейді. Мысалы: Бір елдің ішінде жамағайынды кісі бірге туғандай көріп, іші елжіреп, жақсы көріп тұрып елге келсе, әрберден соң қайта қашқандай қылатұғыны қалай (Лениншіл жас) деген сөйлемдегі ілік жалғаулы ел зат есімі іші көмекші есімімен байланысып сөз тіркесін құрай алмайды. Ондай кездегі ілік жалғауы көмекші сөздермен түйдектік тіркес құрауға қатысты» [5, 51 б.], – дейді. Ғалымның бұл пікірі орынды да. Сөз тіркестеріне берілген ережеге сүйенетін болсақ, олар сөз тіркесінің бір сыңарында қызмет атқарады. Профессор Т. Сайрамбаев өз еңбегінде көмекші есім, көмекші етістіктермен қатар модаль сөздердің де сөз бен сөзді байланыстыруға қатыса алатындығын, осы арқылы аналитикалық тәсілдің бір көрінісі бола алатындығын дәлелдеп берді.




Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11


©netref.ru 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет