Шығармашылық бастауы үйірмеден



жүктеу 150.03 Kb.
Дата28.04.2016
өлшемі150.03 Kb.
: files -> sites
sites -> «№ мектеп-лицей» мемлекеттік мекемесі
sites -> Абайдың көркем мәтіні
sites -> Шалгымбаева Самал Тойшанқызы Астана қаласы №58 мектеп- гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі
sites -> Музыка 2 вариант
sites -> Сабақ жоспары: «Абай Құнанбаев»
sites -> Тақырыбы: «Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы» атты Абай оқулары байқауы Байқаудың мақсаты
sites -> Сабақтың тақырыбы: Квартет Сабақтың мақсаты
sites -> Қазақстан Республикасы Ғылым Академиясы М. О.Әуезов атындағы Әдебиет және Өнер Институты
sites -> «№ мектеп-лицей» мемлекеттік мекемесі Күнтізбелік- тақырыптық жоспар
sites -> Вопросы к экзамену по дисциплине «конституционное право зарубежных стран»
Шығармашылық бастауы - үйірмеден

Астана қаласы

№35 мектеп-лицейінің

11 «А» сынып оқушысы

Аманова Арайлым

Биылғы жыл мен үшін өте айрықша, ерекше жыл болды. Оқушылардың шығармашылығының шыңдалып, дарындылығының ашылғанына куә болдым. Қазақ халқымыз "Болар баланың бетін қақпа, белін бу" деген сөзі ойыма оралып отыр. Баланың белін буып, оқушылардың жүрегіне жол таба білген мұғалімім туралы, оның бізге қосқан үлесі туралы айтқым келеді.

Биылғы оқу жылында мектебіміз, №35 мектеп-лицейінде «Сыр сандық» үйірмесі өзінің жұмысын бастады. Үйірме жетекшісі- қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Елубаева Гүлнар Тоқтарбекқызы. Жетекшіміз 8-11 сыныптар аралығындағы оқушылардың бойындағы дарынын ұштап, өлең жазуға енді бет бұрып жатқан жас ақындарды баптау үшін аптасына бір бас қосып, сабақ өткізеді. Ақындардың өлеңдерін талдау, өлеңдерінің құрылымдарын, ұйқастарын, мән-мағынасын тізбеге қою, ақындардың туындыларын бір-біріне оқытып талқылау сияқты жұмыстар жүргізеді. Әңгіме жанрына қалам тартқан оқушылардың да аз шығармашылығы назардан тыс қалған емес.

Үйірме жұмысының нәтижесі өз жемісін беріп те үлгерді. Жас ақындар көптеген аудандық, қалалық мүшайраларға, сайыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жатыр. Атап айтқанда, осы үйірменің мүшесі 10"а" сынып оқушысы Канафин Әділеттің тұла бойына тұнған өнері жанартаудай атылып жарыққа шықты. "Тәуелсіздік - ұраным, таусылмайтын жыр-әнім" атты тәуелсіздік күніне арналған ақындар мүшайрасында 3-орын, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың аудандық және қалалық оқуларында 1-орын, қалалық Ғафу Қайырбеков оқуларында І орын, аудандық Махамбет оқуынан бас жүлдені, ұлы ақын Абайдың аудандық оқуынан 1-орын, қалалық оқуынан бас жүлдені қанжығасына байлап, республикаға Астана намысын қорғауға жолдама алды. 11-сынып оқушысы Аманова Арайлым Төлеген Айбергенов оқуларының ІІІ орын жүлдегері атанды. Арайлымның жазған әңгімелері үйірмеде ортаға салынып, талқыланды. Үйірменің басқа да жас ақындарын атап өткім келеді, олар: Джубандыкова Айнұр, Тұяқбай Жеңіс, Қуанышбек Ерсұлтан. Үйірменің әр мүшесі аудандық, қалалық сайыстарға қатысып, өз өнерлерін шыңдауда. Абай атамыз: "Өзіңе сен, өзіңді алып шығар еңбегің мен ақылың екі жақтап»,-демекші, жетекшіміз ұштап жатқан әр қырымыз алдағы өмірімізге үлкен тәжірибе болады деп есептейміз.
Болашақта аталмыш үйірменің жеңісі мен жемісі көп болғай! Біздің алтын ұя мектебіміздің абыройын асқақтата берейік!
Жас ақын Канафин Әділеттің және Аманова Арайлымның қаламынан туған туындыларын сіздерге ұсынбақпыз.




ОТАНЫМ

Тәуелсіз қазағым- ұраным,

Қалықтар көктегі қыраным.

Бірлікті қазына тұтатын,

Қазағым, қайран ел, шырағым.

Асудан асқармен таласқан,

Бірлігі бұл елдің жарасқан.

Биікте тұратын желбіреп,

Көк туы көктегі көк аспан.

Отаным –отбасым, ошағым,

Өлеңге жазамын, қосамын.

Сезімді білдіріп өлеңнен,

Шығарам өлеңнен қоса мұң.

Елім-ау, қазағым, қайраным,

Туған жер - бітіспес қайнарым.

Оттан да ыстық Отанда,

Тулаған сезімнен қайнадым.

Сүйемін жалынды жүрекпен,

Ақындық көңілді сыр еткен.

Қазағым, ұлтымды, жұртымды,

Жүректен көңілім жыр еткен.

Еліммен сырласпай неліктен?

Жұдырық жүрегім жүр өктем.

Мұнарды мұң көктем жайымнан,

Тарихым тереңге жайылған.

Сынығы сәуленің сияқты,

Төңірек көктегі айымнан.

Нұрлы нұр шашатын қазағым,

Сен жайлы терең ой қазамын.

Небір ұлт қауымын сыйдырып,

Жарасқан байлығың, базарың.

Келгенді құшаққа басатын,

Сен жайлы толғайды жас ақын.

Елім бар қазағым, жұртым бар,

Шыңдардан биіктен асатын.

Өзіңде өткізген айлы күн,

Алысқа өрлесін айбының.

Тәуелсіз дәулеттің сандығы,

Бірлігің- қазынаң, байлығың.

Бабалар айтып та жырлаған,

Төгілген санама жыр маған.

Қазағым делінген бір сөзден,

Шабыт та алам, шыңдалам.

Салтың мен дәстүрің, дінің де,

Жеткізді ұрпағын бүгінге.

Жүзге де, елге де бөлініп,

Ұлағат, ұрпағым, бөлінбе.

Шыңдалып ерліктің білегі,

Жас ұрпақ - елімнің тірегі.

Қазына елімнің бірлігін,

Жаһанның барлығы біледі.

Айқара ашық аспаным,

Болашақ менің жастарым.

Елімнің алғашқы қадамын,

Тектілік тілекпен бастадың.

Тек алға, осы бір қалыппен,

Жанымның бөлігін алып па ең?

Жүрегім таңылса Отанға,

Өн бойым тек бірге халықпен.

Осылай көңілім балай ма,

Отанды сүйем қалайда.

Қазағымның дәстүрі ұқсайды,

Қазына толған сарайға.
ҰЛЫ АБАЙҒА АРНАУ
Өлеңді қиын екен жаратуға,

Себепші өлең жара жаматуға.

Қара сөздің қарымды қаламгері,

Абайым-дара тұлға, дана тұлға.

Қара сөзді сіңірген қанатына,

Самғай ұшып жылулық таратуға.

Ұлағатты сөздермен ел келбетін,

Бірлік пен имандыққа қаратуға.

Тұлға бұл- ұлы Абай, ұлы дана,

Ұмытпас оны мына ұлы дала.

Қара сөздің қасиетін паш ететін,

Қазақтың қарапайым ұлы ғана.

Тек қазақта қара сөз жырланатын,

Алапат қара өлеңді, жырды алатын.

Көкейінде, кеудеде иманы бар,

Қасиеті бойында тұнған ақын.

Арылмай ақылынан, ар сақтаған,

Нәпсі, мансап- бәрінен алшақтаған.

Аллаға, адамдарға адал болып,

Адамдай болды емес жан сақтаған.

Тек жүректе қара сөз, халық тұрды,

Бағындырып құлатты алып қырды.

Кескінді қара сөзбен өн бойымды,

Шөлдеген жүрегімді қанықтырды.

Езіліп көңіл шіркін албырады,

Өлең-сезім құмарды қандырады.

Ұлағатты отырған ұрпағына,

Өшпес мұра, қазына қалдырады.

Біреулер жазамын деп ентігеді,

Дананың сөзі деген- ел тірегі.

Адамдық қасиетке ұлағаттап,

Қырық бес қара сөзді келтіреді.

Ақылдың саралайды кемелдігін,

Ойдың ұшқыр тұңғиық тереңдігін.

Қара сөзден қарымды қуат алам,

Қара өлеңнен қасиет көрем бүгін.

Мұра боп қалған өлең, жырың маған,

Дәл сендей ақын қазір туылмаған.

Қара сөз, қара өлең - барлығы да,

Ұлы ақын Абайдан туындаған.

Көк аспаннан төгілген жылылық бұл,

Қасиет қой бойдағы ұлылық бұл.

Ұлы ақын Абайға шын көңілден.

Тізерлеп бас иемін бүгіліп бір.


Мектеп өмірінен бір үзік сыр

Әңгіме
Білесіз бе, махаббатсыз өмір бос дейді, иә?! Меніңше де солай секілді.        

1

Жібек-тәрбиесі мол, орташа отбасыда өскен қыз болатын. Әкесі, анасы, ағасы, және өзінен біршама жас кіші інісі бар-тұғын. 



Табиғатынан ашық жарқын, көңілді жүретін, сыпайы, сымбатты қыз. Үйдің жалғыз қызы болғанмен, тым ерке болған жоқ. Керісінше, ұлдардың мінезі тән жақтары да жоқ емес еді. Әлде ол жай балалық болды ма, кім білер?!..

Әрине, бала кезінен ол ақкөңіл еді. Кейде өтірікке тез сеніп қалатын. Айналасындағы адамдарға еш жамандығын көрсетпейтін. Оның өзі де тәрбие мен, әлгі орыстар айтатын "гены" шығар...

Астанаға отбасымен көшіп келген ол, сегізінші сыныпқа енді өткен кезі. Қала маңайындағы бір ауылға келіп қоныстанды. 

Жолаушылық үлкен автобуспен келген олар, бірден қараңғыға қарамастан, автобусқа артқан заттарды түсіруге қірісті. Киім-кешек, үй-жиһаздары, көрпе-төсектер: бәрі-бәрі түскен соң, автобус та зырылдап, келген жолмен артқа қарай кетті. Жібек ұйқылы-ояу күйде жүрсе де, автобустың артынан қарап тұрып калды. Бір жағынан, жаңа өмір, жаңа аймақ, алайда, іштей бір мұң кернеп тұрды. Бір түрлі қорқыныш, әлде аландау... Осының бәрін ойлап, бір нүктеге қадалып тұрған Жібекті анасы:

-Әй, қызым, не істеп тұрсың? Заттарды үйге кіргіз!-деп ойын бөліп жіберді. Аспаннан түскендей боп, жан-жағына қарады қыз, ал автобустың ізі де жоқ. Өткен өмірді өзімен ала кеткендей кетті...

Телефонына қараған Жібек, түнгі сағат 22:35 екенін көрді де, калтасына салып, заттарды үйге тасумен болды. 

Сол түні олар жаңа үйге үйренісе алмай, алғашқы шайларын қымсына ішті. Үлкен жол жүріп келген отбасы шаршап-шалдығып, ұйқыға кете бастады. Бірінші боп әрдайым інісі көз ілетін. Бүгін де солай, бірден жатты да қатты!                           

2

Сонымен, күндер жылжи берді.. Бірте-бірте жаңа қонысқа үйрене бастаған қыз, әрине, іштей қынжылатын. Жаныңды ұғатын құрбы-құрдас жоқ, етене араласатын көрші-қолаң да әлі бейтаныс. Жазуды, оқуды жаны сүйетін Жібек, күндерін осы ақ қағаз бен қара қаламды серік етіп өткізетін...



Бірде, майда-шүйедеге дүкенге шыққан еді, бір түрлі қорқынышпен көше бойымен беттеді. Бір жағынан,  кенеттен шығып қалатын иттерден бе, не өзіне ұқсас ұл-қыздардан қорықты ма, беймәлім, алде жай ғана толқу болар..! 

Қара жейде мен қысқартылған джинсы киіп алған еді ол. Алғаш көргенге қарапайым да сымбатты көрінгісі келген және қолынан келген секілді..! Шашын жартылай жинап, әдемі ғана кекілін қайырды да, ештеңені ойламай, дүкенге қарай жүріп кетті. Оның бақытына дейміз бе, әлде түс арасында ешкім көшеде болмағаны ма, әйтеуір, ештеңеге ұшырамай, үйге аман оралды...

3

Солай-солай күз де жетіп келді.



1-қыркүйек! Қуаныш пен толқу бойды баурап барады... Жаңа мектеп, жаңа ұстаздар, жаңа сыныптастар.. Міне, осы жайлы ой арпалыстары Жібекті сол түннен бастап-ақ бір мазалап, бір толқытқан еді. 

Таңғы сағат 9:30. Ауыл мектебінде ұлан асыр той боп жатқандай, жан-жаққа жарқын-жарқын әндер естіліп тұрған-ды. 

Мектеп- бір қабатты, өзінше тартымды,  қақпалары ағаштан жасалған. Ауласында майда-майда түрлі түсті гүлдер, қоңырмен боялған басты есік, үлкен терезелер, онша көлемді емес аула, бір айтқанда, орташа ауылға лайықты мектеп еді. 

Біршамасы мектеп ішінде, бірен-сараң ата-ана мен балалар аулада жүрген еді. Міне, Жібек те анасы мен інісі үшеуі аулада мерекенің басталуын күтіп тұрды. Сыбырласқан жастар, өзіне ұқсас ұл-қыздар, мұғалімдер Жібекті бірден байқаған-ды. Әрине, бейтаныс қыз, оның үстіне, өзіне жараса сәнді киінген. Шаш үлгісі де, мектеп формасы да, аяғына киген әп-әдемі туфлиі де өзіне жарасып-ақ тұр еді. Өзі де сымбатты, адамды өзіне тартатын келбетімен неге байқалмасқа?! 

-Сен қай сыныпқа келдің?- деп сұрады бір мұғалім Жібектен. 

-Сегізінші сыныпқа, - жауап берді қысылмай қыз. 

-Онда бері қарай жүр, сыныптың қатарына тұра қал, - деп анадай жерде тұрған бір топ балаларға нұсқады апай. Айтпақшы, кейіннен ол кісі-Жібектің сынып жетекшісі боп шықты. 

Толқуын байқатпаған Жібек, сыныптың маңайына келіп, дәл қатардың алдына тұрып алды. Өзі де сондайды ұнататын. Қатардың артына, не ортасына тұруға ұялатын. Сондықтан, баяғы әдетіне салып, басын тік көтеріп, алдыңғы түк білмегендей тұрды. Иә, сыныптастары да мұның мінезін байқағандай. Бірден шүйіркелесе есімін сұрай бастады.. 

Қасында тұрған шашы ұзын, аққұбаша келген қарапайым қыз:

-Есімің кім?- деп сұрады.

-Жібек! - деді күлімсіреп қыз. 

Жаңағы қыз жаймен артына қарай "Жібек" деп, сыбырлап жіберді. Оны ести қалған Жібек іштей қуанды ма, әлде шынымен де бүгінгі күн көңілді боп тұр ма, мырс ете күлді де қойды. Бірақ онысын ешкім байқаған жоқ. 

Оқушылар мемлекеттік ту ортаға шыққан соң, оң алақандарын жүрекке қойып, мемлекеттік әнұранды әуенге қосып шырқай кетті. Әр кез осынау әнұранды орындаған кезде жүрегі алай-дүлей боп кететін Жібек бүгін де толқып кетті. Әннің авторы-Шәмші атаға алғысын білдірмек боп, әнұранды жүрекпен шырқады. 

4

Оқушылар сынып-сыныпқа тарап, бұлар да өз сыныптарына беттеп, мектепке кірді. 



Ашық түсті кабинет, үлкен терезелер, ыңғайлы биік парталар, әдемі орындықтар, қабырғада ілінген үш бидің суреті, ақын-жазушылардың асыл сөздері, қоңыр түсті үлкен сыныптық шкаф; міне, осының бәрі сыныпқа жаңа кірген Жібектің көз жауын алды. Үшінші қатардың бірінші партасына отырып алған Жібек, жаймен айналасына көз салып, бір-бірімен әңгіме соғып отырған ұл-қыздардың жүздеріне қарады. Бәрімен іштей танысып болған Жібек, ендігіде өзімен бір партада отырған ұлға қарады. Ол да осынша уақыт кідіре тұрып, Жібектің көзқарасынан бірден:

-Сәлем!- деп амандасты. - Сенің есімің кім?! 

-Жібек!

-Еее, жақсы, ал мен Саянмын!



-Ааа, түсінікті....

-Сен қай мектептен келдің?

-Мен басқа қаладан, Шымкенттен келдім. 

-Рас па?!

-Иә, рас!!! 

Осылай өзара әңгіме-дүкен қып отырған бұл екеуін артта отырған бағанағы алғаш есімін сұраған "ақ құбаша" қыз бөлді. 

-Сен қай қаладан келдің, Жібек?- деді Жансая. Иә, ол қыздың есімі Жансая еді. 

-Шымкенттен, Жансая,- деді Жібек. 

-Ооо, жақсы ғой!

-Иә, иә!!!


Міне, бүгінгі мектептегі алғашқы күн осылай өтті. Жібек те шаршап-шалдығып үйіне келді де, өз бөлмесіне жүгіріп кіріп кетті. Төсегінде жатып, жоғарыға қарап ойланып жатты. "Не көрдім, не білдім, мені қалай қабылдады екен" деген ойлар санасын толтырды. 

Ертеңіне сабақтар басталып, жаңа оқу жылы толық күшіне енді. Бұдан былай ешқандай "жеңілдіктерге" жол жоқ!.. Қызық осы қыз!!!

Жаңа сыныптастарымен етене араласып, Жібек енді өзін мүлдем "новичок" ретінде сезінбей қойды. Әрине, өзі де ашық жарқын қыз, әрбір айтқан әңгімесімен өзіне тартып, баурап алатын еді. Сыныптағы ұлдармен де, қыздармен де тіл табысып кетті. Әсіресе, бір-екі бозбала Жібекке жай сыныптас ретінде қарамайтын, сол әлгі "бала махаббат" дей ме?! Қызық қой ол да...!

Сыныптағы ұзын бойлы, бұйра қара шашты, қысық қара көзді, жауырыны қақпақтай, бірінші қатарда отыратын- Жанат есімді сыныптасы болатын. Ол өзі ақкөңіл, аңғал бала еді. Бірақ, сыныптағы өзге ұлдарды жұдырығында нық ұстайтын. Үшінші қатарда отырған Жібекке қайта-қайта жалтақтап қарап, тыпыршылап, я ары емес, я бері емес. Әйтеуір,  бір тыным таба алмай, ара-тұра Жібектің көзіне түсіп калатын еді. Бірақ, Жібек оған көңіл аудармай, сабақты еш алаңсыз тыңдайтын. Әрине, сіз-бізге мәлім ғой, бала қызды еріксіз ұнатып қалды, ал қалай екенін байқаңыздар!!!

Ол бала да өлең жазуға үйір болатын. Енді үйір дейміз бе, әлде ішкі сырларын ақ қағазға әдемі келтіре алатын қасиеті дейміз бе?! Қайткенмен де, оны оқыған Жібекке ол ұнайтын. Иә, Жанаттың туындыларын Жібек амалсыз оқитын. Бірде партаның үстіне, бірде күнделіктің арасына, бірде сөмкесіне салып жіберетін жасырын жігіт. Оны кейде күлкімен, кейде шаршаңқы кейіппен оқитын еді қыз. Әйтеуір "барына базар" боп, оқығанына да қуанатын еді жігіт. Басы айналып, бақытқа тоймай жүретін. Ол бақыты өзгелерге де қуаныш әкелетін. Тіпті, бұрын соңды ғашық боп көрмеген Жанатты достары осындай күйде көруден бірталай бақытқа кенелетін..!

5

Осындай алаңсыз күндері өтіп жатқан Жібек жаңа достарына бауыр басып келеді. Ауылдың карапайым, қара домалақ балалары. Ешкімнен де асып баратқан жамандық көрген жоқ. Мектептегі басқа да жоғарғы сынып оқушыларымен тез тіл табысып кетті..



Жібектің үй жағында орналасқан көршілес үйде Амангелді есімді оныншы сыныпта оқитын бала бар-тын. Ұзын бойлы, арықтау келген, көзі көк, көзі-қасы қиылып қалған, ақ-сары жігіт еді. Өзі бір орында тұрмайтын көңілді жігіт. Жібекті көргелі бері ол да бір түрлі тыным таппай қойды. Бірақ,  меніңше, ол жай ғана балалық қой. Ауылға жаңа қыз келді, оның үстіне, көршісі болса....

Жібекті ары жағалап, бері жағалап, әйтеуір,  қыздың көңілін тапты. Ендігіде жоғарғы сыныптар бұл екеуін "жүріп жатыр" деген сыбыс естілді. Бірақ, негізінен, мектепке келген алғашқы күндерінде Жансая бұл қызға алдын ала ескертіп, ымдап,  құлағына: "Бұл балаға жолама, ол.. ол.. өте жеңілтек" деп сыбырлған да еді. Оны енді Жібек түсінді ме, қабылдай қойды ма, ол екіталай. 

Біршама достасып кеткен бұлар енді кешке-кешке Жібектің үй жағында жиылатын. У-шу, қызық көп, ауыл жастары ғой енді, өздерінше..! Сол отырыстарда-ақ Амангелді Жібекпен ойнап қоймайтын. Оның арасында жүрген- Нұрлан да бар. Түсіндіре кетейін, Нұрлан- тоғызыншы сыныпта оқитын осы мектептің спортшысы, үлгілі оқушы, адал дос, ақкөңіл бала-тұғын. Міне, бұл да Жібекті ессіз ұнатып қалған. Бірақ, бағанағы көршісі сияқты емес, шынайы... Бітпейтін хаттар жазып, жалынып, қиын сәттерде қасынан табылып, сабақтардан соң үнемі тосып жүретін. Бір айтқанда, Жібектің соңынан қалмай қойды. Осынша жан-жақтан келіп жатқан ілтипаттардан шаршап, жалығып та кетті қыз...

6

Осылай уақыт зырғып өте берді, күндер, апталар, айлар.. Уақытқа, шіркін, дәрмен жоқ..!



Қараша айы да жақындап, Жібектің әкесінің жұмысына байланысты бұлар енді қалаға көшетін болды. 

Оны естіген үш жігіттің көңілі түсіп кеткені анық. Әсіресе, Жанат қатты құлазып кетті. Өзі тұмауратып үйде жатып қалған бала,  Жібектің кетерін естіп, ауылдың арғы шетінде орналасқан үйінен жүгіріп келді. Дене қызуы 40°-тан асып тұрды-ау, сірә?! 

Жібекті үйінен шақырып ап, ентігіп:

-Жібек, сәлем!- деді Жанат.

-Сәлем, Жанат, сен қайдан жүрсің, ауырып жатқан едің ғой?!- деп сұрады уайымдап Жібек.

-Иә, ешкімге айтпай, үйден шығып кеттім. Бүгін.. Бүгін сен кетіп барасың ба?..

-Иә, заттарды жиып болдық, кешке жақын кетеміз. 

-Сонда, Жібек, оралмайсыңдар ма?

-Жоқ, Жанат, калада тұрамыз енді..

-Еее, түсінікті...

Онсыз да мәз емес жігіт, енді тіпті, не деуді де білмей қалды. Әрине, оны да түсінуге болады, алғашқы махаббаты жүректі жараламай қоймайды ғой. 

Бұлардың арасында үнсіздік орнап...

-Мен саған.. міне, мынаны алшы..- деп қолыңдағы бүктелген қос парақты берді Жанат,  -Тек сосын оқы, қазір емес. Және сенен өтінерім, тастамай, сақтап жүрші, жарай ма?! - деді де, басы төмен қарап, дауысы қарылып, жөтеліп кетті.

-Рахмет саған, Жанат, осынша маған сезімді сыйлап жүрдің. Иә, мен саған мардымды жауап бере алмасам да, тоқтатпадың. Сені де шын сүйетін қызды жолықтыруыңды қалаймын. Егер ренжіткен болсам, мені кешір...-деді ендігіде Жібек.

-Жібек, келші бір дос ретінде төс қағыстырайық,- деп әзілдеп күлді кенеттен Жанат.

-Хеее, жарайды, кел! - деп күлді қосыла Жібек. 

Шын сүйген қызына қол жеткізген жігіт, осынша уақыт бетін қағып жүрген бұл қызға деген бар ренішін сейілтіп, құшағынп басып, іштей еріп кете жаздады..

Бұл екеуі қоштасып, Жібек үйіне тез кіріп кетті. Даладағы құршынаған аязға қарамастан, Жанат қыздың үйінің алдында көп тұрып қалды. Қимады, Жібекті өзінен жыраққа жібергісі келмеді. Ауруы асқынып, қалтырап тұрған жігіттің көзіне жас толып, соңғы рет бір ғажапты күткендей, артына жалт қарады да, кетті...

Терезеден қарап тұрған Жібек бұл жігіттің мөлдір сезіміне шүбә келтірмейтін. Сенетін оған.. Бірақ, амал нешік, сүймегенді ұнатамыз, сүйген жанды жылатамыз...! 

7

Кешкі сағат бес. Жүк таситын көлікке заттардың бәрі артылды. Көлік жүруге дайын. Жүргізуші тек екі адамы ғана алып кете алатынын айтты. Сондықтан,  Жібектің анасы мен інісі өздері бөлек кететін болды. 



Үйдің ішіне бір көз салып, терезенің алдында тұрған гүлді қолына алды да, шығып кетті. Көлікке отырайын деп тұрған Жібек үш айдын ішінде бауыр басып қалған ауылынан кеткісі келмей, бір түрлі қимай тұрды. Өйткені бұл жердің әрбір көшесіне, адамдарына, тіпті, ауасына үйреніп қалды. Бастапқыда жатсынғанмен, енді қимай тұрды. Амал қанша, кету керек....

Көліктің алдыңғы орындарына жайғаскан әкесі, Жібек және жүргізуші ендігіде асығып, ауылдан шығып бара жатты. Терезеден телміре қараған Жібек басында қалайда өзін қолда ұстап тұрды. Бірақ, шыдай алмай, жасырын жылап алды. Жанарынан ыстық жас тамшылап, тура жолға көзін алмай қарап отырды. 

Есін жиып қарағанда, бұлар біршама шақырым жолды артқа тастапты. Әлденені ойлап отырған Жібек терезеден қарап, біраз уақыттан соң, қалықтап, әкесінің иығына басын қойып, ұйықтап кетті.

Керекті мекенжайға жеткен көлік тоқтады. Жібек сол кезда ғана оянды. Көзін ашып қараса, қаптаған таныс емес үйлер, алдында кішігірім үйлі аула екен. Екі бөлмелі бұл үйге қыз бір түрлі қорқынышпен кірді. Ұйқылы-ояу боп, не боп жатқанын түсінбей тұрған сияқты. Айналаға бір көз жүгіртті, әкесі асығып заттарды кіргізіп жатыр екен..

 

Сәлем, Астана, мен келдім!!!



Үйірменің тілшісі: Арайлым Аманова

БҰЛАҚ КӨРСЕҢ, КӨЗІН АШ

Астана қаласы

№35 мектеп-лицейінің

директордың оқу-тәрбие

ісі жөніндегі орынбасары

Қожабаева М.М.



Педагог – рухани бай тұлға. Ол өзінің оқушылары және әріптестерінің пікірімен санасады. Педагог адамдардың қарым - қатынасына, әлем сұлулығына ерекше мән береді. Онда эмпатия мен рефлексия жоғары дамыған. Ол жаңа өсіп келе жатқан баланың рухани әлемінің байлығын түсінуге тырысады. Педагог – шығармашыл тұлға. Ол бір сарындылықты ұнатпайды, сондықтан үздіксіз ізденіс үстінде, жаңашыл. Ойлап шығару, жүзеге асыру – оның қалыпты кәсіби үлгісі. Педагог – адамгершілігі мол, мейірімді тұлға. Бүкіл тіршілік атаулыға, әсіресе балаға үлкен сүйіспеншілікпен қарайды. Балаға өз сүйіспеншілігін аямаған, өзі шығармашыл, өзі жаңашыл педагог жайлы сөз қозғамақпын. Ол Елюбаева Гүлнар Тоқтарбекқызы- қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі. Гүлнар Тоқтарбекқызының №35 мектеп-лицейінде жұмыс істеп жатқанына көп болған жоқ. Әйтсе де оның халқымыздың болашағы үшін жасаған еңбегін шын көңілден атап өтуді жөн көрдім. Қазақ халқы: «Бұлақ көрсең, көзін аш»,- дейді. Өзі сабақ беретін сыныптарының ішінен сөз өнеріне жақын оқушылардың көзін ашып, жарыққа шығарып жатыр. Сөзімді нақтылап кетейін, ол - 10 -сынып оқушысы Канафин Әділет. Гүлнар Тоқтарбекқызының айтуы бойынша, әдебиет сабағында «Зар заман» ақындарын талдап, сабақ қорытындыланатын кезде «Сабақтың қорытындысын мен жасайыншы»,- деп Әділет қол көтереді. Мұғалім сөз берген кезде Әділет бір шумақпен тамаша ой айтқан. Бала бойынан дарындылықты байқаған мұғалім оқушыға қосымша тапсырма беріп, ары қарай жетелейді. Әділет бірінші рет тәуелсіздікке арналған ақындар мүшәйрасына қатысып 3-орын алады. Міне, содан бері аудандық, қалалық оқулар мен сайыстардың 1-орын, бас жүлдесіне ие болып жүр. Жақында өткен қалалық Абай оқуларынан бас жүлдені жеңіп алып, республикаға қатысуға жолдама алып келді. Мектебіміз үшін, әрине, бұл үлкен қуаныш. Гүлнар Тоқтарбекқызының Әділеттен басқа оқушылары Қасенова Дария мен Исатай Бейбарыс, Аманова Арайлым - оқушылар арасындағы аудандық, қалалық олимпиадалар жеңімпазы. Жақында өткен аудандық Мағжан оқуларына байланысты ғылыми жобаларын қорғап 10-сынып оқушылары Нурвакилов Ринат пен Исатай Бейбарыс 1-орынды иеленіп қайтты. Өз уақытын аямай, өзгенің бақытын аялай білген мұғалім Елюбаева Гүлнар Тоқтарбекқызына мектеп ұжымының атынан, өз атымнан зор алғыс білдіремін. Отбасына тек бақыт, қуаныш еңбекте үлкен шығармашылық тілеймін.



©netref.ru 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет