Шындалиева Меңдігүл Бұрханқызы бақ-тағы жарнама технологиясы



жүктеу 2.16 Mb.
бет1/11
Дата01.04.2016
өлшемі2.16 Mb.
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11
: repository -> repository2012
repository2012 -> Әож 811. 512. 122 3: 82. 091 Қолжазба құқығында тапанова сәуле есембекқызы қазақ романдарындағы ғашықтық сарын
repository2012 -> Махсат Алпысбес
repository2012 -> Білім саласындағы жаңа ақпараттық технологиялар
repository2012 -> Қаржаубай Сартқожаұлы, тарих ғылымының кандидаты, доцент, түрколог байырғы түркі «Ж» фонемі қАҚында
repository2012 -> Қазақстан республикасының білім және ғылым министірлігі
repository2012 -> Қ. Т. Қозыбаев, М. Н. Иманқұл Wimax технологиясы
repository2012 -> Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі ministry of education and science of republic of kazakhstan
repository2012 -> Экономика сериясы Серия экономическая Жылына 4 рет шығады Выходит 4 раза в год Бас редактор: Б. А. Алибекова экономика ғылымдарының кандидаты, доцент Радакция алқасы
Шындалиева Меңдігүл Бұрханқызы

БАҚ-ТАҒЫ ЖАРНАМА ТЕХНОЛОГИЯСЫ

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті

Шындалиева Меңдігүл Бұрханқызы

БАҚ-ТАҒЫ ЖАРНАМА ТЕХНОЛОГИЯСЫ

(Оқу құралы)

Астана – 2010

ЕҰУ баспасы

ӘОЖ 659.123.4: 07 (075.8)

ББК 76.006.59.73

Ш 97


Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің

Ғылыми кеңесі ұсынған


Жалпы редакциясын басқарған:

Филология ғылымдарының докторы,

профессор У.Қалижанұлы
Пікір жазғандар:

Филология ғылымдарының докторы, профессор С.Абдрахманов

Филология ғылымдарының докторы, профессор А.Шәріп
Шындалиева М.Б.

БАҚ-тағы жарнама технологиясы (оқу құралы) / Жауапты редактор С.Абдрахманов. – Астана: ЕҰУ баспасы, 2010. – 134 бет.

Бұл оқу құралында БАҚ-тағы жарнаманың ерекшелігі, жарнаманың теориялық маңызы, жарнаманың қоғамда алар орны туралы айтылады. Жарнаманың негізгі функциялары мен принциптері, БАҚ-тың типологиясы, жарнаманың негіздері, сөз бостандығы туралы студенттерге бағыт-бағдар беріледі. Оқу құралының басты мақсаты – студенттерге БАҚ-тағы жарнама жүйесінің өзіндік ерекшеліктерін, маңызын ашу, жаңа технологиялық құрылымдардың өзгерістерін, өзара байланысын, Қазақстандағы қазіргі бұқарамен байланыс жүйесінің қалыптасуының теориялық аспектілерін көрсетуге талпыныс жасау.

БАҚ-тағы жарнама технологиясы аясында маркетинг элементтері, мерзімді басылымдарды әрлендіру принциптері, теледидар мен радиодағы жарнама мәтіндерін дайындау, жарнама компанияларының ерекшеліктері, жарнама материалдарында дайындауда әлеуметтік әдісті қолдану мен осы саладағы соңғы ғылыми жетістіктер қамтылған. Оқу құралы – журналистика, бұқарамен байланыс, баспа ісі мамандығында оқитын студенттерге, магистранттарға, көпшілік қауымға арналған.

© Шындалиева М.Б., 2010

ISBN

КІРІСПЕ

«Сауда», «сату», «маркетинг», «жарнама» терминдері өзінің шынайы мағынасында қолданыла бермейді. Шыны керек оларды бір-біріне қарсы немесе бірінің орнына бірін қолданамыз. Алайда, атап айтқанда «маркетинг» және «жарнама» сөздерінің арасында айтарлықтай айырмашылық барын көбіміз аңғара бермейміз.

«Маркетинг» сөзінің (ағылшын тілінің «market» - нарық сөзінен шыққан) көптеген анықтамасы бар. Олардың ішінде бұл терминге кең және тар мағынада берілген анықтамалар да кездеседі. Мәселен тар мағынасында бұл сөзді – кәсіпорын немесе фирманың басқару ісіне нарықтық болжамды қамтамасыз ететін жүйе деп те түсіндірген. Осы қағидаға сүйенсек, маркетинг ол – тиімді өнімнің технологиясы. Жалпы алғанда «маркетинг» сөзінің қолдану аясы өте кең. Оған тауар өндіруді ұйымдастыру, сату, сатып алу, сатуға әсер ету, маркетинг қызметін қаржыландыру, сатылғаннан кейінгі қызмет, жарнама сынды қоғаммен байланыс түрлері жатады.

Маркетинг қызметі – ол өте күрделі үрдіс. Тек табыс пен құрдымды жиі анықтайды, бұл – тауар мен қызметті тиімді түрде тұтынушыға жеткізуші ғана емес, сондай-ақ тауарлар мен қызмет түрлерінің сапалық көрсеткішін анықтайтын күрделі жүйе.

Ф.Котлердің пікірінше марткетингтік стратегиясы өзгеруінің басты тенденциясы - болжанған тауар өнімі стратегиясының орталықтанған клиент стратегия желісі бойынша дамуында жатыр. Былайша айтқанда, егер біреу тауардың көптеген қорын өндірсе немесе сатып алып, қалай тиімді сатуды ойластырса, онда бұл – бірінші стратегияның жай мысалы. Егер коммерциялық белсенділік «қазір кімге не керек» екенін білуден басталса, ұйымның барлық әрекеті шынайы табылған сұранымнан құралады. Мұны өркениетті елдерде болашағы зор болып саналатын орталықтанған клиент стратегиясына жатқызады.

ТМД елдері нарықтық экономикаға үлкен қиындықтармен бейімделуде. Экономикалық төңкеріс ТМД елдеріне құрылымы жағынан өте ауыр тигендігі айғақ бола алады. Бүгінгі жағдайда көптеген мекемелер өз жұмысын өндіре алатын тауарлардан бастайды. Сонымен қатар көптеген кездейсоқ жедел дамыған фирмалар үздік дәстүрде құрылған, лайықты өңделген маркетингтік бағдарламалар пайда болғанға дейін клиент проблемаларына көп көңіл бөледі.

Халықаралық сауда палатасы жарнамаға мынандай анықтама берген: «...ақпаратты таратушы қызметінің ақысы төленбейтін атақтыларына қарағанда жеке емес әртүрлі жарнаманы дұрыс таратқан құралға ақы төлейтін тапсырушы нақты белгілеген тауарларды, қызметті және коммерциялық пікірді нарыққа ұсыну пайдалы, оны тапсырушының кім екені анық болуы тиісті емес». Сондықтан да, жарнама – белгілі бір қайнардан тараған, нақты мақсатқа бағытталған, тауарлар туралы, қызмет пен оны өндірушілер туралы ақылы ақпарат таратады. Екінші жағынан «жарнамаға» мынадай түсініктеме беруге болады: «Жарнама бұл – халыққа тауар туралы ақпарат беретін, таныстыратын, оны сатып алудың қажеттілігін үгіттейтін үрдіс». Демек, жарнама - өнімнің өтуін құлшындыратын және оған сұраныс қалыптастыратын бұқаралық ақпарат құралы.

Жарнаманы саудада ақпарат беру құралының бір түрі және маркетингтің төрт элементінің бірі (нарықтану) деп алуға болады. Яғни, нарықтық операциялар – тауар, құн, сату, жарнамалардың элементтері.

Жарнама барынша маңызды нарықтық құралға айналып барады. Жоғары дәрежедегі бәсекелестік бар және әр сатушы тұтынушының сұранымын қанағаттандыра алатын дамыған нарықтық жағдайда, жарнама бәскелестік күрестің шешуші факторы бола алады және сол арқылы өзінің пәрменділігін арттыруда. Бірақ тауарды сатып алу циклінің әр кезеңі жарнамада өзінің ерекшеліктері бар. Жарнаманы тек коммерциялық қажеттілікті өсіру құралы («жарнамалық прессинг» деп айтылатындай) ретінде қолдану тиімсіз нәтижеге әкеледі. Жарнама барынша көп ғасырлар бойы өмір сүріп келе жатса да, ХІХ ғасырдың ортасында ғана БАҚ-қа ене бастады, яғни қоғамда кеңінен орын алды.

ХІХ ғасырдың аяғында АҚШ-та, ХХ ғасырдың 30 жылдары Францияда бұрынғы қалыптасқан жарнамалық агенттіктер қайта құрылып, олардың ақпарат кеңістігіндегі бүгінгідей қажеттілікке жетуіне жарты ғасырдай уақыт кеткен.

Ресми деректерге қарағанда, Ресей территориясында қазіргі кезде 3 000 аса ірі отандас және шет елдік мықты полиграфиялық базасы және сонымен қатар ғылыми орталықтары бар жарнамалық агенттіктер жұмыс істейді екен. Жарнама өзінің ұзақ тарихында сапалық тұрғыдан қайта жаңғырды. Ол ақпараттандырудан жадыда қалу, жадыда қалудан шартты рефлекс пайда болу, шартты рефлекстен еріктен тыс есте қалу, еріктен тыс есте қалудан көз алдында символдық бейне пайда болу сияқты жолдардан жүріп өтті. Жарнама өз кезегінде, алғашқыда сатып алушының жарнамалық бейнені саналы түрде, шешіммен қабылдау арқылы сауда жасаса, бертін келе сауданы автоматты түрде жасауға қол жеткізді. Енді жарнамаға сатып алушыдан саналы түрде болмаса да шынайы келісім керек. Ендігі кезекте жарнама ақпаратты саналы басқара отырып адам өміріне белсене араласады.

І БӨЛІМ
ЖАРНАМАНЫҢ ҚЫСҚАША ТАРИХЫ
Жарнама туралы түсінік

Кез келген ақылы жарнама презентация формасы мен тауардың, қызметтің, ойдың алға жылжуын айтамыз. Ол латын тілінен «reclamare», немесе француз тілінен «reclame» аударғанда «қатты айғайлау» немесе «жарнамалау» деген мағынаны білдіреді.

Біздің жарнама дегенде білеріміз – бір топтың немесе бір фирма өнімінің жақсы жағын насихаттап, мақтайды деген үстірт түсінік. Алайда жарнама құрылымының сипаттамасына тереңірек зер салып, үңіле түссек, бұл құрылымның бастауында оның қалыптасу тарихы мен өзіндік кезеңдері бар екенін аңғарамыз. Ал, сонымен жарнама дегеніміз не? Осыған тоқталсақ.

«Жарнама – спектакль, концерт, дәріс немесе көрермендерге арналған басқа да мәдени шаралар, спорттық жарыстар, ойын-сауықтар туралы хабарландырудың бір түрі». Немесе: «Жарнама дегеніміз – белгілі бір фирма, тауар немесе қызмет түрі жайлы мағлұматтардың бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жариялануы»,- деген жалпыға ортақ анықтама бере отырып, таралуына қарай жарнама ақылы және жанама болып бөлінеді. Газет бетін сатып алып, жарнамалау ақылы деп аталады. Ал өнімді ұсынушы адамның немесе фирманың көпшілік қауым мен бұқаралық ақпарат құралы арасында болатын әртүрлі байланыстар жанама жарнамаға тән. Оның тиімді тәсілі мектепте, қарттар үйінде, тағы басқа мекемелерде фирманың өз өнімдерін тегін таратуы. Жанама жарнаманың басты үш қызметі бар. Олар:

- нарық кеңістігінде әйгілі болу;

- фирманың беделін арттыру;

- тығырыққа тірелген кезде өз беделін сақтап қалу мақсатында жарнамалауды жүзеге асыру.

Жарнаманың жеке адамдарға арналған хабарландыру, құлақтандыру, сақтандыру секілді түрлері де болады. Мәселен: жекелеген адамдардың жоғалған, ұрланған құнды заттарын, құжаттарын жарнамалайды. Бұл дегеніміз жарнаманың сақтандыру немесе құжаттандыру түрі болып табылады. Бүгінгі таңда белгілі бір кәсіпорынның өнімін жарнамалау кеңінен тарап кетті. Мұндай бағыттағы жарнаманы жүзеге асыру үшін мейлінше өнімнің жақсы қасиеттерін көрсетуге тырысады. Яғни, бұл ақпараттық сипаттағы жарнамаға жатады. Құрылымдық жағынан жарнама суреттер арқылы безендірілетін және тек сөздерден тұратын жарнама болып бөлінеді. Жарнама БАҚ-тың барлық түрінде кездеседі.

Жарнамаға әйгілі маркетолог Филип Коттлер былай анықтама береді: «Жарнама – нақты қаржыландырудың қайнар көзі көрсетілген, ақпаратты таратудың ақылы құралдары көмегімен жүзеге асатын коммуникацияның өзіндік нысаны»[1,42-б]. Ал Американдық маркетинг ассоциациясының берген анықтамасы бойынша: «Жарнама - бұл тапсырыс берушінің нақтылы төлемімен тауарларды және қызмет көрсетудің кез-келген формасы және ол тиімді әдіс-тәсілдерді қолдана отырып тұтынушыларға қызмет көрсететін және маркетингтің құрамдас бөлігі болып табылады» [2,158-б],- деп тұжырымдайды.

1996 жылы шыққан «Сауда туралы жарнама» кітабының авторлары В.Беклешев және С.Вороновтың жарнамаға берген анықтамасы АҚШ-тағы «Эдвертайзинг Эйдж» журналында өткізілген конкурс барысында мақұлдауын алғаны белгілі. Бұл жерде жарнамаға жалпы сипаттама бере келе, «Жарнама – ол жарнама беруші қарамағынан шығатын бұқараның мақұлдауын, дауыстарын алуы, тұтынушылар мен тұтынушылар санын көбейту және табысты көбейту мақсатында алдын-ала ақысы төленген тауар, қызмет, қоғамдық қозғалыс немесе тұлға туралы баспа, қолмен жазылған, ауызша немесе бейнелік хабарлама» [3,29-б],- деп нақтылы тұжырымға келген.

Ұраншылар институты мемлекеттік билік орнатудағы ежелгілерінің бірі болып саналғандықтан, мұндай қызмет барлық ежелгі мемлекеттерде тіркелген. Еуропа территориясында ұраншылар хабарландырулары б.з.б. ХІҮ ғ. жатқан Крит-Микендік мәдениетінің орталықтарында қазба жұмыстары кезінде табылды. Ұраншылар ежелгі ірі қалаларда адамдардың көп шоғырланған жерлерде күнделікті ақпарат беру үшін қызмет еткен. Негізінен бұл ақпарат мемлекеттік бұйрық түрінде саяси мәнде болған, бірақ көп жағдайда ұраншылар тұрғылықты халыққа жалпылай маңызды ақпаратты беріп отырды. Әйгілі қолбасшыларды ұрандау, елшілердің келуі туралы алдын-ала айту, нан тарату немесе жақында цирктің көрсетілуі туралы хабарды тарату түрлері ертеде жиі кездесіп отырған.

Мәдениеттанушылардың пікірінше, ежелгі және ортағасыр заманында қоғамдық-рухани өмір салты ауызша формада көрініс тауып, жалғасып отырған. Мұны жарнамалық мәтіндердің ауызша нұсқалары дәлелдейді. Саудагерлердің айқайлары жарнаманың ерекше жанрын қалыптастырды, бұл жарнамалар:



  • тауар мен қызмет көрсетуді ұсыну түрінде;

  • жаяу қолөнершілердің делдалдарының шақырулары;

  • жарнама құралдары кешені (ауызша - сөз түрінде, әртүрлі бейнелік

элементтер, мимика мен ым (жест) түрінде ұсынылып отырған.

Сол кездің өзінде жарнаманы өткізетін ыңғайлы уақыт пен орын таңдауды ұйымдастыру аса маңызды болған. Ал бейнелік жарнаманың бастаулары адамзаттың ою-өрнек, сурет пен мүсіндерді игеруімен тығыз байланысты.

Ежелгі Грекияда көркемөнер мен қолөнершілердің жасаған бұйымдарын фирмалық таңбамен белгілеу дәстүрі қалыптасқан. Осылайша қазір жарнаманың әдіс-тәсілдері болып табылатын таңбалық құралдар меңгерілуі ежелден бастау алған. Мәдениет дамуының бастапқы кезеңдерінде-ақ жарнама жазбаша мәтін түрінде шыға бастады. Әрине, бұл жазудың пайда болуымен сипатталады. Антика кезеңіндегі жазбаша жарнама өмірдің барлық салаларын қамтыды. «Фаустин табыстарына монша өзінің барлық қызметтерін ұсынады» -деп Рим азаматтарының сүйікті антикалық моншалары жарнамаланған. Осындай сипатқа ие болған жарнама антикалық қалаларда адамдардың көбірек шоғырланған аудандарында арнайы бөлінген орындарда жүзеге асып отырды. Жарнамалық мәтіндер бүгінгі заманның өнертабысы емес, олардың бастаулары ежелгі замандардан көрінеді, яғни, антикалық заманда жарнамалық қызмет қалыптаса бастады деп тарихи жәдігерлерге көз жүгірте отырып нақты айта аламыз. Демек, афиша, плакат, сауда маркасы, жарнамалық акция сияқты құбылыстардың бастапқы түрлері антика заманында қалыптасты деуге толық негіз бар.
Батыс Еуропадағы ортағасырлық жарнама

Ортағасырлар дәуірі 476 жылдан, яғни, Ұлы империяның күйреуіне себеп болған Рим варварларының жаулап алуынан басталып, Қайта өрлеу дәуіріне дейін созылғаны белгілі. Мәдениет сахнасында рухани дүниетаным, христиандық идеология, шіркеу институттары қалыптасты. Осының арқасында халық көбінесе уағыздау, рухани насихаттау мен ілімдердің рухани әсерін қабылдауға қабілетті болды. Осындай мәтіндердің әрқайсысы діни жарнама сипатында болған.

Қауымға ауызша түрде шіркеу қызметкерлері ғана емес, сонымен бірге әкімшілік өкілдері мен саудагерлер де ықпал етіп отырған. Ұраншылар институты антикалық заманнан ортағасырлық мәдениетке өткен.

Жарнамаға деген сұраныстың артуы Х-ХІ ғғ. ортағасырлық қалалардың өсуімен байланыстырылады. Урбанизация бұқаралық ақпараттандырудың, оның ішінде жарнаманың көп түрлерінің пайда болуына себеп болды.

Ұраншылар әртүрлі сауда гильдияларын өткізу үшін қызмет еткен. Ағымдық әкімшілік бұйрықтарды хабарлайтын патшалық және рыцарлық геральд-ұраншылары және қалалық ұраншылар болған. Ұраншылар тарататын ақпарат «жоғарыдан төменге» бағытталған түрде ғана болған жоқ. Кейбір ұраншылар халыққа қажетті нәрселерді сату, сатып алу туралы хабарламалар жинаған. Гильом де Вильнев құрастырған «Париж ұрандары» жинағы ХІІІ ғасырда жазылғандығын ескерсек, бұл жинақта жарнамалар бұқаралық байланыстың ерекше түрі және қызметі ретінде бағаланған. 1608 жылы жарық көрген «Лондон ұрандары» кітабында алғашқы ауызша жарнаманың мысалдары келтірілді. Бұл жерде: «Әйелдер мен еркектердің назарына! 24 жастағы келіншек жөнінде хабарыңыз болса, ұраншыға хабарлаңыз, Сізге еңбегіңіз үшін көп алғыс айтамыз...» деп жазылған. Мұның өзі ауызша жарнаманың мазмұнды әрі айқын түрі.

Ортағасырлық жарнама әлемі ауызша мәтіндермен ғана шектелген жоқ. Суретшілер, мүсіншілер шеберлігі жарнамалық қызметтің белсенді жұмыс атқарылуына әрқашан көмектесіп отырды. ХІ-ХІІ ғғ. геральдика – таңбалар жүйесі қалыптасты. Партолло де Сассоферрато «Белгілер мен елтаңбалар жөнінде» трактатында суреттерді дұрыс қолданудың ережелері мен принциптері туралы жазған.

Көріп отырғанымыздай, жарнама әсер етудің жаңа түрлерін уақыт өте келе өзіне сіңіріп отырды. Күнделікті болып жатқан оқиғалар туралы ақпаратты қоғамның үнемі талап етуі жаңа мамандарды қалыптастырды. Англияда олар «newsmen», Францияда – «нувелисттер», Италияда – «новелланти», яғни «жаңалықтарды жинаушылар мен таратушылар» деп аталды. Олар кездесу орындары мен ақпараттың қайнар көздерін іздестіре отырып, осының негізінде кейінірек ақпараттық бюро қалыптастырады. Жарнаманың әрі қарай дамуына Иоганн Гуттенберг ойлап тапқан баспа станогының пайда болуы көп себтігін тигізді. Бұл кезден бастап-ақ жарнама сипатында болған парақшалар таралымы мың данаға дейін өскен.

ХҮ ғасырдан бастап Батыс Еуропада ірі баспа нарығы қалыптаса келе, әртүрлі баспалардың бәсекесі туындағаны тарихтан мәлім. XVIII ғасырдың өзінде жарнамалық ақпарат газеттердің едәуір көп бөлігінде жарияланып отырған. Кейін журналистиканың дамуымен газеттердің сыртқы келбеті мен жарнама беру әдісі біршама өзгеріске ұшырады. Нарықтағы жарнама жасаушылар осы өнім адамдардың талғамына әсер ету мүмкіндігіне ие болды.

Жарнама зеттеушісі Бил Бернбах «Жарнама бұл ғылым емес, бұл сендіру. Ал сендіре білудің өзі үлкен өнер» деп баға берген екен. Келесі бір анықтамаға сүйенсек, «жарнама» сөзі ағылшынша «эдвертисмент», яғни «коммерциялық хабарландыру» деген мағынаны береді. Демек, жарнама дегеніміз өзін танытуды және айналымын көздеген фирма, тауар немесе қызмет көрсету түрлері туралы мәліметтердің ақылы түрде БАҚ-тан орын алуы деп тұжырымдасақ та орынды секілді. Кез келген ұғымның анықтамасын белгілеп алғаннан кейін міндетті түрде құбылыс ретінде қарап оның қалыптасу тарихына көз жүгіртпей болмайды.

Жарнаманың алғашқы қадамы сонау ертеден, Греция мемлекетінен басталады. Билеушілердің аты мен оларды мадақтайтын жазбалар ойылып, ірі құрылыстар нысандарын безіндіру үшін қолданылған. Бұл жарнаманың ең алғашқы белгілері болып табылады. Қыш құмыраларға салған шебердің белгісі бүгінгі тауар белгісімен сай. Жарнамалық жазуларға, сол кездегі үкім, бұйрық, ресми мәліметтер және жекелеген хабарлар жатқан, олар тасқа қашалып, ағаш пен сүйектерге салынған, сондай-ақ шығыс елдеріндегі таңертең ерте «Тыңдаңыздар! ...» деген ұранын жарнаманың алғашқы белгісіне жатқызуға болады.

Ағартушылық, мәдениет, ғылыми білімнің ілгерілеуіне ықпал еткен 1448 жылы Иогон Гутенбергтің ойлап тапқан баспа станогы жаңа қадамдар жасағаны белгілі. Бұл жаңалық баспа жарнамасының пайда болып, ілгерілеуіне оң ықпал тигізді. Ең алғашқы баспа жарнамалары Англияда Гутенберг жаңалығынан кейін 30 жыл өткен соң пайда болды.

Ал Францияда жарнама 1612 жылдан бастап дамыды. Сан ғасырға созылған жарнама құрылымының жетілуі ақыр-соңында теледидардың, радионың пайда болуына байланысты бұл салаға да сіңісіп кетті. Алғашқы радиожарнама 1920 жылы Питтсбургте радиотаратудың іске қосылуымен эфирде берілді. Тележарнамалар АҚШ-та 1941 жылы экранға шықты. Осылайша қоғамның дамуымен бірге жарнаманың берілу стилі, ауқымы кеңейе түсті. Жарнама жасау үшін жоғары білім мен біліктілік қажеттілігін уақыттың өзі дәлелдеп отыр.

ХІХ ғасыр бойы Ресейдегі жарнама эволюциясы Батыс Еуропада дамыған формада қалыптасты. ХІХ ғасырдың 40-ыншы жылдарынан бастап еуропалық мемлекеттерде түрлі-түсті плакаттар арқылы басылымдарда табысты бәсекені көрсете алды. ХХ ғасыр басында бейнелік жарнама түрлері: пошталық, ашық хаттар, әдемі безендірілген мәзірлер және театрлық репертуар, этикеткалар мен орауыш материалдары пайда болды.

Ал кино мен теледидардың пайда болуы жарнамаға жаңа мүмкіндіктер алып келді. Сонымен, жарнама бүгінгі күннің жарқын құбылысы болса да ол ежелде пайда болған байланыс құралдарының талай ғасырлық эволюциясы болып табылады.


Қазақ баспасөзінде жарнаманың пайда болуы

«Қазақ мерзімді баспасөзі Қазақстанның Ресейге қосылуының нәтижесінде пайда болды»,- дейді баспасөз зерттеушілері. Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаев сынды қазақтың біртуарлары қазақ журналистикасындағы демократиялық публицистикасының негізін қалады. ХІХ ғасырдағы қазақ халық ауыз әдебиеті мен ақын-жазушыларының шығармалары баспа бетінде жарық көре бастады. XIX ғасырдың екінші жартысында қазақ тілінде кітап, газеттер шығып тұрды. Газеттер шыға бастаған кезде публицистиканың түрлі жанрлары пайда болғаны белгілі. Алайда, жарнаманың алғашқы таза нұсқасы қазақтың қай басылымында екенін кесіп айту қиын. Дегенмен, нағыз жарнаманың өзі болмаса да, соған ұқсас түрлері деп айтсақ қателеспеспіз. Қандай да бір факті, деректі тексергенде немесе айтқанда, сол дәуірдің тарихи оқиғаларына, қал-ахуалына мән беріп, сабақтастырып айту – зерттеушілер ескеретін өзекті тетігі. Жарнаманың мазмұны XIX-XX ғасырдың өзгерістеріне байланысты болған сияқты. Мәселен, XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында мектептер салынып, халықтың сауатын ашу саясаты жүріп жатты. Осы кезеңде жаңа оқулықтар, кітаптар шыға бастағанда, газетте «Жаңа кітаптар» айдарында «Дала уалаяты» газетінде (1888-1902) мынадай жарнама жарық көрген: «Жаңадан қазақтар турада бір кітап шығып сатылып жүр. Сол кітапта Орал жағының қазақтарының шежіресі бар, онан соң қалай орыстармен араласқаны бар, «жазған Алекторов» деген. Сол кітапты білімді, ғылымды қазақтар алып оқыса пайдалы. Ата-бабасының қалай жүріп, қалай түзеле бастағанын біледі. Сол кітаптың қағазы аз, бағасы 35 тиын. Астрахань губерниясының «Ханская ставка» шаһарында сатылса керек» (ДУГ 1890, №30) деп, Д.Высоков қол қойған. Ал «Торғай» газетінде: «Жақында Торғай облысында орысша оқудың қазақ арасында көбейгенінен сөйлейтін һәм Торғай облысының картасы бар жаңа кітап басылып шықты. Шығарған Васильев, аламын деушілер оны шығарған Торғай облысының военный губернаторының кеңсесіндегі советник Васильевке барсын» - деп жазылған жарнама жарияланған. Сондай-ақ «Айқап» журналында (1911-1915) да «Жаңа шыққан кітаптар» деген тақырыпта: «Жастық жемістері» қазақша өлеңмен басылған. Шығарушысы «Айқап» оқушыларына белгілі Әкірам Ғалымов. Ішінде әдемі-әдемі өлеңдер бар. Өлең оқуды сүюшілердің алып оқулары тиіс. Ұмытылған «Қалқаман-Мамыр» қазақ тілінде тарихи хикая. Шәкәрім Құдайбердіұлы. Бұл кітапта қазақта мұнан 190 жыл бұрын болып өткен бір уақиғаны қисса қылып өлеңменен жазылған. Оқушыларына әсерлі-көркем кітап. Алдырушылар Семипалатта «Ярдам» кітапханасынан алдыруға болады» - деген хабарландыру жарнамалар берілген. Дәл осындай жарнамалар журнал бетінде көптеп жарияланған. Міржақып Дулатовтың «Эсперанто тілі» («Айқап» 1913, №9) деген материалы таза жарнамаға жатпаса да, ол материалда жарнаманың кейбір элементері ұшырасады: «Біздің заманымызда мәшһүр доктор Заменгоор деген жер жүзіндегі халықтарға бірдей ортақ «эсперанто тілін» ойлап шығарды. Бұл тілдің оңайлығы сонша: егер бірнеше ай көңіл беріп үйренген кісі өзінің ана тіліндей болып шығады», - деп айтып келеді де, кітаптың бағасына тоқталып, доктор Заменгоордың мекен-жайын келтіреді, - «Егер тұрған шаһарларыңызда «эсперанто» кітаптары табылмаса өз адресі мынау: г.Варшава, ул. Дикая. №9. Д-ру Л.Заменогоору».

«Дала уалаяты» газетінде 1895 жылы №24 cанында басылған Г.Н.Потаниннің тарихи-этнографиялық материалдарды жинау үшін қазақ арасына келгені хабарланып қана қоймай, халықтың онымен қалай байланыс орнату болатыны туралы айтылады. Онда: «19-інші июньде темір жолмен Петербур шаһарынан Омбы шаһарына атақты жиһан кезуші Г.Н.Потанин деген келеді. Григорий Николаевич Омбы шаһарында бірнеше күн тұрып, мұнан Көкшетау оязына шықса керек. Қазақтардың ертегісі мен бұрынғыдан қалған сөздерін жинамақ үшін. Сол жайларда осы жылдың сентябрь айына дейін тұрса керек»,- дей келе, жергілікті тұрғындар халықтың ертегілері мен аңыздарын осы адамның жинауына көмек көрсетуі сұралады. Жарнама және хабарландыру ретінде берілген бұл материал былай аяқталады: «Әлбетте, Г.Н.Потанин Көкшетау оязының қазақтарының арасында да құрметі асып, сүйікті болып, һәм қазақтар да оның жүрген сапары турада ойына алған нәрселерін бажай келтіруіне болысып, уа көмек беруден тартынбаса керек»,- деген өтініш, тілекпен аяқтайды. Бұл материалдағы жарнама элементтері көзге ұрып тұр. Г.Н.Потаниннің кішіпейілділігі, жықсы мінезі айтыла келе, қарапайым халықтың көмегіне сүйену арқылы ел әдебиеті мен тарихына қатысты құнды деректерді халық арасынан жинауға көмектесетін тек қарапайым халық екені баса ескертілген және басқа халықтардың мұрасын жинаудағы жетістіктері қоса айтылып, оқырманды осы іске жұмылдыру көзделіп отырғаны көрінеді.

1897 жылы «Дала уалаяты» газетінің №47 санында «Басылып шыққан кітап туралы» деген жарнаманың әдіс-тәсілдерінен көрініс беретін материал «Киргизско-русский словарь» сөздігі 1897 жылы шыққаны туралы басылған. Бұл мақаланың авторы – В.Ладыгин. Мақалада қазақ халқының ауылдарында мектептер мен гимназиялар ашылып жатқандығы айтыла келе, кішкентай болса да бұл сөздікте көп керекті сөздер жазылғандығы, қазақ балаларына орысша үйренуіне оңтайлы сөздік екені айтылады. Бұл тек қазақтарға ғана емес қазақтың рәсімін, жүрісін, тұрысын, заңын білгісі келетін орыстар үшін де үлкен пайдасы бар екені баса жазылған. Мақала соңында: «Құрамы үлкен емес, қалтаға салып жүруге ыңғайлы. Өзі 263 бет. Бұған қарағанда бағасы да (бір теңге) қымбат емес. Жалғыз-ақ сынауға тұратыны мынау. Орыс әрпімен жазылған, араб әрпімен переуат қылып, басына жазбаған екен». Қазіргі таңда кездесетін кітап жарнамасы осы материалға ұқсас болып келетіні дәлелдеуді қажет етпейді. Осы басылымда «Сарыарқа» атты газеттің шыға бастауы және оның таратылу тәртібі туралы жарнамалық белгілері бар қысқа мақала берілген. Онда: «Семейде шығаруға қам қылып жатқан «Сарыарқа» газетінің бірінші нөмірі келді. Газет қазірге жұмасына бір рет шықпақ. Жылдық қақы 6 сом, жарты жылдығы 3 сом 25 тиын» делінген.

«Қазақ» газетінің 1917 жылы шыққан нөмірлерінің бірінде «Сарыарқа» «Қазақ» емлесімен шығару мақсатымен «Қазақ» басқармасында қызмет етіп тұрған Имам Әлімбековты Семейге шақырды. Имам жүріп кетті. «Сарыарқа» көңілдегідей жақсы. Жолдасымызға құтты болсын айтамыз. Алдырушыларға «Сарыарқаның» адресі. Семипалатинск. Ред.газ. «Сарыарқа». Осы сияқты жаңадан шығып жатқан газет-журналдар туралы құттықтау мен жарнама сарындас қысқаша материалдарды бүгінгі БАҚ-та да кездестіреміз. Осыған ұқсас қысқа материалдарды «Қазақ» газетінен де көптеп кездестіруге болады.

«Қазақ» газетін парақтап шықсақ, жарнама сарынындағы материалдар көп және сол кездің өзінде газет-журналдарда жарнаманың үлкен орын ала бастағанының куәсі боламыз. Ол кездегі «Қазақ» газетіндегі жарнамалардың мазмұны көбіне жаңадан шыққан кітаптар, басылымдар, өнерге қатысты жаңалықтарды хабарлау, дүйім жұртты соны оқу мен көруге шақыруға арналған. Бұл жарнамалар халықтың жадын жаңғыртып қана қоймай, күнделікті өмірлерімен астасып, сабақтасып жатқандығын аңғара аламыз. «Қазақ» газетінің жарнама сарындас қай мақаласын алсақ та, айтылатын мәселесі маңызды және көкейкесті мәселелер бойынша халыққа қажетті жаңалықтан құлағдар ететін хабар-ошар ретінде беріліп отырған.

Кей тұстарда әуелі «Жарнама» айдарымен жарық көрген материалдар да болды. Сөзіміз дәлелді болу үшін бірер мысал келтірсек. «Учредительное собраниенің члендерінен құралған комитет өкілдерінің Торғай облысының халқына таратқан жарнамасы» деп басталады. Жарнама «Торғай облысының халқына!» деп басталыпты. Жарнаманың мазмұнына қарап отырсақ, қазіргі таңда кездесетін саяси жарнаманың элементтерін көруге болады. «Торғай облысындағы қазақтар һәм орыстар біз, бүкілроссиялық учредительное собраниенің комитетінің өкілдері, шын көңілімізбен сіздерден учредительное собраниені қорғауларыңызды өтініміз»,- делінген тұстары қазіргі саяси жарнамада кездесетін үгіт-насихат формасының бастаулары екені көзге ұрып тұр. Міне, бұл алғашқы қазақ газеттеріндегі жарнаманың берілуі. Жоғарыдағы жарнама сарындас мақалалардың осы күнгі жарнамаға ұқсас жақтары басым деуге толық негіз бар.



  1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11


©netref.ru 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет